Мұрағат: 09.02.2016


Кәріс халқының жаңа жылы

Күні: , 90 рет оқылды

DMS_9782


Өткен сенбі күні қаламыздағы Достық үйінде кәріс хал­қының жаңажылдық мейрамы тойланды. Кәріс этномәдени бірлестігі ұйымдастырған шараға Қазақстан халқы Ассам­блеясы төрағасының орынбасары, ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоқжанов және облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қатысты.


– Қазақстанды мекендеген сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері елі­міздің Тәуелсіздік алуымен бірге өздерінің дәстүрі, мәдениеті мен тілін сақтап қалу мүмкіндігіне ие болды. Бұл жай ғана сөз емес, Тә­уелсіздік алғалы бері Елбасы ұс­танып келе жатқан саясаттың басты бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда этномәдени орталықтар мем­лекетаралық қарым-қатынас­тардың тірі көпіріне айналып отыр. Кәріс халқы еңбексүйгіш, ісі мен сөзіне берік, адал жұрт. Мерекелеріңіз құтты болсын! – де­ген ассамблея төрағасының орын­­басары өңіріміздегі Кәріс эт­­­номәдени орталығының ұжы­мына ел бірлігі мен қоғамдық ке­лісімді нығайту жолында атқар­ған еңбегі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының алхысхатын табыстады.

Этномәдени орталық өкілдері мерекеге жиылған қонақтарды ұлт­­тық киімдерін киіп, кәріс хал­қының ұлттық әуендерімен салтанатты  түрде  қарсылады.

– «Біздің елдегі кәріс ұлтының өкілдері өз дәстүрлерін сақтай отырып, өзге мәдениеттің ық­па­лына түсіп, жойылып, жұтылып кетуден аман қалды» деп Елбасымыз айтқандай, бүгінде олар Президент саясатының белсенді насихатшыларына айналды. Ел экономикасының дамуына да өз үлестерін қосып келеді. Байтақ Қазақстанда өмір кешіп жатқан басқа да ұлт өкілдеріне қатысты осылай айтуға болады. Сіздерді Жаңа жыл мерекелеріңізбен құт­тықтаймын! – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Кәріс этномәдени орталығы­ның төрағасы Максим Пактың айтуынша, бұл күн — кәріс халқы үшін жаңажылдық мерекемен қатар жасы үлкендерге құрмет көр­сету мейрамы. Сондықтан осы ме­реке қарсаңында кәрістер ата-аналары мен жасы үлкен туыс­қандарын аралап, олардың жылы тілектері мен баталарын алуға тырысады. Мерекенің дәл белгіленген күні жоқ. Күнтізбеге байланысты өзгеріп отырады. Көбі­не қаңтар айының соңы мен ақ­пан айының басына сәйкес келе­ді  екен.

«Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова Кәріс этномәдени бірлестігінің Елбасы саясатымен тікелей үнде­сетін «20 мейірімді іс» әлеуметтік жобасын жүзеге асырудағы зор үлесі үшін алғыс білдіріп, мерекелерімен құттықтады.

Этномәдени орталық өкілдері ұлттық үлгідегі концерттік бағ­дар­ламасын ұсынды. Мерекелік шара «Атамекен» әнімен қоры­тындыланды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген  Медет ДОСЫМОВ


Лауазымдық қызметке бірден тағайындамайды

Күні: , 136 рет оқылды

IMG_3199


Кеше «Жайық Пресс» медиахолдингінің баспасөз орталығында мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департаменттің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мирболат Нұртазин мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Біржан Хайруллин баспасөз мәслихатын өткізді.


Мирболат Сүйеуұлының пайымдауынша, қазір өңірімізде Елбасымыз Н. Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бірінші қадамын жүзеге асыру жолында өрелі істер атқарылуда. Аталмыш қадамның нақты мақсаты – бүгінгі  заманның барлық талаптарына сай кәсіптік мемлекет құру. Соны жеделдету үшін Елбасының өткен жылдың желтоқсанындағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігі құрылып, аумақтық департаменттер оның құрамына енді. Аталмыш құзырлы құрылымның міндеті – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу-ды реттеушілік, іске асыру және бақылау. Ал екінші басқарманың жұмысы да сонымен сабақтас. Олар бірін-бірі қайталамайды, керісінше өзара ынтымақтасып әрекет етеді. Мәселен, екінші басқарманың құзырындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне, осы кеселге қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану машығының жәй-күйіне және тағы басқасы жөніндегі қызметі. Оның дереккөздері құқықтық статистика, жеке, заңды тұлғалардың өтініштері, арыз-шағымдары және заңмен тыйым салынбаған өзге де ақпарат көздері болып табылады.

Енді мемлекеттік қызметке кадр дайындау жайына келсек, кез келген азамат бірден жоғары лауазымды қызметке тағайын-далмайды. Кәсіби және мансаптық өсу тек ең төменгі лауазымнан басталады. Ол лауазым кез келген мемлекеттік мекемедегі аға немесе жетекші маман болуы керек. Мемлекеттік және соған теңестірілген қызметкер ішкі конкурс арқылы сатылап өсіп, белгілі бір мансапқа қол жеткізеді. Ал кадр резерві бойынша өсуге рұқсат жоқ. Бұрынғы тәртіптік кеңестің орнына енді Әдеп жөніндегі кеңес келді. Олай болса, жұмыс ауқымы кеңейгенімен, істегі нақтылықтың түбінде оң нәтижесін береріне сенім мол.

— Біз үшін жауапкершілігі көп жұмыс жаңа ғана басталды. Демек, әзірге белгілі бір нәтиже туралы ауыз толтырып айтуға әлі ертерек, — деп сөзін аяқтады Мирболат Нұртазин.

Жас басшы Біржан Марданұлының айтқанынан ұққанымыз, өзі басқарып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасы жұмысының бір бағыты – мониторинг жасау. Егер ахуал күдік тудырса, басқарма белгілі бір мемлекеттік құрылымның сыртынан талдау жүргізбек. Сондай-ақ кез келген мемлекеттік мекеме сыбайлас жемқорлыққа қатысты ішкі тал-дау жүргізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жөнінде келесі айдың оныншы күніне дейін есеп беруі керек. Кез келген мекеменің сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзіндік стратегиясы болуы қажет. Тіпті кез келген кәсіпкер мен ұжым да жоғарыда аталған қоғамдық індетке қарсы іс-шарасын жасаса, мейлінше тиімді. Жаңа жағдайға орай енді парақорлық тек ақша алу немесе берумен шектелмейді. Қызмет бабын асыра пайдалану мен оған  олақ қарау да соның қатарына жатқызылмақ. Мәслихат соңынан лауазым иелеріне сұрақтар қойылды.

Серпін САЯҚ

С. ИХСАНҒАЛИ,

облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі:

— Ел арасында «Мемлекеттік қызметке қабылдауда жасы қырыққа жетпегендерге басымдық беріледі-мыс» деген сөз бар. Осыған не айтар едіңіз? Екінші сауалым: — Өңірде мемлекеттік қызметкерді даярлайтын және қайта даярлайтын оқу орны бар. Соның жұмысы жөнінде не айтар едіңіз?

М. НҰРТАЗИН,

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департаменттің басшысы:

— Қазақстан Республикасының кез келген азаматы мемлекеттік қызметке орналасуға толық құқылы. Сондықтан оған белгілі бір жасқа байланысты шек қойылмайды, қойылуы да мүмкін емес. Үміткер үш сатылы сынақтан өтеді. Олар: екі рет тест тапсыру және жеке қабылдау. Кез келген  мәселе туындай қалса, оны конкурстық комиссия шешеді. Ал үміткерге қасақана кедергі жасалса, оның жоғарыға шағымдануға мүмкіндігі бар.

Ал екінші сауалыңызға орай айтарым, иә, ондай оқу орны бар. Ол облыс әкімдігі жанынан құрылған және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып отыр. Әрі аталмыш оқу орны ҚР Президенті әкімшілігі жанындағы мемлекеттік басқару академиясымен тығыз байланыста. Бұл орталықта білім дәрежесі биік және білікті мамандар еңбек етеді. Сондықтан орталықтың жұмысына оң баға беремін.


«Шаңырақ» техникалық қызмет көрсету стансасында

Күні: , 92 рет оқылды

Сухая мойка


Жұма күні журналистер облыс әкімдігі мен облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы қызметкерлерімен бірге  «Шаңырақ» техникалық қызмет көрсету стансасында болды.


Біз барғанда автокөлік жөндеумен айналысатын кешенді орталықта жұмыс қызу жүріп жатты. Шеберлердің бірі аутокөлік моторын жөндеп жатса, екіншісі көлік майын ауыстыруда, ал кө-лік жуу бөліміндегілер аутокөліктерді жуып-тазалап әлек.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Руслан Ихсановтың айтуынша, «Шаңырақ» техникалық қызмет көрсету стансасының жетекшісі Евгений Каменский – өте  іскер жан. Бұдан біраз уақыт бұрын қала шетінен 700 шаршы метр жер телімін сатып алған ол  аутокөлік жөндейтін шағын цех ашқан. Уақыт өте келе кәсібін кеңейтуді ойластырған Евгений Арсентьевич  «Бизнестің жол картасы – 2020» атты  бизнесті дамытуға және қолдауға арналған бірыңғай  бағдарламасы арқылы қосымша қаражат алып, автокөліктерге техникалық қызметті кешенді түрде көрсетуге мүмкіндік алған. «Шаңырақ» техникалық қызмет көрсету стансасы – өңірімізде  аталмыш сала бойынша несие қаражатына кешенді құрылыс жұмысын жүргізген әзірге  жалғыз орталық.

— Көлік жөндеумен айналысатын шағын цехты ашқаныма 8 жылдай уақыт болды. Осы жылдар ішінде жеке кәсіпкер ретінде мен мол тәжірибе жинақтадым  десем де болады. Жұмысымыз сапалы болғандықтан, бізге келушілер де көп. Әр клиенттің көңілін табуға тырысамыз. Тұрақты клиенттеріміз болған соң және кәсібімді кеңейту мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» атты  бизнесті дамытуға және қолдауға арналған бірыңғай бағдарлама арқылы «Қазақстанның Халық банкі» АҚ облыстық бөлімшесінен 14 пайызбен 25 млн. теңге несие қаражатын алдым. Мемлекеттік субсидияның арқасында банктен алған қаражатымды 7 пайызбен қайтарып жүрмін. Қалған 7 пайызын мемлекет төлейді. Бұл – бізге  өте үлкен көмек. Осылайша жеке кәсібімді дамытуға мүмкіндік берген мемлекетімізге, ел Үкіметіне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Банктен алған несие қаражатқа автөкөлік жөндеуге қажетті барлық құрал-жабдықты, соның ішінде көлік көтергіштерді де сатып алдым, қосымша бокс және дүкен құрылысын жүргіздім. Бүгінде кешенді жөндеу орталы-ғында автокөліктерді жөндейтін бес бокс үздіксіз жұмыс істеп тұр. Автокөлік «кеселі» бізде компьютерлік диагностика арқылы анықталады. Көлігін қарату үшін орталыққа келетіндер алдын ала жазылуы тиіс. Шеберлердің жұмысына келушілер дән риза. Орталыққа күніне 100 машинаға дейін келеді. Солардың барлығының бабын тауып, көліктерін барынша мінсіз жөндеп, ризалап жіберіп жатқан жайымыз бар.

Жуу бөлімі де күндіз-түні жұмыс істейді. Онда құрғақ жуу технологиясы пайдаланылады. Жұмысшылар заманауи технологияны пайдаланып, автокөліктерді 20-25 минут ішінде айнадай жалтыратып береді, — деген Евгений Арсентьевич бокстерге жапсарлас салынған дүкенге бастап апарды. Дүкен сөрелері қосалқы бөлшектерге толып тұр. Көлікке қажеттің бәрін осыннан табуға болады. Станса жетекшісінің айтуынша, қосалқы бөлшектер мен құрал-жабдықтар көрші Ресей елінен алынған. Кешенде 30 шақты адам жұмыс істейді.

Иә, қазіргідей әр үйде 2-3 көліктен ұстайтын уақытта техникаға кешенді қызмет көрсететін мұндай орталықтардың маңызы арта түскені рас. Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланып, кәсібін кеңейтіп алған Каменскийдің бұл ісі талайларға үлгі болардай-ақ екен.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Оксана ДЕМЕНТИЕВСКАЯ


Оң өзгерістері көп аудан

Күні: , 82 рет оқылды

IMG_4444


Аудандық мәдениет үйінде облыс әкімі Н. Ноғаевтың қатысуымен Бөрлі ауданы әкімі М. Түсіпқалиевтің тұрғындарға қорытынды есеп беру кездесуі өтті. Кездесуге облыс басшысының орынбасарлары, облыстық мәслихат хатшысы М. Құлшар, облыстағы түрлі департаменттер мен басқарма басшылары қатысты.


Аудан әкімі 2015 жылды қорытындылап, ағымдағы жылы атқарылатын міндеттерді атап өтті. Өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық жетістіктері туралы баяндады. Аудандағы өндірістік мекемелер 1053,6 млрд. теңгенің өнімін өндірген болса, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 12 пайызға артып, 3 млрд. теңгені құрап отыр. Мал басы 3 пайызға көбейіп, 5 тұтынушылар кооперативі құрылды.  Шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке 7216,9 млн. теңге салық түсіп, бұл 2014 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4886,9 млн. теңгеге көп. Өткен жылы 860 жұмыс орны ашылған.  Үнемі бақылауда тұратын мәселелердің бірі – жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі. Аудан әкімі айтып өткендей, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны  2015 жылы шартты ақшалай көмек көрсету бойынша  «Өрлеу» пилоттық жобасының енгізілуіне байланысты азайған. Бүгінгі күні пилоттық жобаға 16 отбасы қатысып отыр, онда 64 адам бар. «Өрлеудің»  барлық қатысушылары – ауыл тұрғындары. Шартты ақшалай көмектің қаржысына мал, құс сатып алынған. 2015 жылы жұмыспен қамту мәселесі бойынша 2193 адам жолығып, олардың 1232-сі  жұмыспен қамтылды. Бұл  барлық жолыққан азаматтардың  56 пайызын құрайды.  «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына 417 адам қатысқан. Оның ішінде 13 адам өзінің жеке ісін дамыту үшін несие алса, 128 адам «Жастар тәжірибесіне» қатысқан, ал 67 адам әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс жасап, 209 адамға кеңес берілген.  Жалпы, ауданда барлық сала бойынша оң өзгерістер байқалады. Аудан бойынша ҰБТ-ның  орташа балы 89,23 құрап, облыстық көрсеткіштен 8,66 балл жоғары болған. Орташаландырылған пайызбен орташа балды есептеп қарағанда, ҰБТ-ға қатысу аудан бойынша 99,27 балл болып отыр.

Ал бұл – облыс  бойынша өте жақсы көрсеткіш. Үш мектеп облыстағы үздік мектептердің қатарына енді. Өткен жылы аз қамтылған  отбасыларынан шыққан балалар мен 1-4-сыныптың оқушыларына аудан бюджеті есебінен тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды.  Ыстық тамақпен қамту 39,4%-ды құрады. Биыл 1-11-сынып оқушыларына тегін тамақ ұйымдастыруға жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлінген, ыстық тамақпен қамту 100%-ды құрайтын болады. 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтудың орташа көрсеткіші  98,2 пайызды құрап отыр. Қазіргі уақытта балабақшаға кезекте тұрғандардың саны – 2100.   Өткен жылы ауданда бір мыңнан астам мәдени-көпшілік шаралар оздырылды. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға бөлінген қаражат есебінен аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтті. Жолдама бойынша жас мамандар келді. Ақсай қаласында азаматтардың барлық деңгейі-не арналған 144 пәтерлік тұрғын үй құрылысы аяқталды. Сондайақ Березов ауылының тұрғындарына 80 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Жолдар жөнделіп, қала көшелері жолдарының төсемдерін тегістеу және нығыздау жұмыстары жүргізілді. Аудан бойынша дамудың оң динамикасы байқалады. Ағымдағы жылы да ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. Олардың қатарында Аралтал ауылында 300 орындық мектеп салу, Бөрлі ауылында 140 балаға арналған балабақша құрылысын аяқтау, Ақсай қаласында 240 және 320 орындық екі балабақша құрылысы, аудан орталығы мен Бөрлі ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу, қаланың бірнеше көшелеріне күрделі жөндеу жүргізу секілді жұмыстар бар болса, тағы да басқа мәселелер 2016 жылы шешімін таппақ.

Кездесуде сөз сөйлеу үшін ауданның құрметті азаматтары Бақытгүл Оқаева мен Мұхамбетқали Ақтауов жазылды. Бұл екі тұрғын да аудан әкімінің өткен жылы атқарған жұмыстарына оң бағаларын берді. Мұхамбетқали Қуанышұлы өз бағасымен қатар, ауданда маңызды мәселе саналатын сапасыз жол мәселесін қозғады. Ол өткен жылы Ақсай-Бөрлі автожолының 14 шақырымы күрделі жөндеу жүргізуге жатқызылғанын, ал қалған бөліктері қаражат бөлінісімен қалыпқа келтірілетіні жөнінде уәде берілгенін еске салды. Сондықтан да тап осы мәселе облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың назарынан тыс қалмаса екен деген тілегін айтты.  Сонымен қатар Бөрлі-Подстепное-Елек бағытындағы жолдың сапасы да сын көтермейтінін атап өтті. Бұл жол бойында Бөрліден Облавка ауылына дейінгі аралықтағы 13 шақырым бөлігі жөндеуді қажет ететінін, ал бұл мәселе соңғы 5-6 жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқанын айтты.  Нұрлан Асқарұлы аталмыш мәселе бойынша облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау-шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуанышалиевтің жауап беруін сұрады. Басқарма басшысының айтуынша, жоғарыда аталған жолды қайта жөндеу мәселесі «Қаз АвтоЖол» ҰК» АҚ-мен жаңадан қозғалып жатыр. Жобалау-сметалық құжаттамасы да жоқ. Сондықтан да бұл жол жақын арада жөнделеді деу ертерек. Ал егер де жолды жөндеу жұмыстары қолға алынатын болса, ол дәл осы Бөрлі-Облавка бөлігінен бастау алмақ.

Ақсулық зейнеткер электр қуатының жиі сөніп қалатынын, кейде 3-4 күн бойы жарықсыз отыратындарын жеткізді. Бұл мәселе бойынша  «ЗапКазРЭК» АҚ басшысы Қуат Мусин жауап берді. «Бөрлі ауданының электр желілері өте тозған. Сондықтан да біз 2016 жылы түрлі кернеудегі 160 шақырым желіні күрделі жөндеу керек деген шешімге келдік. Соның ішінде айтылып өткеніндей, Александров ауылында шағын станса бар. Сонымен қатар Ақсу мен Ақбұлақ ауылдарындағы жоғары кернеулі желілер де жөнделмек», – деді Қуат Наурызұлы. Кездесу барысында алғашқы лекпен Ақсайға қоныс аударған Бестау мен Березов ауылдарының тұрғындары облыс пен аудан басшыларына баспанамен қамтып, жағдай жасағандары  үшін  алғыстарын  білдірді.

Өз сөзінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бөрліліктерге дағдарыс деп дүрлігудің, байбалам салудың қажеті жоқ екенін айтты. «Бұл уақыт жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін бірігіп, еңбек ететін кезең» деп атап өтті. Мемлекет басшысының дұрыс саясатының арқасында өзіміздің жоспарымызды жүзеге асыратын мүмкіндіктеріміз зор. «Бізді Бөрлі ауданының оң үрдіспен дамуы қуантып отыр. Оған қоса бұл аудан – алдыңғы  қатарлы аудандардың бірі. Әрине, барлық жоспарды жүзеге асыру үшін қаражат әрдайым жете бермейді, алайда біз тырысамыз», – деді Нұрлан Асқарұлы. Өңір басшысы өз сөзінде ауданда саяси сауатты және қоғамдық белсенді азаматтар тұрып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ бөрліліктерді ақпан айының соңында өтетін облыс әкімінің есеп беру кездесуіне  қатысуға  шақырды.

Ясипа  РАБАЕВА,

Айнагүл САҚБОСЫНОВА,

Бөрлі ауданы


Жастардың жанашырлығы

Күні: , 76 рет оқылды

1оарарараоа


Теректі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы балалар шығармашылығы орталығына қоса, экология және туризм орталығымен бірлесіп, әрі сауапты, әрі жауапты іс атқарып, көпшілікті риза етті. Бір сөзбен айтқанда, теректілік жастар табиғатқа жанашырлық танытып, өзен-көлдегі балықтар тұншықпауы үшін Барбастау өзеніне барып, экологиялық шара өткізді.


Осынау игілікті іске ауылымыздың үлкен-кішісі бірдей атсалысты. Балыққа ауа сыйлаған акция барысында 10-нан астам ойық ойылып,  балық біткенге суда еріген оттегі жетіп тұруына жағдай жасалды. Туған өлкенің табиғатына мұндай жанашырлық қажет жағдайда теректілік жастар тарапынан жалғасын таппақ.

Ерлан НАҒИМОВ,

Федоров ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы,

Теректі ауданы


«100% көгілдір отынмен қамтылған»

Күні: , 99 рет оқылды

DSC_0919


Аптаның алғашқы күнінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қаратөбе ауданына іссапармен келді. Бұл күні аудан әкімі Асхат Шахаров өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстарды саралап, алда тұрған маңызды міндеттерді нақтылап, тұрғындар алдында есеп берді.


Өңір басшысы  Нұрлан Асқарұлы  алдымен  аудан орталығында жаңадан салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты.

Жалпы көлемі 5600 шаршы метрді құрайтын кешен 160 орынға лайықталған. Ғимаратта  медициналық, әдістемелік кабинеттер, ауыр атлетика, күрес залдары мен  спортзал,  киім  ауыстыратын  бөлмелер бар.

Кешенде жаттығатын 312 оқушыға тоғыз жаттықтырушы дәріс беруде. Олардың жетеуі жоғары білімді, екеуі арнаулы орта білімді педагог мамандар. Одан соң өңір басшысы ауыз су өндірістік цехына аялдады. Өткен жыл ішінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 11,0 млн. теңге несие алып, кәсібін бастаған цехтың (қожайыны Сержан Ашығалиев) негізгі қызметі – алкогольсіз сусындар шығару.

Су өндіретін цехта 0,5, 1, 1,5 және 19 литрлік құтыларға су құятын төрт өндірістік желі орнатылған. Цехтың өндірістік қуаты сағатына 300 құты су шығарады.  «ДЕМ» сауда белгісіне ие өнім аудан және облыс орталығындағы ірі сауда орталықтарында, көрші облыстардың тұтынушыларына да ұсынылып келеді.

Қазіргі таңда жергілікті бес  тұрғынды жұмыс көзімен қамтып отырған цех басшылығы нарыққа дәмі баршаға танымал «Лимонад», «Тархун» сынды сусын түрлерін өндіруді жоспарлап та қойған.

Цехтың жұмыс барысымен танысқан облыс басшысы Нұрлан Асқарұлы жеке кәсіпкер С. Ашығалиевтің кәсіпкерлік жолдағы игілікті  ісіне  табыс  тіледі.

Одан соң өңір басшысы бастаған топ аудандық мәдениет үйінің  фойесінде Қаратөбе ауылының (Шөптікөл ауылы) бас жоспарымен танысты.

Аудан әкімі Асхат Шахаровтың есептік кездесу жиналысында алдымен тұрғындар назарына ауданның ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім, спорт және мәдениет саласындағы атқарылған жұмыстарын баян етер бейнекөрсетілім ұсынылды.

– Осыдан 25 жыл уақыт бұрын еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүгінгідей қарыштап дамудың даңғыл жолын бастады. Тәуелсіздік тұғыры одан әрі беки түсіп, ел ынтымағы, береке-бірлігі өзінің дәстүрлі деңгейінен түскен жоқ.  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2015 жылдың 30 қарашасында «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын жариялады.  Бұл Жолдауында «Дағдарыстың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі».  Қазақ елінің тағылымды тарихында бабаларымыз ел мен ер тағдыры сыналар сәтте бас қосып, кеңес құрған. Тілеуқор көңілдің ақ ниетін сезініп, ағайынның ақ батасын алған. Бүгін бізді сол жақсы дәстүрдің ізімен ауданымыздың ең басты мәдениет ордасына ортақ ниет, ортақ мақсат жинап отыр, – деп бастады сөзін аудан әкімі Асхат Шахаров.

Аудан бойынша жоғарғы қысымды газ құбыры жүргізілген Жусандыой, Қарақамыс және Қоржын ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды газдандыру жұмыстарын жүзеге асыруда облыстық бюджеттен  95 000 000 теңге, аудандық бюджеттен қосымша 16507912 теңге, барлығы 111507912 теңге қаражат қаралып, аталмыш жобалар іске қосылған. Аудан орталығы Қаратөбе ауылындағы жүзу бассейні құрылысының жобалық-сметалық құжаттары, «Қаратөбе ауылының (Шөптікөл ауылын қоса) бас жоспары және жайғастыру жобасын жасақтау» жобасы жұмыстары толықтай аяқталып, сараптамаға  тапсырылыпты.

Өткен жыл ішінде аудан бойынша жеке тұрғындардың күшімен жалпы ауданы 1311 шаршы метр 10 бір пәтерлік тұрғын үй құрылысы салынып, пайдалануға берілді.

Аудан көлемінде халықты ауыз сумен қамту жұмысын аудандық коммуналдық кәсіпорны жүзеге асырады. Материалдық-техникалық базасы жасақталған мекемеде 41 қызметкер, 11 техника  аталған бағытта халыққа қызмет көрсетуде.

Аудандағы 22 елді мекеннің 10 елді мекені халқы оқшауланған су құбырлары арқылы таза ауыз сумен  қамтылған. Бұл аудан халқының 78,1%, 10 елді мекеннің халқы жер асты суларын пайдалануда (14,3 %) және екі елді мекенге ауыз су тасымалдану арқылы жеткізіледі, бұл аудан халқының 7,6 %-ын құрайды.

Ағымдағы  жылы жеті су құбыры жүйесіне (Қаратөбе, Шөптікөл, Сулыкөл, Қарақамыс, Қоскөл, Ақтайсай, Қоржын) мемлекет тарапынан 32 672 131 теңге субсидия төленді, – деп ой өрбіткен аудан басшысы одан кейін жұмыспен қамту мәселесін тілге тиек етті.

Аудан бойынша халықты әлеуметтік жағынан қорғау мақсатында аз қамтылған отбасылар есебінен қоғамдық жұмысқа өткен жылы 325 адам тартылып, жергілікті бюджеттен 22784,00 мың теңге төленген.

Жыл ішінде 550 адам тұрақты, маусымдық және уақытша жұмыстарға орналасты. Жергілікті бюджеттен төленетін әлеуметтік жұмыс орындарына 78 адам жолданып, оларға  4104,0 мың теңге қаржы төленді. 39 адам оқуға жолданып, оған 875,0 мың теңге, 36 жұмыссыз кәсіби оқыту және қайта даярлауға жолданып, оған 1825,0 мың теңге қаржы төленді.

Ауданда 382 жаңа жұмыс орны ашылса, оның ішінде 116-сы тұрақты жұмыс орындары.

– Өткен жылы төрт рет бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, оған 73 жұмыс беруші, 240 жұмыс іздеуші қатысып, жәрмеңке қорытындысында 145 адамға тұрақты жұмысқа, 325 адам қоғамдық жұмысқа, 24 жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарына, 23 жас маманға «Жастар тәжірибесіне» жолдамалар беріліп, 52 жұмыс іздеушіге консультативтік түсінік жұмыстары жүргізілді, – деді өз сөзінде аудан басшысы Асхат Шахаров.

Аудан әкімі аудан бойынша атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, алда атқармақ жұмыстардың біразын пысықтады.

– Күн сайын ауданымыздың тұрмыс-тірлігін түгендеп, тыныс-бірлігін бүтіндеу, оның алымы мен қарымын қадағалау халық алдындағы үлкен жауапкершілік деп түсінемін. «Көп біріксе, ел болар, көп тілегі көл болар» демекші, бірлігімізге тірлігіміз жарасып, туған ауылымызды, ауданымызды тарихи маңызына сай дамытып, өркендетуде бізді біріктірер күш  бірлік қана.

Сонымен бірге  ауданымыз үшін маңызды мәселелерді шешуде облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының нақты қолдауын сезініп отырғанымызды айту парыз. Облыс басшысы шалғай өңірдің жай-күйі мен тыныс-тіршілігіне жете көңіл бөліп отыр, – деп ой түйіндеген жергілікті әкім өңір басшысына қаратөбеліктердің шынайы алғысын жеткізді.

Есептік кездесуде Аққозы ауылдық округіне қарасты «Сатыбалды» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Мұқанов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ауыл ақсақалы Еркінбек Жәнібеков сөз алып, аудан әкімі Асхат Берлешұлының өткен жыл ішінде атқарған жұмысын оң деп бағалады.

– Бүгінде елімізде Елбасымыздың жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында көптеген елеулі істер атқарылуда. Бұл – еліміздегі ұлтаралық, дінаралық, қоғамдық келісімнің берік орнағандығының айқын көрінісі. Ата-бабаларымыздың аңсаған арманы тәуелсіздікке қол жеткізу – біздің басты мерейіміз. Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем елде Елбасы саясатын қолдағанда ғана барлық ісіміз оң нәтижесін береді.

Қаратөбе ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында да оң өзгерістер бар. Бұл –  аудан басшылығының, билік басындағы мемлекеттік қызметшілердің, барша қаратөбеліктердің бірлескен жұмыстарының нәтижесі.

Облыс аудандары арасында Қаратөбе өңірі  – ауданның барлық елді мекендерін 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір аудан.

Ең бірінші кезекте таза да сапалы ауыз су мәселесі тұрады. Осы тұрғыдан алғанда, Қаратөбеден шыққан Тышқантайдың тұщы суының игілігін облыс орталығының халқы  да  көріп  отыр.

Алдағы уақытта өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және әр деңгейдегі мәслихаттар сайлауына қаратөбеліктер де белсене қатысып, өз таңдауларын жасайды деп сенім білдіремін. Болашағымыз жарқын, шуақты күндерде кездесейік, – деді жиынды қорытындылаған облыс  әкімі.

Есептік кездесу жиналысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, облыстық басқармалар мен сала басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары  өкілдері  қатысты.

Ертай  БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе  ауданы

Суретті  түсірген  Серікбай  ХАСАНОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика