Мұрағат: 21.01.2016


Күні: , 1 687 рет оқылды

100каз

Талай таланттың томағасын сыпырып…

Күні: , 235 рет оқылды

IMG_2380


Халықтың қалың ортасынан суырылып шыққан талай тума таланттың томағасын сыпырып, қияға самғатқан Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ашылғанына 50 жыл, даңқты жерлесіміздің есімін иеленгеніне 19 жыл болмақ. Ақ Жайық өңірінің төл өнерін насихаттау, жалпы әлемдік және отандық саз мұрасын халыққа таратуда филармония ұжымы кәсіптік міндетін абыроймен атқарып келеді.


Облыстық филармония 1966 жылы 25 қаңтардағы Қазақ КСР-ы Үкіметінің қаулысымен құрылып, оның алғашқы директорлығына Алматы консерваториясының түлегі, жоғары кәсіби білімді Уәли Кәрімов тағайындалған. Сол кездегі облыс басшылығы жаңа ұжымға бюджеттен қаржы бөліп, оның шығармашылық қызметіне қазіргі Достық даңғылы бойындағы тарихи ескерткіштің бірі – «Динамо» дүкені орналасқан үйдің екінші қабатын беріпті. Сондай-ақ  мекемеге сахналық киімдер, саз аспаптары және көлік сатып алынған. Әнші, күйші, бишіге конкурс жарияланып, сынақтан өткені жұмысқа қабылданған. Солардың ішінде Бекболат Машқанов, Нұрғали Божымов, Мақсат Мұхитденов, Гүлжамал Мамашева және басқасы бар. Талантты жастардан заман талабына сай алғашқы эстрадалық ансамбль құрылды. Оның көркемдік жетекшілігіне белгілі сазгер, әуен өңдеуші Николай Горелов тағайындалды. Сөйтіп, шығармашылық жұмыс  қызып жүре берді.

Арада жылдар жылжып  өтті. 1989 жылы облыстық филармонияға Орал қаласындағы тағы бір тарихи ғимарат – 1900 жылы салынған А. Каревтің зәулім үйі берілді. Сәулетті өрнекпен безендірілген, камералық концерттік сахнасы мен көрермен залы бар үлкен ғимараттың берілуі ұжымда түрлі жанрдың онан әрі өркендеуіне зор әсерін тигізді. Енді өнер ұжымы екі бағытта жұмыс жүргізді. Бірі – өңір тұрғындарын концертпен қамтамасыз ету, жас дарындарды таныту, іссапарға шығу болса, екіншісі – тұрғындарды әлемдік мәдениет үлгілерімен таныстыру және атақты өнер иелерін облысқа шақыру болатын. Әрине, сол қыруар жұмыстың бәрін айтпасақ та, кезінде аталмыш өнер ұжымының концерттік залында Роза Бағыланова, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев сынды тамаша дарын иелері ән шырқаса, қазақтың біртуар ұлы Нұрғиса Тілендиев басқарған «Отырар сазы» оркестрі, «Гүлдер» және ресейлік аты аңызға айналған «Самоцветы», «Поющие сердца» ансамбльдері және бас-қасы жерлестерді әсем әуен ырғағына бөлеген еді. Айта берсе, мұндай жарқын мысалдар филармонияның жартығасырлық шығармашылық шежіресінде мол-ақ.

Өткен ғасырдың 70-жылдары алғашқылардың қатарын толықтырғандардың ішінде облыс орталығындағы саз колледжінің түлектері, кәсіби мамандар Тілек Лұқпанов, Олег Глинский, Әмір Телеуов, Нариман Дүйсенов, Райхан Көжекешова және Қанатқали Қожақов болды. Ал сексенінші жылдардың ортасында ұжымға Махамбет Балпейісов, Сағадат Рахметжанов, Мұрат Әмірханов секілді дарынды да жалынды жастар келді. Осы жылдары филармония ұжымы басқаны былай қойғанда, тек облыс тыңдармандарына жыл сайын орта есеппен 1200-1300 концерт қоятын-ды. Тағы бір мысал, басқа марапаттан өзге, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағына алғашқының бірі болып, әнші Бекболат Машқанов ие болды. Бұл – құрметті мәртебе облыстық филармония ұжымының сол жылдардағы шығармашылық кәсіби еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар осы шығармашылық ұжымның ұлттық тұрғыда қалыптасуына, елге танылуына облыс басшылығы және филармонияға жетекшілік еткен Уәли Кәрімов, Сағын Есенәлиев, Махамбет Ержанов, Мақсот Омарғалиев көп еңбек сіңірді. Көп жыл бойы филармонияны басқарған әнші-сазгер Донеділ Қажымовтың  үлесіне тиген өткен ғасырдың аяғындағы дағдарыс кезеңінде ол сыннан сүрінбей өтіп, әріптестерін қиындықтан абыроймен алып шықты. Сол жылдары филармонияның шығармашылық ұжымына көркемдік жетекшілік еткен Юрий Савельевтің де қажырлы еңбегін айтпай кетуге болмайды. Тап сол кезеңде  «Ұшқын», «Думан-концерт», «Жайық толқыны», «Ән қанатында», және «Гүлдерайым» жастар ансамбльдері құрылды. Олардың жетекшілері ретінде Қанатқали Қожақов, Махамбет Балпейісов, Қайыржан Махмудов еңбек етті. Ал өткен ғасырдың аяғындағы күрделі шақта Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың өнер институтын бітірген жас түлектердің келуіне байланысты  «Назерке» халықтық би және «Классика» камералық ансамблі құрылды. Облыс әкімшілігінің ұйғаруымен 2000 жылы қалалық мәдениет бөлімі жанындағы 52 жоғары білімді маманнан құралған халық аспаптары оркестрі облыстық филармонияға берілді. Арада үш жыл өткен соң, оркестрге атақты күйші Дәулеткерейдің есімі берілді.

Өткен жылы да шығармашыл ұжымның тындырғаны ұшан-теңіз. Қазақ хандығының құрылғанына 550, Ұлы Жеңіске 70 және Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына орай талай шара тартымды көрінісін тапты. Мәселен, былтыр 8 мамырда «Ұлы Жеңіс алауы» атты театрландырылған шара өтіп, көрермендердің ықыласына ие болды.

Тамыз айында «Ақ Жайықтан толқынды Тобылға» атты тәлімдік гала-концерт те ел-жұртты елең еткізді. Өйткені концертте филармонияның Дәулеткерей атындағы қазақтың ұлттық аспаптары және облыс әкімінің эстрадалықсимфониялық оркестрі бірлесе саздық әуендер орындап, көрермен мен тыңдарман назарына баритондар мен сопранолар шеруі ұсынылды. Бұдан басқа филармония өнерпаздары өткен жылы Ресейдің Астрахан қаласында екі рет шығармашылық іссапарда болды. Сөйтіп,  сол өңірдегі «Жолдастық» қазақ мәдениеті қоғамдық ұйымының 25 жылдық мерейтойына орай қандастарды да қуантып қайтты. Көрші елдің Самара және Орынбор қалаларына жасалған шығармашылық сапарлар да сәтті өті. Ал Тәуелсіздік күні қарсаңында ұжым мүшелері, әншілер Мұрат Әмірханов Елбасының Жарлығымен «ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен және Марат Сарбөпеев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің мүшесі Данияр Рахметжанов жас жаңашыл өнерпаз ретінде «Жыл жаңалығы – 2015»  аталымының  иегері  атанды.

Бүгінде филармонияда 163 адам еңбек етеді. Оның 125-і – өнерпаз. Шығармашылық қызметкердің ішінде Қанатқали Қожақов пен Ермек Қазиев – «Құрмет» орденінің иегерлері. М. Омарғалиев, Қ. Қажымов, Х. Бердіғалиев, М. Әмірханов Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болғандар. Еркін Нұрымбетов – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Ұжымда өзге де мемлекеттік марапат иелері бар. Енді олар биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуы мерекесіне өздерінің тың шығармашылық ізденістерін арнауға құлшынып  отыр.

Серік   ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Мақсот  ОМАРҒАЛИЕВ,

өнер  саласының  ардагері, Қазақстан  Республикасының  еңбек  сіңірген  қайраткері:

– «Елу жылда ел жаңа» деп, қазақ атамыз бекер айтпаған. Өйткені мен жаңадан құрылып, қалыптаса бастаған филармонияның сонау жылдардағы жай-күйін жақсы білемін. Онан бергі өзгеріс жер мен көктей. Мәселен, сол кездегі мамандардың басым көпшілігі саз колледжі былай тұрсын, тіпті тек қана орта білімі барлар еді. Қазіргі  мамандардың 80 пайызы – жоғары білімді кадрлар. Сондай-ақ өнер ордасының бүгінгі орны да  тамаша. Әсіресе, концерт залының акустикасының өзі неге тұрады?! Ондай зал елімізде некенсаяқ. Филармония ұжымының жұмысына көңілім риза. Әріптестерге келешекте тек табыс тілеймін.

Қадырболат  МҰСАҒАЛИЕВ,

филармония  директоры:

– Өзім осы өңірдің перзентімін. Өнер жолында жүргеніме біраз жыл болды. Кезінде филармония директорының орынбасары болғаным да бар. Соңынан еліміздің басты қаласы Астанаға ауыстым. Үш жылдай еңбек еткеннен кейін бірде облыстық мәдениет және құжаттамалар басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов ағамен кездесіп, кеңінен әңгімелестім. Нәтижесінде ол маған елге оралуды, қалған уақытта күш-жігер мен қарым-қабілетімді туған өлкенің игілігі үшін сарқа жұмсауымды ұсынды. Жасыратыны жоқ, атамекенімді сағынып, үнемі аңсап жүретінмін. Аға сөзін жерге тастамай, туған өңірге оралдым. Қазір осында еңбек етіп жүргеніме жылға жуық уақыт  болды.  Келгеніме  өкінішім  жоқ.


Қардың мол түсуін ырысқа балайық

Күні: , 110 рет оқылды

кар тазалаау


Сейсенбі күні «Қазақстан – Орал» телеарнасында өткен брифингте шаһарымыздың көше-жолдарын қалың түскен қардан тазарту, жол пайдалану кәсіпорнының техникалық мүмкіндігі, төтенше жағдайлардың алдын алу жәйі сөз болды.


Баспасөз мәслихатына Орал қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев, осы бөлімнің көп салалы мемлекеттік коммуналдық жол пайдалану кәсіпорны басшысының орынбасары Талғат Наушин, БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Айжол Еролеев, облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Марс Отаров қатысты.

Орал қаласы әкімі орынбасарының айтуынша, өткен желтоқсан айының соңғы, қаңтар айының бірінші-екінші онкүндігінде өңірімізге қар мол мөлшерде түсуде. Бүгінде қала көшелерін, аурухана, мектеп, балабақша сияқты қоғамдық орын маңдарын, көлік және жаяу жүргінші жолдарын уақтылы тазартуға көп салалы мемлекеттік коммуналдық жол пайдалану кәсіпорны бар күштерін жұмылдыруда. Қала бойынша жалпы жолдың ұзындығы 580,9 шақырымды құрайды. Оның ішінде тас жол төселгені 295,6 шақырым болса, қалған 285,3 шақырымы – топырақ  жолдар. Қазіргідей ауа райында  жол пайдалану кәсіпорны әр  күн сайын 10 миллион 300 мың шаршы метр жерді қардан тазарту керек екен. Облыс орталығындағы көшелер мен жолдарды қардан тазарту, көлік пен жаяу жүргіншілердің қалыпты қозғалысын қамтамасыз ету мақсатына 130-дан астам техника жұмылдырылып, күні-түні жұмыс жасауда. Қала көшелері маңыздылығына, ондағы қозғалыс жиілігіне орай бірнеше топтарға бөлініп, кесте бойынша тазартылуда. Бірінші кезекте қоғамдық көліктің қалыпты қозғалысын қамтамасыз ету үшін ма-гистральды жолдар тазартылады. Осы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 62 мың текше метрдей қар қала сыртына тасымалданған. Ауа райын болжау орталығының мәліметіне сү-йенсек, алдағы күндері де мол мөлшерде қар жауады деп күтілуде.

— Жылдың әр мезгілінің өз ерекшелігімен сәні бар. Соңғы күндері ақ ұлпа қардың мол түсіп, дала мен қаланы ақ мамыққа орауын ырысқа балауымыз керек. Себебі жауын-шашын мол болса, қоршаған ортамыз тазарып, көктем мезгілінде өзен-көлдерімізге судың мол қоры жиналып, егін мен жемшөптің жақсы шығуына әсер етеді. Ал қалың түскен қарды дер кезінде тазарту мен қауіпсіз орынға шығару біздің тарапымыздан жіті қадағаланып, бір қалыпты атқарылатын болады, — деді Ғалым Орынғалиев.

Сондай-ақ шаһар көшелерін әрдайым қардан таза ұстауға мекеме-кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер де жұмылуда. Күні бүгінге дейін бизнес нысандарының маңын таза ұстау жөнінде 700 кәсіпкерге ескерту парағы таратылған. Құзыретті органдар қойған талап уақтылы орындалмаса, жеке тұлғаларға 20, әр түрлі деңгейдегі кәсіпкерлерге 30-100 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

— Бүгінде қаламызда қар шығару жұмыстары үш ауысымда жүргізілуде. Бір тәулікте орта есеппен 300 көлік қар қала сыртына шығарылуда. Оның сыр-тында қала маңында орналасқан Жұлдыз, Сарытау, Зашаған, Круглоозерный сияқты шағынаудандарға қатынайтын жолдар әрдайым қардан тазартылуда. Тұрғындармен тікелей байланысты қамтамасыз ету үшін жедел кезекшілер планшетпен қамтылды. Енді қаланың әр тұрғыны ватсап арқылы 87084331550 нөміріне қай аймақта көлік және жаяу жүргіншілердің қозғалысына қиындық келіп отырғандығы туралы хабарлама жібере алады, — деді өз сөзінде Қайрат Мұхамбетқалиев.

БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Айжол Еролеевтің баяндауынша, өткен жылдың осы мезгілімен са-лыстырғанда жол-көлік апаттарының саны азайғанмен, биыл аз уақыт ішінде қаза тапқан немесе жарақат алғандар саны екі есеге артқан. Сала маманы жол-көлік оқиғаларын болдырмау бағыттындағы атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталып, облыс тұрғындарын әлі де болса, жолда абай болуға шақырды.

Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, қыс мезгілі басталғаннан бері жауын-шашын салдарынан жеті мәрте жолға шығуға шектеу қойылып, облыс тұрғындарына ауа райының күрт бұзылатыны жөнінде тоғыз рет «SMS» хабарламалар жолданған. Облыс бойынша барлық жерлердегі өзен-көлдер бетіндегі мұздың жұқалығы да мамандардың алаңдаушылығын туғызуда. Жыл басталғаннан бері Ақжайық, Тасқала, Теректі аудандарында төрт көліктің суға кету оқиғасы тіркелген.

— Қыс айларының бір қалыпты, жылы болуы салдарынан өзен-көлдер әлі қата қойған жоқ. Мұз қабаты жеңіл аутокөлікті көтеру үшін кем дегенде 25-30, жүк көліктері үшін 45-50, тіркемесі бар ауыр техникалар өтуі үшін 80 сантиметрден қалың болуы керек. Ал қала маңындағы өзен-көлдердегі мұздың қалыңдығы бар болғаны 12 см шамасында. Сондықтан өңір тұрғындарын мұз бетіне шыққанда, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамын, — дейді Марс Отаров.

Брифинг соңында сала мамандары журналистердің бірқатар сауалдарына жауап берді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Қай жол бағыты қолайлы болмақ?

Күні: , 128 рет оқылды


«Орал өңірі» газетінің өткен жылдың 15 қазан күнгі №130 санында «Жүйкені жұқартқан №7 маршрут» атты мақала жарияланды. Мақалада аталмыш жол бағытындағы келеңсіздіктер хақында жазылған болатын. Бұл жолы дәл осы жол бағыты жайында сөз етпекпіз.


Былтыр сәуір айының ортасынан бастап №7 автобус бұрынғы бағытынан ауытқып, Арман шағынауданын да қамтуға кірісті. Бұрын ол Зашаған ауылынан шығып, “Пост” немесе №30 мектеп аялдамасына тоқтап, әрі қарай қалаға тура тартатын. Жол қозғалысындағы жаңа өзгеріс алғашқыда талайды абыржытып та, таңдандырып та тастады. Ашу-ызасын білдіргендер де аз болған жоқ. Бірақ жүргізушілер де, кондукторлар да: «Қала әкімдігі бар ғой. Солар белгілеген жол бағыты, біздің еш қатысымыз жоқ. Сөзіңізді соған айтыңыз» деп, міз бақпады. Жолаушылар жарты айдай күңкілдеп-күңкілдеп, соңынан су сепкендей басылды. Бірақ әлсін-әлі наразылығын білдіретіндер бар. Қозғалыстағы ауытқушылыққа не себеп?

— Ренжитін түгі де жоқ. Оны біз ойлап таппадық. Қала әкімі Алтай Көлгіновтің былтыр өткен есеп беру-кездесу жиналысында сол кенттің бір топ тұрғындары жол бағытына өзгеріс енгізуді сұрады. «Балаларымыз мектепке қатынайды. Өзіміз дәрігерге қараламыз. Соған көлік қажет» деп.

Сондықтан әкімнің шешімімен қозғалысқа осындай өзгеріс енгіздік. Олай болса жол бағытын өзгерте алмаймыз. Керісінше сол ауданды абаттандыруға байланысты жаңа жол бағытының ашылуы немесе 7-нің қозғалысына тағы бір өзгеріс енгізілуі мүмкін. Өйткені аталмыш ықшамауданда қатқыл табанды көлік жолдары салынуда. Олардың бәрі жолаушы көлігінің оңтайлылығы мен жеделдігін жақсартуға бағытталған. Әрине, көптің көңілінен шыға алмайсың. Әркімнің мүддесі бар, біреуге ұнаған, екіншіге жақпайды. Демек, сөздің тоқетері, мақалада айтылған 7-нің жол бағытын бұрынғысына қайтара алмаймыз, — деді былтыр Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі мен автомобиль жолдары мемлекеттік мекемесі жолаушы көлігі секторының бас маманы Ғұмар Садықов. Оның түйінді пікірін әріптесі Орынбасар Бисенғалиев те қуаттады.

Ресми байламнан соң, біз жол бағыты бойынша қатынайтын жекелеген жүргізуші мен кондуктордың ойын білуді ұйғардық. Өкініштісі, олардың барлығы дерлік есімі мен тегін толық айтудан тартынды. Рас, Бәтима есімді әйел-кондуктор ғана: — Тегімді айтпасам да, атымды жасырмаймын. Бүгінгі жол бағыты өзіме ұнамайды. Мәселе мынада, Арман ықшамауданына барып, шыр айналып жүрген қиын. Сол жерден жолаушының көлікке отырып жатқаны да шамалы. Тек таңғы және кешкі «тығырықта» болмаса. Көбіне бізге тиесілі жолаушыны басқа қоғамдық көлік алып кетіп жатады, — деді ол. Кей жүргізуші жүру қашықтығының ұзарғанын, тіпті оның тақтайдай түзу дерлік жолмен жүйткитін №5, №22 жол бағытынан артық болмаса, кем еместігін айтты. Арман ықшамауданына бұрылудың да тиімді емес екеніне уәж келтірді. Тек жекелеген жүргізушілер ғана: «Бұрынғысы не, қазіргісі не, қандай айырмашылығы бар? Ең бастысы, еңбек етіп, ақша тапсақ болды» дейді. Жолаушылардың да белгілі бір бөлігі осындай пікірде.

Демек, ертеңмен және кеште болмаса, аталмыш ықшамауданнан жетінші автобус арқылы қатынайтын адам сирек. Екіншіден, сол ауданды қамтитын №2 жолаушы автобусының өзіне де жолаушы кейде жетпей қалады. Сондықтан ол ауданға баратын Зашаған кентінің жолаушыларына егер «жеті» бұрынғы жол бағытымен қайта қатынаса, “Пост” аялдамасына бұрылар тұста түсіп қалуына мүмкіндік бар. Қазір солай түсіп қалып та жүр. Арғы жағында аурухана да, мектеп те аса қашық емес. Егер қазір сол ықшамауданнан бері қарай салынып жатқан екі көлік жолы қысқа дейін бітсе, оған асфальт төселсе, аса бір қиындық жоқ. Тек жаяу жүруді қаламайтындар ғана болмаса. Әрі күні ертең тағы да көп қабатты үйлер пайдалануға берілмек. Олай болса, сол жақтан қатынайтын жолаушы саны өсері сөзсіз. Соған орай сол ықшамауданға жаңа жол бағытын ашып, көлік санын одан әрі көбейтпесе болмайтындай. Бұл – енді Орал қалалық әкімдігінің құзырындағы шаруа. Ал әзірге №7 көліктің жол бағытын әрі қарай бұру түгелімен алғанда, әлеуметтік жағынан да, экономикалық жағынан да, өзін-өзі ақтамайтын сыңайлы.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

“Орал өңірі”

P.S. Соңғы күндері жол қозғалысы енді барарда да, келерде де “Пост” аялдамасы арқылы БҚАТУ-дың тұсынан өтуде. Мұның қаншалықты тиімді екені бізге белгісіз.


«3-4 айлық баланы көршісіне тастап, қалай кетеді?..»

Күні: , 438 рет оқылды

IMG_2235


Дүйсенбі күні материал дайындау мақсатымен қалалық білім беру бөліміне барғанымда, іштегі қызметкерлердің кішкентай бөпені кезектесіп, көтеріп жүргенін көрдім. Алайда осы жердегі мамандардың бірінің баласы шығар деп, аса мән бермедім. Сол жердегі қызметкерлердің бірі: «Бұл адамдардың бәрі көмектесіп жатқан  Анар Исмағұлованың баласы, өзі баланы көршісіне тастап, Атырауға кетіп қалыпты», — деп айтып қалды. Мен елең ете түстім.


Жақында жергілікті басылымдардың бірінде балалар үйінде тәрбиеленген, жетім өскен Анар Исмағұлованың екі баласымен қайыр сұрап, байлардың үйіне жалданып, жұмыс жасап, күнін көріп жүргені туралы материал жарияланған еді. Кейіннен іліп алып кетіп, бұл хабар республика деңгейінде таралды. Аз ғана уақыттың ішінде көмек қолын созып, қолдау көрсетушілер аз болмапты. Мейірімді жандар оның үйін іздеп, бірі тамақ тасып, енді бірі ойыншықтарын ұсынып, тағы бірі қомақты қаржылай көмек көрсетеді. Бұл хабар қалалық білім беру бөліміне де жетеді. Содан соң мамандар да қолдан келгенінше көмектеспек ниетпен кейіпкеріміздің үйін бетке алады. Алайда олар барған кезде Анар үйде жоқ болып шығады. Кейіннен белгілі болғанындай, ол үш айлық баласын бірге пәтер жалдап тұратын құрбысы Розаға тастап, 4 жасар қызын алып, Атырауға кеткен.

– Кішкентай балаға обал. Балаға бірдеңе болып қалса, кім жауап береді? Онымен бірге тұратын адамдарының берген жауабы да көңілге қонымсыз. Учаскелік полицейге басқаша, әлеуметтік педагогке басқаша айтады. Сыртта «Күйеуімін» деп бір ер адам жүрді. Ал ол «Күйеуім екі баламен тастап кетті», — деп айтпап па еді? Түсініксіз. Бұл – ананың жа-уапкершілігінің аздығы. Үш-төрт айлық баланы туысы емес, туғаны емес, көршілеріне тастап, қалай кетеді? — дейді мамандар.

Мен ол жерде шамамен екі сағаттай болдым. Сол уақыт аралығында қолдан-қолға өткен кішкентай балапан еш жылаған жоқ. Адам жатырқамайтыны, кісіге үйренгені көрініп тұр. Қалалық білім беру бөлімінің мамандары баланы көпбейінді балалар ауруханасына апаратынын, анасы келгенше сонда болатынын айтты. Біз мән-жайдың анық-қанығын білмек ниетпен, фототілшіні ертіп, Анардың үйіне бардық. Оның көрші құрбысы Роза Малабайқызы есік ашты. Біз оның сөзін еш өзгертусіз бергенді жөн көрдік.

— Анар Атырауға кетті. Оған кісілер көмектесіп жатыр. Күйеуі дұрыс жұмыс жасаған жоқ. Қазір жағдайы жақсы. Халық жақсы көмектесті. Төсек-көрпе, балалар керуеті, қызына үлкен қуыршақ, көп ақша әкелді. Кәсіпкерлер көп көмектесіп жатыр. Простой адамдар көмектесе алмайды. Ойыншықтар, памперстер қорап-қорабымен толтырып әкелді. Ақшалай 200 мыңдап, 50 мыңдап берді кісілер. Шамамен 500 мыңдай болар. Біз екеуміз 25 мыңнан екі бөлмеге бөліп төлейміз. Мен ана бөлмеде інім мен күйеуіммен тұрамын.

Анар екінші бөлмеде Мирана деген төрт жасар қызымен, ұлымен тұрады. 50 мыңды 25-тен бөліп төлейміз. Анар бұрын квартирді пособиядан төледі. Жұмыс жасамайды. Балалармен үйде отырады. Әжесі бар, пенсиясын береді. Ол Атырауға түрмеге кетті. Сіңлісі түрмеде. Соған көп жылдан бері бармап еді. Темекі алып, көмектесуге кетті. Үш айлық бала ғой. Мені көптен танитын, бірге тұратын болғасын тастап кетті. Кішкентай бала ембейді, қоспа ішеді. Анар бүгін кешке келу керек. «Детдомский» ғой. Оның бірге туған бауырлары жоқ. Сол балалар үйінде бірге тұрған туғандарындай болып кеткен бір қызға кетті. Жолдасы былай бар. Көмектеспейді. Просто келіп кетеді.

Біз ертеңіне Анардың ұялы телефонына қоңырау шалдық. Қайта-қайта хабарласқанымызда, телефон тұтқасын көтерген ер адам өзінің көлікте келе жатқанын, Анардың ағасы екенін айтты. Бірнеше қоңыраудан соң телефон алған Анар өзінің балалар ауруханасынан ұлын алып жатқанын және ешкіммен сөйлескісі келмейтінін айтты. Дегенмен «Алдағы жоспарыңыз қандай?» деген сұраққа ол былай деп жауап берді:

— Екі баламды өсіріп, үй алу, общежитие болса да. Балаларым ауырмаса екен деп тілеймін. Баламды көршімізге бір күнге қалдырып кеттім. Бір күн де болмаған болар. Халыққа өте көп ризамын. Счет ашсаңыз, баланың операциясына саламыз деп айтып жатыр.

Бұл мақаланы даярлау барысында халықтың бейжай қарамай, көмек қолын созуға ұмтылғаны, жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған текті халықтың ұрпағы екендігін дәлелдей білгені көңілге қуаныш ұялатты. Алайда Анардың бөпесін тастай салып, Атырауға асыққаны бізге түсініксіз болып қалды. Әзірге Анардың балалар үйінде тәрбиеленбегендігі және жұбайымен заңды түрде ажыраспағандығы белгілі болып отыр. Қазіргі күнде қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссия Анардың жағдайына терең үңілмек ниетте. Ендеше, біздің бұл мәселеге оралуымыз әбден ықтимал.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Жер қашан беріледі?..

Күні: , 1 285 рет оқылды

logo_header_0005


Жер мәселесі қай заманда да маңызды. Қазіргідей қымбатшылық жайлаған уақытта оның маңызы бұрынғыдан да арта түсті.


Өйткені бүгінде баспанасыз жүрген адам көп. Олардың дені – жастар, арасында сонау қиын кезеңде ауылдағы жұмыссыздықтан қашып, отбасымен көшіп келген ересек адамдар да бар, бар емес-ау, тіпті көп. Олардың бірқатары бүгінде қариялық жасқа жетті. Баспанасыз жүргендердің барлығы қаладағы жалдамалы пәтерлерде тұрып жатыр. Тапқан-таянғанын біреудің қалтасына салып беруден шаршаған адамдардың бар үміті – жер телімінде. Орал қаласында жер телімінде кезекте тұрғандар бұдан бірнеше жыл бұрын өздеріне тиесілі жерлерін алып, қуанып қалып еді. Содан кейін төрт жыл өтсе де, жер кезегі қозғалар емес. Мұның себебін сұрап, өткен айлардың бірінде Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерлан Ғалиевпен хабарласқан едік.

“Біздің өңірімізде жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу үшін азаматтарды арнайы есепке алу жұмысы 2002 жылы басталды. Ағымдағы жылдың 19 қаңтарындағы мәлімет бойынша, жер кезегінде арнайы есепте 67456 адам тіркеуде тұр. Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдері қалада 2011 жылдың 20 шілдесіне дейін беріліп, содан кейін бұл жұмыс уақытша тоқтатылды.

Жалпы, ҚР Жер кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алуға құқылы. Аталған кодекстің 44-1-бабына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер теліміне кезекте тұрған азаматтардың өтініші арнайы есепке алынады және бос аумақтар пайда болған жағдайда қанағаттандырылады. Сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысын жүргізетін алаңдарда ол жерге қоныстанушы адамдарға қолайлы болу үшін инженерлік желі мен жол құрылысы жүргізілуі керек. Ал бұл жұмыстарды жүргізу үшін қаражат пен уақыт қажет. Осы себепті әзірге жер телімін беру ісі тоқтап тұр. Орал қаласының бас жоспары негізінде тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған алаңдарға тәптіштелген (!?) жоспарлау жобасы дайындалады. Осы жоспарға сәйкес тұрғын үй құрылысы жүргізілетін жерлерге инженерлік инфрақұрылым жүргізілгеннен кейін ғана жер телімдерін беру мәселесі қарастырылатын болады” депті бізге жазбаша түрде берген жауабында Ерлан Ғалиев.

«Қала маңы аумағын пайдалану қарастырылды»

Оның мәлімдеуінше, ҚР Жер кодексі бойынша жер кезегінде тұрған азаматтарға пәтер беру қарастырылмаған. Және 2002 жылдан бері барлығы 7 мыңнан астам адам тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін алыпты.

Жоғарыдағыдай мәліметті қала әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев те былтыр жыл басында өткен облыс әкімдігінің кезекті брифингінде айтқан болатын. Сол жолы Ғалым Орынғалиев қала дамуының 2015 жылға дейінгі кезеңін қамтыған жоба мерзімінің аяқталуына байланысты журналистерді қаланың жаңа жобасымен таныстырып еді.

Сонда жергілікті билік өкілі жаңа жоба бойынша қала аумағының 4767 гектарға ұлғайып, 2030 жылға дейін оның көлемі 25750 гектарды құрайтынын айтқан болатын. Осыған орай жаңа тұрғын үй құрылысының ауқымы 3,9 млн. шаршы метрді құрап, жаңа жоба бойынша қала батыс, оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс бағытында өспек. Ол сондай-ақ Орал қаласы дамуының тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылы қала халқының саны 350 мың адамға, ал 2040 жылы 400-450 мыңға дейін жетеді деген болжам айтқан болатын. Біз сонда, бұйырса, алдағы жазда кезекте тұрғандар жер алып, қала тұрғындарының біразы баспаналы болатын болды-ау деп іштей қуанғанбыз. Тіпті сол жерде журналистердің бірі жергілікті билік өкіліне осы жөнінде сұрақ та қойған болатын. Сонда Ғалым Орынғалиев бұған жауап ретінде тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін соңғы рет 1700 адамға Деркөл ауылынан жер телімдері берілгенін және қазіргі уақытта бұл жұмыстың уақытша тоқтатылғанын баяндап, жер телімін бөлудегі Шығыс Қазақстан облысының іс-тәжірибесі туралы айтып қалды. Оның сөзінше, Өскемен қаласында кезекте тұрғандарға жер телімі ауылдық жерлерден беріледі екен. Бұл әңгімені естігенде, біздің қуанышымыздың су сепкендей басылып қалғаны рас. Өйткені “Қалада тұратын адамдарға ауылдан берілетін жердің пайдасы бола қояр ма екен? Жер кезегінде тұрғандар   жер телімін басқа мақсатқа емес, тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін сұрап жүрген жоқ па?” деген ойға қалдық. Көңілімізді күпті қылған аталмыш мәселені осы мақаланы даярлау барысында Ерлан Ерсайынұлынан тағы бір рет сұрап көрдік. Ол өзінің жазбаша жауабында «Бір қаладағы өзекті мәселелерді шешудің амал-тәсілдері өзге қалаларда қолдануға үйлесе бермейді. Әр қаланың аумағы мен сипаттамасы әр түрлі. Бас жоспарды түзету кезіндегі басым бағыттардың бірі ретінде жеке құрылыстарды дамытуда қала маңы аумағын пайдалану да қарастырылды» деп жазыпты. Бұған да шүкіршілік айтып, қуанышымызды жер телімін асыға күтіп жүрген бірнеше тұрғынмен бөлістік.

«Өз үйің – өлең төсегің» болғанға не жетсін?!»

Солардың бірі – Алтынбек Қаржауов. Өзінің айтуынша, ол сонау тоқырау жылдарында қалаға амалсыз көшіпті. Ауылдағы өзі жұмыс істейтін мекеме тарап кеткенде, не істерге білмеген ол бала-шағасын асырау қамымен қалаға келіпті. Содан бері базардағы сатушыларға жүк тасушы болып тұрақты жұмыс істеп жүрген ол өзінің отбасымен бірге пәтер жалдап жүргеніне ширек ғасырға жуық уақыт болғанын айтады.

— Жер кезегінде 2004 жылдан бері тұрмын. Сол жылы кезекте тұрғандардың жартысы 2011 жылы жерлерін алып, үйлерін тұрғызып, бүгінде рақатын көріп отыр. Біз қашан сондай бақытқа жетер екенбіз? — дейді елуді еңсерген азамат күрсініп. – Балаларым осы жеркепеде өсіп, ержетті. Бұл жерден кетпейтін себебіміз, бұл үйдің жалдау ақысы арзан. Өйткені бұл үй өте ескі, әрі тұрмысқа қолайсыз. Әуелде жаңбыр жауса, төбеден сауылдап су ағатын, оны өзіміз үшін бітеп алдық. Осында тұрғалы бұл үйді үздіксіз жөндеп келе жатырмыз. Бұған осы үйдің қожайыны, орыс кемпірі, қуанбаса, ренжімейді. Тіпті ол бізге риза болып, жөндеу жұмысын жүргізген уақытта пәтерақысын да алмайды. Сөйтіп, орыс-қазақ бірлесіп, тату-тәтті тұрып келе жатырмыз. Әрі-беріден соң бұл үй бүгінде өзіміздікі сияқты болып кетті. Дегенмен жасымыз елуден асқанша кісі есігінде жүргенге ұяламыз. Өзіміз араласып жүрген ауыл адамдарының көбісі осындай жалдамалы пәтерде тұрады. Олардың арасында қаражат жинап, қаланың шет жағынан жер сатып алып, баспана тұрғызып алғандар да бар. Құрылыс материалдары қымбат болғандықтан, олар ауылдағы үйлерін бұзып, құрылысқа соны пайдаланды. Бүгінде ешкімге жалтақтамай, өз үйлерінде рақаттанып тұрып жатыр. Біздің де ауылда үйіміз бар, жер берсе, біз де оны пайдаға асырар едік. Әйтпесе, ауылдағы даңғарадай үй бос тұр. Ол жерге қайта барайық десек, ауылда жұмыс жоқ, бала-шағамызды асырау қиындап кетеді деп уайымдаймыз, — деген Алтынбектің сөзін Салтанат есімді келіншек жалғастырды.

— Менің төрт балам бар. Күйеуім жұмыссыз қалған соң ішкілікке салынып кетті. Балаларды асырау үшін қалаға келдім. Алғашқыда бір бай адамның кірін жуып, тамағын пісіріп күн көрдім. Обалы не керек, олар ай сайынғы жалақымды уақытымен төледі, балаларымды балабақшаға, мектепке орналастыруға көмектесті. Олар осы қаладан Астанаға көшіп кеткенде, жағдайым қайта қиындады. Бүгінде біреудің затын сатып, күн көріп жүрмін. Төрт баламен жатақхана бөлмесін жалдап тұрамын. Тапқан табысым пәтерақыға әрең жетеді. Өлместің күнін көріп келе жатқанымызға он шақты жылдың жүзі болды. Жер кезегінде 2006 жылдан бері тұрамын. Жер алсам, бір бөлмелі сарай болса да, інілеріме өтініш айтып, салдыртып алар едім. «Өз үйің – өлең төсегің» болғанға не жетсін?! Көшіп-қону мен біреулерге жалтақтағаннан әбден шаршадым, — дейді Салтанат мұңайып.

«Үйсіздер баспаналы болып, Үкімет те ұтар еді…».

Біздің әңгімемізге араласқан оның көршісі Жанболат жер телімін инфрақұрылымдауға қатысты тың пікір айтып қалды. Оның сөзінше, жер телімін алған адамдар газды, суды және жарықты өткізу үшін қаражатты тиісті орындарға қазірдің өзінде өз қалталарынан төлеп жүрген көрінеді. Жанболаттың пікірінше, егер жергілікті билік бөлінетін жер телімін инфрақұрылымдауды сол жердің иелеріне табыстаса, халық бұған қарсы болмайды. Олар сол жерге үйлерін тұрғызып, баспаналы болғаннан кейін өздерінің тұрғылықты жеріне қалай да жағдай жасайды.

— Бұрынғыдай Үкіметке қарап ауыз ашуды қоятын уақыт әлдеқашан жетті. Инфрақұрылым жасауды жер иелеріне міндеттеу керек. Алғашқыда қорқынышты секілді көрінгенімен, жұрт уақыт өте келе бұған да үйреніп кетеді. Тоқырау басталғанда жұмыссыз қалған халық бір амалын тауып, тығырықтан шыққан жоқ па? Сол секілді бұл мәселеде де жұрт бір ретін табады. Тек ел тыныш болсын. Жергілікті билік газын, суын, жарығын, тас жолын жер беретін аумақтың шетіне дейін жеткізіп берсе болды, көше-көшелерге, үй арасына қажетті жағдайды тұрғындардың өздері-ақ қалталарынан қаражат жинап, жасап алады. Бұл бізге де, Үкіметке де тиімді болар еді, — дейді Жанболат.

Баспанаға әбден зар болған Жанболаттың бұл пікірінің қаншалықты дұрыс-бұрысын білмеймін, бірақ сол жердегі адамдардың бірқатары басқа қалаларда тұратын туыстарының жарық пен суды, газды, тіпті жолды өз қалталарынан қаражат жинап, жыл сайын ақырындап жылжытып келе жатқанын айтты. Баспанасыздардың бұл әңгімесінен бір түйгенім, жер теліміне қатты мұқтаж адамдар үлестеріне тиген жерді өздері-ақ инфрақұрылымдап алуға дайын отыр. Бірақ бұған қаншалықты қаражат керек және бос жатқан жер телімін инфрақұрылымдауға жеке тұрғындардың күші жете ме? Мәселе сонда. Билік баспанасыздардың осы ұсыныс-пікірін ескеріп, бәрін есептеп, сарапқа салып көрсе, қалай болар екен? Бүгінде құрылыс саласында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігі кеңінен қолданылуда. Егер халыққа жер телімін бөлу ісінде де осы тетік қолданылса, екі жаққа да тиімді болмай ма? Үйсіз-күйсіз жүргендер баспаналы болып, Үкімет те қаражатын үнемдер еді дегендей… Дегенмен бұл – әбден ойланатын нәрсе.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

P.S. Тегін жер телімін бөлу ісінің уақытша болса да тоқтатылғаны баспанасыз жүргендерге үлкен қиыншылық әкелсе, алыпсатарлар үшін аса пайдалы болды. Кезінде арзан қаққа сатып алған Деркөл, Подстепный, Селекционный секілді қалаға жақын жердегі жер телімдерін (8-10 сотық) олар бүгінде 2-3 миллион теңгеге дейін пұлдап, жап-жақсы пайда табуда. Тіпті құс саңғырығының иісі шығады деп жұрттың жақындағысы келмейтін Құс фабрикасы аумағындағы 5-6 сотық жер телімінің де 2 миллионға жуық ақша құрайтынын естіп, таңғалдық. Ал Зашаған, Ескі әуежай секілді инфрақұрылымы жап-жақсы дамыған жаңа ықшамаудандарда жер тіпті қымбат, 5-6 сотық жерге сатушылар 8-10 миллион, ал 10-12 сотық жерлерге 20-25 миллион теңге сұрайды екен.

 Қарапайым жұртта жер телімін сатып алатын мұндай қаражат жоқ. Барын жинап жер сатып алған күннің өзінде, ол жерде үй құрылысын қалай жүргізбек? Сондықтан заң бойынша тегін берілуі тиіс жер телімі үйсіз-күйсіз жүргендер үшін аса маңызды. Көңілді күпті қылған тегін жер беру мәселесі қашан шешілер екен?..


«Әләулайы» бітпеген әуежай

Күні: , 97 рет оқылды

IMG_18


Соңғы  бір-екі  жылдың  бедерінде Орал әуежайында қалыптасқан қиын ахуал жергілікті және республикалық БАҚ бетінен түспейтін «хит» тақырыпқа айналды. «Халықаралық» деген мәртебесі бар стратегиялық нысанның проблемасы шынын айтқанда, шаш-етектен.


Әуелі ұшып-қону жолағы жарамсыз күйге түсті. Өйтпегенде ше? Сонау 1972 жылы салынып, сан алуан ұшақтардың зіл батпан салмағына қырық жыл шыдаған жолаққа кінә артпақ түгілі, рақмет айтса жарасады. Мұны 2011 жылы сараптама жүргізген британдық «Mott Macdonald» компаниясының мамандары тайға таңба басқандай анықтады. «Жолақтың орталық бөлігі тегіс емес, ой-шұңқыры, отырып кеткен тұстары көп. Бұл ұшаққа және оның бортындағы жолаушыларға үлкен қауіп туғызады» деп британдықтар қорытынды бергеннен кейін елдегі ең ірі әуе компаниясы — «Эйр Астана» Оралға ұшуын тоқтатты. Бұдан бизнес пен жолаушы халық зардап шеге бастады.

Қарашығанақ газ кенішін игеруші шетелдік альянс жүктері мен қызметкерлерін 500 шақырым жердегі Атырау мен Ақтөбеге тасып-әкелуге мәжбүр болды. Астана мен Алматыға асыққан жергілікті жолаушылар да сол бағытқа бет бұрды. Қысқасын айтқанда, облыс экономикасына қосылатын үлес, бюджетке түсетін кіріс көршілерге кетті. Ресейдің бес облысымен шектесетін, логистикалық әлеуеті зор өңір үшін бұл ешқандай сын көтермейтін жағдай еді.

Орал әуежайының «әлжуаз» халі жергілікті басшылықтың табандылығының арқасында Үкімет деңгейінде қойылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қайта-қайта осы тақырыпқа айналып соғып, министрліктерде мәселе көтеріп, ақыры ол өз жемісін берді. Бөлінген 6 млрд. теңге қаржыға 2014 жылдың 1 қыркүйегінде ұшып-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Міне, арада жыл жарым уақыт өткеннен кейін, бұрынғы ұзындығы 2,4 шақырым, ені 48 метр жолақ енді тағы 400 метрге ұзарып, ені 60 метрге дейін кеңейді. Жарық жүйелері, радионавигациялық қондырғылар орнатылып, іске қосылды. Қазір ұшып-қону жолағы осы заманғы ұшақтардың («Боинг-737», «Боинг-757», «Эйрбас-А300», «Эйрбас-А320» және т.б.) кез келген түрін қиналмай қабылдауға қабілетті.

Біздіңше, бұл жердегі ең басты жеңіс, ең басты артықшылық – ұшып-қону жолағының жеке меншіктен алынып, мемлекеттің меншігіне өтуі дер едік. Өйткені жасыратыны жоқ, кезінде әуежайды жекешелендіріп алған меншік иелері қаржы тапшылығын алға тартып, жөндеу жұмыстарына кірісуге құлықты болмады. Жыл сайын «бұл – болашақтың еншісі», «мүмкіндік болса, жөндейміз» деп дәмелендіріп, ұзын-арқан кең тұсауға салудан әріге аспады. Нәтижесі бәрімізге белгілі…

Жолаушылар терминалы заманға сай жөнделе ме?..

Осы сұрақ Оралдың әуежайын өмірінде тым болмаса бір рет көрген кез келген адамның көкейінде тұрғаны анық. Өйткені 1979 жылы салынған ғимарат әбден азып кеткен. Іші жазда ыстық, қыста суық. Сәулеті туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Төбесіне қаңылтыр қаптырма жапсырып, қабырғаларын күңгірт қызыл мрамормен қаптап қойған ғимарат баяғы кеңестік кезеңнің қаңсығындай әсер қалдырады.

Көршілеріміз Ақтөбе мен Атыраудың, қала берді, Ақтаудың әуежайлары ине-жіптен жаңа шыққан жейдедей жұтынып тұр. Ал біздің әуежайдың жолаушылар терминалы жұртта қалған жетім қыздай тым жұпыны. Тіпті алыс-жақыннан келетін немесе бір жаққа баратын жолаушылар мен қонақтардан да ұят болып жүргені жасырын емес.

Әрине, жолаушылар терминалын заман талабына сай қайта жаңғырту, қажет болса, жаңадан салу мәселесі көтерілмеді емес, бірнеше рет көтерілді. Жергілікті билік құрылымдарының осынау орынды талабы, өкінішке орай, әуежай қожайындарының тарапынан тыңдалмай жатқан сияқты. Айтылатын сылтау баяғы – ақша жоқ. Дегенмен, бизнесті өркендетудің төте жолы – инфрақұрылымды жақсарту екендігін ескеретін, түсінетін уақыт жеткен жоқ па?! Меншік иесінің сараңдығының кесірінен халық қашанғы зардап шеге бермек?! Батыс Қазақстанның бас әуе гавані атына заты сай қашан жөнделеді, жаңғыртылады?!

Міне, осы сұрақтарды біз әуелі облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жолдадық. Басқарманың берген жауабы – Орал халықаралық әуежайының ғимаратын заман талабына сай қайта жаңғырту, жөндеу, жүк, жолаушы терминалдарын қайта жаңғырту мәселелері бойынша әуежайдың меншік иесі «Беркут Аэропорт» ЖШС-мен келіссөздер жүргізілуде дегенмен шектелді. Келіссөздер қашан бітеді, қашан нақты жұмыс басталады деген сауалдардың басы ашық қалды.

Әуежайдың бас директоры Хайреден Расқалиевтың айтуынша, Орал әуежайының жолаушылар терминалы ғимаратын қайта құрудың жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) дайындалуда көрінеді. «Жоба аяқталған бойда техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлейміз. Жұмысты бастау мерзімі қаржыға байланысты» — деп екіұшты жауап қайтарды Х. Расқалиев мырза. Яғни түсінгеніміз – жолаушылар терминалы әлі біраз уақыт сол күйінде, жөндеусіз, жаңғыртусыз тұрмақшы. Қысқасы, тағы да төзе тұруға тура келеді. Бірақ қашанға дейін екені беймәлім…

 Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал өңірі»


Таразда топ жарды

Күні: , 91 рет оқылды

Катя Ларионова_2016


Тараз қаласында әйелдер күресінен ел біріншілігі мәреге жетіп, онда батысқазақстандық Екатерина Ларионова топ жарды.


БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, осы додаға Батыс Қазақстаннан үш спортшы қатысқан болатын. Соның ішінде Е. Ларионова 63 келіге дейінгі салмақта ел чемпионы атанды. Әйелдер күресінен ересектер арасындағы БҚО құрамасын аға бапкер Мұсабек Нарегеев бастаған мамандар жаттықтырады.

Айта кетейік, әйелдер күресінен 2014 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Е. Ларионова – Рио-де-Жанейро олимпиадасы жолдамасынан үміткерлердің бірі.

Елжан ЕРАЛЫ


Хайуанаттарға қамқорлық

Күні: , 82 рет оқылды

IMG_8377


Қардың қалың болуына байланысты Ақжайық ауданындағы Чапаев пен Тайпақ орман және хайуанаттарды қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелерінде қысқы қам-қарекет күшейе түсті.


Атап айтар болсақ, Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің Қарауылтөбе орман бөлімшесінде орман-тоғайдағы аңдарға күзде дайындалған азықтан басқа қосымша 600 дана бұта қоры қамдалды. Бұлар қазіргі уақытта тоғайда ілулі тұр. Тұз, жемшөп салынған астауларды орманшылар жіті қадағалауда. Оларға ауыл жастары, мектеп оқушылары көмек көрсетіп тұрады.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ,

Ақжайық ауданы


Ауылдағылардың да айтары бар

Күні: , 71 рет оқылды

IMG_6455


Жаңақала ауданының әкімі Л. Хайретдинов биылғы 14 қаңтардан басталатын тұрғындармен есепті кездесулерінің алдында осы кездесуге баруға адамдарының мүмкіндігі бола бермейтін шағын елді мекендерді аралады. Олардың мұң-мұқтажын өз ауыздарынан естіп, орынды ұсыныс-тілектерін ауданның іс-шаралар жоспарына енгізіп, қанағаттандыруды мақсат етіп қойды.


Осы мақсатта Ақбалшық ауылындағы Бірлік ауылдық округ әкімінің есепті кездесуіне  арнайы  барып  қатысты.

Бірлік те – малды округ. Әрі округте жауапкершілігі шектеулі серіктестік көп адамды жұмыспен қамтып отыр. Соның нәтижесінде округ бойынша 1620 тұрғынның 42-і ғана жұмыссыздар есебінде. Мұндағы әр отбасына шаққанда есептегі мал 15,3 сиыр, 111,1 бас қой мен ешкі, 8 жылқыдан келеді. Бұл – тәп-тәуір көрсеткіш. Десе де, ел болғасын мұң-мұқтажсыз болмасы анық-ты. Мұнда да солай болды.

– Сіздің елмен жиі жүздесетініңіз бізді қуантады. Әрине, аудандағы атқарылған істерді көріп, газеттен оқып, марқайып жүреміз. Округімізде де жасалған жұмыстар аз емес. Елдің жағдайы қазір жақсы ғой. Әсіресе, табиғи газға қосылған біздің жағдайымыз көп жерден жақсы. Дегенмен өмір болғасын мұқтажымыз да жоқ емес. Кезінде серіктестікте болдық та, жекешелендіру, шаруа қожалықтарын құру дегенге жете мән бермеп едік. Енді түсініп, бұрын құрмағанымыздың зардабын да көріп жатырмыз. Осы ауылда бір қожалық жоқ. Қожалық болмағасын,  техника да жоқ. Қазір қиналғанда «Жігер» шаруа қожалығынан көмек сұраймыз. Басшысы Ербол Қайыржанов – дұрыс  азамат. Үнемі көмектесіп келеді. Енді өзіміз қожалық құрғымыз келеді. Бізге жер мәселесін шешіп берсеңіз екен, – дейді ауыл ағасы А. Шуйкин. Сондай-ақ ол электр қуатының жиі үзіліспен берілетінін де аудан басшысының  назарына  берді.

– Ауылда жағдайлары болмай, аз малына қысқа жетерлік шөп ала алмаған да үйлер бар. Ол да қаперлеріңізде болса екен, – дейді ауылдастарының қамын ойлаған азамат.

Ақбалшық тұрғындары кірме жолдың соңғы жылдары тегістеп қырылмай жүргенін, лайсаңда ауыр техника бүлдіріп, қатып қалған жолмен жеңіл көлік жүре алмай, қатыс қиындайтынын шағым етті.

– Бізге округ орталығы мен аудан орталығының қашықтығы бірдей. Округ орталығы бұрыстау, қатыс та қиындау. Ауырып-сырқасақ, округтегі дәрігерге көрініп, талдама тапсырып, ауданға жолдама алу керек болады. Мұның біздер үшін машақаты көп. Аудан орталығына бару көп жеңіл. Сондықтан бірден аудандық ауруханаға барып қаралуға мүмкіндік берсеңіздер екен, – дейді олар.

Ауыл көшесіне көл суын тартуды сұрағандар да болды. Әрине, сұрады деп айыптауға болмайды. Аудан басшысы арнайы келіп, жылы жүздесу өткізіп, мұң-мұқтаждарын айтуға мүмкіндік бергесін жағдайларын көзбе-көз айтып, шешімін естігісі келгені даусыз. Бір құптарлығы – жеке мәселесін көтергендер жоқтың қасы, бәрі де  ауылға ортақ жайды сөз етті.

Аудан басшысы сұрақтарға нақты жауап берді. Кей мәселелерді ауданның іс-шаралар жоспарына енгізіп, ретімен шешуге жұмыстанатынын жеткізді. Тағы бір қуанарлығы – Ақбалшық ауылындағы бала саны көбейіп келеді екен. Мұндағы бастауыш мектепте 10 бала оқыса, дайындық тобында 15 бүлдіршін тілдерін сындыруда. Демек, ауыл болашағы бар. Балалы ауылдың базарлы күндері  де  алда  емес  пе?..

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика