Мұрағат: 16.02.2016


Инфрақұрылым бойынша тоғыз жоба жүзеге асырылмақ

Күні: , 173 рет оқылды

IMG_3563


Сенбі күні Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов былтыр атқарылған жұмыстары жөнінде халық алдында есеп берді. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында өткен жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты. Шаһар басшысының есептік кездесуі «Қазақстан-Орал» телеарнасы арқылы тікелей эфирде және Uralsk.gov.kz сайты арқылы онлайн режимінде көрсетілді.


Облыс орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шерткен бейнефильмнен соң Алтай Сейдірұлы мінберге шығып баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы жылдары қала тұрғындары санында тұрақты өсім байқалуда. Былтыр оралдықтар 287 872 адамды құраған. 2005-2015 жылдар аралығында тұрғындардың саны 24%-ға артты. Тұрғындардың тұрақты өсімі ішкі көші-қон және демографиялық ілгерілеу есебінен болып отыр.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 103,9 млрд. теңгені құрады, оның негізгі үлесі, яғни 66%-ы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 56,6 млрд. теңге, 2014 жылға қарағанда ол 9,5 %-ға көп. Соның ішінде республикалық бюджет есебінен инвестиция 15,3 млрд. теңгені құрады. Жергілікті бюджет қорларының инвестициялық көлемі 5,6 млрд. теңге. Шетел инвестиция қорларын қоспағанда, кәсіпорындардың жеке қаржысы инвестицияның жалпы көлемінің 55%-ына жетті. Бұл салыстырмалы кезеңнен 26%-ға көп.

Қаланың жалпы бюджеті 26,5 млрд. теңге, оның негізгі үлесі, яғни 46%-ы әлеуметтік салаға бағытталса, 20,5%-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, жол-көпір шаруашылығын қамтамасыз етуге, күрделі және ағымдағы жол жөндеу жұмыстарына, қала көшелерін жарықтандыруға, көгалдандыру және өзге де іс-шараларға бөлінді.

Облыс орталығында 28227 шағын бизнес нысаны тіркелген. Оның 87%-ы белсенді жұмыс істеуде. Шағын және орта бизнес саласында 40642 адам өз нәпақасын тауып жүр. Олармен 64,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Кәсіпкерлік нысандарынан 16,4 млрд. теңге салық түсті, бұл қалалық қазынаның 24%-ын құрайды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында былтыр 2,3 млрд. теңгеге 47 жоба бекітіліп, 132 жаңа жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасы аясында қала аумағында 10,9 млрд. теңгенің 22 жобасы іске қосылып, нәтижесінде 966 жұмыс орны пайда болды. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде өткен жылы 68,7 млн. теңге бөлінді, бағдарлама аясында 25 адамға шағын несие беріліп, 40 жұмыс орны ашылды.

Қаланың аграрлық секторында 58 ауыл шаруашылығы ұйымы тіркелген. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 4,184 млрд. теңгені құрады. «Агробизнес – 2020» бағдарламасы шеңберінде 289 млн. теңгені құрайтын демеуқаржы бөлінді, бұл салыстырмалы кезеңге қарағанда 62%-ға көп.

Әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту жайына тоқталған баяндамашының сөзіне қарағанда, былтыр 4008 адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 1698-і тұрақты жұмысқа орналасса, 493-і жастар практикасына, 178-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 1614-і қоғамдық жұмыстарға бағытталған. 25 адам шағын несие алса, 151 жан оқуға жіберілді. Жұмыс іздеуші азаматтарды жұмыс беруші мекеме өкілдерімен жүздестіру жұмыстары үздіксіз ұйымдастырылып отырады. Мәселен, өткен жылы бос жұмыс орындарына шақырған жеті жәрмеңке өткізілсе, оған 228 жұмыс беруші мекеме қатысты, соның нәтижесінде 433 адам жұмыспен қамтылды.

— Қазіргі таңда 13 мыңнан аса бүлдіршін 90 мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған. Олардың 50-і — мемлекеттік балабақша, 13-і — жеке балабақша, 26-сы — шағын орталық және біреуі мектеп-балабақша кешені. Соңғы он жыл ішінде 5769 бүлдіршінді қамтитын 23 балабақша салынды. Оның сегізі «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік жобалар инвестициясы есебінен. Бүгінде 15 мыңдай балдырған балабақша кезегінде тұр. Қолданыстағы 16 балабақша күрделі жөндеуді талап етеді. Яғни бұл бағытта атқарылуы керек жұмыс көп. Елбасымыз өткен жылғы Жолдауында мемлекеттік-жеке серіктестікті дамытуға тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында тиісті инвестициялық ахуалды қалыптастыру және әкімшілік кедергілерді жою нәтижесінде былтыр қалада жеті жеке меншік балабақша өз жұмысын бастады. Бұл бізге 1,2 млрд. теңге қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берді. Жоғарыда айтып өткенімдей, бүгінде Оралда 13 жеке балабақша жұмыс істеп тұр. Осының өзі бізге біраз көмек. Мемлекет тарапынан да оларға тиісті қолдаулар көрсетілуде. Нақтылап айтсам, егер жеке балабақшалар кезекте тұрған бүлдіршіндерді өздеріне алатын болса, мемлекет тарапынан бір баланың тамағы және өзге де шығындары үшін 16 мың теңге төленеді. Бүгінгі таңда оларға бюджеттен 157 млн. теңге демеуқаржы төленіп отыр. Қазір жеке балабақшаларда 757 бүлдіршін тәлім-тәрбие алуда. Осы сәтті пайдаланып, аталмыш салаға инвестиция салу кәсіпкерлер үшін жақсы мүмкіндік екенін баса айтқым келеді. Ал біз өз тарапымыздан қажет жағдайды туғызуға дайынбыз, -деді Алтай Сейдірұлы.

Тұрғын үй құрылысын тілге тиек еткен қала басшысының мәлімдеуінше, былтыр барлық қаржыландыру көздері есебінен 157 шаршы метрді құрайтын 1560 пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына 13,3 млрд. теңге бөлінді, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 20%-ға көп. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы аумағы 36,1 мың шаршы метрді құрайтын бес көп қабатты үй салынды. Соның ішінде екі үй кезекте тұрғандарға және 586 пәтер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларына берілді. «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы жүзеге асқалы Оралда 76 тұрғын үй жөндеуден өтті. Соның ішінде өткен жылы тоғыз тұрғын үй, екі үйдің жеделсатысын жөндеуден өткізуге 82 млн. теңге қаражат бөлінді.

— ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2015-2030 жылдарға арналған Орал қаласының бас жоспарына сәйкес шаһар солтүс-тік-шығыс және оңтүстік-батыс бағытында дамитын болады. Кешенді тексеру көрсеткеніндей, қаланың осы бөліктері қала құ-рылысын жүргізуге барынша ыңғайлы және қауіпсіз болып саналады. Батыс бағытында, яғни Зашаған мен Деркөл кенттерінде жеке үйлермен қатар, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын үйлер, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың бой көтеруіне жер телімдері бөлінді. Мысалы, үшін Зашаған кентінде 16 көп қабатты үй, өткен жылы 54 мың тұрғынға қызмет көрсеткен №6 емхана, «Заңғар» балабақшасы, «Арман» дене шынықтыру кешені және №47 орта мектеп салынды. Ол жерден екі автокөлік жолы өтеді. Енді саяжол (аллея) салуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар басталды. Өткен жылы алпыстан аса тал-терек егілді. Осы жақта тұратын тұрғындар біздің осы бастамаларымызды қолдап, барынша жәрдемдесіп, егілген тал-теректердің өсіп-өнуіне атсалысса, нұр үстіне нұр, — деді қала әкімі.

Одан кейін ол абаттандыру, айналма су жолдарын салу, жол жөндеу, инженерлік желілер құрылысы жөнінде баяндап, биылғы жоспарларымен бөлісті. Ағымдағы жылы қолға алынатын жұмыстардың ішінде 14 көп қабатты тұрғын үй салу, жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын қалаішілік жолдарды жөндеу қарастырылған. Сонымен қатар «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында биыл тоғыз үйге жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде инфрақұлымдарды жаңғырту жұмыстары жалғаспақшы. Оның ішінде 100 мыңға жуық оралдықты ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған 12,8 шақырым су құбыры, 30 мыңнан аса адамды жылумен қамтып тұрған 1,5 шақырымдық жылу құбыры бар. Жалпы, бұл бағытта тоғыз жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Содан кейін шаһар басшысы есептік кездесуге орай арнайы қойылған жәшік пен электронды поштаға тұрғындардан келіп түскен және ауызша қойылған сауалдарға жауап берді. Олардың бәрі алдағы жұмыс жоспарына енгізіліп, қорытындысы баяндалатынын мәлімдеді.

Жиынды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қорытындылады.

— Қала әкімінің есептік кездесуіне арнайы келіп, есебін тыңдап, барынша қолдау көрсетіп, толғандырып жүрген мәселелерді айтып жатқандарыңызға өз ризашылығымды білдіремін. Қойылған сұрақтар, айтылған ұсыныстар, көтерілген мәселелердің бәрін орынды пікір деп есептеймін. Себебі әркім өзі тұратын үйінің, ауласының, көшесінің, шағынауданының тиісті деңгейде болуын, абаттандырылуын, өздерінің тұрмыстық жағдайларының жақсаруын қалайды.

Бүгін қала әкімімен, қала әкімдігінің қызметкерлерімен өткен жылы атқарылған іс-шаралар, алдағы жұмыс жоспарлары жан-жақты айтылды. Иә, былтыр қалада ауқымды істер атқарылды. Бұрыннан шешімін таппай келе жатқан мәселелер де реттелді. Жаңа өздеріңіз қала басшысының өткен жылы атқарған жұмыстарына жоғары баға бердіңіз. Бұл іс-шаралардың жүзеге асуына Алтай Сейдірұлымен қатар, қалалық әкімдік қызметкерлері, коммуналдық сала кәсіпорындары, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдерінің білек сыбана жұмыс істеуі, қалалық мәслихат депутаттарының сайлауалды бағдарламаларын орындауы, өздеріңіздің қолдауларыңыз және қаржылық мүмкіндіктің барлығы өз септігін тигізді. Осы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Оған толық негіз бар. Қала басшылығында облыс орталығын өркендетуге арналған іс-шаралар жоспары жасақталған. Аталмыш жоспардың іске асуы барысында бүгін осы жерде көтерілген мәселенің көбі шешілетін болады. Өздеріңіз білесіздер, бір жылда, не бір есепті кезеңде барлық мәселені шешу мүмкін емес. Бірақ сәйкесінше жұмыстар жүргізіледі. Мен өз тарапымнан тұрғындардың берген бағасын толық қолдаймын. Қала әкімдігі, жеке Алтай Сейдірұлының өзі шаһардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын оңалту бағытындағы республика, облыс басшылықтарымен қойылған тапсырмаларды ойдағыдай орындайтынына сенемін. Уақыт тауып осы жиынға келген барша ағайынға өз алғысымды білдіремін және сіздерді 24 ақпан күні өтетін облыс әкімінің есептік кездесуінде күтемін, — деді Нұрлан Асқарұлы.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

– Жетінші шағынауданындағы Московская көшесінде құрылыс компаниялары жаяу жүргінші жолын бұзып тастады. Сол көшенің бойында орналасқан сыра дүңгіршегіне кешкілік келетіндердің қарасы өте көп. Олардың көліктері дүңгіршек айналасын жауып тастайды. Сосын осы маңда денсаулық сақтау нысанын салып жатқанына ұзақ уақыт өтті. Бұл құрылысқа тартылған техника саны да едәуір. Тұрғындарға қауіпсіз жағдай жасалуын, жаяу жүргінші жолының қалпына келтірілуін сұраймыз.

– Кей компаниялар құрылыс нысаны маңындағы тұрғындар жағдайын ескермей жататыны рас. Сіз атаған мекенжай бойынша арнайы шара қолданатын боламыз. Сондай-ақ кәсіпкерлік нысанының құқығы толық заңдастырылған болса, оның жеке ісіне араласуға болмайды. Бұл мәселені зерделеп, анықтаймыз. Ал сіз сұраған облыстық аурухананың ғимараты биыл аяқталады.

МЕҢДОЛЛА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

– Алтыншы шағынаудан, №7 үйдің тұрғынымын. Біздегі ПИК жұмысы қанағаттандырмайды. Тұрғындарға есеп беру жиналыстары сирек өтеді.

– Тұрғындар ПИК қызметіне көңілі толмаса, жиын жасап, төрағаны ауыстыру жөнінде шешім қабылдауына немесе басқа кооперативке ауысуына құқығы бар.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

– Саяжайлардың тұрғындары алдағы уақытта қалалық тіркелімге алына ма?

– Ол үшін саяжайлар орналасқан аумаққа инфрақұрылым желілері тартылып, көптеген әлеуметтік нысандар салынуы қажет. Мұндай жоспар қарастырылмағандықтан, бұл мәселені әзірше қолға аламыз деп айта алмаймын.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

– Автокөліктерді тіркеуді және есептен шығаруды электронды жүйе арқылы қолға алса, тиімді болар еді. Облыстық әкімшілік полиция басқармасы жол полициясы ғимаратының салынған мерзімі қырық жылдан асты. Әбден ескірді. Автокөлікті есепке қоятын алаң да қолайсыздық тудыруда. Зашаған кентінде бұрын жабылған «Заря Восток» базары аумағында екі қабатты сауда орны бар. Неге автокөлік алаңын сонда көшірмеске?

– Болашақта Деркөл кенті маңында тағы бір шағынаудан бой көтермек. Сонда жол полициясы басқармасына арналған жер телімі қарастырылған. Бұл жоба кейінірек жүзеге асырылады. Автокөліктерді есепке алу, шығару бойынша электронды қызмет көрсету жүйесі іске қосылады. Халыққа қызмет көрсету орталығынан бөлме ашу үшін қаражат есептелуде.

ИВАН, СТУДЕНТ:

– Студенттерге қала ішіндегі қоғамдық көліктер жолақысына арнайы жеңілдік қарастырылды ма?

– Биыл қалалық бюджеттен бұл мақсатта 170 млн. теңге бөлінді. Әрбір студент үлесіне 600 теңге тиеді. Елдің жағдайы жақсарғанда, көбейтетін боламыз.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

– Мен Ә. Молдағұлова көшесі, №5 үйде тұрамын. Бұл жерде бай көпес Овчинников 1898 жылы жылқы зауытын салған екен. 1917 жылы зауыт Кеңес өкіметіне өткеннен кейін, біздің үй қойма ретінде пайдаланылған. Кейін 1945 жылы Украинадан көшіп келген тұрғындарға баспана ретінде берілген. Осы үйде бүгінге дейін кәріз жүйесі орнатылмаған.

– Бүгінгі жиыннан кейін сіздің үйдің жай-күйімен танысамыз.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

– Зашаған кентіне қарасты Сарытау шағынауданы жаңадан бой көтергені белгілі. Біздің ауданда қар ерігенде, айналаға су жиналып, жол қатынасы қиындайды. Жаңа жол салынып, арық тартылса дейміз.

– Биыл тас жол салынбайды. Бірақ жоспарда бар. Ал суды бұратын арнаны жасаймыз. Өткен жылы күре жолдың қасына бөгет жасадық. Оның көмегі көп болды. Бұл істі жалғастырамыз.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

– А. Байтұрсынұлы атындағы №10 мектепте екі мыңға жуық оқушы бар. Білім ордасына 820 оқушы тасымалданады. Соның ішінде 453 оқушы Сарытау шағынауданынан келеді. Осы ауданда мектеп салу жоспарда бар ма?

– Биыл жаңа құрылыс қолға алынбайды. Бірақ Сарытау шағынауданына жаңа мектеп ашуды алдағы жылдың жоспарында бекітеміз. Одан бұрын Деркөл кентіне екі мектеп және балабақша салынады.

САПАШЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

– №14 және 38-бағыттағы қоғамдық көліктер тұрғындар тарапынан жиі сынға ұшырап жатады…

– Қала ішіндегі жолаушылар тасымалына қатысты көтерілген барлық мәселелермен мұқият жұмыстанатын боламыз.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

– Желаев кенті ардагерлер ұйымында 300-ге тарта адам бар. Біздің кентте №13 пошта бөлімшесі жабылып қалды. Төлем төлеу мәселесі қиындап кетті.

 – Бұл мәселе бойынша «Қазпошта» АҚ облыстық филиалына хабарласып, нақты жауабын береміз.


“Жәрдем” Қазталовта

Күні: , 125 рет оқылды

IMG_1449


Ақпанның 14-і күні Қазталов ауданына ат басын тіреген “Жәрдем” әлеуметтік автопойызы өз жұмысын бастады.


Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесіне орай ұйымдастырылған автопойыз жасағы аудан халқына көрсететін қызметтерін хабарлап, аудан орталығының басты көшелерімен жүріп өтті. Бұдан кейін автопойызбен келген білікті мамандар А. Оразбаева атындағы орта мектебінде әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлікті қолдау, инновациялық дамыту және басқа да толғандырған мәселелер бойынша тұрғындарды қабылдаса, аудандық орталық ауруханада облыс орталығынан келген тәжірибелі дәрігерлер тұрғындарға медициналық көмек көрсетті.

Автопойыз жұмысы С. Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында қорытындыланып, облыстық жастар шығармашылығы орталығы мен филармония әншілері және жергілікті көркемөнерпаздардың даярлаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Концерттік бағдарлама соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова автопойыз мүшелеріне аудан әкімі және аудан халқы атынан үлкен алғысын жеткізді.

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов  ауданы


Алаңда ақ халаттылар

Күні: , 86 рет оқылды

IMG_6519


Батыс Қазақстан медицина колледжінде  ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және медицина колледжінің 100 жылдығына арналған денсаулық сақтау қызметкерлерінің І қысқы қалалық спартакиадасы өтті.


Спартакиада  шаңғы, үстел теннисі, ерлер арасында қысқы шағын футбол, стритбол, арқан тарту секілді спорт түрлерінен оздырылды.  Жарысқа қалалық медицина ұйымдарынан 500-ден астам маман қатысты.

Жалпыкомандалық  есепте облыстық клиникалық аурухананың ұжымы жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал екінші орынды №6 қалалық емхана, үшінші орынды облыстық туберкулезге қарсы диспансер командасы жеңіп алды.

Жарысқа қатысушылар командалармен жекелеген жеңімпаздарға грамоталар мен кубоктар табыс етілді.

Өз тілшіміз


Жаңа төрағаны таныстырды

Күні: , 87 рет оқылды

IMG_3753


Батыс Қазақстан аумақтық кәсіподақтар орталығына жаңа төраға сайланды. Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов пен осы шараға арнайы келген Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов жаңадан сайланған төраға Ербол Салықовты кәсіподақ өкілдеріне таныстырды.


– Бұған дейін кәсіподақтар орталығын басқарған Самат Кемелұлы Оспановқа үлкен алғыс айтамыз. Ол ұзақ жыл  бойы осы салада жемісті еңбек етіп, зейнет жасына толуына байланысты қызметінен босатуға өтінішін берді. Жаңадан сайланған төраға Ербол Ғұмарұлы Салықов та сіздерге жақсы таныс. Бірқатар аудандардың әкімі, облыс әкімінің орынбасары лауазымдарында жұмыс істеген азамат. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілейміз, – деді Арман Кәрімұлы.

Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғановтың айтуынша, күні бүгін сала алдында жауапты міндеттер тұр. «Еліміз бойынша кәсіподақтардың жұмысы жетілдірілуде. Кәсіподақ ұйымдары ірілендіріліп жатыр. Бұған дейін 26 салалық кәсіподақ ұйымы болған болса, қазір олар 18-ге қысқарды. Заман талабына сай Қазақстан Республикасы «Кәсіподақтар туралы» заңы қабылданып, пәрменді жұмыс істеуде.

Ең басты міндетіміз – еңбек адамдарының мүддесін қорғау», — деді Қ. Айтуғанов.

Тоқтар  ҒАБДІРЕШҰЛЫ

Cуретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Су тасқынына дайындық пысықталды

Күні: , 117 рет оқылды

1 оаравпвыьб


Өткен аптаның соңғы жұмыс күні облыс әкімдігінде облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиынға мекеме-кәсіпорын басшылары және онлайн режімде аудан әкімдері қатысты.


Комиссия отырысында негізінен төтенше жағдайларды алдын алу бойынша былтыр облысымызда атқарылған жұмыстар, бұл бағыттағы биылғы жоспарлар, соның ішіндекөктемгі су тасқынына қарсы ісшаралар мәселесі қаралды. Сондай-ақ республикалық және жергілікті автокөлік жолдарының жағдайы мен облыстық азаматтық қорғаныс қызметін ұйымдастыру жайы да сөз болды.

Жиынды ашқан облыс басшысының мәлімдеуінше, өткен жылы мемлекеттік құрылымдардың, мекеме-кәсіпорындардың төтенше жағдайларды болдырмау, егер орын алған жағдайда оларды жою жөнінде біраз іс-шаралар атқарылды. Жыл бойы комиссия мүшелері, атқарушы билік құрылымдарының өкілдері, азаматтар бірлесіп жұмыс жасауының нәтижесінде су тасқынын, дала өрттерін, қыс кезінде жолдарды қар басып қалуы сынды жайттарды болдырмау бағытындағы істер оңтайлы шешілді. Бұл үрдіс өз жалғасын табуы қажет.

– «Шанаңды жазда, арбаңды қыста сайла» демекші, көктем уақыты жақындап келеді. Біз су тасқынын болдырмау бағытында жұмыстарды қолға алуымыз керек. Су тасқынының өте үлкен қаупі бар. Былтырғы күзгі ылғал, қыстағы қардың қалыңдығы мен ылғалдылығы, жақында болған жаңбыр біраз мәселе туындатып кетті. Біздің міндетіміз қолдағы бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, халыққа, ғимараттарға қауіп төнбеуін, экономикамызға шығын келмеуін қамтамасыз ететін бірлескен шешім қабылдауымыз қажет, — деді Нұрлан Асқарұлы.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты баяндама жасаған облыстық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Марат Күлдіковтің сөзіне қарағанда, қойылған міндеттер былтыр барлық азаматтық қорғаныс қызметімен, мемлекеттік органдармен толығымен орындалды. Төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелеріне орай түрлі кезеңге байланысты белгіленген жоспарлар, іс-шаралар толықтай жүзеге асты. Есепті кезең ішінде аймақтық ауқымдағы кең көлемді ТЖ орын алған жоқ. «Өткен жылы табиғи және техногендік бағыттағы 108 ТЖ оқиғасы тіркелді, – деді ол. – Одан 195 адам зардап шекті, 51 жан қаза болды. Аталмыш мерзім ішінде құтқару жасағы 3271 рет «атқа қонып», 451 адамды құтқарды, 1090 жанды эвакуациялады, 101 кісіге медициналық көмек көрсетті. Облыс халқын төтенше жағдайлардан қорғау үшін көптеген жұмыс атқарылды. Мәселен, Теректі ауданының аумағындағы Барбастау өзенінің «Ұзынкөл» су қоймасына  облыстық бюджет қаржысына күрделі жөндеу жүргізілді, Бөрлі ауданындағы Облавка ауылы маңынан өтіп жатқан Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары аяқталды, Орал қаласындағы Зашаған кенттік округіндегі Болашақ, Балауса, Сарытау шағынаудандарында жайдақ суды бұру жұмыстары жүргізілді.

Инженерлік техника, ТЖ-ны алдын алу мен жоюға арналған тиісті техникалар алу үшін облыс әкімдігімен әрбір ауданға 21 млн. теңге қаржы бөлінді. Алынған техникалардың көп көмегі болды. Елді мекендерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін былтыр жергілікті атқарушы билікпен және «Өрт сөндіруші» мекемесі бөлімшесімен бірлесіп, Зеленов ауданында екі өрт сөндіру бекеті ашылды.

Жалпы, облыс аумағында мұндай алты бекет бар. Республика көлемінде біздің бұл бастамамыз жоғары бағаға ие болып, қазір өзге өңірлерге үлгі ретінде ұсынылуда».

Өз кезегінде сөз алған «Қазсушар» РМК БҚО филиалы директоры Нұрболат Жұмағалиев гидротехникалық нысандарды тасқын су өткізуге дайындау үшін тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Таяу арада 20-25 адамнан тұратын, түрлі техникалары бар жедел бригада жасақталмақ. Кәсіпорын филиалы қызметкерлері РФ Орынбор және Саратов облыстарындағы әріптестерімен үнемі ақпарат алмасып оты-рады. Жалпы, кәсіпорын көктемгі су тасқынына тас-түйін дайын.

Облыстық табиғи ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аманкелді Дәулетжановтың баяндауынша, су тасқыны кезінде су қоймаларының жағдайы қауіп төндіретіні белгілі. Осыған байланысты өткен күзде аудан әкімдіктері мен тиісті мекеме мамандарының қатысуымен су нысандарын түгендеу мен олардың техникалық жағдайын анықтау жұмыстары жүргізілді. Қазір облыста коммуналдық меншіктегі  27, республикалық меншіктегі 11 су қоймасы, төрт су торабы бар. Бүгінгі таңда бұл су қоймаларындағы су көлемі 35-55 пайыз шамасында.

Содан кейін Орал қаласы мен аудан әкімдері есеп берді. Осы мәселені облыс әкімі қорытындылады. «Таяуда аудандарды аралап келдім, – деді Нұрлан Асқарұлы. — Жаңақала, Қазталов аудандарында су мәселесі қиындау. Біз мал, өсімдік шаруашылықтарын дамытайық дейміз. Бірақ тиісінше су жоқ. Ал далада ылғал көп. Сол себепті біз, біріншіден, ауылдарды, ондағы үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басудан сақтауымыз керек, ал екіншіден, даладағы осы суды тоғандарға, бөгеттерге ұстап қалып, пайдаға асыруға  тиіспіз. Сондай-ақ Ресейден тиісінше судың көлемін алуды қамтамасыз ету үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Кәрімұлына тапсырма беремін. Біз бұл бағытта өз позициямыздан айырылып қалмауымыз қажет».

Жиын барысында сондай-ақ БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Жанболат Жаншин, «Қазавтожол» АҚ БҚО филиалы басшысының міндетін атқарушы Әділ Нығметов және облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Марат Қуанышәлиев республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың жай-күйі жөнінде баяндады. Облыс әкімінің көмекшісі В. Ним азаматтық қорғаныс қызметін ұйымдастыру жайына тоқталды.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Cуретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


«Тәуелсіздік пен Желтоқсан көтерілісін бөліп-жара алмаймыз»

Күні: , 294 рет оқылды

IMG_7066[1]


Кеше «Жайық Пресс» медиахолдингінің баспасөз орталығында тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне орай атқарылатын іс-шараларға  байланысты Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың қатысуымен баспасөз  брифингі өтті.


Ұлттық дәстүрімізге сай халықтық қалпымызға оралып, төл мәдениетімізге арқа сүйей отырып, әлемдік білімді игеруге қол жеткізу арқылы бәсекелестікке барынша қабілетті 30 елдің қатарына ену міндетін мақсат етіп отырмыз, – деп сөзін  бастаған Д. Құсайынов облыстық мәдениет басқармасының 2015 жылы атқарған жұмысы және жаңа жылда атқарылған шаруалар туралы баяндама жасады.

2015 жылы мәдениет саласына 4,9 млрд. теңге қаражат бөлінсе, биыл 5,9 миллиард теңге  берілген. Өткен жылы 301,0 млн. теңгеге 4 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өткізілді.  Мәдениет ұйымдарының материалдықтехникалық базасын  нығайтуға  288,0 млн. теңге жұмсалған.

– Біздің  қол жеткен табысымыздың бәрі – тәуелсіздігіміздің  және мемлекеттің жаңа саяси бағытының  арқасы. Биыл ғасырлар бойғы арман болған ел тәуелсіздігіне 25 жыл.  Ағымдағы жылы біз осы ұлы мерекемен бірге 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығын кең көлемде атап өткелі отырмыз. Атап айтсақ, Ж. Молдағалиев атындағы облыстық  әмбебап-ғылыми кітапханасында  «Тұғыры биік  тәуелсіздік» атты  кітап көрмесі ашылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде де түрлі  іс-шаралар жоспарлануда. Музей қорындағы әскери қару-жарақ, батырлардың сауыт-сайманы, ұлт-азаттық көтеріліс тарихын  көрсететін  «Ер қаруы – бес қару» атты көрме  жабдықталды. Наурыз-желтоқсан айлары аралығында  ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 жас талантты анықтау мақсатында  «Жауқазын – 2» жобасы  жүзеге   асырылмақшы.   Бұл шаралардың барлығы, Елбасы атап өткендей, басы артық бюджет шығындарынсыз, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану арқылы өткізіледі. Сонымен қатар түрлі республикалық өнер додалары мен фестивальдер өтеді. Олар патриоттық әндерді орындаушылар арасында  «Ел ертеңі – Жас ұлан» атты облыстық байқау,  М. Мерәліұлының 175 жылдығына арналған «Сары дала сағынышы – сал Мұхит» республикалық әншілер байқауы, облыстық қазақ драма театрының  «Ән Мұхит» спектаклі,  күйші-композиторлар  Дина Нұрпейісова мен  Сейтек Оразалыұлының 155 жылдықтарына арналған «Күй дүлдүлі — Дина», «Сейтек перне» республикалық, аймақтық  домбырашылар байқаулары. Жыр-терме өнерінің ардақтылары Ж. Сәрсенғалиев, Қ. Рахимова және Қ. Орашеваға арналған «Термелетіп жырлайын» республикалық дәстүрлі термешілер байқауы,  М. Ықсановтың туғанына 90 жыл толуын атап өту жоспарланып отыр.

Отбасы күніне  «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай» облыстық жас келіндер байқауын, танымал жерлесіміз, әнші-композитор  Е. Хасанғалиевтің «Атамекен» фестивалін өткізу де күн тәртібінде  тұр. Наурыз мерекесін ұлттық құндылықтарымызды жарқыратып көрсету арқылы кең көлемде өткіземіз. 21 ақпан күні Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылында «Елімді жырлаймын»  атты айтыскер ақындардың  жыр додасы өтеді. Осынау атқарылатын іс-шаралар әр аудан әкімдіктерімен бірлесіп жоспарланды. Облыс орталығында бастау алған шаралар аудандарда жалғасатынына сеніміміз  мол.

ҚР Үкіметімен бекітілген «Облыс  аптасын» тұрақты өткізу кестесінің жобасы бойынша Маңғыстау облысында Батыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысында  Маңғыстау облысының мәдениет күндері өтеді. Бұл іс-шараларға бір ғана мерейтой деп емес, ең бастысы, болашақта ұлттың сапасын, мемлекеттілікті арттыру мен халықтың санасында мемлекетшілдік сезімін  нығайтудың жаңа бір мүмкіндігі деп қарауымыз қажет, — деді Дәулеткерей Құсайынов.

Ұлдай  ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Орал өңірі» газеті:

– Облыста мәдени-тарихи ескерткіштерді есепке алу жұмыстары қалай атқарылуда?

Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ:

– Бұл – өте  өзекті мәселе.  Бұл – негізі  біздің мәдениет басқармасының шаруасы. Мәдени ескерткіштерді қамқорлыққа алу, есебін  жүргізу, картасын жасаумен арнайы мемлекеттік инспекция айналысады. Бірақ қоғамдағы белсенді азаматтар осы жұмысты бастап, бүгінде бізден бір қадам алда келе жатқанын жасырмаймын.  Бұл бір күнде атқарып тастайтын жұмыс емес. Ол – кең  ауқымды және жергілікті  мекемелермен бірлесе атқаратын жұмыс. Мысалы, бұл жұмыстың бір саласы — қорымды тек адам жерленген орын деп қарауға болмайды, ол жерде еліміз үшін тер төккен  тұлғалар жатуы мүмкін.

–1 наурызды  Елбасымыз   Алғыс айту күні деп белгіледі. Елімізде 130-дан астам  этнос өкілдері тұрады. Осы мейрам  басына әр жылдары зауал туған талай ұлт-ұлысқа қамқор болған қазақ халқына алғыс айту, қазақ халқына құрмет көрсету бағытында өтетін шығар…

Дәулеткерей  ҚҰСАЙЫНОВ:

– Бұл мерекеге орай бүгін облыстық әкімдікте үлкен  тұғырнаманы талқылауға жиналамыз. Оған әр мемлекеттік мекеме өз ұсыныстарын түсірді. Облыстың  мәдениет мекемелерінің  де жоспары сол жерде талқыланатын болады. Иә, бұл мейрам алғаш өтейін деп тұр.  Бұл күн мемлекетімізді  құраушы ұлттың үлкен абыройлы мейрамына айналады деп ойлаймын.

– Сіз баяндамаңызда тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 жас талантты анықтау туралы айттыңыз. Бұл талантты жастардың бағын ашатын жоба болуы мүмкін. Бірақ байқаудан кейін жүлде алған жастар ауылға оралып, елеусіз күн кешіп жатады. Жас таланттарды одан әрі жетілдіру жолында не істемексіз? Немесе ауылда небір дарынды жастар арнайы білімі жоқтықтан жұмыссыз жүр. Осы жастарды іріктеп, оларды оқыту, жұмысқа орналастыру туралы ойыңыз бар ма?

Дәулеткерей  ҚҰСАЙЫНОВ:

– Бұл өте дұрыс сұрақ. Дарынды балалар байқаудан соң елеусіз қалатыны   шындық. Жүлде алған жастар назардан тыс қалмауы керек, бұл олардың артынан  келе жатқан жастарды құлшындыру  үшін қажет. Әншейін жоспар үшін өткізіп, кейін жүлдегерлерді ұмыт қалдырсақ, бұл  байқаудың беделіне нұқсан келтіреді. Әр байқауға қаржы шығындалады. Оны айтпағанның өзінде,  мысалы, осы жылы өткелі отырған Сейтек пен Динаның фестиваліне қатысатын күйші кем дегенде 20 күй тарта білуі шарт. Ол уақыт пен маңдай терді талап етеді. Еңбектеніп келіп, жүлдегер атанған жасты ертесіне елеусіз қалдыруға болмайды. Біз алдымен фестивальдің беделін көтерсек, осы арқылы  жүлдегердің де беделі көтеріледі. Дипломды жастарды жұмысқа орналастыру  жолға қойылды. Ал жұмыссыз жүрген дарынды жастарға келсек, бұл жерде  мәселе бар. Жоғары оқу орнын аштық. Өкінішке орай, домбыра бөліміне 2 жылдан бері бірде-бір жас оқуға түскен жоқ. Бүгінде 3 жыл бұрын түскен балалар оқуда. Енді бұл курсқа бір жыл студент қабылданбаса,  ол факультет  жабылады. Бұл – үлкен мәселе. Алматы мен Астана қаласына баласын оқытуға екінің бірінің жағдайы жоқ. Ауыл балалары талантты бола тұра, басқа пәндерден балл жинай алмағандықтан, оқуға түсе алмайды.

Сондықтан осындай талантты жастарды қолдау үшін грант тағайындау туралы облыс әкімдігіне ұсыныс енгіздік. Бір жыл оқудың құны 400 мың-ақ теңге екен, енді осы қаржыны аудан әкімдігі арқылы шешу қолға алынбақ.

Ғайсағали СЕЙТАҚ,

«Қазақпарат»:

– Хан ордасы ауылының  іргетасы қаланғанына 190, Жәңгір хан атындағы мектебінің ашылғанына 170 жыл. Осыған байланысты Хан ордасындағы тарихи  үйлерді қалпына келтіру,  басқа да мәдени-көпшілік жұмыстар жасала ма?

Дәулеткерей  ҚҰСАЙЫНОВ:

– Баяндамада  айтылған бар мәдени жұмыстар – Қазақстан  тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай атқарылатын шаралар. Қазақ хандығының 550 жылдығы өткен жылы кең көлемде, мемлекеттік деңгейде тойланды. Ол жұмыстар   биыл да жалғасын табады. Бірақ сіз айтқан Хан ордасындағы айтулы жылдарға байланысты жұмыстар жоспарда жоқ. Күні бүгін Хан ордасы кешенінің жұмысын одан әрі жандандыру  жүріп  жатыр.

Айгүл АХМЕТОВА,

«Жайық Пресс» ақпарат орталығы:

– Тәуелсіздік пен Желтоқсан оқиғасын бір-бірінен ажырата алмаймыз. Биыл Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толады. Осыған орай  қандай  шаралар  өтпек?

Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ:

– Тәуелсіздіктің 25 жылдығы кең ауқымды қамтиды. Биыл ұлтазаттық көтерілісіне 100 жыл толады. Кеңес үкіметі орнамастан бір жыл бұрын қазақ даласында  үлкен дүмпу болған. Бұған қазақ әдебиетіндегі С. Мұқановтың «Ботакөз» романын,  музыка өнерінде Динаның «16 жыл» күйлерін айта аламыз.   Бұл оқиғалар ізсіз  қалмады. Оның жалғасы – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Біз Тәуелсіздік пен Желтоқсан көтерілісін бөліп-жара алмаймыз. Биыл мерейлі жылда атқарылар  барлық шаралар  осы бағытта өтеді.

Анна ПАНИЩЕВА,

«Надежда» газеті:

– Сіз баяндамаңызда «Театр жас ұрпақты тәрбиелейді» дедіңіз. Бірақ оқу бөлімінде балалар спектакліне билет таратуға тыйым салынған.  Бұрын  театр мектепке келіп ойын қоятын еді.

Бүгінде оған да тыйым салынды. Оны жемқорлыққа жол бермеу деп түсіндіруде. Мектеп пен театрдың арасында байланыс болмаса,  жас ұрпақты қалай тәрбиелейміз?

Дәулеткерей  ҚҰСАЙЫНОВ:

– Бұл мәселе бізге таныс. Бұл жерде әңгіме жемқорлыққа да, мәдени мекеменің жұмысына шек қоюға да емес, балалардың қауіпсіздігіне байланысты. Біз заңға қарсы шыға алмаймыз. Уақыт қиын, неше түрлі аурулар бар, адамдар  да әр түрлі, сондықтан мектепке бөтен адамдарды кіргізе алмайды.

Бұрын мектептен  концерттік шараларға билет алуды сұрағанымыз рас. Әрине, мектеп ақша жинады, ал бұған кейбір ата-ананың қарсы шыққаны бар. Әр отбасының тұрмыстық жағдайы әр түрлі, билет алатын жағдайы жоқ бала өз қатарынан  қалып қойса, бұл да дұрыс емес. ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепте кез келген мақсатқа ақша жинауға тыйым салған. Бұл жерде әңгіме театрдың жұмысына нұқсан келтіруде емес. Екі театр да балалар спектаклін қойып жатыр. Біз әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларын тегін кіргіземіз. Ал көшпелі театрлар мектепке келіп спектакль қоя алмайды. Себебі біз заңға бағынуымыз керек, ең бастысы – мектеп  өз оқушысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Осыған қарамастан, біздің мектеппен байланысымыз еш үзілген жоқ.

Ұлдай  САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Бір минут үнсіздік…

Күні: , 103 рет оқылды

IMG_3688


Кеше Орал қаласындағы Жеңіс алаңында Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 27 жыл толуына орай интернационалист-жауынгерлерге арналған митинг ұйымдастырылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысты.


Аталмыш шараға ауған соғысының ардагерлері, сонымен қатар майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің отбасы мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Митингіні «Ауған соғысының мүгедектері және ардагерлерінің БҚО қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

– Қадірменді ауған соғысының ардагерлері, бүгін біз жат жерде қаза тапқан жауынгерлерімізді еске алуға жиналып тұрмыз. Ауған соғысына аттанған жауынгерлердің соңында қалған отбасыларына оңай тимегені мәлім. Облыс басшысы Нұрлан Асқарұлының ыстық ықыласын жеткізуге  рұқсат етіңіздер. Отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақтияр  Мәкен.

– 1989 жылдың 15 ақпанында  біздің жауынгерлер ауған жерінен шығарылды. Бұл күн біз үшін өте маңызды күн болып есептеледі. Сол кезде Алматы қаласынан Беларуссияның 103-десантшылар дивизиясына шақырылып, 1979 жылдың 27 желтоқсан күні алғашқылардың бірі болып Ауғанстанның астанасы Кабул қаласына кірдік. Содан аман-есен елге оралып, тәуелсіздіктің  рақатын сезініп жүрген жайымыз бар. Баршаңыздың отбасыңызға амандық тілеймін, енді қайтып соғыс болмасын, – деп тілегін жаудырды интернационалист-жауынгер  Қобыланды  Жапаров.

Шара барысында ерлікпен қаза тапқандарды еске алуға бір минут үнсіздік жарияланды. Ескерткішке гүл шоғын қою рәсімінде атасын қолтықтаған немерелер мен майдандас  жауынгерлердің  көзіне  жас  алғандығын байқадық.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика