Мұрағат: 11.02.2016


Белсенді дауыс берейік!

Күні: , 124 рет оқылды

DSC_0043


Кеше облыстық сайлау комиссиясының төраға­сы Ғайса Қапақов БАҚ өкіл­де­­рімен кездесті. Басқосуда ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәсли­хаттар­дың сай­лауын ұйым­­дас­ты­ру жұмы­сын бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында жариялау тәр­­тібі Қа­зақстан Республика­сының «Сай­лау тура­лы» конституция­лық заңы ая­сын­­да болуы тиіс екені ай­тылды.


Сайлау учаскелерінің мекенжайы,  үміткерлер жө­ніндегі мәліметтің толық­қанды болуы, саяси науқанның маңызы туралы анық та қанық материалдармен тұрғындарды құ­­лағ­дар қылып отыруға, дауыс беру үрдісіне белсенді қатысуға қоғам назарын аударуға жұмыла әрекет еткен жөн. Журналистер үміткер туралы жалған мағлұмат беруден, ұлтаралық татулық пен дінаралық түсіністікке нұқсан келтіретін, сондай-ақ түрлі мазмұн­да­ғы арандату фактілерінен ау­лақ болуы тиіс. Сайлауға қатысатын үгіт-насихат топтары жергілікті БАҚ-пен тығыз байланыста болатыны белгілі. Сайлауалды үгіт ақпанның жиырма төртінен басталып, нау­рыз­дың он сегізіне дейін жүргі­зіледі. ҚР Орталық сайлау комис­сиясының ақпанның бірінде шы­­ғар­ған 8/92-қаулысына сәйкес об­лыстық мәслихаттың депутат­ты­ғына үміткер телевидение ар­қы­лы 70 мың, радио арқылы 20 мың, газет арқылы 85 мың теңге, қала­лық не­месе аудандық мәслихат­тыңде­­путаттығына үміткер теле­ви­­де­­ние арқылы 36 мың, радио ар­­қы­лы 7 мың, газет арқылы 62 мың теңге төлеп, сайлауалды үгіт бағ­дар­ламасын, материалын ұсы­на алады. Жаңалықтар қызметі үгіт­ке жатпайды. Сайлауға бір күн қал­ғанда үгіт жұмысын жүргізуге заң бойынша тыйым салынады. Сая­си партиялардың сайлау штаб­та­рының белсенділі­гіне орай бе­ре­тін ақпарат көлемін тең дәре­жеде беруге жағдай жасалады. Сайлау учаскелерінде респуб­ли­калық тәуелсіз бақы­лаушылар то­бының өкілдері  үміткер­лер құқы­ғының бұзылмауын қада­ғалайтын болады. Мемлекеттік құрылым­дар, жергілікті атқарушы би­лік ор­­­гандары және лауазымды тұл­ға­лар, ҚР Қарулы күштері жә­не өз­ге де әскери құрылымдар, сай­лау комиссиясының мүшелері, ді­ни бірлестіктердің өкілдері сай­лау­алды үгіт жұмыстарын жүр­гі­зе  алмайды.

Қазір облыстық мәслихатқа ұсы­­нылған 17 адамның төртеуі, қа­лалық мәслихатқа ұсынылған 6 адам­ның екеуі, аудандық мәс­ли­хаттарға ұсынылған 217 адамның 40-ы үміткер ретінде тіркелді. Олар­­дың қатарында өзін-өзі ұсы­нушылар да баршылық. Облыс бойынша бүгінге дейін 26 мың адам сайлау учаскелеріне тіркелді. Облыстық сайлау комиссиясы сайлаушыларды анықтауда кезде­сетін кемшіліктердің алдын алу үшін халыққа қызмет көрсету ор­талықтарының көмегіне сүйе­не­тін болады. Өзінің тіркелген сайлау учаскесінен тысқары аумақ­та болған сайлаушыға белгіленген мекенжайға келмей-ақ, өзге адамның сенімхат арқылы шығару талонын жолдауына рұқсат етіле­ді. Облыстық сайлау комиссия­сы­ның төрағасы Ғайса Қапақов тұр­ғындардың сайлау құқығына кедергі жасалуына ешқандай жол бе­рілмейтінін айта келіп, БАҚ өкіл­­­деріне сайлау барысында заң аясында насихат жұмысына әріп­тестік тұрғыда көмектесуін өті­ніп, ақпараттық дәлдікке мұқият қарауды ескертті.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Әркім өз үйінің жанашыры болуы тиіс»

Күні: , 89 рет оқылды

7 брифинголагоранра


Сейсенбіде облыс әкімдігінің баспасөз қызметі «Қазақстан – Орал» телеарнасы ғимаратында кезекті баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Бұған арнайы шақырылған Орал қалалық тұрғын үй инс-пекциясы бөлімінің басшысы Нұрлан Шабдаров пен ПИК қауымдастығының төрағасы Станислав Филиппов қатысып, қаладағы тұрғын үй қызметінің жай-күйі жөнінде әңгімеледі.


– Орал қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің негізгі міндеті – тұрғын үй қорын басқару саласын мемлекет тарапынан бақылау, қадағалау. Бүгінде Орал қаласында 1193 көп қабатты үй бар. Қаладағы 105 ПИК (пәтер иелері кооперативтері) 824 көп қабатты тұрғын үйге қызмет етеді. Солардың ішінде 24 ПИК ірі (бұларда 10-нан астам көп қабатты үй бар), 15-і орташа (бұларда 3-10 үй) және 66-ы (1-3 үй) шағын ПИК-ке жатады. Бұдан басқа қалада ПИК құрамына кірмеген 101 үй бар, оларға сол үйлердегі жекелеген тұлғалар қызмет етеді. Және тағы 268 тұрғын үй бірлесе басқару тәртібінде.

2015 жылы Орал қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметкерлері ПИК-терге үш мәрте кешенді тексеру жұмысын жүргізді. Тексеру нәтижесінде «Домуправ-1», «Высота», «Жұлдыз-Алға» ПИК-терінің ҚР тұрғын үй заңдылығын өрескел бұзғандығы анықталды. Аталған ПИК-тер ревизиялық комиссия мен басқарма мүшелерінің алдындағы міндеттерін орындамай, жұмыс құжаттарын да дұрыс жүргізбеген. Пәтер иелерінің өтініші бойынша 145 рет ПИК-терге барып тексеру жұмысын жүргіздік, – деген Нұрлан Уапұлы тексеру нәтижесінде бұзылған заңдылықты қалпына келтіру үшін ПИК-терге 42 ескертпе және 97 ұсынба берілгенін жеткізді.

Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының сөзінше, әрбір көп қабатты тұрғын үйдің, мейлі ол ПИК құрамында бар ма, жоқ па, оған қарамастан, әрқайсысының өз басқару органы болуы тиіс. Және олар өздеріне қызмет ететін мекемелермен келісімшарт жасасуы керек. Әр ПИК-тің қызмет көрсету аясы әр түрлі. Көрсетілетін қызметтер тұрғындардың жалпы жиналысында талқыланып, бекітіледі. Ереже бойынша ПИК-тер өз қарауындағы үйлердің барлық түйткілді мәселелерін тұрғындармен келісе отырып, шешуге міндетті. Тұрғын үйді күтіп-ұстауға жұмсалатын қаражат пәтер иелерінен ай сайын жарна ретінде жиналатын төлемнен  алынуы тиіс. Шығын сметасында қарастырылмаған күрделі жөндеу жұмыстары тұрғындардан жиналған қосымша қаражат есебінен жүргізіледі. Көп қабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсету сапасын арттыру үшін ПИК-тердің басқарма мүшелері мен тұрғындардың белсенділігін арттыру қажет. Тұрғын үй қоры саласында бәсекелестік ортаны қалыптастыру мақсатында қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі бүгінде тұрғын үйлерді күтіп ұстау жұмысына жергілікті кәсіпкерлерді тартуда. Нәтижесінде өткен жылы «Изумруд» басқарушы компаниясы» ЖШС құрылып, аталмыш компания қазіргі уақытта 12 көп қабатты тұрғын үйге қызмет көрсетуде. Бұл жұмысқа араласуға қаладағы басқа да кәсіпкерлер қызығушылық танытуда.

Биыл 15 үй жаңғыртылмақ

Бұдан соң ол Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын (ТКШ) жаңғырту бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталды.

– Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің 49 пайызы 1975 жылға дейін салынған. Тұрғызылғанына 40 жылдан астам уақыт болған үйлер, шын мәнінде, күрделі жөндеу жұмысын қажет етіп тұр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын (ТКШ) жаңғырту бағдарламасы аясында 2011-2015 жылдар аралығында 76 көп қабатты тұрғын үй, соның ішінде жеті жеделсаты күрделі жөндеуден өтті. Бұған бюджеттен 681,9 млн. теңге бөлініп, ол толықтай игерілді. Биыл көп қабатты 15 тұрғын үйді аталмыш бағдарлама аясында күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Күні бүгінге дейін күрделі жөндеуден өтуге тиіс көп қабатты 5 үйдің құжаттары дайын, бұл үйлерді жөндеуге жұмсалатын қаражат мөлшері 67 млн. теңге шамасында. Жөнделуге тиіс қалған тұрғын үйлердің құжаттары дайындалуда, – деген Нұрлан Шабдаров қазіргі таңда тұрғындарға Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын (ТКШ) жаңғырту бағдарламасын түсіндіру жұмыстары  жүргізіліп  жатқанын  айтты.

Нұрлан Уапұлы сөзінің соңында жылу есептегіш құрылғылар жайына тоқталды. Оның сөзінше, қазіргі таңда қала бойынша 415 тұрғын үйге 437 жылу есептегіш құрылғы орнатылған. Биыл жыл аяғына дейін 239 үйге, 2017 жылы тағы 239 көп қабатты тұрғын үйге осындай құрылғыларды қою жоспарланып отыр.

– Жылу есептегіш құрылғы жылуды үнемдемейді және реттемейді. Ол бар болғаны, пайдаланылған жылу қуатының нақты мөлшерін тіркейді. Пайдаланылған нақты жылу қуатына ғана төлем төлеу үшін әрбір үйге автоматты жылу құрылғысын (АТП) қою керек. Өкінішке орай, өңірімізде бұл саланың мамандары жетіспейді. Осыған орай жас кәсіпкерлерді осы саланы игеруге, меңгеруге тартудамыз. Автоматты жылу құрылғысы (АЖҚ)  орналастырылған үйлерде жылу есептегіш құралдардың көрсеткіші бойынша  төлейтін пәтер иелері жылу төлемінің бұрынғыға қарағанда 30-40 пайызға азайғанын айтады, – деген Нұрлан Шабдаров журналистерден жоғарыда айтылған мәселелерді  БАҚ-да жиі көтеріп, тұрғын үйлерді күтіп-ұстауға қатысты мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін бірігіп жұмыстануға шақырды.

Тұрғындар 340 млн. теңге қарыз…

Бұдан кейін ПИК қауымдастығының төрағасы Станислав Филиппов сөйлеп, ПИК жұмысындағы түйткілді мәселелер жөнінде баяндады.

– Көп қабатты тұрғын үйлерді күтіп-ұстауға ешкім қаражат бөлмейді, істен шыққан құрылғы-жабдықтардың барлығы да тұрғындардан жиналған қаражат есебінен жөнделеді. Сондықтан тұрғындарға арналған әрбір жиынға олар түгел қатысуы керек. Неге десеңіз, мұндай жиындарда тұрған үйлерінің түйткілді мәселелері жөнінде айтылып, оны қалпына келтіру жөнінде басқару органдары олармен ақылдасады, қажет болған жағдайда өзара келісе отырып, қаражат жинау жөнінде ше-шім қабылдайды. Тұрғындар осындай жиындарға өздері келмейді де, үйдің істен шыққан құрылғысын жөндеуге ақша жинағанда, түсінбестіктен қарсылық білдіреді. Сосын тағы бір айтайын дегенім, көп қабатты үйдің ауласы, кіре беріс дәлізі барлығына ортақ орын, ол жерді ластап жатқан адамдарға тұрғындардың әрқайсысы ескерту жасап, өздерінің үй-жайын өздері таза ұстауға ұмтылуы керек. Қысқасы, тұрғындар өз үйлеріне жанашырлық танытуы тиіс.

Ал енді жөндеу жұмысына келер болсақ, бізде жылда күзгі-көктемгі кезеңде тұрғындардың үлкен жиыны өтеді. Сонда жыл бойына атқарылған жұмыстар жөнінде тұрғындар алдында есеп береміз, жөндеу мәселесі жөнінде айтамыз, қордаланған  мәселені шешу үшін тұрғындардың келісімін аламыз. Өкінішке орай, мұндай жиындарға тұрғындар мүлдем қызығушылық танытпайды, бір ай бұрын хабарлағанның өзінде жиналысқа 90 пәтерлік үйден тек 15-20 адам ғана қатысады. Қалғандары өздері тұрып жатқан үйдің жағдайынан мүлдем хабарсыз болып, жүре береді. Және жәй жүрмей, сыртымыздан әр түрлі әңгімелер айтады. Тұрғындар арасындағы «ПИК бізге неге керек, олар құр ақша жинаумен айналысады, түк бітіріп жатқан жоқ» деген секілді әңгімелер осыдан келіп шығады. Негізі, көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберісін ақтау, сырлау секілді ағымдағы жөндеу жұмысы бес жылда бір рет кесте бойынша жүргізіледі. Ал есік, шатыр және құбырлар әрқайсысына бекітілген нормативке сәйкес ауыстырылады. Мысалы, норматив бойынша су құбырларын 15 жыл, жылу құбырларын 20 жыл, шатырларды 30 жыл бойы пайдалануға болатын болса, сыртқы есікті 15 жылда бір рет ауыстырып тұру керек, – деген Станислав Геннадьевич тұрғындарды Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын тиімді пайдаланып қалуға  шақырды.

Жиынды қорытындылаған Нұрлан Уапұлы тұрғындардың ПИК-ке 340 млн. теңге  қарыз екенін және бұл қаражаттың олардың өз игілігіне жұмсалатынын қаперге тағы бір салып, тұрғындардан қордаланған қарызды жабуды сұрады. Брифинг соңында журналистер тарапынан көптеген сұрақ  қойылып, оған сала мамандары тиісті  жауаптарын  қайтарды.

Наташа  ПОРТНЯГИНА,

облыстық  «Приуралье»  газетінің  тілшісі:

– ПИК құрамында жоқ үйлер бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

Нұрлан  ШАБДАРОВ,

Орал  қалалық  тұрғын  үй  инспекциясы  бөлімінің  басшысы:

– Қалада ПИК құрамына кірмеген 101 үй бар, оларға сол үйлердегі жекелеген тұлғалар қызмет етеді. Мысалы, әр үйдің тұрғындары орталарынан үй басқарушысы етіп бір адамды сайлайды да, сол кісі үйдің барлық шаруашылығы бойынша жұмыстанады. Үй  жылу желісінен айырылып қалса да, электр қуатынан ажырап қалса да, су келмей қалса да, тұрғындар әлгі басқарушыға барып, туындаған мәселені ретке келтіру жөнінде өтініш жасайды. Үй басқарушысы өз кезегінде тиісті сала мекемелеріне шығып, көмек сұрайды. Қаладағы ПИК  құрамына  кірмеген  101  үй  осы  тәртіппен  өмір  сүруде.

Роман  КОПНЯЕВ,  «ТДК-42»  телеарнасының  тілшісі:

– Мен тұрып жатқан үйдің төбесінен су аққанына көп болды. Бірақ сол үйдің тұрғындары түгел келіспегендіктен, ТКШ жаңғырту бағдарламасы бойынша шатырымызды жаңарта алмай отырмыз. Бұған керісінше жертөлеге жөндеу жұмысын жүргізуге жоғарғы қабаттың тұрғындары келіспейді. Осындай жағдайлар көптеген тұрғын үйлерде жаңғырту жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіруде. Менің сұрайын дегенім, осы мәселеге қатысты заңға өзгеріс қашан енгізіледі?

Нұрлан  ШАБДАРОВ,

Орал  қалалық  тұрғын  үй  инспекциясы  бөлімінің  басшысы:

– Жұмыс барысында осы мәселе жиі кездесуде. Сондықтан жылу және су құбырларын, шатырды және басқаларын пайдалану мерзімі біткеннен кейін тұрғындардың келіскен-келіспегеніне қарамастан, оларды ауыстыру жөніндегі заңға өзгерістер енгізуді ұсынып жатырмыз.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,  «Орал өңірі»  газетінің  тілшісі:

– Бірінші сұрақ. Қар шамадан көп түскен жағдайда, ауланы қардан тазарту ісіне кім жауапты? “Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі” мемлекеттік мекемесі ме, әлде ПИК-тердің басқару органдары ма? Екінші сұрақ. Ақпан, наурыз айларында көп қабатты тұрғын үй шатырларынан түсетін сүңгілер жаяу жүргіншіге үлкен қауіп төндіреді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, егер сондай бір алып сүңгінің кесірінен адамдар зардап шексе, бұған кім жауап береді? Үшінші сұрақ. ПИК құрамында жоқ үйлер қиын  жағдайда қалса, мысалы, қыс ортасында жылу жүйелері істен шықса немесе жертөлені су басып кетсе,  мұндай  кезде  тұрғындардың   кімнен  көмек  сұрағаны  жөн?

Нұрлан ШАБДАРОВ,

Орал  қалалық  тұрғын  үй  инспекциясы  бөлімінің  басшысы:

– Қар шамадан көп түскен жағдайда, ауланы қардан тазарту жұмысын ПИК-тердің басқару органдары ұйымдастыруы тиіс. Ал сүңгі мәселесіне келер болсақ, олардың зардабын жою үшін тағы да сол ПИК-тердің басқару органдары әрекеттенуі керек. Егер сүңгі төменде кетіп бара жатқан адамдардың басына жазатайым түсіп, зардап шектірсе, онда бұған сол үйге қарасты ПИК-тердің басқару органдары жауап беруі тиіс. Үшінші сұрағыңызға жауап ретінде мынаны айтар едім. ПИК құрамында жоқ үйлер қиын жағдайда қалса, олар ПИК-тердің басқару органдарынан көмек сұрай алмайды, жергілікті әкімшілік те мұндайда жәрдемдесе алмайды. Өйткені ол үйдің адамдары өз еріктерімен ПИК-терден бас тартқан немесе олардың құрамына кірмегендіктен, мұндай үйдің тұрғындары қиын кезде жеке-дара әрекет етеді. Мысалы, жертөле суға толса, хабарландырулар арқылы жеке су сорғышы бар адамдардан ақылы көмек көрсетуін сұрайды. Немесе қыста жылу желісі істен шықса немесе су тоқтап қалса, тұрғындар жекелеген адамдардан ақылы көмек алу  жағдайын  қарастыруы  керек.

Айша ӨТЕБӘЛІ, «Орал өңірі»


Көздіқараға көгілдір отын келді

Күні: , 136 рет оқылды

DSC_0170


Сарой ауылдық округіне қарасты Көздіқара елді меке­нінде көгіл­дір отын­ның алауын жағу рәсімі өт­ті. Көздіқара жұрты­ның көптен қуаны­шын бөліскен ау­дан әкімі Абат Шыныбеков шараға қатысып, халықты құттықтады.


Ауданымызға 2010 жылы алғаш кө­гілдір отын тар­тылды. Осы бес жыл ішін­­де 22 елді мекен газдан­ды­рыл­­ды. 2014 жылы бас­талған жо­ба республикалық бюд­жеттен қаржы бөлініп, облыс бас­шылы­ғы­ның қолдауымен ау­дан­ның бірнеше елді мекендерін кө­гілдір отынмен қамтып, тұрғын­дардың әл-ауқатын арттырып, тұр­мысын жақсартуға сеп болды.Газ құбы­рының жалпы ұзын­ды­ғы – 189 шақырым. Оның бойында бір шеті Қо­ңырдан бастау алып, Қызылағаш елді мекеніне дейінгі он елді мекенді биыл газға қо­сып отырмыз. Бұл әлемдік дағда­рыс жағдайын­да Қазақстанның қа­­рышты дамып келетіндігін көр­сетеді. Ел­басы Жолдауында ай­тылған басты міндет – алдыңғы кезекте халық­тың әл-ауқа­тын жақ­­сарту. Айрандай ұйып отырған ауызбіршілігі бекем, ауданның мал шаруашылы­ғын дамыту­ға үлес қо­сып келетін Көздіқара елді ме­­ке­­ніне көгілдір отын қо­­сып отырмыз. Қуаныш­тарыңыз ұза­­ғы­нан болсын! Елге келген жақ­сылық тәуел­сіздіктің 25 жылды­ғында жал­­ға­сын таба бер­сін! – де­ді Абат Абай­ұлы.

Көгілдір отынның «күретамы­рын» ауыл­ға «Тасқала­ТрансГаз» ЖШС жеткі­зіп берсе, ауыліші­лік құбырлар­ды «Нұржан» ЖШС жүр­гізді. Ауыл тұрғындары атынан Нә­сіп Сұл­тан­ғалиева құттықтау сөз сөй­леп, тәуелсіздіктің жиыр­ма бес жыл­­ды­ғына орай жасал­ған тар­туға аналық алғысын біл­дірді. Газ­дың ала­уын жағу рәсі­мін ау­дан әкімі А. Шыныбеков пен ауыл­дың ақ әжесі Н. Сұлтан­ға­лиева, «Тас­қа­лаТрансгаз» ЖШС-ның учас­ке басшысы  А. Мах­ме­­тов  жасады.

Ақ түйенің қарны жарылған қуа­­нышты күнге орай әже­лер ша­шу шашты. Аудандық мәдениет үйінің әншілері  М. Мұқа­нов, А. Ал­дамжаров және Б. Қанатов­ ел­дің то­йына құтты болсын айтып, ән шыр­қады. Төбесі көкке жеткен көздіқаралық ағайындар әсем ән­­ге би билеп, қуаныштарын жа­сыра  алмады.

Ауылда әзірге бір ғана үй кө­гілдір отынға қосылды, енді 15 үй сақадай сай отыр.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым ауданы


Түрмеден үш жыл бұрын шықты

Күні: , 3 870 рет оқылды

Саламат әкесімен


Өткен аптада Орал қаласындағы РУ-170/2 еңбекпен түзету мекемесінде ерекше оқиға болды. Қызылды-жасылды мейрамдар тойланбайтын, бірыңғай сұрғылт түсті түрме өміріне аз да болса рең жүгіргендей. Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы Алмас Оңаевпен бірге түрме ауласына енгенімізде, біршама адам жиналып қалған екен.


«Жазира» дүкені маңындағы РУ-170/2 мекемесі (түрме) басшысының міндетін атқарушы Тайман Қазиев алдымыздан шықты. Көңіл күйі көтеріңкі. «Түрмеде 600 сотталушы жазасын өтеп жатыр. Соның 80-і – намаз оқитындар. Оның 60-ы – дәстүрлі Әбу-Ханифа мазһабында. Діни теріс ағымның салдарынан әр түрлі қылмысы үшін сотталған 12 адам отыр. Олармен жүргізілген жұмыстың нәтижесін де көрдік. Міне, тағы бір жігітімізді дұрыс жолға түскені үшін уақытынан ерте бостандыққа шығарудамыз. Қалған үш жыл мерзімі айыппұлға ауыстырылды. Енді ол мемлекетке 497 мың теңге айыппұл төлейді», — деді ол.

Түрменің темір есігі ашылып, ішінен жас жігіт шықты. Көзімен жиналғандарды шолып шықты да: «Әке!» деп біреуге қарсы жүгірді. Орта бойлы ақсақал да «Балам!» деп оған қарсы жүрді… Айқара құшақтаса кеткен әкелі-балалы жандардың риясыз қуанышына ортақ болдық (суретте). Бұл төрт жыл бойы темір тордың арғы жағында отырған жігіт үшін бостандықпен қауышу сәті болса, әке үшін уайым-қайғы мен ұйқысыз түндердің аяқталғаны шығар.

1988 жылы туған атыраулық Саламат Тұрғанов 2011 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 233-бабының 1-тармағы (терроризмді және экстремизмді насихаттау) және 233-бабының 2-тармағы (террористік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу) бойынша 7 жылға сотталыпты.

— Діннің атын жамылған, теріс көзқарастағы азаматтарға еріп, радикалды жолға түсіп кеттім, — дейді Саламат. — Қате жолда екенімді түрмеге түскен соң ғана түсіндім. Теологтар Құранды дұрыстап түсіндірді, бүгінде дәстүрлі мазһабты ұстанамын және бұл жолды адасқан адамдарға түсіндіргім келеді. Намаз оқығысы келетін жастар діни білімді ғаламтордан алмай, мешіттен, имамнан үйренсе, қала берді, облыстық дін істері басқармасындағы теологтардан дәріс алса, адаспайды. Мен шетелге кеткен жігіттерге ақша салғаным үшін, яғни терроризмді қаржыландырғаным үшін сотталдым. Олар “Шетелге оқуға кеттік” деп алдап кетті, жиналған ақшаның қайда, не үшін салынғанын артынан білдік қой. Жалпы, Сирияда соғыс не үшін болып жатыр, жастар соны білсін. Түзелемін, ақиқаттың, Алланың ақ жолына түсемін деген адамға біздің қоғамда жан-жақты қолдау барын сезіндім. Теологтар исламның дұрыс жолына көзімді жеткізсе, құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері өз тараптарынан қатты қолдап, міне, бүгін бостандыққа үш жыл бұрын шығып отырмын.

Саламат, әсіресе, сонау Атырау қаласынан әкесі мен ағасының әдейі келгеніне қатты қуанды.

«Атырауда анам, әйелім мен үш балам күтіп отыр, қуаныштымын!» — дейді ағынан жарылып. Бостандыққа шығарылған құжаттарын қолына алған оған мекеменің арнайы есеп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Андрей Сралиев: «Енді жүгір, есеп бөліміне барып, жалақыңды ал!» — деді. Саламат түрмеде жұмыспен қамтылып, табыс тапқан екен. Енді ол отбасына құр қол бармай, жиналған жалақысын ала барады.

Саламаттың әкесі Мұрат ақсақал 68 жаста. «Бес ұл, бір қызым бар. Саламат кенже ұлымыз, қолымызда тұрады. Анасы, келін, мен де намаз оқимыз. Балам қолымызда тәрбиеленді, теріс ағымға түсіп кетеді деген ойымыз болмады. Түрмеде отырған төрт жылда кездесуге келген сайын «Балам, дәстүрлі жолға түс!» деп мен де ақылымды айттым. Оралдағы дін мамандарына алғыс айтамын. Аллаға шүкір, балам қателігін түсінді», — дейді қуанышты әке.

— Мерзімінен бұрын бостандыққа шығу оңай емес. Бұл – прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, РУ-170/2 мекемесі басшылығы және теолог мамандардың маңдай терімен істелген жұмыстың нәтижесі, — дейді Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы Алмас Оңаев. Ендеше, Саламат құқық қорғау құрылымдарының сенімін ақтап, бостандықтың қадірін бағалай білетін шығар…

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


«Оралдан сөйлеп тұрмыз!» – деп аңқылдатып бастайтын диктор

Күні: , 182 рет оқылды

Алмагүл


Облысымызда отыз жыл еңбек етіп, соның жиырма бес жылында үзіліссіз Орал облыстық радиосының дикторы қызметін абыроймен атқарған Қазақ радиосының жетекші дикторларының бірі, жоғары сыныпты диктор, қазақ радио эфирінің еңбек сіңірген ардагері Алмагүл Әбікенқызы Өмірбекова осы жылғы 17 ақпанда 75 жасқа толады.


Терең судың тыныш ағатыны секілді көп алдында көлбеңдеп көзге түсе бермейтін, есесіне тапсырылған жұмысы мен қолға алған ісін тап-тұйнақтай тындырып, Алла Тағала пешенесіне берген отбасының берекесі мен бірлігін қызғыштай қорып, отағасының бабы мен бала-шағаның тәрбиесі дейтіндей ұлағатты істердің барлығын елеусіз ғана қамтамасыз етіп жүретін ана-апаларымыз қаншама! Түптеп келгенде, ағайынның амандығы мен қоғамның салауаты, ұрпақтардың септестігі мен сабақтастығы секілді қасиетті ұғымдардың өмірімізде өркен жаюы сол ана-апалардың күнделікті тірлікте көзге ұра бермейтін елеусіз еңбегінде жатыр ма дейсің.

Құрметке лайық сондай апаларымыздың бірі Орал облыстық радиосында ширек ғасырға жуық диктор болып қызмет атқарып, сол қызметі арқылы өңірдің мәдени-рухани өмірінің өркендеп дамуына бір кісідей үлес қосқан, бүгінде Алматы қаласында тұратын Қазақ радиосының ардагері Алмагүл Әбікенқызы Өмірбекова апамыз бұл күндері өзінің кезекті мерейжасына жетіп отыр.

Затында Алматы төңірегінің тумасы Орал жеріне Қазақ университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін, өзімен бірге оқыған (және бір қызығы, бір айдың бір күні дүниеге келген) Ғарифолла есімді бөкейлік азаматтың етегінен ұстаған отбасылық тұрмыстың жетегінде келді де, осында тамыр жіберген дарақтай отыз жыл бойы тұрақтап тұрып, еңбек етті. Ұрпақ өсіріп, жастық шақтың небір қызғылықты кезеңін осында, оралдық замандастарының ортасында өткізді. Әуелі облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясында еңбекшілер хаттарымен жұмыс бөлімінің хатшысы, кейін бірқыдыру уақыт Орал облыстық мемлекеттік мұрағатының ғылыми қызметкері болды. Осы мекемеде жұмыс істей жүріп, сол кездегі облыстық теледидар және радио комитеті жариялаған конкурста жеңіп шығып, облыстық радионың дикторы қызметіне тағайындалды.

Шынтуайтына келгенде, нақ осы қызметке апамыздың табиғи таза қоңыр дауысы, сөздің мақамын келтіріп, мазмұнын аша білетін тіл маманы ретіндегі теориялық білімі, таза және ашық сөйлеу машығы секілді туабітті қасиеттері іздегенге сұрағандай сай келіп, оның маман ретіндегі бағын ашты. Бұған қоса КазГУ-дің қабырғасында жүріп, «Мәнерлеп оқу» деп аталатын қосалқы пән бойынша сахна өнерінің хас шебері профессор Асқар Тоқпановтан тыңдаған жартыжылдық арнаулы дәрістің де кәсіптік қызметте көмегі аз болған жоқ.

Тағдыры еншісіне берген өмірлік мамандығы басқа емес, нақ осы дикторлық қызмет екенін анық ұғынған соң, табиғи қабілетті ғана қанағат тұтып, бір орында тұрып қалмай, ұдайы ізденіс жолында Қазақ радиосының мамандық жетілдіру курстарына әлсін-әлсін қатысып, онда Қазақ мемлекеттік консерваториясынан арнайы шақырылып тұратын актерлік шеберлік және көркөмсөз оқудың небір кәсіби мамандарымен қатар, Әнуарбек Байжанбаев, Жәнел Асқарова, Мәмбет Сержанов, Сара Омарқоджаева секілді ел таныған кәнігі дикторлардың дәрісін тыңдады. Сол Қазақ радиосында айлап жұмысқа жегіліп, жаңалықтар оқып, хабарлар жүргізіп, кәсіби тағылымдамадан өтіп тұрған оқу-үйрену кезеңдері апамыздың мамандығындағы шеберлігі мен тәжірибесін шыңдай түсті.

Негізгі қызметіне қоса, облыстық радионың балаларға арналған хабарлар дайындайтын бөліміне жетекшілік етіп, осы мазмұндағы арнайы хабарлардың апта құрғатпай эфирден өтіп тұруына мұрындық болды. Хабарға қазақ тілді мектеп оқушыларының қаламгерлікке бейімі бар бір тобын тартып, олардың алғашқы шығармашылық машық алуына, тіл ұстартуына ұстаздық етті. Сол жас өскіндердің бірқатары (Құралай Сейтақ, Шынар Шахина т.б.) қазір жоғары гуманитарлық білім алып, дербес мамандыққа ие болғанын, жұмыс істеп жүргендерін естіп-білген сайын: «Әне, көрдің бе!» деп, апамыздың көңілі кәдімгідей өсіп қалады. Тіл ұстарту демекші, осы іспен ол кісі Оралдағы теміржолшылардың орыс орта мектебінде оқитын қазақ балаларына, негізгі қызметінен тыс, ана тілінен сабақ берген кезінде де құлшына айналысты.

Ширек ғасырға созылған дикторлық қызметінде бұл кісі Падиша Сұңғатова, Айман Имашева, Галина Кутуева, Әуес Орынаева сынды радио студиядағы әріптестерімен жарасымды бірлікте жұмыс істей жүре, радиохабар материалдарының жеделдігі мен эфир сапасын арттыру арқылы өңірдің саяси, шаруашылық, әлеуметтік-мәдени салалардағы жетістіктері мен жеңістері жайлы жаңалық хабарларды радиоэфир арқылы облыс жұртшылығына бірінші болып жеткізіп отыру бақытын бастан кешті. Мұның өзі жақсылық хабарға сүйінші сұрағанмен бірдей, адамның жүрегін кәсіби қуанышқа бөлейтін өзгеше бір хал-ахуал болатын. Кеңестік кезеңдегі көптеген «қызыл» мерекелер мен еңбектегі табыстарды марапаттаған той-думандардың бәрінде дерлік «ұраншы» әрі жүргізуші болып, мерекелік думаншылардың көңілдерін қолпаштады.

Отбасы жағдайына байланысты Алматыға қоныс аударған кезде кәсіптік тұрғыдан өзінің «үлкен үйіндей» болған Қазақ радиосына мамандығы бойынша жұмысқа тұрып, жаңалықтар редакциясында Омархан Қалмырзаев, Сауық Жақанова, Нұрлан Өнербаев, Раиса Аманбаева, Бүркіт Бекмағамбетов, Аманжан Серіков сынды танымал дикторлардың тобында абыройлы еңбек етті. Осы мекемеден зейнетке шықты.

Апамыздың мамандығынан өзге, тағы бір мақтанышы – зайыбы Ғарекең – Ғарифолла Көшенов кезінде «Орал өңірі» газетінде ұзақ жыл еңбек еткен, осы үнқағаздың бас редакторы болған екеуі қосарласа тәрбиелеп, өрісті өнегеге баулыған ұл-қыздары Лейла мен Ербол. Перзенттерінің екеуі де Оралдың №17 орта мектебін алтын медальмен бітіріп, Мәскеудің беделді жоғары оқу орындарынан мамандық алып шықты. Қазір мәртебелі халықаралық құрылымдарда жауапты қызметтер атқарып жүр. Нарық заманының қым-қуыт кезеңінде жасы келген ата-аналарын тұрмыстың талқысына ұрындырмай, алақандарына салып аялап отырған да осы перзенттері. Жақсы хабардың жолы ұзын, таралуы тез – осыдан екі-үш жыл бұрын ұл-қыздары Ғарекең мен Алмагүл Әбікенқызының заңды некеге тұрғандарына елу жыл толуына орай, Алматыдағы ағайын-туғандары мен дос-жарандарының барлығының басын қосып, ата-аналарына есте қаларлықтай «Алтын той» жасап берді деген жақсы хабар кезінде Жайықтың жағалауына да жеткен.

Ғарекеңнің Оралға қарай жолы түскен сайын, апамыз отағасының қамқоршы-көмекшісі ретінде ағамыздың «командасын» толтырып, көп жыл жұмыс істеген қаласына ауық-ауық келіп тұратыны бар. Сол сапарларында қатар өскен құрбыларымен кездесіп, арқа-жарқа әңгіме оздырып, бір жасап қалатынын ағынан жарыла айтатын апамыздың:

— Алматы менің туған жерім болғанымен, сол жаққа қоныс аударғалы да өзімді үнемі оралдықтардың ортасында жүргендей сезінемін, өйткені олар ол жақта да ғажап ынтымақшыл. Жасы үлкен ағалар жағы келін деп еркелетіп, жасы кіші қайын інілерім жеңге деп құрметтеп жатса, оралдықтарды қайсыбірде алматылық ағайындарымнан да артық көрмегенде қайтемін?! — деп әзіл де болса, бір шындықтың шетін шығарып қоятыны тағы бар.

Орал өңірінде жұмыс істеген жылдары елдің жадында жақсы әсер қалдырып кеткен ардақты апамыз Алмагүл Әбікенқызына мерейжасы күндерінде біз де: «Анау бір алыс қалған жылдарда ертеңгілік – азанда және кешкілік – ақшамда Оралдан берілетін радио хабарларыңызды әрдайым «Оралдан сөйлеп тұрмыз!» деген дәстүрлі кіріспе сөзбен аңқылдатып бастаушы едіңіз. Біз де бүгін өзіңізге арнап «Оралдан сөйлеп тұрмыз»: отыз жыл ғұмырыңызды арнаған Жайық жұртының атынан мерейжасыңызға «құтты болсын» айтайық деп, сіңірген еңбегіңіз елдің есінде екенін, жақсы істеріңіз жұртыңыздың жадында екенін жеткізейік деп, Ғарекең екеуіңіз балаларыңыздың қамқорлығына бөленіп, немерелеріңіздің қызығы мен қылығына кенеліп, ұзақ жасаңыз деген тілегімізді білдірейік» деп. «Орал өңірі» газеті арқылы ыстық сәлемімізді жолдаймыз!» “Оралдан сөйлеп тұрмыз!” – деп аңқылдайтын үніңізді сағындық, апа!

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ


Басына 1 млн. ауғани тігілген қазақтың қыраны

Күні: , 638 рет оқылды

майданов афган


XX ғасырдың орта шенінде  КСРО-ның оңтүстіктегі көршісі Ауғанстанда билікке талас-тартыс ширығу шегіне жетті. Ортақ мәмілеге келе алмаған тайпалар ашық майданға шықты. Бүгінгі тілмен айтқанда, террористік топтардың Құдайы берді. Қай жерде соғыс болса, сол жерден табылатын АҚШ-та қарап қалмай, қару-жарақпен қолдап, сына қағу саясатын жалғастырды. Тұрақтылық пен тоқшылыққа бұрыннан жарымаған елдің жағдайы енді тіпті құлдырады.


Дәл іргесінде «өртті» аймақтың пайда болуы КСРО басшылығы үшін де мүлде тиімсіз еді. Ұзындығы 2380 шақырымдық шекараны қыбырлатпай «құлыпта» ұстау мүмкін бе? Атыс-шабысқа үйреніп қалған ауған содырларының Орта Азиядағы 40 млн. халқы бар Кеңес республикаларына кез келген уақытта баса-көктеп енбесіне кім кепіл? Осы тұста тығырықтан шығудың бір жолы ретінде – Ауған жеріне Кеңес әскерінің шектеулі контингентін енгізу ұсынылды. Шынын айту керек, шешім қабылдау оңайға түспеді. Дегенмен, қалыптасқан күрделі ахуал өзге маневрге орын қалдырмаған болатын. Сөйтіп, 1979 жылдың 25 желтоқсанында Түркістан әскери округі құрамындағы 40-шы армия Ауған топырағына аяқ басты.

Кеңес әскері жат елге емін-еркін енгенімен, қиындық пен қарсылықтың көкесі сосын басталды. Таулы жер, су тапшылығы, түрлі жұқпалы аурулар, ойпаттағы 60 градус аптап пен асулардағы адам төзгісіз аяз сарбаздардың төзімін аямай сынады. Бетпе-бет келмей, тасадан оқ атқан дұшпандардың (душман) әрекеті де жауынгерлік рухты одан әрі шыңдай түсті. Нәтижесінде «жарияланбаған соғыстың» алғашқы құрбандары мен батырлары пайда бола бастады. Сондай көзсіз қаһармандардың бірі және бірегейі, тікұшақ командирі, жерлесіміз Қайыркелді (Николай) Сайынұлы Майданов-тұғын.

Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданының (қазіргі Сырым) Тасқұдық ауылында 1956 жылдың 7 ақпанында туған Қайыркелді Николайдың ұлты – қазақ. Қазақ Сайын Сағынғалиұлы мен неміс Галина Людвиковнаның көп балалы отбасында дүниеге келген Қайыркелді зерек, сабаққа алғыр, әсіресе, әуеге құштар боп өсті. Мектеп бітіргесін досы екеуі Ақтөбе азаматтық авиация училищесіне барады. Бірақ досы дәрігерлік комиссиядан өте алмағасын, өзі өтіп тұрса да Қайыркелді оған ілесіп, ауылға қайтады. Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеген соң, 1976 жылы Саратов ұшқыштар даярлайтын жоғары әскери училищесіне қабылданады. 1980 жылы училищені бітіріп, «МИ-6», «МИ-24» тікұшақтарының ұшқышы ретінде Одесса, Забайкалье, Түркістан әскери округтерінде қызмет етеді.

«МИ-6» мен «МИ-24» тікұшақтары әуеде де, жерде де қатар «қимылдай» алатын тамаша әскери техника. Алайда бала кезінен қиындыққа душар болған жандарға жаны ашып, құтқаруға әзір тұратын қарапайым қазақ баласы Қайыркелді, жалпы мақсаттағы «МИ-8» тікұшағының штурвалына отыруды армандады. Ақыры дегеніне жетіп, қайта даярлаудан өтіп, Ауғанстанға бірінші рет «іссапарға» жіберілді. Бұл 1984 жылдың қыркүйегі – 1985 жылдың желтоқсаны аралығы болатын. Ұрыс қимылдарының қаншалықты қиян-кескі жүргендігін білу үшін, осы аралықта Ауған аспанында 150-ге жуық тікұшақ пилоты дұшпан оғынан қазаға ұшырағандығын айтсақ та жеткілікті. Жаратқанның өзі жар болып, Қайыркелді әскери жорықтардан әр кез аман-есен оралып отырды. Әр қонған сайын тікұшақты айқыш-ұйқыш тесіп өткен оқ іздеріне қаруластары таңғала бас шайқасатын. «Сен Құдайдың шын сүйген құлысың!» дейтін олар.

Қайыркелді-Николайға, әсіресе, Ауған еліне жасаған екінші «іссапары» аса қиынға түсті. 1987 жылдың сәуірі — 1988 жылдың маусымы аралығын қамтыған, 14 айға созылған «іссапар» барысында ержүрек ұшқыш тұңғыш рет «Стингермен» танысты. АҚШ-тың «қамқорлығымен» содырлардың қолына тиген «Стингер» зениттік-зымырандық кешені тікұшақтарға айрықша қауіп төндірді. Енді тікұшақтар тактиканы өзгертіп, биікте және түнгі мезгілде ұшуға дағдылана бастады. Әуе кемесіне зымыранды бағытынан жаңылдыратын құрылғылар орнатылды. Алынған сақтық шараларына қарамастан, Майдановтың машинасына «Стингер» екі рет дәл тиді. Шеберліктің арқасында тікұшақ құламай, екеуінде де Газнидегі базаға аман-есен оралды. Батыл да әбжіл ұшқыш туралы жау жағы жақсы біліп, Қайыркелдінің «басына» 1 млн. ауғани (ауған ақшасы) тігуі кездейсоқтық болмаса керек. 14 айдың ішінде Майдановтың «МИ-8»-і 1250 әскери ұшу сапарын жасап, ұрыс даласынан 85 жаралы сарбазды алып шықты. Мыңға жуық десантшыны алғы шепке тасымалдап, 100 тонна жүк жеткізді. Алайда Қайыркелдінің өміріндегі ең басты сынақ әлі алда еді.

1987 жылдың 8 желтоқсаны, сағат 12.15. Майдановтың экипажына шұғыл ұшуға бұйрық берілді. Сөйтсе, бұған дейін Хаиркот тауы баурайына десант алып кеткен Александр Евдокимов пен Александр Радаевтың тікұшақтарына оқ тиіп, қонуға мәжбүр болған. Біздің сарбаздар сол бойда ұрысқа кіріскен. Жау жағы басым, күш тең емес. Тез арада көмек жетпесе, бәрі кеш болмақ. Көп ойланып жатпастан, Майданов машинасын шайқастың нағыз ортасына бағыттады. Мұндай көзсіздікті күт-пеген дұшпандар тікұшаққа оқты қарша боратты. Тікұшақ дөңгелегі тау жотасындағы тар жерге тигені сол, айнала жарылған мина жарықшақтары фюзеляж бен кабинаны тесіп жіберді. Өмір мен өлім арпалысқан уақытта Майдановтың қаһармандық бет-бейнесі жарқырай көрінді. Ол ұрыс да-ласында ешкімді қалдырмауға бұйрық берді. Тірі қалған сарбаздар мен екі тікұшақтың экипаж мүшелерін, қаза болғандардың мүрделерін, тіпті жараланған ең соңғы десантшыны бортқа мінгізгенше Қайыркелді машинасын көкке көтермеді. Барлығы мініп болды-ау деген мезгілде ғана «МИ-8» тұмсығы жер сүзе, артық салмақтан ыңырана қозғалып, ұшақ секілді сәл «жүгіріп» барып, әуеге әзер көтеріліп кетті. Сол жолы Майдановтың машинасын 36 жерден оқ тесіп өткен екен…

Қайнап тұрған ұрыстың ортасынан 46 жауынгерді аман алып шығып, құлақ естіп, көз көрмеген ерлік жасағаны үшін Қайыркелді (Николай) Сайынұлы Майдановқа 1988 жылдың 29 шілдесінде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сол жылдың 5 қыркүйегінде Кремльде оған батырдың «Алтын жұлдызы» мен Ленин ордені тапсырылды. Марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы А. Громыко: «Әскери машинаны шебер меңгерген оның экипажы өз өмірлерін қауіп-қатерге тіге отырып, десантшылар мен жаралыларды құтқарып қалды. Ұлты қазақ Майданов отан-сүйгіш кеңестік интернационалист-жауынгердің нағыз үлгісі болып табылады» деген екен.

1992 жылы Ю. Гагарин атындағы әскери-әуе академиясын тәмамдаған Қайыркелді Майданов Қазақстанға оралып, Тараз қаласында 1997 жылға дейін қызмет етті. 1998 жылдың маусым айында ол Санкт-Петербор түбіндегі тікұшақ полкінің командирі болып тағайындалды. 1999-2000 жылдары Н. Майданов 325-інші дербес әскери тікұшақ полкінің командирі қызметінде Солтүстік Кавказдағы содырларға қарсы көптеген операцияларға қатысты. Шеніне қарамастан штурвалға әдеттегіше өзі отыруды жаны сүйді. 2000 жылдың 29 қаңтарында құрамына полк командирі Кайыркелді-Николай Майданов енген «МИ-8» тікұшақтарының тобы кезекті жауынгерлік сапарға ұшты. Десант түсіру кезінде жау мергенінің атқан оғы кабинаның әйнегін тесіп кіріп, прибор тақтасына соғылып, командирді жүрек тұсынан ауыр жарақаттайды. Тікұшақ жерден көтеріле берген сәтте екінші оқ Н. Майдановтың мойнына тиеді. Өлімші боп жараланған қаһарман ұшқыш сонда да штурвалды қолынан жібермей, аэродромға жете берген тұста ғана көп қан жоғалтып, жан тапсырады.

Н. Майдановпен соңғы сәтке дейін бірге болған Ресей  Қаһарманы, полковник Александр Дзюба оны былай деп еске алды: «Мен оның «жетегінде» едім. Николай менің көз алдымда қаза болды.

Коляны тікұшақтан көтеріп алып шыққан кезде мен қабақтары қатулы жүретін әскери офицерлердің көзінен тамшылап аққан жас көрдім. Бұл мен үшін ең қайғылы күн болды».

44 жасқа қараған шағында ерлікпен қаза тапқан ұшқыштың денесі отбасының өтініші бойынша Санкт-Петербор қаласына жеткізіліп, Серафимов бейітіндегі Батырлар аллеясына жерленді, басына мәрмәрдан ескерткіш орнатылды. 2000 жылдың  20 наурызында Ресей Президентінің Жарлығымен Қ. Майдановқа Ресей батыры (қайтыс болғаннан кейін) атағы берілді. Осы тұрғыдан алғанда, біздің жерлесіміз тікұшақ ұшқыштарының ішінен екі мәрте батыр атанған жалғыз адам екендігін айтқан орынды.

Әрине, Қайыркелді-Николай Майдановтың есімін, ерлігін жерлестері, батысқазақстандықтар да ұмытқан жоқ. Жыл сайын оның атындағы спорттық турнирлер өткізілуде. Оралдағы көшелердің біріне есімі берілді. 2015 жылдың 28 қазаны күні Орал қаласындағы әскери-техникалық мектептің алдына Николай Майдановтың мүсіні орнатылды.

Жалпы, өмірде ерлікке әрқашан да орын бар. Аға буын өкілдерінің даңқты жорық жолдарын жалғастыратын өнегелі ұрпақ тәрбиелеу — біздің басты парызымыз.

 Анатолий БОРОВСКИЙ,

Ауған соғысының ардагері,

Орал қаласы


Рухани кәусар сыйлайтын кітапхана

Күні: , 430 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Қаланың ішінде «Циолковский» аялдамасынан түсіп, баратын мекемеме бет алдым. Көшеде келе жатып, жөн сұрасқан жігіт ағасымен бағытымыз бір болып шықты. Осылай келе жатып, ойға шомасың. Кейде өмірдің күтпеген аялдамасына түсіп қалатындар сәуле іздеп сонда баратыны анық. Әңгіме арқауы – облыстық зағип және нашар көретіндерге арналған кітапхана жайында.


Кітапхана директоры Қаракөз Бурамбаева, алдымен, оқу залына бастады. Мұнда қолына алған кітабын ынтамен оқыған кітапхана қызметкерінің жұмсақ даусы естіледі. Қасындағы орындықта егде кісі байыппен тыңдап отыр.

– 2008 жылға дейін Тасқала ауданы Атамекен ауылында тұрдым. Ауылдағы кітапханашы Орал қаласынан үнтаспаға жазылған кітаптарды жеткізіп тұрды. Қала маңындағы Зашаған кентіне көшіп келгелі, кітапханада ұйымдастырылған түрлі шараларға тұрақты қатысамын. Отыз жылға жуық уақыттан бергі тұрақты оқырманмын, – деді ақсақал Темірғали Жұмағалиев ұжымға деген ризашылығын жасырмай. Жылы жүзден төгілген шуақ адамның жан дүниесін нұрландыратынын айғақтайды. Ақсақалдың кейін жадыраңқы күйде бата бергені де ерекше әсер қалдырды.

«Тифлология әлемінде» атты сөреде француз Валентин Гаюи (1785-1822) мен Луи Браильдың (1809-1852) фотосуреті мен өмірбаяны қойылған. Зағиптар үшін таным көкжиегіне жол ашқан олардың есімдері баршаға мәшһүр екені анық. Сонымен қатар «Мәңгілік ел – Қазақ елі», «Ақ Жайық – ару мекенім», «1001 сұрақ – 1001 жауап», «Арнаулы мерзімді басылымдар» айдарларына қажетті әдебиеттер топтастырылған.

– Кітап қоры – 41018 дана. Оның ішінде қазақ тіліндегісі – 16605. Жалпы 2722 оқырманға қызмет етеміз. 67 бедерлі графикалық құрал бар. Кітапхананың сайтынан (мекенжайы zkospecbibl.kz) LKF қалыбында 15 мыңнан астам кітап топтастырылған «Интернет-библиотека А. Михайлова» қорын табуға болады. Кітап ордасы таспа (кассета) салынатын 12 тифлоплеер, төрт тифломагнитофон, СD дискіні оқитын үш магнитофон, электронды жад салынатын бір тифлофлешплеермен қамтылған. Ал Инфо-100 ныспылы оқу машинасы жайпақ баспа мәтінін өздігінен дауыстап оқып береді. Бұл – оқырмандар үшін таптырмас құрал, – деді кітапхана директоры Қаракөз Бурамбаева.

Жыл сайын кітап қорының дені ресейлік арнаулы баспалардың өнімдерімен және еліміздегі республикалық арнаулы кітапхана, Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана, тағы басқа сауда нүктелері арқылы толықтырылады. «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы арқылы қазақстандық және ресейлік газет-жорналдар тұрақты келеді. Ал бедерлі-нүктелі қаріп түріндегі арнаулы мерзімді басылымдар Ресейден ғана жеткізіледі.

Еліміз бойынша арнайы оқу құралдарын, кітаптар дайындайтын жүйе болмаса да, ұжым бос қарап отырған жоқ. Мәселен, бұл бағытта тифлоақпараттық-библиографиялық бөлімі жұмыстануда. І топтағы көз мүгедегі болғанымен, компьютерді жетік меңгерген бөлім меңгерушісі Кербез Қадырбекова Jaws дыбыстандырылған арнайы бағдарламасы арқылы мәтін жазып, брайль баспа құрлығысымен арнайы брайль қағазына басып шығаратынын тәптіштеп түсіндірді.

– Зағип ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің өмірбаянымен таныстырып, шығармашылығын насихаттаймыз. Кітапхананың картотекасын дайындаймыз. Әдістемелік құралдар жарық көреді. DBТ бағдарламасы арқылы ақпараттық материалдар, шағын кітапшалар жарық көреді. 1998 жылдан бері қызмет етіп келемін, – деді Кербез Ердәулетқызы.

Сондай-ақ бөлім қызметкерлері бедерлі-нүктелі қаріп түрінде орыс тілінде «Луч» ақпараттық газетін, қыз-келіншектерге арналған «Әдемі-ай», бастауыш сынып оқушыларына арналған «Балбұлақ» балалар жорналын дайындайды. Оқырман сұранысы бойынша былтыр Ә. Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты кітабы басылған. Елбасымыздың Жолдаулары да назардан тыс қалған емес. Айта кетерлігі, Брайл қаріп жүйесі алты нүктеден тұрады. Осы нүктелердің орналасу ерекшелігіне орай әрбір әріптің бедері түрліше беріледі. Жайпақ баспалы (қалыпты оқуға арналған) кітап мәтіні ірі келетін Брайл қарпімен басылғанда үш жинақ болып шығады. Сондықтан мұның бәрі тынымсыз еңбектің арқасында атқарылады. Кербез Ердәулетқызы зағиптарға арналған компьютерлік сауат ашу курсы мен «Саусақ ұшындағы әлем» атты үйірме жұмысын жүргізеді. Ал өңдеу және топтастыру бөлімінде қызмет етіп жатқан мүмкіндігі шектеулі жас маман Айша Бекжанова жайпақ баспа түрінде ұсынылған материалды win-брайль бағдарламасы бойынша өңдеуді жетік меңгеріп алғанын айтты.

Кітапхананың дыбысты кітаптарды өндіру бөлімі 2010 жылы ашылған. Бөлім меңгерушісі Айжан Дәулетқалиеваның айтуынша, бүгінге дейін қазақ және орыс тілінде түрлі жанрда 135 кітаптың мәтіні жазылған. Бұл бөлімнен өңірімізге танымал конферансье Камалиден Айтбаевты жолықтырдық.

– Осында қосымша еңбек етіп жатқаныма төрт ай болды. Жоспар бойынша жұмыс көлемін орындау үшін кемінде күніне төрт-бес сағат дыбыс жазу студиясында шұғылданамыз. Бұл қызметтің өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, көркем әдебиет мәтініндегі монолог, диалогтарды образға еніп оқу қажет, – деді ол.

Кітапхана жанындағы «Шабыт» ақпараттық-демалыс орталығында мектеп жасына дейінгі зағип балалар қатысатын «Балдырған» қолөнер үйірмесі, «Нұршуақ» отбасылық клубы, «Қуыршақтар әлемі» театры жұмыс жасайды.

– Тактильді кітаптар құрастырамыз. Онда сурет бедері саусақ ұшымен анық сезілетіндей етіп салынады. Мәселен, қалада тұратын зағип балалар ауылда бағылатын төрт түлік жайында біле бермеуі мүмкін. Сол кезде жануар мүсінінің бедері көмекке келеді. «Ас атасы – нан» атты кітап бетіне жапсырылған диірмен, шынайы ұн салынған қапшық, егін ору құралдарының үлгісі арқылы астықтың дайындалу барысы түсіндіріледі. «Мақта қыз бен мысық» ертегісінің желісі де тактильді кітапта бірізді түсіндіріледі. «Үйден оқуға» ата-аналарына беріледі. Былтыр «Шебер қолдар» тақырыбында мүмкіндігі шектеулі балалардың жасанды бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды. Біздің кітапханада «Зағип балаларға – тактильді кітап» жобасы бойынша «Ерекше балаларға — ерекше кітаптар» акциясы аясында төрт тактильді кітап шықты. Әсіресе, бұл акцияға Назарбаев зияткерлік мектеп ұжымы белсене қатысты, – деді тифлопедагог Гүлжан Шабарова.

Біз барған күні “АТиСО” Батыс Қазақстан академиялық колледжінің 3-курс студенттері, қолы шебер бойжеткендер бас қо-сып, қажетті бұйым жасаумен шұғылданып жатқанын көрдік.

– Бізде еңбек ететін 12 кітапханашының бәрі – жоғары білімді. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының шешімімен өткен жылы жұмыс бірлігіне директордың орынбасары деген жаңа лауазым кірікті. Біздің ұжым тату әрі ұйымшыл. Бәріміз — «Нұр Отан» партиясының мүшесіміз. Қай уақытта болмасын мүмкіндігі шектеулі жанға көмектесуге әзірміз. Өйткені біздің мекеме – кітап алатын орын ғана емес, сонымен қатар өзара бас қосып, сөйлесе алатын рухани демалыс орны, – деді кітапхана директоры Қаракөз Бурамбаева. – Кітапхана 1997 жылдан бері Қазақ соқырлар қоғамының Орал оқу-өндірістік кәсіпорны ЖШС ғимаратында орналасқан. Бұл, әрине, осы ұйыммен тығыз қарым-қатынаста болуымызға әсері зор. Дейтұрғанмен бөлмелеріміз тарлық етуде. Бөлек ғимарат берілсе деймін. Жоспар бойынша зағип ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, өнер адамдары туралы оқырмандарымызға кеңірек мәлімет бергіміз келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар тапсырыс бергенде, үйіне барып қызмет көрсетіледі. Жалпы, он үш аудандық және қаладағы қарттар үйі мен облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының кітапханасымен әдістемелік тұрғыда байланыстамыз. 2012 жылдан бері Бөрлі аудандық кітапхана жанында «Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыстану секторы» жұмыс істейді. Әлеуметтік серіктестікке Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж бен М. Өтемісов атындағы БҚМУ-ды тарттық. Назарбаев зияткерлік мектебімен мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмысты жандандыруға қатысты өзара әріптестік туралы меморандум жасалды, – деді кітапхана басшысы.

Өткен жылы барлық атаулы мерекелер мен белгілі тұлғалардың мерейтойларына байланысты кітапханада мәдени-спорттық шаралар, әдеби-сазды кештер, көрмелер, бейнеконференция, қала ішіне экскурсия ұйымдастырылған. Қайырымдылық кештері, қоғамдық тыңдаулар, зағиптар арасында байқау өткен. «Қолжетімді тифлокино» жобасы аясында тифлотүсініктеме арқылы «Ер Жәнібек» тарихи фильмі көрсетілген.

Елімізде бедерлі-нүктелі қаріппен кітап немесе мерзімді басылым шығаратын арнайы баспахана жоқтығы алаңдатады. Брайль қарпіндегі қазақша кітаптар бұрын Алматыда ғана жарық көріпті. Балалар үшін сапалы так-тильді кітап құрастыратын баспа да керек-ақ. Осы орайда өңіріміздегі кәсіпкерлер тиімді жоба ойластырса, ұтылмас еді. Кітап-хана қызметін пайдаланатын 2722 оқырманның 2124-і – қандастарымыз. Жалпы, өз үйінде тифломагнитафонды пайдаланып отырған 710 оқырманның 520-сы (таспаға жазылған әдебиеттің 10747-сінің 4012 данасын) қазақ тілінде тыңдайды екен. Брайль қарпін пайдаланатын 35 адамның 10-ы ғана қазақ тілінде оқиды. Тұтыну ерекшелігіне қарап, дыбысты кітаптарды өндіру бөлімінің жұмысы ауқымды бола түсетіні түсінікті болады. Зағиптарға рухани сусын беріп отырған кітапхана заман талабына сай жаңғырып, жаңара түсу үшін еңбекқор ұжым тер төге беретіні анық.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Чехиялықтар инвестиция салуға мүдделі

Күні: , 61 рет оқылды

IMG_3296


Сейсенбі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев еліміздегі Чехия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Элишка Жигова бастаған аталмыш мемлекеттің делегациясын қабылдады.


Кездесу барысында елші ханым осы күн тарихи сәт екенін мәлімдеді. Себебі бұл Чехия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісінің Ақ Жайық өңіріне жасап отырған алғашқы сапары болып табылады. Сапардың негізгі мақсаты – Батыс Қазақстан облысымен арадағы байланысты дамыту әрі Орал қаласында Чехия Республикасының консульдігін ашу.

– Дүйсенбіде біз Ақсай қаласында болдық. Онда кезінде біздің отандастарымыз салған, ел аузында чех қалашығы аталып кеткен тұрғын үй, өзге де құрылыс нысандарымен, чех және словак тілдерін оқытуға арналған «Distination» оқу орталығының жұмысымен таныстық және қазір Бөрлі ауданында қызмет істеп жүрген отандастарымызбен кездестік. Біз осы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз. Кәсіпкерлеріміз Батыс Қазақстан облысының экономикасына инвестиция салуға мүдделі. Бұл бағытта Чехия Республикасының мүмкіндіктері мен тәжірибесі мол. Біздің кәсіпкерлеріміз  инфрақұрылым, модернизация, ІТ технология, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, машина жасау салаларына қызығушылық танытып отыр, – деді  Элишка Жигова.

Әкім қабылдауынан шыққаннан кейін жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Чехия және Словакия елдерінің жобаларын Қазақстан мен Орта Азиядағы үйлестірушісі Нұрлан Әділханұлының айтуынша, Чехия мемлекеті республикамыздың нақты бір аймақтарымен жұмыс істеуді қолға алып отыр. Соның бірі – Батыс Қазақстан облысы. Себебі әлеуеті жоғары өңірге чех кәсіпкерлерінің қызығушылығы жоғары. «Облыс әкімі бізді өте жылы қабылдады, – деді ол. – Нұрлан Асқарұлының Чехия Республикасы мен ондағы кәсіпкерлер, олардың әлеуеті жөнінде хабары мол екеніне риза болдым. Облыс әкімі чех кәсіпкерлерімен бірлескен жобалардың жүзеге асуына, өзге де ынтымақтастықтың дамуына барлық жағдай жасалатынын айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар көп кешікпей өз  нәтижесін береріне  сенім  мол».

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ


«Жұмысты осылай жасау керек қой!» — деді ауыл ақсақалы

Күні: , 85 рет оқылды

IMG_2342


Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өзінің Сырым ауданындағы жұмыс сапары барысында «Жібек жолы» автокешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты.  Аудан орталығының үстімен өтетін Самара – Шымкент күре жолы бүгінгі күні аудан кәсіпкерлерін сервистік қызметті құнттауға құлшындырып отыр.  Жымпитылық кәсіпкер Ғанимат Нұрмұхановтың алып автокешенді салудағы негізгі сенім факторы да халықаралық маңыздағы жолдың тиімділігінен туындаған.


Автокешен құрылысы өткен жылдың қыркүйегінде басталды. Бұйырса, осы жылдың аяғында аяқталады деп жоспарланған. Құ-рылысының құны 260 миллион теңгеге шамаласатын бұл нысанда кафе, жеңіл және жүк көліктерін жуу, жөндеу орындары, супермаркет, 48 орындық қонақүй, сауна, автотұрақ жұмыс істейтін болады. Күні бүгін кейбір ғимараттардың құрылысы бітіп тұр. Кешеннің жалпы аумағы – 1, 684 га.

Кешеннің жобасын облыс басшысына Ғанимат Нұрмұхановтың өзі таныстырды. Самара – Шымкент күре жолының көлік және жолаушылар ағынының жиілігін пайдалану — Сырым ауданының кәсіпкерлік саласында баса айтылып жүрген мәселелердің бірі. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жолаушыларға қызмет ететін жаңа сервистік кешеннің осы тұрғыдағы тиімділігін құптады.

«Жібек жолы» ШҚ жетекшісі Ғанимат Нұрмұханов облыс әкімімен дидарласу сәтінде Өлеңті көлдетіп суару жүйесіне қатысты мәселелерді де айтты. Бұл жүйенің басты бөлігі мен жеті  бірдей бөгетінің қақпасы қайта жөндеуді қажет етеді. Осы арқылы шабындық алқаптардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік бар. Облыс басшысы аудан әкімі Абат Шыныбековке республикалық комиссияға Өлеңті көлдетіп суару жүйесін қалпына келтіруге байланысты тиісті ұсыныстарды беруді тапсырды.

Содан кейін Жымпитыдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жергілікті спортшылармен кездесті.

Кездесуде ауданның ардагер спортшысы Ғилаж Қаналиев спорт тек денсаулықтың ғана емес, татулықтың насихатшысы екендігін айтты. Самбодан Азия чемпионы ГауҺар Серікова өз сөзінде сырымдықтар спорт саласында әлі талай жеңістерді  сыйлайды  деп сендірді.

Аудан халқының 26 пайызы тұрақты түрде спортпен айналысады. Кейінгі жылдары сырымдықтардың спорттық шараларға қатысу деңгейі де екі есеге өскен. «Тұрғындардың арасында салауатты өмір салтының қалыптасу үрдісін арттыратын бір себеп – спорт нысандары қатарының артуы. Былтыр пайдалануға берілген спорт кешені де — бұқаралық спортты өркендету үшін жасалған ірі қадамдардың қатарына жатады. Кездесу соңында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне «ГАЗель» автокөлігінің кілтін тапсырды.

*  *  *

Мұнан  кейін облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы аудандық мәдениет үйінің фойесіндегі көрмемен танысты. Бұл көрмеде Аралтөбе ауылдық округіндегі арнайы киімдер мен аяқ киімдер тігіп, ат әбзелдерін дайындайтын «Әсем» ательесінің өнімдері, аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының жанындағы қолөнер үйірмесі мен робототехника үйірмесінің туындылары көрсетілді.

Аудандағы ауылдық округ әкімдері облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Туған жерге тағзым!» ак-циясының аясында атқарылатын нақты жұмыстарының жоспарларын таныстырды. Байқағанымыз, әрбір округ өзіндік ұмтылысын қалыптастырған, өзіндік басым бағдарын белгілеп алған. Таныстырған жұмыстары да көрер көзге керемет-ақ. Бірінде спорт алаңы салынбақ, бір округте саябақ қалпына келтірілмек, ал енді кейбір округтер жылыжайды қолға алса, кейбірі мал бордақылайтын алаң салуды жоспарлауда. Бәрі де инвесторлардың, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен, әрине. Бұдан түйсінгеніміз, айналамыздағы ауылдарға еліне елеңдеген, ауылына алаңдаған азаматтар арқылы түлейтін, жаңаратын дәурен келе жатқан сыңайлы.

Ауылдық округ әкімдерімен бөлек мәжіліс жасаған өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы ауылдық жерлерге жастарды тұрақтандыру, жергілікті жерде мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуы жайлы халықпен тығыз жұмыс  жасау  турасында тапсырмалар берді.

*  *  *

Аудандық мәдениет үйінде облыс  әкімінің  қатысуымен Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековтің халық алдында есеп беру жиналысы өтті. Жиынға қатысушылар назарына алдымен Сырым ауданының 2015 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі бейнефильм көрсетілді.

Сырым ауданы бойынша 2015 жылы атқарылған жұмыстар мен міндеттер туралы аудан әкімі Абат Шыныбеков баяндама жасады.

Бүгінгі күннің тәртібіне салық базасын кеңейтудегі мүмкіншіліктерді пайдаланып, мүлікті жария ету мәселесі өткір қойылып жүр. Сырым ауданында 2014 жылдың 1 қыркүйегінен басталған мүлікті жария ету жұмыстары барысында 27 мүлік 136, 9 млн. теңгеге жария етілді.

Жымпиты ауылын сумен қамту үшін қосымша екі су ұңғымасы, Қарағанды, Алғабас ауылдарына екі ұңғыма қазылды. Жымпитыдағы ауылішілік жолдарды жөндеу көптен бері көкейден кетпей жүрген шаруа еді. Осы жұмыстар былтыр жасалып, ауыл ішіндегі көшелерге 2, 5 шақырым асфальт төселді. Бұдан бөлек, Жымпиты – Қаратөбе автожолының 25 шақырымы, Бұлдырты ауылының кірме жолына сегіз шақырым қатқыл табанды асфальт салынды.

Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы бір жаңалық – 13 бірдей ауылдық тұтыну кооперативтерінің құрылуы. Бұл кооперативтер жеке тұрғындардың 1550 бас ірі қара малдарын біріктіріп, селекциялық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Ауылдық тұтыну кооперативтеріне берілген демеуқаржылар негізінен ауылдық елді мекендердің, кооператив мүшелерінің қажеттіліктеріне, қалған қаржы көктемде мал бағымын ұйымдастыруға жұмсалатын болады.

Сырым ауданында алты шаруа қожалығы мал басын асылдандырумен айналысады. Бұл қожалықтардың иелігінде 1493 асыл тұқымды мал басы бар. Аудандағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың біразы өздерінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Былтыр Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің туғанына 80 жыл толуына орай Сырым ауданында ақынның ескерткіші тұрғызылды, алаң салынды. Жауынгер  ақын Абдолла Жұмағалиевтің 100 жылдығына орай ақынның жыр жинағы қайта басылды. Ақын атындағы мектептің алдына мүсіні қойылды. «Шерлі шежіре аманаты» атты халықаралық форумның делегаттарын қабылдады. Өткен жылдың өзі осындай жаңалықтарға толы.

Биыл аудан орталығында жолаушыларға арналған көп салалы автокешен, екі асхана, екі супермаркет, екі газ құю бекеті, Шідерті, Аңқаты өзендерінің бойынан жолаушыларға арналған кемпингтер салыну жоспарлануда.

Бүгінгі күні аудан халқының 92 пайызы көгілдір отынмен қамтылды.

Сырым ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 игі іс» атты акция бастау алды. «Туған жерге тағзым!» акциясының шеңберіндегі мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту ісі де әрі қарай жалғасатын болады.

Аудан әкімінің баяндамасы тыңдалғаннан кейін жарыссөзге жазылған Бұлдырты ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қален Ахметқалиев сөз алды. Ол облыс әкімі Н. Ноғаевтың қатысуымен өткен аудан әкімінің былтырғы есептік жиынында Бұлдырты ауылының кіреберісіндегі 12 шақырымдық жолды жөндеу мәселесін көтерген болатын. Жоғарыда айтылғандай, жұмыс қозғалды. Бұлдыртының кірме жолына сегіз шақырым қатқыл табанды асфальт төселді. Жолдың қалған бөлігі биыл жөнделіп бітеді. Қален ақсақал осы үшін облыс басшысына және аудан әкіміне алғыс айтты, есептік баяндамаға оң баға берді.

Есептік жиында тұрғындар тарапынан жергілікті маңызы бар деген  мәселелер айтылды. Оның бірі – Жетікөл ауылдық округіндегі Сырым орта мектебін жөндеу мәселесі. Осы округтің қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Жасқайрат Кенжебаевтың мектеп жа-йындағы мәселесіне облыс әкімі жауап берді. «Сырым орта мектебі 2017 жылдың жоспарына енбек — деді Нұрлан Асқарұлы. Енеді деген, жөнделеді деген сөз емес бірақ. Уақытында көреміз!» деген сөз бұл».

Талдыбұлақ ауылдық округі ардагерлері кеңесінің төрағасы Сабыр Оразов Ақсай – Жымпиты бағытындағы ауданаралық жолды жөндеу жайын көтерді. Облыс әкімінің айтуынша, бұл мәселе де келер жылдардың  еншісінде. «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Серіков «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының талаптарына қатысты өз ұсынысын айтты. Жымпиты ауылының тұрғыны Мизамғали Нұрпейісов бүгінгі қоғамда әрбір қазақстандық маңыз беруі тиіс ысырап пен үнем жайлы пікірін білдірді, мемлекеттік қызметкерлердің қызметіне адал болуын тіледі. Аудан орталығының іргесіндегі Өлеңті ауылының тұрғыны Тауфик Елубаев аудан әкімінің атына Өлеңті ауылынан салынған спорт стадионы үшін алғыс білдірді. Өзеннің арғы бетіндегі кішігірім елді  мекенге көгілдір отын жеткізу шаруасын жеделдетуді сұрады.

Аудан әкімінің есептік кездесуінде сөз алып, жұрттың жағдайын айтқан қай-қай азаматтың да ниетін қоғамға, елге деген жанашырлық  деп түсінген абзал. Әйтеуір барлығы да ауданның әкімі Абат Шыныбековтің әкім ретіндегі қызметіне, азамат ретіндегі қасиетіне разы.  Әйтпесе, ауылдың ақсақалы Сүйінғали Дауыловтың «Жұмысты осылай жасау керек қой!» деп, орнынан тұрып құрмет көрсетуі тегіннен бе? Аудан басшысының жұмысын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та оңынан бағалады.

— 2015 жыл  еліміз үшін ерекше жыл болды, осы жылы елде елеулі қоғамдық-саяси шаралар көптеп өтті. Елбасының Жолдауында көрсетілген межелер, Мемлекет басшысының берген тапсырмалары, әкімдердің жұмыс жоспарлары, барлығы да — халықтың әл-ауқатын көтеруді, елдің экономикасының дамуын, әр саладағы мемлекеттік қолдаулардың артуын, сол бағдарламалар арқылы елдің оң дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Бұл бағытта елде біраз істер атқарылды. Соның бірегейі біздің облысымызда, бірқатары Сырым ауданында да жасалды. Бүгінгі жиынның бас баяндамашысы да, сөз сөйлеп, пікір білдірген азаматтар да елде, ауданда оң өзгерістердің бар екенін айтуда.  Жаңа жоспарларды естідік. Осы жақсылықтар өзінің жарасымды жалғасын тапсын!

Адам баласы біржақты көзқараста болмауы керек. Жеткен жеріміз осы деп төмендеуге де болмайды, сол сияқты, жетілдім, толдым, болдым деп күпсінуге де болмайды. Не нәрсенің де байыбын түсініп үйрену керек. Таразының басын тең ұстаған дұрыс! Бізге керегі ұстамдылық, ірілік! Елге амандық тілеймін! – деді облыс әкімі өзінің қорытынды сөзінде.

Бауыржан

ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


«Тас жолды жөндеу уақтылы аяқталуы тиіс»

Күні: , 94 рет оқылды

IMG_5468


Сәрсенбінің сәтінде Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев 2015 жылғы атқарылған ауқымды істерді  саралап, алдағы атқарылар жұмыстар  жөнінде тұрғындар алдында өз есебін берді. Есептік кездесуге  облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Президент Әкімшілігінің өкілі Талғат Байзатов, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар  қатысты.


Өңір басшысы алдымен былтырғы  жылы «Нұрлы  жол» бағдарламасы  арқылы іске қосылған  Орал — Саратов тас жолының   жұмысымен  танысты. Аудан  орталығына кіреберістегі қиюы қашқан жол қатынасын өз көзімен  көрген өңір басшысы осы жұмысқа жауапты мамандардың жұмысын  біраз  сынға алды.

— Уақыт шектеулі, бір айдан соң мынандай жолмен облыс орталығына қатынас  болмайды. Сіздердің жауапсыздықтарыңыздан  тұрғындар жапа шекпеуі қажет. Сондықтан ақпан айының 22-сіне дейін осы мәселені  шешіп,  жолды дұрыстауды тапсырамын, — деді Нұрлан Асқарұлы «Uniserv» ЖШС бас директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары В. Цойға.

Содан соң облыс әкімі бастаған делегация аудандық мәдени-демалыс орталығының фойесінде ұйымдастырылған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша несие алып, өз ісімен шұғылданып жүрген кәсіпкерлердің өнімдері және өнертапқыштықпен айналысып жүрген балғын робототехниктердің жұмыстары қойылған көрмені аралап көрді. Нұрлан Асқарұлы  кәсіпкерлердің өнімдерін тамашалап, жұмыстарымен танысты.

Әсіресе, алдағы жаздан бастап өндірісі қолға алынғалы тұрған «керамзитбетон» кірпіштің жаңа түрі келген қонақтарды таңданыссыз қалдырмады. Кереметі де сол мұндай өнім елімізде әлі шығарылмайды екен. – Бұл кірпішпен жұмыс жасау ыңғайлы әрі арзан.

Салынған  ғимараттың сыртын да бөлек материалмен әрлеудің қажеттілігі жоқ. Бәрі өзінде, – деді кірпіш құрылымымен таныстырған  аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің  басшысы А. Сүндетбаев.

Аудан басшысы қорытынды есебін елдің басты құжатына айналған — Елбасы Жолдауынан бастады. Содан соң өткен жылдың тарихында қалған игі істер мен қол жеткен жетістіктерді тілге тиек етті.  Санжар Жұматайұлының баяндамасында көрсетілгеніндей, ауданның бюджеті былтырғы жылы 2 млрд. 366 млн. теңге көлемінде бекітіліп,  жылына бес мәрте нақтыланып, жыл қорытындысы бойынша 2 млрд. 345 млн. теңгені  құраған.

Өткен жылы ауданда  923 шағын бизнес субъектісі тіркелген.

Оның 9,1 пайызы  жеке кәсіпкерлер болса, заңды тұлғалалар саны  25 пайызға көбейген. Яғни ол  2014 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артқан. Олар 1 млрд. 55 млн. 395 мың теңгенің өнімін өндіріп, қызмет көрсеткен. Сонымен қатар шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтіндер саны — 1875 адамды құрайды. Ол өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға көбейген. Жалпы,  шағын бизнес субъектілерінен 48 млн. 660 мың теңге көлемінде салық төлемі түсіп, ол 2014 жылмен салыстырғанда 0,4 пайызға артқан.

Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» және «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға 1362 адам жолығып, соның ішінде 624 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Кәсіби, қайта даярлау, біліктілігін арттыру курстарына 63 адам жолданып, кейін жұмысқа орналастырылды. Аудан бойынша 119 әлеуметтік жұмыс орны ашылып,  оған 122 адам жолданған. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша ауданға берілген  30 млн. теңге қаражат 15 адамға бөлініп, бүгінгі күні ол толықтай игерілді. Соның нәтижесінде ауданда  наубайхана, шаштараз, аяқ-киім шеберханасы мен жылыжай, жайма тақтаны құрастыру тағы басқа  нысандар іске қосылды.

Тасқалалықтардың өткен жылғы жақсы жаңалықтарының бірі — көптен бері шешімі табылмай келе жатқан Зимовка және Мерей, Достық ауылдық округтеріндегі Тоғайлы, Ынтымақ елді мекендеріне көгілдір отынның келуі.  Соңғы екі елді мекенге 94 млн. 870 мың теңгеге газ құбыры тартылып, іске қосылды. Оған  «Әлия Сервис», «Марасант», «Лайгэ» ЖШС-ы мен  депутат  А. Мерғалиев демеушілік танытып, үлестерін қосты.  Осының нәтижесінде күні бүгін 42 үй көгілдір отынмен қамтылды.

Облыс орталығына жақын орналасқандықтан  болар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауданға жастар көптеп келуде.

Өткен жылы 34 жас маман  тұрақты жұмыс орнын Тасқаладан тауып, оларға 4 млн. 700 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақысы төленсе, оның  15-і баспаналы болды. Оларға  44 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді.

Егін шаруашылығында 2014 жылға қарағанда былтырғы көрсеткіш 1,5 пайызға азайған. Себебі ауа райының қолайсыздығынан 2015 жылы егілген егіннің 81,2 пайызы, дәлірек айтсақ, 19530 га егістік есептен шығарылған. Ал қалған 4516 га егістіктің бір гектарынан 3,8 центнер барлығы 1 мың 713 тонна өнім жиналған.

Сондай-ақ былтыр аудан бойынша 2270 тонна көкөніс жиналса, оның ішінде картоп 2210 тонна, ал бақша өнімдері 362 тоннаны құрап отыр. Егіс көлемі 629 гектарды құрайтын майлы дақылдардың 515 гектары  ауа райының қолайсыздығынан есептен шығарылды. Нақты жиналған 111 га егістіктің әр гектарынан төрт  центнер орташа түсіммен 45 тонна өнім жиналды.

Өткен жылы егін шаруашылығымен айналысатын 50 шаруашылыққа жанар-жағармай бағасын және гербицид құнын арзандатуға 22 млн. 500 мың теңге көлемінде субсидия төленді.

Енді санаулы күндерден соң көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталмақ. Қазірдің өзінде егістік жұмыстарын жүргізу үшін  қажетті 2 мың 500 тонна жаздық дәнді дақылдар тұқымының, күні бүгін 362 тонна жаздық бидай, 98 тонна арпа және 80 тонна жем-шөп дақылдары тексеріліп дайындалды. Ал қалған тұқымдарды алу үшін ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы басқа облыстың кәсіпкерлерімен келіссөздер жүргізіліп жұмыстануда. Аудан әкімі өз баяндамасында бұдан басқа да жетістіктерге тоқталып өтті.

Сонымен қатар өткен жылғы есептік кездесулерде аудан басшысының атына келіп түскен оннан астам сауал мен ұсыныс-пікірлердің бүгінгі таңда оң шешімін тапқанын да жасырмады. Олардың ішінде тұрғындарды  ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, «Шипов» орта мектебіне автокөлік алу, Достық ауылының солтүстік бөлігі мен Айнабұлақ ауылдарына электр қуатын үзіліссіз беру, «Қазақтелеком» АҚ жұмысын жақсарту сынды мәселелер болатын. Бұл өткен жылы атқарылған жұмыстардың санаулысы ғана. Алда жаңа міндеттер тұр. Ендігі мақсатымыз Елбасы-ның «Қазақстан жаңа жаһанда ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында белгіленген үлкен міндеттерді жүзеге асыру. Сондықтан алар асуымыз әлі алда, —  деді аудан әкімі баяндамасының  соңында.

Өткенге баға берілген есептік кездесуде күрмеуі қиын мәселелер де ортаға салынды.

Жарыссөзге қатысқан зейнеткер Д. Яфаров көше жолдарын жөндеу, «Шұғыла» лагеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы мәселе көтерсе, ауыл ақсақалы С. Жұбаншалиев салауатты өмір салтын насихаттау барысында ауданға жеңіл атлетиканы енгізу және әрбір мекеме бірлесе отырып, қыс кезінде мұз айдынын жасап, шаңғы тепсе, осылайша денсаулықтарын нығайтуға үлес қосса деген ұсынысын білдірді. Атамекен ауылының тұрғындары атынан сөз алған ардагер ұстаз, әйелдер кеңесінің төрайымы Н. Жұмағалиева  кәсіпкерлердің  әлеуметтік қолдауы арқылы ауылға 7 млн. теңгеге суға қажетті құрал-жабдықтар алынып, қазіргі таңда тұрғындар ауыз суға қол жеткізгенін және  осы жұмыстарды шешуге  аудан әкімінің тікелей атсалысқанын айта келіп, ауылға ұялы байланыс желісінің қажет екенін де жасырмады.

Ал  зейнеткер, көп балалы ана М. Есекенова сарып ауруына байланысты малға дотацияның қашан берілетіні жөнінде сұрады. Жиын барысында сөз алғандардың барлығы да аудан әкімінің жұмысына оң бағаларын берді.

Есепті жиында сөз алған облыс  басшысы Нұрлан Ноғаев өткен жылдағы елеулі оқиғалардың тек бір жылмен шектеліп қалмай, одан әрі жалғаса беретінін жеткізді. Сонымен қатар облыс басшысы Нұрлан Асқарұлы ауданда біраз істердің атқарылғанын және сол жұмыстардың өз  нәтижесін бергенін  айтты.

– Елбасы тапсырмасымен халықтың әл-ауқатын көтеру жөніндегі мәселелерді шешу жөніндегі Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің қабылдаған шешімдерінің нәтижесінде аудандағы 17 мыңнан астам халықтың 88 пайызы ауыз сумен, 90 пайыздан астамы көгілдір отынмен қамтылып отыр.

Көрсеткіш жаман емес. Бұл — Президенттің берген тапсырмасымен жүзеге асып жатқан әр саладағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу нәтижесі. Осыған қыруар қаражат бөлінді. Сондықтан өздеріңіздің ұсыныс-пікірлеріңізді ескере отырып, оны тиімді пайдаланып отырмыз, — деді Нұрлан Асқарұлы.

Жиын соңында Нұрлан Асқарұлы қойылған сұрақтарға жауап беріп, Тасқала – Орал тас жолының жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталатынын жеткізді.

Назгүл  СЕРІКҚЫЗЫ,

Тасқала  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика