Мұрағат: Март, 2016


«Нұр Отанның» филиалында жаңа басшы

Күні: , 109 рет оқылды

DMS_5339


Кеше облыстық мәслихатта «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХІХ конференциясы өтті. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, партия төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның мүшелері, аудандық филиалдардың, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.


Конференцияның күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Бірінші мәселе, яғни облыстық партия филиалының төрағасын сайлауға орай «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов  сөз  алды.

– Біз жаңа Атырау облысынан келдік. Өздеріңіз білесіздер, сол өңірде облыс әкімі болған Бақтықожа Ізмұхамбетов ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы болып сайланып, оның орнына біраз жыл Батыс Қазақстан облысын басқарған Нұрлан Ноғаев  барды. Нұрлан Асқарұлы партияның Атырау облыстық филиалының төрағасы  болып сайланды. Нұрлан Асқарұлы партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы болған кезде көп жұмыс атқарылды. Соған орай біз ол кісіге алғысымызды білдіреміз. Енді конференция делегаттарының қарауына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің кандидатурасын партияның облыстық филиалы төрағалығына ұсынамын. Ол Ақ Жайық өңірінде біраздан бері еңбек етіп келеді. Өзін қолынан іс келетін азамат ретінде көрсете білді. Сол себепті оған үлкен сенім артылып, облыс әкімі ретінде тағайындалды. Өңір басшысы қызметімен бірге партия филиалы басшысы жұмысын да ойдағыдай атқарады деп біз де өз тарапымыздан оған үміт артып отырмыз, – деді Асқар Исабекұлы.

Делегаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Сөйтіп, облыс әкімі Алтай Көлгінов партияның облыстық филиалы төрағасы болып сайланды.

Жиындағы екінші мәселе партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің құрамына өзгертулер енгізу жөнінде болды. Басқа  қызметке ауысуына байланысты Нұрлан Ноғаев саяси кеңес және саяси кеңес бюросы құрамынан шығарылды. Оның орнына Алтай Көлгінов сайланды. Сондай-ақ саяси кеңес мүшелігіне М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ректоры, партияның облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Асхат Иманғалиев те сайланды.

Өз кезегінде сөз алған облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Алтай Көлгінов өзіне үлкен сенім артқан Елбасына, партияластарына ризашылығын жеткізді. «Бұл жұмыс үлкен жауапкершілікті талап ететінін сезінемін және алда тұрған міндеттерді сіздермен бірге ойдағыдай атқаратынымызға сенемін, – деді Алтай Сейдірұлы. – «Нұр Отан» партиясы, шын мәнінде, халықтық ұйымға айналып, баянды бастамалар мен іргелі істердің ұйытқысы болуда. Кешегі өткен үлкен саяси науқанда партиямыздың қол жеткізген көрсеткіші – соның  айқын бір дәлелі. Партия Елбасының стратегиялық  мақсаттарын іске асыратын ұйым ретінде де белгілі. Елімізді өркендетіп, қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі жақсарту – біздің алға қойған мақсатымыз. Бұл мақсатқа жету үшін аянбай еңбек етеміз».

Елбасы Жолдауын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша партияның облыстық филиалының қызметі конференциядағы үшінші мәселеге арқау болды. Бұл жөнінде партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен баяндама жасады.

– Мемлекет басшысы Ұлттық қордан бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын бақылауды, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын түсіндіруді партиямызға тапсырған болатын. Бұл ретте партияның облыстық филиалы партияның бағдарламалық құжаттарын жүзеге асыру бойынша мақсатты да нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның бес отырысында білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары бойынша меморган басшыларының жұмыстары тыңдалып, ұсыныстар енгізілді. Барлық деңгейдегі мәслихатта партияның депутаттық фракциялары жанынан  бес дербес комиссия құрылып, қаражаттың тиімді жұмсалуын, нысандар құрылысының сапалы жүргізілуін бақылауда. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өткен жылы облысқа Ұлттық қордан  мақсатты трансферттер және несиелер негізінде 9,5 млрд. теңге бөлініп, толықтай игерілді. Биыл бұл бағытқа 6 млрд. теңге қаралып отыр.

Әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын, көлік-логистика инфрақұрылымдарын дамыту комиссияның қатаң бақылауында болады, – деді Серік Кенжебекұлы.

Жиын барысында облыстық мәслихаттың хатшысы, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мәлік Құлшар, «Конденсат» АҚ-ның маркетинг бойынша директоры, Бөрлі аудандық мәслихатының депутаты Наталия Поликарпова,  «Жас Отан» жастар қанатының Ақжайық аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Біржан Қухаев жарыссөзге қатысып, пікірлерімен бөлісті.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Медет ДОСЫМОВ


Аға толқынның ақ тілегі

Күні: , 80 рет оқылды

IMG_3849


Жақында облыс әкімі Алтай Көлгінов өңіріміздің бір топ соғыс және еңбек ардагерлерін қабылдады. Жылы шырайлы жүздесуден соң өңір басшысы ардагерлермен суретке түсті.


Басқосуда аға ұрпақ өкілдері атынан сөз алған, тоқсанның төріндегі соғыс ардагері Мұхтар Әжіғұлов Алтай Сейдірұлын жаңа лауазымды қызметімен құттықтап, оған толағай табыстар тіледі. Еңбек және тыл ардагері Меруерт Жолдықайырова, соғыс ардагері Иван Гапич, облыстық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, облыстық мүгедектер ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов және өзге де аға буын өкілдері Алтай Сейдірұлына игі тілектерін білдіріп, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Кездесу соңында А. Көлгінов барлық құттықтаушыларға алғыс айтып, Елбасы Н. Назарбаев пен халық сенімін ақтау жолындағы жұмысында аға толқыннан қашанда көмек пен қолдау күтетінін мәлімдеді.

– Әкіммен кездесу жақсы әсер қалдырды. Отанымыздағы ең жас өңір әкіміне тек  құрыш қайрат пен жасампаз жігер тілеймін, – деді кездесуге қатысушы, соғыс ардагері Хамза Сафин.

Серік  ИХСАНҒАЛИ


Отандық онкология саласының білгірі

Күні: , 80 рет оқылды

Досаханов


Ертең  1 сәуірде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі, профессор Әлихан Досахановтың туғанына 70 жыл және медицина саласындағы қызметіне 50 жыл толады.


Әлихан Хамзаұлы – біздің жерлесіміз, нақтылап айтсақ, Қазталов ауданының тумасы. Ол Алматы мемлекеттік медицина инс-титутының емдеу факультетін үздік тәмамдады. Еңбек жолын Алматы қаласының №2 қалалық клиникалық ауруханасында бастады. Артынан Қарулы күштер қатарына алынып, Ленинград әскери округында әскери дәрігер болды.

Азаматтық борышын өтеп келгеннен соң Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында еңбек жолын жалғастырады. Ғылыми жетекшісі Қазақстанның ғылыми рентгенрадиология және клиникалық радиобиология негізін салушы, Н. Такаши атындағы халықаралық бейбітшілік сыйлығының лауреаты, академик Саим Балмұхановтың болуы оның болашақ тағдырына үлкен әсер етті. Әлихан Хамзаұлы аталмыш ғылыми мекеме қабырғасында 30 жылдан астам уақыт жемісті қызмет атқарды. Қатардағы онкорадиолог дәрігерден клиникалық радиология бөлімінің жетекшісіне дейін өсті. Осы уақыт аралығында қолы шипалы дәрігер, тәжірибелі зерттеуші ретінде шыңдалып, ғылым докторына айналды. «Мен өзімді бақытты дәрігермін деп санаймын. Бұл бақыт науқас пен дәрігердің емдеу қорытындысына қанағаттануынан, науқастың жақсы өмір сапасына қолжеткізуінен тұрады, — дейді Әлихан Хамзаұлы. — Онкология институтында жұмыс атқарған отыз жыл ішінде 10 мыңнан астам науқасты емдедім. Олардың үштен бір бөлігі (аурудың I-II сатысындағы) дерттен толық айығып, еңбекке және қалыпты өмірге араласып кетті, жартысы (III сатысындағы) химия-сәулелік терапиядан кейін 5 жылдан 20 жылға дейін өмір сүрді. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, «Дауасы жоқ дертке душар болдым» деп уайымға салынған қаншама жанның бойында үміт оты жағылды?! Бұл оңайлықпен келмейді, бірақ оған қолжеткізуге болады. Ол үшін дәрігер өз мамандығын қатты сүйе білуі тиіс және емдеудің тәсілдерін жетілдіру жолдарын табу үшін үнемі ізденісте болуы керек. Сонымен бірге науқасқа өз туысыңдай қарау қажет. Ғылымның заманауи жетістіктерін қол-дану арқылы сапалы емдеумен қатар, дертке шалдыққан адамның бейнетін жеңілдету, аяушылық білдіру, жақсы сөз айтудың да үлкен емдік мәні бар екенін еш ұмытпаған жөн. Емдеу ісіне жанын салатын дәрігердің жетістіктері әрдайым көп болады. Науқастың сеніміне кіріп, жазылатынына күмән қалдырмайтын үміт отын жаға білу керек. Дәрігер мен науқастың мықты, үйлесімді одағы таңғаларлық нәтижеге әкеледі, обыр сияқты қатерлі ауруларды да жеңуге үлкен мүмкіндіктер береді. Мәселен, мен өзім емдеуші дәрігер ретінде науқастарды ем-шараларға апарып, олармен жиі әңгімелесіп, сауығып кетулеріне тілектестігімді білдірдім. Олар мұндай мейірімділік пен біліктілікті көріп, сауығатындарына сенетін».

Ауыр науқастарды осылайша тиімді емдеу шаралары ғылыми жетістіктерге де бастады. 80-жылдарда Ә. Досаханов клиникалық онкологиядағы полирадиомодификация – сәулемен емдеудің нәтижелігін көтеру мақсатында радиацияның ісіктерді жою қабілетін көтеруге бағытталған химиялық және физикалық агенттерді қолдануды ұтымды үйлестіру ісі бойынша КСРО-да жаңа ғылыми бағыт құрды. Бұл жалпы қолданыстағы емдеу тәсілдерімен салыстырғанда обырға шалдыққандардың өміршеңдігін 1,5-2 есеге дейін арттырды. Сол кезде шетелдік мамандарға дейін мұны обырды емдеудегі тиімді тәсіл, жаңа жетістік деп санады. Бұл жөнінде Жапонияның денсаулықты зерттеу қорының президенті, профессор Тсутоми Кадживаның 1995 жылы былай деп айтқаны бар: «Әлихан Досаханов мырзаның бұл ғылыми жұмысына жоғары баға бере отыра, авторға батылдығы үшін алғыс айтамын! Бұл зерттеу тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша обыр ауруына шалдыққан көптеген науқастың жазылып шығуына айтарлықтай септігін тигізеді».

Шынымен де, Ә. Досахановтың әріптестерімен бірге дайындаған өңеш, жатыр мойыны мен денесінің обырын емдеудің ерекше тәсілдері біздің елдегі ғана емес, Жапония, Индия, Бразилия, Ресей, Әзірбайжан мемлекеттеріндегі онкомекемелерінің қызметіне енгізілді. Соған орай Әлихан Хамзаұлы обырды емдеудің жаңа тәсілдеріне арналған КСРО, артынан ҚР және РФ-ның 15 өнертабысы бойынша патенттерінің авторы атанды. «КСРО өнертапқышы» деген белгіге ие болды. Ғылыми зерттеулердің қорытындыларын денсаулық сақтау ісі тәжірибесіне енгізгені үшін әл-Фараби медалімен марапатталды.

1980 жылы кейіпкеріміз Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінде ғылым бөлімінің жетекшісі және министрліктегі ғылыми медициналық кеңес төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 1984 жылы онкология институтына қайтып келіп, онда Жапония мен Ресейдің озық ғалымдарының қолдауымен он жыл бойы қолданбалы күрделі ғылыми зерттеулер жасап, докторлық диссертация қорғап, дәрігерлік жұмысын жалғастырады. Бұл оның шығармашылық ізденістерге, қызу жұмыс пен ғылыми табыстарға толы жылдары еді.

2001 жылы ғалым ағамызды Қарағанды мемлекеттік медицина академиясына жолдады. Мұнда ол үш жылдан астам уақыт проректор болып қызмет атқарады. ЖОО-да диссертациялық кеңесті ашып, басқарды, онда 30-дан астам маман кандидаттық диссертацияларын қорғады. Мәскеу және Новосибирск қалаларындағы аспирантуралар мен докторантураларға жас оқытушыларды оқуға жолдады. Бірнеше халықаралық ғылыми-практикалық форумдар өткізуге ұйытқы болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа мүшесі болып, кафедралардың емдеу істері және ғылыми қызметтерін жетілдіруге айтарлықтай үлес қосты.

2004 жылы Әлихан Хамзаұлы Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа жұмысқа ауысады, бүгінде ол сол жерде әлі күнге дейін қызмет атқаруда. Бастапқыда бас дәрігер, кейіннен бас директордың орынбасары болды. 2004-2005 жылдары Орталық директоры Абай Байгенжинмен бірге Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктерінің басшыларына бірнеше мәрте барып, Үкімет пен Парламентке ұсыныстармен шығып, маңызды шешім-дерге қол жеткізді. Соның нәтижесінде балаларға және ересектерге жасалатын кардиохирургиялық операциялардың бірнеше түрлері, тәж артерияларын стенттеу елімізде алғашқы рет ақысыз медициналық көмектің кепілденген тізіміне енгізілді. Оған дейін мұндай ем-домдарды алу үшін Қазақстан азаматтары шетелге барып, үлкен қаражатқа емделуге мәжбүр еді, ал стенттеу елімізде толығымен, кардиохирургиялық қызметтердің кейбір түрлері ақылы болатын.

Ғалым ағамыз аталмыш орталықта үш мамандық бойынша докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес ашып, оны өзі басқарды. Төрт жыл ішінде клиникадағы және республикамыздың әр аймағындағы 70-тен астам маман диссертацияларын сәтті қорғап шықты.

Әлихан Хамзаұлының 360-тан астам ғылыми жұмысы жарияланды. Олардың ішінде «Scopus» және «Thomson Reuters» сынды алыс шетелдерде шығатын басылымдар бар. Он кітаптың авторы болып табылатын ғалым Жапония, Швейцария, Германия, Италия, Латвия, ТМД елдеріндегі әлемдік және халықаралық форумдарда баяндамалар жасап, қазақ медицина ғылымының жетістіктерін паш етіп жүр. Оның ғылыми жетекшілігімен шәкірттері 15 кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғады, 1 шәкірті философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесіне ие болды.

Кейіпкеріміз қоғамдық жұмыстарымен студент кезден бері белсенді түрде айналысып келеді. Мысал үшін айтсақ, 1967 жылдары студент Ә. Досаханов Алматы мемлекеттік медицина институтында «Эскулап» эстетикалық тәрбие клубын ұйымдастырып, клубтың алғашқы басшысы болды. Оның орынбасары қызметін КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова атқарды. Ал Ерасыл Абылқасымов, Роза Бағланова, Абай Байгенжин, Роза Жаманова, Шамғон Қажығалиев, Ермек Серкебаев, Евгений Сидоркин және т.б. тұлғалар клубтың мүшелері болды. Клуб отырыстарына атақты өнер өкілдері, Құрманғазы атындағы оркестр, мемлекеттік симфониялық оркестр сынды шығармашылық ұжымдар шақырылатын және де осындай кездесулер студенттер арасында кеңінен насихатталып, оған кісі көп келетін. Бір рет мединституттың акт залына студенттер сыймай қалып, залдың үлкен есігінің сынғаны бар. Сол жылдары «Эскулап» клубы С. Киров атындағы ҚазМУ-дың «Жеті муза қоғамымен» бірлесіп, жастарды мәдениет пен эстетикаға тәрбиелеуге өз үлестерін қосқанын да айта кету керек.

А. Байгенжин мен Ә. Досаханов 2012 жылы «Қазақстандық дәрігерлер ядролық соғысты болдырмау үшін» қоғамдық бірлестігін құрды. Екі жылдан кейін «Әлем дәрігерлері ядролық соғысты болдырмау үшін» (IPPNW) халықаралық қозғалысымен бірлесіп, Астана қаласында бүкіләлемдік конгресс өткізді. Оған әлемнің 50 шақты елінен 600-ден астам делегат келді.

Ақ Жайықтың абыройын асқақтатып жүрген азаматтардың бірі болып табылатын профессор Әлихан Досахановтың ұлт денсаулығын жақсарту және елімізде медицина ғылымын дамыту жолында сіңірген өлшеусіз еңбегі мемлекет, шетелдік ұйымдар тарапынан да еленбей қалған жоқ.

2008 жылы Елбасының Жарлығымен оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақ берілді, «Құрмет» орденімен (2015 жыл) және өзге де медальдармен марапатталды.

2005, 2011, 2015 жылдары ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Алғысхаттарына ие болды. Денсаулық сақтау ісінің және медицина ғылымының дамуына қосқан маңызды үлесі үшін шетелдік «HIPPOCRAT», «AVICENNA», «ПИРОГОВ» ордендерінің кавалері болып танылды. «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» (1982), «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2006), «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2006), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2012) төсбелгілерімен, П. Поспелов атындағы медаль сынды Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктерінің жоғары наградаларымен марапатталды. Ұлттық медицина қауымдастығы тарапынан оған медальмен қоса «Алтын дәрігер» атағы берілді.

Әлихан Хамзаұлы жұбайы Лаура Мейірханқызы екеуі Бекболат есімді ұл мен Жазирадай қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде немерелерінің ортасында шат-шадыман күй кешуде.

Жарты ғасыр бойы медицина саласында табанды еңбек етіп, ғибратты ғұмыр кешіп, өмірі өнегеге толы Әлихан Досаханов туралы бір үзік сыр осындай.

Мәди ЫҚЫЛАС,

«Орал өңірі»


«Кім үшін? Не үшін?» немесе ашынған аналардың көз жасына кім кінәлі?

Күні: , 3 805 рет оқылды

Каратагановтар


Соңғы жылдары исламды бұрмалаудың кесірінен біраз  қазақ жасы жат ағымның жетегіне түсуде. Олар ваххаббиттік идеяны қолдап, намаз оқымағаны үшін ата-ана, туыстарын «кәпір», олардың пісірген тамағын «харам» деп, қағынан жиреніп, безуде. Мұның ақыры террористік ұйым деп танылған «Ислам мемлекеті» деген жалған атпен танылған теріс ұйым құрамына қосылу үшін Сирияға кетумен аяқталуда. Көбі сол жақта өлім құшуда. Не үшін? Кім үшін? Бұл сұраққа жауап іздеген олардың ата-аналары құзырлы құрылымдарды аралап, шарқ ұруда. Олардың ұл-қыздарын кімдер теріс жолға салып жатыр? Аялап өсірген, бақытына балаған перзенттері оларға неге қайғы әкелді? Бұл сұрақтарға кім жауап береді? Ұлдары Сирияға кетіп, соғыста өлген, немерелері жат елде қалған ата-аналардың қасіретіне, көз жасына кім жауапты? Салмағы мың атан түйеге жүк болатын бұл күнәлар кімнің мойнында?


Қазақ «Шыдамның да шегі бар» дейді. Сол шыдам таусылды. Таусылмай қайтсін, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүт беріп өсірген перзентін біреу азғырып, отбасынан, ата-ана құшағынан тартып алып жатса?! Сирияға кеткен қазақ жастарының ата-аналары ашынып, жоғарыдағы сұрақтарға жауап іздеуге шықты. Олар облыс мешіттеріне келіп, исламды бұрмалап, теріс бағытта жүргендердің жауап беруін талап етіп, адасып жүргендерді дұрыс жолға шақыруда. Солардың бірі — Айнаш Төлеева жақында облыстық мешітке келіп, жамағаттың алдында сөз сөйледі.

АйнашОралдық футболшы Талғат Төлеев Айнаштың жалғызы еді. Талғат грантпен түскен БҚАТУ-дағы оқуын аяқтамай, тастап кетті. Футболшы болсам деген арманын адыра қылды…

— Жалғыз ұлым еді, — деді ана көз жасы төгіліп (суретте) — Намаз оқимын деген соң жаман нәрседен аулақ болады ғой деп ойладым. Бірақ керісінше болды, ұлым үмітімді ақтамады. Имамдардан үйренбей, теріс жолда жүргендердің ықпалына түсіп кетті. Үйленгенін сонша күтіп едім, үлкен той жасаймын деп жылдар бойы армандадым. Бірақ арманым орындалмады. Ұлым той жасауға қарсы болды. «Той жасау дұрыс емес, әзірлеген тамақты ешкім жемейді» — деді. Себебі ол менің пісірген тамағымды «харам» деп жемейтін болған. Мен оған: «Мен сені осы тамақпен өсірдім ғой» десем де, құлақ аспады. Сонда ғана мен баламның адасқанын түсіндім. Үйленген соң келін қара киім киіп, малынып жүрді, маған бетін көрсетпеді. Ұлымды жалғыз өзім өсіріп едім, ол үшін қала шетінен үй салдым, үйленген соң бірге тұрамыз, бақытты өмір сүреміз деп ойладым. Көлік алып бердім, сол бала үшін ғана өмір сүрдім. Өмірге ұл немерем келді. Бір түнде балам маған айтпастан Сирияға кетіп қалды. Төрт ай бойы іздедік, күттім, төрт айды ұйқысыз өткіздім, жүрегім жаралы, ауырады… Сосын… ол Сирияда өліпті. Ол жақта келінім мен екі немерем қалды… Ұлым не үшін өлді, кім үшін өлді? Неге?

Көз жасы көл болған Айнаш жылап тұрып, «Балаларым, ойланыңдар, адаспаңдар! Мен мұнда сендерді баламның қателігін қайталамасын, сабақ болсын деп айту үшін өзімді-өзім сүйреп, әрең келіп тұрмын» — деді. Ел ішіне бүлік кіріп, сүттей ұйып отырған щаңырақтар ортасына түсіп, ана қасірет шегіп, бір кездері кекілі желбіреген ұлдар сақалдары сапсиып істі болып, түрмеге жабылуда. Солардың бірі түрмеден сәлем жолдапты…

«Имамнан кешірім сұраңызшы!»

Ата-аналар мешітке жұма намазы күні, діни теріс бағытты ұстанушылардың келуіне орай келіп, жамағат алдына шығуда. Сырым ауданы — облыстағы осындай ағымдағы адамдар көп шоғырланған үш ауданның бірі. ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабы, 2-бөлімімен сотталған сырымдық Марат Садықовтың анасы Клара Дәулетқызы ислам атын жамылып, құқық бұзған ұлының қателігін мешіт жамағаты алдында айтты.

— Жақында түрмеге барып шықтым, — деді Клара Дәулетқызы. – Балама: «Мешітке барып, жамағаттың алдында сөз сөйлей-мін» дедім. Балам мені қолдап: «Менің істеген қателігімді, адасқанымды айтыңызшы, бас имам Бақытжаннан кешірім сұраңызшы менің атымнан» деп сәлем айтты.

Отбасының Марат үшін қаншама қайғы шегіп отырғанын айтқан ана жастарға ата-ананың айтқанын тыңдауға, ата-баба салған жолдан, ұлттық салт-дәстүрден айнымауға шақырды. Сырым аудандық мешітінің бас имамы Бақытжан Сабыралиевтен ұлы Марат үшін кешірім сұрады.

Облыстық мешітте де жұма намазына жиналған жамағат алдында, соның ішінде теріс бағытта адасып жүргендерге Египеттегі әл-Азһар халықаралық ислам университетінің түлектері, облыста діни қызмет атқарып жүрген Раби Махмуд Мохамед Абделгани мен Мұратбек Қыстаубаев дәріс берді. «Халал мен харам не?» деген сұраққа жауап беріп, шетел асып, соғысқа қатысып, адам өлтіру ислам шариғатына жат екенін, ол үшін оларға тозақтың ең төменгі орны берілетінін хадистен нақты дәлел келтіріп, түсіндірді. Діни теріс ағымда жүргендердің талақ мәселесін ойыншыққа айналдырғанын, сол себепті қара киім жамылып жүрген қыздардың қолдан-қолға өтіп, қор болып жүргеніне осы Оралда болып жатқан оқиғалардан мысалдар келтірді…

Ағайынды Қаратағановтар

КаюковаДәрістен соң терроризм бабы бойынша сотталған ағайынды Қаратағановтардың анасы Меңдіғаным Каюпова (суретте) сөз сөйледі. Ол екі ұлының әйелдері мен сегіз баласының, өзінің де қатты қиналғандарын көзіне жас ала отырып әңгімеледі. Атышулы Ернұр Ахатовтың ісі бойынша, яғни 2012 жылы Орал қаласында жарылыстар жасауды жоспарлап, іске асырғалы жатқанда қолға түскен Ахатовтың тобында болған Қаратағановтар алты жылға сотталып, Ақмола облысының Державин қаласындағы түрмеге жіберілген еді. Жігіттердің анасы М. Каюпова етегі жасқа тола жүріп, Оралдағы құқық қорғау мекемелерін жағалап, ұлдарын Оралдың түрмесіне ауыстыруын сұраған еді. Қаратағановтар 2015 жылдың 13 желтоқсанында Орал қаласындағы РУ-170/2 еңбекпен түзету мекемесіне ауыстырылды. Біз Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы Алмас Оңаевтың қолдауымен атышулы қылмыстық топта болған Қаратағановтармен сөйлеспекші болып түрмеге бардық.

Шегініс…

Айналайындар, өзіміздің кәдімгі қара балалар. Жатсынбай іш тартқанымнан ба екен, бірден тіл тауып, сөзіміз жарасып жүре берді. Олардың Отанына, ұлтына қарсы шыққанына, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, БҚО ішкі істер департаменті, облыстық прокуратура ғимараттарын жарып жіберуді жоспарлағанына сенгің келмейді. Бірақ бұл шындық. Ернұр Ахатов мемлекетті кәпірлер басқарып отыр деп, қоғам қайраткерлерін, зиялыларды, өнер майталмандарын кәпірлер деп, өнер кештерін өткізуді, ізгілікті үндейтін игі істерді харам деп үгіт-насихат жүргізген. Ахатовтың қылмыстық тобы 2012 жылы 4 ақпан күні қолға түсті. Топ басшысын қосқанда сегіз жігіт қылмысты деп танылып, түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылған болатын. Топ мүшелері 15 мың теңге ақша тапса, оның 5 мыңын отбасына беріп, 10 мыңды ортақ кассаға салып отырған. Жинаған ақшаны жарылыс жасауға қажетті нәрселерге ғана жұмсаған. Қаржының тең жартысы заңсыз қару-жарақ дайындауға кеткен. Топ мүшелері барлық мәліметті, соның ішінде Орал қаласында террорлық акті дайындалып жатқанын құпия ұстаған. Терроризмді және қарулы жиһадты уағыздап, осы бағыттағы басылымдарды көбейтіп, таратып, ғаламтор арқылы басқа жерлермен хабар алып отырған. Олар бір үйде бір күннен артық түнемеген, телефон нөмірін жиі ауыстырып, есімдерін жасырын ұстап, бір-бірін «Карлик», «Голова», «Мұрын» т.б. деп атаған.

«Біз адасқанымызды түсіндік. Түрмеге облыстағы дін мамандары жиі келеді және осы мекемеде қызмет істейтін теолог Азамат Төлеповтің арқасында діни сауатымыз артып, көзіміз ашылды. Мерзімімізді өтеп шыққан соң анамызды аялап, отбасымызды асырап, балаларымызды дұрыс жолға тәрбиелейміз» дейді олар (суретте). Алтынбек 1981 жылы, Асылбек 1983 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Асылбек БҚАТУ- ды бітірген. Әкелері ерте қайтыс болып, анасы Меңдіғаным тәрбиелеп өсірген. 1987 жылы Зеленов ауданының Балаған (Жаңатаң) ауылына көшіп келген. Олардың айтуынша, топта әркімнің өз міндеті, атқарар жұмысы болған.

— Е. Ахатовпен университетте бірге оқыдым. 2003 жылы намаз оқи бастадық. 2005 жылы Алдоңғаров Дәуренмен бір үйде кездесіп қалдым, үгіт-насихатты олар сол кезден бастады. «Дұрысы, Құран суннамен жүру, намаз оқымаған адам кәпір» — деді. «Қазақстан ислам мемлекеті емес, сондықтан дінге қарсы, бізді түбі түрмеге отырғызады» деген әңгімелерді айтып, бізді үрейлендіре бастады, — дейді Асылбек.

Өздерінің айтуынша, Асылбек бір қалаға тұрақтамай, Алматы, Бішкек асып жүрген Е. Ахатовқа қалаға келген кезде жасырын пәтер дайындаумен және ақша жинаумен айналысқан. Олар жарылыс заттарының қалай жасалғанын, қандай екенін, блиндаждың қай жерден, қалай қазылғанын көрмеген. Алтынбек Ернұр-мен үш рет қана кездесіпті. Соңғы кездесуде Ернұр 2011 жылы Ақтөбе, Атырау қаласында болған терактілер туралы әңгімелеген. «Мечта» демалыс орнына таяу, Жайықтың жағасында түнгі алаудың жарығымен бейне-ролик түсіріп, ұстазы «Халилге» жіберген. Оралда теракт жасау туралы рұқсат сұраған.

«Халил» деген кім?

ХалелабдуҚазақстанда «Халил» деген лақап есіммен белгілі Абдухалил Абдухамидұлы Абдужаппаров (суретте) Пәкістаннан келіп, еліміздің батыс өңірінде болғаны белгілі. Ол 2007 жылы Арабияға кетіп, қайта оралмаған. 1975 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында туған, ұлты өзбек. Қазақстан азаматы. Абдужаппаров 1990 жылдары Пә-кістанда, Шымкенттегі Қазақ-кувейт университетінде білім алған. Шымкентте мешіт имамы болған, 2000 жылдың басында исламның радикалды бағыты – ваххабийлік жолға түседі.

2003 жылы Атырау қаласына келіп, заңсыз тұрғызылған Рембазадағы мешіттің имамы болады. «Халил» жастарды ваххабийлік жолға тартып, «таза ислам» жолы осы» деп көрсетіп, азғырады. Мешіттің заңсыздығы прокуратурамен әшкереленіп, А. Абдужаппаров Атырау қаласына кетуге мәжбүр болады.

«Халилдің» Оралға келуі

2004 жылы «Халил» Орал қаласына келіп, жалдамалы пәтерде тұрып, облыс жастарын ваххабийлік бағытқа салумен айналысады. Еліміздің батыс өңірінде ваххабизмнің дамуына зор ықпал еткен. Яғни жоғарыдағы аналардың көз жасының сұрауы да осы «Халилдің» мойнында деген сөз. 2006 жылы үстінен қылмыстық іс қозғалған «Халил» Сауд Арабиясына қашып кетеді. Бұдан әрі ол дәрістер жазып, оны ғаламтор арқылы таратады және еліміздің түкпір-түкпіріндегі салафилермен телефон арқылы хабарласып, бағыт беріп отырады. Соның кесірінен облыс жастары Мысырға аттанып, жасырын құжыраларда оқып, көбі халықаралық террористік ұйымдарға мүше болып кетті. Соның бірі — оралдық Нұржан Ерғарин 2013 жылы Пәкістандағы әскери базаға жарылыс заты орнатылған көлікпен барып соғылып, өзін-өзі жарды. Ал «Халилдің» шәкірті Е. Ахатовтың Орал қаласында бірнеше жерде жарылыс жасауға әрекеттенгені белгілі.

«Халил» Мединеде ұсталды

2015 жылы желтоқсан айында «Халил» Сауд Арабиясында қолға түсті. Қасында оралдық Мақсат Мұратқалиев және Қазақстанның өзге де азаматтары болған. Бұл туралы шетелдік ақпарат көздері шулап жазды (суретте). Сауд Арабиясының билігі көші-қон заңына сәйкес әрі жиһадқа қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында елдегі шетелдіктерді тексеруге алады. Ұсталғандардың Сириядағы содырлармен тығыз байланыста болғандығы анықталған. Сөйтіп, еліміздің батыс өңірінде ваххабизмді өршіткен, жалпы Қазақстан бойынша исламның теріс ағымын насихаттап, талай қазақ шаңырағын ортасына түсірген, талай діни білімсіз, албырт жастардың Сирияда өлім құшуына себепкер болған күнәһар, әккі қылмыскер сыбайластарымен бірге темір торға қамалды. Олардың, жалпы осы жолда жүргендердің жазасы қандай?

— Ресми мекемелердің және Қазақстан діни басқармасының рұқсатынсыз шетелге діни білім алуға кеткен жастардың экстремистік ұйымдарға тап келіп, заңға қарсы әрекеттер жасауы Таяу Шығыста да, елімізде де өте қатаң жазаланады. Мен бұл туралы теріс жолда жүрген жастарға ескерткім келеді, — дейді Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы Алмас Оңаев.

Біз ұл-қыздары мен келіндері немерелерін алып Сирияға кетіп қалған басқа да ата-аналардың оларды елге қайтара алмай, шарқ ұрып жүргенін көріп отырмыз. Олардың түсін түстеп, есімдерін тізіп шығу бізге міндет емес. Бастысы, халықтың ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінгені және «Бұл мәселе мені айналып өтеді. Менің балаларым аман, басқалар не болса, о болсын» деп қарамай, бұл індетпен көп болып күресу. Олар дүниеге сақалымен бірге туған жоқ қой, көз алдымызда өскен, өзіміздің балалар емес пе?! Сақалды көре сала ат тоныңызды ала қашпай, оларды неге ішке тартып сөйлеспейміз? «Әй бала, бері кел, мынау не ұсқын? Мен сенің марқұм әкең мен атаңның көзін көрген адаммын. Атаң бес уақыт намазын қаза етпеген, елге сыйлы, жан баласына «әй, кәпір!» демеген адам еді» деп бастап, төңірегін қабағымен ықтыратын баяғының асыл сүйекті қарттары, өкінішке орай, бүгінде жоқ. Тәрбиенің көкесі сол еді, әттең! Сеңі сіресіп жатқан бұл түйін қалай, қашан шешіледі?! Исламды бұрмалап, адасып жүрген жастар қылмыс үстінде ұсталып, темір торға қамалғанда ғана тәубесіне келуге тиісті ме? Сұрақ сансыз. Біз ағайынды Қаратағановтармен асықпай сөйлесіп, түрмеден шыққанымызда, күн еңкейе бастапты. Олар менімен қимай қоштасқандай болды. Сол сәтте мен оларға тағы да келетінімді, апалы-інілідей болып сүт қатқан күрең шайды асықпай сораптай отырып, ұлтымыздың асыл құндылықтары туралы талай әңгіме құратынымды білдім. Бұл үшін менің оларға туыс болуымның еш қажеті жоқ. Бастысы, адам бола алсақ…

Жарас АХАНОВ,

Батыс Қазақстан облысы дін мәселелерін зерттеу мекемесінің басшысы:

— Соңғы уақытта экстремистік көзқарасы бойынша сотталған немесе Сирияға жалған жиһад жолына кеткен азаматтардың ата-аналары тарапынан «Не үшін? Кім үшін?» деген сұрақтар туындауда. Ата-аналар ашынып, балаларымызды діни теріс жолға салушылар жазасын алуға тиіс деп отыр. Жоғарыдағы жағдайлардан зардап шеккен отбасы мүшелері мен ата-аналар біздің орталықтың бақылауында, діни-психологиялық, құқықтық көмектер алып келеді. Оларға орталықпен бірге бірнеше мекеме тарапынан да әлеуметтік көмектер көрсетілуде.

Жалған жиһадқа кеткен және сотталған азаматтардың 67 пайызы — қала тұрғындары. Бұл нені көрсетеді? Яғни ауылдағы азаматтар дін үйренеміз деп қалаға келіп, исламды бұрмалаушылардың торына түсіп жатыр деген сөз. Ауылда тұратындардың өзі діни уағызды қалаға келіп үйреніп кетеді. Біз әлеуметтік желілер мен ғаламтор арқылы тарайтын уағыздарды қатаң бақылауға алудамыз. Кез келген діни мақала ҚР Дін істері комитетінің келісімін алынғаннан кейін ғана таратылады.

Ел ішінде «Құқық қорғау құрылымдары мен діни бағытты реттейтін мемлекеттік мекемелер құрылса да, теріс діни идеологиялар шектелмей жатыр» деген пікір бар. Біз теріс діни идеологиялар алаңын футбол алаңы деп атасақ, доптың сырттан, яғни мемлекет аумағынан тыс жерден тебіліп жатқанын байқаймыз. Осы алаңды қоздырушы жалған жетекшілер бар. Мысалы, уақытында Қазақстанда болып кеткен Дилмурат, Назаратолла, Халил, Октам сынды теріс діни көзқарастағы азаматтар дінді толық меңгермеген біздің азаматтарды әлеуметтік желілер мен ғаламтор сайттары арқылы адастыратын ақпараттармен улауда. Қынжылатыны – біздің қоғамда сақал қойғанның, орамал тартқанның бәрін адасып жүргендер деп түсіну бар. Бұл дұрыс емес. Теріс ағымның кесірі дәстүрлі дінімізге нұқсан келтірмеуге тиіс. Оның алдын алу үшін біз де қарап отырған жоқпыз.

Алмас ОҢАЕВ,

Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы:

— Қылмыс жасаған адам заңды жазаға тартылуға тиісті. Прокуратура құрылымдарының басты мақсаты – адамды соттап, түрмеге тоғыту емес. Керісінше, қылмыстың алдын алу немесе лайықты жазасын алған адамға қателігін түсіндіріп, дұрыс жол көрсету. Облыстық дін істері басқармасының жанынан құрылған үгіт-насихат тобына біз де кіреміз. 2012 жылы әшкереленген Ахатовтың тобын алайық. Құқық қорғау құрылымдары Оралда бірнеше жерде жоспарланған террорлық әрекетті болдырмай, алдын алды. Бірақ олар бұл жолға қалай түсті, біз неге оларды ерте қолға алмадық? Жалпы, адам өзіне лайықты жазасын алды, сотталды, сонымен іс бітті деу қате. Сотталушы бостандыққа қандай ниет-пиғылмен шығады? Бізді осы сұрақтар толғандырады. Облыстық прокуратураның жанынан жұмыс тобы құрылды. Мемлекеттік ұйымдар, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер департаменттерімен өзара ақылдасып жұмыс істеудеміз. Діни теріс бағытта жүріп, қылмысты болып сотталғандар бұрын мемлекетті мойындаған жоқ. «Мемлекеттен бір тиын алуға болмайды» деген олар 10 баласы болса да, Үкімет тарапынан балаға тиісті төлемдерді рәсімдемеген. Яғни олар Үкіметтің ана мен балаға көрсетіп отырған әлеуметтік жеңілдіктерін қолданбайды. Теологтар сотталушы мен оның отбасына діни-психологиялық көмектер көрсетсе, біз заңға сәйкес Үкімет белгілеген жеңілдіктерді алуына ықпал етудеміз. Сотталушылардың әйелдері жұмыс істемейді, әрқайсысында кемі 4-5 бала бар. Олар бүгінде мемлекет тарапынан жан-жақты көмек алып отыр. Түзеліп, дәстүрлі мәзһабқа оралғандар түрмеде жұмыспен қамтылып, жалақы алады. Онысы бала-шағасының шай-суына жетіп жатыр. Жаза басқандығын түсінген кейбір сотталғандар түрмеден уақытынан бұрын босатылуда. Міне, осының бәрі — бірігіп атқарған жұмыстың нәтижесі. Олар отырған РУ-170/2 еңбекпен түзету мекемесі жедел бөлімінің діни экстремизмге қарсы топтың аға жедел уәкілі, әділет лейтананты Азамат Төлепов — Алматыдағы «Нұр-Мүбәрәк» ислам университетін бітірген дін маманы. Сотталушылардың дәстүрлі мәзһабқа оралуында оның да еңбегі бар.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Облыс тұрғындарының назарына!

 Жақында құрылған «Аруана-Жайық» қоғамдық қоры жанынан діни ағымдардан зардап шеккен ата-аналар клубының ашылғанын хабарлаймыз.

Байланыс телефоны +7-707-898-70-54, +7-775-501-56-98


«Бақпасаң, мал кетеді…» ұрының тырнағында

Күні: , 232 рет оқылды

мал кетеди урланып


Бала күнімізде таңмен ірі қараны өріске айдайтынымыз есімде. Ауыл шетінен бақташы күтіп алатын. Ол сиыр табынын ысқыра жүріп сыпыра жинап,  сәлден соң далаға айдап бара жатады.


Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының көбі қолындағы малын өріске өздері ұзатып салады. Сиырлар да бақташысыз жайылымға шығуға әбден бауыр басқан. Емін-еркін жайылған cоң, кейбірі емшегі жер сызып, бұзауын емізуге қайтып келеді. Қысыр қалғандары немесе бұқалығы ғана далалық жерде жасанды су арнасы құрғаған кезде, шөл қысып, ауыл арасындағы құдықтан немесе айналадағы тоғаннан су іздеп келмесе, әдетте үйреншікті мекеніне беттей қоймайды. Кей тұрғын қолындағы қарайған малын түгендеп, ерінбей айдап әкеледі. Екі-үш тәулік өткеннен соң оралмаса, ат сабылтып іздеуге кіріседі.

Біздің айтпағымыз, қазір қоғамдық табынды ұйымдастыру жайының бытыраңқылығы. Әрине, ірі қараны ортақ бағымға қосу, қоспауы – әркімнің  өз еркіндегі шаруа. Еркін жайылған малдың күйлі болатыны, бойына тезінен қоң бітетіні белгілі. Дегенмен жақында БҚО ішкі істер департаменті өткен жылы 1748 бас мал қолды болғанын, ұрлықтың 77 пайызы  жайылымдарда орын алғанын алға тартты («Қараусыз қалған мал – ұрыға олжа», С. Әбілхалықов, «Орал өңірі», №14, 4 ақпан, 2016 ). Дағдарыс қыспағы белең алған уақытта, суық қолдылардың көбейетіні де анық. Бұған тоқсаныншы жылдардың соңындағы тоқырау кезеңінен көптеген мысал келтіруге болады.

Ірі қараның еркін жайылымға шығуы кей ауылдарда көбіне қалыпты жағдайға айналды. Жергілікті атқарушы органдар құнттамаған соң, тұрғындар өздері амал жасауға кірісті. Мәселен, жылма-жыл Қаратөбе ауылының  Қ. Жұмалиев, Р. Малабаев, К. Жәңгіров, ішінара Әубәкіров, Бекімов көшелерінің тұрғындары бірігіп, мал бағымын кезекпен атқарады.

Қазір қоғамдық табындарда тұқымдық түрлендіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде ауылдағы ағайын құлағдар. БҚО ауыл шаруашылығы басқармасынан берілген деректерге сүйенсек, биыл қаңтардың 1-і күнгі есебі бойынша, облыста 469 мың бас ірі қара  бар. Оның 52 пайызы ауыл шаруашылығы құрылымдарына, 48 пайызы жеке қосалқы шаруашылыққа тиесілі. Жалпы селекциялық асылдандыру жұмыстарымен 220 мың бас сиырдың 75 пайызы қамтылған. Былтыр қоғамдық табынға 426 бас асыл тұқымды бұқа жіберілген. Яғни 30 басқа бір асыл тұқымды өндіргіш бұқа деп есептегенде, 12 мыңға тарта сиырдан сапалы тұқым күтіледі. Бұл жұмысқа 44 млн. 304 мың теңге жұмсалған. Сонымен қатар былтыр ауылдық округтердегі 160 қолдан ұрықтан-дыру қосынында 25 184 бас сиыр күйектен өтті. Қолдан ұрықтандыруға 67 млн. 886 мың теңге қаражат тартылған. Биыл да кезекті маусымдық кезеңінде бұл бағытта жұмыс жалғасады. Дегенмен қолдан ұрықтандыру қосындарының қызметіне жүгіну-ден гөрі, қоғамдық табынға бірыңғай асыл тұқымды бұқа жіберу басымдық алуда.

Асыл тұқымды бұқаны алған кез келген шаруашылық иесі екі жыл жеке малына пайдаланған соң, қоғамдық табынға қоса алады. Жалпы сиыр табынын шағылыстыруға пайдаланылатын асыл тұқымды бұқаны күтіп баққаны үшін әр басқа 104 мың теңге мемлекеттің демеуқаржысы төленсе, сатып алғаны үшін әуелден 154 мың теңгені қолына ұстатады. Қоғамдық табындардағы ірі қара тұқымын түрлендіру жұмысында былтыр, әсіресе, Жәнібек (223 бас) және Қазталов (119 бас) аудандары белсенділік танытқан. Осы аудандарда белгіленген жоспар толықтай орындалған.

Мал тұқымын асылдандырумен облыстағы 77 ауыл шаруашылығы кооперативі де айналысады. Бұл қауымдастықтарда 10514 бас сиыр тұқымдық түрлендіруге қатыстырылған. Биылдан бастап ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңына орай кооперативтерді қайтадан рәсімдеу жүргізілуде. Аталған құжатта ішкі жұмыс тәртібі анықталып, сараланған, соған сүйеніп, қауымдастық мүшелері малды күтіп бағу, асылдандыру мәселелерін өзара келісе отырып шешеді.Дегенмен ауыл шаруашылығы саласының ардагері, асылдандыру маманы  Мақсот Балқыбаев қазір қоғамдық табынды асылдандыру ісінің олқы тұстары барын айтады. «Мен бұрын асыл тұқымды мал зауытында істедім. Сонда бұқашықтарды жекенің малына қосу керек деп алып кететін. Әрі кетсе, 50-60 сиырды қамтитын шығар, ол бұқашықтың күйі содан кейін оңалмайтын», – дейді ол. Ардагердің айтуынша, кеңестік кезеңде біздің өңірде ауылдық округтердің бәрінде қолдан ұрықтандыру қосыны болған және сол қосындар түгелдей техник-ұрықтандырушымен қамтамасыз етілген. Ең дұрысы, қазір де осы бағыттағы жұмысты да жандандырып, дамыту керек. Қоғамдық табынға қосылған асыл тұқымды бұқаның ветеринарлық-санитарлық жайы да алаңдарлық. Бұқа сарып ауруын жұқтырып, пайдасынан гөрі залалын көбірек тартқызуы ықтимал. Одан гөрі қолдан ұрықтандыру қосынындағы тұқым әлдеқайда сенімді әрі таза. «Көпшілік сиырды қосынға апару машақатын қиынсынатыны рас. Сондықтан осы істі оңай жолмен атқаруға ойысып жатыр. Бәлки қолдан ұрықтандыру қосындарын дамытуға да арнайы бағдарлама қарастырып, демеуқаржы бөлу арқылы қызықтырған дұрыс болар. Сондай-ақ отыз басқа біреу деп алсақ, қазіргі есептік  көрсеткішке  шаққанда, облыстан жеті мыңнан астам асыл тұқымды бұқа қайдан табылады?» – дейді Мақсот Балқыбаев.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы алға тартқан деректі келтіре кетейік, облыстағы асыл тұқымды мал санының үлесі  ірі қараның 5,5 пайызын құрап отыр.

Яғни ардагер-маманның пікірі қисынға келеді. Сондай-ақ ақсақал 2000 жылдардан бері «өкшесі енді көтерілді» деп есептелініп келген «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» арнайы заң жобасы Парламентте қаралатыны туралы жиі айтылғанымен, шикі күйінде қалып жатқанын тілге тиек етті. Сол құжат қабылданса, ауыл айналасын көгалдандыруға көңіл бөлу, жайылымды орнықты пайдалану, бақташылықты ұйымдастыру мәселесі нақты шешімін табады екен. «Қазір  ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру ісі жедел қолға алынуда. Мүмкін жалпы ауыл тұрғындарының малын бағуды ұйымдастыру қызметін соларға жүктеген жөн болар», – деді ол. Тағы бір ескерерлігі, ірі қараға жүргізілетін селекциялық асылдандыру ісінен бірден нәтиже болмақ емес. Текті тұқымға қол жеткізу дұрыс, оң бағытта жүргізілгеннің өзінде оған бірнеше жыл уақыт керек.

Ақжайық, Сырым, Шыңғырлау, Жәнібек аудандарындағы бірқатар ауылдық округ әкімшілігімен хабарласқанымызда, мамандар ірі қараны асылдандыру ісі қалыпты жүріп жатқанын айтты. Ауылдардың  кейбірінде қоғамдық табынға мал саны есебіне орай екі-үш бұқа қосылса, кейбірінде белгіленген межеден артық болса да, бұқа жіберіле береді. Кей ауылдық округтерде қолдан ұрықтандыру қосындары істемесе, басқаларында қоғамдық табынға бұқа қосу қолға алынбапты. Әсіресе, жол бойында, ел шекарасына жақын орналасқан аумақта мал бағымы жинақы ұйымдастырылады екен. Күзгі уақытта ғана етек-жеңін жинап, ірі қараға қарауыл қоя бастайтын ауылдар да бар. Ұтымды көрінгені, Шыңғырлау ауданы Лубен ауылында жеке қосалқы шаруашылыққа қосылатын тұрғындардың бұқалары бөлек бағылады. Ақжайық ауданындағы Базаршолан ауылында қоғамдық табынды маусым бойы далаға апарып бағатындар бар. Сауын сиырлар ауылда қалады. Бұл жұмысқа, әрине, шаруа қожалықтары да тартылған.

Бақташылықты ұйымдастыруда кейбір мәселелердің туындайтыны рас. Мәселен, жеке шаруашылығында мал басы мол ауыл тұрғындары ірі қараны қоғамдық табындарға қоспайды. Себебі ай сайынғы бағым ақысы қалтасына соғатынын айтады. Содан бақташы нәпақасына түсер табысты азсынып, бұл шаруаға құлық танытпауы мүмкін. Ай сайын ауыл тұрғындарынан жалақысын жинап алу да оңай соқпайды. Кейбірі уақтылы бермей, діңкесін құртады. Облыста бағымдағы әрбір мал басына төленетін қаржы мөлшері әр ауылда әр түрлі. Орта есеппен алғанда, 300 теңгеден басталып, 1000 теңгеден асып жығылады.

Ауыл әкімдері қолына кіріс аз түсетін бақташыны аудандық жұмыспен қамту орталығы есебінен қосымша айлық тағайындап, жағдайын жасағаны дұрыс секілді. Сонда талап та қоя алар еді. Себебі кей бақташылар малды таңертең ит қосып, қамшы үйіріп айдап әкетеді. Сосын, әсіресе, жазғы маусымда күн қызуы енді қайтты-ау деген кезде ауылға шұбыртып айдап әкелетіні болады. Емін-еркін жайылып, мейірі қана су ішіп, уақытында күйіс қайырмаған малға қоң біте ме? Жалпы, бұл төңіректе туындап жатқан түйткілдер көп. Оны бір мақаламен тарқатып тастау мүмкін де емес. Дегенмен анау жоғарыда сөз болған әуелі тұқымды асылдандыру, сосын қолда барына бақташылық ұйымдастыру деген мәселелерге жергілікті билік органдары әлде де тиімді шаралар алғаны өте қажет сияқты.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Оралмаған жауынгер хаты

Күні: , 102 рет оқылды

рахман койшанов


«Қарындасым Жұмазия деніңіз аман, жақсы тұрасыз ба? Сендерден ілкіде алған хаттан соң төрт хат алдым. Енді менің жағдайымды білмек болсаңыз, бізді басқа жерге аударып, басқа жерге апарады. Ол баратын жеріміз алыс емес, соның өзінде бір өзгеріс бар, оны анықтап айтуға болмайды, дайынмын. Мені түсінерсіздер, жанған отқа араласамыз, осы өрттен аман қалсақ дейміз…


Мүмкін осы хат арқылы сіздермен қоштасуға тура келер. Алдағы күнде нендей күн болатынын бір Алланың өзі біледі. Екі жыл хабарсыз жүріп, содан сіздерден хабар болып амандықтарыңызды естіп, соның өзі маған үлкен қуаныш болды ғой. Иә біздің жастық өміріміздің қарсаңында соғыс болып, жастық өмір майданда өтетін күн бізге тап болды ғой…

Зиақам мен ақама хат жазып жіберіңіз менің амандығымды айтып. Өте асығыс жаздым. Нағашымның үйлеріне хат жазуға да менде уақыт болмайды. Сондықтан сендер арқылы ести жатар жалпы амандығымды.

Ауылдағы туыстарға, барлығына сәлем айтарсыздар. Бәрін айтып жазуға уақыт болмайды, сондықтан Күншақама, Зиақама, ақама менің хабарымды айтарсыз. Мәнзия, Марфуғаға сәлем айтарсыз.

Бүгін жаңа жыл 1 январь, аз уақытқа демалыс бергенде ғана осы хатты жазып отырмын. Соғыстың алғы шебінде жүрміз, аға сержантпын. Сау болыңыз. Амандық білдіруші Рахман. 01.01.1944 жыл».

Бұл — оқушы дәптеріне жазылып, үшбұрышталып бүктелген, қан майдан ортасынан оқ-дәрінің иісі сіңіп жеткен жауынгер хаты. Әлденеше рет оқылғандықтан, жазулары өшіңкіреп, сарғайған. Ағасының хатын, залог квитанциясы мен фотосуретті көзінің қарашығындай сақтаған қарындасы Мәнзия Қойшанова бұл құнды деректерді 1980 жылы Орда музейі қорына тапсырған екен. Хат латын әліпбиімен жазылып, қазақша аудармасы қоса берілген.

Хат ізімен зерттеу жұмыстарын жүргізгенімізде, хаттың иесі туралы «Боздақтар» кітабының 6-томының, 364-бетінде: «Қойшанов Рахман 1919 жылы туылған, Жетібай ауылы, қазақ, жауынгер, 1944 жылы қаңтарда жарақаттан қайтыс болған. Кировоград облысы Новопрага ауданында жерленген», — деп жазылған.

Деректерге сүйенсек, бұл азамат соғыстың алғашқы күнінен-ақ оқ пен от арасында талай шайқасты басынан өткеріп, Ұлы Жеңісті жақындатуда өмірін қыршын еткен қазақ жауынгері. Ол туралы жиен қарындасы Қарлығаш Минажеваның: «Нағашы әжемнің айтуынша, нағашым Совет Армиясы қатарында жауынгерлік борышын өтеп, 1941 жылдың күзінде ауылға оралады деп жүргенде, соғыс басталып, сол жақтан соғысқа аттанып, оралмады», — деген еді.

Жоғарыда айтылған фотосурет Бөкей ордасы тарихы музейінің Ұлы Отан соғысы залына қойылған. Ол — соғыс басталардан бір жыл бұрын, 1940 жылы әскери форма киген бес жауынгер түскен фотосурет. Суреттің артқы жағына Мұхамбетов Манас, Сақауов Жұмағұл, Оразғалиев Қадыр, Дауленов Төлеген, Қойшанов Рахман – деп көрсетілгенімен, қай қала екендігі жазылмаған.

Екі жылдай ағайын-туысқанынан хабарсыз қалған жауынгердің сағынышқа толы хатынан көп сырды аңғаруға болады. Жауынгер хатты қарындасы Жұмазияға жазған екен. Хаттағы ақам деп отырғаны, әкесі Тауенов Қойшан (Жетібай ауылының тумасы), Зиақам дегені ағасы Тауенов Зиауедин. Күншақамы — немере ағасы Сариев Күншығар (Ұлы Отан соғысының ардагері, Бисен кеңшарында көп жыл мал бақты). Ол Асыл, Ерсайын,

Рәзия, Ертай, Елтай, Сара, Лиза Сариевалардың әкесі. Нағашылары — Ержанов Мұхит, Жұбанышов Ержан, Ғайнуш. Жұмазия апай Чапаев ауылында тұрған. Ал Мәнзия апай Орда орман шаруашылығында директор болған Минажев Салауат ағайдың зайыбы, Марфуға апай Сабиров Қабес ағайдың зайыбы. Марфуға апай ағасының өзі жоқ болса да, аты өшпесін деген мақсатта немересін Рахман деп атапты.

Бұл музей қорындағы майдангер ағалардың хаттарының бірі ғана. Бүгінде өздері жоқ болғанымен, сөздері қалған жауынгерлердің қан майданнан жолданған хаттары тарих бетіне мәңгі жазылып қалды.

Ғ. ҚҰТМАНБАЕВА,

Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің мұрағатшысы

 

Суретте: 1-қатарда (солдан оңға қарай) отырған Қ. Оразғалиев, Ж. Сақауов, М. Мұхамбетов. 2-қатарда тұрғандар Р. Қойшанов, Т. Дәуленов. 3.05.1940 жыл.


Сыр бойынан сазды сәлем

Күні: , 69 рет оқылды

IMG_9227


Дүйсенбі күні облыстық қазақ драма театрында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Наурыз мерекесіне орай Қызылорда облыстық филармониясы өнер ұжымының «Азат елдің ақ таңы» атты концерті өтті.


Сахна шымылдығы ұлт аспаптар ансамблінің орындауындағы Н. Тілендиевтің «Ата толғауы» күйіне қойылған «Томирис» би ансамблінің «Аса таяқ» биімен ашылды.  Концерт одан әрі Л. Хамидидің «Қазақ вальсі», Т. Қалауовтың «Қызылорда вальсімен» жалғасын тапты. Жалын Жүсіповтің орындауындағы Абайдың «Көзімнің қарасы», жыршы Марат Сүгірбайдың репертуарындағы Молдабайдың әні «Молдабай», Сәрсенбайдың толғауы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сыр елінің сұлулары Назым Тілеулесова мен Назерке Нұрадинова Шәмші әндерінен попурриді әдемі орындап, көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл кеште ұлт аспаптар ансамблі шетелдік классиктердің, жергілікті композиторлардың шығармаларын орындады. Заманауи эстрадалық әндер де шырқалды.

С. Байсейітова, Б. Молдабергенов, А. Тәңірбергенов, Н. Батырқұлов секілді әншілер  көрерменнің  ықыласына  бөленді.

— Сыр елі өнерпаздарының Ақ Жайық өлкесіне бұл алғашқы сапары емес. Өнер жолындағы әріптестік бұдан кейін де жалғасын таба беретініне сенімдіміз. Алдағы уақытта Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестріне шеберлік сыныбын өткізу үшін Дәулеткерей атындағы оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Еркін Нұрымбетов пен жыршы-термеші Қатимолла Бердіғалиевті шақырып отырмыз, — дейді аталмыш оркестрдің көркемдік жетекшісі Азиза Іздеқұлова.

Ләззат  ШАҒАТАЙ

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Азаматтан айырылдық

Күні: , 209 рет оқылды

азамат калымбетов


Белгілі журналист, жерлесіміз, әріптесіміз Азамат Қалымбетов мезгілсіз дүниеден өтті. Кенеттен келген белгісіз дерт жарты жыл ішінде арыстай азаматты ажалдың ауылына алып кетті.


Азамат Кеңесбайұлы Орал облысының Тайпақ ауданы, Қарауылтөбе ауылында туып-өсті. 1980 жылдардың соңында Тайпақ аудандық «Ленин жолы» газетінен Азаматтың алғашқы өлеңдерін көретінбіз. Кейін 1989-1994 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетінде білім алды. Қай жерде жүрсе де ақжарқын, шыншыл, әділ қалпынан танбайтын.

Азаматтың журналист ретінде аты шығып, елге танымал болған кезеңі – «Хабар» агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті  тілшісі болып қызмет  істеген тұсы еді. «Республикалық БАҚ өкілдері жергілікті жерде қалай қызмет ету керек?» деген сауал қойылса, Азаматты мысалға келтірер едік. Кәсіби қызметіне адал, ешкімнің көңіліне қарап, жалтақтамайтын, ешкімнен қорықпайтын батыл әрі әділ тілші ретінде Азамат халыққа жақты. Сол кездері оның телефонына тыным болмайтын, кеңсесінен адам үзілмейтін. Азаматтың аты естілген жерде небір атышулы әкім-қараның өзі айылын жия қоятын.

Азамат Кеңесбайұлы тәуелсіз Қазақстанның жаңа телевидениесін қалыптастыруға бір адамдай үлес қосты. «Хабар» агенттігінің Әзірбайжандағы тілшісі, «Қазақстан» ұлттық арнасы жаңалықтар қызметінің бас редакторы, «Хабар» арнасындағы «Бизнес жаңалықтар» телехабарының бас редакторы болды. Тәуелсіз телеарналарда да қызмет етіп, отты нүктелерден жаңалық таратты. Оның әділетсіздікке төзбейтін мінезі, қазақ-орыс тілдерін тең меңгерген кәсібилігі көрерменді де, әріптестерін де тәнті ететін.

Сол Азамат досымыз 2015 жылдың соңында кенеттен ауруханаға түсті. Соңғы рет желтоқсанның 20-сында сөйлесіппіз. Белгісіз дерттің сырын таппай, дәрігерлер де, ағайын-достар да ұзақ сарсылды. Азаматтың абыройы, халық алдындағы қадірі сол кезде анық білініп еді. Ғаламторда Азаматқа қолдау білдірген, рухани да, материалдық та көмек көрсетуге ұмтылған халықта есеп болған жоқ. Тіпті әлемнің кез келген ауруханасына апарып, ем-дом жасауға ағайындары мен әріптестері әзір еді. Бірақ дәрігерлер сырқаты меңдеп кеткен Азамат жол көтере алмайтынын айтқан. Амал қанша, осылайша арыстай азамат 45 жасында  өмірден өтті.

Біз, достары мен әріптестері, Азаматтың отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Иманың жолдас, жаның жаннатта болсын, Азеке!

Достары мен әріптестері

Азамат  Қалымбетовпен қоштасу рәсімі  Орал қаласының Солтүстік-шығыс  шағынауданындағы  41-үйдің  6-пәтерінде  1  сәуір  күні,  сағат  10.00-де  басталады.


Көлтабандар тағы құрғап қалмай ма?

Күні: , 171 рет оқылды

колтабандар


Жаңақала  ауданы әкімі Л. Хайретдиновтің төрағалығымен өткен кеңесте аймақтағы өзекті мәселенің бірі  көлтабандарға су жинау кеңінен талқыға түсті.


Осы бағытта өрбіген кеңеске «Орал-Каспий» бассейндік инспекциясы директорының орынбасары Ғ. Азидуллин, «Қазсушар» РМК БҚФ директорының орынбасары Т. Ғұмаров, аудан әкімінің орынбасары Д. Закарин, «Қазсушар» РМК БҚФ Жаңақала аудандық учаскесінің инженергидротехнигі Е. Төлеуғалиев, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж. Семенов, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалықтарының басшылары  қатысты.

Алдымен аудандағы судың бүгінгі жай-күйі туралы «Қазсушар» РМК БҚФ Жаңақала аудандық учаскесінің инженер-гидротехнигі Е. Қамысбайұлы баяндама жасады.

— Биыл Жайықтан су орта деңгейде келеді деген болжам бар. Қарасу көлтабанына су жіберу 20 наурызда басталады. Қазір Дөңгелектен 9 текше метр су түсуде. Көлтабандарға 7 сәуірге дейін ең көп су алынады. Алайда оның ысырабы өте көп. Сонан кейін Сәнкібайға екі апта су берілмек. Сондай-ақ Қарасудан кейін Ақбалшық, Соркөл, Қисыққамыс көліне жібереміз. Қараөзен, Сарыөзеннен су алу жайына орай Ресейге өкілдер аттанып кетті. Келгесін жоспар жасалады. Қазір келер судың деңгейін білмей отырмыз. Өткен жылы су өте аз келді. Негізінен жыл сайын 79 млн. текше метр су алатын едік. Биыл 48 млн. текше метрге ғана бөлінген қаражат бар. Мәселе әлі де шешілген жоқ. Шешілмесе, жағдай өте ауыр. Сондай-ақ Мұқырды былтыр кептіріп алып едік, биыл басты назарда ұстаймыз. Сәнкібай арнасын көтереміз. Ауысатын қақпалар да ауыспай қалды. Оларды да ескереміз.  Айта кетсек, былтыр судың құны 1 теңге 40 тиын болса, биыл 1 теңге 60 тиынға жетпек. Берген суға ақы алынады, — деген «Қазсушар» РМК БҚФ директорының орынбасары Т. Ғұмаров аудан әкімінен аудандағы 5000 гектар көлтабанның құжатын дайындап, «Қазсушарға» беруін сұрады.

Отырыста шаруа қожалығының жетекшілері Н. Бекмашев пен Б. Жағыпаров та су тапшылығына алаңдаушылығын жасырмады. Бірі – қақпа жөндеп жатуға уақыт жоқтығын, қазір алынған судың өте тиімділігін, бар мүмкіндікті пайдаланып, нәр беру керектігін айтса, екіншісі ең соңғы арналарға дейін ылғалды жеткізбей, бітеп тастайтынына өкпе-назын білдірді. Ал «Бірлік» мал зауытының директоры Қ. Ешимов:

— Мәселе дұрыс көтеріліп отыр. Жоғары Сәнкібайға біраз су алынды.

7 сәуірге дейін су алынса, біз үлгермейміз. Себебі қақпаның бәрі су ұстап тұрса, екі аптада су алуға болады. Шындығына келсек, қақпаның біреуі де  ылғал ұстамайды. Енді амал жоқ, қаппен бітеп алуымыз қажет. Қазір 25 көлтабаннан бастап су толып тұр. Алайда біздің көлтабанда су жоқ. Су далаға кетуде. Әркім бір қожайын. Сонымен қатар біз алты қақпаны ғана жөндеп ұстап тұрмыз. Бәріне бірдей күш жетпейді. Енді тәртіп болмаса, су ысырапқа ұшырап, ауыл түгел топан астында қалуы ықтимал. Екінші мәселе – Ақбалшық. Бұнда да былтыр суды кеш алдық. Ақы төлейміз, суды кеш әрі толық бермейді. Ол көп жерге жетпейді. Жолдағы шаруа қожалықтары арнаны бітеп алып, қиыншылық келтіреді. Биыл шөп қорын да тауыстық, су келмесе, жағдай өте ауыр. Оны алуда жүйе, тәртіп керек, — деп кейбір келеңсіздіктің жай-жапсарын ашық жеткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Д. Закарин судың жүру бағытын реттеп отыруға бір қызметкер бекітілгенін, қақпаны сол жердегі шаруа қожалықтары бірігіп жөндеуге болатынын тілге тиек етті.

— Келген негізгі мақсатымыз – келер судың жағдайын қарау, көктемгі тасқынның алдын алу. Қазақстанның барлық су қоры мемлекеттің меншігінде. Ешкімнің суды заңсыз бөгеуге, тоқтатуға, өзінің жеріне шығаруға құқы жоқ. Ондай жандар жауапкершілікке тартылады. Біз судың 80 пайызын Ресейден аламыз. Жайық өзені бойынша 5,5-7,5 млн. текше метр  су келеді деген болжам бар. Өткен жылы  2 млн. текше метр су келді. Бұл – жылдағы орташа мөлшерден 2,5 есе аз. Қараөзенге келер судың орташа көп жылдық көрсеткіші 187 млн. текше метр болса, биыл 180 млн. текше метр су келеді (Қазгидрометтің мәліметінше). Бұл мөлшерден аспайды.  Ал Сарыөзен бойынша керісінше екі-үш есе көп келеді деген мәлімет бар. Алайда ресейліктер «Су жоқ» деп отыр. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін арнайы комиссия Ресейге кетті, — деді жиында «Орал-Каспий» бассейндік инспекциясы директорының орынбасары Ғ. Азидуллин.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала  ауданы


Лондон көшесіндегі тәртіп және ағылшын үнемшілдігі

Күні: , 100 рет оқылды

(Жалғасы. Басы өткен санда)

SKU_5313


Солтүстік теңіздің жағалауында орналасқан Лондонда күн салқындау, жаңбырлы болатын шығар деп ойлап, жылы киімдерімізді, қолшатырларымызды ала барған едік. Ұшақтан түскен бойда ондағы ауа райы біздегі мамыр айындағы секілді май тамып тұрғанын аңғардық. Әуежай ішінде бізден басқа қалың киінген адам көрінбейді. Араларында жеңіл жиде (футболка), шолақ шалбар (шорты) және аяғына кебіс ілгендер де бар. Біздің үстіміздегі қалыңдау киімдерді көрген кейбір жандар бұлар солтүстіктен, ауа райы салқын елдің бірінен келген шығар деп, біртүрлі  таңданыспен қарағаны байқалды…

Лондон шаһары,

12.03.2016 жыл


Шағын автобусқа отырып, әуежайдан Лондонға қарай жүйткіп келе жатырмыз. Көліктің артқы жағында үстел қойылыпты. Бұл бізге күнделік жазуға мүмкіндік туғызды.

Қаланың сырт жағында шаруа қожалықтары орналасқандығын көрдік. Аумағы ат шаптырым болатын жасыл майсалы жер телімдері қоршалып тасталған. Кейбір жерлерде ірі қара, ауыр жүк тартатын жылқылар жайылып жүр. Бізді әуежайда күтіп алған Британ кеңесінің Лондондағы бас кеңсесінде қызмет атқаратын Малгося Розвадовсканың айтуынша, фермерлерге мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіледі. Ғаламтордан алынған мәліметтерге қарағанда, шаруалар елге қажет ауыл шаруашылығы өнімдерінің төрттен үшін өндіреді. Олар ішкі нарықты арпа, сұлы, картоп, құс, шошқа еті, жұмыртқа, сүт сынды өнімдермен толық қамтып отыр. Десек те, британ экономикасында ауыл шаруашылығы саласы жетекші орында емес. Англияның жалпы ішкі өнімінің 1 пайызы ғана осы салаға тиесілі. Жұмыс істейтін тұрғындардың тек 2 пайызы агросекторда нәпақаларын тауып жүрген көрінеді.

Міне, жиырма бес шақырымды артқа тастап, Лондонға да кіріп келе жатырмыз. Көше бойындағы тазалық бірден көзге түседі. Жап-жасыл гүлзарлар мен саябақтар, көненің көзіндей болған ғимараттар шаһарды әдемі кейіпке бөлеп тұр. Көше бойындағы тазалық пен көркемдікті ешкім бұзғысы келмейтін секілді. Әудем жерде жасы елуден асқан бір ағылшындық қоқыс контейнерінің (мұндағы контейнерлерге дейін әдемі жасалған) жанында темекісін тартып болып, тұқылын контейнерге тастап жатқанын көзіміз шалып қалды.

Британ астанасындағы көлік жолдары тым тар деп ешқашан ойламаппыз. Олармен салыстырғанда, Оралдың көшелері әлдеқайда кең. Содан да болар, «Джип» секілді ірі көлік атаулы жоқтың қасы.

Жол бойында көбіне шағын көліктер. Бәрінің басқару тұтқалары (руль) оң жақта орналасқан. Және көліктер бір-біріне тақалып, жапжақын жүретінін қайтесің. Көп кешікпей жүргізушілердің біреуінің жүйкесі сыр беріп, жол-көлік оқиғасы болатын шығар деп ойлағанбыз. Қателесіппіз. Ешкім соқтығысқан жоқ. Бір-біріне жол беріп, ыммен түсінісуде. Сол сәтте біздегі әкімшілік полиция қызметкерлерінің «Жүргізушілерімізде өзара түсіністік, сыйластық жоқ. Жол-көлік апатына негізінен осы жағдайлар себеп болады» деген сөзі есімізге оралды. Бір-біріне «Тез жүр!» деп дабыл беретін, өзара түсінісе алмай, түсе қалып, қызыл кеңірдек болатын жүргізушілерімізді осы жаққа бір әкелсе ғой деген ой келді. Бізде жол-көлік оқиғаларына такси жүргізушілерінің кінәлі болып жататын кездері аз емес. Ал мұндағы таксист жауапкершілігі жоғары жүргізуші болып саналатынын естіп, тағы таңғалдық. Шағын автобусымыздың жүргізушісінің сөзіне қарағанда, Лондонда кез келген жан такси жүргізушісі бола алмайды. Таксист болу үшін төрт жылға жуық уақыт оқып (оқу кезінде оларға Лондон тарихы,  гид қызметі туралы жан-жақты тәлім беріледі), арнайы лицензия алу керек. Сосын бұрынғы заманғы көлік дизайнында шығарылған қара түсті «Остин» ныспылы көлігін (оны ағылшындықтар «Блэк кэб» деп атайды) сатып алып барып, қызметіне кіріседі. Айтпақшы, алғашқы такси осы Лондонда пайда болған көрінеді. ХVІІ ғасырда жалдамалы атты жасақтар ағылшындықтарға тасымал қызметін көрсете бастаған. «Кабриолет» деген мағынаны білдіретін екі дөңгелекті арба — «кэбтар» ХІХ ғасырда шығып, олардың қызметтерін пайдалану бірте-бірте жергілікті халықтың өмір салтына енген. Ат-арбаларды  соңынан темір көліктер алмастырған.

Лондонның тағы бір нышаны — екі қатарлы қызыл автобустар. Даблдеккер деген атауы бар бұл қоғамдық көлік жолаушылардың сыйымдылығын арттыру үшін шығарылған. Нақтылап айтсақ, осындай бір қоғамдық көлікке 80 адам еркін сияды. Қос қабатты автобустардың лондондықтарға қызмет көрсетіп келе жатқанына да бір ғасырдан асыпты.

Лондон шаһары,

12.03.2016 жыл

Міне, қонақүйге келіп жайғастық. «Russell Hotel» деп аталатын сегіз қабатты қонақүйіміз 1898 жылы бой көтерген. Сондықтан мұнда ХІХ ғасырдың аяқ кезіне тән белгі көп. Қонақүйдің кіре беріс есігінің алдында сол кездегі үлгімен киінген швейцарды көруге болады. Қонақүй, бөлме ішіндегі жиһаздар да сол заманнан сыр шерткендей. Десек те, қонақ үйде заманауи технологиялар да қолданысқа кеңінен енгізілген. Бізге бұйырған №117 бөлмеге кіріп, жарық жағайық деп тетікті бассақ,  шам жанбайды. «Не болды екен, электр қуаты келмей тұр ма, әлде бір жерде ақау бар ма?» деп қараңғы бөлменің ішін шарлап жүргенімізде, электр қуатын қосу тетігінің (включатель) артында орналасқан ұяшыққа көзіміз түсті. Сол ұяшыққа есігімізді ашқан картамызды салып едік. Жарық қосылды! Картаны кері алып едік, жарық сол бойда өшіп қалды. (Негізі мұндай жүйе біздің елдегі соңғы жылдары салынған кейбір қонақүйлерде бар екендігін естігенбіз). Жарық демекші, бөлменің орта тұсында аспалы шам атаулысы жоқ. Кіре берісте, ваннада және кереуеттің жанында екі шағын шам ғана бар. Бұл сөз жоқ, электр қуатына айтарлықтай үнем. Әр қабаттағы 20-30 бөлмеден қанша үнем болатынын іштей есептей беріңіз?! Үнемшілдік мұнда тек электр қуатына қатысты еместігін байқадық. Киімдерімізді ауыстырып, заттарымызды орналастырып болған соң, бөлменің іші салқындау екенін сездік. «Батареялар жөнді жылымай тұр ма екен?» деп терезе жабындарын көтеріп қарасақ, бізде бөлме қабырғасының төменгі жағында тұратын жылу батареясы мұнда жоқ. Барлық жерді қарап шықтық, көрмедік. Сөйтіп жүргенімізде, кіреберістің қабырғасында тұрған датчикке көзіміз түсті. Тетіктерін басып көрдік. Бір мезетте жоғары жақтан жылу үрлегендей болды. Қарасақ, бөлме төбесінде беткі жағы ғана көрінетін желдеткіш орнатылған екен. Ең жоғарғы көрсеткішке қойып, бөлмеміздің тез жылытып алуды ниет еттік. Алайда біз ойлағандай болмай шықты. Он-он бес минуттай жылы ауа үрлеген соң желдеткіш өзі айырылып қалды. Бөлме салқындай бергенде, автоматты түрде қайта қосылды. Осылайша салқын да емес, ыссы да болмай, бөлме ішінде орташа температура ұсталып тұрды. Ал әжетханаға барғанымызда, унитаз багының үстіңгі жағында қос тетік орналасқанын көрдік. Біріншісін басқанымызда, аз ғана су ақты (бұл кіші дәретке арналған). Екіншісін басқанда, бактегі су толығымен шығып, унитазды тап-таза етіп жуып салды. Ағылшындар судың сұрауы бар екенін мықтап ескереді екен…

Лондон шаһары,

12.03.2016 жыл

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

Орал-Астана-Лондон-Астана-Орал

(Жалғасы бар)


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика