Мұрағат: 16.01.2016


Музейлерге мамандарды қайдан табамыз?

Күні: , 107 рет оқылды

1-6 рапрапра


Ата-бабаларымыздың елі мен жерін аман сақтау жолында бастарын бәйгеге тігіп, шетсіз де шексіз ұлы даланы қалай қорғағанын жеткіншек буынның ақыл-санасы мен жүрегіне жеткізудің жолдары, амалдары әр алуан. Соның бірі – мектеп музейлері.


Облыс мектептерінде бұл орайда бірсыпыра маңызды істер қолға алынып жүзеге асырылу үстінде. 2008 жылы «Әр мектепте музей» акциясы алғаш рет жарияланған болатын. Содан бері алтын ұя – білім  ошақтарында 121 музей ашылып, еліміздің ертеңгі қожасы болып табылатын, жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беру ісіне өз үлестерін қосуда.

Ол музейлердің жұмысына бағыт-бағдар беріп отыру мектеп басшылығының, педагогтар  ұжымының  мойнында.

Алайда осы арада бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Олай дейтініміз, жалпы музей жұмысының қыр-сыры мен өзіне тән ерекшеліктерін педагог кадрлар жете біле білмейді. Өйткені музей жұмысының сипаты оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудан әлдеқайда бөлек, өзгеше. Музей қызметінің егжей-тегжейі арнайы оқып білім алған немесе ұзақ жылдық нақты практикада тәжірибе жинақтаған осы саланың мамандарына ғана таныс.

Сонымен мектептерде музей бар, бірақ оның жұмысын жүргізетін маман жоқ. Сонда не істеу керек? Мектеп музейлеріне мамандарды қайдан табамыз? Жалпы, елімізде музей қызметкерлерін даярлайтын арнаулы оқу орындары жоқтың қасы. Мектеп музейлері түгілі, республикалық, облыстық үлкен музейлердің өзі талайдан бері маман кадрларға мұқтаж. Ендеше, мектептегі музейлерге бүгін-ертең арнайы оқыған мамандар келе қалмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Сондықтан мектеп музейлерінің жұмысын ұйымдастырушыларды педагог кадрлар арасынан таңдап шығаруға тура келеді. Музей жұмысы жүктелген педагогтар облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының өлкетану бөлімінде оқып үйренуіне,  машықтанудан өтуіне болады.

Биылғы жылы облыстағы барлық мектеп музейлерінің жұмысы аяқтай жүріп аралап, зерттеуден, зерделеуден өткізілді.

Оларда оқушылардың көмегімен ауыл тарихы, мектеп және ұстаздар туралы жәдігерлер көптеп жиналған. Музейлердің қорында алғашқы қауымдық құрылыс, тас дәуіріне жататын еңбек құралдары және миллион жыл бұрын өмір сүрген жануарлардың, теңіз хайуанаттарының тасқа айналған түрлері сақталған. Алтын орда теңгелері, Ұлы Отан соғысында жауынгерлерге берілген «Бас қолбасшының алғысы» тәрізді құнды жәдігерлер мен елдегі тыл ардагерлері туралы материалдар көптеп кездеседі.

Облыс көлемінде мектеп музейлерін ұйымдастыруда Ақжайық ауданы білім беру  мекемелерінің қызметін жақсы қырынан атауға болады. Ауданда 21 мектепте музейге орын бөлініп, жетекшілері етіп тарих, әдебиет пәндерінің мамандары тағайындалып, туризм үйірмелері есебінен ақы төлеу ұйымдастырылған. Мектеп директорлары мен аудандық оқу бөлімі, туризм орталығы басшылары тарапынан қолдау тауып, музейлердің жастарға патриоттық тәрбие беру жұмысы жолға қойылған. Аудандағы Бударин, С. Ошанов, Бітік, Мерген, Краснояр, Базаршолан, Сайқұдық, Атамекен мектептері музейлерінің жұмысы біршама қанағаттанарлық. Экспозицияларында халқымыздың ежелгі тарихын ұтымды көрсете білген Атамекен ауылындағы «Жерұйық» мектеп музейінің құрылымы қазіргі заман талаптары деңгейінде. Музей жанындағы үйірме мүшелері өлкетану экспедицияларына шығып, өлкетану, іздестіру-зерттеу  жұмыстарымен  айналысуда.

Сол сияқты Бөрлі ауданындағы орта мектептің барлығында мектеп музейлері ашылып, өлкетану жұмысы жақсы жолға қойылған. Ақсай қаласындағы №2, 3 (суретте), 4, 5 мектептерінде және «Қызылтал», «Пугачев» мектептерінің музейлерінде түпнұсқа жәдігерлер көп-ақ. Музей жанында музей кеңесі құрылған, өлкетану үйірмелері тұрақты жұмыс істейді.  Музей мамандарымен  жиі  байланыста.

Алайда мектеп музейлері жұмысында кемшіліктер де жоқ емес. Музей көрушілерге негізінен экспозиция арқылы қызмет көрсететіні белгілі. Қаржы бөлінбеуі және музей мамандарының көмегіне жүгінбеуі себепті қазіргі мектеп музейлеріндегі экспозицияларды жасақтауда көптеген кемшіліктер орын алған. Әркім қолынан келгенін жасаған. Жәдігерлер жерге қоюдан бастап, 2 метр биіктікке дейін орналастырылып, көбінесе әр түрлі ірілі-ұсақты форматта қалай  болса,  солай  көрініске  қойылған.

Кезінде облыс көлемінде мектеп музейлерінің жұмысын ұйымдастырып жақсы жолға қойған ұстаз-энтузиастардың арқасында Қалдығайты мектебі музейі (Қаратөбе ауданы), Құрманғазы мектебі музейі (Бөкей ордасы ауданы), Жетікөл мектебі музейі (Сырым ауданы) Д. Нұрпейісова мектебі музейі (Жаңақала ауданы), Орал қаласындағы №7 мектебі музейінде құнды тарихи жәдігерлер жинақталған, аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындардан көрінген музейлер болды. Сол ұстаз-энтузиастар мектептен кеткен кезде олар құраған керемет мектеп музейлері құлдырап, жәдігерлері азып-тозып, ақыры жабылу алдында тұр. Неліктен олай? Өйткені мектеп музейлерінің бірден-бір жанашыры сол ұстазжанкүйерлер ғана. Музейлердің жабылуына, жәдігерлердің жойылуына ешкім жауап бермейді, елеусіз оқиға ретінде қала береді. Мектеп музейлері қорында жинақталған небір тарихи түпнұсқа жәдігерлерді мемлекеттік музейлердің қорына өткізуді де ешкім ойына алмайды. Оған ешкім жауап бермейді.

Орал қаласында 45 мектептің 7-інде ғана мектеп музейі бар. Әсіресе, орыс мектептерінде оған мүлде көңіл бөлінбейді десе болады. Ол мектепте оқитындардың көпшілігі – қазақ  балалары. Осы мектептерде музейлер ашып, өздері суын ішіп, білімімен сусындап жатқан елінің, жерінің өткен тарихын біліп, өнеге алып өссе, жастарға туған қаласының тарихы арқылы патриоттық тәрбие  берсе,  артық  бола  ма?

Орыс мектептеріндегі тарих пәнінің мамандары Орал қаласының тарихын 1613 жылдан алып, казактардың осында келу тарихымен шектеліп  жүр. 2000 жылы ашылып, 15 жылдан бері айтылып, көрсетіліп келе жатқан «Жайық» қалашығының тарихына үңілсе, казак жұртшылығы мен қазақ жұртының тағдырлас екенін,  халықтар достығының тамыры тереңде жатқанын жастардың бойына сіңіруге болады. Бұл бәріміздің көңілімізді аударарлық жағдай. Біз қазір көрмеген болып, көзімізді жұма қарап отырмыз, оның нәтижесі болашақта өз ұлтын, салт-дәстүрін сыйламайтын, өз тарихын білмейтін «мәңгүрттердің» көбеюіне әкеліп соғуы әбден мүмкін.  Қаламызда жұмыс жасап тұрған музейлерге ең аз баратындар да осы орыс тілді мектептерде оқитындар екенін білеміз.

Кейбір музейлер экспозициясында (Покатилов мектебі, Дариян ауылында т.б.) қазақ халқының жойылуға қалған тілін, ділін, дінін құтқарған, жадынан өше жаздаған ежелгі тарихына ел-жұрттың бетін бұрғызған тәуелсіздік дәуірінің шынайы келбетін көрсетуді ескерусіз қалдырған. Музей жетекшілері Сары Арқаға салған Астана мен «Болашақта» оқып жүрген  жастарымызды, дүниежүзіне қазақ деген халық барын кеңінен таныту жолындағы жетістіктерді паш ету мақсатында мектеп музейлерін ұйымдастырып жатқанымызды онша ескермейді.

Бірқатар музейлер экспозициясында халқымыздың сан ғасырлық бай тарихын ұтымды пайдалануға жете көңіл бөлінбеген. Лайықты материалдарды дұрыс таңдап іріктеу, берілген орынды тиімді пайдалану, жәдігерлерді орналастыру және хронологиялық жүйені сақтап көрсету үшін мектеп музейлерінің жетекшілеріне музей мамандарының көмегі  ауадай  қажет.

Арнайы даярлықтан өткен музей мамандарының жеткіліксіз екенін жоғарыда атап өттік. Мемлекеттік деңгейде бұл мәселенің таяу жылдарда шешіле қоюы екіталай. Сондықтан Оралдағы БҚМУ-дың тарих факультеті жанынан, ақылы оқытатын бола ма, қысқа мерзімді арнайы курстар ашылса, дұрыс болар еді. Мектеп музейлерінің жетекшілеріне еңбекақы төлеу күні бүгінге дейін шешілмеген, экспозицияларды жасақтауға жоспарлы  түрде  қаржы  бөлінбейді.

Мектеп музейлерінің жұмысына бағыт-бағдар беру, бақылау жасау біздің орталықтың өлкетану бөліміне жүктелген. Әйткенмен біздің қолымызда ешнәрсе жоқ. Қаржы мәселесін мүлдем шеше алмаймыз. Ауызша айтып түсіндіргенімізбен, білім бөлімдері мен мектеп басшылары бізді тыңдап жарытпайды. Өйткені олар облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі орталығының бағынысында емес. Сондықтан облыстық білім басқармасы мектеп музейлерін өзінің тікелей қарамағына және қамқорлығына алғаны жөн. Жауапкершілікті құзыреті мен құқығы жоқ мекемеге ысыра салумен іс бітпейді. Осы мәселелерді тиянақты шешпей тұрып, мектеп музейлерінің жұмысы жүйелі оң бағытқа түседі  деп  үміттену  мүлдем  бекер.

Сара ТАНАБАЕВА,

балалар туризмі тарихы музейінің  жетекшісі,

ҚР мәдениет қайраткері


Ұлы даланың ұлы перзенті

Күні: , 92 рет оқылды

абиш лпораора


Осыдан 40 күн бұрын Маңғыстау түбегінің «Онды» деп аталған оныншы ауылында дүниеге келген бала Әбіш Кекілбаев сол жерден елінің үмітін, халқының арманын, заманының жүгін артып шыққан Аруанасын Сарыарқа төсіне дана Әбіш болып шөгеріп, мәңгі мекеніне жайғасты.


Ол өзінің Каспийден Алатауға дейінгі Ұлы дала бойымен жүріп өткен 76 жылдық жолында сапарластарын – сауаттандырды, қатарластарын – қанаттандырды, балаларының бақытын бақты, ағаларының абыройын асқақтатып, арқасынан қақты.

Жастайынан ұлылар көзіне шалынған Әбіш Кекілбаев заманының шежіреші жазушысына, мінбелердің шешен баяндамашысына айналып шыға келгеніне замандас ретінде қуандық, талай қол соқтық, сүйсіне тыңдап, есейдік.

Әбіш Кекілбаевтың алқалы жиында сөйлегенін көріп, заңғар ой иесі екеніне, дастарқандас болып отырып қарапайым, мейірбан жан екеніне куә болдық.

Ұлы қағанға Ана болып ой салған Әбіш Кекілбаевтың «Астыңдағы тағыңа – сыз өтпейді деме, Ақ сарайдай Ордаңа – көз өтпейді деме, Ұйып тұрған ұлыңа – сөз өтпейді деме, Қаруланған қолыңа – оқ өтпейді демесін» оқып, оның сөйлемдерінен  даналық  сырын  іздедік.

Өмірде жамандар бар деп ойлай алмайтын кеңдігіне, өзіне тіл тигізгендерге кешірімпаздықпен қарайтын әулиелігіне, жүрегін кең күйде, пейілін кіршіксіз сақтай білген ұлылығына таң қалдық.

Оның өз ғасырының әдеби ортасын түгел танып жүргеніне, өткен тарих пен әлем ойшылдарын есте сақтауға уақыт тапқан қабілетіне тәнті болдық.

Әбекеңнің өзі жылынған Айсәуле анамыздың құшағынан «Қос қызың келді» деп, Фариза екеумізге де орын тауып бергеніне әрқашан ризамын. Дастарқанымызға келіп, жайбарақат, қарапайым ауыл қонағынша әңгіме шертіп отыратын еді.  Енді ой жүгіртсем, ол да ұлылық.

Сан күйшінің сазын тыңдайтын Әбіш Кекілбаев менің отағасым Ғабдрахимға «Дәулеткерейдің «Көркем ханымын», Құрманғазының «Байжұмасын» сен ерекше қумай тартасың» – деп сүйсінер еді. Әттең, Әбекеңді соңғы сапарға күңіренген күймен неге шығарып салмадық екен?.. Ондай сөз ұғатын, ондай күй ұғатын адамды қос ішекті күңірентіп қоштаспай, оркестр қайда болды,  күйшілер  қайда  жүрді  біздің?..

Түсіне білген адамға өткен жылдың Әбіш Кекілбаевты әкетуі – біздің ұлт үшін үлкен орны толмас өкініш. Кімнен айырылдық? Енді оның орны қашан толар?

Бізге ондай адаммен замандас болғанның өзі зор бақыт екенін енді сезгендеймін. Өйткені мен академик З. Қабдоловтың сөзін ұмытқаным жоқ. «Өзіңді даналармен бірге қою сірә да мәдениетті адамның ісі емес, бірақ қатысың болғасын «қылтиясың» деген еді академик.

Қырық күн өткен Әбекеңді еске ала отырып, «Бақи бол, ұлтымен бірге өмір сүре беретін Ұлы Даланың Ұлы Перзенті» дегенді мен де айтқым келеді.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА


Мұз әлі жұқа!

Күні: , 130 рет оқылды

IMG_9980


Жыл он екі аймен ауысып келіп отыратын табиғат маусымының әрқайсысының  өзіне тән  қызығы жетіп артылады. Алайда сонымен бірге «шыжығы», турасын айтқанда, қауіп-қатері де жетерлік. Қыс айы да одан шет қалмайды. «Кәрі құданың» келгеніне де бел ортадан асып барады. Ал қыс қызықтарымен бірге келеңсіз, оқыс жағдайлар да болып үлгерді. Осыған орай біз БҚО Төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағы мемлекеттік мекемесінің басшысы Асқар Орынбасарұлы Қылышевты әңгімеге тарттық.


— Иә, қыс басталмай жатып облыс көлемінде жамағатты елеңдеткен оқиғалар болмай қалған жоқ. Олардың біразын «Орал өңірі» газеті ізін суытпай жазып, халықты құлағдар етіп келеді. Бүгінгі әңгімемізде мен де соларды қайталап, халайықтың жадында тағы да бір жаңғыртып өтейін. Ондағы ойымыз  халықты қорқыту емес, қайта сақтыққа шақыру, салақтық пен бейқамдықтан сақ болуға  үндеу екенін жұрт түсінеді деп білемін. Тек осы қаңтар басталған қысқа уақыттың ішінде орын алған оқиғаларға ғана тоқталайын. Сонымен, 8 қаңтар күні Ақжайықтың Қарауылтөбе ауылына бара жатқан «УАЗ» көлігі (жүк тиеп алған) Жайықтан мұз үстімен өтпекші болғанда, мұз ойылып, суға батып кетеді. Көлік батқан тұстың тереңдігі 6 метрдей болса керек. Құдай сақтап, көлікте жолаушылар болмаған, ал жүргізуші ең соңғы сәтте терезе арқылы ойықтан шығып үлгерген. Біздің жедел құтқару жасағының кезекші тобы сол бойда атқа қонды. Көлігі суға батқан жүргізуші Ақсуат ауылындағы танысын тракторымен көмекке шақырыпты. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, құтқарамын деп барған трактор да мұз ойылып, суға батады. Оқиға орнына жеткен біздің құтқарушылардың арасындағы сүңгуірлер су астына сүңгіп, көліктерді темір арқанға іліп, кезекпен шығарып алды. Орасан қиындықпен жүрген құтқару жұмысына біздің жасақтың жеті құтқарушысы және арнайы техникасы қатысты. Әрі қарай кетейік. Араға бір күн салғанда  құтқарушыларымызға тағы да шұғыл атқа қонуға тура келді. Бұл жолы олар сонау шалғайдағы Қаратөбе ауданының Төлен елді мекеніне аттанды. Онда мынандай жағдай орын алыпты. Ауа райының қолайсыздығынан мал ығып кетеді. Оны іздеуге «УАЗ» автокөлігімен 6 адам аттанады. Бірақ көп ұзамай олардың өзінен хабар болмай, ізім-қайым кетеді. Сол бойда ауданнан тағы да бес адам тағы бір «УАЗ» және трактормен жоғалғандарды іздеп, олар аттанады. Алайда олар да хабарсыз кетеді. Абдырап қалған аудан бізге хабар жіберді. Бізден он адамнан тұратын жедел құтқару жасағы жол талғамайтын қуатты екі көлікпен және арнайы үйретілген иісшіл итті алып, іздеуге жөнелді. Біздің жігіттермен бірге іздестіру жұмысына ауданнан да арнайы топ ұйымдастырылып аттанғанын айта кетуім керек. Осынау оқиғалардан тікелей хабардар болған облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы жағдайды бақылауда ұстап, қай-қай жағынан да көмектескенін көпшілік біліп отырғаны дұрыс.  Көп ұзамай жоғалғандар табылды. Бәрі де үсіп-шашыраудан аман, әйтеуір. Олардың бәрі ауылдарына жеткізілді. Осындай кездерде біздің жасақ қиын жағдайға тап болғандарды құтқарумен қатар, қалада орын алып жататын кез келген қолайсыз жағдайларға да қолұшын беруге тура келетінін айта кеткен жөн. Сөзімді мысалмен тұздықтасам, 9 қаңтар күні қаланың Гастелло көшесіндегі тұрғын үй жанында тұрған көлікке ағаш құлаған. Құтқарушылар ол жерге шұғыл жетіп, құлаған ағашты кесіп, аулаққа әкетіп, көлікті де «құтқарып» алды. Осы арада тұрғындардың назарын мына мәселеге аударғым келеді. Соңғы кезде мұз ойылып, адамдардың, көліктің  суға батуы жиілеп барады. Жоғарыдағы оқиғалардың мүлдем орын алмауы әбден мүмкін еді. Ол үшін адамдар салдыр-салақтықты қойып, мұқият, абай болуы қажет еді. Бірақ көпшілігіміз оған мүлдем мән бермейміз. Қатермен, қауіппен ойнау деген – осы. Ал ондай «батырлықты» қауіп-қатер кешірмейді. Бүгіндері ауа райының құбылмалы болуына байланысты Жайық өзені мұзының қалыңдығы 8-10 см, жағаға жақын жері 15-20 см, Деркөл мен Шағандағы мұздың қалыңдығы 15-20 см болып қатқан. Бірақ ауа райының жылылығына байланысты бұл мұздар өте сынғыш. Автокөліктер аман-есен өту үшін қатқан мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден жоғары болуы тиіс! Ал мұны көпшілік ескере бермейді. Қарауылтөбе ауылының тұсындағы Жайықта орын алған оқиға мұздың тиісті қалыңдықта қатпағанынан, оны жүргізушінің ескермегенінен болғанын газет оқырмандарының өздері біліп отырған шығар… Қауіп-қатер бейқамдықты көтермейді, сондықтан «Сақтансаң, сақтармынды» естен шығармайық, ағайын!

Әңгімені жазып алған Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ


Келешегі кемел «Дубрава»

Күні: , 87 рет оқылды

_DSC0035


Шағын және орта бизнесті дамыту ел экономикасын көтерудің бір жолы екендігін Елбасымыз әрдайым айтып жүр. Кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы қолға алынды. Зеленов ауданында да аталмыш бағдарлама ойдағыдай жүзеге асуда.


Мемлекеттік бағдарлама іске асып жатқан алты жыл ішінде ауданда 57 инвестициялық жобаны қаржыландыру мақсатында 10,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, 700 жаңа жұмыс орындары ашылған.

Осы бағдарлама аясында Зеленов ауданы Мичурин округі маңында тағы бір жоба қолға алынды. Халық игілігі үшін жасалған «Дубрава» демалыс кешенінің құрылысына бағдарлама арқылы  50 миллион теңге бөлініпті.

Кешеннің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Рафилбек Аманжол, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бағдат Тоқжанов, аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Әсел Қартқожақова және «Сбербанк» акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Александр  Бурахта  қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған Рафилбек Аманжолұлы: «Кәсіп иелерін қолдау еш уақытта тоқтамайды. Елбасымыздың өзі де кәсіпкерлікпен айналысатын жандарды қолдауға шақыруда. Осындай тамаша кешеннің ашылуы Президентіміздің салиқалы саясатының арқасында мүмкін болып отыр», – деп ұжымға сәттілік тіледі.

– Кешен құрылысын 2012 жылы бастадық. Көптеген қиындықтар кездесті. Мемлекеттің көмегі арқасында өзімізде бар қаржыға тағы да 50 миллион теңге қосып, осы кешенді ашып, арманымызға қол жеткізгендейміз.

Қазір екі қабатты ресторан, жазғы кафе, балаларға арналған сырғанақ және жазда жұмысын атқаратын жағажайымыз, тіпті шағын сахна да дайын тұр. Болашақта кәсібімізді кеңейтеміз деген ойдамын, – дейді кешен иесі Алина Акишева.

Қазіргі таңда жұмысын бастап кеткен демалыс орны 30 адамды жұмыспен қамтып отырғанын айта кеткен жөн.

Түгелбай   БИСЕН,

Зеленов  ауданы


Департамент басшысы тағайындалды

Күні: , 105 рет оқылды

Аширбаев Адилхан Хасымханулы0


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы тағайындалды.


Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы құқық қорғау органдарындағы кадрлық саясат мәселелері бойынша комиссиясы және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының аумақтық департаменттері басшыларының тағайындалуы келісілді.

2016 жылдың 12 қаңтарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Төрағасының бұйрығымен Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына Әділхан Хасымханұлы Әшірбаев тағайындалды.

Әділхан Әшірбаев 15 жылдан астам ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарған. Бұрын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы қызметінде болды.

Департаменттің баспасөз қызметі


Қазақстан халқы Ассамблеясының Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі ҚР Парламенті депутаттарының ұсынысын қолдау туралы ҮНДЕУІ

Күні: , 83 рет оқылды


Қазақстан халқы Ассамблеясы ҚР Парламенті депутаттарының елде мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын өткізу туралы үндеуін толығымен қолдайды.


Бұл қадам Бес институционалды реформаларды, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын тиімді іске асыру үшін аса қажет.

ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымдағы депутаттарының құрамы өзінің тарихи рөлін атқарды. Ұлттық заңнамаға ел тарихында бұрын-соңды болмаған кең көлемді өзгерістер енгізуді жүзеге асырды.

Президенттік реформалар аясында қабылданған заңдар мемлекеттің, экономиканың, қоғамның дамуында түбегейлі жаңа құқықтық негіз қалыптастырды.

Бұл – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АРМАН – әлемдегі 30 озық елдің қатарына енуге жол ашып отыр.

Мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын бекіту, азаматтық қағидаты негізінде жаңа қазақстандық бірегейлікті  нығайту және дамыту үшін елдің жоғары заң шығару органының жұмысына жаңа сапа қажет.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша ел Үкіметімен синхронды жұмысты қамтамасыз ету маңызды.

Күрделі жағдайда заң үстемдігін қамтамасыз ету, ашық үкіметті қалыптастыру, Қазақстан экономикасының әрі қарай өсуіне жағдай жасау жөніндегі терең реформалардың тиімділігі үшін Заң шығару органының мандатын  жаңарту  –  орынды  бастама.

Біз Ұлт жоспары, Парламент Мәжілісі депутаттарының жаңа құрамын сайлау – барша халықтың экономикалық және азаматтық белсенділігін арттыру үшін қуатты қозғалтқыш  күш  болатынына сенімдіміз.

Бұл Президенттік реформалардың орасан зор бағдарламасын іске асыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

Біз барлық азаматтарды – біздің ортақ мүддеміз бен ортақ мақсатымыз үшін, біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп өркендеуі жолында парламент сайлауын және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсынысты қолдауға шақырамыз.

Қазақстан  халқы  Ассамблеясының  Кеңесі 2016  жылғы  13 қаңтар,  Астана қаласы

Алексей  ВАСИЛЕЦ,

кәсіпкер,  облыстық  мәслихат депутаты:

– Көптеген сарапшылардың пікірінше, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын бір мезгілде, қатар өткізу өкілетті билік органдарының жұмысына айрықша үйлесім береді және олардың жұмысының тиімділігін едәуір арттырады. Облыстық мәслихат депутаты ретінде мен де осы пікірге толық қосыламын. Тағы бір ұтымды жағы осылай еткенде, сайлау өткізуге кететін шығын көлемі де аз болады. Ал бұл бүгінгідей қысылтаяң уақытта көп көмек екені айтпаса да түсінікті. Жаңа сайлау нәтижесінде Парламент құрамы жаңғырып, жаңа партиялармен толығып, сапалы жұмыс жасауға мүмкіндік туатындығына сенемін. Ең бастысы, жаңғыртылған өкілетті билік құрамы Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған Ұлт жоспарын орындауға тікелей  кіріседі.

Әрине, Мәжілістегі әр шақырылымның өзіндік міндет-миссиясы болады. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан Парламентінің 5-шақырылымы Елбасы тапсырған реформаларды заңдық жағынан қамтамасыз ету бойынша қыруар жұмыс атқарды. Алтыншы шақырылымдағы депутаттар  енді  осы реформаларды жеделдетіп нақты іске асыратын болады.

Біз бұл сайлаудан озық ойлай алатын, жаңа ұсыныстар жасауға қабілетті депутаттар корпусының қалыптасуын, өкілетті билікке азаматтық  қоғам  мен  партиялардың  көптеп  қатысуын  күтеміз.

Вера ШОХИНА,

БҚО  ассамблеясы төрағасының  орынбасары, «Дос»  қоғамдық қорының  төрайымы:

– Депутаттардың мерзімінен бұрын Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауын өткізу туралы бастамасын толығымен қолдаймын. Мұндай қадам ауқымды экономикалық жағдайға байланысты болып отырғаны сөзсіз.

Ұлт жоспарының практикалық кезеңі биыл басталатыны белгілі. Соған орай дағдарысқа қарсы шараларды уақтылы жүзеге асыру үшін Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауын жедел өткізу қажет. Бұл сайлау негізінен биыл күзде болатыны белгілі. Бірақ әлемдік экономикалық ахуалдың қиындауы мемлекет тарапынан жедел іс-шаралар  алуды  қажет  етеді.

Елбасы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында мемлекетіміз бен қазақстандықтардың экономикалық дағдарыстың ықпалын қатты сезінбеуі және республикамыз барынша дамыған 30 елдің қатарына кіру бағытындағы мақсатына жетуі үшін тиісті міндеттерді белгілеп берді. Депутаттар осының бәрін ескеріп, осындай қадамға барып отыр. Ертең сайланатын депутаттар корпусының жаңа құрамы ел экономикасын және басқа да салаларды жаңыртуға тың серпін береріне  сенім  мол.


Дәуқара батырдың сауыты табылды

Күні: , 138 рет оқылды

даукара сауыты


Журналистік тынымсыз ізденудің нәтижесі – Кіші жүздегі Байбақты руының ұранына айналған атақты Дәуқара батырдың жауға киген сауытының табылғаны. Сауыт мемлекеттік мұражайда емес, батырдың ұрпағының үйінде ақ орамалға оралып, сандықта сақтаулы екен.


Дәуқараның ұрпағы Әбітұлы Қуаныштың балалары Серік пен Сәуленің игілікті ісінің арқасында көп жылдан бері атадан балаға қасиетті мұра болып келе жатқан Дәуқара батырдың сауытын 2015 жылдың күзінде бірінші болып көрудің сәті маған түсті.

Серік Қуанышұлының айтуынша, Әбіт атасының бәйбішесі Қаналықызы Ұмсындық әжесі асыра сілтеу жылдарында Дәуқара батырдың сауыты мен қылышын жұрт көзінен жасырып, көміп тастаған. Өйтпегенде ше?..

Әлінің баласы Әбіт 1903 жылы Тайпақ ауданының Өлеңті елді мекенінде дүниеге келген. Әбіттің бәйбішесі Ұмсындық Қаналықызы Әлиева 1912 жылы Тайпақ ауданының Жыланды елді мекенінде дүниеге келген. Руы – Тана.

Әбіт 1942 жылы соғысқа кетер алдында әйелі Ұмсындыққа «Батыр бабамыздың сауыты саған аманат. Ел мен жерді жаудан қорғап ат үстінен түспей өткен батыр бабамыздың атын ардақтаңдар. Қаратөбедегі Дәуқара атамыздың зиратына барып тұрыңдар. Сен сауытты шаңырақ иесі балаңа аманатта» деген екен. Әбіт 1943 жылы Сталинград майданында ерлікпен қаза тапқан. Аманатқа қиянат жоқ. Ұмсындық батыр бабасының құралдарын жұрт көзінен жасырып, бір түнде көміп тастаған.

Ел тынышталғасын, Ұмсындық әже қарулар тыққан жерді ашса, шіріген қылыш қолға ұстауға келмей, ортасынан қақ бөлініпті. Сауыт аздап тоттанғаны болмаса, баяғы күйін жоғалтпай сақталыпты.

Сол күннен бастап Ұмсындық әже батыр бабасының сауытын жұрт көзіне көрсетпей, өзінің үлкен сандығында сақтап, үй ішіндегілерге ол жайында айтуға тыйым салыпты.

1986 жылы өмірден өтер соңғы сағатта 74 жастағы Ұмсындық әже сауытты баласы Қуанышқа аманаттаған. Қуаныш баласының үлкені Серікке тапсырған. Серік Орал қаласында тұрады.

…Серік келесі бөлмеден ақ шүберекке оралған көлемді нәрсені әкеліп, «Дәуқара атамыздың сауыты мынау» деп орамал байламын шешті. Дәуқара батырдың сауытын үлкен толғаныс үстінде қолыма ұстап, қарап отырмын. Аздап тот басқаны болмаса, сауыт жақсы сақталған екен. Торланған, кішкене шынжыр көз сауытты қолыма ұстадым. Сәл жоғары шамасында (сірә, Бармақ батырдың найзасының ұшы тескен шығар деп ойладым) тесікті көрдім (суретте). Сауыттың басқа жерлері бүтін.

Қайыржан ХАСАНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Орал қаласы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика