Мұрағат: 05.03.2016


“…Ең алғашқы махаббат басталады партадан”

Күні: , 1 452 рет оқылды

Ақрыс Алтаева отбасы


Енисей мен Еділді шатыстырып картадан,

Ең алғашқы махаббат басталады партадан.

Күндей таза көңілі қардай аппақ парақтан,

Ең алғашқы махаббат басталады сабақтан.

Осы бір әнді студент аудиториясында алғаш рет естіп едім. Расында да, балаң  көңіл нені армандамады десеңші?! Алайда сол балалық шақтың естелігінде қалатын сәт ол – періштедей  бала махаббат. Бірақ сол мектеп қабырғасындағы бала махаббаттың кейде үлкен махаббатқа ұласатынын да мойындауымыз керек.


Бүгінгі әңгімеміз соның нақты кейіпкері болып табылмақ. Мен Ақырыс апаны күн сайын көріп, амандасып жүремін. Ал Ақырыс апа мен жолдасы Алмастың бір сыныпта оқып, бір партада отырғанын, сол кезден бастап дос болғандарын, бұл достықтың отбасылық өмірге айналғанын естігенде, таңданып қалғаным рас еді. Көктемнің алғашқы мейрамы қарсаңында Ақырыс апаны әңгімеге тарттым.

Ақырыс апа жымиып күліп, әңгімесін бастады:

— Менің жасым қазір 47-де. 1976 жылы А. Оразбаева мектебінің 1-сыныбына бардық. Ол кезде қазіргідей емес, оқушылар көп болатын. Бір партада үш оқушыдан отыратынбыз. Алмас та мен оқыған сыныпта болды. Әлі есімде, алғашқы ұстазым Халила Аймұқашева деген апай болатын. Басқа балалардай біздер де балалықтың бал дәуренін кештік. Бір сыныптағы 30-дың үстіндегі оқушылар балалықтан болар, кейде ренжісіп те қалып жатамыз, көп уақыт өтпей татуласамыз. Мектептің 7-сыныбында оқып жүргенде, өзімізше бойжеткен болып бой түзеп келе жатқан кезде Алмас маған хат жазып жіберіпті. Әрине, өзі емес, достары арқылы жеткізді. Қазіргі күнде бозбала мен бойжеткен өздерінің арасындағы бір-біріне достық көңілдерін агент, ватсап арқылы білдіріп жатады ғой. Ал біздің кезіміздегі бір-біріне хат жазу, былайша айтқанда, «записка» аталып кеткен байланыс «құралын» айтсаң, бүгінгі жастар күледі. Дәл қазір есімде жоқ, әйтеуір, бозбала Алмасқа «алакөзбен» қарамағаным анық. Өйткені Алмас мектепте сабақты жақсы оқыды.

Енді бір қызықты айтайын. Балалық шақтағы сурет альбомын қарап отырсам, Алмастың маған жазған хаты сақталып қалыпты. Осы бала достық 1986 жылы мектеп бітіргенге дейін жалғасты. Содан кейін Алмас Алматы қаласындағы байланыс техникумына оқуға түсті де, мен Оралдағы сол кездегі мәдени-ағарту училищесінде оқыдым. Бірақ екеуміз жырақта жүрсек те, байланыс үзілген жоқ. Күн сайын поштаның келуін күтетінмін. Алмас оқуын бітіргеннен кейін, Алматы жағынан ауылға келместен, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Сөйтіп, бір-бірімізді 5 жыл бойына көрмедік деуге болады. Алмас әскерден келгеннен кейін ол да, мен де мамандықтарымыз бойынша жұмыс жасадық.

Содан 1994 жылы екеуміз отбасын құрдық. 22 жыл бойына жұбымыз жазылмастан, тату-тәтті өмір сүрудеміз. Енді, Алла қосса, 3 жылдан кейін күміс тойды да тойлаймыз деген ой бар. Отбасымызда екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Үлкен қызымыз Азиза БҚМУ-дың 3-курсында оқып жүрсе, екінші қызымыз Әлия 7-сыныпта, кенжеміз Ербол 2-сыныпта оқиды. Мен айтар едім, адам баласының шаңырақ құруы өздерінің тағдыр жолына байланысты ғой. Бірақ бала жастан бірге өскен, бірге оқыған адаммен отбасылы болудың жақсы жақтары бар деп санаймын. Өйткені өмірлік жарыңды жақсы танып, барлық қасиеттерін білесің. Бұның өзі шаңырақ діңгегінің берік болуына негіз қалайды. Ал шаңырақ берік болып, ерлі-зайыпты адам тату болса, өсіріп отырған ұрпағың да соған қарап бой түзейді. Мен қазіргі күнде осыны байқап жүрмін.

Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде екі жас бір-бірін танымақ түгіл, оның бет-жүзін көрмей, ғаламтор арқылы танысып жатады. Әрине, олардың бәрі бірдей құрған шаңырақтарын қиратып жатыр деп айтпаймын, бірақ көп ұзамай екеуінің екі жаққа кететінін көріп жүрміз. Сондықтан жастар осы бір жағдайлардан абайласа екен деймін, — деп Ақырыс апамыз әңгімесін аяқтады.

Ақырыс апаның әңгімесін тыңдап отырып, жаңа мақала басында “…Енисей мен Еділді шатыстырып картадан, Ең алғашқы махаббат басталады партадан” — деген өлең шумақтары ойыма қайта оралды. Партадан басталған бала махаббаттың осындай өмірлік махаббатқа айналғанын көріп, қуандым.

Мөлдір ӘНУАРБЕК,

Қазталов ауданы


Әжелер шықты сайысқа

Күні: , 116 рет оқылды

DSC_0486


Өмірдің өзі, бақ пен берекенің көзі, нәзіктік пен көркемдіктің сәні, мейірімділік пен парасаттың мәні – әйел  ана. Сондықтан да 8 наурыз – Халықаралық  әйелдер күні мерекесінің орны бөлек.


Қ. Аманжолов  атындағы мектептің тәлімгері Гүлфира Нұржанованың ұйытқы болуымен  әже мен немере, яғни ұрпақтар сабақтастығына арналған байқау өтті.  Оқушылар сүйікті әжелерімен бірге сахнаға қол ұстасып шығып,  бақ сынасты. Алдымен көпшілікке өздерін таныстырған олар қолөнер аталымы бойынша жасаған бұйымдарын көрсетіп, өнерлерін ортаға салып, ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты сауалдарға ұтымды жауап қайыра білді.  Махаббат Қантемірова Нәзира әжесімен 1-орынды  жеңіп алды. Ал Айкөркем Ғайса Баян әжесімен бірге 2-орынды иеленсе, Ділназ Қалиева Ханшайым әжесі екеуі 3-орынға ие болды. Басқа да қатысушылар түрлі аталымдарға ие болып, ұйымдастырушылар атынан сый-сияпатқа бөленді.

Айшабибі МӘМЕТ,

Зеленов ауданы


«Мен қазақ қыздарына қайран қалам!»

Күні: , 103 рет оқылды

IMG_4624


Кеше Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер  кітапханасында ізгілік пен мейірімділіктің бастауы — Наурыз мерекесі қарсаңында қазақ әдебиетіндегі әйел-ана образы бейнеленген шығармаларды арқау еткен «Мен қазақ қыздарына қайран қалам!» атты шығармашылық байқау өтті.


Оған қаланың 17 білім ошағынан 10-сынып оқитын оқушы қыздар қатысты. Екі кезеңнен тұрған сайысқа қыздардың барынша дайындалғаны көрініп тұрды. Әсіресе, қолына үкілі домбыра алып, өзін өлеңмен таныстырулары көңілге шуақ ұялатты. Бірақ бір әттеген-айы шәкірттер әдебиетке келгенде, қарапайым сауалдарға жауап бере алмай кәдімгідей кібіртіктеп жатты. Дегенмен, олар осы байқаудан кейін олқылықтың орнын толтыруға тырысар деген ойдамыз. Тікелей сайысқа тоқталар болсақ, арулар бес тапсырма бойынша сынға түсті. Көпшілік алдында ұлтымыздың салт-дәстүрін көрсетіп, «Оюмен ой айтқан елміз» сынында ою ойды.

Нәтижесінде №44 орта мектебінен келген Айжан Қонашева бас жүлдегер атанды. Бірінші орынды №34 мектеп-гимназиясының шәкірті Айым Ғаниева және Серебряков орта мектебінің оқушысы Галина Бекмашева өзара бөлісті. Екінші орын алған Оралдағы орыс тілінде білім беретін №17 мектептің шәкірті Әйгерім Хамиттың өнерін жиналғандар айрықша ұнатты.

Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлерге «DАNА кaz» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы, «Орифлейм» компаниясының жақұт директоры А. Байжанова, жеке кәсіпкер Г. Нәсімбаева секілді жомарт жандар тарту-таралғы тапсырды.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


«Мәңгілік ел» пойызы біздің өңірде

Күні: , 165 рет оқылды

IMG_4635


Бас қаламыз Астанадан тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай сапарға шыққан «Мәңгілік ел» пойызы наурыздың 3-і күні Ақсай қаласына келді.


Мерекелік пойызды теміржол вокзалынан аудан әкімі Марат Түсіпқалиев бастаған мекеме-ұйым басшылары, Ассамблея мүшелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары мен жастар қарсы алды.

Пойыздың құрамында республикалық министрліктер мен ведомстволардың жетекші мамандары бар. Барлығы 100-ден астам әр саланың маманы тұрғындарға құқықтық, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау, әлеуметтік және білім беру, жеке кәсіп ашуға қатысты түрлі сауалдарға жауап қайтарып, кеңес береді. Бұған дейін мерекелік пойыз Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарында болған екен.

Астаналық медицина қызметкерлері аудандық емханада қабылдау өткізді. Дәрігерлерді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің басқарма басшысы Нұрлан Қыдырбаев бастап келген. «Ширек ғасырлық тәуелсіздік жылдары ішінде медицина қызметкерлері де жемісті еңбек етті. Мерейтойлық пойыздың құрамында іс-шараның басынан соңына дейін 120 шақты дәрігер қатысады. Олар әр апта сайын 25 дәрігерден ауысып келеді. Дәрігерлердің барлығы республикалық деңгейдегі ғылыми зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарының жетекші мамандары. Олардың әрқайсысы – шетелдерде оқып, білім жетілдіріп келген мамандар. Өз білімдерін шалғай елді мекендердегі халыққа жоғары мамандандырылған медициналық-консультативтік көмек беру үшін пайдаланбақ. Көп елді мекенде арнайы мамандандырылған қызметкерлер аз, сондықтан да осы жерге арнайы мамандар келді. Мамандардың негізгі легінде балалар және ересектер дәрігерлері, көз дәрігері, гастроэнтеролог, пульмонолог, тағы да басқа дәрігерлер бар. Біздің мамандар Березов ауылында болған жағдайға байланысты науқастанған жандарды да қабылдайтын болады. Негізінен ауыр науқастарды бірінші кезекпен қарамақпыз. Жүріп өткен жерлерге қарағанда, жүрек-қан тамырлары аурулары, жүйке жүйесі аурулары, балалар дәрігерлеріне қаралғандар көп болды», — дейді Нұрлан Икрамұлы.

Бұл күнгі іс-шаралар өзге де жерлерде жалғасып жатты. Аудандық әділет басқармасында арнайы пойызбен келген мамандарға тұрғындар тарапынан техникалық түгендеме, жылжымайтын мүлікке арналған құқықты тіркеу, азаматтық хал актілерін тіркеу, тіркеуге қатысты, тағы басқа да сұрақтар қойылған. Ал аудандық мәдениет үйінде «Ауданның қоғамдық өміріндегі мемлекеттік емес ұйымдардың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда аудандағы қоғамдық ұйымдардың төрағаларымен қатар, пойыз штабының басшысы Әміржан Әлпейісов, ҚХА мүшесі, Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор К. Казкенов, «Қазақстан азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Ильдар Катенов сөз сөйледі. Сондай-ақ аудандық әкімдікте ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік мәселелеріне қатысты жан-жақты кеңес берілді. «Достық» үйінде «Біз – болашағы біртұтас елміз» атты дөңгелек үстел өтті. Оған қоғамдық келісім кеңестері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты. Пойыз штабының басшысы Әміржан Әлпейісов астаналық делегацияның атынан аудан басшысына І. Есенберлиннің «Көшпенділер» шығармасын сыйға тартты. Сондай-ақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне де кітаптар тарту етілді. Бұл күнгі мерекелік іс-шаралар мектептерде де жалғасын тапты. Акция қорытындыланып, мәдениет үйінде тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған концерт өтті.

Ясипа РАБАЕВА,

Бөрлі ауданы

* * *

Кеше «Қазақстан Азаматтық альянсының» бастамасымен кең байтақ Қазақстанды шарлап келе жатқан «Мәңгілік ел» пойызы Ақсайдан Орал қаласына келіп жетті.

Оралдықтар мерекелік пойызды теміржол вокзалынан тамаша көңіл күймен күтіп алды. Штаб мүшелерін қарсылауға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен арнайы келіп, салтанатты митингте ел ынтымағы үшін жұмыла күш біріктіріп, үлкен шараға мұрындық болған ұйымдастырушылардың істеріне сәттілік тіледі.

Бұдан кейін шараға қатысушылар жуырда ғана ашылған Достық  үйінде болды. Онда облыстық ассамблея мен этномәдени орталықтардың жұмысымен танысып, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы – тұрақты дамудың кепілі» атты облыстық үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен кеңейтілген кеңеске қатысты. Жиынға төрағалық еткен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов Ақ Жайық өңіріне ат басын тіріген қонақтарға «Қош келдіңіз!» айтып, осындай әлеуметтік маңызы бар шаралардың халыққа беретін пайдасы көп екендігіне тоқталды. «Мәңгілік ел» пойызы штабының жетекшісі Әміржан Әлпейісов келген құраммен таныстырып, атқарылып жатқан істерге өзінің  оң  пікірін  білдірді.

– Елімізде өтіп жатқан саяси маңызды шараның мақсаты  әлеуметтік  мәселелерді шешуге атсалысу, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясының негізгі баптарымен халықты хабардар етіп, ел ішіндегі ахуалмен, халықтың тыныс-тіршілігімен жақыннан танысу болатын. Ең бастысы – түрлі  ұлт өкілдері арасындағы татулықты сақтап, елдің тұтастығы мен тұрақтылығы жолында қызмет ету. Штаб Қазақстан бойынша барлық министрліктер мен ведомстволардың негізгі білікті, басшы мамандарынан құралған 100 адамның басын біріктірді.  Олар күні бойы денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, заңгерлік, жастар саясаты салалары бойынша кеңестер ұйымдастыруда, – деді ол.

Одан әрі БҚО Азаматтық альянсының президенті Әлия Сәлиева,  «Қазақстан Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Ильдар Катенов, «Ақ отау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Исқалиева Қазақстандағы үкіметтік емес сектордың жұмысы жөнінде  баяндады.

«Мәңгілік ел» пойызының құрамында келген дәрігерлер қаламыздың №5 және №6 емханаларында тұрғындарды қабылдап, қызмет көрсетті. Сондай-ақ «Өркен» қосымша білім беру орталығында өткен семинарға, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығындағы жастар саясатының даму бағытына арналған дөңгелек үстелге қатысты. Облыстық мәслихаттың үлкен залында «Мемлекеттік сатып алу заңындағы жаңа бағыттар»  тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Одан бөлек «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің студенттер сарайында  «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін – 2050» әлеуметтік бағдарламасымен  колледждерде оқып жатқан студенттермен кездесіп, облыстағы  кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Әділет органдары мамандарының қатысуымен техникалық түгендеу, жылжымайтын мүліктер мен заңды тұлғаларды тіркеу, адвокатура мен нотариат мәселелері бойынша тұрғындарға  кеңестер  берді.

Айта кетелік, «Мәңгілік ел» пойызы осыған дейін Астана, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысында болып, 28 мыңға жуық адамды қабылдап үлгерген. Оның ішінде 30-ға жуық дәрігер 10 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен. Штаб жетекшісінің айтуынша, елді мекендегі тұрғындар білім және денсаулық сақтау салаларының қызметіне көп жүгінген. Ал облыс кәсіпкерлерін мемлекеттік сатып алу заңындағы жаңа өзгерістер толғандыратыны ашық айтылды.  Пойыз 15 ақпаннан бастап жолға шығып, 33 елді мекенді аралап, 18 наурызда Алматы қаласында өз жұмысын аяқтамақ.

«Мәңгілік ел» пойызының Орал қаласындағы жұмысы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында қорытындыланып, Орал қаласындағы Достық үйіндегі  концертпен  түйінделді.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


«Адамның жаны бір жұмбақ…»

Күні: , 116 рет оқылды

12795395_149869615402235_7088438483331777108_n


Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының қызметкерлері ақын, ұстаз, ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, Ы. Алтынсарин белгісінің иегері Дариға Мұштанованың «Адамның жаны бір жұмбақ…» атты шығармашылық кешін ұйымдастырды.


Фойеге ақын қаламынан шыққан туындылар мен ол туралы баспасөз бетінде жарық көрген мақалалардан көрме жасақталған. Кеш ақынның өмірі мен өнерінен сыр шертетін, арнайы даярланған бейнебаянмен басталып, оқырмандармен емін-еркін әңгіме, сырласу түрінде өрбіді.

«Талантты ақынды дүниеге әкелген ата-анасы туралы білгіміз келеді». Бұл кеш иесі мен көпшіліктің арасындағы емен-жарқын әңгіменің тиегін ағытқан алғашқы сұрақ болды.

— Мұштан деген қарттың төрт ұлы, екі қызы болған. Әкем Ғазез – тұңғышы. Ол әскери қызметте болған. Алғашқы екі баласы Владивостокта дүниеге келеді. Мен үшінші болып Орал қаласында, осы күнгі №2 перзентханада дүние есігін ашыппын. Мен үш жасқа келгенде, атам әкеме «Әскери қызметімді соғыста өтегенім жетер. Қалған уақытта балаларымды жан-жағыма жинап отыруым керек. Сен елге қайт» деп хат жазып, Жалпақталға алдырған. Сөйтіп, мен қала мектебінде орысша оқып кетуім мүмкін жерден Құдай оңдап, ауылда өсіп, осындай Дариға болып шығыппын, — деді Дариға Ғазезқызы.

Өнер иесі кешті жүргізуші ақын Эльдар Ихсановтың және оқырмандардың сауалдарына орай өнегелі өмір жолындағы көптеген қызықты да тағылымды оқиғаларға тоқталып, ақын, ұлағатты ұстаз, аяулы ана, немерелердің сүйікті әжесі ретінде жан-жақты қырынан ашыла түсті. Ақынның өлеңдері оқылып, көпшіліктің жүрегіне жол тапқан әндері шырқалды. Әсіресе, Дариға Мұштанованың сөзіне жазылған, киелі туған жерге деген терең тағзымның белгісіндей «Құт мекенім», «Асыл мекенім» әндері тыңдарман жанына жігер құйып, көпшілікті тұтастай баурап алғандай болды. Гүлбаршын Қасиетова, Еркін Өтегенов сынды әншілер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш иесін ақын Ақұштап Бақтыгереева, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді. Дәулеткерей Атауұлы өнер иесіне естелік ретінде сый-сияпат ұсынды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика