Мұрағат: 23.01.2016


Әбу-Дабиді таңдандырған «Мария ханым»

Күні: , 135 рет оқылды

DMS_1101


Облысымызда отбасылық кәсіпті ұршықтай үйіріп отырған  жандар аз емес. Солардың бірі — «Мария ханым» сән үйі. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауға қарамай, кәсіп ашуға бел шеше кіріскен отбасының өнімі бүгінде брендке айналып,  алыс-жақын шетелдерде үлкен сұранысқа ие болуда. Облыс әкімі жанындағы баспасөз қызметі ұйымдастырған кезекті баспасөз-туры сәрсенбі күні осы сән үйінде жалғасқан еді.


Тігінші Мария Құспанова мен оның қызы суретші-сәнгер Галина 1993 жылы отбасылық кәсіптің негізін қалайды. Өзгелерден ерекшеленетін сән үйі әу бастан-ақ, қазақтың ұмытыла бастаған ұлттық киім үлгісін жаңғыртуға ден қойған. Бұл жерден қазақтың шапанынан бастап ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген жейде мен кәжекей, тақия мен сәукеле, белдіктер, бүрмелі, қос етекті көйлектердің сан түрін табуға болады. Мерекелік концерттер мен салтанатты жиындар, тойлар үшін арнайы тапсырыспен тігілетін сән үйінің коллекциясын да ұлттық оюмен безендірілген заманауи сән үлгісіндегі киімдер де көптеп кездеседі.

— «Мария ханым» сән үйінің шеберлері тек ұлттық киімдермен шектелмейді. Ұлттық айшықтарымызды күнделікті киімдерімізге де үйлестіре алатынымызды дәлелдеп келеміз. Түрлі ұлттардың да костюмдерін, дүкен сөрелерінен табыла бермейтін немесе кейбір адамдардың дене пішіміндегі олқылықтарды жасырып тұратын жарасымды киімдерді де тігеміз. Тапсырыс берушінің сұранысына сай киім тігудің бірнеше түрін қолданып, моншақ, қымбат, бағалы тастармен әшекейлейміз. Қазір бұл жерде 30 адам тұрақты жұмысқа тартылып, тұтынушыларға жоғары сапада қызмет көрсетуге мүмкіндік туғызудамыз. Ал үйден тапсырыс алатын қызметкерлерді тапсырыс көлемі ұлғайған кезде қосымша жұмыс күшіне тартамыз, — дейді сән үйінің директоры Жұлдыз Құспанова.

Аталмыш сән үйі жуырда Біріккен араб әмірлігіндегі ең ірі өндірістік шаһар саналатын Әбу-Дабиде өткен этномәдени фестивальге қатысып, біраз тәжірибе жинақтап қайтқан. Тіпті көрмеге қойылған қазақтың ұлттық киімдері арабтарды ерекше таңғалдырып, бірнеше сән коллекциясы бірден саудаланып кеткен.

— Фестивальға Сауд Арабиясы, Ауғанстан, Бахрейн, Марокко сияқты елдерден сәнгерлер, суретшілер, мүсіншілер өте көп қатысты. Араб елдерінде ауа райы өте ыстық болатындықтан, киімдері ақ және қара түсті, кең пішінде тігіледі. Ал біздің киімдеріміздің үлгісі де, ою-өрнегінің әдемілігі де, алтын-күмістермен безендірілуі өзге елдердің сәнгерлерін бейжай қалдырмады. Әсіресе, балалар, ерлер мен әйелдер киімдеріне сұраныс жоғары болды. Біз де ол жақтан көп нәрсе түйіп, жаңа көзқараспен оралдық. Араб елінен сирек кездесетін маталар мен бұйымдарды ала келдік, — деді Жұлдыз Қазиқызы.

«Мария ханым» мемлекеттің қолдауынан құр қалмаған. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында әлемдік стан-дартқа сай келетін аса қымбат жапондық тігін машинасына қол жеткізген. Компьютер арқылы басқарылатын бұл аппарат 4-5 адамның жұмысын бір өзі атқаруға қабілетті. Соңғы тапсырысты бір айдың ішінде орындап, бірден 100 костюмді сәтті аяқтаған сән үйінің шеберлері әр іске үлкен табандылықтың қажет екенін айтады. Өнімдерінің бағасы қолжетімді. Ою-өрнекпен әшекейленген заманауи үлгідегі жейделер 15-20 мың теңгеден басталады.

— Елімізде ғана емес, әлемдік деңгейдегі экономикалық ахуал біздің өндіріске өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Қазіргі таңда филиалдарымыз жабылып, бір жерде ғана қызмет көрсетеміз. Қазақстанның әр түкпірінен, Ресей мен өзге де шетелдерден тапсырыстар қабылдаймыз. Қажетті шикізат тапсырыс берушінің тілегіне сай Қазақстанның өзге өңірлерімен қоса, арнайы Ресей, Қытай, Түркия, Араб Әмірліктерінен әкелінеді. Мұның бәріне мемлекеттің қолдауы арқасында қол жеткізіп отырғанымызды айтуға тиістіміз, — дейді Жұлдыз Құспанова.

Сән үйі басшылығы алдағы уақытта да өз ісін одан әрі өркендету арқылы әлемдік нарыққа «Қазақстанда жасалған» ұлттық нақыштағы киім-кешек үлгілерін шығаруды мақсат етіп отыр.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Республикада үздік атанды

Күні: , 74 рет оқылды

1_1 знтит


«Орал «Зенит» зауыты» АҚ бас конструкторының орынбасары Хайдар Хабибуллин ҚР Ұлттық инженерлік академиясы ұйымдастырған «2015 жылдың үздік инженері» республикалық  байқауының  жеңімпазы  атанды.


Елімізде алғаш рет өткізілген байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 350 инженерден жұмыстар келіп түскен. Олардың ішінде қорғаныстық мақсаттағы кәсіпорыннан бастап мұнайгаз, тамақ өнеркәсібі, нанотехнология, жасыл экономикаға дейінгі түрлі салалардың жобалары бар.

Байқау комиссиясының төрағасы, академик Асқар Құлыбаевтың атап өткеніндей, еліміздегі ірі индустриялық жобалар мен бағдарламалардың орындалуына сүбелі үлес қосып жүрген ең үздік инженерлер анықталды. Олардың жобалары ТМД ғана емес, дүние жүзінде де жоғары бағаланады. Қай-қайсысы да өмірлік тәжірибе мектебінен өткен, ғылыми және шығармашылық тұрғыда іздене білген.

Айта кетейік, Хайдар Хабибуллин «Зенит» зауытында шекаралық және зымыранды-артиллериялық кемелер жасау жөніндегі бас конструктордың орынбасары міндетін 12 жылдан атқарып келеді. Кеңес дәуірінің өзінде оның тікелей қатысуымен жерасты сүңгуір кешендері мен қайықтары және мұнайгаз жабдықтары үшін түрлі бұйымдар жасалып, шығарылды. 1993 жылдан бері зауытта су ығыстырылымы 14-тен 240 тоннаға дейінгі «Сұңқар», «Бүркіт», «Барыс» кеме-катерлері құрастырылып келеді. Сонымен қатар  Х. Хабибуллин ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі қажеті үшін тез жүретін «Айбар» катерін жобалауға үлкен үлес қосты. Қазіргідей Еуразиялық экономикалық одақ және «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық кезеңінде ол мамандандырылған институттармен және конструкторлық бюромен бірлесе отырып, күрделі  үлгілерді  жасау  үстінде.

Ғайса БӘЙМЕН


«Музейлердің көбейгені қуантады»

Күні: , 123 рет оқылды

DMS_1313+


Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ҚР мәдениет қайраткері, 1984-2008 жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры болып қызмет істеген  еңбек ардагері Сара Танабаеваны қабылдап, 75 жас мерейтойымен құттықтады.


Жылы шырайлы әңгіме барысында мерейтой иесі облыстық тарихи-өлкетану музейі бойынша ілкімді істер атқарылып жатқанына көңілі толатынын айтты. Сонымен қатар осы салада 40 жылға жуық еңбек етіп, Орал қаласында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мұражайының,  Ғабдолла Тоқай, Жәңгір хан, Александр Пушкин, Емельян Пугачев, Сәкен Ғұмаров музейлерінің ашылуына мұрындық болған ардагер кейбір мәселелерді де ортаға салды.

– Зейнеткерлікке шыққан соң, 2014 жылдан бері облыстық балалар мен жасөспірімдер және экология орталығы басшылығының  қолқалауымен балалар туризмі музейіне жетекшілік етіп келемін. Осы музейді жаңартуға атсалыстым. Былтыр облыстық білім басқармасының сұрауымен Орал қаласындағы және 12 аудандағы мектеп музейлерінің  жұмысын сараптап-саралап, 71 білім ошағында болдым. Бұл бағытта жетіспеушіліктерді түзеу үшін жүйелі жұмыстарды қолға алу қажет-ақ. Әлемдік өркениетке қосқан үлесімізді айғақтайтын, бастауы терең көшпенді және отырықшы мәдениетімізді, ежелгі тарихымызды насихаттау арқылы балалардың танымын тереңдете түскен жөн. Бұл үшін мектеп музейіне қаражат бөліп, мемлекет тарапынан қамқорлық жасалуы тиіс деп санаймын. Жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеп, жалпы үлкен-кішінің бірдей отаншылдық сезімін нығайта түсер музей атаулының облыс аумағында  көбейе түскендігі қуантады, – деді кезінде өзі жергілікті музейлер құнды жәдігерлермен толыға түсуі үшін этнографиялық сипаттағы біраз ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастырған  Сара  Есқайырқызы.

Нұртай ТЕКЕБАВ,

«Орал  өңірі»


Талабы таудай «Тауан» тобы

Күні: , 325 рет оқылды

Снимок экрана 2015-12-19 в 22.40.04


Бүгінде қазақ эстрадасында топтар аз емес. Солардың ішінде дара деп танығандарын халық өзі қошеметіне бөлеп, абыройын асырып отырады.


Қазақ шоу бизнесінде өзіндік ізін қалыптастыруға бет алған тағы  бір бірлестік өмірге келді. Өнердің шыңынан көрінуді көздейтін топтың есімі – «ТАУАН».

«Биікке бекіну, тау асу, шыңға өрлеу» дегенді білдіреді, топты құрудағы межелі мақсат та осы – «ән өлкесінің биік деген белестерін ғана бағындыру».

Топ құрамындағы жігіттердің екеуі де – Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан дарындар. Саржан Айымбек Қазталов ауданында өмірге келсе, Армат Амандықов – Қаратөбенің тумасы. Қарап отырсақ, екеуінде ән айтудан өзге де сәйкес дүние көп. Екеуі де ел тәуелсіздігінің ақ таңында өмірге келген, екеуі де отбасындағы екі баланың бірі тұңғышы, бірі кенжесі, екеуінің да аналары балабақшада қызмет етеді, екеуінің де әкелері – қолынан домбыра түспеген дәстүрлі әннің өкілдері. Бұған екеуі де қайран.

Айымбек Қазталов орта мектебін бітіріп, М. Өтемісов  атындағы БҚМУ-дың тарих факультетін тәмамдаған. Алайда бала кезінен әнге деген құмарлығы оны өнер әлеміне алып келді. Бұл салада өз өнерімен талай бәйгеде бақ сынап, топ жарып үлгерді. 2011 жылы облыстық «Дала дарындары» байқауында  екінші орынды еншілесе, 2012 жылы халықаралық «На Николаевской 2012» фестивалінің бас жүлдегері. 2013 жылы Е. Хасанғалиев атындағы халықаралық «Атамекен» байқауында жүлделі үштіктің қатарынан көрінсе, 2014 жылы К. Дүйсекеев атындағы «Туған жер» республикалық ән байқауында арнайы жүлдеге ие болды. 2015 жылы өткен Б. Оралұлы атындағы «Жерім менің» деп аталатын халықаралық бәйгеде бірінші орынға көтерілді.

Армат Амандықов та – бала күнінен өнердің ортасынан табыла білген дарын иесі. Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінде домбыра сыныбын ұстазы Асқар Кенжеғалиевтан тәмамдайды. Бұл жолда биік белесті мақсат тұтқан Армат армандарын арқалап, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түседі. Іргелі оқу ордасында музыкалық драма театры актеры мамандығы бойынша талай дарынды тәрбиелеген ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Әлімбек Оразбеков, Қадыр Қашқабай сынды өнер майталмандарынан тәлім алады. Актер ретінде тұсаукесер жобалары да жоқ емес. «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша 2015 жылы тәуелсіздікке тарту ретінде ұсынған режиссер Мұрат Бидосовтың «Ақылдың кілті» телеэпопеясында Мергенбайдың рөлін сәтті сомдайды. Ал мектеп оқушысы кезінде көптеген ән-күй байқауларында бақ сынаған. 2009 жылы «Күйші Дәулеткерей» республикалық  байқауында дипломант атанса, 2010 жылы облыстық «Әлия — Мәншүк» патриоттық әндер конкурсында бас жүлдені иемденеді. 2013 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасы ұсынған «Қазақстан дауысы» жобасына қатысып, Нұрлан Қоянбаевтың «Түнгі студиясында» музыкалық топтың солисі ретінде тәжірибе жинақтады.

Топ продюсері – телевизия саласында бірнеше жылдық тәжірибесі бар Асқар Мағзұмов. «Хабар» агенттігі көрерменге ұсынған «Жігіт сұлтаны», «Ду думан», «Айбын» сынды ірі жобаларға продюсерлік еткен ол да – Батыс Қазақстан облысының түлегі. Өзінің айтуынша, талантты жігіттерге қолдау көрсетіп, топқа продюсерлік етуді көптен көздеп жүр екен. Бөкей ордасында өмір есігін ашқан Асқар Ерболатұлы осы Жайықтан шыққан талантты бауырларына ағалық пейіл танытып, өнерлерін бағалап, жұмыс жасауды бастап кетті. Арман жолына деген сапарларын жігіттер Мұнайдар Балмолданың сөзіне жазылған Рауль Бишаевтың әні «Арман жолымен» бастады. Жаңа жыл қарсаңында тұсаукесер концерттерге қатысып, әндерін халыққа ұсынып үлгерген топқа халықтың, әсіресе, жастардың ықыласы ерекше болды.

Талабы таудай «ТАУАН» тобына алар асуларыңыз көп болсын дейміз!

Амангүл ҚАЖЕНОВА,

Астана қаласы


Жалпақталдың Викторы

Күні: , 134 рет оқылды

DSC_0147


Жалпақтал ауылында қазақтармен дәм-тұзы жарасқан он бір ұлт өкілі тұрады. Соның бірі – белорус  ұлтының азаматы Виктор Миранков.


– Мен 1978 жылы Беларусь Республикасының Могилев облысына қарасты Климовичи қаласында дүниеге келдім. Ата-анам 1979 жылы Жалпақтал ауылына көшіп келіпті.

Осы ауылдың топырағына аунап өсіп, онжылдық мектепті бітіріп, әскери борышымды өтеп келдім. 1999 жылы қазақтың Динара есімді қызына үйлендім. Ата-анам қазақ қызына  үйленгеніме риза болды, – дейді  белорус  жігіті.

Виктор – 2003 жылдан бері Жалпақтал ауылының №15 өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі. «10 жыл мінсіз қызмет атқарғаны үшін» медалімен марапатталған. Қазақ қызының арқасында қазақтың салтдәстүрін  меңгергенін  айтып, ағайын-тума, көрші-көлеммен тату екенін  мақтанышпен  жеткізді.      – Құдайға шүкір, осыған дейін ұлтқа бөлініп, араздасып көрген емеспіз. Бір жасынан бастап ауылда өскен Виктор қазақтарды қатты сыйлайды. Салт-дәстүрімізден ешқашан аттап көрген емес, – дейді шаңырақтың шамшырағы Динара. Ол газ шаруашылығында бақылаушы болып істейді. Ұлдары Жалпақтал ауылындағы  Ғ. Молдашев атындағы орта мектепте білім алуда. Үлкен ұлы Иван волейболмен шұғылданса,  Виктор  дзюдомен айналысады, Данильдің биге ынтасы бар. Төртінші ұлының есімін Ілияс деп қойыпты. Төрт ұл да қазақ тілін жетік меңгеріп,  төл  тіліндей  құрметтейді.

Бір шаңырақ астында бас қосқан Виктор мен Динара осылайша бақытты өмір сүруде. Белорус жігітінің бүйрегі қазақтарға бұрып тұратыны шүбәсіз. Тәуелсіздіктің арқасында жеткен мұндай бауырмалдықты ұрпақтан-ұрпаққа жалғау – баршамыздың  ортақ  міндетіміз.

Тұрарбек АҚМУРЗИН,

Қазталов ауданы


Биылғы шаралар тәуелсіздіктің мерейтойына арналмақ

Күні: , 93 рет оқылды

DMS_1371-1


Бейсенбі күні Орал қаласында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы ашылды. Алғашқы баспасөз конференциясы “Ассамблея – қазақстандық  біртектіліктің негізі” тақырыбына арналды.


— Облыс әкімдігі және ішкі саясат басқармасының қолдауымен бүгіннен бастап Орал қаласында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы жұмысын бастағалы отыр. Еске сала кетсек, «ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі» РММ Мемлекет басшысының 2012 жыл 5 қазандағы №403 Жарлығымен құрылды. Орталық коммуникациялар қызметінің жұмысы мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыруға және жұртшылықтың мемлекет жұмысы туралы көбірек ақпараттандырылуын қамтамасыз етуге бағытталған. ОКҚ мемлекеттік орган мен БАҚ-тың өзара тиімді жұмыс жасауына жағдай жасамақ. Бұл алаңда әр түрлі тақырыптарда, өңіріміздің басты оқиғаларына қатысты баспасөз мәслихаттары өткізілетін болады, — деді облыстық «Приуралье» газеті бас редакторының орынбасары Қалиолла Қарағойшин.

Жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері қатысқан брифингте сөз алған БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов:

— Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 90-нан астам этнос өкілдері өмір сүруде. Облыс ассамблеясының 125 мүшесі бар.

Ассамблеяның 49 этномәдени бірлестігі жұмыс жасауда. Облыстың 12 ауданында, ауылдық округтерде, кәсіпорындардың еңбек ұжымдарында 200-ден астам қоғамдық келісім кеңестері қызмет етуде. Ассамблея институтының одан әрі дамуы мақсатында, этномәдени, қоғамдық бірлестіктер қызметін үйлестіру үшін БҚО әкімі аппаратының “Қоғамдық келісім” мекемесі құрылды. ҚХА-ның Достық үйі осы қаңтар айында ашылмақ, — деді.

— “Қазақстан халқы ассамблеясы туралы” заңға өзгерістер енгізілді. «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру үшін ҚХА міндеттерін кеңейту қарастырылды. 2025 жылға дейінгі жаңа тұжырымдама қабылданды. «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы іске қосылды. Бұл жобаға Мемлекет басшысының тапсырмалары енгізілді. «Менің елім» ұлттық жобасы шеңберінде спортты дамытудың 2025 жылға арналған тұжырымдамасы, оны іске асыру жұмыс жоспары қабылданды. 2020 жылға арналған шетелдік диаспорамен жұмыс жоспары, тарих мәдениетіміз жайлы хабарлар, фильмдер мен сериалдар түсіру жөніндегі жоспар, «ЭКСПО» өткізуде мәдениетімізді танытуға арналған жобалар, Қазақстан музейлер көрмесі кеңістігін кеңейту жөніндегі іс-шаралар жоспары, ҚР Ұлттық музейінде ассамблея залын құру жоспары жасалды. Қазіргі кезде біз облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп аталған музейде ассамблея залын ашу жұмыстарын бастап кеттік. Жалпыға бірдей еңбек қоғамы идеясын ілгерілету жөнінде жоспарлар әзірленді. Аталған жоба-жоспарлардың бәрі – «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңінде атқарылатын істер, — деді Ғайса Қапақов.

Брифингте сөз алған “БҚО әкімдігінің “Қоғамдық келісім” мекемесінің бөлім басшысы Әсия Жумина аталмыш мекеме жұмысы жөнінде, Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың стратегиялық даму және сапа департаментінің директоры Олег Юров Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан және басқа да бағдарламалық құжаттардан туындайтын мақсат-міндеттерге тоқталды.

Брифингке қатысқан тілшілер спикерлерге көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген М. ДОСЫМОВ

Ләззат ҚАЖЫМОВА, «Жайық үні» газеті: — «Біртектілік» ұғымын қарапайым тілмен қалай түсіндірер едіңіздер. Ол қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен мемлекеттік тілді өркендетуге кедергі кел­тірмей ме?   Ғайса ҚАПАҚОВ, БҚО ҚХА төрағасының орынбасары: — Кедергі болмайды, қайта Қазақстан­ның дамуына ықпал етеді. Әр қазақстан­дық азаматтың жүрегі осы ел деп соғу ке­рек. Болашағын, ұрпағының келешегін осы елмен байланыстыруы, қазақтың тілі мен мәдениетіне, тарихына құрметпен қарауы тиіс.   Ғайсағали СЕЙТАҚ, «Қазақпарат» агенттігі: — Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай облыста қандай шаралар өтеді?   Ғайса ҚАПАҚОВ: — Ассамблеяның 20 жылдығында дос­тық, бірлік туралы көп әңгіме айтылды. Биылғы жұмыстың басым бөлігі ел еге­мендігінің ме­рей­тойына арналып, тәуел­сіздік жылдары қан­дай жетістікке жеттік, бізге не берді – осы­ның барлығын көр­се­туіміз қажет. Бұған елі­мізде тұратын барлық этнос өкілде­рі мен ұйымдары атсалысады. Ассам­блея­ның барлық шарасы Тә­уел­сіз­­дік мереке­сімен байланысты болады.   Жанат ТОҚТАРОВА, «Приуралье» газеті: — Былтырғы ассамблея жылында қандай жа­ңа жұмыс формасы тиімді болды деп санайсыз?   Ғайса ҚАПАҚОВ: — Ассамблея жұмысындағы жаңа форма — қа­­йы­рымдылықпен айналысуды айтар едім. «Мейірім шуағы» еріктілер қозғалысы пайда болды. Олар биыл да көп іс атқаруды жоспар­лап отыр. «Арба» қоғамы жақсы жұмыстар ат­қарды. Ассамблеяның ұсынысымен демеуші­лер мүмкіндігі шектеулі жан­дарға арнайы ша­ғын ав­тобус алып берді. Кәріс орталығы мас­саж кабинетін ашты, олар да барынша көмек­тесуде. Мұндай мысалдар өте көп.

«Қолдан келгенше көмектесеміз»

Күні: , 98 рет оқылды

SAM_3393


Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылының тұрғыны Жаңылхан Байғалиева – кәсіби етікші. Кеңестік заманда етікшілікке оқыған ол Оралдағы «Бытобувь» фабрикасында, кейін ауылдағы тұрмыстық қамту комбинатында еңбек етіп, өз ісінің шебері ретінде танылды. Өткен ғасырдың соңындағы өтпелі кезең, өліара шақта халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мекемелері «марқұм» болғаны мәлім. Ақжайық ауылындағы әлгіндей нысан да «құрбандыққа» шалынып, кете барды. Етікші ана бала-шағаны асырау үшін отағасы Қуат екеуі ауылдастарының жыртылған, табаны түскен етік-бәтеңкелерін там-тұмдап жөндей бастайды. Әрине, жұмыс қарқыны мен сапасын арттыратын құрал-жабдықтың жетіспеуі еңбек өнімділігіне қол байлау болғандығы жасырын емес. Сөйте тұра осы кәсібінің арқасында отағасы екеуі үш баланы өсіріп, оқытып-тоқытты.


— Кәсіпкерлігімді дамыту үшін 2010 жылдан бастап қам-қарекет жасап келемін. 2011 жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына да қатысушы болып, бақ сынадым. Аудандағылар «Құжаттарыңыз дұрыс» дегесін, Оралға келгенімде, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясындағы комиссия «Бір құжатыңызды түзетіңіз» деп кері қайтарды. Осылай жолым болмады. Содан кейін 2012 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қайтарымсыз негізде грант беріледі дегенді естіген қайтпас қайсар апамыз тағы да бағын сынайды. Әуелі «Даму» кәсіп-керлікті дамыту қоры филиалы жанынан кәсіпкерлік курсында оқып, сертификат алды. Қор мамандарының тегін көмегімен бизнес-жобасын жасақтап, айлап жүріп құжатын жинады. Бірақ бағдарламаның үйлестірушісі – облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жасақтаған конкурстық комиссиясының іріктеуінен өте алмады. Жолы болмаған Жаңылхан апа бірде кәсіпкерлердің басын қосқан жиында облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Зинатбану Мусинаның назарын аударып, қайтарымсыз грантқа қолы жетпей жүргеніне шағынады. Ол кісі өзіне қабылдауға шақырып, ақыл-кеңесін береді.

— 2014 жылы комиссиядағылар «Бұрын қатысып, өтпей қалғансыз, сізге болмайды» деп өтінішімді қа-былдаудан бас тартты. «Нұр Отан» партиясының қабылдауына екі мәрте барып, партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің араласуымен конкурстық комиссия құжаттарымды, жобамды қабылдады. Жобама 1 млн. 600 мың теңге керек деп көрсеттім. Бірақ… 2015 жылы 15 маусымда небары 800 мың теңге грантқа қолым жетті. Комиссиядағылар қайта-қайта келе берді деді ме, несін жасырайын, жақтырыңқырамады. Етік жөндеу, етік тігу дегеніңіз қазақтың бұрыннан келе жатқан өнері емес пе? Бұған осқырына қарап, елемейтіндей не көрінді? Комиссия құрамында қазақтың қанындағы өнерді дамытуға енжар қарамайтұғын ұлтжанды азаматтардың жоқ болғаны ма деп те түңілдім. Өйткені қараңыз, фитнес-орталық, спорт зал ашуға грант беріліп жатыр емес пе? Инновацияны ешкім де аспаннан алмайды, бүгінде «велосипед ойлап табудың» қажет еместігі айтылып та жүрген жоқ па? Әйтеуір не керек, комиссиядағылар талапқа сай емес деп, әдетте беретін 3 млн. теңге түгілі, 1 млн. 600 мың теңгені де қимады. Бірақ осының өзіне анда-мұнда шапқылап, қолым әрең жеткен соң, шүкір деймін. Қаржыға қол жеткіземін деп шапқылап жүргенімде, зейнет жасына да жетіппін, — деді ол.

Былтыр Жаңылхан апа үйінің онсыз да тар ауласынан шағын шеберхана салып алды. Үш ай бойы біресе Атырауға, біресе Ресейдің Самара қаласына барып, несиелік қаржысына тігін машинасын, тығыздағыш құрал, етік тігуге қажетті былғары және өзге де қажетті жабдық, құрал-саймандарын сатып алды. Сөйте тұра ол бүгіндері «Етік тігумен емес, от жағып, күл шығарумен ерте күнді кеш қылудамын» деп өкпелі.

— Кәсіпкерлікті жаңадан бастаған адамға 800 мың теңге не тәйірі, бүркуге келмеді. Жабдық сатып алғаныммен, цехқа газ жүргізуге қаржым жоқ, — дейді ол. Енді етікші «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 1 млн. теңге несие алу үшін «Дамудың» қолдауымен банк жағалаған.

– Аудандық кәсіпкерлер палатасының мамандарының қоңырау шалуымен «Қазақстанның халық банкі» филиалына Оралға бардым. Ондағылар «Етік цехы тұрғын үйден бөлек, оқшау тұру керек», — деді. «Еуразиялық банктегілер» де қолдамады. «Сбербанк», «БанкЦентрКредит» «Зейнеткерсің» деп маңайына жолатар емес. Зейнеткер адам жұмыс істемей ме? Алда-жалда бірдеңе болса, артымда ұлдарым бар емес пе? Өнерімді өзім-мен бірге ана дүниеге ала кетпей, қасыма шәкірт алып, етік тігуді үйретсем деймін. Әр банкке барған сайын қайта-қайта құжат жинап, шаршадым. Елбасымыз «Кәсіпкерлерді қолдаңдар» деуден талмайды. Менің жүрісім мынау… — деп таусыла сөйледі кәсіпкер.

Елбасының ең дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін кәсіпкерлікті дамыту, экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 40 пайызға жеткізу жөнінде тапсырма беріп, міндет-мұраттарды айқындағаны белгілі. Қазіргі дағдарыстың қиыншылықтарына, бюджеттің тапшылығына қарамастан, кәсіпкерлікті дамытуға қомақты қаржы бөлінуде. Осындай оймен «Кәсібімді қалай өрістетемін?» деп жаны жай таппай жүрген етікші-кәсіпкердің ахуалынан хабардар ма екен деп Теректі ауданының әкімі Жеңіс Серікқалиевке хабарластық.

— Жаңылхан апа өңір басшысының қабылдауында болды. Несие аларда бизнес-жоба сұралады. Соған орай ол кісіден шеберханаға қажетті құрал-жабдықтарды қайдан алатынын сұрап едік, жөнді ештеңе айта алмады. 2013 жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша несие алуға кепілзатының бағасы 1 млн. 600 мың теңгені құрап, соған сәйкес 800 мың теңге несие берілетін болды. Бірақ апай одан бас тартты. Қайтарымсыз грант алуға қажетті құжаттарын мына жақтан жасатып, сұратқан мекемелерге жіберіп отырдық. Кәсіпкердің оны білмеуі мүмкін. Бірақ газ тартуға бюджеттен қаржы бөле алмаймыз. Банктер шеберхана нысанының баспанадан бөлек болуын және құжатын талап етеді. Алдағы уақытта мәселені шешу үшін қолдан келер көмегімізді береміз, — деді Жеңіс Серікқалиұлы.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»,

Теректі ауданы

 

Жандос НЫҒМЕТОВ,

Теректі аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

— Кәсіпкер Жаңылхан Байғалиеваның «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік көмек-қолдауға ілікпеуіне құжаттарын мерзімінен кешіктіргені себеп болды. Одан кейін ол қайтарымсыз грант алды. Енді газ өткізуге мемлекеттік бағдарламаның көмегін алу үшін шеберхананың техникалық құжаттарын жасатуы керек. Құжатсыз ешбір банк несие бермейді.

 

Нұрбек АЙТБАЕВ,

Кәсіпкерлер палатасының Теректі аудандық филиалының директоры:

— «Расул» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Жаңылхан Байғалиеваға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті бастауға «Даму» қоры несиелік қаражатының 85 пайызына кепілдік береді. Кәсіпкерлер палатасы тарапынан көмек-қолдау көрсетілуде. Екінші деңгейдегі банктерге хабарласып білгенімізде, ол кісінің шеберхана нысанының жобалық-сметалық құжаты жоқ екені белгілі болды. Сондықтан кәсіпкер Теректі аудандық жер қатынастары бөліміне барып, тиісті құжаттарды жасатуы керек.

 

Миржан САТҚАНОВ,

облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық басқармасының басшысы:

— Кәсіпкер Жаңылхан Байғалиеваның жобасы басында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының үйлестірушісі – облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жасақтаған конкурстық комиссиясының іріктеуінен өте алмады. Бұл комиссияның құрамында жобаны таңдап, дауыс беретіндер – қоғамдық ұйымдардың, бизнес қауымдастықтың, яғни кәсіпкерлік өкілдері. Ал мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері комиссия құрамына кірмейді. Етік шеберханасына жабдық алу жобасына 3 млн. теңге көлемінде грант бөлу талабынан шықпайтыны кәсіпкер Байғалиеваға түсіндірілді. Дегенмен кейін ол 800 мың теңге грант алды. Бұл да аз ақша емес, оған кәсіпкер құрал-жабдығын алды. Жалпы мемлекеттік бағдарламада оған қатысушылардың жасына шек қойылмаған.


Жаңа кәсіпорын

Күні: , 88 рет оқылды

IMG_5784


Бейсенбіде «Пушкин» қонақүйінде «ТРЭМ Қазақстан» ЖШС серіктестігінің ресми таныстырылымы өтті. Бұған аталмыш кәсіпорын құрылтайшылары, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы мен облыстық кәсіпкерлік палатасының өкілдері қатысты.


Жиынды кәсіпорын басшысы Рауль Идиатуллин жүргізіп, жиналғандарға зауыт өнімдерін слайд арқылы таныстырды.

— Бүгінде Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында қазақстандық мазмұнды арттыруды дамыту бойынша ҚР Үкіметі көптеген шараларды қолға алды.  Ресейлік кәсіпорынмен біріккен «ТРЭМ Қазақстан» ЖШС – осы  бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың жемісі. Біздің кәсіпорын негізінен мұнай-газ, химия, энергетика салаларындағы қысыммен  жұмыс жасайтын құрылғыларға нығыздағыш бөлшектер даярлаумен және аталмыш салалардағы құрылғыларға сервистік қызмет көрсетумен айналысады. Қазақстанда біздің кәсіпорын шығаратын қосалқы бөлшектерді ешқандай зауыт даярламайды, яғни біз ешкіммен бәсекелес емеспіз. Бұрын осындай қосалқы бөлшектерді жасап көруге талпынған кәсіпорындар болды, бірақ олар жоғары технологиямен өнім шығара алмады. Біздің кәсіпорын даярлап жатқан өнімдеріміз сапалы, жоғары технологиямен даярланған. Олар шетелдік бөлшектерден еш қалыспайды әрі оларға қарағанда екі есе арзанға түседі. Сондықтан барша қазақстандық зауыт-фабрика өкілдерін бізбен тығыз байланысуға және біздің өнімдерімізді пайдалануға шақырамын. Арзан қосалқы бөлшектерді қолдану арқылы олар қаражаттарын үнемдейді. Қазақстандық мазмұнда жұмыс істеп жатқан біздің кәсіпорынның қазіргі үлесі 55 пайыз болса, ресейлік үлес – 45 пайыз. Болашақта қазақстандық үлесті көбейтуге тырысамыз, — дейді серіктестік директоры зауыт өнімдерін бейнеэкран арқылы таныстырып жатып.

Оның сөзінше, серіктестік өткен жылдың қазан айында қазақстандық мазмұндағы өнім өндіруші кәсіпорын ретінде сертификат алып, тендерге де қатысып үлгерген. Бүгінде үш келісімшартты табысты аяқтағандарын жеткізген ол алдағы  уақытта тендер көлемін бұдан да көбірек ұлғайтуды жоспарлап отырғанын айтты. Рауль Дамирұлы өздеріне қолдау көрсеткені үшін жергілікті әкімшілікке, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдықинновациялық даму басқармасы мен облыстық кәсіпкерлік палатасына алғысын айтып, аталған сала өкілдеріне сөз кезегін берді. Олар қазақстандық мазмұнды арттыру бағытында жұмыс істеп жатқан біріккен кәсіпорын жұмысына жеміс тіледі.

Бұдан соң жиналғандар Желаев кентіне барып, кәсіпорын жұмысымен танысты. Топты бастап барған Рауль Идиатуллин әзірге бұл орынды жалдап отырғандарын айтып, жұмыстары жақсы жүріп кетсе, зауыттың басыбайлы ғимаратын тұрғызу ойларында жүргенін жеткізді. Директордың айтуынша, зауытта қазіргі таңда 30 адам жұмыс істейді. Олар қазіргі таңда шиыршықты орама төсемдер мен нығыздауыш бөлшектер және олардың жөндеу жиынтығын даярлауда. Кәсіпорын басшысының айтуынша, зауыт алдағы уақытта поршеньді компрессорлар мен құрғақ газодинамикалық нығыздағыш бөлшектерді шығаруды қолға алмақ. Сондай-ақ кәсіпорын «Dalian Deep Blue Pump Co.» компаниясымен бірігіп, агрегат насостарын шығаруды да жоспарлауда.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»,

Орал қаласы

Суретті  түсірген Н. ПОРТНЯГИНА


Мектеп асханасы: тамақтану жүйесі өзгере ме?

Күні: , 371 рет оқылды

столовая


«Бүгін мектепте  қандай тамақ іштің, балам?»  Бұл – мектептен  келген перзентіне ата-ананың күнделікті қоятын сауалы. Бұлай сұраудың да жөні бар. Өйткені бүгінде «Мектеп асханасында уланыпты» деген жайттарды жиі еститін болдық.


Айталық, өткен жылғы дәл осындай екі оқиға өңір тұрғындарын біраз әбігерге салған еді.  Тура бір жыл бұрын, Қаратөбе мектеп-гимназиясының 5-10-сынып аралығындағы 19 оқушысы тағамнан улану фактісімен ауруханаға түссе, өткен жылдың қазан айында С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернатының 129 оқушысы  астан уланып қалған-ды.  Балалардың осылай зардап шегуіне кім кінәлі? Мектеп асханасы былықтан қашан тазарады, оған кімдер жауапты? Осы сауалдарға жауап іздеу мақсатында бірнеше құзырлы мекемелердің  есігін  қаққан  едік.

52  мыңнан астам  оқушы тегін тамақтанады

Былтыр ақпан айында үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев мектептерде тегін тамақтандыруды тоқтату туралы өз пікірін айтқан еді: «Мемлекет мектепте тегін білім алуды, мұғалімдер мен оқулықтарды тегін қамтамасыз етіп отыр. Ата-аналар мектептегі  балаларына айран мен тоқашты өздері әперуі тиіс», – деді. Елбасының бұл үндеуінен кейін ел үкіметі биылғы оқу жылынан бастап бірнеше облыста мектептердегі тегін тамақтандыру тоқтатылғанын хабарлады. Бұдан былай ата-аналар енді балаларының түскі асына кететін қаржыны өз қалтасынан төлейтін болды.

– Еліміздің барлық өңірінде 1-4-сынып оқушылары ыстық тамақпен түгел қамтылып отырған жоқ. Тек Атырау, Алматы, Астана қаласы, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары ғана 1-4-сынып оқушыларына тегін тамақтандыруды сақтап қалды. Мұны өңір басшысы Н. Ноғаев жергілікті  бюджеттен тиісті қаражаттың алдын ала бөлінгендігімен байланыстырды. Сол себепті өзге өңірлерде орын алған келеңсіз жағдайлар, ата-аналардың түсініспеушілігі бізде болған жоқ, – дейді облыстық білім басқармасының маманы  Ұлболсын  Серғазиева.

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес осыған дейін  облыс көлемінде табысы аз отбасылардың оқушылары түгелдей ыстық тамақпен қамтылған. Облыстық білім басқармасының жыл басындағы мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша 389 мектептің 361-інде ыстық тамақ ұйымдастырылуда. Мұның ішінде 66  225 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Оның  52 836-сы тегін,  ал қалған 14 мыңдай оқушы ақылы тамақтанады. Алайда білім басқармасының мамандары мектептегі тамақ бағасының аудан-ауылдардағы әркелкілігі аудандық әкімдіктердің шешіміне байланысты екенін айтады. Шамамен алғанда бір реттік тамақтану құны 150 теңгеден асады.

Алайда оқушылары ыстық тамақтан қағылып отырған аудандар да бар көрінеді. Ақжайық, Жаңақала, Бөрлі, Зеленов, Теректі аудандарының асханасы жоқ 28 бастауыш мектебі буфеттік тамақтандырумен шектеліп отыр.

Өткен жылдың соңында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік сатып алу-сату заңдарына өзгерістер енгізіліп, енді мектептегі тамақтану жүйесінде сапаға баса мән берілетінін айтқан болатын. Бұған дейін мектептегі тамақтандыру мемлекеттік сатып алу-сату әдісімен жүзеге асырылып келген еді.  Мәселен, бұрын кім төмен баға ұсынса, тендердің жеңімпазы сол атанатын. Енді ол әдіс жойылып, мектеп-интернат кешендерінен басқа жалпы білім беретін мектептердегі бір реттік тамақтандыруды ұйымдастыру 2014  жылдан бастап конкурстық негізге ауысқан.  Бұған дейін де мектептердегі тамақтануға қатысты түйткілдердің бар екендігін мойындаған ҚР Білім және ғылым министрлігі,  2016 жылы тамақтану жүйесіне тағы да біраз өзгерістер енгізбек. Жаңа ережелерге сәйкес, басымдық  азық-түліктің сапасына берілмек. Конкурсқа қатысушылардың тамақтандыру саласындағы тәжірибесі, сапа сертификаты, аспаздардың біліктілігі, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық рұқсаты бар өнімдердің тізімі талап етіледі. Сондай-ақ қызмет көрсететін мекемені, ас мәзірін мұғалімдер мен ата-аналар бірлесіп таңдай алады. Ең бастысы, білім ошақтарындағы тегін тамақ Еуропа талаптарына сай жасалмақ.

Жоспарлы  тексерулер  басталды

Шындығын айтсақ, оқушылар  ішетін дәм-тағамға химиялық зерттеу, ас мәзірінің құрамы, асхананың жай-күйі күнде тексеріліп жатқан жоқ. Ал анықталған фактілер бойынша қандай шаралар  алынған еді?

Қаратөбе мектеп-гимназиясындағы оқиға бойынша асханадағы аспаздан патогенді стафилококк анықталып, оның көптеп өсуі, қолында кесілген жарақаттың болуы жұқпаның ошағы саналған. Бұдан өзге ас бөлмедегі 6 қызметкерден де осындай жәйттер анықталды. Сондай-ақ залалсыздандыру режимі бұзылып, санитарлық-гигиеналық талаптар мен жеке бас гигиенасы сақталмаған.  Тексеріс нәтижесінде 7 асхана қызметкері жұмыстан шеттетіліп, мектептің жауапты қызметкерлеріне жалпы мөлшері 1 446 860 теңге құрайтын айыппұл салынған.

Ал С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернатындағы оқиғадан кейін 794 оқушы тексерістен өткізіліп, сальмонеллез және дизентериялық бактериофагпен алдын ала емдеу шаралары жүргізілген. Бұған кінәлі деп танылған асхананың 16 қызметкері  жұмыстарымен  қош  айтысқан.

– Тамақтану нормасын, оқушыларға арналған екі апталық  ас мәзірі білім басқармасымен, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен келісіледі. Бұдан кейінгі жағдайды жарияланған мораторийге байланысты СЭС мамандары кәсіпкерлерді, шаруашылық  нысандарын еш негізсіз тексеруге құқығы жоқ. Тек түрлі келісімшарттар негізінде қол жеткізе аламыз, –  деген  тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Алтын Орынғалиева биылдан бастап білім беру мекемелерінде жоспарлы тексерістер басталғанын хабарлады.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Жүйкені жұқартқан «Хива»

Күні: , 186 рет оқылды

IMG_2536


Мемлекет тарапынан кәсіпкерліктің өрістеуіне барынша жағдай жасалып отыр. Алайда осыған малданған кейбір кәсіпкерлер заңсыз әрекеттерге баруда. Соның салдарынан көпшілікке зиянын тигізіп жүргендерін өздері  байқамайтын  немесе байқамайтын сыңай танытатын сияқты. Оған мысал ретінде Орал қаласының орталық бөлігінде орналасқан «Хива» дәмханасын айтуға болады.


«Хива» дәмханасы Лев Толстой мен Мұхит көшелерінің қиылысында, кезінде жаяу жүргіншілер жолы болған жерде орналасқан. Соңғы жылдары аталмыш кәсіпкерлік нысанының иелері дәмхана ғимаратына жапсарлас етіп, аталмыш көшелердің дәл қиылысына жазғы дәмхана (летник) тұрғызып, айналасын қоршап тастады. Сөйтіп, бұл маңдағы ортақ пайдаланылымдағы жер көлемі тарылды. Мұндай жағдай өз кезегінде онымен көрші орналасқан «Жайық Пресс» ЖШС-ның қызметкерлеріне,  Л. Толстой мен Ә. Кердері көшелерінің осы маңдағы үйлері тұрғындарының жүріп-тұруына кері әсерін тигізуде. Сондай-ақ бұл жермен жүретін жаяу жүргіншілерге де, көлік иелеріне де қиындық әкелді. Нақтылап айтсақ, жаяу жүргіншілер үшін бұл кәсіпкерлік нысанының маңайынан өту оңай емес. Себебі дәмхананың алдыңғы жағындағы жаяу жүргіншілер жолы өте тар әрі ол жерде суағар (водосток) орналасқасын оның үстіне темір тор төселген. Темір тордың үстімен, әсіресе қыс, лайсаң кездерде жүру оңайға соқпайды. Дәмхананың артында да жаяу жүргіншілерге арналған жол бар. Бірақ бұл жермен екінің бірі жүрмейді. «Мен 2008 жылдан бері осы жерде тұрамын, — дейді Л. Толстой көшесіндегі №99 үйдің тұрғыны Құсайын Шәкен. — Мына жерден «Хива» дәмханасы ашылғаннан бері бізден маза кетті деуге болады. Мен өзім №36 орта мектепте қызмет атқарғасын жұмысқа Мұхит көшесімен барамын. «Хива» жүретін жолымды қоғамдық әжетханаға айналдырды десем, артық айтқандығым емес. Аталмыш дәмханадан және онымен іргелес тұрған сыраханадан шыққан жандар осында келіп «қажеттіліктерін өтейтіні», құсатыны – бүркеуге келмейтін шындық. Одан қалса топталып тұрып, жолды жауып, темекі тартады, бір-бірімен байланысып, төбелесіп, дөрекі сөздер айтады. Үй-күйі жоқ қаңғыбастар да осы жерге үйір болып алған. Бұл, әсіресе, қазіргідей күн ерте бататын кездерде көпшілікке қиындық туғызуда.  Жазғы дәмхана салынғалы көлігімен Мұхит көшесі арқылы келген қонақтарымыз үйлерімізді таба алмай қиналуда. Өйткені бұл маңға алғаш рет келгендер үшін Л. Толстой көшесі байқалмайды. Соған орай қонақтарымыз «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратының алдына келіп, телефон шалады. Жазғы дәмхана артында көше барын естіген соң барып келеді. Ал бұрын екі көше тіп-тіке қиылысып жататын. Жазғы дәмхана сәулет және қала құрылысы талаптарына да сәйкес келмейтін сияқты. Тиісті мекемелер осы мәселеге жете мән берсе екен дейміз».

Біз де өз тарапымыздан тиісті мекемелерге сұрау салып көрген едік. Жазған хатымызға жауапты бірінші болып Орал қаласы әкімдігі жолдады. Орал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Р. Шәуеновтың қолы қойылған жауап хатта былай деп жазылған: «Кәсіпкерлік бөлімі өз құзыреті шегінде «Хива» дәмханасының қожайыны Игорь Гапичті шақырып, онымен түсінік жұмыстарын жүргізді. Әңгіме барысында жазғы дәмхананың қызмет етуіне және орналасуына дәмхана иесінің рұқсат қағаздары жоқ екені белгілі болды. Осыған орай И. Гапич жазғы дәмхананың құрылымдарын (конструкция) алып тастауға және жерді босатуға уәде берді. Сонымен қатар Орал қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің берген жауабына сәйкес «Хива» дәмханасының иесіне жазғы дәмхана орналастыру үшін жер телімі берілмегенін хабарлайды».

Орал қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Виталий Кушнердің сөзіне қарағанда, ортақ пайдаланылымдағы жер телімдері азаматтар мен заңды тұлғалардың ортақ пайдалануына нұқсан келтірмеуі қажет. «Егер келіспеушілік орын алса, облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасына хабарласу қажет, — дейді Виталий Кушнер. — Себебі жерге бақылау жүргізу біздің құзыретімізге кірмейді».

Ал облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Салауат Нұрғалиевтің айтуынша, ортақ пайдаланылымдағы жерге қатысты мәселе туындаса, сол маңдағы тұрғындар не заңды тұлғалар басқармаға келіп, өтініш жазулары керек. Осы өтініш негізінде тексеру жүргізілетін болады.

Сондай-ақ сұрау хатты Орал қалалық ішкі істер басқармасына да жолдаған болатынбыз. Онда «Хива» дәмханасының маңындағы жол жиегінде көлік атаулы топталып тұратынын, бұл Л. Толстой көшесімен келген немесе «Жайық Пресс» серіктестігі ғимаратының алдынан шығып, Мұхит көшесіне қарай бұрылатын көлік жүргізушілеріне кедергі келтіретінін жаздық. Яғни дәмхана алдында тұрған көліктердің кесірінен Еуразия даңғылы жағынан Мұхит көшесі бойымен келе жатқан көліктер көрінбей қалады. Содан жол-көлік оқиғалары жиі орын алады. Мәселен, өткен жылы осы жерде 3 жол-көлік оқиғасы тіркелген екен. Хатымызға байланысты бұл маңдағы жолдың жағдайымен танысып кеткен ІІБ әкімшілік полициясы бөлімінің қызметкерлері қар еріп, күн жылығасын дәмхана маңындағы жол ернеуіне сары жолақ салатындарын айтты. Бұл өз кезегінде ол жерлерге көлік атаулысының тұруына тыйым салмақ.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Гордей ТРИЩЕНКОВ, 

І топтағы мүгедек:

— Үйім Еуразия даңғылының бойында орналасқандықтан, өзім қызмет атқаратын «Жайық Пресс» ЖШС-ға Мұхит көшесімен келсем, «Хива» дәмханасының маңынан жүру маған қиын. Өйткені дәмхананың алдыңғы жағындағы жаяу жүргіншілер жолымен жүру маған қолайсыз. Оның тарлығынан қашып, жанындағы темір тордың үстімен жүру тіптен оңай емес. Сондай-ақ жолдың ернеуінің (бордюр) биіктігі де кедергі болады. Дәмхананың арты көктем-күз айларында шалшық судан арылмайды, қыста ол жер қатып мұзға айналады. Жандарына қалың қар толады. Сол себепті жұмысқа келерде де, үйге кетерде де осы жерден «аман-есен» өтуімді уайымдаймын. Ал арбаға таңылған жандар бұл жерден тіптен өте алмайды.

Елбасының «Қазақстан жолы — 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз кеңістік ұйымдастыруға жете мән беру қажеттілігі айтылған. Сонда «Хива» дәмханасының қожайындары Елбасы Жолдауына атүсті қарағаны ма?!


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика