Мұрағат: 10.03.2016


«Біздің қуатымыз – бірлікте!»

Күні: , 170 рет оқылды

0O9A1738


Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болды.


Мемлекет басшысы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен бірге алдымен «Болашақ-Т» ЖШС-ның үй құрылысы комбинатына ат басын бұрды. Осында Қайдар Қощанов басшылық ететін кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен, дайын өнім үлгілерімен танысқан Елбасы  жұмысшылармен емін-еркін әңгіме-дүкен құрды.

Кездесу барысында құрылысшылар атынан сөз алған жас маман Тимур Қощанов жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін осында жұмысқа келгенін, құрылыс саласында еңбек ету өзіне ұнайтынын, көп ұзамай үйленіп, баспаналы болғысы келетінін жеткізді. Сондай-ақ өндірістік-техникалық бөлімнің инженері Людмила Ундакова жастарды өндіріске көптеп тарту жөніндегі ойларымен бөлісті.

Айта кетейік, «Болашақ-Т» ЖШС республикада алғашқы болып үй құрылысы комбинатын салды. Бұл жобаның құны 2,5 млрд. теңгені құраса, соның 500 млн. теңгесі — кәсіпорынның өз қаражаты. Аталмыш жобаны жүзеге асыру барысында 62 жаңа жұмыс орны ашылса, қызметкерлердің орташа жалақысы — 100 мың теңге. Өткен жылғы желтоқсанда аталмыш үй құрылысы комбинаты «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында кезекте тұрғандар үшін тоғыз қабатты, 180 пәтерлік тұрғын үйді салып бітірді. Бұл — елімізде тұрғын үй индустриясын дамыту бағытында  бой көтерген бірінші үй.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы  Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында болып, Ақ Жайық өңірінің зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Өткен жазда ғана ел-жұрттың игілігіне ұсынылған бұл нысанда Ұлт көшбасшысын еңбек ардагері, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Орал қалалық жастар мәдениет сарайы жанындағы орыс халық аспаптар оркестрінің әртісі Виктор Витман, айтыс өнерінің ардагері Шолпан Қыдырниязова,  Ж. Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы Шалқыма Құрманәлина, Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінің оқытушысы Владимир Баяндин, археолог-ғалым Яна Лұқпанова, Махамбет атындағы БҚМУ-дың стратегиялық даму және сапа жөніндегі департаментінің директоры, саясаттану ғылымының кандидаты Олег Юров, танымал суретші Қуандық Мәдір сынды Жайық зиялылары қарсылады. Осы шуақты жүздесу барысында Елбасы Қазақстан халқы бірліктің арқасында барлық қиындықты еңсеретінін атап өтті. Қазіргі кезде әлемде қиын жағдай орын алып отыр. Тіпті кейбір елдерде қақтығыстарға жол беріліп, қан төгілуде. Дүниежүзілік дағдарыс та бүйірден қысуда. Осындай күрделі кезеңнен Қазақстан халқы тек жасампаз еңбекке жұмылудың, экономиканы дамытып, алға бастырудың, озық білім-ғылымды меңгерудің арқасында аман өте алады. Қазір – инновация мен жаңа технологияның заманы.

– Біздер, әсіресе, жас ұрпақ алдағы уақытта мүлде басқа сипаттағы экономиканың куәгері боламыз. Бұған ең алдымен білім арқылы дайындалуымыз керек. Балалардың санасына мектеп қабырғасынан бастап инновациялық тұрғыдан ойлау қасиетін дарыту керек. Болашақта бүгінгі көптеген мамандыққа қажеттілік азаяды. Өйткені қазіргі заманда ғылымға өте қарқынды даму тән. Қазір озық технологияға негізделген білім қажет. Балалардың еркіндігі мен шығармашылығына  көбірек мүмкіндік беріп, белсенді ойлау қабілетіне қолдау көрсету керек, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы үш тілді меңгерудің артықшылықтарын және бір мәрте жіктеп-жіліктеп айтып шықты. – Мемлекеттік тілдің маңызы өз алдына, сонымен қатар ғылымның, озық технологияның тілі болып есептелетін, әлемнің көптеген халықтары сөйлейтін ағылшын, оған қоса қарым-қатынасымыз біте-қайнасып кеткен көрші елдің тілін білген адамның мойны озық болады.  Сондықтан жеткіншек ұрпақ жастайынан үш тілді меңгеріп өссе, алар асуы да биіктей бермей ме, – деді Президент.

Кездесуде М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Елбасы саясаты арқасында ғылымның да қарыштап дамығанын, бұдан жиырма жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда, қазіргі ғылым-білімнің деңгейі жер мен көктей екендігін, мемлекеттік билік тарапынан білім-білігін жетілдіру үшін отандық ғалымдарға жан-жақты жағдай жасалып отырғанын жеткізді. Бұған қоса ол елдегі ғылым-білімнің ілгерілеуіне Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектебі жүйесінің тың серпін бергендігін де атап өтті. А. Островский атындағы Батыс Қазақстан облыстық орыс драма театрының бас режиссері Оксана Малуша: – Доллар бағамы мен мұнайдың бағасы, сондай-ақ халықаралық дағдарыстың өзі мүлдем әсер етпейтін біздің мәдени-рухани байлығымыз бар. Осынау рухани игілік отандастарымыздың бірлігін бекемдей түсуге қызмет ете берері анық. Енді бірер жылдан кейін біздің облыстағы орыс драма театрына 160 жыл толмақ. Жалпы, қазақ елінде 20-дан астам орыс театры бар, ал Ресейде бірде-бір қазақ театры жоқ. Осының өзі Қазақстанда әр отандасымызға өзінің қалаған ісімен айналысуға толық мүмкіндік бар деген сөз. Бұл – біздің Президентіміздің әлеуметтік әділ саясат жүргізіп отырғандығының айшықты көрінісі. Түсінген кісіге, қадірін білген адамға мемлекеттік биліктің әркімнің жаны қалайтын ісімен шұғылдануға жағдай жасауының өзі бір бақыт, – деді. Ал облыстық қазақ драма театрының директоры Қуаныш Амандықов: – Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы, былтыр біз Қырымдағы Керчь қаласында өткен «Босфор оттары» атты халықаралық театр фестивалінен бас жүлдемен оралдық. Бірақ сол сапар барысында біз соғыстан зәрезап болып босқан халықты көрдік, атылған оқ, жарылған бомба-снарядтардың дыбысын естідік. Міне, сол кезде біздің кеудемізді Отанымыздағы бейбіт өмір, ынтымақты тірлік және жемісті еңбекке деген мақтаныш кернеді. Қазақ еліндегі осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның ең басты ұйытқысы өзіңізсіз, – деп Мемлекет басшысының тарихи миссиясын орынды атап өтті. «Қазақстан–Орал» телеарнасының журналисі Нина Павлычева өзі қызмет істейтін мекеменің табыс-жетістіктерін баяндап, Елбасының көп ұлтты Қазақстан халқының бірлігін нығайту арқылы берекесін молайту бағытындағы сарабдал саясатын толық қолдайтындығын  тілге  тиек  етті.

*   *   *

Кеше түстен кейін Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біздің қуатымыз – бірлікте!» атты республикалық форумына қатысып, сөз сөйледі.

– Құрметті форумға қатысушылар! Батыс Қазақстан, Орал жұртшылығы, сіздермен бүгін жүздескеніме өте қуаныштымын! Біз ел бірлігі – ең  асыл қасиет деген ұстанымды берік ұстанған Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Еліміздің барлық өңірлерінде, барлық облыстарында ел бірлігі, ел болашағы, татулық пен теңдік жөнінде бүкілқазақстандық әңгіме болды. Біздің байтақ жеріміз бен дархан пейіліміз сан түрлі этнос өкілдеріне пана болып келе жатқандығын өздеріңіз білесіздер.

Жақында өткен бір-біріне Алғыс айту, ризашылық күнінде біз барлығына көпұлттылықтың ешқандай да кемшілік емес, керісінше біз үшін пайдасы зор екендігін айттық. Қазақ халқына ризашылық, қазақ халқының басқа халықтарға ризашылығы біздің бірлігіміз, дамуымыз үшін аса маңызды. Ойлап қарасақ, бәріміз бір елдің перзентіміз. Бүгінде еліміздің ең басты жетістігі – ортақ Отанымыздағы этносаралық татулық пен тұрақтылық. Бейбітшілік пен бірліктің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, болашаққа сеніммен бет алдық. Отанымыз кемелденіп, ел бірлігінің нығая түсуіне Батыс Қазақстан өңірінің тұрғындары да сүбелі үлес қосуда. Облыстағы 90-нан астам этнос өкілдері арасындағы түсіністік пен татулықтың арқасында көптеген табыстарға қол жетті. Орал өңірінде 50 ұлттық мәдени орталық жемісті жұмыс істеуде. Қазір дүние жүзін дағдарыс, қиыншылық шарпыды деп жатырмыз. Дегенмен байтақ еліміз берекелі, әр адам асып-саспастан өз жұмысын атқарып, еліміздің гүлденіп-өркендеуіне үлесін қосуда. Соның ішінде батысқазақстандықтар да бар, – деп бастады сөзін Елбасы.

Одан әрі Мемлекет басшысы республикадағы татулық пен тыныштықтың берік діңгегі іспеттес этномәдени орталықтардың рөліне тоқталды. «Қазақстанда күні бүгін 962 этномәдени орталық жұмыс істеуде. Бұл елімізде тұратын барлық ұлттар үшін Қазақстанның туған Отандарына айналғандығын көрсетеді. XX ғасыр оңай болған жоқ. Көптеген ұлт-ұлыстар бізге күштеп жер аударылып, осы жерден пана тапты. Өткен жыл бойы біз атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы Қазақстанды мекендеген халықтардың ұлты, ділі мен діні, тілі, мәдениетінің әр алуандығына қарамастан бірлігі бекем, тірлігі тұрақты екендігін айқын дәлелдеді. Біз бір-бірімізді рухани байытып, кемелдендіре түсеміз, отбасын құрамыз, еңбек етеміз, мерекелерді тойлаймыз, ұрпағымыздың келешегін өз қолымызбен құрамыз. Біздің халық әлемде теңдесі жоқ тату көршілік пен қоғамдық келісім саясатының жарқын үлгісімен орынды мақтана алады.

Біз барлық этностардың тілі мен мәдениетінің тең құқылығын қамтамасыз етеміз, тарихи дәстүрлерін қайта жаңғыртуға жәрдем береміз. Осы тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен еңбегі орасан зор. Құрылған мерзімінен бастап бүгінге дейін Ассамблея елдегі түрлі этностарды өзара таныстырып, жақындастырып жіберді. Бір  қарағанда, әр этностың әдет-ғұрпы бөлек, бір-біріне ұқсамайтын болып көрінгенімен, шын мәнінде, мереке-мейрамдарының уақыты мен мазмұны ұқсайды. Атауы ғана әр түрлі. Біз барлық этностың мерекесіне қызығушылықпен қатысамыз, өз үйімізге шақырып, құттықтауға ұмтыламыз. Адам үшін осындай өзара құрмет, сенім, көмектен артық не керек?! Қазақстан – 100-ден аса этнос, 17 конфессияның емін-еркін, еш шектеусіз, жайлы өмір сүруіне жағдай туғызған мемлекет. Республикада 15 тілде газет-журнал шығады, театрлар 7 тілде қойылым қояды. Дүние жүзінде халқы бір-бірін бұлайша құрметтеген басқа ел жоқ, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Осы арада татулық пен келісімнің нақты мысалы ретінде Мемлекет басшысы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың әңгімесін келтірді. «Маған бүгін облыс әкімі мынадай жағдайды баяндап берді. Жайық өңіріндегі Ассамблея өкілдері жастар арасындағы албырттықпен істелген теріс қылықтарды, ұсақ-түйек тентектік әрекеттерді бейбіт жолмен шешуге етене араласып, бозбалаларды темір тордан арашалап қалып жатыр екен. Жас кезінде кім қателеспейді? Егер әр жасты кез келген теріс әрекеті үшін түрмеге қамай беретін болсақ, біз одан болашақта дұрыс азамат тәрбиелей алмаймыз. Сондықтан оларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін түсіндіруіміз қажет. Жастарды күмәнді діни ағымдардың ықпалына бермеу мәселесі де аса маңызды. Жаһанда ұлттар арасындағы алауыздық, жазықсыз адамдардың қаны суша төгілген соғыс өрті өршіп тұр. Өкінішке орай, жалған ағымға еріп, терроршылар қатарын толықтырған азаматтар бізде де, көр-шілес Ресейде де бар, оны көріп отырмыз. Мұны көрген әрбір қазақстандық еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың шынайы бағасын айқын ұғынып отыр деп есептеймін. Бүгінде Қазақстанның тәжірибесін әлем елдері зерттеп-зерделеп, өздерінде қолдануда», — деді Президент.

Республикада халықтың әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған индустриалды-инновациялық бағдарлама, «Нұрлы жол» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Жаңадан автокөлік жолдары, темір жол, көпірлер салынып, халықтың «әлжуаз» бөлігіне арналған тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Міне, осындай үлкен істердің барлығы жүкті жұмыла көтеріп, аянбай еңбек еткеннің арқасы екендігі еш дау тудырмайды.

– Көктем мен күз маусымында жылы жаққа ұшатын, жылы жақтан бізге оралатын құстардың тізбегіне көз салсаңыз, олардың ауаны үшбұрыш тәрізді жарып ұшатындығын байқайсыз. Ғалымдар мұның сырын ашыпты. Сөйтсе, алда көшті бастап келе жатқан қаздың қанатынан пайда болған күшті ауа ағыны қалғандарының 50 пайыз еркін әрі жеңіл қалықтауына көмектеседі екен. Біреуі шаршағанда, екіншісі орнына келеді. Тіпті топтағы құстың бірі сапарды жалғастыра алмаған жағдайда тағы екеуі оның жанында қалып, көпке дейін күтетін көрінеді. Қараңыздар, бұл табиғаттағы жағдай! Ал біз адамбыз! Ендеше, бір-бірімізді қолдап, демеп, бір мақсат-мүддеге бірлесіп ұмтылған уақытта ғана жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз. Екінші мысал. Орманда тұратын ша-ғын шаруашылығы бар адам отынға бара жатып, көмекке шақырған айғайды естиді. Барса, бір жас бала батпаққа батып бара жатыр. Әлгі адам сол жерде жас шыбықтың көмегімен баланы батпақтан шығарып алады. Үйіне әкеліп, жуындырып, киімін кептіріп береді. Келесі күні шаруаның үйінің жанына сәнді лимузин келіп тоқтап, одан шыққан сыйлы әрі бай азамат ұлын құтқарғаны үшін шаруаға ірі көлемде ақша ұсынады. Фермер: «Мен бұл ақшаны алмаймын. Мен баланы ақша үшін емес, шын көңіліммен құтқардым. Адамнан емес, Құдайдан ғана қайтарым күтемін», — дейді. Мұны естігесін бай адам шаруаға: «Жақсы, ақшаны алмайтыныңды түсіндім. Онда сен маған өзіңнің ұлыңды әлемдегі ең үздік университетте ақысын төлеп оқытуға мүмкіндік бер», — депті. Әрине, фермер оған қуана келіседі. Сөйтіп, жоғары білім алған баланың есімі Александр Флеминг болатын. Флеминг кейін пенициллинді ойлап тауып, миллиондаған адамды ажалдан арашалады. Оқиға мұнымен аяқталмайды. Флеминг клиникада жұмыс істеп жүргенде, өкпесі қабынып, өлімші халге түскен жас жігіт көмек сұрап келеді. Дәрігер оны дертінен жазып шығарады. Ал ол кім десеңіз, ол кейін Ұлыбританияның Премьерминистрі болған әйгілі Уинстон Черчилль еді. Яғни бұл бір рет жасалған жақсылық, сауапты іс тізбек-тізбегімен оралатындығының айғағы емес пе?! Сондықтан бір-бірімізге барынша қайырымды болайық, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Президент ел дамуындағы Батыс Қазақстан өңірінің рөліне де айрықша жоғары бағасын берді. «Жайық өңірі – еңбекқор, өлкесін шексіз сүйетін, мақтан ететін, дарынды азаматтардың туған жері. Батыс Қазақстан – экономикамыздың дамуында ылғи да елеулі орын алатын аймақ. Еуропа мен Азияны байланыстыратын, аса үлкен транзиттік әлеуеті бар өңірді одан әрі дамытатын боламыз.  Облыста дағдарысқа қарсы жұмыстар табысты жүруде. 33 әлеуметтік маңызы бар тауардың 24-ін өздеріңіз өндіресіздер. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы шеңберінде 32 жоба іске қосылып, 2 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бүгін өзім аралап көрген үй құрылысы комбинатында жұмысшылардың өздеріне жасалған жағдайға қаншалықты риза екендігін көзіммен көрдім. Оған қоса соңғы кезде сіздерде Орал трансформатор зауыты, «Квант» жиһаз фабрикасы, ет өңдейтін «Батыс Марка Ламб» кәсіпорны секілді ірі өндіріс ошақтары ашылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы тағы 40 жоба жүзеге асырылып, 2 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Облыстың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылу деңгейі – 98 пайыз. Бұл – республикадағы рекорд! Өткен жолы облысқа келгенімде әкімнің өтініші бойынша Ұлттық қордан қаржы бөлдіріп, күні бүгін 6 ауданның үшеуіне ұзындығы 500 шақырымға жуық жаңа автокөлік жолы салынған. Жол – өте керек нәрсе. Сол аудандардың тұрғындары бұған риза болулары керек. Шағын кәсіпкерлікті қолдауға Ұлттық қордан бөлінген 2,6 млрд. теңге қаржы мақсатты игерілуде. Қазір арамтамақтыққа жол жоқ. Мемлекеттің міндеті — жағдай жасау, адамның міндеті – еңбек ету. Сондай-ақ облыс түгелге жуық газдандырылды. Мұндай көрсеткіш ешқашан болмаған жағдай. Бұл – аналарымыз бейнеттен құтылды деген сөз», –  деді Елбасы.

Мемлекет басшысы сондай-ақ тәуелсіздік жылдары өткен барлық сайлауларда өзіне ел тізгінін сеніп тапсырған қазақстандықтарға үлкен алғысын білдіре келе, алдағы 20 наурызға белгіленген ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына тегіс қатысуға шақырды.

Форумда еліміздегі этномәдени орталықтардың үздік көркемөнерпаздар ұжымдары өнер көрсетіп, Елбасының ыстық ықыласына бөленді.

Ғайса  БӘЙМЕН,

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ

Ирина  ДОЛЬЦЕВА,

Украинадан Қазақстанға қоныс аударған  отбасының  отанасы:

– Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, менің есімім – Ирина Дольцева. Украинадан Қазақстанға отбасыммен қоныс аударғаныма көп болған жоқ.

Ондағы жағдай, әсіресе, туған жерім Луганскідегі соғыс өрті бәріңізге белгілі. Адам өзіне қолайлы, тыныш өмір сүретін орта іздейді емес пе? Жарылған бомбалар астында  қалған үйімізді тастап кеттік. Сондықтан бейбітшілік пен тұрақтылық деген ұғымдардың мен үшін қаншалықты қымбат екендігі айтпаса да түсінікті. Бізді Қазақстанда туғандарындай қабылдады. Қазір Ақтөбе қаласында тұрып, еңбек етудеміз. Бұрын Қазақстан деген кең байтақ елді тек картадан ғана көретінбіз. Енді бұл елдіңүлкен мүмкіндіктерге жол ашатын қуатты мемлекет екендігіне көзім жетті. Өйткені біздің отбасының отағасы жалақысы жоғары жұмысқа, ал бес жасар қызым балабақшаға орналасты, мен ұстаз болып еңбек етудемін. Қазақстанда біз өзімізді туған жерімізде жүргендей сезінеміз. Украин ұлтының мәдениеті мен тілі сақталып, дамуда. Ақтөбеде Тарас Шевченко атындағы мектеп бар.  Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз мені өте жақсы түсінеді деп ойлаймын. Себебі Украина сіздің жүрегіңіз үшін де қаншалықты ыстық екендігін жақсы білемін. Қазақстан секілді Ұлы дала елі мәңгілік аман болсын! Сіз аман  болыңыз, үлкен  рақмет  сізге!

Сергей  ПОГОДИН,

БҚО  орыс  мәдениеті  орталығының  төрағасы:

– Аса қадірлі Президент, Ұлытау төрінде берген сұхбатыңызда: «Тамыры терең болса, емен қандай желге де төтеп береді» деген кемел ой айтқан едіңіз. Біздің сан ғасырлар жасаған, құламайтын еменіміз бұл – Қазақстан. Біздің тамырымыз – ұшы-қиырсыз Ұлы дала. Бұл – рухани дәстүріміз, ежелгі тарихымыз, бәріміздің басымызды бір арнаға біріктіретін қазақ тілі. Біз алып бәйтеректің бұтағы, жапырағы секілді осынау құндылықтардан нәр алып отырмыз. Сондықтан күшіміз ере-сен, мүмкіндігіміз мол, ортақ Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында 100 қадам жасауға, тіпті 100 мың қадам жасауға да дайынбыз! Біз бәріміз бір отбасымыз! Жүрегімізде Қазақстанға деген ыстық махаббат бірдей лаулайды. Бір халық! Бір ел! Бір тағдыр. Орыс ұлтының өкілі ретінде кемеңгерлігі, қонақжайлығы, дархандығы үшін қазақ халқына мың да бір алғыс айтқым келеді. Қазақ халқы мәңгі жасасын! Жақында біздің облысымызда сәулеті келіскен тамаша Достық үйі салынды. Бір қызығы, қазақ тіліндегі «Қоғамдық келісім үйі» сөзі орыс тіліне «Дом общественного согласия» болып аударылады. Қысқартып айтсақ, «Дос». Ал «дос» дегеніміз – «друг». Яғни Мәңгілік елге жету жолында  бәрімізге  мәңгілік  достық  керек.


Айтыскерлер кездесуге жиналды

Күні: , 110 рет оқылды

IMG_8555


Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылында жас айтыскер ақындардың «Елімді жырлаймын!» атты облыстық жолдастық кездесуі ұйымдастырылды.


Облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйытқы болған бұл шараға Жансая Мусина, Айнабек Бисенғалиев, Талғат Мықи, Бауыржан Ширмединұлы, Естеміс Мұқанбетовтей есімдері елге танылып қалған ақындармен қатар Мақсат Тұяқ, Алшынбек Мұқанғалиев, Асыланбек Шығыров, Орынбек Меңдіқұлов, Азамат Базарбаевтардай айтыс әлеміне жаңадан қанат қағып келе жатқан өрендер қатысып, өнер көрсетті. Ақжайықтық белгілі ақын, «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының жетекшісі Сағынтай Бисенғалиев пен Көнеккеткен ауылдық округінің әкімі Ұлдаш Қадырғалиеваның меймандарға ақжарма тілегін арнаумен басталған жыр мерекесінде сөз сайысына түсушілер жиналған қалың ағайынды өрнекті өлеңдерімен тербеді. Тәуелсіздік жылдарының аз ғана кезеңінде қол жеткен табыстар, ел алдында тұрған ұлан асулар жырмен кестеленді. Ақындар сондай-ақ ауылдың әл-ахуалындағы, тұрмыс-тіршілігіндегі оң істерімен қатар кейбір осалдықтарды, ұл-қыздың тәлім-тәрбиесі, бұқара халықтың өзекті мәселесі болып саналатын қара жолды да тілге тиек етті.

Мысалы, Алшынбек Мұқанғалиев пен Естеміс Мұқанбетов Көнеккеткен ауылының тарихына дендеуге тырысты. Азамат Базарбаев пен Орынбек Меңдіқұлов ара-тұра әзіл-қалжыңға орын беріп, жұртты күлкіге кенелтті. Республикаға танымал Жансая Мусина мен Талғат Мықидың сөз қағысы олардың қасиетті сахнаға төселгендерін әбден аңғартты.

Сонымен қатар айтыскер аға-апаларының жолын қуған жас бүлдіршін, мектепалды даярлық тобының оқушысы Миржан Аманжолов «Тәуелсіз еліме» туындысын оқыды.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық ауданы


Белес деген ауыл бар…

Күні: , 212 рет оқылды

DSC_0387


Дәулеті ортаймай, ырысы шайқалмай, бірліктің бесігінде тербеліп келе жатқан Белес ауылы — Зеленов ауданындағы ынтымағы жарасқан елді мекендердің бірі.


Ажарлы ауыл аудан орталығынан 15 шақырым, ал облыс орталығынан 24 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл ауылда 1929 жылы алғашқы үйлердің іргетасы қаланған деседі. Сонау 1932 жылы теміржол вокзалы салынып, тұңғыш рет Саратов – Орал жүрдек пойызы жүре бастаған. Аумағы 19548 гектарды алып жатқан Белес ауылдық округі құрамына Белес, Ақжол ауылдары, Кардон разъезі енеді. Ал 1756 халықты татулық туының астында ұйымшылдықпен басқарып отырған округ әкімі – Адам Имашев.

«Таза су» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының әр үйінде мөлдір әрі таза ауыз суы сылдырлап ағуда. Отын кіргізіп, күл шығарудың күні әлдеқашан келмеске кеткен. Алыстан көз тартарлық 250 орындық клуб, өз алдына бөлек бой көтерген мектеп жанындағы балабақшаның іші кірсе, шыққысыз. Елу баланы тәрбиелеп жатқан тәрбиешілердің қазақи үлгіде бірдей киінуінің өзі жарасымды. Әр ұлт өкілдері бүлдіршіндерінің мемлекеттік тілде сайрауының өзі татулықтың белгісі емес пе?! Ал 17587 кітап қоры бар ауылдық кітапхана оқырмандарының күн санап өсуі қуанарлық жәйт. Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның жағдайы да әжептәуір. «Жедел жәрдемі» бар ұжымның бас дәрігері, тіс дәрігері, әлеуметтік педагогі, медбикесі, зертханашысы, жалпы тәжірибелік дәрігері, бәрі-бәрі де тұрғындардың денсаулығын нығайту мақсатында тынымсыз еңбек етуде.

DSC_0431

1939 жылы салынған мектепте 50 ұстаз 268 оқушыға білім беруде. Соңғы екі-үш жылда алты жас маман келіп, мұғалімдер қатарын толықтырған. Заман талабына сай білім берудің әдістерін үйрететін ұжымнан биылғы оқу жылында 11-сыныпты 14 түлек тәмамдамақ. Шәкірттері білім алумен шектелмей, көптеген шараларда белсенді, әсіресе, спорттық жарыстардың алдыңғы қатарында. Қай істе болмасын, шаршап-шалдығуды білмейтін, өркенді өңірдің өрлеуіне ат салысып жүрген 435 жас бар бұл ауылда.

Жол қатынасына келетін болсақ, «Орал – Белес», «Белес – Ақжол – Переметный» бағыттары бойынша тұрғындарды тасымалдайтын «УАЗ» көлігі, микроавтобус, он такси қызмет атқарады.

Бұл округте мал шаруашылығын тиімді дамытуға, мал басын өсіруге және оның өнімділігін арттыруға қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Аталмыш ауылдық округте жалпы бес шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады. «Арыстанов» шаруа қожалығы өткен жылы асыл тұқымды бес бас «Абердино-Ангус» бұқасын сатып алған. Ірі қара малымен қатар жылқы ұстап отырған шаруашылықтың өз алдына мал сою алаңы бар. Қой жылында мемлекетке 1615 центнер ет пен 4500 центнер сүт өндірген. Ал түйеден басқа ірілі-ұсақты малдары бар «Нұрдан» шаруа қожалығы елуден аса жылқы малын бағып отыр. «Меңдігерей», «Асқаров» шаруашылықтары да өз кәсіптерін дөңгелетуде. Өткен жылы он бас еділбай асыл тұқымды қошқар сатып алған «Имағамбетов» шаруа қожалығында баламалы электрстансасы қойылған.

Ауылдық округте үш жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 19 шаруа қожалығы және бірнеше кәсіпкер бар. Қазіргі уақытта ауылда төрт дүкен, кафе, монша, аяқ киім жөндеу, іс тігу, көтерме сауда орындары халыққа қызмет етуде.

Белес ауылы маңында орналасқан ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің ауыл тұрғындарына көмегі ұшан-теңіз. Мысалы, «Белес-Агро» диірмен комбинаты, «Жайық Мұнай» мұнай сақтау және жөнелту, өткен жылы ашылған «Батыс Пауэр» газтурбиналық стансаларының ұжымы қай тұрғын болмасын, олардың жағдайларына бейжай қарай алмайды.

Белестік ағайындар «болдық, толдық» деп отырған жоқ, «ел игілігі үшін атқарар істеріміз баршылық» – дейді. Балаларға арналған ойын алаңы, автобус аялдамасы, тұрғын үй салу сынды қыруар жұмыстар алдағы уақыттың еншісінде.

Самал  ЖАМЕТ,

Зеленов  ауданы


Мерекелік дастарқан басында

Күні: , 109 рет оқылды

DMS_2883


Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында өңірдегі үлгілі аналар және қыз-келіншектермен мерекелік дастарқан басында жүздесті.


Қалалық салтанат сарайында ұйымдастырылған шара барысында құттықтаулар мен емен-жарқын әңгімеге кезек берілді.

– Құрметті әжелер, аналар, арулар! Сіздерді көктеммен бірге келетін Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Денсаулықтарыңыз мықты, көрер қызықтарыңыз мол болсын! Айналаңыз әрдайым аман болып, өздеріңіз дәл бүгінгідей жайнап, жарқырап жүргейсіздер! Қай халық та дүниеге адам әкеліп, өмірдің көш-керуенін жалғастыратын анаға, жалпы әйел затына ерекше құрметпен қараған. Елбасы сөзімен айтар болсақ, «Әйел – әр шаңырақтың шамшырағы, әр отбасының нұр-шуағы, демек, мемлекеттің құт-берекесі». Қазақ қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. «Қыздың жолы жіңішке», «Қыздың орны – төр» деп әрқашан оны жан дүние байлығына баулыған. Осындай көрегендіктің арқасында қиын-қыстау заман туғанда дұрыс шешім тауып, бір әулетті ғана емес, тұтас елді ұйытып, жақсылыққа бастаған аналарымыз болған. Тұмар ханым, Домалақ ана, қан майданда ерекше ерлік жасаған Мәншүк, Әлия, Хиуаз апаларымыз – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Осы отырған әрқайсыңыз да өз салаңыздың озық өкілісіз. Сіздерді осынау мереке қарсаңында арнайы құттықтап, емін-еркін отырып ой бөлісіп, пікір алмасқанды жөн көрдік, — деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

ҰОС ардагері Алевтина Митрохина, Лидия Губанова сынды майдангерлер, ақын Ақұштап Бақтыгереева қатысқан кездесуде әр түрлі салада еңбек ететін белсенді әйелдер сөз алып, елі-міздегі өздері куә болып жүрген жетістіктер, отаншылдық, ұлттық тәрбие жөнінде ой сабақтады.

– Мен Жұбан елінің ыстық сәлемін ала келдім. Мұхтар Әуезов атындағы мектептің мұғалімімін. Көп балалалы анамын. Қазақтың атбегілік дәстүрін насихаттап жүрген менің отбасымда үш ұлым мен үш қызым атасының ақылы мен әжесінің бесік жырын тыңдап өсіп келеді. Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын «Мерейлі отбасы» байқауының 2015 жылғы аудандық кезеңінде біздің отбасымыз жеңімпаз атанып, облыстық кезеңде аталым бойынша марапатталды. Қандай жақсылықтар мен игіліктер болсын ел тыныштығы, отбасы амандығына байланысты. Аналарымыз аман, ұрпағымыздың болашағы баянды болсын! – деді Ақжайық ауданынан келген Қалампыр Есенғалиева.

Облыс басшысы салтанатты жиын қонақтарының әрқайсысына ерекше ілтипат танытып, отбасы, қоғам өмірінде атқарып келе жатқан еңбектеріне шексіз алғысын білдірді. Ол сондай-ақ елімізге танымал дәстүрлі әнші Сәуле Таудаеваны мерекемен тұспа-тұс келген туған күнімен арнайы құттықтап, естелік сыйлық табыс етті. Нәзік жандылар құрметіне әдемі әндер шырқалды. Жиынға шақырылған аналар мен қыз-келіншектерге мерекелік сый-сияпат жасалды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген Медет  ДОСЫМОВ


Тестілеу жұмыстары аяқталды

Күні: , 75 рет оқылды

отау тв


Цифрлық және жерсеріктік телевизиясының ұлттық операторы «Қазтелерадио» АҚ ел халқына жаңа сапалы телевизия ұсынады. Бұл жаңа қазақстандық «Kazsat-3» жерсерігіне көшу нәтижесінде мүмкін болып отыр. Сигнал сапасын анықтау бойынша тестілеу жұмыстары 2016 жылдың ақпан айында аяқталды.


— «Otau TV» жерсеріктік телехабар тарату желісі абоненттерін отандық «Kazsat-3» жерсерігіне көшіру 2016 жылдың 15 наурызында басталады. Бұған дейін жерсеріктік «Otau TV» телехабар таралымы шетелдік жерсеріктен жүзеге асырылып келген, енді ол жұмысын 2016 жылы аяқтайды.

Қазақстандық жерсерікті таңдауға экономикалық факторлар себеп болған, өйткені қазақстандық жерсерікті таңдай отырып, біз отандық экономиканың дамуына сеп боламыз. «Қазақстандық өнімді таңда!» немесе «Қазақстанда жасалған» – жай ғана патриоттық ұран емес, әрбір қазақстандықтың өз болашағына, өскелең ұрпақтың келешегіне қосқан үлесі деп білеміз, — дейді «Қазтелерадио» АҚ өкілдері.

Қазақстандық «Kazsat-3» жерсерігіне көшу көрермендерге қосымша SD арналар көруге мүмкіндік береді, сондай-ақ ақылы арналар топтамасына қосылған пайдаланушылар HD арналарды тамашалай алады.

— Бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінен 1 миллионнан астам үй «Otau TV» желісіне қосылған, ал бұл 4 миллионан астам қазақстандық үшін телеарналар мен радиостансаларды тыңдайтын ақпарат көзі – «OTAU TV» жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі деген сөз. Бір жерсеріктен екіншісіне көшу үрдісі пайдаланушыларымыз үшін барынша ауыртпалықсыз өтуі тиіс, яғни «Kazsat-3» жерсерігінен хабар таратудың техникалық талаптарына сәйкес, абоненттерге қондырғыны қайта теңшелімдеуге уақыт жеткілікті болуы керек. Осыған байланысты біздің абоненттерді жерсерікке көшіру кезеңі 2016 жылдың наурызы мен қыркүйек айы аралығында деп белгіленген. Әрі хабар тарату екі жерсеріктен де жүзеге асырылады. Алайда бұл шараға көшу кезінде тұтынушыларымыздың қазақстандық телевизиядан қағылып қалмауы үшін қолданылып отырғанын абоненттердің түсінгені абзал, — дейді «Қазтелерадио» АҚ бас коммерциялық директоры Бахтияр Ошурбаев.

KazSat – ұлттық жүйесі қазақстандық байланыс операторларының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жасалған. Сондай-ақ жүйе еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтып, мемлекеттік органдарды тәуелсіз байланыс арналарымен қамтамасыз етеді.

— «KazSat-3» жерсерігінде жиіліктің Ku-диапазонындағы 28 транспондер орнатылған, олар Қазақстан аумағын байланыс қызметімен қамтамасыз етеді. «OTAU TV» қондырғысын күйге келтірген кезде 58,5 градусқа жаңа геостационарлық позиция тіркелуі керек. «KazSat-3» ғарыш аппаратына барынша нақты теңшелімдеу арқылы сигналдың ең жоғарғы деңгейіне қол жеткізу керек. Сонда ғана «OTAU TV» желісін сапалы, үзіліссіз қолдануға мүмкіндік болады. Тағы бір айта кетерлік жәйт, қондырғыны теңшелімдеу кезінде: әрбір аймақ үшін антеннаның көлемі, МШУ әмбебаптығы секілді факторларды қаперде ұстаған жөн. Тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін біз үйрететін материалдар дайындап қойдық. Оларды компания сайттары мен ғаламтор желісінде табуға болады. Сонымен қатар абоненттер қондырғыны кәсіби түрде қайта теңшелімдету үшін дилерлерге хабарласа алады, — деді «Қазтелерадио» АҚ бас техникалық директоры Айдын Бәжекеев.


«KazSat-3» жерсерігіне көшеді

Күні: , 100 рет оқылды

service_img


Дамыған елдер ақпараттық қоғам тұрғызып жатқан заманда телерадиоарналар – қоғамның рухани дамуына, экономикалық өсіміне, әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтық институттардың дамуына барынша ықпал ететін маңызды ақпарат құралдары атанды.


Қазақстан Республикасында бірегей ақпараттық кеңістік құру аясында, телерадиохабар таралымын ең алдымен азаматтың конституциялық құқығы мен еркіндігі тұрғысынан қарастыру қажет. Соңғы бес жылда электрондық ақпарат құралдары мен жаппай коммуникацияны өндіру және тарату саласында бірқатар өзгерістер болды. Негізінен жерсеріктік телехабар тарату желісінің дамуы, аналогтық жүйеден цифрлық желіге көшу, цифрлық ағымдарды сығу, кодтау және мультиплексиялау, интерактивті қызметтердің пайда болуы, ғаламтор желісі мен ұялы байланыс дамуына байланысты өзгерістер.

Барлық мемлекеттер ең алдымен байланысты тәуелсіз етуге тырысады, өйткені байланыс – мемлекетті басқарудың маңызды жүйесі.

Қазақстан Республикасының Ұлттық операторы «Қазтелерадио» АҚ өзінің цифрлық телеарналарының хабар таратуын шетелдік жерсеріктен отандық жерсерікке көшіруді бастады. Ұлттық «KazSat» жүйесі қазақстандық операторлардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жасалған еді. Телекоммуникациялық «KazSat-3» ғарыш аппараты байланыс, телехабар тарату және Қазақстан мен жақын шетелдерге жоғары жылдамдықты интернет жеткізу қызметтерін қамтамасыз етуге бағытталған. Енді барлық цифрлық телеарналар қазақстандық «KazSat-3» жерсерігінің байланыс арналары арқылы өтетін болады.

«KazSat-3» жерсерігі арнайы телехабар тарату үшін жобаланған, әрі еліміздің барлық аумағына телевизияны таратуға жағдай жасайды. Сонымен қатар жүйе еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін арттырып, мемлекеттік органдарды тәуелсіз байланыс арналарымен қамтамасыз етеді, шетелдік жерсеріктерді жалға алуға қаражат ағымын тоқтатады. «KazSat-3» жерсерігінде жиіліктің Ku-диапазонындағы 28 транспондер орнатылған, олар Қазақстан аумағын байланыс қызметімен қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінен 1 миллионнан астам үй «Otau TV» желісіне қосылған, ал бұл 4 миллионан астам қазақстандық үшін телеарналар мен радиостансаларды тыңдайтын ақпарат көзі – «OTAU TV» жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі деген сөз. Барлық абоненттер үшін қондырғыны күйге келтірген кезде 58,5 градусқа жаңа геостационарлық позиция тіркелуі керек.

Көрермендер Қазақстанның барлық жерінде қосымша арналар көре алады. Отандық жерсерікке көшудің арқасында цифрлық арналар қолжетімді болады.

Отандық өндірісті қолдау бағдарламасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған болатын, бағдарлама мемлекеттің дағдарысқа қарсы саясатының маңызды бір бағыты болып табылады.

Әлемдік экономиканың қазіргі ахуалында жаңа отандық өндірістердің пайда болуын күшейту керек. «Қазақстандық өнімді таңда!» немесе «Қазақстанда жасалған» – жай ғана патриоттық ұран емес, әрбір қазақстандықтың өз болашағына, өскелең ұрпақтың келешегіне қосқан үлесі деп бағалауға болады.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика