Мұрағат: 13.02.2016


Өткен жылға өкпе жоқ

Күні: , 127 рет оқылды

_DSC0158


Сәрсенбінің сәтті күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Зеленов ауданына ат басын бұрған болатын. Осы күні аудан әкімі Кәрім Жақыпов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы хақында ел алдында есеп берді.


Аудандық мәдениет үйінде өткен жиын барысында облыс басшылығын қарсы алған аудандық ардагерлер үйінің тұрғындары облыс әкіміне жылы лебіздерін арнап, естелікке қазақ хандығы туралы жазылған кітап сыйлады. Қарттарға денсаулық тілеген Нұрлан Асқарұлы одан әрі ауданда жүзеге аспақ рухани орталықтың бас жоспарымен танысты. Ауданның тыныс-тіршілігінен хабардар еткен түрлі сала басшыла-рының сөзіне құлақ түрді.

Қой жылында жаңарған мәдениет үйінің жұмысын көрді. Айта кеткен жөн, 380 орындық мәдени ошақтың күрделі жөндеуіне республикалық бюджеттен 230 млн. теңге қаражат бөлінген. Концерт залынан бөлек жас жұбайларға арналған неке қию залы, спорт залы, әдістемелік бөлмелер мен өрендерді өнерге баулитын түрлі үйірме кабинеттері жасақталған. Сондай-ақ 58 мыңнан астам кітап қоры бар аудандық кітапхана да осы ғимаратта орналасқан.

Аудан әкімі 2015 жылды қорытындылады, Мешін жылында атқарылатын міндеттердің тінін тарқатты.

— Елбасы өзінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында әлеуетімізді әлсіретпей, даму үдерісін үзбеуге жол ашатын нақты міндеттерді қойды, — деді аудан әкімі.

Әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер орын алған Зеленов ауданы халқының жалпы саны – 58722. Өткен жылда ауданымыздың бюджеті 5,3 млрд. теңге қаржыны құраған.

Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, мәдениет, спорт, білім салалары бойынша қарқынды даму байқалады. Мәселен, ауданда 2015 жылы шағын және орта бизнестің 2604 шаруашылық субъектілері тіркелген, сөйтіп, 2014 жылмен салыстырғанда артығымен орындалған. Ал ауыл шаруа-шылығы өнімдерін өңдейтін 44 шағын цех тіркелген және жұмыспен қамтылған адамдар саны 310 адамды құрайды. Орта және шағын бизнес саласында 576 жаңа жұмыс орындары ашылған.

Өткен жылы «Тұрғын үй құрылысын жаңғырту» бағдарламасы аясында Переметный ауылының Жеңіс 183А және Гагарин 104 мекенжайында орналасқан 2 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі таңда аудандағы 68 елді мекеннің 49 ауылы немесе 5806 аула көгілдір отынмен қамтамасыз етілген, яғни ауданның 72%-ы газдандырылған болса, ал орталықтандырылған су құбырларымен 28 елді мекен немесе 5039 аула қамтамасыз етілген.

2015 жылы ауданға жергілікті бюджеттен «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 50,2 млн. теңге қаражат бөлініп, ол қаражат ауданның 11 елді мекенінде балалар ойнау алаңын жасауға, 18 елді мекендегі көшелерді жарықтандыруға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге, ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстарына, аудан аумағында күл-қоқыс орындарын тегістеп көму мен залалсыздандыруға жұмсалған.

Ал «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын-үй құрылысы» бағдарламасы бойынша электр жарықтандыру жүйелері жөнделіп, Калинин ауылында 160 көрермен орындығы бар спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысына, Дариян ауылында 300 орынды жалпы білім беретін мектеп ғимаратына қоса 100 орынды оқушыларға арналған жатақхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Сонымен қатар Переметный ауылдық округі Озерный ауылындағы 48 орынды мектеп құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамаға қаралуға жіберілген.

Өткен жылы ауданымызда индустрияландыру картасы бойынша Мичурин ауылдық округінде «Фирма «Родник» ЖШС-ның құтыға құйылған ауыз су өндіретін кешенінің жаңа өндірістік желісі, Чеботарев ауылында «Дарьинка» шағын сүт зауыты және Белес ауылы маңындағы қуаттылығы 100 МВт құрайтын газтурбиналық электр стансасы іске қосылды.

Ауданымыздың, әлеуметтік саласы жөнінде айтатын болсақ, бүгінгі күні экономикалық тұрғыдан белсенді 35401 адам 62,8 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ 394 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілсе, 130 адам кәсіби дайындықтарға жолданды. 2015 жылы 62 отбасына атаулы көмек көрсетілген екен.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша кәсіпкерлікті дамытуға несие алу үшін 50,3 млн. теңге бөлінген болатын. Аталған бағдарлама бойынша 27 адам несие алған. Жобаның үшінші бағыты шеңберінде кәсіптік оқуға жіберілген 26 адам оқуын аяқтап, 23 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Ауданның денсаулық сақтау саласында 2 аудандық аурухана, 11 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 38 медициналық пункт және 1 шипажай бар. Ал білім саласы бойынша айтатын болсақ, ауданда 30 орта, 9 негізгі, 7 бастауыш мектеп, 2 саз мектебі, тәрбие жұмысы орталығы, туризм және экология орталығы, кешкі ауысымды мектеп, 8 балабақша, 35 мектеп жанындағы шағын орталық, 5 мектеп-балабақша кешендері және аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар. 2015-2016 оқу жылында аудан мектептерінде 7472 оқушы білім алса, оларды 1460 ұстаз білім нәрімен сусындатуда. Олардың 1253-і жоғары, 207-сі – орта арнаулы білімді мамандар. 2015-2016 оқу жылында барлығы 21 жас маман жұмысқа келді.

Жалпы, 3,2 млрд. теңгені құрайтын бюджеті бар білім бөлімі бірқатар шаруалардың басын қайыруда. Мәселен, Щапов ауылындағы балабақшаны, Чеботарев білім ошағын, Егіндібұлақ мектебінің спорт залын жөндеуден өткізсе, Киров негізгі мектебінің оқушыларын Камен жоғары орта білім беретін мектебіне тасымалдауға автокөлік сатып алған.

Ауданда 48 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды, оның ішінде сегізі – балалар бақшасы (604 бала), бесеуі — мектеп балабақша кешені (200 бала), 35-і – шағын орталықтар (1811).

Ауданда 36 мәдени-демалыс мекемесі, 56 кітапхана және бір кинотеатр жұмыс жасаса, 162 спорттық орын бар.

— Өткен жылы атқарылған шаруалармен тоқтап қалмаймыз, — деді одан әрі аудан әкімі. — Ағымдағы жылда да көптеген істер күтуде. Мәселен, Переметный мектебіне күрделі жөндеу жүргізу, Макаров ауылындағы «Жапарқұлов» жеке кәсіпкер ашқан кірпіш зауытының құрылысын аяқтау, Переметный, Дариян, Көшім ауылдарындағы сегіз үйге жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге «Елді мекендерді абаттандыру» бағдарламасы бойынша Переметный ауылындағы Гагарин көшесі (Орталық алаң) және орталық стадионның сметалық құжаттары дайындалды. Ал Достық ауылындағы жеке кәсіпкер 100 орындық балабақшасын осы жылы ашуды көздеп отыр.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасына республикалық бюджеттен 50,2 млн. теңге қарастырылған болатын. Бүгінгі таңда бөлінген қаражатты игеру мақсатында дайындық жүргізілу үстінде.

Аудан әкімінің есептік кездесу жиын барысында мінбеге алдымен көтерілген Переметный ауылының тұрғыны, еңбек ардагері, аудандық ардагерлер ұйымының мүшесі Қадырбай Абдушев Переметный ауылының күн санап көркейгендігіне қуанышты екендігін айтты.

— Мәселен, өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында көше шамдары жарқырап, ауылымыздың сәні енді, «Жеңіс» саябағы, мәдени ошағы жаңартылды. Ауылдық округімізге қарасты Қаражар ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауыз су жүргізіліп, көгілдір отын мәселесі шешілді. Осындай игі істің бірі Озерный ауылындағы көгілдір отын алауының жағылуы – ауыл тұрғындары үшін зор қуаныш, — деді ол.

Қадырбай қарт Переметный ауылындағы шешілмей келе жатқан мәселе – ауыл іші жолдарын жөндеу қолға алынса деген тілегін де жеткізді.

Чиров ауылдық округінің әкімі Николай Штык өз кезегінде татулық туының астында 130-дан астам түрлі ұлт өкілдері тонның ішкі бауындай өмір сүріп келе жатқанын мақтанышпен жеткізді. Ол елімізде «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажо-басы жүріп, Қазақстан халқы ассамблеясы барысында түрлі маңызды шаралар ұйымдастырылып жатқандығын тіліне тиек етті.

Содан соң сөз алған Белес орта мектебінің 9-сынып оқушысы, каратэ-додан әлем чемпионы Аида Имақанова:

— Мен 2015 жылы Токио қаласында өткен әлем біріншілігінде чемпион болған кезімде тілшілер маған: «Сіз айналысатын спорт түрі қыз бала үшін қиын емес пе? Екі минут ойынға бола жарты әлемді асып келдіңіз», — деп сауал тастаған болатын. Мен «Біздің бойымызда ата-бабаларымыздан дарыған ерекше күш бар. Қазақстан үшін сынға түсудің әрбір секунды – біз үшін бақыт» деп жауап бердім. Қай жеңіс болмасын, оңай келмейтіні анық. Әр жеңістің астарында маңдай тер мен уақытпен санаспайтын сансыз жаттығулар жатыр. Жүйелі дайындықтар ғана жеңіске жетелейді. Жапон елі – каратэ спортының отаны. Тек Жапон елінде ғана ақ түсті татамиді қолдануға рұқсат етілген. Токионың Будакан спорт сарайының қақ төрінде ақ татами үстінде сынға түсу – әр спортшының басты арманы. Міне, менің де асқақ арманым орындалып, үлкен бақытты бастан кешірдім. Ол 2015 жылы Жапонияда өткен әлем чемпионатында Португалия, Ирландия және Венесуэланың спортшыларын жеңіп, әлем чемпионы атануым еді. Біздің жетістікке жетуімізге септігін тигізіп, жаттығуларымызбен алаңсыз айналысуға мол мүмкіншілік беріп, жағдайымызды жасап, әлемнің түкпір-түкпірінде өтетін жарыстарға қатысуымызға қолдау көрсеткен аудан басшылығына, ел ағаларына өзімнің және достарымның атынан алғысым зор, — деп шексіз қуанышын білдірді.

Мұрат Әшірімбетов – Мичурин ауылдық округіне қарасты Асан ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысушы. Ол өз сөзінде арман болған Отаны Қазақстанға Өзбекстаннан қоныс аударып келуін, «Қазақстанның азаматымын» дегенді зор мақтанышпен айтып өтті. Жеке кәсіпкер өткен жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 3 млн. теңге несие алған болатын.  Бүгінде Трекин ауылдық округіне қарасты Володар ауылында 4 гектар жер теліміне жылыжай салып, кәсібін дөңгелетуде.

— Менің ұлтым орыс болғанымен, жаным – қазақ, жүрегім қазақ елі деп соғады. Мемлекеттік тілді үйренуге өзімнің туған же-рім, өскен ортам, достарым, көршілерім әсер етті. Тілді үйрену өзіңе байланысты деп ойлаймын. Қазақ тілі мен үшін ана тілімдей болып кетті. Еліміздің болашағы – жастар. Бірнеше жыл бойы республика көлемінде жүзеге асып жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өз нәтижесін беруде. Атаулы бағдарлама аясында ауылдық жерлерде педагог кадрлардың тапшылығы біркелкі шешілді. Олардың тұрақты баспанамен қамтылуы да оңтайлануда. Алайда осы жерде бір айта кетерлігі, баспанамен қамтуға бөлінетін қаржы жеткіліксіздеу, — деді Дариян орыс мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Светлана Акименко.

Аудан әкімі Кәрім Жақыповтың жылдық есебін тыңдаған өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жұртшылықты алдағы уақытта өтетін саяси науқанға, яғни Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және әр деңгейдегі мәслихаттар сайлауына қатысуға шақырды.

Сонымен қатар жиын барысында халықтың талап-тілегіне құлақ түрген облыс әкімі ел тарапынан қойылған сауалдарға тұшымды жауабын беріп, әр ұсыныстың аяқсыз қаламайтындығын айтты.

Облыс басшысы өз сөзінде осы Мешін жылында Мичурин ауылдық округі Зеленый ауылында және Макаров ауылдық округі Садовое ауылында Шаған өзені арқылы өтетін жаяу аспалы көпір салынатындығын, ал Рубежин ауылындағы мәдени ошақтың күрделі жөндеуден өтетіндігін айтып, жергілікті жұртты бір қуантты.

Динара НАСЫР,

Самал ЖАМЕТ,

Зеленов ауданы

Суретті түсірген Түгелбай БИСЕН


Өтемақы төлеу басталды

Күні: , 91 рет оқылды

DSC_0055


«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ  тұрғын үй құрылысы салымдары бойынша өтемақы төлеу рәсімін бастады.  Осыған орай «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ  облыстық филиалының директоры Қуанышбек Хамзин бейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында баспасөз мәслихатын өткізді.


— Баршаңызға белгілі, 2015 жылдың 18 тамызында айырбас бағамының өзгеруіне байланысты Елбасы халық салымдарының шығындарын төмендету мақсатында 2015 жылдың 18 тамызына дейін теңгемен ашылған жеке тұлғалардың мерзімді депозиттеріне төлем төлеу тетігін әзірлеу жөнінде Ұлттық банкке тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында банк пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мемлекеттік салалық органдармен бірлесе отырып, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ  салымшыларына өтемақы төлеу тетігін әзірледі. Өтемақы төлемі бюджет қаражаты және банктің меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылмақ. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 467 мыңнан аса шарт иелеріне, оның ішінде салымында 1 млн. теңгеден жоғары қаржысы бар салымшыларына өтемақы төлейді. Өтемақы төленетін салымдардың жалпы сомасы бүгінгі күні 171,9 млрд. теңгені құрап отыр. Біздің банкте өтемақы төленетін салым сомасына ешқандай шектеулер қойылмаған. Өтемақы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 2015 жылдың 18 тамызына дейін ашылған депозиттердегі салымдарға ғана төленеді. Және мынандай жағдайларда ТҚЖ салымына өтемақы төленбейді:

Біріншіден, салым 2015 жылғы 18 тамызға дейін берілген тұрғын үй, алдын ала тұрғын үй және аралық тұрғын үй заемдары бойынша қамтамасыз етуде тұрған болса;

Екіншіден, ақша салу күніне баспананы сатып алу-сату шарттары немесе Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 20 тамыздағы №383 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы аясында кейіннен сатып алумен жалға алу шарты, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы №728 қаулысымен бекітілген «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға» дейінгі бағдарламасы, өңірлік тұрғын үй бағдарламалары аясында жасалған болса;

Үшіншіден, банктің ішкі құжаттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, белгіленген мерзім аясында қосымша келісімге қол қойылмаған жағдайда (2016 жылдың 8 ақпанынан бастап 1 маусымына дейінгі аралықта) ТҚЖ салымына өтемақы төленбейді.

Қазіргі таңда, дәлірек айтсақ, ағымдағы жылдың 8 ақпанынан бастап біз өтемақыларын төлеу үшін банк салымшыларынан өтініш қабылдай бастадық. Салымшылардан өтініш қабылдау осы жылдың 1 маусымына (31 мамырды қоса есептегенде) дейін созылмақ. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да еліміз бойынша 500 мыңнан астам, ал біздің облыстық филиалда 28 мың салымшы бар. Егер осыншама салымшы өтініш беруге банкке келетін болса, онда адамдардың ұзыннан шұбақ кезегі пайда болар еді. Және салымшылар кезекте тұрып көп уақытын жоғалтады. Бұл банк қызметкерлеріне де тиімсіз болар  еді. Осындай ыңғайсыз жағдайды болдырмау үшін банк салымшыларынан өтінішті электронды түрде қабылдайды. Яғни салымшылар өз өтініштерін электронды Үкіметтің www.egov.kz  интернет порталы және www.hcsbk.kz. банктің интернет ресурсы арқылы бере алады.

Қазіргі таңда еліміздің барлық аймағында өтемақы төлеу ТҚЖ шартының қосымша келісімін жасағандарға тұрғын үй құрылыс жинақ салымдары бойынша өтемақы төлеу басталды. Өтемақы екіге бөлініп төленеді. Оның алғашқысы 2016 жылы 19,2 пайыз көлемінде, екіншісі 2017 жылы 16,3 пайыз мөлшерінде төленеді, яғни өтемақы мөлшерінің барлық көлемі 35,5 пайызды құрайды. Үкімет пен банктің бірлескен жұмысының нәтижесінде салымшыларға өтемақы төлеу үшін 60 млрд. 900 млн. теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Соның 36,9 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, ал қалған 24 млрд. теңгесі өз банкімізден бөлініп отыр. Теңге бағамының қазіргі жағдайында бұл салымшылар үшін үлкен көмек, мемлекет тарапынан жасалып жатқан мықты қолдау деп түсіну керек.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы бойынша 8 ақпаннан бері 1200 салымшы өтініш тапсырды. Алдын ала жасаған сараптамаға сәйкес облыстық филиалдың 27300 салымшысына өтемақы төленеді деп жоспарлануда. Қазіргі таңда жергілікті әкімдіктердің қолдауымен аудан орталықтарында  және облыс орталығындағы ХҚКО-ның екі ғимаратында банк қызметкерлері салымшыларға өтемақы бойынша электронды нұсқада өтініш беруге көмектесуде. Ал электронды тәсілмен жұмыс істеп үйренгендер өздерінің қолдарындағы планшет, ноутбуктерімен электронды қол қою тәсілімен өтініш берулеріне болады, — деген Қуанышбек Жүсіпұлы өтемақы төлеу бойынша сұрақтар туындаған жағдайда 300 нөмірі бойынша банктің байланыс орталығына хабарласуға болатынын жеткізді.

Жиын соңында Қуанышбек Жүсіпұлы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Дамира МЕҢДІҒАЛИЕВА,

«Приуралье» газеті:

— Менің бір танысым осыдан біраз уақыт бұрын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ  облыстық филиалына 1 млн. теңге көлемінде қаражатын салып,  депозит ашты. Содан кейін бір бөлмелі үй алу үшін банктен 2 млн. теңге несие қаражатын алды. Қазіргі уақытта ол алған несиесін кесте бойынша төлеп жүр. Сұрайын дегенім, танысымның есепшотындағы 1 млн. теңге көлеміндегі қаражатына өтемақы төлене ме, жоқ па?

Қуанышбек ХАМЗИН:

— Сіздің танысыңыз өзінің депозиті арқылы біздің банктен аралық заем алған секілді. Мұндай жағдайда танысыңыздың есепшотындағы қаражатқа өтемақы төленбейді. Өйткені ережеге сәйкес өтемақы тек біздің банк арқылы жинақтау жүйесіне қатысушы салымшыларға ғана төленеді.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

ақпарат орталығының жетекшісі:

— 2015 жылдың 18 тамызында 1 АҚШ доллары 188,35 теңге болды. Содан бері доллар екі есеге өсті,  дәл бүгінгі күні 1 АҚШ  доллары 360 теңгеге тең. Сонда салымшыларға төленетін  35,5 пайыз өтемақы олардың шығынын жаба ма?

Қуанышбек ХАМЗИН:

— Сараптау нәтижесі бойынша қазіргі таңда Алматы және Астана қалаларынан басқа аймақтарда, аудан-ауылдарда тұрғын үйлердің шаршы метрінің бағасы  аса көп өзгере қойған жоқ. Ал үлкен сұранысқа ие ірі қалалардағы үйлер бар болғаны 15-20 пайызға ғана қымбаттады. Сондықтан салымшыларға төленетін 35,5 пайыз өтемақы жеткілікті деуге болады.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі» газеті:

— Бірінші сұрақ. «Жас отау» бағдарламасы және мемлекеттік бағдарлама аясында жалдамалы үйде тұрып жатқандарға өтемақы төлене ме?

Екінші сұрақ. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның 2022 жылға дейін банк салымшыларын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін «Өз үйім» атты дағдарысқа қарсы бағдарламасын әзірлегені белгілі. Аталмыш бағдарлама қазіргі кезде еліміздің бірқатар аймақтарында жүзеге асырыла бастады. Бұл бағдарлама біздің өңірімізде қолға алына ма және осы бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері қандай?

Қуанышбек ХАМЗИН:

— Өтемақы төлеу тәртібі бойынша «Жас отау» бағдарламасы және мемлекеттік бағдарлама аясында жалдамалы үйде тұрып жатқандарға өтемақы төленбейді. Өйткені олардың тұрып жатқан үйлерінің бағасы онсыз да төмен және бұл баға теңге бағамы қанша құбылса да, енді өзгермейді. Аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй алғандар қолжетімді баспана мәселесін шешіп алған болып есептеледі де, оларға өтемақы төленбейді.

Енді екінші сұраққа жауап берер болсам, «Өз үйім» бағдарламасы жергілікті атқарушы органдармен, мемлекеттік-жеке әріптестік және банктермен ынтымақтастық нәтижесінде жүзеге асырылады. Қазіргі таңда осы үш бағытта келіссөздер жүруде. Үш жақты келісімшарт әзір болып бекітілген кезде аталмыш бағдарлама біздің өңірде де қолға алынады. «Өз үйім» бағдарламасының бұрынғылардан бір айырмашылығы, аталмыш бағдарлама бойынша құрылыс нысанын жүргізерде  тұтынушылар пікірі ескеріледі. Біз тұрғын үй құрылысына берілген жерді, құрылыс нысанын және тұтынушылар пікірін сараптап барып қана жобаны жүзеге асыруға шешім қабылдаймыз. Яғни тұрғын үй құрылысы тұтынушылар тарапынан сұраныс болған жағдайда ғана жүргізіледі.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Бұл – теректіліктердің ерен еңбегінің жемісі»

Күні: , 122 рет оқылды

DSC_0025


Ақпан айының 11 жұл­­ды­зында Теректі аудан­дық мәдениет үйінде аудан әкімі Жеңіс Серікқалиевтің халықпен кездесуі өтті. Қорытынды есеп беруге Батыс Қазақстан облы­сы­ның әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.


Жиын басталмас бұрын өңір басшысы   Же­ңіс­тің 70 жылдығына орай ашылған Ардагерлер үйіне бас сұғып, қарияларымыздың халжағдайын білді. Сонымен қатар мә­дениет үйінің фойесіндегі этно­-мә­де­ни ор­талықтарының көрме­сімен та­нысқан облыс әкімі әр түр­лі ұлт өкілдерінің ұлттық тағам­да­рынан да ауыз тиді.

Есепті жиын басында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде бейнефильм көрсетілді.

Аудан әкімі Жеңіс Серікқалиев өз баяндамасында жыл ішінде ат­қа­рылған іс-ша­ра­ларға тоқталып өтті. 2015 жылы аудандық бюджет 4 млрд. 937 млн. 105 мың теңгені құраған болатын. Оның ішінде аудан бюджетінің өз кірісі – 931,4 млн. теңге. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде бар­лы­ғы 85 маманға қол­дау мақса­тында 136 млн. 188 мың теңге бөлінген.

Ауыл шаруашылығы саласы­ның көрсеткіші де көңілге қонымды. Ауданда барлығы 299 ауыл шар­уашылығы құрылымда­ры тіркел­се, өткен жылы жаңадан 28 қо­жа­лық пен үш  ЖШС ашылды. Жыл қорытындысы бойынша, жалпы іш­кі өнім көлемі  8 млрд. 206 млн. 400 мың теңгені құраған. 2016  жыл­дың 1 қаңтарында ірі қара 38 398 басты құрап, былтырғымен салыстырғанда 2,0%-ға өсіп отыр.

Жыл ішінде шаруа қожалықта­ры 854 бас ірі қара мал сатып ал­ды. «Сыбаға» бағдарламасының ар­қасында 626 асыл тұқымды мал, «Құлан» бағдарламасы аясында 25 бас Көшім жылқысы және төртшаруа қо­жалығы 55 бас асыл тұ­­қымды қошқарды  ауданға  әкел­ген.

2014 жылға қарағанда Қой жы­лы ет өнімі 101,0% құраса, сүт  100,2% және 101,0% жұмыртқа өн­дірілді. Жазда жауын-шашын аз болғандықтан, 116,7 мың  гектар  егістің 80 пайызы есептен шыға­рылыпты.

Құнарлы аймақта картоп егу аумағы 2014 жылмен салыстыр­ған­да 134 гектарға ұлғайған. За­манауи техникалармен жабдық­тал­ған «Балакирев» шаруа қожа­­лы­ғы мен «ОралАгроАқсай» жа­уап­кершілігі шектеулі серіктесті­гі егістік көлемін жылма-жыл арттыра түсуде.

Шағын және орта кәсіпкерлік жедел дамып, аталмыш сала шаруалары өндірген өнім көлемі был­тыр 9 млрд. 543 млн. 600 мың теңгені құрапты. Өткен жылдың соңында бизнес нысандарынан бюд­жетке салық түрінде 890 млн. 995 мың теңге түскен екен. Сонымен бірге 2014 жылы кәсіпкерлер 212 жұмыс орнын ашса, 2015 жы­лы бұл көрсеткіш 495-ті құ­рап, алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 233,5%-ға  өсіпті.

2016 жылдың 1 қаңтарындағы санақ бойынша, әлеуметтік жағ­да­йы төмен 49 отбасынан 208 азамат тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 24 отба­сына азайған. Осы уақыт аралы­ғында 85 адам жұмыспен қамты­лып, тұрақты қызметпен қамта­ма­сыз ету мақсатында 247 меморан­думға қол қойылыпты. Арнайы жұ­мыс жәрмеңкелері ұйымдас­тыры­лып, соның арқасында 119  адам жұмысқа орналасқан.

– Юбилейный ауылында 108 оқу­шыға арналған жаңа мектеп салынды. Аудан орталығында «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 1620 тұрғын үй мен әлеуметтік ны­­сан­дар таза сумен қамтама­сыз етіл­ді. 2017-2018 жылдары Ақсуат, Ақ­жайық, Новопавлов, Аңқа­ты, Жа­­ңаөмір және Ұзынкөл ауылдары­на  су тарту  жоспарлануда.

Ауыл-аймақты газдандыру ісі де табысты атқарылуда. Бү­гін­де 52 елді мекеннің 31-іне газ жүр­гізілді. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда, 14,5 пайызға өсті. Былтыр ұзынкөлдіктер үшін қуа­нышқа толы жыл болды. Себе­бі асыға күткен табиғи газға қол жеткізіп еді.

Шаған, Ұзынкөл ауылдарын су басу қаупі туындағандықтан, был­тыр бюджеттен 79 млн. 516 мың 720 теңге қаражат бөлініп, су қой­масы күрделі жөндеуден өтті, – де­­ді аудан басшысы өз баяндамасында.

Аудан мектептерінің түлектері жыл сайын ҰБТ-дан жоғары көр­сет­кішке ие болып, аудан мерейін үстем қылуда. Өткен жылы орташа балл 91,03-ті құрап, облыс бо­йынша бірінші орынды иеленіп, 78 түлек жоғары оқу орнына мемлекет  грантын  иеленді.

Мәдениет саласында да көп­теген жетістіктер бар. Ауданның бетке ұстар талантты жастары ха­лықаралық және республи­калық байқауларда бағын сынап, жеңіспен оралды.

Аудан әкімі баяндамасын аяқ­тай келе,  Ұзынкөл ауылын газдандыруды жалғастыру, әлеуметтік нысандарды газға қосу, Ақжайық ауылдық округінің Талпын ауылына орта қысымды газ жеткізу, Подстепный және Жаңаөмір ауыл­дарындағы саябақтарды абаттан­дыру, Федоров ауылындағы Бейбітшілік көшесінің (бұрынғы Ленин) тас жолын күрделі жөндеу­­ден өткізу, мектеп-интернаттар ас­ханаларының материалдық-техни­калық жағдайын жақсарту сы­қыл­­ды биыл атқарылар іс-шаралар­ды  тілге  тиек  етті.

– Мал шаруашылығы, орта жә­не шағын кәсіпкерлік, әлеуметтік мәселе, мемлекеттік бағдарлама­лардың орындалуы және т.б. са­лаларда өткен жылға қарағанда ілгерілеу басым. Бұл – теректілік­тердің ерен еңбегінің жемісі. Қа­зір Ұлт жоспары аясында қызу жұ­мыс­қа кірісуіміз қажет.  Бүгінде өз­ге елдерге қарағанда төрт құбы­ла­мыз тең. Тек барға қанағат, жоқ­қа са­быр ете білуіміз қажет. Және ала­уыздықты қойып, еліміздің, ұр­па­­ғы­мыздың болашағы үшін аянбай еңбектену керек. Сонда ғана айтулы нәтижеге жетеміз, – деді жиында сөз алған өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы.

Есеп беру кезінде сүт өндіру мәселесі, игерілмей жатқан ша­бын­дық жерлердің мемлекетке қайтарылып, жеке кәсіпкерлік­пен айналысып, шаруасын дөңге­лету­ге ықыласты азаматтар­ға бе­рілуі, аудандық аурухананы күр­делі жөндеуден өткізу, мал өсіру­шілерге жағдай жасау және жол­­дарды қардан тазарту сынды мә­се­лелер қозғалды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сол мезетте осы істерге жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар бе­ріп, жұмыс барысын тікелей өзі қа­дағалайтынын  айтты.

Аякөз АЙБАРҚЫЗЫ,

Теректі ауданы

Күләш  ҚАРАТАЕВА, Жаңаөмір  ауылының  тұрғыны,  ардагерлер  кеңесінің  мүшесі:

– Бүгінгі есеп беруде біраз кісі талап-тілектерін айтты. Ешкімді тоқтатпады. Толық ойымыз­ды жеткізуге, жағдайымызды айтуға мұрсат берді. Өзім ауыл ақса­қалдарының сәлемін әкелдім. Ау­дан әкімі Жеңіс Серікқалиев пен ауыл әкімі Болатбек Тілегеновке ризамыз. Мектебіміз  күрделі жөн­деуден өтті. Жаңа дүкендер мен кафе ашылды. Соғыс ардагерлеріне де көңіл бөлуді ұмытпайды. Ауданымыз  әрі  қарай  гүлдене  берсін!

Шынар  ДИЯРОВА, Подстепный  ауылдық  мектебінің  ұстазы:

– Есеп беру  өте сәтті өтті. Әр адам көкейіндегі сауалына ұтым­ды жауап алды. Әкім­нің баяндамасы мен бейнефи­льмнен ау­да­нымыздың даму үрдісі­не анық көзіміз жетті. Подстепный ауы­­лы­на «Дипломмен ауылға» бағдарла­масы бойынша келген едім, жағ­дайым жақсы. Жылы үй, сүйікті жұмысым бар. Бұдан ар­тық не керек?! Ауданымыздың көркеюіне, білім  деңгейінің  ар­туына  аянбай  қызмет  ете  бермекпін.


Үміткерлер анықталды

Күні: , 157 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (100)


Бейсенбіде облыстық мәслихаттың үлкен залында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХVІІІ конференциясы өтті. Оның жұмысына партия жарғысына сәйкес 32532 партия мүшесі атынан сайланған 154 делегаттың 149-ы және партияның аумақтық филиалдарының төрағалары, депутаттар, партия активі және БАҚ өкілдері қатысты.  Конференция жұмысын партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ашып, жүргізіп отырды.


Күн тәртібіндегі «Қазақстан – 2021» Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық: «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасы туралы мәселе бойынша  облыстық партия филиалының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен баяндама жасады. Оның баяндауынша, сайлауалды бағдарламалардың орындалуын талдау партияның  «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық ісқимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасының төрт жыл ішінде облыс бойынша негізгі көрсеткіштер бойынша толықтай, басым бөлігінің мерзімінен бұрын орындалғандығын көрсетіп отыр. «Жаңа сайлауалды бағдарлама жаңа жаһандық сындарға байланысты партияның іс-әрекеті болып табылады және алдағы бес жылдағы қызметтің басым бағыттарын құрайды. «Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламаның ұсынылған ұраны, біздің көзқарасымызды, партияның басымдылығы мен мақсаттарын айқын көрсетеді», — деді Серік Сүлеймен.

Баяндама бойынша жарыссөзге «Нұр Отан» партиясы Ақжайық аудандық филиалы төрағасының орынбасары Айжан Нысанбаева, «Қазақтелеком» АҚ-ның БҚО телекоммуникациялар дирекциясы техникалық директорының орынбасары Владимир Ткачев қатысты. Олар аталмыш бағдарламада көрсетілген мақсаттарға барлық қазақстандықтың бірлескен іс-қимылы арқылы жетуге болатынын және елжанды азаматтарды партияның сайлауалды бағдарламасын қолдауға шақырды.

Жиында облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну мәселесі қаралды.

– Қаңтардың 29-ы күні Астана қаласында Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен партияның кезектен тыс ХVІІ сиезі өтті. Сиезде «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасы талқыланып, бекітілді. Сонымен қатар ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарының сайлауына партия атынан түсетін үміткерлердің тізімін бекітті, — деді Нұрлан Ноғаев. Өңірдегі партия филиалы төрағасының айтуынша, «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің тиісті қаулыларымен бекітілген нұсқаулықтарына сәйкес өңірдегі бастауыш партия ұйымдарында  ақпанның 1-4-і күндері аралығында мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну мақсатында прайм-риз таңдаушылар жиналыстары өткізілген. Осы жұмыстардың нәтижесінде 200 сайлау округі бойынша  прайм-риз шарасына  барлығы 13345 партия мүшесі қатысқан. Сондай-ақ партияның облыстық филиалы саяси кеңес бюросында облыстық мәслихат депутаттығына «Нұр Отан» партиясынан ұсынылған үміткерлер тізімі бекітілген. Конференцияда осы депутаттыққа үміткерлер тізімімен партия филиалының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі Кенжәлі Төремұратов таныстырды.  Делегаттар партиялық тізімдегі 27 үміткердің есімдерін бірауыздан мақұлдады.

Тізімде бұрынғы шақырылымдағы халық қалаулылары Аманкелді Таспихов, Ескендір Елемесов, Мұрат Жәкібаев, Жасұлан Жақыпов, сондай-ақ Мәлік Мұхтар, Аветик Амирханян, Аркадий Рубцов, Қайдар Қощанов, Нұрлан Серғазиев сынды жаңа есімдер бар.

Жиында партия филиалының саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды. Делегаттар басқа жұмысқа ауысуларына және өз өтініштері бойынша кеңес құрамынан Н. Төреғалиевті, В. Голоуховты, З. Мусинаны, Р. Хайруллинді шығарып, олардың орнына  Д. Ғалиметденованы, С. Потиченконы,  Е. Тоқсановты, А. Халеловты кеңес  мүшелігіне  енгізді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ


«Өнімдеріміз өтімді», – дейді «Квант» ЖШС-ның басшы-қосшысы

Күні: , 108 рет оқылды

IMG_3392


Ақпанның 11-і күні жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері Оралдағы «Квант» ЖШС-ның жиһаз өндіретін цехында болып, жұмыс барысымен тікелей танысуға мүмкіндік алды.


Журналистер алдымен корпустық жиһаз шығаратын орынды көрді. Түсінікті болу үшін айта кетсек, корпустық жиһаз дегеніміз бұл – жатын бөлмеге, ас үйге қажетті дүние-мүліктер, шкаф, шифоньер, үстел, орындық және т.б.

Ашылғанына  3-4 ай уақыт өткен жап-жаңа цехта 50 адам жұмыс істеп, отбасыларын асырауда. Өндірістік желі, станок атаулының бәрі – соңғы, озық үлгідегі жабдықтар. Әйгілі неміс фирмаларының бірінен сатып алынып, орнатылған. Күніне ас үй және жатын жиһазының 50-ге жуық жиынтығын өндіретін кәсіпорын өз өнімдерін облысымыздағы дүкендер желісі арқылы, қала берді Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарына, Астана қаласына сатуда. Тұрақты іскерлік байланыстар, тұтынушылар ауқымы (клиенттер базасы) қалыптасқан.

– Біздің өнімдер сапасы барлық сапа стандарттарына сай, яғни жоғары сапалы. Шикізатты Ресейден әкелеміз. Жиһаздың дизайнын өзіміз ойлап табамыз. Республикалық, халықаралық көрмелерге қатысып, әріптестеріміздің жақсы жақтарын өзімізде қолдануға тырысамыз. Жалпы, ай сайын шамамен 100 млн. теңгенің өнімін өндіреміз, – деді корпустық  жиһаз шығару цехының технологі  Евгения  Краснова.

БАҚ өкілдері келесі кезекте аталмыш компанияның жұмсақ жиһаз шығаратын цехының жұмысымен танысты. «Бұл жерде диван, кресло, екі кісілік жұмсақ жатын кереует сияқты жиһаз түрлері өндіріледі. Поролон мен серіппе сымдар өзімізден, отандық шикізаттан жасалады. Матаны Алматыдан, Түркия мен Қытайдан алдырамыз. Цехта 48 адам еңбек етеді», – деді цех бастығы Виталий Хамзин.

Шара соңында БАҚ өкілдеріне БҚО кәсіпкерлік және идустриалды-инновациялық даму басқармасы бастығының орынбасары Әнуар Ниетқалиев шағын сұхбат берді.

– Біз қазір «Квант» компаниясының жиһаз жасайтын цехында тұрмыз. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде аталмыш кәсіпорын 2015 жылы мемлекеттен алған 730 млн. теңге  демеуқаржыға германдық жаңа өндірістік желіні тез орнатты.

Бұл жоба облыстың индустрияландыру картасына еніп отыр. Өткен жылы аймақтық үйлестіру кеңесінде 109 жоба мақұлданды. Биыл шағын кәсіпкерлерге инновациялық жобалары үшін 3 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар бөлінбекші. Кәсіпкер болғысы келген барша азаматтарды осы бағдарламаға қатысуға шақырамыз. Қажетті мағлұматты біздің басқармадан, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының БҚО филиалынан алуға болады, – деді Ә. Ниетқалиев.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Тұйғындай жауға шүйліккен, Тәнибектің тағдырын білетіндер бар ма екен?..

Күні: , 97 рет оқылды

IMG_2468


Ұлы Отан соғысы миллиондаған адамның өмірін жалмаған заһарлы зұлмат еді. Дүниені дүр сілкіндірген бұл соғыстың ашылмаған, әлі де зерттеп-зерделеуді қажет ететін құпиялары көп-ақ. Қан майданда ерлікпен шайқасып, уақытында елінен лайықты бағасын алғандармен қатар белгілі-белгісіз себептермен аты аталмай, еленбей қалғандары да қаншама?! Солардың бірі – Сталинград  шайқасы кезінде қаскөй жауға қарсы тұрып, айрықша қаһармандық танытқан қазақ сарбазы Тәнибек Сайдоллаев.


Әңгіменің әлқиссасын жуырда Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің редакциясына Ресей Федерациясы Волгоград қаласында тұратын «Қазақстан мұрасы» қорының төр-ағасы Айболат Ахметовтен келген хаттан бастасақ. Қош, сонымен хатты оқылық. Төрағаға Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыс жылдарында 315-атқыштар дивизиясы, 724-атқыштар полкі, 2-атқыштар батальонының танкке қарсы қолданылатын қарулар ротасының командирі болған, запастағы аға лейтенант Владимир Туров келіп, Сталинград шайқасы кезінде Орловск селосының түбіндегі қанды қырғынға қатысып, өшпес ерлік көрсеткен қатардағы жауынгер, қазақ Тәнибек Сайдоллаев туралы әңгімелейді. Хатты оқып, танысқан соң біздер қайсар қазақ туралы толығырақ деректер алу үшін Волгоград қаласына жол тарттық. Қазіргі таңда «Сталинград» клубының президенті қызметін атқарып отырған Владимир Туровпен (жоғары суретте) «Павлов үйінде» жүзбе-жүз кездесіп, сөйлесудің сәті түсті. Өңірінде І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» және  де басқа көптеген медальдар жарқыраған ақсақал әсерлі әңгіме шертті.

— Тәнибек мен басқарған ротаның құрамында болды, — деп бастады сөзін Владимир Туров. — 1942 жылдың наурыз айында Новосибирск қаласындағы госпитальден ем алып шыққасын мені Барнаулда жасақталған 315-атқыштар дивизиясы, 724-атқыштар полкі, 2атқыштар батальонының танкке қарсы қолданылатын қарулар ротасының командирі етіп жіберді. Ротаға өңкей дене бітімдері ірі әрі епті де әбжіл жігіттер таңдалып алынған екен. Өйткені танкке қарсы қарудың ұзындығы 2 метрден жоғары, ал салмағы 17 келіні құрайды. Алғашында Тәнибек маған көптен ерекшеленбейтін, өзі тұйықтау жігіт болып көрінді. Жаңадан жиналған сарбаздарды оқыту кезіндегі бір үзілісте өзге ротаның командирі: «Тәнибек, қанекей, өнеріңді көрсетпейсің бе?» демесі бар ма?! Барлығымыз басымызды бұрып, не көрсетер екен деп зейінімізді Тәнибекке аудардық. Ол болса, тура цирк нөміріндегідей әлгі 17 келілік қаруды екі қолында ойнатып, бізді аң-таң қалдырды. Бұл оның жаттығуы екен.

1942 жылы тамыздың 23-інен 24-іне қараған түні 2-атқыштар батальонына Орловка селосының маңындағы тылды қорғау керек болады. Себебі немістер Дондағы майданды бұзып, аталған ауылға жақындайды.

— Сол күні жау ұшақтары Сталинградты бір тәулік бойы бомбалады. Ертеңіне біздің батальон қарсы шабуылға шықты. Рота сарбаздары жаяу жүріп отырды. Бір мезетте немістер бізге қарсы пулеметтен оқ жаудыра бастады. Сарбаздар бірінен соң бірі құлап, қатарымыз сиреді. Комбат пен оның орынбасары да оққа ұшты. Майдан штабының басшысы Иванов, пулемет ротасының командирі Титоренко үшеуміз ақылдасып, олардың өлімі туралы ұрыс біткенше сайыпқырандарға айтпауды ұйғардық. Бұл олардың сағы сынбауы үшін жасалған әрекетіміз еді. Барлық бұйрықтарды үшеуміз батальон командирінің атынан беріп отырдық, — деген Владимир Туров терең ойға шомды.

Осы ұрыста Сайдоллаев жаудың үш танкісін істен шығарыпты. Бұдан кейінгі шайқастарда да Тәнибек асқан батылдық көрсетеді. Батальондағы жауынгерлердің саны азайғандықтан, майдан  шебін әрі қарай қорғап тұру қиындық тудырады. Командир Туров жауынгерлерге жерде көмілген миналардың арасына жанармай қоспасын да орналастыруды бұйырады.

— Ең соңғы ұрыс. Қиын болды, өте қиын. Сайдоллаевтың бөлімі батальонның оң қапталына жайғасып, танктердің шабуылына қарсы қиян-кескі ұрыс жүргізді. Ол өзіне таяп қалған тағы екі танкіні дәл көздеп, қою қара түтінге орады. Осы кезде оң қапталдан келе жатқан фашист танкісінен атылған снаряд Сайдоллаевтың қаруының оқпанын қиратып, бөлімнің екінші нөмірі болып табылатын көмекшіні ауыр жаралапты. Жараланған жолдасын арқасына артып тылға қарай шыға бергенде, жау танкісінен атылған екінші оқтан көмекшісі тіл тартпай кетсе, Тәнибектің екі аяғын тізеден төмен қиып түседі. Мен сол кезде батальонның командалық пунктінде едім. Бір жауынгердің маған қарай жер бауырлап келе жатқанын көрдім де, өз окопымнан шығып, қасына бардым, — деп көмейіне ащы өксік тығылған Владимир Семенович еріксіз көзіне жас алды.

– Ек… Екі жансыз  аяғы бұлғақтап… Тізеден төмен қарай аққан қызыл-күрең қан… Сарбазының сол сәттегі бейнесі көз алдына келген командир сөздерін анық айта алмай, кідіріп қалды. Тәнибек жатқан күйінде қолын шекесіне апарып: «Мен екі танкіні қираттым, үшінші танк менің көмекшімді жаралады, қаруымды істен шығарды, көмекшімді арқалап келе жатқанымда, екінші оқпен оны өлтірді», — деген-ді. Бұл Тәнибек  істен шығарған жаудың алтыншы танкісі еді.

– Мен өзім соғыста жараландым. Бірақ Тәнибек екі аяғынан айырылса да, маған болған жағдайды баяндады. Қайсарлық қой, қайсарлық!, — деді Туров еміреніп.

Сайдоллаевты кейін эвакогоспитальге алып кетіпті. Владимир Семенович сол эвакогоспитальдің бір қызметкерін соғыстан кейін кездейсоқ кездестіргенін айтады. «Тәнибек менің жадымда қалып қойыпты. Сол кезде госпитальге сіздің дивизиядан жарақаттанған жауынгерлер көп түсті. «Санитарка, санитарка!» деп жан ұшыра көмек сұрағандардың жарақаттарын таңып, байлап жүрмін. Кенет Тәнибек бөлмеде жатқандардан шылым сұрады. Басында ешкім селт етпеді. Сәлден соң бір сарбаз оған темекі ұсынды. Тәнибек әлгі темекіні бір сорып, жөтелді де, бар дауысқа салып кең байтақ дала туралы әндетті. Госпитальдің іші тым-тырыс бола қалды. Кейбір жауынгерлердің жанарынан моншақтаған мөлдір тамшылар үзіліп түсіп жатты», — депті медбике.

Тәнибектің командирі Владимир Туров айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған батыр қазақтың кейінгі тағдырынан бейхабар екен. Тоқсанның төріне шыққан қария қандыкөйлек майдандасы туралы бір деректің қылаң беретінінен үмітін үзбейді. «…Иә, ерлікті жасамаудан, бағаламау одан әрі қауіпті» деп Мұхтар Шаханов айтпақшы, майданда қаһармандықтың үлгісін көрсеткен халқымыздың батыр ұлының ерлігінің өз мезгілінде лайықты бағаланбағанына жанымыз күйзелсе де, сарбазының кейінгі тағдырын 70 жыл өтсе де, есінен еш шығармаған Владимир Туровтың жолдастыққа адалдығына тәнті болдық.

Бұл сапарымызда Ресей Суретшілер одағының құрметті мүшесі, мүсінші Павел Черкистің қазақтың батыр ұлының мүсінін дайындап, шайқастың қайнаған ортасы болған Орловка селосына орнататынын біліп, ризашылық сезімге бөлендік.

Тәнибектей атамыз туралы жағымды жаңалықты тез естіртуге сеп болайық, ағайын!

Данияр ОСПАН,

Жәнібек-Волгоград-Жәнібек


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика