Мұрағат: 25.02.2016


Облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ: «Батыс Қазақстанға қарқынды даму тән»

Күні: , 237 рет оқылды

МД орварарпра


Кеше өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Орал қаласындағы теннис орталығы ғимаратына жиналған халық алдында есеп беріп, өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстар және алда тұрған ауқымды міндеттер туралы кең көлемде баяндап берді. Жалпы саны 2600-ге тарта адам қатысқан үлкен жиынның өту барысы «Отау» жерсеріктік жүйесі көмегімен тұтас республикаға, «Қазақстан – Орал» телеарнасы арқылы облыс көлеміне тікелей эфирде таратылды. Сондай-ақ қызығушылық білдірген жандар есептік кездесуді интернетте онлайн режимінде көруге мүмкіндік алды.


— Қайырлы күн, құрметті батысқазақстандықтар, қала қонақтары, есептік кездесуге қатысушылар! 2015 жыл еліміз үшін толағай табыстарға толы, қоғамдық-саяси шараларға бай, қазақстандықтардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақтаса еңбек еткен берекелі жыл болды. 2015 жылдың басында Президент сайлауын өткіздік. Батысқазақстандықтар да бірауыздан Елбасы қылып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлады. Бұл – халықтың болашаққа сенімі. Елбасымыздың жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастықта өзінің орнын ойып тұрып алды. Қоғамдық келісім, ұлтаралық, конфессияаралық келісім, саяси тұрақтылық, мұның барлығы – қазақстандықтардың Президентіміздің жүргізіп отырған саясатын қолдауының арқасында жеткен жетістіктер. 2015 жылы еліміз үшін маңызды тағы бір шара – Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Тарихтың шаңына көміліп қалған талай абзал азаматтарымызды, арыстарымызды үлкен сахнаға шығардық. Тәуелсіздік жолында қаза болған азаматтардың аты аталып, батырларымыз, ақын, шешендеріміз еске алынды. Біздің облыста да Бөкей ордасы ауданында республикалық шара болды. Орал қаласында, барлық аудандарда жыл бойы жоспарлы түрде іс-шаралар өткізіл-ді, – деп бастады есептік баяндамасын өңір басшысы.

Облыс әкімінің сөзінше, тағы бір атап өтетін мәселе бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуының 20 жылдығын атап өту. «Еліміздегі қоғамдық келісімге, ұлтына, тіліне, дініне, діліне, көзінің қиығына, терісінің түсіне қарамастан, барлық қазақстандықтардың көксеген тыныштығына, тұрақтылығына Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Бүгінгі күннен өткенге көз салсақ, 1995 жылы Елбасымыз қабылдаған шешім өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Былтыр Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығын атап өттік. Қоғамдық қарым-қатынастарды реттейтін барлық заңдар негізін Ата Заңнан алады. Бүгінгі таңда Елбасының тапсырмасымен қоғам мен биліктің арасын одан әрі жақындастыру мақсатында бес институционалдық реформа іске асырылуда. Осы реформаларды жүргізу үшін алпыстан астам заң қабылданды. Көбі 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Өткен жылы біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын тойладық. Күні бүгін облысымызда 197 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Соның 87-сі – соғыс мүгедегі. Біздің парызымыз – Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге лайықты құрмет көрсету. Биылғы 2016 жылы біз еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеміз. Ата-бабаларымыз аңсап, талай боздақтар қыршынынан қиылып, ұлан-байтақ жерді бізге жеткізген осы тәуелсіздікті ұстап қалу – бүгінгі ұрпақ, біздің міндетіміз. Ағымдағы жылдың 20 наурызында Қазақстан Парла-ментінің депутаттарын, әр деңгейдегі аудандық, қалалық, облыстық мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. Осы мінберді пайдалана отырып, сіздерді өз конституциялық құқықтарыңызды қолданып, 20 наурызда дауыс беруге шақырамын. Мен «Мына партияға дауыс беріңіз» иә болмаса «Ана азаматқа дауыс беріңіз» деп үгіттеуден аулақпын. Бұл – әркімнің өзінің жүрек қалауы», – деді Нұрлан Асқарұлы.

2015 жылдың қорытындысы бойынша, алдын ала есептерге сәйкес Батыс Қазақстан облысының жалпы аймақтық өнімі 1 трлн. 800 млрд. теңгені құраған. Бұл адам басына шаққанда, 1,9 млн. теңгеден келеді. Облыстың жалпы аймақтық өнімінің еліміздің жалпы ішкі өніміндегі үлесі – 4,9 пайыз. Соның ішінде құрылыс – 3,8, ауыл шаруашылығы – 4,2, көлік – 6,7, өнеркәсіп – 50 пайыз, қалғандары басқа салалардың үлесінде. Мемлекеттік бюджетке өткен жылы түскен салықтар және міндетті төлемдер 186,3 млрд. теңге болды. Соның 61,6 млрд. теңгесі жер-гілікті бюджетке түсті. 285 млрд. теңге Ұлттық қорға аударылды. Облыстың бюджеті 142 млрд. теңге құрады. Республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер жүз пайыз игерілді. Негізгі капиталға инвестициялар 28 пайыз өсіммен 354,8 млрд. теңгеге жетті. Бұл – 2014 жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар 1,6 есе өсіп, 19,6 млрд. теңгені құрады. Республиканың өнеркәсіп өндірісіндегі облыстың үлесі – 8,6 пайыз. 2015 жылы өнеркәсіпте 1 трлн. 260 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінде — 95,5 млрд. теңге. Ол нақты көлем индексінде 2014 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 28  пайызға түскен. Бұл жағдай әлемдік нарықтағы шикізат бағасының, басқа да тауарларға баға конъюктурасының өзгеруімен түсіндіріледі.

— «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша облысқа 9 млрд. 495,1 млн.  теңге бөлінген болатын. Қаржы жыл аяғына 100 пайыз игерілді. Қаражат ауыл шаруашылығын қолдауға, инфрақұрылымды дамытуға, құрылыс саласына, білім беру нысандарын салуға, жұмыссыздықты жоюға бағытталды. Индустрияландыру картасына сай жалпы сомасы 327,2 млрд. теңге болатын 40 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 2264 жаңа жұмыс орны ашылады. Индустриалдық-инновациялық дамыту бағдарламасының алғашқы бесжылдығында жалпы құны 257,9 млрд. теңгені құраған 32 жоба жүзеге асырылып, 1890 жаңа жұмыс орны ашылған еді. Күні бүгін 32 жобаның 27-сінде жоспарланған қуаттылық 70 пайыздан асты. Екі жобада жоспарланған қуаттылық 50 пайыздан асты. Орал трансформатор зауыты, «Квант» фирмасының құрама жиһаз өндірісі, «Батыс Марка Ламб» кәсіпорнының ет өңдеу өндірісі 2014 жылдың аяғында іске қосылды. Қазір осы үш жобаны жоспарлы қуатқа жеткізу үшін жұмыс жүргізілуде. Бағдарламаның екінші бесжылдығында жалпы құны 69,3 млрд. теңгені құрайтын сегіз жобаны жүзеге асыру көзделуде. Ол жүзеге асса, қосымша 374 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. 2015 жылы екі жоба жүзеге асырылды. Олар: Бөкей ордасы ауданында тауарлы сүт кешенін құру және Зеленов ауданының Белес ауылында қуаты 100 Мвт болатын газтурбиналы электр стансасын салу. Сатылатын тауар, атқарылатын қызмет түрлеріндегі жергілікті үлесті ұлғайту мақсатында жалпы сомасы 45 млрд. жуық теңгеге 39 меморандумға қол қойылды. Күні бүгін мемо-рандумдар шеңберінде жалпы сомасы 29 млрд. жуық теңге құрайтын 374 келісімшартқа қол қойылып, толық орындалды. Айналым өнімі көлемі 92 млрд. теңге құрады. Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру мөлшері 2015 жылы 7,1 млрд.  теңге болды. Ол 2014 жылмен салыстырғанда 42 пайызға көп. Оған қоса несие ресурстарын тарту 14 пайызға артып, берілген несие 5,8 млрд. теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығындағы физикалық индекс көлемі 96 пайыз құрады. Соның ішінде өсімдік шаруашылығында – 85, мал шаруашылығында – 103 пайыз. Өсімдік шаруашылығындағы индекс көлемінің төмен көрсеткіші өткен жылғы қуаңшылықпен байланысты. 2015 жылы облыстағы егістік алқабының көлемі 488 мың гектар құрады. Әйтсе де, барлық егістік алқаптарының 44 пайызын есептен шығаруға тура келді. Түсім әр гектарына 6,6 пайыздан айналды. Солай десек те, өсімдік шаруашылығында картоп, көкөніс, бау-бақша егетін алқаптар жоспарлы түрде ұлғаюда. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісе отырып, біз егіс алқаптарын әртараптандыруға кірістік. Яғни Батыс Қазақстан облысы жер өңдеуде тәуекелді аймаққа жататындықтан, дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдар алқабын азайтып, оның орнына мал шаруашылығын өрістету үшін мал азығын өсіретін алқаптарды ұлғайтатын боламыз. Бүгінгі таңда облыста жалпы аумағы 24 мың шаршы метр құрайтын 62 жылыжай, сыйымдылығы 35 мың тонналық 48 көкөніс сақтайтын қойма жұмыс істеп тұр, — деді Нұрлан Асқарұлы.

Өңір басшысының айтуынша, облыста мал басы арта түсуде. Асыл тұқымды мал өсіретін 21 шаруашылық жұмыс жасайды. 2014 жылмен салыстырғанда ет-сүт өнімдерін өндіру көлемі артқан. Ал керісінше, жұмыртқа өндіру төмендеген. Оның себебі – технология бойынша жасы ұлғайған мекиендерді ауыстыру қажет. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары орындалуы жөнінен Батыс Қазақстан республика бойынша алдыңғы қатарда.

Атап айтқанда, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 104 шаруа қожалықтарымен 1,2 млрд. теңгеге 6,1 мың аналық мал басы мен 268 асыл тұқымды бұқашық сатып алынды. «Құлан» бағдарламасы аясында 979,5 млн. теңгеге 3,3 мың бас сатып алынды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 383,9 млн. теңгеге 15,6 мың бас ұсақ мал сатып алынды.

Ауыл шаруашылығы саласында қолға алынған инвестициялық жобалар да ауқымды. Мысалы, Чапаев ауылының маңындағы «Батыс Марка Ламб» компаниясы тәулігіне 1400 бас марқаны союға қабілетті. «Тұрғындардан осы жобаға қатысты «Ашылғанына біраз уақыт болса да, оның өнімін көрмей отырмыз» деген сауал келіп түсуде. Біріншіден, өндірісті жолға қою, технологиялық процестерді реттеу керек. Өткен жылы бұл жұмыс жүрді. Биыл өндірісті дамытуға кіріседі. Сонымен қатар Сырым ауданындағы «Жібек жолы» ШҚ-ның жылына 1750 бас малды союға арналған бекеті, «Кублей» ЖШС-ның ауысымына 10 тонна ет өңдейтін қасапханасы іске қосылды.  Оған қоса 6 шағын сүт зауыты құрылысы жүргізілуде. Облыста жалпы қуаты 11 800 тоннаға арналған 5 мал бордақылау алаңы жұмыс істеуде. 2016 жылы тағы да қуаттылығы 3200 бас ірі қараға есептелген бес бордақылау алаңын іске қосу жоспарда бар. Одан басқа «Жайық-ет» кәсіпорны қуаттылығы 5700 тонна құс етін өндіретін фабриканың құрылысын бастады. Алдағы жылдың басында ол іске қосылады. Зеленов ауданындағы Январцев ауылдық округінде шетелдік инвестор томат пастасы үшін қызанақ өсіруді жоспарлауда. Үш мың гектар бөлінді. Келіссөздер жүргізілуде. Орал қаласының Зашаған кентіне алыс емес жерде ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдейтін кешеннің құрылысын жыл аяғына дейін аяқтамақ. Ол іске қосылғаннан кейін күніне 700 бас ірі қараның, 2200 ұсақ малдың терісі өңделетін болады. Сонымен қатар Чапаев ауылы маңында күніне 50 бас ірі қараны соятын цех салынуда. Ол жерде біздің жоспарымыз бойынша оңтүстік аудандардың бруцеллезге шалдыққан малын санитарлық сою жүргізілмек», — деді Нұрлан Асқарұлы.

Облыста 108 мың адам еңбек ететін 39,6 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда үш пайызға артық. Олардан бюджетке түсім 30 пайыз құрайды. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша екінші деңгейдегі банктерден алынған несие ставкаларын субсидиялауға, инфрақұрылымды дамытуға барлық қаржыландыру көздерінен 2,6 млрд. теңге бөлінді. Еуразиялық экономикалық одақ (РФ, БР, Армения, Қырғызстан) елдерін қоса алғанда сыртқы сауда айналымы 6 млрд. АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 5,1 млрд. АҚШ доллары, импорт – 0,9 млрд. АҚШ доллары.

Елбасымыздың әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен өнімдердің бағаларын негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі тапсырмасы бойынша облыста тиісті жұмыстар жүргізілуде. Көпшілік тұтынатын ең қажетті тауарлардың бағасын реттеу және сараптау бойынша облыстық штабтың жұмысы жандандырылды. Осындай штабтар Орал қаласы мен облыс аудандарында құрылды. «Штабтар бағаға күнделікті бақылау жүргізеді. Егер өсетін болса, себебін анықтайды. Үкімет қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар 33 тауар түрінің 24-ін біздің облыста өндіруге болады және өндіріп те келе жатырмыз. Азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін тұрақтандыру қоры құрылды. Қордың жұмысы жылдың басында түрлі себептермен баға жоғарылаған кезде өз тиімділігін көрсетті», — деді өңір басшысы.

Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 11 пайызға өсіп, 84,5 млрд. теңгеге жеткен. 2015 жылы жоспардағы 240 мың шаршы метрдің орнына 261 мың текше метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 4,5 млрд. теңге қаржыға алты көпқабатты үй салынған. Ағымдағы жылы жалпы сомасы 11 млрд. теңге құрайтын 15 үй немесе 1676 пәтер өз иелерін табатын болады.

— 12 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Ұлттық қордан құрылыс салуға, инфрақұрылымды дамытуға қосымша бір трлн. 300 млрд. теңгеден аса қаржы бөлуге тапсырма берді. Біз бұл сомадан 13 млрд. теңгеге сұраныс жібердік. Оның ішінде 4 млрд. 200 млн. теңге құрылысқа қажет. Егер осы қаражатқа қол жеткізетін болсақ, тағы да 4 үйді салуды жоспарладық. Ал ол 530 жаңа пәтер деген сөз. Облыста екі үй құрылысы комбинаты жұмыс істеп тұр. Олардың көмегімен апатты үйлердің мәселесін шешуді бастадық. Күні бүгін Деповская көшесіндегі екі апатты үйдің құрылысы жүруде. Біреуін күзге дейін, екіншісін алдағы жылдың басында пайдалануға береміз. Жалпы Орал қаласында 33 апатты үй бар. Оларда 1300 адам тұрады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту бағдарламасы басталғалы бері 1 млрд. 700 млн. теңгеге 216 көп пәтерлі тұрғын үй жөнделді. Соның ішінде 2015 жылы 251 млн.теңгеге 33 көп пәтерлі тұрғын үй жөнделді. Рас, жаңғырту жүргізген мекемелердің жұмысына қатысты әділ сын айтылуда. Дегенмен жергілікті атқарушы органдар, әкімдік, арнайы басқармалар бұл жұмысқа салдыр-салақ қарайтын мердігерлерді жібермеу бағытында жұмыстануда. Сондай-ақ кеткен олқылықтарды тұрғындардың қалауы бойынша санитарлық және құрылыс талаптарын сақтай отырып, қайта түзеттіруге күш салуда, – деді Нұрлан Ноғаев.

2015 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде бюджеттік несиелеу тетігі арқылы Ұлттық қор қаражаты есебінен Орал және Ақсай қалаларында жылумен қамту және су бұру желілерін қайта жаңарту бойынша 7 жобаны іске асыруға 2,5 млрд. теңге бөлініп, игерілген. 11 шақырым су бұру және 3,4 шақырым жылумен қамту жүйелері қайта жаңартылған. Республикалық бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен 12 шақырым жылу желілері, 19 шақырым су құбыры және кәріз желілері, 2600 шақырым электр желісі жөнделіп, қайта жаңғыртылып, салынған. Нәтижесінде технологиялық желілердегі ақаулар едәуір азайған. Соңғы үш жылда желілерде үлкен ақау орын алмаған.

Облыс халқының сумен қамтылуы 88,8 пайызға жетті, соның ішінде ауыл тұрғындарын қамту – 76,5 пайыз. 2015 жылы бұл мақсатқа 661 млн. теңге жұмсалды. Облыс тұрғындарын табиғи газбен қамту 92 пайызды құрады, оның ішінде ауыл тұрғындарын қамту – 84 пайыз. «Күні бүгінге дейін біз бұл бағытта қосымша жұмыс жүргізіп, газбен қамтуды 93,4 пайызға, соның ішінде ауыл тұрғындарын қамтуды 87 пайызға жеткіздік. Нәтижесінде отын ретінде көмірді, басқа да сұйық отынды пайдаланушылар азайды. Егер 2007 жылы облыс 33 мың тонна көмір, сұйық отын сатып алған болса, 2015 жылы ол 9 мың тоннадан аспады. Бұл, бір жағынан, қаржыға үнем болса, екінші жағынан, экологияға пайдалы жағдай, – деді әкім.

2015 жылы Батыс Қазақстанда автомобиль жолдарын салуға, жөндеуге 5,5 млрд. теңге бөлінді. Осы қаражатқа ұзындығы 116 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2015 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан бөлінген қаржыға Орал – Тасқала – Озинки күрежолының құрылысы басталды. Қазір 3 млрд. теңге игеріліп, 8 шақырым жол салынған. Биыл 5,5, млрд. теңге игеріліп, 30 шақырымға дейін жол төселеді деп жоспарлануда.

– «Қадірлі ағайын, бұл жерде айта кететін тағы бір мәселе – жолдардың жақсаруы кейде апатты жағдайларға әкеліп отыр. Жол қауіпсіздігі ережесі сақталмайды, жылдамдық артады, көліктер соқтығысады немесе аударылады. Соның кесірінен көптеген азаматтар қаза болды, біраз отбасыны қайғының қара бұлты шарпыды. Алысқа бармай-ақ Орал-Тасқала-Озинки күрежолының жөнделген 8 шақырымының өзінде бірнеше жол-көлік оқиғасы болып, біраз адам қаза тапты. Аудандарда халықпен кездескенімде маған сауал қойылады. «Жол жағдайы жақсаруда. Елбасы тапсырмасымен қаражат бөлінді. Енді жол апатының алдын алу үшін жол полицейлерінің санын көбейтуге ықпал етіңіз» деп өтініш жасайды. Менің айтарым – біреу. Әр жүргізушінің артына жол полицейін қою мүмкін емес, ол – болмайтын әңгіме. Ең алдымен, жол ережесін сақтау – әр жүргізушінің міндеті. Өзінің өмірі мен қасындағы жолаушылардың тағдыры көлік тізгінін ұстаған кісінің жауапкершілігінде. Сондықтан осы жағына мұқият болайық, ағайын», — деді Нұрлан Асқарұлы.

2015 жылы Шыңғырлау, Қаратөбе, Жаңақала аудандарының орталықтарына жол жеткізілген. Ауылішілік жолдар салынған. Қазіргі таңда Қазталов-Сайқын-Жәнібек күрежолының құрылысы жүруде. Бұрын Капустин Яр әскери полигонының қоластында болған қиыршық тас, құм өндіретін Жамантау, Боғда кеніштерінің Қазақстанға қайтарылуына байланысты енді жол құрылысының құны әжептәуір арзандайды деп күтілуде.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы орташа жалақы 115 мың теңгені құрады. Арнаулы әлеуметтік көмек алушылар 713 отбасы немесе 2911 адам. Салыстыру үшін айтсақ, 2005 жылы арнаулы атаулы әлеуметік көмек алушылардың саны 30 мың адам болған болса, өткен жылы 2911. Яғни он жыл ішінде көп азайып отыр. Бұған Елбасының тапсырмасымен қолға алынған бағдарламалар, кәсіпкерліктің қарқынды дамуы үлкен септігін тигізуде. Облыстағы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрайды. Халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бойынша 13083 адамды жұмыспен қамтудың әр түрлі шараларымен қамтамасыз ету жоспарланды. Есепті кезеңде 20133 адам мемлекет тарапынан жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. 2015 жылы 9510 жаңа жұмыс орны құрылып, 10637 адам жұмысқа орналастырылды.

Білім беру саласына облыс бюджетінің 30 пайызы бағытталған. Білім бюджеті 42 млрд. теңгені құрады. Мектепке дейінгі білім берудің, яғни 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдар қызметімен қамту көрсеткіші – 97,9 пайыз, республикалық көрсеткіш – 81,6 пайыз. Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы 83,62-ні құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республика Астана мен Алматы қалаларынан кейін үшінші орынға ие. Мектептердегі үш ауысымды оқу үрдісі жойылды. Апатты мектептерді жою мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен үш мектеп салынды. Педагогтар тапшылығы 11 адам. Биыл ол мәселе жабылады деп жоспарлануда. Балаларға инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептер саны 12 бірлікке артып, 230 мектепті немесе барлық мектеп санынан 59,1 пайызын құрайды. Мектеп жасындағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивті білім берумен қамту 58 пайызды құрайды. Облыстағы 38 кәсіптік білім беретін колледждің 17-сінде 18 мамандық бойынша дуальдық оқыту жүйесінің элементтерін пайдаланады.

Денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға 22 млрд. теңге бағытталған. Бұл қаражат материалдық-техникалық базаны нығайтуға, халыққа дәрігерлік қызмет көрсету сапасын арттыруға жұмсалған. Күні бүгін дәрігерлік мекемелердің медициналық жарақтандырылу деңгейі – 77,6 пайыз.

«Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде ана өлімі 2 есеге, нәресте өлімі 9,3 пайызға, туберкулезбен сырқаттанушылық 8,5 пайызға, тұрғындардың жалпы өлімінің көрсеткіші 10,8 пайызға, қан айналымы жүйесі аурруларынан өлім 5,5 пайызға, қатерлі ісік ауруларынан өлім 4,3 пайызға, жарақаттанулар мен уланулардан өлім 11 пайызға төмендеген. 2015 жылы облыс бойынша 87 жас дәрігер маман жұмысқа шақырылды. Соның 54-і ауылдық жерлерге жіберілді. Тапшылық 56 маманды құрайды.

Облыста 761 мәдениет, өнер және демалыс нысаны жұмыс істейді. 2015 жылы мәдени-көпшілік іс-шараларды жүзеге асыруға 5 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Өткен жылы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы, биыл Достық үйі ашылды. Облыстағы мәдениет ошақтары күрделі жөнделді.

Дене шынықтыру және спорт саласын қаржыландыруға 2,9 млрд. теңге бағытталды. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту туралы берген тапсырмасы орындалуда. Күні бүгін бұқаралық спортқа облыс тұрғындарының 25 пайызы тартылған. 2015 жылдың қорытындысында батысқазақстандық спортшылар түрлі дәрежедегі жарыстарда 512 медаль жеңіп алды. Орал қаласында және Қаратөбе, Жымпиты ауылдарында үш спорттық-сауықтыру кешені салынды.

— Өткен жылдың қорытындысында азаматтардан 80 619 арыз-шағым келіп түсті. 24 мыңы жер қатынастарына, 11 мыңы баспанамен қамту немесе жөндеуге, 5900-і еңбек тәртібіне, 572-сі білім саласына, 396-сы – ауыл шаруа-шылығына қатысты арыздар. 2015 жылы азаматтар тарапынан аудан, қала әкімдеріне 2014 жылы қойылған сауалдар сараланып, басымдықтары анықталып, іске асыру жоспары жасақталған болатын. Жоспарға сәйкес түскен 52 арыз-өтінімдер қаралды, тоғызы 2015 жылы орындалды, екеуі орындалу үстінде, жетеуі 2016 жылы орындалады, қалғандары қаржыға қарай шешіледі. Түсіп жатқан сұрақтар мен өтініштердің дені инфрақұрылымды дамытуға, білім, мәдениет ошақтарын салуға, жол құрылысына, газбен қамтуға байланысты. Қазіргі таңда облыстағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Әлеуметтік-экономикалық оң өсім байқалады, – деді Нұрлан Ноғаев баяндамасын қорытындылай келе.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың халық алдындағы есептік кездесуіне ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Талғат Байзатов және ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник қатысты.

Бұдан әрі өңір басшысы есептік кездесуге дейін облыс әкімдігінің сайтына келіп түскен бірқатар тұрғындардың сауалдарына жауап қайтарды.

Азон ШАЙМАРДАНОВ,

пауэрлифингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, параолимпиадашылар арасында Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы:

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуы үшін біз сізден қаладағы спорт кешендерінің бірін арнайы беруіңізді сұраймыз.

Жауап:

– Біз оларды мүмкіндігі шектеулі дейміз. Ал шын мәнінде олар нағыз мықты, жанкешті азаматтар. Зеленов ауданы әкімінің есептік кездесуіне барғанымда, Роза есімді қарындас, «Бұл адамдар мүмкіндігі шектеулі жандар емес, мүмкіндігі шектеусіз жандар» деген болатын. Өзінің ата-анасы зағип екен. Ол шын мәнінде солай. Азон, сіз көтерген мәселе біздің назарымызда. Менің қабылдауыма келіңіз, нақты нәтижесін өзіңізге айтамыз.

Мейрамбек АЙДАРОВ,

Ақжайық ауданы, Базаршолан ауылының тұрғыны:

– Базаршолан ауылында тұрамын. Бізде «Жайықтехсервис» мекемесінің қарамағындағы су жүйесі жазғы нұсқада беріледі. Үйімнен он қадам жерде су мұнарасы тұр. Солай бола , бір автоцистерна суды 1300 теңгеге құйдырамыз. Жазда бау-бақша егуге ол мүмкіндік бермейді. Осы мәселені шешіп беруді сұраймын.

Жауап:

– Су мәселесіне байланысты тиісті орындарға тапсырма берілді. Қазір Ақжайық ауданының әкімі осы шаруамен шұғылдануда.

Манарбек ӘЛЖАНОВ,

Орал қаласының тұрғыны:

– Шаһардың жаңа ықшамауданындағы жаңадан салынып жатқан алаңда мемлекеттік ту орнату мәселесі қарастырылған ба?

Жауап:

– Иә, ол мәселе қарастырылған. Мемлекеттік сараптамадан өткен жоспар бар. Алаңды жайландырып, ту орнатуға қаржы қарастырылуда. Бұл алаң болашақта ресми, мәдени-көпшілік шаралар өтетін, жалпы ел-жұрт, үлкен-кіші демалатын тамаша орын болады.

Тихон ӘЛІПҚАЛИ,

Орал қаласының тұрғыны:

– Алдын ала жарнамаланып, құрылысына қыруар инвестициялық қаржы жұмсалған өндірістік орындар құрылысы аяқсыз қалуда немесе аяқталғанның өзінде халық игілігіне қызмет істемей, тұралауы жиілеп кетті. Мысалы, Пойма ауылы маңынан салынған өсімдік майын шығаратын зауыт. Зауыт ашылғанда, тек өңірімізді ғана емес, көршілес Ресейді де өсімдік майымен қамтитыны жарнамаланған болатын. Құрылысына қомақты қаржы жұмсалып салынса да, бүгінде ешқандай өсімдік майын шығармайды. Сондай-ақ Тасқала ауданындағы цемент зауыты, Янайкин ауылындағы 8640 бас мал бордақылау орны, соңғы жылдары салынған бірнеше жылыжайлар, тағы басқалары осындай тұралап қалған өндіріс нысандарының қатарында. Солардың тұрақты қызмет жасауын қадағалайсыз ба? Жұмыс жасамайтын өндірісті басқаратын басшылар мен жұмысшыларға не үшін жалақы төленеді?

Жауап:

– Поймадағы өсімдік май зауыты кезінде «Казагроқаржы» мекемесінің қаржыландыруымен жүзеге асқан жоба болатын. Алғашында өндірісті өз қолына алған кәсіпкер белгілі бір жағдаймен бұл кәсіпті жалғастыра алмады. Кейін Мұрат Жәкібаев есімді жергілікті азамат өндірісті жалғастыруға өтініш білдіргесін сол кәсіпкерге сеніп тапсырған болатынбыз. Бүгінгі таңда ол зауыт қалыпты жұмыс жасап, өсімдік майын шығаруда. Онымен қоса жеке кәсіпкер өз қаражатына заманауи техникалар сатып алып, болашақта тек өсімдік майын емес, тағы басқа май өнімдерін шығару бағытында жұмыстануда. Ол зауыт сол маңдағы ауылдың 60 адамын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан да, Тихон аға, бір мәселе көтермес бұрын әңгіменің байыбына жетіп алу керек. Егер осы өсімдік майы зауытының жұмысын өз көзіңізбен көргіңіз келсе, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы сізді арнайы апаруға дайын. Ал Тасқаладағы цемент зауыты – жеке  кәсіпкердің өз қаражатымен қолға алынған жоба. Бұрын осы өңірді басқарған Бақтықожа Салахатдинұлы да, осы өңірде қызмет атқарған сегіз жылдан астам уақыт ішінде мен де бірде-бір рет ол кәсіпорын іске қосылды немесе жұмыс жасап тұр деген сөз айтқан жоқпыз. Кезінде жеке кәсіпкер тың бастама көтеріп, құрылыс жұмыстарын бастады. Кейін жоспары өзгерді, құрылыс тоқтатылды.

Янайкин ауылындағы 8640 басқа арналған мал бордақылау алаңы бір мезгілде емес, жылына, ауысыммен сонша бас мал бордақылауға арналған. Янайкин елді мекенінің маңындағы мал бордақылау кешені 8 мыңнан астам ірі қараны кезең-кезеңмен бордақылауға есептелген. Бір кезеңде соншама бас мал бұл нысанға сыймайды. Кешеннің бұрынғы қожайыны өз жұмысын дұрыс жүргізе алмағандықтан, бүгінде ақтөбелік кәсіпкер қолға алып, толыққанды жұмыс жасату бағытында шұғылдануда. Бағана өз есебімде айттым, сол мал бор-дақылау алаңының күшімен өткен жылы 2 мың тонна ет және ет өнімдері экспортқа шығарылды. Ал жылыжайларға келер болсақ, олар да кәсіпкерлердің өз қаражаттарына салынған. Олардың құрылысына мемлекет тарапынан ешқандай қаржы жұмсалған жоқ. Әр кәсіпкер өз пайдасы үшін жұмыс жасауға өздері мүдделі.

Мақсот БАҚТЫГЕРЕЕВ,

Деркөл шағынауданының тұрғыны, зейнеткер:

– Деркөл ауылының аумағында екінші кезеңмен берілген жер теліміне тұрғын үй салған едім. Біз тұратын ауданда әлі күнге көше атауы мен үйлердің реттік саны жоқ. «Жедел жәрдем» көмегіне жүгінсек, не көшемізді, не үйімізді таба алмай әуре болады. Көше атау-ларын беру мәселесін шешуге көмектессеңіз екен?

Жауап:

– Деркөл-2 аумағынан жеке тұрғын үй салу мақсатында кезінде 2 мыңнан астам жер телімі берілген болатын. Қазіргі заң талабы бойынша инфрақұрылым жасақталмай, жер телімін беруге тыйым салынады. Ал ол аумақтағы жер телімдері кезінде еш инфрақұрылымсыз берілген. Соңғы жылдары ауыз су, көгілдір отын, электр жарығымен қамту жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан көше атауларын беру – уақыттың еншісіндегі мәселе. Болашақта көше атауларын беруді өз ұсыныс-пікірлеріңізді ескере отырып, бірлесе шешетін боламыз.

Қанат  ИСЛАМҒАЛИҰЛЫ,

зейнеткер:

– Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылының тұсынан Жайық өзенінен сол жағалауға өтетін көпір қашан салынады? Өзеннің сол жағындағы Еңбек, Көнеккеткен, Есенсай, Қарауылтөбе, Базартөбе секілді елді мекендерге жүретін жолды жөндеуге қай уақытта қаржы бөлінеді?

Жауап:

– Болашақта Жайықтың сол жақ жағалауына көпір тарту жоспарлануда. Техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Кейін жобалық-сметалық құжаттары дайындалады. Көпір салу – министрліктердің келісімімен, мақұлдауымен атқарылатын шаруа Аталған елді мекендерге апаратын жолдың жобалық-сметалық құжаты жасақталып жатыр. Қазіргі уақытта, негізінен, оңтүстік аудандар – Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасына жол тартуға баса көңіл бөлінуде.

Лаулита ГАЛИНА,

Шыңғырлау  ауданы, Лубен ауылының  тұрғыны:

– Шыңғырлау ауданының орталығына және Орал – Ақтөбе тас жолына қарай Лубен ауылынан шығатын жолдардың сапасы нашар. Күзгі-көктемгі лайсаңда  және қысқы уақытта жол қатынасы қиындай түседі.

Жауап:

– Жол құрылысына байланысты есептік баяндамамда толық түсініктеме бердім. Жеке қабылдауыма келсеңіз, қосымша ақпарат беруге дайынмын.

Теректі ауданы,

Тоқпай ауылының тұрғыны:

– 12-бағыттағы автобустар көбіне әуежайға дейін бармайды. Сол себепті Теректі ауданы Тоқпай ауылының тұрғындары қалаға уақтылы жете алмай әлек. Аялдамада көлікті ұзақ күту, әсіресе, егде адамдарға, қарияларға қиын тиюде. Автобустардың бұрынғыдай әуежайға дейінгі аялдамаларға уақтылы қатынауына ықпал етуіңізді сұрайды.

Жауап:

– Қазіргі уақытта жолаушылар тасымалдайтын кәсіпорындар қоғамдық көліктердің жүру кестесін, уақытын өздері белгілейді. Дегенмен сіздердің ұсыныстарыңызды пысықтап, қарастырғаннан кейін жауабын беретін боламыз.

Қала тұрғыны:

– Достық даңғылы бойындағы жол ойықтары қашан жөнделеді?

Жауап:

– Былтыр жол құрылысына қажетті материалдар бағасының өзгеруіне байланысты жөндеу жұмыстары уақытынан кеш басталды. Биыл бұл жұмысты бітіреміз. Осы мақсатта жасақталған жобалық-сметалық құжат бар. Қаржы бөлінді.

Нұрбол ХАМЗИН,

Қазталов ауданы, Тереңкөл ауылдық округінің тұрғыны:

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2013 жылдан бері Қазталов ауданындағы Тереңкөл жалпы білім беретін орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып қызмет істеймін. Туған ауылымда  1983 жылы салынған мектептің ғимаратына күні бүгінге дейін ешқандай күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаты әзір тұр. Жөндеу жұмысына қаржы бөлдіруіңізді сұраймын.

Жауап:

– Ұсынысыңыз  қабылданды.

* * *

Облыс әкімінің ел-жұртқа есеп беруі төрт сағаттан аса уақытқа созылды. Есеп беру барысында ынталылардың бәріне сұрақтарын  қоюға  мүмкіндік  берілді.

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Медет ДОСЫМОВ


Құрылыс қарқынды жүруде

Күні: , 127 рет оқылды

DMS_1606


Өткен жылы құрылыс саласы бойынша өңірімізде көп жұмыс атқарылды. Тұрғын үй, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Бұл туралы сейсенбіде «Қазақстан – Орал» телеарнасында өткен брифингте облыстық құрылыс басқармасының басшылары мәлімдеді.


Аталмыш басқарма басшысының орынбасарлары Тимур Басаров пен Азамат Ағалеуов қатысқан баспасөз мәслихатында белгілі болғанындай, өткен жылы өңірімізде құрылыс нысандарын салуға 14,5 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға 261,8 мың шаршы метр тұрғынжай іске қосылды, соның 36,7 мың шаршы метрі мемлекет қолдауының нәтижесінде жүзеге асты. Нақтылап айтқанда, тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне қатысушылар үшін облыс орталығында бес қабатты бір үй, тоғыз қабатты екі үй және Ақсай қаласында тоғыз қабатты бір үй пайдалануға берілді. Сөйтіп, аталмыш жүйеге қатысқан 450 батысқазақстандық отбасы қоныстойын тойлады. Жергілікті атқарушы билік органдарында кезекте тұрғандар үшін Оралда бес қабатты бір үй, Ақжайық ауданының орталығында бір пәтерлі бес үй бой көтеріп, 105 жанұяны қуанышқа кенелтті. Сондай-ақ былтыр Ұлттық қордан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысына да қомақты қаржы бөлінді. Бұл қаржы Орал-Атырау, Орал-Саратов тас жолдары бағытындағы жаңа шағынаудандардағы жобалау жұмыстарына, кварталішілік жолдарды, инженерлік желілерді салуға, абаттандыруға жұмсалған.

— Өткен жылы білім беру саласы нысандары құрылысына республикалық бюджеттен 1,4 млрд. теңге, Ұлттық қордан 200 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 587,8 млн. теңге бөлінді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында был-тыр Шыңғырлау ауданында 290 орындық балабақшаның құрылысы басталды. Жалпы сомасы 541,2 млн. теңгені құрайтын балабақшаның құрылыс жұмыстарын биылғы тамызда аяқтау көзделуде. Сонымен бірге Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында 140 орындық балабақша бой көтеруде. «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысына салынып жатқан нысанды ағымдағы жылдың наурыз айында аяқтау жоспарлануда, — деген Тимур Басаров былтыр сондай-ақ облысымызда бес мектеп, кәмелетке жасы толмағандарға арналған бейімдеу орталығы, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатқа спорт, акт залдары мен ресурстық орталықтың салынғандығын да жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Азамат Ағалеуовтың айтуынша, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының құрамындағы «Ақ бұлақ» салалық бағдарламасының облысымызда жүзеге асу жайына тоқталды. Оның айтуынша, өңірімізде 443 елді мекен бар, ондағы тұрғын саны 325,8 мың жанды құрайды. 160 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтылған. «Ауылдық елді мекендерді сумен қамту бағытында өткен жылы республикалық бюджеттен 661,4 млн. теңге бөлінді, — деді ол. — Бұл қаржыға Сырым мен Теректі аудандары орталықтарындағы су құбырлары жаңғыртылды. Соның нәтижесінде орта-лықтандырылған сумен қамтылған елді мекендер саны 36,1 пайызға жетіп, 160,5 шақырым су құбыры тартылып, 10780 адамның сумен қамтылу жағдайының сапасы жақсарды».

Биыл қолға алынатын жұмыстарға келсек, жергілікті атқарушы билік органдарында кезекте тұрғандарға арнап салынған тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысы қаңтар айында аяқталды. Тұрғын үй-құрылыс жинағы жүйесіне қатысушылар үшін 144 пәтерлі тоғыз қабатты бір үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Жас отбасылар үшін екі бес қабатты үй іске қосылмақшы. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының құрамындағы «Қолжетімді баспана – 2020» салалық бағдарламасы аясында 772,5 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысына Ұлттық қордан 1,112 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаржы негізінен Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ-1» жаңа шағынауданына инженерлік желі тартуға бағытталмақшы. Сондай-ақ Орал-Атырау, Орал-Саратов тас жолдары бағытындағы жаңа шағынаудандардағы жобалау, кварталішілік жолдарды салу жұмыстарын жалғастыруға жұмсалмақшы.

Мәди ЫҚЫЛАС

 

Айгүл ЛОГАШКИНА, «Қазақстан – Орал» телеарнасы:

— Зашаған кенті аумағындағы су бұру жүйесі қашан толығымен пайдалануға беріледі?

 

Тимур БАСАРОВ, облыстық құрылыс басқармасы басшының орынбасары:

— Өткен жылы басталған бұл жұмыстарды «Уральскводстрой» ЖШС жүргізуде. Жұмыстардың жобалық құны – 1 млрд. теңге. Бастапқы кезде 218 млн. теңге бөлініп, ол қаржы игеріліп, негізгі магистральды желілер салынды. Қалған жұмыстарды республикалық бюджеттен қаржыландыру жөнінде біз ҚР Ұлттық экономика министрлігіне өтінім жолдадық. Қазіргі уақытта өтінім Үкімет тарапынан қарастырылуда.

 

Людмила КАЛАШНИКОВА, «Орал апталығы» газеті:

— Мен Орал қаласында салынып жатқан көп бейінді аурухана жөнінде сұрайын дегенмін. Бұл аурухана қашан ашылады, құрылыс сапасы қандай?

 

Тимур БАСАРОВ:

— Аталмыш нысанның құрылысы 2012 жылы басталды. Оған республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. 300 кереуеттік көп бейінді аурухана құрылысының жалпы сомасы – 8,2 млрд. теңге. Ағымдағы жылы бұл нысан құрылысын аяқтау үшін жергілікті бюджеттен 1,042 млрд. теңге қарастырылды. Құрылыс жұмыстарын наурыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Барлық жұмыс өз мерзімінде және сапалы түрде жүруде. Қазіргі таңда медициналық құрал-жабдықтар жеткізіліп жатыр.


«Попковтың» прәндігі мен вафлиі ресейліктерге ұнайды

Күні: , 130 рет оқылды

попков5


Желаев өндірістік аумағындағы «Попков» шаруа қожалығының егін егумен қатар, өндіріспен айналысқанына 20 жылдың жүзі болды. Бастапқыда макарон өнімдерін шығарумен айналысты. Бірақ нарықтан орын табу қиынға түсті. Ал бүгінде кондитерлік және нан, вафли, тоқаш өнімдерін өндірудің шебері атанды. Сапалы өнімдерімен күллі елімізге ғана емес, көршілес Ресей нарығына да танылған. Мұнда кондитерлік өнімдердің 30 шақты түрі өндіріледі. Сонымен қатар кәсіпорын нан өнімдерімен Оралды тұрақты қамтып отыр.


Өнімдерімізге Ресейдің Челябі, Нижний Новгород, Самара, Саратов, Орынбор облыстарынан сұраныс мол. Прәндік пен вафлиіміз ондағы тұтынушыларымызға ұнайды. Қазір мәскеуліктермен келісімшарт жасауға дайындыққа кірістік. Өндірілген өнімнің 50 пайызы экспортқа Ресейге шығарылады. Өнім өткізу жөнінде Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан өңірлерімен де келісімшарттар жасалған. Дағдарысты сезініп отырғанымыз жоқ, жұмысымыз ырғақты, – деді «Попков» шаруа қожалығының жетекшісі Алексей Попков.

2011 жылы кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы  бойынша «Цесна банк» АҚ-дан несиелік қаражат алып, тоқаш және вафли өндіретін жаңа желі орнатты. Мемлекеттің қолдауымен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы банктің несиесінің 14 пайыздық мөлшерлемесінің 50 пайызын субсидиялауға қол жеткізді.

Жаңа екі желінің іске қосылуымен 30 адамға жаңа жұмыс ашылған. Барлық өндірістік цехтарды қоса алғанда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс орнында тәулігіне 8 тонна өнім өндіріледі. Өнім өндіруге шикізаттың 50 пайызы өздерінен, қалған бөлігін өзгелерден сатып алады.

– Шаруа қожалығына қарасты цехта жұмыс істегеніме 2 жыл болды. Біздер дайын өнімді қорапшаларға саламыз. Жалақымыз тұрақты, түнгі ауысымға Оралдан жұмыс автобусымен тасымалдайды, — деді жұмысшы Самал Жангереева.

Шаруа қожалығының басшысы А. Попков алдағы жұмыс жоспарының көптігіне тоқталып жатпай, әзірге экономикалық қиыншылықтар кезеңінде тұрақты жұмыстың өндіріс үшін мән-маңызы зор екендігін салмақтап берді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Қажыр-қайраты көпке үлгі

Күні: , 98 рет оқылды

салауат бисенгалиес


Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеке кәсібін бастау оңай еместігі белгілі. Сол қиындықтарға мойымай, жеке ісімен айналысып жатқан жандар елімізде жетерлік. Олардың қатарында Ақтау ауылының тұрғыны Салауат Бисенғалиев те бар.


Ол 1981 жылы Бөкей ордасы  ауданына қарасты Темір Масин ауылында дүниеге келген. Денсаулығына байланысты 7-сыныпқа дейін ғана  мектепте білім алған. 2002 жылы анасымен  бірге Тасқала ауданына қарасты  Ақтау ауылына көшіп келеді. Салауат бала кезінен түрлі тұрмыстық техникаларды бұзып, оны қайта құрастыруға және аяқкиімді жөндеуге әуес болған. Кейін бұл ісінің өзіне серік болатынын сол кезде аңғармапты. Бұрын жұмыссыздар қатарына тіркелген  І топтағы мүмкіндігі шектеулі жан – Салауат Нұрболатұлы өткен жылы аудандағы жұмыспен қамту орталығына келіп, өзінің жеке ісін ашқысы келетінін  айтып, олардан кеңес сұрайды. Осыған орай мамандар «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы шағын несие алып, өз жұмысын бастауға ниет білдірген жандарға  мемлекет тарапынан қолдау барын айтып,  кеңес берген болатын.

Сөйтіп, Салауат бауырымыз  2015 жылдың тамыз айында жоғарыда аталған бағдарлама арқылы 900 мың теңге көлемінде несиеге қол жеткізіп, шағын аяқ-киім жөндеу цехын ашты. Ол мұнда тек қана аяқ-киім жөндеумен ғана айналыспайды,  істен шыққан  тұрмыстық техникаға жан бітіріп, ауылдастарына  қызмет көрсетуде.

– Мен істен шыққан тұрмыстық техникалардың ішінен теледидар, радио және магнитофонды жөндеймін. Соңғы кезде ұялы телефондарды да жөндеп жүрген жайым бар. Тек тұрғындар ғана емес, көрші ауылдардан да  келіп жатады. Кей кездерде тапсырыстар тым көп түседі. Сол кезде  үлгере алмай қалатыным болмаса, жұмысым жаман емес. Ешкімге тәуелді болмай, қолымнан іс келіп, оны атқарар  күш-қуатым жетіп тұрса, неге істемеске? – дейді кәсіпкер.

Өзінің мүгедектігіне қарамай, тырмысып еңбек етіп жатқан жас кәсіпкердің осы ісі «Жұмыс жоқ» деп сылтау айтатындарға  үлгі боларлықтай.

Манас ӘЖІҒАЛИЕВ,

Тасқала ауданы


«Қариялар азайып бара жатыр…»

Күні: , 172 рет оқылды

Құрмантай ағай 1


Неменеңе  мәз  болдың,  бала  батыр,

Қариялар  азайып  бара  жатыр.

Бірі  мініп  келместің  кемесіне,

Кезек  күтіп  біреуі  жағада  тұр…

МҰҚАҒАЛИ

…Бұрындары ауылға барғанда, ата-анамның замандастарын көріп, бір жасап қалатынмын. Өйткені олар мені көре сала, «Айналайын, келіп қалдың ба? Денің сау, аман-есен жүресің бе? Бала-шағаң аман ба?

Сені көрмегелі біраз болып еді…»  деп мейірлене құшақ жаятын. «Әкең өмірден өтсе де, әкеңді көрген өтпесін» дегендей, туған ауылымның қарияларының жаңағындай жылы шырай танытып, құрақ ұшуының өзі мен үшін перзенттерінің қызығын көре алмай, өмірден ерте өткен әкем мен анам алдымнан шыққандай ақ шуақ еді…


Иә, жаратылыстың заңы ғой, қариялар азайып бара жатыр… Біздің ауылда 40 жылға жуық ферма меңгерушісі болып, бел жазбай еңбек еткен Ізбасов Құрмантай ағайдың да өмірден озғанына ай жарымдай уақыт болып қалыпты.

Ізбасов Құрмантай Нығметұлы 1927 жылы мамырдың он үшінші жаңасында Теректі ауданындағы Покатиловка ауылдық кеңесіне қарасты Тай ауылында жарық дүниеге көрінген. Балалық шағы ашаршылық және саяси қуғын-сүргін жылдарымен, ал бозбала дәурені мен жастық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген Нығметтің Құрмантайы өзі құралпы құрбы-құрдастары құсап, еңбекке тым ерте араласып, тым ерте есейді. Бес жылға созылған қиян-кескі соғыстан әбден тұралаған халық шаруашылығын қалпына келтіруге бұл буын зор үлес қосты. 1941-49 жылдары шаруашылықтың әр түрлі шаруасына қолғанат болған біздің бүгінгі кейіпкеріміз 1949-52 жылдары Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеп, елге шыңдалып  оралды. 1954 жылы Ташкенттегі ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің курсында білімін көтеріп, білгенін жетілдірген Құрмантай Ізбасов бертін келе «Чапаев» асыл тұқымды мал зауыты ретінде айдай әлемге танылған шаруашылықтың 1955 жылы Байхана бөлімшесіне ферма меңгерушісі болып бекітіледі. Екі жылдан соң бөлімше орталығы Қызылжар ауылына көшіріліп, Құрмантай ағай лауазымды қызметін енді осы ауылда жалғастырады. Қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырын өсіруге маманданған «Чапаев» асыл тұқымды мал зауыты №1 бөлімшесінің меңгерушісі қызметінде  1957-1991 жылдары үздіксіз еңбек еткен Қ. Ізбасов аталмыш шаруашылықтың өркендеуіне айтулы үлес қосты. Ол кезде науқандық жұмыстардың бірі бітсе, іле-шала екіншісі басталып, басшы-қосшы біткен бір қолын екі ете алмай жүретін. Міне, осындай адам қолына, жұмыс күшіне қоса, техника атаулы да тым тапшы кезде Құрақаң біздің ауылдың үлкен-кішісін бірдей ортақ жұмысқа жұмылдыра білді. Отанның мүддесі үшін уақытпен санаспай, жағдайының  бар-жоғына қарамай жанкешті еңбек етудің арқасында Қызылжар ауылының тұрғындары Азамат соғысының батыры Василий Чапаев атындағы кеңестік шаруашылықтың (кеңшардың) шаруасының шарықтауына орасан зор үлес қосты. Біздің бөлімше асыл тұқымды мал шаруашылығына қоса, ұзақ жыл егін шаруашылығымен де белсенді айналысты. Қызылжардың аумағындағы егін танаптарында  өсірілген бидай дақылы Отан қоймасына жылдар бойы алтын дән болып құйылумен болды. Шаруашылықтың қос саласын қатар өркендеткен Қызылжар ауылында өңірінде орден-медаль жарқыраған жасампаз еңбектің ерлері көптін. Социалистік Еңбек Ері Бақтығали Әбілғазиев, ҚазССР-ның ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткер Хабиболла Хамидоллин, орденді малшы Нұролла Нетәлиев сықылды еңбек майталмандары мал шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосса, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен  «Ерен еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдарының  иегерлері егіс бригадирі Файзолла Ғұбайдуллин және Шәрәпи Хамидоллин, Ғалым Әубәкіров сынды механизаторлар егін шаруашылығын өрістетуге ерен еңбек сіңірді. Бұл еңбек озаттарының қай-қайсысы да социалистік жарыста талай мәрте топ жарған сайыпқырандар болатын. Ал ауылдастарын жылдар бойы жасампаз еңбекке жұмылдырған Құрмантай Ізбасов «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы» ордендеріне қоса, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін», Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медаліне қоса және де басқа біраз медальмен марапатталды. Міне, «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытына қарасты №1 бөлімше еңбеккерлерінің жылдар бойы мемлекетке асыл тұ-қымды ірі қара еті мен Отан қоймасына  алтын дән құйған қажырлы еңбектері мемлекет тарапынан осылайша ұдайы жоғары бағаланумен болды.

Құрмантай ағай зайыбы Ақыл апай екеуі 63 жыл тату-тәтті өмір сүріп, ұлы бар, қызы бар жеті перзент тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерге қоса, біраз шөбере сүйіп үлгерді. Құрақаңның өз ұл-қыздарына қоса, немерелерінің өзі бүгіндері медицина, педагогика, агросектор, қаржы, құқық қорғау сықылды халық шаруашылығының әр түрлі саласында еселі еңбек етіп, ел қатарлы  түтін  түтетуде.

Шаңырақ көтеріп, отау құрғалы бері ата-анасымен бірге тұратын үлкен бала-келіні Бақыт ағамыз бен Нұрсұлу жеңешеміз ешқашан қариялардың төбесінен құс ұшырған емес. Азаматынан айырылғанымен, Ақыл апа бүгіндері балакеліндері мен қыз-күйеу балаларына қоса, немере-шөберелерінің де аялы қамқорлығында.

Орынғали  БАТТАЛОВ, еңбек  ардагері:

– Құрмантай Ізбасов біздің туған ауылымызды, яғни «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытының №1 бөлімшесін ұзақ жыл басқарып, жергілікті жұртты жемісті еңбекке қоса, әлеуметтік жақсылықтарға да бастай білген басшы болды. Совхоздың бөлімшелері арасында мектеп, клуб, спортзал, монша секілді әлеуметтік нысандар ең алдымен біздің Қызылжарда салынып, іске қосылды. Еңбек майданындағы жоғары көрсеткіштерге қоса, біздің ауыл қоғамдық тәртіп, өнер мен мәдениет, жастардың ілім-білімге ұмтылуы жөнінен де төңіректегі  елді  мекендерге  түгел  үлгі  болды.

«Чапаев» асыл тұқымды мал зауытына біраз жыл директор болып, шын мәнінде, шаруашылықтың экономикалық-әлеуметтік ахуалын күрт көтерген Талғат Ишмақов еді. Осы кісі бертін келе қатты ауырып, денсаулығы біржола сыр бергенде, «Талғат Хұсайынұлының отбасы сорпа-сусыз отырмасын» деп, Құрақаң арнайы мал сойып, ет жөнелтіп тұратын. Бұл басшы ретінде қатардан қалып, санаттан шыққан бұрынғы директордың отбасына айтулы қолдау-көмек болғаны даусыз. Міне, осы мысалдың өзі-ақ Құрақаңның  адамгершілігі  мол,  парасатты  азамат  болғандығын  нақтылай  түседі.

Құрмантай ағамыз қарауындағылардан тек жұмысты талап етіп қана қоймай, оларға қамқорлық танытып, қолдан келер жағдайды жасауды да ұмытпайтын. Мысалы, жұмысшылардың үйлеріне уақтылы қыстық отын-су, жеке малдарына жем-шөп түсірулеріне көңіл бөліп, көлік беріп, ауылдастарының әлеуметтік жағдайларын да назарда ұстайтын еді. Ал ауыл адамдары мұндай жанашырлыққа еселі еңбекпен жауап беретін. Тағы бір айтпағым, Құрмантай Нығметұлы Жәлел Жұмағалиев, Самат Әдешев секілді біздің ауылдың алғыр, іскер азаматтарының басшы ретінде қалыптасуларына да  ықпал  ете  білді.

Мақсот  БАЛҚЫБАЕВ, еңбек  ардагері:

– Ізбасов Құрмантай ағамызбен «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытында біраз жыл қызметтес болдым. Ол шаруашылықтың жай-жапсарын, істің мәнжайын, жергілікті жұрттың ыңғайын жақсы білетін басшы ретінде танылды. Жалпы, Қызылжар ауылы тұрғындарының еңбекке деген көзқарасы, мәдениеті, қоғамдық тәртібі мен жастарының оқу-білімге, өнер пен спортқа  ұмтылуы жөнінен айналадағы ауыл-аймаққа түгел үлгі еді. Құрақаң басқаратын бөлімше талай мәрте социалистік жарыста жарып шықса да, қызылжарлықтар қол жеткен жетістікке тоқмейілсімей, үнемі ілгерілей беруді көздейтін.

Ол  өзіне  де,  өзгеге  де  талапшыл  кісі  еді…

ФАЙЗОЛЛАНЫҢ  Бауыржаны,

«Орал өңірі»


Маңызды шешімдер қабылданды

Күні: , 93 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (27)


Ақпанның 23-і күні облыстық мәслихаттың кезекті 31-сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.


Сессияны жүргізген облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар БҚО қоғамдық кеңесінің ережесі мен құрамын бекіту туралы хабарлама жасады. Оның айтуынша, облыстық басылымдарда және облыстық мәслихаттың интернет-ресурсында алдын  ала байқау туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін, қоғамдық кеңес мүшелерін қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының отырысында мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдардан келіп түскен 53 өтініш қаралған. Комиссия мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде 41 адам облыстық қоғамдық кеңес мүшесі болып сайланды. Олардың он үші – мемлекеттік органның, он үші – Орал қалалық және аудандық қоғамдық кеңестердің төрағалары, он бесі – коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері. Қоғамдық кеңес құрамында өзге ұлыс өкілдері де бар. Облыстық қоғамдық кеңестің бірінші отырысы өткізіліп, Батыс Қазақстан аумақтық  кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов  кеңес төрағасы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ БҚО филиалының төрағасы Ақсерік Әйтімов кеңес хатшысы  болып  сайланған.

Сессияда «БҚО бойынша тексеру комиссиясы» ММ төрағасы Амангелді Нұғманов «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» ҚР заңы аясында 2015 жылы 28 қарашада қолданысқа енгізілген республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің нормативтік қаулысына сәйкес тексеру комиссиясының ережесіне елу пайыз өзгерістер мен толықтырулар  енгізілуіне байланысты ҚР Әділет министрлігінде тіркеуге алынған аталған құжаттың жаңа жобасын бекітуді ұсынды. Одан соң облыстық мәслихаттың өнеркәсіп жә-не кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша комиссиясының төрағасы Амангелді Таспихов облыстық мәслихат жанынан кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес құру туралы хабарлама жасады. Ал БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов облыстан тысқары аумақтағы  тұрғындардың емделу мақсатына бюджет қаражаты есебінен тегін жол жүруін қамтамасыз ету жөнінде шешім қабылдануын сұрады. Сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер бойынша шешім жобаларын облыстық мәслихат депутаттары  бірауыздан  мақұлдады.

Жиында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағалары Ақсерік Әйтімов, Тұяқбай Рысбеков, Амангелді Таспихов  Батыс Қазақстан облысының құрмет грамотасымен марапатталды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ҰОС ардагері Иван Гапичке «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» белгісін  табыс  етіп,  құттықтады.

«Наурыздың 20-сы күні  ҚР жергілікті мәслихат сайлауы өтеді. Біздің облыста мәслихат депутаттығына 627 үміткер тіркелді. Бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттары құрамының тынымсыз қызмет еткенін білеміз. Өңір бойынша әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешу жолын тыңғылықты қарастырып, бюджет қаржысын ұсынықты бағыттап отырды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында біраз жобалар жүзеге асты», – деді Нұрлан Асқарұлы депутаттарға ризашылығын  білдіріп.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


«Елбасына тапсырманың орындалғанын баяндаймын»

Күні: , 115 рет оқылды

IMG_4201


Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник кеше Қарашығанақ кен орнын игеруші «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік бағдарламалары шеңберінде іске қосылған Оралдағы бірқатар нысандарды аралады. Мәртебелі мейманды облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев, Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов бастап жүрді.


Министр алдымен 2015 жылы «ҚПО б.в.» компаниясының есебінен салынған Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында болды. Өңіріміздің ғана емес, күллі еліміздің рухани өміріне жаңалық болып енген орталықтағы өлкемізден түлеп ұшып, есімі елге танылған ақын-жазушылардың төл жәдігерлерімен танысты.

Қадыр ақынның кітапханасын, музей экспонаттарын көрді. Владимир Школьник кітапханашылардан 600-ге тарта оқырман, 5 мыңдай  кітап қорының бар екенін сұрап білді. Министрге осы орталықтың 1125 орындық амфитеатрында жазда мәдени іс-шаралар өткізілетіні  де  айтылды.

Сыртқы келбеті мен ішкі сәні үйлесім тапқан орталықтан шыққан Энергетика министріне қала басшысы Алтай Көлгінов осы маңда Салтанат сарайының, теннис кортының салынғанын, енді  жаңа  алаңның  болатынын  жеткізді.

Бұдан кейін В. Школьник оқушылардың және жастар сарайының құрылыс барысымен танысты. Бұл нысанның құрылысын «Альтаир» ЖШС жүргізуде.  Құрылыс жұмыстары өткен жылдың көктемінде басталған. Сарай құрылысын биылғы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Құрылысшылардың айтуынша, жоба бюджеті нақтылануда. Сонымен қатар министр мырза Оралдағы Есенжанов көшесінен Деркөл кентіне дейінгі  қайта жаңғыртылған автожолды көрді. Аталмыш жоба бюджеті 1018 млн. теңгені құрайды. Жол құрылысын «Алматыинжстрой» АҚ жүргізді. Жөндеуден өткен жол бөлігі 5,123 шақырым шамасында, сонымен қатар осы жоба шеңберінде Шаған өзені арқылы өтетін көпір де жөндеуден өтті. В. Школьник көптен бері сынға іліккен көпірдің қазіргі жайын көріп, сапасын жақсы деп бағалады. «Мұның өзі еліміздің транзиттік әлеуетін арттырады», – дей келе  кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі күшейген сайын олардың мәртебесі  артатынын  айтты.

– Қазір жанар-жағармай бағасын реттемейміз. Сондықтан бізде отын тапшылығы жоқ. Дизель отынының бағасын 99 теңге шамасында ұстап тұрмыз. Мұны да қоюымыз керек. Елімізде өндірілетін жанар-жағармай көлемі жеткіліксіз. Бензинге деген қажеттілік 3,5 мың тоннаны құраса, бізде 2,5 мың тонна өндіріледі. Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы жаңғырту жұмыстарынан кейін Еуро-4,5 стандарттарына сәйкес келетін жоғары октанды бензин мен дизель отыны өндірілмек.  Сөйтіп, экологиялық жағынан таза бензинді тұтынатын боламыз. Зауыттарды жаңғырту 2016 жылдың соңы және 2017 жылдың басында аяқталады. Елбасы айтқандай, 2017 жылдан бастап отандық жанар-жағармайды пайдалануға көшіп, өнімді іргелес елдерге экспортқа шығарамыз, – деді журналистерге берген сұхбатында ҚР Энергетика министрі В. Школьник.

Ол өңір басшысының есепті кездесуінің мұнайшылардың қатысымен салынған теннис залында өткенін, есепті кездесуде түйінді мәселелердің шешілгенін естігенін де айтып өтті.

«Өңірдегі 94 пайыз тұрғынның газ мәселесі шешілген. Бұл – еліміздегі  ең жоғары көрсеткіш. Электр қуатымен қамтуда іркіліс жоқ. «Батыс Пауэрдің» бірінші кезеңінде 100 мегаватт қуат өндіріліп, өңірде қуат тапшылығы емес, артықшылығы қалыптасады. Екі жылдан кейін стансаның екінші кезеңі іске қосылғанда тағы да 100 мегаватт қуат қосылады. Электр қуатына өз қорымыз болады. Өңірді 100 пайыз газдандыруды аяқтауымыз керек. Қазір бюджетке байланысты тоқталыстамыз. Соған қарамастан өткен жылы 1,5 млрд. теңге бөлініп, толықтай игерілді.  Елбасы тапсырмасымен оқушылар және жастар сарайы ҚПО-ның көмегімен салынуда екендігін көрдік. Өңірлердің ішінен бірінші болып сіздерде салынуда. 2012 жылы Астанада осындай сарай салынып іске қосылды. Сонда Елбасы әр өңірде осындай оқушылар сарайы болуы тиіс деген болатын. Жобаны көрдім, спортпен, жеңіл атлетикамен, баскетбол, волейболмен айналысуға болады. Теннис, бассейн, планетарий, обсерватория болады. Мыңдаған балалар үйірмелерде, осында пайдалы іспен шұғылданатын болады. Мен Мемлекет басшысына және Үкіметке Елбасының тапсырмасы Батыс Қазақстан облысында орындалғанын баяндаймын», – деді министр.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Төрінде айтыс өтті Шыңғырлаудың

Күні: , 232 рет оқылды

IMG_1426


Шыңғырлауда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған  «Шежірелі Шыңғырлау» атты  облыстық  ақындар  айтысы өтті. Айтысты  Естеміс  Мұхамбетов пен Орынбек  Меңдіғұлов   бастады.


Ақындардың дайындық  деңгейінің  биіктігі, орындау шеберлігі,  тапқырлығы  айқын  сезіліп  тұрды. Ел  тарихын  тәуелсіздік  тойымен қоса  жырлаған  ақындар шебер  әзілдесіп, әдептен  озбайтын әдемі  жыр сайысын көрсетті.  Келген сегіз  ақынның  арасынан  төртеуі  екінші кезеңге  жолдама алды.

«Құлақтың түбі терледі,  терлеген сайын  өрледі» деп  Қобыланды батыр  жырлаған  Тайбурыл  шабысындай  ақындар да  келесі  кезеңге  өткесін  көсіле  шапты,  келістіре  жыр төкті. «Жүзден жүйрік  озар жарысқанда» демекші, батыстың қос жұлдызы деуге болатын  Жансая мен  Бауыржан  Ширмединұлының өзгелерден  шоқтығы биік болғанын қазылар алқасы да,  көрермен  де  көрді,  риза болды. Сөйтіп, айтыс қорытындысында «Жолымды ашқан ел,  жолымды кеспейді», — деп  жырлаған теректілік Эльдар Ықсанов екінші орын иеленді. Оралдық Талғат Мықи жүлделі үшінші орынға табан  тіреді. Сахнаның  сәнін  келтірген, бабы келіскен қызымыз  Жансая  Мусина  1-орынды иеленді.  Халықтың есінде қалатындай етіп, шыңғырлаулықтардың жеті кереметін жеріне жеткізіп айтқан талантты жас  Бауыржан  Ширмединұлы бас жүлдеге ие болды. Көңілдердің  ажарын ашқан айтыскерлерге ыстық ықыласты тілек айтқан аудан әкімі Алдияр Халелов жеңімпаз-жүлдегерлер мен  қатысушыларға  сый-сияпат  жасады.

Міне, шыңғырлаулықтарды бір серпілтіп тастаған айтыс жас ақындардың өсіп келе жатқанын дәлелдегендей болды. Республикаға  танымал батыстың  айтыскер ақыны  Жансаяның  шеберлік  деңгейі  өзгелерден биік тұрса, жас ақын,  жымпитылық Бауыржанның төкпелеткен дауылды жырлары, Эльдардың  мәдениеті,  Талғаттың  өзіне   үйлескен  жылы  әзілі  көпшілікті баурап алды. Алғысхат  айтыстың  жүргізушісі  Ерік Ахметов  пен жерлесіміз Ұзақбай Сұлтанғалиевке де  тапсырылды. Аудан басшысы  осындай  игі істер алда да жалғасын таба беретінін айтып, төл өнерімізді дәріптеп, насихаттау дәстүрге айналуға тиіс екенін ерекше атап көрсетті.

Адақ ШОТПАНОВ,

Шыңғырлау ауданы


Қазақ хандығының 550 жылдығына қосылған сүбелі үлес

Күні: , 301 рет оқылды

003 китпаргогоа


Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласындағы «Мерекенің баспалар үйінен» «XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы» атты 688 беттік сүбелі еңбек 1330 данамен жарық көрді. Кітаптың авторлары – тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов пен тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар.


Монография аты айтып тұрғандай, XVII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың І ширегі аралығындағы Қазақ хандығының тарихын саралауға арналған. Атап өтуіміз шарт, қазақ тарихының бұл кезеңі Ресей империясы мен Кеңес өкіметі кезінде заманына сай бағаланып келді. Оның үстіне бұған дейінгі зерттеулерде дәл осы кезеңді, әсіресе, 1731 жылдан кейін Қазақ хандығы мемлекеттік тұтастығынан ажырап, бөлшектенген хәлге түскендігі, қазақтың үш жүзі әр бөлек әрекет еткендігі көп айтылады. Кіші жүз ханы Әбілқайыр өз билігі, мансабы үшін тұтас қазақтың арасына сына қаққандай суреттеледі. Ал бұл монографияда кәсіби тарихшылар мәселеге кеңірек және тереңірек қарауды ұсынады. Бұрын жарияланған мұрағаттық құжаттар мен зерттеулерді жаңаша зерделей келе, соңғы жылдары қолға тиген Ресей, Қытай, Иран мұрағаттарының жаңа материалдары негізінде өз тұжырымын ұсынады. Соның нәтижесінде екі ғасырға жуық біртұтас Қазақ хандығының тарихы, оны билеген Бас хандары мен хан, би, батырларының қоғамдық-саяси қызметі, олардың сыртқы саясаттағы көпвекторлы ұстанымдары, көршілес алып империялардың отарлау саясатының қырлары, оларға қарсы бағытталған үздіксіз жүрген ұлт-азаттық қозғалыстар толыққанды ашыла түседі. Ғылыми әдебиеттерде қалыптасқан «Тәуке ханның қазасынан кейін біртұтас Қазақ хандығы өмір сүруін тоқтатып, Қазақ хандықтары дәуірі басталды» деген пікірге батыл тойтарыс беріледі.

Зерттеу барысында авторлар Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚРОММ-Алматы қаласы), Ресей Федерациясы Орынбор облысы Орталық мемлекеттік мұрағаты (РФ. ОрОММ-Орынбор қаласы), Ресей Федерациясы Астрахан облысы мемлекеттік мұрағаты (РФ. АОММ-Астрахан қаласы), Татарстан Республикасының ұлттық мұрағаты (ТРҰМ-Қазан қаласы), Башқортостан Республикасы Орталық мемлекеттік тарихи мұрағаты (БРОМТМ-Уфа қаласы), Москвадағы Ресей Мемлекетінің Көне құжаттар мұрағаты (РМКҚМ), Москвадағы Ресей Империясының Сыртқы саясат мұрағаты (РИССМ), Москвадағы Ресей Мемлекетінің Әскери-тарихи мұрағаты (РМӘТМ), Ресей Мемлекетінің Тарихи мұрағаты (РМТМ-Санкт-Петербург қаласы) қорларындағы құжаттарды молынан пайдаланған. Қолға тиген мұрағат құжаттары арқылы осы тақырып аясында Әбілсейіт Қапизұлы-ның өзі осыған дейін екі монография, екі мақалалар жинағы, 100-ден аса мақалалар жариялаған. Олардың барлығы болашақ зерттеушілерге қазақ тарихындағы ең бір күрделі кезең — XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығын тануға септігін тигізері сөзсіз.

Әрине, жаңа еңбекке кәсіби тарихшылар, мамандар нақты бағасын бере жатар. Біз өз тарапымыздан осы еңбекті елден бұрын көріп, оқып шыққан оқырман ретінде өз ойымызды оқырманмен бөліскенді жөн көрдік.

Біздіңше, «XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы» монографиясының ең басты жаңалығы – Қазақ хандығының басқару жүйесі және оның даму ерекшеліктері туралы тұжырымы дер едік.

«Біздіңше, оның бастамасы ортағасырлық түркілердің мемлекеттік институттарынан, Алтын Орданың әскери басқару жүйесінен алынды. Ұлы даланы басқарудың ғасырлар бойы дамыған жүйесін пайдалана отырып, қазақтар бұрыннан қалыптасқан аталық дәстүрді жаңғыртты. Соның нәтижесінде жеті аталық басқару үрдісі ұрпақ санасына сіңірілді. Міне, осы үрдіс қазақ қоғамындағы мемлекеттік құрылымның өзіндік ерекшеліктерін қалыптастырды. Сайып келгенде, басқарудың жеті сатысы – ауыл, ата аймақ, ру, арыс, ұлыс, жүз, хандық қазақ өміріне берік орнықты. Бір кезеңде ең жақын, қандас туыстардан тұратын ауылдың жеті атаға дейінгі бауырлары құрайтын бірнеше ауылдарымен қосылып ата аймақ, содан он үш, он бес ата аймақ бірігіп біртұтас руды, олар көбейіп арысты құрады. Оларды ауыл басы, ақсақал, ұлыс басы басқарды. Кейін үлкен рулар ұлысқа, бірнеше ұлыс жүзге бірікті. Арысқа сұлтандар, жүзге хандар жауап берді. Соңында барлығы біртұтас мемлекетте — хандықта жинақталып, олардың өкілдері қатысқан арнайы шақырылған Құрылтайда Ұлы қағанды немесе Ұлы ханды сайлады», — дейді авторлар.

Міне, осы жерде – Қазақ хандығы тарихында болған Бас немесе Аға хандар туралы айтылғанда, көптеген зерттеушілер ортақ мәмілеге келе алмайды. Біз сөз етіп отырған еңбектің авторлары XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығының Бас хандары – Тәуке, Болат, Қайып, Әбілқайыр, Әбілмәмбет және Абылай болғандығын нақты айтады. Бұл тұжырымдарын нақты дәлелдермен негіздеп көрсетеді.

Мысалы, 1767 жылы 14 желтоқсанда Абылай хан Омбы әкімшілігіне жолдаған хатында қазақты басқарған Бас хандар туралы толық жазып, «Менің ата-бабаларым Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, олардан соң енді мен Абылай ханмын» деп хабарлаған. Бұл құнды құжатта қазақтың Бас хандары тұңғыш рет хронологиялық ретімен тізбектеліп берілген. Оның үстіне мұның Абылай хан атынан жазылуы дерекке ерекше салмақ береді. Сондықтан бұл еңбектің ең басты ерекшелігі – көптеген зерттеулерде, тарихи және әдеби шығармаларда «қазақты орыс билігіне жығып берген мансапқор» ретінде біржақты сипатталатын Әбілқайыр хан Қажысұлтанұлының тарихи бағасы тұңғыш рет әділ көрсетіліп, оның біртұтас Қазақ хандығына 30 жыл (1718-1748 жж.) Бас хан болып, ат үстінде өткендігін айтуы дер едік.

Монографияда кіші хандар, билер институты, батырлар институты, ел басқарудағы дін өкілдерінің рөлі – бәрі де жан-жақты, нақты дәлелдермен көрсетілген. «Қазақ рулары – мемлекетіміздің негізгі тірегі болды» дейді тарихшылар. Рулар әрдайым саяси-экономикалық егемендікті сақтап, рулар федерациясын, одан әрі тайпалық конфедерациялар одағын құрады. Конфедерациялар одағы – Ұлы, Орта, Кіші жүздерден құралған Халық кеңесіне, Құрылтайға тоғысты. Халық кеңесінде ұлт мәселесі, сыртқы саясат, тұтас елдікті сақтау мәселелері талқыланды. Осының барлығы қорыта келгенде, Қазақ хандығында орыс отаршылдығы әбден күшейген ХІХ ғасырға дейін ішкі алауыздықтан гөрі тұтастық, сыртқы жауларға қарсы күресте үйлесімді бірлік басым болғанын дәлелдеп тұр.

Мәселен, «1762 жылғы Қытай патшасына жолдаған хатында Кіші жүз ханы Нұралы: «Қазақтарда үш жүз және оларды басқаратын үш хан бар. Біз Әбілпейіз сұлтан арқылы оның және Әбілмәмбет, Абылай хандардың Сіздермен өзара сенімге құрылған қарым-қатынасын естідік. Біз, Нұралы хан, Ерәлі, Досалы, Қарағай (Әбілқайыр ханның баласы. Зерттеушілер оны Қаратай деп атап жүр – Е.С.,Ә.М.) сұлтандар Кіші жүзді басқарамыз. Біз үш жүзге бөлінсек те жауға қарсы соғыста болсын, бейбіт өмірде болсын әрқашан да біргеміз. Сондықтан біз де, өзге жүздердей сіздермен қарым-қатынасымызды бекіткіміз келеді», — деп елшілерін жіберген. Мұндай елшілікті Кіші жүздегі Батыр, Қайып хандар да ұйымдастырып, қазақ билеушілері арасында «Шыңғыс заманынан бері ешқандай ішкі талас-тартыс жоқтығын» алға тартып, өзара байланыс жасауды ұсынады. Кіші жүз билеушілері хаттарынан байқағанымыздай, олардың қай-қайсысы да Әбілпейіз сұлтан арқылы Әбілмәмбет пен Абылай хандардың сыртқы саясатын қолдайтынын және үнемі олармен хабардар болып отырғанын аңғартады» деген ой білдірген авторлар.

Аталмыш еңбекте Қазақ хандығының сыртқы дипломатиялық қарым-қатынастары туралы жан-жақты айтылады.

Мысалы, кітапта «Қазақ-орыс байланыстарының тереңдеуі және Орынбордағы кездесулер», «Қазақ-түркімен байланыстары», «Қазақ-иран қарым-қатынасы (1740-1747 жж.)» және «Әбілқайыр ханның ел тұтастығы үшін күресі» атты арнаулы бөлімдер бар. Қазақ мемлекеттілігі тарихында оның Иран, Ауғанстан, жоңғарлармен қарым-қатынасы – тарихы көп зерттелмеген тақырып. Бұл деректердің маңыздылығын осы кітапқа пікір жазған белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлы атап көрсетіпті. Сондай-ақ Қазақ хандығының соңғы дәуірі – Орта жүз ханы Әбілмәмбет Болатұлының Бас хан мәртебесіндегі жиырма жылдық қызметі (1748-1768/1769 жж.), үш жүздің басын қосқан соңғы билеуші Абылай хан Уәлиұлының қоғамдық-саяси қызметі (1769-1780 жж.) жан-жақты ашып көрсетілген.

Монографияның соңғы тараулары Ресей отаршылдығына қарсы болған ұлт-азаттық қозғалыстар тарихына арналған. «Қазақ хандығының Бас ханы Абылайдың дүниеден озуымен біртұтас мемлекетіміздің іргесі сөгілді, ішкі дағдарыс дендеді, дәстүрлі басқару жүйесіне отарлаушы елдердің ықпалы күшейді… Абылай ханның қаза болуымен Қазақ хандығында қалыптасқан Бас хандар институты да өмір сүруін тоқтатты» дейді авторлар.

XVIII ғасырдың соңғы ширегі мен XІX ғасырдың басында орыстың отарлау саясаты батыл жүргізіле бастады. Нұралы ханның күштеп Уфаға жер аударылуы, Кіші жүз хандары – Ерәлі, Есім, Айшуақ, Жантөре, Шерғазы, Бөкейдің орыс келісімімен таққа отыруы Қазақ еліндегі дәстүрлі хандық басқару жүйесіне дағдарыс енгенін толық айқындады. Ресейдің Орта жүз ханы Уәлидің билігіне де қол сұғылып, оған қарсы екінші – Бөкей ханды бекітіп, оны ашық қолдауының соңы қазақты басқару жүйесінің орыстық жүйемен өзгертілуіне ұласты. Бірақ осы кезде Қазақ елінде отарлауға қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар басталды. Оның басында, дау жоқ, ел тізгінін ұстаған тұлғалар тұрды. Сырым батыр, Қаратай хан, Арынғазы хан, Қайыпқали сұлтан мен Жоламан батыр елінің қолдауымен орыс отарлауына қарсы қазақ халқы бітіспес күресті бірінен соң бірі жалғастырды. Азаттық қозғалыстың нәтижесінде Сырым батыр қазақ үшін ежелден атақоныс болған Еділ мен Жайық өзендері аралығын жұртына қайтарса, Қаратай хан, Арынғазы хан дәстүрлі мемлекеттік басқару жүйесінің ел үшін маңыздылығын, Қайыпқали сұлтан «қазақты екіге бөліп, күшін кемітуді» жоспарлаған орыс саясатының жүзеге аспайтынын, Жоламан батыр Елек бойындағы жайылымдардан бас тартпайтынын дәлелдеді. Сайып келгенде, орыс патшасының отарлау саясаты қазақ даласында ірі кедергілерге тап болды. Қазақ елі үшін елдің елдігін қалпына келтіру, ұлт болып қалу жолында бірнеше жүздеген жылдарға созылған қанды шайқастар, кескілескен күрестер алда бой бермес биік асулар тұрды…

Иә, «XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы» монографиясын бастан-аяқ оқып шыққан уақытта Қазақ хандығының басынан өткен ең бір алмағайып кезеңнің үш ғасыр суреті оқырманның көз алдына тізбектеле келеді. Тек осы кезең емес, ата тарихтың арғы-бергі дәуірі тұтас, толайым қамтылған бірегей еңбек – мемлекетіміз кеше ғана атап өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына қосылған сүбелі үлес дер едік. Тарихтың күні бүгінге дейін шам түспеген терең түкпірлеріне сәуле шашқан, Қазақ хандығының қысылтаяң кезеңін ұлт мүддесі тұрғысынан кәсіби маман ретінде жүйелі сараланған монографияны күллі қазақтың олжасы деп, авторларға құрмет пен қошемет көрсетсе де, артық емес. Ел асыға күткен бұл тарихи еңбек халқына жетіп, еліне қызмет етсін деген тілек тілейік.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«DANAkaz» тарихи-танымдық  журналының  редакторы


Ақ Жайықтың Абдукаримі

Күні: , 267 рет оқылды

дунгендер


Құшағы кең қазақ елі қиын кезеңдерде көптеген өзге ұлт өкілдерін өз бауырына тартты. Қазіргі таңда Қазақстанда бір шаңырақ астындағы ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы өзге мемлекеттерге үлгі болып келеді.


Достықты ту етіп, Ақ Жайық өңірін қоныстанған ұлт өкілдерінің бірі – дүнгендер. Олар негізінен Қытайдың Нинся-Хуэй автономиялы ауданын мекен етеді. Діні – мұсылман, тілдері қытай тіліне жақын. Дүнгендерінің біраз бөлігінің Жетісуге қоныс аударуы 1864-1878 жылдары Батыс Қытайда болған дүнген көтерілісіне байланысты. Ресми деректерге жүгінсек, қазір Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан аумақтарында 130 мыңға жуық дүнген қоныстанған. Қазақстанда ата-бабалары Қытайдың Шэньси мен Ганьсу өлкелерінен шыққан 50-60 мыңға жуық дүнген бар. Қазіргі дүнгендер бір-бірімен шэньси акценті басым қытайлық «дүнген» тілінде сөйлейді. Еліміздегі дүнгендердің басым көпшілігі Алматы, Талдықорған, Жамбыл облыстарында тұрады.

Қазақстандағы тең құқылы азамат ретінде алдарына қойған мақсаттарын орындап, еліміздегі бірлік пен ынтымақтастықты жандандыруға өз үлестерін қосып келеді. Соның бірі – қаламыздағы Мұсаевтар отбасы. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Абдукарим Мұсаевтың қазақ жеріне келгеніне біраз жыл болды. Атасы Мұсаның ұлты дүнген болса, әжесі Гүлайым қазақ қызы екен.

– Арғы ата-бабаларымыз Қытайда туды. Өзім Жамбыл облысының тумасымын. Орал жаққа 1977 жылы Фрунзедегі политехникалық институтты бітіргеннен кейін Зеленов ауданына жолдамамен келдім. Облыстық тұтынушылар одағының басқармасы Шыңғырлау ауданына жіберіп, сол жерде балаларымыз білім алды. Кейіннен жұмыс бабымен Орал қаласына келдік. Әкеден балаға мирас болып келе жатқан, қазіргі кезде отбасымыздың табыс көзі болып отырған «Бибігүл» мейрамханасының іргесін қалаған едім, — дейді Абдукарим ағай.

Бұл отбасы жиі қайырымдылық шарасын ұйымдастырып тұрады. “Жалпы мұсылмандар үшін біреуге қамқор болу, қайырымдылық көрсету парыз болып саналады. Біз соны әр кез ұмытпаймыз” деп мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қолұшын созудан бас тартқан емес. Облыстағы түрлі мейрамдар кезінде дүнгендердің ұлттық тағамдарын дайындап, қонақжайлылық танытады.

– Ұл-қыздарым шаңырақтарын көтеріп, өмірден өз орындарын тапты. Төрт балам, сегіз немерем бар. Зайыбым Бибігүл екеуміз бақытты ата-ана әрі немерелеріміздің сүйікті ата-әжесіміз. Оралдағы Абдоллаев, Кәрімов, Исмайлов, Омаров сынды көптеген дүнген және қазақ отбасыларымен араласамыз. Бәрі дерлік жеке кәсіппен айналысады. Қаламызда көптеген ұлттар тату тұрады. Біздер тек мереке күндері ғана емес, әр кез құшақ жая көрісіп, игі істерде бір-бірімізді қуаттап, қиындықта қасынан табылып, қуанышқа ортақтаса білеміз. Елбасымыздың саясатын қолдап, Жолдауын, іс-жоспарларын қуаттап, жұмыла күш біріктіріп, ынтымағымызды одан әрі нығайту жолында біздің дүнгендер аянып қалмайды. Сондықтан бәріміз бір болайық деймін, – деді Абдукарим ағай.

Еліміздегі басты байлық бейбітшілік пен келісім қазақ жерін мекен еткен ұлт пен ұлыстың достық пиғылдары мен көрегендігінің жемісі екені сөзсіз. Өзгені бауырға тартып, төрін ұсынатын кең пейіл қазақ ұлтына өзге ұлт өкілдері сүйіспеншілікпен қарайтыны анық.

Алтынай АМАНДУРДЫЕВА,

БҚМУ-дың филология, қазақ тілі факультетінің студенті


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика