Мұрағат: 26.01.2016


«Арбаны да сындырмайық, өгізді де өлтірмейік»

Күні: , 88 рет оқылды

1271


Мақсот Кенжеұлы Балқыбаевтың есімін, әсіресе, ірі қара өсірумен айналысатын малшы ағайын жақсы біледі. Ол – сонау 1970-90 жылдары қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын қалыптастыруға бір адамдай еңбек сіңірген жан. Барлық саналы ғұмырын осы бағытқа алқаусыз арнап келе жатқан ғалым-зоотехник ұйықтап  жатса да,  түсінде  Зеңгі бабаның түлігін көреді десек,  еш қателеспегеніміз.


Бүгінде атағы айдай әлемге кеткен ақбас тұқымының Вьюн-712, Ветеран-7880, Восток-7632, Байкал-442, Коппертон-150 атты  бұқаларының және Шағатайдың тоқал түрі мен батысқазақстандық ірі түрінің авторы, яғни «әкесі». Бүгінде ол – қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының БҚО бойынша атқарушы маманы. Сол Мақсот ағамыз жуырда редакциямызға арнайы келді. Жәй келмепті, «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» ҚР заңына 2015 жылдың 27 қарашасында (№424-V) енгізілген өзгерістерге байланысты өзінің пікірі мен ұсынысын айта келіпті.

«Мал маманын алаңдатқан ол қандай өзгеріс екен?..» деген журналистік әуестікпен Мәкеңнің әңгімесіне құлақ түрдік.

— Таза тұқымды мал деген бар, оны өндіру-өсіру бар, мұны әуелден асыл тұқымды мал шаруашылығының классикасы деп атайды. Мысалы, ірі қарадан алып айтсақ, герефорд, ангус, шароле т.б., жылқыдан түркіменнің таза қанды ақалтекесі, ағылшын жылқысы, қойдан еділбай т.б. айтамыз.

Жалпы, асыл тұқымды малға бірінші және екінші санаттағы мәртебені ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы «Асыл тұқымды өнімге (материалға) мәртебе беру (тоқтата тұру, жою)» туралы №3-3/1084 бұйрығының талаптарына сәйкес республикалық палата береді. Енді бірінші санаттағы асыл тұқымды ірі қара мәртебесін қалай және неге сүйеніп береді дегенге келсек, ол үшін басты критерийлердің бірі – әкесі мен ұрпағының туыстығының растығын, шынайылығын айқындайтын генетикалық сараптаманың болуы. Ал туған төлдердің тектілігін анықтап, І дәрежелі мәртебе беру үшін оның өзінің және әкесінің ДНК-сын анықтап алады. Осы күнгі жағдайдан алып айтатын болсақ, бір табында 5-6 аталық бұқа жүреді. Ал ондай бұқалар екі жыл ғана пайдаланылатындықтан, жыл сайын өзгеріп отырады. Бұзау дүниеге келгенде, оның әкесі бұл дүниеде болмауы (сойылды, сатылды т.б) мүмкін. Яғни әкесінің ДНК-сы кезінде (мысалы, 2014-2015 ж. ж.) алынған жоқ, сондықтан оны анықтау мүмкін болмайды. Содан келіп, оның ата-тегі белгісіз болып қала береді. Мұны бірінші себеп деп алайық.

Екінші мәселе, ДНК-ны тестілеу бір жерде емес, әр түрлі зертханаларда жасалады. Бұл да күмән келтіретін, дау туғызатын шатақ тұстары көп мәселе. Мысалы, өз елімізді айтпағанда, сонау мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тың зертханасына дейін сынама (проба) жіберіледі. Ал Қазақстанда «Қазақ тұлпары» ЖШС, «Ұлттық биотехнология орталығы», «Мал шаруашылығы және мал азығы ҚазҒЗИ» ЖШС және басқаларының зертханалары да пайдаланылады. Бірақ АҚШ-та жасалған ДНК-тестісімен, мысалы, «Қазақ тұлпары» ЖШС-да жасалған сараптамаларды сәйкестендіруге болмайды. Олардың әдістемелері әр түрлі, бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Тағы да мысал келтірсек, айталық, бір шаруашылық «Ветеринария және мал шаруашылығы ғылыми инновациялық орталығы» ЖШС арқылы 2015 жылы туған барлығы 224 бұзаудың ДНК-сын тестіге сараптамаға АҚШ-тың зертханасына жіберді делік. Осы төлдердің барлығының әкесі – «Асыл — түлік» АҚ-ның барнауыл деген бұқасы. Оның ДНК-сын тестіден өткізген – Астанадағы «Ұлттық биотехнология орталығы» зертханасы. Олардың әдістемелері де анықтайтын микросателлиттерінің саны да әр түрлі. «Ұлттық биотехнология орталығы» зертханасында 12 локус, Австралияда 21, АҚШ-та басқа 100 SNP арқылы анықталады. Енді осылайша анықтағанда түліктің шығу тегі ДНК арқылы әкесіне сәйкес келмеген жағдайда, сынамаға түскен жанағы, біз мысалға алған шаруашылыққа дұрыстық іздеп, сотқа жүгінуге тура келеді.

— Түсінікті. Мәке, енді жоғарыдағы заңға енгізілген өзгертулер малшыларға, қала берді, сізге қай жағынан ұнамай қалып тұр. Соны тарқатып айтыңызшы?

— Тарқатайын. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 1-баптың 37-1-тармақшасында «Таза тұқымды мал – бір тұқым бойынша кемінде он алтының он бес бөлігі есебіндегі қан үлесі бар мал саналады»  деп белгіленген. Егер осындай талаппен жүретін болсақ, асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын, қазақтың ақбас тұқымының палатасына мүше болып есептелінетін облыстағы 35 шаруашылықтағы 2230 бас малдың мәртебесі (бұл – барлық 10769 бас текті малдың 21 пайызы) болашақта алынып тасталмақшы-мыс.

— Қандай себеп, нендей дәлелмен алынып тасталады?

— Себебі жоғарыдағы біз айтып отырған «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңның 1-бабының 37-1-тармағы 2016 жылдың 1 маусымынан бастап күшіне енеді. Сол кезде заңға байланысты оның талабына орай, олардың асыл тұқымдық мәртебесі алынып қалуы әбден мүмкін. Өйткені заңға енгізілген анау өзгертулерге орай, біз айтып отырған малдардың тегінде герефорд тұқымының қаны 6,25 пайыздан көп немесе 15/16-дан артық болмауы керек. Егер бұлай болмаса, таза тұқымды малға жатпайды деген сөз. Мұның шатағы осымен бітпейді, асыл тұқымдық мәртебесі жоқ немесе алынып тасталған аналық малдан туған төлдердің де тектілік мәртебесі болмай қалады.

— Сонда олар тектілік, асылдық мәртебесіне қашан, қалай ие болады?

— Заңға енгізілген талаптарға сүйенсек, ол ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Заң бойынша айтсам, 2027-2028 жылдардан бастап қана асыл тұқымды мал мәртебесін алуы мүмкін.

— Апырмай, сонда шаруа оған дейін «Менің малым пәленінші жылы асыл тұқымды болады екен» деп күтіп отыруы керек қой… Бұлай болатын болса, малшының асыл малға құмарлығы пәс тартпай ма?..

— Мені де, малшыларды да алаңдатып, мазалағаны осы ғой…

Өзің айтқандай, бұл бағытты ұстансақ, малшылардың асыл тұқымды малды өсіруге қызығушылығы бәсеңдеуі әбден мүмкін. Мұны бір дейік. Ал екінші мәселе — асылдық мәртебесі бар мал басы азайғаннан кейін, сатып алатын мал саны да соған сәйкесінше күрт төмендемей ме? Әрі қарай субсидия төлеу, оны игеру мәселесі туындамай ма? Міне, қайда жатыр мәселе…

Үшіншісі, еліміз Еуразиялық экономикалық әрі кедендік одақта болғандықтан, оған кіретін мемлекеттердің заңдары да сәйкестендірілуі қажет. Одаққа мүше елдерде біз айтып отырған заңдағы енгізілген өзгеріс, менің білуімше, олардың заңдарында жоқ. Төртіншіден, ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, қазақтың ақбас тұқымды малының қанында герефорд тұқымының қаны 25 пайыздан кем болса, тұқымның өнімділігі төмендейтіні дәлелденген. Бесіншіден, заңға енгізілген өзгеріс біз айтып отырған тек асыл тұқымды ірі қараға ғана қатысты емес, ол өзгелерін де, жылқы, қой, түйе сияқты текті, асыл малдың барлығын да қамтиды. Қадап айтсам, жоғарыдағы айтқан теріс әсері барлығына да тиеді және асыл мал шаруашылығын кемінде жеті жылға тұралатады. Біз заңдағы өзгеріске байланысты өз көзқарасымызды білдіріп, республикалық палатаға жаздық. Айтпақшы, әуелі сол палатаның облысымыздағы мүшелері болып, жиналып мәселені талқыға салдық. Бәріміздің ойымыз бір жерден шыққасын, Ауыл шаруашылығы министрлігінің  мал шаруашылығын өркендету және мал өнімдерін қайта өңдеу департаментіне де хат жолдадық. Біздің ұсыныс-пікіріміз ескеріледі леп ойлаймыз.

— Мәке, қара аспанды әбден төндіріп жіберген жоқсыз ба? Сонда не істеу керек деп ойлайсыз?

— Жоқ, Құдай сақтасын. Мен заңға енгізілген өзгеріс алдағы маусым айынан бастап енгізіліп, келешек уақытта қатаң сақталатын болса, одан келмей қоймайтын салдарлардың ықтималдығын айтып отырмын. Не істеу керек дегенге келетін болсақ, ең бірінші, анау айтып отырған заңның 1-бабының 37-1-тармағының күшін (қолданылуын) кемінде 5-7 жылға кейін шегеру қажет. Екінші, ақбас тұқым бұқаларының бәрінен сынама (проба) алып, АҚШ-тың зертханасына жолдау қажет. Үшінші, асыл малдың ДНК базасын жасақтап алу керек. Төртінші, ДНК тестілеу бойынша университеттердегі ғылыми-зерттеу орталықтарын аккредитациялау керек. Оның ішінде өзіміздің БҚАТУ да бар. Бесінші, биылғы жылы сатылатын малға бірінші дәрежелі мәртебе беру мәселесін шешкен жөн.

Тоқ етерін айтқанда, заңға енгізілген өзгерісті тәжірибеде қолдануды жоғарыда айтқан 5-7 жылға дейін кері шегеріп барып қолға алсақ, «арбаны да сындырмаймыз, өгізді де өлтірмейміз».

Әңгімелескен Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


Полиция қызметі жаңа сипатта жүрмек

Күні: , 88 рет оқылды

DSC_0029


Кеше Орал қалалық ішкі істер басқармасында БҚО ІІД-ның өткен жылдың қорытындысына арналған алқа мәжілісі өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, ҚР ІІМ Тергеу департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Рахмаджан Досанов қатысты.


Жиынды ашқан БҚО ІІД-ның басшысы, полиция полковнигі Махамбет Абисатов барлық жеке құрам мен олардың жетекшілеріне былтырғы атқарған жемісті жұмыстары үшін алғысын білдірді. Соның нәтижесінде өңіріміз барлық-дерлік көрсеткіш бойынша жоғары орындардан көріне білді. «Тек аса ауыр қылмыстар санатына орай 5-орындамыз, — деді Махамбет Қайыржанұлы. — Оның өзіндік себебі бар. Екі қылмыстық іске байланысты сараптама жұмыстары ұзақ жүрген еді. Соған орай олар уақтылы сотқа жолданбай қалды. Нәтижесінде олар көрсеткіш деңгейін төмендетіп отыр. Жалпы алғанда, былтыр аса ауыр қылмыс, кісі өлімі, тонау, пәтер ұрлығы, мал ұрлығы, бопсалау, зорлау төмендеді. Таяуда Ішкі істер министрлігінде өткен алқа мәжілісінде Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 30-қадамында айтылған жергілікті полиция құру, оның қызметінің айқындығын қамтамасыз ету жайы сөз болды. Жергілікті полицияны құру біздің салада үлкен реформаның жүретінін білдіреді. Болашақта біздің қызметіміз жаңа сипатта жүзеге аспақшы. Осы сәтті пайдаланып, Оралда кавалериялық взвод құру үшін жергілікті атқарушы биліктен қаржылық қолдау сұрағым келіп отыр. Бұл жасақ облыс орталығы маңындағы саяжайлардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызар еді. Айта кетейін, кейбір саяжай алқаптарында көлікпен жүру мүмкін емес».

Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жергілікті полиция қызметін ұйымдастыру жайына тоқталды. Бақтияр Мәкенұлының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс облыстық деңгейде жоспарлы түрде жүзеге асуда. Ал аудандардағы жағдай көңіл көншітпейді. Енді осы іс-шараларға жете мән беру қажет.

— Өткен жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық орындардағы құқықбұзушылық саны артқанын көруге болады. Жергілікті полиция осы бағыттағы құқықбұзушылықтарды болдырмаудың жолдарын қарастыруы керек. Жалпы, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті полиция бірігіп, құқықбұзушылықтың, қылмыстың алдын алу үшін жұмыс істеуі керек. Алдағы уақытта жергілікті полицияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға, қажет ғимарат бөлуге, өзге қажетті жағдайлар туғызуға аудан әкімдері баса мән беретін болады, — деді Бақтияр Мәкен.

ҚР ІІМ Тергеу департаменті басшысының орынбасары Рахмаджан Досановтың сөзіне қарағанда, өткен жыл еліміздің ішкі істер құрылымдары үшін ерекше жыл болды. Себебі былтыр қылмыстық іс жүргізудің жаңа үлгісі жүзеге асты. Соның нәтижесінде құқық қорғау қызметінің жұмысын ұйымдастыруға айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, қылмысты тергеу мен ашу ісінде жаңа тетіктер пайда болуда.

Алқа мәжілісі кезінде БҚО ІІД-ның басқарма басшылары, Орал қалалық, аудандық ІІБ басшылары өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстарына байланысты есеп берді.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ


Тағы екі мешіт бой көтермек

Күні: , 110 рет оқылды

3 мешит ашылмак


Сенбі күні облыстық жастар шығармашылығы орталығында Мәуліт мерекесіне арналған рухани кеш өтті. Мерекелік кештің беташары Аллатағаланың адамзатқа жіберген қасиетті кітабы Құран Кәрімнен сүре үзіндісін оқумен ашылды.


Мағынасы терең әндер шырқалып, адамдарды мейірімділікке шақыратын көріністермен басталған әсерлі кешке жұртшылық көп жиналды. Сахнаға көтерілген облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат  Нығметов:

— Бәріңізді әлем мұсылмандары асыға күтетін Мәуліт мерекесімен облыс әкімінің атынан және өз атымнан құттықтаймын! Жылдан-жылға имандылыққа бет бұрған жастарымыздың көбейіп келе жатқаны қуантады. Облысымызда 43 мешіт болса, олардың қатары биыл тағы көбеймек. Асан және Серебряков ауылдарында тағы екі мешіт бой көтермек. Бәріңіздің шаңырағыңызға шаттық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Бүгінгідей тәлім-тәрбиеге толы әсерлі шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысым шексіз, — деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ қоғамдағы діни ахуалды тұрақтандыруға үлес қосып, ел игілігі жолында қызмет жасап жүрген біраз азаматтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас муфти Ержан Малғажыұлының алғысхаттарымен марапатталды. Олардың қатарында облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов, облыс имамының көмекшісі Арман Серденов, Орал қалалық мешітінің найб имамы, үшемдердің әкесі Наурыз Обаев та бар.

Мәуліт мерекесіне орай ұйымдастырылған «Адамзаттың ардақтысы – пайғамбарым Мұхаммед» атты жастар арасында өткен облыстық әдеби шығармалар байқауының қорытындысында бірінші орынды Ержан Дәулеталиев, екінші орынды Алпамыс Файзолла, үшінші орынды Нұркен Дінмұқанов пен Ару Азамат иеленді. Әдеби бәйгенің шарты бойынша бірінші орынға жылқы, екінші орынға ірі қара, ал үшінші орынға екі қой тігілген болатын.

Дәл осы күні асыл дінімізді ұлықтауға сүбелі үлес қосып жүрген облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Ұлдай Сариева, Жалпақтал ауылдық мешітінің бас имамы Тілек Нұрашов, Теректі аудандық мешітінің бас имамы Халықбек Сыдықов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтановтың алғысхаттарымен марапатталды.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

Орал қаласы


«Өнегесі мол өрелі жан»

Күні: , 77 рет оқылды

IMG_2620


Алдымен фойеде музей ісі ардагерінің еңбек жолы туралы сыр шертетін фотосуреттер, марапат қағаздар, кітаптар, баспа материалдары қойылған көрме көпшілікке таныстырылды. Көрмені қызығушылықпен тамашалаған көрермендер кейін залға жайғасты. Концерт «Назерке» халық биі ансамблі ұсынған «Еркеназ» биімен ашылды. Одан әрмен Сара Есқайырқызы жайында бейнефильм көрсетілген соң, мерейтой иесін Батыс Қазақстан облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов құттықтады.


– Елбасымыз «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында жасампаз еңбекті зор бағалағаны белгілі. Жаһандық бәсекеге төтеп беру үшін ұлт ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін, өнерін сақтауы керек. Ал  өңіріміздегі тарихи жадыны тірілтіп, музей ісіне бар саналы ғұмырын арнаған, біліктілігі мен қажыр-қайратын аямаған, өз ісін жетік меңгерген Сара Есқайырқызының еңбегі – қоғамға үлгі, – деп ақжарма тілегін ақтарған Дәулеткерей Атауұлы «ҚР мәдениет қызметкерлері кәсіподағы» республикалық ұйымының «Құрмет белгісі» медалін табыстады. Одан әрмен облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова сөз сөйлеп, ардагердің өңірдегі мектеп музейін дамыту жолындағы ерекше үлесін атап өтті. Сара Танабаеваның ұйымдастыруымен Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары бойынша өткен этнографиялық ғылыми-зерттеу экспедициялар нәтижесінде музей қоры құнды жәдігерлермен толыққаны мәлім. Бұл жайында мәдениет саласының ардагері Светлана Анищенко сыр шертті. Музей ісінің ардагері Сара Есқайырқызына арналған концертте жергілікті термеші-әншілерден Сәуле Таудаева Нұртуған жыраудың «Ал, жігіттер, сал құлақ» термесін, Жаңылсын Хасанова Сейдолла Бәйтерековтің «Өмірің өз қолыңда», Еркін Өтегенов Еркін Нұрымбетовтің «Оралым,  асыл қалам» атты  әндерін орындады. Жерлес ақындардан Ертай Бимұханов пен Мұнайдар Балмолданың арнауларын оқыған жастарды көрермендер ықыласпен тыңдады.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ


Қадыр ақынды еске алды

Күні: , 157 рет оқылды

3 кадыр акын


Кеше Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Қадыр Мырза Әліні еске алуға арналған  «Өмірі – естелік, өлеңі – ескерткіш» атты кеш өтті.


Кештің мақсаты – ақынның өшпес мұраларын халыққа кеңінен  насихаттап, жырсүйер қауымды ақын әлеміне жетелеу. Ақынды еске ала отырып, есімін ардақтау.

Ақынды еске алуға жиналған ардагерлер мен бір топ өнерсүйер қауым жиынды ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Ескерткіш алдында сөз алған Қадыр Мырза Әлі атындағы қоғамдық қордың директоры Донеділ Қажымов ақын туралы өз ойларымен бөлісті.

— 25 қаңтар – алты алашқа аты мәшһүр Қадыр ақынның жерленген күні. Басқосуымыздың да басты себебі  ақынның көзі көрген жандардың басын қосып, ол туралы естеліктермен, айтып кеткен ғибратты әңгімелерімен бөлісу еді. Ақынның дүниеден өткеніне де зуылдап бес жыл өте шығыпты. Осы жылдар аралығында Алматыда тұрған үйінде ескерткіш тақта ашылды. Өткен жылы өзі туған Жымпиты ауылы мен Орал қаласында бір күнде қос бірдей ескерткіші ашылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен шаһарымыздың төрінен ақын атындағы әсем ғимарат бой көтерді. Мұның барлығы ақынға деген халықтың құрмет-қошеметі деп түсінгеніміз жөн, — деген Донеділ Ізмағамбетұлы алдағы уақытта Алматы қаласында ақынға арналып республикалық шаралардың ұйымдастырылатындығын атап өтті.

Ескерткіш алдында ақын Талғат Мықи Қадыр ақынға арналған өлеңін оқып берді.

Еске алу кеші одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасын тауып,  ақын сөзіне жазылған әндер шырқалып, өлеңдері оқылды.

Ләззат ШАҒАТАЙ


Индустриалды парк ашылмақ

Күні: , 95 рет оқылды

DMS_6993


Шағын және орта бизнес күніне орай Орал қаласындағы «Ел ырысы» ЖШС-ында облыс әкімдігі мен облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен баспасөз саяхаты өтті.


«Ел ырысы» ЖШС-дағы негізгі қызмет түрлері — ет, балық, азық-түлік сатушыларына қажетті орын ұсыну, мал сою және ет өнімдерін сақтау.

Өңір журналистері «Ел ырысы» ЖШС-ның жетекшісі Нұрлан Наурызбаевтың бастауымен мал базары, мал сою пункті, ет павильонындағы көтерме сауда орны, бөлшек сауда орны, азық-түлік және балық павильонын аралап көрді. Бір келі сиыр етінің бағасы 1150-1200 теңге, жылқы еті 1000-1200 теңге, ал қой еті 900-1000 теңге аралығында екен. Сазанның бір келісін – 650, жайын -1200, шортан – 550, көксеркені 1000 теңгеден көрдік.

– Мал сою пунктіндегі қызметкерлер қойды сою және басын үйіту жұмыстарын 1 500 теңгеге атқарып береді. Ал ірі қара малы үшін мұндай қызмет түрі 3 300 теңге тұрады. Бұл пункттің күніне он бас ірі қара және отыз бас қой малын союға мүмкіндігі жетеді. Мұндағы ет павильонындағы бір сатушылық орынның жалға берілу  құны  айына 20 мың, балық павильонында 11 мың, азық-түлік сату орындарында шаршы метріне 1 200 теңгені құрайды. Бұл қала бойынша ең арзан көрсеткіш. Мұздатқышта сақталатын еттің әрбір келісі үшін күніне екі теңгеден төленеді. «Ел ырысы» базарында малды тірілей сатумен айналысатын он кәсіпкер, ондағы ет павильонында елу, балық павильонында жиырма, сондай-ақ жеміс-жидек, көкөніс өткізетін он шақты сатушы бар. 2016 жылдан бастап осы базар аумағынан индустриалды парк құруды жоспарлаудамыз. Онда кәсіпкерлер үшін белгілі бір жеңілдіктер болады. Аталмыш парк жұмысының негізгі бағыты ет, сүт өнімдерін өңдеу, консервілер шығаратын кәсіпорындар ашу болмақ. Бұл іске «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ бастамашылдық танытып отыр. Парк жұмысын ұйымдастыруға кәсіпкерлерді жұмылдырмақпыз, — дейді Нұрлан Әнесұлы.

Мал сою пунктінің жетекшісі Алпамыс Ермекұлының айтуынша, жуырда аталмыш аумақтан үлкен мал базары ашылған. «Шаруа қожалықтарынан немесе жеке мал иелерінен тірілей әкелген малды сою, сатып өткізіп беру қызметтерін көрсетуге дайынбыз» – дейді ол.

– «Ел ырысы» базарына келіп жеке қожалығымыздың өнімдерін сатумен айналысқаныма екі жыл болды. Подстепный ауылында тұрамын. Он шақты сауын сиырымыз бар. Соның сүтінен жасалатын өнімдерді өзімнің және келіндерімнің қол еңбегімен дайындап алып келемін. Өнімдерді күн сайын арнайы сараптаудан өткізіп тұрамын. Қаймақ, май, құрт, сүзбе, ірімшік, айран, сүт сатамын. Үйден тары қуырып, талқан түйемін. Мұндағы сауда орным үшін айына 12 мың теңге төлеймін. Саудадан түсетін пайда көңілімнен шығады, – дейді зейнеткер Баян Аманшиева.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


25 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды

Күні: , 63 рет оқылды

IMG_2531


Заңдардың мүлтіксіз орындалуын қадағалау прокуратураға жүктелген. Өзге де әріптестері сияқты өңірдегі прокуратура қызметкерлері кәсіптік міндетін жауапкершілікпен атқарып келеді. Олардың былтыр атқарған жұмысы жақында облыстық прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында кеңінен баяндалды. БАҚ өкілдері алдында облыс прокурорының орынбасарлары Х. Дәуешов пен Н. Дүйсенбаев  есеп берді.


Лауазым иелерінің айтуынан аңғарғанымыз, былтыр 728 тексеріс жүргізіліп, 25 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Оларды жою үшін мың жарымнан астам прокурорлық қадағалау кесімдері енгізілген. Прокурорлық ықпал етумен 1158 заңсыз кесім бұзылды және өзгертілді. Үш мыңнан астам тұлға әкімшілік және тәртіптік  жауапкершілікке тартылып, әлеуметтік әділеттілік қалпына келтіріліпті. Нәтижесінде бюджет 10 миллиард теңгедан астам қаржыға толықтырылып,  құны 850 млн. теңгеден астам мүлік мемлекетке қайтарылды. Бүгінде өте өткір әлеуметтік мәселе – жалақының берілмеуі немесе кешіктірілуі екені белгілі. Осыған орай аталмыш құқық қорғау орнының қызметкерлері 1183 жұмысшы-қызметкерге 168 млн. теңге тиесілі жалақысының берілуіне ықпал жасады. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты болғаны үшін 96 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған, оның 45-і — лауазымды тұлғалар. Солардың ішінде Сырым аудандық әкімдігінің бөлім басшысы Нұрпейісов, Қазталов ауданы әкімдігінің бөлім меңгерушіс Исламов және Қаратөбе ауданы әкімдігі аппаратының бас бухгалтері Алденбаева бар.

Елбасымыз Н. Назарбаев кәсіпкерлікті шенеуніктік кедергілерден қорғау жөнінде үнемі айтып, заң орындарына жүктеп отырады. Соған орай өңір прокурорлары былтыр 45  кәсіпкердің құқығын қорғаған екен. Соның 10-ы жедел топтардың үлесінде. Жалпы, аталмыш сала заң қызметкерлерінің облыстық кәсіпкерлік палатасымен өзара тығыз іс-қимылы қалыпты. Аталмыш  палатадағы  «Прокурор кабинетінің» жұмысы да нәтижелі.

Кәмелеттік жасқа толмағандарды айтпағанда, мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтары мен мүдделерінің сақталуы да осы заң қызметкерлерінің ұдайы назарында. Соған байланысты тексеру барысында көптеген заңбұзушылықтар анықталып, қорытындысы алқа отырысында талқыланған. Сөйтіп, қадағалау кесімдері бойынша мың жарымнан астам мүгедек баланың құқығы мен мүддесі қорғалды, 12 білім мекемесі санитарлық және техникалық шарттарға сай келтірілді және басқа да шаралар  жүзеге  асырылыпты.

Қоршаған ортаны қорғау – бүгінде бүкіл адамзаттың  жанын сыздататын қордаланған мәселе. Бұл салада да прокурорлардың қатысуымен атқарылған оң істер мол-ақ. Мәселен, экология заңнамасын бұзғаны үшін «КПО б.в.» компаниясынан 2,2 млрд. теңге әкімшілік айыппұл өндіріліп, сот тәртібімен іс жүзінде 7,3 млрд. теңге мөлшерінде залал өтелген екен. Ауыл шаруашылығына қажетті аймаққа бұрғылау қалдығын төгіп, залал келтірген «Грин Ақсай» ЖШС да жазасыз қалған жоқ. Оның басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталды. Сондай-ақ сала қызметкерлерінің араласуымен 1172 азаматтық іс нәтижесінде мемлекет мүддесіне 11,3 млрд. теңгеден астам талап қанағаттандырылып, прокурорлық талап бойынша 66 миллионнан астам теңге өндірілген екен. Түгелімен алғанда, азаматтық істер бойынша шешімге наразылық білдірудің нәтижесінде мемлекеттік бюджеттің 27,1 млн. теңгеден астам қаржысынан айырылуға жол берілген  жоқ.

Атқару  ісінің заңдылығын қадағалау – аталмыш сала қызметкерлері жұмысының бір бағыты.  Осы орайда былтыр прокурорлық ықпал етудің пәрменімен 744 млн. теңгеден астам қаржы мемлекет есебіне өндірілген, бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 316 млн. теңгеге көп. Немесе Бөрлі аудандық прокурорының нұсқауымен мемлекетке келген залалды қайтару үшін «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы ҰК» АҚ-ға борышкер «Ақсай элеватор» ЖШС-ның құны 619 млн. теңгені құрайтын мүлкі берілді. Бұдан басқа прокуратура жыл сайын азаматтардың мыңдаған арыздары мен шағымдарын қарап, шешім шығарады. Былтыр өзінің құқықтарына орай 8,7 мыңнан астам адам өтініш білдірсе, соның 7,4 мыңнан астамы қаралып, қалғаны кері жолданды. Өтініштерді қарау барысында 168 азаматтың заңды құқықтары қалпына келтіріліп, 81 прокурорлық ықпал ету кесімі енгізілді, 60 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылып, 18 арыз бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Тілге тиек етсек, Теректі ауданының прокуратурасы азаматша М. Каменеваның өтінішін қарап, оның кәмелетке толмаған баласын жол көлік апатына ұшыратқан Ж. Малаевқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды  және  оған  үкім  шықты.

Облыстағы қылмыстық ахуал қалыпты. Қасақана кісі өлтіру, әйел зорлау және басқа ауыр қылмыстар азайғанымен, алаяқтық пен бұзақылық, нашақорлықтың өскені байқалады. Бір қуантарлығы, қоғам үшін аса қауіпті қылмыстың сирегені байқалған. Соның ішінде өңірге көршілес Ресей мен еліміздің өзге аймақтарынан есірткі жеткізілетін үш арнаның жолы кесіліпті. Лаңкестік мақсаттағы 14 қылмыс анықталып, сонау Шам еліндегі соғысқа қатысуға жастарды шақырып, дайындық жүргізгені үшін сегіз адам ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар заңнаманы ізгілендіруге орай түрмедегілерді азайтуға бағытталған 10 сатылы қадам жүзеге асырылуда. Түзету мекемелеріне есірткі мен спиртті ішімдіктерді жасырын енгізу жағдаяттарына жол берілген жоқ. Ақша мен тесу-кесу құралдарын тығып кіргізу де азайған. Жалпы, сол мекемелердегі құқықбұзушылық саны 208-ден 185-ке дейін кеміді. Мәслихат соңында мемлекеттік айыптаушылар БАҚ өкілдерінің сұрақтарына  жауап  берді.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика