Мұрағат: 27.02.2016


Кәсіби мамандардың ұстаханасы

Күні: , 236 рет оқылды

IMG_2181


«Қазақстанның жас азаматтары! Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда».


ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауынан Облыстық білім басқармасының деректеріне сүйенсек, ағымдағы оқу жылы өңірдегі 38 колледжде 20,5 мың студент 77 мамандық бойынша білім алуда. Олардың 47 пайызы техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы мамандықтарын игеруде. Облыс орталығында құрылыс мамандарын даярлайтын оқу орындарының бірі – Орал  политехникалық колледжі. Жақында өңіріміздегі кәсіби мамандардың ұстаханасына айналған колледжде болып, тыныс-тіршілігімен танысқан болатынбыз.

— Алғашқы жылдары бұл білім ошағы Жайық өзенінің ескі арнасы маңында құрылған болатын. Ол кезде өзен жағасында орналасқан бірнеше брезент шатырда мектеп әкімшілігі, оқу кабинеттері және оқу-өндірістік шеберханалар орналасты. Қазіргі оқу ғимараттарын сол жылдары еңбек еткен өндірістік оқыту шеберлері, ұстаздар және оқушылар өз қолдарымен тұрғызды. Құрылыс басталған кезде тас қалаушылардың жұмысын жеңілдету мақсатында күн сайын сабаққа келген әрбір оқушы салынып жатқан ғимаратқа 7 кірпіштен әкелуді дәстүрге айналдырды. Сол қажырлы еңбектің арқасында осындай ғимараттар салынды. Біздің оқу орнының алғашқы оқушылары Украинаның Харьков және Полтава қалаларынан келген ерікті-комсомолдар болды. Алты ай ішінде олар құрылысшы мамандықтарын игеріп, Орал өңірінің тың игерушілеріне арналған алғашқы үйлердің құрылысын бастап кетті, — деп еске алады сол кездегі №30 құрылыс училищесінің директоры Борис Пальгов (суретте).

Училищенің іргетасы қаланған жылдан бастап 30 жыл бойына басшылық еткен Борис Пальгов ақсақал биыл 90 жасқа толды. Бар саналы ғұмырын кәсіби мамандар дайындауға арнаған ардагер – бүгінде жастардың тәлімгері.

 Колледж қазір 5 мамандық, 10 біліктілік бойынша кәсіби шеберлерді даярлайды. Колледжде мемлекеттік тапсырыс негізінде еңбек нарығындағы жоғары сұранысқа ие қаңқа-қаптама құрылымдар құрастырушысы, құрғақ әдіс құрылысының маманы, өңдеу құрылыс жұмыстарының шебері (мастер по сухому методу строительства),  техник-құрылысшы, автомобиль кранының машинисі, автокөлік жөндеуші слесарь, газэлектрмен дәнекерлеуші, құрылыс шебері, сылақшы-сырлаушы, жарық беру және жарықтандыру желілері бойынша электрмонтаждаушы, тас қалаушы секілді құрылыс мамандықтары бойынша 700-ге жуық оқушы білім алуда.

60 жылдық тарихы бар оқу орны күні бүгінге дейін 15 мыңнан астам құрылысшыларды дайындап, еңбек жолына аттандырды. Облыстың және қаланың өндірістік нысандарында, жүздеген тұрғын үйлерінде колледж түлектерінің қолтаңбасы бар.

Колледждің материалдық-техникалық әлеуетіне 24 пәндік оқу кабинеттері, 3 зертхана, 9 шеберхана, спорт залы, акт залы, 25 орындық оқу залы, кітапхана, 250 орындық асхана кіреді. Сонымен қатар ғаламтор желісіне қосылған екі компьютер кабинеті, 5 ЛСД панель және мультимедиялық мінбермен, 11 интерактивті тақтамен қамтылған кабинеттер бар.

Облыстық білім басқармасының 2014 жылғы 8 шілдедегі №597 бұйрығы негізінде Орал политехникалық колледжі дуальды оқытудың элементтерін енгізу бойынша экспериментті алаң болып табылады. 2014-2015 оқу жылында 1403082 – электргаз дәнекерлеуші мамандығы бойынша дуальды оқыту жүйесінің элементтері оқу үдерісіне енгізілген.

Осы мақсатта колледж «Металл бұйымдары», «Орал құю-механикалық зауыты», «Уральскстройинвест» ЖШС-лар, «Оралагрореммаш» АҚ сынды ірі кәсіпорындармен әлеуметтік серіктестік туралы меморандумға қол қойған.

— Біздің колледж 2012 жылы Дүниежүзілік қайта құру және даму банкінің қаржыландыруымен жүзеге асырылып отырған «Техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту» жобасы аясында, «Ішкі санитарлық-техникалық қондырғыларды, желдеткіштерді және инженерлік жүйелерді құрастыру және пайдалану» мамандығының «Электргаз дәнекерлеуші» біліктілігін дамыту үшін 56 млн. теңге көлемінде грант иеленген облысымыздағы бірден-бір оқу орны. Институционалды даму жоспарын жүзеге асыру мақсатында колледжде электргазбен дәнекерлеуші зертханасы жабдықталып, шеберханаларға жаңа технологиядағы дәнекерлеу аппараттары орнатылды. Жалпы, дуальды оқыту жүйесін енгізу барысында әлеуметтік серіктестікті дамытуға ерекше көңіл бөлінетіні анық. Колледжде бұл бағыттағы жұмыстар жыл өткен сайын жандануда. Бүгінгі таңда колледждің материалдық-техникалық базасы қаламыздағы кәсіпорындар талаптарына толықтай сай жабдықталған. Ағымдағы жылы «Әлеуметтік серіктестіктермен жұмысты жүйелі ұйымдастырған колледж – 2015» облыстық байқауының ІІ дәрежелі жүлдесін иеленді. Сонымен қатар «Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту» жобасын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік даму және қайта құру банкінің алғысхаттарымен марапатталдық. Бұл марапаттар – біздің оқу орны үшін үлкен жетістік. Жалпы, Елбасымыз жыл сайынғы халыққа Жолдауында кәсіби жұмысшы мамандарды дайындау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу керектігін айтуда. Болашақта осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда колледж ұжымы аянбай қызмет етеді деген сенімдемін, — дейді колледж директоры Қанат Қырықбаев (суретте).

Бізді колледждің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырған директордың оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Гүлмира Төрешованың (суретте) айтуынша, колледждегі оқу-әдістемелік жұмыс та жақсы жолға қойылған. Оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері жүйелі түрде облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференция, семинарлар мен байқауларға қатысып отырады. Сонымен қатар жекелеген инженер-педагогтар Беларусь Республикасы, Германия, Түркия сияқты шет елдерге біліктілік арттыру курстарына барып, өз тәжірибелерін шыңдаған.

Өткен оқу жылында колледж студенті Марс Мақсот (суретте) электргазбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша «Кәсіби маман – 2015» халықаралық кәсіби шеберлік байқауында жүлделі І орынды иеленген. Ал Марстың өндірістік оқыту шебері Ерлан Мұсағалиев «Үздік электргаз дәнекерлеуші өндірістік оқыту шебері» облыстық байқауында бас жүлдегер атанған.

— Қазіргі өмірді көп қабатты үйлерсіз, зәулім ғимараттарсыз елестету мүмкін емес. Ал өз кезегінде олардың құрылысы дәнекерлеу жұмыстарынсыз жүргізілмейтіні белгілі. Үйдің жылылығы мен ыңғайлылығы электргаз дәнекерлеушінің шеберлігіне көп байланысты. Сондықтан қазіргі таңда бұл мамандық еліміздегі нағыз сұранысқа ие кәсіптердің бірі деп ойлаймын. Сол себепті электргаз дәнекерлеуші мамандығын таңдадым. Таңдаған мамандығымның шебері атануыма колледждегі дуальды білім беру жүйесі көп септігін тигізді. Орал құю механикалық зауытында машықтан өттім. Өздерін кәсіби шеберлігі жағынан көрсете білген бір топ түлектермен бірге осы зауытқа жұмысқа қабылдандым. Болашақта таңда-ған мамандығымның шебері атанып, елімнің өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді, — дейді колледж түлегі Марс Мақсот.

Жыл сайын колледжді тәмамдаған 300-дей түлектің 80 пайызы жұмысқа орналасады екен. Ал соңғы уақытта сұранысқа ие электргаз дәнекерлеуші мамандығы бойынша түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері жыл санап артып келеді.

Биылғы оқу жылында колледждің І курс студенті атанған Александр Титов өз ойын төмендегіше жеткізді:

— Мен Покатилов жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сыныбын аяқтар сәтте көптеген оқу орнының өкілдерімен қатар Орал политехникалық колледжінің өкілдері де келіп біздермен кездесу өткізген болатын. Колледждің кабинеттері, шеберханалары, студенттердің қызықты өмірі маған қатты ұнады. Әсіресе, электргазбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша өндірістік шеберханалардың жабдықталуы, онда қойылған пісіру аппараттарының сан түрі менің қызығушылығымды оятты. Міне, сол күннен бастап мен электргаз дәнекерлеуші мамандығын қаладым. Елбасымыздың өзі: «Бүгінгі күннің ең маңызды, табысты мамандықтары – дәнекерлеуші, краншы, құрылысшы, сантехниктер» деп атап көрсетті. Сондықтан осы мамандықтың қыр-сырын үйренген соң, жеке шеберханамды ашып, өз кәсібімді жандандырсам деген арманым бар. Қазіргі кезде жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуі мені осындай армандарға жетеледі. Жалпы, мен мамандық таңдаудан қателескен жоқпын деп ойлаймын, – дейді Саша.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Халықтық атағы берілді

Күні: , 105 рет оқылды

DSC_0082


Жуырда 2014 жылғы республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы, будариндік Сәндібековтер отбасылық ансамблінің «Шаңырақ шашуы» атты шығармашылық кеші өтті.


Өнер жолы әріден таныс жанұяның отағасы, Бударин ауылдық мәдениет үйінің директоры Нұрболат Сәндібеков 2009 жылы отбасылық ансамбль құрған еді. Сол жылы облыстық «Алтын ұя» отбасылық байқауында І орынды иеленсе, 2013 жылы облыстық «Өнер шамшырағы» байқауында ІІ орынға қол жеткізген болатын.

Аудан орталығында өткен кеште өнерлі отбасы сахна шымылдығын ХХ ғасырдың дүлдүл ақыны Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнімен ашып, «Қазағым», «Қараторғай», «Қазақтың қыздары», «Мир не прост», «Атамекен» сияқты бұрыннан таныс патриоттық әндермен көрермендерді бірден баурап алды. «Ұлың ұлықты, қызың қылықты» деп осындайда айтса керек. Отағасы Нұрболат, отанасы Гүли ұл-қыздарының өнегелі адам болып өсуіне ерекше ұмтылыс танытып келе жатқаны бұл жолы да әбден танылды. Ұл-қыздарының бәрі — Бударин орта мектебінің үлгілі оқушылары.

Концертте будариндік «Жайдарман» әжелер ансамблі, үлгілі «Сымбат» бишілер тобы сахна шырайын келтірді. Балауса оқушылардың «Әдемі» тобы мен «Әсем-ай» триосы да сүйкімді балапан мінездерімен жұртшылықты керемет әсерге бөледі. Ал ақын Сағынтай Бисенғалиев өнерлі будариндіктерге жырдан шашу шашты.

Кеш соңында облыстық халық шығармашылығы орталығының жетекші маманы Батырхан Қайыров ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 2016 жылғы 11 қаңтардағы бұйрығымен Сәндібековтер отбасылық ансамбліне Халықтық атағы берілгенін жариялап, көптің алдында құттықтауын жеткізді.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН


Жаңа Еңбек кодексінің 21 тарауға және 155 бапқа айырмашылығы бар…

Күні: , 299 рет оқылды

cg_3d_35_20091019_1267144181


Таяуда редакциямызға хабарласқан облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысының орынбасары Арман Тұйғынбетов жаңа Еңбек заңының бұрынғысынан әжептәуір айырмашылығы бар екенін айтып, жаңа заңды халыққа түсіндіру мекеме қызметкерлерінің негізгі міндеті екенін жеткізді.


Оның сөзінше,  бүгінде еліміз бойынша 8,5 миллионнан астам адам еңбек етеді. Жаңа заң осы адамдардың еңбек құқығын сақтау үшін жасақталған.

— Жаңа Еңбек кодексінің тұжырымдамалық тәсілдері халықаралық тәжірибеге, оның ішінде бірінші кезекте экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, еңбек заңнамасын ырықтандыру міндеттеріне негізделді.

Мемлекет өз тарапынан қызметкерлерге базалық кепілдіктер мен өтемақыларды, төменгі еңбек стандарттарын, негізгі құқықтары мен міндеттерін белгілеп, олардың жұмыс берушілер тарапынан орындалуына қатаң бақылау жүргізетін болады. Бұл ретте төменгі әлеуметтік стандарттар еңбек бостандығына, қауіпсіздік және гигиена талаптарына жауап беретін еңбек жағдайларына, қандай да бір кемсітусіз еңбегі үшін сыйақыға, әрбір азаматтың еңбекке қатысты конституциялық құқықтарын толық көлемде қамтамасыз етеді.

Жұмыс беруші мен қызметкерлердің арақатынастары ұжымдық келіссөздер және олардың арасындағы келісімдер мен шарттар арқылы жасалатын болады. Заңдардың қатаңдығы немесе икемділігі, ең алдымен, жұмыс орындарының және халықты жұмыспен қамтудың көзі болып табылатын кәсіпорындар үшін аса маңызды. Сол себепті жаңа кодексте жұмыс берушілер үшін азаматтарды белгілі бір көлемде жұмысқа жалдау, кадрлық көтеру, жұмыстан босату, қызметкерлердің еңбек жағдайлары мен еңбегіне ақы төлеуді анықтау рәсімдері жеңілдетілді және қызметкерлердің базалық еңбек кепілдіктері мен құқықтары белгіленіп, оларды жеке, ұжымдық шарттар мен келісімдер арқылы кеңейту мүмкіндігі қарастырылды.

Еңбек кодексінің жаңа редакциясы Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген принциптермен қатар, халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынымдары мен конвенцияларына, халықаралық еңбек стандарттарының талаптарына сай келеді. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін жаңа Еңбек кодексі 204-бапты құрайтын бес бөлімнен тұрады. Және бұл құжат бүгінгі таңда еңбек қатынастарын реттейтін негізгі нормативтік-құқықтық заң болып табылады. Қазіргі қолданыстағы Еңбек кодексінің бұрынғымен салыстырғанда 21 тарауға және 155-бапқа айырмашылығы бар, — деген облыстық еңбек инспекциясы басқармасының өкілі жаңа еңбек заңының негізгі өзгерістеріне тоқталды.

Жұмыс  берушінің сынақ  мерзімін  белгілеуге құқы  бар…

—  Жаңа Еңбек кодексі бойынша жұмыс берушінің еңбек шартын белгілі бір кезеңге (12 айдан кем болмайтын) және белгісіз бір мерзімге де жасауға құқы бар. Егер мерзімді еңбек шарты (бір жылға немесе одан да астам уақытқа) жасалған жағдайда жұмыс берушіге ол шартты қайта жасауға құқық беріледі, бірақ мұндай шартты сол мерзімге екі реттен аса қолдануға болмайды, одан кейін еңбек шарты белгісіз бір мерзімге жасалған болып саналады. Сондай-ақ жаңа заң бойынша жұмыс берушіге кез келген санаттағы азаматтарды жұмысқа қабылдаған кезде сынақ мерзімін белгілеу құқығы берілді, бұл жағдай  кәсіпорын, мекемелерге жекелеген санаттағы азаматтарды, мысалы, 18 жасқа толмаған жасөспірімдерді, жұмысқа алғаш рет кірген оқу орындарының түлектерін, мүгедектерді жұмысқа қабылдау кезінде жұмыс берушіні ынталандырады. Тағы бір айта кететін жәйт, өндіріс тоқтап қалған жағдайда, жұмыс беруші жұмысшының жұмыс орнын сақтап қалу мақсатында жұмыскерді, оның денсаулығына зиян келмейтіндей кез келген басқа бос жұмыс орнына оның келісімінсіз ауыстыра алады. Сондай-ақ тәуелді заңды тұлға шегінде еңбек қатынастарын тоқтатпай, бір ұйымнан басқа ұйымға (іссапармен жіберу) ауыстыру құқығы қарастырылған. Іссапарға еңбек шарты тараптарының жазбаша келісімімен ғана жіберуге болады, — деген Арман Орашұлы жаңа еңбек заңы бойынша жұмыс берушілердің жұмыскердің келісімінсіз оның жалақысынан ұстап қалуға құқы бар екенін айтты. Атап айтсақ, мына төмендегі жағдайларда:

1) іссапарға байланысты шығыстарды растайтын құжаттарды бермеген жағдайда, жұмсалмаған және уақтылы қайтарылмаған ақшалай сомаларды өтеу үшін;

2) еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылған кезде, жұмыс істелмеген мерзімге пропорционалды оқыту шарты болған кезде, жұмыскерді оқытуға байланысты шығындарды жұмыс берушіге өтеуді көздейтін жағдайларда;

3) жалақы есебінен жұмыскерге берілген авансты өтеу үшін;

4) осы кодекстің 95-бабының 3-тармағын қоспағанда, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын ауыстыру немесе жұмыскерді одан шақыртып алу жағдайларында.

Мүгедектерді  жұмыстан қысқартуға  болмайды

— Жаңа Кодекс бойынша жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы қызметкер мен жұмыс берушiнiң арасындағы келiсiм бойынша беріледі, — деді әңгімесін одан әрі жалғастырған Арман Орашұлы. — Жаңа Кодексте еңбек демалысының ұзақтығы күнтізбелік екі аптадан кем болмауы тиіс. Кодекс бойынша мүгедектерді жұмыстан қысқартуға болмайды және  олардың жұмыс уақытының қысқартылған аптасына 36 сағат қолданылуы солай қалдырылды. Қолданыстағы Еңбек кодексінде қосымша еңбек демалысының ұзақтығы 1 және 2-топ мүгедектері үшін 15 күнтізбелік күн болып белгіленді. Және жаңа Еңбек кодексінде алты күннен кем емес ұзақтығы белгіленді. Жаңа кодекс жұмыс берушіге штатты емес, жұмыс күнін қысқарту, қызметкерді уақытша басқа жұмыспен қамтамасыз ету секілді міндеттер жүктейді. Экономикалық қиындықтарға байланысты, мысалы, кәсіпорын жұмыс істемей қалғанда, жұмысшыларды қысқартуға жол беріледі. Бірақ оның өз шарттары бар. Мысалы, цех экономикалық қиындыққа тап болғанда қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру мүмкіндігі болмаған жағдайда жұмысшыны қысқартуға болады. Ол үшін жұмыс беруші қызметкерлерге еңбек шартын бұзу үшін негіз болған себептерді көрсете отырып, оған кемінде бір ай бұрын жазбаша ескерту қағазын беруі тиіс. Мұндай жағдайда еңбек шартының бұзылып, жұмысшының жұмыстан айырылуына байланысты оған екі айға орташа еңбекақы мөлшерінде өтемақы төлеу қарастырылған. Бұрын қысқарту жағдайында жұмысшыға тек бір айға ғана өтемақы төлеу қарастырылған болатын.

Жұмыспен қамту мекемелеріне хабарлауы тиіс

— Бұдан басқа егер еңбек және ұжымдық шарттарда хабарлаудың аса ұзақ мерзімі қарастырылмаса, жұмыс беруші он бес күн бұрын қызметкерге еңбек шартын бұзатыны туралы жазбаша хабарлауға міндетті. Тараптардың келісімі бойынша хабарлау мерзімі жұмыс жасалмаған мерзімге тең жалақы төлеумен алмастырылуы мүмкін. Хабарландыруда жұмыс беруші еңбек шартын бұзуға негіз болған себептерді көрсетуге міндетті. Сондай-ақ жұмыс беруші жұмыстан босату басталғанға дейін кемінде бір ай бұрын жұ-мыс берушінің экономикалық жағдайын әлсіретуге алып келген өндіріс, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің азаюына байланысты алдағы уақытта қызметкерлердің жұмыстан босайтыны туралы ақпаратты жұмыспен қамту органдарына беруге міндетті. Онда босатылатын қызметкерлердің лауазымдары мен кәсіптері, мамандықтары, біліктілігі және еңбекақы мөлшері, босатылуы мүмкін қызметкерлердің саны мен санаттары және олар босатылатын мерзімдер көрсетілуі керек.

Жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған әйелдермен, үш жасқа дейінгі баласы бар әйелдермен, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдармен, сондай-ақ уақытша еңбекке жарамсыз немесе демалыстағы қызметкерлермен аталған негіз бойынша еңбек шарты бұзылмайды.

Сондай-ақ ҚР Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкерлермен еңбек шартын тоқтатуға жұмыс берушінің құқығы қарастырылған, тоқтату тәртібі нақты реттелген. Жаңа кодекске сәйкес зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкермен еңбек шартын жыл сайын ұзарту мүмкіндігі бекітілген. Енді жұмысшы 63 жасқа толғанда бір ай ішінде онымен еңбек қарым-қатынасы тоқтатылуы мүмкін. Бірақ соңғы шешім тағы жұмыс берушінің еркінде, — деген Арман Орашұлы бұл жерде жастардың, оның ішінде дипломы бар мамандардың арасында да жұмыссыздықтың орын алып отырғанын ұмытпау керектігін айтты. Оның сөзінше, белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуге екі жылдан аз уақыт қалған қызметкерлерді штаттың қысқартылуына немесе аттестаттау нәтижелерімен расталған біліктілігінің жетіспеуіне байланысты, сондай-ақ жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдерінің тең санынан құрылған комиссияның оң шешімінің болмауына орай олармен еңбек шартын бұзуға болмайды.

Еңбек құқығы бұзылса, жұмыс беруші жауапқа тартылады

Арман Орашұлының сөзінше, жаңа Еңбек кодексінің жұмысшылар үшін жағымды тұстары бар. Енді кез келген қызметкер күніне 8 сағат, ал аптасына 40 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс. Сондай-ақ жыл сайынғы еңбек демалысын уақытында беру керек және ол 24 күннен кем болмауы тиіс. Еңбекке ақы төлеу мәселесінде мемлекет бұрынғыдай айлық және сағаттық жалақының ең аз мөлшеріне, мерзімінен тыс және түнгі уақыттағы жұмыс үшін төлемге, мереке және демалыс күндеріндегі жұмыс үшін төлемге кепілдік беретін болады. Жаңа Еңбек кодексі бойынша жұмыс беруші ұжымдық шартты жасау арқылы қызметкерлер өкілдерінің бастамасымен немесе жұмыс беруші актілерін қабылдау арқылы қызметкерлер жалақысының түрін, жүйесін және мөлшерін таңдауға құқы бар. Сондай-ақ  мемлекет еңбек ету бостандығы құқығына кепілдік береді. Еңбек ету бостандығы құқығына сәйкес қызмет саласын таңдау қызметкердің өзіне беріледі және қызмет түрін таңдағанда қызметкер оған қамтамасыз етілетін әлеуметтік кепілдіктердің деңгейін – кодекске сәйкес еңбекақы алу, жұмыс уақытын шектеу құқығы, ұзақтығы ең аз еңбек демалысын алу құқығы және қоғамдық әлеуметтік кепілдіктерге жататын басқа да құқықтар жайлы білуге тиіс. Қызметкерлердің еңбек құқықтары бұзылған жағдайда, жұмыс берушілер жауапкершілікке тартылады. Мысалы, жұмысқа еңбек шартын жасамай тарту, еңбекақысын уақтылы төлемеу, еңбек демалысын бермеу, күніне жұмыс істеу уақытын арттыру, жұмыста кемсітуге жол беру сынды құқықбұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Дайындаған Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Алғыс-бата ал»

Күні: , 268 рет оқылды

DMS_1978


Бейсенбі күні орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында «Алғыс айту күніне байланысты өңірдегі атқарылар іс-шаралар жоспары» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.


Оған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нұрлыбек Даумов, облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Александр Әжіғалиев, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Қауланова қатысып, тақырыпқа байланысты мәлімдеме жасады.

— Еліміз биыл тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өткелі отыр. Мұны Қазақстандағы тыныштық пен қоғамдық келісім, Президентіміздің бейбітшіл саясатының салтанат құруы деп ұғамыз. Бұл күн тағдырдың жазуымен қазақ жеріне қоныс аударған түрлі ұлттардың миллиондаған өкілдерінің құтты мекеніне айналған қасиетті жерге, қонақжай қазақ халқына деген ерекше тағзымның белгісі болмақ, — деді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары.

«Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Александр Әжіғалиев алдын ала белгіленген іс-шаралар кестесіне орай 1 наурыз – Алғыс айту күнінде облысымыздағы ұлттық-мәдени орталық өкілдері кәсіпкерлердің қолдауымен мұқтаж жандарға материалдық көмек көрсететінін айтты. Ол сондай-ақ дәл осы күні дүниеге перзент әкелген аналарды мереке құрметіне арнайы сыйлық күтіп тұрғанын мәлімдеді.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Қауланова аталмыш басқармаға қарасты мекемелердің мерекеге орай жасақтаған іс-шаралар тізіміне тоқталып өтті. Оның мәлімдеуінше, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Депортация тарихы», «Ұлттық келісім – саяси тұрақтылықтың негізі», «Қазақ еліне тағзым» атты бөлімдерден тұратын «Бір шаңырақ астында» атты кең көлемді кітап көрмесі жасақталып, ұлттықмәдени орталықтар өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан – баршамыздың ортақ Отанымыз» атты тарихи-танымдық кеш өткізілмек. Сонымен қатар осы күні Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Ризашылық пен мейірімділік» марафоны жүзеге асырылады. Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханада «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты тақырыптық кеш өткізіліп, «Бір шаңырақ астында» циклі бойынша дайындалған кітаптарға шолу жасалады. Облыстық драма театрларда Б. Федотовтың, Н. Мусаеваның балаларға арналған ертегілері қойылады. Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында студенттер және этномәдени орталық өкілдерінің қатысуымен «Мың алғыс» атты әдеби-музыкалық кеш өтпек. Облыстық жастар шығар-машылығы орталығында «Шын жүректен» атты мерекелік концерт, облыстық қарттар үйінде «Қарттар – асыл қазынам» мереке-лік бағдарламасы өтеді. «Көшім» балалар неврологиялық диспансерінде «Жылы жүрек» атты концерт ұйымдастырылады. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония қызметкерлері әлеуметтік мекемелерде қайырымдылық концерттерін өткізеді. Аталмыш мереке күні облыстық тарихи-өлкетану музейінде және оның барлық филиалдарында ашық есік күні ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ дәл осы күні сағат 11.00-де қаламыздағы Сырым Датов атындағы алаңда мерекелік мәдени-көпшілік шара өтпек. Онда тәуелсіз қазақ елінің ұлттық құндылықтарын, түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті тірлігін паш ететін, алты жүзге жуық адам қатысатын театрландырылған көріністер қойылады. Әр түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен «Қазақ еліне мың алғыс!» атты флешмоб ұйымдастырылады.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі

 

Айгүл АХМЕТОВА,

«Жайық Пресс» ақпарат орталығының қызметкері:

— Алғыс айту күніне байланысты шараларды өткізуге облыс бюджетінен қанша қаржы қарастырылды?

 

Александр ӘЖІҒАЛИЕВ,

облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры:

— Ешқандай қаржы бөлінген жоқ. Мереке өзінің атына сай адамдардың шынайы ықылас-пейілімен, одан қалды кәсіпкерлердің ерікті қолдау-көмегімен атап өтілмек.

 

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Жайық Пресс» ақпарат орталығының жетекшісі:

— Мерекелік акциялардың ауқымдылығын арттыру, халықты көбірек тарту бағытында қандай шаралар атқарылуда? Бұл шара туралы әлеуметтік желілерде қаншалықты жариялануда? Екінші сұрақ: Ассамблеяның жастар қанаты осындай мейрамдарда қандай жұмыстар атқарады?

 

Нұрлыбек ДАУМОВ,

облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

— Мектеп, колледж және ЖОО-дағы тәрбие бағытындағы сағаттарда бұл мерекенің мән-маңызы туралы айтылуда. Осы тақырыпта жастар арасында шығармашылық конкурстар, әлеуметтік желілерде посттар конкурсы ұйымдастырылуда. Ассамблеяның жастар қанаты құрамындағы белсенділер бұл күні қарттар үйі, балалар үйі секілді бірқатар әлеуметтік мекемелерде болып, мерекелік концерт, өзге де қайырымдылық шараларының өтуіне ұйытқы болады.

 

«Қазақстан – Орал» телеарнасының қызметкері:

— Мерекеге арналған көптеген шаралардың жалпы тізімі айтылды. Солардың ішіндегі ең қызықтыларына тоқталсаңыз.

 

Александр ӘЖІҒАЛИЕВ,

облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры:

— Менің ойымша, осындай мерекенің алғаш рет тойлануының өзі – тамаша дүние. Бірінші наурыз күні «Алғыс-бата ал» іс-шарасы аясында татар ұлттық-мәдени орталығы жетекшісінің жеке шаштаразында әйел адамдар үшін шаш қидыру мен сәндеу қызметі тегін атқарылмақ. «Такси Сити» зейнеткерлер, соғыс ардагерлері, әлеуметтік қолдауға ділгер отбасы мүшелері, ата-анасыз қалған балалар үшін тегін қызмет көрсетпек. Аталмыш іс-шара аясында өзге де көптеген қайырымдылық шаралары қолға алынады.


«Тәуелсіздік – туым менің ұстаған»

Күні: , 121 рет оқылды

DSC_0075


Осы аптаның бейсенбісінде Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығында ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Ғайсағали Сейтақтың шығармашылығына арналған «Тәуелсіздік – туым  менің ұстаған» атты әдеби-сазды жыр кеші өтті.


Әдеби-поэзиялық кештің шымылдығы ақынның «Орда» өлеңімен ашылды. Одан әрмен жастарға ақынның түрлі жылдарда жарық көрген «Маңдай», «Аман бол, атамекенім», «Нарынның нар ұлдары», «Ай-арудың алқасы» атты кітаптары таныстырылып, өлеңдері оқылды. Өз кезегінде сөз алған ақын кештің ұйымдастырушылары мен оқырмандарына алғыс білдірді. Сонымен қатар соңғы кезде жазылған жаңа өлеңдерін оқып, оқырмандардың қойған сауалдарына жауап берді. Ақынның кітап көрмесі мен «Түрленбеген тағдырыма тәнтімін» атты мультимедиалық-библиографиялық бейнекөрсетілім кештің ажарын айшықтай түсті.

— Айналайын жастар! Осындай кештер сендердің танымдарың кеңейсін деп ұйымдастырылып отыр. Нарында туған үлкен ағаларыңның өзі де, сөзі де салмақты. Туған жерінің құмын сүйіп өскен, анасын сағынған ақынның шығармашылығымен тереңірек танысып алыңдар. Тәуелсіздігімізге биыл 25 жыл толса, Желтоқсан оқиғасына 30 жыл. Арқаны кеңге салып, осындай отырыстарда жиналуымыз үшін осыдан 30 жыл бұрын өздеріңдей ұл-қыздар қақаған аязда итке таланып, қорлық көрді. Сондықтан қолда бар қасиетті бағалай біліңдер, оқудан жалықпай, әрдайым ізденумен болыңдар, — деді айтулы  ақын, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева.

Қала әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев ақынды шығармашылық кешінің өтуімен құттықтап,  қалалық әкімдік атынан естелік сыйлық табыс етті. Ақын «Өнерсіз халық жоқ, өлеңсіз өмір тұл!» деген  өлеңін оқыған соң шығармашылық кеш шымылдығын жапты.

Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Ардагерлердің алқалы жиыны

Күні: , 80 рет оқылды

IMG_4236


Бейсенбі күні қаламыздағы Достық үйінде облыстық ардагерлер кеңесінің VІІ конференциясы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.


Аудандық, қалалық ардагерлер ұйымдарының төрағалары, бастауыш ұйым жетекшілері, облыстық басқарма басшылары бас қосқан конференцияда негізгі баяндаманы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов жасады. Ол осыдан бес жыл бұрын өткен VІ конференциядан кейінгі атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Облыс ардагерлері Елбасының «Мәңгілік ел» құру, «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асыру, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау бағытындағы барлық іс-шараның маңызын түсінеді және олардың орындалуына күш-жігерлерін, тәжірибелерін жұмсап келеді. Бүгін өңіріміздегі 82 мың-нан астам зейнеткердің 80 пайызы ардагерлер ұйымдарының мүшесі болып табылады. Облысымызда 197 ҰОС ардагері мен мүгедегі, сегіз мыңнан астам тыл еңбеккері, Ленинград қоршауында болғандар, нацистік лагерь тұтқындары, ауған соғысы ардагерлері, Чернобыль апатына, Семей атом сынағына қатысқандар тұрады. Оларға қамқорлық, жанашырлық таныту, қолдау көрсетуді ұйымдастыру – ардагерлер ұйымдарының міндеті. Соған орай тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Аудан-ауылдардағы бастауыш ардагерлер ұйымдары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды ұдайы назарда ұстап, жастар тәрбиесіне жете мән берді және өзге де өзекті мәселелердің уақтылы шешімін табуына ықпал етуде. Дегенмен де кейбір бастауыш ұйымдарда тиісті іс-шаралар талапқа сай жүргізіліп жатқан жоқ. Мәселен, Орал қаласы бойынша барлық зейнеткердің 54 пайызы ғана есепке алынған. Кейбір жерлерде бастауыш ұйымдар ашылмаған. Ардагерлер ұйымдарының материалдық тұрғыдан жарақтануы да көңіл көншітпейді. Мысал үшін айтсам, облыстағы бір қалалық және он екі аудандық ардагерлер кеңестерінің 8-інде ғана компьютер бар. 380 бастауыш ұйымның тек 20-сы жұмыс бөлмесімен қамтылған. Жәнібек және Теректі аудандарынан басқасында ардагерлер үйі жоқ. Алдағы уақытта осы мәселелерге мән беруіміз керек, — деді Мырзағали Мұхамбетов.

Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары атқарылған жұмыстары мен шешімін таппай келе жатқан мәселелер жөнінде айтса, кейбір облыстық басқарма басшылары ардагерлерді қолдау бағытында атқарылған істер жөнінде баяндады. Мәселен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  басшысы Жанболат Иманғалиевтің сөзіне қарағанда, ҰОС мүгедектері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту бағдарламасы негізінде санаторий-курорттық емделумен, протездік-ортопедиялық көмекпен және техникалық көмекшi құралдармен қамтамасыз етілуде. Былтыр мемлекеттік әлеуметтік  тапсырыс бойынша 256 ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, оларға теңестірілген адамдар сауықтырылды. Жергілікті бюджет және демеушілер есебінен мерзімді баспасөзге 37 Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері, 1021 тыл еңбеккері тегін жазылды. Сондай-ақ 324 ҰОС-ның қатысушылары мен мүгедектері және соларға теңестірілген тұлғалар 2940,7 мың теңгенің  дәрі-дәрмегін тегін алды.

27 ардагер «Отау ТВ» ұлттық телевизиялық желісіне қосылды. Демеушілер есебінен 58 ҰОС қатысушысы мен мүгедектері 1476,7 мың теңгенің отынымен қамтамасыз етіліп, бір ардагерге 500,0 мың теңгеге тұрғын үй көмегі көрсетілді. Орал қаласы бойынша екі  Ұлы Отан соғысының ардагері тұрғын үймен қамтылды.

Облыстық жастар саясаты мәселелері бойынша басқарма басшысы Азамат Айтуевтың айтуынша, көмекке мұқтаж жандарды демеуге, егде адамдарға қолұшын беруге, қайырымдылық жасауға ұйытқы болу басқарма мен жастар ұйымдарының негізі мақсаты болып табылады. Былтыр Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында облыстағы жастар ұйымдары жыл бойы соғыс, еңбек және тыл ардагерлерінің, зейнеткерлер мен жалғызбасты қариялардың үйіндегі жұмыстарына, бау-бақша, құрылыс, қоқыс тазарту және өзге де шаруаларына көмектесіп, олардың ризашылығын алды. Жыл ішінде 100-ге жуық қайырымдылық акциялар, концерттер, кездесулер, кинофильм көрсету және өзге де шаралар  өткізілді. Биылғы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына  «25 игі іс» акциясы қолға алынбақшы. Облыс жастары аталған акция барысында ардагерлерге құрмет көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі және мұқтаж жандарға жәрдемдесуді қарастыруда.

Өз кезегінде сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңіріміздегі ардагерлер ұйымдарымен өткен бес жыл ішінде көп жұмыс атқарылғанын жеткізді. «Сіздер әлі де саптасыздар, — деді Нұрлан Асқарұлы. – Өмірлік және еңбек тәжірибелеріңіз бізге қажет. Сіздер денсаулықтарыңызға, өзге де жағдайларға қарамастан, қоғамдық-саяси, әлеуметтік маңызы бар республикалық, облыстық деңгейдегі іс-шаралардың бел ортасында жүресіздер. Жергілікті атқарушы билікпен ұйымдастырылып жатқан жиындарға белсене қатысып, жастардың, еңбек ұжымдарының жанынан табыласыздар. Сол үшін де сіздерге шын жүректен алғысымды білдіремін. Көпшілік сіздердің айтқан ескертпе-ұсыныстарыңызды қабыл алып, оны толыққанды жүзеге асыруға тырысады. Конференция барысында ардагерлер ұйымдарына ғимараттардың қажеттілігі, материалдық базаны нығайту, медициналық тұрғыдан қамту жайы турасында көп ұсыныс айтылды. Біз өз тарапымыздан бұл мәселелерді шешу бағытында жұмыстанатын боламыз».

Жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесінің, тексеру комиссиясының жаңа құрамдары сайланды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Мырзағали  Мұхамбетов  қайта  сайланды.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика