Мұрағат: 18.02.2016


Бауырды жатсынбай, бауырға тартайық!

Күні: , 109 рет оқылды

оаоаораопоралманы


Осыдан ширек ғасыр бұрын атамекеніне қарай бағыт алған, алыстағы ағайынның ел-жұртқа оралуға құштарлығы басым болатын. Қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әлі: «Көп халық жоғалмайды көптігімен, мықты болмай болмайды ал біздерге!»… «Ұлтан болатындарды» ұлықтайтын кез қазір!» деп бекер айтпаған. Мемлекет қана емес, қоғам болып, бай-бағлан бас болып қолға алатын іргелі шаруа бұл.


Өкініштісі сол, көші-қон үдеріміне қатысты осыдан үш жыл бұрын қабылданған, аталмыш заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар атажұртын аңсаған бауырлардың Отанына оралу қарқынын бәсеңдетті. Аталған заңға сәйкес, оралман мәртебесі тегі қазақтардың Қазақстан Респуб-ликасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстанған ағайынға ғана берілетін болды. Үкімет айқындамаған жерде тұруға ықтиярхат алу үшін олар өзінің төлем қабілеттілігін растауға тиіс-тұғын (отбасының әр мүшесіне екінші деңгейдегі банктерге шамамен 2,5 млн. теңге орналастыру міндеттелді). Қандастардың азаматтық алуға оралман мәртебесін иеленгеннен соң 4 жыл өткесін ғана құқығы бар еді. Былтыр қабылданған заңның жаңа жобасында жат жұрттағы ағайындардың қоныс аударуына кедергі, жасанды тосқауылдар алынып тасталды. Енді қандастар атақонысына көшіп келген соң, қай жерде орналасса да, оралман мәртебесін алуға құқылы. Ал Қазақстан Республикасының азаматтығын тұруға рұқсат етілгеннен кейін, бір жыл ішінде өтініш берген күннен бастап үш айда жеңілдетілген тәртіппен алады. Қазақстан Республикасында тұрақты өмір сүруге ықтиярхат алу үшін тегі қазақтан өзінің төлем қабілетін растау да енді талап етілмейді. Азаматтық алудың да жеңілдегенін атап өткен дұрыс. Яғни әрі кеткенде 6 ай ішінде бауырларымыздың Қазақстан азаматы атануына толық мүмкіндігі бар. Әрі азаматтық алған соң оралман мәртебесі бірден жойылады. Тіпті азаматтық алмағанның өзінде оралман мәртебесі бір жылдан соң алынып тасталынады. Заңдағы жаңа өзгерістер бойынша енді атамекенге оралған қандастар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және кеден заңнамасына сәйкес, жеке мүлкіне, соның ішінде көлігіне кедендік төлемнен босатылған. Бұрын бауырларымыз азаматтық алғанға дейін жеке сәйкестендіру нөмірі (ИИН) болмағандықтан, баласын мектепке, балабақшаға орналастыруда, емханаға тіркелімде, зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік төлемді аударуда қиындық көретін. Аталмыш мәселе де оң шешімін тапты. Оларға жеке сәйкестендіру нөмірі оралман мәртебесін алғаннан бастап бе-рілуде. Сондай-ақ еліне оралған ағайынның кез келген Қазақстан Республикасының азаматына тиесілі әлеуметтік жәрдемақыны алуға толық құқығы бар.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы көші-қон бөлімінің басшысы Ерболат Сағыновтың дерегіне сүйенсек, өңірімізде 1993-2010 жылдары қандастарды қабылдау және орналастырумен облыстық көші-қон департаменті айналысыпты. Ол 2010 жылы қарашада таратылған. Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, 2013 жылдың шілдесінен бастап көші-қон міндеттері жоғарыда аталған басқарманың бөліміне жүктелген. Қазір осы бөлім оралман мәртебесін беру туралы өтінішті қабылдап, шешім шығарады, куәлігін береді. Әрі қарай кез келген Отанына оралған қандас баспана, жұмысқа орналасу және басқа мәселелер бойынша тиесілі құзырлы орындарға жолығып, тұрмыстық түйткілдерін шеше алады.

Әлемде қандастарының атақонысына оралуымен түбегейлі айналысатын үш мемлекет бар екен. Олар: Қазақстан, Германия және Израиль. Соңғы екеуі белгілі бір дәрежеде тарихтың екпінімен дүние жүзіне тарыдай шашылып кеткен қандастарының қомақты бөлігін өзіне жинап алды. Қалғандарын қатаң есепке алып, олармен жүйелі қарым-қатынас жасап, үнемі қамқорлығын көрсетіп отырады. Шетте жүрген қандасына қамқорлық жасаудан орыс көрші де неміс пен жебірейден асып түспесе, кем емес. Ал бізде ше?!

Бірден айтайық, мемлекет тарапынан заңдар қаншалықты құбылып тұрса да, бауырларға ұдайы қамқорлық та, қолдау да бар. Ал күнделікті өмірде төрешілдік (бюрократизм) жағдаяттары байқалса, оған тек қана жекелеген шенеунік, яғни мемлекеттік қызметкер ғана кінәлі. Еш қысылып-қымтырылмай-ақ пара сұрайтын да, сөзбұйдаға салынатын да, іс-қағаздарын, құжаттар даярлап беруге ықылассыз да сол баяғы әр кеңседе отыратын кейбір  шенеунік. Екіншіден, бізде әлі де атамекенін аңсап келген бауырды кері итеріп, жатсыну жағдайлары да бар. Бұл, әсіресе, өзге тілді меңгерген кей қазақтар тарапынан кездесіп қалады. Оның үстіне кеңестік кезеңдегі қасаң саясат шетелдік қазақтарды туған жерінде қандастарына құбыжық етіп көрсетті. Біздің өңірді қайдам, еліне оралған қандастарға «моңғол» немесе «қытай» деп ат қойып, сынап-мінейтіндер де бар. Рас, ондайлардың саны көші-қон үдерімі күшейген сайын біртіндеп азаюда. Лайым, солай болсын да! Шетелден келгендер ешқандай «моңғол» да, «қытай» да емес, нағыз қазақтың өзі!

«Нағыз қазақ!» деп бекер айтып отырғанымыз жоқ. Мысалы, қытай мен өзбек елінен қоныс аударған қазақтар жерді еміп өсетін, шаруаға бейім, саудаға шебер көрші ұлттардан санасына сіңірген қасиеттерін осында алып келеді. Сөйтіп, мүмкіндігі болса, өзгеге алақан жайғаннан гөрі өзінің адал еңбегімен күн көріп, нәпақасын табуға тырысады және солай істеуде. Моңғол жерінен келгендер мал өсіруге, оның өнімдерін ұқсатуға, мәселен, тері өңдеуге, қымыз-шұбат сапыруға өте ықыласты. Дәлел ме? Мінекейіңіз. Өзбек елінен келген бауырымыз Нұрәділ Алдаров Оралдағы ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, Зеленов ауданында «Олжа» шаруа қожалығын құрды. Қазір мал және егін шаруашылығымен айналысуда. Соңынан «Новенький» жеке кәсіпкерлігін ашып, көлік тасымалын да қолға алды. Нәтижесінде бұрынғы 7 жұмыссызды тұрақты еңбекпен қамтыған. Тағы бір өзбек елінен келген қандас, тасқалалық Санжарбек Сағынов «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты аясында 6 құрылтайшымен КС-«Зергер и Т» ЖШС-ны құрды. Оның ішінде С. Сағынов бар, серіктестік мүшесінің әрбірі 3 миллион теңгеден, барлығы 18 миллион несие алды. Аталған несие серіктестігінен «Рамазан» жеке кәсіпкерлігі құрылып, пластикалық терезе жасау цехын ашты. Күні бүгінге дейін олар 700-ге жуық терезе, 50 есік, 15 темір есік жасап, халыққа қызмет көрсетуде. Әрі жоғарыда аталған бағдарлама бойынша әлеуметтік жұмыс орнына 10 жұмыссыз азаматты тартты.

Қайта оралған қандастар еліміздегі қазақ ұлтының санын өсіретінін айтпағанда, сапасын арттыруға да себепкер. Ең әуелі саны жөнінде. Өйткені олардың отбасы негізінен көп балалы болып келеді. Әр шаңырақтағы төрт бала – қандастар үшін қалыпты көрініс. Ал сапасына келсек, қытай мен өзбек, түрік жерінен келген қандастардың еңбекқорлығы мен қайраттылығы өз алдына, басым көпшілігінің арақ-шарап, тіпті сыра ішу мен темекі тартудан ада. Ол аз десеңіз, сол қандастардың басым көпшілігі – дәстүрлі исламға шындап ден қойғандар. Сөз жоқ, оңды көрініс. Айта берсек, мұндай мысалдар жеткілікті. Демек, біз де жебірей мен неміс бола алмасақ та, сырттан атамекеніне аңсап жеткен қандастарды кері теппей, бауырымызға тарта білсек, игі!

Серік ИХСАНҒАЛИ

Мұрат ӘШІРМЕТОВ, оралман, Зеленов ауданы, Асан ауылы:

— Сонау Өзбекстаннан Отаныма келгеніме 12 жыл болды. Азаматтық алдым. Отбасымда жұбайым, үш балам бар. Кәсіпкермін. Жұмысыма көңілім риза. Жылыжай ұстап, сан алуан гүл өсірумен шұғылданып келемін. Жалға алған төрт гектар жерім бар. Өкініштісі сол, кәсібімді ұлғайтуға жасанды кедергі көп. Мәселен, тағы да жалға жер алу қиын. Жекелеген шенеуніктер өтінішімді сөзбұйдаға салып, уақыт созуда. Ызам келетіні, бос сөзден, жалған уәдеден шаршайсың. Солай болса да, Отаныма өкпем жоқ, келешегіме сенемін, ұрпағымның нұрлы болашағына үміт артамын.

Бәтима КЕҢТОҒАЕВА, Тасқала аудандық «Жұмыспен қамту орталығының» директоры:

— Тасқала ауданы бойынша 2003-2013 жылдары 82 отбасы атамекенге оралса, олардың отбасы мүшелері 516 адамды құрап отыр. Солардың еңбек жасындағысы – 395, соған дейінгісі – 96, зейнеткерлер – 25. Солардың бірі көршілес Ресейден бізге қоныс аударған, 2012 жылы құрылған «Көкшат» несиелік серіктестігінің мүшесі Елтай Кәмелешев аталған бағдарламаның қатысушысы ретінде 2 млн. 166 мың теңге несие алды. Кейін сол қаржыға 17 ірі қара, қой сатып алып, қазір шаруасын дөңгелентіп отыр. Қажырлы азамат тарихи Отанына келгеніне дән риза.


Алтын таққа лайықты асыл жандар

Күні: , 124 рет оқылды

DSC_0077


Отбасы – мемлекеттің іргетасы һәм ажырамас бөлігі. Мемлекеттің тұрақтылығы мен гүлденіп-өркендеуі де отбасына байланысты деп жатамыз. Әрбір адам баласы үшін отбасы – өмірдің ең басты жетістігі. Жанұя дегеніміз – бізге бақыт пен махаббат сәттерін сыйлайтын сүйікті әрі жақын адамдарымыз. Ал ата-анаға деген құрмет отбасының татулығы мен бауырмалдығы, олардың бір-біріне деген көмегі, жабырқағанда жұбатып, қуанышты бөлісу болып табылады. «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дегендей, бүгінде жарты ғасыр бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп, дүниеге ұл-қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірген Қадыржан Тасболатов пен оның жары Гүлжиян Жұмағалиева мәуелі бақпен тең. Қазталов ауданындағы Бостандық ауылында тұратын үлкен әулет иелерінің отасқандарына бүгінде 50 жыл толып отыр. «Алтын той» иелерінің қол ұстасып өткізген жарты ғасыр ғұмырларының қыр-сыры бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болар деген үмітпен әңгімемізге арқау еттік.


 

Балалық шақтан болашаққа

 

Қадыржан ағамыз бен Гүлжиян апамыз екеуі де 1938 жылдың қаңтарында дүниеге келіпті. Ағамыз сол кездегі Қазталов ауданына қарасты Куйбышев колхозының Бекет елді мекенінде, ал апамыз іргелес жатқан Қаракөл ауылында тұрған. Сұм соғыс басталған жылдары екеуінің де әкелері майданға аттанып, аналарының қолында қалған. Балалық шақтарын соғыс ұрлаған бүлдіршіндер қиын жылдары көппен бірдей киер киім мен ішер тамақтан қиындық көрген. Соғыс аяқталғанда Қадыржан ағамыздың әкесі Нұрмұханбет елге аман оралса, апамыздың әкесі Жұмағали қаза тауыпты. Кіндік кескен ауылдарынан орта білім алған кейіпкерлеріміз жоғарғы сыныптарды Қазталов ауылында қатарлас оқиды. Кейін мектеп бітірген соң Қадыржан ағамыз шопырлық курс оқып, колхоз басқармасының көлік жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан. Ал Гүлжиян апамыз екі жыл колхозда клуб меңгерушісі болып қызмет жасап, кейін Орал қаласындағы А. Пушкин атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі.

 

Тағдырдың тоғыстыруы

 

Ауылда қалған Қадыржан ағамыз көп кешікпей әскер қатарына алынып, үш жыл Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келеді.

Әскерден келген соң шопырлық жұмысын қайта жалғастырады. Ал сол кезде қазақ тілі, әдебиет және тарих факультетін бітірген жас ұстаз Гүлжиян апамызды жолдама бойынша Бостандық ауылына ұстаздық қызметке жібереді. Мектеп жасынан бір-бірін сырттай танитын ер жігіт пен бойжеткеннің бір ауылда тұрып, бір ортада араласуы осы кезден бастау алыпты.

Күндіз әр салада тынымсыз еңбек еткен жастар кешкісін түрлі мәдени шараларда, би кештерінде бас қосатын. Бір қызығы, екі жастың жолығып, бір-бірімен табысуына аналары себепші болыпты. Қадыржан ағамыздың анасы Нағима әжемізге ауылға мұғалима болып келген бойжеткен бір көргеннен ұнапты. «Осы қызға үйленсең, қор болмайсың. Тәр-биелі, ибалы жан. Саған жақсы жар болатынына сенімдімін», — деп әскерден келген соқталдай ұлының құлақ етін жейтін көрінеді. Ал осы уақытта бойжеткеннің үйіндегі Секер анасы «Маған шашын қайтарып, папка ұстайтын күйеу бала керек емес. Осы Қадыржаннан артық жар таппайсың. Әрі ауылда қасымда боласың», — деп үгіттейді. Содан не керек, бір ауылда, бір ортада жүрген екі жас (аналарының айтқанын тыңдады ма, әлде бір-біріне бұрыннан ұнады ма?) жиі кездесіп жүреді. Араға екі жыл салып үйленіп, отбасын құруға шешім қабылдайды. Бұл осыдан 50 жыл бұрын құрылған отаудың іргетасының қалануы еді.

 

Үйлену мен үй болу

 

Қадыржан ағамыздың әкесі қос ұлына арнап 1961 жылы екі пәтерлі үй салған екен. 1966 жылы ақ босаға аттап, келін атанған Гүлжиян апамыз күні бүгінге дейін сол шаңырақтың түтінін түтетіп отыр.

— Осы шаңыраққа келін болып түскен жылдарым әлі есімде. Бір шатырдың астында қайнағамның жанұясымен бірге бәріміз тату-тәтті өмір сүрдік. Енем үлкен баласының тұңғыш үш ұлын, біздің бес баламызды өз бауырына салып өсірді. Мектеп бітірсімен оқуға түскен мен тұрмыс құрған кезде үй шаруасын дөңгелетіп кеттім деп айта алмаймын. От жағу, нан көму, сиыр сауу сияқты шаруалар қолымнан келе бермейтін. Анамыз бала бағумен қатар үй шаруасын да маған еш ауыртпалық түсірмей өзі атқаратын. Жолдасым екеуміз жұмыс жасаумен жүрдік. Жүре бара бәрін де үйрендік қой. Енемнен үй шаруасымен қатар отбасының берекесін, ырысын қалай сақтау керектігін де үйрендім. Соның арқасы болар, жақсы отбасы болдық. Ұл-қыз сүйдік, перзенттерімізді тәрбиелеп, оқыттық. Өз балаларымызбен қатар енеміздің бауырында болған ағамыздың үш ұлын да қолымыздан үйлендірдік. Бүгінде әрқайсысы – бір-бір жанұя. Үлкендерден алған ұлағаттың арқасы шығар, жолдасым екеуміз бір-бірімізге шәй десіп көрген емеспіз, — дейді Гүлжиян апамыз.

 

Мәуелі бәйтерек

 

Бүгінде отасқандарына жарты ғасыр болған аға-апамыздың үш ұлы мен екі қызы бар. Қыздары Аягүл мен Лора аналарының жолын қуып, бүгінде ауыл мектебінде мұғалімдік қызметте. Үлкен ұлы Әділжан аудан орталығында тұрады. Құрылыс саласының білгір маманы. Ал ортаншы ұлы Нұржан – халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегері, өңірімізге танымал әнші. Облыстық жастар шығармашылығы орталығы директорының орынбасары. Кенже ұлы Асылжан – қалалық орыс аспаптар оркестрінде бас домбырашы. Ағамыз да, апамыз да өнерден құр алақан емес. Домбыра тартады, ән айтады.

Шаңырақтан тараған ұл-қыздан бүгінде сегіз немере, төрт жиен өрбіген. Немерелерінің алды жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасса, кейінгілері мектепке барады. Ұл-қыз, немере-жиен қолдары қалт еткенде, үлкен шаңырақта бас қосуды үрдіске айналдырған.

— Өткен өміріме еш өкінбеймін. Үйлендік, ел қатарлы жанұя болдық, ұл-қыз өсірдік. Барлығы өмірден өз орындарын тапты. Әке-шешеге бұдан асқан бақыт жоқ. Аллаға шүкір, ұл-қыздарымның тұрмыс жағдайы жаман емес. Кемпірім екеумізді қалаға көшіріп алғылары-ақ келеді. Бірақ әкеден қалған, ең бақытты кездеріміз өткен осы қара шаңырақтан артық бізге үй жоқ. Ағайын-тума, көрші-көлем, ауылдастарымыз өте ыстық. Балаларым, немере-жиендерім демалыс сайын келіп тұрады. Алланың берген жасын жасап отырмыз. Отбасы бақыты деген осы емес пе?! — дейді Қадыржан ағамыз.

Мерейтой иелерінен «Тату-тәтті отбасы болудың басты кілті неде?» деп сұрағанымызда, олар ойланбастан «Адамның бір-біріне деген сыйластығында, сүйіспеншілігінде, кішіпейілділігінде» деп жауап берді.

Кейіпкерлеріміздің өмір жолы кейінгі ұрпаққа бой түзер құбыла болатындай әсер қалдырды. Олай болса, «Алтын той» иелерін тағы да мерейтойларымен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейік, ағайын!

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған құрбылар

Күні: , 174 рет оқылды

IMG_3225


Текемет – сәндік-қолданбалы өнер туындысы, бетіне түрлі-түсті ою-өрнек басылған киіз үй жиһазы. Бұрындары қыз-келіншектердің оюлы текеметі мен сырған сырмағына қарап, қолының ұсынықтылығы, ұқыптылығы мен талғамының биіктігіне  баға берген. Дәл осы атаумен «Текемет» деп  өздерінің жеке серіктестігін ашқан Салтанат пен Тоғжанды шеберханаға арнайы іздеп бардық. Біз барған сәтте шеберханада көмекшілерімен бірге Тоғжан ғана бар екен. Әңгімешіл Тоғжан бізге бұл кәсіпке қалай бет бұрғандары туралы айта бастады. Ол құрбысы Салтанатпен студент кезінен таныс. Әу бастан-ақ, ойлары мен талғамы бір жерден шыққан қос  құрбы алғашында жарнама агенттігі  болып құрылып, өз кәсібін бастайды.


Ол кездері біз мектептер мен балабақшалардан тапсырыстар қабылдап, стенділер жасап жүрдік. Арнайы қажетті жабдықтар сатып алдық. Содан кейін ойлана келе, Салтанат екеуміз ұлттық бағыттағы «Текемет» деп аталатын шеберханамызды аштық. Осы шеберхананы ипотекалық несиеге алдық. Негізгі мақсатымыз – менталитетімізге сай, ұлттық рухты көтеру бағытындағы кәдесыйлар, картиналар жасап шығару, – дейді Тоғжан.

Қызу жұмыс жүріп жатқан, желім мен сырдың иісі аңқыған шеберхананы аралап жүріп, ол жерден ұлттық рухты сезінгендей болдық. Өйткені олардың әр жұмысынан қазақтың иісі шығады екен. Олар әр картинаға қазақтың бар болмысын, арманын, азаттығын сыйдыра білуге тырысыпты. Құны 15-20 мың теңгеден  басталатын тұмарлар «Мен қазақпын!» деген әр шаңырақтың төріне  іліп қоюға лайықты. «Ырым-тыйымға сенген әжелеріміз бойтұмарды пәле-жаладан қорғайды деп, мойнындағы алқаға салып жүрген. Сондықтан халқымыз қорған санаған бойтұмарды дәл осы күйінде жеткізуге тырыстық», – дейді олар. Тоғжан бізге әр жұмысының сырын ашуда. Бір қарағанда, қарапайым сурет сықылды көрінгенімен, әр суреттің астарында тұнған тарих, ұлтымыздың жүріп өткен жолы, асқақ арманы бейнеленген. Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан ою-өрнегін, ырым-тыйымдары мен салт-дәстүрін жаңғыртып, жаңаша леппен насихаттауды мақсат еткен қос құрбының әр күні  қарбаласқа толы. Олар күнде 6.30-да ұйқыдан тұрады. Тұра салып ұл-қыздарын мектепке, балабақшаға шығарып салып, шеберханаға жеткенше асығады. Өз жұмыстарын жанындай жақсы көретін олар шығармашылық жұмысының идеясын ең әуелі қарындашпен ақ қағазға түсіріп алады. Салтанат екеуі ақылдасып, эскизін салады. Қажет кезінде компьютерді пайдаланады. Арнайы сатып алған жабдықтарымен жұмыстанады. Қысқасы, шығармашылық жұмыстың  қызуымен жүрген қос құрбы  шеберханадан қас қарайғанда бір-ақ шығады. Үйге барған соң да олар жасап жатқан жұмыстарының ырғағынан шыға алмай жүретінін айтады. Үй тірлігін тез жасап, отбасы мүшелерін жайғастырған соң, компьютерді құшақтап кей кездері түн ортасына дейін жұмыс жасайды.  Өздері жақсы көрген кәсіппен айналысып жүрген қыздар  шеберхананы несиеге рәсімдепті. Орталықта орналасқан үлкен ауладағы көп үйлердің біріндегі кішкентай ғана шеберхана 1826 салынған. Өз заманында көпестердің шіркеуінің сыйынатын  бөлмесі болыпты.

– Сенім-наным әр түрлі болғанымен, аспан ортақ, жер ортақ, Құдай біреу ғой.  Бұл үй  Құдайға сыйынатындардың бөлмесі болғандықтан, аурасы жақсы болар деп ойладық. Аллаға шүкір. Жайлап ісіміз оңға басып келеді, — деді әңгімеге қосылған Салтанат. Олар өз жұмыстарының ажарын ашатын фонға пайдаланатын киізді өздері басады. Ағашты осы қаладан сатып алады.   Ал сыр мен теріні Ресейден, жұмсақ, иілгіш былғарыны Италиядан Мәскеу арқылы тапсырыспен көп көлемде алдыртады. Олардың жасаған жұмыстарын көбіне жеке кәсіпкерлер мен қалталы адамдар сатып алады. Жергілікті әкімшілік пен мемлекеттік мекеме қызметкерлері қолдау көрсетіп, арнайы тапсырыс беріп жатады.

– Картиналардың бағасы оның техникасы мен қолданылатын материалдарға байланысты. Жалпы, біз шабыт күтіп отырмаймыз. Ойға келген дүниені тез арада қағаз бетіне түсіріп, бір аптада бітіруге тырысамыз. Қазіргі күнде қарапайым адамдарға да қолжетімді етіп жасауға тырысып жатырмыз. Мәселен, 15-20 мың теңге тұратын  кәдесыйларды  мерейтой иелеріне  сыйлауға болады, – дейді тұмарларды көрсеткен Тоғжан.

Иә, олардың әр жұмысының өз атауы бар. Мәселен, «Құтты шаңырақ» деген картинадағы үлкен бәйтерек – тектің бейнесі. Бәйтеректің бұтақтарына қонып тұр-ған  бақ құсы  осы әулеттен тараған балалардың бәрі бақытты болса екен деген ойдан туған. Қос  құрбы әр шығармашылық жұмысының алдында көп ізденеді. Кітап оқып отыратын уақыттары бола бермегендіктен, ғаламтор көмегіне сүйенеді. Ұлттық ою-өрнектердің мәні мен маңыздылығына үңіледі. Өткен жылы олар Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ассамблеяның 20 жылдығына арнап көрмелер ұйымдастырып, Астана, Ақтөбе қалаларында болып, өз  жұмыстарын насихаттаған. Қазіргі күнде екі жұмысшымен шаруасын қыздырып жатқан қос құрбының алға қойған мақсаты көп. Олар картиналарды қойып сататын сауда дүңгіршектерін ашып,  жұмыс ауқымын кеңейтіп, текемет жасап шығаратын деңгейге жетуді армандап жүр.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


«Бізге «каникул» берілсе, керім болар еді»

Күні: , 212 рет оқылды

IMG_6081


«Licorice Kazakhstan» ЖШС – отандық өнімді экспортқа шығарып жүрген өңіріміздегі санаулы кәсіпорындардың бірі. Бұдан біразырақ жыл бұрын жұмысын бастаған кәсіпорын бүгінде түрлі себептерге байланысты тыныс-тіршілігін уақытша тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Осыған орай  аталмыш кәсіпорынның бас директоры Жанболат Нұрғуатовпен жүздесіп, кәсіпорынның бүгінгі жәй-күйі жөнінде әңгімелеп беруін өтіндік.


— Оқырмандарға түсінікті болу үшін, ең алдымен, жұртшылықты кәсіпорын тарихымен таныстырғаным жөн болар. «Licorice Kazakhstan» ЖШС – бұрынғы Кеңес дәуіріндегі «Союзлакрица», одан кейін еліміз тәуелсіздік алған жылдары «Қазақ-Лакрица» болып өзгерген зауыттың ізіндегі кәсіпорын. Кеңес дәуірінде «Союзлакрица» Мәскеуге қарады, сол кездің өзінде бұл мекеме мия тамырының сығындысын шетелге экспортқа шығарып тұрған екен. Кейін еліміз тәуелсіздік алған жылдары «Қазақ-Лакрица» болып өзгерген бұл зауыт сол кездегі қиыншылықтың кесірінен жұмысын тоқтатты. Содан кейін нақтырақ айтқанда, 2006 жылы біз, жергілікті кәсіпкерлер бұл бизнесті жандандыруды мақсат тұттық. Ол үшін көп қаражат қажет болды. 2006-2008 жылдар аралығында қаражат іздеумен болдық. Сөйтіп, 2008 жылы «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамының еншілес ұйымы «ҚДБ-Лизинг» АҚ компаниясымен келісімшартқа отырдық. Сөйтіп, қолымызға қажетті мөлшердегі 340 млн. теңге қаражат тиді. Кәсіпорын құрылысы сол кездегі талапқа сәйкес қала сыртында, нақтырақ айтқанда, Зеленов ауданының Көшім ауылында жүргізілді. Аталған банктен алған қаражат зауыт құрылысына, оның құрал-жабдығы мен инфрақұрылымына жұмсалды. Зауыттағы құрал-жабдықтар түгелімен Үндістаннан әкелінді. Қаражаттың жетпей қалған бөлігін (152 млн. теңгені) «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-дан алдық. 2010 жылы кәсіпорынның инфрақұрылымын жүргіздік. Сөйтіп, зауыт жұмысын, шын мәнінде 2011 жылдан бастады. Бірақ кәсіпорын белгілі бір себептерге байланысты 2010 жылы ресми түрде іске қосылды деп жарияланды. Кейін компания алдындағы қарызды төлей бастағанда, бұл жағдай өзімізге үлкен қиындық әкелді, — деген Жанболат Төлегенұлы түйткілді мәселенің мән-жайын былайша түсіндірді.

«Кәсібімізді өрістетуге мүмкіндік алар едік»

— Кәсіпорынның уақытында іске қосылмауы және теңгенің еркін айналымға кетуі біздің компания алдындағы қарызымызды көбейтіп жіберді, — дейді кәсіпорын басшысы әңгімесін одан әрі жалғастырып. — Бұл үшін мен компанияны кінәлап отырғаным жоқ, әрине. Бұған, ең алдымен, кәсіпорын жұмысын келісімшартта көрсетілгендей, 2009 жылы бастап кете алмаған өзіміз айыптымыз. Негізі, біз банкпен арадағы келісімшарт бойынша зауытты 2009 жылы іске қосып, сол жылдан бастап несие қаражатты қайыра бастауымыз керек еді. Бірақ біз түрлі себептерге байланысты келісімшартта көрсетілген мерзімнен кешігіп қалдық. Жұмысты уақытында бастап кетуге көптеген кедергілер болды. Осының бәрі айналып келгенде, кәсіпорын қарызының өсуіне әкеп соқтырды. Осы жағдайды айтып біз, кәсіпорын құрылтайшылары «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамының еншілес ұйымы «ҚДБ-Лизинг» АҚ компаниясы басшылығына өтініш жаздық. Кәсіпорынның не себепті белгіленген уақытта ашылмағанын түсіндіріп, жұмысымызды өз уақытынан едәуір кеш бастаған себебімізді айттық. Осыған байланысты олардан төлем кестесін қайта жасап беруді сұрадық. Бұған олар «иә», не «жоқ» демеді, сөйтіп, бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмей келеді. Біздің «ҚДБ-Лизинг» акционерлік қоғамы басшылығынан сұрайтынымыз, кәсіпорын жұмысын 2011 жылы бастағанымызға байланысты несие төлеу кестесін өзгертіп, қарызды жабу мерзімін 2030 жылға дейін ұзартса екен. Бұған қоса несие қарызды төлеу бойынша 2016-2017 жылдары бізге «каникул» берілсе, тіпті керім болар еді. Біз қарыз төлеуден босатылсақ, осы мерзім аралығында шатқаяқтаған шаруамызды қалпына келтіріп, өнімнен түскен қаражатымызды жинақтар едік. Сөйтіп, 2018 жылдан бастап жаңа кесте бойынша компания алдындағы несие қарызымызды жабуға кірісер едік. Тек осылай еткенде ғана біз қиындықтан шыға аламыз. Және тек тығырықтан шығып қана қоймай, кәсібімізді одан әрі өрістетуге мүмкіндік алар едік, — деген Жанболат Төлегенұлы кәсіпорын жұмысын одан әрі кеңейтуді жоспарлап жүргендерін айтып, бізге бұл жөнінде де таратып айтып берді.

«Шетелдіктерден біздің қай жеріміз кем?»

— Кәсіпорын іске қосылған күннен бастап, күні бүгінге дейін барлығы 360 тонна мия тамырының сығындысын экспортқа шығарды. Ресей мен Украина, АҚШ, Франция, Қытай, Оңтүстік корея елдері бізден мия тамырының сығындысын шикізат ретінде пайдалануға алады. Олар бізден сатып алған мия сығындысынан түрлі дәрі-дәрмек пен косметика, фунгицид жасайды, сондай-ақ темекі мен кондитерлік тағамдарға қосымша шикізат ретінде пайдаланады. Мысалы, өзіміз тағам ретінде жиі қолданатын халуаға олар мия сығындысын міндетті түрде қосады. Сөйтіп, мия тамырының сығындысынан жасалған дәрі-дәрмек пен косметикалық құралдар, кондитерлік өнімдер біраз уақыттан соң өзімізге қымбат бағалы өнімге айналып қайтып келеді. Біз оларды сатып алып, олардың экономикасының көте-рілуіне жағдай жасаймыз. Ал осы өнімдерді өзіміз жасасақ, қыруар пайдаға батпаймыз ба? Шикізат деген, Құдайға шүкір, жерімізде жетіп-артылады. Шетелдіктерден біздің қай жеріміз кем? Компания алдындағы қарызымызды жапсақ, қаража-тымызды жинап, сол шетелдіктердің жасағанын біз де жасар едік. Сөйтіп, арзан отандық өнімді көбейтіп, қымбатшылықтың бетін қайырар едік, — дейді кәсіпкер ертеңгі күнге үміт артып.

 Әңгімесін одан әрі сабақтаған Жанболат Төлегенұлы тағы бір түйткілді мәселенің «құлағын» қылтитты. Оның сөзінше, қазіргі таңда мия тамыры даламызда азайып барады.

«Арнайы заң шығарылса…»

— Мия тамырын жинау барысында біз үлкен проблемаларға тап болдық, — дейді әңгімесін одан әрі сабақтаған бас директор. — Кейбір ауыл тұрғындары аз да болса, ақша болсын деп жұмыстың ауырлығына қарамастан, мия тамырын жинап, біздің кәсіп-орынға тапсырады. Олар қазған жерін қайтадан қалпына келтірмей, сол қопарылған күйінде тастап кетеді. Мұндай жағдайда мия тамыры ол жерде қайтадан өспейді. Өкінішке орай, арнайы заң болмағандықтан, бұған ешкім де жауап бермейді. Бұл жағдай табиғат байлығын пайдаланып отырған біз секілді кәсіпорындарға үлкен кесел келтіретін түрі бар. Бұл айналып келгенде, тек біздің кәсіпорын үшін ғана емес, жалпы табиғатқа залалын тигізеді.

Адамдар мия тамырын белгілі бір заңға сүйеніп қазайын десе, елімізде ондай заң мүлдем жоқ. Осындай заңның жоқтығы мия тамырының шетелге тонналап тасылуына да себепші болып отыр. Бұлай дейтінім, мия тамырынан өнім өндіретін Қытай және Жапония секілді дамыған елдердің азаматтары біздің елімізге өздері келіп, қазып алып кетіп жатыр. Кейде олар жергілікті тұрғындарға бізден екі немесе үш есе артық ақы төлеп, қаздырып алады. Сөйтіп, ел игілігі үшін тұтынылуы тиіс табиғи ресурстарымыз шетелге арнайы рұқсатсыз тонналап кетіп жатыр. Олар бұл үшін Үкіметке мемлекеттік баж салығы ретінде азын-шоғын төлем төлейтін шығар, бірақ одан елімізге түсіп жатқан пайда шамалы, керісінше бұдан келіп жатқан зиян орасан зор. Біз осылайша табиғи ресурстарымызды жоғалтып жатырмыз. Мына көрші Өзбекстанда ондай пайдалы өсімдіктерді өзгелердің емін-еркін пайдалануына жол бермейді. Өзбектер өздерінің сыртқа шығарылатын табиғи ресурстарының көлемін әлдеқашан шектеп тастаған. Олар мия тамырын көп болса, 1500-2000 тоннаға дейін шетелге шығарады, одан көпке Үкіметтен рұқсат жоқ. Және олар сыртқа шығарылған өнімнен мемлекеттік баж салығын көтеру арқылы мол пайда тауып отыр. Ал біздің елімізде бұл бағыттағы заңның немесе ереженің мүлдем жоқтығы өз алдына, оның шетелдерге шығарылу көлеміне шектеу де қойылмаған. Біз бұл жөнінде тиісті орындарға айттық та, жаздық та. Бұдан әлі күнге дейін нәтиже жоқ.

Қазіргі таңда мия тамырын өңдейтін зауыттар еліміз бойынша Алматыда, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облысында са-лынуда. Статистикалық деректер бойынша елімізден жылына 25-35 мың тонна мия тамыры шетелге шығарылады екен. Табиғат байлығы мәңгілік емес, бүйте берсек, бір күні ол да таусылады. Сондықтан табиғи байлығымызды өзімізге сақтап, оны елімізді өркендетуге бүгін, тіпті тап қазір пайдаланып қалу керек деп ойлаймын, — деген Жанболат Төлегенұлы мия зауытының жағдайына қайта оралды.

Оның сөзінше, дәл қазіргі уақытта қырық шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын қаражат жеткіліксіздігіне байланысты уақытша тоқтап тұр. Мия тамырын тұрғындардан сатып алатын қаражат таппай қиналып жүргендерін жеткізген кәсіпкер тура осы себепті дәл қазіргі уақытта кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ете алмай отырғандарын айтты. Директордың айтуынша, жұмысшылар бүгінде ақысыз демалыста жүр. Егер кәсіпорын жұмысын тоқтат-са, онда қырықтан астам адам жұмысынан, табысынан айырылмақ. Осыны айтып, уайым шеккен кәсіпкер қалай да зауыт жұмысын тоқтатпауға тырысып бағуда екендігін айтады. Оның сөзінше, бұйыртса, кәсіпорын жұмысы көктемге салым қайта жанданбақ.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Үйлену оңай…

Күні: , 82 рет оқылды

1f160d0b-954d-457e-a3b4-1ed8772865d7.a1762bf7cb196e15ffcd4a1b4e9173c416355


Соңғы кездері «Бәленше ажырасыпты, отбасынан кетіп қалыпты» деген сөздерге құлағымыз үйренгені соншалық, мән бермейтін де болдық. Дегенмен екі жастың түсінісе алмауынан немесе асығыс шешімінен қоғам зардап шегуде. Қазір «қит» етсе, киім-кешегін жинап, өз жөніне кете баратын әке-шеше көбейіп кетті. Ал бейкүнә, шарасыз, «былай тартса, өгіз, былай тартса, арба сынадының» кебін киген баланың тағдыры не болмақ? Осы жөнінде ойландыңыз ба?


Кеше ғана өзіміз бақытты сәтіне куә болып, тойына қатысып, жақсы тілек айтып, ақ батамен шаңырақ көтерген қос ғашықтың бірнеше апта, бірер айдан соң бөлек тұруға шешім қабылдағанын есту – кімге болса да ауыр. «Балам үйленбекші, келін түсіріп, қолым ұзаратын болды» деген ана мен ұрпағының жалғасуын қалап, шаттана ұлан-асыр той жасаған әке бір сәтте салы суға кетерін біліп пе?!

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Теректі ауданында 2010-2015 жылдар аралығында некелескендер саны — 1185, оның 486-сы — бүгінде ажырасқандар. Пайызға шаққандағы үлесі – 41. Бұл «қорқынышты» сандар жыл сайын өсуде…

Жақында Ақбота есімді танысымды (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді) жолықтырдым. Ол тұрмысқа шыққанда не бары 20 жаста еді. Жұбайымен бірге жеті жыл тұрады. Содан ажырасып кеткеніне де биыл 7 жыл толады екен. Осы аралықта басынан кешкен қиындықтарын айтқанда, не ойларымды білмей, мең-зең күй кештім. «Қателік кімнен?» деген сұрақ маза бермеді. Күні-түні ішімдік-пен әуейі болып, баласына келінін айдап салған ене ме, жас отбасының арасына түсіп, шырқын бұзған қайынбике ме, әлде «отағасы» деген сөздің түпкі мағынасын түсінбей, жауапкершілік танытпаған күйеу ме? Бір сөзбен айтқанда, оқиғаның өрбіп, шарықтау шегіне жетуіне арақ-шараптың «үлесі» зор болған. Осы «тұқымы құрығырдың» кесірінен қаншама сәби тірідей жетім атанды екен?!

— Әкем бала күнімізден бізге ер адамдар атқаратын ауыр жұмыстарды істетті. Сол кезде бұртиып, ренжісем де, тұрмысқа шыққанда рақатын көрдім. Әлі күнге дейін рақмет айтамын. Жастайымнан шаруаға баулымағанда, екі баламды асырай алар ма едім? Өмірдің сынағына сүрінбей, қос құлыншағымның болашағы үшін күресуіме өз ұямда алған тәлім-тәрбием септігін тигізді. Күйеуім ұрса да, енемнің сүйектен өтер сөздері мен қайын апам Жаннаның бопсалауына шыдадым әрі ешкімге тіс жармадым. Кейде шет жағасын ата-анама естірткенімде, жағдай басқаша болар ма еді деп те ойлаймын. Заң жүзінде ажырасқан соң, жұбайым кешірім сұрап, екінші рет мүмкіндік беруімді өтінді. Өркөкіректік пе, әлде сол үйге оралғым келмегеннен бе, білмей-мін, келісім бермедім. Бірақ әлі де сүйетінін айтып, жағдай оңалғанша ата-анасынан бөлек тұрса, бұрынғы қателіктеріне көз жұма қарар едім. Мен Асқарды шын сүйдім. Сол себептен де тағдыр тауқыметіне мойымадым. Пешенеме жазылғаны осы екен. Алайда біраз жыл өтсе де, ол екеу-міздің түбі қосылатынымызға сенемін, — деп Ақбота көзіне жасалды…

Бүгінгі таңда осы тектес оқиғалар жиі орын алуда. Біреу жоқшылыққа шыдай алмаса, кейбіреуі шектен тыс қызғаншақ болады. Үшіншісінің туған-туыстарымен қарым-қатынасы нашарлайды. Бұған маскүнемдік пен нашақорлықтың әсерін қосыңыз. Жұмыссыздық мәселесі тағы бар. Тізбектей берсең, таусылатын түрі жоқ. «Болымы жоқ бозбала, Бейнеттен қашар бұлтаңдап» деп Майлықожа атамыз сынағандай, дайын асқа «тік қасық» күйеулерінен бас тартып жатқандар қаншама?

Бұл сөзіме соңғы жылдары ажырасуға арызды бірінші болып тапсыратын келіншектердің көптігі дәлел. Ал асыл дінімізде мұндай жағдайлардың шешімі әу бастан белгіленген. Ер адам бір құшақ отын жинап әкеліп, сатса да, отбасын асырауға міндетті. Отанасы болса, жұбайының табысын қанағат тұтып, ысырапқа жол бермей, жаратуы тиіс. Сонда ғана үйде береке-бірлік орнамақ.

Психолог мамандар отау көтерген жастардың екі жаққа кетуінің басты себебін отбасын құруға деген салғырттығынан деп санайды. Ал, менің ойымша, дәстүрлі дініміздің қағидаларын сақтамаудан, ұлттық құндылықтарымызға мән бермей, батыстың мәдениетіне еліктеуден осы күйге түсіп отырмыз. Ата-бабаларымыз сықылды қыз баласын «қырық үйден» тыйып, жаңа өмірге аяқ басқанда, күйеуінің разылығын алу үшін тер төгуге тәрбиелесек, ал ұлдарымыздың ата-ана, аяулы жар, тума-туыс алдындағы парызын ескертіп, жол көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді. Адам – сыйлағанның құлы. Бес күндік жалғанда «Сіз», «Біз» десіп, тату ғұмыр кешкенге не жетсін, шіркін?!

Аягөз АЙБАРҚЫЗЫ,

Теректі ауданы


«Туған» ба, «туылған» ба?

Күні: , 1 344 рет оқылды


Мемлекеттік тіліміз қазақ тілінің тазалығы – әр  қазақтың ар-ұяты. Оны сақтау, қорғау – міндеті, парызы. Осы тұрғыдан ана тілімізге қатысты қоғамда өрескел түрде орын алған, тілдік қолданысты бүлдіру көрінісін сөз еткім келеді. Мәселен, әлеуметтік желідегі мақалалар мен құттықтау хаттарда, басқа да жазбаларда адам баласының туған күніне байланысты айтқанда не жазғанда қателікке ұрынып жүрміз. Бүгіннің көп адамы, оның ішінде өздерін өнер-білімге жақын, зиялы санайтындар да «туылған күн» деп ауызекі сөзде айтып, солай жазатын болып алған. Шындығында, бұл – қате, қате болғанда да өрескел қателік.


Осы ғасырға шейінгі ұлтымыздың бүкіл әдеби оқулықтарында бір адамның дүниеге келгенін көрсетерде «туған» сөзін пайдаланып келдік. Соңғы уақытта жаппай «туылып» жатырмыз. Әдетте: «Ілияс Есенберлин 1915 жылы Ақмола облысындағы Атбасар қаласында туған» деп жазу дұрыс. Бірақ осы дұрыстық бұзылды. Неге? Бүгінде жастар жағы, оған ілесіп үлкендер де «Мен пәленше жылы туылдым» деуге көшті. Олардың ойынша, бұрынғы «тудым» сөзі «ұят» көрінеді, әлгілердің түсінігі «Мен емес туған, туған анам ғой, мен содан туылдым» дегенге саяды. Құдай-ау, бұндай да түсінік болады екен-ау? «Мен мындай жылы тудым» дегенде, «Ә, сіз тудыңыз ба?» деп қисық сөйлеп, қыңырайып, қарсы сұрақ қойған бірде-бір кісіні көргеніміз жоқ. Қазақтың барлығы да бұлай сөйлеуді дұрыс деп білген. Одан ешқандай сөкеттік көрмеген. Ата-әжелеріміз: «Мен тауық жылы туыппын, сол жылы…» деп әңгіме шертіп отыратын еді. Махамбет батырдың: «Атадан туған аруақты ер, жауды көрсе, жапырар» немесе «Туған ұлдан не пайда, қолына найза алмаса, атаның жолын қумаса?» деп келетін жыр жолдарын қайда қоясың? «Ұл атадан емес, ол атаның зайыбынан туған» деп күлкілі жағдайға ұшыраймыз ба? Ал туған жер, туған ел, туған күн деген түсінікті қайтеміз, «туылған ел», «туылған жер» деп оларды да түзеуге кірісеміз бе?

Таяуда бір танысым маған: «Туылған күніңмен» деп жазды. Тиісінше бұлай жазудың қателігін дәлелдеп, бетін қайтардым. Ол сонда да: «Ер адам тумайды ғой, ол анасынан туылады ғой» деп өзеурейді. Мен күлдім. Осы түсінікке. Құдайым-ай, ер адамның тумайтыны, яғни дүниеге бала әкелмейтіні айтпай-ақ та бесенеден белгілі емес пе? Оны бес жасар бала да біледі. Ал қазіргілердің түсінігі күрт құбылған. Мысалға, көп адам бір кісіге қаратып: «Қолдарың, аяқтарың, көздерің» деп сөйлейді. Бұл да қате. Адамның құдды отыз көзі, қырық аяқ-қолы бардай. Адамның көзі, қолы, аяғы болады. Сол сөз онда екі көз бен сондай аяқ-қолдың барын білдіріп тұрады. Бұл да тілдік норманы бұзудың бір салдары.

Біздің баланың туу туралы куәлігінде «туған» деп жазылған. Бұл дұрыс. Осы да өзгеріске түседі ме деп шошисың. Халқымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Бүгін менің туған күнім, о, бәлі-ай!..» деген әйгілі өлеңі ән болып әуелеп кетті. Сонда деймін-ау, Мұқағали ағамыз да қате жазған ба, қазіргілердің тіліне салсақ, онда біз: «Бүгін менің туылған күнім, о, бәлі-ай!..» деуіміз керек болып шығады. Бұл күлкілі ғой. Қазақтың арғы-бергі заманғы ақын-жыраулары мен классик жазушылары «туылған» демеген, «туған» деп сөйлеген, жазған. Бұл – біз  үшін үлгі, өнеге, өсиет.

Бұл орайда тіл ғылымының білгірі Рабиға Сыздықова кезіндегі «Алтын Орда» тілшісіне берген бір сұхбатында дәйекті түсінік беріпті.

«Бір сөзде бірнеше мағына болады. Туу сөзінің негізгі мағынасы – пайда болу, дүниеге келу деген сөз. Демек, баланың пайда болғанын туды дейді. Ай аспанда бірінші көрінгенде ай туды дейді. Болмаса көктем туды дейді. Қыс туды деп, болмаса жаз туды, күз туды деп айтпайды. Себебі қыс келді, жаз шықты, күз болды дейді. Көрдің бе, қазақ қалай айтқан?! Ал туды сөзі тек дүниенің жаңа басталуына ғана қолданған болып шығады. Шындығында да, көктемде дүниенің бәрі жаңа басталады емес пе? Бүгінде көп газеттерде туды демей «пәленше пәлен жылы дүниеге келген» деп жазып жүр. Кейде туылған деп жазып жүр. Туған сөзі – дүниеге келді дегеннің бір сыңары. Туды деп балаға ғана айтылуы керек. Мәселен, өзімді Ақтөбеде туылдым демеймін, тудым немесе туып-өстім деймін. Қысқасы, адамның дүниеге келуін туылды деп айтпай, туды деген нұсқаны әдеби норма деп тану керек».

Тілдік, әдеби нормада «туды» сөзін қолдануымыз дұрыс екен. Ендеше, неге солай айтып-жазбасқа? Құдайға шүкір, баспалардан шығатын әдебиеттерде әу бастан дұрыстық бар. Мәселен, «Атамұра» баспасын алайық. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» кітабының мұқабасына: «Ғабит Мүсірепов – жазушы, көсемсөзші, драматург. 1902 жылы туған» деп жазған. Әрі-беріден соң осы қалып та бұзылар ма деп қауіптенесің.

Тілді таза күйінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттай алсақ, болашаққа кім екеніміз, кім болғанымыз бұлжымай әділ жетеді. Бөгденің тілімен, не өзгелердің ықпалына ұшыраған шұбарала тілмен жүре беретін болсақ, ендігі елу жылда қазақ болып туғанына мақтанатындар емес, кімнен болса да бәрібір, әйтеуір, «біреуден біреу болып туылғанын» мақтан қылатындар өмір сахнасын билейтін болады да, ықылымнан келе жатқан тарихымыз, салт-сана, дәстүр-шежіреміздің күні бір уыс болады. Сақтансақ, осыдан сақтанайық. Тіл тазалығы табиғат тазалығы сияқты күн сайын, дем сайын қорғауды қажет етеді. Тілімізді шырмап алған арам шөптен арылмасақ, қарға адым басу мұң.

Мұнайдар БАЛМОЛДА,

Орал қаласы


«Жол торыған жетеу болса, үшеуі қайда?»

Күні: , 305 рет оқылды

1438874056-805


Газетіміздің биылғы жылғы 4 ақпан күнгі №14 санында осындай тақырыппен  журналист  Есенжол  Қыстаубаевтың мақаласы  жарияланды. Ол мақаланың жазылуына қала тұрғыны, 28 жасар Айбек Хайырлиев қасында екі жолдасымен Орынбор қаласынан сапарлап келе жатқанда, Теректі  ауданы, Долинный ауылының тұсында біреулердің шабуылына тап болғаны  жайлы редакцияға  арыздана келгені түрткі болды. Материалда әу баста бұларға темекі сұрап тиіскен жеті жігіттің бара-бара өздерін  жабылып ұрып-соққандары, тапанша кезенгендері, көліктерін айдап кетпекші болғандары, автокөліктің айнасын, терезесін сындырғандары, ақшаларын ұрлағандары, бұлар бас сауғалап қашқанда, түн жамылған  жетеудің бұлардың қыр соңдарынан қалмай қуғандары  баяндалды. Ақыр соңында түнгі шабуылға тап болғандар полиция шақыруға мәжбүр болып, бұзақылардың бірқатары  сол түні ұсталады.


Зардап шеккен  жәбірленушілер редакцияға аяқтай келіп, арызданғандарында өздерін жеті жігіттің жабылып, ұрып-соққандарын, бірақ тек  төртеуі ғана қылмыстық  жауапкершілікке  тартылып, қалған  үш жігіттің әлі күнге дейін белгісіз болып, оларға қатысты тергеу-тексеру жұмыстарының жүрмей жатқандығына наразы екендіктерін, жалпы тергеу шараларына көңілдері толмайтындықтарын да жасырмай айтты. Төменде  осы  мақалаға байланысты редакцияға  келіп түскен жауаптарды үтір, нүктесіне дейін өзгертпей,  дәл сол күйінде, оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

«Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлімі 3-тармағында қарастырылған ұрлық,  яғни көлік құралына заңсыз кірумен бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру, 24-бабы  3бөлімі, 200 — бабы  2-бөлімі  1-тармағында қарастырылған, адамдар тобының алдын-ала сөз байласуымен автомобильді жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иемденіп алуға оқталу, 293-бабы 2-бөлімі 1-тармағында қарастырылған, бұзақылық яғни алдын-ала сөз байласқан адамдар тобы болып қоғамдық тәртіпті бұзуды азаматтарға қарсы күш қолдану, сол сияқты бөтеннің мүлкін бүлдіру қылмыстық белгілері бойынша 2015 жылдың желтоқсан айының 17 күні сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Жедел-тергеу жұмыстары нәтижесінде осы қылмысты жасаған Теректі ауданы Долинное ауылының төрт тұрғыны анықталып, қазіргі кезде оларға қатысты бұлтарпау (?) шаралары қолданылды, ал жәбірленушілердің «қылмыс орнында жеті адам болды» деген жауаптары бойынша жоғарыда көрсетілген  күдікті төрт адамнан басқа адамдардың қатыстылығы бар-жоқтығы тергеу және жедел іздестіру шаралары арқылы  тексерілуде.

Тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталған соң, Қазақстан Республикасы ҚПК 294-бабына сай қылмыстық процеске қатысушылар қылмыстық іс құжаттарымен толық  таныстырылатындығы туралы хабардар етеміз. БҚО ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Б.Ү. Рахметов»

*  *  *

«Теректі ауданында орын алған жәбірленуші  А.Хайырлиевке қатысты қылмыстық оқиға бойынша «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Б. Ғұбайллиннің (?) хатын негізінен қарау үшін жолдаймын. (Біз жоғарыдағы мақала жарияланбастан бұрын облыс прокурорының атына арнайы хат жолдаған болатынбыз. Бұл соған жолданған жауап болуы керек. Редакциядан).

Сонымен қатар, аталған қылмыстық іс бойынша ақпаратты, облыс прокуратурасымен бақылауға алынуына байланысты, әр жұма сайын жолдауды тапсырамын.

Екінші адресатқа мәлімет үшін және қылмыстық іс бақылауға алынғанын қаперіңізге  саламын. Облыс прокурорының орынбасары Н. Дүйсенбаев»

*  *  *

«Теректі ауданының прокуратурасы Сіздің хатыңызға келесіні хабарлайды. А. Хайрлиевтің, А. Дархановтың және Г. Шариповтың арыздары Теректі АІІб-нің сотқа дейінгі тергеп – тексерулердің бірыңғай тізіліміне 17.12.2015 ж. ҚР ҚК-нің 293 б. 2 б., 200 б. 2 б., 188 б. 2 б. тіркелген.

Қазіргі кезде қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде және аудан прокурорымен іс бойынша нұсқау беріліп, қадағалауына алынды.

Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары аяқталғаннан соң, сотқа жолданып, заң талаптарына сай баға беріледі.

Бұған қоса қылмыстық іс бойынша қандай да бір ақпарат беру ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сай сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеуге тиіс екендігін түсіндіремін. Теректі ауданың (?) прокурорынын (?) орынбасары  Т. Ниязбаев.»

*  *  *

 «Теректі ауданының прокуратурасы Сіздің хатыңызға келесіні хабарлайды. А. Хайрлиевтің, А. Дархановтың және Г. Шариповтың  арыздары Теректі АІІб-нің сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне  17.12.2015 ж. ҚР ҚК -нің 293 б. 2 б., 200 б., 2б., 188 б. 2 б. тіркелген.

 Қазіргі кезде қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде және аудан прокурорымен іс бойынша нұсқау беріліп, қадағалауына алынды.

 Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары аяқталғаннан соң, сотқа жолданып, заң талаптарына сай баға беріледі.

 Бұған қоса қылмыстық  іс бойынша қандайда бір ақпарат беру ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сай сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеуге тиіс екендігін түсіндіремін.

 Осы жауаппен келіспеген жағдайда, Сіз жоғары тұрған облыстық прокуратураға немесе сотқа шағымдану құқығыңыз бар екендігін қатеріңізге беремін. Теректі ауданының прокуроры әділет кеңесшісі А. Бискалиев»

*  *  *

“Орал өңірі” газеті осынау қылмыстық істі өзінің назарында ұстайтындығын оқырмандар қаперіне салады.

Дайындаған Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Тері-терсек өңдейтін зауыт салынуда

Күні: , 132 рет оқылды

IMG_3776-4-бетке


Зашаған кентінде испандық инвестордың инвестиция салуымен тері өңдейтін зауыт ашылады. Бұл туралы «Қазақстан – Орал» телеарнасында өткен брифингте мәлім болды.


Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбековтің айтуынша, өткен жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы саласында  92 млрд. 100 млн. теңге шамасында өнім өндіріліп, қызмет көрсетілген. Өсімдік шаруашылығы саласындағы бағдарламалар шеңберінде облысқа 755 млн. теңге демеуқаржы түрінде бөлініп, тауар өндірушілермен игерілді.

– «Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша облысқа бөлінген 2 млрд. 400 млн. теңге жергілікті тауар өндірушілердің қолына тиді. Мал шаруашылығы саласын дамытуға 4 млрд. 700 млн. теңге бөлініп,  малды асылдандыруға, төлді сақтауға, ет, сүт өндіруге, жемшөппен қамту жұмыстарына жұмсалған. Аудандарда  малды асылдандыру бағытында 77 ауылдық тұтыну кооперативі құрылған. Бұл мақсаттарға 186 млн. теңге бөлініп, кооператив құрамындағы қосалқы шаруашылықтарға берілді.  Осы бағыттағы жұмыстар бойынша еліміздің өңірлері арасынан алдыңғы қатардамыз, – деді Марат Кенжетайұлы. Оның айтуынша, «ҚазАгро» холдингі арқылы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары өңіріміздің шаруалары тарапынан қолдау табуда. 2011-2015 жылдар аралығында 484 шаруашылық  5 млрд. теңгеден астам қаржыға 25824 бас мал сатып алған. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғаспақ. 2015 жылы 2036,3 тонна ет және ет өнімдері экспортталды, соның ішінде 1029,9 тоннасы сиыр еті, 1006,4 тоннасы ет өнімдері. Биылғы жылдың екі айы ішінде 236 тонна ет экспортқа шығарылды.

2016 жылы өңірде «100 қадам» Ұлт жоспары бойынша 600 бастан астам сүтті бағыттағы мал әкелінбек. «Ырыс» бағдарламасымен 360 млн. теңге қаржы бөлініп, аудандардың және Орал қаласының қатысуымен сүт белдеуін құру жұмыстары басталды.

– Зашаған кентінде испаниялық  инвестор және жергілікті кәсіпкер Р. Ирменовтің қатысымен ұсақ және ірі қараның тері-терсегін өңдейтін зауыт салынады.

Жобаның құны – 5 млн. 300 мың еуро. Қазан айында құрылыс жұмыстары аяқталады, қазір іргетасы қалануда, – деді Марат Оңғарбеков брифингте. Оның айтуынша, көктемгі егіске бөлінетін жанар-жағармай құны нарықтағыдан 10 пайыз төмен болмақ. Өңірге егіске қажетті 12 мың тонна көлемінде жанар-жағармай бөлуге тапсырыс берілген. Биыл күздік дақылдардан мол өнім алынады және биылғы егіннің шығымдылығы жоғары болады деп  болжануда.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Дмитрий  ТЕРЕЩЕНКО, «Надежда»  газеті:

– Биылғы көктемгі егістің  өткізілуі жайында айтсаңыз. Қандай дақылдар егісіне басымдық беріледі? Екінші сұрақ, әлеуметтік  нан  бағасы  қашанға  дейін  сақталмақ?

Марат  ОҢҒАРБЕКОВ, ауыл  шаруашылығы  басқармасының  басшысы:

– Биыл салалық министрлік және облыс әкімдігі арасындағы егістік құрылымы жөніндегі меморандумға сәйкес 596 мың гектарға егін егіледі, соның 32 мың гектары дәнді дақылдарға бөлінген. Бірақ егістік құрылымындағы дәнді дақылдар ауданын азайтып, мал азықтық дақылдар егістігін ұлғайтуға келісілді. Өткен жылы 1800 гектар болған мал азықтық дақылдар егістігін 2 мың гектарға дейін ұлғайтамыз.  Биылғы көктемгі-далалық жұмыстарға 1 млрд. 300 млн. теңге қажет. Екінші сұраққа келсек, биыл тұрақтандыру қорына 350 млн. теңге бөлінді. Нан пісіретін кәсіпорындар техникалық жағынан жаңғырту жұмыстарын жүргізуі керек. Нан сапасын арттырып, өнім түрлерін көбейтуге пейілді. Сондықтан енді әлеуметтік жағынан қолдауға мұқтаж топтағыларға әлеуметтік нан емес, соны алуға ақша ұсынылатын болады. Наурыз айына дейін жететін әлеуметтік астық қоры бар, ол аудандарға, нан пісірушілерге бөлінеді. Сәуірдің 1-інен бастап әлеуметтік нан деген болмайды, яғни  нан  бағасы  «бұғауланбайды».

Оксана  ДЕМЕНТИЕВСКАЯ, «Пульс города»  газеті:

– «Батыс Марқа Ламб» ЖШС-ның жобасы қай деңгейде және етті  Ресейге  шығаруда  қиындықтар  жоқ  па?

Марат ОҢҒАРБЕКОВ, басқарма басшысы:

– «Батыс Марқа Ламб» жобасы толықтай жүзеге асырылды. Жақында құрылтайшылармен кездескенмін, ақпан айында қой сатып алуға қаржы мәселесі шешілмек. Ақжайық ауданындағы Бірінші мамыр ауылдық округіндегі  ұсақ малдан шыққан шешек ауруына қатысты мәселе күн тәртібінен түсті. Алайда Ресей жағы карантинді ұстап отыр. Бұл мәселе үкіметтік деңгейде қарастырылуда. Ресейден басқа Иран марқа етіне қызығушылық танытуда. Мал төлдегенше  түйткілді  мәселелер  шешіледі.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,  «Орал өңірі»  газеті:

– Тері-терсек өңдеу мәселесі шешілуде, енді жүн-жұрқа өңдеу жағы не болмақ? Екінші сұрақ, аудандарда ауылдық тұтыну кооперативтерін  құру  қалай  жүруде?

Марат  ОҢҒАРБЕКОВ,  басқарма  басшысы:

– Өңірде жүн өңдеу мәселесі өткір күйінде тұр. Өңірде өсірілетін еділбай қойының жүні нарықта сұраныс таппай отыр. Атырауда жүн өңдеу кәсіпорны салынды. Осыған орай атыраулық ауыл шаруашылығы басқармасымен келіссөздер жүргізудеміз. Ол жақ қара жүнді қабылдауға дайын. Бағасын анықтағаннан кейін ауыл-аймақтағыларды  құлағдар  етеміз.

Кооператив құру жұмыстары оңтүстік аудандардың ішінен Жәнібек ауданы белсенді. Одан басқа Жаңақала ауданы ширақ. Ақжайық, Сырым аудандары да бағдарламаға құлшына қатысуда. Енді Бөкей ордасы ауданында ірі қара көп болғанымен, үкіметтік бағдарламаға  қатысуға  соншалықты  белсенділік  байқалмайды.


«Белеске» Италиядан «құда түспек»

Күні: , 154 рет оқылды

DMS_0599


Әлемге әйгілі «Бюллер» фирмасының жабдығы негізінде жұмыс жасайтын «Белес Агро» ЖШС-ның астық өңдеу кешенінің өніміне италияндықтар  «құда түсуге» ниетті. Олар еуропалық стандартқа сәйкес келетін белестік астықты макарон түрлерін өндіруге пайдаланбақ.


– Астық өңдеу кешенінің жоғары, бірінші және екінші сұрыпты астығы және жарма өнімдері Өзбекстанға, Түркменияға, Қырғызстанға, Тәжікстанға, Ресейдің іргелес облыстарына шығарылуда. «Белес-Агро» ЖШС-ның диірмен кешенінің басқарушы директоры Қасым Исқақовтың айтуынша, кәсіпорында өндірілген өнімнің 30 пайызы экспортқа кетеді. Өндіріс циклін ауысымдық технолог және оның көмекшісі, слесарь, киповшы – барлығы төрт-ақ адам автоматты түрде бақылап, басқарады. Өндіріс ошағы тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді, сондықтан жұмыс үш ауысымда ұйымдастырылған. Барлығы 126 адам жұмыс істесе, олардың 86-сы – осы  Белес ауылынан. 2010 жылы іске қосылған кешен 3 жылдан кейін өндірістік қуатына шықты. Онда айына 4,5 мың тонна дән тартылып, 3700 тонна астық алынады.

– Бидай дәнін жергілікті шаруашылықтардан сатып аламыз. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысынан тасымалдануда. Өткен жылы тұрақтандыру қорынан айына шамамен 3 мың тоннадан дән алып, оны тартып, одан алынған астықты тұрақтандыру қорына қайтардық.  Қазір солтүстік өңірде бидайдың бағасы  келісіне 60-65 теңге шамасында. Жаңа жылға дейін бидайдың бағасы 45-47 теңге болды. Қазір баға 58-60 теңгеге дейін көтерілді, яғни 35-40 пайызға өсті.

Бүгінде «Белес-Агро» ЖШС-ның жоғары сұрыпты астығының келісі 97 теңгеден сатылуда, –  деді диірмен кешенінің басқарушы директоры Қасым Исқақов.

– Жұмыс істегеніме 4 жыл болды. Басында жұмысшы болдым,  соңынан оператор етіп көтерді. Ауыл жастары негізінен осында жұмыс істейді. Құрал-жабдықтың жұмыс істеуін қадағалаймын, өнімнің сапасына қараймын. Өндірісте еңбек еткен қызықты.  Жалақыдан кідіріс жоқ, — деді оператор Аңсар Медресов.

Дағдарысқа қарамай астықтың сапасы жоғары болған соң, өнім өткізуде кідіріс жоқ. 6-7 жыл бойы қуаңшылық болса да, өңі-рімізде өсірілген бидай сапасы жоғары, қамырлылығы  күшті. Кешеннің қорындағы бидай дәні маусым айына дейін жетеді. Соған қарамастан серіктестік бидай іздеп, сатып алу қамында. Заманауи жабдықтармен жабдықталған диірмен кешені «Авангард» агрохолдингінің құрамында. Өткен жылы холдинг құрамына «Аққайнар» нан өнімдері  комбинаты  қосылды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Бақылау комиссиясы жұмысын бастады

Күні: , 104 рет оқылды

IMG_3783


Кеше ҚР  Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің БҚО филиалында  «Сайлауды  бақылау комиссиясы жұмысының бағыттары мен міндеттері» тақырыбында брифинг өтті. Брифингке сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық  комиссиясы облыстық филиалының жетекшісі Вера Шохина және сайлауды   бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясы облыстық филиалының мүшесі Күміс Қайсағалиева қатысты.


Олардың мәлімдеуінше, кешегі күннен сайлауды бақылау жөніндегі республикалық  қоғамдық комиссия филиалының жұмысы басталды. Облыста 520 сайлау учаскесі болса, соның әрқайсысына сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия филиалынан бір-бір байқаушыдан бөлінбек. Облыстық комиссияның құрамында азаматтық ұстанымы жоғары елге танымал тұлғалар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, тәжірибелі, беделді азаматтар бар. Қазіргі таңда штаб құрылып, байқаушыларды іріктеу жұмыстары жүргізілуде.

Брифингте облыстық филиалдың мүшесі Күміс Қайсағалиева өздерінің жұмыс бағыты туралы әңгімелеп берді. «Біздің мақсат – өңірімізде сайлауды бақылау жөніндегі республикалық комиссияның жүйелі жұмысын, оның негізгі миссиясының орындалуын кешенді түрде қамтамасыз ету. Біз үміткерлердің құқықтары бұзылмай, жағдайлары тепе-тең болуын, сайлау науқаны мен дауыс беру үрдісінің әділетті өтуін қадағалауымыз қажет. Жұмысымыздың ең ауқымды бағыты – байқаушыларды  оқыту. Оларға қойылатын басты талап – «Сайлау  туралы» заңды мүлтіксіз білу. Оқудың қорытындысы бойынша тестілеу өткізіледі. Әрбір байқаушыға арнайы әдістемелік құралдар және байқаушы  блокноты беріледі. Біздің бірінші кезектегі міндетіміз – құқықбұзушылықтың  алдын алу және болдырмау, — деді ол.

Сайлауды бақылау комиссиясы сайлау үрдісіне сараптама жүргізіп, сайлаудың әділ және ашық өтуін қамтамасыз ету үшін жұмыстанатын болады.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика