Мұрағат: 15.03.2016


Бүгінгі күн тәртібіндегі бірінші мәселе

Күні: , 117 рет оқылды

DMS_3384


«Жайық Пресс» медиахолдингінің баспасөз орталығында облыс бойынша бүгінгі күн тәртібіндегі бірінші мәселе – су  тасқынына қарсы дайындық жұмыстары жөнінде брифинг өтті. Оған БҚО төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов, азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары Максим Хайрекенов, төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы  Марс Отаров қатысты.


Мамандардың мәлімдеуінше, облыс аумағындағы су тасу қаупі бар өзендердің аңғарында топырақтың күзгі ылғалы мен қыс бойы жиналған қардың қоры қалыпты мөлшерден жоғары. Облыстағы 62 елді мекенді су басу қаупі бар. Су тасқыны 18-27 наурыз күндері басталуы мүмкін. Су деңгейінің жоғары көтерілуі 26 наурыз бен 2 сәуір күндеріне сәйкес келеді деп болжануда. Облысымызда қар-дың орташа биіктігі 11-13 см, жер қабатының қату қалыңдығы 13-28 см шамасында. Жайық өзені мұзының қалыңдығы 16 см болса, Шаған, Деркөл және басқа да кіші өзендердегі мұздың қалыңдығы 24-30 см аралығында. Трансшекаралық өзендер – Жайық, Шаған, Қараөзен, Сарыөзен Ресей Федерациясы аумағында орналасқан су қоймаларынан жіберілетін сумен толығатыны белгілі. Саратов облысын басып өтетін өзен арналарындағы судың көлемі былтырғыдан 1-22 см, Қараөзенде 64 см шекті деңгейде төмен болады деп күтілуде. Орынбор және Саратов облыстарында аталған өзендер бойында орналасқан су қоймалары жөнінде көрші елмен жедел ақпарат  алмасу жолға қойылған.

Ақпан айында облыс әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оның зардаптарын жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Облыстық, қалалық және аудандық су тасқынына қарсы штабтар құрылды. Әсіресе, Зеленов, Тасқала, Теректі, Қазталов аудандары  басты назарда болмақ.

Орал қаласының маңындағы  Жайық, Шаған және Деркөл өзендері бойында орналасқан 72 саяжай бірлестігінде 6288 жанұя, яғни 10851 адам тұрып жатыр. Шаған мен Шежін-2 өзендерінде су деңгейі көтерілуі ықтимал. Саяжай алқаптарына қауіп төнгенде, алдын ала хабарлау, уақытша көшіру және орналастыру іс-шаралары жоспарланды. Облыста 25 уақытша орналастыру нысаны бар. Соның ішінде 10-ы Орал қаласы аумағында.

Тасқын орын алған жағдайда апатты жоюға 76 құрылым мен 1758 жеке құрам жұмылдырылмақ және 548 дана техника, 37 жүзу құралы, 95 моторлы сорғы пайдаланылады. Әуе көлігінен тікұшақты іске қосу қарастырылған. Су тасқынының алдын алу шараларына облыс әкімдігі 90 миллион теңге бөлді. Төтенше жағдай болғанда, қордан 497,5 миллион теңге жұмсалады.

Наурыздың 15-інен бастап облыстық су тасқынына қарсы штабқа 22 гидрологиялық бекеттен  күн сайын ақпарат түсіп тұратын болады.

Былтыр республикалық бюджеттен бөлінген 1,2 млрд. теңгеге Бөрлі ауданы Облавка ауылы маңындағы Жайық өзенінің жағасын бекіту жұмысы 1542 метр ұзындықта жүргізілді. Теректі ауданы Барбастау өзені Ұзынкөл су қоймасына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұған облыстық бюджеттен 81,7 млн. теңге қаржы жұмсалды.

Облыста 51 су қоймасы болса, оның 12-сі жөндеуді қажет етеді. 10 су қоймасы мен 4 гидроторап рес-публикалық, 30 су қоймасы коммуналдық меншікте, 7-еуі иесіз. Өңірдегі автожолдарда 1140 су өткізу құбыры бар. Су басуы ықтимал жер телімдерінде 79 су өткізу құбыры орналасқаны белгілі болды.

Облыс орталығындағы жолдың бойына 1213 метр су өткізетін арық қазылды. Бүгінге дейін шығарылған қардың көлемі 522 мың, еріген қар суы 20 мың текше метрді құрады. Облыста су тасқыны жөнінде алдын ала хабар беретін 75 дабыл жүйесі жұмыс істейді. Олардың 38-і Орал қаласы аумағында орналасқан. Сонымен қатар тұрғындарға SMS-хабарландыру арқылы ескерту жіберіледі.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Орал өңірінің» тілшісі – Еуропаның төрінде!

Күні: , 111 рет оқылды

сакен бигбэн


2015 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ және Қазақстандағы British Council-дің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған Ұлттық инновациялар байқауында «Орал өңірі» газетінің бас бәйге – 1 миллион теңгені  иеленгенін өткен күзде жазған едік.


Үшбу бәйгенің шартына сәйкес жеңімпаз-жүлдегерлер Ұлыбританияның астанасына арнайы барып, Лондонды аралап, әрі Біріккен Ұлыбритания патшалығындағы әлемге әйгілі бұқаралық ақпарат құралдарының тыныс-тіршілігімен танысып, кәсіби білім-білігін жетілдіру тиіс-ті. Сол себепті өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде «Орал өңірінің» редакциясында арнайы дастарқан жайылып, біз газетіміздің экономика бөлімінің редакторы Сәкен Әбілхалықовқа ақ жол, сәт сапар тілегенбіз. Сенбі күні ол Орал әуежайынан Астана арқылы Лондонға ұшып, бүгіндері Еуропаның төрінде жүр.

Сапар сәтті болсын, Сәкен әріптес!

Өз тілшіміз  


Малдәрігерлік қосын ашылды

Күні: , 94 рет оқылды

IMG_9791


Ақжайық ауданындағы Көнеккеткен ауылында күрделі жөндеуден өткен малдәрігерлік  қосын ашылды. Мұндай қосын ауданда әзірге біреу ғана.


Бес бөлмелі нысан су, газ және телефон жүйелеріне қосылып, компьютермен жабдықталған. Енді мұнда тұрғындар мен шаруа қожалықтарының төрт түлік малына дәрігерлік көмек көр-сетілетін болады.

Көнеккеткен  ауылдық  округінің әкімі Ұлдаш Қадырғалиеваның айтуынша, округте мал саны жыл сайын артып келеді. Қазір округке қарасты ауылдарда 2280 ірі қара, 6049 қой-ешкі, 834 қылқұйрық бағылуда. 23 асыл тұқымды бұқа, үш  асыл тұқымды айғыр өсірілуде. 18 шаруа қожалығы мал басын асылдандырумен айналысады. 10 шаруа қожалығы атакәсіп үшін мемлекеттік субсидияға қол жеткізген. Жалпы, ауылда асыл тұқымды мал өсіруге ықылас басым.

Тілес  ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы


Бастаманы қызу қолдауда

Күні: , 76 рет оқылды

IMG_4956


«Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің өткен сенбілік нөмірінде «Құстарды қарсылайық!» атты бастама көтерілген болатын.


Ол мақалада редакцияда қызмет істейтін еразаматтар қолдарына балға-шеге алып әрі үлгі болсын деген ниетпен қастарына ұл балаларын ертіп, ұя жасауға кіріскендігі туралы жазылған еді.

Іле-шала осы игі бастаманы дереу іліп әкетіп, құстарға ұя жасауды қолға алғандар да баршылық. Мәселен, дүйсенбі күні сәске түс шамасында Подстепный ауылында екі бала мен бір ер-азаматтың қараторғайдың ұясын ағашқа бекітіп жатқанын байқадық. Қастарына жақындап жөн сұраса келе, олардың Подстепный жалпы білім беретін қазақ мектебінің мұғалімі Серік Өтепқалиев пен 5-сынып оқушылары Мадияр Сабырғалиев және Әлихан Теміртасов екенін білдік (жоғарғы суретте). Көрісу айт күні көңілге қуаныш ұялататын осындай көріністерге куә болдық.

– Қыстыгүні балалармен бірге ауыл маңындағы өзен-көлге барып мұз ойып, балықтарға ауа жібереміз. Қазіргідей мезгілде мектеп оқушылары еңбек сабағынан ұя жасауды қолға алады. Дайын болған соң тал-терекке іліп, құстарға қамқорлығымызды көрсетеміз, — дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Серік Сырымұлы.

Орал қаласындағы зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының оқушылары да құстарды қарсылауға өз үлестерін қосуда.

– Жыл сайын құстарға ұя жасаймыз. Бұл істе бізге еңбек пәнінің мұғалімі Қазиев Самал ағай (төменгі суретте) бағыт-бағдар береді. Ұя жасап болған соң, мектеп ауласындағы тал-теректерге мықтап бекітеміз. Кейін сырттай бақылап, қадағалап жүреміз, – дейді аталмыш мектептің 9-сынып оқушысы Заманбек Уап.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»


Мүлтіксіз қадағаламақ

Күні: , 74 рет оқылды

СЦК Шохина


Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің БҚО филиалында БАҚ өкілдерімен кезекті кездесу өтті. Онда сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия облыстық бөлімшесінің төрайымы Вера Шохина хабарлама жасап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.


Төрайымның мәлімдеуінше, жұмыс жоспарына сәйкес, өңірдегі барлық 520 сайлау учаскесінің әрбіреуіне бақылаушы тағайындалған. Әр бақылаушымен алдын ала келісімшарт жасалып, куәлік берілген. Олардың жұмысына қаржы төленген. Барлық бақылаушылар Қазақстан Республикасының Заңы бойынша тренингтен өтіп, тест тапсырды. Олардың мақсаты – сайлау  барысында аталмыш заңның мүлтіксіз қадағалануын қамтамасыз ету. Сондай-ақ осы қоғамдық науқанға байланысты кез келген бақылаушы арнаулы әдістемелік көмекші құрал мен блокнотқа ие. Олар бақылаушының қоғамдық міндетін қалыпты атқаруына мүмкіндік береді.

— Бақылаушылардың құрамы сан қилы. Оның ішінде мұғалімдер мен оқытушылар да, студенттер мен зейнеткерлер де бар. Айта кетерлік жәйт, біз ешкімді жұмысқа мәжбүрлеген емеспіз, бәрі де еркімен келді. Тіпті зейнеткерлер бізге хабарласып, сол жұмысқа кеңінен тартуын сұрады. Бақылаушылардың жұмыс барысы қалыпты. Оған дәлеліміз – жекелеген  сайлаушылар телефон арқылы тілдесіп, бізге алғысын айтуда. Сайлау күні барлық бақылаушы өздеріне бекітілген  нақты сайлау учаскесінде болып, саяси науқанды басынан аяғына дейін қадағалайтын болады. Сайлаудың соңында дауыс санауға қатысып, сайлау комиссиясы хаттамасының көшірмесін бізге тапсырады. Біз барлық 520 сайлау учаскесінде дауыс беру мен санау аяқталған соң, барлық хаттамаларды жинап, республикаға жібереміз, — деді Вера Шохина сөз соңында.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

“Орал өңірі”


«Ұрпақ +» жобасы жүзеге асырылуда

Күні: , 151 рет оқылды

DMS_3407


Кеше  орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында   «Ұрпақ +» мәдени-білім беру жобасының облыста жүзеге асыру  жөнінде баспасөз брифингі өтті.


Баспасөз мәслихатына облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Ранида Әшенова және облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі мен экология орталығының директоры Виктор Фомин қатысты.

Алдымен сөз алған Айгүл Әділгерейқызы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Ұрпақ +» мәдени-білім беру жобасының басталғанын атап өтті. Аталмыш жоба мектеп, техникалық және кәсіптік оқу орындары шәкірттерінің зерттеушілік және шығармашылық әлеуетін дамытуға, өскелең ұрпақтың Отан және өлке тарихына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Жоба аясында оқушылар тарих, археология және мәдениет саласындағы ұжымдық әрі жеке тақырыптық ғылыми-зерттеу, шығармашылық жобаларды іске асыруға қатысатын болады.

Облыстық білім басқармасының басшысы бұдан бөлек білім саласында атқаралып жатқан бірқатар іс-шараларға тоқталып өтті. Соның ішінде мектеп музейлеріне көңіл бөліп, Ақжайық, Тасқала, Қазталов, Бөкей ордасы аудандарының мектеп музейлері жүйелі жұмыс жасап келетіндігін алға тартты.  Сонымен қатар оқушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыру, ең талантты жас зерттеушілерге қолдау көрсету мақсатында өткізілетін республикалық ғылыми жобаларда дарынды оқушылар облысымыздың намысын қорғап жүр. Айталық, 2014 жылы 7 жоба бойынша 7 оқушы, 2015 жылы 6 жобада 9 оқушы жеңімпаз атанса, 2016 жылы осы жетістікті қайталаған.

Білім басқармасының жоспарына сәйкес, алдағы уақытта ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Менің Отаным – Қазақстан!» туристік-өлкетану экспедициялық жасақтардың облыстық слеті, балалар күніне орай «Нұрлы болашақ» республикалық акциясы шеңберінде «Біз біргеміз!» акциясы, «Ұланымыз ұлы елдің» атты «Жас ұлан» балалар ұйымдары мен бірлестіктерінің облыстық форумы өткізілмек. Сондай-ақ биыл Бөкей ордасы ауданындағы Жәңгір хан атындағы орта мектептің құрылғанына 175 жыл толуына  орай жоспарға сәйкес іс-шаралар атқарылмақ.

Бұдан кейін сөз алған облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі мен экология орталығының директоры Виктор Фомин біздің өңірде шаңғы туризмінің жақсы жолға қойылғанын атап өтті. Бұл істе жерлесіміз, әлемді аузына қаратқан атақты альпинист Мақсот Жұмаевтың та еңбегі зор екенін атап өтті. Өткен ақпан айында шаңғыдан республикалық турнирге қатысқан  облыстық команда бас жүлдені жеңіп алып, алтын медальді қанжығаға байлаған. Бұдан бөлек балалар туризм орталығы өткен жыл бірнеше  жетістіктерге қол жеткізген.

Ал облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Ранида Рафхатқызының мәліметіне сүйенсек, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай  облысымызда бұрын-соңды көрініс таппаған «100 нақты көмек» жобасы іске аспақ.  Одан бөлек жыл басынан бері «Ұрпақ +» мәдени-білім беру жобасы аясында «25 игі іс» акциясы жастар арасында кеңінен қолдау тапқан. Өңірімізде биылдан бастап Астанада өтетін «ЕХРО — 2017» халықаралық көрмесіне еріктілер даярлау жұмысы басталып,  күні бүгінге дейін 107 ерікті «Астана ЕХРО» Ұлттық компаниясы»  АҚ-ға жолданған. Еріктілерге ағылшын тілі курстарын оқыту, тренингтер, ел тарихы бойынша білім беру, танымдық оқыту жұмыстары басталып кеткен. Жыл соңына дейін  өткен жылы сәтті жүзеге асқан «Ашық аспан астындағы кино», «Домбыра party», «Асық party», «Жасыл эстафета», Орал қаласының тарихына арналған Квест-ойындары биыл да жалғасын таппақ.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

“Орал өңірі”


Бір сәби шетінеді, екеуінің жағдайы ауыр

Күні: , 101 рет оқылды

images вак


Облыстық денсаулық басқармасында екпеден бас тартқан балаларды ектіру мақсатындағы іс-шаралар бойынша брифинг өтті.


Баспасөз мәслихатына облыстық денсаулық басқармасының штаттан тыс бас маманы Айнаш Ғұбайдуллина мен штаттан тыс бас эпидемиолог Алмагүл Мантакова қатысты.

Брифингте мәлім болғандай, елімізде жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында екпенің 27 түрі енгізілген. Мұны бала өмірге келген 4 күннің ішінде және кейінгі айларда емдік түрде алуы шарт.

– Бұл шаралар гепатит, туберкулез, көкжөтел, сіреспе, пневмококк және қызылша секілді ауруларға қарсы тұруға арналған. Бұл екпелер өздігінен ауру тудырмайды. Бүгінде облысымызда балалардың 97 пайызы екпемен қамтылып, мыңдаған бала көптеген жұқпалы аурулардан аман қалған. Вакцинацияның арқасында біздің өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты, – дейді мамандар.

Алайда дер кезінде екпе алуға кез келген ата-ана жауапкершілікпен қарай бермейді. Соның салдарынан бүгінде екпе алмаған балалардың саны көбейе түсуде. Өкінішке орай, екпе алмаған балалар жұқпалы ауруларға тез шалдығып, мүгедек болып қалуы әбден мүмкін. Соңғы кезде соңы өлімге әкелген жағдайлар да тіркеліп отыр. Айталық, бүгінгі таңда облысымызда  ата-анасы екпе алудан бас тартқан 565 бала тіркелсе, екпеге қарсы болғандардың 80 пайызы – теріс  діни пиғылдағы адамдар. Күні кеше ғана, 7 наурызда туғанына небәрі 18 күн ғана болған сәби анасының екпеден бас тартып, балаға тиісті К дәруменін алмауы себепті шетінеп кеткен. Яғни медициналық міндетті ем-шараны қабылдамаған.

– Бұдан өзге 2013 жылы екпе алмаған екі бала көкжөтелмен, 2014 жылы бес бала қызылшамен ауырған. Ал өткен жылдың шілде айында бір бала туберкулезбен ауырып, облыстық туберкулез диспансерінен ем алған.  Биылдың өзінде екпе алмаған екі бала облыстық инфекциялық жұқпалы аурулар ауруханасына түсіп, ем алуда. Бұлар жасы бір айға толмаған көкжөтелмен ауырған сәбилер. Көкжөтел – жөтелмен қатар жүретін, ұстама тәрізді, дем жетпей тұншығумен өтетін дерт түрі. Қазіргі таңда сәбидің біреуі жансақтау бөлімінде емін жалғастыруда, ал біреуі қаңтар айында емделіп шыққанымен, екеуінің де жағдайы өте ауыр, – дейді Айгүл Жұбанышқызы.

Алайда ақжелеңділер қол қусырып отырған жоқ. Жыл басынан бері жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бұдан бұрын екпеден бас тартқан алты бала ем-шара қабылдаса, өткен жылы екпеден бас тартқан 30 бала екпе алған. Облысымыздың штаттан тыс бас эпидемиологы Алмагүл Мантакова вакцинациядан бас тарту тек сәбидің өзіне ғана емес, айналасына да қауіпті екендігін алға тартып, ғаламторда қаптаған екпенің құрамы мен сапасына күмән тудыратын дәйексіз деректерге сенбеу керектігін айтып өтті. Өйткені біздің еліміз ең қымбат дәрі-дәрмектермен қамта-масыз етіліп, құрамы қатаң тексерілетінін айтты.

Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау жүйесі және Халық денсаулығы жөніндегі кодекстің 156-бабының 1-тармағында Қазақстан азаматы болып табылатын әрбір ата-ана өз баласын жұқпалы ауруларға қарсы екпелермен, яғни вакцина алуға  міндетті  деп  жазылған.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»


Тәртіп сақшыларының жеңісі

Күні: , 89 рет оқылды

IMG-20151214-WA0004


Наурыздың 5-9-ы аралығында Атырау қаласында ерлер арасында самбодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Аталмыш додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ең озық спортшылар қатысты.


Осы сайыста облысымыздың намысын қорғаған БҚО ІІД қызметкерлері, полиция аға лейтенанты Ерболат Байбатыров 57 келі салмақ дәрежесінде ІІ орынды, полиция аға лейтенанты Айбек Ғабдешев 74 келі салмақ дәрежесінде  және полиция лейтенанты Бағдат Жарылғасов 62 келі салмақта қола жүлдегер атанды.

– Алдағы уақытта Қазақстан құрамасына іліккен спортшылар биыл қараша айында Болгария елінде самбо күресі бойынша өтетін әлем чемпионатына  қатысатын  болады.

БҚО ІІД баспасөз қызметі


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика