Мұрағат: 01.03.2016


«Жақсылық жаса!» жалғаса бермек

Күні: , 115 рет оқылды

IMG_4299


ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің «Жайық Пресс» медиахолдингінде орналасқан БҚО филиалында «Жақсылық жаса!» республикалық акциясының облыста жүзеге асу барысы туралы брифинг өтті. Оған «Қамқор» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Берікқалиев, «100 нақты көмек» жобасының жетекшісі Динара Жароева, облыстық балалар үйінің директоры Райса Наурызова қатысты.


— Бұл акцияға орай Астанада баспасөз мәслихаты өтті. Оған әр түрлі сала қызметкерлері, эстрада жұлдыздары қатысты. Республикада атқарылып жатқан қайырымдылық жұмыстары біздің облыста да жалғасуда, — деді Әділет Берікқалиев. — Мұқтаж жандарға, жалғызбасты қарияларға көмектер көрсетілуде. Олардың ауласын тазалап, басқа да тұрмыстық жағдайына қолұшын берудеміз. Балалар ауылы, бейімделу орталығында қайырымдылық концерт өткіздік. Балаларға киімдер мен ойыншықтар сыйладық. 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай қаламыздағы М. Мәметова алаңында және Қадыр Мырза Әлі орталығы алаңында мәдени шара өтетін болады. Отбасына, көршісіне рақмет айту, жақсылық жасауға шақырамыз. Киім, ойыншықтарды біздің «Қамқор» қайырымдылық бірлестігі арқылы беруге болады. Орталықта тіркеулі тұрған адамдарға көмек көрсетіліп келеді.Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай басқа да шараларды жоспарлап отырмыз.

Бұдан соң «100 нақты көмек» жобасының жетекшісі Динара Жароева сөз алды.

— Елбасы Жолдауы мен «100 нақты қадам» ұлт жоспарына сәйкес  «Жастар ресурстық орталығы» тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «100 нақты көмек» жобасын дайындады. Біздің мақсатымыз – мақсатты санаттағы жастарды қамти отырып, жүйелі нақты қызметпен айналысу. Облыста ата-ана қамқорлығынсыз қалған 998 бала бар. Бұлардың кейбірі арнаулы әлеуметтік мекемелерді паналауда. Жалғызбасты, көп балалы және аз қамтылған отбасылар саны – 10023. Оқымайтын, жұмыс істемейтін, жеке басы немесе өмірдің түрлі себебіне байланысты қоғамдық өмірге ешқандай үлес қоспай жүрген жастар облыс жастарының үш пайызын құрайды. Мұндай санаттағы жастарды халықаралық терминде NEET көрсеткіші деп атайды. Жастардың құжаттарын қалпына келтіру, олардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, діни теріс ағымдардан аулақ жүруге, мүгедек жастардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ету – жұмысымыздың басты бағыттары. Біздің жоба осы бағытта түйінді мәселелердің шешімін іздейді. Жоба облыс орталығында және 12 ауданда жұмыс істейді. Әр аудан бойынша 100, ал облыс бойынша 1000-нан астам нақты адамға көмек көрсетілетін болады, — деді ол.

Бұдан соң сөз алған облыстық балалар үйінің директоры Райса Наурызова балалар үйінде тәрбиеленген 100-ден астам баладан бүгінде 69 бала қалғанын қуанышпен айтты. «38 бала патронаттық тәрбиеге берілді. Балалар үйінде бәрі бар, алайда балаларға туған ата-анасының жанашыр пейілі жетіспейді. Бір ата-анадан  туған балалар бір-бірін тауып жатыр.  Біз олардың бір-біріне қамқор болып өсуі үшін қолдан келгенді істейміз. Мейірімді адамдардың ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды бауырына тартып асырап алу – біз үшін ең басты мәселе. Балаларды адамдарды, Отанын сүюге, жақсылық жасауға тәрбиелеу маңызды. Біз жетім балалардың жанұя жылуын көріп өсуі үшін жұмыстанудамыз», — деді ол.

Жиын соңында онлайн байланысы арқылы Ақсай қаласындағы «Жас дарын» қоғамдық қорының еріктісі Наталья Юсипенко ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелеп берді.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Әлибала МИРЗОЕВ: «Қазақ халқына рақмет!»

Күні: , 124 рет оқылды

алибала 2


Әлибала Мирзоев Халилоглы Қазақстанға, Орал қаласына 1986 жылы келіпті. «Кеңес үкіметі кезінде одақтас елдердің қайсына барсаң да, жол ашық еді. Оралға келісімен, құрылысқа жұмысқа орналастым», — дейді ол. 31 жасында қара жұмысшы болып қазақ елінде бастаған өмірі бүгінде бақуатты. Қаланың қақ ортасында хан сарайындай екі қабатты үйінің қақпасын да қолымен ашып әуреленбейді… «Қазақ елі қанша ұлтқа есігін айқара ашты, қанша ұлтты бауырына тартты! Міне, көрдің бе, еңбек адамды қандай дәрежеге жеткізеді?!». Бұл менің зәулім үйдің баспалдағынан көтеріліп келе жатқандағы ойым.


«Қалауын тапса, қар жауар» деген. Қалауын тапқан кавказдық жігіт еңбекқорлығының арқасында маңдай терін сыпырып жүріп, байлығын да, бақытын да Оралдан тауыпты. «Ел ағында су ағын» күнделікті табысына мәз болмаған Әлибала келісімен, Орал құрылыс техникумына оқуға түсіп, мамандық алып шығады. Қазақтың танакөз сұлуы Мергүлмен танысып, шаңырақ құрады. Ата-ананың, ағайын-туыс, дос-жаранның қарсылығына қарамастан, қол ұстасып жертөледен пәтер жалдап жүріп тұңғыштары Фаррухты өмірге әкеледі. 1989 жылы жеке кәсіпке мойын бұрады. Бакуден тірі гүл әкеліп сатады. «Талай қиындықты басымыздан өткіздік. Бір жолы қатты аяз болып, 6 мың рубльдің гүлі жолда үсіп кетті. Ес жиып, бәрін қайтадан бастадық», — дейді Әлибала Халилоглы. Содан 2000 жылға дейін базарда сауда жасаған. 2001 жылы «Свит» ЖШС-ын құрады. Нәтижесі – таңғаларлық. Бүгінде олардың бір ауысымда 10 тонна өнім шығаратын «Свит» кондитер фабрикасы бар. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша Үкіметтен 7 пайызбен алынған 120 миллион теңге несиеге құрал-жабдықтар алған. Өнімін Ресей мен Украинаның біраз қалаларына шығарып отыр. «Фабрикада 30 адам жұмыс істейді, олардың бәрі – қазақ», — дейді ол. Ал 1990 жылдан бастап облыстың мәдени өміріне белсене араласқан Әлибала Халилоглының еңбегі елеусіз емес.

Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Бірлік» әзірбайжан этномәдени орталығы ақсақалдар кеңесінің және «Ақжол» партиясының мүшесі. Өткен жылы қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне естелік-медальға ие болды.  “Қазақстан халықтары Ассамблеясына – 20 жыл” мерекелік медалін облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының қолынан алды.

— Облыста 2500-ден астам әзірбайжан өмір сүруде. Соның екі мыңы – Қазақстан азаматы. Қазақстан өз елімізге айналды. Ха-лықтың бауырмалдығы арқасында еңбегіміздің жемісін көріп, ұрпақ өсіріп отырмыз, — дейді ол. Халықтың ынтымағы мен қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан үлесі үшін 2013 жылы Президент Н. Назарбаевтың Құрмет грамотасына ие болған.

— Елбасы – үлкен саясаткер. Оның өз қолымен құрған Қазақстан халқы ассамблеясы әлемнің еш елінде жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл көрегендігі сан түрлі ұлт өкілдерін ынтымағы жарасқан біртұтас халыққа біріктіріп отыр», — дейді Әлибала Халилоглы.

Әлибала Халилоглы 1955 жылы Әзірбайжанның Астара ауданының Арчиван ауылында туып-өскен. Әкесі Халил 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, 1947 жылы оралыпты. Анасы Сона – 15 құрсақ көтерген «Батыр ана». 15 баланың төртеуі өмірден өткен, қалғаны атамекенінде тұрып жатыр екен.

— Астара ауданы Баку қаласынан 330 шақырым, Әзірбайжанның оңтүстігінде, Иранмен шекаралас, Каспий теңізіне 5-6 шақырым жерде орналасқан. Цитрус ағаштарына бай өлке. Жаңғақ, анар (гранат), киви, лимон, банан, апельсин ағаштары ауламызда өсіп тұр. Менің бауырларым Оралға келгенде, Мергүлдің туыстары оларға қой беретін. Ал біздің елде қой жоқтың қасы. Фаррух Әзірбайжанға барғанда, оған лимон ағашын сыйлады. Жыл сайын өнімін жинап береді, — дейді Әлибала Халилоглы.

Ал өмірлік жары Мергүл Әбдіғалиева 1968 жылы Теректі ауданының Восход ауылында өмірге келген. Әкесі Ғұбайдолла Әбдіғалиев марқұм елге танымал Ленин орденді шопан болған.

Анасы Кәрима 2006 жылы, әкесі 2014 жылы өмірден озыпты. «Әлибалаға тұрмысқа шығуыма олар қатты қарсы болды. Бірақ өмірге сәби келген соң жібіді. Олар өмір бойы Әлибаланы күйеу бала демей, балам деп атап кетті», — дейді Мергүл.

Мирзоевтар үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Гасрат – жоғары білімді заңгер, Расим Астана қаласында тұрады, мамандығы – шаштараз. Фаррух – Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ университетін бітірген қаржыгер. Расим мен Фаррухтың келіншектері Гүлнәр мен Елена – қазақ қыздары. Ал Фаррухтан соң 19 жыл өткенде, өмірге Аделина есімді қыз бала келіпті.

«Гасратқа әзірбайжан қызын алып бердік. Көңілімізге ұнаған қызды Әзірбайжан елінен әзер тауып, Оралға келін ғып түсірдік. Сол кезде Диляра келініміз асты (қазақша асылған ет) жемей, шұқып отыратын. Бүгінде етті өзі асады әрі сүйсініп жейді», — дейді енесі. Айтқандай, келіні жылқы етінен пісірілген асты алдымызға тартты. Мирзоевтардың отбасы кең дастарқан басына жиналды. Олар қазақ, әзірбайжан, орыс тілінде сөйлейді екен. Әлибала мен Мергүл – бүгінде ата мен әже. Төрт не-мересі қазақ мектебінде оқиды. Соның бірі Наргиза Қарағанды қаласында жеңіл атлетикадан өтіп жатқан жарысқа қатысуда. Оралда өткен республикалық чемпионатта бірінші орын алыпты.

«Облыста тұратын қандастарымның 30 пайызы қазақ қыздарына үйленген. Бір-бірімізге бажа деп қалжыңдасамыз», — дейді Әлибала Халилоглы. Өзі аңшы, балықшы жігіт қазақ елін мекендеген 30 жыл ішінде облыстың түкпір-түкпірін аралап жүріп, сансыз дос тауыпты. Олар қазақтың ұлттық тағамдарына қоса, үнемі әзірбайжанның палауын, лаванкиін, пахлавасын жақсы көретіндерін жарыса айтады. Ерлі-зайыптылардың бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқанына биыл 30 жыл толады екен. «30 жылдан бері бір-бірімізден ажырамаппыз. Кәсібіміз отбасылық болған соң үнемі біргеміз. Аңға, балыққа кеткенде, телефонымды өшіріп тастаймын. Ал Мергүл үшін басқа телефоным үнемі қосулы. Онда тек қана Мергүлдің есімі сақтаулы», — дейді ол. «Бақыттысыз ба?» деген сұрағыма, «Осыдан артық қандай бақыт керек? Жанымда сүйген жарым, ұрпағым да осы Қазақстанда туып, еңбек етуде. Әрқайсысының өз үйлері бар. Қазақ елі еңбек еткен адамның қолын қақпады. Ешқандай қысым көрмедік. Кейде мерекелік шараларда бір үстел басына 25 ұлт өкілдері жиналамыз. Тіпті біздің балаларымыз да өзара дос. Сол сәтте Президенттің саясатына, көрегендігіне қатты таңғаламын. Бақытымды Қазақстаннан таптым, рақмет, қазақ халқына!» — деді ол мені шығарып салып тұрып.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Айыр қалпақты ағайын

Күні: , 163 рет оқылды

IMG-20160228-WA0002


Бахрам Рахманов есімді иман жүзді, кішіпейіл, ақ көңіл жанды Жалпақтал ауылының тұрғындары жақсы біледі. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете білетін, қазақша тап-таза сөйлейтін, айыр қалпақты ағамызды бір көргенде, қырғыз емес, қазақ екен деп қаласыз.


Дәм-тұз бұйырып, Жалпақталдай ауылда тұрып жатқан Бахрам аға сонау Тәжікстан Республикасы Жергетал ауданына қарасты Қашат ауылында дүниеге келген. Ауылдан мектеп бітірісімен Бийск қаласында әскери борышын өтеген. Кейін Ресейдің Куйбышев қаласында педагогикалық институтта жоғары білім алған. Студенттік жылдары тағдырдың жазуымен Қарлығаш есімді қазақтың қаракөз қызына жолығып, көңілдері жарасып, отбасын құрған. Жоғары оқу орнын тәмамдаған қос маман қол ұстасып Бахрам ағамыздың туып-өскен жеріне алғашқы еңбек жолдарын бастауға аттанған. Кейін отбасы жағдайына байланысты Жалпақталға қоныс аударды.

Ағамыз сол 1994 жылдан бері ауданның білім беру саласында жемісті еңбек етіп келеді.

Алғашқыда мектептерде мұғалімдік қызмет атқарған ол – қазір Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінде оқытушы. Отбасыларында екі ұл, бір қыз тәрбиелеген аға-апамыз қазір үш немеренің ата-әжесі атанды. Шаңырақ көтерген қос ұлы сол ауылдың қаракөз қыздарына үйленді. Күні бүгін бір ауылдан құда-құдандалы болып, ағайынмен мидай араласып отырған Рахмановтар отбасы барша ауылдастарға сыйлы, үлкен бір әулетке айналды.

— Қазақ жерін мекен еткен барша ұлттың баласы бақытты деп есептеймін. Өйткені еліміз тыныш, басымыз аман, бауырымыз бүтін. Сонымен қатар мемлекетімізде тұратын әр халықтың тілі мен дінін, мәдениеті мен әдебиетін жаңғыртуға мол мүмкіндік жасалып отыр. Әсіресе, қазақ пен қырғыздың ағалы-інідей бауырлас халық екендігін ескерсек, біздің жөніміз мүлдем басқа. Қасиетті қазақ елінің суын ішіп, ауасымен тыныстап отырған қырғыз ұлтының тілегі – бір, мақсаты – ортақ. Ол – Қазақстанның өркендеуіне, ұлы достықтың мәңгілік салтанат құруына үлес қосу. Осындай құтты мекенге келіп, қазақ жерінде жапырақ жайып, бейбіт ғұмыр кешкенім үшін өзімді бақытты санаймын, — дейді Бахрам Жұмаұлы.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Ресей аумағында пойызды кідіртпеу жөнінде келіссөз жүруде

Күні: , 154 рет оқылды

IMG-20160225-WA0006


Елбасымыздың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мемлекетті дамытудың жаңа тетіктері көрсетілгені мәлім. БҚО тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің  Орал бөлімшелік көліктегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы аталған маңызды құжаттардың негізгі бағыттарын мән-маңызын насихаттау мақсатында семинар-кеңес ұйымдастырды. Оған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ «Орал вагон жөндеу депосы» филиалының жұмысшылары қатысты.


Орал бөлімшелік көліктегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Айтқали Батыров басқосудың негізгі мақсатын тілге тиек еткен соң, темір жол және әуе қатынасы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қалыпты екенін атап өтті. Бүгінге дейін тұрғындар арасында аса қауіпті және карантиндік инфекциялардың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары уақтылы жүргізілген.

Былтыр басқарма бақылауындағы өндіріс нысандарында кәсіптік улану жағдайы болмаған. Жалпы, денсаулыққа қауіпті өндіріс орындарында қызмет ететін 2559 адам міндетті медициналық тексерістен өткен. Оның 570-і – әйелдер.

2015 жылы мекемеге заңды және жеке тұлғалардан жиырма өтініш қабылданған. Соның ішінде он біріне түсініктеме беріліп, сегізі мақұлданса, біреуі мемлекеттік органға жолданған. Өтініштердің дені санитарлық-гигиеналық және денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты. Темір жол және әуе көлігі қызметіне байланысты әлеуметтік сауалнамалар ұйымдастырылған. Нәтижесінде жергілікті 411 жолаушының ұсынысы ескеріліп, шара алуға құзырлы мемлекеттік құрылымдарға хат жолданған. Айтқали Төребайұлы басқарма жанынан көлік қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында қызмет ететін кеңес беру орталығы жөнінде баяндады. Кеңес беру орталығының мүшелері жыл ішінде алты мәрте бас қосып, әуе компаниялары рейстерінің кешігуі, жолаушы билетінің ақысын қайтаруды талап ету бойынша түскен шағымдарға жауап қайтарған. Сондай-ақ бірқатар мемлекеттік құрылымдардың, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының, көлік саласында қызмет ететін кәсіпорындардың жетекшілері, қоғамдық бірлестік төрағалары құрайтын салааралық жұмыс тобы да тұтынушылар мүддесіне қызмет етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәртіптік комиссия жылдық жоспарға сай жүйелі жұмыс  жасайды.

Басқосуда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы Орал жолдары бөлімшесінің директоры, қалалық ақпараттық-насихаттық топ мүшесі Құрманғазы Қажиденов сөз алып, елімізде «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында көлік жүйесі инфрақұрылымын дамыту сәтті жүзеге асуда  екендігін айтты. Мәселен, «Еуропа-Қытай» бағытында контейнер тасымалының жүк көлемі екі есе артып, былтыр 46,1 мың контейнер тасымалданған. Биыл «Боржақты-Ерсай», «Алматы-Шу» бағытындағы темір жолдарының құрылысын жүргізу жалғасады. Аталған жобалар 72 мың адамды жұмыспен қамтымақ. «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА арқылы жүк тасымалының көлемі 160 мың контейнер құрайды деп есептелінуде. Келесі жартыжылдықта бірінші кезекте Шымкент қаласында екінші көліктік-логистикалық орталық ашу үшін қаржы бөлінеді. Жаңа ірі инфрақұрылымдардың жүзеге асуы себебінен биылғы транзиттік жүк ағыны 16 миллион тоннаға дейін артады. Өткен жылы темір жол қызметі бойынша негізгі кіріс қоржынына 760 миллиардтан астам теңге, жүк тасымалы арқылы 3,6 млрд. теңге құйылған.

– Ақпанның 11-і күні Астанада ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев пен РФ үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов кездесті. Ресми басқосуда «Орал – Астана», «Орал – Алматы»  бағытында жүретін пойыздарды Ресей аумағынан кідіріссіз өткізу, шекаралық бақылауды алып тастау ұсынылды. Содан бері қос тарап бұл бағытта келіссөз жүргізуде. Ресейліктерге наурыздың онына дейін осы мәселені шешу тапсырылды. Енді нәтижесін күтудеміз. Еліміздің локомотив парктерінде тепловоз өндірісін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, «Тұлпар – Тальго» зауытының сапалы өнімдері көбейіп келеді. «Орал – Астана», «Орал – Алматы» бағытына осы кәсіпорынның жүрдек пойыздарын іске қосу жоспарлануда. Онда жолаушылар пойызының жол жүру уақытының ұзақтығы 40 пайызға дейін қысқарады. Мәселен, Астанаға 23 сағатта жете алатын боламыз, – деді Құрманғазы Сейітханұлы.

Семинарда Орал бөлімшелік көліктегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Айтқали Батыров пен «БҚО Тұтынушылардың құқығын қорғау» ҚБ төрайымы Дарина Телағысова ынтымақтастық жөніндегі меморандумға  қол  қойды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ


Ақ сезім

Күні: , 229 рет оқылды

ак сезим


Жатты өзегінен теппе,

Жақыным деп өзіңе тарт,

Қиналғанда қасыңнан табылады…

Түн. Мылқау тыныштық. Көзі үйренген адамға түн де түпсіз тұңғиық емес, сүттей ақ түндердің әлсіз жарығы жоғалған үміттер мен үзілген армандарға шамшырақтай көрінеді.


Қашу. Жанталас. Күдік пен күмән. Ақ пен Қызылдың аяусыз арпалысы. Адам тағдырының талақтай құны болмаған заман «Күндік өмірің болса, түстік мал жи» деп айтылған мәңгүрт мақалдың ойына келгенді жасап тұрған кезі. Таяғы барлар тартып, мылтығы барлар атып жейді. Тәуекелің тұрса, тартысып көр.

Тұңғиық ойдың жетегінде балдырға байланып қаласың. Үй-жайың арқанда, бар байлығыңды қалтаңда, қу бастан басқа ештеңені қорғаудың қажеті жоқ, қарынға қара кесек ет түссе, соны да медет қылып жүре беретін уақыттар болады екен. Жауыр атты жайылымға арқандап қоймай көзден таса қылсаң, жер сипап қаласың.

Ұлы Петрдың салған империясы тас-талқан болды. Жер мен ел үшін кеудесін оққа тосқан офицерлердің қыршын өмірлері мен көзсіз ерліктері текке кетті. Қос басты самұрық құстың қанаты қайырылып, көктен құлап түсті. Династия басқарған патша тағы ғасырларға шыдағанмен, дәуірге жете алмады. Жер бетіндегі абырой бермейтін азамат соғысы басталды. Өз еліңде қандасыңның қанын төккен не сұмдық?! Бәріне буржуазиялық билік, патшаның маңындағы маңғаз тойымсыз чиновниктер, месқарын губернаторлардың қарапайым халықты сүйегіне дейін тонап жалаңаш қалдырған сүліктердің кесірі.

Ашынғаннан ақыл сұрама, тобырды тау да тоқтата алмайды дегендей мен неге әлі қара жолақ жалаудың астында жүрмін?..

Мені жібермей ұстап тұрған әскери ант. Адмирал Колчак Александр Васильевичті Иркутскіде Ушаков өзенінің маңында атып өлтіріпті. Ендігі жерде армияның басын қосып біріктіретін жоғарғы қолбасшы жоқ. Үстімдегі мундирді шешсем, менің де қарапайым халықтан еш айырмам жоқ. Толстой Лев Николаевичтің «Исповедь» еңбегінде: Өзіңді адаммын деп айта аласың ба? Жасаған күнә үшін адамның алдында жауап бермесең де, Құдайдың саған дайындап қойған жазасы бар. Одан әлі ешкім қашып құтылған емес. Жерді Жаратушы біреу, оны әркім өзіне меншіктей алмайды. /На все воля Божья/ Адамды нәсіліне қарап бағалама. Сен іздеген бақыт тым алыста емес, сенің қасында тұр. Іздесең табасың, қусаң жетесің, күтсең келеді, шыдасаң береді деп айтылады емес пе?!.

Ойын «құтқар» деген дауыс бөліп жіберді. Шатырдан атып шығып қараса, бұрымы төгілген, аққұба уылжыған жас әдемі қыздың қол-аяғын матап байлап, есаул аттың үстіне өңгеріп алып келіп тұр екен.

Тұтқын қыздың жанарында жас тұнып тұрса да, көзінде ыза мен кек, қайсарлық бар. Белдігіндегі кортигін қынабынан шығарып, аяғы мен қолының жібін тартып кесіп жібергенде, қыз мүлдем сескенбестен офицердің жағынан салып жіберді. Айналасына жиналып қалған гвардеецтер бір мезет не істерін білмей қатып қалды. Ешкімнің алдында намысын түсіріп көрме-ген жігіт. Осы қыздың өткір қайқы көзінен жасқанып қалды ма, әлде аяушылық танытқаны ма, белгісіз? Кері бұрылып, үнсіз шатырына кіріп кетті. Оны тоқтатқан қанына сіңген жоғары мәдениеттілік пен рухани тазалық болатын. «Алтынды боққа батырсаң да былғанбайды» демей ме халық?! Онсыз да өзінің қашып жүрген мүсәпір күйі мен кейбір жасақтарының жабайы әрекетіне жиіркенішпен қарап жүрегі айни бастаған еді. Мына жағдай ұяттан біржола өлтіргендей болды.

Қасқырдың қоршауында қалған еліктей жан-жағына қорғана қарап тұрған қызға есаул тап бергенде, шатырдың ішіне лып етіп, өзінің қалай кіргенін білмей қалды. Мысық мұртты сұңғақ офицер тысқа шығып:

— Доғар! Сіздер атақты гвардияның беделін кетірдіңдер. Жоғалт көздеріңді! Өңкей боскеуде, доңыздар! — деп таусылып айқайлады. Ашуын баса алмай біраз теңселіп жүрді де, шылымын тұтатып аспанға қарап ұзақ тұрды…

Тізесін құшақтап отырған қыз ой арпалыс үстінде ұйықтап кетті.Түсінде құздан құлап бара жатыр екен. Қарағайдың тамырынан екі қолымен бар күшімен қарбанып шыға бергенде үзіліп кетті. «Апа» деп бар демімен айқайлап жіберген даусынан өзі оянып кетті.

Манағы мысық мұрт әскери адам қазақшаға ұқсас татар тілінде тым жақсы түсіндіріп сөйлей алады екен.

— Сен менен қорықпа. Мен тұрғанда саған ешкім тиіспейді. Қаласаң, осы жерден арбадан түсіп қалуыңа болады. Бірақ біздің артымызда жүрген жерінің тозығын шығарып келе жатқан казачий полк бар. Олар малды да, жанды да аман қалдырмайды. Сенің ауылыңа таң ата апарып тастауға барған кезімізде, түн ауа көшіп кеткенін көзімізбен көрдік. Енді жалғыз қалуың өміріңе қауіпті, — деп айтты.

Сымша тартылған әскери жігіттің қамқор сөзі мен адал ниеті жас қыздың жүрегін шымырлатып жіберді. Басқаларға суық көрінетін көкшіл көзі қызға түскенде аспандай ашылып, мейірімді, жұмсақ болып нұрлана қадалады.

Дүниеде темірқазық жұлдыз ғана қозғалмайды. Қалғандары қайықша қалқып уақыт өлшемімен біресе алға шықса, кейде керісінше артта қалады. Жоғалса – табылады, ұзарса – қысқарады, азайса — көбейеді.

АЛЛА адамға күнәсін өтеу үшін жеті рет жанын өзіне қайтарады екен. Бірақ адам басына бақ берсе — бүлініп, тақ берсе – тебініп, сын берсе сүрініп кетеді екен.

Кеудесіне салған ар-ұят, ұжданды жоғалтып, жанды жүдетіп, рухты өлтіріп, жүректі жылатқандықтан, жан адамның арқасын жарып шығып АЛЛА-ға арызын айтады екен. — Мені енді адам денесіне қайтармаңыз. Онда ақыл мен ес болса да, бәрібір тізгінін жүрекке емес сезімге билетеді. Тек тілі кәлимаға келгенде ғана иманға келіп өтелмеген парыз, қайтарылмаған қарыз, орындай алмаған уәдем бар еді, — деп өтініп мені босатқысы келмей қинайды.

Адам қабырғасының қамауы, тозақ отының жалынынан артық күйдіреді. Маған рақымшылық етіп аң-құсқа қайтарыңызшы, — деп жалбарынады дейді…

Василий апталап жүрген ауыр жолдан әбден шаршады. Отанды тастап Қытайға асу – опасыздық. Онда сені кім құшағын ашып күтіп тұр?!. Мүмкін бұл төңкеріліс қарапайым шаруа халқымыздың тұрмысын жақсартатын шығар. Осы кезде атын алқындырып шапқан хабаршы жігіт секіріп түскен бойы:

— Господин Иванов Василий Матвеевич, уақытша үкімет біржола құлады. Армияның көпшілігі кеңес үкіметіне қосылып кетті. Орал да қосылу керек. Деникин мен Колчактың армиясы Чапаевтың дивизиясының соққысына шыдамай жеңілді. Біз енді қайда барамыз? – деп басындағы фуражкасын алып, төмен қарап тұрып қалды. Василий жасағын жинатып:

— Құрметті, сарбаздар. Патша тақтан құлады. Біз патшаны емес елді, жерді қорғау үшін ант бердік. Халық күйзелісте. Мынадай аумалы-төкпелі заманда тығырықтан жол табу қиын. Табанымыз тесіліп қаша бергеннен ештеңе таппаймыз. Енді әркім өз басы үшін күресуі тиіс. Ендігі жол таңдау өздеріңнің қолдарыңда. Бәрің тап қазірден бастап әскери қызметтен боссыңдар, — деп еркіндік береді.

Өзі қыздың алдына барып бір тізерлеп отырып:

— Мен мына дархан даладан сенің қолыңды алуға рұқсат сұраймын. Өз жасағымның алдында саған адал жар болуға, өмір бойы қамқорлауға ант беремін.

Тимофей, біздің некемізді қи, — деп айтты. Сақалы омырауына түскен орта жастағы ірі адам өз дәстүрінде неке қияды. Осылайша Василий мен Забираның некесі қазіргі Ақтөбе облысының Байғанин ауданының Доңызтау етегінде қиылады.

Забираның өжеттілігі мен табиғи шынайы мінезі, әдемі сымбатты көркі талайлардың таңдайын қақтырып, тамағын кептірген еді. Әулеті Қаратөбе еліне ортан жіліктей орны бар танымал Кенжеғара руынан болатын. Ел аузында Кенжеғараның ұлдары найза, қыздары жебедей деген сөз бар.

Матвеевичтің қасына біраз адам ілесіп, Доңызтау етегімен жарыса аққан Мәні мен Шаған өзендерін бойлай қоныстанып отырған қалың Табын руының еліне келіп тұрақтайды. Бұл ұжымдастыру кезінде жаңа колхоздардың саңырауқұлақтай көбейген кезі еді. Ісіне адал, уәдесіне берік, сенімді жолдас бола білетін жас жігітті жергілікті халық іштартып Мәтжан деп атап кетеді. Өзінің әскери шен қызметімен қоса инженер мелиоратор мамандығы болғандықтан, жердің ой-қырымен жете танысып, егіннің өнімділігін арттыру және мал азығын дайындауды жақын әрі мол қылуды ойлайды. Жер табанына біраз зерттеу жасағаннан кейін колхоз басқармасына шлюзді бөгеттер салу керектігін айтып жобасын көрсетеді. Ұжым жиналысында Матвеевич өз жобасы туралы елге аса қажет екенін айтып, еңбектері текке кетпейтіндігін қарапайым тілмен жеткізеді. Ұжымшар мүшелері осы жобаны қолдайтындарын айтып, бірауыздан дауыс береді. Кейбір кертартпа шолақ ой пысықай бастықсымақтар:

— Бөгет деген не пәле? Оны қайдан шығардыңдар, елді суға кетіресіңдер, — деп даурығады. Бірақ Мәтжан олардың сөздерін құлағына да ілмейді. Білек сыбанып кіріскен белсенділер күні-түні тыным таппастан күрке тігіп жатып еңбектенеді. Төгілген тер, жұмсалған күш, кеткен уақыт бекер болмады. Сол жылдың өзінде-ақ алғашқы нәтижесін көрсетті. Мая-мая болып шабылған шөпті колхозшылар қар түскенше тасып жеткізе алмай әлектенеді.

Ел Мәтжанның тапқырлығына таңғалып, алғыстарын жаудырды. Келесі жылы бау-бақша, Құтым жазығына суармалы егіс салуға кірісті. Егін орағында ақ тары ақтарылып түсті. Бақшада қарбыз-қауын төбе-төбе болып үйіліп жатты. Ердің еңбегі жанып, аты алысқа естіле бастады. Ұжымдастыру кезінде асығыс шешімдердің кесірінен кей ауылдардың жағдайы өте нашарлап кетті. Мал азығының жоқтығынан қой, сиыр, ешкілер түгелімен қырылып қалды. Әбден тығырыққа тірелген ел тоз-тоз болып, ақыры аштыққа ұрынды. Бұл қазақ халқының тарихында ең азапты кездері болып есептелетін нәубет жылдар еді. Жалпы есеппен алғанда, 59 пайыз адам аштық азабынан босып кеткен. Азалы жылдар екі миллионнан астам адамды жұтып жіберген екен. Осы қасіретті жылдардан Доңызтау етегіндегі ел суармалы егіс пен бақша, шабындық шөптің арқасында көп шығынға ұшырамай шығады.

Жылдар өтіп, ел етек-жеңін жинағаннан кейін Забира туған өлкесі Қаратөбе жеріне Мәтжан екеуі бармақшы болады. Ел шетіне келгеннен кейін Аққозы ауылының бір үйіне құдайы қонақ болып түседі. Үй төрінде намазға жығылып, таспих ұстап отырған орта жастағы адамды көреді. Бұл меккеден қажылық сапардан парызын өтеп келе жатқан Бозбоқыр тәуіп екен. Қонақтар бір-бірімен танысып біліскеннен кейін, Бозбоқыр елдегі жағдайлардың біразын баян етеді.

Сонау жылдары атты казактар елдің ойранын шығарып, сүйекке таңба салғандығын, кеңес үкіметі әскерлері алдынан орап шыққанда, кері қашқан казактарды Хасан басқарған топ айласын асырып кек қайтарғандығын. Мантай көлінің қара тереңінің мұзын ойып, мойындарына тас-темір байлап, кейбіреулерін арбаға шаншып түгелімен су түбіне батырғанын. «Тек жазықсыз балаларын, атаманның қызын аман қалдырып жөндеріне жіберді», — дейді. Ұжымдастыру науқаны елге өте ауыр тиіп жұрт жұтқа ұшырағанын, адамдар дала кезіп, желке шөптің тамыры мен балқақ тышқан аулап күн көріп отырғанын жасырмай айтады. Үйір жылқысы мен табын түйесін кеңес үкіметі тәркілеп тартып алғаннан кейін, Забираның тума-туыс бауырлары да елмен бірдей тұрып жатқанын айтады. Забира көкесі мен апасының амандығын естігенде, егіліп жылап жібереді.

Мәтжан Қалдығайты өзені жағасында тұрған елдің жағдайын көріп іштей қынжылады. Елдің азаматтары шеттерінен ірі әрі батыл, дауыстары зор көрінеді. Олардың көзінен тұрмыстың тауқыметіне бола күйзелген, жабыққан түрін көрмейді. Үлкен сөйлесе, қалғандары үн қатпай отыратын дәстүрі бар. Қазақи ұлттық, далалық мәдениеті жоғары адамдар екеніне көзі жетеді.

Мәтжан елдің қонақжайлығы мен кең пейілдігіне шексіз қайран қалады. Забираның ауылға келгенін естіп, ағайын-туыс, көрші-қолаң түгел жиналады. Отырыста төрде қаздай қақиып отырған Бозбоқыр сөз бастайды:

— Уа, ағайын! Мына арамызға келіп отырған күйеу бала тегін емес, Үзеңгілес жолсеріктерінен ертегідей құлағыма жағатын жақсы сөздер естідім. Білек мықтылығынан білік мықтылығы жоғары болады деген сөз бар. Түрі басқа болғанымен, жүрегі үлкен жігіт екен. Жаратушыға адам сөзімен емес, жасаған ісімен жақындай алады. Доңызтаудағы елдің етегін егіске, қоржынын жеміске, тақырын талға, қойнауын малға толтырыпты дейді. Жұрттың жоғын жоқтап, жердің жыртығын жамаған азамат екен. Жат көрмей, жақын тартып орталарыңа алып отырыңдар, — дейді. Ертесіне Матвеевич ат алдырып, қасына екі жігітті ілестіріп, Қалдығайты өзенінің солтүстік шығысы мен оңтүстік батысына барып келуге жолға шығады. Өзеннің ұзындығы мен енін, судың жиналатын текше метрін шамалап өлшейді. Жердің ой-қырын, қыртысын зерттейді. Өзеннің ұзындығы 240-250 шақырымның шамасы, ені 4-6 метр, жиналатын су алабы алты мың текше метрге жақын. Суы тұщы әрі таза, қар суымен қатар бойындағы қырыққа жақын жер асты бұлақ көздері арқылы қоректенетінін біледі. Жердің топырағы өте құнарлы екеніне қатты қуанады. Ауылға келгеннен кейін Матвеевичті ұзақ жүріс пен тынымсыз ізденіс шаршатты ма, ас ішпестен отырған жерінде ұйықтап кетеді. Бірге барған жігіттерден ауыл адамдары қайда бардыңдар? Не көрдіңдер? — дегендей сұрақтың астына алады. Жігіттер бір-бірімен жарыса сөйлеп:

— Мәтжан құс ұйқы жігіт екен. Құмырсқадай қарбанып мүлде тыным көрмейді. Бір қарыс сайын түймесі бар арқанның басына тас байлап өзеннің арғы бетіне лақтырады да, тартып алып түймесін санайды. Қаратереңдегі тұңғиық гүлге сүңгіп кетіп, түбімен жұлып шығарып, тамырын тартып қарап, бойын өлшейді. Екеумізді екі жерге тұрғызып қойып, өзі алысқа барып бір нәрсені қағазға түсіреді. Жердің топырағын дорбаға салып сығып көреді. Ай жарығымен ағаш жаңқаларын судың бетіне лақтырып таралу, шашылу, айналу қозғалыстарын бақылайды. Қамыстың торсылдағын екіге бөліп, орталарының түсін салыстырады. Бақалардың шуын тыңдап, ішек-сілесі қатып күледі. Естімеген елде көп дегендей, біздің түсімізге кірмейтін бірдеңелер жасап әбден шаршады. Енді мазасын алмай, бұл жерден шығайық. Не тапқанын ертең өзі жеткізер, — деп үйден шығады. Ертесіне бүкіл ауыл Мәтжанның не тапқанын білуге бала-шағасымен жиналады. Бәрі жайғасып отырып алғаннан кейін Матвеевич жаймен сөз бастады:

— Жеріңіз — от, шөбіңіз — шүйгін, суларыңыз бал екен. Егіске де қолайлы алқап бар. Алысқа бармай-ақ, ауылдың қасынан бөгет салуға болады. Жазық жерлерге су толтырып жерді әбден қандырып алса, шабындық шөптің өнімділігі он есеге артады. Бірақ осының бәрін орындау үшін, мамандар мен құрал-саймандар қажет. Бөгет пен егіс салуға, ағаш, бақша отырғызуға тұқым мен арнайы құралдар керек болады. Сондықтан мен елге барып керек мамандар мен құрал-саймандарды осында алып келуім қажет, — деп жолға шығады. 1931 жылдың көктемінде Байғаниннен қасына жиырма адам ілестіріп, Мәтжан елге оралады. Уақыт оздырмай, ауыл адамдарымен бірлесіп, қызу жұмысқа кіріседі. Ауылдың білекті қарулы жігіттері жұмысты опырып жасайды. Біреулері егіске соқа салуға көмектессе, біреулері жалғыз дөңгелекті қоларбамен бөгетке саз тасыды. Артық су ағып кетуге арналған туннельге тас қалауға жәрдемдесті. Елден Бұзаубақ сияқты азаматтар келген мамандардан тары егудің, бақша салудың қыр-сырын толық меңгеруге шын ниетімен кірісті. Айжазық алқабына алғаш рет ақ тары егілді. Айналдырған үш айдан астам уақыттың ішінде шлюзді бөгет те салынды, ақ тары да егіліп-орылды, бақша да салынып-жиналды. Шөптің өнімділігінде сөз жоқ, елді қарық қылды. Осылайша Қаратөбе жерінде тұңғыш болып қазіргі Үшағаш елінде бөгет салынған болатын. Ауыл адамдары Мәтжанды қасындағы жолдастарымен бірге зор құрметпен шығарып салады.

Матвеевич салдырған бөгет қазірдің өзінде әлі бар, оны ауыл адамдары «Кәрі бөгет» деп атап кеткен. Бөгет маңына отырғызылған талдарды «Мәтжан ағаш» атап кетсе, кейін ол атау ұмытылып «Көптал» деп аталатын болған. Кейінгі сұрапыл соғыс жылдарының өзінде Айжазықта егілген ақ тары бүкіл Қаратөбе өңіріне таратылып отырған.

 Уақыт көрген түстей зымырап өтеді. Бірі есте қалса, бірі мүлде ұмытылады. Бірақ топырақ пен су, жүйткіп соққан жел, қозғалмайтын қара тас бәрін ұмытпайды. Таңғы сағымға көз жеткізіп қарасаң, өткен кездің оқиғасы тізіліп тұр. Керегін сұрасаң, айнытпай көрсетеді. Тек жаның таза, пейілің түзу болсын…

Матвеевич қазақтардың дәстүрі мен салтын аса құрметтеп, өзі мұсылман дінін қабылдаған. Соңғы өсиетінде: — Мені мұсыл-манша жерлеп, қазақ дәстүрінде шығарып салыңдар. Бұл жер мені бесігіне тербеп жатсын. Менің қазақ еліне айтар алғысым шексіз. Жатсынбай құшағына алды. Адам деп алақанына салды. Ер деп төріне шығарды. Еңбегім жанып, даңқым шықты. Бетімнен қаққан жоқ, етегімнен тартқан жоқ. Кіршіксіз аққудай мөлдір махаббатым болды. Мың алғыс елге, жерге, қазақ халқына, — деп көзін жұмыпты. Ұлдары Евгений, Юрий, қыздары Зейнеп, Рахила, Райса, Тамара, күйеу баласы Тәжібай Оймауыт ауылындағы Табын руының Тасқабақ қорымына мұсылманша арулап қойыпты. Қиын кезде қасымыздан табылған ардақты адал қарияның рухына біз де, кейінгі ұрпақ алғыс айтамыз. Өткенді ұмытпайық. Жақсының салған ізі мәңгі өшпесін…

Мәулен АМАНШАҰЛЫ,

Қаратөбе ауданы


«Мәңгілік ел» пойызы келеді

Күні: , 128 рет оқылды

поезд мангилик


Наурыздың 4-і күні Қазақстан Азаматтық альянсының бастамасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» пойызының Орал қаласына келуі жоспарланып отыр.


Пойыз құрамындағы әр түрлі саланың мамандары облыс тұрғындарына кеңес бермек.

Орал қаласындағы 6-шағынауданда орналасқан Ассамблея үйінде сағат 11.30-дан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық қабылдауы жүргізілетін болады. Ассамблея үйінде сағат 11.30-дан бастап азаматтық қоғамды дамыту бойынша да кеңестер берілмек.

Достық-Дружба даңғылы, 208-үйде орналасқан БҚО әділет департаментінде сағат 10.00-ден бастап техникалық түгендеу, жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтарды тіркеу, атқарушылық өндіріс, азаматтық хал актілерін және заңды тұлғаларды тіркеу, адвокатура және нотариат мәселелері бойынша қолданыстағы заңдарға байланысты консультациялық кеңес беріледі.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарасты республикалық салалық орталықтарының мамандары Орал қаласының №5 және №6 емханаларында сағат 10.00-ден бастап 17.00-ге дейін медициналық сұрақтар бойынша кеңес береді. Ересектерді қабылдау №5 емханада, ал балаларды қабылдау №6 емханада жүргізілмек.

Дәрігерлік кеңес алғысы келетіндер өздерінің сырқаты жөніндегі анықтамалары мен анализдерін алдын ала дайындап қоюлары тиіс.

Сонымен қатар акция шеңберінде «Мәңгілік ел» идеясын іске асыру бойынша бірнеше мәдени-көпшілік іс-шаралар, дөңгелек үстелдер мен кездесулер, ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылатын болмақ.


Санитарлық тазалық екі айға созылады

Күні: , 134 рет оқылды

IMG_4509


Кеше Орал қалалық әкімдігінде шаһар басшысы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда қар шығару, көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары және қаланы абаттандыру, санитарлық тазалау, жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізу мәселелері қаралды.


Биыл көктемнің ерте келуіне орай жұмысқа осы бастан кірісу қажеттігін қадап айтқан Алтай Сейдірұлы сөз кезегін тиісті сала басшыларына ұсынды. Алдымен сөз алған қала әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев бұл бағытта атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. «Күні бүгін қала аумағынан 316 мың текше метрден аса қар шығарылды. Жүзден аса көлік жұмылдырылған. Жұмыс тәулік бойы жүруде. Қар көп жиналған, су басу қаупі бар аумақтар белгілі. Олардан қардың көп бөлігі тасып әкетілді. Алдағы аптаның ішінде арықтар мен арналарды тазартуды толық аяқтаймыз. Еріген суды сорып алу үшін жол пайдалану кәсіпорны жанынан жедел бригадалар құрылды. Жергілікті монополист мекемелерден («Қазақтелеком» АҚ, «Батыс су арнасы» АҚ, «Жайықжылуқуат» АҚ  және  т.б.) қажет  жағдайда қосымша техника тарту келісілді. Одан бөлек шаһар маңында 72 бағбандық серіктестік бар. Оларда 6288 отбасы (10 851 адам, оның 3586-сы бала) тұрақты тұрып жатыр. Қазір су басу қаупі үлкен саяжай серіктестіктерінің тұрғындарына көктемгі тасқын уақытында үйде тұрмау қажеттігі ескертілуде. Төтенше жағдайларды жоюға қала бюджетінен қаралған резерв 82 млн. 532 мың теңге. Қажетті материалдар қоры жеткілікті», – деді Ғ. Орынғалиев.

Бұдан әрі аталған мәселеге орай Орал көп салалы жол пайдалану кәсіпорнының басшысы Болат Әмірғалиев, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Нұрлан Таубеков хабарлама жасады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – қаланы абаттандыру, санитарлық тазалау, жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізуге қатысты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Мұхамбетқалиев, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Виталий Кушнер, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ринат Шәуенов баяндап берді.

– Қар шығару, суды сору жұмыстарының қарқынын еш төмендетуге болмайды. Тәуекелді аумақтарда тұратын халыққа су басу қаупін ескерту жұмысы жедел жүруі тиіс. Қаланы абаттандыру, санитарлық тазалау, жолдарды ағымдағы жөндеуге де осы бастан кірісуіміз қажет, – дей келе Алтай Сейдірұлы жиналғандар назарына қаланың әр жерінен суретке түсірілген талапқа сай келмейтін жарнамаларды, баннерлерді көрсетіп, тиісті органдар тарапынан олардың иелеріне айыппұл салу  қажеттігін қадап айтты. Сондай-ақ кезек күттірмейтін жол учаскелерін ағымдағы жөндеуді тез арада бастауға тапсырма берді. «Жолды күрделі жөндеу технологияға сәйкес сәуір, мамыр айларында басталады», – деді А. Көлгінов.

Жиын барысында 1 наурыз – 1 мамыр аралығында, екі ай бойы қалада санитарлық тазалық  айлығы  жүретіндігі белгілі болды. «Тиісті қаулыға қол қойылды. Қаулыға сәйкес, тазалықтың  екі  айлығы ішінде, нақты айтқанда, 26 наурызда және сәуір айында екі  рет, жалпы саны үш сенбілік өткіземіз. Бірақ  сенбілікті  күтіп жүрмей, әр мекеме өзінің айналасын таза ұстауға, абаттандыруға, тал-терек егуге міндетті»,  — деді әкім.

Тоқтар  КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал  өңірі»


Құрметті батысқазақстандықтар!

Күні: , 93 рет оқылды

нурлан-ногаев


Биылғы жылы қазақстандықтар алғаш рет Алғыс айту күнін атап өткелі отыр. Қазақстанда Алғыс айту күні туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» деген болатын Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде.


Алғыс айту күнін белгілеу – елімізде тұрып жатқан барлық этностардың ынтымағы, бірлігі мен достығын одан әрі бекіте түседі деген сенімдемін. Бұл күн қиын-қыстау уақытты бірге өткерген және ең қысқа мерзім ішінде тәуелсіз Қазақстанды бірге құрған азаматтардың бір-біріне деген өзара құрметінің, мейірімділігінің, достығының мерекесі болмақ. Бұл – ортақ тарихымызға, жылдар бойы елімізде достық пен өзара түсіністікті қалыптастырған аға ұрпаққа, біздің әкелеріміз бен аталарымызға деген құрмет.

Құрметті жерлестер!

Сіздерді жаңа мейрам – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға үлес қосып, еңбек етіп келесіздер.

Бүгінгі мереке «Мәңгілік ел» ортақ идеясы арқылы қазақстандық біртектілік пен бірлікті, патриотизмді нығайтудың, қоғамды біріктірудің тағы бір символы ретінде жүректерімізден орын алсын.

Әр отбасына бейбітшілік пен береке, табыс пен өркендеу тілеймін!

Игі тілекпен, Батыс Қазақстан облысының әкімі  Нұрлан НОҒАЕВ


Қош, қайран аға!

Күні: , 312 рет оқылды

Сериккали Шарабасов (1)


Батыс Қазақстан облысының жұртшылығы орны толмас ауыр қайғыға душар болды.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиетші ғалым Серікқали Ғабдешұлы Шарабасов 70 жасқа қараған шағында өмірден озды.


С. Шарабасов  1946 жылы 7 тамызда Жаңақала ауданы «Большевик» кеңшарында Балдырған елді мекенінде дүниеге келген.

Әуелі Балдырған бастауыш, кейін С. Меңдешев атындағы орта мектепті үздік бітіреді.

1964 жылы Орал педагогика институтының тарих, филология факультетіне оқуға түседі. Институтты үздік бітірген жас маман еңбек жолын облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясында бастайды. Кейін Кеңес әскері  қатарында әскери борышын өтеген С. Шарабасов «Орал өңірі» газетіне қайта оралып, журналистік жұмысын жалғастырады.

1972 жылы облыстық мұғалімдер білімін  жетілдіру институтына қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі қызметіне шақырылады.

1975 жылы А. Пушкин атындағы  педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының  оқытушысы ретінде жұмысқа орналасады.

1981 жылы ҚазМУ-дың аспирантурасын бітіріп, академик З. Қабдоловтың жетекшілігімен «1960-80 жылдардағы қазақ әңгімелеріндегі характер проблемалары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды.

1982 жылдан бері М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың әр түрлі деңгейдегі басшылығы қызметтерін – сырттай оқу бөлімінің проректоры, филология факультетінің деканы қызметтерінде болды.

Осы қызметтердің қай-қайсысында да ол білгір маман, өз ісінің шебері, әр іске аса жауапкершілікпен қарайтын алғыр жетекші ретінде танылды.

Осындай ерен еңбегінің арқасында С. Шарабасов «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тіл жанашыры», «ҚР Конституциясына – 10 жыл» медальдарымен, «ҚазССР оқу ісінің үздігі», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен және бірнеше алғысхаттармен марапатталған.

Ғалым-ұстаз облыстың, қаланың рухани өміріне  белсене араласа білді. «Қазақ тілі» облыстық қоғамының төрағасы, Қадыр Мырза Әлі қоғамдық қорының құрылтайшы-мүшесі, республикалық ақындар айтысы, Абай, Мұқағали, Қадыр оқулары, облыстық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадаларының бірнеше мәрте төрағасы. Осы тұста аса ұқыптылықпен әділ шешім айта білетін қоғам қайраткері тұрғысында танылды.

С. Шарабасов – студент-шәкірттердің сүйікті ұстазы, данагөй ақылшысы. Оның 100-ден астам республикалық әдеби газет-журналдарда жарияланған ғылыми-педагогикалық, әдістемелік мақалалары – нағыз әдебиетші-ғалымдығының айғағы.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, танымал әдебиетші ғалым Серікқали Ғабдешұлы Шарабасовтың қайтыс болуына орай отбасына, тума-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз.

Марқұмның жарқын бейнесі батысқазақстандықтардың жадында ғалым-ұстаз әрі қайраткер азамат ретінде  сақталады.

Н. НОҒАЕВ, М. ҚҰЛШАР, С. СҮЛЕЙМЕН, А. ӨТЕҒҰЛОВ, Б. МӘКЕН, И. СТЕКСОВ, А. БАДАШЕВ, Н. ТӨРЕҒАЛИЕВ,  М. ТОҚЖАНОВ, А. КӨЛГІНОВ, Ғ. ҚАПАҚОВ, М. МҰХАМБЕТОВ, А. БАҚТЫГЕРЕЕВА,  А. ИМАНҒАЛИЕВ, А. МЫҢБАЕВА, Л. ХАЙРЕТДИНОВ, Б. ҒҰБАЙДУЛЛИН, М. ШҮЙІНШӘЛИЕВА


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика