Мұрағат: 12.03.2016


Сексеуіл егу қолға алынды

Күні: , 179 рет оқылды

сексеуил


Зайсан сексеуiлi тарғылданып, иiр-иiр болып өседі.


Ол – өңдеуге  және  құрылыс материалдарын жасауға жарамсыз, тұрмыста тек отын ретінде пайдаланылатын ағаш тұқымдастарының бірі. Сексеуілдің отқа жанғыштығы, шоғының қызуын бойында ұзақ уақыт сақтағыш қасиетi көмiрден артық болмаса, бiр мысқал да кем еместігі аян. Шөлейтті далада құм бархандарының көшкінін «кісендеп» ұстайтын, ұлан-ғайыр адырлардың топырағын эрозиядан сақтайтын, атыраптарда тіршілік ететін елді мекендерді дауылдардан қорғайтын сексеуілдің қадір-қасиетін білмейтін адам аз болар. Бүгінде бұрын кең  байтақ жазығымыздың сұлулық салтанаты болған сол қалың сексеуіл тым селдіреп кетті. Алыстан қарауытқан қараған қатары уақыт озған сайын азайып барады.

Соңғы жылдары құрғақшылық климаты тән Ақжайық ауданы Тайпақ мекені маңына  сексеуіл ағашын өсіріп, көбейту қолға алынды. Ыстыққа төзімді бұл ағаш түрін жалпы облысымыздың оңтүстік аудандарына егу қолайлы. Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің 3 гектар аумағын алып жатқан тұқым бағында жыл сайын жоспарлы түрде сексеуіл тұқымын егу жұмысы жүргізіліп келеді. Осы мақсатта аталмыш мекеменің мамандары Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Көктерек орман шаруашылығынан 70 келі қара сексеуіл тұқымын әкеліп, оны орман тұқым бағына барлық технологияларды сақтай отырып, құм араластырылып қармен жауып екті.

Жалпы, аталмыш мекеме тұқымбақ жұмысынан басқа орманды, жануарлар дүниесін қорғау, оларды сақтап қалу және өсімін молайту барысында өзіне жүктелген көптеген жұмыстарды атқарып келеді. Тұқымбақта сексеуілден басқа қара ағаш, жиде, жыңғыл, көктерек, шаған, үйеңкі, акация, қарақат, жүзгін екпе көшеттері өсіріледі. Бұл ағаш түрлері жыл сайын жоспарлы түрде 50 гектар жерде ағаш отырғызу жұмысына және елді мекендерді көгалдандыруға пайдаланылады.

Жалпы облысымыздағы жасыл желектер аз қоныстанған Жаңақала, Қазталов, Жәнібек сынды аудандарға сексеуілді ормандар құру қажет деп есептейміз. Аудан басшылары осы мәселені жылы жауып қоймай, қолға алар болса, болашақта облыста аз шоғырланған орманды жерлердің көлемін көбейтер едік.

Ана бiр жылдары елімізде жұрт сексеуiлдердi отқа тамызық ретiнде пайдаланатын. Нарықтық қатынастың алғашқы жылдары бұл жағдай күрт өзгердi. Көмiрдiң жетiспеушiлiгi мен қымбаттаушылығы елдi мекендерде тұратындарға ауыр тиiп, сексеуiлдi таза отын ретiнде қолдана бастады. Республикамыздың қалаларында кәуап (шашлык) орындары көптеп ашылып, сексеуiлге деген сұраныс барынша артып, жұрт пайдаға құнығып, оның дiңгек түбiне сым байлап, тракторлармен түп тамырымен қоса жұлып алатын фактілер аз болмады. Соның салдарынан еліміздегі сексеуiл алқаптарының аумағы мүлдем тарылып кетті. Тiптен тұқымы құрып кету алдында тұр десек, асылық айтқандық болмас. Сол себепті Тайпақ орман шаруашылығы мекемесі облысымызды сексеуіл ағаштарымен қамтып қана қоймай, оны қорғауды қамтамасыз етуге жұмылып отыр.

Ескерте кететін жайт, бүгінгі күні ағашты заңсыз кескені үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қатаңдатылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабына сәйкес, заңсыз ағаш кескені үшін 200-500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамауға алу, бас бостандығынан айыру қылмыстық жазалары қаралған.

Амангелді ДӘУЛЕТЖАНОВ,

БҚО табиғи ресурстар және табиғат  пайдалануды реттеу басқармасының басшысы


Құстарды қарсылайық!

Күні: , 202 рет оқылды

1 POLOSA 1


Көктемді қондырып қанатына,

Құс қайтып келеді Алматыма…

деп көктем мен махаббаттың жыршысы Тұманбай ақын жырлағандай, ерке сылқым Ақ Жайықтың атырабына жыл құстары оралар күн таяп келеді. Сондықтан бір ғасырлық тарихы бар «Орал өңірі» газетінің редакциясында қызмет істейтін ер-азаматтар «Құстарды қарсылайық!» атты бастама көтеріп отыр.


Мына фотосуреттерде біздің жігіттердің ұя жасау сәттері бейнеленген. Қолдарына балға-шеге ұстап, ұя жасауға кіріскен  әкелеріне ұлдары қолғанат болып жүр. «Әке көрген оқ жонар…» деген,  міне, осы.

Біздің үшбу бастамамызды барша табиғат жанашырлары, әсіресе, облыс орталығы мен аудан-ауылдардағы жастар ұйымдары, сондай-ақ «Еңбекке баулу» пәнінен сабақ беретін ағайларының ұйытқы болуымен үлкенді-кішілі мектептердегі ер балалар іліп алып кетер деген үміттеміз.

Күн мен түнді теңестірер, алты ай қысты алты ай жазға алмастырар һәм бірлікті бекемдеп, берекені еселер, ынтымақты нығайтып, ырысты молайтар ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз да таяп келеді. Осыған орай біздің редакцияда қызмет істейтін қыз-келіншектер кеңсемізде, яғни қызметтік бөлмелер мен кеңсе дәліздерінде көрген жанның көңілін көтеріп, жанын жадыратар гүл атаулыны көбейтпек ниетте. Біздіңше, бұл да барша ақ білекті, нәзік жүректі әйел заты жаппай қолдауға лайық әдемі бастама.

Ендеше, іске сәт, әлеумет!

Редакция  алқасы


«Көрісіп, батасын ал ақсақалдың»

Күні: , 336 рет оқылды

453


Кең байтақ Қазақстанның батыс аймағында 14 наурыз – Көрісу айт екендігі мәлім. Осыған орай Батыс Қазақстан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы «Көрісіп, батасын ал ақсақалдың» атты тағылымдық шара өткізбек.


Бұл шараға Орал қаласында тұратын соғыс және еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатыспақ. Нақтырақ айтқанда, үшбу шара барысында жастар ұйымдарының өкілдері Асқар Атаев, Мәриям Абдошева, Қалима Қостанаева секілді тыл және еңбек ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып көрісіп, амандық-саулық біліп, жасы үлкендердің ақ батасын алмақ ниетте.


Жаңа ойыншыларды таныстырды

Күні: , 96 рет оқылды

Акжайык3


«Атриум» мейрамханасында футболдан ҚР чемпионатының премьер-лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» жаңа ойыншыларын таныстырды.


«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жаңа келгендердің үшеуі – сербиялық ойыншылар. Атап айтқанда, Белград мектебінің түлегі, 2010 жылдан Павлодардың «Ертісіне» ауысып, «Ақжайықтың» қазіргі бас бапкері Талғат Байсуфиновтың қол астында ойнаған 31 жасар Предраг Говедарица жартылай қорғанысты нықтамақ. Ал 28 жасар қорғаушы Саша Колуния Сербияның «Земун» футбол клубынан келді. 32 жасар тағы бір қорғаушы Данило Николич те біраз жерде доп тепкен, соңғы клубы – «Вождовац» (Сербия). 26 жасар жартылай қорғаушы Фредди Коронел Қазақстан біріншілігінде ойнайтын Парагвай елінің тұңғыш өкілі болмақ. Қазақстандық қос шабуылшы, 33 жастағы Эдуард Сергиенко мен 28 жастағы Сергей Гридинді жанкүйерлер жақсы біледі.

«Ақжайық» футбол клубы» ЖШС директоры Бағдат Ағниязовтың айтуынша, негізінен жергілікті ойыншыларға арқа сүйеп келе жатқан оралдық команда премьер-лигада жерге қарап қалмау үшін барын салатын болады. «Ақжайықтың» биылғы бюджеті өткен жылғыдан өзгере қойған жоқ. 424 млн. теңге бірінші лигаға есептеліп салынған болатын. Бұл, әрине, премьер-лига үшін жеткіліксіз. Сондықтан жуырда қосымша қаржы қаралатын болады.

Айта кетейік, «Ақжайық» жаңа маусымды 13 наурыз күні сырт алаңда «Тобыл» командасымен ашатын болады. Одан кейін 19 наурызда өз алаңында Павлодардың «Ертісін» қабылдайды.

Ғайса БӘЙМЕН


Іздегенде табылушы ең қасымнан…

Күні: , 110 рет оқылды

Безимени-1


Арман қуып, қиял кезіп, талай бел-белесі артқа тастап, өмірдің қалтарысы мен бұлтарысын, жақсы-жаманын бастан өткеріп, алпыстан асқанда, ентігіміз басылып, алыс та болса көңілде еш көмескіленбейтін аяулы жылдарды тебірене еске алатын кездер болады. Әрине, ең алдымен туған жерің, ауылың, кеше ғана көз алдыңда мәңгі бірге жүре беретіндей көретін ата-аналарың, аға-апаларың, құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен құрбы-құрдас, дос-жаран, жолдастарың көз алдыңа келеді…


Иә, өмір деген қызық дүние, әрине, ол оп-оңай өте салатын тақтайдай жол емес. Ойлап отырсам, тағдыр мені де өмір-өзеннің толқынына бірде батырып, бірде ағынымен алысқа әкетіп, жағаға да әкеп соғып, сынаған кездері аз болған жоқ. Осындай сын сағаттарында жаныңнан табылып, не бір қиын сәттерде жан-тәнімен көмегін беруге әзір адам, ең бастысы, сені қапысыз түсінетін жан досың екені даусыз. Нағыз жолдастықтың, достықтың сыналар кезі де сол.

Қуанышыңа ортақ болып, көңілің жабырқау кезде сүйеніш болатын да досың.

Негізінен, күнделікті тірлікте аралас-құралас қауышып жүретін дос-жарандар жеткілікті. Кейде осындай бірге жүрген әріптестермен әңгіме үстінде достарың кім, сенімді досың бар ма деген сұраққа көпшілігі басын ұстап, ойланып қалады.

Аллаға шүкір, мен өзім ондайда, ойланбай-ақ дос, жолдастарымды мақтанышпен еске аламын. Әрине, олардың ішінде досым Қабестің (Хабиболланың) орны ерекше бөлек еді.

Біз, шын мәнінде, әзіл-қалжыңымыз жарасқан, бір-бірімізді қас-қабақтан ұғатын нағыз жақын достар едік. Балдәурен балалық шақтан басталған біздің достығымыздың өзіндік тарихы бар. Егіз қозыдай бірге жүріп, бірге өскен балалық шақтардан-ақ біз өмірлік мәні бар сырласулар мен болашақ туралы арман қуған, қиял қуған шақтарды бастан кештік десем, шындықтан алыс кетпеген болар едім.

Өкінішке орай, түрлі себептермен, мектеп бітіргеннен кейін екеуміз екі жерде өмір жолын бастадық. Мені әскерге сонау Қиыр Шығысқа — Тынық мұхитына алып кетті, ол борышын Украинада атқарды. Әскери қызметті өтегеннен кейін мен оқуға түсіп, Алматыда қалып қойдым, ал Қабес өмірін туған ауылда өткізді.

Алайда мен демалыс алып, ауылға келген кезде барлық уақытын менің қасымда өткізуге, менімен бірге болуға тырысатын. Азғантай демалыс кезінде сырымыз да, мұңымыз да бітпей, қимастықпен қоштасушы едік. Қабақаң туралы айта берсең, әңгіме көп, алайда досымның сын сағаттарда әрқашан қасымнан табылғаны жөнінде бір естелік айтудың дәл бүгін жөні келіп тұр.

Бұл күндері газет беттерін ашып қалсаң да, теледидарды қосып қалсаң да оқитының, көретінің алдағы келе жатқан сайлау туралы, депутаттыққа үміткерлер туралы мағлұматтар. Сонау егемендіктің алғашқы жылдарында, осындай сайлау үрдісіне республикалық заңгерлер қауымдастығының ұсынуымен мен де қатысқан едім. Ол елімізде ең алғаш депутаттыққа сайлану халықтың тікелей қатысуымен баламалы түрде өтетін нағыз демократиялық сайлау туралы заңының қабылданған кезі болатын. Әрине, депутаттыққа менің кандидатурамды ұсынудың алдында республикадағы танымал заңгерлердің бірнеше мәртебе жиналыстары болып, солардың ішінен сарапталып, Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал сайлау учаскесінен депутаттыққа түсуге менің кандидатурам бекітілді. Кандидаттыққа ұсынылғандарға қойылатын талаптардың ішінде заңгерлік біліктілігінен басқа, елге танымалдылығы да есепке алынатын. Ал мен мектеп бітіріп, елден кеткеніме ширек ғасырдай уақыт өткен, сондықтан облыста тек құқық қорғау саласынан басқа жерде мені ешкім білмейді.

Дегенмен, республикалық заңгерлер қауымдастығы үлкен сенім артып отыр. Ойлана келе, ақылдасарым да көмектерін көрсетіп, халық алдында менің шашбауымды көтеретін де, бар сенерім – дос-жолдастарым, құрбы құрдастарым, ағайын-тума, таныстарым деген шешімге келдім. Осы жағдайды айтып, досым Қабеске хабарластым. Қабес сол кездің өзінде жалпы елдегі ішкі-сыртқы саясаттан хабары бар, озық ойлы, көзі ашық, зерделі азамат еді. Және сол кезде Қабес әндері кеңінен таралып, тыңдармандардың көңілінен шыққан, тек Бөкей ордасында емес, жалпы облыс көлемінде аты шығып жүрген, ел ішіне белгілі, танымал бола бастаған әнші-сазгер болатын. Ол еш қобалжымастан, сайлауға қатысуымды қолдап, үгіт-насихат жағын ұйымдастыруға өзінің көмегін аямайтынын айтты.

Осы арада бір айта кететін жағдай, мен сайлауға екі рет қатыстым 1994-1999 жылдары. Сонымен, Қабақаңның (кейде еркелетіп Қабесті Қабақа дейміз) қолдауымен ұйымдастыру жоспарын белгілеп, бала кезден бірге жүрген дос-жолдастардың тізімін жасадық. Бөкейліктер Бекқали Хамзин, Ермек Қазиев, Шайолла Елемесов; Жәнібектен Керім Айденов, Қымбат Мұташева, апаларым Қамария мен Нұржиян Әбуовалар; Жалпақталдан Арыстан Орынғалиев, Адам Имашев, Орынша Түсіпқалиева; Қазталовтан Рахила Сарбалина; Ақжайықтан Сайлау Мұқашев, Ерген Орынбасаров; Алматыдан әдейі келген Берікқали Қайыров және тағы басқа құрбы-құрдас, таныстар болып үгіт-насихат жұмысына кірісіп кеттік. Шынын айтсам, шаруашылықтың бәрі құлдырап, жаппай жұмыссыздық жайлай бастаған сол бір ауыр жылдарда үгіт-насихат жүргізу оңай шаруа емес еді. Әсіресе, 1994 жылдың қаңтар-ақпан айларында үгіт-насихат жүргізу, халықты жинау қыстың қаттылығынан жүріп-тұруға өте қолайсыз, ауыр әрі қиын болды. Жоғарыда айтып кеттім, мені елде ешкім көп танымайтын. Дегенмен, досым Қабес қыстыгүні қырауда бір ай жарым қасымда жүріп, кездесулерде өзінің әсем әндерімен халықтың көптеп жиналуына ұйытқы болды. Осылай дос-жолдастарымның белсенді жүргізген жұмыстарының, олардың абырой-беделдерінің арқасында мен екі сайлау барысында да елдің сеніміне ие болып, өте жоғары дауыс жинадым.

Иә, сол күндерді еске алғанда, Қабестің, Адам мен Орыншаның салған әсем әндері, Ермектің күмбірлете тартқан күйлері, Шайолла мен Бекқалидың қарапайым айтса да тыңдаушыларын ұйытып, үйіріп алатын шешендік сөз саптаулары менің әлі күнге дейін есімде.

Досым Қабес туралы айта берсем, әңгіме көп, шығармашылығының өзі бір бөлек айтуға тұрарлық тақырып. Оның шығармаларының тақырыптары әр алуан болатын. Алайда зейін салып тыңдап отырғанда, әндерін қай тақырыпқа арнаса да, Қабестің өлеңдерінен өзінің туған жерін, елін, замандастарын, бірге өскен құрбы-құрдастарын, жалпы адамдарға деген ыстық сезімін өзінше жыр өрнегіне түсіріп, әсем әуен мен тыңдаушысына жеткізуге тырысқанын көреміз. Мәселен: «Орда – туған мекенім», «Жәнібегім», әсіресе, «Бисенім» әніндегі «Қыздары көрікті қызғалдақтай, биік-ау Бисеннің жігіттері», — деген жолдарда, әндеріндегі ең әдемі ұйқастар мен ыстық сезімге толы мадақ сөздер өзінің достарына, ауылдастарына және ел мақтанышына айналған батыр ба-баларына, ардагерлерге арналғанын байқауға болады.

Иә, досым Қабес туралы, оның арман, ойлары жөнінде көп нәрсе айтуға болар еді. Ең соңғы кездескенімізде ол, Астанаға, Алматыға Бекболат екеуіңе барып, әндерімді дыбыс студиясында жаздырсам деп армандаушы еді. Амал не, тағдыр ондай арманға жетуге жазбапты. Өкінішке орай, осыдан алты жыл бұрын арман қуған, өнер қуған есіл жүрек мәңгі тоқтады. Егер ол тірі болғанда, осы наурызда 65 жасқа толған тойын елімен бірге тойлар еді.

Дегенмен, арамыздан ерте кеткен асыл азамат, аяулы досты еске алғанда, көлеңке баса бастаған көңілді, жүдей бастаған жүректі жұбатар жайлар да аз емес екенін сезініп, тәубе айтасың. Оның соңында өшпейтін із – әсем әуен, сұлу саз, өрнекті өлең жолдары қалды.

Жазмыштан озмыш жоқ дейді. Істеген жақсы ісің мен күлімдеген жылы жүзіңді, ақ жарқын мінезіңді көрген, әсем әуендеріңді естіген адамдардың есінде мәңгі сақталасың, аяулы дос.

Ғаният НАСЫРОВ,

заң ғылымының кандидаты, доғарыстағы полковник,

Астана қаласы


Бұралқы иттер өріп жүр…

Күні: , 85 рет оқылды

453453


Осыдан біразырақ күн бұрын Зеленов ауданына қарасты Мичурин ауылында 7 жасар қыз баланы ит қауып алғандығын жазғанбыз. Қабаған ит қаршадай қыздың құлақ қалқанын жұлып алған. Ауылға қоса, бұл күндері облыс орталығының қай аумағына барсаңыз да, шұбырған бұралқы иттер үйірін көріп, шошынасыз.


Демек, бұл – қараусыз иттер мәселесі жыл-он екі ай бойы дала-қалаға ортақ «асқынған ауру» деген сөз. Осы сөзіміз дәлелді болуы үшін «Орал өңірі» газетінің фототілшісі Темірболат Тоқмәмбетов арнайы жұмыс қылып шығып, Орал қаласының әр аймағынан түсірген мына фотоларды бір қайыр болар деген үмітпен шаһар басшылығының назарына ұсынып отырмыз.

Редакция алқасы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика