Мұрағат: 03.03.2016


Жарқын ғұмыр айнасы

Күні: , 237 рет оқылды

DSC00863


Сағиттың әкесі Садық Қазан (октябрь) төңкерісінен кейінгі қазақ сахарасындағы алғашқы мұғалімдердің бірі еді. Ал өнер дегенде, домбыра ойнамаса да, аздап қоңыраулы гармонь тартатынын ел білетін. Анасы Жамал отағасы сызылтқан сазды сырнай әуеніне қосылып, өзінің әсем дауысымен лирикалық ән шырқағанды жақсы көретін.


Домбыраны үйренерде әкесі әйгілі күйшілер Бәйжекен, Кәрім, Дүйіс, Кенжеғали сияқты ақсақалдарды әдейілеп алғызып, баласына күй тыңдатады. Кейін де күйші аталарының бас қосқан алқалы жиындарына жиі барып, олардың күй тарту мәнеріне ден қойып, күй тарихын баяндаған әңгімелерін зейін қоя тыңдайтын. Беймаза көңілінің талпынысымен, үздіксіз жаттығулардың нәтижесінде күйшілік өнерге қол жеткізеді.

Балаң күйшінің түсіне Құрманғазы бабасының өмірдегідей ап-айқын кіруі, осы уақиғаны араға 50 жыл салып, жасы келген шағында қаз-қалпында баяндауы да Сағит ағаның жадының мықтылығына куә.

Қырық жыл халықтық шығармашылықпен шұғылданғанда, түрлі аспаптардың арасында домбыраға ерекше қарауы да сол сарынның құлағында қалуынан шығар. Ол кейін сөзбен жеткізіп айта алмайтын, ырысқа толы жазиралы дархан даласының бүгінгі келбетін «Әуенді дала» күйі арқылы берді. Динаның шәкірті, атақты күйші Әзидолла Есқалиевтің өзі бұл күйді жоғары бағалаған.

Сағит Садықов 1926 жылдың 5 наурызында Орал облысының Қазталов ауданы Бостандық ауылына қарасты Әжібай елді мекенінде дүниеге келеді. Алты жасынан бастап әнге, күйге әуестігі байқалады.

Ұлы Отан соғысы басталғанда небәрі он бестегі балаң жігіт белді бекем буып, соғысқа кеткен ер-азаматтардың орнын жоқтатпай, тылда еңбек етеді. Еңсені басқан қасіретті бір сәт болсын жеңілдету үшін өнерімен елді жұбатып жүреді.

Ал 1943 жылы он жетіден енді ғана асқанда, өз тілегімен майданға аттанады. 1946 жылға дейін әcкер қатарында болады. Сағит Садықұлы – сол сойқан соғыстың ең жас ардагері. Өйткені осы алапат аяқталар қарсаңда енді ғана он тоғызға толып еді. Бозбала-жауынгердің майдандағы ерлігінің куәсіндей кеудесінде Отан соғысы ордені мен бірнеше медаль жарқырады.

1946 жылдың желтоқсан айында, небәрі жиырма жастағы «сақа жауынгер» әскерден босап, Венадан шығып, Будапешт арқылы елге бет алды. Алдыдан ескен желтоқсанның салқын желі көктемнің жылы самалындай көрініп, осы жарқын көңілмен өзі майданға аттанған Алғай стансасына жетті.

Соғыстан соң Сағиттың атына «Ағай, сіздің көз байлайтын өнеріңіз болушы еді ғой. Қызылды-жасылды жібек орамалдарды сиқырлы таяғыңызбен қағып-соғып, әп-сәтте әдемі гүл шоқтарына айналдыратын өнеріңізді талай тамашаладық. Зайыбыңыз Күләш апайды сахнада сиқырлап, бүкіл денесін орындықтың бір шетіне басымен ғана іліндіріп қоятынсыз. Ауада қалай ілініп тұрғанына қарап, таңданып, таң-тамаша қалатынбыз» деген сыңайдағы хаттар көп келетін.

Расымен де, майданда, әредікте Владимир деген атақты иллюзионистпен бірге жауынгерлер арасында жеңіл-желпі фокус көрсететін, ал бұл өнері бойында ертеректен бар еді. Тіпті Вена қаласындағы үлкен театрда концерт өткенде, екеуі сиқырдың бі-раз түрін паш еткен.

Сиқыршылық өнерді соғыстан кейінгі жадау елдің жабырқау көңілін көтермелеу үшін де жасап жүрді. Сұлтанғали Шүкіров деген жас жігіт Ақтөбе филармониясымен елге келгенде, екеуінің талай сырласқан кездері болды. Сол Сұлтанғали кейін бүкіл елімізге танымал сиқыршыға айналды.

Соғыстан кейін:

«Үмітпен қарай бердім,

Болар деп арай белгің.

Сен сонда жанарыңмен,

Жылу боп тарай бердің», — деп жырлаған жас солдаттың ақындық тынысы оянды. Туған жерге оралып, оның сұлу табиғатына тояттай алмай жүрген шағы. Ауылға әскерден оралған жылы қыс ызғарлы болғанымен, көктемі керемет ғажап көркем еді.

«Күлкіңмен жанды жебеген,

Көрікті едің не деген?!

Сусаған егер гүл болсаң,

Жаңбыр боп бетке себер ем», — деп басталатын әдемі әуез жастықтың жалыны шарпып тұрған шақта қағазға түскен өлеңдер.

Осы жалынмен пішеншілердің көңілдерін көтеріп, ауылдық клуб жұмысын басқарып жүрді. Кейін ауылдағы өнерпаз жастарды тартып, алғашқы үйірме-топ құрды.

«Көк шолақ», «Молдабай» әндерінің кеңінен айтылып жүрген кезі. Сол кезде ғой, жас жігіттің ел арасында «Бүгінгінің Жаяу Мұсасы» атанғаны.

Бір күні аудан орталығынан пішендік басына бір топ қыз-келіншектер келді. Солардың ішінде, әсіресе, қызыл көйлекті талдырмаш қыз айрықша әсем, көрікті көрінді. Осы әдемі қыз кейін оның сегіз ұл-қызының анасы болған Күләш еді. «Сарыөзен» бойындағы сол алғашқы кездесудің куәсіндей болып мына жолдар қағазға түскен:

«Жағада тұрып күлімдеп,

«Армысыз, аға» дегенде,

Толқып бір кеттім, дірілдеп,

Толқындай жүзген тереңде.

Қозғалма, қалқам, бұл жерден,

Дария толқып тұнғанша.

Нәр алам жұпар гүлдерден,

Сараға ғашық Біржанша».

Жігіттің осындай әдемі жырларын іштей ұнатқан қызыл көйлекті қыз – көп ұзамай Садық ақсақалдың шаңырағына келін болып түскен Күләш апа бүгінде 87 жаста. Балаларынан 20 немере, 21 шөбере көріп отыр.

Қазталов аудандық мәдениет үйіне жұмысқа орналасқаннан бастап, құрамында 6-7 адамы ғана бар шағын топ соғыстан кейінгі жадау шақта, 1954 жылдары тың жерлерді игеру кезінде, қызыл қырмандарда, дала қостарында концерт беруден шаршамады. Сол топ бірер жылдың ішінде он бес адамнан тұратын домбыра оркестріне айналды. «Аты жоқ ансамбль» 1955 жылдың күзінде «Советтік Қазақстан» атты киножурналға түсіріледі. Академик Ахмет Жұбановтың назарына ілінеді. Одан кейінгі кезеңде жыл сайын республикалық және Бүкілодақтық жарыстарда екінші орыннан түспейді.

1960 жылдардың басында осы оркестр құрамында «Халықтық мәдениет университеті», «Көңілашар» көркемөнерпаздар-үгіт бригадасы, «Қарлығаш» ән-би ансамблі, «Кешкі әуен» эстрадалық вокалды-аспаптар ансамблі бар үлкен өнер ұжымына айналады.

Мәдениет үйінің жанынан драма үйірмесін құрып, Б. Майлиннің «Жалбыр», М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Ш. Айтматовтың «Алғашқы мұғалім», С. Жүнісовтың «Ажар мен Ажал» драмаларын сәтті сахналап, 1967 жылы «Халық театры» атағына ие болады.

Сағит аға фотоөнер ісімен де кәдімгідей кәсіби шұғылданады. Келе-келе ауданның еңбек озаттары жайлы 4-5 минуттық фотокартиналар монтаждап, көрсете бастайды.

Мүсін өнерімен де айналысады. Барельефке адам бейнесін салып, Ғабит Мүсіреповтен бастап қазақтың маңдайалды қайраткерлерінің бірсыпырасының бейнесін мүсіндейді. Сол барельефті Ғабеңнің өзіне тапсырғаны бір тарих. «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1967 жылғы №10 санында талапкер, талантты ауыл мүсіншісі ретінде суреті де жарияланады.

Қазақстанның Орталық атқару комитетінің тұңғыш төрағасы С. Меңдешевтің, тағы басқа белгілі қайраткерлердің бірнеше мемориалдық ескерткіштерін қоладан құйып, тас тұғырға қондырады. Шамғон Қажығалиев, Жұбан Молдағалиевтердің барельефін салды. Кеңес Одағының Батыры Мәжит Жүнісов, майдангер жерлесі, майор Жанболат Мәуленовтің де мүсіндерін тұрғызады.

Шамғон демекші, 1939 жылы Орал қаласында өткен оқушылардың өнер сайысында оны алғаш рет көреді. Әке-шешеден ерте айырылып, балалар үйінде өскен Шамғонның өнерпаздығы туралы ел аузында айтылып жүрген жақсы сөз көп еді. Оқушылардың алғашқы домбыра оркестрін ұйымдастырған да сол бала болатын. Ол кейіннен КСРО халық әртісі атағына ие болған Шамғон Қажығалиевтің дәл өзі.

Айта кетсек, кейін Шамғонның мемлекеттік оркестрінен де Алматыға барғанда, көп нәрсе үйренді. Алғашқы әндер жинағы шыққанда, барша қазаққа кеңінен танымал Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиевтен бастап, Латиф Хамиди, Тілес Қажығалиев қостаған ондаған өнер қайраткері ыстық лебіздерін білдіргені өз алдына жеке әңгіме.

Сағит ағаның өз қолымен салған Құрманғазы, Дина, Мұхит, Біржан, Мәди, Абай сияқты ерекше дарын иелерінің портреттері әлі күнге аудандық мәдениет үйінде сақтаулы.

Әркім өз қалауымен кітап шығара беретін қазіргі заманда емес, ал сонау 1970 жылдан бастап тоқсаныншы жылдарға дейінгі аралықта «Ән самалы», «Таңғы шық», «Малды ауылдың көңілашары», «Жастығымның куәсі», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Оралым», «Күй толқыны», «Жастық шақ әуендері», «Жеңіс нұры» атты жеке өлеңдер жинақтары мен кітаптары жарық көрді.

Алғашқы әні «Инеден» бастап, «Жайлау вальсі», «Өлкем менің» секілді 40 шақты әндерінің мәтінін өзі жазды. 1953 жылы Мәскеуде өткен жас таланттардың Бүкілодақтық бірінші слетіне шақырылып, домбыра оркестріне арналған шығармасы жүлделі орынға ие болады.

Өзіне өнер сыйлап, азамат етіпөсірген туған жері – Қазталовқа арнаған өлеңі:

«Ерлігің де, елдігің де әйгілі,

Көз тартасың, Қазталов байлығы.

Ойда — егін, қырда малың қаптаған,

Жерің жомарт, суың – орман айдыны», — деп келетін өлеңі алдымен облыстық газетте жарияланып, одан ән әуеніне айналып, кейіннен республикалық радиодан беріліп, тіпті қысқаметражды фильмге түсіріліп, елге жайылды.

Қазақтың қаһарман ақыны Жұбан Молдағалиевпен жақын ағалі-інілі қарым-қатынаста болғаны, ол кісінің зайыбы София жеңгесі бар, барлығы ен даланың ерке самалымен жарыса шапқан желімен бірге, көңіл, шіркін, шарықтап, жүрек, шіркін, желкен көтеріп, Волгоградқа сапарлағаны жайлы сырға толы әңгімесі қандай! Осы сапарда:

«От ішінде сыналды жігіттік те,

Жас үмітті жүрдік біз түйіп түпке.

Винтовканы қолтықтап қыз орнына,

Бойдақ қанмен окопты жібіттік те», — деп жырлаған кесек ақынның «Кек соты» балладасына ән шығарады. Жұбан аға риза болып, «Он саусағынан өнері, аузынан жыры тамған Сағитқа шын сүйсінемін!» — деп қолтаңба қалдырады.

1943 жылдан Жаңақала ауданаралық колхоз-совхоз драма театрында әртіс болып жұмыс істей бастаған кезден өзі білетін күйлерге қоса тағы да он шақтысын қосады.

«Туған жер» атты өлеңіндегідей:

«….Үн қосып барлық уақытқа,

Ауаңның жұттым тұнығын,

Бастай бер, елім, бақытқа,

Өзіңмен қызық ғұмырым!

 

Бұлқынып бойда шаттығың,

Атады алдан таң күліп,

Жайраңдап өскен жас күнім,

Алауым болған мәңгілік!

 

….Естимін дархан төріңнен,

Анамның назды әлдиін.

Толқының болып өрілген,

Әкемнің асқақ ән күйін», — деп нағыз ақын-жүрек қана жазатын шығар!

 

Оның балаларына арнаған «Әке сыры» өлеңі халықтық тәрбиенің құдіретіне тәнті ететін-ақ өлең. Әттең, газет беті толық келтіруге мүмкіндік бермейді.

Халыққа ұзақ жылғы қалтқысыз қызметі үшін Сағит Садықов «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», үш дүркін «КСРО үздік мәдениет қызметкері» белгісіне ие болды, сонымен қатар «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.

Ол 40 жылдан астам уақыт Қазталов аудандық мәдениет үйін басқарды. Кейін өзі тұрған көшеге есімі берілді.

Сағит аға 1993 жылдың қазан айында өмірден озды. Биылғы көктемде ардагердің 90 жылдығы аудан көлемінде «Сағит Садықов жылы» деген атаумен кең ауқымда аталып өтпек.

Сайлау ТӨЛЕУОВ,

Семей қаласы


Күй күмбірлеп, жыр төгілген кеш

Күні: , 81 рет оқылды

12006523_1700058936944736_5665625509727215887_o


Жаңақала ауылындағы рухани орталықта белгілі әнші-термеші, “Мұхит” қоғамдық қорының жетекшісі Сағадат Рахметжанов пен күйші Едіге Қуанғалиұлымен кездесу өтті. Кездесу басында сөз алған аудан әкімі Л. Хайретдинов ата-бабадан қалған асыл мұра дәстүрлі өнерді ел ішінде дәріптеп жүрген сахна саңлақтарына “Қош келдің!” айтып, тізгінді кеш қонақтарына берді.


Бұл күнде республикаға жыраулық дәстүрді насихаттап жүрген Сағадат Ғабдынасырұлы жастарға ұлттық өнер мен салт-дәстүріміздің тәлім-тәрбиелік ықпалын әңгімелеп, жат ағымдар мен жат қылықтардан аулақ болып, еліміздің өнерлі, өнегелі азаматы болуға шақырды. Кездесуге қатысушылардың сұрақтарына орай емен-жарқын өрбіген әңгіме барысында өнер иесі шәкірт тәрбиелеу сүйікті ісі екенін, «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, өнерлі, талантты балалардың шығармашылығын шыңдауға әр кез дайын екендігін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған күйші  Едіге Қуанғалиұлы кейбір күйлердің шығу тарихы, домбыраның қадір-қасиеті туралы сыр шертіп, өзінің спортшы Едігеден өнерпаз Едігеге қалай айналғаны жайында әсерлі әңгіме өрбітті.

Кеш барысында олар белгілі күйші-жыраулардың шығармаларын әсем әуен, сырлы сазбен орындап, көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Жас өнерпаз Сиғватолла Ешкаев та жырдан шашу шашып, өз өнерін көрсетті.

Кеш соңында аудан басшысы «Киелі күй елімен әріптестік байланыс үзілмей, дүлдүлдерді шығара бер» деп өнер иесіне алғысхат пен Жаңақаланың тарихынан сыр шертетін кітаптар сыйға тартты.

Надежда ЕСЕТОВА,

Жаңақала ауданы


430 875 сайлаушы тіркелді

Күні: , 88 рет оқылды

IMG_4572


Сейсенбі күні облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов өңір журналистерімен жүздесті. Ол кездесуде алда өтетін сайлауға байланысты атқарылып жатқан іс-шаралар барысы туралы баяндап берді.


— Сайлауға байланысты шаралар заң шеңберінде, уақтылы атқарылып келеді. Бүгінгі таңда әкімшіліктер жергілікті сайлау комиссияларына сайлаушылардың тізімдерін тапсырды. Төртінші наурызға дейін бұл тізімдерді тексеру жұмыстары жүргізіледі. Облысымыз бойынша 520 сайлау учаскесі бар. Олардың бәрі өз қызметтерін тиісті деңгейде атқаруға дайын. Соңғы тізім бойынша облыс бойынша барлығы 430 875 сайлаушы тіркелді. Сайлау күні қаладағы әрбір ірі учаскеде ХҚО қызметкерлері орналасады. Олар сайлаушы өзін тиісті тізімнен таппаған жағдайда жедел түрде тіркеу жасайды. Алайда әр тұрғын сайлау учаскесіне ертерек хабарласып, мұндай жағдайдың алдын алғаны жөн. Бұған дейін қандай да бір себеппен сайлауға қатыса алмаған жағдайда есептен шығару талоны барлық сайлаушының бір пайызына дейінгі мөлшерде ғана берілетін. Бүгінгі таңда есептен шығару талонына байланысты ондай пайыздық шектеу жойылды. Әр сайлау учаскесінің маңында тұрғындардың көңілін көтеру мақсатында музыка ойнатуға, концерт беруге, сауда-саттық жасау секілді мерекелік жағдай туғызуға рұқсат етіледі, — деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Айман-Шолпанды» жырлады

Күні: , 110 рет оқылды

DSC_0068


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, термеші Қатимолла Бердіғалиев өзінің 64 жасқа толған туған күнінде тыңдармандар үшін «Айман-Шолпанды» жырлап берді. Жыр кеші Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында өтті.


Кеш шымылдығы түрілгенде, ұлттық үлгіде безендірілген сахнаға облысымызға танымал айтыскер ақын Эльдар Ихсанов шығып, лиро-эпостық «Айман-Шолпан» жыры және оның мазмұны туралы қысқаша мағлұмат берді. Мұнан кейін ол қошемет сөз айтып жыршыны сахна төріне шақырды. Қатимолла жыршы:

«Ассалаумағалейкүм, халқым, елім,

Бармысыз баршаңыз да жарқын емен.

Құрметпен бәріңізге сәлем бердім,

Баяғы жыршылардың салтыменен.

Жаратқан жоқ күніңде бар қылатын,

Алдыңнан үміт отын жандыратын.

Көбіне атым таныс болғанменен,

Тегімнің білдірейін мағлұматын», — деп бастап суырыла шауып, қара үзіп алғандай бір

қайырып тастады. Содан кейін тың мақаммен ұзақ жырға түсті. «Айман-Шолпанды» бір сағаттың үстінде үзбей-талмай бастан-аяқ жырлады. Бірде бай мен батырдың күркіреген даусына салса, енді бірде жеті жасар Есеттің үніне басып, мақамын сан құбылтты. Тыңдарманды еш жалықтырмай, сәт сайын желпінте түсті.

Кеш соңында өнер иесіне облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан ықылас гүлі ұсынылды. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов жыршыға алғыс білдіріп, құттықтау хат табыс етті.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Қазақ халқына алғысымыз зор»

Күні: , 101 рет оқылды

IMG_4567


Сейсенбі күні Орал қаласының Мұнайшылар саябағындағы «Қазақ халқына мың алғыс» монументі жанында Алғыс айту күніне орай шара өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, облыстық ассамблея мүшелері, студенттер қатысты.


– Елбасымыз жариялаған Алғыс айту күнімен жиналған жұртшылықты құттықтаймын! Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында бірінші рет тойланып отырған бұл мерекеде ата-анамызға, ағайынтуыстарымызға, дос-жарандарымызға, әріптестерімізге және бізді қоршаған өзге де жандарға алғыс айтқанымыз жөн. Ынтымақты, бірлікті ту еткен көп ұлтты еліміз үшін бүгінгі мерекенің рөлі ерекше. Елімізді мекендеген өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқының ниетіне, бауырмалдылығына деген алғысы қаншалықты зор болса, ұлтымыздың да республикамыздың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына үлес қосып келе жатқан өзге ұлттарға да ризашылығын ауызбен айтып жеткізу қиын, – деді Бақтияр Мәкенұлы.

Содан кейін өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің басшылары сөз алды. Олар кезінде ата-бабалары Қазақстанға қалай қоныс аударылғандары, оларды қазақтардың қалай қарсы алғандары туралы естеліктерімен бөлісіп, Алғыс айту мерекесінің мәнмаңызына тоқталды. Мәселен, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени-ағарту қоғамының төрағасы Данильбек Саратов шешендердің қазақ халқына деген өз ризашылығы ретінде Грозныйда Қазақ үйі  деп аталатын бес қабатты үй тұрғызылғанын жеткізді. Шешенстан Республикасы астанасының орталық бөлігінде Н. Назарбаев атындағы мектеп-лицей мен көше бар.

Кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы Максим Пак бүгінгі мерекені пайдаланып, кәрістердің атынан қазақ халқына ризашылығын айтты. «Кезінде күштеп қоныс аударылған біздің ата-бабаларымыз тек қазақтардың жылы жүректілігі, кең пейілділігінің арқасында аман қалғандығы тарихтан мәлім. Сол бабаларымыздың біз төртінші ұрпағымыз, – деді ол. – Жергілікті ұлт өкілдеріне деген ризашылығымыз ретінде 2012 жылы біз «Қазақ халқына мың алғыс» атты мына монументті тұрғыздық. Бұл монумент Қазақстандағы достықтың, бірліктің, ынтымақтастықтың символы іспеттес. Міне, ширек ғасырдан бері тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне өз үлестерімізді қосып келе жатқанымыз үшін өзімізді бақытты санаймыз және қазақстандық кәрістер деген атаумен мақтанамыз».

Шара соңында студенттер мерекеге орай жырдан шашу шашты.

Мәди  ЫҚЫЛАС


Қару бар жерде қауіп бар

Күні: , 73 рет оқылды

_XL


Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 482-бабында жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алу, беру, өткізу, сақтау, алып жүру, тасымалдау тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген. 2016 жылғы қаңтар айында қаруды сақтау мен алып жүрудің тәртібін бұзған үш тұлғаға қатысты әкімшілік іс қаралды. Бұл азаматтардың жеке қаруды сатып алу, сақтау, алып жүру тәртібін білмейтіндерін аңғартады.


Қаруды ұстау тәртібін бұзушылар көп жағдайда ішкі істер органдарының жедел алдын алу іс-шарасы кезінде рұқсат беру ережесі бойынша тексеру барысында анықталады. Қаралған әкімшілік істер бойынша мысал келтіретін болсақ, Ұялы ауылының тұрғыны Д. өзінің атасынан қалған аңшылық 16 калибрлі, тегіс ұңғылы, дара ауызды «ИЖ-К» модельді аңшылық мылтығын және алты дана патронды ішкі істер органының рұқсатынсыз алып жүріп, сақтағаны анықталған. Сотта құқықбұзушы атасынан қалған қаруды өзімен бірге алып жүргенін мойындады. Тағы бір жағдай Сайқын ауылында орын алған. Құқықбұзушы Н. 1997 жылы қайтыс болған әкесінен қалған аңшылық мылтығын үйінде сақтаған. Құқықбұзушылар аңшылық қаруды иелену (сақтау) үшін ішкі істер органының рұқсатын алу қажеттігін білмегенін айтып, әкімшілік құқықбұзушылық әрекеттерін мойындады. Әкімшілік жазаға тартылып, әрқайсысына 39640 теңге айыппұл жазасы тағайындалды.

2015 жылғы 9 желтоқсанда Темір Масин ауылдық округіндегі Зұлқаш қыстағына қарасты далалық жерде РМҚК «ӨБ Охотзоопром» инспекторлары «УАЗ» маркалы автокөлікті тоқтатып, тексеру барысында Ұялы ауы-лының тұрғыны Б. есімді азаматтың 28 калибрлі бір аңшылық қару мен 11 дана патронды ішкі істер органының рұқсатынсыз алып жүргені анықталған. Ол далаға аң аулауға шыққанын, аңшылық мылтығы ішкі істер органында тіркелмегенін, қару қайтыс болған әкесінің қаруы екенін мойындады. Бұл азаматтың 15.12.2014 жылы азаматтық қаруды тиісті тіркеусіз сақтағаны үшін әкімшілік жазаға тартылғаны анықталды. Алайда ол одан ешқандай қоры-тынды шығармай, бір жылдың ішінде әкімшілік құқықбұзушылық әрекетін қайталап отыр. Сот оның бұл әрекетін әкімшілік жа-уаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде ескеріп, 63 630 теңге көлемінде айыппұл жазасын тағайындады. Әкімшілік құқықбұзушылық жасау құралы болған қарулар мемлекет меншігіне тәркіленіп, сот актілері заңды күшіне енді. Осы істер бойынша құқық бұзушы тұлғалар ішкі істер органының рұқсаты болу керек екенін білмегенін көрсетті. Әрине, заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды.

Қару айналымы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы №339 Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы заңымен және аталған заңды жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2000 жылғы №1176 қаулысымен бекітілген ережемен реттеледі. Заң талаптары азаматтардың өмірі мен денсаулығын, меншікті қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қоршаған орта объектілерін, ресурстарды күзетуге, қылмысқа және қарудың заңсыз таратылуына қарсы күресте халықаралық ық-палдастықты дамытуға бағытталған. Өзінің бағытталған мақсаты мен негізгі өлшемдері, сипаттамалары бойынша қару жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қару; азаматтық қару және қызметтік қару болып үш түрге бөлінеді. Азаматтық қаруға Қазақстан Республикасының азаматтары өзін-өзі қорғау, спортпен шұғылдану және аң аулау мақсатында пайдаланатын қару жатады. Азаматтық қарудың өзі былайша бөлінеді: өзін-өзі қорғау қаруы, спорттық қару, аңшылық қару және белгі беретін қару. Көбіне азаматтар қаруды аң аулау мақсатында пайдаланады. Заң бойынша 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарынан нақты қару түрін иемденіп алуға рұқсат алғаннан кейін азаматтық қаруды пайдалануға құқығы бар.

Ереже бойынша ішкі істер органдарынан аңшылық атыс қаруын сатып алуға рұқсат алу үшін ҚР азаматтары мынадай құжаттарды: толтырылған карточка – өтінішті, аңшылық куәлікті (аң аулау құқығын беретін мемлекеттік баж төленгені туралы белгісі бар), денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген қару ұстауға қарсылық жоқ екені туралы медициналық қорытынды. ҚР азаматтығын растайтын құжаттың көшірмесі, қаруды қауіпсіз ұстаудың ережелерін білетіндігін тексеру туралы анықтаманы және тегіс ұңғылы аңшылық қару бұл адамның заңды иелігінде кемінде үш жыл болғандығын растайтын, ішкі істер органы берген қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсаттың көшірмесін ұсынады.

Ал ішкі істер органдарынан аңшылық атыс қаруын сатып алуға рұқсат алу үшін азаматтар мынадай құжаттарды толтырылған карточка – өтінішті; медициналық қорытынды, төлқұжат көшірмесі және қаруды қауіпсіз ұстаудың ережелерін білетіндігін білетін тексеру туралы анықтама ұсынады.

Азаматтық қаруды сатып алуға рұқсатты ішкі істер органдары, төлқұжатын немесе жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен жағдайда үш ай мерзімге береді. Сатып алынған азаматтық қару сатып алған күнінен бастап жеті күн мерзімде оны сақтауға немесе алып жүруге ішкі істер органдары бес жыл мерзімге беретін рұқсатты ала отырып, иесінің тұрғылықты мекенжайы бойынша ішкі істер органында тіркеледі. Жоғарыда аталған ереженің 89-тармағы бойынша азаматтық қаруды сақтауға немесе алып жүруге рұқсатты алу үшін ішкі істер органына көлемі 3х4 фотосурет; қаруды тіркеу үшін мемлекеттік баж және қаруды сақтауға немесе алып жүруге рұқсат беру үшін төленгені туралы түбіршектер, қаруды иемдену көзін көрсететін құжат ұсынылады. Қаруды сақтауға, алып жүруге рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзарту үшін қару иесі техникалық байқаудан өткізу үшін қолындағы қаруды және құжаттарды ұсынып, жергілікті ішкі істер органына ұсынады. Ереже талабына сай қару мен оның патрондары иелерінің тұрғылықты тұратын жерінде еденге немесе қабырғаға берік бекітілген, есігінде ішкі құлпы бар металл шкафта (сейфте) сақталуы тиіс. Қару иесінің тұрақты тұратын жерінен тыс орындарда (жеке үй, пәтер, бақтағы үй, гараж, сарай, вагон, лашық, шатыр) соның ішінде туысқандарында, таныстарында сақтауға жол берілмейді.

Қару иесі ұзақ уақыт болмаған жағдайда қару уақытша ішкі істер органына тапсырылуы қажет. Көліктің барлық түрлерімен алып жүру немесе тасымалдау кезінде қару оқталмаған күйде қабына салынуы тиіс. Қаруды алып жүру немесе тасымалдау кезіндегі барлық жағдайларда иесі бір мезгілде қаруды алып жүрудің рұқсаты болып табылады және ішкі істер органының қаруды сақтау мен алып жүруге берген рұқсатын өзімен бірге алып жүруге міндетті. Қаруды сақтаудың, алып жүрудің, тасымалдаудың және пайдаланудың белгіленген ережелерін бұзғаны үшін кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады. Ал аңшылық суық қару қапталған күйде тек қана аңшылық куәлігі болған жағдайда тасымалданады. Ал азаматтық қарудың иесі қайтыс болған жағдайда отбасы мүшелері бір ай мерзім ішінде бұл қаруды қайта тіркеуге немесе комиссиялық өткізуге тапсыруға міндетті немесе олар оны азаматтық қаруды сатып алуға ішкі істер органдарының рұқсаты бар адамға бөлек беруі тиіс.

Мұраға қалдыру, сыйға тарту Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді. Бұдан басқа қарудың иесі тұрғы-лықты жерін өзгерткен кезде қаруды ішкі істер органының есебінен шығарады және оны он күн мерзімде жаңа тұрғылықты жері бойынша тиісті есепке қояды. Ал бір ауданның, не ауданға бөлінбейтін қаланың шегінде тұрғылықты жерін өзгерткен кезде бұл туралы аумақтық ішкі істер органына бес күн мерзімде хабарлауы тиіс. Қару жоғалған немесе ұрланған жағдайда иесі осы жайтты ішкі істер органына бір күн мерзімде хабарлауға міндетті. Заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған тұлға, егер оның әрекеттерінде өзге де құқықбұзушылық құрамы болмаса, әкімшілік жауаптылықтан босатылады. Бір нәрсе айқын: қару бар жерде қауіп бар. Егер оны ұстаудың, сақтаудың, алып жүру немесе тасымалдау тәртібін білмесе, ол қауіп ушыға түседі. Тап бір қажеттілік болмаса, ұстаудың қажеті де жоқ. Ұстаған жағдайда қару иелері құқықтары мен міндеттерін білгені жөн.

Гүлжиһан САҒИТОВА,

Бөкей ордасы сотының төрайымы


Жиһад тек соғысу емес

Күні: , 70 рет оқылды

SAM_2242


Таяуда Теректі аудандық мешітінде жұма уағызынан соң бас имам Халықбек Сыдықов жиһад ұғымы туралы сөз қозғады. Оған Серік Темірәлиев есімді азаматтың інісі Нұрлыбек жайлы баяндауы түрткі болды.


Нұрлыбек Шайдоллаұлы – Пойма ауылының тұрғыны. Былтыр қыркүйек айында террорлық соғысқа қатысуға дайындалғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылған. Қазіргі таңда Павлодар қаласында жазасын өтеуде. «Інім намазға жығылғанда, қатты қуандық. «Түзу жолмен жүріп, адам болды ғой» деп жүргенде, Сирияға аттанбақшы болып ұсталды. Осы кезге дейін бұл әрекетін үш рет қайталап еді. Алланың қалауымен, әйтеуір, еш нәтиже шықпады. Екі баласы, әйелі бар. Жақында Павлодарға барып, жағдайын біліп қайтқанбыз. Істеген ісіне қатты өкінетінін айтты. Ата-ана, туған-туыс, бауырларымыздан кешірім сұрап, жастарды адаспай, дәстүрлі исламды ұстануға шақырды. Нұрлыбектің сәлемін сіздерге жеткіздім. Абай болыңыздар! Ата-аналарыңызды, бала-шағаларыңызды ойлаңыздар! Сирияға барып, ешқандай пайда таппайсыздар. Ондағы өмір – өмір емес. Үш жыл зулап өтіп, інім аман-есен ортамызға оралса екен», — деп тебіренді Серік аға.

«Аудан бойынша жиһад сөзінің мағынасын кері – түсініп, соғысқа аттанғандар саны үшеу. Жиһад сөзі араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін яки бір істі істеу үшін бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді жұмсау, тырысу, күресу сынды мағыналарды білдіреді. Бұл ұғымның аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда теріс бағыттағы ақпарат салдарынан көптеген адамдар жи-һадты қару алып соғысу деп біржақты түсінеді. Қасиетті Құран-Кәрімде жиһад сөзі 35 жерде кездескенімен, 4 жерде ғана со-ғыс мағынасын білдіреді. Нақты айтсақ, жиһад – адамның Алла Тағаланы тануына кедергі келтіретін барлық тосқауылды жою, нәпсіні тежеу, тәрбиелеу. Ендеше, бұл сөзді Жаратушы мен адам арасындағы бөгеттердің көзін құрту үшін жасалатын іс-шара, күрес деп түсінген жөн», — деді Х. Сыдықов.

Аягөз АЙБАРҚЫЗЫ,

Теректі ауданы


Шаштараз — ұялатын кәсіп емес…

Күні: , 615 рет оқылды

шаштараз


Сонау ежелгі Египеттен бастау алған осы мамандық ең көне әрі өміршең мамандықтардың бірі десек, бүгінгі күн – шаштаразшылар бәсекесінің нағыз қызған шағы. Германияда күнделікті шаш үлгісін жасату үшін әйелдер жылына кем дегенде 11 рет, ал ерлері 10 рет шаштараз қызметіне  жүгінеді екен. Біздің еліміз де бұдан қалыс қалып жатқан жоқ. Осыдан-ақ көрер көзге қарапайым шаштаразшының қандай сұранысқа ие екендігін бағамдай беріңіз.


Бұрын бұл мамандыққа көбіне  жоғары оқу орнына түсе алмаған жастар баратын еді, қазір жасы тұрмақ жасамысы да табыстың көзіріне айналған мамандықты игеруге құмар-ақ.

Ал кейіпкеріміз Айжан бұл салаға өз таңдауымен келіпті.  Оның шаштаразшы болып, нәпақасын тауып жүргеніне де 10 жылдан асқан.

Қаланың қақ ортасындағы «Эля» сұлулық салонының  шебері. Өз мамандығын ұнатып қана қоймай, кәсібі арқылы табыстың кілтін таптым деген ол замандастарына кәсіптік мамандық алудың пайдасы зор екендігін айтады.

— Мен бұл мамандыққа өз қалауыммен келдім. Маған ешкім “Жоғары оқу орнына түсуің керек, міндетті түрде сол жердің дипломын алуың керек” деп үгіттеген жоқ. Бала кезімде әжем қол жұмысына икемдігімді байқап, «Сені ертең он саусағың асырайтын болады» деп айтып отырушы еді. Өзім де оқушы кезімде үйге құрбыларымды жинап, шаштарын өріп, түрлі «прическалар» жасауға әуес едім. Міне, бала кезгі түйсігім, әжемнің айтқаны алдамапты.

Шашын сәндегісі келетін қыз-келіншектер жылдың қай мезгілінде болсын табылады. Қалтаң ақшадан қағылмайды, әйтеуір. Бірақ клиентпен жұмыс жасаудың да машақаты жоқ емес. Аллаға шүкір, осы кәсіптің арқасында адал еңбекпен бала-шағамызды асырап отырған жәйіміз бар. Жолдасым да жұмысыма дән риза, — дейді Айжан Насихатқызы.

Ол сөз арасында  жоғары оқу орнының қос дипломын алдым деп мақтанған кейбір замандастарының жөнді жұмыс таба алмай, әлі күнге сенделіп бос жүргенін де жасырмады. «Өз кәсібіңе шексіз махаббат болған кезде ғана жетістікке жете аласың» деген ол  газет оқырмандары үшін шаштаразшы болудың біраз құпияларымен бөлісті.

— Бүгінде кәсіби шаштаразшының  қызметіне жүгіну оңай шаруа емес, уақытыңмен қоса қалтаңды да біраз жұқартуға тура келеді. Шыққан шығынның есесіне сіз ажарланып, қалауынша сұлу бола аласыз. Нағыз маман сіздің бет келбетіңіздің артық жерлерін жасырып, шаш үлгісі арқылы бет пішініңіздің формасын үйлестіре алады. Жасалған шаш үлгісі сіздің теріңіз бен көзіңіздің түсіне, бет пішініңіз бен дене пошымыңызбен үйлесім табуы қажет. Клиентіңізді жалықтырып алмау үшін әсерлі әңгіме айтып, шаш күтімі жөнінде пайдалы кеңестермен бөлісу  де  үлкен өнер. Кез келген шаштаразшы шашты тараудан бастап, өру, қию, бояу, бұйралау,  химиялық жолмен  сәндеу технологиясын, әр түрлі шаш үлгілерімен жұмыс жасауды жетік меңгергені жөн. Тіпті клиент үшін шашты дұрыс жуып, бас терісін уқалай білу де маңызды рөл атқарады. Қолданатын құрал-саймандарды да дұрыс таңдай білу кәсібилікті талап етеді. Әсіресе, жасалуы күрделі, мерекелік, қалыңдыққа арналған шаш үлгілерін епті жасай білсең, еңбегің соғұрлым жемісті болмақ, — дейді Айжан Насихатқызы.

Бұдан әрі кейіпкеріміз материалдық байлыққа оңай жетуді, жұрт алдында беделді болуды армандап, заңгер, экономист немесе әнші болып көгілдір экранның жұлдызына айналсам деген жастарға қынжылысын білдірді.

— Мектеп бітірген оқушылардың көбі кәсіптік оқу орындарына барғысы жоқ. Жастардың тілімен айтсақ, бұл мамандық иелері заманауи емес. Сөйтеді де, екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыздардың санын көбейтеді. Сіз сенесіз бе, қазақтың кейбір ата-аналары

балаларының құрылысшы, сантехник, дәнекерлеуші, шаштараз, аспазшы мамандықты игеріп, сол салада жұмыс істегендеріне арланатындары да бар. Сондықтан шығар, кәсіптік білім беру ошақтарында оқитын қазақ жастары аз. Ал шаштаразшы болу – ұялатын  кәсіп емес, — дейді ол.

Сөзінің жаны бар. Осы күні мектеп оқушыларының аузынан әп дегенде механик, сантехник, темір ұстасы, тігінші, аспазшы  боламын дейтіндерді есту қиын. Міне, сол бала ертеңгі күні үйіне жөндеу жұмысын жасаса да, үй салса да, шығынданып, басқаларды жалдап жүргені.

Тіпті үлкен құрылыс компанияларының өздері елімізде маманның жоқтығын сылтауратып, шет жұрттан мамандар шақыратыны жасырын емес. Расымен де, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 2014 жылғы мәліметіне сүйенсек, тракторшы, электромонтер, газ-электрмен пісіруші, өңдеу операторлығына кәсіби даярлықтан өтуге келгендердің саны көңіл көншітпейді.

Бүгінде өңірімізде барлығы 38 кәсіптік білім беретін колледж бар десек, оның 28-і мемлекеттік.

Бұл білім ошақтарында 77 мамандық, 143 біліктілік бағыттары бойынша 20 мыңнан аса студент  білім алуда. Өз кезегінде Үкімет те кәсіптік мамандықты меңгеруге жағдай туғызып отыр. Жұмыссыз жүрген жандарға арнайы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бар. Өткен жылы өңірімізде аталмыш бағдарламаның 3-бағыты бойынша республикалық бюджеттен 3 млн. 676 теңге бөлініп, бұл қаражатқа  «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-да 29 адам өндірістен қол үзбей білім алған. Оның 28-і сол жерге тұрақты жұмысқа қабылданған. 2014-2015 жылы 63,7 млн. теңге қаражатқа ауыспалы контингент бойынша 234 жұмыссыз адам оқуға тартылып, 13 мамандық бойынша кәсіби даярлықтан өткен. Оқудан кейін 193-і  тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған.  Бұлардың ішінде  шаштаразшы мен аспазшы мамандықтарына оқуға сұраныс өте жоғары. Бұдан кейінгі орындарға күтім жөніндегі кіші мейірбике, бухгалтер, тігінші мамандықтары ие болған.

 Иә, «Кәсіп бар жерде нәсіп бар» демекші, заман талабы кәсіптік білім алуға сұранысты арттырып келеді. Жаның қаламаған мамандықтың қос дипломын қалтаға басып  жұмыссыз жүргенше, бір кәсіпті игеріп, игілігін көргенге не жетсін!

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Алғыс күнінен репортаж

Күні: , 112 рет оқылды

DMS_2439


Сейсенбіде  қала жұртшылығы С. Датұлы алаңында өткен мерекелік шарада бас қосып, Алғыс айту күнін атап өтті.


Шараға облысымыздағы этномәдени орталықтардың өкілдері, әр түрлі сала қызметкерлері,  мектеп оқушылары мен студенттер, белсенді жастар қатысты.

Тәуелсіздіктің  25 жылдығы қарсаңында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев барлық ұлттардың бір-біріне және қазақ халқына Алғыс айту күнін бекіткен болатын. Атаулы күнге орай түрлі ұлт өкілдері мен жастардың басын қосқан мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Концерт шымылдығы «Арман» вокалды тобының орындауындағы «Қазақстан» әнімен ашылды. Бұдан кейін М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың Н. Назарбаев атындағы шәкіртақы иелері Елбасыға шексіз алғыстарын білдіре отырып,  хат жазып, Астанаға жолдады. Ал облысымыздағы этно-мәдени орталықтардың өкілдері аумалы-төкпелі заманда басына іс түскен өзге ұлттарды өз бауырына тартып, ағайынындай сыйлап, қамқорлық танытып келе жатқан қазақ еліне алғыстарын жеткізді. Содан кейін шешен, кәріс, неміс этномәдени орталықтарының өкілдері Данильбек Саратов, Максим Пак, Виталий Доренгоф қазақ қауымдастығына мерекелік сыйлықтарын табыс етті.

Мерекелік шарада облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен облыс жұртшылығын Алғыс айту күнімен құттықтады.

– Өткен жылы Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті сессиясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1 наурызды арнайы Алғыс күні деп жариялаған еді. Сондықтан бұл күн – отбасымыздан бастап ата-ана, бауыр, ағайын-досқа алғыс айтатын күн. Біз көпұлтты мемлекетпіз. Ел ынтымағын арттырып, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген барша  қала тұрғындарына, ардагерлерге, жастар мен өскелең ұрпаққа алғыс айтамыз. Қазақ елі мәңгілік елге айналып, көк Туымыз мәңгі желбіресін, – деп тілегін  жеткізді.

Алғыс айту күнінде «Жаныңда жүр жақсы  адам» атауымен көрініс қойылып, тәуелсіз қазақ елін құру жолында аянбай тер төгіп жүрген жандарға алғыс айтылды. Олардың ішінде көп балалы аналар, дәрігерлер мен мұғалімдер, спортшылар мен мәдени қызметкерлер, құтқарушылар мен кәсіпкерлер бар. Жиылған жұрт одан әрі облыстық қазақ драма театрының әртістері мен мектеп оқушылары дайындаған  «Ортақ тарих, ортақ тағдыр – біртұтас ұлт»  театрландырылған көрінісін тамашалады. Шара «Мен алғыс айтамын!» флешмобымен өз мәресіне  жетті.

Ләззат ШАҒАТАЙ

Суреттерді  түсірген Медет  ДОСЫМОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика