Мұрағат: 02.02.2016


«Жақсылықтар жалғасын тапсын»

Күні: , 69 рет оқылды

IMG_4916


Кеше Жаңақала ауданының орталығындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Лавр Хайретдиновтың биылғы қорытынды есеп беру жиыны өтті. Бұл шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты. Л.Хайретдинов бұған дейін өзі басқарып отырған ауданға қарасты  ауылдық округтерді түгел аралап, жергілікті жұртпен жүздесіп, олардың талап-тілектеріне құлақ түріп және 2015 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап шыққан болатын.


Аудан басшысының баяндамасында айтылғанындай, Жаңақала ауданының бюджеті өткен жылы 2972 млн. теңгені құрап, 578 млн. теңге салық түсімі түскен. Лавр Рашидұлы өз сөзінде Чапаев-Жаңақала-Cайқын автожолының 89,5-94, 104-113 шақырымының күрделі жөндеуден өтуі, аудан орталығындағы 600  орындық мектеп және 100 орындық жатақхана, Сарыкөл мен уалыой ауылдарындағы 108 орындық мектептердің құрылысының аяқталуы және Жаңажол ауылы аумағындағы бөгеттің күрделі жөнделуін 2015 жылы тындырылған іргелі шаруалар ретінде атап өтті.

– Өздеріңізге мәлім, Жаңақала – әуелден  мал шаруашылығымен аты шыққан аудан. Мал басының жылдан-жылға көбейе түсуі аталмыш саланы онан сайын ілгерілете түсуде. Қазір аудан бойынша мүйізді ірі қара саны 46 610 басқа, қой-ешкі 169 046 басқа, жылқы саны 16 167 басқа, түйе 915 басқа жетті. Жаңақала өңірінде төрт түліктің қай-қай түрінің де түлей түсуі күнделікті қажырлы еңбекке қоса, мал тұқымын асылдандыру, осы бағыттағы озық шетелдік селекциялық тәжірибелерге назар аудару негізінде мүмкін болып отыр. Осындай ізденіс пен нақты істің нәтижесінде Жаңақала ауданы бойынша ірі қара саны  4 пайызға, қой 10 пайызға, жылқы 7 пайызға көбейіп, облыстық деңгейден жоғары көрсеткішке қол жеткіздік, — деді Л. Хайретдинов.

Аудан әкімі баяндама барысында Еділбай қойы мен Көшім жылқысының отаны саналатын Жаңақалада қазір Еділбай қойын өсірумен айналысатын – 3, Көшім жылқысын өсіретін – 3, шетелдік селекциялық асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысатын 14 шаруашылық бар екендігін алға тартты. Өткен жылы жаңақалалық шаруалар 723 бас асыл тұқымды ірі қара, 369 бас қой мен 85 бас жылқы сатып алып, малға мал жамаған. Бұған қоса былтыр мал шаруашылығын дамыту мақсатында жергілікті шаруалар несиелік ұйымдардан 753,384 мың теңге несие алып, кәсіптерінің көкжиегін кеңейткен екен.

Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жер телімдерінің 60 пайызы игеріліп отыр.  2014 жылы ауданға бөлінген демеуқаржы 221,4 млн. теңге болса, бұл бағыттағы қаржы-қаражат 2015 жылы 492,6 млн. теңгеге жетті. Осындай нақты қаржылай қолдаудың арқасында соңғы екі жылда аудан тұрғындары 152 дана агротехника сатып алды. Тіпті бұл облыс бойынша жақсы көрсеткіш көрінеді.

Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы да жүйелі арнаға түскен. 2015 жылы 2108 адам шағын кәсіпкерлік саласына жұмысқа тартылып, шағын бизнес нысандары өндірген өнімдер мен көрсетілген қызмет ауқымы 2337,4 млн. теңгені құраған. Сондай-ақ шағын кәсіпкерлік саласы бойынша бюджетке 57 644 млн. теңге түсім құйылуы да бас бармақпен бағалайтындай жетістік. Бұл орайда аудандағы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының жөні бөлек. Табыстың тайқазанын тасытып отырған бағдарлама аясында  аудан тұрғындары түрлі несиелік ұйымдардан 2302,9 млн. теңге несие алып, кәсіптерін дөңгелентіп, шаруаларын шалқытуда.

Л. Хайретдинов баяндамасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың отандастарымызға арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» Жолдауында белгіленген мұрат-мақсаттарды жүзеге асыру бүгінгі күннің ең басты міндеті екендігін екпін түсіре айтты.

Жаңақаланың денсаулық сақтау саласына да ілгерілеу тән. Әсіресе, Қамыссамар елінің демографиялық ахуалы жылдан-жылға жақсара түсуде. Мәселен, аудан аумағында 2014 жылы 455 сәби жарық дүниеге көрінсе, 2015 жылы 468 сәби өмір есігін ашып, табиғи өсім 2,8 пайызды құрады.

Аудан бойынша 2014 жылы 372 жұмыс орны ашылса, былтыр бұл көрсеткіш 563-ке жеткен. «Жұмыспен қамту – 2020» бағ-дарламасының ІІ бағыты бойынша шағын несие алып, кәсіпкерлікке бетбұрыс жасағандар қатары да қоюлана түсуде. Сөйте тұра әлі күнге дейін назарға ілікпеген олқылық пен ширататын шаруа да баршылық. Мұндай жайттарды біз аудан әкімінің қорытынды есебінде жарыссөзге шыққан жаңақалалықтардың сөзінен байқадық. Сонымен…

Аудан әкімінің жұмысына жалпы оң бағасын берген зейнеткер Қ. Текебаев ауыз су мәселесінің жаңақалалықтар үшін өте өткір проблема екендігін тілге тиек етіп, бұл мәселені жеделдетіп шешуді облыс әкімінен өтінді. Сонымен қатар жергілікті жұрт атынан Сарыкөл, Мұқыр ауылдарына газ тартылса деген базына да айтылды. Ал аудандық мәслихаттың хатшысы З. Сисенғали әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үй салынса деген ұсыныс айтса, зейнеткер А. Ғайнеденов ауданда атқарылған жұмыстарға оң бағасын бере отырып, автобекет салуды, Тастөбе шайқасын кеңірек насихаттауды және «ИсатайМахамбет» қоры арқылы қос батырға ескерткіш орнатуды сұрады. Жиын барысында облыс басшысына сұрақ қоюшылар да аз болмады.

Есепті кездесудің соңын ала облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пікірін ортаға салды.

– Қайырлы күн, жаңақалалықтар! Бүгін аудан әкімінің халықтың алдында есеп беру жиынында тағы да жүздесіп отырмыз. Сондықтан келген жыл құтты болсын! Күткен жақсылықтарыңыз, үміттеріңіз орындалып, өткен жылы жүзеге асқан жақсы істер жалғасын тапсын, – дей келе, – Біраз өзекті мәселені көтердіңіздер. Аудан әкімі есебінде ауданның өткен жылғы тыныс-тіршілігіне толыққанды тоқталды. Тындырылған шаруа, атқарылған жұмыстардың басықасында, бел ортасында өздеріңіз жүрдіңіздер. Көрініс тапқан игі істердің бәрі ардагерлердің ақыл-кеңесі мен ел-жұрттың ұсыныс-пікірі негізінде, сондай-ақ халық пен биліктің ынтымағы және жасампаз еңбекке жаппай жұмылудың арқасында жүзеге асты.

Сіздің ауданға қатысты қай сала болса да, оңды өзгерістер баршылық. Жаңақалалықтардың әуелден маманданған саласы – төрт түлік малдың қарасы әжептәуір көбейген. Білім беру мен денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай жетістіктеріңіз бар екен. Ел-жұрттың талап-тілегін, мұң-мұқтажын мықтап ескере отырып, нақты нәтижеге жеткізер сипатта жұмыс істеу – бұл  Елбасының биліктің бүкіл буынына қойып отырған ең басты талабы. Аудан әкімнің бүгінгі баяндамасында айтылған статистикалық мәліметтердің астарында қыруар еңбек жатыр. Қол жеткен табыс пен жетістік атаулы – ауа райының ыстық-суығына қарамай, жағдайының бар-жоғын елемей, ортақ мүдде үшін  еселі еңбек еткен адамдардың ортақ жемісі. Қажырлы жұмыстың нәтижесінде осындай жетістіктерге жетіп отырмыз. Жетістік деп еш қысылмай, ұялмай айтуға болады. Себебі осы жиында сөйлеушілерде ойларын білдіріп, аудан әкімінің қызметіне оң баға беруде.

Міне, осындай істер облыс аумағында, республика көлемінде де атқарылуда. Мұны сіздер бұқаралық ақпарат құралдары арқы-лы жақсы білесіздер.

Иә, 2015 жыл еліміз үшін жақсы жыл болды. Бірқатар атаулы мерекелерді атап өттік. Оған да өздеріңіз лайықты үлес қостыңыздар. Көптеген жетістіктерге жеттік. Бірақ заман өзінің талабын қойып отыр. Уақыт талабы – дағдарыстарды еңсере отырып, алға жылжу. Жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, еліміз жан-жақты өркендей түсуі үшін Елбасымыз «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан – 2050» стратегиясын, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бес халықтық реформаны» жүзеге асыруды қазақстандық қоғамның алдына ұлы мұрат, асқақ арман ретінде белгілеп берді. Бұл бағытта билік буындарын, яғни мемлекеттік қызметті кәсібилендіру, халық пен биліктің өзара тиімді қарым-қатынасын жетілдіру секілді қадау-қадау міндеттер тұр. Осы межелерге жолашар ретінде ел Парламенті ондаған заңдарды қабылдады. Ең бастысы, Елбасы алға қойып отырған биік мақсаттарға жету жолдары Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» жоспарында және халыққа арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» Жолдауында нақты көрсетілген. Сол биіктерді бағындыру – біздің барлығымыздың  міндетіміз.

Жаңа сіздер алға тартқан шаруалар мен өздеріңізді толғандырған мәселелер бойынша біз басым бағыттарды анықтай келе, нақты шешімдер қабылдайтын боламыз.

Өздеріңізге мәлім, биыл елімізде тәуелсіздіктің таңы атқанына 25 жыл толмақ. Бұл мерейтой – былтыр  атап өткен Қазақ хандығының 550 жылдығының және де басқа айтулы даталардың жарасымды жалғасы. Тәуелсіздікті нығайта түсу, баянды ете беру  баршамыздың ең ұлы мұрат-мақсатымыз болуы тиіс екендігін Елбасымыз шегелеп айтты. Осы жолдағы барша қазақстандықтар секілді жаңақалалықтардың да еңбегі жемісті бола бергей, – деген Нұрлан Асқарұлы қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, жиынды қорытындылады.

Мұнан кейін өңір басшысы Жаңақаладағы мәдени мекемелерді бір шаңырақ аясына жинаған Рухани орталықтың ашылу  салтанатына  қатысты.

Рухани орталықта аудандық орталықтандырылған кітапхана, мұрағат, мұражай, «Жаңарған өңір» газетінің редакциясы, мәдениет және спорт бөлімі секілді бірнеше мекемелер орналасқан.

Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесін ұзақ жыл басқарған зейнеткер Б. Әліпқызы  өзінің осы салада 16 жыл қызмет атқарғандағы арманы бүгін орындалғанын айтып, қуанышын жасырмады.

Рухани орталық ғимаратының лентасын қию рәсімі соғыс және еңбек ардагерлері М. Жаданов пен А. Қойысов ақсақалдарға бұйырды. Мұнан соң  қонақтар Рухани орталықты аралап, мәдени мекемелердің жаңа орындарымен танысып  шықты.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Н. Ноғаев аудан орталығында жаңадан бой көтерген Жаңақала мектеп-гимназиясы мен жатақхананы аралап, көргеннен кейін Бөкей ордасы ауданына аттанып  кетті.

Надежда ЕСЕТОВА,

Нұрғали  ҒАББАСОВ,

Жаңақала  ауданы


Қыша майын, маргарин және майонез шығарады

Күні: , 319 рет оқылды

DMS_7835


Теректі ауданының Пойма ауылындағы «Теректі май комбинаты» ЖШС-ның өндірістік базасына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Одан кейін кәсіпорында шығарылатын өнім түрлері маргарин, майонез, шрот (құрама жем), қыша майымен толығады.


Күнбағыс майын өндіретін зауыттағы техникалық жаңғырту жұмыстары 2-3 ай көлемінде аяқталмақ. Бұл жобаға серіктестіктің жаңа құрылтайшысы «Белес-Агро» компаниялар тобы 60 миллион теңгеден астам қаржы құйған.

— Зауыттың технологиялық желілері 40 пайызға жаңартылуда. Жаңа жабдықтар Украинадан, Қытайдан әкелінді. Маргарин, майонез өндіретін желілер орнатылып, іске қосылмақ. Дәнінен ажыратылған күнбағыс қабығын жағып, одан бу өндіретін 6,5 тонналық қазандық қондырылуда. Оның жылуын кейін жылыжай шаруашылығын дамытуға пайдалану көзделген. Бұрынғы ескі құрал-жабдықтар да 80-90 пайызға жаңартылады. Негізгі өнім майды алу үшін дәнді сығатын жабдық 80 пайызға жаңаланды, — деді «Теректі май комбинаты» ЖШС-ның бас технологы Ақылбек Сармалаев.

Кәсіпорын 2009 жылы іске қосылған. Содан бергі уақытта жөндеуден өтпеген. Сондықтан кәсіпорындағы құрал-жабдықтың тозуы 80 пайызды құрайды. Майды тазалау технологиялық үрдісіне де соны өзгерістер енгізілген. Енді өнімнің сапасы жоғары болады деп күтілуде. Серіктестіктің басқарушы директоры Ілияс Шахаровтың айтуынша, өндірістік цехтарға жаңадан төрт желі орнатылған. Оның ішінде шикізатты дайындау, дәнді сығымдағыш, маргарин, майонез шығаратын, экстракция желілері бар. Күнбағыс сықылды майлы дақылдардан май алу үшін қабығынан ажыратып, дайындайтын желі бұрын болмаған. Осындай жаңа желілердің арқасында өзге де майлы дақылдар өңделетін болады. Майлы дақылдардың ішінен күнбағысқа қоса рапс, зығыр, мақсары, соя, қыша сықылды дақылдар өңделмек. Мұның өзі шикізат жетіспеушілігін болдырмайды деседі мамандар. Сығылған күнбағыстың қалдық өнімі күнжараны ерітіп, түгелдей майға айналдыру үрдісі енгізіліп, өндіріс ошағы қалдықсыз өндіріс үрдісіне көшеді.

— Майлы дақылдардың құрамында 44 пайыз май болса, жаңа желілер 43 пайызға дейін май алуға мүмкіндік береді. Зауытта бұрын майлы дақылдардан тек 24 пайызы ғана май алынатын, — деді бас технолог Ақылбек Сармалаев.

Оның айтуынша, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ғалымдары рапсты аудандастыру жұмыстарын қолға алған. Суармалы алқаптарда рапстан үш есе мол өнім алынады. Құрғақшылық жағдайындағы біздің өңірде майлы дақылдар өсірген әлдеқайда тиімді. Жаңғырту жұмыстарынан кейін кәсіпорында күніне 144 тонна күнбағыс терең өңделмек. Бұрын бұл көрсеткіш 60-70 тонна шамасында болған.

— Майлы дақылдардың қай-қайсысы да өңірімізде өсе алады. Өткен жылғы егіннен 1 мың тонна шикізат сатып алдық. Өнімдерін зауытқа өткізген шаруашылықтардың басым көпшілігімен есеп айырыстық. Былтыр қышаны Зеленов ауданындағы компаниялар тобына қарасты алқаптарда егіп байқадық. Қышадан алынатын майдың денсаулыққа пайдалылығы, дәруменге бай екені белгілі. Одан басқа қыша ұнтағынан өзге өнім алуға болады. Компанияның астық өткізетін жолдары арқылы май зауытының өнімдерін де өткізуді жоспарлаудамыз, — деді «Теректі май комбинаты» ЖШС-ның басқарушы директоры Ілияс Шахаров.

Бүгінде зауытта жаңғырту жұмыстары жалпы алғанда 80 пайызға аяқталған. 60 адам жұмыс істейтін кәсіпорын жаңғырту жұмыстарынан кейін іске қосылған кезде жұмысшылар саны 100-ге жеткізілмек.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Жастарына қамқор, кәсіпкерлікке демеу болған

Күні: , 99 рет оқылды

Сүт цехы Жұмағұлова


Бөкей ордасы аудандық кәсіпкерлер палатасының филиалы кәсіпкерлердің бірқатар жобаларына қолдау-көмек көрсетуде.


Аудандық филиал мамандары жоспарлы жұмыстармен қатар аудан аумағынан тыс, өзге ауыл-аймаққа жұмыс іздеп кеткен кәсіпкерлікке икемі бар жастарды іздеп тауып, ауылға қайтару бағытында жұмыстанған. Ондағы мақсат – оларды туған жерлеріне қайтарып, жеке кәсібін ашуға баулу, жұмыссыз жастардың санын азайтып, ел экономикасын көтеруге, халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қосу. Мысалға, мұратсайлық Ерден Харесов бірнеше жылдан бері Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында қауын-қарбыз егумен айналысып, күнін көрген. Алайда қысқы маусымда жұмыссыз қалатындықтан, нәпақасын Оралдан іздейтін. Еңбекқор жас қала жаққа ауылдағы отбасын көшіріп алғанымен, басыбайлы баспанаға қол жеткізе қоймаған-ды. Сайқындық Асан Құттығалиев те екі қолға бір күрек іздеп, қала асып кеткендердің бірі. Дәнекерлеу ісін шебер меңгерген жігіт қазір отбасымен қаладан кері ауылға көшіп, ата-анасымен бірге тұрып жатыр. Дәнекерлеу жұмыстары ауыл-аймаққа қажетті шаруа болған соң, Асан тиісті орындардың жолдамасымен арнайы машықтан өтті. Екі жасқа ақыл-кеңесін берген аудандық филиал оларды кәсіпкерлікке «жетеледі», бағыт-бағдар берді.

Аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының мұрындық болуымен аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов қабылдап, олардың бизнес-жобаларымен танысты. Қабылдауға арнайы қатысқан сала мамандары да жастарға кәсіпкерлікті бастауға қажетті несиелік қаржыға қол жеткізу тетіктеріне, жоба-жоспарына қатысты кеңестерін берді. Қазір Асан және Ерден екеуі кәсіпкерлік палатасының көмегімен несие алып, бірі бау-бақша егуге, екіншісі дәнекерлеу цехын ашуға қам-қарекет жасауда.

Аталмыш филиал мамандарының кеңседе қаңтарылып отырмай, ауылдық округтерге, елді мекендерге жиі шығып, жергілікті тұрғындарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, насихаттауының нәтижесі енді көріне бастады. Оған дәлел ретінде мұратсайлық тіс дәрігері Мейірбек Бұхаров пен ордалық тіс технигі Архат Сәлімовтің жуықта ашылған тіс емдеу орталықтарын атауға болады. М. Бұхаров 2014 жылы маусымда 1 млн. теңге көлемінде несиеге қол жеткізіп, ғимарат салып, тіс емдеу аппараттарын сатып алды. Бүгінде оған тек мұратсайлықтар ғана емес, аудан орталығы мен өзге де шалғай елді мекендердің тұрғындары келіп емделуде. 2015 жылы оның игі бастамасын Ордадан 1 млн. 500 мың теңге несие алған Архат Сәлімов жалғастырды. Олар бүгінде тіс емдеу, тіс салу жұмыстарын қаладағыдан әлдеқайда төмен бағамен ұстап, жергілікті халықты аудан орталығына сабылтпай, сапалы қызмет көрсетуде.

— Бисен ауылының тұрғыны Күләш Биданова “2010 жылдан бері кәсіпкерлік субъектісін аша алмай жүрмін” деп біздің филиалға бас тіреп келді. Қарапайым ауыл әйелінің шағын наубайхана ашуға бизнес-жобасы дайын, 4 млн. теңгедей кепілзаты да бар болып шықты. Алайда «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша несие ала алмай жүр. Аудандық комиссиядан өткенмен, облыстағылар “Күніне 50 нан өткізіп, несиені қайтарамын деуің бекер” деп кесіп айтыпты. Өткен жылы Күләштің құжаттарын да-йындауға көмектестік. Аудан басшылығының қолдауымен ол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 1 млн. 350 мың теңге несие алды. Қазір Бисенде нан, торт, тәтті нан түрлерін, пицца пісіріп өткізуде. Одан басқа мұратсайлық Гүлмира Қапанованың құс өсіру жобасын бастамас бұрын Ресейдің Волгоград қаласынан 14 мың теңгенің инкубаторын сатып әкеп, әуелі балапан шығарып байқады. Whatsapp арқылы күнбе-күн хабарласып, бақылап отырсам, 20 күнде 104 балапан шығарды. Еңбекқор, несие алса, қайтаратын талабын байқаған соң, қолдау көрсеттік. Өткен жылы ол «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасымен 1 млн. теңге несие алып, оған Оралдан 400 тауық сатып алды, — деді аудандық кәсіпкерлік палатасы филиалының басшысы Бибігүл Жұмағұлова.

Бизнес қауымдастығы мен мемлекеттік құрылымдар арасында алтын көпір іспеттес, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында құрылған ұйым — кәсіпкерлер палатасының аудандағы филиалының басшысы Бибігүл Жұмағұлованың өзі де кәсіпкерлікпен 20 жылдан бері айналысады. Бүгінде ол шағын сүт цехын іске қосуға қамдануда.

— Ауданда мал басы жыл санап өсіп келеді. Маңдай терді тамшылатып жүріп өсірген ақ адал малдың еті арзанға кетуде. Сүт өңделіп жатқан жоқ. Сайқында сүт өңдейтін цех ашылған соң, сиыр ұстаған тұрғындар сүт өткізіп, күнде табыс табатын болады. Келешекте сүтті мал фермасын ашу жоспарда бар. Цехтағы жабдықтар 4-5 сағатта 550 литр сүтті өңдейді. Айына 10 мың литр, жылына шамамен 80 мың литр сүт өңдеуді жолға қоймақпын. Қазір жабдықты іске қосып, айран, майлылығы 2,5% және 3,2%, 6%-дық сүт шығарып, байқап көрудемін, — деді «Хан» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Б. Жұмағұлова. Оның айтуынша, сүт цехында 3-4 адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпкер өнім түрлерін молайтып, ауыл-аймаққа, қала берді Оралға, көрші аудандарға, әрісі Ресейге өткізуді жоспарлаған. Өнімді Ресейге шығару үшін кедендік одақ декларациясы да алынған.

Бибігүл замандасымыздың «Жұмағұлова» жеке кәсіпкерлігі «Парыз – 2014» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауына қатысып, шағын кәсіпкерлік субъектілері арасынан иегер атанды. Қазір кәсіпкер 38 адамға тұрақты жұмыс беріп отыр. Сайқындағы дүкені халыққа сауда қызметін көрсетуде. Шаруа қожалығында ірі қара, қой өсірілуде. Наубайханасынан күніне 500 бөлке нан шығарылады. «Кәсіпкерліктің қыр-сыры маған таныс, оның ауыртпашылығы мен әлеуметтік жауапкершілігі, түйінді мәселелері өзіме жақсы таныс. Сондықтан тәжірибемді өзге кәсіпкерліктерді дамытуға, еліміздің, өңіріміздің экономикасын дамытуға пайдаланудамын», — дейді ол.

2016 жылдың 1 қаңтарындағы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі ұсынған мәлімет бойынша ауыл-аймақта 106739 ірі қара, 125500 қой-ешкі, 18670 жылқы, 1204 түйе өсірілуде. Сондықтан нарыққа арзан бағамен кетіп жатқан мал етін өңдеп, дайын өнім ретінде ұсынудың тиімділігі сөзсіз. Осыны елеп-екшеген аталмыш филиал аудандық әкімдікпен бірлесіп, ет өңдеу жобаларын қолға алуға қам жасауда. Жоба-жоспар дайын. Одан басқа жылыжай және балық шаруашылығын дамыту жобалары қолға алынбақ.

Кәсіпкерлер палатасының филиалы кәсіпкерлердің құқық қорғау, олардың ұсыныс-тілектерін тиісті орындарға жеткізу бағытында біршама жұмыстар атқарған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарымен бірге ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бағытына мән-маңыз беріп отыр. Ауылдағы малды асылдандыру, мал сапасын арттыру, техникалық базаны жаңартуға берілетін мемлекеттің демеуқаржысын тиімді пайдаланудың жайжапсары ауыл тұрғындарына кездесулерде түсіндірілуде. Бүгінде ауданда 4 кооператив құрылған. Өткен жылы осы құрылымдар мемлекеттен 3 млн. 60 мың теңге демеуқаржы алды. Б. Жұмағұлованың айтуынша, филиалдың әлі де атқарар шаруалары ауқымды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

 

Қуаныш ШӘРІПҚАЛИЕВ, жеке кәсіпкер:

— Мемлекеттік бағдарлама негізінде 3 млн. теңге несие алып, көптен бері ойымда жүрген ісімді бастадым. Ресейден керамзиттік кірпіш өндіруге қажетті шикізат және құрылғы сатып әкеліп, орнаттым. Қазіргі қиыншылықтарға қарамастан, өндірісімнің өсу қарқыны шарықтап кетпегенімен, бәсеңдеген емес. Кәсіпкерлік палатасы филиалының мамандарымен тығыз байланыстамыз, олардың қолдау-көмектеріне алғысымды білдіремін.

 

Рустам ӨТЕЕВ, жеке кәсіпкер:

— Өткен жылы аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының жөн сілтеуімен ауданымызда сол уақытқа дейін болмаған тың жоба пластикалық терезе, есік жасау цехын аштым. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 1 млн. 300 мың теңге несие алып, цехтың ғимаратын салып, қажетті құрал-жабдық сатып әкелдім. Кәсіпкерлік палатасы қызметкерлерінің болжамы дұрыс болды. Өнімдеріме тапсырыс берушілердің қатары сейілер емес. Жасаған есік-терезелерімізді тапсырыс берушіге өзіміз апарып, орнатып береміз. Екі адамды жұмысқа алдым.


Штабтар құрыла бастады

Күні: , 79 рет оқылды

IMG_2976


Кеше  «Нұр Отан» партиясының  облыстық  филиалында осы партия жанынан құрылатын  сайлауалды штабтар мен оның  жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде брифинг өтті.


Брифингте сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Серік Сүлейменнің айтуынша, «Нұр Отан» партиясы жанынан облыс бойынша 14 штаб құрылады. Яғни 12 аудандық, бір облыстық, бір  қалалық штаб  өз жұмысын атқармақ. Штаб құрамындағы 213 адам арнайы бекіткен желілік кестеге сай жұмыс жасайтын болады. Қазіргі таңда штабтың құрылымдық, ұйымдастыру, материалдық-техникалық жабдықтау бағытындағы жұмыстары жүруде. Сайлауалды штабтар жұмысын  20  ақпанда  бастайды.

Қала бойынша 20 сайлау округі жұмыс жасамақ. Қазір штабтың еріктілері, сонымен қатар сенімді өкілдері жасақталу үстінде. Олар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталған кезде жұмыс жасайтын болады. Орал қаласында партиялық тізім бойынша 20 үміткер тіркелген. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының Орал қалалық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қаныбекұлы мәлімдеді.

«Нұр Отан» партиясының облыстық сайлауалды штабының құрамына танымал партия мүшелері мен қоғам қайраткерлері кіреді. Облыста 1000-ға жуық партия белсенділері, сондай-ақ ортақ іске жұмылдырылған партия тізімі бойынша кандидаттардың 1600-ге жуық сенімді тұлғалары насихат жұмысымен айналыспақ.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Сайлауға қызу әзірлік басталды

Күні: , 125 рет оқылды

DMS_7930


Кеше орталық коммуникациялар қызметінің облыстық отауында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарын сайлауға дайындық барысы туралы баспасөз брифингі өтті.


Брифингке облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов пен Орал қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Айгүл Төкешова қатысты.

ҚР Президентінің «Бесінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» 2016 жылғы 20 қаңтардағы №181 Жарлығы мен ҚР Орталық сайлау комиссиясының «ҚР мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау және ҚР мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы 2016 жылғы 20 қаңтардағы қаулысына сәйкес, облыстық сайлау комиссиясы  өз жұмысын бастады.

– Елбасының Жарлығы шыққаннан кейін, баспасөз беттерінде аумақтық, округтік сайлау комиссияларының құрамы мен орналасқан орындары, шекаралары көрсетілген сайлау округтерінің тізімдері жарияланды.  Өңірімізде  барлығы 734 сайлау комиссиясы  жұмыс істеп, 5138 адам қызмет көрсететін болады. Сайлау комиссиялары мүшелерінің 81 пайызы бірнеше сайлау науқандарына қатысқан тәжірибелері бар. Бүгінгі күнге дейін  өзін-өзі ұсыну бойынша 27 адам аудандық мәслихат депутаттығына ниет білдірген.

Оның ішінде екеуі әйел. Бұлар Ақжайық, Қазталов, Жәнібек, Зеленов, Бөкей ордасы, Сырым аудандары бойынша үміткерлер. Әзірге облыстық мәслихатқа ұсынылғандар жоқ. Облыс бойынша барлығы 200 депутат, соның ішінде 30-ы облыстық, 20-сы қалалық, 150-і аудандық мәслихаттарға сайланатын болады, — деді  Ғайса  Хамидоллаұлы.

Облыстық комиссия төрағасының айтуынша, сайлауалды жұмыстар бұрынғы ережелер мен талаптар бойынша жүзеге асырылмақ. Алдағы уақытта әр учаске бойынша сайлаушылар тізімі жасақталып, сайлау комиссияларының телефондары іске қосылмақшы.

Бұдан кейін сөз алған Айгүл Әдиетқызы мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну, тіркеу жұмыстары 2016 жылдың 20 қаңтарында басталып, 19 ақпанға дейін созылатындығын, ал сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізу ағымдағы жылдың 18 наурызында толық аяқталатынын хабарлады. Ол Орталық сайлау комиссиясына, прокуратура мен сот органдарына сайлау науқаны туралы ешқандай арыз-шағымдардың түспегендігін атап өтті. Сондай-ақ мәслихаттар депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу, сайлау заңнамаларын түсіндіру мақсатында жаңадан ашылған сайлау учаскелері комиссияларының төрағаларымен бірнеше рет семинарлар  өткізілгендігін  жеткізді.

Ақболат МҰСТАЖАПҰЛЫ, «Қазақстан-Орал» телеарнасының тілшісі:

– Биылғы сайлауға өңірімізге алыс-жақын шетелдерден қанша бақылаушы келеді деп жоспарлануда?

– Өткен сайлаудағы секілді биыл да ЕЫҰ-ның бақылаушылары қатысады деп күтілуде, оларға ешқандай кедергілер жасалмайды. Сайлаудың ашықтығы әрі жариялылығы сақталатын болады. Құпиялылық болмайды.

Ләззат ШАҒАТАЙ, «Орал өңірі»  газеті:

– Біздің облыста ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлерді ұсыну мен тіркеу жұмыстары қалай жүзеге асырылмақ?

– Мәжіліс депутаттарының сайлауы партиялардың ұсынысы бойынша өткізіледі. Оның барлық жұмыстарын Оралық сайлау комиссиясы атқаратын болады. Қазір біздің облыс бойынша «Нұр Отан» партиясы өзінің ұсынысын жасап, Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің барлығы республикалық Орталық сайлау комиссиясында тіркелді. Бізде аумақтық  комиссия облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарына үміткерлерді  тіркейді.

Дмитрий ТЕРЕЩЕНКО, «Надежда» газетінің тілшісі:

– Сайлауалды  үгіт-насихат жұмыстары үшін депутаттыққа үміткер әр адамға қанша көлемде қаржы бөлінеді және бұл науқанға облыста қанша қаржы қарастырылған?

– Әзірге сайлауалды жұмыстары үшін бөлінетін қаржы нақтыланған жоқ. Жақын күндері белгілі болады. Алайда сайлаудың талаптарына сәйкес әр депутат алғашқы жарна ретінде 114 295 теңге көлемінде қаржысын төлейтін болады. Жалпы,  республика бойынша сайлау науқанына 8 млрд. теңгеден  астам  қаржы  бөлінбек.

Саида  ТӨЛЕГЕНОВА, «Приуралье» газетінің  тілшісі:

– Шалғай ауылдардың тұрғындарын сайлау учаскесіне жеткізу қалай ұйымдастырылмақ? Бас бостандығынан айырылған немесе қамауда отырған өзге де тұрғындар дауыс беруге  қатыса алады ма?

– Алдағы уақытта сайлау учаскелерінің жаңа шекаралары бойынша  қашық орналасқан ауыл тұрғындары үшін маршруттар сызылып, оларды қамтамасыз ету үшін орталықтандырылған көлік қатынасы  ұйымдастырылатын болады. Өзінің конституциялық құқығын жүзеге асырғысы келетін кез келген азамат назардан тыс қалмайды.

ҚР Сайлау туралы заңдарында көрсетілгендей, бас бостандығынан айырылған азаматтардың сайлауға қатысып, дауыс беруге құқығы жоқ.

Суретті түсірген Медет  ДОСЫМОВ

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Қыстыгүн, қардың үстімен не жетсін желдей ескенге!

Күні: , 99 рет оқылды

6 ногаев лыжи


30 қаңтар күні Оралдағы қалалық мәдениет және демалыс саябағында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған дәстүрлі көпшілік шаңғы жарысы өткізілді.


Шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, өңірде Елбасы тапсырмасына сәйкес қалың бұқараны спортпен айналысуға кеңінен тарту мақсатында жазда жеңіл атлетика, велосипед, қыста шаңғы жарыстары ұдайы ұйымдастырылып келеді. Осындай шаралардың нәтижесінде қазіргі таңда облыс тұрғындарының 24 пайыздайы спортпен тұрақты шұғылдануда. Бұл жолы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйытқы болған шара биыл жазда Рио-де-Жанейрода өтетін ХХХІ жазғы олимпиада ойындарында өнер көрсетіп, ел намысын қорғайтын спортшыларды қолдауға арналды.

Ұзындығы 3 шақырым болатын шаңғы жарысына түрлі мекемелер, оқу орындары, спорт мектептері, сондай-ақ қала тұрғындары, барлығы 2 мыңдай адам қатысты. Ерекше белсенділік көрсеткендер дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Ең жас қатысушы» аталымына бес жасар Илана Әділханова ие болса, 85 жастағы Алексей Победимов пен 67 жастағы Бақыт Мұқажанова «Ең жасы үлкен шаңғышы» атанды. Ж. Досмұхамедов атындағы педколледж «Белсенді ұжым», Рашидовтар отбасы «Спортқұмар отбасы» атағына ие болды.

Ғалым АЯН


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика