Мұрағат: 06.02.2016


Ақжайықта ұтымды істер мол

Күні: , 174 рет оқылды

DSC_0179


Тіршілік қарбаласында күрделі түйіндер қай кезде де ұшырасады. Ал өткен кезеңмен салыстырмалы түрде алғанда еселене түскен нәтижесі зор іс көп. Мұның мысалы Ақжайық ауданында молынан табылады. Тұрғындар осыны орынды түрде мақтан тұтады, ауыл-елдегі уақыт талабына бейімделген игі өзгерістерге қуанады. Бұған апта сәрсенбісінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен аудан әкімі Әділ Жоламановтың есебі дәлел.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауынан, стратегиялық бағдарламаларынан туындайтын меже-мұраттар аудан әкімі  есебінің  өзегіне  айналды.

Есепті мерзімде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2,8 млрд. теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 1,7%-ға артық. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,6 млрд. теңге болса, бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 6 млрд. теңгені құрады.

Былтыр 858,6 млн. теңгенің әр түрлі салықтары мен төлемдері жинақталып, бекітілген жоспар (849,5 млн. теңге) 101,7%-ға орындалды. Салықтар мен төлемдердің түсімі 27,6 млн. теңгеге өсті.

Бюджет көлемі 5,3 млрд. теңгені құрап, 99,9%-ға игерілді.

Ауыл шаруашылығы бойынша өндірілген өнім көлемі 11,1 млрд. теңгені құрады. Шаруа қожалықтары мемлекет тарапынан берілген көмектерді пайдалана отырып, асыл тұқымды 636 бас мүйізді ірі қара, 114 бас қошқар, 140 бас жылқы сатып алды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары «Агробизнес» бағдарламасымен қатар, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларына қатысуда. Берілген тапсырма «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 24,5%-ға, «Құлан» бойынша 84,7%-ға, «Алтын асық» бойынша 44,3%-ға артық орындалды. Тұқымдық түрлендіру аясында селекциялық және асылдандыру жұмыстарына қатысатын шаруа қожалықтарының саны еселеп өсуде. Өткен жылы осы бағдарламаға 201 шаруа қожалығы және 14 селолық тұтыну кооперативі 13135 бас аналықпен қатысты. Бұл бағыт қанаттана түсуі үшін қажетті қам-қаракеттер жасалуда.

Қазіргі таңда ауданда ірі қара өсіретін жеті, жылқы өсіретін төрт, қой өсіретін бір асыл тұқымды шаруашылық бар. Алдағы уақытта олардың қатарына қосылу үшін ірі қара өсіретін үш, жылқы өсіретін бір және қой өсіретін үш шаруа қожалығы жұмыстануда. Ауылдарда озық шаруалардың тәжірибесін кеңінен тарату жөнінде іс те бәсеңсіген емес. Аудан әкімі бұл жөнінде арнайы дәрістердің, мамандармен кездесулердің, «Шаруа күндері» секілді шаралардың нәтижелі өткізілуін қаперде ұстап келеді.

Елбасы айқындаған Ұлт жоспарының 61-қадамында белгіленген ет өңдеу мәселесіне байланысты талпыныстар бар. Бұл ретте ұсақ мал сойып, өнімін өндейтін «БатысМаркаЛамб» ЖШС, 50 бас ірі қара малын соятын, алдағы көктемде іске қосылатын «БатысНық» ЖШС ет өңдеу комбинатына сенім зор. Сүт өнімін өндіру цехын ашу жоспарлануда.

Жергілікті бюджет пен ветстанса мекемесі тарапынан 8,9 млн. теңге қаражат бөлініп, екі ауылдық округте ветеринариялық  қосынға арналған ғимарат сатып алынды.

Бүгінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 71%-ы айналымда (1 млн. 23 мың га). Былтыр 18 шаруашылық субъектісінің мақсатты түрде пайдаланбаған 18,7 мың гектар жері мемлекет меншігіне қайтарылды. «Жер қатынастары жөнінде ешқандай сауатсыздыққа жол беруге болмайды», – деді Әділ Тауфиқұлы.

Аудан басшысы түліктердің бруцеллез кеселіне қарсы жұмыстардың нәтижелі жүргізілуіне сұраныс қатаң  болатынын  қаперге салды.

Өткен жылы жеке кәсіпкерлерге (68) түрлі несие беру ұйымдары арқылы 582,5 млн. теңге қаражат беріліп, несие көлемі 1,5 есеге көбейді.

19 ауылда ауыз су мәселесі шешілген, яғни халықтың 77%-ы (32612 тұрғын) таза сумен қамтылып отыр. Таза су сегіз ауылға тасымал арқылы ұйымдастырылуда (Битілеу, Атамекен, Қадырқұл, Қызылжар, Есім, Баянтөбе, Сайқұдық, Әтібек). Бүгінде Ақсуат, Атамекен, Базаршолан, Қабыршақты ауылдарына «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза су құбырын тарту үшін ЖСҚ дайын тұр. Аудан бойынша газ құбыры тартылған ауылдар саны 33-ке (бұлардағы тұрғын саны 38622 (91,3%) жетті.

Өткен жылы облыс басшылығының қолдауымен Жұбан, Сайқұдық, Есенсай және Атамекен ауылындағы тоғыз әлеуметтік нысанның жылу жүйесі табиғи газға қосылды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сәйкес республикалық бюджеттен 57,9 млн. теңге қаржы бөлініп, Чапаев ауылында — 4, Тайпақ ауылында 2 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілді. Бағдарлама бойынша жөнделген үйлерге жұмсалған қаражат қайтарылуда. Бірақ осыған қатысты түсінік жұмысын күшейту керек-ақ, — деді өз баяндамасында аудан басшысы.

Облыстық бюджеттен 337,3 млн. теңге қаржы бөлініп, Чапаев және Тайпақ ауылдарындағы орталық  көше жолдарына  жөндеу  жұмыстары  жүргізілді.

Өткен жылы инженерлік инфрақұрылымдары жүргізілген 132 жер телімі беріліп, 5308 шаршы метр жеке тұрғын үй салынды. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 69,5%-ға көп.

2015 жылдың шілде айынан «Өрлеу» пилоттық жобасы, шартты ақшалай көмек негізінде тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өткен жылы жоба бойынша 15 отбасына 2,9 млн. теңге қаржы төленіп, 14 отбасы мал шаруашылығымен, бір отбасы шаштараз кәсібімен айналысуда. Аталмыш жобаны жүзеге асыру нәтижесінде аз қамтылған отбасылар 32,4%-ға азайды.

Есепті мерзімде 708 жаңа жұмыс орны ашылып, 960 адам жұмысқа орналасты, 2014 жылмен салыстырғанда жаңа жұмыс орны 100,6%-ға, жұмысқа орналасқандар 113,2%-ға өсті (2014 жылы жаңа жұмыс орны – 704, жұмысқа орналасқан адам саны – 848). «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасының II бағыты бойынша жалпы 31 адам 70 млн. теңге несие алса, соның ішінде 25-і мал шаруашылығына, алтауы түрлі салада жұмыс істеуде (шағын балабақша, тойхана, автокөлік жөндеу цехы, шағын наубайхана, тігін цехы). Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар да мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, игілігін көріп отыр. Былтыр алты  мүгедек 11,1 млн. теңге несие алып, өз істерін ашып жұмыстануда (бесеуі – мал шаруашылығы, біреуі – шағын наубайхана).

Аудан басшысы өз есебінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салалары бойынша да орындалған істер мен таяудағы міндеттерге кеңінен тоқталды. Былтыр жазғы демалыспен балалар 100% қамтылды. Қазіргі таңда мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші – 95,4%. 2015 жылдың қорытындысы бойынша ау-данның білім саласы облыста ІІ орынға ие болды. Осындай оң беталыстарды мығым тұрақтандыру үшін қолдан келгеннің  бәрін  жасау  керек.

Аудандық орталық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында 6 млн. теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кадр жетіспеушілігі мәселесі өз шешімін тауып келеді. Бүгінде ауданымызға тек екі дәрігер қажет. Қазіргі таңда ауданның 118 түлегі медициналық жоғары оқу орындарында білім алуда. Олармен тығыз  байланыс  ұсталып  отыр.

Есепте қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіптің сақталуы туралы да баяндалды.

Тіршілікте бүкіл істің тап-тұйнақтай болуы мүмкін емес. Бір нәрсе айқын: барлық жерде оң  беталыстар, жағымды өзгерістер бар. Мүмкін біреулерге іс баяу  жүріп жатқандай көрінер, алайда өткен кезеңдермен салыстырғанда оң нәтиже жеткілікті. Соның бәрі атқарушы биліктің, мәслихаттардың, халықтың қолдауымен, ықыласымен, бірлесе әрекет жасауының  арқасында  келуде.

Үлкен басқосуда сөзін осындай лебізбен бастаған облыс әкімі Н. Ноғаев баға жетпес байлық – ірлік, ұғыныстық, ұлтаралық және дінаралық келісім туралы толғамдарын ортаға сала келіп, елдігіміздің нығая түсуінде «Нұр Отан» партиясының жуырда ғана өткен кезектен тыс сиезінің маңызын әңгімеледі. Партияның сайлауалды тұғырнамасы нағыз жасампаздық жолы болып табылады, осы жолдан баршамыздың қалыс қалмауымызға үндейді. Демек, игілігіміз үшін, ұрпақтың бақыты үшін ұйыса түсу керек.

Өткен уақыт Ақжайық ауданына да жақсылығын мол әкелгенін айта келіп, облыс басшысы ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы жылын ағайын жемісті белеске айналдырарына зор сенімін баяндады. «Алда сайлау.

Ілгері басуымызда бұл саяси науқанның маңызы айрықша. Әр сайлаушы өзінің конституциялық құқығын қапысыз пайдалануы қоғамымыз дамуының бастауы деген сөз. Әр дауыстың шешуші екенін ұмытпайық», — деді ол.

Нұрлан Ноғаев бүгіндегі әлемде кездесіп отырған қиындықтардан үрейленудің қажеті жоғын, өркендеуіміз үшін қолдағы мүмкіндікті уыстан шығармай, «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» дегендей, барды жаратып, қанағатты да ұмытпау керегін еске салды. Ол заңдылықтың барлық буында сақталуы қатаң жүргізілетінін, әлеуметтік төлемдер жөнінде ешқандай іркіліс болмайтынын да қадап көрсетті.

Облыс әкімі өзіне түскен сұрақтарға жауап қайтарды. Соның бірі – Чапаевтағы аудандық аурухана ғимаратының жөнделуіне қатысты. Жоғарыға тиісті өтінім берілді, мәселе күн тәртібінде тұр.

Ал аудан орталығының көшелері жолдарын жөндеуді жалғастыруға  биыл  қаражат  ауыспайды.

Өңір басшысы  Тайпақ ауылдық округіндегі Шабдаржапта жаңа мектеп салуды ҚПО-ның әлеуметтік бағдарламаларға бөлетін қа-ражатынан көзделіп отырғанын, ұсыныс  берілгенін  айтты.

Болат  ЕСҚАЛИЕВ,

Ақжайық  ауданы

Суреттерді  түсірген Нұрбек  ИХСАН

Ғилаж  ЛҰҚПАНОВ,

еңбек  ардагері, ауданның  құрметті  азаматы:

– 2015 жылдың жемісі аз болған жоқ. Кәсіпкерлікке ерекше назар аударылып келеді. Малды асылдандыруда айтулы істер бар. Чапаевта жуырда жүн түту цехы ашылды, бұл да жұрттың көптен бергі сұранысы еді. Облысымыздың еліміздегі басқа көптеген өңірден басым  көрсеткіштері  барына  да  қуаныштымыз.

Шара  МАНАСОВА,

аудандық   емхананың   дәрігер-невропатологі:

– «Дипломмен  ауылға» бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау саласында еңбек етуге келгендердің бірімін. Ақжайық ауданына келін болып түстім. Тұрғын үймен қамтылдым. Емханамызда жұмысымыз үшін жағдай толық бар. Соңғы жылдары салада маман тапшылығы  азая  түскені  дәтке  қуат.

Хакім АХМЕТОВ,

Тайпақ  ауылдық округі  ардагерлер  кеңесі  төрағасының орынбасары:

– Біздің ауылдық округтегі Шабдаржаптың бір үлкен мұқтажын жеткізсем деп едім. Бұл – тірлігі жақсы, ұйысқан ауыл. Тек мектеп үйі ескі, талапқа сай емес. Осында жаңа мектеп салынса деген халықтың  үлкен  тілегі  бар.


Дағдарысқа қарсы дүкен

Күні: , 222 рет оқылды

20160120_151836[1]


Орал қаласында осындай ерекше дүкен ашылды. Бұл дүкеннің атауы «Art House – Дағдарысқа қарсы» деп аталады. Бір ерекшелігі мұнда тек қарапайым адамдардың қолынан шыққан киім-кешек пен әшекей бұйымдар, опа-далаптар сатылады.


Дүкеннің иесі Екатерина Быстрянинаға бұл идея екі жыл бұрын келген екен. Өз мамандығы мұнай-газ саласы болса да, ойлана келе сауда-саттықпен айналысуды жөн көрген. Ол кішкентайынан сурет салып, киім тіккенді ұнататын, сөйтіп, сүйікті ісін жүзеге асырудың сәті түсті.

IMG-20160121-WA0011[1]«Бұл дүкенді ашудағы мақсатым – жергілікті тұрғындардың өз қолынан жасалған туындыларын ешқандай шығынсыз табыс табуына мүмкіндік тудыру. Олар ешқандай сатушы жалдамайды, дүкенді жалға алмайды, тек қана сатылған тауарының белгілі бір мөлшердегі пайыздық үстемесі ғана алынып отырады. Қалған жұмысты біз атқарамыз: тауарларды сатамыз, әлеуметтік желілерде жарнамалаймыз. Қазіргі кезде 30 қолөнершімен жұмыс жасаймын. Күннен-күнге қатары артып келеді. Біздегі тауарлардың бағасы да қолжетімді. Болашақтағы жоспарымыз сөрелердің санын арттырып, тауарлардың ауқымы мен түрін көбейту», — дейді дүкен иесі Екатерина. Бұл ойын жүзеге асыруда көмектескен ата-анасы мен сүйіктісіне айтар алғысы зор.

файрузаДүкенге қолөнер бұйымдарын қойған жандардың бірі Файруза Есмұратова (суретте) «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясында» сапа инженері болып жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта бала күтімі бойынша демалыста.

— Қызым дүниеге келгеннен кейін Инстаграм желісінен Қазақстан және Ресей қолөнершілерінің бұйымдарын көріп қызықтым. Интернет желісінде ізденіп, Қарақат Қазыбаеваның мастер-класына қатысып, өз шеберлігімді арттыра түстім. Бұл скрапбукинг техникасы маған қатты ұнады. Қазіргі таңда кішкентай сәбилерге арналған есімді түйреуіштер, браслеттер, «Анамның сыр-сандығы» сияқты фотоальбомдар, туу туралы куәліктің қабын жасаймын. Бұйымдар жасауда Германия, АҚШ, Ресей және өзіміздің Қазақстандық өнімдерді қолданамын. Инстаграм желісіндегі «fairuza.uralsk» деген аккаунтым арқылы күніне бірнеше тапсырыс қабылдаймын. «Art House» дүкені ашылғаннан кейін осы дүкенге өз қолөнер бұйымдарымды шығардым. Біз үшін бұл өте тиімді. Алдағы уақытта Орал қаласында өзімнің қолөнер бұйымдары дүкен-шеберханасын ашып, жас аналарға мастер- класс өткізсем деймін. Әрбір ана өз баласына әдемі бұйымдарды өз қолымен жасауды қалайды. Соған мүмкіндік бергім келеді. Әрқашан мені қолдап, бұйымдарыма оң баға беретін ата-анама, жолдасыма, туысқандарыма алғысым шексіз, — дейді Файруза.

Біз де ерекше дүкеннің алдағы уақытта одан әрі дамып, халыққа сапалы қызмет етуін тілейміз.

Гүлгүл ТҰРАҚБАЕВА,

М. Өтемісов атындағы

БҚМУ-дың 4-курс студенті


Ынтымақтың ұйытқысы бол, Достық үйі!

Күні: , 280 рет оқылды

До дружбы


Өткен бейсенбіде облыс орталығында көптен күткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимараты немесе Достық үйі салтанатты түрде ашылды. Жаңа ғимараттың тұсаукесер рәсіміне Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоқжанов және облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.


Үш қабатты ғимаратқа өңіріміздегі 17 ұлттық-мәдени орталық түгел орналасыпты. Ассамблеяның жастар қанаты мен облыстық  соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің бөлмелері де осында. 150 орындық концерт және 80 орындық мәжіліс залдары, жақсы жабдықталған медиация кабинеті де келушілерді қабылдауға дайын. Бұлардан басқа екі дайындық кабинеті мен хореография залы, үш тілді үйрету сыныбы, киім сақтау, бет әрлеу жеке орындары да жұмыс істемек. Аталмыш ғимаратта мүмкіндігі шек-теулі адамдарға да жағдай жасалып, пандустар мен жеделсаты орнатылған. Соңғы үлгімен жабдықталған дыбыс жазу студиясы, дыбыс режиссерінің орындары және жарық түсіру кабинетінің қызметі де ұсынылған.

— Құрметті ағайын! Бүгін тек Орал қаласы ғана емес, бүкіл Жайық өңірі үшін елеулі күн. Өйткені осында өңірімізді мекен ет-кен барлық ұлт өкілдерінің бас қосып, ісін жоспарлайтын орынның тұсауын кескелі тұрмыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықтарды біріктіріп, ортақ мақсатқа бағыттаған саясаты әлемдік қауымдастықта да лайықты бағасын алып отыр. Қазір ұлы Отанымызда 130 ұлттың баласы бір шаңырақта өзара татулық, ынтымақ жағдайында өмір сүруде. Елбасымыздың саралы саясатының нәтижесінде мемлекетімізде адамды дініне, нәсіліне, ұлтына қарап бөлушілік атымен жоқ, керісінше халықтар арасында ұлтаралық, дінаралық түсіністік пен ынтымақ салтанат құрған. Халқымыз бейбіт өмір жағдайында ұрпағын қалыпты бәсекелестікке бағыттап, өсіріп, тәрбиелеуде. Бүгінгі жағдай жарқын істердің одан әрі жалғасын табуына мүмкіндік береді. Сол орайда осы ғимаратты игілігімізге жарата берейік! — деді салтанатты рәсімді ашқан облыс әкімі Н. Ноғаев.

Ал осы айтулы шараға орай Ақжайық атырабына арнайы келген ҚХА төрағасының орынбасары, ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоқжанов: — Қайырлы күн, отандастар! Биыл, өздеріңізге аян, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Тәуелсіздік туының желбіреуі қашан да елдің бірлігіне байланысты. Ел халқының береке-бірлігі арқасында тәуелсіздігіміз нығая берсін! Осы шараның өзі тәуелсіздіктің, бірлік пен ынтымақтың, көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы қайраткерлігінің нәтижесінде жүзеге асып отыр. Айтарым, күні бүгінге дейін әлемнің 24 елінің өкілі біздің Отанымыздағы ұлтаралық татулық пен ынтымақтың үлгі-өнегесімен танысу үшін келіп кетті. Елбасының бүкіл өңір орталықтарында Достық үй-лерін салу жөніндегі тапсырмасы ойдағыдай орындалды. Бүгінгі  пайдалануға берілген жаңа ғимарат – соның соңғы нүктесі. Көп ұлтты Жайық жұртының береке-бірлігі мен ырыс-ынтымағының сарайына айналар Достық үйі құтты болсын! — деді. Сонан соң «Орыс мәдениеті» орталығының төрағасы С. Погодин жиналғандарды көпке ортақ игілікпен құттықтады.

Ғимараттың ашылу рәсімін жүзеге асыру Ералы Лұқпанұлы мен Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафинге беріліп, олар салтанатты жағдайда лента қиды. Сән-салтанаты келісті ғимаратты тұрғызған «Отделстрой» ЖШС-ның директоры В. Михно бейнелік кілтті облыс әкімі Н. Ноғаевқа табыс етті. Ал өңір басшысы тиісінше оны «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Александр Әжіғалиевке берді. Содан соң жиналған жұрт ішке енді. Облыс әкімі Н. Ноғаев пен мәртебелі мейман Е. Тоғжанов ғимаратты асықпай аралап көріп, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдеріне же-місті еңбек тіледі.

Шара барысында ұлттық-мәдени орталықтардың өнерпаздары ән салып, би биледі. Жастар тобы флэш-моб  көрсетті.

Мерекелік шара соңында дөңгелек үстел жиыны өтіп, онда алдағы атқарылар істер талқыға салынды және ассамблея жұмысына белсене қатысқаны үшін жекелеген тұлғалар марапатталды. Тәуелсіздік күнінен бастап, уақытты кері санау таймері іске қосылды. Қазақстандық бірегейлікті және жалпыұлттық бірлікті қалыптастыруға бағытталған «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобаның шең-берінде «Мейірімділік керуені» де жолға шықты. Ал тіл үйрету кабинеттерінде алғашқы сабақтар басталып та кетті. Достық үйінің тұсауын кесуге арналған салтанатты шара соңы ұлтаралық жарасымды паш еткен концертке ұласты.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Тамақ қауіпсіздігі басты назарда

Күні: , 95 рет оқылды

DMS_9076


Бейсенбіде облыстық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 21 мамырындағы №7-1/453 “Ветеринарлық құжаттарды беру тәртібі мен бланкіні талап етуді бекіту туралы” бұйрығына енгізілген өзгерістерді түсіндіруге арналған баспасөз брифингі өтті. Аталмыш өзгерістер туралы  облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қазбек Тәшімов мәлімдеді.


Жаңа өзгерістер өткен жылдың қазан айында енгізіліп, ағымдағы жылдың 4 қаңтарынан бастап күшіне енген болатын. Бұл қағидалар ветеринарлық анықтамаларды беруде кездесетін кейбір келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес облыстық ветеринария басқармасы барлық тиісті шараларды қолға алып, жаңа талапты орындауға кірісіп кеткен.

Егер бұрынғы ветанықтамалар жергілікті атқарушы органдарда күнделікті қолданылатын компьютерлік ақ қағазға басылып берілсе, енді күлгін түсті жаңа бланкіде қатаң формат сақталып, үш сатылы қорғаныстан тұрмақ. Яғни бланкінің қасбетіндегі жиектеме офсеттік баспа тәсілімен және екі түрлі тангирлік торкөздермен өрнектеліп, жалған ксерокөшірме жасауға тосқауыл болмақ. Ал берілген бланкілер орталықтандырылған ақпараттық жүйеге енгізіліп, тұрғындар арасында тамақтан болатын қауіптің алдын алады. Соның ішінде базарларда бүлінген ет өнімдерінің сатылуына жол бермейді. Бұл, әсіресе, ет саудасымен айналысатын кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы құрылымдарына тікелей қатысты болмақ.

Облыстық ветеринария басқармасы жаңа өзгерістерге байланысты аудан-ауылдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқыту-семинарларын өткізуде.

Ләззат ШАҒАТАЙ


Ғалия САТЫБАЛДИНА, ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалының директоры: «Ұлттық валютадағы салымның пайызы 10-нан 14-ке өсті»

Күні: , 138 рет оқылды

сатыбалдина-2


— Ғалия Кәмшатқызы, биылғы Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа арнаған Жолдауында дағдарысқа қарсы кешенді іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты көрсетілді. Бұл ретте Ұлттық банкке және оның өңірлердегі филиалдарына қаржы секторын тұрақтандыру, жаһандық ахуалға сәйкестендіру міндеттері жүктелгені мәлім. Осы бағытта қандай шаруалар атқарылуда?


 

— Жолдауда қаржы секторының теңгенің еркін бағамы жағдайында тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Жалпы нарықтық қатынастар жағдайында бағаны нарықтың өзі реттеп отырады. Күні кеше өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII сиезінде Елбасымыз Ұлттық валютаны Ұлттық қор қаражаты есебінен одан әрі қолдау отандық кәсіпорындардың жабылуына және қаржы жүйесінің бұзылуына соқтыратынын ашып айтты. Бағаны қалыпты ұстаудың бір жо-лы инфляция деңгейін барынша төмендету арқылы жүзеге асады. Сондықтан Ұлттық банк инфляция деңгейін инфляциялық таргеттеу шеңберінде 6-8 пайыздан 4 пайызға дейін төмендету шараларын қарастыруға кірісті.

 

— Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылдың басында елімізде екінші деңгейдегі 38 банк болса, жыл аяғына таман олардың саны 35-ке түсті. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында банктердің әлі де азая түсуі ықтимал. Әр банктің өз клиенттері, өзіндік орны бар дегенмен, қаржы жүйесін жылдам тұрақтандыру, оны жаңа жаһандық нақты ахуалға сәйкестендіру уақыт күттірмейді. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында Ұлттық банкке екінші деңгейдегі банктердегі жұмыс істемейтін несиелер бойынша стресс-тестілеу жүргізу тапсырылды. Мұның өзі қаржы нарығын «нашар» ойыншылардан тазарту жұмыстарына ұқсаңқырайды ма?

 

— Дәл солай деп кесіп айту қиын. Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев биылғы жылдың қыркүйек айына дейін банктердің стресс-тестілеуден өтетіні туралы мәлімдеді. Стресс-тестілеуді өткізу қажет, өйткені қаржы саласында күтпеген жағдай туындамауы үшін оның алдын алған абзал. Мұндай шаралар банк секторындағы тұрақтылықты нығайтып, екінші деңгейдегі банктерде стресс сценариі орын алған жағдайда ықтимал шығындарының шамасын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар осы шара банктерді капиталдандыру мөлшерін белгілейді. Қаржылық тұрақтылықты орнықтыруға бағытталған жұмыстардың бірі — банктердің қызметіне халықаралық стандарттарды енгізу арқылы реттеу талаптарын оңтайландыру. Нақ осы шаралар еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болып, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграция жағдайында отандық банктердің бәсекеге қабілеттілігін көтереді.

 

– Ұлттық валютаны, өзіміздің төл теңгемізді қадірлеу мәселесі маңызды құжат Елбасы Жолдауынан көрініс тапты. Алайда «аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, 2008 жылғы дағдарысты еске алсақ, банк секторына деген сенімділікті нығайту өзекті екені түсінікті. Бұған қатысты пікіріңізді білсек.

 

— Мемлекет басшысы Ұлттық банкке долларсыздану тетіктерін кеңейте отырып, өзіміздің теңгемізге деген сенімді нығайтуға қол жеткізуді тапсырды. Елбасымыз ұлттық валютамыз – теңгеге сенуіміз керектігін үнемі айтады. Барлығымыз да теңгемен сауда жасап, теңгемен есептесуге үйренуіміз қажет. Сауда орындарына барғанымызда, қажетті бұйымдарды, азық-түлікті теңгеге сатып аламыз. Жалақыны да теңгемен аламыз. Ендеше, ақшаны неге доллар түрінде сақтауымыз қажет? Қазіргі уақытта жинағыңызды есепшотта теңгелік депозитте сақтаған тиімді. Екінші деңгейдегі банктердің барлығында теңгелік депозиттің пайыздық мөлшері долларлық депозитпен салыстырғанда едәуір жоғары. Ұлттық банк теңгенің рөлін көтеруге бағытталған шаралар топтамасын жасақтауда.

 

— Ғалия Кәмшатқызы, жақында «Каспий банк» басқармасының төрағасы Михаил Ломтадзе мырза еліміздегі банктердің басшыларының бірде-бірінің өз жинақтарын теңгелік депозитте сақтамайтынын, мұндай жағдайда теңгелік депозиттермен қалай жұмыстанамыз деп ашық мәлімдеді. Өзіңізге белгілі Ресейде рубльге қатысты күрделі жағдай орын алғанда, рубльдік депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі 15-20 пайызға дейін көтерілді. Бізде пайыз көтеру қашаннан бастап іске қосылады?

 

— Бәлкім, әлі де кейбір отандастарымыздың санасында шынайы патриотизм қалыптаспаған шығар. Мақтанғаным емес, өз басым жинағымды теңгемен сақтаймын. Ашығын айтсақ, шетелге шықпайтын, тек еліміздің ішінде сауда жасайтын тұрғындарға долларлық салымдардан гөрі теңгелік салымдар тиімдірек. 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың облыстағы банктердің филиалдарындағы салымы 121,2 млрд. теңге шамасында. Өкінішке орай, ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 31,8%-ды немесе 38,5 млрд. теңгені құрады. Бірақ соңғы кездері облысымызда шетел валютасына деген сұраныс азайды деп айтуға болады. Мысалға, өткен жылдың желтоқсан айында облыс тұрғындары 26,5 млн. доллар сатып алса, ағымдағы жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш жедел деректерге сәйкес 18,5 млн. доллар шамасында болып отыр. Осының өзі теңгеге деген сенімнің күшейіп келе жатқанын байқатады. Теңгені нығайту бір күндік шаруа емес, сондықтан осы тақырыпта тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізудеміз.

Қазақстанның салымдарға кепілдік беру қоры биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттерінің пайыздық мөлшерлемесін 10%-дан 14%-ға өсірді. Ал шетел валютасындағы салымдардың пайызы 3%-дан 2%-ға дейін төмендетілді. Осының өзі теңгелік салымдардың тартымдылығын арттырып, халықтың жиған ақшасының қорғалатынын көрсетеді.

 

— Доллардың шектеп сатылатыны туралы, депозиттегі салымды алуға тыйым салынатыны жөнінде алып-қашпа әңгіме көп. Мұндай шаралар алынуы мүмкін бе?

 

— Жоқ, Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев Ұлттық банктің мұндай шектеулер енгізуді жоспарламайтынын айтты. Оның айтуынша, долларды сатуға және депозиттегі салымды алуға шектеу салу еліміздің заңдарында, валюталық режимді жеңілдету шеңберіндегі міндеттемелерде де қарастырылмаған. Сондықтан әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарға сенуге болмайды.

 

— Әңгімеңізге рақмет.

 

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Таза суға сұраныс көп

Күні: , 123 рет оқылды

IMG_3118


Облыс әкімі жанындағы баспасөз қызметі ұйымдастырған кезекті баспасөз-туры «Uralsk Spring» Кристальная» атауымен таза ауыз су өндіретін «Фирма Родник» ЖШС-да  жалғасын тапты.


Бұл кәсіпорын облыста алғашқылардың бірі болып 2001 жылдан бастап таза ауыз  су өндіре бастады. «Фирма Родник» ЖШС-ның өнімі «Uralsk Spring» Кристальная» атауымен нарыққа шыға бастағанына биыл 15 жыл толмақ. Бүгінгі таңда заманауи жабдықтармен жабдықталған жаңа кешен Батыс Қазақстан облысын ғана емес, Атырау, Ақтау облыстарын да таза сумен қамтамасыз етіп келеді. Ресейдің көршілес аудандарымен де келісімдер жүргізілуде. Өндіріске тартылған инвестицияның жалпы көлемі 205 млн. теңгені құраған.

– Кәсіпорын  қала іргесінде тұрғызылған кешенге желтоқсан айының соңына дейін түгел көшірілді. Жаңа скважиналар мен лаборатория іске қосылды. Зауыт ауыз су өнімдерінің газдалмаған бес  және 19 литрлік,  газдалған және газдалмаған сулардың 0,5, бір, 1,5 литрлік  бөтелкедегі түрлерін өндіреді. Өнімге жыл өткен сайын сұраныс та көбеюде. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша алынған несиені кезең-кезеңмен өтеп келеміз. Қала бойынша бес жұмыс орнын ашып, 121 адамды жұмыспен қамтыдық. Қызметкерлерімізге барынша қолайлы жағдай жасаудамыз. Доллар бағамының өсуі, елдегі дағдарыс жағдайы біраз қиындықтар туғызғанымен, оны сылтауратып жұмыс күшін азайтпақ емеспіз. Басты мақсатымыз – бізге сенім артып отырған халықты таза әрі пайдалы ауыз сумен қамтамасыз ету, — дейді «Фирма Родник» ЖШС-ның жетекшісі Лилия Хайруллина.

Аталмыш кәсіпорында бес жылдан аса қызмет атқарған инженер-технолог Елена Шукурова өнім сапасының бәсекеге қабілетті екендігін  алға тартты.

– Бұл жерде судың сапасы мен минералдардың құрамы күн сайын тексеріліп, қатаң бақыланады. Лабораториямыз жаңа технологиялармен жабдықталғандықтан, түрлі деңгейдегі микробиологиялық және физика-химиялық талдауларды жасауға қауқарлы. Сондықтан өнімнің нарықтағы бағасына сапасы сай келеді, — дейді ол.

Кәсіпорынның жұмыс қуаты сағатына 19 литрлі 450 бөтелке, 1,5 литрлі  2400 бөтелке шығаруға қауқарлы. Бекітілген кестеге сәйкес газдалған сусын 12 ай, газдалмаған суды алты айға сақтауға дайындалады. Айта кетелік,  бұл жердегі дайын өнім экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі көп реттік пайдалануға қауқарлы  поликарбонаттық бөтелкелерге құйылады. Бұлардың пластиктен жасалатын ПЭТ-бөтелкелерден айырмашылығы поликарбонаттық бөтелкелер суға зиянды қалдықтарды бөлмейді және таза суды ұзақ мерзімге сақтауға қабілетті.

Серіктестік 15 жыл ішінде сәйкесінше көптеген сапа сертификаттарына ие болған. Соңғы кездері өнім түрлері мен қызмет көрсету саласын да кеңейткен. Енді тұрғындар ауыз суды ғаламтор сайты мен мобильді қосымша арқылы да тапсырыспен қол жеткізе алады. Бұл табиғи ауыз су енді жаңа қаптамада сатылымға шығарылуда.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»


«Кім болам?»

Күні: , 117 рет оқылды

IMG_2990


«Кім  болам?», «Қай оқуға барамын?». Бұл сауалдар қазіргі таңда барша мектеп түлектерінің санасында жүргені  белгілі.


Кеше «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының ұйымдастыруымен осы тақырыпта мектеп оқушыларымен кезекті кездесу өтті. Қаламызда, болмаса басқа да аймақтарда мамандар жетіспеушілігі, соның ішінде техникалық бағыттағы кадр жетіспеушілігі байқалады. Кездесуге техникалық салада өз жұмысының білікті де тәжірибелі маманы атанып үлгерген жастар қатысып, оқушыларды толғандырған сауалдарға жауап берді. Техникалық және кәсіптік білімді дамыту және біліктілікті берудің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы облыстық филиалының маманы  Ж. Хайрулин, «КазТрансГазАймақ» АҚ техникалық бөлімінің маманы А. Сайлаубек және «НефтиГазГеолог» АҚ-дағы техникалық бөлім маманы М. Салауатұлы өз жұмыстарының қоғамда қаншалықты маңызға және сұранысқа ие екенін айтып, оқушылардың техникалық мамандыққа деген қызығушылығын оятты.

«Жас  Отан» жастар қанатының облыстық  филиалы


Хартияға қол қойды

Күні: , 93 рет оқылды

Сайлау-цв


Өздеріңізге мәлім, 20 наурыз – ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлау күні. Осыған орай бейсенбі күні Батыс Қазақстан облысы аумағында әрекет ететін БАҚ басшылары сайлау науқаны кезінде еліміздің «Сайлау туралы», «БАҚ туралы» заңдары және ең бастысы ҚР Конституциясына сәйкес жұмыс істеу жөніндегі хартияға қол қойды. Облыстық ішкі саясат басқармасында өткен жиын барысында әуелі «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова әріптестерін хартияның мәтінімен тегіс таныстырып, бұл құжаттың қоғамдық-саяси мән-маңызына тоқталды.


– Хартия Қазақстан Республикасының негізгі заңы – Конституция, сондай-ақ  «Сайлау туралы» және «БАҚ туралы» заңдарға ешқандай қайшы келмейтіндей дәреже-деңгейде жазылған. Демек, бұқаралық ақпарат құралдары депутаттықтан үміткерлер жөнінде ақпарат тарату барысында бірде-бір отандасымызды әлеуметтік жағдайы мен ұстанған дінинаным-сеніміне, нәсілі мен жынысына тағы да басқа ерекшеліктеріне орай кемсітуге жол бермеуі тиіс. Сонымен қатар сайлауға қатысты үгіт-насихат науқаны барысында барлық саяси партиялардың мүшелері мен мүдделеріне БАҚ атаулы бірдей ақпараттық мүмкіндік беруі шарт. Міне, осындай демократиялық орынды талаптардың жиынтығына ай-налған хартияға қол қоюға менің ешқандай қарсылығым жоқ, – деді «Надежда» газетінің бас редакторы Болат Мәуленберлиев. Осы мазмұндағы пікірлерін «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Б. Ғұбайдуллин, «Қазақстан» РТРК АҚ БҚО филиалының директоры А. Ғұбашев, «ТДК-42» телеарнасының директоры Т. Трифонова және «Жайық үні» газетінің бас редакторы М. Шүйіншәлиева да білдірді.

Тура осы хартияға осыдан бірер күн бұрын Астана қаласында Бас редакторлар клубының ұйытқы болуымен бір топ республикалық БАҚ басшылары қол қойған болатын.

Өз тілшіміз


Батыс Қазақстан облысы әкімі Н. Ноғаевтың ел-жұрт алдындағы есепті баяндамасының тұжырымдары

Күні: , 125 рет оқылды

фото Рафхат Халелов (9)


ӨНЕРКӘСІП

2015 жылғы қаңтар-желтоқсанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 1259,8 млрд. теңге құрады, өнімнің нақты көлем индексі — 94,7%.

Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1120,8 млрд. теңге, өңдеу өнеркәсібінде  95,5 млрд. теңге құрады.

2015 жылы ИИДМБ және Индустрияландыру картасы шеңберінде 73 жұмыс орнын құрумен 17,1 млрд.теңгеге 2 жоба іске қосылды:

– ГТЭС 200 МВт, бірінші іске қосу кешені («Батыс Пауэр» ЖШС);

– сүт өнімдерін өндіру цехы («Жұмағұлова Б. М.» ЖК).

 Сонымен бірге 2016 жылы іске қосу мерзімімен 246 жұмыс орнын құрумен 51,8 млрд. теңгеге 5 жоба іске асырылуда.


АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 91,8 млрд. теңге немесе 2014 жылдың тиісті кезеңіне 96,1%-ды құрады. Төмендеу өсімдік шаруашылығы өндірісі көлемінің азаюына (14,7%-ға) байланысты, атап айтқанда, 2015 жылғы құрғақшылық салдарынан дәнді дақылдардың жалпы өнімін жинау көлемі кеміді.

77,5 мың тонна ет (тірі салмақта) өндірілді немесе 2014 жылдың тиісті кезеңіне 105,7%-ды құрады, сүт – 225,9 мың тонна (100,9%), жұмыртқа – 149,7 млн. дана (95,9%).

2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда шаруашылықтың барлық санаттарында мүйізді ірі қара мал саны 2,8%-ға (оның ішінде сиыр  7,2%-ға), қой  4,8%-ға, ешкі  4,2%-ға, жылқы  12,2%-ға өсті.

ШАҒЫН  ЖӘНЕ  ОРТА  КӘСІПКЕРЛІК

 2015 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істейтіндер саны 108,1 мың адамды құрады, бұл 2014 жылдың тиісті кезеңіндегі  деңгейден  2,9%-ға көп.

2015 жылғы қаңтар-қыркүйекте шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 737,3 млрд. теңгеге тауар (жұмыс, қызмет) өндірілді.

2015 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыруға  2,6 млрд. теңге бағытталды, оның ішінде ҚР Ұлттық қорынан — 0,9 млрд. теңге.

2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Батыс Қазақстан облысының Өңiрлiк үйлестiру кеңесiмен жалпы сомасы 5,9 млрд. теңгеге 108 жоба мақұлданды.

ИНВЕСТИЦИЯЛАР

Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 28,0%-ға өсіп, 354,8 млрд. теңге құрады.

Инвестициялар өсімі шетел кәсіпорындары қаражатын қоса есептегенде кәсіпорындардың өз қаражаттарының 1,6 есеге ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың едәуір үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібіне (69,4%), көлік және қоймалауға (6,5%), жылжымайтын мүлікпен жасалатын  операцияларға  (6,3%)  тиесілі.

Сонымен бірге өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар 1,6  есе өсіп,  19,6 млрд. теңге  құрады.

DMS_2609ҚҰРЫЛЫС

Құрылыс жұмыстарының көлемі 11,6%-ға өсіп, 84,5 млрд. теңге құрады.

261,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді немесе 2014 жылғы қаңтар-желтоқсандағы деңгейге 101,8%.

ТАУАР АЙНАЛЫМЫ

Бөлшек тауар айналымының көлемі 0,2%-ға өсіп, 216,7 млрд. теңге құрады.

ҚАРЖЫ

Мемлекеттік бюджетке 186,3 млрд. теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналды (болжамға 107%), оның ішінде республикалық бюджетке түсімдер – 124,7 млрд. теңге (болжамға 108%), жергілікті бюджетке – 61,6 млрд. теңге (болжамға 105,1%).

ҚР Ұлттық қорына түсімдер бойынша республика аймақтары арасында облыс 2 орынға ие (285,2 млрд. теңге).

БАҒАЛАР

Инфляцияның жалпы деңгейі 112,4% құрады (республикалық көрсеткіш – 113,6%). Азық-түлік тауарларының бағасы 10,2%-ға өсті, бұл республикалық көрсеткіш деңгейінен 0,7 пайыздық пунктке төмен, азық-түлік емес тауарлар – 21,4%-ға (республикалық көрсеткіш – 22,6%-ға), ақылы қызметтер – 6,1%-ға (республикалық көрсеткіш – 8,1%-ға).

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайды (2015 жылғы 3 тоқсанда).

2015 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен 1380,8 млн. теңге, оның ішінде шағын несие беруге 465,7 млн. теңге, инфрақұрылымдық жобаларға 489,9 млн. теңге, жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге 215,5 млн. теңге бөлінді.

9510 жұмыс орны құрылды. 10637 адам жұмысқа орналасты, оның ішінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында – 4325 адам. «Жастар тәжірибесіне» 1415 адам жолданды, соның ішінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында – 818 адам.

Орташа айлық еңбекақы 2015 жылғы 3 тоқсанда 6,1%-ға өсіп, 116066 теңгені құрады.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды қамту 28,5 мың баланы немесе мектепке дейінгі жастағы балалардың жалпы санының 62,3%-ын, 3-тен 6 жасқа  дейінгі  балаларды қамту  97,9%-ды құрайды.

2015 жылы шетелдік инвесторлар қаражаты есебінен Жәнібек ауданының Жәнібек ауылында 290 орынды және жеке инвестициялар есебінен Зашаған кентінде 200 орынды 2 балабақша салынды.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен Орал қаласы Зашаған кентінде 1200 орынды мектеп, Жаңақала ауданының Жаңақала ауылында 100 орынды интернатымен 600 орынды 2 мектеп салынды.

Апатты мектептерді жою мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 3 мектеп салынды. Орал қаласында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы салынды, 5 білім беру нысаны күрделі жөнделді.

Орал қаласында 300 төсек-орынды қалалық көп бейінді аурухана құрылысы жалғасуда.

Облыстық Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының, Орал қаласындағы облыстық Достық үйінің құрылысы аяқталды. 4  аудандық  Достық  үйлерінде  күрделі  жөндеу  өткізілді.

Қаратөбе және Жымпиты ауылдарында әрқайсысы 160 көрермен орынды, Орал қаласы Зашаған кентінде 320 көрермен орынды 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Орал қаласында жоғарғы спорт шеберлігі мектебі күрделі жөнделді.

ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

2015 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен Сырым ауданы Жымпиты ауылында және Теректі ауданы Федоров ауылындағы екі су құбыры объектісі қайта жаңартылды.

Үш газбен қамту жобасының құрылысы аяқталды, бір жобаның құрылысы жалғасуда. 12 ауылдық елді мекенге газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілді.

ҚР Ұлттық қоры қаражаты есебінен Орал және Ақсай қалаларында жылумен қамту және су бұру желілерін қайта жаңарту бойынша жеті жоба іске асырылды. 11 шақырым су бұру және 3,4 шақырым жылумен қамту  жүйелері  қайта  жаңартылды.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен 33 көп пәтерлі тұрғын үй жөнделді.

Жалпы ұзындығы 116 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары  күрделі  және  орташа  жөнделді.


«Шыңғырлаудың халқы еңбеккер»

Күні: , 105 рет оқылды

IMG_0068


Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Шыңғырлау ауданының әкімі Алдияр Халеловтың тұрғындар алдындағы есепті жиынына  қатысты. Өңір басшысы жиын алдында жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесіп, бүгінгі шаруа ахуалы, кәсіпкерліктің жай-күйі туралы әңгімелесті. Мәдениет үйінің шағын залында орналастырылған ауыл округтерінің жетістіктері, кәсіпкерлердің алдағы уақытқа межелерін белгілеген макетті жоспарларымен танысты.


Кәсіпкерліктің бүгінгі деңгейі, ертеңгі жоспары, болашақтағы ауқымы мен қиындықтар тудырып отырған мәселелері тұрғысында сұрақтар беріп, олардың ел экономикасына, дамуына қосар үлесі хақында сыр тартты. Осы арада аудандық бөлім басшыларына сала бойынша сұрақтар қойып, атқарылған жұмыстар мен қиындық тудыратын мәселелер жөнінде мәлімет алды.

Тұрғындар алдындағы есеп беру жиынын аудан әкімі А. Халелов өткен жылғы  атқарылған істердің қорытынды баяндамасымен бастады.

— Есептік кездесулер маған аудан әкімі ретінде өте маңызды. Өйткені олар алдағы жұмыстардың бірінші кезектегі міндеттерін анықтап, тұрғындардың қажеттілігімен біздің жоспарларымыздың сәйкестігін салыстыруға мүмкіндік береді, — деген ол: — Өткен 2015 жылы осындай есептік кездесулерде аудан тұрғындарының тарапынан 21 ескерту мен ұсыныс түсіп, оларға іс-шаралар жоспары жасақталды, көтерілген мәселелердің бірқатары шешілді. Шешімін таппаған мәселелер қомақты қаражат қажет ететіндіктен, айтылған ұсыныстарды мүмкіндігінше шешуге жұмыстанудамыз. Үстіміздегі 2016 жылдың қаңтарында өткен барлық ауылдық округтегі кездесулерде де тұрғындардан 8 түрлі ұсыныс пен сұрақ түсіп, жауаптар, түсініктер берілді. Олардың орындалуын алдағы жұмыс жоспарында ескеретін боламыз, — деп атап өтті. Баяндама барысында тілге тиек болған мәселелер ішінде нәтижелі өткен Елбасы сайлауы, ұйымшылдықпен атқарылған жыл тойлары – Қазақ  хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мерейлі мерекелері атап өтіліп, бір кісідей жұмыла атқарылған ауқымды шаралар үшін аудан тұрғындарына алғыс айтылды. Осы шаралар аясында халқы үшін тыныш жатпаған, Табын Бөкенбай батырға арналып түсірілген тарихи-деректі «Аққұмнан шыққан ақберен» атты фильм, өңірден шыққан озық талант, әнші Қалампыр Рахимоваға орнатылған ескерткіш мүсін бүгінге мәдени-танымдық шара, ертеңге тарихи аманат екені айтылды. Жалпы, жыл бойына аудан тұрғындарының қатысуымен 100-ге тарта мәдени шара өткізіліп, елдің рухани сұранысы лайықты деңгейде орындалуда.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында Белогор ауылдық округінің әлеуметтік нысандарын және «Арай» балалар жазғы лагерін түгелдей көгілдір отынмен қамту жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар  Сегізсай, Алмаз, Лубен, Қайыңды, Қарағаш ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды газдандыру мәселесі 2016 жылы жалғасын тауып, аудан орталығындағы 290 орындық балабақша қолданысқа берілетін болады. «Жаңғырту» бағдарламасы аясында екі қабатты үйлерді жөндеу жұмыстары бағытында 5 екі қабатты тұрғын үйдің терезелерін ауыстыру және кәріздер орнату жұмыстарына 19 млн. 800 мың теңге бөлініп, жұмыстар түгелдей аяқталған. Сондай-ақ аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шатыры мен қабырғалары ауыстырылып, Шыңғырлау спорт клубы құрылған. Жергілікті «Темірлан» шаруа қожалығымен келісімшарт жасақталып, ат спорты клубы жұмыс жасауда. Көкпар, жамбы ату, аударыспақ және тағы да басқа ұлттық спорт түрлері қолға алынып, ат спортына қатысамыз деушілердің саны артып келеді. Осындай ізгі істердің қатарында «Оралагрореммаш» акционерлік қоғамының күшімен салынған  Л. Қылышев атындағы Шилі мектебінің аумағынан орын алған шағын футбол алаңы бар. Ұлттық спортты және басқа да спорттық ойындарының қолжетімді болуына мемлекеттік және жеке меншік әріптестіктің септігі зор. Ауылдық округ әкімдерінің бастауымен Ащысай және Амангелді ауылының ұзындығы 3 шақырымды құрайтын көшелеріне демеушілер арқылы шағыртас төселіп, Қарағаш ауылында газ құбыры желісінің тартылуын пайдалана отырып, жеке тұрғын үйлер секторына ауыз су тартылып берілген. Белогор ауылында «Сәулет плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен ауылға кіреберістегі көпір жөндеуден өткізіліпті. Осы тектес мемлекет және жеке меншік әріптестік шараларының арқасында аудан бюджетінің қаржысы үнемделген.

Жаһандық дағдарыс әсері шешімін шегіндіріп отырған мәселелер де бар, қаржы тапшылығы жобалық-сметалық құжаттамалары дайын Тасмола, Ащысай, Амангелді және Лубен ауылдарын таза ауыз сумен қамту мәселесін кейінге қалдырып отыр.

Өткен жылы 387 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 55 жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. 515 жаңа жұмыс орындары ашылып, белгіленген меже 150 пайызды көрсетуде. Жыл бойына 308 жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға тартылып, 39 жұмыссыз әр түрлі мамандықтарға оқытылып, 29 жұмыссыз тұрақты жұмысқа орналасқан.

Білім саласындағы басты назар шағын елді мекендердегі мектептердің жабылуына ауып отыр. Өткен жылдың өзінде халықтың, оқушы санының азаюына байланысты екі мектеп жабылды. Оның алдыңғы жылдары 1 орта мектеп  негізгіге, ал 4 негізгі мектептер  бастауышқа айналғанын ескерсек, алаңдайтын негіз де бар. Ауылдық жерлердің басты тиянағы – мектеп, мектептердің жабылуы халықтың жаппай көшуіне әкеліп соғатыны айтпаса да түсінікті. Сол сияқты 2015 жылдың қорытындысы бойынша 428 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Бұл мәселені жоғарыда аталып өткен жаңа балабақша құрылысы толық шешеді деген сенім бар. Аталмыш сала бойынша алдағы уақытта аудан орталығында мектеп-гимназия ашу мәселесі қарастырылуда.

Ұлт көшбасшысы өз Жолдауында кәсіптік білім беру жүйесіне жоғары маңыз беріп отыр. Ауданда бұл оқу жүйесі қолжетімді. Шыңғырлау колледжі – облыс  бойынша 14 колледж арасындағы дуальдық оқыту жүйесінің элементтеріне енгізілген бірден-бір оқу орны.

Баяндама барысында өткен жылы Ащысай ауылдық округінің «Ғайни» шаруа қожалығының соңғы үлгідегі жел және күн энергиясын пайдаланатын гибридтік электрстанциясын орнатқаны, бүгінде ауданымызға Ақтау, Орал, Ақсай, Ақтөбе  қалаларынан келіп кәсіптерін ашып, жұмыс орындарын береміз деген инвесторлар ниет білдіріп, алыс елді мекендердің жел және күн энергиясын пайдаланатын будандық (гибридтік) электрстанциясына қызығушылық танытқандар да табылып жатқаны айтылды. Сондай-ақ алдағы күндерге арналған міндеттер мен жоспарлар да аталып өтті.

Бұдан әрі 112 асыл тұқымды бұқа сатып алынып, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 31 бас мүйіз-ді ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша 221 бас жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 446 бас қой,  барлығы  81,9 млн. теңге мақсатты пайдаланылған мал шаруашылығындағы жетістіктер туралы сөз қозғалып, бес ауылдық жерде құрылған селолық тұтыну кооперативтері туралы айтылды.

Бұдан басқа ауданымыздың шағын бизнес субъектілері 3,6 млрд.-тан астам теңгенің өнімдерін өндіргендігі аталып өтті, шағын және орта бизнес субъектілерінен түскен салық көлемі 74,6 млн. теңгені құраған.

Күні бүгінге дейін ауданда 21 шағын цех тіркеліп, 103 адам қызмет жасауда. Шағын цехтардың  ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісінің көлемі 93,4 мың теңгені құрды. Дәл осы уақытта аудан бойынша 544 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген, жұмыс істеп тұрған 387 нысанда 739 адам қызмет етеді.

Баяндамадан соң сөз алған аудан тұрғындары – зейнеткер  ұстаз Б. Сапаров музей ашу туралы ұсынысын білдірсе,  Шыңғырлау колледжі директорының  орынбасары С. Шынгужиева және кәсіпкер М. Байжанов, Белогор ауылдық мектебінің мұғалімі Ш. Искакова елдегі ілгерілеушіліктер мен атқарылған шаралардың бүгінгі аудан дамуына қосқан үлесіне тоқталып, аудан әкімінің жұмысын оң бағалады.

Облыс әкімі Н. Ноғаев тұрғындарға басталған жылымыздың сәтті, табысты болуына тілек білдіре отырып, өткен жылғы басты іс-шара Елбасы сайлауын өткізу мәселесінде ұйымшылдық, бірлік танытқан көзі ашық, көкірегі ояу, қоғамдық шараларға белсенді атсалысатын шыңғырлаулықтарды алдағы Парламент мәжілісі  мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау науқанына да саналы көзқараспен қатысуға шақырды.

— Бүгінгі кездесуде орындалған шаруаларды ортаға салып отырсыздар. Атқарылған іс көп, баршасының ортасында өздеріңіз жүрсіздер, көңілге толымды, өнімді жұмыстар атқарылған. Мұның бәрі бөлінген қаражатты тиімді пайдалануды білдіреді. Сіздерде бүгінгі таңда арнаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған, жетіспей жатқан, орындалмай жатқан мәселелер жоқ, бұл көңіл қуантады. Соңғы жылдарда қозғалған газдандыру, ауыз су, шаруашылық суымен қамту, жолдың жөнделуі, көпірлер құрылысы, балабақша мәселелері рет-ретімен шешімін тапты. Өздеріңізден түскен ұсыныс пен пікірлерге басымдық бере отырып, біз мұны бірлесе шеше алдық, осылай жалғастыру керек. Орындалған жұмысқа, аудан әкімінің қызметіне оң бағамды беремін және менің жергілікті жерлердегі әріптестеріме, жергілікті билік орындарына көрсеткен қолдау-көмектеріңіз үшін алғыс білдіремін, — деді  өңір басшысы. Бұдан әрі тұрғындардан түскен бір сұраныс – музей  мәселесінің ғимараты белгіленіп, құжаттары даярланып қойғанын, таяу уақыттарда бұл мәселе де шешімін табатынын айтып өтті.

— Жұмыс бабымен әр өңірде болып жүреміз, әр мекеннің, аймақтың өз ерекшелігі, мүмкіндігі бар, Шыңғырлау ауданының ахуалы ауданға кіреберісінен-ақ бірыңғай ілгерілеушілік, алға басу байқалады. Халқы ұйымшыл, саналы, еңбеккер. Алдағы уақытта да алауыздықтан алыс, ұйымшылдыққа бейім болайық, бұл ел ішіндегі ірі істерге жол ашады, — деп түйіндеді өз сөзін Н. Ноғаев.

Аймақ басшысының оң бағасы тұрғындар көңілін марқайтып, алдағы күндерге нық сеніммен қарап,  серпінді еңбек етуге шақырғандай.

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ,

Шыңғырлау ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика