Мұрағат: 23.02.2016


Саяжайдағыларды сақтандыруда

Күні: , 81 рет оқылды

IMG_6594 (2)


Облыс аумағында өтіп жатқан үй-жайды өрт пен су тасқынынан сақтандыру мақсатындағы айлық аясында БҚО төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су тасқынынан зардап шегуі ықтимал саяжайлық аумақтарға рейд жасап, аралап шықты.


Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің Орал қаласының аумағына тиесілі қойнауларында жергілікті бағбандардың 72 серіктестігі орналасқан. Орал қалалық бағбандар қоғамының мәліметіне қарағанда, бүгіндері өзен қойнауларындағы саяжайлық аумақтарда ұзын-саны 10 851 адам, оның ішінде 3 586 ұл-қызы бар 6 288 отбасы тұратын көрінеді.

Рейд барысында су басу қаупі бар аумақтарды мекендеген жұртшылыққа тасқын кезіндегі іс-әрекет қағидалары және өртке қарсы қауіпсіздік шаралары түсіндіріліп, осы сипаттағы жадынамалар таратылды.

Орал қаласы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы, азаматтық қорғау майоры Н. Таубеков айтқандай, алдағы көктемде баспаналарын су басуы мүмкін саяжайларды мекендеушілерге қажетті ақпаратты жеткізуге баса назар аударылуда. Әр адамға тасқыннан төнер қауіп-қатер туралы айтылып, мұндай жағдайда көшетін қауіпсіз орын көрсетіліп және жедел жасалуы тиіс іс-әрекеттер жөнінде кеңестер берілуде.

Сақтандыру барысында тұрғындарға тасқынның кесірінен көшу кезінде өздерімен бірге маңызды құжаттарды, ақша сықылды материалдық құндылықтарды, ең алдымен қажет болар керек-жарақты, дәрі-дәрмектер, сонымен қатар ауыз су мен азық-түлік алу керектігі түсіндірілуде. Өзен-көлдердің су көтеріле бастаған кезде мекенжайларда қалатын дүние-мүлікті жоғары қабаттарға, үй төбелеріне көтеру, үй құстары мен малды қауіпсіз аумаққа көшіру, ең бастысы, дер кезінде адамдардың өздері қауіпсіз жерге жетіп үлгеруі шарт.

Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының редакцияға жолдаған мәліметіне қарағанда, саяжайды мекендеген жұртшылық про-филактикалық іс-шараларға құлақ түруге ықыласты көрінеді. Рейд кезінде аталмыш департаменттің қызметкерлері өрт, су тасқыны секілді төтенше жағдайлар орын алған кезде кез келген ұялы телефонға, тіпті сим-карта болмаған жағдайда да, бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің 112 телефон нөмірі бойынша қоңырау шалып, дабыл қағып, көмекке шақыруға болатындығын саяжайларда тұратындардың жиі-жиі қаперлеріне салумен болды. Сөйте тұра, саяжайларды жыл-он екі ай бойы мекендеушілердің ең әуелі өздері сақтық шараларын күшейткендері ләзім, әрине. Өйткені биылғыдай қарға жомарт қыстың соңы нөпір суға айналуы әбден кәдік. Ендеше, саяжайдағы ағайын, әсіре жайбарақат болмаңыздар, қаннен-қаперсіз, қамсыз отырмаңыздар!

Өз тілшіміз


Қате қаптап тұр…

Күні: , 121 рет оқылды

оаврвралдба626541


Ұлтымыздың  жоғын жоқтап, ұпайын түгендеп жүрген,  қазақтың ибалы келіні атанған Зейнеп Ахметова қазақ тілін қажет етпейтін қаракөздерді көргенде: «Кей кісілердің ұрпағының ділі – дүмбілез, тілі – шұбар. Балаларымен орыс тілінде сөйлеседі, немерелері ағылшынша ағып тұр. Үлкендер соған мәз. Жарайды, орысша білсін, ағылшын тілінде сайрасын! Бірақ мына беттерін қайтеді, сайтан алғыр, олардың беттері ағылшын емес,  қазақ боп тұр ғой!», – деп күйінгені бар.  Дәл осындай «Түрі — қазақ, тілі — дүбәра» қандастарымыздың тілімізге жауапсыздықпен қарауы қынжылтады.  Олай деуіміздің  себебі, Орал қаласының көшелерінде жарнама мәтініндегі қателерден аяқ алып жүру мүмкін емес.


Көп жағдайда  кәсіпкерлер ә, і, ң, ғ, ү, ұ секілді қазақтың төл әріптерін көзге ілмейді. Мәселен,  «ғ» әрпінің орнына «г» әрпінің қолданылуын Еуразия даңғылындағы қатар тұрған екі жарнамадан аңғардық. Онда «Гимараттар» және «Суга» деп жазылыпты. Сауда орталықтарында ұшырасатын қателер көбіне тәуелдік жалғауына қатысты болады. «City center» ойын-сауда орталығында біраз дүңгіршектердің осындай қатеге жол бергенін байқауға болады. Мысалы, Tiflant дүкені «Балалар аяқ киім», басқа бутик «Кеңсе тауарлар»  деп қойыпты, дұрысында «Балалар аяқ киімі», «Кеңсе тауарлары» болуы керек. Өйткені бұл тәуелдік жалғау мен ілік септігінің матасқан байланысы. Дұрыс тәржімалауға келсек, сол даңғыл бойындағы тағы бір дүкеннің жарнамасында «жылу іш киімдер» деп тұр. Орысшасы «термо белье» екен. Негізінде термо сөзін аудармай, түпнұсқасымен жазған абзал. Еуразия даңғылымен ары қарай жүре берсеңіз, «Destination» халықаралық оқу орталығына көзіңіз түседі. Жалғыз «қ»-ның орнына екеуін жазып, дөрекі қателікпен «халықаралық» деңгейіне сай болмай тұр. Осылайша бір көшенің бойынан бірнеше қателікті көзіміз шалды. Таң қаларлығы сол, орыс, ағылшын, тіпті қытай тіліндегі жазбалардан бірде-бір қате таппайсыз. Ал қазақ тіліне келгенде, өздерін аса сауатты сезінетін  «полиглот» мырзалар оңбай сүрінеді.

Қазақ тілін қазақтың өзі үйрене алмай жүргенде, өзгелерге кешіріммен қарауға болатындай.  Жасыратыны жоқ, орыстілді отандастарымыз үшін қос тілде қатар жазылған дүңгіршек атау-лары орысша-қазақша сөздік секілді. Күннен-күнге олардың санасына мағынасы бұрмаланған, грамматикалық тұрғыда қате жазылған қазақ сөздері сіңіп жатыр. Демек, қазақша аудармаға салғырт қараған кәсіпкерлер қазақша сөздерді қате жазу арқылы, халыққа жалған ақпарат таратуда. Ал жалған ақпарат таратқан жанның заң алдында жауапқа тартылатыны белгілі.

Қазақта «тілден қалды» деген сөз бар. Адам баласы беті бері қарамай,  бұл дүниеден ол дүниеге өтерде, яғни адамның жаны шығарда тілден қалады. Қазақтың ана тіліне деген бүгінгі көзқарасы да осыны аңғартады кейде. Бүтін бір ұлт тілден қалса, соңы не болмақ? Ойлаудың өзі қорқынышты…» Бұл да Зейнеп апамыздың тілімізді қорлаған шала қазақтарға күйінгенде айтқаны…

Айымгүл  ТӨЛЕУҒАЛИ,

 «Орал өңірі»


“Аlem Plaza” – заманауи үлгідегі сауда үйі

Күні: , 105 рет оқылды

DMS_0932


Өткен аптада облыс әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған кезекті баспасөз-саяхаты “Диана плюс” ЖШС мекемесінде өтті.


“Диана плюс” ЖШС иелігіндегі “Аlem Plaza” – “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттен қолдау алып, халыққа қызмет көрсетіп отырған өңіріміздегі жалғыз сауда үйі.

Заманауи үлгідегі сауда үйі жобасының жалпы құны 786 млн. 500 мың  теңгені  құраған.

– 2015 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына өзгертулер енгізіліп, жаңа форматтағы сауда орындарының құрылысын жасақтау немесе қайта жөндеуден өткізуге мүмкіндіктер берілді. Өзгертудегі шарттар бойынша сауда орны 2000 шаршы метрден кем болмауы, әрі автотұрақ 50 автокөлікке есептелуі тиіс болатын.  Осы талаптарды ескере отырып, “Диана плюс” ЖШС  аталмыш бағдарламаға құжат тапсырып, мемлекеттің қолдау қаржысына ие болды. Берілген несиенің көлемі  681 млн. 971 мың 132 теңге болса, оның ішінде инвестиция 664 млн. 771 мың 132 теңгені, ал қосымша айналым құны 17 млн. 200 мың теңгені құрап отыр. Бұрынғы ескі тігін фабрикасы жойылып, орнына жаңа сауда үйі ашылды, — дейді  облыстық индустриалдық даму басқармасы кәсіпкерлік және сауда бөлімінің басшысы Бақдәулет Ибраимов.

– Бұл жерде әлемдік бренд өнімдерді ұсынатын бірнеше сауда дүкендері біріктірілген. Олардың ішінде “Теxнодом», “Sulpak” электроника гипермаркеттері мен “Bijoix Mania”, “F&F”, “Elle”, “Sela”, “suiteBlanco” брендті киім дүңгіршектері мен “Juxe Jash” сұлулық салоны, “flormar” косметика дүкені орналасқан. Одан бөлек демалушыларға арналған шағын дәмханалар қызмет көрсетеді. Сауда үйінде бейнебақылау жүйесі,  автоматты өрт сөндіру құрылғысы, заманауи желдеткіш, эксколатор, әйнек жеделсатылар орнатылып, келушілерге қолайлы жағдай жасалған, — дейді “Диана плюс” ЖШС-ның маркетинг бөлімінің жетекшісі Алексей Валиев.

Ләззат  ШАҒАТАЙ

Суреттерді түсірген Медет ДОСЫМОВ


Қоғамдық кеңестер құрылды

Күні: , 103 рет оқылды

1 кулшар малик


Кеше  облыстық мәслихаттың үлкен залында  облыстық қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының құрамы бекітілді.


Жиынды жүргізген облыстық мәслихат хатшысы, жұмыс тобының басшысы Мәлік Құлшар жұмыс тобы мүшелерін нормативтік-заңдық құжаттармен таныстырды. Одан әрі қоғамдық кеңеске мемлекеттік органдардан, қоғамдық ұйымдар мен жеке ұйымдардан ұсынылған  және қала мен аудандардағы қоғамдық кеңестердің төрағалары дауысқа салынды. Нәтижесінде облыстық қоғамдық кеңестің құрамына 41 адам сайланды.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

*    *    *                            *    *    *

Кеше Орал қалалық мәслихатының кезектен тыс 43-сессиясы өтті. Жиынды қалалық мәслихат хатшысы, сессия төрағасы Аққали Әубекеров жүргізді.

Сессияның күн тәртібінде Орал қаласының қоғамдық кеңесінің құрамын бекіту, қоғамдық кеңес туралы ережені  бекіту, қалалық мәслихаттың 2014 жылғы 25 маусымдағы №24-9 «Орал қаласы әкімдігінің мүшелері мен дербес құрамы туралы» шешіміне өзгерістер енгізу  мәселелері  қаралды.

Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының облыстық басылымдарға жариялаған конкурсына сәйкес 10 күн ішінде түрлі коммерциялық емес ұйымдардан, соның ішінде жастар, әйелдер, ардагерлер қоғамдық ұйымдарынан, жекелеген адамдардан барлығы 40 өтініш қабылданған. Бұдан басқа мемлекеттік орган өкілдерінен  бес  өтініш  түскен.

Жұмыс тобының 19 ақпан күнгі отырысында іріктеліп алынған 30 үміткер мәслихат депутаттарына таныстырылды. Депутаттардың бірауыздан қолдауына ие болған қоғамдық кеңес мүшелерінің қатарында қалалық мәслихат өкілі Аққали Әубекеров, жол құрылысы саласының өкілі Аветик Амирханян, машина жасау саласынан Көшербай Айғожаұлы, көлік саласының өкілі Валерий Голоухов, журналистика саласынан Бауыржан Ғұбайдуллин, БҚО нотариалдық палатасының өкілі Найля Елегенова, жергілікті полиция қызметінің өкілі Мүсілім Жәрдемов, құрылыс саласының өкілі Бақытжан Нұрбаев, білім беру мекемелерінің өкілі Тамара Рудич, фармацевтикалық қызметтің  өкілі  Виталий  Соколов бар.

Бұдан соң өткен қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында кеңестің төрағасы мен хатшысын тағайындау мәселесі қаралды. Кеңес мүшелерінің бірауыздан қолдауымен кеңес төрағалығына Роман Бисенғалиев, хатшылығына Людмила Тенишева тағайындалды.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Әдеп кеңесінің алғашқы жиыны

Күні: , 105 рет оқылды


Таяуда ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің (бұрынғы Тәртіптік кеңестің орнына құрылған) алғашқы отырысы болып, оны кеңес төрағасы Мирболат Нұртазин жүргізді.


Жиын барысында кеңес құрамында болған бұрынғы мүшелерге алғысхат тапсырылып, жаңа мүшелер бекітілді. Алғысхат алғандардың қатарында он бір жылдай Тәртіптік кеңес мүшесі болған, «Жайық Пресс» ЖШС директорының орынбасары, ақын Ғайсағали Сейтақ та бар. Сондай-ақ бұл жолы комиссия мүшелігіне «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен, БҚО әкімі аппаратының басшысы Марат Тоқжанов, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының директоры Ақсерік Әйтімов, БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Кеңес Абсатиров, БҚО әділет департаменті басшысының орынбасары Хамидолла Құсдәулетов, БҚО бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Аманкелді Нұғманов, БҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, «Орал өңірі» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, мемлекеттік қызметшілер, банк мекемелері, қоғамдық қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Мерғалиев және «БҚО Азаматтық альянсы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Әлия Сәлиева қабылданды.

Жиында, бұдан бөлек, төрт  мемлекеттік қызметшінің әдеп нормалары мен талаптарын бұзу бойынша істері қаралды. Атап айтқанда, бұл істер Зеленов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерік Бисақаевқа, Теректі аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Тайман Нұрғалиевке, Қазталов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпановқа, Ақжайық аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Берік Дәулетов пен оның орынбасары Қымбат Шүкірғалиеваға қатысты болды.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Т. Нұрғалиевтің іс-әрекетінде кәсіпкерлікпен заңды түрде айналысуға кедергі жасау фактісі барлығын анықтап, оған қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде жаза тағайындау туралы Теректі ауданының әкіміне ұсыныс жолдады. Е. Бисақаев пен С. Тоқпановқа қатысты іс тоқтатылды. Б. Дәулетов пен Қ. Шүкірғалиеваға қатысты іске орай қос мемлекеттік қызметшіге  ескерту  беру  ұсынылды.

 Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Мешіттегі қайырымдылық шарасы

Күні: , 152 рет оқылды

DSC_0039


Өткен  сенбі күні облыстық мешітте қайырымдылық шарасы өтті. Әлеуметтік жағдайы төмен 32 отбасына азық-түлік, тұрмыстық қажетті заттар қоржыны  табыс етілді. Батыс Қазақстан облысының  бас имамы Руслан Тыныштықұлы  адамгершілік, қайырымдылық туралы әңгіме қозғап, адамдарды бір-біріне қамқор болуға, ізгілік жасауға шақырды.


Бір отбасына жалпы салмағы 24 келі азық-түлік, үш адамға 15-20 мың теңгеден ақшалай көмек берілді. Руслан Тыныштықұлы қайырымдылық жасап жүрген демеушілерге алғыс айтып, «Сити» такси мекемесі жетекшілерінің бірі Марат Қанатқалиұлына алғысхат табыс етті. Демеушілердің қатарында «Звезда», «Азия» такси желілері мен «Патриот» спорт клубының  өкілдері болды.

— Мешіт жанында ұйымдастырылатын қайырымдылық шарасына өткен жылы 170 мың теңгенің, бүгін де сол шамада қаржы шығардық. Үш  отбасының ай сайынғы пәтер ақысын төлеп отырмыз. Екі жылдан бері сегіз отбасына материалдық көмек беріп келеміз. Бүгін әр отбасына 35-40 мың теңге тұратын азық-түлік бердік, — дейді аталмыш спорт клубының төрағасы Асқат Мырзағалиев. Шараға қатысушы отбасылар бас имамға, демеуші азаматтарға алғыс айтты.

— Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үнемі біздің назарымызда. Қайырымдылық шараларымызға мешіттің жамағаты да атсалысуда. Бүгінгі шараға қатысқан үш такси мекемесінің көліктері мүмкіндігі шектеулі жандарды үйлеріне жеткізіп, өздігінен жүре алмайтын адамдардың үйлеріне қайырымдылық қоржынын апарып береді. Біреуге жақсылық жасау, мұқтаж адамға көмек қолын созу – адамның  асыл қасиеті. Бүгінгі қиын қоғамда адамдардың жүрегінен мейірім кетпесе екен, — дейді Руслан Тыныштықұлы.

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика