Мұрағат: 17.03.2016


Қабілеттілерді қанаттандыратын «Жұлдызай»

Күні: , 137 рет оқылды

IMG_5077


Жыл сайын ұйымдастырылатын «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестивалінің мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың өнерге деген ынта-ықыласы мен өмірге деген құштарлығын арттыру. Әуелі ауыл-аймақ, сосын аудандар өздерінің үздіктерін анықтап, облысқа жолдайды. Сосын облыстық деңгейдегі сайыс нәтижесінде республикалық «Жұлдызай» фестиваліне қатысатын «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар» іріктелуі тиіс.


Міне, осындай талаппен жақында Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектеп-интернатта «Жұлдызай» фестивалінің облыстық кезеңіне іріктеу сыны өтті. Бұл өнер бәйгесінде облыс орталы-ғындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үш мектеп, яғни облыстық есту және сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернаты, облыстық көру қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернаты және зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаттың оқушылары өз өнерлерін ортаға салды. Нақтырақ айтар болсақ, осы байқауда аталмыш мектептердің оқушылары ән-күй мен би бағыты, сондай-ақ қолөнер бұйымдары мен бейнелеу өнері бойынша сайысқа түсті. Тілге тиек болып отырған өнер сынына біздің білім ошағының атынан да біраз оқушы қатысты. Мысалы, «Айару» би тобы бишілері мың бұрала билесе, Аягүл Бисенғалиева мен Әлфия Серікқалиева «Алтын өмір» әнін шырқады. Ал Тұрсын Қосанова «Тәуелсіз елім – тірегім» гобеленін, Айбек Мұхтаров ағаштан жасаған «Қанатты қобызын», Айсұлу Сағидоллина «Өзен» кестесін, Әсила Құспанова тері, жүн, шүберек секілді материалдарды пайдалана отырып жасаған «Тасқа басқан таңбалар» атты еңбегін және бейнелеу өнері бойынша Айқын Құспанов «Табиғат» кескіндемесін (графика) көптің назарына ұсынды. Байқаудың қорытындысы бойынша қазылар алқасы үш мектептің де үміткерлерін облыстық «Жұлдызайға» қатыстыратын болып ұйғарды. Оның ең басты себебі – жеткіншектердің тыңғылықты дайындығы.

 Жалпы, біздің мектептің өнерге бейім оқушылары бұған дейін де облыстық және республикалық фестиваль-көрмелерге қатысып, мақтаулы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Шәкірттеріміздің мұндай жетістіктерге жетуіне музыка пәнінің мұғалімі әрі ән-күй үйірмесінің жетекшісі Гүлжәміш Бәкейқызы, би үйірмесінің жетекшісі Ақмарал Сайлауқызы, тоқыма және жапсырып-құрастыру бағыты бойынша еңбек пәнінің мұғалімдері, он саусағынан өнер тамған нағыз ісмерлер Ләззат Құсайынқызы мен Айгүл Мақатқызы, сонымен қатар ағаштан түйін түйген шеберлер Әнуар Жұмағалиев, Александр Карпов және Нұрбек Тампеков сынды тәлімгерлердің үлесі зор.

Самал ҚАЗИЕВ,

зерде бұзылысы бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының мұғалімі,

 Орал қаласы


Шынықсаң, шымыр боларсың!

Күні: , 92 рет оқылды

Азамат Бекет Бауыржанулы


Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2015 жылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекетіміздің көздеген мақсаттарына жетуін және әлемнің серпінді дамыған 30 мемлекеттер қатарына енуін қамтамасыз ету, саяси реформаларды іске асыру үшін елімізге білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді жастар қажет екенін айтқан болатын.


«Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!» деп Ұлт көшбасшысы халық алдына рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік ел тұғырнамасын бекіту міндетін қойған. Дүние жүзі елдерінің экономикасын құлдыратқан дағдарыс жағдайында Мемлекет басшысы тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің қол жеткізген жетістігін саралай келе, дағдарыстан сүрінбей шығу тетіктерін көрсетіп, халыққа, әсіресе, жастарға үлкен сенім артып, ел тұрғындарын еңбек етуге, ізденуге, тың идея табуға, жаңашыл бастама көтеруге, елді өркендету ісіне белсенді ат салысуға шақырып отыр.

Дағдарысқа қарамастан, мемлекетіміздің саясаты «Қазақстан – 2050» саяси бағдарламасында белгіленген бағытта жалғастырылып, ұлт саулығын нығайту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, ел тұрғындарының өмір жасын ұзарту қоғамды дамытудың негізгі бағыттары болып қалады.

Саяси-әлеуметтік реформаларды іске асыру, өркениетті даму, еліміздің елдігін, ұлтымыздың ұлылығын әлемге таныту дені сау адамдардың еншісінде екенін ескеріп, Елбасы әрбір қазақстандық азаматтың өз денсаулығы үшін жеке жауапты екенін жеткізіп, қазақстандықтарды спортты серік етуге, салауатты өмір сүруге, азаматтық және спорттық белсенділік танытуға үндеп отыр.

Адам саулығының кепілі ретінде спорт еліміздің ұлттық идеологиясына айналып, бүгінгі күні спортты қоғам өміріне сіңіруге, оның бұқаралық сипат алуын қамтамасыз етуге мемлекеттік деңгейде батыл қолдау көрсетіліп отыр.

«Дені саудың жаны сау», «Шынықсаң, шымыр боларсың», «Денсаулық – басты байлық» деген халықтың нақыл сөздерін ұғып, денсаулығын нығайтуға, ерен еңбек етуге бекінген тұрғындар спорттық шараларда айрықша белсенділік танытып, бұқаралық спортты дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға сүбелі үлестерін қосып келеді. Мұны облыс көлемінде өткізілетін сан түрлі спорттық-бұқаралық іс-шаралардан байқауға болады.

Әркімнің бақытты, дәулетті болуы, қалаған мамандығының иесі атануы, жарқын өмір сүруі өз қолында. Бұл мақсатқа жетуде адамға тек қана денсаулық қажет. Ал денсаулықтың кепілі спорт екені мәлім. Сондықтан кез келген аурудың алдын алу, ауырмаудың жолын табу үшін, ең бірінші кезекте, ағзаны шынықтыру, спортпен шұғылдану маңызды.

Әр атқан таңды қарапайым жаттығуларды орындаудан бастап, күн ұзағы жаяу жүру, жүгіру, секіру және осы сынды тағы да басқа белсенді физикалық  іс-әрекеттерді орындаған адамның ағзасы шымыр болары даусыз. Күні бойы телевизор немесе компьютердің алдында отыру, не болмаса беймезгіл уақытта ұзақ ұйықтау, үнемі жұмсақ төсекте жата беру адам ағзасына теріс әсер ететіні де ақиқат. Сондықтан ғасырлар бойы жинақталған халық даналығын ескеріп, біз спортты өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдыруымыз қажет.

Еліміздің ұлт саулығын нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатын жүзеге асыру мақсатында республикамызда ҚР Тұңғыш Президентінің – Елбасының тестілері белсенді енгізіліп жатыр. Президенттік тест нормативтерін орындау әр қазақстандық азамат үшін абыройлы борыш болуы тиіс. Сынақ талаптарын орындаған қазақстандық халықтың денсаулығы мықты, еңбекке құлшынысы және өмір сапасы жоғары болары сөзсіз.

Бүгінгі таңда өңірімізде дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылар саны 158739 адамды немесе облыс халқының 25,3%-ын құрайды.

Өңірімізде спорт инфрақұрылымын жетілдіруге, спорттың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жіті назар аударылып, 2015 жылы  Зашаған кентінде 320 көрермендік орынға, Сырым ауданының Жымпиты ауылында және Қаратөбе ауданының Қаратөбе ауылында 160 көрермендік орынға заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешендері халық игілігіне тапсырылды, сондай-ақ спорттық-бұқаралық іс-шаралардың алаңына айналған облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебінің спорт залы күрделі жөндеуден өткізілді.

Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, ұлт саулығын нығайту мақсаттарын көздеген шараларға мемлекеттік тұрғыда үлкен қолдау көрсетіліп, халықтың спортпен белсенді шұғылдануына қажетті барлық жағдай  жасалып жатыр.

Сондықтан бүгін көшбасшы спорттық державалар қатарында бой түзеп келе жатырған қазақ елінің азаматтары Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және 2017 жылы елімізде өткізілетін ХХVІІІ қысқы Дүниежүзілік жастар универсиадасы қарсаңында азаматтық және спорттық белсенділіктің үлгісін көрсетіп, еліміздің бәсекеге қабілетті мемлекет ретіндегі халықаралық рейтингін бекітуге бір кісідей ат салысады.

Денсаулығын нығайтып, өмір жасын ұзартуға ниеттенген барша халықты спортпен шұғылдануға, белсенді  болуға  шақырамыз.

Азамат БЕКЕТ,

облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының  бастығы


Наурыз мейрамы ерекше тойланбақ

Күні: , 173 рет оқылды

DMS_3900


Биыл Орал қаласында Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік шара ерекше салтанатпен аталып өтілмек.


Бұл туралы кеше «Қазақстан-Орал» телеарнасының ғимаратында өткен Наурызға арналған мерекелік ісшаралар жоспары жөніндегі баспасөз  мәслихатында  мәлім  болды.

Брифингке облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Гүлмира Қауланова мен Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Нарымбетов қатысып, ұлттық мерекемізге орай өткізілетін әр түрлі мәдени шаралардың жоспарымен таныстырды.

Жоспар бойынша Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Қош келдің, төрлет Наурыз!», «Бақ-берекем, құт-мерекем – әз-Наурыз!» атты кітап көрмелері мен мерекелік шара ұйымдастырылса, Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні», облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасында «Қош келдің, Наурыз – 2016» атты кітап көрмелері мен мерекелік кештер жоспарлануда.

Облыстық музейлерде мерекеге орай «Ұлыстың Ұлы күні – әз-Наурыз!» музей сағаты, «Наурыз тойы – мереке, салт-дәстүрім — береке» атты мәдени-көпшілік шаралар, «Қош келдің, Наурыз!», «Наурыз-Жаворонки» фольклорлық-музыкалық шаралар мен түрлі көрмелер ұйымдастырылмақ.

Ұлыс мерекесі қарсаңында Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы «Қош келдің, Наурыз!», облыстық жастар шығармашылығы орталығы «Бақ берекем, құт мерекем – әз-Наурыз!», облыстық камералық оркестр «Наурыз, көктем ару!» атты мерекелік концерттік бағдарламаларын көрермен назарына ұсынбақ.

Одан бөлек аудандарда Наурыз мерекесіне орай мәдени-көпшілік шаралар, театрландырылған қойылымдар, мерекелік концерттер, ұлттық ойындар мен халық серуендері өткізілмек.

Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Нарымбетов биыл Наурыз мерекесін тойлауға қалалық бюджеттен 4 млн. теңге қаржы бөлініп, мейрам көптеген ерекшеліктерге толы  болатынын  хабарлады.

Ұлы мерекеге орай 22 наурыз күні сағат 11.00-де Абай алаңында «Наурыз-думан» театрландырылған музыкалық-хореографиялық көрініс пен қазақтың салтдәстүрлерінен үзінділер көрсетілмек. Осыған орай мереке күні қаламыздың Карев көшесінен бастап Т. Масин көшесіне дейін 25 киіз үй тігіліп, олардың жанында көрісу айт, құда түсу, келін түсіру, қыз ұзату, беташар, шілдехана, тұсаукесер, тоқымқағар, сүндет той, тілашар, айтыс, күй тартыс секілді ұлттық салт-дәстүрімізден көріністер қойылып, ұлттық спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ биыл қаланың белсенді кәсіпкерлері киіз үйлердің алдында халыққа ұлттық тағамдардан дәм таттырып, жұртшылыққа тегін таратпақ.

Театрландырылған мерекелік шараға облыстық қазақ драма театры, А. Островский атындағы орыс драма театры, этномәдени орталықтар, халықтық «Ақжайық» би ансамблі, «Арна», «Инабат», «Назерке» би ансамбльдері мен балабақша тәрбиеленушілері, оқушылар мен  студенттер қатысады деп күтілуде.

Брифингке қатысушылар аутожүргізушілер үшін мереке күндері аутокөлік жолдарында біраз өзгерістер болатынын хабарлады. Атап айтар болсақ, 19-20 наурыз күндері сағат 15.00-18.00 аралығында дайындық жұмыстары үшін, ал 21-22 наурыз күндері сағат 10.00-ден кешке дейін Достық алаңы жабылатынын атап өтті. Осыған орай қала тұрғындарын мереке күндеріндегі аутокөлік жолдарындағы өзгерістерге түсінушілікпен  қарауға шақырды.

Ләззат  ШАҒАТАЙ

Суретті түсірген Медет ДОСЫМОВ


Қараторғайларға құтты қоныс

Күні: , 69 рет оқылды

20160314_174634


Біздің жаққа биылғы көктем бір ай ерте келді. Ақпан бойына күн жылып, қар еріп таусылды да, наурыз айы сәуір айындай болып жер дүние бусанып, жусан түбі көктей бастады.


Мал өріске шығып, шаруа жұрттың қолы да ұзара түскен. Кешікпей ағаштар да келген көктемге бүртік көзін ашып, жапырақ жаяды. Құмырсқа, сарышұнақтар індерінен әлдеқашан шығып кеткен. Көктемнің белгісіндей ұзақ қарғалар келіп жатыр. Талай ақынның жырына шабыт берген қараторғайлардың да келетін күні алыс емес. Біздің шағын ауылдың  М. Өтемісов атындағы орталау мектебі оқушылары облыстық «Орал өңірі» газеті көтерген «Құстарды қарсылайық!» атты игі бастаманы қолдап, бүгін ауыл маңындағы тоғайға арнайы келдік.  География және биология пәнінің мұғалімі Шалабаев Салауат ағайдың жетекшілігімен оқушылар ыңғайлы ағашты таңдап алып,  қараторғайларға арнап екі ұя орнатты. Бұл ұяларды 7 және 8-класс оқушылары технология сабағында арнайы жасады.

Нұрсәуле ӘБІЛПЕЙІСОВА,

7-класс оқушысы,

М. Өтемісов атындағы  мектеп,

Атамекен ауылы,

Ақжайық ауданы


Тойға не үшін барамыз?!.

Күні: , 2 650 рет оқылды

той


Той – қуаныш, жақсылық. Жақсылық кімге де артық етпейді. Тек той мәнін де, сәнін де жоймағанын қалаймыз.


Тойға адам қуанышты бөлісіп,  достық ниетін білдіру, ақтарылған ақ тілектер мен тамылжыған ән тыңдап, жанына рухани ләззат алып, еркін отырып, демалып, серігіп қайту үшін барады. Тойдың тізгінін ұстайтын қазіргі асабалар осыны ескермейді. Мағынасы жоқ көп сөзбен қонақтарды мезі етеді. Тауып айттым деп қауып айтып, күлдірем деп бүлдіреді. Тойдың сәнін кетіретін осы.

Егер асаба өзінің сыпайы  қылығымен, жүрек жібітер сөздерімен, орынды әзіл-қалжыңымен той қонақтарын баурай білсе, келген адам шаршамай, тынышы кетпей демалып, рақат алып қайтар еді. Өкініштісі, олай бола бермейді. Жаттанды, жауыр сөз, дөрекі әзіл, ойсыз ойын берекетіңді кетіріп, «қашан бітер екен?» деп тағатың таусылып,  жер қазғаннан бетер шаршап қайтасың.

Қазіргі асабалар құрметтің үлкені – қол соғу деп түсінеді. Қонақтар жайғасқан соң «Қане, қол соғып құрмет көрсетейік!»  деп бастайды. «Осындай құрмет бола ма? Дұрыстап қайта қол соғайық!», «Күйеуді жақсы көргендерің оң қолдарыңды көтеріңдер, қалыңдықты жақсы дегендерің сол қолдарыңды көтеріңдер. Екеуі бақытты жұп болсын дегендерің шапалақ ұрыңдар!», «Жақсы ұрғандардың алдарынан күн шықсын, шапалағын аяғандардың алақанына жүн шықсын». Осындай мағынасы жоқ сөз, артық әрекет, тіпті «алақанына жүн шықсын» деген сияқты қарғыстар жүйкеңді жұқартып, той біткенше қайталана береді. Қол соғудан шаршайсың. Соқпасаң, асаба сөзіне орай жұрт жаман  ойлар  деп  күдіктенесің.

Сол асабалардың сөздік қоры да мол емес. Тауып  айттым, жұртты күлдірем деген сөзі көңіліңе кірбің ұялатып бүлдіріп тұрады.

Бір тойда, – Сиырдың жауы кене, келіннің жауы ене, – деді асаба. Бұл не сөз? Келінге енесін жау етіп көрсетудің не қисыны бар?

Онсыз да басқа босағаға келіп, сіңісіп кете алам ба деп толқып тұрған жас қалыңдық  бұл сөзден кейін енесіне күдікпен үрке қарамай ма? «Бір тойда екі қыз бай табады», «Немереңіздің боғына сүрініп өліңіз»  деген сияқты қисынсыз сөздер құлағыңды жауыр қылады. Оның үстіне әлгі асабалардың «Жақсы қонақ ортаға билеп шығады, жаман қонақ аяғын сүйреп шығады» деп тілек айтуға шыққандарды мәжбүрлеп билететінін қайтерсіз. Би де икемі  бар адамға жарасады. Икемі жоқтар мен қарт адамдардың еріксіз қолын ербеңдеткен ебедейсіз қимылы тойға қандай сән береді? Сол сияқты той үстінде асаба ұйымдастыратын ойындардың да қолайсызы көп. Бір тойда асаба ортаға 2-3 жігітті шығарып, бір әннің  музыкасы біткенше отырған қыздарды ортаға көтеріп әкеліп, жинауды тапсырды. Кім көп әкелсе, жеңіс соған берілмек. Жігіттер отырған қыздарға қасқырша бас салды. Қыздар жұрт алдына ашылып қала ма деп етегін  басып әуре. У-да-шу, қыран-топан. Бұл ойынның орны той ма?

Болмаса қалыңдық пен  күйеуге аттаған сайын сезім сөзін айттырып ойнатады.  Қазақ баласына, немересіне жақсы сөзін айтып еміреніп айналса да, қалыңдық  күйеуіне, жігіт қалыңдығына жүрек сөзін жұрт көзінше айтушы ма еді?

Асаба мәжбүрлегесін екеуі де айтып құтылады. Бұл деген анайылыққа баулу, ата-ананы, жасы үлкенді сыйламау, екеуге ғана ортақ сезімді аяқ асты ету ғой. Мұны асаба неге ойламайды? Тіпті кей асабаның күйеу мен қалыңдықтан «Үйленген жақсы ма екен?» деп сұрайтыны бар. Ұяттан жерге кіріп кете жаздайсың.

Асабалық ету – қазір кәсіп. Табысты болғасын бәсекелесі  де басым. Сондықтан мәдениетті, жеңіл басқаруға өресі жетпейтін осындай асабалар қонақтарды болдыртып жібереді. Біз айтқан бұл сындар асабаларға ой салса, мақсатымызға жеткеніміз.

Қазіргі тойдағы тағы бір артық әрекет – тілек айтқандарды қаласа да, қаламаса да суретке түсіру. Бір сурет 300-500 теңге. Бұл да бизнес болып бара жатыр.

Тойдың тым созылып кетіп, шаршап қайтуымызға өзіміздің де үлесіміз бар. Өйткені тойға шақырылған уақытта бармаймыз. Содан қонақтың жиылуын күткен той 2-3 сағат кешігіп басталып, тым жәй бітеді. Кешіккендері аздай, «Шашудан қашқандай болмайық деп келдік» деп бәлсінетіндеріміз де жоқ емес. Той иесі шақыратын кісі таппай емес, сізді «қуанышымды бөліседі» деп шақырды. Мұның бәрі мәдениеттілігімізге сын емес пе, ағайын!

Тойға бала әкеліп, аяққа оралғы жасағанның үстіне оларды билетіп, ән салдыру да қалмай жүр. Ері мен әйелі жарыса сөйлеп, бір тілекті қайталап уақыт алуды да орынды дей алмаймыз.

Тағы бір ескерер жай – қазіргі тойларда үнемі жеңіл әуендер ойналып, бастан-аяқ жастар жағы жұлқынып, алқынып билеп жатады. Ылғи ұлттық киім киіп, ұлттық әндер тыңдайық демейміз. Ол күнге де жететін болармыз. Оған дейін сазды әуендерге, қара домбыраға да кезек тиіп, ара-тұра болса да дәстүрлі әндерді, тәрбиелік мән-маңызы зор жыртермелерді тыңдасақ, аруларымыздың ұлттық киіммен мың бұрала билегеніне көз сүйіндірсек,  артық  етер  ме?!

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауылы


Қазақ білімінің қара шаңырағы

Күні: , 108 рет оқылды

школа имени Жангирхана


Ұлттық халық ағарту ісінің ақсақалы Ыбырай Алтынсарин мен қазақ мектептерінің қара шаңырағы, бүгінгі Хан ордасы ауылындағы Жәңгір хан атындағы мектеп бір жылда өмірге келген. Уақыт өлшемін адам мен мекемеге қатысты қолдансақ, құрдас деуге келетіндей. Мерзім алшақтығы бар болғаны бір ай төрт күн. Хан Жәңгір 1841 жылы 6 желтоқсанда мектеп ашқанда, Ыбырай әлі қырқынан да шықпапты.


Алғаш ашылғанда мұнда 25 бала оқуға қабылданған. Шәкірттерінің ең үлкені 22 жаста, ең кішісі 9 жасар екен. Мектепте діни сабақтармен қатар орыс тілі, тарих, арифметика, жағрафия сияқты ғылыми пәндер оқытылған. Бір көңіл аударарлығы, сабақ орыс тілінде жүргізілгенімен, алғаш ашылған жылы оқуға тек қазақ балалары алыныпты. Олай деуімізге жаңағы 25 шәкірттің арасында бірде-бір орыс баласының болмауы дәлел. Рас, уақыт өте бара аралас мектепке айналады. Мектептің тұңғыш оқытушысы әрі меңгерушісі болып Хан ставкасының жоғары білімді мал дәрігері Константин Петрович Ольдекоп деген кісі істепті. Бүгінде көшірмесі музейде сақтаулы көптеген фотосуреттерімен қоса берілген «Бөкей ордасы мектептерінің альбомы» атты жинақта ол жөнінде «К. П. Ольдекоп осы мектепте 10 жыл жұмыс жасаған кезінде оқу ісін өте үлгілі жолға қойды. Оған жан-тәнімен беріле қызмет етті. Сондықтан да оны қазақтар да ізгі ниетпен еске алатын», делінген.

1879 жылы мектеп жетіжылдық білім беретін екі кластық қалалық мектеп болып қайта құрылады. Ал 1901 жылы ол мұғалімдер дайындайтын педагогтік курсы бар төрт кластық қалалық училищеге айналады. Оған арналып екі қабатты зәулім ғимарат салынады. Орны қазіргі музей кешенінің ғылыми қызметкерлері отырған үйдің қасында. Кезінде ол, кеңес өкіметіне дейін, оқу бағдарламасы гимназиямен парапар өңіріміздегі бірден-бір орта білім беретін оқу орны болған. Шәкірттері гимназия формасын киген. Музей кешенінің білім беру бөлімі экспозициясында және қорда мектеп ғимаратының ішкі, сыртқы көріністері, шәкірттерінің фотосуреттері сақталған. Білім бұлағының бастауында болған бұл мектептен кейін елі мен жерінің мақтанышына айналған талай дарынды шәкірттер түлеп ұшты. Олардың қатарында әріден қозғасақ, қазақтан шыққан алғашқы ғалымдардың бірі Шоқанның тұстасы, ғалым-этнограф Мұхаммед-Салық Бабажанов, қатардағы солдаттан атты әскер генералына (армия генералы шеніне тең) дейін жоғарылаған Ғұбайдолла Жәңгірұлы, ақындар Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Тайыр Жароков, Қазаткомның тұңғыш төрағасы, мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешев, азамат соғысының ардагерлері Бисен Жәнекешев, Ғабит Сарыбаев, Хамит Чурин, Рамазан Құрманғалиев, азамат және Ұлы Отан соғысының ардагері, тұңғыш қазақ кеңес генералы Шәкір Жексенбаев, ғалымдар Фазыл Мұхамбетқалиев, Ғақаш Бияшев, Асан Тайманов, Ерден Әзірбаев, Әкірәм Ыдырысов, Фатиха Жұмағалиева және өнер адамдары, композиторлар Базарбай Жұманиязов, Мансұр Сағатов, Кеңес Одағының Батырлары Темір Масин, Ахмедияр Құсайынов, Социалистік Еңбек Ерлері Қарасай Сариев, Иманғали Жұмағалиев, Керей Еділбаев және басқалар – осы мектептің түлектері.

Кезінде мектептің кейбір даңқты түлектері ұшқан ұясымен байланыс ұстап, хат жазысып, хабарласып, тіпті естеліктерін де қалдырыпты. Соның бір-екеуін келтіре кетелік. Қазақ КСР Ғылым академиясы эксперименталдық биология институтының директоры болған, ғылым докторы, академик Фазыл Мұхаметқалиев «Казахстанская правда» газетінің 1980 жылғы 26 тамыздағы Қазақ КСР-ның 60 жылдығына арналған мерекелік санында жарияланған мақаласында «…Сонау алыста қалған 20 жыл. Орал даласы. Орда селосы.

Мектеп-интернат. Арада 60 жыл уақыт өтсе де, қолыма ұстаған тұңғыш қарындаш пен дәптерім күні бүгінгідей есімде. Мен мектепке бардым, оқу-жазуды үйрендім. Парталас болып төңіректегі ауылдардан келген құрбыларым да отырды» десе, медицина ғылымдарының докторы Фатиха Жұмағалиева мектепке жазып жіберген естелігінде: «…Қандағаш», «Мешітқұм» деген жер аттары әлі есімде.

Бала кезімде осы ауылдардан Жасқұс құмы арқылы Ордаға жаяу қатынап, білім алатын едік. Құстары да, жабайы өсімдіктері де мол, әсем жер еді. Мен Ордада жеті жыл оқыдым. Мектептің сол кездегі директоры М. Шынтаев, басқа да аяулы ұстаздарым мәңгі есімде» дейді. Иә, олармен парталас болып Ғақаш Бияшев, Әкірәм Ыдырысов, Асан Тайманов, Махмет Сапарғалиев сияқты отандық ғылымды дамытуға үлес қосқан басқа да марқасқа ғалымдар отырған болатын.

Мектеп 1930 жылдан 1935 жылға дейін колхоз жастар мектебі болса, 1935 жылы орта мектепке айналды. Келесі 1936 жылы оған сол жылы қайтыс болған пролетариат жазушысы Максим Горькийдің есімі берілді. Мектеп 1999 жылдың 9 желтоқсанында осы оқу орнының негізін қалаған, шын иесі Жәңгір ханның есімін иеленді.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, мектептің көптеген түлектері Отан қорғауға аттанды.

Олардың қатарында Мұқтар Әжіғұлов, Мұқтар Сәрсенғалиев, Майдок Абдолов, Хамит Сүлейменов, Оразбай Ділмашев, тағы басқалары болды. Олар Отан үшін от кешіп, фашисттермен қиян-кескі ұрыстарда асқан ерлік көрсетті. Ал бір кездері осы мектепте оқып, кейін мұғалім болған Темір Масин мен оның шәкірті Ахмедияр Құсайыновқа Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді. Мектеп түлектерінің жетеуі Қазақ КСР-ның, біреуі РСФСР-дың еңбек сіңірген мұғалімі атанды. Олар: Сақып Ақбаев, Ахметқали Меңдалиев, Ахметфайыз Тажетдинов, Ғұмар Зарипов, Халел Өрекешев, Сираж Әмірханов, Мұхамбетжан Дәрішев және Қадім Есқалиев (Ахметқали Меңдалиевтің немере інісі).

Бүгінгі күні мектеп мұғалімдерінің басым көпшілігі жоғары білімді. Тағы бір айта кететін жайт, ұжымдағы мұғалімдердің түгелге жуық өз түлектері екендігі. Үлкен өрлеу сатысынан өткен Жәңгір мектебі 175 жылдық тарихында өзінің төл мерекесін небары екі рет атап өтіпті. Алғаш рет 1892 жылы жартығасырлық мерейтойын тойласа, екінші рет 1991 жылы, 150 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтілген. Ал енді әйгілі білім шаңырағының 175 жылдығы қалай және қай деңгейде аталып өтіледі, оны уақыт көрсетеді.

Амантай ХАМЗИН,

Бөкей ордасы ауданы


«Колхозшылар үні»

Күні: , 117 рет оқылды

колхозшылар


Қаратөбе өңірінің баспасөз тарихында аудандық газеттің алар орны ересен. 80 жылға жуық тарихы бар газет талай өтпелі кезеңді бастан өткерді.


Алғаш 1936 жылдың 16 наурызында «Колхозшылар үні» деген атаумен жарық көрген басылым ол кезде бар болғаны екі бет көлемді ғана қамтыған. Қаратөбе ауылындағы баспаханадан 800 данамен басылып шыққан басылым латын әліпбиіне сүйенген.

Газеттің тұңғыш редакторы – Жұма Бақтияров.

«Қаратөбе ауданының тарихи-танымдық анықтамалығы» кітабында: «1936 жылдың 16 наурызы – аудандық «Колхозшылар үні» газетінің ең алғашқы саны шыққан күні.

Ал 1957 жылы колхоздар  таратылып, совхоздар құрылғанда аудандық партия комитетінің 29.04.1957 ж. күнгі №9 бюро ше-шімімен газеттің атауы «Еңбек туы» болып өзгертілген» делінген.

2014 жылы «Жайық  Пресс» ЖШС бастамасымен жарық көрген «Ұран» жинағында Батыс Қазақстан өңірінде шыққан мерзімді басылымдарды зерттеуші тарихшы Қылышбай Сүндетұлы мұрағаттық деректерге сүйеніп құрастырған кестесінде: «Колхозшылар үні», «Ленин жолы» (Қаратөбе ауданында басылған). Шыққан жылы: 3.ІІІ.1936 ж. Редакторы Бахтияров Ж» деген дерек келтірілген.

Біз деректердің анық-қанығын білу мақсатында сұрау салғанымызда, елгезек тарихшы, атыраулық азамат Қылышбай Сүндетұлы:

«1936 жылдың 3 наурызы күні Батыс Қазақстан облыстық партия  комитетінің бюро мәжілісінде №16 §11 бабымен Қаратөбе ауданында «Колхозшылар  үні» атты газеті ұйымдастырылып, газеттің форматы 42х39,4, айына 6 рет шығарылып, таралымы 2000 дана болып беркітілді. Газеттің редакторлығына 1924 жылдан партия мүшесі (билет нөмірі 0946287) 1898 жылы туған Бақтияров Жұма тағайындалады» деп жауап қайтарды.

Жуырда ғана Атырау қаласында тұратын әріптес ағамыз Қылышбай Сүндетұлы бізге «Колхозшылар үні» газетінің жеке мұрағатында сақталған екі-үш данасын жолдап, өткен тарихымызбен қауыштырды.

2006 жылы «Дастан» баспаханасынан жарыққа шыққан «Қаратөбе өңірі» – халықтың рухани өмірі» атты кітапта 1936 жылы алғаш шыққан газеттің таралымы 500 дана деп берілуінде ағаттық кеткен. Оған «Колхозшылар үні» газетінің 1937 жылғы 5 апрельдегі №20 (67) санында «Қаратөбе  аудандық  баспаханасы. №21. Тиражы 800» деген жазулар дәлел бола алады.

«Колхозшылар үні» газетінің логотипінде төте жазумен сол жақ бағанның жоғарғы жағында: «Колхозшылар үні. 1937 жыл 5 апрель. №20 (67), Дүйсенбі» деген жазулар болса, ал оң жақ бағанында Қаратөбе аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің тілі» деп берілген.

Ал  логотиптің үстіңгі жағында «Бүкіл жер жүзі пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұран болса, астыңғы жағында «Бағасы сылдыр 6 сом, жеке саны 6 тиын» деген жазу бар.

Аудандық төл басылымның 1976 жылғы 16 наурыз күнгі №31-32 сандарында «Аудандық  газетке 40 жыл» айдарымен берілген «Ол жылдарда» атты мақала авторы Ғаббас Жәнібеков:

— Бұдан 40 жыл бұрын аудандық «Колхозшылар үні» (қазіргі «Еңбек туы») газетінің тұңғыш нөмірін  алып оқығаным әлі есімде.

Ол кезде аудандық халық шаруашылық есеп-санақ (қазіргі статистика) бөлімінде жұмыс істейтінмін. «Колхозшылар  үні» газетінің алғашқы нөмірі Қазақстан КП аудандық комитетінің сол кездегі бірінші секретарының беташар мақаласымен, колхоздардағы көктемгі егіске әзірліктің барысы, жергілікті жерлерден алынған басқа да хабар, мақалалармен жарық көрген еді. Ол жылдарда жаңадан құрылған ауданымызда радио, телефон жоқ. Облыстан, орталықтардан шығатын газет-журналдар мен хат-хабарларды жеткізетін пошта қатынасы 240 шақырым қашықтықтағы Оралдан көлікпен атқарылатын. Сондықтан да болар, аудандық газеттің тұңғыш нөмірі шығуын аудан  халқы үлкен қуанышпен қарсы алды. Полиграфиялық  базасы да тапшы, құрылғанына бір-екі жыл болған баспаханада әріп те, әріп кассалары да жетіспейтін. Газет ең алғаш «американка» деген мәшинемен басылды. Ауданда электр жарығы жоқ. Жұмыс түнімен қолшамның жарығымен жасалып, бірақ уақытында шығушы еді. «Колхозшылар үні» (қазіргі «Еңбек туы») газеті мен үшін айрықша қымбат, өте-мөте ыстық. Мен осы газетте жұмыс жасай жүріп, өстім, ержеттім. Оқыдым, өмір таныдым. Кемелді жастан асып, зейнеткерлікке  де газетте жұмыс жасап жүріп шықтым. 1937 жылы наурыз айының 1-і күні аудандық  партия комитетінің жолдамасымен Қазақстан ЛКСМ аудандық комитетіндегі насихатшылық жұмыстан «Колхозшылар үні» газетінің редакциясына жауапты секретарьлық жұмысқа ауыстым. Ол кезде редакцияның штаты өте-мөте шағын, барлығы – 3 адам. Оның ішінде творчестволық  жұмыспен шұғылданатын редактор мен секретарь ғана болатын, — деп жазған екен.

Аудандық газет басшылығы 2006 жылдың тамыз айында 70 жылдық мерейтойын атап өткен шақта Алматы қаласында тұратын жерлес қаламгер Құрманғазы Қараманұлына қолқа салып, Кітап палатасынан көне газет тігінділерінің үш-төрт данасын алдыртқан болатын. Қолымызға алғашқы газет нөмірі түспесе де, 1937 жылы жарық көрген санының тигеніне тәубе дестік. Ол газет сандары бүгінде аудандық мұрағат мекемесі қорында сақтаулы.

Қарымды қаламгер Құрманғазы Қараманұлы: «Еңбек туымнан» ешқашан қол үзген жоқпын. Сағынғанда Ұлттық кітапханаға барып, сақтаулы тұрған тігінділердің сарғайған беттерін парақтаймын. Бірде 1937 жылы басталған сталиндік репрессияның сыр-сипатын ашатын партия жиналысы жайындағы бір ғажайып мақалаға кезігіп, «Періште мен пенде» аталатын повесть жазғаным бар. Ғажайып  дейтінім – жиналысқа қатысқан 29 коммунистің 28-і партком құрамына ұсынылыпты. Солардың арасынан сегіз адамды іріктеп алу үшін екі күнге созылған жиналыстар қандай ызы-қиқы шу, айқай-қиқай болғандығын көз алдыңызға елестете беріңіз» — дейді.

Ертай  БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе  ауданы

«Колхозшылар  үні»  газетінен…

 Мектепте тазалық ісі жолға қойылуы керек

Мектепте тазалық ісінің жақсы болуы оқушылардың сабақ үлгерімінің ойдағыдай болып, дендері сау, денелері берік болып өсуіне тура байланысы бар жағдай айтпаса да түсінікті.

Алайда Қаратөбе ет-сүт заводының жанындағы бастауыш мектепте тазалық ісі өте нашар. Оқушылар арасында тазалық жоқ, мектептің іші де салқын. Тазалық жөнінде мектеп меңгерушісі Сұлтанов бірде-бір лекция өткізбеген. Соның салдарынан оқушылар арасында түрлі аурулар көп. Бірсыпыра  оқушылар  қышыма, қышымасы бар оқушылар  сау оқушылармен партада бірге отырады. Бұл жөнінде мектеп меңгерушісі Сұлтановтың алып отырған ешбір шарасы жоқ. Бұл халмен тұрғанда оқушылар арасында түрлі жұқпалы аурудың таралып кету қаупі бар. Мұны аудандық оқу бөлімі ескеру керек.

Гибкова

Жетімнің малы жоқтаусыз кетпеу керек

Ханкөл. «Ұмтыл» колхозында Хамидолла Құтжанов деген жетім бала бар. Мұның әкесі 1932 жылы өліп, панасыз қалғандықтан, осы колхоздың мүшесі Есекешов дегенге опикон жасалып, бір баспақты сиырымен қамқорлығына берілген. Содан бері Хамидолла Есекешовтың қолында. Хамидолланың баспақты сиыры өсімімен тоғыз басқа жеткен. Бірақ Есекешов жетім баланың малын өз пайдасына жұмсап, қазірде екі бас қойын ғана қалдырып отыр. Ендігі жерде тиісті орындар жетім баланың малының орынсыз жойылып отырғанына зер салуы керек.

Ғ

Өкіл дегеніміз картожник болып шықты

Жақында Голощекин ауыл советінің кеңсесіне төрт  кісі келіп, аттарынан түсе-түсе қалды. Келген қонақтарды жайлап, жұмыстармен танысып қарағанымызда, бұлар кәдімгі өзіміздің аудан орталығынан қаржы жинап, тағы басқа да қосымша жұмыстармен ауылға өкіл болып шыққан аудандық финанс бөлімінің инспекторлары Аймақов, Қоқабаев пен банк, сберкасса қызметкерлері Мұқанов және Орынбасар Ерғазиев жолдастар екен.

Бұлардың сырт көріністері мен санына қанығып, ауылымыздағы жақсы қадамдар жұмысының олқылығы енді бір жойылады ғой деп қуанысып қалдық.

Шынында,  бір  жұмыстың саласымен бір ауылға төрт  өкілдің келуі бұл ауылға үлкен көмек емес пе?! Әрине, солай. Біз де және колхозшылар да осылай деп түсіндік.

Бірақ «сенген кісім сен болсаң» дегендей, үміт орнынан шықпады. Колхозға аталған Аймақов, Қоқабаев, Мұқанов, Ерғазиевтер бұл ауылға Батырша Ерғазиев және Ермұхамбетов дегендердің үйінде келген жұмыстарын жауып қойып, төрт күндей ақша салып, карта ойнап, арақ ішіп, мас болып, түк жұмыс бітірместен ауданда жатты.

Аудандық финанс бөлімі мен банк, сберкасса бастықтарының бұл істен хабары бар ма екен?! Болмаса,  көшпелі картожник етіп өздері ұйымдастырды ма екен? Ендігі біздің білгіміз келетіні осы ғана.

Мен

(Бұл мақалалар 1937 жылы шыққан «Колхохшылар  үні» газетінен  алынған)


«Аптасына 25 минут?! Бұл тым аз…»

Күні: , 133 рет оқылды

IMG_4473


Газетіміздің өткен жылғы 6 желтоқсандағы санында «Аптасына 25 минут?! Бұл тым аз…» атты мақала жарияланған болатын. Осыған орай қаладағы №46 мектепте «Біз – бақытты  балдырған» атты тәрбие сағаты өтті.


Методикалық бағыттағы жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, ата-аналардың қатысуымен өткен тәрбие сағатында ата-аналар ең алдымен шеңбер құрап,  бір-біріне жылы тілегін айтып,   бір-біріне мейірім сыйлады. Дәл осы сәтте сынып бөлмесі әдемі күлкіге, ерекше шуақ-нұрға толғандай болды. «Досыңа бөлінген уақыт» атты тренингте  «Бізге не жетіспейді?» деген сұрақты талқылаған олар уақыттың, мейірімнің, жылылықтың жетіспейтінін айтты. Одан әрі ата-аналар, мұғалімдер және машықкерлер «Кешегі тәрбие»,  «Бүгінгі өмір», «Жарқын болашақ» деген үш топқа бөлініп, «Менің бала тәрбиелеудегі жетістігімнің пайыз мөлшері» тақырыбында ой толғады. Осы сәтте ата-аналардың қиналып қалғанын байқадық. Бірі 80, енді бірі 70 пайыз уақыт бөлуге тырысамыз дегенімен, бәрі де қазіргі ақпараттық технологияның балаларға қатты әсер ететіндігін жасырмады.

Айша  неге  теледидарға айналғысы  келеді?

Коучинг-сабақты өткізген бірінші санатты бастауыш сынып мұғалімі Ақгүл Рахметова ата-аналарға «Менің арманым» атты бейнеролик қарауды ұсынды. Бейнероликте Айша атты кішкентай қыз  Алла Тағаладан өзін теледидарға айналдыруды сұрайды. «Сонда мені бәрі қоршап отырып қарар еді, сағынар еді, күтер еді. Ол бұзылып қалса, жөндегенше тыным таппас еді» деген кішкентай қыз шығарма соңында отбасының амандығын тілейді. «Бұл бейнероликтегі Айшаның жанайқайы – қазіргі қоғамдағы балалардың басым бөлігінің басты проблемасы», — деген Ақгүл Жәрдемқызы ата-аналарға осы тақырыпты әрі қарай «Аптасына 25 минут?! Бұл тым аз…»  атты мақала бойынша өрбітуге тапсырма берді.

Ата-аналар «Бала тәрбиесінің кешегі мен бүгіні», «Қазіргі таңда қолданып жүрген мадақтау мен жазалаудың түрлері»  тақырыбында көрініс көрсетіп, өз ойларын ортаға салды. Олар көрсеткен көріністе бүгінгі күннің бейнесі анық көрінді. Әсіресе, мектеп мұғалімі Гүлфайруз Ахметова бүгінгі жұмысбасты ананың рөлін керемет сомдап берді.  Арасында баласына көңіл бөлетін үнемі сырлас болып жүретін аналарды да назардан тыс қалдырмады. Әдемі құрылған тәрбие сағатының соңы қызу пікірталасқа ұласты.

Жеңіс ХАМЗИН,

№46 орта мектеп директорының бастауыш сыныптар бойынша орынбасары:

— Қазіргі таңда ата-ананың басым бөлігі – жұмысбасты. Қазіргі күнде қоғамда мейірім азайып барады. Баланың көңілі орта екені де рас. Өйткені ата-ананың бала тәрбиесіне бөлетін уақыты жоқ. Менің ойымша, қазір отбасылық құндылықтарға көбірек көңіл бөлу керек. Мәселен, «Мерейлі отбасы» республикалық жобасы аясындағы шараларды  мектептерде де жиі өткізген дұрыс.

Мен «Орал өңірі» газетіне шыққан «Аптасына 25 минут?! Бұл тым аз…» атты мақаладағы келтірілген деректермен толықтай келісемін. Шынында да, ата-аналар мектепте жылына 4-5 рет өтетін жиналысқа келмейді. Бір сыныптағы 25-26 баладан тек 5-6 ата-ана ғана келіп отыратыны жасырын емес. Осының өзі ата-ана мен бала арасындағы алшақтықты көрсетеді. Ата-ананың, әсіресе, әкелердің бейғамдығы, баласының мектептегі жағдайын білуге ұмтылмауы мені мұғалім ретінде қатты ойландырады. Қазіргі балаларды көбіне-көп орта тәрбиелеуде.

Асан БЕКХОЖИН,

3-сынып оқушысы Адина Аманғалиеваның әкесі:

— Бала кезімізде ата-анамыз бізді жиі жазалады. Көп мадақтаған жоқ. Ал қазір біз жұмсарып кеттік. Біздің баланы жазалауымыз да қызық. «Ойын-сауық орталығына апармаймын, ғаламтор желісін айырып тастаймын, мультфильм қарамайсың!» деп жазалаған боламыз. Балалар да  заманға байланысты осы дүниелерге көп алаңдайды ғой. Уақыттың аздығымен келісемін. Бірақ соған қарамастан ата-аналар жиналысынан, осындай шаралардан қалмауға тырысамын. Жұмысты сылтауратуға  болмайды.

Меніңше, бүгінгі баланы өзінің қабілеті мен ынта-ықыласы бар, өнер, спорт немесе ғылыми-техникалық үйірмелерге барынша көбірек тарту керек. Орынды талап қоя білген дұрыс. Балаға ата-ана тәрбиесінен тысқары теріс ықпал көп мына заманда ұлды да, қызды да бетімен жіберуге болмайды.

Нәсіпханым ЕРМЕКОВА,

Орал гуманитарлық колледжінің  математика, информатика пәндері бойынша кафедра меңгерушісі:

— Бүгінгі тәрбие сағатында аталмыш мақала аясында ата-ананың балаға бөлетін уақыты туралы ойлы, тұшымды пікірлер  айтылды. Соның ішінде бірінші топ қазіргі ата-ананың бейнесін ашып көрсете алды. Өзіне ұмтылған баланы «Әрі баршы, қолым тимейді» деп кеудесінен кері итеретін ата-аналар аз емес. Бәрі өз перзентін жақсы көреді. Бірақ жұмысбасты. Менің ойымша, қазіргі ата-аналарда мейірім жетіспейді. Балаға мейірім төгіп, еркелету үшін арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Сабақтан келгенде қолынан сөмкесін алып: «Бүгінгі сабағың қалай өтті?» деп сұрау, басынан сипап, бауырыңызға басып, ықылас білдіру бар болғаны бес-ақ минут уақыт алады. Жөнсіз, орынсыз қаталдық баланы ата-анадан алыстатады. Сондықтан ұл әкесімен, қыз анасымен сырлас болуы керек. Баланы әр ісі, әр жетістігі үшін сыйлықпен емес, әуелі   жылы сөзбен мадақтаған дұрыс. «Қымбат телефон  алып беремін, интернет қосамын» деп мадақтау немесе дәл осылай жазалау дұрыс емес. Балаға мейірім бар жерде бала мен ата-ананың арасында қамал, тосқауыл, кедергі  болмайды.

Шынар  ҚАЗИЕВА,

№46 орта мектептің психологі:

— Егер әр ата-ана өзінің ұл-қызына жеткілікті көңіл бөлсе, ұялшақтық, тұйықталу деген болмас еді. Баланың оқшаулануы, өзімен-өзі қалуы – бүгінгі  заманның басты проблемасы.  Егер перзентіңіз оқшауланып, бұйығылана бастады ма, демек, сіздің тарапыңыздан мейірім мен назар аудару кемшін деген сөз. Мәселен, қазіргі заманның дертіне айналған суицид оқшауланудан басталады. Мектеп – балаға  білім мен тәрбие беретін жер. Ал баланың тұлға ретінде қалыптасуы отбасынан басталады.

Сондықтан ата-ана балаға жеткілікті уақыт бөлуі керек.  Үйге кірген сәттен «Балам» деген жылы сөзіңіздің өзі оған қуат береді.

Светлана МҰХАНҒАЛИЕВА, 1-сынып оқушысы Шұғыла Қайыржанның анасы:

— Ата-аналар жұмысбасты. Кейде материалдық жағынан кедергілер болып жатады.  Сондықтан мұғалімдер рухани бай болуы керек. Сонда ғана олар баланың жан дүниесіне үңіле алады. Біз де өз тарапымыздан баламыз үшін бар жағдайды жасауға тырысамыз. Бірақ қолдың қысқалығы балаға да әсер етіп жататыны жасырын емес. Осындай кезде сыныптағы ахуалды реттеп, баланың көңіл күйін дөп түсінетін мұғалім деп ойлаймын. Өзім көп балалы анамын. Сондықтан мен перзенттеріне  рухани бай ұстаз жолықса екен деп тілеймін.

P.S. Бар болғаны 45 минутқа созылған тәрбие сағатында ата-аналар мен мұғалімдер  өз ойларын ортаға салды. №46 мектеп мұғалімдерінің мақаланы тек оқып қоймай, ата-аналар назарына ұсынып, талқыға салғаны – құптарлық іс. Біз өз тарапымыздан аталмыш білім ошағының директоры Нұржан Алпысбаевқа және тәрбие сағатын жоғары  деңгейде ұйымдастырып, өткізген бастауыш сынып мұғалімі Ақгүл Жәрдемқызына алғыс айтамыз. Ешбір әке-шеше «Балам жаман болсын» деп  өсірмейді. Ата-аналардың басым бөлігі қоғамның, ортаның, ақпараттық технологияның бала тәрбиесіне көбірек ықпал етіп жатқанын мойындады. Біздің басты мақсатымыз – әке-шешеге ой салу.  Өткізілген тәрбие сағатының нәтижесінде біраз ата-ана «Осы мен ұл-қызыма жеткілікті көңіл бөліп жүрмін бе?» деген сұрақты іштей өздеріне қойып, ой түйіп қайтқанына күмән жоқ.

Және бір айтпағым, ұлды да, қызды да қаршадайынан адал еңбекке баулу өте-мөте маңызды.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика