Мұрағат: 19.01.2016


Комбинаттағы жұмыс ырғақты «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ жаңа сауда белгісімен нарыққа сәтті енді

Күні: , 122 рет оқылды

DMS_0752


Шетелдік инвестордың Қазақстанға келуінің нақты көрінісін «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ-ның тірлігінен көруге болады. Өткен жылғы қыркүйек айында Ресейдің «Мартин» компаниялар тобының (Краснодар өңіріндегі ірі компания) құрамына енген оралдық кәсіпорын әлемді шарпыған дағдарыстың салқынын сезінер емес. Кәсіпорынға жаңа құрылтайшылардың келуіне орай тұрақты жұмыс қарқыны сақталып қана қоймай, жаңа «Мартин» сауда белгісімен нарыққа енудің  де сәті түсті.


Байырғы өндіріс орнының өнімдері өзінің сапасымен, тұрақтылығымен отандық, әрісі шетелдік тұтынушыларға жақсы таныс. Алайда өткен Қой жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мол өніммен қуанта қоймады. Компания басшысы Андрей Борсаның айтуынша, комбинат жергілікті шикізат тапшылығын сезініп,  өндіріске өңдеуге қажетті бидай дәнін Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарынан тасымалдауда. Сондай қым-қуат тірліктің арқасында қоймадағы бидай қоры жоспарлы түрде толығуда. Мұның өзі өндіріс орнындағы өнім өндіру үрдістерінде іркілістерді болдырмайды.

– Желаев комбинатында  «Мартин» сауда белгісімен макаронның 20 шақты түрі, ұзын макаронның 6-7 түрі шығарылады. Ай сайын  бір мың тонна макарон түрлерін, 5-6 мың тонна астық өндіреміз. Өндіріс ошағындағы өндірістік желілер Италияда жасалғандықтан, валюта бағамындағы өзгерістер қосалқы бөлшектердің және өндірістің бұл түріне қызмет көрсету бағаларының қымбаттауына соқтырып отыр. Компания құрамындағы  бидай тарту кәсіпорнының да жұмысы ырғақты. Қазіргі экономикалық дағдарыстың «ызғары» тек шикізат бағасының қымбаттауымен  білінеді. Бүгінде шикізаттың бағасы тоннасына 50 мың теңгеге дейін қымбаттады. Осының барлығы өндірілетін өнім бағасының өсуіне әкеліп соқтырды, – деді Андрей Борса. Оның айтуынша, өткен жылғы қыркүйек айынан осы уақытқа дейінгі аралықта астық келісіне 15 теңгеге қымбаттаған. Алдағы уақытта еліміздің нарығындағы шикізат бағасы өсетін болса,  соған орай кәсіпорында өндірілетін өнім түрлерінің де бағасының өсуі мүмкін. Бәрі нарықтағы жағдайға байланысты  болмақ.

Оралдық компания өз өнімдерін Ресейге, соның ішінде іргелес Самара, Саратов және Мәскеу, Краснодар өңірлеріне өткізеді. Биылдың өзінде Армения, Грузияға  өнімдерінің алғашқы партиясын жеткізген. Негізінен өндірілген өнімнің 20 пайызы сыртқы нарықтарға бағытталған. «Ресейдің нарығы тығыз, ойып орын алу оңайға түспейді. Соған қарамастан өнімдеріміздің сапасын көтеру арқылы көршінің нарығынан орнымызды алуға қам-қарекет жасаудамыз», — деді «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ-ның директоры Андрей Борса. Оның айтуынша, қазіргі жағдайға қарамастан, жұмысы тұрақты, өнімі өтімді кәсіпорында жұмысшылардың  жалақысын азайту көзделіп отырған жоқ. Жұмысшылардың орташа айлық  жалақысы 50-60 мың теңге шамасында.  Мұнда 480 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Компания басшысының айтуынша, Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болып кіруінен еш ұтылмасымыз анық. Мысалға, аталмыш компанияға шетелден сатып әкелінетін қосалқы бөлшектерге салынатын баж салығының көлемі азаймақ.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ұйымдастырған  пресс-тур барысында кәсіпорынның №1 және №2 макарон цехтарында болып, тыныс-тірлігімен таныстық.  №1 макарон цехының технологы Жанат Тапақованың айтуынша, бұл цехта сағатына  екі тонна өнім өндіріледі. Макаронның 20-дан  астам түрлерін шығаратын өндірістік италияндық желілер толықтай автоматтандырылған. Бұл фабрикада төрт аусыммен 45 адам жұмыс істейді. Ал  2012 жылы үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде іске қосылған №2 цехта  етке салынатын жайма және ұзын макаронның (спагетти) 10 шақты түрі өндіріледі. Ондағы екі желі де  италияндық. Бас технолог Балғын Әділбекованың айтуынша, цехта төрт ауысымда 85 адам ырыздығын тауып жүр. Макароншылар тәулігіне 7-8 тонна өнім  шығарады. Өнімнің тұтынушылары тек батыс өңірінде ғана емес, еліміздің барлық облыстарында бар. Жұмысшыларға ас ішетін, демалыс орындары жасақталған. Одан басқа комбинаттың ауласында асхана да жұмыс істейді. Желаев ауылына іргелес ауылдардан қатынайтын жұмысшыларды арнайы көлікпен тасымалдау жолға қойылған.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген  Медет ДОСЫМОВ


«Алтын сапалы» кәсіпорын

Күні: , 78 рет оқылды

IMG_1826


Темірғали Ескендіров Жаңа жыл қарсаңында Елбасының өз қолынан «Алтын сапа» сыйлығын алды. Оның «Агропродукт ЛТД» компаниясы «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бойынша лауреат деп танылды. Алайда ол қарапайымдылығынан ба, әлде Жаратқанның берген сабырлылығынан ба, кім білген, бәзбіреулердей бөркін аспанға атып, кеуде кермеді.  Қайта-қайта телефон шалып, газетке жазайық дегенімізде, ат-тонын ала қашты. Ондағы айтатын уәжі: «Ел қатарлы еңбектеніп жүрміз. Президенттік сыйлықты алғанымыз – ұжымдағылардың төккен терінің еш болмағаны, компанияның 10 жылдық жұмысының жемісі». Әрине, солай, маңдай терді тамшылатпай, жан қинап еңбектенбей, мың мехнат көрмей, бірден табысқа қол жеткізу мүмкін емес.


Тоқырау жылдары деп айдар тағылған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Қаратайдың Темірғалиы Оралдағы ауыл шаруашылығы институтының механика факультетін бітірді. Ленинград қаласында аспирантурада 3 жылдай оқыды. Одан кейін жоғары оқу орнында оқытушылық қызмет атқарды. Нарықтық қатынастар басталған қиын кезде, кәсіпкерлікке ден қойды. Ерінбеді, ауыл-ауылды аралап, етке мал алды, тері-терсек жинады. Қолына түскен мал өнімдерін көршілес елдерге шағындап «экспорттады». Апталап, айлап үй көрмей, ел кезіп кететін еріне зайыбы Ирина Жұмагелдіқызы сүйеніш болды, басыбайлы баспанам жоқ, бір көйлек кем кидім деп қыстамады. Қос ұлын жетектеп, Оралдың жалдамалы пәтерлерінде көшіп жүргендері оның әлі есінде. Жыртық киінген жоқ, бірақ қымбат киім киіп, зәулім үй салуға асықпады. Бар жиғанын айналымға, кәсіпкерлікке салды. Сөйтіп, жылдар жылыстап, бұрынғы ет комбинатындағы шұжық цехын жалға алды, артынша жекешелендірді. 2003-2013 жылдары сонда ескі жабдықтармен шұжық шығарды. Кәсіпкерліктің әліппесін өмірдің өзінен үйренген Темірғалидың сұңғыла санасы ескі жабдықпен алысқа ұзай алмайтынын түйсінді. Екінші деңгейдегі банктердің бірінен қомақты қаржы несиеге алып,  жаңа  шұжық  фабрикасын  салды.

–  «Мясо дел» сауда белгісімен шығарылатын шұжықтарымызды ел-жұрт таныды. Халықаралық тамақ көрмелеріне қатысып, ылғи да 1-орынды алып жүрміз. Өткен жыл табысты жыл болды. «Халық маркасы» деген байқауда еліміздің 137 кәсіпорны арасынан 5 компания «Халық таңдауы» аталымына ие болды. Соның бірі – біздің компания. Байқаудың бір ерекшелігі компаниялардың өнімдеріне қазақстандықтар «SMS» түрінде дауыс беріп, таңдады. Өнімдеріміздің сапасын ел танып, «Алтын сапа» сыйлығын алсақ, әрі отандастарымыз жоғары бағалап жатса, одан артық өндірісшіге қандай құрмет керек?! – деді «Агропродукт ЛТД» ЖШС-ның директоры  Темірғали  Ескендіров.

DSC_8064

Шұжық фабрикасы бастамада шұжықтың 10-15 түрін шығарса, бүгінде оның ұзын саны 130-ға жетті. Компанияның шұжық өнімдері Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарына,  Астана, Алматы, Шымкент қалаларына шығарылады. Оралдық шұжықтың дәмін қостанайлықтар мен қызылордалықтар енді татып көруде. Бұдан екі жыл бұрын компания өз өнімдерін Ресейдің Орынбор, Самара облыстарына экспорттауды бастады, бірақ рубль бағамы құлдырап кеткен соң, ол жаққа шығу әзірге тиімсіз болып қалды.

– Көршінің нарығында бәсеке күшті. Өйткені ондағылар шұжықтың жаңа технологиялы өндірісін бұрын бастады. Біздің кәсіпорынға қарағанда 10 есе қуатты өндіріс орындары бар. Олардың барлығы дерлік ритейлдер арқылы сауда орындарымен байланысады. Ресейде өз өндірісшілерін қолдау патриотизмі мықты. Елімізде мәселенің бұл жағына енді көңіл бөлінуде. Елбасымыздың халыққа арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында қабілетті тауарлар өндіретін экономика жасау, ол үшін индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығы, агроөнеркәсіп кешенін заманға сай дамытуды жолға қою жайы жақсы айтылған. Маңызды құжатта алдағы уақытта ет, сүт, жүн, тері сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайтын, шикізат дайындаушы елден табиғи таза әрі сапалы өнім өндіретін мемлекеттер санатына ену міндеті қойылып отыр. Сондықтан шағын өндіріс санатындағы біздің кәсіпорын алдымен ішкі нарықта көбірек жұмыс істеп, соңынан өнім экспорттайтын компанияға айналуымыз қажет, – деп сөзін салмақтады кәсіпкер. Оның айтуынша, Қазақстанның ДСҰ-ға кіргенінен отандық ет өңдеушілер зиян шеге қоймайды. Өйткені компания мамандары жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша ел нарығына алыс шетелдерден дайын ет өнімдері көп әкеліне бермейді.

– Неге десеңіз, шетелдерден ет тасуға жол алыс, өнімнің өзіндік құны біздегімен шамалас. Польшаны, Данияны, Германияны аралап шықтық. Біздің фабрикамыз еуропалық стандартпен салынғандықтан, сол шетелдердегі зауыттардан айырып алғысыз. Өнімді сақтау, өндіріс орнының тазалығы, еңбек ету жағдайлары бірдей. Ет жөнінен бәсіміз биік, біздегі ет табиғи, экологиялық жағынан таза. Тек шетелдерде ет өңдеушілер етті бөлшектеп өткізеді. Ет бөліктерінің бағасы да әр келкі. Әр бөлігінің өзінің тұтынушысы бар. Мысалға, қытайлықтар сіңірі мол етті,  израильдықтар малдың алдыңғы бөлігін (артқы аяғын алмайды), еуропалықтар стейк рибайды, еттің тығыз,  бағасы да қымбат бөлігін жейді. Одан қалған еттің бөлігі өңдеуге барады. Дүние жүзінде мал тұқымдары әр келкі. Еуропалық мейрамханаларда ангус тұқымды малдың еті дайындалады. Бізде қазақтың ақ бас сиырының еті сапалы саналады. Сондықтан алыстан ешкім ет әкеле қоймас. Басты бәсекелестеріміз – ресейліктер. Компания шикізат үшін өңір тұрғындарынан ірі қара мал сатып алады. Келешекте мал өсіруді де жоспарлауымыз керек, — деп  тоқтады  Темақаң.

Бір кездері 30 адаммен жұмысын бастаған компанияда қазіргі уақытта 195 адам ырыздығын тауып  жүр. Өткен жылы компания бюджетке 122 млн. теңге салық төлемдерін төледі. Кәсіпкер Зеленов ауданындағы Щапов ауылы маңынан құс фабрикасын ашуға қам жасауда. Жобасы дайын, аймақтық үйлестіру кеңесінің қарауынан өтіп мақұлданған. Бұл жоба мемлекеттің көмек-қолдауымен, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша іске аспақ. Бройлерлік етті бағыттағы тауық өсіретін фермада 200 адамға жұмыс орны ашылады. Сол маңайдағы ауыл тұрғындарына жұмыс ұсынатынын ойлап қоятын Темірғали Қаратайұлы екінші деңгейдегі банктен несие алып, елге пайдасын тигізуге асығулы.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Ысырапшылыққа қарсы үндеу жарияламақ

Күні: , 147 рет оқылды

1 дин зинатбану


Облыстық мәслихаттың  мәжіліс залында облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен және облыстық мәслихат депутаттары Бауыржан Тұманов және Зинатбану Мусинаның қолдауымен алқалы жиын өтті. Бүгінгі қоғамның келеңсіз көріністері — ысырапқорлық пен шашпалықты талқылауға арналған басқосуға дін өкілдері, облыстық мешіт жанындағы ақсақалдар алқасы, «Әжелер сәлемі» ансамблінің мүшелері қатысты.


Жиынды облыстық мәслихаттың депутаты, БҚО іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы Зинатбану Мусина ашты. Әр теңгенің құнын жақсы білетін кәсіпкердің қаржылық дағдарысқа қарамастан, арамызда ысырапқорлық ахуалының үдеп бара жатқанына қынжылыс білдірді. – Мемлекет іс ашуға несие берсе, оны той мен садақаға жұмсайтындарға не деуге болады?! Түсіне білгенге, ол — ысырап. Бұл аз десеңіз, тойдағы, онан да сорақысы — жаназадағы ысырап пен шексіз шашылуды көрсең, еріксіз жағаңды ұстайсың. Сондықтан біз, халық қалаулылары, сіздер — ардақты ақсақалдар, діни қызметкерлер және басқамыз бірігіп, нақты шаралар белгіленген құжат пен халыққа үндеу қабылдауымыз қажет, — деді. Әрі қарай облыстық дін істері басқармасының басшысы Т. Нығмет күн тәртібіндегі мәселені бір топ қария көтергендігін, соның өзінен және басқа да мүдделі тараптардан қолдау тапқанын айта келіп, аталмыш ахуалға орай еркін пікір алысуға шақырды.

– Мәселе өте орынды. Шектен тыс ысырапқорлықты күн сайын көріп жүрміз. Өзге ұлт өкілдерінен оны байқай бермейміз. Мәселен, орамалға ақша түю мен ұзақ сөйлеудің жаназаға қандай қатысы бар? Айта берсе, сүйкімсіз жағдаят аз емес. Басқасын айтпағанда, жұрттан асырып жаназа өткізу – күнәға батырады. Біріншіден, ақшаны есепсіз шашу, асты ысырап қылу — қасиетті «Құран-Кәрімде» қатаң айыпталатын қылық. Екіншіден, банктен қаржы алып, жаназаға жұмсау дұрыс емес. Өйткені банктен берілетін өсім ақша — харам. Демек, бәріміз бірігіп, бұл кеселден тыйылу жолында әрекет жасауымыз қажет, — деді ақсақалдар алқасының төрағасы Нәдір Әбдуқаев.

ҚМДБ-ның өңірдегі өкіл имамы Руслан Сұлтановтың пайым-дауы мынадай:

— Қазақты құртып жүрген — жалған намыс пен бәсеке. Өлімдегісі бәрінен сорақы. Қазақтың сонау 30 жыл бұрынғы жаназасында дастарқанда тек бауырсақ пен қант, ас пен сорпа ғана тұратын.

Қазіргіні ауызға алғым келмейді. Демек, жаназа дастарқанын тек санаулы тағам түрімен ғана шектеу керек. Одан артығы – ысырап.

Осыған байланысты жаназа жөнінде, онда ысырапқа жол бермеу хақында дін қызметкерлерімен семинар өткізбек ойымыз бар. Басқасымен қатар, онда садақадан қалған асты жерге төкпей, жоқ-жітік, жалғызбасты жандарға тарату да айтылады. Зиратты зәулім етіп салу да, оған өлінің суретін орнату да, мәйітте қоқыс қалдыру да — бәрі-бәрі шынайы мұсылмандыққа жат.

– Жиналғандар тарапынан Руслан Тыныштықұлына марқұмның «жүзін» өткізу қажеттілігі немесе қажет еместігі жайында сұрақ қойылғанда, ол өмірден өткен адамның үші мен жетісін, қырқын, жылын өткізудің ата салтына тән екендігін айта келіп, кез келген адамға жүзі мен үш жылдығы, бес жылдығын ұйымдастырудың міндетті емес екендігін атап көрсетті. Ол — әркімнің қалауына байланысты әрекет. Сондай-ақ  облыстың бас имамы жаназаны жиналысқа айналдыру мен оған асабаны жетектеудің, басқасынан бұрын садақаға жиналғандардың уақытын рәсуа етудің исламға қайшы екендігін атап өтті.

Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Амангелді Әбдірахманов:

— Бізде әлі де бос сөз көп. Сондықтан нақты іске көшуді мақұлдаймын және қолдаймын. Дұрысында, дастарқанға қойылар ас мәзірін жеті тағамнан асырмау керек. Сонда жерлестеріміз біртіндеп, ұқыптылық пен үнемге үйренеді.

— Меніңше, қала мен барлық жердегі мейрамхана басшыларын жинап, той мен жаназаны өткізу жайында түсіндіру жұмысын жүргізген тиімді. Өзім Жәнібек ауданында имам болғанда, ысырап мен шашпашылыққа қарсы үгіт жұмысын үнемі жүргіздім. Әрине, алғашқыда ниетім іске аса қоймаса да, ауру қалса да, әдет қалмайды ғой, кейін мүміндер түсініп, қолдау көрсете бастады, — деді Орал қаласындағы Мұхамед-Ғариф Тулбаев атындағы мешіттің бас имамы Қажымұқан Ғиылманов. Ал ақсақалдар алқасының төрағасының орынбасары Ғұмар Тұрақов қарияның жанайқайы мейлінше ащы шықты:

— Ысырапқорлық — бүгінгі қазақ ұлтының қасіреті. Себебі өзге ұлтта бұл кесапат жоққа жуық, тіпті бола қалса да некен-саяқ. Бізде ысырапқорлық дінсіздік және әдепсіздік көріністерімен қоян-қолтық жүр. Мысалы, үйлену тойларын алсақ. Жас жұбайлардың ата-аналарына жұрт көзінше торт жегізу сияқты бізге Батыстан келген сайқымазақтық дендеп барады. Келінін қайын атасына құшақтастыру сынды көргенсіздікке айтарым жоқ. Тағы бір көңілімді қалдыратыны, бұрын басшы болған кейбір азаматтар садақа кезінде дінге қайшы, ұқыптылықты бекерге шығаратын әңгімелер айтып жатады. Ата сақалы аузына түскендер солай етсе, жастардан не үміт, не қайыр?!.

Жиынға қатысушылар мәйіт теліміне бөлінген 60 мың теңгенің тым қымбат екендігін айыптап, қаладағы еңселі үйлерге ескерткіш тақта орнатудың да діни талапқа сай келмейтіндігін айтты. Басқосуда облыстық мәслихаттың депутаты Б. Тұманов, еңбек ардагері С. Алдабергенов сынды азаматтар сөйлеп, пікірін ортаға ұсынды.

Жиналыста аталмыш мәселеге орай құжаттар дайындау, елге үндеу жариялау жөнінде ұйғарым қабылданды.

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

“Орал өңірі”


Аймақаралық кооперация ет экспортын жолға қоймақ

Күні: , 88 рет оқылды

IMG_2435


Өткен аптаның соңында Ақтөбе облысының Алға қаласында етті ірі қара шаруашылығында аймақ-аралық кооперация құру мен дамыту бағытында жиын өтті. Оған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарының әкімдері, шетелдік инвесторлар және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қатысты.


Шара «АкТеп» ЖСШ-ның бордақылау алаңы мен ет өңдеу комбинатының жұмыстарымен танысудан басталды. Себебі жылына 7200 тонна ет өңдейтін қуаты бар бұл шаруашылық болашақта аймақаралық кооперацияның орталығы болмақшы. Мұндағы соңғы үлгідегі технология өнімді терең және қалдықсыз өңдеуге мүмкіндік беріп отыр. «АкТеп» компаниясы 2015 жылы тұрақты түрде ай сайын 200 тонна ірі қара етін экспорттады. Ал биыл экспорт көлемін жылына 12 мың тоннаға дейін жеткізу (жалпы республикалық көрсеткіш 30 мың тонна)  жоспарда бар.

Алға ауданында өткен жиынды Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, бұл шараның мақсаты «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60-шы және 61-ші қадамына сәйкес ет экспортын дамыту екенін баса айтты.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Ұлт жоспары аясында Үкіметпен ет өндіру мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту бағытында қолға алынған жұмыстарға тоқталды. Сондай инвесторлардың бірі – «Inalca Eurasian» агроөнеркәсіп кешеніндегі трансұлттық корпорациясы. Ол итальяндық «Cremonini» тобының құрамына кіреді. «Inalca Eurasian» – Еуропадағы, Африкадағы және ТМД елдеріндегі ет пен ет өнімдерін өндіру саласындағы ірі компания. Міне, осы корпорация республикамызға 100 миллионнан астам доллар инвестиция құю туралы шешім қабылдаған. Бұл қаржы еліміздің үш облысына, жалпы қуаты бір мезгілде 44 мың басты  бордақылауға мүмкіндігі бар алаңдар салуға бағытталмақшы. Жалпы алғанда, «Inalca Eurasian» еттің қазақстандық брэндін қалыптастыруға және етті Еуропа елдері мен Ресейге экспорттауды қамтамасыз етуге мүдделі.

Өз кезегінде сөз алған облыс әкімдері өңірлердегі мал шаруашылығының жағдайын, түрлі салалық бағдарламалардың жүзеге асуы турасында баяндады. Өңір басшылары құрылатын кооперация етті ірі қара шаруашылығын дамытып қана қоймай, ет экспорты көлемін арттыруға да мүмкіндік беретініне сенімді екендерін атап өтті.

– Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған барлық мемлекеттік бағдарламалар табысты жүзеге асуда, – деді кеңесте БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев. – Бұл бағытта ең басты көрсеткіш болып төрт түлік мал санының артқанын айтқан жөн. Батыс Қазақстан облысы қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырының отаны екенін жұртшылық жақсы біледі. Елбасымыздың аймақтарды басым бағыттары бойынша дамыту туралы алға қойған тапсырмаларын орындай отырып, батысқазақстандықтар ауыл шаруашылығын дамытуға,  соның ішінде мал шаруашылығын қарышты өркендетуге ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінгі таңда облыста 12500 басқа арналған мал бордақылау орны жұмыс істеп тұр.

Ағымдағы жылы тағы да 3200 басқа арналған бес бордақылау алаңы іске қосылмақ. Облысымыздың климаттық жағдайы мен табиғи ландшафты бізге егінмен қатар, мал шаруашылығын да дамытуға қолайлы. Ауыл шаруашылығында «Агробизнес – 2020» және тағы басқа да мемлекеттік бағдарламаларды табысты жүзеге асырудың  арқасында біз одан әрі қарай да алдымызда тұрған міндеттерді орындауға бағыт ұстанып отырмыз.

Одан әрі сөз сөйлеген «Inalca Eurasia» ТҰК-ның вице-президенті Андрей Вакулин Кеңес одағының құрамында болған бұрынғы елдердің арасында  тек Қазақстанда ғана мал басы көбейе түскенін атап өтті. Ол өз сөзінде Қазақстан компанияның белді мүшесі болатындығына сенім білдіріп, екпін бере сөйледі. Сондай-ақ еліміздің жағырапиялық жағдайы қолға алынған жобаның табысты болуына өзінің оң әсерін тигізетіндігіне  бек  сенімді  екенін  жеткізді.

Кеңестің қорытындысында етті мал шаруашылығын аймақаралық кооперация аясында дамытудың өзара іс-қимыл жоспары бекітілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы мен үш облыстың әкімдері және  «Inalca Eurasia» компаниясы қол қойған ол құжат аталмыш үш аймақтың алдағы бес жылға аналық малды тұқымдық жағынан қайта  қалыптастыру, тұқымдық мал сатып алу және ет өндірудің экспорттық әлеуетін арттыруына бағытталған міндеттері мен индикативтік көрсеткіштерін белгілеп берді.

«АкТеп» ЖШС-ның құрылтайшысы Нұрлан Сағынәлиннің айтуынша, итальян компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрылмақшы. Сондай-ақ Алғадағы жұмыс істеп тұрған ет комбинатының қуатын жылына 20 мың тонна ет және ет өнімдерін өңдеуге жеткізу үшін жаңғырту жұмыстары жүрмек. Аймақтар келісімге орай, малды Алғадағы ет комбинатына жеткізіп отырады, одан әрі ол шетелдерге экспортқа жол тартпақшы.

Өз  тілшіміз


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика