Мұрағат: 28.01.2016


Әкімшілік полиция адам факторын жоюға ниет танытып отыр

Күні: , 99 рет оқылды

DMS_7376


Кеше ОКҚ-ның облыстық филиалында БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасының тіркеу және емтихан алу бөліміндегі жаңа өзгерістер, электронды қызмет көрсетудің жаңа мүмкіндіктері тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.


Жиынды ашқан аталмыш басқарма басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Жанболат Жаншиннің сөзіне қарағанда, әкімшілік полиция басқармасында электронды кезек жүйесі қолданылатын жаңа жоба жүзеге аспақшы. Бұл мұндағы тіркеу, емтихан қабылдау, әкімшілік тәжірибе бөлімшелерінің жұмысын жаңа жолға қойып, дамытуға мүмкіндік бермек. Аталмыш іс-шара Елбасының «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарын жүзеге асыру, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң талабы аясында және облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қолға алынған.

– Мұндай жүйені енгізу нәтижесінде көлік құралдарын тіркеу, қайта тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру және әкімшілік құқықбұзушылық істері бойынша талдауды жүргізуге қатысты халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттырады. Электронды кезек түрлі қызмет көрсету шаралары кезінде адам факторының қатысуына жол бермейді. Ендігі уақытта кезек күтетін азаматтарға жайлы жағдай туғызылмақшы. Яғни басқарма ғимаратында қайта жабдықтау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ штаттан тыс іс жүргізуші қызметкерлерін енгізу де қарастырылып отыр, – деді Жанболат Жасқайратұлы.

Өз кезегінде сөз алған «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК БҚО филиалының директоры Марат Бассаровтың айтуынша, бұл салада тоғыз жылдық тәжірибесі бар ХҚО мамандары аталмыш жобаға кеңесші ретінде қатысқан. «Бұл жобаның жүзеге асуына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен қала әкімі Алтай Көлгінов үлкен жанашырлық танытты. Біз әкімдіктерде, ІІД-да бірнеше мәрте жиналдық. Артынан  қаланың біраз бөлігіне барып, оған арнайы жер қарадық. Бірақ қазіргі әкімшілік полициясы басқармасы ғимаратынан қолайлы орын таппадық, — деді Марат Владимирұлы. – Бұл мамандандырылған ХҚО емес, соның желісінде қолға алынған жоба. Ондағы жүйе қазіргі жағдаймен салыстыруға келмейді. Заман талабына сай, жетілдірілген деңгейде қызмет көрсетілмекші. Қазіргі таңда бұл жобаны жүзеге асыру ба-ғытындағы жұмыстар қолға алынды. Жоба жақын аралықта ма, болмаса жылдың соңына дейін іске қосыла ма, ол жағын нақты айта алмаймын».

Жиын соңында БАҚ өкілдері сұрақтар қойып, тиісінше жауаптар алды.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Ғайсағали  СЕЙТАҚ, «Kazinform»  агенттігінің  тілшісі:

– Қазіргі жол-көлік оқиғаларының көп болуы автомектептердегі білім сапасына да қатысты шығар деп ойлаймын. Оларда мемлекеттік тілде сабақ беру көңіл қанағаттандырмайды. Кейбір әдістемелік құралдар орысша. Осы бағытта сіздердің тараптарыңыздан қандай шаралар қолға алынуда?

Жанболат  ЖАНШИН:

– Жол-көлік оқиғаларына қатысты автомектептерде оқығандарды ғана кінәлауға болмас.

Оның негізгі себебі – жүргізушілердің сана-сезімінде. Мәселен, көрші Ресейдегі жүргізушілер қашан да бір-бірін түсінуге, қолдауға, қиын сәттерде жол беруге дайын. Еліміздің өзге өңірлерінен де осындай жағдайды көруге болады. Ал біздің батыс облыстарында бұл өзекті мәселе. Жерлестеріміздің санасында жүргізушілік ынтымақтастық жоқ. Жол-көлік оқиғаларына тап болып жатқандардың ішінде тек автомектепті жаңа бітіргендер емес, жиырма жылдық жүргізушілік тәжірибесі барлар да ұшырасуы осыны айғақтайды.

Автомектептегі оқуға келсек, мұнда оқуға ниет білдірген жандар қай тілде оқитынын өздері таңдайды. Біздегі автомектептерде мемлекеттік тілде де, орыс тілінде де сабақ бере алатын мұғалімдер бар. Емтихандар мемлекеттік  тілде  де  қабылданады.

Дмитрий  ТЕРЕЩЕНКО,

«Надежда»  газетінің  тілшісі:

– Қазіргі уақытта әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлерінің жүктемесі қандай? Жаңа жоба енгізілгеннен кейін ол қаншалықты төмендейді?

Жанболат  ЖАНШИН:

– Қызметкерлеріміз күніне 150-180 техникалық куәлік, 80 жүргізуші куәлігін береді. Бұл дегеніміз — жылына бір қызметкерге 2000 материалдан келеді деген сөз. Ал біздің штаттағы қызметкерлердің аздығына байланысты соңғы кездері айына 2000 материал келіп отыр. Бұл – өте үлкен жүктеме. Соған байланысты штаттан тыс іс жүргізушілерді алғымыз келіп отыр. Ол өз кезегінде тұрғындарға да ыңғайлы болады. Жаңа жоба жүктеме санын едәуір азайтады.


«Осы үйдің қызын үкілей келдік…»

Күні: , 174 рет оқылды

4987936_xlarge


43 жылғы ұстаздық тәлімімді «Зейнеткерлікке  шықтым» деп бітіре салғым келмейді. «Білгеніңді білмегенге айтпасаң, ол да күнә» дейді үлкендер.


Өзім Ақтөбе облысының Ойыл ауданында, салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған қазақы жерден тәрбие алып өстім. Ұлттық тәрбиені санама сіңіріп,  қазақ тілінің маманы болғаннан кейін Мұхтар Әуезов айтқандай, «Туған жерімді, туған тілімді, салт-дәстүрімді, туған тарихымды жан-тәніммен қорғап өстім». Сондықтан асабалық қызметімде де, ұстаздық жұмысымда да, халықтың ортасында да салт-дәстүрімізді дәріптеумен келемін. Қат-қабат тарих түкпірінен жетіп, сақталған салт-дәстүрді, үлгі-өнегені кейінгі ұрпаққа жеткізу – міндетіміз.

Бір мемлекетте тұрғанмен, әр өңірдің қалыптасқан дәстүрі бар. Мысалы, Кіші жүзде, әсіресе, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында құда түсуге барғандар «Құдайы қонақ» болып барады. Тіпті мейлі, көршісінен қыз алып жатса да. Құда келетінін естіген ағайын-туыс бір шаңырақтың астына жиналып, «Құдайы қонақты» танымайтын, білмейтін адам ретінде қарсы алып, құрметтейді. Өзара ағайын-туыстың тілегінен кейін, «Құдайы қонақтарынан» жөн сұрайды. Осы кезде ғана «Құдайы қонақтар»  өздерін таныстырып, «Екі тектің баласын ептемекке келгенбіз, елдестірмек елшіден…» дегендей, осы елдің немесе осы үйдің қызын үкілей келгендігін,  яғни елші құда екендігін білдіреді.

Бірақ соңғы кезде «Құда түсу» дәстүрінде көңілге қонымсыз жайттар кездесіп жүр. Бұрын ата-бабадан қалған дәстүрде  құда келерде қалыңдық жағы  қызын туысының үйіне жіберіп,  қашан бөтен үйдің есігін аттағанша, құдалар жағына көрсетпеуге тырысатын. Әкелген сырғасын  тағуды қыз жеңгесіне аманаттап, табыстайтын және «Қызыңызға сырға тағуға келдік» демей, «Үкілей келдік» дейді екен. «Сырға салуға келдік» деген тіркес «ен салуға келдік» дегендей естілетінін де ескеру керек. Қазір қызды жеңгесімен ортаға  шақырып, жағалай көрістіріп, құдалар қызды ортаға отырғызып, сырға салу әдетке айналды.

«Есті қыз етегін қымтап отырады» дегендей, есті қыз қашан табалдырық аттағанша ата-енесіне көрінбеуге тырысады. Бұл қыздың беті ашылмаған, тәрбиелілігін көрсетеді. Қыз үйінен шығарда ата-анасымен, туысқандарымен қоштасқанда ғана жағалай көрістіріп шығарады. Соңғы кезде беті ашылмаған қыздың азайып бара жатқанын да мойындау керек. Бірде жаңағы құда түсу дәстүрінің үстінде қызын аяғы ауыр күйінде көрістіргенін көріп, ата-анасына, қалыңдыққа қатты көңіліміз қалды. Қазір бір кездегі «Қызға қырық үйден тыйым беретін»  қыздардың үйінде жүріп-ақ аяғы ауыр болатынына да үйреніп, селт етпейтін болдық. Қызды босағасында сары алтындай сақтау – әр ата-ананың парызы. Өкінішке орай, ұлттық мұраға келгенде, сол ноқта-тізгінді мықтап ұстай алатынның қарасы аз. Дәстүр жалғастығының бір кезде жұтаған, жоғалған орны үңірейіп бос тұр. «Бос орынға шайтан да үйір» дегендей, күні ертең өзегіңнен тебер өзгенің қаңсығын кейінгі ұрпақ мәдениетке санап жатыр. Осы жерде айта кету керек, келін түсіргенде келіннің екі жағына қос жеңгесі келіп тұрады. Жігіттің екі жеңгесінің екі жағында тұруы міндетті екенін бәрі біледі. Алайда неге солай болу керектігін жете ұқпайды. Қазақ халқы ештеңені ойсыз, мақсатсыз шығармаған. Әр дәстүрдің, салттың,  кәде-ырымның астарында мән-мағына, тәрбие көзі жатады. Жаңағы екі жеңге – жаңа түскен келінді қолтығынан демеп, білмегенін үйретіп, ұқпағанын түсіндіретін ақылшы кеңесшілері болуы керек адамдар. Бұлар осы әулетке мына келіннен бұрын түскендер, сондықтан шаңырақ дәстүрі, әдеттері басқа үйден келген, келіндік тәжірибесі қалыптаспаған  жас келінді қамқорлыққа алатын абысындары. Ал қазіргі тойлардағы жеңгелердің жол көрсетпек түгілі, өз басына тәрбие жетпей жатқаны көзге ұрып тұрады. Бастары жалаңбас, талайының бұттарында тар шалбар.

Оған өздері қымсынбайды да. Кей тойларда келіннің жанына кім тұратыны ескерілмей, «Сен тұр, мен тұр» болып, бірін-бірі итермелеп те жатады. Түсінемін, тойдың қарбалысы көп, дегенмен бір естияр адам осыны ертерек қамдап қоюы керек емес пе? Күнде келін түсіріп, шартарапқа жар салып жатқан жоқсыз, қазақтың тойының салтанатты көрінісі осы – беташар ғой. Келінді демейтін екі келіншекке екі орамал, екі камзолды бұрынырақ дайындап, беташар барысында соны бір сәт киіп тұрса, қандай жарасымды. Соңынан «Құдай сендерді де келін түсіріп, қыз ұзатуға жеткізсін!» – деп ескерткішке сыйлап жіберсе, олардың көңілі көтеріліп қана қоймай, сонымен бірге  әрі қарай ұмытпай, өздері де жалғастырар еді.

Өнеге айтудан емес, көрсетуден санаға сіңеді. Өзімнің де келін түсіргеніме екі жыл болған жоқ. Қазір үш айлық Ақберен атты немереміз бар. Келін түсіргенде, жоғарыда айтылған салт-дәстүрдің бәрін сақтай отырып, қазақша киініп, сәукелесі ақ желегімен желбіреген келінімізді қызыл шымылдықпен қарсы алдық.

«Ақ сүт емген иманды, адал қыз тап қыла көр» деген тілегімді қабыл еткен Аллаға мың шүкіршілік. «Келіні жақсы үйдің әр керегесі – береке» дегендей, таңертеңгісін ата-енесіне иіліп, сәлем салып тұратын келінімізге күндегісін күнде «Бақытты бол!» деп бата береміз. Ауылдың қызы екенін білмейтін, үйге келген қонақтар: «Келінің Оңтүстіктен бе, әлде Ақтау,  Ақтөбеден бе?» — деп сұрап жатады. Кісі келсе, орамалын тастамайтын, қай уақытта да шәйнегі қайнап тұратын, үлкенге иіліп сәлем сала білетін биязы Асылзатыма дән ризамын, инабатты да иманды етіп тәрбиелеген анасына, Гүлсім құдағайыма да алғысым шексіз.

Адамның жаратылысы қызық, жақсы нәрсенің жақсы екенін біле тұрса да, «Басқа істемейді, маған не жорық?» деп өзгелердің қатарында тұра қалатын жалған намыс, пендешілік бар. Әйтпесе, ешқандай қиындығы жоқ ата-бабадан қалған сәлем салуды барлық келін дәстүрге айналдырса, несі артық? «Баталы құл арымас» деген, күнде бата алып тұрудың өзі бақыт емес пе? Бұларды айтып отырған себебім, Батыстың күл-қоқысымен ластанған жастардың  санасына кішкене болса да, сәуле түссе екен. Абай айтқандай: «Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, ойына тоқысын,  керексіз десе, өздері білсін…».

Ғазиза  РАХМЕТОВА,

зейнеткер-ұстаз,

Ақжайық  ауылы,

Теректі  ауданы


Қос бүйірінде «Аллаһ» пен «Мұхаммед» деген жазуы бар қошақан

Күні: , 113 рет оқылды

20160125_163010


Жаңақала ауданында оң бүйірінде «АллаҺ», сол бүйірінде «Мұхаммед» жазуы бар қозы туды.


Мал иесі жануардың денесіндегі жазуды көре салысымен жергілікті мешіттің  имамдарына хабарлаған. Аудандық мешіттің бас имамы Мұратбек Жақатов қошақанның бүйіріндегі АллаҺ және Мұхаммед деген арабша жазуларды оқыпты.

— Бұл отбасымен жуырда арғы аталарының құлпытастарын тауып, зерттеу барысында танысқан болатынмын. Арғы аталары Қыдырсейіт өте ауқатты кісі болған. Мырзат ағаның өз әкесі Басырдың кеңес үкіметіне қызмет етуіне қарағанда, үкімет оның сауаттылығын пайдаланса керек.

Жаңақазан ауылынан 10 шақырым жерде ата-бабасы жатқан Қошпан соры, 20 шақырым жерде Басыр байдың, 15 шақырымдай жерде Бұланай байдың атымен аталатын ауылдар әлі күнге сақталған. Сондықтан Мырзат ағаның қорасында Аллаһ және Мұхаммед жазуы таңбаланған төлдің тууы кездейсоқ емес, — дейді Мұратбек қажы.

20160125_162942

Жаңақала аумағында мұндай ерекше төлдердің тууы бірінші рет емес. Бұдан 2 жыл бұрын Аллаһ деген жазуы бар қозы Бектемір Бекқалиевтің шаруашылығында туды.

Надежда ЕСЕТОВА,

Жаңақала ауданы


Жекешелендірудің бүгінгі жай-күйі

Күні: , 104 рет оқылды

DMS_7298


Сейсенбіде «Жайық Пресс» медиахолдингінің баспасөз орталығында «2016-2020 жылдарға арналған жекешелендіру кешенді жоспарының облыста жүзеге асырылу барысы»  тақырыбында брифинг өтті.


Басқосуға облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Фарида Раджапова, «Орал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» департаментінің директоры Андрей Локтев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бауыржан Талдықбаев және жергілікті  БАҚ өкілдері  қатысты.

Жиында сөйлеген облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Фарида Раджапова өңіріміздегі жекешелендіру жұмысының  жай-күйін  баяндады.

– Қазіргі таңда Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында еліміз бойынша дағдарысқа қарсы қайта құрудың үшінші бағытын жүзеге асыру үшін квазимемлекеттік сектор және мемлекеттік нысандарды жекешелендіру және мемлекет иелігінен алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыс біздің өңірімізде де қолға алынды. Бұл ретте облыста 2014 жылы мемлекеттік қатысу үлесі бар коммуналдық меншіктегі үш нысан және «Орал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ-ның екі нысаны сатылды. Өткен жылғы тізім бойынша бес жекешелендіру нысаны ішінен екі спорт нысаны («Ақжайық» футбол және спорт клубтары) сатып алушылардың жоқтығына байланысты таратылды, бір денсаулық сақтау («Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» МКҚК) нысаны сатылды.

Биыл ел Үкіметі 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын бекітті.

Осыған орай облыс әкімдігі ағымдағы жылдың 19 қаңтарында бәсекелес ортаға беруге жататын коммуналдық меншіктегі ұйымдардың тізбесін бекіту туралы қаулысын шығарды. Осы тізім бойынша бәсекелес ортаға 12 мекеме берілетін болды. Бұл ретте әрбір жергілікті атқарушы орган аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіруге өз тарапынан шешім қабылдай алады. Қазіргі таңда бюджеттік шығындарды қысқарту аясында мемлекеттік заңды тұлғаларды оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. 2014-2015 жылдар аралығында облысымызда үш мекеме таратылып, үш мекеме қайта құрылды. Ел Үкіметі  акциялар пакетінің 50 пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар көрсететін қызмет түрлерінің тізбесін бекітті. Бұл тізбеде коммуналдық меншік аясында көрсетілетін  22 қызмет түрі көрсетілген. Облыс бойынша 28 квазимемлекеттік  субъектілер қызметінің аталған тізбеге сәйкес келетіндігіне талдау жасау керек. Сонымен қатар 2016 жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде барлық басқарушы органдарға өздеріне бағынысты заңды тұлғалардың (мемлекеттің қатысу үлесі тікелей немесе жанама түрде 50 пайыздан астамы) тізбеде көзделмеген қызмет түрлерін олардың жарғылық құжаттарынан алып тастау арқылы сәйкестендірілуі керек. Осындай жұмыстар «Орал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ-ға бағынысты  11 нысан бойынша да жүзеге асырылуы тиіс, – деген Фарида Тоқтасынқызы жиналғандарды мүлікті заңдастыру жағдайынан да хабардар етті.

Оның сөзінше, елімізде мүлікті жария ету науқаны 2014 жылдың 1 қыркүйегінен басталып, 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жүргізілмек. Өңірімізде бұл бағытта да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде  2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күні бүгінге дейін Орал қаласы мен аудан әкімдіктері жанында құрылған комиссиялармен заңнамаға сәйкес жалпы құны 1,7 млрд. теңгенің 235 нысаны жарияланды. Бұл нысандардың 101-і тұрғын үй болса, 134-і – тұрғын  емес жайлар.  Жария ету науқанының аяқталуы жалпыға бірдей кірістер мен шығыстарды жариялаудың басталуымен сәйкес келіп отыр. Кірістер мен шығыстарды жариялау екі кезеңде өтеді. Бірінші кезең 2017 жылдан басталып, бұған мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектордың және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен жұмысшылары, ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалған барлық азаматтар қатысады.

– Мүлікті жариялау субъектілеріне мемлекет тарапынан кепілдіктер беріледі. Азаматтарға қатысты мемлекеттік органдар тарапынан кез келген қудалаушылықтарға жол берілмейді. Жарияланған мүліктер тәркіленбейді және мүлікті жариялау туралы ақпараттар құпия сақталады. Комиссия мүшелерінің жүгінген адамдар туралы және олардың мүліктері жөнінде мәліметтерді жариялауға еш құқығы жоқ, – деді ол сөзінің  соңында.

Бұдан соң «Орал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» департаментінің директоры Андрей Локтев сөйлеп, аталмыш мекеменің міндеті туралы баяндады. Оның сөзінше, «Орал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ-ның негізгі міндеті – өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына мемлекетік және бизнес серіктестігі  ретінде ықпал ету.

– Жалпы, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметі экономиканың басым салаларындағы болашағы зор, бәсекеге қабілетті  жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Облыс әкімдігінің қаржы басқармасы – «Орал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ-ның бірден бір акционері болып табылады.

Жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес Үкімет «Орал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ-ның коммуналдық меншіктен немесе инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісімшарттар негізінде берілген 11 еншілес және тәуелді компанияларының акциялары мен қатысу үлесін бәсекелестік ортаға беру жөнінде ұсынбалар енгізді. Қазіргі таңда «Жайық-Недра» ЖШС үлесінің 49 пайызы серіктестіктің өзге қатысушыларынан қатысу үлесін сатып алуға басымдық құқығы бар серіктестікке сатылды. Сондай-ақ 2016 жылы негізгі қызметі жалпыға пайдалы кен өндіру орны болып табылатын «Құрылыс құм», «Нұр-Батыр», «EVRO-Батыс» ЖШС-ның жұмысына қатысу үлесі осындай жолмен өткізіледі. Ал 2017-2020 жылдар аралығында «Желаев құмтасы», «Миргород құмтасы», «Licorice Kazakhstan» ЖШС-ның үлесін өткізу жоспарлануда. «Орал» шағын қаржылық ұжымы» ЖШС-ның 51 пайыз үлесі gosreestr.kz-да электрондық аукцион түрінде саттыққа шығарылады, — деді Андрей Локтев.

Оның сөзін жалғастырған облыстық эгнергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бауыржан Талдықбаев «Батыс су арнасы» ЖШС-на қатысты өткен тендер барысы жайында баяндады. Оның сөзінше, «Батыс су арнасы» ЖШС-ны сенімгерлік басқарушыға тапсыру бойынша тендер ашық өткен. Тендерге қатысушылардың саны небәрі екеу болған. Олардың қызметі мен құжаттарын мұқият қараған арнайы комиссия «Водные ресурсы-Маркетинг. Уральск» ЖШС-ны жеңімпаз деп танып, аталған серіктестікке «Батыс су арнасы» ЖШС сенімгерлік басқаруға берген. Бұл серіктестік «Водные ресурсы-Маркетинг. Чимкент» ЖШС-мен келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Ал Шымкент қаласындағы «Водные ресурсы-Маркетинг.Чимкент» ЖШС-на келетін болсақ,  бұл мекеме 1998 жылдан бері жұмыс істейді.  Бұл – еліміз  бойынша жұмыс сапасы жөнінен үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп келе жатқан су саласындағы бірден-бір компания.  Жұмыс үдерісіне заманауи технологияны кеңінен енгізген тәжірибелі серіктестіктің 2014 жылғы жылдық табысы 3,5 млрд. теңгені құрап, жылды   354 млн. теңге табыспен аяқтаған.  Инвестицияны игеру бойынша да алда көпке үлгі болып келе жатқан компания жұмыс сапасы бойынша түрлі марапаттар мен сертификаттарға ие.  «Водные ресурсы-Маркетинг. Уральск» ЖШС «Батыс су арнасының» жұмысын одан әрі жалғастырып, халыққа сапалы қызмет көрсетпек. Бұл ретте кәсіпорын жұмысшыларының жұмыс орны сақталмақ. Және талап бойынша сенімгерлік басқарушы  кәсіпорынға жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, жаңа жұмыс көздерін ашуы тиіс.

Жиын соңында сөйлеген облыстық қаржы басқармасының бөлім басшысы Жеңіс Нығметуллин жиналғандарға жекешелендіру үдерісінің қалай өткізілетінін түсіндірді.

– Жекешелендіру үдерісі мекеме, кәсіпорындарды сенімгерлік басқаруға беру арқылы мемлекетке мол пайда әкеледі. Өйткені жеке кәсіпкерлер қашан да мол табыс табуға ынталы, олар бар күшін салып, шаруашылықтарын дамытуға ұмтылады. Жекешелендіру үдерісі екі нұсқада өтеді. Біріншісі – кәсіпорындарды аукционға салу, яғни кәсіпорындар бағаны төмендету немесе жоғарылату арқылы сатылады. Екіншісі – коммерциялық  тендер өткізу. Жекешелендірудің бұл нұсқасы арқылы өткізілген тендерге қатысушыларға  мемлекет тарапынан бірқатар шарт қойылған. Оның ең бастысы, сенімгерлік басқаруға берілген серіктестіктер қызмет бейінін келісімшартта көрсетілген мерзімге дейін одан әрі жалғастыруы тиіс. Бұл мерзімді сатушы өзі белгілейді. Және сенімді басқарушы қызмет көрсету сапасын жетілдіріп, жұмыс барысында жаңа технологияны енгізіп отыруы керек. Сондай-ақ жаңа басқарушы жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға  да мүдделі болуы тиіс, — деген ол облыс бойынша 2014 жылы  үш нысанның сатылғанын жеткізді. Олар  №3 монша, «Бірлік» мал зауыты және «Орал-Жер» ЖШС. 2015 жылы коммерциялық тендер бойынша «Салауатты өмір  салтын қалыптастыру орталығы» МКҚК 17 млн. теңгеге сатылса, «Ақжайық» футбол және спорт клубтары сатып алушылардың болмауына байланысты сатылмады. Биыл облыстық деңгейде «Батысагросервис» ЖШС саттыққа шығарылмақ, — деген Жеңіс Махамбетұлы  қазіргі таңда «Горкомхоз» ЖШС, «Жігер» және «Сарыарқа» спорт клубтарының таратылу үстінде  екенін  жеткізді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Дмитрий  ТЕРЕЩЕНКО,

«Надежда»  газетінің  тілшісі:

– Сенімгерлік басқаруға өткен нысандардың тариф  бағасын  көтеруге  құқығы  бар  ма?

Бауыржан ТАЛДЫҚБАЕВ,

облыстық  энергетика  және  тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылық басқармасының  басшысы:

— Бұл жөнінде айтуға әлі ерте. Өйткені жекешелендіру үдерісі елімізде енді ғана қолға алынды, көп нәрсенің бағыты жұмыс барысында белгілі болады деп ойлаймын.  Меніңше, тариф бағасын өзгерту үшін жаңа басқарушы кәсіпорын жұмысына  талдау жасап, бұл жөнінде құзырлы мекемелер алдында есеп беруі керек. Соның нәтижесінде тиісті шешім қабылданып, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің жергілікті департаментіне ұсыныс жасауы тиіс. Ал аталған мекеме өз кезегінде сол кездегі жағдайды есепке ала отырып,  тиісті  шешім  қабылдауы  керек.

Юля МУТЫЛОВА,

«Мой город» газетінің тілшісі:

– Мүлікті жария ету науқанына сәйкес облысымызда 2015 жылы қанша мүлік жария етілді?

Фарида РАДЖАПОВА,

облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары:

– Елімізде мүлікті жария ету науқаны 2014 жылдың 1 қыркүйегінен басталды. Менің қолымда дәл қазір  2015 жылдың мәліметі жоқ. Ал жалпылама айтар болсам, 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күні бүгінге дейін Орал қаласы мен аудан әкімдіктері жанында құрылған комиссиялармен заңнамаға сәйкес жалпы құны 1,7 млрд. теңгенің 235 нысаны жарияланды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

облыстық  «Орал  өңірі»  газетінің  тілшісі:

– Жекешелендірілген мекемелер жұмысына мемлекет тарапынан қандай да бір қадағалау, бақылау бола ма?

Жеңіс НЫҒМЕТУЛЛИН,

облыстық қаржы басқармасының бөлім басшысы:

– Мемлекет коммерциялық тендер бойынша ұтып алған серіктестіктерге шарт қойып, олардың жұмысын бақылай алады. Талап бойынша мұндай мекемелер, ең бірінші кезекте қызметін өзгертпей, сол бағыттағы жұмысын жалғастыруы тиіс. Және жаңа жұмыс көздерін ашып, кәсіпорынды жетілдіруі керек. Қысқасы, жеке кәсіпкерлер кәсіпорынды жекешелендіріп алғаннан кейін белгілі бір жылдар аралығында сол салаға инвестиция тартуы тиіс. Осы талаптар орындалмаған жағдайда кәсіпорын мемлекет меншігіне қайтадан қайтарылып алуы мүмкін.


64 жоба – 2287 жұмыс орны

Күні: , 79 рет оқылды

DSC_0057


Кеше облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен  облыс әкімдігі жанындағы техникалық және кәсіптік білімді дамыту мен кадрлар даярлау жөніндегі өңірлік кеңес отырысы өтті.


Жиында Бақтияр Мәкен Елбасымыздың өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауында айтылған «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білімі» атты жаңа жобаны іске асыру мақсатындағы техникалық және кәсіптік білімді дамыту мен кадрлар даярлау жөніндегі өңірлік кеңестің 2016 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жанболат Иманғалиев «Арнайы кәсіби мамандығы жоқ, жұмыссыз жастарға кәсіби-техникалық білім беру» тақыры-бында хабарлама жасады.

— 2016 жылы мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында облыста жүзеге асырылатын 64 жобада 2887 жұмыс орнын жасақтау жоспарлануда. Ашылатын жұмыс орындарына жұмыспен қамту органдары арқылы 515 адамды техникалық және кәсіптік мамандықтар бойынша жұмысқа орналастыру көзделуде. Жұмыспен қамту мәселелерін шешу мақсатында облыста жүзеге асырылып жатқан «Батыс Қазақстан облысының аумағын дамыту» және «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламалары аясында жоғарыда аталған қажетті мамандарды облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып дайындауға міндеттіміз. Биылғы жылы да «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы өз жалғасын табады. Жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті мекемелермен еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға 630 адам оқытылатын болады, — деді басқарма басшысы.

Өткен жылдағы атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасаған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Данияр Құлжановтың мәліметінше, 2015 жылдың 1 қаңтарына облыста 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 149 595 адамды құраған. Олардың 72 522-сі облыс орталығында, 77 073-і ауылдық жерлерде тұрады. Қазіргі уақытта облыстың төрт жоғары оқу орнында 22 мың 987 студент, ал 38 техникалық және кәсіптік білім беру орындарында 21 131 оқушы  білім алуда. Соңғы жылдары бір облыстық және 12 аудандық жастар ресурстық орталықтары құрылған. 2015 жылдың қорытындысы бойынша орталықтардан 2409 жас кеңес алған. Оның ішінде 850 жас облыстық және 1559 жас аудандық жастар ресурстық орталықтарының қабылдауында болған.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабыров осы жылы өңірімізде техникалық және  кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында өтетін «WorldSkills Kazakhstan» аймақтық біріншілігін ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына тоқталды.

Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары жауапты сала мамандарына кәсіби-техникалық білім беру жүйесінің жаңа бағдарламасына сәйкес өңірімізге қажет нақты мамандықтарды анықтап, сол бағытта жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Қазақ неге арбалады?

Күні: , 219 рет оқылды

1442745743_s-0e6e528bc4dac00f17cc12907418477d66fb2f09


Мұсылманшылық кімде жоқ,

Тілде бар да, ділде жоқ…

Махамбет

Ел-жұртты жат діни ағымдардан арашалау жөніндегі алғашқы мақаламды өз басым 1999 жылы жазған екенмін. Ол сол жылы “Орал өңірі” «Өо», №34, 12 мамыр, 1999 жыл) және “Қазақ әдебиеті” («ҚӘ» №23, 4-11 маусым, 1999 жыл) газеттерінде жарық көрген “Ұл-қызыңыз қай дінде?” атты материал еді. Содан бері осы мәселе журналист ретінде менің ұдайы назарымда. Үшбу мақала шыққалы бері не өзгерді?..


Тәуелсіздіктің таңсәрі жылдарында онсыз да ат төбеліндей аз ғана қазақты діни ала-құлалыққа ұрындыруға ұмтылған мысықтілеулі күштер әуелі біздің ұлтымызды христиандықтың әр түрлі бағытына тартуға ұмтылып, евангелизация үдерісін белсенді жүргізіп бақты. Бұлардан «Иегово куәгерлері» мен кришнаиттік ағымды уағыздаушылар да қалыса қоймады. Сөйтіп, біраз қазақтың санасы сол кездің өзінде-ақ жат діни-наным сеніммен уланды. Ендеше, бұл мысықтілеулі миссионерлердің «еңбегі», өкінішке орай, нәтижелі болды деген сөз. Бертін келе қазақ арасын ала қойды бөле қырыққандай қылып бүлдіру біздің дүниетанымымызға, салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға жат «исламдық құндылықтарды» тықпалау арқылы белең алды. Ең сорақысы бұл алдыңғы арандатушылықтан бетер «жемісті» болып шықты. Осы жағдай Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына біраз толықтырулар мен өзгертулер енгізіп, заң талаптарын барынша қатайтуға итермеледі.

Әлқисса, ел ішінде, халық арасында билік аталмыш мәселеге кештеу назар аударды деген пікір де айтылып қалады. Бірақ шүкір делік, “Ештен кеш жақсы” деген де бар ғой, тек  ендігі тірлік баянды болғай. Алайда кейбір жат діни ағымға арбалғандар қазірдің өзінде өздеріне қолайлы жағдайды барынша тезірек қалыптастыруға жанталасып бағуда екендігі байқалады. Осындай қауіп-қатерді сезіп-біліп һәм көріп жүргеннен кейін құқық қорғау құрылымдарының агентуралық жүйесі шұғыл ширап, пәрменді бола түссе деп тілейсің.

Ата-бабамыз қанын да төгіп, жанын да қиып аңсаған ұлы мәртебелі тәуелсіздікке қол жеткен мына заманда қазақ неге діни-идеологиялық әркелкілікке ұрынды??? Иә, егемендіктің елең-алаң жылдарында қазақты қазіргідей діни ала-құлалыққа душар ету үшін бастапқы жымысқы әрекеттер жасала бастағандығын жоғарыда алға тарттық. Аңдамай қалдық па, әлде сезе тұра жете мән бермедік пе екен?.. Обалы не керек, сол кездің өзінде-ақ діни алауыздыққа негізделіп, ұлттық және мемлекеттік біртұтастыққа төніп келе жатқан қауіп-қатерді бірен-саран болса да, зар илеп айтқан әріптестеріміз болды. Алайда Жұматай шайыр айтпақшы, «Ақымақ әлем алған ба, ақынның тілін бір рет…».

Былтырғы 13 қарашада 153 адамның өмірін жалмаған Париждегі лаңкестік оқиғадан кейін республикалық телеарналардың біріне берген сұхбатында белгілі саясаттанушы, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Карин Сириядағы жанкештілердің арасында Франция, Бельгия, Дания секілді еуропалық іргелі елдердің азаматтары аз еместігін айта келіп, олардың көбі әжептәуір жасқа келсе де, өмірден өз орнын таппаған жігіт-желең екендігін тілге тиек етті (иә, «ауруын жасырған өледі» дегенге сайсақ, жат елге барып, өздерінше «жиһад» жариялап, Сирияда «соғысып» жүргендердің арасында өз қазағымыз да баршылық.  Б.Ғ).

Қазақ тілді басылымдарда, соның ішінде өзіміздің «Орал өңірінде» де жат діни ағымға арбалған қандастарымыз туралы біраз жазылды. Біз осы келеңсіздіктің астарына үңіліп, ел-жұрттың арасында «Кей қазақ неге жат діни ағымға арбалады?» деген бағытта әлеуметтік сауалнама жүргізіп көргенбіз. Бәлкім, бұдан былай үшбу дерттің алдын алуға әрі адасқан бауырларымыздың бетін бері қаратуға азды-көпті септігі тиер, зер салып көргейсіз…

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,

философия ғылымдарының докторы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық- техникалық университетінің профессоры:

– Соңғы жылдары үлкен-кішінің бірдей дінге бет бұруы жиіледі. Бұл – қуанарлық  құбылыс, өйткені дін дегеніміз – имандылық. Бірақ Кеңес дәуірінде адамдардың діннен қашықтап, діннен бас тартуы қандай қиын болса, олардың қазіргі кезде дінге жақындауы да оңай болып жатқан жоқ. Бір кезде атеист болу үшін көп оқып, ғылым негіздерін меңгеру керек болды. Сол сияқты дінді қабылдау үшін де көп оқып, көп нәрсені білу керек, діннің мән-маңызын жете түсіну керек. Атақты орыс философы Владимир Соловьевтің «Азырақ ақыл, азырақ  философия адамды Құдайдан алыстатады. Көбірек ақыл, көбірек философия адамды Құдайға жақындатады» деген көзқарасы бар.

Дінге бет бұрған жақсы. Тек бұған  үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Шынайы ниет керек. Дін – адамның алдындағы аса күрделі таңдау. Көп ойланып-толғанып, қабырғаңмен кеңесуің шарт.

Дін – еріккеннің  ермегі емес. Дінмен әуестенуге де болмайды. Дінге еліктеудің керегі жоқ.

Мен замандастарыма, әсіресе, жастарға айтар едім, дінге берілдің бе, құба-құп, бірақ шын беріл! Құдайға сенесің бе, жақсы, онда Құдай жолымен жүр! Өйткені бұл – ең  қасиетті, ең әділетті, ең тура жол.

Соқыр сенім адамға да, дінге де абырой әпермейді. Бүйтіп діннің қадір-қасиетін біле алмаймыз, түсінбейміз. Әр жерде қылаң беріп жатқан діни  экстремизм, діни төзімсіздік, дін атын жамылған өшпенділік осы соқыр сенімнің, діни фатализмнің салдары. Орыста мақал бар: «Заставь дурака богу молиться – он себе лоб расшибит». Соған ұқсас мақал қазақта да бар: «Ақымаққа намаз үйретсең, жайнамазға басын жарады». Соның кебін киіп жүрмесек жарар еді. Ымырасыз ұстаным – дінге  жат. Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.): «Еш нәрсеге, тіпті дінге де шектен тыс берілмеңдер» деген  өсиеті бар. Құранның бір аятында:

«Біз сендерді орта жолды ұстанатын қауым қылдық» делінеді. Философияда тең ортаға, тең ортаны таба білуге айрықша мән беріледі. Тең орта үйлесімділікке, жарасымға  бастайды.

Жасыратыны жоқ, көбімізге, соның ішінде жастарға діни сауаттылық жетіспейді.

Философияда мән және құбылыс деген дәстүрлі ұғымдар бар. Бұлар бірімен-бірі байланысты, бірін-бірі анықтайды. Бірақ бұлардың арасында қайшылық та болады. Құбылыс кейде мәннің жайын ашудың орнына, оны бұрмалауы мүмкін. Мектептік мысал: Біз таңертең күннің шығып, кеште батқанын көріп жүрміз. Күн Жерді айналып тұрған сияқты. Шынында, бұл құбылыстың мәні мүлдем басқа. Біздің дін жөніндегі түсінігіміз көбіне құбылыс деңгейінде қалып жатады. Діннің түпкі мәніне үңіле бермейміз. Дін адамға қастық ойлай ма? Дін адамға «Шәхид бол!», «Өзіңді өзің идея үшін құрбан ет!» дей ме? Дін экстремизмге жол бере ме? Жоқ! Діннің айналасында зорлық-зомбылық, лаңкестік, күш көрсету болмайтын нәрсе. Керісінше діннің уағызы – келісім, кешірім, төзімділік, байыптылық, түсіністік. «Діни экстремизм», «ислам терроризмі» дегендер – нонсенс, ақылға сыймайтын нәрселер. Ислам діні – бейбітшіл, бауырмал, меймандос, мәмілегер дін.

Діннің мәнін түсіну  үшін де біз Абайға жүгінуіміз керек. Абайдың қара сөздерінде, соның ішінде 38-қара сөзінде дін туралы, Құдай туралы, иман, сенім, ғылым туралы терең ойлар жатыр. «Түсіне білген кісіге, — дейді Абай, — дін – даналықтың көзі».

Қазақтың жат діни ағымға әуестенуінің әр түрлі себептері бар. Соның ішінде ең алдымен жастарға тәлім-тәрбие беретін үлкендердің де, сол тәрбиеге мұқтаж жастардың да дін жағынан сауатсыздығын айтар едім. Бізде қазір идеологиялық жұмыс ақсап тұр. Діннің жайын да халыққа түсіндіру керек. Біз жастарды өз дінімізге, өз мәзһабымызға тарта алмасақ, осы жұмысқа немқұрайлы, яғни жүрдімбардым қарасақ, бізге жат діннің, әр түрлі секталардың өкілдері әр түрлі жолмен тиімді уағызымен, материалдық көмегімен, алдап-арбауымен  жастарды  өз жағына тартуды жалғастыра берері анық.

Жасыратыны жоқ, қазір адамдардың сана-сезімін рухани жұтаңдық жайлап алған. Оқу-білім баршылық, бірақ тиянақты түсінік, іргелі дүниетанымдық көзқарас жетіспейді. Бүгінгі адамның біразы алдыартын ойламайды. Қайдан шыққанын, қайда бара жатқанын бағамдап жарытпайды. Бұл жағдайды да жат діни ағымның шырмауына соқтыратын бір фактор ретінде қарастырған жөн.

Есенкелді ЕСБОЛСЫНОВ,

Орал қаласындағы «Шаңырақ»  жасөспірімдер үйі» мемлекеттік мекемесінің әлеуметтік педагогы:

— Өзімнің 50 жылға жуық педагогикалық еңбек өтіліме сүйеніп, сөз саптар болсам, қазіргі кезде жастардың жат діни ағымға арбалуына үлкендердің айтарлықтай кінәсі бар. Рас, біз бұрын атеистік қоғамда өмір сүрдік, қызмет істедік. Бертін келе ұлтымыздың ұлы арманы орындалып, санаңды сергітер еркіндіктің самалы есіп, тәуелсіздіктің таңы атты. Міне, сол кезден бастап айналайын жастар діни сауатын ашуға жаппай ұмтылғанда, біздің басым көпшілігіміз атеистік позициямыздан тапжылмадық. Тіпті әлі де сол қалпымыз. Ал, шын мәнінде, арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, артқы дөңгелегі де сонда жүрмеуші ме еді?! Алда-жалда аға толқын діни сауатымызды ашуға жаппай ден қойғанда, жастардың біразы бүгінгідей адасушылыққа ұрынуы неғайбіл еді-ау. Демек, енді «Ештен кеш жақсы» екендігін ескерген жөн болар.

Закария СИСЕНҒАЛИ,

Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы:

— Кешегі кеңестік идеология «дін-апиын» деп атеистік саясат халықты дінінен, ділінен айырды.

Мешіттерді қиратты, медреселерді жапты. Ел-жұртты имандылыққа үйірген ықпалды, ғұлама дінбасыларын қуғын-сүргінге ұшыратты.

Еліміз егемендігін алғаннан кейін санасы коммунистік идеялармен уланған, діни сауатсыз жандар заңның пәрменсіздігін, солқылдақтығын пайдаланған миссионерлер мен әр түрлі діни ағым жетекшілерінің соңынан еріп, ислам дініне жат көзқарастарды ұстанып, уағыздады. Елімізге сырттан келген ондаған, жүздеген теріс пиғылдағы қаскүнемдер әр түрлі материалдық құндылықтарды пайдаланып, жастарды да соңдарынан еріте алды. Бұдан шығатын бірден-бір жол  дәстүрлі ислам дінінің қағидаттарын жас буынға мектеп жасынан бастап үйретіп, мектеп бағдарламасына дінтану пәнін енгізу қажет. Ол үшін діни жоғары білімі бар мамандар, теологтар осы бағыттағы жұмысқа кеңінен тартылуы керек. Оқулықтар, әдістемелік материалдар көптеп шығарылғаны жөн.

Бір сөзбен айтсақ, ұлт саулығын, ұрпақ амандығын ойласақ, жат көзқарастағы діни ағымдармен халық болып ымырасыз күресуге тиіспіз. Әрі, меніңше, діни қызмет пен бірлестіктерге қатысты заң талаптарын әлі де қатайта түсу керек.

Гүлнұр САҒАТОВА,

Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжінің гуманитарлық пәндер оқытушысы:

— «Қазақ неге жат дінге арбалады?». Бұл сұраққа толыққанды жауап беру үшін бірнеше факторды ескеру керек. Мәселен, алдымен әлеуметтік жағдай. Кез келген жастағы адамның алдынан аяқасты тағдыр тауқыметі  шығуы мүмкін.  Яғни жұмыссыз қалу, үй-жайының отқа оранып, бір күнде бүкіл материалдық игілігінен айырылуы, жақын адамының айықпас ауыр дертке шалдығуы немесе тіпті қайтыс болуы деген сияқты… Ал енді жастардың арасында жиі қылаң беретін сезім сергелдеңі, яғни махаббат депрессиясы да қыз-жігіттерді көп жағдайда рухани дағдарысқа тірейтін фактор. Міне, жанына жылу іздеп, әлгіндей күйзеліске ұшыраған жандарға өзге діндік миссионерлер жылы қабақ танытып, тек рухани демеп қана қоймай, материалдық көмек те көрсетіп, арбап алуы әбден ықтимал. Мұндай шырғалаңға шырмалуға алдымен діни сауатсыздық  итермелейді. Кейбір жастар діни секталардың жиылыстарына жәй әшейін әуестікпен барып жүріп, жат діни иірімнен шыға алмай қалуы да кәдік. Өйткені сектаның белсенді мүшелері, әсіресе, жетекшілері адам психологиясына әсер етудің әдіс-тәсілдерін шебер меңгергендігін айтпасқа болмайды. Мысалы, жат діни ағымдардың жиналысын ұйымдастырушылар енді келіп жүргендерге психологиялық көмек бере отырып, діни басқосуларды күнделікті күйбең тірліктен сананы сергітер біраз уақыт демалыс түрінде ұйымдастырып,  арбауы да әбден мүмкін. Түптеп келгенде, жат діни ағымдардың жетегінде кетіп, адасушылыққа ұрыну факторларының бәрінің астарында негізінен діни сауатсыздық жатыр. Сол себепті ата-ана бала тәрбиесінде бұл жағдайды әу бастан мықтап ескеру керек.

Шақан НИЕТБАЙ,

Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж студенті:

— Қазіргі жастар теріс ағымдарға неге арбалады десек, оның түп-төркінін отбасындағы имандылық тәрбиесінің төмендігінен іздеу керекпіз. Отбасында діни сауаты ашылмаған жастар бүгінгі ақпараттар ағынынан дұрыс-бұрысын аңдай алмай, ғаламтор желісіндегі насихаты күшті теріс ағымдардың жетегінде кетеді. Мектеп қабырғасынан шыққан көкөрім жастың көпшілігі діни жағынан сауатсыз. Өйткені отбасында діни тақырыпта әңгіме айтылмайды, кеңес заманында тәрбиеленген көптеген ата-ана ұл-қызына дәстүрлі дініміздің қадыр-қасиетін  жеткізе алмасы анық. Білім саласында арнаулы оқу бағдарламасы да жоқ (енді ғана факультатив ретінде енгізілген). Теріс ағымның жетегінде кеткен жастар өздерінің адасқанымен қоймай, қасындағы оң-солын танып болмаған құрбы-құрдастарын да өздерінің қатарына тартады.

Ақерке ДОСБОЛАТ,

Махамбет атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің І курс студенті:

— Біздің кейбір құрбы-құрдастарымыздың жат пиғылды діни ағымдарға арбалуы ең алдымен отбасындағы тәрбиенің олқылығынан. Егер үй ішінде, дастарқан басында үлкендер тарапынан дәстүрлі исламдық құндылықтар туралы ғибратты әңгімелер айтылса және ата-ана дәстүрлі исламдық құндылықтарды ұстанса, «алма алма ағашынан алысқа түспес еді…».

Сауалнаманы жүргізген Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі»


Бибі-Бәтима (әңгіме)

Күні: , 81 рет оқылды

Rusya'da 23 milyon kişi açlık sınırın altında yaşıyor


Жүз бай шырқап, миллион кедей аһ ұрған,

Кім бар татқан жүз бай еккен дақылдан?!

Фарабиден «Мықты ел кім?» деп  сұраса,

«Қайыршысы жоқ ел» депті  ақылман!

Мұхтар  ШАХАНОВ

Бибі-Бәтима биыл 47-ге толды. Алайда сырт көзге ол өте кәрі көрінетін. Оның көздері күңгірт моншақ секілді, ал жанары өте мейірімді болатын. Бибі-Бәтиманың бір нәрсеге назар аударғанын сирек көруге болады, себебі ол әдетте өзімен-өзі болып, томаға-тұйық жүруге үйренген. Жазы-қысы сыртта жұмыс жасап, күн мен желдің өтінде тұрғанның әсері болар, бетін жапқан ірілі-ұсақты әжімдерден терісі умаждалған қағаз секілді көрінеді. Бибі-Бәтима  бүкір еді. Үстінен тастамай киіп жүретін сұрқай түсті, ұзын көйлегі мен басына тақпай, иығына бос тастайтын орамалынан ба, жұмыста тапжылмай, бір орында отыратын болғандықтан ба, бүкірлігі аса біліне бермейді. Жалпы, Бибі-Бәтиманы үлкен қалада, әрі-бері ағылған адамдар арасынан көп ешкім байқай да бермейді, өйткені оның дене тұрқы да сегіз жасар қыздай шағын ғана.


Осы бір жалғызбасты, қорғансыз әйелді осы қалаға келгелі бірде-бір жан ренжітіп не басынып көрмеген еді. Ешкім де бұған қолын шошайтып не ауыр сөз де айтпайтын. Бір күндік табысын қол орамалына түйіп, қанша рет жұмысынан үйіне жалғыз қайтқан кезде де, ешкім оған көз алартып, қара бақырын да тартып алмағанын ол бақыт санайтын. Жалпы, ол өзін жолы болғыш адамдардың қатарына жатқызушы еді.

Бибі-Бәтима он алтыға толған соң, өгей шешесі оны үйінен қуып жіберді. Сөйтіп, қиян түкпірдегі шағын ауылда туып-өскен ол қаңғырып жүріп, Алматы қаласына тап болды. Алып шаһарда Бибі-Бәтиманың тағы да жолы болды. Ол шетелдік туристер көп келетін, оңтайлы жерден орын теуіп, қайыр сұрауға кірісті. Міне, сол жерде табан аудармастан отыз бір жыл бойы қайыр-садақа сұраумен келеді. Байырғы қайыршылар өз аумағын жаңа келімсектерден қызғыштай қоритын болғандықтан, бұл жерден орын алу оңай шаруа емес. Бірақ Бибі-Бәтиманы ешкім көз алартып, қуған жоқ. Кіп-кішкентай, қораш бойымен көзге де түсіп жарытпайтын байғұс әйелді өзгелер бәсекелеске де санамаушы еді. Алайда олар қателескен болатын. Бибі-Бәтимаға қайыр-садақа берушілер үнемі табылады. Өйткені ол кішкентай әрі бүкір болатын. Өйткені ол ешқашан қолын жайып, аяушылық білдіруін өтініп, жылап-сықтап, ешкімнің мазасын да алмайды. Жай ғана, жанарын жерден көтермеген қалпында, өз бұрышында тапжылмай отырады. Алайда оның болмысында өзгелердің назарын өзіне аударып, оған қамқорлық жасауға, көмектесуге ықыласын оятатын белгісіз бір қасиет бар-тын. Оны ренжітуге ешкімнің де дәті бармаушы еді. Өзгелердің үнемі қамқорлық танытып, өзіне жылы қарағаны бақыт емес пе?! Бибі-Бәтима солай ойлайды.

Жолы болғыш емей немене, алып шаһарға келгеніне үш жылдай уақыт өткен кезде Бибі-Бәтимаға үнемі аяушылық танытып, қайыр-садақа беріп жүретін мейірімді қария мен кейуана бұған Алматы қаласының кедей аудандарының бірінде орналасқан, көлік қоюға арнап салынған ескі тамды сыйға берді. Қария саманнан өрілген, шағын ғана, бәкене, ескі қораны қайта сылап, әктеп, ішін ортасынан пешпен бөліп берді. Тіпті от жаққан кезде сыздықтап түтін шығатын шағын мұржасы да бар. Едені сазбен сыланған, күңгірт терезесі бар көне лашықтың іші қашан да тап-тұйнақтай, жинақылығымен жанға жайлы сезілетін. Жиһаз атаулыдан ескі кереует, көрпе-жастық, екі ағаш жәшік, ескі үстел мен жалғыз орындық қана бар қоржын тамның еденінде көне киіз төселген еді. Мұның бәрін Бибі-Бәтима қоқыс басынан өзі тауып әкелген. Көрпе-жастықты кейуана берді. Ыдыс-аяқты үстел үстіне қойып, киімі мен тағамдарын жәшіктерде сақтайды. Ал есіктің артында беттері қақпақпен жабылған, бірнеше үлкен шелек тұратын.

Бибі-Бәтима өзінің кедей екенін түсінетін, алайда өзінің үйі оған қатты ұнаушы еді. Жұмысына да қашық емес. Бұған дейін онда үй тұрмақ, жеке бұрышы да болған емес, кез келген жерге жатып, ұйықтай салатын… Күні бойы қайыр-садақа сұрап отыратын болғандықтан, үйіне тек кешке, қонуға келеді. Кетерде үйінің есігін мұқият кілттеп, ашқышты мойнына іліп алады. Шағын бөтелкесіне салқын су құйып ала кетуді де ұмытпайды. Отыз бір жыл бойы жұмысынан бірде-бір күн қалған емес.

Міне, ол осылайша өзінің шағын әлемінде өмір сүретін.

*  *  *

Күні бойына тапжылмай бір орында отырғанымен, Бибі-Бәтиманың еш уақытта іші пысқан емес. Жерге қарап отыра беруден жалыққан кездері, әрлі-берлі ағылған жүргіншілерді, өзі секілді осы жерде нәпақасын тауып жүрген өзге қайыршыларды көзінің астымен бақылай қарап отыру оған ұнайтын. Қайыршылардың арасында аяқ-қолы мүлдем жоқтары да, бет-жүздері адам шошырлықтары да бар еді. Қайыр-садақа сұрап, нәпақа табу мақсатымен, ата-аналары әдейі мүгедек еткен балалар да кездесетін.

Жақын жерде иін тіресе, ығы-жығы орналасқан дүңгіршектерде иістері мұрын жаратын, алуан түрлі тағам сатылады. Бибі-Бәтима олардан түс мезгілінде самса немесе күлше алып жейді. Ал кешкілік, үйіне келген соң өзі дайындаған бір тостақ ыстық тамағын жеп, терлеп-тепшіп, ыстық шай ішіп, жайлы төсегіне басын қойып, Жаратқан иесіне өзіне өмір сүру бақытын сыйлағаны үшін, бүгін де нәпақасыз қалдырмағаны үшін мінәжат етіп жатып, тәтті ұйқыға кететін.

Ол өзінің қай күні дүниеге келгенін де білмейді. Әкесі марқұмның, бала кезінде бұған «Рамазан айында дүниеге келгендіктен, есіміңді Бибі-Бәтима деп қойдым» дегені есінде. Сол себепті қасиетті айды өзінің туған күні деп санағандықтан, жылына бір рет, Рамазан айы туған шақта аздаған тәтті мен жеміс-жидек алып жейді.

Бір күні ол тұратын ауданды полиция қызметкері аралап жүрді де, мұның да үйін тексерді. Ескі тамның ішіндегі есік артында тұрған үлкен шелектердің ішінде толған ақшаны көріп, таңғалғанынан талып түсе жаздады. Бибі «қара күнге» деп ақшаны үнемдеп жарататынын, қалғанын осылайша жинап, сақтайтынын айтты. Есі шыққан заң қызметкері ақшаны бұлайша сақтаудың қауіпті екенін, банктен депозит ашып, сонда сақтауға болатынын, үстінен пайда түсіп тұратынын айтты. Дереу мұны көлігіне отырғызып, шелекшелек ақшаны жүк салғышқа тиеп алды да, банкке келді. Ондағыларға қайыршы әйелдің жағдайын түсіндірді.

Өзге планеталықты кездестіргендей, орындарынан өре түрегелген қаржыгерлер қауымы Бибі-Бәтиманы қоршап алды. Тіпті банк директорының өзі де келді. Өзіне осынша назардың қадалғанынан қатты қысылған қайыршы әйел, көзін жерден алмаған күйі полиция қызметкерінің қалқасына тығыла берді. Қызметкерлердің ішіндегі пысықай біреуі дереу бұқаралық ақпарат құралдарына қоңырау шалды.

Сол-ақ екен, Бибі-Бәтиманы шырт-шырт сүгіретке түсіріп алған журналистер «Алматыда қайыршы әйел коммерциялық банктен жеке депозит қорын ашты», — деп, барлық газеттерге жарыса жазып, барлық телеарналардан хабарлаумен болды. Кейбірі Бибінің үйіне, жұмыс орнына дейін іздеп келіп, құлаш-құлаш мақалалар жариялады. Сөйтіп, ол бір-ақ күннің ішінде бүкіл елге танымал адамға айналып шыға келді. Қоғамды елең еткізген «миллионер қайыршының» бұдан кейінгі тағдыры не болғанын сұраған оқырман хаттары Қазақстанның түкпір-түкпірінен редакцияларға қарша борап жатты.

Әлемдегі барлық елдердің әр түрлі тиындарынан жиналған шелек-шелек ақшаны, банк қызметкерлері жабыла сұрыптап, тура бір апта бойы санады. Арасында қағаз ақшалар да болғанымен, негізгі «байлық» қара бақыр, темір тиындардан жиналған екен. Жалпы салмағы 157 келі тартатын «қазына» 1 007 000 теңгені құрады.

Сол күні кешкілік Бибі-Бәтима өзіне үнемі жақсы адамдар жолығатыны үшін Аллаға алғыс айтып, үш күннен бері ешқандай нәпақа таппаған көрші Мұхаммед есімді қайыршыға бірнеше теңге садақа тастады. Бұл оның өзгеге берген тұңғыш қайыр-садақасы еді. Сол күннен бастап Мұхаммед екеуінің арасында әлдебір жылылық орнады. Мұның соңы екеуінің шаңырақ көтеріп, Мұхаммедтің енді көшеде түнемей, Бибі-Бәтиманың лашығына қоныс аударуымен аяқталды. Мұхаммед өзіне күйеуге шығуға ұсыныс жасаған сәтте Бибі-Бәтиманың есіне өгей анасының: «Сен ешқашан тұрмысқа шықпайсың. Сен ешқашан ешкімге керек болмайсың, құбыжық» деген сөздері оралып, жанарына жас үйірілді…

Баспасөздегі шуылдан соң, көп ұзамай-ақ әлеуметтік мекеме қызметкерлері рейдке шығып, барлық қайыршылардың құжаттарын ресімдеп, қоғамға бейімдеп, жұмысқа орналастыру бойынша науқанға қызу кірісіп кетті. Бибі-Бәтиманың  да құжаттарын ресімдеп, мүгедектік топ беріп, зейнетақы тағайындады. Мүгедек ретінде “Сарыағаш” шипажайына екі аптаға тегін, сауықтыру жолдамасын беріп, барып қайтты. Жұмыспен қамту орталығы жолдасы Мұхаммедті құрылысшы етіп тұрақты жұмысқа орналастырды.

Бибі депозит ашқан қазақстандық банк болса: «Банк тарихында мұндай жағдайдың алғаш рет орын алып отырғанын, аталмыш оқиғадан соң, банк тұтынушыларының саны күрт артқанын» хабарлап, осы бір кіп-кішкентай, қайсар әйелге алғыс айтып, ерекше тұтынушы ретінде оған соңғы үлгідегі, түрл-түсті теледидарды сыйға тартты.

Жергілікті әкімшілік жанынан құрылған комиссия бұлардың тұрғынжайларын тексеріп, көлік қоюға арнап салынған сыз, апатты жағдайдағы лашықты тұруға жарамсыз деп тауып, оларды пәтердің кезегіне қойды. Осылайша Мұхаммед пен Бибі-Бәтима қоғамның қатардағы мүшелеріне айналды.

Өз жұмыстарын асқан шеберлікпен атқарған журналистер қауымы болса, өздерінің кезекті сенсацияларын іздеуге кірісіп те кеткен еді.

*  *  *

Жары Мұхаммед үйге алғашқы жалақысын әкелген күні Бибі тұңғыш рет қазан көтеріп, қамыр илеп, иісін бұрқыратып, бауырсақ пісіріп, жайнатып дастарқан жайды. Құтты болсын айта келген көршілері екеуін ерулікке шақырды.

Сол күні тұңғыш рет шаңырақтарының шамы түн ортасына дейін сөнбей, бөлмелерінен көңілді күлкі естілумен болды.

Екеуі оңаша қалып, төсекке бас қойған соң, Бибіні шаштарынан еркелете сипаған Мұхаммед оның енді қайыр сұрамайтынын, жұмыс жасап, өзі асырайтынын, әлі-ақ жер алып, екеуіне арнап зәулім үй тұрғызатынын айтып жатты.

Жарын үнсіз тыңдаған Бибі-Бәтима болса, әжімді жүзімен сорғалай аққан көз жасын қатпар-қатпар қолдарымен сүртумен болды…

Айнұр МЕНДАЛИЕВА,

Орал қаласы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика