Мұрағат: 20.02.2016


Сексеннің сеңгірінде

Күні: , 108 рет оқылды

IMG_3925


Кеше облысымыздағы аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов еңбек және тыл ардагері Қатеп Ишанбековты қабылдап, 80 жасқа толуымен құттықтады.


Алпыс жылдан астам еңбек өтілінде партия жүйесі және кәсіподақ саласындағы қызметтерді абыройлы атқарған Қатеп Ишанбеков 34 жылдық еңбегін кәсіподақ саласына арнаған. Орталық төрағасы қазақы дәстүрмен ардагердің иығына шапан жауып, ескерткіш  ретінде  құнды кітап сыйлады. Шараға қатысқан салалық кәсіподақ жетекшілері де мерейтой иесіне игі тілектерін арнап, өткен күндерден тағылымды естеліктер шертісті.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Онлайн-флешмоб жалғасын табады

Күні: , 117 рет оқылды

4 флешмоб


Бейсенбіде облыс әкімдігінің шағын мәжіліс залында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 жыл: Бір ел. Бір тағдыр» республикалық акциясының басталуына байланысты онлайн-флешмоб өтті.


Флешмоб қазақстандық  ғаламтор (интернет) пайдаланушылардың бастамасымен барлық аймақта бір мезгілде 18 ақпан күні Астана уақытымен  10 сағат 25 минут 25 секундта басталды.

Еліміздің жастарынан қолдау тапқан бұл акцияда барлық қатысушылар www.25.EL.kz сайтына жеке пошта, «Facebook», «Вконтакте», «Тwitter», «Однокласники» сияқты әлеуметтік желілер арқылы тіркеліп,  бір уақытта патриоттық  бағыттағы суреттермен әлеуметтік  желілердегі басты фотоларын (аватарын) өзгертті. Өзін Отанының нағыз патриоты санайтын кез келген тұлға сайттағы ұнаған эффектісін таңдап, басты фотосын «25 жыл» деген жазуы бар еліміздің көк түсті Туы бейнеленген, ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен безендіре алады.

Аталмыш шара М. Өтемісов атындағы БҚМУ мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да да өткізілді. Акция 2016 жылдың 18 ақпанынан 16 желтоқсанға дейін  жалғасатын  болады.

Ләззат  ШАҒАТАЙ


Қадамы қарышты кәсіпорын

Күні: , 133 рет оқылды

DMS_0785


«БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС – мұнай және газ, энергетика өнеркәсібіне сапалы жабдықтар шығаратын облысымыздағы ірі кешен. Жақында жергілікті БАҚ өкілдері кәсіпорындағы жұмыс барысымен танысты.


«БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС 2006 жылы Ресейдің Саратов қаласындағы «Мұнайгазжабдықтары» зауыты» ААҚ-ның қолдауымен «аяғынан тік тұрып», отандық өнеркәсіп саласы бойынша нарық бәсекесіне түскен. Содан бері ірі мұнай-газ және құрылыс компанияларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Олардың қатарында «Интергаз Орталық  Азия» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «КАТЭК» ЖШС, «ҚазГипроМұнайТранс» ЖШС, «Мұнай және Газ Қазақ Институты» АҚ  бар.

Кәсіпорында автоматты газ тарату стансасының блогы мен торабы өндіріледі, техникалық үдерісті автоматты басқару жүйесі құрастырылады. «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС он жыл ішінде өз өнімдерімен 80 нысанды қамтамасыз еткен. Мәселен, өткен жылы АГТС-тің бес данасын Қызылорда облысына, екеуін Ақтөбе облысына шығарған. Кәсіпорын бұған дейін Алматы, Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстандағы ірі әлеуметтік нысандар құрылысын газдандыруға, «Қазақстан-Қытай» және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырын тарту жобаларына  қатысқан. ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы былтыр «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС-ны отандық өнеркәсіпте сапалы АГТС өндіруші жалғыз кәсіпорын деп таныған.

– Негізінен, шикізатқа отандық бұйымдарды пайдаланамыз. Тапшы болса, кейбір жабдықты шетелден алдыртуға тура келеді. Дегенмен, ҚР ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы ұсынған «СТ-КZ» сертификатының талабына сәйкес біздің зауыт шығарған әрбір өнімнің кемінде 45 пайызын отандық шикізат құрайды. Қазір Ақтөбе, Алматы, Талдықорған облыстарына АГТС дайындап жатырмыз, – деді «БМГЖ» ЖШС директорының орынбасары Олжас Букаев.

Батыс Қазақстан облысы бойынша «БатысМұнайГазЖабдықтарының» үш автоматты газ тарату стансасы Сырым ауданының Алғабас, Жымпиты ауылдарында және Қаратөбе ауданында орналасқан. Олжас Букаевтың айтуынша, серіктестік «Жайықжылуқуат» АҚ-ға арналған АГТС жобасын дайындаған. Аталған кәсіпорын тапсырыс берсе,  өнімін ұсына алады.

Кәсіпорынның қарауында үлкен жүк тасымалдайтын көліктерін қоятын автопарк бар. Сондықтан мұнай және газ жабдықтарын құрастырумен шектелмейді. Еліміздің қай өңіріне болмасын, серіктестік қызметкерлері өнімдерді жеткізіп орнатып береді. Яғни инженерлер блоктарды байланыстыру жолын көрсетеді. Тұтас желі бойынша гидросынақ өткізілгеннен соң, стансаны арнайы іске қосатын  мамандар газ қысымының қалыпты жүруін бақылайды, негізгі жұмыс барысын операторларға таныстырып, үйретеді. Өндіріс орнында заманауи автоматты құрылғыларды басқара білуге дайындайтын оқыту, біліктілікті арттыру және машықтан өткізу курстары тұрақты қолға алынған.

«БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС-да 56 адам еңбек етсе, оның 28-і өндіріс орнында тер төгуде. Жұмысқа тартылғандардың бәрі – жергілікті мамандар. Дағдарыс ахуалына байланысты жұмыс бірлігінде қысқарту жоқ. Дегенмен өнім бағаларының қымбаттауына ықпал етуде.

– Кәсіпорын шығаратын бұйымдар сапалы. Мұнда АГТС блоктарын құрастыру үшін шикізат жинаймыз. Металл өңделген соң, технологиялық карта бойынша дәнекерлеу жұмысын бастаймыз. Дәнекерлеу қабатында саңылау қалмауын мұқият қадағалаймыз. Станса бірнеше блогтан тұрады. Басқару блогы газ шығынын есептеу құрылғысынан, жылыту қазандығынан, шағын шеберханадан тұрады. Ал газ одоранттау блогы этилмеркаптанды тамшылатып құю арқылы белгілі мөлшерде газдан тұрмыстық иістің шығуын қамтамасыз етеді. Иістің мөлшері ұлғайып, қауіпті жағдай туындаса, уақтылы белгі беріледі, – деді бас дәнекерлеуші Нұрболат Тұржанов.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Міндетіміз – абоненттердің сұранысын қанағаттандыру»

Күні: , 121 рет оқылды

1 бриинглалал


Осы аптаның бейсенбісінде ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің БҚО филиалында  «Өңірдегі телекоммуникация  жүйесі. Жетістіктер мен жаңа міндеттер» тақырыбында брифинг өтті. Оған «Қазақтелеком» АҚ  БҚО филиалының бас директоры Болатбек Қанафин  қатысып, 2015  жылдағы  атқарылған  жұмыстар мен алдағы  жоспарлар  туралы баяндады.


Өткен  жылдың  желтоқсан  айында Батыс Қазақстан ОТД байланыс желісін сандық  жүйеге  көшіру  жұмысын аяқтады, – деді Болатбек Өтегенұлы.  –  Жасалған  жұмыстар стансалардың қызмет ету мерзімін және жүктемелік  қабілетін арттырып, жоғары сенімділігін және желілердің функционалдық  жаңғырту мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Аймақта 104 мыңнан астам абонент жаңадан қосылды. Ақсай мен Орал қалаларында  Индустрияландыру картасына кіретін «Қазақтелеком» АҚ  FTTH  желілерінің  құрылысы» стратегиялық  жобасын  жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Оралдағы көп қабатты үйлердің  FTTH желісін кеңейту бойынша жұмыстар да аяқталып қалды. Соңғы бес жылда  желіге 1075 ғимарат қосылды. 2014 жылдың қарашасынан 4G (LTE) кеңжолақты байланыс  мобильді желісінің енгізілуі басталды. 2016 жылдың 1 қаңтарына 4G желісімен Орал және Ақсай қаласы және Бударин, Дариян, Трекин, Мичурин, Асан, Подстепный, Жалпақтал ауылдары қамтамасыз етілді. «Алтел» АҚ-ның 79 базалық стансасы орнатылды. Батыс Қазақстан ОТД белгіленген және 1 SIM-картада қалалық және мобильді нөмірлері біріктіріліп, жоғары жылдамдықта интернеті бар FMS немесе «Әмбебап нөмір» мобильді байланыс қызметінің бірыңғай топтамасын сатуға кірісті. Пайдаланушылар саны бір жылда төрт есеге өсті. 446 елді мекеннің 99,3%-ы телефондандырылған. Үстіміздегі жылдың 1  қаңтарына белгіленген желілердің нө-мірлер саны 155 мыңнан астам болып отыр. Кеңжолақты байланыс бойынша интернет желісіне қосу нүктелер саны – 45 мыңнан астам, оның ішінде ауылдағы EVDO радиоқатынау технологиясы базасында 2 500-ден астам болды. iDNet қызметін 15 500-ден  астам абонент пайдаланады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, бір жыл ішінде пайдаланушылардың саны 28 пайызға артты. Өткен жылы  iD TV абонентінің саны екі  есеге өсті. FTTH оптикалық желісін пайдалану арқылы облыс орталығында 8 мбит/с жылдамдығымен интернет байланысын  сауда ойын-сауық орталықтарында, университеттерде, демалыс аймақтарында Wi-Fi  технологиясы базасында ұсыну жүзеге  асырылды.  2015 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның telecom.kz жаңартылған порталы қосылды. Бұрынғы нұсқамен салыстырғанда қазіргі порталда абоненттер үшін көптеген функциялар қосылған, сонымен қатар ақпараттық-сараптамалық сайттан интерактивті интерфейсі бар, онлайн тәртібінде қызметтерді басқару және төлемақы жүргізу мүмкіндіктері берілген.

Телекоммуникация қызметтеріне комиссиясыз төлемақы қабылдау «Қазақтелеком» АҚ жеке сервис желілерінің барлық пункттерінде telecom.kz бірыңғай порталы арқылы онлайн форматында  жүруде. Сондай-ақ  кеңесші арқылы демо-нүктелері ұйымдастырылған. 2016 жылғы міндетіміз – барлық инфокоммуникациялық қызметтер түріне  абоненттердің сұранысын қанағаттандыру, жаңа  қызметтер мен сервистерді енгізу, облыс, аудан орта-лықтарында  FTTH  желілері мен интерактивті телевидение нарығын дамыту болмақ.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Айбек  НЫҒМЕТ, «Приуралье»  газеті:

– Облыста талшықты оптика байланысымен қамтамасыз ету деңгейі қандай дәрежеде? Екінші сұрақ,  қай сайттар бұғаттауға жатады, соның ішінде діни-экстремистік  бағыттағы  сайттарды  жабу  жағы  қалай?

Болатбек  ҚАНАФИН:

– Күні бүгін талшықты оптика байланысы жеті  аудан орталығында бар. 443 ауылдың  41-і  аталмыш байланысқа қол жеткізді.  Бұл ұзаққа созылатын бағдарлама, бір жағынан,  ол көп қаржыны талап етеді. Бұл бағытта  2018 жылы жобалық жұмыстар іске асады.  Ал екінші сұраққа келсек, біз-дің компания сайттарды бұғаттаумен айналыспайды. Елімізде бұл жұмыспен арнайы органдар шұғылданады.

Анель  ҚАЙНЕДЕНОВА, «Мой  город:

– Телекоммуникация  қызметі үшін комиссиясыз төлемақыны қай жерлерде төлеуге болады?

Болатбек  ҚАНАФИН:

– Біздің  қызметтер үшін комиссиясыз төлемақыны онлайн жүйесі бар барлық банкте төлеуге болады. Мысалы,  мен «Каспий банк» арқылы төлеймін. Баяндамамда айттым, «Қазақтелеком» АҚ жеке сервис желілерінің барлық пункттерінде қызметкерлеріміз  тұтынушыларымызға, соның ішінде зейнеткерлерге  портал арқылы комиссиясыз төлем жасауға көмектеседі.

Ақболат  МҰСТАЖАПҰЛЫ, «Қазақстан- Орал»  телеарнасы:

– Жұмыс  бабында біз  «Қазақтелеком» қызметін жиі қолданамыз. Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы  аудандары түсірген екі  минуттық бейне материалды интернет арқылы бізге жіберу үшін  7-8 сағат, кейде тәулік бойы отырады. Ең аяғында олар дискіге жазып, Оралға таксиден беріп  жіберуге мәжбүр. Ал ондай материал уақыт өтіп кеткен соң маңызын жоғалтып, телехабарға шығаруға  жарамай қалады. Интернеттің жылдамдығы неге төмен?

 Болатбек  ҚАНАФИН:

– Баяндамамда айттым, облыс бойынша 7-ақ  аудан  талшықты оптика байланысына қосылған. Сіз айтқан үш ауданда және Қаратөбе, Сырым ауданында ол байланыс әзірге орнамаған. Сондықтан интернет жылдамдығы  төмен. Осы аудандар тарапынан біріккен бизнес-жобаға қол жеткізсек, екі жақтан қаржы шығарсақ, сөйтіп талшықты оптика байланысын орнатуды тездетер едік деп ойлаймын.

Ұлдай   ҚАБОШҚЫЗЫ, «Орал  өңірі»:

– Бүгінде ұялы байланыс операторлары көбейді әрі қызметі де арзан. Соған орай  тұрғындар қалалық телефоннан  бас тартып жатыр. Себебі ол телефонға ешкім қоңырау шалмайтын болды. Бұл сіздің бизнеске қалай әсер етуде? «Теле-2» байланысын сатып алады  деген  әңгіме  рас  па?

Болатбек  ҚАНАФИН:

– Телефонды ұстай ма, бас тарта ма, әркім оны қаржысына байланысты өзі шешеді. Дегенмен  бұл мәселе бізге де қиындық әкелуде. Бұл мәселемен арнайы айналысатын бөлім бар. Біздегі «пакет қызметіне» интернет, теледидар кіреді, егер сол пакетте телефонды қалдырсаңыз, ұтылмайсыз. Жай телефонды егде адамдар, зейнеткерлер пайдаланады. Ал енді «Теле-2» ұялы байланысын сатып алу туралы әңгіме рас. Биыл келісімшарт жасасаймыз. «Алтел» мен «Теле-2»-нің базалық стансасы бірге.  Бұл біздің абоненттерге өте қолайлы.

Рауан  ДИӘЛІ: «Қазақстан- Орал» телеарнасы:

– Деркөл  жағындағы  жаңадан салынған  үйлерді, саяжайды телефонмен қамту  жоспары бар ма?

Болатбек  ҚАНАФИН:

– Ескі әуежай ауданы, Деркөл ауылы кезекте тұр. Биыл Зашаған ауданын қамтуды ойлағанбыз. Біз бизнес компаниясымыз, қаржының жоқтығына байланысты ол жұмыстар тоқтап тұр. Бірақ орындалуы  алдағы күндердің еншісінде.

Бағдат  ІЗМАҒАМБЕТ, «Жайық Пресс» ақпарат  орталығы:

– Телефон кабельдерін ұрлау фактісі бар деп естідік. Сымдарды жаңарту қалай жүруде?

Болатбек  ҚАНАФИН:

– Ондай фактілер бар. Біз бұл туралы БҚО ІІД  хат жазып, хабарладық. Бүгінде мыстың бағасы көтерілді, ұрлық та соған орай өршуде. 2015 жылы  осы ұрлықтың кесірінен 4 миллион теңге шығынға баттық. Ал сымдарды жаңартпаймыз. Себебі, өзіңіз білетіндей, бүгінгі заман талабына сай талшықты оптика  байланысын  орнатудамыз.


Қазақ батырының сауытын тоқыды

Күні: , 80 рет оқылды

HPIM7852


Ақжайық ауданының Атамекен ауылындағы негізгі мектептің өлкетану үйірмесінің шәкірттері өздерінің білім ұясы жанындағы «Жерұйық» мұражайының жетекшісі Жәнібек Әбілпейісовтың бастауымен қазақ батырының кіреуке сауытын тоқып шықты.


Кіреуке ерте замандағы соғысқа киетін, оқ өтпейтін сауыт болғаны мәлім. Балалар мен олардың жетекшісі сауытқа 13 келі сым жұмсады, 11 мың сақина тор жасады. Аталған мұражайдағы бұл шығыршықты кіреукені тамашалаушылар басқа ауылдардан да келуде. Айта кетейік, мектептегі өлкетану үйірмесінің және «Жерұйықтың» уақыт талабына сай жұмыстары алысқа мәлім болуда. Өлкеде бұрынғы өткен би, батырлар, халық емшілері, ауылдар шежіресі жайында мол дерек-дәйектер, көне жәдігерлер жинақталуда. Атамекендік ұл-қыздар Ж. Әбілпейісовтың бастауымен былтыр аруақты би, баһадүрлер жатқан Кенжеғара қорымындағы 81 құлпытасты картаға, 61 құлпытасты фотосуретке түсірді. Бұлардың арасынан белгілі журналист-өлкетанушы, «Дана-kaz» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы тарихи екі тұлғаның құлпытасын анықтады. Оның біреуі – патша заманында Соналы болысын 30 жыл басқарған, 1888 жылы қазіргі Базаршолан ауылынан тұңғыш мектеп ашқан, болыс Мұхамеджан Сарғожиннің әкесі – Сарғожа бидің құлпытасы. Екіншісі – белгілі жазушы Берқайыр Аманшиннің арғы атасы Сартай бидің құлпытасы.

Күні бүгін атамекендіктердің тәжірибесі басқа ауылдарға, мектептерге таратылуда.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ,

Ақжайық ауданы


«Сіңліге сыр»

Күні: , 167 рет оқылды

акуштап кеши синлиге сыр


Сәрсенбі  күні  Назарбаев зияткерлік мектебінде ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереевамен  кездесу өтті. Ең әуелі, мектептің жас аналарымен «Сіңліге сыр» тақырыбында сырласқан ақын өзінің өмірден көрген-түйгендерімен бөлісті.


 Бала тәрбиесі, отбасы өнегесі туралы тарқатып айтқан ақын, әсіресе, қыз тәрбиесіне баса мән беру қажеттігін қадап айтты.  «Ұяларыңды бұзбаңдар, қажет болса, сол ұяны сақтап қалу үшін күресіңдер, балапандарың үшін» деген ол аналарға арнап, өзінің ана,  қыздар тақырыбында жазған өлеңдерін оқып берді.  Кездесу соңында ата-аналар мектеп кітапханасына ақынның үштомдығын сыйлады. Ақын шығармашылығына арналған «Жайықтан ұшқан аққу жыр» әдеби-сазды кеште қолына қалам ұстап өлең жазып жүрген жас зияткерлер ақынға өздері жазған арнау өлеңдерін оқып берді. Әрі қарай әдемі кеш сұрақ қоюмен жалғасып,  қызықты әңгіме диалог түрінде өрбіді.

Мұғалімдер мен шәкірттер орындаған Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Мен сені ойлайтынмын», «Ғашықпысың, шағала?», «Жіберілген хат» әндері шараның шырайын кіргізді. Одан әрі ақынға арналған айлық аясында өткізілген байқау жүлдегерлері  марапатталды.

Кеш соңында ақын  Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымына ризашылығын білдіріп, жас ұрпақты Отанды, туған жерді сүйіп, тарихты қадірлеуге шақырды.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ


Қазақтар бізді құтқарды!

Күні: , 113 рет оқылды

Фото Хон


…Қитұрқы саясатқа не дерсің?! 1937-1938 жылдары кенеттен қуғындалып, сонау Қиыр Шығыстан Орталық Азияға еріксіз жол тартқан кәріс ұлты өкілдерінің қайғылы тағдыры туралы тек осылай айтуға болады. Олар не үшін айыпталғанын білген де, түсінген де жоқ…


Иә, тағдырдың тауқыметін тартқан бейбақтарды ресми билік «Жапон тыңшылары» деп айыптап, бауыр басқан жерінен санаулы  уақытта үдере көтеріп, қызыл вагондарға тиеп, алыс жолға аттандырды. «Жапон тыңшылары»… Кісі күлерлік айып қой. Тек түрінің ұқсағаны болмаса, кәрістің жапоннан асқан жауы болған жоқ. Қазір Оңтүстік және Солтүстік Кореяны тек қана жапонға өшпенділік біріктіреді. 1904-1905 жылғы соғыста орыс көрші жапоннан жеңілгесін, оның ықпалындағы Кореяны самурай елінің басқыншылары жаулап алды. Басқыншылар бірден жергілікті ұлтқа қырғидай тиді. Қырып-жойғаны өз алдына, кәріс тілінде сөйлеуге, ән салуға тыйым салды. Тіпті бейбіт халықтың аты-жөнін де зорлық-зомбылықпен жапон тіліне ауыстырды.

Амалсыздан кәрістер топ-тобымен көршілес Қытай мен Ресейге қашуға мәжбүр болды. Солардың ішінде Синдер отбасы да бар еді. Ол – бүгінгі Орал қаласының байырғы тұрғыны Владимир Николаевич Хонның атасы.

— Шыны керек, біздің отбасында өткен-кеткенді сұрау, еске түсіру көп бола қойған жоқ. Әйтеуір, әкемнен естігенім, атам Син өте сауатты адам болған екен. Білімі болғасын, ата-бабамыз ғасырлар бойы мекендеген Солтүстік Кореяның бір аумағында сот болған. Кейін елді жапон басып алып, сауатты жандарды қырып-жойып не қудалауға кіріскенде, ұрпағын соңынан ертіп, Қиыр Шығыстағы Владивосток қаласының түбінен бір шыққан. Бірақ мұнда да қашқындарды құшақ жайып қарсы ала қоймайды. Амалсыздан келгендердің кейбірі христиан дінін қабылдауға мәжбүр болған. Қалғаны өз сенімінде қалып, жан бағу үшін қолына іліккен кәсіппен айналысыпты. Жүк тиеп-түсірді, ағаш кесті, дәрілік шөп жинады. Сөйтіп, жаңа жерге біртіндеп бауыр басты. Қас қылғандай, 1918-1922 жылдары бұлар тұрған Посьет ауданына да жапон басқыншылары жетіп, қайтадан ойына келгенін істеп бақты. Құдай оңдап, Синдер әулеті олардан аман қалды. Өмір біртіндеп қалпына келгесін бұл отбасында Хон Хак Сон атты ұл өмірге келді. Кейін басқалары оған ілесті. Әрі қарай енді тынышталғанда аса үрейлі де қайғылы 1937 жыл да келіп жетті. Сол жылдың салқын күзінде Қиыр Шығыстағы кәрістерге бір тәуліктің ішінде орныққан жылы ұясын тастап, Кеңес одағының ішкі аудандарына аттану жөнінде тәртіп берілді. Айнала дүрбелең. Ресми билік тек қана санаулы кәріс ұлтының өкілдерін қалдырып, қалғандарын алысқа жөнелтті. Мал мен жүк тасуға арналған вагонға отырған жазықсыз адамдар жол бойы талай туысы мен бауырын жоғалтып, буған-түйгенімен көп күн мен түннен соң қазақ жеріне жетті. Кәрістердің белгілі бір бөлігі Үштөбе стансасынан бастап, Орал қаласына дейінгі жерге түсірілді. Жаңа жерге тоқтаудың соңғы нүктесі – Орал қаласы. Қалғандары өзбек және тәжік жеріне жіберілді.

Оралға келіп жеткен Хон Хак Сонның отбасын басқа қандастарымен көп ұзамай Пойма стансасына апарып тастады. Тіл білмейді, ақшасы да, танысы да жоқ. Сан алуан қиыншылыққа қарамастан, қуғындалған жандар бір-бірімен байланысын үзбеді. Ынтымағы да мықты болып, ешкімді де қауіп-қатер немесе науқастық жағдайында жалғыз қалдырған емес. Жергілікті халықпен де біртіндеп үйренісіп, көп ұзамай жаңа таныстар тапты.

— Осы жерде айтарым, қазақ ұлтының, қазақтардың бізге аянышпен қарауы, бауырына тартуы еді. Әлі есімде, марқұм атам да, әжем де, әке-шешем де өле-өлгенше соны құлағымызға сіңірді. Әрине, сол жылдары қазақтың да шекесі шылқып тұрмады. Сонда да бізбен қолда барымен бөлісті, бар жанашырлығы мен қамқорлығын аяп қалмапты. Әрине, өзге ұлт тарапынан да түсінушілік кездесті. Бірақ қазақтың қамқорлығы мен жанашырлығын айтуға тіл жетпейді. Сондықтан қазақ ұлтының құрметіне Атоян атындағы демалыс орнында қазақ, кәріс, орыс тілдерінде «Қазақ халқына алғыс!» деп жазылған арнайы ескерткіштің 2012 жылы орнатылуы өте-мөте заңды. Ол кәрістердің Қиыр Шығыстан күшпен көшірілгеніне 75 жыл толуына арналған. Бұл – сол кездегі саяси биліктің тарапынан жазықсыз қуғындауға ұшыраған, алайда талай қандасымызды ауру мен ажалдан құтқарған қазаққа біздің ұлттың шынайы ықыласының айқын көрінісі, — дейді Владимир Николаевич бүгінде.

Қашанда қиыншылық соңы көбіне жақсылыққа ұласады ғой. Владимирдің әкесі Хон Хак Сон соғыс басталғанда, еңбек армиясына алынып, Сібірдегі әскери зауыттың бірінде аянбай еңбек етті. 1943 жылы аурулығына байланысты босатылып, Оралға келіп, біраздан соң Ворошилов зауытына жұмысқа кіріп, табандап сонда он үш жыл бойы еңбек етті. Техникаға бейім кәріс маманның еңбегін зауыт ұжымы құрметтеп, жоғары бағалады. Отбасының тұрмысы да түзеле келді. Арада жылдар жылжып өтіп, жанұяда Владимир, Людмила, Вячеслав сынды ұл-қыздар өмірге келді. Бұлардың отбасы Кеңес одағындағы саяси жүйе «жылығасын», 1956 жылы Қызыл-орда облысының Шиелі ауданына қоныс аударды.

-1953 жылы И. Сталин қайтыс болғанда, елмен бірге әке-шешем де, өзге де, кәріс те еңіреп жылапты. Кейін есейгесін: «Сіздердің сол жылдардағы қасіретіңізге Сталиннің де қатысы бар, неге жыладыңыздар?» деп сұрасақ, олар: «Мүмкін, біздің басымыздан сол сергелдеңнің өтуі Тәңірдің жазуымен болған шығар. Оның үстіне қайтыс болған адам, өткенді еске түсіріп, қарғап-сілеп қайтеміз!?» деп жауап қайтарды. Солардың қарапайым даналығына әлі күнге дейін таңданамын. Ал Шиеліге біз сондағы туыстар қайта-қайта шақырғасын бардық. Сонда қазақ балаларымен бірге ойнап өстім, бірақ орысша мектеп бітірдім. Кейін қазақша сөйлеуді ұмытып қалыппын. Соған өкінемін. Қазір де қазақша түсініп тұрсам да, амалсыздан орысша жауап беремін. Себебі жаратылысымнан ұяң болғандықтан, қазақша қате сөйлеуден тартынамын, — дейді Владимир Николаевич.

Содан кейінгі өмір басқа кәрістер сияқты Хондар отбасы үшін жарқын күйде қалыптасты. Әкесі 1998 жылы 72 жасында өмірден озса, анасының әлі көзі тірі. Кейуана 92 жаста, ұл-қызының қуанышы мен бақытына кенеліп отыр. Бәрі де жоғары білімді мамандар, өмірден өз орнын тап-ты. Біреуі тіпті шетел асып кеткен. Неміс Эмильге шыққан қызы Людмила жыл сайын төркіндеп, қазақ топырағына келіп тұрады. Владимир мен Вячеслав жұбайлыққа төл ұлтының қызын таңдапты. Біреуі Оралда, екіншісі Таразда тұрады. Екі-екіден баласы бар. Зейнетке шыққанына қарамастан, агрономдық және экологиялық білімі бар, 67 жастағы В. Хон қазір табиғат қорғау мәселелерімен айналысатын мекемеде қызмет істейді.

– Мен Людмиланы «төркіндеп» деп, бекер айтқаным жоқ. Жездем, апам және жиендер, тіпті жиеншарларды Шиеліге алып келетін олар үнемі қазақ жеріне сағынышын айтады: «Германияда бәрі бар. Бірақ жан дүниеміз қазақ топырағын аңсайды. Тіпті жері қуаң, күні ыссы болса да, Шиелі бізге жақсы көрінеді». Жалпы осы арада айтарым, 1991 жылдан кейін бірде-бір кәріс ұлтының өкілі қазақ жерінен не Ресейге, не тарихи Отанына қоныс аударған жоқ. Ал өзбек пен тәжік еліндегі бауырлар түгелге жуық басқа жерге көшіп кетті. Бұл да қазақ ұлтының кеңпейілділігі мен қарапайымдылығының, бауырмалдығының жарқын көрінісі. Жоғарыда сөз болған ескерткіш – сол риясыз көңілдің көрінісі. Өзімнің де басқа жаққа кету ойымда жоқ. Бір қызым – қазақтың келіні, құдалармен өзара сыйлымыз. Басқа ұлтты айтпағанда, қазақтан досым да, танысым да баршылық. Меніңше, біздің кәрістер Кореяға егер қоныс аудара қалса, сондағы қандастармен үйлесе алмайтын сыңайлы. Қанша дегенмен уақыт дегенін істейді. Әрі діл де өзге-ше ғой. Сөз соңында айтарым, басқамен бірге жазықсыз қудаланған кәріс ұлтына да орын табылған қазақ елі аман болсын! Отанымызда тек ынтымақ қана салтанат құрсын! — деп В. Хон әңгімесін аяқтады.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика