Мұрағат: 04.02.2016


Мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда

Күні: , 236 рет оқылды

04 жанибек


Жәнібек ауданы әкімінің есебіне қатысуға келген өңір басшысы Нұрлан Ноғаев  «Жәнібек — Қазталов» республикалық маңызы бар жолының 20 шақырым бөлігіне жасалынып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл үлкен істі өткен жылы мердігер «РСУ-1» ЖШС қолға алып, 6,2 шақырым жолдың негізгі жабынын аяқтаған. Биыл  республикалық  бюджеттен осы жұмысқа 800 миллион теңге қарастырылып отыр. Аталған жолдың күрделі жөндеу жұмыстарымен облыс әкімі жіті танысып, облыстағы тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.


Аудандық  мәдениет үйінде оздырылған аудан әкімінің қорытынды есебі бейнетүсірілім арқылы көрсетіліп, аудан басшысы Мұрат Мұқаев баяндама жасады.

— Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдаудың арқасында ауданның ауыл шаруашылығы саласында бірқатар істер атқарылды. Ауданда жүргізілген түсінік жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік бағдарламаларға қатысушы шаруашы-лықтардың саны 2012 жылмен салыстырғанда 3,2 есеге артып, 144 ШҚ және бір ауылдық тұтынушы кооперативін құраған болса, осы кезеңде оларға төленген демеуқаржының жалпы көлемі 6,6 есеге артты. Жалпылай есептегенде, 2012-2015 жылдар аралығында аудан шаруашылықтары барлығы 620 миллион теңге көлемінде демеуқаржы алды. Соның нәтижесінде аудан бойынша мал басы көбейіп отыр. Елбасының мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасына орай, 2015 жылы Ресейге 592 тонна ет шығарылды. Бұрнағы жылмен салыстырмалы түрде айтсақ, экспортталған ірі қараның саны 4473 басқа немесе 372 тоннаға артты. Өткен жылы облыс көлемінде алғашқы болып құрылған «Хан түскен» ауылдық тұтынушы кооперативі алты елді мекен тұрғындарының 778 бас ірі қара малының аналығын тартып, 26 бас қазақтың асыл тұқымды бұқасымен қамтамасыз еткені үшін 18 миллион теңге көлемінде демеуқаржыға ие болды. Ауылдық тұтыну кооперативінен тұскен қаржы есебінен Жақсыбай ауылында екі құдық қазылып, Талов ауылындағы зират қоршалды. Қалған қаржы мал азығын сатып алуға жұмсалды. Сондықтан тұтыну кооперативін құру басқа ауылдық округтерде қолға алынуы қажет, — деді ол.

Бұдан соң аудан әкімі «Агробизнес — 2020» бағдарламасының тұқымдық түрлендіру бағыты бойынша былтыр 144 ШҚ және бір ауылдық тұтыну кооперативі иелігіндегі ірі қараның 10373 бас аналық малы 354 бас асыл тұқымды бұқалармен қамтылғанын, сондай-ақ 17 ШҚ 7664 бас аналық қойын 258 бас асыл тұқымды қошқармен қамтамасыз еткендігін, барлық ауыл орталықтарында жеке табындағы 3399 бас аналық малы 119 бас асыл тұқымды аталық бұқамен қамтылғанын, сөйтіп ауданның 12900 бас аналық малын тұқымдық түрлендірумен қамту арқылы тұқымдық түрлендіру деңгейі 90 пайызға жеткізілгенін мәлім етті. Аудан басшысы бұдан әрі кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік қолдауды жалғастыру, жұмыспен қамту саясаты, жол, жеке тұрғын үй құрылысын салуды қолдау, жас мамандарды тұрғын үймен қамту, ауылдарды абаттандыру, бұқаралық спортты өр-кендету жұмыстарына тоқталып, бұл тұрғыда жасалған, алда атқарылатын жұмыстарды баян етті. Мұрат Рахметұлының айтуын-ша, өткен жылдың қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 26-ға азайып, 43 отбасыны құраған. Жұмыссыздарды түрлі жұмыстарға орналастыру арқылы былтыр жұмыссыздық деңгейі 0,3 пайызға дейін төмендеген. Өткен жылы облыстық бағыныстағы жолдарды өз қарамағына алудың нәтижесінде Жәнібек — Талов автожолы жөнделіп, ретке келген. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын таппақ. Жергілікті «Символ» ЖШС жас мамандарға арналған тұрғын үйлерді салу жұмысын жүзеге асырып, нәтижесінде бұрнағы жылдан бастап аудан орталығында 2 екі пәтерлі және 11 бір пәтерлі тұр-ғын үйлердің, барлығы 15 пәтердің құрылысы аяқталып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес ауданға қызмет істеуге келген түрлі сала мамандары жаңа қонысқа ие болды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджет есебінен 18 млн. 214 мың теңге қаржы бөлініп, Ақоба, Борсы ауылдарына спорт алаңдары салынып, Қамыстыдағы бұрынғы мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл аталған бағдарламаға сай тағы да екі ауылдық округ орталығына спорт алаңдарын салу жоспарланып отыр. Сол сияқты аудандық спорт мектебінің жанынан мүмкіндігі шектеулі балаларға иппотерапия әдісімен емдеу жүргізу мақсатында биыл ат спорты бөлімшесі ашылды.

— Елбасының салиқалы саясатының арқасында елімізде жарқын істер жүзеге асуда, — деді жиында сөз алған зейнеткер Нұрман Түменов, — Соның айқын көрінісі — аудан орталығындағы 290 орындық балабақшаның өткен жылы салынып, пайдалануға берілуі. Сәулетті балабақша құрылысы үшін, құрметті Нұрлан Асқарұлы, сізге ата-аналар атынан алғысымды жеткіземін. Ауданда жас мамандарға тұрғын үй салу жұмыстары да қарқын алды. Жәнібек — Қазталов жолының құрылысының басталуы көңілімізді көншітеді. Бізді ұзақ жыл жөндеу көрмеген аудан орталығындағы көше жолдарының жүруге қиындығы қинайды. Біздің ауданда асфальт зауыты ашылған жағдайда осы көшелерге асфальт төсеуге көмек көрсету жайын сұраймын, – деді ол.

Жиында аудандық театрдың режиссері Әлішер Кенжеғалиев жас мамандарға қолдаудың жылдан-жылға жақсарып келе жатқандығын ризашылықпен айта келе, Борсы, Ұзынкөл, Тау ауылдарындағы мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізу мәселесін көтерді. Есепті кездесу барысында «Ерлан» ШҚ басшысы Боранбай Айтқалиев және аудандық орталық аурухананың дәрігері Бақыт Қанатов ауданда жыл ішінде атқарылған жұмыстарға қанағаттанғандықтарын білдіріп, аудан әкімінің жұмысына оң баға берді.

Аудан әкімінің ел алдындағы қорытынды есептік кездесуінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткен жыл еліміз тарихында даталы жылдар болғанын сөзіне сүйеніш ете отырып, биыл да Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толатынын, соған орай Ұлт жоспарына сай іс-шаралар қабылданғанын, осы мақсатта тарихтың ақ таңдақ беттерін толықтыруға мүмкіндіктің мол екенін баяндап өтті.

— Алдымызда Парламент Мәжілісі, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу науқаны тұр. Бұған барлықтарыңыздың да үлес қосатыныңызға сенемін. Сайлауға барып, өз қалауыңызды білдіру азаматтық парыз болып саналады. Аға буынның ерлік, елдік ісін жалғастырып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосайық. Ауданда біраз игілікті істер атқарылған. Әлжуаз топтарға көрсетілетін көмек тоқталмайды. Әлеуметтік төлемдер, зейнетақы, шәкіртақы да солай. Елбасының көреген саясатының нәтижесінде елде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаушылармыз. Халықтың мұқтажын, талабын республикадағы министрліктерге жеткізіп, ұсыныстарымызды айтамыз. Елдің тұрмысы жақсарған сайын мәселелер де туындап отырады. Бұл да дұрыс. Мысалы, Жәнібек ауданына балабақша салу мәселесі 3-4 жылдан бері мәселе етіп қойылып, бұл түйін шешілді. Бұған қуаныштымыз. Биыл ауданыңызда асфальт зауыты салынады. Соны пайдаланып, көше жолдарын жөндеуге 250 миллион теңге қаржының жайын шешуге тырысамыз. Сондай-ақ үстіміздегі жылы Тау ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеу үшін 52 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Халыққа жағдай жасау біздің міндетіміз болып табылады. Бүгінде жұмыс істеймін, табыс табамын деп талпынған жанға жағдай жасалуда. Бұл мақсатта әркім өзінің тірлігін танытып, отбасын қамтамасыз етуге тиіс. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдаланып, кәсібін ашып, ондаған, жүздеген адамдарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер қатары көбеюде. Мұндай еті тірі жандар сіздің ауданда да жеткілікті. Төрт түлік мал өсіру оңай шаруа емес. Соны өз еңбегі арқылы көбейтіп, кәсіпкерлік саласын дамытып отырған жандар мақтауға тұрарлық. Әрине, кемшін тұстар да бар. Жол қатынасы нашар, шалғай аудандарда екінші деңгейдегі банктер жұмысы кенжелеп қалуда. Қазір облыс бойынша Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарының орталықтарына асфальт жетпей жатыр. Облыста газдандыру мәселесі оң жолға қойылды. Облыс бойынша тұрғындардың 93 пайызы көгілдір отынды пайдалануда. Сіздердің аудандарыңызда бұл көрсеткіш 96,5 пайызды құрайды. Ауыз сумен облыста тұрғындардың 87 пайызы қамтылған. Жәнібек ауданында да көрсеткіш осындай. Аудан әкімі Мұрат Рахметұлы халықпен жұмыс істей алатын іскер басшы екенін көрсетті. Облыс басшыларының қойған тапсырмаларын жоғары деңгейде орындайды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бар күш-жігерін жұмсап келеді. Осындай бірлік пен ынтымақтастық танытып, жұмыла еңбек етсек, алынбас қамал болмайды. Алдағы уақытта да Жәнібек ауданының жұртшылығы осы үрдістен шығады деп сенемін. Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді жиынды қорытындылаған облыс басшысы.

Жиын аяқталған соң өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы аудан орталығындағы құрылысы өткен жылы аяқталып, пайдалануға берілген 290 орындық «Алтын ұя» бөбекжайында болып, ғимаратты аралады. Бөбекжай қызметкерлерімен емен-жарқын сөйлесіп, жаңа мекенжайға интерактивті тақтаны сыйға тартты. Облыс әкімі, сондай-ақ былтыр ашылған аудандық мұражайға ат басын бұрып, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы аясында жәнібектік қылқалам шеберлері жасаған «Жәнібек отты жылдарда» атты панораманы көріп, соғыс шарпыған ауданның өткен тарихымен танысты.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы


«Кітап ғылыми ізденіске айналса…»

Күні: , 164 рет оқылды

DMS_8066


Өткен сейсенбі күні «Жайық Пресс» медиахолдингінің баспасөз орталығында  Батыс Қазақстан облысының баспасөз тарихын қамтитын «Хабар-Известия» 1918. «Қазақ дұрыстығы — Киргизская правда» 1919» атты кітаптың тұсаукесері болды. Тұсаукесерге Қазақстанның баспасөз тарихын зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты  Қылышбай Сүндетұлы Атырау қаласынан арнайы келіп, қатысты. Сондай-ақ дөңгелек үстелде М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ж. Исмурзин, өлкетанушы, тарих магистрі А. Құрымбаев, өлкетанушы, аудармашы, Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы М. Жахатов сынды өлке тарихына жанашыр азаматтар бас қосып, ой бөлісті.


— Біз 2011 жылдан бастап облыс баспасөзінің тарихын зерттеумен айналыстық. «Қазақстан» газетін кітап етіп шығарып, Астана қаласында ғалымдардың қатысуымен тұсаукесерін жасаған едік. 2013 жылы жазда Мәскеуге барып, мұрағатты қопарып қарасақ, «Ұран» газетінің ізімен «Хабар-Известия» газеті шыққанына көз жеткіздік. Бүгінгі газетіміздің бастауында тұрған «Ұран» газеті туралы ізденіп, тауып, жинақ етіп шығардық. Бүгін, міне, «Ұран» газетінің жалғасы, соңғы бес жылда атқарған жұмыстарымыздың сүбелісі – «Хабар-Известия. 1918. «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» 1919» атты кітапты жарыққа шығарып отырмыз. «Тарихтың қойнауында қалған, сарғайған бұл газеттерді біз неге іздедік, бұл газеттер не үшін, кімге керек?» десек, отаршылық замандағы саяси қысастықтың орнын толтыру, баспасөз тарихымызды зерттеу арқылы өңірдің сол замандағы тыныс-тіршілігіне зер салу бізге міндет болды. 1937 жылдары облыстық басылымның бес редакторы ату жазасына кесілгені белгілі. Елдің болашағы үшін елдік мәселені көтерген, халықтың мұңын мұңдап, жоғын түгендеген азаматтарды кейінгі ұрпаққа танытуды мақсат еттік, — деді басқосуда «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Набиоллаұлы Сафуллин (суретте).

«Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» газеттері 1918-1919 жылдары Бөкей ордасы ауданы, яғни сол кездегі Хан ордасы ауылында жарыққа шыққан. Кітап 680 беттен тұрады. Ресейдің Мәскеу мемлекеттік мұрағатында сақталған «Хабар-Известия» газетінің 26 саны, «Қазақ дұрыстығы — Киргизская правда» газетінің 19 саны қазақ-орыс тілінде толық берілген. Кітап қазақ баспасөзі тарихын зерттеушілерге, жалпы оқырманға арналып шығарылған.

Атыраулық ғалым Қылышбай Сүндетұлы мен «Жайық Пресс» ЖШС жанындағы БҚО баспасөз тарихын зерттеу орталығының жетекшісі Қазбек Қабжанов кітаптың тұсауын кесті.

— Маған Орал қаласы білім, тарих, өнердің ордасы сияқты, — деді құттықтау сөзінде Қылышбай Сүндетұлы (суретте). — Бүгінгі күн мен үшін ерекше, өлке баспасөзін зерттеуді жүйелі түрде қолға алған «Жайық Пресс» ұжымына ризалығым шексіз. Менің де баспасөз тарихына бет бұрғаныма 30 жыл болды. 2006 жылы тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар зерттелмей жатқан батыс өлкесі баспасөз тарихын зертте деп ғылыми жұмысыма жетекші болған еді. 2006-2007 жылдары Орал қаласындағы мұрағатта жұмыс жасап, 2008 жылы М. Өтемісов атындағы БҚМУ қабырғасындағы ғылыми кеңесте «Қазақстанның батыс өлкесіндегі баспасөздің дамуы. 1917-1940 жыл» атты кандидаттық диссертацияны сәтті қорғадым. Енді осы жұмыстың басы-қасында жүрген жігіттер аудандық газеттер шежіресін жасаса деген тілегім бар. 1927 жылы 24-27 қаңта-ры күндері Орал қаласында Орал губерниялық «Қызыл ту» және «Красный Урал» газеттері тілшілерінің үлкен сиезі болды. Сол сиез материалы Қазақ ұлттық кітапханасының сирек қорында сақтаулы. Сол жерде 1938 жылы репрессияға ұшырап, атылып кеткен редактор Рақым Сүгіровтің сол жылдардағы газеттің бағытын көрсеткен үлкен баяндамасы бар. Бұл облыс баспасөзі үшін үлкен мағлұмат болар еді.

Қылышбай Сүндетұлы – баспасөз тарихына байланысты жазылған 344 мақаланың, 9 кітаптың авторы. Оның кейбірі еліміздің жоғары оқу орындарының оқулығына айналған. Тарихшы Жантас Набиоллаұлына «Қаһарлы жылдар шежіресі, 1941-1945 жылдар» кітабын табыс етті.

 Бұдан кейін кітапты баспаға дайындап, араб тілінен аударған Қазбек Қабжанов пен Мұратбек Жахатов, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы Жәнібек Исмурзин сөз сөйлеп, кітаптың қалай дүниеге келгені жалпы ұлтқа берер сабағы туралы әңгімеледі.

Тұсаукесерге қатысушылар кітаптың өлке тарихына қосылған сүбелі еңбек екенін айтса, өлкетанушы Айболат Құрымбаев (суретте): «Кітап өткен ғасырдағы жергілікті халықтың тыныс-тіршілігінен мол мағлұмат беретін құжат» деді.

— Адам, жер-су аттары, тарихи оқиғалар, жалпы сол заманның тыныс-тіршілігі кітаптан айқын көрініп тұр. Кітап беттерін па-рақтап отырып, Бөкей ордада «Жігер» атты жастар бірлестігі құрылып, жұмыс істегенін, театр қойылымдары туралы оқып, біл-дік. Кітаптан мен өз нағашы жұртымды таптым. Яғни нағашы атам мен нағашы әжемнің аталары табылды. Сабыржан Шәкежанов деген атам 1-дүниежүзілік соғысқа қатысқан соғыс ардагері болыпты. Кейін хан ордасында жандармерияда жұмыс жасапты. Сейтекпен байланысты бір оқиға үшін жұмыстан шығарылыпты. Бірақ әскери қызметте болғаны себепті аман қалған. Сол кезде өңірде құрылған «Кедейлер» комитетінің құрамында болған Бисалиев Мұстафа деген нағашы атамды да осы кітаптан таптым. Кеше тума-туысқа хабарлап, әулетімізбен шексіз қуанышқа бөленіп жатырмыз, — деді Айболат Құрымбаев.

Жиында Жантас Набиоллаұлы осы кезге дейін «Орал өңірі» газетінің шыққан күні 17 қараша деп тойланып келгенін, бірақ газеттің бастауында тұрған «Қазақстан», «Ұран», «Хабар-Известия» газеттерінің 1917 жылы 28 шілдеден бастап жарыққа шыққанына орай «Орал өңірі» газетінің туған күнін 28 шілде деп белгілеу туралы ұсыныс айтты. Жиналған ғалымдар бұл ұсынысты қолдады.

— Біз кітап шығарумен ғана шектеліп қалмай, одан әрі кең көлемде жұмыстануды жоспарлап отырмыз. Студенттер, магистранттар мен жас ғалымдар біз зерттеп шығарған газеттердің тарихын одан әрі зерттеймін десе, құба-құп. Газеттерді ғылыми тақырып етіп алып зерттесе, оларға қаржылай көмек беруге дайынбыз. Мұрағаттарда отыру, іссапарларға шығу неме-се олардың еңбегін бағалап стипендия төлеуді қолға алғалы отырмын. Еңбегіміз кітап күйінде қалып қоймай, ғылыми ізденіске айналса деймін. Сондықтан бұл тұрғыда ғалымдар тарапынан болған ұсыныстарды қолдауға әзірмін, — деді Жантас Набиоллаұлы.

Тұсаукесер соңында Атырау мемлекеттік университеті жанындағы Қылышбай Сүндетұлы жетекшілік ететін З. Қабдолов атындағы ғылыми зерттеу орталығымен меморандумға қол қойылды. Екі орталық болашақта кітап алмасып, тығыз-қарым қатынаста бірлесіп жұмыс істеуге келісті.

Жантас Сафуллин «Қазақстан», «Ұран» газеттерінің электронды нұсқасын Ж. Молдағалиев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасына тарту етті.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Жыныстық жиһад: шындық пен дақпырт

Күні: , 1 574 рет оқылды

full-09117ada-1452463499


Соңғы жылдары қоғамда жыныстық жиһад туралы  көп айтылып жүр. «Жыныстық жиһад деген не? Ол қай елде және қандай жолмен жүзеге асуда? Одан Қазақстанның қыз-келіншектеріне қандай қауіп бар?» деген сауалдар төңірегінде іздендік…


Жыныстық жиһад 2013 жылы пайда болды. Сауд Арабиясының тұрғыны уахабшы (ваххабит) шейхы Мұхаммад әл-Арифи әйелдерді Сириядағы Башар Асадтың жүйесіне қарсы соғысып жатқан содырларға төсек қызметін көрсетуге үндеген. Бұл туралы құлақтанған Еуропа мен Шығыс елдерінің жүздеген мұсылман әйелдері Сирия мен Ирак жерінде дін атын жамылған экстремистік «Ислам мемлекеті» ұйымының әскеріне жыныстық қызмет көрсету үшін жан-жақтан ағыла бастаған. Қыздардың кейбірі қызық іздеп барса, кейбірі исламдықтар арасынан күйеу табуға дәмелі, ал үшіншісі төсек туралы қиялын іске асыруға асыққан. Бұлардың барлығы да мұндай волонтерлық жыныс қатынасы өздерін жұмаққа апарады деп сенеді. Осындай алдамшы түсінікке мәз болып барған қыз-келіншектерді керісінше, зорлық-зомбылық, қорлау және өздері қаламаған жүктілік күтіп тұрады екен. Ең қиыны – Сириядағы осындай тозақтан қашып шығып, елдеріне аман жеткен әйелдерді не тумалары, не қоғам қабылдамайды. Олардың кейбірі өздеріне қол салып, өмірмен қоштасып жатыр. Австрияда мұндай әрекет қылмыстық кодекспен жазаланады. Осы елдің Вена қаласынан Сабина (15 жас) мен Самре (17 жас) күйеуге шығуды армандап, Сирияға әдейі барған. Бірақ олар көп кешікпей елге сәлем айтып, өздерін құтқаруды сұраған. Ал Сауд Арабиясынан барған Аиша аль Бакри үш айдан соң еліне оралып, журналистерге сұхбат беріп, осы үш айда 1000 моджахедпен төсектес болғанын, олардың арасында Алжир, Пәкістан, Сомали, Ирак, Эфиопия азаматтарының бар екендігін айтыпты.

Адам айтса нанғысыз…

Исламда әйел, анаға ерекше құрмет көрсетіліп, «Жұмақ ананың аяғы астында» делінеді. Алайда Сирияда керісінше исламның асыл құндылықтары тапталып, өзін мұсылманмын деп көрсетіп, діннің атын жамылған экстремистік көзқарастағы әкелер қыздарын өз қолымен төсекке салып беріп жатқанын оқып, жағаңды ұстайсың. Мына бір мысалға қараңыз. 2013 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында сириялық 16 жасар Раван Кадактың (Rawan Qadah) әкесі жыныстық жиһадты өз үйінде ұйымдастырғаны туралы жазылды. Ол 7-10 содырды үйіне шақырып және күн сайын ауысып отырған ол еркектер сорлы қызды зорлаған. Ал әкесі қызының жылағанына, айқайына құлақ аспаған. Жыныстық күңдікте бірнеше ай болған Раван ақыры қашып шығып, сириялық жауынгерлерден көмек сұраған.

«Олар маған жұмақты уәде етті…»

Жыныстық жиһад туралы ең алғаш дабыл қаққан Тунистің ішкі істер министрі Лотфи Бен Джедду болды. Ол 2013 жылы қыркүйек айында сириялық қыздардың жыныстық жиһадқа кетіп, онда 20-100 содырмен төсектес болып, елге жүкті болып, баланың әкесінің кім екенін білмей оралып жатқанын қынжыла айтқан. Тунистік баспасөз Сирияның Идлиб қаласы маңындағы жыныстық лагерьде мыңнан аса әйелдің тұратынын жарыса жазған. «Al Mijhar» жорналында аталмыш жиһадтан жүкті болып оралған 21 жасар сунниттік қыз «Олар маған жұмақты уәде етті, сондықтан 152 еркекке берілдім» деп сұхбат беріпті. Бұл масқара әлем журналистерін бейжай қалдырмады. АҚШ журналистері Рут Майклсон мен Анна Терез Дэй Сирияға әдейі барып, зерттеп, ақырында ол елде жыныстық жиһадтың барын дәлелдей алмаған. Елге оралған соң «Сирияда ешқандай жыныстық жиһад жоқ. Бұл Башар Асад пен Ресей журналистерінің «Ислам мемлекеті» ұйымының атына күйе жағуы» деп жазған.

Содыр Әбу Күсейдің мәлімдемесі

Бірақ артынша Әбу Күсей (Abu Qusay) есімді жиһадшы Тунистің бір телеарнасына сұхбат береді. Ол жыныстық жиһадтың барын, өз басы бірнеше қызды төсекте пайдаланғанын, Сирияға жыныс волонтерлерінің көптеп келіп жатқанын және әйелдердің әр түрлі ұлттан, соның ішінде көбі Батыс елдерінен екенін айтады. Ал 2014 жылы содырлар Тикрит пен Мосул қалаларын басып алып, халықты тұрмысқа шықпаған қыздарын жыныстық жиһадқа жіберуге үндеген. «Содырлармен жатып шыққан қыздар өз бойларын тазартып, күнәдан пәк болады. Ал егер бас тартса, Аллаһтың бұйрығын орындамай, күнәға батады және ондай қыздар шариғаттың заңы бойынша қатаң жазаланады» деп жазылған үнпарақ таратқанын Мысырдың «Al-Masry Al-Youm» газеті де жазған. «Focus» деген неміс жорналы: «Исламдықтар («Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы) өздері жаулап алған аумаққа қатаң ереже енгізіп, жас қыздарды төсек қатынасына зорлықпен тартып жатыр» деп жазды.

Жыныстық жиһадта болып, жынданып кеткен

Қыздардың басын айналдыру әдетте әлеуметтік желілер арқылы іске асуда. Содырлар ғаламтор арқылы қыздармен танысып, оларды Сирияға не Иракқа келуге, «Ислам мемлекеті» ұйымының жауынгерлеріне күйеуге шығуға үгіттейді. Сирияның жаулап алынған аймағында арнайы неке агенттіктері жұмыс істейді. Үгіт-насихат сондай-ақ әлемнің жоғары оқу орындарында экстремистердің әйелдері мен қарындастары арқылы да іске асуда.

Террорлық әрекеті үшін ұсталып, сотталған күйеуінің азғыруымен Сирияға барған ингушетиялық бір әйел содырлардың лагерінде болған 1 айда жынданып кеткен. Ол ақыры қашып шығып, Түркияның шекарасында ел билігінен көмек сұраған. Түркия әйелді Мәскеуге жолдаған. Алдаудың құрбаны болған әйел құқық қорғау құрылымдарының өкілдеріне Сириядағы жыныстық жиһад туралы көрген-білгенін айтып берген. «Ол лагерьлерде әйелден аяқ алып жүре алмайсың. Орыс, қазақ, американдық, қара нәсілді әйелдер. Олардың кейбірі балалы, жүктілері сол жерде жеңілденіп жатыр… Ал ол жердегі өмір адам төзгісіз», — деген әйел. Өткен жылы Мәскеудің таңдаулы университеттерінің бірнеше студенті Сирияға қашты. Сол елде соғысып жүрген жігіті, иорданиялық Язан Адель Галим Аббастың шақыруымен жолға шыққан И. Бабыкина Внуков әуежайында ұсталды. Немесе Түркия шекарасынан Сирияға өтпек болған жерінде ұсталған Варвара Караулова, ал шекарадан өтіп кеткен М. Исмайлова. Бұл тізім осылай жалғаса береді… Өткен жылдың аяғында «Содырларда жыныстық күңдікте болған бір әйел «ДАИШ» (ИГИЛ) содырларының басшысы Абу Анасты атып тастады» деп хабарлады «The Daily Mirror». Терроршы әйелді бірнеше ай бойы қамауда ұстап, зорлап, ұрыпсоғып, ара-тұра қол астындағы содырларға «сыйға» беріп тұрған. Сырттан барғандарды айтпағанда, 2014 жылы Сирияда жергілікті 5 мың әйелді жыныстық күңдікке салу үшін ұрлап кеткен.

Қазақстаннан жыныстық жиһадқа кеткен әйелдер бар ма?

Ал Сирия мен Ирактағы жыныстық жиһадта Қазақстанның қыз- келіншектері бар ма? Бұл сұраққа мамандар ақпарат беттерінде өз жауаптарын берген. Теология және философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетайұлы: «Қазақстанда әйелдердің жыныстық жиһадқа кету қаупі жоқ» дейді.

Ал исламтанушы, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Мүмінов «Жыныстық жиһадтың Қазақстанда жаппай өріс алмағанын, тек қана кейбір жамағаттар арасында осы бағытта әдейі дайындалған адамдар болуы мүмкін екенін, Қазақстаннан жиһадқа кеткен әйелдер өз күйеулерімен, балаларымен бірге кеткенін, сондықтан да қазақстандық әйелдердің жыныстық жиһадқа кету қаупі жоқтығын айтады. Лайым, солай болғай! Дін атын жамылған мұндай арсыздық пен шектен шығушылықтан сақтасын!

  (мақала ғаламтор материалдары көмегімен жазылды)

Мұратбек ҚЫСТАУБАЕВ,

Орал медресесі директорының орынбасары, Мысырдағы Әл-Азһар ислам университетінің  түлегі әрі магистранты, исламтанушы:

— Исламда жұбайының көзіне шөп салу, зинақорлық үлкен күнә саналады. Ақпарат көздерінің мәліметі бойынша, Сирияда жыныстық жиһадта жүрген әйелдер бір күнде бірнеше рет, 15-20 содырмен некесін қидырады екен. Олар, менің білуімше, Мутға (уақытша) неке қидырып, осындай әрекетке барушылар. Ол – белгілі бір уақытқа келісілген үйлену келісімі. Мутға аталу себебі ер адам қыз баланы белгілі бір уақытқа пайдалануға келіседі, ол уақыт күн, ай немесе жыл болуы мүмкін. Мысалы, ер адам әйелге «Өз нәпсіңді маған бір ай шамасында пайдаланғыз немесе бір айға үйленейік» дейді. Үйленудің бұл түрін төрт мәзһаб ғұламалары бірауыздан жоққа шығарды. Өйткені пайғамбарымыздың (с.а.у.) адамдарды бұл әрекеттен қайтарған хадистері көп. Әли Ибн Әбутәліптен жеткен хабарда пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелдерді пайдалануға, яғни әйелді белгілі бір уақытқа тұру мақсатымен болған некеге тыйым салған. Уақытша неке харам саналады. Сол себепті Алла Тағала халал еткен некенің шариғи мақсаттарына мүлде қарама-қайшы. Өйткені некенің мақсаты – ер мен әйел арасындағы махаббат, мейірім және екеуін өлім ажыратқанға дейін мәңгі бірге болу немесе шариғи жолмен талақ болып ажырасқанға дейін бір шаңырақ астында болу. Шариғи неке ерлі-зайыптылардың арасын байлайды, сол арқылы балалы-шағалы болады, ал уақытша некеде бұл мүлдем жоқ. Уақытша некенің арам болу себебі – әйелді бейне бір тұтынатын заттай етіп көрсетеді. Алла сақтасын, бұл – үлкен әрі кешірілмес күнә.

Жарас АХАНОВ,

Батыс Қазақстан облысы дін мәселелерін зерттеу мекемесінің директоры:

— Дінді радикалдық көзқарасқа айналдыру діни экстремистік ұйымдардың басты нысанасы болып алды. Адам айтса нанғысыз аталған жағдайлар мұсылманшылықта жоқ құбылыс екенін теолог мамандар айтуда. Бұл бәле қайдан шықты? Өздерін мұсылманмын деп жүрген Сирия, Ирак жеріндегі, қала берді біздің еліміздегі кейбір қарындас-апаларымыз бұл масқаралыққа қалай сенуде? Қарапайым, өзін мұсылманмын деп жүрген әйелдер мұндай адам сенгісіз жағдайға қалай барады? Ер-азаматтар харам нәрсеге қалай қолын созады? Бұл тек қана діни-психологиялық қалыптасқан үрдіс емес. Мұның артында үлкен саясат жатыр. Бұл – мұсылман қауымына күйе жағу. Біздің облыста осындай жағдайға ұмтылған фактілер тіркелді. Зерттеп қарасақ, әйел азаматшалардың бұл жағдайға дейін келуіне бірнеше фактор әсер еткен. Тұрмыстың төмендігі, күйеуінің отбасында ортақ түсіністік танытпауы және дәстүрлі емес діни бағытты ұстануы немесе уақытында қандай да бір әлеуметтік жағдайлармен жапа шегіп, қоғамға деген қарсылық көзқарасының қалыптасуы себеп болған. Мұндай азаматшалардың жан-жағында олардың қоғамға қарсылық көзқарастарын одан әрі радикалдандырып отыратын ортасы үлкен рөль атқарады. Қашан да, қай жерде де өздерін аз топпыз деп ойлайтын орта өзара ауызбіршілікте болатыны хақ. Бұл психология ғылымында дәлелденген. Ал теріс діни көзқараста жүрген азаматтар қоғамда аз болғандықтан, өзара керемет тығыз қарым-қатынаста, сыйластықта болады. Өздерін халифат деп жариялап, экстремистік пиғылда соғысып жатқан жерлерде осы жақсы қарым-қатынас пен сыйластық бұдан да керемет болады деген сенімді ойда болғандарды «Жиһад жолында қайтыс болсаң, жұмаққа бірден кіресің» деген жалған идеология одан сайын радикалдық көзқарасқа жетелеп отыр. Әрине, қоғамға деген жиіркенішті сезімін қалыптастырып алған, шатасқан діни фанат адам мұндайға сенеді. Міне, бұл – қазіргі қарапайым діндар адамның радикалдануға айналу себептері. Бұл идеологиямен жарақтанған азаматтар мен азаматшалар жоғарыда баяндалған қандай бір лас істерге бара алады. Бұл – көріністердің себептері. Ал салдарымен күресу қазіргі таңда мемлекет тарапынан белсенді жүргізілуде. Бұл жағ-дайлармен халық, жалпы қоғам болып күресу абзал.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Шоңайдан шыққан генерал

Күні: , 481 рет оқылды

Один в форме


Биылғы 28 ақпанда көрнекті әскери қайраткер, генерал-майор Шәкір Жексенбаевтың (1901-1988) туғанына 115 жыл толмақ.


Бөкей ордасы ауданы Қаракөл-Шоңай маңында өмір есігін ашқан генерал Ұлы Отан соғысынан кейін Мәскеуде тұрғанымен, туған жерімен байланысын үзген жоқ. Сол келген кездерінде өзі еске алғанындай, Адай руының кеңшалбар бөлімінен тарайтын Қолөткенов Жексенбайдан үш ұл, екі қыз өрбіген. Ұлдары Айталы, Орынбай, Шанабас. Шәкір мен Сәтбай Айталыдан туған. Шәкірді қарт анасы Айғаным бауырына басқандықтан, ол Жексенбаев, Жексенбайұлы болып жазылған. Нулы да сулы Шоңай көлін қазан төңкерісіне дейін хан тұқымдары Махамбет, Науша, Нәреш, Сұлтан, Ибраш, Сәлім (шын аты Сәлімгерей) Бөкейхановтар жайлаған. Осы маңдағы ең биік те сәнді ғимарат Махамбеттің қарағай үйі болған (Махамбет пен Науша Бөкейхановтардың атақты күйші екені де мәлім).

Жалпы, Шоңай көлінде жиырмадан астам рудың екі жүздей шаңырағы түтін түтеткен. Шоңай көлінің шығыс бетіндегі 6-7 ша-қырым қашықтықта Тастөбе аталған жерде Жексенбайдың жазғы орны болған. Табиғаты ерекше, айнала көк шалғын. Жазда киіз үйлер тігілген. Соның бірінде 1901 жылы Шәкір шыр етіп жерге түскен. Алдымен Шоңай көліндегі бастауыш мектепке жаяу барып оқыған жасөспірім 1912-1917 жылдары Ордада білім алады. Тіпті осындағы педагогикалық училищенің 1 курсын тәмамдап үлгереді. Ағаларына ілесіп, Басқұншақ тұз өндірісінде жұмыс жасаған Шәкір 1919 жылы 20 маусымда дәл осы Шоңайдың көк шалғын жерінен атқа отырып, Ордаға біржола аттанады. Анасы Жәмила көз жасын көл қылып, қимай шығарып салады.

Бұл Хан ордасында жаңа өкімет орнап, қазақтың тұңғыш атты әскер полкі ұйымдастырылып жатқан кез-тін. Шәкір Жексенбаевтың әскери өмірі осылайша басталған еді.

Генералдың өз қолымен жазған өмірбаянына қарағанда, аталмыш полктің курсанты болып қабылданған жас жігіт кейін атты әскер эскадроны құрамында Орынборға ауысады. Борисоглебск атты әскер курсында оқып, 1920 жылы 30 маусымда командир атағын алып, І дербес қазақ атты әскер дивизионына оралады. Әуелі взвод командирі, кейін эскадрон командирінің көмекшісі болған Шәкір Жексенбаев арнайы жолдамамен Бас штаб академиясында төрт жыл оқып, 1924 жылы жоғары әскери білім алып шығады. Қызмет баспалдағымен өрлеген қазақ жігіті рота командирлігінен Қазақ АССР Орталық атқару комитеті атындағы біріккен әскери мектептің оқу бөлімінің бастығы, Қазақстан әскери комиссариаты саптық бөлімінің бастығы, Белорус әскери округі 37-атқыштар дивизиясы 110-атқыштар полкінің штаб бастығына дейін көтерілді. Ал 1930-1931 жылдары Жоғары химиялық академиялық курсында оқып шыққаннан кейін әскери өмірінің жаңа кезеңі басталды. Яғни химиялық қызметке ауысқан ол 1932 жылдан бастап осы қиын саланың ауыр жүгін қайыспай көтерді. Былайғы жұрт қыр-сырына қанық болмаса да, әскерде химиялық қорғаныстың маңызы зор еді. Ұлы Отан соғысына дейін-ақ біраз лауазымды қызметтің басын қайырып үлгерген Шәкір Жексенбаев бірнеше майданның химиялық қорғау саласын басқарысуға тікелей қатысып, ерекше көзге түседі. Химиялық қарудың аса қауіпті әрі зардабы зор екендігін түсінген әскери басшылар Бас қолбасшы И. В. Сталиннің 1941 жылғы 13 тамыздағы №0285 бұйрығы негізінде арнайы әскерлерді қайта құра бастады. Ұйымдастырушылық жұмыстардың ба-сы-қасында жүрген полковник Ш. Жексенбаев 1941 жылғы 28 қазанда Брянск майданы химиялық қорғаныс бөлімінің бастығы болып тағайындалып, осы қызметті 1943 жылғы қазанға дейін абыроймен атқарды. Соның дәлеліндей қолбасшы тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін сол жылғы 11 наурызда Қызыл ту, 23 қыркүйекте бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталып, 16 қазанда техникалық әскерлердің генерал-майоры атағы беріледі. Ш. Жексенбаев осындай жоғары атақты иеленген тұңғыш қазақ еді.

Айта кетейік, Қызыл ту – КСРО-да жоғары бағаланған алғашқы ордендердің бірі. Отан қорғауда ерекше батырлығы мен қайсарлық көрсеткені үшін берілетін осынау орденмен Шәкір Жексенбаев бір емес, төрт мәрте марапатталған. Соның алғашқысын алған кезде Брянск майданын генерал-лейтенант Мартиниш (Макс) Рейтер басқарған. Ал штаб бастығы, генерал-лейтенант Леонид Сандалов Ш. Жексенбаевқа: «…Ерекше жігерлі және ынталы. Әскери тапсырмаларды орындауда майдан-ның бүкіл химиялық әскерлері жақсы дайындықтан өткізілген. Жаудың химиялық шабуылына қарсы дайындық бойынша әскер арасында үлкен жұмыс жүргізілген. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Майданның әскери және арнайы химиялық бөлімшелері жауынгерлерінің химиялық білімдерін шыңдауға сауатты да батыл басшылық жасайды. Өз мамандығына адал, толық берілген білімді әскери қолбасшы. Неміс фашистеріне қарсы шайқастарға жеке өзі де тікелей қатысқан. Мемлекеттің Қызыл ту ордені марапатына лайық» деген мінездеме бере отырып, марапаттау қағазына қол қойған.

Ұлы Отан соғысы кезінде химиялық әскерлер аз көзге түскен жоқ. Химиялық әскер бөлімшелері талай құрметті атаққа қол жеткізсе, 28 жауынгері Кеңес Одағының Батыры атанып, мыңнан астамы орден-медальдармен марапатталды. Бір ғана мысал, солардың бел ортасында жүрген Шәкір Жексенбаев дайындап, басшылық еткен фугасты отшашқыш роталар 1942 жылдың ақпанында 13-армия құрамында ерлік көрсетті. Сол жылдың жазында аталған роталар 13-інші және 38-армия құрамында жаудың 9 танкісі мен мыңға жуық солдат-офицерлерін жойған. Сондай-ақ Воронеж-Касторное операциясы (1943 жылғы 24 қаңтар – 2 ақпан) кезінде әскери химик Ш. Жексенбаев шабуыл барысында химиялық реакция нәтижесінде жаудан тасалану үшін қою түтінді 8 шақырым қашықтықта қолданып, кеңес әскерле-рі жаудың 12 дивизиядан тұратын 2-неміс армиясының қорғанысын шығынсыз бұзған. Бұл операцияға екі жақтан 125 мың адам, 2100-ден астам зеңбірек-минометтер, 65 танк қатынасқан. 17 мың дұшпан қаза болып, 82 мыңы тұтқынға түскен.

Курск, Орел, Брянск қалалары азат етілгеннен кейін 2-Прибалтика майданы құрылып, оның да химиялық қорғаныс бөлімін Ш. Жексенбаев басқарады. Кеңес одағы қалалары мен селоларын, соның ішінде Рига қаласын жаудан босатқан әскерлер кейін Ленинград майданына қосылады. Ақыры 1945 жылғы 8 мамырда неміс фашистерінің «Курляндия» тобы да тізе бүгеді. 1944 жылғы қарашада тағы да Қызыл ту, 1945 жылғы 23 ақпанда Ленин орденімен марапатталған қазақ генералының мәртебесі биіктеп тұрған кез еді ол. Қанқұйлы соғыс біткен соң әскерлерді таратып, қайта бөлу, қару-жарақ пен техниканы қабылдаумен айналысқан Ш. Жексенбаевтың өңіріне 1945 жылғы 6 маусымда Лениград майданының қолбасшысы, маршал Л. Говоров тағы бір Қызыл ту орденін тағады. Тек Л. А. Говоров қана емес, Ұлы Отан соғысы барысында Кеңес Одағының маршалдары С. К. Тимошенко, Б. М. Шапошников, К. К. Рокоссовский сынды әскери қолбасшылармен қызметтес болып, талай жауапты міндеттерді орындаған қазақ генералы ешкімнен кем емес еді.

Соғыстан кейін химиялық қорғаныс саласындағы қызметін жалғастырған Шәкір Жексенбаев білімін жетілдіре түсіп, 1949 жылдан В. Куйбышев атындағы әскери академияда дәріс береді. 1950 жылғы мамырда төртінші Қызыл ту орденімен марапатталған генерал-майор әскери кадрларды даярлауға да айрықша еңбек сіңірді.

Генералдың жары Нина Ивановна фармацевт болса, ұлы Олег медицина ғылымдарының докторы, микробиолог атанып, жары, дәрігер-окулист Вера Александровнамен осы салада өмірден өткенше талмай еңбек етті. Қазіргі таңда Шәкірден қалған немересі Марина ғана, ол Мәскеу қаласында тұрады. Ал інісі, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жыл Бөкей ордасы ауданында ұстаздық еткен Сәтбай Айталиевтен тараған ұрпақтар, шүкір, баршылық. Осы аудандағы Ұялы ауылындағы мектеп Ш. Жексенбаевтың есімімен аталса, Орал қаласындағы бір көшеге генералдың аты берілген. Биыл қазақ тарихында ерекше орны бар бірегей тұлғаның туғанына 115 жыл толып отыр. Ендеше, халықтың қаһарман ұлына қандай құрмет те артық емес.

«Бұдан бұрын республикадағы мәртебелі орындарға ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты жоғары әскери оқу орындарының біріне техникалық әскерлердің генерал-майоры Шәкір Жексенбаевтың есімін беру туралы әлденеше рет хат та жазылды. Бұл негізсіз емес. Шәкір – қазақтан шыққан санаулы әскери қайраткерлердің бірі. Ендеше, оның есімі жоғары әскери оқу орнына әбден лайық деп ойлаймыз», – деді генерал ұрпақтарының бірі, техника ғылымдарының докторы, М. Өтемісов атындағы

Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті информатика кафедрасының меңгерушісі Ермек Айталиев.

Айболат ҚҰРЫМБАЕВ,

тарих магистрі,

Ғайсағали СЕЙТАҚ,

журналист,

Орал қаласы


Атқа мінгіз баланы…

Күні: , 144 рет оқылды

IMG_2284


Жуырда Жәнібек аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жанынан ат спорты үйірмесі ашылған еді.


Енді бұл жерде мүмкіндігі шектеулі балалар арнайы мамандардың көмегімен атқа салт отырып, сал ауруын емдеуге көңіл бөле бастады.  Аз күннің ішінде жылқы жануары балалардың қимас досына  айналып үлгерді. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанған жеткіншектер үшін әр серуен үлкен әсер қалдырды.

Атқа мініп, серуен құрудың сал дертін емдеуде пайдасы зор.

Медицина тілінде иппотерапия деп аталатын бұл емдеу түрі ауданда жүйелі жолға қойылмақшы.

Ата-аналар өз тарапынан балаларына қамқорлық танытып, осындай шараны ұйымдастырған аудан әкімдігіне, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығына ризашылықтарын білдіруде.

Данияр ОСПАН,

Жәнібек ауданы


Жол торыған жетеу болса, үшеуі қайда?..

Күні: , 1 201 рет оқылды

IMG_2796


«Аға, содан сарт-сұрт төбелес басталып кетті… Біз үшеуміз, олар жеті адам. Жабылып, ұрып жатқан олар… Біз тек қорғанумен болдық. Біреуі пистолет шығарып, «Атамын!» — деп айқай салды… Травматикалық-ау, — дедім іштей. Бірақ жақын жерден атса, онымен де кез келген адамды жайратып салуға болатындығын естіп жүрміз. Қатты қорықтым… «Айдалада, жеті түнде мыналар бізді өлтіріп кететін болды-ау!» деген ой санамды тіліп өтті. Қас қағым сәтте ата-анам, жұбайым көз алдыма келе қалды…».


 «Орал өңірі» газетінің редакциясына арыздана келген Айбек Хайырлиев әңгімесін осылай бастады. Өткен 2015 жылдың желтоқсан айында, жеті түнде, ен далада, ұзын жолдың бойында орын алған сол оқиғаны еске алу 28 жасар Айбек Нұрболатұлына оңай емес екені даусынан байқалады. Сонымен жеті түнде, жол бойында не болып еді?..

2015 жылдың 16 желтоқсанында Орал қаласында тұратын Айбек Хайырлиев қасында екі дос жігіті бар (олар да қалалықтар, бірақ бұл екеуі әзірге аты-жөндерін өзгертіп, біреуін «Ж» екіншісін «Б» — деп көрсетуді өтінді) үшеуі бір көлікпен («Тойота Королла») Орынбор қаласына, «Ж»-ға көлік сатып алу үшін сапарлайды. Барған күні діттеген көліктерін (2014 жылы шыққан «Тойота Камри») сатып алып, күн кешкіре кері қарай жолға шығады. Шамамен, түнгі сағат 23.00-дерде Теректі ауданының Долинный ауылы тұсындағы аялдамаға екі көлікпен келіп, аялдайды. Айбек «Ж» екеуі көліктен шығып, денелерінің құрыс-тырыстарын жазып, таза ауада тұрады. «Б» сатып алып келе жатқан «Тойота Камридің» ішінде қалған. Бір кезде қарсы бағыттан шыққан «Лада» маркалы жеңіл автокөлік (мемлекеттік нөмірі 314 BZA 07) айналып келіп, бұлардың тура қасына (4-5 метрдей жерге) тұра қалады. Әлгінің ішінен бірінің соңынан бірі жеті жігіт түседі. Машина да, жігіттер де бұларға таныс емес. Көліктен түскен жетеудің біреуі бұларға жақындап, дөрекілеу түрде темекі сұрайды. «Ж» темекінің таусылып, соңғы талын тартып тұрғанын жаймашуақ айтады. «Онда, — дейді әлгі жігіт (бұл жігіттің аты-жөні қазір іс бойынша әлі белгісіз сияқты). — Қал-таларыңды тексеремін, — дейді. Осы кезде қалған алты жігіт те бұларға жақындайды. Жеті түнде, ен далада қалтамызды тексеруге қандай құқы бар деп бұлар келіспейді. Айбектің айтуы бойынша, сол-сол-ақ екен, әлгілер лап беріп жабылып, жоғарыда Айбек айтқан төбелесті бастап келіп жібереді. Сан жағынан басым түскен олар бұл үшеуін жабылып жүріп ұрады, соғады, тебеді. Әсіресе, соққылардың дені Айбек Хайырлиевке тиеді (алған жарақаттары жөніндегі дәрігерлік анықтаманы тергеушіге тапсырған). Төбелес кезінде бұларға жабылғандардың бірі пистолет шығарып, «Атамын!» — деп айқай салады. Бұл жігіт Айбектің айтуынша және кейін танығанындай, қозғалған қылмыстық іс бойынша сол төбелеске қатысқан деп күдікті саналатын ағайынды «У» және «Т» дегендердің «Т» дегені болып шыққан. Таяқ жеп жатқан жігіттер суық қарудан сескеніп, қарсыласудан гөрі қорғанысқа көшеді.Тап сол мезетте, Айбектің арызында көрсеткеніндей және екі досының айтуына қарағанда, бұларға жабылып жүрген жігіттердің бірі (кейін белгілі болғанындай «У») Орынбордан сатып алып келе жатқан машинаға жүгіріп мініп, алып қашып кетуге әрекеттенеді. Мұны байқап қалған «Ж» төбелестің арасынан сытылып шығып, айдап кеткелі жатқан жігітпен арпалысып, көліктің чипін жұлып алады. Сөйтіп, машиналарын әупіріммен алып қалған. «Бірақ машинаның ішіндегі, көлік сатып алудан қалған 20 мың рубль ақшамыз, кейін белгілі болғанындай сол жерде қолды болған» — дейді Айбек. Тағы да үш жігіттің айтуы бойынша дәл осы кезде Айбектердің екінші машинасын да жетеудің біреуі тұтатып, қашпақшы болады. Сол кезде үш жігіттің бірі оның да чипін жұлып алып, айдап кетуге бермейді.

Сонымен, Айбек және оның екі досының айтуларына сенсек, жеті түнде темекі сұраудан басталып, қалта тексеруге тірелген, оған көнбеген үшеуді пистолетпен қорқытып, жабылып жүріп ұрып-соққан, айдау жолдың бойындағы айқай төбелестің аяғы енді көлікті күшпен тартып алуға әрекеттенген қарақшылық шабуылға (тағы да сол жәбірленушілердің сөзінше) жалғасады. Төбелестен сытылып шыққан Айбек жолдасы «Б» екеуі «Тойота Королла» көлігіне отырып қашпақшы болғанда, көліктің терезесін (жүргізушінің тұсындағы) және айнасын сындырған бұзақылар оны ұрып-соғуды әрі қарай жалғастырады. Осы кезде қапысын тапқан Айбектердің жолдасы «Ж» өзінің сатып алып келе жатқан «Тойота Камри» көлігіне қарғып мініп, Оралға қарай (келе жатқан бағытымен) жанұшыра қашады. Жеті жігіт болса, Айбектерді тастай салып, «Ладаларына» сарт-сұрт мініп, оны тұра қуады (жанын шүберекке түйіп қашқан «Ж»-ның айтуынша, сол кезде ол көлігін сағатына 170-180 шақырым жылдамдықпен айдаса да, қуғыншылар ізінен қалмай қояды). Соққылардан есі шыққан Айбек «Б» екеуі көліктеріне отырып, кері Ақсайға қарай қашады. Бір кезде байланысқа шыққан «Ж» Айбекке Теректінің полициясына, 102-ге хабарлағанын, олардың қарсылауға шыққанын жеткізеді. Мұны естіген бойда Айбек «Б» екеуі енді кері бұрылып, қалаға қарай салады (айтпақшы, Айбектің айтуынша, бұл да полицияға өздерін біреулердің ұрып-соғып, олардан қашып бара жатқанын хабарлайды. Полиция болса, ондай хабардың өздеріне түскенін, сол бойынша келе жатқандарын мәлімдейді). Қалаға қарай қашқан «Ж»-ны өкшелеген жетеу Федоровканың тұсына жете бергенде, бірдеңеден секем алды ма, әлде басқа ойлары болды ма, кері, Долинныйға қарай бұрылып, жөндеріне кеткендей болады. Сол Долинныйдың тұсына келе берген Айбек пен «Б»-ға «Тойота Камриге» қуып жете алмаған жетеу тағы қарсы жолықты. Жолықты да, сол бойда бұрылып, бұларды тұра қуады. Айбек олардың қолына түссе, аман қалмайтынын сезіп, «Алдымызда досымызбен полиция келе жатыр ғой» — деп көлігінің тізгінін барынша жіберіп, жеткізбеуге жанталасты. Әрі-бері өкшелеген қуғыншылар Федоровкаға жақындағанда, кері қайтып кетті.

Осы кезде «Ж» және екі көлікке бөлініп мінген («Нива» мен ақ түсті «Аудиға») 7-8 полиция қызметкерінен тұратын жедел топ Айбектерге қарсы жолығады. Сол бойда Долинный ауылына келген бұлар учаскелік полицияның орнында (ол кезекті еңбек демалысында болған) қалған жедел уәкілдің бастауымен, анау жетеу мінген «Лада» көлігін іздейді. Көп ұзамай көлік те, оны апарып қойған үй де табылды. Бұл бағана төбелесте болған ағайынды «Т» мен «У»-дың әкесінің үйі екен. Балалары да үйде…

— Ана екеудің әкелері: «Менің балаларым үйден шыққан жоқ, не айтып тұрсыздар?» — деп біздің өзімізге дүрсе қоя берді. Тіпті «ДВД-ның басшылығында менің жақсы таныстарым бар, егер керек болса, олар бәрін шешеді. Ешқандай проблема болмайды» — деп дөң-айбат көрсетті. Сол бойда, сол түні полициямен бірге ауылдық округтің әкімдігіне бардық. Сонда белгілі болғаны — ағайынды екі жігіттің біреуі сол ауылдық округ әкімдігінде маман болып жұмыс істейді екен. Арыз-шағым толтырдық. Болған жайдың бәрін полицияға айтып бердік. Ал келесі күні Долинный ауылдық округінде екінші мәрте кездескенімізде, анау жігіттің әкелері кешегі райынан кәдімгідей қайтып қалыпты. Кешірім сұрады. «Қызбалықпен сөздер айтқан болармын… Кешіріңдер, балаларым… Бір үйден екі бірдей балам кетіп қалайын деп тұр…» — деп мойындады, — дейді Айбек бізге. — Одан әрі бізге (АІІБ-да болғанымызда) кешірім сұрап келген адамдар көбейді. Ана екі жігіттің әкелерінің таныстары келді, аналары келді. Балалары «келісейік» — деген сөздер айтты. Бірақ біз кешірім бермедік.

— Төбелес кезінде ағайынды жігіттердің біреуі «Атамын!» — деп тапанша шығарды дейсің… Соған орай олардың әкесінің үйіне сол түні барған бойда, тінту жүргізілді ме?  Күдіктілер сол бойда камалды ма?  Тапанша табылды ма?

— Күдіктілер сол бойда қамалған жоқ. Тінту прокурордың санкциясымен келесі күні, яғни бір күн өткесін барып жүргізілді. Тапанша табылмады.

— Бүгінде бұл іс бойынша тергеу жүріп жатқан болар, — деп біз Айбекті одан әрі әңгімеге тарттық.

 — Міне, менің де сіздерге арызданып келуіме сол тергеу ісіне риза болмағаным түрткі болды. Өйткені бізге шабуыл жасаған жеті адам. Ал тергеуге алынғаны төртеу. Ана үшеуі мүлдем жоқ. Аттары аталмайды. Бұлар төрт-ақ адам болдық деп өтірік айтып отыр.

Тергеу соған сеніп отыр. Жалпы, ақшаны ұрлағандарын, тапанша шығарғандарын, көлігімізді тартып алмақшы болғандарын мойындамай қойды. Сосын бұл қылмыстың — қарақшылық шабуылдан гөрі, бұзақылық, ұрлық деп дәрежеленіп, қылмыскерлердің жазасы жеңілдеп кете ме деген күдігіміз бар.

*      *      *

Біз осы істі тергеп жатқан тергеуші, полиция капитаны Дархан  Құрматовқа әуелі хабарластық. Ол бізге ақпарат беру үшін басшыларының рұқсаты керек екенін айтты. Ауданға аяқтай бардық. Теректі АІІБ басшысының тергеу істері жөніндегі орынбасары, подполковник Серік Елембаевпен кездескенімізде, ол орыс тілінде, әуелі, тергеу жүріп жатқандықтан, ешқандай ақпарат беруге болмайтындығын көлденең тартты. Біз болсақ, редакцияға түскен арызға байланысты, 2015 жылдың 16 желтоқсаны күні түнде, Долинный ауылының тұсында орын алған оқиғаның жалпылама жайын білгіміз келетіндігін тәптіштедік. Келіскендей болды. Сонымен біздің айналып кетейін, ана тілімізде жортақтатқан, оның орыс тілінде ойқастатқан екеуара сұхбатымыз «тәп-тәуір» өрбігенімен, ялғи құпиялық мәселесіне барып тіреле берді (әділін айту керек қой, екі қазақ отырып, екі тілде сөйлессек те бір-бірімізді әйбат түсіндік! Сондықтан теректілік қазақ ұлтты полицейлерге ана тілін то есть, мемлекеттік тілді білу, не обязательно сияқ-ты). Подполковниктен, әуелі 2015 жылдың 16-17-18 желтоқсанында Теректі аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшісіне түскен қоңыраулар мен шақыртулардың тізімін сұрадық. Біздің өтінішімізге — келіп түскен шақыртулар мен қоңырауларда кейбір құпия мәліметтердің болуы мүмкін екендігіне байланысты бөгдеге көрсетуге болмайды деген уәж айтылды. Екінші, тап сол күндердегі аудан аумағында болған, орын алған тәртіп бұзушылық пен қылмыстық оқиғалардың мәліметін көргіміз келді. Оған да қолымыз жет-педі. Себебі – облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің рұқсаты керек (бірақ подполковник бізді мәліметті Теректі аудандық әкімдігінен алуға болады деп «қуантты»!). Олармен танысқымыз келгендегі ойымыз — біз әңгіме етіп отырған оқиға «ыссылай» келіп түскенде қандай мәтінмен түсіп, тіркелгенін білу болатын. Долинный ауылына барған жедел топтың мүшелерімен кездескіміз келді (оның себебін кейін түсіндіреміз). Сәл ойланған подполковник: «Тек, менің көзімше кездесуге болады» — деді. 2014-2015 жылдары Теректі ауданы аумағында қарақшылық шабуыл тіркелді ме? Тіркелсе, ашылмағандары бар ма? — дегенімізге Елембаев тіркелмегенін мәлімдеді. Жоғарыдағы қылмысқа қатысы бар деген күдіктілердің арасында бұрын істі болғандары бар ма? — деп сұрадық. Ол бұған тергеу жүріп жатқандықтан, ондай мәлімет берілмейтіндігін айтты. Одан әрі осы істі тергеп жатқан Дархан Құрматовқа да бірнеше сұрағымыз бар екенін білдірдік. Подполковник: «Сұрақтарыңызды тек менің қатысуыммен, менің көзімше қоясыз, басқаша болмайды» — деді. Сөйтіп, Елембаевтың ерекше «қырағы бақылауымен» тергеушіге бірнеше сұрақ қойдық. Бірақ ол да: «Қылмыс болды, тергеу жүріп жатыр, соған байланысты өзге ақпарат әзірге бере алмаймыннан» әрі аспады. Жедел топтың құрамында болған опер кезекші Дамир Бақытқалиевпен қысқаша болған тілқағысымыз да подполковниктің көзінше өрбіді. Жасыратыны жоқ, аудан аумағында орын алған бұл қылмыс бүгінде «сверхсекретный», мемлекеттік құпияға айналғандай әсер қалдырды. Сонымен жоғарыда айтқан опер кезекші Бақытқалиев былай деді:

— Дежурный звондады, драка болып атыр деп… опергруппамен шықтым… Бардым…

Сұрақ:

— «Драка» қай жерде болып жатыр деді?

Жауап:

— Остановканың қасында. Мен группамен барсам, анда кімдер тұр… потерпевшийлар…

 Сұрақ:

— Полицияға жәбірленушінің бірі қашып келе жатып хабарласады. Федоровканың шетінде, шақыртуға шыққан опергруппамен, сіздермен кездесіп, сіздерді Долинныйға бастап барған ғой…

Жауап:

— Жоқ, мен келгенде сразу Долинныйға келдім. Остановкаға…

Сұрақ:

 — Сенің алдыңда басқа группа кеткен жоқ па еді?

Жауап:

 — Жоқ. Менің алдымда ешқандай группа кеткен жоқ.

 Одан әрі біз Бақытқалиевтен жәбірленушілердің айтуы бойынша, жедел топпен қашып келіп кездескенін, сосын оларды Долинныйға бастап барғанын тәптіштеп тұрып сұрасақ та, ол «Потерпевшийлармен остановкада кездестім» — дегеннен танбады (жоғарыда оперативтік топпен кездескіміз келді дегеніміздің себебі осы еді). Ал опер кезекші күдіктілерді үйлерінен тапқаннан кейінгі тергеу-тексеру әрекеттерін айта бастағанда, подполковник Елембаев «в интересах следствий…» — деп әңгімемізді үзді…

*      *      *

Біз күдікті «У»-мен ұялы телефонына хабарласып, кездескіміз келетінін айттық. Ол: «Ертең кездесейік» — деп әуелі келіскенімен, келесі күні кездесуден бас тартты. Теректіде болғанымызда, ұялы телефонына дүркін-дүркін хабарластық. Көтермеді. Сонымен Айбектің газетке түсірген арызы мен өзінің ауызша әңгімелеп бергеніне қарағанда, жеті жігіт үшеуін қыр соңдарынан қалмай, кезек-кезек қуып, олар жанталаса қашқанда, сағатына 170-180 шақырым ұстаған жылдамдық кезінде аударылса, болмаса, қарсы келе жатқан көлікке соқтығысса не болар еді?… Құдай сақтасын?.. «Өздері жылдамдықты шамадан тыс арттырып, аударылыпты» — деген долбармен сол түнгі оқиғаның аяғы құрдымға кетер ме еді? Ал қуғыншы жетеу үшеуін қуып жетсе, не болатын еді? Қандай мақсат, нендей пиғылмен қуды? Мұны әлде күдікті жетеудің қылмыстық ойларын (әлде қарақшылық, әлде бұзақылық шабуылдарын дейсіз бе?) түбіне дейін жеткізуге ниеттенгені дейсіз бе?

Біз жәбірленуші үш жігітке тергеу барысында күдіктілерден «Бізді не үшін қудыңыздар?» — деп сұрадыңыздар ма? – дедік. Тергеуші сұрапты, — дейді үшеуі. Күдіктілер «Біздерден кешірім сұрайық деп едік» — дейтін көрінеді…

Сонымен, 2015 жылы 16 желтоқсан күні түнде Долинный ауылының тұсында болған қылмыстық оқиға заңи тұрғыда қалай дәрежеленіп, тергелуде десек, төрт күдіктіге әзірге тағылып отырған айыптар, подполковниктің айтуынша: “хулиганство, кража, попытка угона”.

Айтпақшы, қылмысқа қатысты деген күдіктілердің екі ағайындыларының бірі Арслан Әбілхайыров Долинный ауылдық округі әкімдігінде жұмыс істепті. Мұны ауылдық округ әкімі Бақытжан Митановқа арнайы хабарласып білдік. Әділін айтуымыз керек, әкім: «Ол менің қарауымда жетекші маман болып екі жыл жұмыс істеді, жұмысында ешқандай кемшілік болған жоқ, жақсы істеді, кейін 2016 жылы 5 қаңтарда өз арызымен жұмыстан босады» — деді.

 Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


Бағусыз мал айыпқораға қамалады

Күні: , 103 рет оқылды

111_8404


Жылдағы дәстүр бойынша Тасқала  ауданының  барлық округтерінде есептік жиындар өтті.


Халық алдындағы есеп беру жиынын Тасқала ауылдық округінің әкімі С. Өтемісова бастады.

Светлана Есқабылқызының айтуынша, 2015 жылы заңды тұлғалардан – 14, жеке тұлғалардан 202 арыз-өтініштер түсіп, олар заңға сәйкес қаралып, жауап қайтарылған. Жеті азамат округ әкімінің қабылдауында болған. Сонымен қатар ауылдық округ бойынша былтырғы жылы атаулы әлеуметтік көмек пен балалар жәрдемақысын алушылардың саны азайған. Дәлірек айтар болсақ, 2014 жылы әлеуметтік көмекті 48 отбасы алып келген болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 14 адамға кеміген. Елді мекендерді абаттандыру бағытында да ауданда біркелкі жұмыстар жүргізілген. Өткен жылы 27 сенбілік, бес санитарлық тазалау және абаттандыру акциялары ұйымдастырылып, нәтижесінде 950 тонна көң-қоқыс шығарылған. Жыл ішінде округ бойынша 119 қылмыс тіркеліп, оның 98-і ашылған. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде де біркелкі жұмыс жасалып, өз нәтижесін берді.

Округ әкімінің есебінен кейін тұрғындар аудан көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстарды слайд арқылы тамашалады. Жиында аудан әкімі Санжар Әлиев сөз алып, аудан орталығының тазалығына баса назар аудару қажеттігін айтты. Қанша жерден қоқыс жәшіктері қойылғанымен, оған немқұрайлы қарап, тазалық сақтамайтын тұрғындарға енді шара алынатынын да жасырмады және бұл жұмысты қадағалауды ішкі істер бөліміне тапсырды. Сонымен қатар аудан басшысы көптен бері шешімі табылмай келе жатқан Орал – Саратов күре жолы жұмысының басталғанын, жолдың жөндеу жұмыстары біткен соң қаламен екі ортаға қатынайтын шағын автобустардың жүретінін де тілге тиек етті. Аудандағы тағы бір мәселе – малы қараусыз жүретін тұрғындар үшін талаптың күшейетінін де баса айтты. Санжар Жұматайұлы биылдан бастап бағусыз мал айыппұл салынатын қораға қамалатынын жеткізді.

Одан әрі тұрғындар көкейлерінде жүрген сауалдары мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, ауыз су тарту мен жер мәселелері, жарықтың жиі сөнетіні, мал су ішетін бөгеттің қажет екені жиында ашық айтылды.

* * *

Есептік кездесу Достық ауылында жалғасын тапты. Ауылда атқарылған жұмыстарды округ әкімі Б. Жұмабаев жіпке тізгендей баяндап берді. Өткен жылы аудан әкімінің жеке малды асылдандыру мәселесі бойынша берген тапсырмасына орай ауылда түсінік жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде “Алихон“ АТК ашылған. Бүгінде аталмыш кооперативке 120 бас аналық мал кіргізіліп, оған төрт асыл тұқымды бұқа сатып алынған. Аудан бойынша құрылған тоғыз кооператив болса, соның ішіндегі ең ірісі осы Достық ауылында. Округ әкімінің есебінен ауылда мал басының өскенін аңғардық. Жарықтың жиі сөнуі мен ауылға мал дәрігерінің жетіспейтіні, аудан орталығында медициналық байқаудан өту үшін бітпейтін ұзын-сонар кезек пен мал су ішетін бөгеттерді жөндеу, көшенің жарықтандырылуы есептік жиында әңгімеге арқау болды. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Санжар Жұматайұлы аудан көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстарды, соның ішінде, көптен шешімі табылмай жүрген Ынтымақ пен Достық ауылының “Южный“ жағына көгілдір отын құбыры тартылғанын атап өтті.

* * *

Осындай жиын Мерей ауылында да өтті. Бір айта кетерлігі, мерейліктер ауылда өтетін кез келген шараға ұйымшылдықпен қатысады. Алғаш болып сөз алған ауыл әкімі Қ. Тәшімов жыл бойы атқарылған жұмыстар жөнінде өз есебін берді.

Өткен жылы мерейліктер ұйымдастырылған сенбіліктерге бір кісідей қатысып, ауылдың тазалығына өз үлестерін қосты. Малды қолдан ұрықтандыру жұмысы да жақсы жолға қойылған. Соның есебінен мал басында өсім байқалады.

Ауылды абаттандыру мақсатында «Гүлден» шаруа қожалығының басшысы А. Кушалиев қазақ хандығының 550 жылдығына орай жол бойына 550 көшет отырғызуға атсалысса, жеке кәсіпкер А. Ахменкеев өз қаражатына ауыл жас-тарына арнап стадион салуды қолға алған. Бұл басқа округтерге үлгі боларлық жағдай. Баяндама соңында округ әкімі алда атқарылатын жұмыстарды атап өтті.

Мерейліктерді қатты ойландыратыны – мал суаратын бөгеттердің жағдайы мен ауылдағы балабақшаның жөндеу жұмыстары. Сондай-ақ тұрғындар ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су тарту, тозығы жеткен электр сымдарын ауыстыруға жоғары жақтан көмек болса деген ұсыныстарын айтты.

Қойылған сұрақтарға аудан әкімі нақты жауап қайтарды. Тозығы жеткен электр сымдарын ауыстыру, дағдарысқа байланысты «Ақбұлақ» бағдарламасының жуық арада жүзеге асуы қиын екендігін жасырмады. Сол себепті ауыл тұрғындарына жоғарыда аталған жұмыстарды мемлекеттік жеке меншік әріптестік арқылы іске асыруға болатынын баса айтты. Сонымен қатар Санжар Жұматайұлы өз сөзінде ауыл полициясының жұмысы көңіл қанағаттандырмайтынын, тұрғындармен дер кезінде алдын алу іс-шараларының ұйымдастырылмайтынын тілге тиек ете келіп, ішкі істер бөлімінің басшысына осы жұмыстарды ширату керектігін тапсырды.

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ,

Тасқала ауданы


«Ақбұлақ» қайта қолға алынбақ

Күні: , 143 рет оқылды

IMG_1020


Ақпанның 3-і күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қазталов ауданына келді. Бұл күні аудандық мәдениет үйінде халық жиыны өтіп, онда аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр жыл ішінде атқарған жұмысы жөнінде есеп берді.


Өткен мерзім ішінде өнеркәсіп өнімінің нақты көлемі 359,6 млн. теңге, негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар көлемі 2 млрд. 967 млн. теңгені құрады. Аудан бюджетінің кіріс бөлігі 4 млрд. 355 млн. 273 мың теңгені құрап, жоспар 104  пайызға игерілді. Салықтық және салықтық емес түсімдер бойынша өз табысымыз 951 млн.  586 мың теңгені құрап, 121 пайызға орындалса, трансферт түсімдері  3 млрд. 279 млн. теңгені құрап, жоспар 100 пайыз орындалды. Ағымдағы жылдың бюджеті 4 млрд. 651 млн. теңге көлемінде бекітіліп, өткен кезеңмен салыстырғанда, 11 пайызға өсіп отыр. Бұның өзі қазіргі әлемдегі қаржылық дағдарыстың болып жатқанын, оның біздің елімізді де айналып өтпегенін ескерсек, соған қарамастан аудан бюджетінің қоржынының ортаймағанын көріп отырсыздар, – деп баяндамасын бастаған аудан әкімі одан әрі  «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша өткен жылы ауданға бөлінген 34 млн. 282 мың теңге қаражатқа елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жүргізілгендігін,  биылғы жылдың бюджетінде осы бағдарлама бойынша 28 млн. 446 мың теңге қаражат қаралып отырғандығын айтты.

Ауылдық жерде жұмыс жасап, тұрақтануға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, дене шынықтыру, спорт және ветеринария мамандарына әлеуметтік қолдау көрсету өз деңгейінде. Бұл бағдарлама бойынша 2015 жылы  мамандарға тұрғын үй сатып алу үшін  89 млн. 190 мың теңге несие бөлініп, 38 маман жеңілдетілген несиемен тұрғын үйге қол жеткізген.  Есепті мерзім ішінде  8 млн. 463 мың теңге қаражат бөлініп, 61 маман көтерме жәрдемақы алыпты.

Биылғы жылы мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруға 101 млн. 808 мың теңге бюджеттік  несие бөлінсе,  60 маманға көтерме жәрдемақы алуға 8 млн. 908 мың теңге қаражат бөлінген.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Агробизнес – 2020» салалық бағдарламаның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда. Өткен жылы республикалық салалық бағдарламасының 6 шебер-жоспары  бойынша 34 жобаға 26 агроқұрылым қатысып, 403 млн. 720 мың теңгеге жұмыстар  атқарылыпты.

Ауыл тұрғындары табысының негізін құрайтын мал басы тұрақты өсіп, ірі қара 62 518 бас, қой мен ешкі 211 295  бас,  жылқы 17 296 бас, түйе 196 басқа жетіп, өткен кезеңмен салыстырғанда тиісінше мал басы ірі қара 108,3, қой-ешкі 109,9, жылқы 111,9, түйе 108,3 пайызға көбейген.

Малды асылдандыру бағытында 226 шаруашылық асыл тұқымды бұқалар сатып алып, түрлендіру жұмыстарын жүргізіп,  мемлекет тарапынан 281 млн. 826 мың теңге субсидияға қол жеткізсе, төрт шаруашылық 258 бас асыл тұқымды аналық малдардың тұқымын түрлендіру жұмыстарын жүргізіп отырғаны үшін 5 млн. 160 мың  теңге  субсидия  алған.

Ауыл шаруашылығы  техникаларын  жаңғырту  мақсатында  2015 жылы 83 млн.  теңгеге 21 шаруа қожалығы лизинг арқылы 20 трактор, 15 түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын, сонымен қатар өз қаражаттары есебінен 29 трактор сатып алып, өз жұмыстарын жандандыруда.

Есепті мерзімде ауданда тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілері саны 1222-ге жетіп, 2470 адамды жұмыспен қамтуда. Өткен кезеңмен салыстырғанда өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 10 пайызға өсіп, бюджетке түскен салық түсімі 64 млн. теңгені  құраған.

Ауданда «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының бірінші бағыты бойынша екі жоба іске асып, барлығы 16 млн. 950 мың теңгеге қаржыландырылған.

Жұмыссыздықты азайту мақсатында қабылданған мемлекеттік «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша республикалық бюджеттен 35 млн. теңге бөлініп, 24 жеке тұлға  мен кәсіпкер несие алған.

Есепті мерзім ішінде 101 жаңа жұмыс орны ашылып, 646 адам жұмысқа  орналастырылған.

Азаматтардың жекелеген санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша тұрғын үйге мұқтаж  9 азаматқа 13 млн. 620 мың теңге қаражатқа тұрғын үй сатып алынса,  Жалпақтал ауылында 110 млн. теңгеге 14 бір пәтерлік коммуналдық  жалға берілетін тұрғын  үй  пайдалануға  берілген.

Аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқтала келіп, қаржы мәселесіне байланысты шешімін таппай тұрған тұстарды да айтып өтті.

Халық жиынында сөз алған аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов газ тартылмаған округтерді көгілдір отынмен қамту, аудан орталығынан 100 орындық интернат салу мәселелерін қозғады. Тереңкөл ауылында тұратын еңбек ардагері Амангелді Саматов Нұрсай ауылы тұрғындарының ауыз су мен техникалық судан қиындық көріп отырғанын жеткізсе, еңбек ардагері Меңдіхан Халықұлы Ресейдің іргедегі Александров-Гай ауданымен қарым-қатынаста әлі де кедергілердің бар екеніне тоқталды. «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев, «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Гүлфия Көшбаева ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесін лайықты қарсылау үшін «Туған елге тағзым» акциясы аясында халықтың өз қаражатымен Сарықұдық ауылында фельдшерлік пункт ашу, аудан орталығында өнер мектебін салу, Қошанкөл ауылынан атакәсіп – жылқы шаруашылығына жастарды тарту бағытында мұражай және ипподром ашу жұмыстарының басталып жатқанын жеткізді.

– Аудан әкімінің есепті баяндамасынан естіп отырғандарыңыздай, қазіргі уақытта  мемлекеттік бағдарламалар орындалуда. Қаржы дағдарысы болса да, жұмыстар тоқтап жатқан жоқ. Жалпы, облыста газдандыру жұмысы өз дәрежесінде жүргізілді. Дейтұрғанмен бүгінгі жиында көтерілген кейбір ауылдарға газ тарту жұмыстары Энергетика министрлігінің жұмыс жоспарына сәйкес атқарылуда. Ал біз өз тарапымыздан бұл мәселе төңірегінде шешілмеген түйіндерді шешу жолында жұмыстанудамыз. Бүгінгі күнде елімізде бюджетті оңтайландыру жағдайына байланысты  көп  істер  кейінге  шегерілуде.

Алайда мына мәселені басты назарда ұстағандарыңызды қалаймын. Ол – халықты ең бірінші  кезекте ауыз сумен қамту. Өздеріңіз білесіздер, барлығымыз көгілдір отынды пайдаланбаған кезде де тұрмыс кештік. Ал сусыз өмір сүру мүмкін емес. Міне, сондықтан бірінші кезекте «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асы-руға тиіспіз. Сондықтан көгілдір отыны жоқ ауылдарға басталған жылда газ  жеткіземіз деп айту қиын. Ал түбінде ол іске асырылатын шаруа болатынын түсініңіздер. Сонымен қатар аудан орталығындағы интернат құрылысының жүруіне алғышарттар жасалады деп күтудеміз. Енді бір көтерілген мәселе – көрші Александров-Гай ауданымен байланысты шекарадан өту мәселесін шешу жоғары жақта әңгіме болуда. Бұл Мәскеу мен Астананың өзара келісімге келуінде болып отыр.

Жиында көтерілген тағы бір мәселе – аудандарыңызда өз күштеріңізбен демеушілер арқылы іргелі істердің басталып жатқанын айтып өттіңіздер. Ал бұл жұмыстар сіздердің өзара түсіністік пен  келісімдеріңіз арқылы жүргізілетіні белгілі. Бұл істер лайымда жалғасын тапсын деймін.

Алдымызда үлкен саяси науқан келе жатыр. Ол – Мәжіліс депутаттарын және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау. Бұл сайлауды да қазталовтықтар ұйым-шылдықпен өткізеді деп сенемін. Жалпы, Қазталов ауданында соңғы жылдары бірлік пен өзара келісім нәтижесінде көптеген істер атқарылып жатыр. Аудан әкімі Нұрлан Мағазұлының елді жұмылдырып,  нақты істер атқарып жатқанына мен оң баға беремін. Алдағы уақытта да игі істер жалғасын табады деген ойдамын, – деді жиынды қорытындылаған облыс басшысы.

Қазталовтан кейін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған делегация  Көктерек ауылдық округінің орталығына аялдады.  Осы ауылдағы орта мектептің интернаты былтырғы жылы 64 млн. 972 мың теңгеге күрделі жөндеуден өткен  болатын. Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы 30 орындық  интернатты аралап, оқушылармен жүздесті. Көктерек тарихи-өлкетану музейінде жәдігерлермен танысқан өңір басшысы мұндағы лебіздер кітабына өзінің  қолтаңбасын  қалдырды.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы


Бір жылдық жұмыс сараланды

Күні: , 129 рет оқылды

IMG_7534


Ақпанның 2-сі күні Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов 2015 жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алда тұрған міндеттер жайында жұртшылық алдында есеп берді.

Аудан әкімінің есеп беру жиналысына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.


Елбасымыздың сындарлы саясатын жүзеге асыруда Бөкей ордасында атқарылып жатқан істерді тілге тиек еткен Нұрлан Сағынтайұлының баяндамасында келтірілген деректер бейнекөрсетілімдер арқылы да назарға ұсынылып отырылды. Әр сала, әр бағдарлама жеке-жеке сөз болып, жетістіктер мен кемшіліктер сараланды.

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы  Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауы мен «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастар жол» мақаласын сөз еткен әкім оны бұқара арасында түсіндіру, жұртшылықты игі іске жұмылдыру бағытындағы шара-ларды жүргізуде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының 11 бастауыш ұйымы мен мың жарымдай мүшесінің белсенділік танытып отырғанын атап көрсетті. Есепті мерзім ішінде партия қатары 181 адамға өсіпті. Саяси кеңестің 4 рет бюро отырысы, 2 мәрте  партконференциясы оздырылған. Партия филиалы ұйымдастырған қоғамдық қабылдауларға 61 тұрғын келіп, 30-ының қойған мәселесі оң шешімін тапқан. Қаржы саясатын, ауыл шаруашылығын, шағын кәсіпкерлікті, құрылыс және коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын дамыту, білім беру, еңбек нарығы, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы жайлар әкімнің есептік баяндамасында жан-жақты қамтылды.

2015 жылы аудандық бюджеттің кіріс бөлігі 2 млрд. 453 млн. 435 мың теңгені құрап, жоспар 101,9%-ға орындалған. Аудандық бюджетке 279 млн. 367 мың теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түсіп, кіріс 128,6%-ға жеткен. Бұл алдыңғы жылғыдан 2,8% жоғары.

«Дипломмен  ауылға» бағдарламасы бойынша 25 маманға 3 млн. 486 мың теңге көтерме жәрдемақы төленіп, 17 маманға тұрғын үй алуға 44 млн. 595 мың теңге бюджеттік несие берілгені айтылды. 2016 жылға жас мамандарға көтерме жәрдемақы төлеуге 3 млн. 712 мың теңге, бюджеттік несиелендіруге 38 млн. 178 мың теңге қаржы қаралған.

Бұдан кейін ауыл шаруашылығы саласына тоқталған әкім ауданда 12 асыл тұқымды шаруашылық барын, соның ішінде «Хан ордасы» ЖШС айыр өркешті бактриан түйесін, 9 шаруа қожалығы қазақтың ақбас сиырын, 2 шаруа қожалығы асыл тұқымды Көшім және Жабы жылқыларын өсіретіндігін сөз етті. Қазіргі таңда ірі қара  57138, қойешкі  106739, жылқы 18670, түйе 1204 басқа жетіп отыр. Сондай-ақ «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында ауданда 7 жоба бойынша жұмыс жүргізілген. Есепті мерзімде бір бордақылау алаңы («Каукешев А.» шаруа қожалығы) іске қосылса, бір шаруа қожалығы («Ораз») 66 асыл тұқымды қашар сатып алған.

– Өткен жылғы есеп беру жиналысынан кейінгі іс-шаралар жоспарына ауылдық округтер бойынша шешімін табуы тиіс 20 мәселе енгізілген болатын, соның 12-сі орындалды, – деді баяндамашы одан әрі. Атап айтқанда, Жәрмеңке бастауыш мектебін табиғи газға қосуға қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Жеті мәселенің қаржылық жағдайларға байланысты орындалу мерзімдері ұзартылып, ағымдағы және алдағы жылдарға көшірілді. Бұлар Көктерек және Жетібай ауылдарында ауылішілік су құбырын тарту, Мұратсай ауылындағы су қоймасындағы үлкен бөгетті жөндеу, Әжен және Қарасу ауылындағы клубтарды күрделі жөндеуден өткізу, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасына сай Сайқын ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуді жалғастыру, М. Бегалиева, Ш. Жексенбаев атындағы орта мектептер ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу.

Жарыссөзге бірінші болып шыққан аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Серік Таңатов Нұрлан Сағынтайұлының қариялар ұйымымен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқанына, үлкендердің ақыл-кеңесімен санасып отыратынына ризашылығын білдіріп, қаржы тапшылығына байланысты кейінге ысырылып қалған ауылдық округ орталықтары мен елді мекендерге табиғи газ, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Сайқын ауылы тұрғындарының үйіне су жеткізу, тұрғын үй салу жұмыстарын жандандырып, жастарды ауылда тұрақтандыруға әлі де күш салу қажеттігін айтты. Сондай-ақ жоғары оқу орнын бітірген ұл-қыздарымыздың ауылға оралуы кеміп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, аудан, округ орталықтарынан дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, спорт залдар салдыртуды сұрады. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилидидің де пікірі осымен үндес шықты. Аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының маманы Татьяна Березина Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясаты арқасында елімізде ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімге, діндердің өркендеуіне қол жеткізгенімізді дәріптеп, биыл ғана құрылған «Луч добра» («Жақсылық нұры») славян этномәдени бірлестігінің Рождество мейрамын қалай тойлағанын айтып берді. Қазақтар шаңырақ, өзгелер уық бола білген Қазақстандағы халықтар достығы нығая берсін, «Мәңгілік ел» арманы жүзеге ассын деген тілегін жеткізді.

Саралжын ауылдық округі Бескөл елді мекенінің тұрғыны Ғалымжан Нанаев шалғайда тіршілік кешсе де, тұрмыстарының ешкімнен кем еместігін, өткен жы-лы округ орталығындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, Сайқын-Орал грейдеріне дейінгі жолдың тегістелгенін мәлім етіп, ендігі армандары табиғи газ желісі мен облыс орталығына дейінгі жолдың дұрысталуы екенін жеткізді. Сайқындық кәсіпкер Қуаныш Шәріпқалиев бизнеспен айналысуға кең жол ашып, жәрдемдесіп отырған Елбасымызға, ал «Нарын жастары» ЖҚБ жетекшісі Жалғас Әшенов жастарға қолдау білдіріп, қамқорлағаны үшін Нұрлан Асқарұлына  алғыс айтты.

– Қайырлы күн! – деп сөзін бөкейліктермен амандасудан бастаған облыс әкімі: «Жақсы істер алда да жалғасын таба берсін», — деді. Еліміз үшін тойлы жыл болған Қой жылындағы елеулі оқиғаларға қысқаша тоқталып, биылғы атқарылар істерді – Тәуел-сіздігіміздің 25 жылдығын, Парламент Мәжілісі мен өңірлік мәслихаттардың алдағы сайлауын ұйымшылдықпен өткізуді тапсырып, Елбасы тапсырмаларына байланысты өлкемізде жүзеге асырылар жұмыстарды таныстырды. Алқалы жиында қозғалған мәсе-лелерге қатысты облыс басшысының өзі және тиісті сала жетекшілері түсінік берді.

*  *  *

Ауданға іссапар барысында өңір басшысы Сайқын ауылындағы сүт өңдеу цехының ашылу  рәсіміне қатысты.

Жергілікті кәсіпкер Бибігүл Мұқасқызы аталмыш цехты ашу үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 6 жыл мерзімге 9 млн. теңге несие алған.  Ресейден алынған цех құрылғысының құны 17,5 млн. болса, ғимарат құрылысы барлық инфрақұрылымдарымен 2,5 млн. теңгені құрапты. Оның сыртында кәсіпкер Ресейдің көршілес Волгоград қаласынан трансформатор (1 млн. теңге) сатып алған. Сондай-ақ кәсіпкер бұл іске 3 ауылдасын тұрақты жұмысқа қабылдамақ ойы барын да жеткізді.

Кәримолла ҒАЙСИН,

Бөкей ордасы ауданы


«Жарқын болашақ» мәреге жетті

Күні: , 391 рет оқылды

IMG_9745


Жуырда «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры, Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы және «Дарын» қосымша білім орталығының қолдауымен Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай VIII республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңі өтті.


«Мәңгілік ел» ұлттық идеясын іске асыру, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, жас ұрпақтың қазақ тіліне, тарихына, салт-дәстүріне деген қызығушылығын арттырумен қатар, облысымыздың дарынды балаларын анықтау және оларға қолдау көрсету аталмыш байқаудың негізгі мақсаты болды. Шара «Тілші-әдебиетшілер», «Жазушылар», «Жас ғалымдар», «Әнші-бұлбұлдар», «Сөз шеберлері» атты бес бағыттан тұрды. Олимпиада барысында Зеленов, Жаңақала, Қазталов аудандарының және қала мектептері шәкірттерінің ерекше дайындықпен келгені  аңғарылды.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау кезеңі облыстық және қалалық білім басқармаларынан, жоғарғы оқу орындарынан келген қонақтардың қатысуымен салтанатты түрде облыстық қазақ драма театрында өтті. Шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов мектеп оқушыларын құттықтай отырып, «Тілші-әдебиетші» бағытындағы жүлделі орындарға ие болған оқушыларды марапаттады. Ал «Сөз шебері» бағыты бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгерееваға берілді. Олимпиада жеңімпаздарына облыстық білім басқармасының атынан дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Жүлделі І орынға ие болған дарынды шәкірттер ақпан айында Атырау қаласында өтетін «Жарқын болашақ» олимпиадасының республикалық кезеңіне жолдама алды.

Байқаудың «Әнші бұлбұлдар» бағыты бойынша Тасқала ауданындағы «Сәулет» мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Әлихан Қабділманов, дәл осы аталымда өзге ұлт өкілдері арасынан Жаңақала ауданындағы Ә. Жангелдин атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Сиғватолла Ешкаев жеңімпаз атанды. Сәйкесінше «Сөз шеберлері» бағыты бойынша Жаңақала ауданы №3 мектептің   11-сынып оқушысы Иса Мұратов және облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей интернатының 9-сынып оқушысы Адам Петри, «Жазушылар» бағыты бойынша №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Аружан Ізтілеуова және Орал қаласындағы қазақ-түрік лицейінің 9-сынып оқушысы Оздемир Осман, «Тілші-әдебиетшілер» бағытында Сырым ауданынан Торғын Жонисова және Орал қаласындағы №28 мектептің 10-сынып оқушысы Виктория Чикибаева, «Жас ғалымдар» бағытында Орал қаласындағы №38 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Айдарбек Төлегенов және Қазталов ауданындағы Ғ. Молдашев атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Наташа Фарит бірінші орынға ие  болды.

Нұртас  САФУЛЛИН,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика