Мұрағат: 14.01.2016


Облыс педагогтары кеңесті

Күні: , 121 рет оқылды

оврароп216545845


Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының үлкен залында ел Президентінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында көрсетілген мақсат-міндеттерге орай өңірдегі білім беру қызметкерлерінің кеңейтілген кеңесі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен арнайы қатысты. Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева төрағалық етті.


— Білім беруді жаңғырту үдерісі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында нақты көрсетілді. 76, 77, 78, 79, 89-қадамдар – білім  беру саласындағы 5 қадам – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымдары (ЭЫДҰ) елдерінің стандарттары негізінде адами капитал сапасын көтеру жолдарын анықтады. Онда 12 жылдық білім беруге көшу арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту тетіктері белгіленген. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген тапсырмалар Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында да қамтылған, — деді жиында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.

«Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің еңбек нарығы мен экономика саласын дамытудағы рөлі» тақырыбында баяндама жасаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабыров Елбасы өз Жолдауында нақты атап көрсеткен техникалық және кәсіптік білім беру екі бағыт бойынша жүзеге асырылатынына тоқталды. Оның біріншісі  техникалық және кәсіптік мамандарды даярлау жүйесін дамыту болса, екіншісі – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту.

Ағымдағы оқу жылы өңірдегі 38 колледжде 20,5 мың студент 77 мамандық бойынша білім алуда. Олардың 47 пайызы техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы мамандығы бағытында оқиды. Бұл оқу орындары кәсіпорындармен, шаруа қожалықтарымен және жеке кәсіпкерлермен мамандарды даярлау бағытындағы ынтымақтастық жөнінде 1,6 мыңнан астам келісімшарт жасасқан. 2015 жылы облысымыздың сегіз ауданында аудан әкімдері, мектеп директорлары, фермерлік шаруашылықтардың жетекшілері және кәсіпкерлердің қатысуымен ауылдық колледждердегі мамандарды даярлау және оларды жұмысқа орналастыру жөніндегі кеңейтілген отырыстар өткізілген. Аталған мәселелер аудандық әкімдіктер тарапынан кең қолдау тапқан. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын таба бермек.

«Халықты жұмыспен қамту – басты мақсатымыз» тақырыбында баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жанболат Иманғалиев жаңа Жолдаудың басты ерекшелігі ретінде еліміздің экономикасын одан әрі дамыту, көзделген жобаларды жүзеге асыру, «Нұрлы жол» бағдарламасы, жаңа жұмыс орындарын құруды ескеру керектігін айтты. Оның айтуынша, өңірде азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауды кеңейту бағытында 2016 жылы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 650-ден астам адам оқытылатын болады.

Ағымдағы жылда халықтың әлеуметтік қолдауды қажетсінетін бөлігіне жататын адамдарды, соның ішінде қызметтен босағандарды жұмысқа орналастыратын мыңнан астам әлеуметтік жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Жастар тәжірибесі бойынша жұмыс жасауға мыңнан астам түлек жолданбақ. Ал қоғамдық жұмыстарға жеті мыңға жуық жұмыссыздарды тарту жоспарланған.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова еліміздің “Білім туралы” заңына енгізілген өзгертулер туралы баяндады. Өткен жылдың 13 қарашасында қабылданған өзгертулер көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік берген. Атап айтқанда, әдістемелік кабинет, сынып жетекшісі, мұғалімдердің мәртебесін анықтау, мектеп формасы жөніндегі толықтырулар мен өзгертулер білім беру жүйесінің тиімділігін арттырмақ. Аталмыш заңда көрсетілгендей, Білім және ғылым министрлігі міндетті мектеп формасына қатысты талаптарды әзірлеп бекітеді. Мектеп формасы оқушылардың ортақ қоғамдық іс пен міндеттерді сезінуін арттырмақ. Олардың арасындағы киім киюдегі өзара бақталастық пен қызғанышты, сондай-ақ материалдық жағдайы әр түрлі отбасы балаларының сыртқы ерекшеліктерін жояды.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан туындайтын кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру бойынша 15 қадамды іске асыру-дағы жұмыстар туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының орынбасары, тәртіптік кеңес төрағасының міндетін атқарушы Мерболат Нұртазин баяндап өтті.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, аға оқытушы Тұрарбек Шайхиев облыстағы білім саласы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты пікірлерін зерттеу нәтижелеріне тоқталды. Өткен жылдың бекітілген жоспарына сай облыстық ішкі саясат басқармасы өңірдегі сыбайлас жемқорлық көріністері туралы қоғамдық пікірді айқындау мақсатында осы әлеуметтік зерттеуді жүргізген. Зерттеу қорытындысына сай батысқазақстандық педагогтар жемқорлықты шенеуніктер аппаратының іс-әрекетімен, мемлекеттік қызметтермен байланыстырған. Респонденттердің көпшілігі сыбайлас жемқорлықтың ең көп тараған жүйелері деп жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарын атаған. Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, азаматтар мәселені заңды жолмен шешуге уақыттың немесе басқа жолдың болмауы себепті және солай қалыптасқандықтан пара береді. Облыс мұғалімдері билік органдарының сыбайлас жемқорлықпен күресін ақпараттандырудағы облыстық БАҚ қызметтеріне қанағаттанады. Респонденттер соңғы 3-4 жылда облыстағы сыбайлас жемқорлық фактілерінің көбейгендігін айтқан. Олар көп жағдайда мұндай фактілерді БАҚ мәліметтері мен жақын ортаның әңгімелеріне негіздейді.

— Жолдаудан туындайтын міндеттер өте ауқымды. Экономикалық өсім, табысты реформалар және тұрақты даму кешенді жоспардың басты мақсаттары болмақ. Бүгінге дейін Ұлт жоспары аясында 80-нен астам заң шығарылды. Олар 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Жаңа заңдар мемлекеттік атқарушы органдарға, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау және тағы басқа салаларға мол мүмкіндіктер беретін болады. Мемлекет басшысы адами капиталға инвестицияларды тартуды әлеуметтік саясаттың негізгі басымдылығы ретінде белгілеп келеді. Осыған байланысты әрбір білім беру ұйымы, мемлекеттік орган, жалпы қоғам бірігіп, аталмыш мақсатта жұмыстануы керек. Әлеуметтік, экономикалық мәселелердің түбінде азаматтардың білім, біліктілік пен сауаттылық деңгейі тұрғаны мәлім. Бәсекеге қабілетті қоғам құру, нарықтық сұранысқа ие мамандарды даярлау, кәсіпкерлікті дамыту, сыбайлас жемқорлық көріністеріне әрдайым қарсы тұру – өзімізге байланысты өзекті мәселе. Қазіргі таңда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмысқа жұмыла кірісуіміз қажет, — деді жиынды  қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

Нұртас САФУЛЛИН,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Елес боп қалды-ау тау тұлға

Күні: , 124 рет оқылды

лповрра52452


Бүкіл түркі әлемін аузына қаратқан сөз зергері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев хақында

О, жалған дүние! Төбемнен жай түскендей есеңгіретіп жіберген бұл хабарды естігеніме де 40 күндей болып қалыпты-ау. …Желтоқсанның 11-і. Әдеттегідей ертеңгілік шайымды ішіп, жайбарақат отырғанмын. Қалта телефоным безек қаға бастады. Қадыр ағаға байланысты әлдебір шаралар ұйымдастыруға  орай Қызылордада жүрген Донеділ екен. Аз-кем аман-саулық сұрасқан соң «Әбіш досыңызбен хабарласқан жоқсыз ба?» деп сұрады. «Жоқ, бірақ кеше ғана «Қазақстан» телеарнасынан берілген «Келбет» бағдарламасынан көргенмін. Оның алдында Мұхтар Алтынбаевты 70 жасымен құттықтап тұрған. Соған қарағанда аман болса керек», — дей салдым. Бірақ бірдеңені айта алмай тұрғанын сезгендей болдым да, «Шамасы Қадекеңе байланысты ұйымдастырып жүрген шаралары туралы ақылдасқысы келген шығар» деп ойладым.


Іле-шала бүгінде Астанада тұратын Ағелеуов Құсайын досым телефон шалды.

«Әбіш ағамыздан айырылып қалдық қой…». Арғы жағы еміс-еміс. Басым айналып, көзім бұлдырап кетті. Донеділдің айта ал-май тұрғаны осы екен ғой… Ойым онға, санам санға кетіп, не болғанын білмей, сол күні кешке дейін есеңгіреп жүрдім.

Ертеңіне «Егемен Қазақстан» газетінде еске алулар да, көңіл айтулар да, тіпті сайт сөздері де көп жарияланды. Бірақ 60 жылдан астам уақыт бойы риясыз сыйласып келген аса қадірлі құрдасымның қалай қайтыс болғаны туралы еш дерек таба алмай қойдым. Бұл жай мені одан сайын ойландыра түсті.

Бірақ тірі адам тіршілігін жасайды ғой, қолыма қалам алуға тура келді. Өйткені мен онымен 5 жыл университетте тайдай тебісіп, бірге оқығаным өз алдына, одан кейінгі жылдары да ара-тұра хабарласып, кейде тіпті екеуара сыр алысып та жүрдік. Бұл ретте мен осыдан 6 жыл бұрын оның  70 жасқа толған мерейтойын кіндік қаны тамған Маңғыстау жерінде және бес жыл білім алған Қазақ мемлекеттік университетінде атап өту рәсімдеріне де қатысқандығымды өзіме үлкен мерей санаймын. Сондықтан жадымды жаңғырта отырып, сол бір қимас күндерімізді еске алуды ұйғардым.

Әрине, мен Ақтауда және университетте өткізілген рәсімдерден алған ұмытылмас әсерлерім туралы біршама қамтып жазғаным бар. Онда Әбекеңнің тума таланты университет қабырғасында жүрген кезінен-ақ айқын аңғарылып, қатарластарының көшбасшысы бола білгендігі туралы да, қоғамдық қандай құбылысты да өзінше қабылдап, өзінше бағалай білетін байқампаздығы мен кімнің алдында да, қандай аудиторияда да сөз маржанын тізбелей алатын суреткерлігі хақында да айтылған еді. Ақырында ол өз қатарластарынан ғана емес, университетте дәріс берген ұстаздарынан да асып кетті. Осыған орай менің ойыма қаламгердің 60 жылдығы тұсында бізге әдебиет теориясы пәні бойынша дәріс берген ұстазымыз, айтулы сөз зергері, академик Зейнолла Қабдолов марқұмның «Ұстаздан шәкірт озды деген осы, Әбіш бүгінде ғұлама, оның шығар-малары түпсіз шыңырау… Қазіргі қазақ әдебиетінің тең жарты жүгін Мұхтар Әуезов, жарты жүгін Әбіш Кекілбаев көтерді десек, қалғанымызға не қалды? Мұхтар мен Әбіш бір-бір ширек жүгін, қалған жартысын қалғанымыз көтеріп келеміз», — деген сөздері орала береді.

Міне, содан бері де 16 жыл өткен екен. Осы мерзім ішінде әдебиет жүгінің тағы бір парасы Әбекеңнің иығына түскені сөзсіз. Демек, Әбекеңнің әдебиет әлеміндегі абырой-атақтары ХХ ғасырдың ғұламасы атанған Мұхаңнан да асып барады десек, артық айтқандық емес сияқты. Мұны оның әдеби көркем шығар-маларын айтпағанда, соңғы жылдары әдебиет алыптары жөнінде жазған эсселері мен естеліктерінен де, ел тәуелсіздігі мен ұлт тағдыры төңірегіндегі толғаныстарынан да айқын аңғаруға болады.

Сырттай қарағанда, Әбекең әуел бастан-ақ осылайша «көйлекпен» туғандай болып көрінетін шығар. Ал біз оның қатарлас құрбылары, студент кезімізде «бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып жеп», сыйлас та сырлас болған құрдастары, Әбекеңнің өмір жолы тақтайдай тегіс болмағандығын жақсы білеміз.  Әкесі Кекілбай Қоқымұлы бұл үш жасқа да толмай жатып, 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, Ленинград майданында қаза тапқан. Ол туралы өзі:

«Қай жерде өлім сенен өшін алды,

Қай жерде өміріңнің көші қалды?

Кекілі желкілдеген жалғызыңды,

Қай жерде ақырғы рет есіңе алдың?» — деп толғанады. Ал анасы туралы «Анам Айсәуле 98-ге қараған шағында дүние салды. Ащыны да, тұщыны да молынан татты. Төркіндері дәулетті, абыройлы кісілер болыпты. Жас келін болып түскенде, топалаң басталған. 34 жасында жесір қалды. Күйеуінің орнына шахтаға түсіп, 4 баласын асырады. Мен азамат болғанға дейін еңбектен қол үзген жоқ» деп жазғаны бар.

Міне, осылайша жас кезінен-ақ тағдыр тауқыметін тартуға тура келген бала Әбіштің қиялға беріліп, ойшыл болып өсуі, бір жағынан, заңды құбылыс сияқты да көрінеді. Әрине, бұл сол тұстағы жас ұрпақтың көбіне тән қасірет. Бірақ оның ойлау қабілеті тез жетіліп, тума таланты басқа қатарласта-рынан бұрын танылғандығын атап айтқан ләзім. Бұған оның бойына ана сүтімен дарыған қасиеттеріне қоса туып-өскен өлкесінің табиғи ерекшеліктері де айтарлықтай ықпал еткен тәрізді. «Мен бала болып ойын қуып кеткен емеспін, — дейтін ол студенттік кезінде сол бір бұғанасы қатпаған балғын шағын еске түсіре отырып. – Басқа балалар асық ойнап, доп қуып жүрген кездері мен бір биіктеу төмпешіктің басына шығып алып, «Осы асық ойнағаннан не шығады, доп қуғаннан қандай пайда?» деген сияқты ойға беріліп, көкжиекпен астасқан қырат-белдерді көзбен шолып, ұзақ отырушы едім. Бірқатар  кемпір-сампырдың «Кекілбай марқұмның соңында қалған жалғыз тұяғы қияли болып кетпесе жарар еді» деп өзара сыбырласа сөйлесіп отырғанын да құлағым шалып қалатын. Бірақ өзімнің есім дұрыс екені өзіме аян, ондай әңгімелерге мән бермеуші едім».

Мүмкін ол сонда болашақта өзін қандай өмір шырғалаңдары күтіп тұрғанын да көз алдына елестетіп отырған шығар-ау.

Ол жоғары сыныптарда оқыған жылдары Маңғыстау өңіріне мұнай көздерін барлайтын маман геологтар көптеп келе бастаған екен. Жазғы демалыс айларында соларға ілесе жүріп, болашақта геоглог болсам-ау деп те армандаған кездері аз болма-ған сыңайлы. Мектеп бітірген бойда құжаттарын алдымен Алматы политехникалық институтына тапсыруы сондықтан. Бірақ онда құжат қабылдау аяқталып қалғандықтан, университеттің филология факультетіне келген ғой. Екеуміздің алғашқы таныстығымыз сол күннен, яғни 1957 жылғы 27 шілдеде қабылдау комиссиясына құжат тапсыру сәтінен басталған еді. Бұл жөнінде Әбекең өз естеліктерінде де жазған болатын. Әбекең өзінің қайталанбас таланты таныла бастаған жастық шағында кеңестік кезеңнің әр сөзіңнен саяси астар табуға тырысқан тоталитарлық тәртіптің да шырмауына түсіп көрді. Қаламгерлік еңбекті қоғамдық жұмыспен ұштастыра жүріп, тауқыметі көп әлеуметтік өмірдің талай шиеленісті додаларынан әдебиет әлеміне үзеңгілес келген  әріптестерін де аман алып шығуға күш салды. Бұған оның университетте бір топта оқыған курстасымыз Оразбек Сәрсенбаевтың «1961 жыл» деп аталған поэмасы төңірегінде болған айтулы дау-дамайлар кезінде айтқан ұтымды ойлары мен тұшымды тұжырымдары да толық дәлел бола алады. Бұл мәселе партияның орталық комитетінде де кеңінен талқыланғаны белгілі.

Ал Кеңес Одағының соңғы кезеңінде ұлттық сананың жаңа сапалық сатыға көтерілу үдерісі мейлінше өрістеп, ол туралы пі-кірталас бұрын-соңды болмаған сипат алған тұста және еліміз егемендік алып, еңсемізді көтере бастаған  кездегі қоғамдық, саяси-әлеуметтік саладағы қызметтері мүлде өлшеусіз. Оның осындай алмағайып кезеңдерде халықтың рухын көтеретін мәнерлі де мазмұнды, зерлі де зерделі сөздерін әлемнің әр түкпіріндегі қандастарымыздың қай-қайсысы да айрықша зейін қойып тыңдағаны ақиқат.

Иә, біз оны 1-курсқа қабылданып, жаңадан таныса бастаған кезде жәй ғана «Әбіш» дей салушы едік. 2-курсқа келгенде, біліктілігіне қоса зеректігін аңғарып, «Әбеке» дей бастадық. 3, 4-курстарда оқыған жылдары оны біз ғана емес, университетті бізден бұрын бітіріп шыққан ақын-жазушылар да «Әбеке» деп отыратын болды. Ал соңғы курсқа жеткен кезде әдебиеттің сол тұстағы «азулыларының» да «Әбеке» деп амандасып жатқанын талай рет көргеніміз бар.

Өйткені бұл кезде ол бүкіл әлем әдебиетімен сусындағанының арқасында әлдебір «мықтылармен» пікірталасқа түсе қалса, логикалық және философиялық жағынан жан-жақты негізделген дәйекті деректерімен де, небір шұрайлы сөздерімен де қар-сыласын он орап алатындай әсер қалдыратын.

Міне, осындай өмір соқпақтарынан өткен Әбекеңнің ғұлама ойшыл, кемеңгер қаламгер, қажымас қайраткер атанғанына таңдана алмайсың. Оның, әсіресе, соңғы ширек ғасыр бойына атқарып келген жоғары лауазым-ды қызметтері дүниенің төрт бұрышын түгел кезіп, басқа халықтардың да тағдыр-талайын бір-бірімен салыстыра қарауға мүмкіндік бергендігін айтпай кетуге болмайды. Бұл ретті оның өзі былай деп жазғаны бар.

«Ес біліп, етек жапқалы туған жерімнің сырын түсінемін деп жүріп, күллі дүниенің сырына, оның тарихын білемін деп жүріп, күллі адамзаттың тарихына құштар болдым. Дүниенің қай бұрышына барсам да, туған жерімнің бір пұшпағы алдымнан шыға келгендей болады…».

Шынында да, Әбекең бармаған ел, баспаған жер қалмаған тәрізді. Ара-тұра Оралға да соғып тұратын еді. Осы орайда менің ойыма біздің қаламызға алғаш келген кезі орала береді.

Бұл 1964 жылғы қаңтар айы болатын. Сол күндері алай-дүлей боран болып, қаладан шығу мүмкіндігі болмады. Сосын ақын Жанғали Нәбиуллин (оның қайтыс болғанына да 3-4 ай болып қалды) екеуміз оған қаланың тарихи орындарын аралаттық. Ол, әсіресе, ескі ғимараттардың салыну тарихын сұрастырыңқырап, мұражай экспонаттарын ерекше ықыласпен тамашалады. Не көрсе де, нені қызықтаса да, соны өзінің Маңғыстауы мен Таушығының әлдебірдеңелерімен салыстыра қарап, өзінше ой түйіп жүретіндігін біз сол жолы-ақ аңғарғандай едік.

Әбекеңмен содан кейін де талай жүздесіп жүрдік қой. Бірақ осы сапарындағыдай еркін пікірлесудің реті келген жоқ. Бір реті келгенде одан болашақ жоспарлары туралы да сұрағаным бар. «Мен таза шығармашылыққа 10 жыл жұмыс істеп, «қақпай-соқпаймен» қаржы жинап алған соң отырамын», — деген еді сонда ол. Сосын мен оның «қақпай-соқпайының» сырын сұрадым. Сөйтсем, ол университет бітіргеннен кейінгі бір жарым жыл ішінде Мопассанның «Өмір» және «Пьер мен Жан» романдарын аударып, Л. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін» қазақшалауға үлес қосқан екен. «…Осы үшеуінен алған қаламақым – мынау» , — деп ол студенттік кезіндегі жинақ кассасының кітапшасын ашып көрсетті. Бірақ ол шығармашылықпен ғана айна-лысып 10 жыл емес, 30 жылдан кейін де отыра алмады. Оны отырғызбаған өз жағдайы емес, ел болашағы мен жоғарыда айтылғандай, әдебиет әлеміне қанаттаса келген қаламдастарының қамы болатын. Себебі ол тұста жаңадан көрінген ақын-жа-зушылардың кітаптарын жылдық жоспарға енгізу үшін де талай адамның алдына барып, талай табалдырықты тоздыруға тура келетін.

Шынымды айтсам, мен алғашқыда бұл жолы Әбіш құрдасымның тек Оралда болған күндері туралы ғана жазуды жоспарлаған едім. Бірақ қолыма қалам ұстап, жазу үстеліне отырғаннан кейін бір ойды бір ой қуалап, Әбіш әлеміне бір кіріп кеткеннен кейін оның түпсіз терең «шыңырауынан» малтып шыға алмай отырғанымды да жасыра алмаймын.

«Жаман шынымды айтамын деп отырып, сырын айтады» дегендей, мен тағы бір шындықты айтар болсам, бұрынырақта әлдебіреулердің «Ой, сіз Әбіш, Оразбек, Мұхтар, Сайын сынды атақты-жазушылармен бірге оқыған екенсіз ғой. Асанәлі, Райымбек, Сәбит сияқты айтулы әртістермен де сыйлас болыпсыз» деген көтерме сөздеріне көп мән бере қоймаушы едім. Енді 76 жастан асқан шағыңда осындай лебіздердің өзі көңілге үлкен медеу болатын сыңайлы. Бір жылдары осындай тау тұлғалы адаммен қатар жүргеннің  өзі үлкен абырой екен ғой. Тек  сол абыройдан айырмағай деп армандаушы едім. Қайтерсің?!

Ал Әбіш Кекілбаевтың осы 60 жыл аумағында жазған шығармалары мен алған абыройлы атақтарын санамалап шығудың өзі біраз уақыт алар еді. Соның тек ең бастыларын ғана атар болсақ, 1986 жылы «Үркер» және «Елең-алаң» романдары үшін Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанып, 1999 жылы Отан орденімен марапатталды. 1992 жылы Қазақстанның халық жазушысы атанып, 2002 жылы Халық-аралық түркі дүниесіне қызметі үшін сыйлығы мен 2003 жылы тәуелсіз Тарлан сыйлығының иегері болды. Ал 2009 жылы омырауына Қазақстанның Еңбек Ері атағының алтын жұлдызын тақты.

1999 жылы Ә. Кекілбаевтың 60 жылдығына орай «Өлке» баспасынан таңдамалы шығармаларының 12 томдығы жарық көрсе, 2009 жылы 70 жасқа толуына байланысты бұрын еш кітапқа енгізілмеген публицистикалық, философиялық талғамдары, тарихи-танымдық баяндары, зерттеулері, эсселері мен естеліктері «Нұрлы әлем» баспасынан «Сыр десте» деген атпен бес томдық болып шығарылды. Демек, болашақта оның шығармаларының толық жинағы шығарылар болса, ол кемі 30 томдық болары сөзсіз.

Бүкіл түркі әлемін тамсандырып, артына осынша мол мұра қалдырған ұлы тұлғаның мүрдесі жер қайысқан қара құрым ха-лықтың қатысуымен қара жердің қойнына табысталғанын көзім көргенімен, көңіл сенбейді.

Базарғали ҚУАТОВ,

әдебиетші,

Қазақстанның құрметті журналисі


Ислам банкі, ол қандай жүйе?

Күні: , 107 рет оқылды

ислам банк


Соңғы онжылдықта әлемде «Ислам банкі» сықылды сөз тіркесі халықаралық басқосулар мен іскерлік кездесулерде жүйелі естіліп жүр. Араб әлемі және Малайзия, Индонезия сынды ірі мұсылман мемлекеттері барған сайын қаржылық үдерімдерде ислам  банктерінің  әлеуетін ұдайы  пайдаланып  келеді.


Дүниежүзінің ірі қаржы алпауыттары-Лондон мен Париж, Гонконгты айтпағанның өзінде, Қытай және Үндістан сынды Азияның ең үлкен елдерінің ислам банктерімен іскерлік қарым-қатынастарға аңсары ауып отыр. Көршіміз Ресей де аталмыш қаржы құрылымдарымен ынтымақтасуға мүдделі. Ал Қазақстан болса, бұл істе көршісінен көш ілгері. Елбасымыз Н. Назарбаев 2020 жылы Алматыда ислам банкінің өңірлік орталығын ашу міндетін қойды. Сондай-ақ былтыр елімізде ислам банктерінің облигацияларының шығарылуына және таратылуына заң жүзінде  рұқсат  етілді.

Сонымен Ислам банкі қандай қаржылық құрылым? Әңгімені бастамас бұрын ең әуелі қасиетті ислам дінінің рухани бір алғышартына тоқтала кетейік. «Құран-Кәрім» мен шариғат заңдарына сәйкес, исламда  кез келген мүміннің байлығы, яғни қаржысы мен малмүлкі еңбегі және іскерлік әрекетінің нәтижесінде жинақталса, ол адал. Сондай-ақ мұраға қалған немесе сыйға берілген жоғарыдағы игілік те адалдың қатарынан. Ал пара, кісі өлтіру, ұрлау және өсімқорлық, тағы басқасы арқылы баю харамға жатады. Аталмыш әрекеттердің екі  дүниеде де өзіне лайықты жазасы бар. Араб тіліндегі «риба» және «харар» зат есімдері соған арналған. «Риба» сөзі несие беру мен сауда келісіміндегі  өсім ақшаның атауы. Яғни қанша несие алынса, дәл сондай қайтарымы болуы керек. Сауда келісімінде де солай.  Одан артығы – біреудің қалтасына түсетін арам ақша. «Харар» дегеніміз – кәдімгі өсімқорлық, белгілі бір тауарды сатып алғаннан соң, кейін сатқанда оның құнын кемінде жарты (50 пайыз) немесе екі есе артық бағамен ұсыну. Ешқандай тер төкпестен, біреудің ақшасын иемдену. Мәселен, бүгінгі теңге нарығындағы алыпсатарлық – күнәнің бір түрі. Ал исламның қағидаты бойынша іске салынбаған қаржыға (артық ақшаға) кедейлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың есебіне ізгілік салығы салынуы тиіс. Ал кейде адам қабілетіне байланысты ақшасын ұсынақты пайдалана алмаса, оның қаржысын кәсіпкер немесе сауда ісінің адамына беріп, оның табысынан лайықты үлесін алуына болады. Тек ол берген ақшасының өсімін талап етпеуі тиіс. Мәселен, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жас кезінде табыскер көпес болған. Кезінде оның саудасына бай жесір Хадиша әжеміз өзінің ақшасын салыпты. Жас азаматтың саудадағы адалдығына көзі жеткен соң және басқа да тамаша қасиеттеріне сүйсінген Хадиша әжеміз кейін оның адал жарына айналды.

Енді ислам банкіне оралайық. Өткен ғасырдың басында отарланған араб және өзге мұсылман елдерінде АҚШ пен Батыс банктерінің бөлімшелері ашыла бастады. Алайда ол банктердің негізгі жұмыс әдісі – өсімқорлық екенін терең түсінген көптеген діндар бай адамдар оларға ақша салуға немесе алудан тартынды. Нәтижесінде асыл дініміз бен шариғатқа қайшы келмейтін исламдық банк ашуға ұмтылыс пайда болды. Сөйтіп өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ислам банктері өмірге келді. Ең біріншісі – Ислам жинақ банкі ретінде 1963 жылы Мысыр елінде ашылған. Жетпісінші жылдардан бастап, ол кең өріс ала түсті. 1974 жылы Ислам мемлекеттерінің ұйымы кезекті отырысында халықаралық «Ислам даму банкін» құру жөнінде шешім қабылдады. Жалпы, ислам банктерінің бастауында Сауд Арабиясының мәлігі әулетінің мүшесі, ханзада Мохамед әл-Фейсал мен катарлық  Салех Кәміл тұр. Ал ХХ ғасырдың сексенінші жылдары Оңтүстік-шығыс Азияда ислам банктері ашылып, жедел көбейді. Бұл аймақтағы банк ісінің көшбасшылығына Малайзия ие.

Ал Қазақстанда алғаш рет 2010 жылы Араб әмірліктерінің «Әл-Хилал» ислам банкінің өкілдігі ашылды. Көршіміз де бізден қа-лыс қалмауды ұйғарыпты. Былтыр көктемде Ресей Мемлекеттік Думасының  қаржы істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Дмитрий Савельев елінде 20 миллион мұсылман өмір сүріп жатқанын тілге тиек ете отырып, ислам банкингін ендіру жолындағы кедергілерді жоятын заң жобасын ұсынды. Жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығы ислам банктері дамуының шарықтау шегіне айналды. Клиенттер жыл сайын өсіп, пассивтік үдерімдер салынған инвестициялар өсті. Ислам инвестициялық банктері лизингтік үдерімдер мен тәуекелдік капитал нарығында белсенді әрекет жасауда. Нәтижесінде Батыстық бәсекелестерімен еркін тайталасқа жарап қалды. Бүгінде АҚШ пен Батыстың алпауыт банктері ислам банктерін еріксіз мойындауға мәжбүр.

Ислам банкі қалай жұмыс істейді? Ол пайыздың орнына банкте салымы бар клиентке кәсіпорын табысының өзіне тиесілі үлесін алуына ұсыныс жасайды. Тек оған міндетті түрде бір шарт қойылады, яғни аталмыш ақша істің мүмкіндігі ықтимал шығынын да бірге өтеуі керек. Банк клиенттер үшін үш есепшоттың кез келгенін ұсынады. Бірі – ағымдағы есепшот. Басқа банктен айырмашылығы – оған пайыз төленбейді. Қанша саласың, сонша аласың. Екіншісі, жинақ есепшоты. Аталмыш есепшот иесінің банк табысына ортақтасуына құқығы жоқ. Алайда банк әкімшілігі өзінің қалауы бойынша клиентіне сыйақы ретінде белгілі бір мөлшерде ақша ұсына алады. Клиенттердің жинақ есепшоттарында қордаланған ақшасын сол банк әкімшілігінің тәуекелі аз үдерімдерге, әдетте сауда келісімдерін қаржыландыруына мүмкіндігі бар. Үшіншісі, инвестициялық есепшот болып табылады. Оның иесі банк әкімшілігімен кірісті де, шығысты да өзіне тиесілі үлесі бойынша бөліседі. Үлескерлер салым бойынша кірісін алғанымен, табыстың болуы немесе болмауына банк кепілдік бермейді. Өйткені банк шығынын инвестициялық салым арқылы өтейді. Егер банк клиенттеріне кәсіби тұрғыдан сапасыз қызмет көрсетсе, олар сотқа шағынуға құқылы.  Сонымен исламда ақша жадығаттарын жұмылдыру әдісі акционерлік капиталдағы қаржыны тек іске ғана тарту болып табылады. Нәтижесінде ақшадан ақша «тумайды», қаржы тек өндірістік мақсаттарға бағытталады. Бұдан басқа ислам банктеріне темекі, арақ-шарап өндіру, есірткі өсіру, қару-жарақ жасау және басқа харам істерді қаржыландыруға тыйым салынған.

Көптеген әлемдік экономистердің пайымдауынша, үлестік қаржының өзіндік артықшылықтары бар. Мәселен, батыстық банктерде несиелік пайыздың көлемі әр елдің орталық банкісі белгілеген есептік ставкасына тәуелді, нәтижесінде ол нақты сектордың, яғни экономиканың дамуына мейлінше қатқыл шарттарын қояды.

Ал исламдық жүйеде үлес бойынша кіріс банк үлескерлерінің қаржысы салынған компания акцияларының табысына байланысты. Нәтижесінде нақты сектордың даму қарқынына оңтайлы инвестициялық ахуалдың орнауына және экономиканың айрықша табысты салаларына қаржы жадығаттарының барынша тиімді бөлінуіне жол ашылады. Сөйтіп, өндіріс өсімқор банктің өктемдігінен құтылады. Демек, банк экономикаға емес, керісінше экономика банкке  талап қояды. Сондықтан исламдық банктердің келешегі кемел екендігі сөзсіз. Қазір елімізде де исламдық банктер ашылып, жұмысын жүргізуде. Оған отандық клиенттердің ықылас танытарына  сенім  мол.

Серік   ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Мәжіліс Елбасы Н. Назарбаевқа өзін-өзі тарату туралы үндеу жолдады

Күні: , 147 рет оқылды

мажилис


ҚР Парламенті Мәжілісі Қазақстан халқына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзін-өзі тарату туралы үндеу жолдады. ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы үндеуі мәтінін төменгі палата депутаты Нұрлан Әбдіров жария етті.


«Біз, Мәжілістегі «Нұр Отан», «Ақ жол», Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының парламенттік фракцияларының  өкілдері, еліміз үшін ең тағдырлы кезеңде тарихи мәні бар үндеу жариялау үшін жиналып отырмыз. Қазақстан халқына және Елбасына жолдайтын үндеуіміз Ұлт жоспары мен дағдарысқа қарсы шараларды қай партияның жүзеге асыруын айқындайтын халықтың сенім мандатын анықтап алуды көздейді», – деді үндеуді оқыған Н. Әбдіров.

«ҚазАқпарат» сайты

Владислав КОСАРЕВ,

ҚР  Парламенті Мәжілісінің  депутаты, «Халықтық  коммунистер» партиясы  (ҚХКП) фракциясының  жетекшісі:

– Біз де бүгін фракцияда осы мәселені кеңінен талқыладық. Біздің партия Мәжілісті тарату мен кезектен тыс сайлауды қолдайды. Өз ұстанымымды түсіндірейін. Біріншіден, әлемге жаһандық бейберекетсіздік төніп тұр. Халықаралық қаржы, экономикалық дағдарыстың құрылымдық сипаты бар. Әлемдегі сілкіністер жаһандық экономиканың сипатына да, халықаралық қатынастарға да өз әсерін тигізуде. Біз халықтың өз таңдауы арқылы партияларға жауапкершілікті тағы да нақтылауын қалаймыз. Біз ұдайы халықтың қаражатын үнемді ұстауға шақырып келеміз. Сондықтан да Мәжіліс пен мәслихат сайлауларын біріктіріп өткізу дұрыс деп санаймыз және өз бәсекелестерімізбен сайлаушылардың  дауысы  үшін  күреске  түсуге  әрқашанда  дайынбыз.

Нұрлан  ЖАЗЫЛБЕКОВ,

ҚР  Парламенті  Мәжілісінің  депутаты:

– Дүниежүзілік дағдарыс кезінде Елбасының Ұлт жоспарына байланысты реформаға қатысты Парламент 59 заң қабылдады. Сол заңдардың барлығын іске асырып, қоғамға ертең жұмыс істеуі үшін Парламенттегі үш фракция да осындай ұсыныс берді. Бұл науқан, менің ойымша, жергілікті мәслиxатпен бірге өтуі керек. Себебі мәслиxатқа, жергілікті әкімдіктерге үлкен жағдай жасалған. Бүгінгі күнде олардың өз бюджеті бар. Өтініш берген себебіміз, жаңа Парламент, жаңа мәслиxаттар ертең Елбасы тапсырмаларын, реформаларды жүзеге асырып, қоғамға, xалық игілігіне жұмыс жасауы тиіс. Екіншіден, бұл реформаларды тек қана Парламент пен Үкімет қана емес, қоғам болып, ел  болып  бірге  атқаруымыз  керек.  Сонда  ғана  біз  нәтижеге  жетеміз.

Қайыржан ИДИЯТОВ,

«Ақжол» демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Мәжіліс депутаттарының ҚР Президентіне Мәжілісті мерзімінен бұрын тарату және кезектен тыс сайлау тағайындау туралы Жарлығын қабылдау туралы бастамасын, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы үндеуін толығымен қолдаймыз. Бұл бағытта партиямыздың төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат  Перуашев  та  өз  пікірін  білдірді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымдағы депутаттарға көпшілік риза. Олар заңнамаға ел тарихында бұрын-соңды болмаған кең көлемді  өзгерістер  енгізуді  жүзеге  асырды.

Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жаңа құрамын сайлау барша халықтың экономикалық және азаматтық белсенділігін арттыру үшін қуатты қозғалтқыш күшболатынына сенімдіміз.

Аққали ӘУБЕКЕРОВ,

Орал қалалық мәслихатының  хатшысы:

– Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау жөніндегі бастаманы «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде толық қолдаймын. Елбасымыз «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында ел мүддесіне еңбек ететін әрбір қазақстандыққа жаңа міндеттер мен зор жауапкершілік жүктелгенін айтты. Бүгінде әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс ахуалы елімізді айналып өтпейді. Тәуелсіздігіміздің тұғыры бекігеніне 25 жыл болды. Мемлекет басшысы дамыған отыз елдің қатарына кіру үшін «Қазақстан – 2050» стратегиясында айқын бағыт ұсынғаны белгілі. Егер Парламент пен жергілікті мәслихат депутаттары жаңадан сайланатын болса, тың бастамалары мен зор ізденістері бар үміткерлер келеді. Қоғам жаңғырып, әрдайым дамып отыру үшін жаңа серпін керек. Бір сөзбен айтқанда,  бұл бастама  қисынды шешім болары анық. Қазір ұлт бірлігін сақтап, дағдарыстан шығудың ұтымды жолын іздеу маңызды. Мерзімінен бұрын  сайлау өткізуді қолдаймын және әріптестерім де осы  ұсынысқа  келіседі  деген  ойдамын.

Сұлтанбек СҰЛТАНҒАЛИЕВ,

Қазақстанның Коммунистік халық партиясы облыстық филиалының екінші хатшысы:

– Депутаттық корпустың мерзімнен бұрын Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауын өткізу туралы үндеуін біз толығымен қолдаймыз. Мәжіліс депутаттары осы кезге дейін еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайының дамуы үшін қажет көптеген заңның қабылдануына мұрындық болып, көп еңбек етті. Сөйтіп, реформаларды практикалық тұрғыда жүзеге  асыруға  барынша  жағдай  жасады.

Парламент жұмысын үдете түсу үшін халық қалаулылары мұндай қадамға барып отыр. Бесінші шақырылымдағы Мәжіліс өз миссиясын орындады деп айтуға толық негіз бар. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін қазіргі Мәжіліс заңнамалық негізді толық қалыптастырып  берді.

«Ауыл»  халықтық-демократиялық  патриоттық  партиясының  Парламент  Мәжілісі  мен  барлық  деңгейдегі мәслихаттар  депутаттарының  мерзімінен  бұрын  сайлауын  өткізу  туралы  бастаманы  қолдау  туралы мәлімдемесі

Біз, «Ауыл» партиясының мүшелері депутаттардың Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастамасына қолдау білдіреміз.

Бүгінде барша қазақстандықтардың алдында Бес институттық реформа мен еліміздің дағдарысқа қарсы стратегиясын жүзеге асырудың маңызды міндеттері тұр.

Көздеген мақсаттарға табысты жету жолында мақсатты түрде, алаңсыз жұмыс істеу үшін біз ертеңімізге және жүргізілетін саясаттың болжамдылығына сенімді болуымыз керек.

Біз – шаруалардың, ауыл тұрғындары мен  ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің партиясы ретінде мерзімінен бұрын сайлау өткізіп, жаңа Парламент жасақтау жаһандық дағдарыстан абыроймен шығу үшін және Қазақстанның әрі қарай табысты дамуы үшін жүктелген міндеттерді толыққанды жүзеге асыруға қажетті халық сенімінің мандатын алуға мүмкіндік береді деп санаймыз.

Біз бүгін барша саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өтікізу туралы бастамасына қолдау білдіруге үндейміз.

Біз мерзімінен бұрын сайлау өткізу қазіргі аса күрделі кезеңде еліміздің ұйыса түсуіне және Қазақстанымызды дамудың жаңа белестеріне  шығаратынына сенеміз.

«Ауыл»  ХДПП  баспасөз  қызметі


Дәрі неге қымбаттады?

Күні: , 164 рет оқылды

gr600_default - копия


Қазіргі таңда бәрі қымбат. Азық-түлік пен  киім-кешек, коммуналдық және тұрмыстық қызмет көрсету ақысы, жолақысы, бәрі-бәрі уақыт өткен сайын өсе түсуде.


Ал дәрі-дәрмек құнының өсуі тіпті сұмдық! Бүгін алған дәріңіздің құны бір айдан соң екі есеге дейін, кейбіреуі тіпті одан да артыққа өсіп кетеді. Қаладағы дәріханаларға жиі бас сұғып тұра-тындықтан, бағаның қатты көтеріліп кеткеніне өзім  талай рет куә болдым. Және дәрі сатып алушылардың наразылығын да жиі естіп жүрміз. Дәрі-дәрмек бағасының не себепті осыншама аспандап кеткенін сұрап, жақында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Сәбит Іскендіровке хабарластық.

— Сәбит Әмзебекұлы, дәріханаларға барғанда дәрілердің бірқатары екі есеге, тіпті одан да артыққа көтеріліп кеткенін айтып, реніш білдіріп жатқандарды жиі көреміз. Сіздерге осы бағытта наразылық танытып, арыз-шағыммен келіп жатқандар бар ма? Және дәрі-дәрмектің қымбаттау себебін халыққа түсіндіріп берсеңіз?

— Дәрі-дәрмек құнының өсуіне байланысты біздің мекемеге әлі күнге дейін жазбаша арыз-шағым түсе қойған жоқ. Дегенмен мониторинг қорытындысы дәрі-дәрмек бағасының 40-50 пайызға қымбаттағанын көрсетті. Қазіргі таңда облыс көлемінде 40 дәрі қоймасы, 227 дәріхана бар. Мұның 150-і қалада орналасқан. Бұған қоса облыста бөлшек саудамен айналысатын 441 дүңгіршек тіркелген. Осы дәріханалардың барлығы халықты қажетті дәрі-дәрмекпен  қамтамасыз етіп отыр. Дәрілердің қымбаттауына дәріханалар кінәлі емес. Доллардың күн сайын көтеріліп отырғанын бәріңіз көріп отырсыздар. Бізге дәрілердің 90 пайызы шетелден келеді, тек 10 пайыз дәрі-дәрмек өз елімізде дайындалады. Шекара асып келетін дәрілер доллар көтерілген сайын қымбаттай береді, бұған біз ештеңе жасай алмаймыз. Дәрі қаншама қымбат болса да, қажет болған соң тұрғындар сатып алуға мәжбүр, бұл жағдай, әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, зейнеткерлерге қиындық әкеліп тұр.  Бұл ретте Үкімет қол қусырып қарап отырған жоқ, қоғамдағы әлсіз топтар үшін қолайлы жағдай жасауда. Мысалы, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ми-нистрлігі халықтың әлеуметтік әлсіз тобын қорғау  мақсатында нақты шараларды қолға алды. Мысалы, былтыр сәуір айынан бастап Қазақстанның барлық облыстарында, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында әкімдіктер, ҚР ДСӘДМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің департаменттері мен фармацевтикалық қауымдастықтар арасында дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасын ұстап тұру бойынша арнайы келісім жасалды. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың отандық және халықаралық өндірушілері, дистрибьюторлар және бөлшек сауданың өкілдері 2015 жылғы 1 наурыздағы деңгейінде бағаларды бекітіп, жиі қолданылатын дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар-дың 200 атауына бағаны ұстап тұру туралы әлеуметтік жауапкершілікті өздеріне алды. Атап айтқанда, қабынуға қарсы, ауырсы-нуды және дене қызуын басатын препараттар, антибиотиктердің кейбір түрлері, сондай-ақ шприцтер және дәкелер. Келісім бойынша бұлардың бағасы былтыр жыл аяғына дейін өзгерген жоқ. Мұның өзі халықтың әлсіз тобы үшін үлкен көмек болды. Бұл үрдіс биыл жалғаса ма, жоқ па, оны әзірге нақты айта алмаймын. Өйткені бұл жағдай қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде қаралуда.

— Жақында теледидардан ЕЭО елдері арасында дәрілік препараттарға ортақ бір реестр қалыптастыру жөнінде мәселе қарастырылып жатқанын естідік. Мұның біздің елімізде дәрілердің арзандауына септігі бар ма?

— Мұны қалай түсіндірсем екен? Қысқасы, елімізде арнайы рұқсатпен айналымға шығатын дәрілік препараттардың тіркелімі әуелден бар. Осындай тіркелімге ресми түрде енген дәрілерді ЕЭО елдерінің бір-біріне шығаруы жөнінде әңгіменің жүріп жатқаны рас. Бірақ бұл мәселе әлі шешілмеген, қазіргі уақытта министрлікте талқылануда. Барлық нәрсенің оң және теріс жағы болатыны сияқты, бұл шаруаның да тиімді және тиімсіз жақтары болуы мүмкін. Министрліктегілер сол мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, шешім қабылдағаннан кейін ғана бұл жөнінде нақты айтуға болады, ал әзірге бұдан артық ештеңе айта алмаймын.

— Дәріханалардан дәрі сатып алғанда, өз елімізде даярланатын дәрі-дәрмектердің де қымбаттағанын көріп жүрміз. Сіз жаңа бір сөзіңізде «Шетелден тасымалданатын дәрілердің қымбаттауына доллардың көтерілуі себеп болды» дедіңіз. Ал отандық дәрі-дәрмектің қымбаттауын немен байланыстырасыз?

— Доллардың өсуі ЕЭО құрамындағы Ресей, Белорусь елдерінен, тіпті өзіміздің Қазақстаннан да шығатын дәрілердің қымбаттауына себепші болуда. Өз елімізден және көрші ТДМ елдерінен шығатын дәрілердің кейбіреуінің құрамындағы ұнтақтар мен олардың қаптамалары, инъекция жасауға арналған сұйық  дәрілердің әйнек ампулалары шетелден алынады, олар шетелде қымбат тұрады. Міне, нақ осы жағдайлар кейбір отандық прерпараттар құнының көтерілуіне себепші болуда. Дәрі қымбаттады екен деп адамдар емделмей тұра алмайды. Олар дәрігер белгілеген дәріні сатып алуға қаражаты жетпесе, дәрігермен кеңесе отырып, дәріхана қызметкерінен оның орнына пайдаланатын арзандау препаратты сұрауы керек. Кез келген қымбат препаратты алмастыратын  арзан дәрілер (аналогтары) бар, науқастар соны пайдаланып, тығырықтан шығудың амалдарын өздері жасауы тиіс. Елбасымыз бұл дағдарысты өтпелі кезең деп жатыр ғой, уақыт өте келе біз де бұл қиындықтан құтылып, емен-жарқын күнге де жетерміз. Мемлекет басшысы өзі бас болып отандық дәрілерді өндіретін кәсіпорындарға қолдау жасайық деп жатыр ғой. Бұл жағдай отандық дәрі-дәрмектің көбеюіне ықпал етіп, нәтижесінде арзан дәрі-дәрмекке қол жеткізетін шығармыз  деп үміттенемін. Ал  әзірге уақытша қиындыққа шыдағанымыз жөн, — деген Сәбит Әмзебекұлы қазіргі таңда өңіріміздегі дәріханалардың тұрғындар сұранысын толықтай қамтамасыз етіп тұрғанын айтты.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

P.S.

Теңге еркін айналымға жіберілгелі дәрі-дәрмек құнының қатты өсіп кеткені сондай, қарапайым кісінің қалтасы көтермейтіндей жағдайға жеткен. Әсіресе, алыс шетелдерден келетін дәрілер қымбат-ақ. Олардың кейбіреуінің бағасы бұрынғысынан әлденеше есе өсіп кеткен. Мысалы, биылғы тамыз айына дейін 1500 теңге тұратын «Монтигет» дәрісі девальвациядан кейін 4800 теңгеге дейін көтерілсе, «Фемостон» дәрісі 2900 теңгеден 4980 теңгеге бір-ақ секірді. Іш құрылысы ауруларына пайдаланылатын «Креон» (40 мг) дәрісі қыркүйек айында 2500, қазан айында 3,500-4,500 теңге болса, жақында нақ осы дәріні «Талап» АҚ-ның дәріханаларының бірінен 14 мың теңгенің үстінде көрдім. Сатушы бұл дәрінің 20 пайыздық  жеңілдікпен 11 мың теңгеге сатылатынын айтты. Бұл не деген қымбатшылық!?. Дәрігердің науқастың ауруына қарай жоғарыда аталған дәрілерден басқа да қосымша препараттарды белгілейтінін ескерсек, бір органды емдетіп шығу үшін қыруар қаражат қажет болатыны айтпаса да түсінікті. Мынандай қымбатшылықта олардың толыққанды ем ала алмайтыны белгілі. Халықты бұл қиындықтан құтқару үшін Елбасы Жолдауында айтылғандай, елімізде отандық фармацевтикалық кәсіпорындарды құруға күш салынуы керек. Қазақтың кең даласы дәрілік өсімдіктерге толы, демек, отандық дәрілер даярлайтын қазақстандық кәсіпорындар ашуға бізде мүмкіндік мол. Басқа өңірді былай қойғанда, осы Батыс Қазақстан облысында да дәрілік өсімдіктер көп-ақ. Олай болса, осы бағытта мол тәжірибесі бар адамдарға дәрі-дәрмек шығаратын шағын зауыт-фабрика ашуға болмай ма? Сонда жергілікті адамдар дәрі қымбатшылығынан бірте-бірте құтылар еді…  Естеріңізде болса, Елбасы отандық дәрілер үлесін 40-50 пайызға дейін жеткізу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы жүзеге асыруға жергілікті бизнесмендер атсалысса және оларды жергілікті билік қолдаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ақсамал АРЫСТАНОВА,

қала тұрғыны:

— Кейде ауырып-сырқағанда дәріханалардан дәрі аламыз, бағасы удай қымбат. Сонда да амалдың жоқтығынан, дәрігерлердің ұсынысымен соларды сатып алып, емделеміз. Өткенде күйеуім науқастанып қалғанда, оның диагнозын анықтап, кешенді ем алу үшін жалақысының жартысын жұмсады. Сол жолы қаражат жөнінен қатты қиналып қалдық. Біз секіл-ді қарапайым адамдардың көбісі дәрігер ұсынған дәрілік препараттарды қымбаттығына байланысты сатып ала алмайды. Содан келіп, «хроник» науқастар мен мүгедек жандар көбейеді. Жергілікті кәсіпкерлер бір-бірін қайталап, бұрыш-бұрыштан жалдамалы дәріханаларды аша бергенше, неге өз жерімізден дәрі-дәрмек даярлайтын бір кәсіпорын ашпайды? Сонда жергілікті халық үшін дәрілердің бағасы қолжетімді болар еді… Өз елімізден шыққан дәрі шетелдікіндей соншама қымбат бол-майтын шығар деп ойлаймын.

Татьяна ДРОБИНА,

қала тұрғыны:

— Дәрілер тым қымбат. Сондықтан мен бүгінде халық емін пайдалануға көштім. Дәріханаларға көп баратын жерлестеріме айтарым, қымбат дәрі біріншіден, қалтаңды жұқартады. Екіншіден, денсаулығыңа зиянын тигізеді. Ал шөппен емделсеңіз, бұдан біраз қаражатыңызды үнемдейсіз. Әрі басқа органдарға зиян келмейді.


«Барса, келмес» – Сирияны бетке алғандар

Күні: , 1 929 рет оқылды

SYRIA-CRISIS/


Өткен жылдың соңында Сирияға кетіп бара жатқан Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының екі жігіті Ақтау қаласының әуежайында ұсталды. Олар «Ақтау – Ыстамбұл» ұшағына отырғалы жатқанда құрықталды. Бала жетектеген әрі жүкті әйелі бар Нұрлыбек Тұрарбекұлы және бірінші топтағы мүгедек Айбол Жолаев. Бұл мүгедек жігіттің Сирияға кетпек болған бірінші сапары емес. Алғашқыда 2014 жылдың 23 желтоқсанында Астрахан қаласында ұсталып, елге қайтарылған болатын. Ал оның қасындағы серігі Айболат Ғабитов құзырлы мекемелердің мәліметі бойынша, шекарадан өтіп Сирияға кеткен…


Бір нәрсеге таңғаласың. Анасының айтуынша, аузына қасығын жөндеп апара алмайтын, арбадан құлап қалса, өздігінен тұра алмайтын қаріп жігіт бір емес, бірнеше рет Сирияға, соғыс қайнап жатқан жерге баруға неге құмартты? Айболмен сөйлескен мамандардың айтуынша, діни сауаты жоқ оның түсінігінше, мұсылман елдерінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» өмір бар, яғни онда исламның асыл құндылықтары салтанат құрып тұр, ол елде адамдар бір-біріне бауыр, әсіресе, мүгедек адамға ерекше қамқор болмақ. Бірақ арбаға танылған Айбол Сириядағы ұзаққа созылған суниттік мұсылман сириялықтар соғысына ондаған экстремистік ұйымдардың қатысып, бейбіт халықтың, балалардың мыңдап қырылып, мұсылман мұсылманды бауыз-дап жатқанын білмейді. Жаңақала аудандық мешітінің наиб имамы Серік Мұстафин (суретте) «Аудандағы теріс діни бағытта жүргендер пікірталастан қашады, имамның сөзін тыңдамайды. Жұма намазына келгенде құлаққап киіп алып, аспанға қарап отырады. Олар газет-журнал оқымайды, теледидар қарамайды, оларды қоғамнан мүлде оқшаулап тастаған. Шындығында, қазақтың жап-жас, жуас жігіттері надандықтың құрбанына айналуда. Қатып қалған тәкпіршілер өздері елде қалып, Сирияға жуас, артында сүйеніші жоқ, надан, қой аузынан шөп алмайтын білімсіз жастарды еліктіріп, жіберіп жүр. Жуас жігіттер байқамай адасып кетіп, ол ортадан шыға алмай жүр. Кейбірімен сөйлестік, олар дәстүрлі Әбу-Ханафи мазһабына оралуға қорқады. Ата-аналарға: «Балаңыз теріс бағытта жүр, бізге көмектесіңіз, баланы дұрыс жолға салайық» десек, өзімізге қарсы шығады. «Балам намазын оқып жүр. Одан да мас болып көшеде құлап жатқандармен күресіңдер. Енді бұл тақырыпты қозғасаң, сотқа береміз» дейді. Осындайда «Отаныңды, дініңді сату үшін сатқын болу қажет емес, ақымақ болсаң жетеді» деген сөз еске түседі. Өте өкінішті», — дейді.

Біз жақында Жаңақала ауданында болып, Айболдың анасы Нұрғайша Хасановаға жолықтық. «Отағасы екеуміз екі бала тәр-биелеп өсірдік. Кішісі Айбол – бала жастан мүгедек, 2010 жылы намаз оқи бастады. Ойы, көңілі бөлінеді деп қуандық. Жамағаты келгенде, өз бөлмесінде ұзақ сөйлесіп отырады. Ер бала болғасын не айтып жатыр деп мән бермедік. Қалаға алып кетеді, бір аптада кері әкеп тастайды. 2014 жылы қалаға кеткен еді, сөйтсем, балам Сирияға кетіп бара жатқан жерінен Астрахан қаласында ұсталыпты. Үйге әкелдік, үнемі бақылауда болды. Екінші рет кетеді деген ой болмады. Осы жолы «Оралға барамын, 3-4 күнде қайтып келемін» деп кетті. Телефон шалсам, сөндірулі. 1 қараша күні полиция келіп, үйді тексерді, баламды Сирияға кетейін деп тұрған жерінде «Ақтау – Ыстамбұл» ұшағынан ұстапты. Есіміз кетіп қалды. Сезсем, жібермеген болар едім», — дейді етегі жасқа толған ана.

Бүгінде Айбол Жолаев пен Нұрлыбек Тұрарбекұлы Орал қаласындағы тергеу абақтысында. Ал Нұрлыбектің әйелі жүкті болған себепті қамаудан босатылды. Тар қапас жиһадшыларды тәубесіне түсіргендей. Күні кеше Сирияға жол тартып, ата-анасын, туған жерін, Отанын сатқандар бүгінде басқаша сайрап отыр. «Істеген ісіме қатты өкінемін, — дейді Айбол Жолаев (суретте). — Жиһад дегенді ғаламтордан қарадым. Діни білімсізбін. Ол жақта соғыс болып жатқанын, бару қате екенін енді біліп отырмын. Нұрлыбектің отбасынан кешірім сұраймын, оны «Барайық» деп үгіттеген менмін. Сирияға кететінімді ата-анам білмеді, зейнетақымды жинап, 100 мың теңгемен жолға шықтым. Білімсіздіктің кесірінен адастық. Бауырларға қателеспеңдер, менің сөзіме құлақ асыңдар, бұл жолдан қайтыңдар деймін».

Жүкті әйелінің, баласының болашағын ойламай, Сирияға сүйреген Нұрлыбек Тұрарбекұлы (суретте) былай дейді: «2014 жылы ислам дінін қабылдап, ұстазсыз, ғаламтордан видео қарап, жиһад, Сирия мәселесінде сезімге беріліп, теріс жолға түсіп кеткенімді білмей қалыппын. Бүгін ойласам, дін сезіммен тұрмайды екен. Бірінші білім керек екен. Жастарға мен сияқты қор болып қалмай, бастарыңа іс түспей тұрып ойланыңдар дегім келеді. Ата-ана туралы хадис көп, «Жәннат ананың аяғының астында» деген бар. Біз әке-шеше, баланы ойламадық. Сендерге біреу Сирияға бар десе ойланыңдар, ол жақта өліп қалсаң, әке-шешең не болады? Қазақстанда ешкім қысым көрсетіп жатқан жоқ, кішкентай баланы Сирияға сүйремеңдер, бала өскенде не болады, қатты қор боласыңдар. Мен білімсізбін, қасымдағы жамағатым не айтса да, көзімді жұмып ере беріппін. Сұрақтарың болса имамнан, дін істері басқармасының мамандарынан сұраңдар, ғаламтордан дін үйреніп керегі жоқ. Әке-шешемнен кешірім сұраймын, оларды қиын жағдайда қалдырғаным үшін қатты өкінемін, олардың қаһарына қалдым». Тап осы жерде Нұрлыбек жылап жіберді. Ол кемсеңдеп отырып, «Анам, кешір мені!» дей берді…

Құзырлы орындардың мәліметі бойынша жалпы тәкпірлік бағытта жүрген әрі Сирияға жиһадқа кеткендердің және діни экстремистік бағыт бойынша сотталған азаматтардың 90 пайызы әке тәрбиесін көрмеген, яғни әкеден ерте айырылған жігіттер екен. «Анасының бауырында иі жұмсақ, көнгіш, жуас болып өскендерді айтқанға көндіру оңай», — дейді психологтар. «Барса келмес», яғни бір жағына ғана жол билеті бар Сирияны бетке алған Айбол мен Нұрлыбекті Алла сақтады бір жолға! Күнәсіз сәбилердің көрер жарығы бар екен. Әсіресе, бүгінде ана құрсағында жатқан бейкүнә шарана жарық дүние есігін қайнаған соғыс пен ұшқан оқтың, қираған ғимараттардың, ойран болып, адыра қалған, өлімнің исі кезген Сирияда емес, тәуелсіз Қазақстанда, Жаңақаланың жып-жылы бір үйінде ашпақ! Періште сәбиді етегіне орап алатын әжесінің бақытын айтсаңшы!?

 

Қалаубек ТЕМІРОВ,

Жаңақала аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

— Ауданда 24 мың халық бар. Өткен жылы діни сауат ашу орталығын аштық. Күні бүгін курста 15 жас оқып жүр. Бірақ облыстағы діни ахуалы күрделі үш ауданның бірі екеніміз рас. Ауданда теріс бағыттағы салафилік жолда жүрген азаматтар бар.

2013-2017 жылдарға арналған экстремизм-терроризммен күрес бағдарламасы бойынша аудан әкімі жанындағы діни бірлестіктермен, құқық қорғау құрылымдарымен, антитеррорлық комиссиямен, қоғамдық ұйымдармен, теологтармен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Жұмыссыз жастарды қолдаудамыз.

 

Жасұлан ҚИСАМЕДИН,

аудан ақсақалы:

— Ауданда исламды бұрмалаушы жастар бар. Дәстүрлі киім үлгісінің болмауы да бізді қынжылтады. Жұма намазға келгенде көремін, «Намаз оқымаған адам – кәпір» дейтін жастар пайда болып жатыр. Олар базардан алған етті жемейді дейді. Бұл дұрыс емес, бисмилланы айтып жесең, адал деп ойлаймын. Құран араб тілінде түскенмен де, біз қазақпыз, намаз оқып, мұсылманның бес парызын орындасақ та, салт-дәстүрден алыс кетпеуіміз керек. Бұл адасу ислам дінін кеш әрі дұрыс бастамаудан, әрі ата-аналардың діни сауатсыздығынан деп ойлаймын. Ауданда сауат ашу курсы ашылды, енді жастарды оқытуды ғаламтор немесе әр үйден емес, осы орталықта қолға алынуы керек.

 

Жарас АХАНОВ,

Батыс Қазақстан облысы дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы:

— Дін – халықты біріктіруші құндылық. Бұзып жаратын күш емес. Қазақтың тарихында жалған діни ағымға бөліну болған емес. Қазіргі ғаламтор (интернет) кеңістігі, демократиялық көзқарас деген желеумен толассыз идеологиялар осындай тосыннан теріс діни ағымдар жолындағы азаматтарды қалыптастырды.

Мемлекет тарапынан жекелей және жалпылай, басқа да мүмкіндіктер арқылы оңалту және дәстүрлі бағытқа қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жеке тұлғаның осындай діни эстремистік сипатқа қалыптасуының бірнеше себептері бар: қо-ғамға ренжуі, психологиялық күйзеліске ұшырауы әлеуметтік жағдайының төмендігі және оны өзінің жалқаулығынан емес, мемлекеттен көруі (әйтпесе жұмыс жасаймын деген адамға елде екі қолға бір күрек табылады), рухани құлдырауы. Жалпы психологияда азғантай топ өзара ауызбіршілікте болады. Теріс діни ағым өкілдерінің аздығы, олардың бір-біріне қамқор болып көрініп, кез келген сәтте бір-бірінің жанынан табылуы сол ортаның әрі қарай сақталуына ықпал етіп отырады. Жалған жиһадшылдық, діни экстремистік көзқарасқа алып келетін теріс идеологиялар салдары осы арбауға түскен азаматтардың мәліметті бір көзден алуынан туындайды. Яғни жан-жақты іздену жоқ. Оның үстіне теріс діни көзқарастағы азаматтар арасында кез келгені шейх-ұстаз бола салады. Яғни оларда субординация (жоғарыдан төмен қарай бағыну немесе білімділігіне қарай реттілік) деген ұғым жоқ. Мысалы, кез келген идеоло-гияда немесе қоғамда жүйе бар. Жүйесіз құрылым, түптеп келгенде, мемлекетте «хаос» тудыратын жағдайға алып келетін жәйттар. Бұндай көзқарастағы азаматтардың діни бағытындағы жүйесіздігі, эмоцияның жетегінде кетуі түсініспеушілікті тудырады. Дегенмен мемлекет тарапынан бұл жағдайлардың жан-жақты бағыттары зерттеліп, талданып, жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Етікші

Күні: , 291 рет оқылды

ДКЗ (1) етикши тилеген лукпанов


Өткен жылғы қарашаның соңында-ау шамасы, Елбасы «Қазжеңіл-өнеркәсіп – Алматы» ЖШС-да болып, өндірістік цехтың жұмысымен танысқаны.  Сонда Нұрсұлтан Назарбаев ұжыммен кездесу барысында отандық өндірушілерді халықтың қолдауының қажеттілігін айтып, фабрикада тігілген костюмді киіп көрсетті. Көгілдір экран арқылы күллі елімізге жарнамалап, барлығымызды отандық киімдерді киюге шақырды.


Одан кейін де Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауын жариялау барысында: «Біз бәсекеге сай болу үшін Қазақстанда жасалған әрбір бұйымның төрт қасиеті болуы керек. Сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек. Бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды. Мен кеше Алматыға барып, Алматының әбден бір қисайған үйлерінің ішінде тұрған шағын фабрикаға барып, костюмдер мен бәтеңкелерді неғып киіп жүр дейсің? Менің баратын жерім жоқ па? Мегалар бар, анау бар, мынау бар. Солар сол жерде бастап жатыр. Қазақстанның, елдің тауарларын шығарайын деп мықшыңдап жатыр жігіттер. Ақшасын салып жатыр. Әйелдерге, қыздарға жап-жақсы жұмыс беріп жатыр», — деді. Мұның барлығын Елбасының отандық өндірісшілерді қолдауы, қамқорлауы деп түсініп, өнеге алуымыз керек.

Жақында Орал қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Әнуарбек Қабашевқа жолығып,  «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының іске асу барысы жайында сұрап-білгенбіз. Өткен жылы несие алып, жаңа кәсіпкерлік нысандарын ашқан азаматтар туралы әңгіме өрбігенде, «Оралда етік тігетін цех ашылғалы жатыр» дегенде, елең ете қалдық. «Өзім де жігіттерді қолдайын деп, етікке тапсырыс беріп қойдым», — дегеніне таңданбай,   Елбасының өнегесі жұғысты болды ғой деп іштей сүйсіндік. Сонымен не керек, «жақсыны көрмекке» деген, біз де сол шеберханаға тарттық. Етік тігудің  шебері Тілеген Лұқпанов әзірге Зашаған кентіндегі жалға алатын жаңа орнына қоныс аудара қоймапты. Сондықтан оны Оралдың бас көшесіндегі (Достық даңғылы, Юбилейный аялдамасы маңындағы) шағын шеберханасынан жылдам таптық.

Орта бойлы жігіт ағасы Тілеген Орынбасарұлы ақжарқын жан екен,  бірден шешіле сөйлесті. Бұрын кеңшарда есепші-агроном болыпты. Кейін қалаға қоныс аударған жылдары сауда-саттықпен айналысыпты. Ол шаһардағы етік жөндейтін шеберханаларды етік жөндеуге қажетті материалдармен қамтамасыз еткен. Содан көре-көре көзі үйренген етік жөндеу ісімен айналысып кеткенін өзі де «байқамай» қалыпты. Ер-азаматқа етік жөндеу не тәйірі, оны да сегіз жыл бойына бір кісідей меңгерген ағамыз енді етік тігу шеберлігіне ден қояды. Оралда етік тігудің шебері саналатын Андрей есімді неміс жігітінен  етік тігуді үш жылдай ерінбей-жалықпай үйреніпті. Сөйтіп, биылдан бастап етік тігуді шындап қолға алыпты.

— Жас адамнан етік тігуді үйреніп жүргеніме таныстарым аздап таңырқасты. Бірақ арланатын несі бар?! «Өнерді үйрен де жирен» деген. Андрейдің етік тігіп отырғанын көргенімде, осыны неге үйренбеске деп өзімді іштей қайрай түстім. Етікшілік қазақтың қанында бар өнер ғой. Ден қойдым, үйрендім. Қызық үшін қаладағы өзге де етікшілердің етік тігу технологияларымен таныстым. Әркімнің өз дағдысы, өз сыры бар екен. Қазір ер адамның қыстық аяқ киімдерін тігудеміз. Әйелдерге етік тігу күрделірек. Оның үстіне нәзік жандылардың кірпияз келетіні тағы бар. Ерлердің етігін тігу оңайлау, сондықтан тапсырыспен және саттыққа тігудеміз. Арнайы және  майтабандыларға арналған ыңғайлы аяқ киімге тапсырыстар көбірек түседі. Ең бастысы, біз етіктің сапасына қатты мән береміз. Өзіңіз көріп жүрсіз ғой, базарларда сатылатын етіктер бір-екі айдан кейін табаны қақырап, жұрттың бәрі өндірісшілерді айыптап жатады. Сондықтан қытайлық шикізатпен жұмыс істемеймін, — деді Тілеген Орынбасарұлы.

Кәсіпкер етік тігуге қажетті сапалы былғары мен табиғи теріні Ресейдегі аяқ киім өндіретін фабрикадан тікелей барып, сатып әкеледі (дәл қандай комбинаттан алатынын айтпайды, коммерциялық құпия ғой бұл жағы). Осының өзі аяқ киім бағасының қолжетімді болуына қатты әсер етеді. Мысалға, ер-азаматтың қыстық шолақ қоныш етігін тігу 12 мың теңге, жазғы бәтеңке 5-5,5 мың теңге тұрады. Шеберханадағы витринада қолдан тігілген етіктер самсап тұр. Қайсыбірін қолымызға алып, көріп жатырмыз. «Мына тігісті көрдіңіз бе? Клиентіміз табанын осылай мықтап тігіп бер десе, айналдыра тігіп те береміз. Арнайы станокта тіккен соң сырт көзге ұрып тұрған жоқ», — деп әнтек мақтанып қойды шебер. Тапсырыстармен тігілген түрлі өлшемдегі етіктерді қолымызға алып, шұқшия қарадық. Кәдуілгі сауда орындарында сатылып жатқан шетелдік етіктерден көп айырмашылығы байқалмады. Былғарысы жұмсақ, жалтырап-ақ тұр. Шеберге етіктеріңіз «Мынауский» дестік.

Етікшінің айтуынша, бір дана қыстық аяқ киімді (сапожки) тігуге екі күн жетеді. Алдымен лекалды, яғни былғарыны пішіп-қиып, машинада тігу, қалыпқа салып тарту, бір күн кептіру, табанын жапсыру сықылды жұмыстар атқарылады. Шұқыма жұмысы көп. Етік тігу әсілі, оңай іс емес, оған ерінбейтін, төзімді, бұл кәсіпті сүйетін адам ғана барады.

— Етікшілік негізі қызық кәсіп, күніге неше түрлі адамдармен тілдесесің. Келген адамның қас-қабағын бағып, тіл табысуың керек. Мінез-құлқы ожар болса да, етігін жөндеп, көңілінен шығуға тырысасың. Қалай болғанда да, тұтынушының ығына жығылып, мәдениетті қызмет көрсетуге тырысасың. Қасымдағы көмекшіме де осыны айтып, құлағына құйып отырамын, — дейді етікші Тілеген Орынбасарұлы.

Расында, біздің батыс өңірінде оңтүстіктегіге қарағанда қызмет көрсету мәдениеті төмендеу. Ол жақта сауда орындарына немесе өзге де қызмет көрсету орындарына бара қалсаңыз, «Әпше, мынаны көріңіз, мынау әйбат, осы сізге жарасады. Бағасын түсіріп береміз», — деп сатып алмасыңа қоймайды. Ал біздегі кейбір сауда орындарындағы бәлденген сатушылар мен қабағы қатулы етікшілерді «мазалағаныңа» іштей қысылып, ләппай деп тұрасың… Сондықтан шебердің мәдениетті қызмет көрсетуге деген құлшынысы өзгелерге де жұғысты болса дейсіз.

Бүгінде Тілеген Орынбасарұлы Зашаған кентінен шағын цех ашуға қамдануда. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алды. Оған Ресейден  қажетті (тігін машинасы, өңдеу операцияларын атқаратын комбайн жабдығы) құрал-жабдық, қажетті шикізат сатып алды. Шебер қасына етік тігу ісіне Дәурен есімді жас жігітті алып, үйретіп жүр. Күйеу баласы Сапар жас та болса, сыралғы серігі әрі таптырмас көмекшісі. Әзірге олар өнімдерін тұтынушылар қатарын өсіруге асыға қоймайтын сыңайлы. Бастысы, ақшаны көбірек «қарпу» емес, өнімнің сапасына жұрттың көзін жеткізу керек. Сондықтан Оралда өтетін тауар өндірушілердің көрмелеріне қатысып, тұтынушыларға көріне бастады. Естігендер там-тұмдап келіп, тапсырыстарын беруде. Бірақ шебер «болдым, толдым» демей, әлі де шеберлігін шыңдай түсуде.

— Етік жөндеп, етікшілерді қажетті шикізатпен қамтып, нәпақамды тауып жүрмін. Мына етік тігу цехын еріккеннен ашайын деп отырғаным жоқ. Дүниеге келген соң, өмірден алғанымды беріп кетсем деймін. Қолымнан келетін істі өзімнен кейінгілерге үйретіп кетуді парыз санаймын, — деді ағынан жарылған Тілеген шебер.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Оралда 13 жеке меншік балабақша бар

Күні: , 412 рет оқылды

IMG_1857


Елбасы тапсырмасымен қолға алынған  «Балапан» бағдарламасы бойынша өңірімізде біраз жұмыс атқарылды. Аталмыш бағдарламаға сәйкес жеке меншік балабақшалар да жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл жерде  мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігі өзінің тиімділігін дәлелдеуде. Өткен жылы Орал қаласында 7 жеке меншік балабақша ашылып, 403 бүлдіршін мемлекеттік тапсырыспен балабақшадан орын тапқан. Бүгінгі таңда 13 жеке меншік балабақша бүлдіршіндер игілігі үшін қызмет атқаруда. Жақында БАҚ өкілдері Х. Қапанов атындағы Орал халықаралық гимназиясының жанынан ашылған балабақша мен «Жаңа толқын Орал» балабақшасында болып, мемлекеттікжеке меншік әріптестік аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып қайтты.


Х. Қапанов атындағы Орал халықаралық гимназиясы директорының орынбасары Светлана Мусинаның айтуынша, балабақшада 100-ге жуық балдырған бар. 2014 жылы ашылған мектепке дейінгі ұйымда тәрбие алғысы келетін бөбектер саны жыл санап артып келеді. Әр топта 20 баладан, оларға екі тәрбиешіден бөлінген. Балалар аптасына екі рет бассейнге түсіп, шынықтыру сабақтары жүргізіледі. Қысқасы, баланы жанжақты дамыту үшін бар жағдай жасалуда. Мекемеде 70-тен астам адам жұмыспен қамтылған. Бөбектер «Біз мектепке барамыз» және «Зерек» бағдарламалары бойынша тәлім-тәрбие алуда.

Біз болған келесі нысан «Жаңа толқын Орал» балабақшасының директоры Борис Лаврентьев  коттеджді жалға алып, жұмысын жандандыруда екен. Ұядай ғана балалар мекені бөлмелерден жылылық сезіледі. Балалар мекені көзтартарлықтай әдемі безендірілген.

Екі қабатты шағын балабақша 60 балаға арналған. Балабақша директоры өз жұмысы  туралы былай дейді:

— Біздің «Жаңа толқын Орал балабақшасы» өткен жылдың қазан айында ашылды. Вальдорф педагогикасы аясында жұмыстанамыз. Қаламыздағы Вальдорф бағытында оқытатын мектеп-гимназиямен келісімге келдік. Балаларға ерте жастан тіл үйретіп,  эстетикалық бағытта тәрбие беруге тырысудамыз. Сөз орайы келгенде, мен қазақ елінде тұрып, осындай қызмет жасап жүргенімді мақтаныш ететінімді айта кеткім келеді. Шыны керек, қазір түрлі  қиындықтарға қарамастан мемлекет тарапынан бізге қолдау көрсетіліп, бар жағдай жасалуда.  Елбасымыз  әр Жолдауында жеке меншік балабақшалардың санын арттыру бүгінгі күннің талабы екендігін жиі айтады.

Жергілікті басшылық та жұмысымыздың жанданып кетуі үшін көмек көрсетуден аянып қалған емес. Әсіресе, қала әкімі Алтай Көлгіновке, қалалық білім беру бөлімінің ұжымына өзімнің риза-шылығымды білдіремін.

Аталмыш балабақшадағы төлемақы 34 мың теңге. Оның 20 мыңын ата-ана, қалған 14 мыңын мемлекет төлейді. Әр топта 15 бүлдіршіннен. Оларға  үш тілді меңгерумен қатар, қолөнер, сурет, ырғақ сабақтары өткізіледі.

Пресс-тур барысында Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратованы әңгімеге тарттық:

— Бүгінгі таңда шаһарда 15900 балдырған балабақша кезегінде тұр. Жыл сайын 6 мыңдай балабалабақша мен мектепке дейінгі шағын орталықтарға қабылданады. Биылғы жылы тағы төрт кәсіпкер мемлекеттік тапсырыспен жеке меншік балабақша ашуға өтініш білдірді. Олардың талап-тілегін қамтамасыз ету мақсатында қалалық білім беру бөлімінің жанынан ашылған арнайы комиссия және тиісті мекемелер жұмыстануда. Мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында егер 100 баладан жоғары қамтитын болса, мемлекет әр балаға биылғы жылдан бастап ай сайын 18 800 теңге, 100-ден кем болса, 16800 теңге қаржы бөледі. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен көмек. Өйткені атаана тек баланың тамағына ғана ақша төлейді. Ал тамақтың ай сайынғы төлемақысы мемлекеттік бала-бақшада 10 мыңнан, жеке меншік балабақшада 20 мың теңгеден аспауы тиіс, — деді ол.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

“Орал өңірі”

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Шекарада тұтылды

Күні: , 113 рет оқылды

IMG_6722


ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2036-әскери бөліміне қарасты Жәнібек шекара бақылау бөлімшесінің бастығы, майор Н. Атабаевтың мәліметі бойынша, шекара жасағындағы сержант М. Молдағалиев пен кіші сержант А. Каташев 8 қаңтар күні сағат 22.00 шамасында Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына Жәнібек шекара бөлімшесі арқылы өтпек болған «УАЗ» автокөлігін тексереді.


Сол кезде А. есімді Ресей азаматының көлігінен қорапқа салынған 20 килограмдай жабайы аң еті барын байқаған. Тексеріс кезінде күдіктінің етке берілген рұқсат құжаты жоқ болып шықты. Қол жүгі арасынан табылған жабайы киік еті тәркіленіп, Жәнібек аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды. Қазір тексеру амалдары жүргізілуде.

А. ҚУАНҰЛЫ,

Жәнібек  ауданы


Әділдік салтанат құрсын

Күні: , 81 рет оқылды


2016 жылдың 6 қаңтарында еліміздің бас газеті – «Егемен  Қазақстанда» Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласы жарияланды.


Елбасы бұл мақаласы арқылы барша қазақстандықты Ұлт жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға шақырды. Осыған орай  құқық саласының мамандары да жаңғыртылған жаңа жүйе бойынша жұмыс істеуге кірісті.

Қазіргі қолданыстағы Кодекс15 жыл бұрын қабылданып, азаматтық істердің сотпен қаралу негізін нақты қалаған болатын. Дейтұрғанмен өткен уақытқа шолужасайтын болсақ, Кодексті алғашқы қабылдаудан бері, яғни 1999 жылдан бастап 50-ден астам рет өзгеріс енгізіліп, соның ішінде соңғы үш жылдың өзінде 20-дан астам өзгеріс енгізу туралы Заңдар қабылданды. Осыған орай Кодекстің жаңа басылымы дайындалып,  былтыр 31 қазанда Елбасы жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексіне (мәтін бойынша – Кодекс) қол қойды. Аталмыш нормативтік акт биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енді.

Жаңа Кодекстегі аса маңызды өзгерістердің бірі – үш сатылы сот жүйесіне көшу: қала, аудандық соттар – бірінші саты, облыстық соттар – апелляция, Жоғарғы сот – кассация. Апелляциялық сатыда азаматтық істер алқалы құрамда қаралса (жеке шағымдар мен оңайлатылған өндіріспен қаралған істерді санамағанда), кассациялық саты Жоғарғы  сотта болады. Кассациялық сатыда заңды күшіне енген және апелляциялық сатыдан өткен сот актілері қаралуы мүмкін.

Жаңа Кодекстің нормаларына сәйкес тараптардың бітімгершілікке келуі сот өндірісінің маңызды міндеттерінің бірі болып танылды. Осыған орай бітімгершілікке келу рәсімін реттейтін бөлек тарау көзделген. Бұрын сот  әділдікті сақтай отырып, бір ғана рет бітімгершілікке келуді ұсынуға құқылы болған, содан кейін дауды шешуге кіріскен. Жаңа Кодексте бұндай шектеулер жоқ. Бітімгершілікке келген жағдайда ынта ретінде мемлекеттік бажды қайтару көзделіп отыр. Әр сатыда  қайтарылуға жататын баж сомасы әр түрлі. Сонымен қатар медиацияны қолдану мүмкіндіктері кеңейтілді. Медиация кәсіби медиатормен ғана емес, тараптардың ұсынысы бойынша сотпен де жүргізілуі мүмкін. «Партисипативтік рәсім» атаулы жаңа институт енгізілді, бұл – адвокаттардың көмегімен рәсімделетін бітімгершілік келісім.

Жаңа Кодексте істі қарауға дайындалу мерзімі 7 күннен 15 жұмыс күніне дейін ұзартылды. Бұл мерзімді бір айға дейін ұзарту мүмкіндігі бекітілді. Бұл жаңа-лық дайындық сапасын көтеру мақсатында көзделіп отыр. Себебі осы кезеңде «дәлелдемелерді толық ашу» қағидасын іске асыру жоспарлануда. Ақиқатты даусыз айқындауға мүмкіндік беретін дәлелдемелер ретінде бейнетіркеуші жазулар, фото және бейне түсірілімдер, сондай-ақ тағы басқа да электронды немесе материалдық ақпарат тасушы материалдар танылуы мүмкін. Дәлелдеуге жатпайтын жайлар тізімі де кеңейтілді. Мысалға, 1 қаңтардан бастап, заңды күшіне енген үкімдермен қатар, сот алды тергеу барысында анықталған жайлардың да преюдициялық күші болады, егер тұлға ақтауға жатпайтын негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылған болса.  Ал процессуалдық мерзімдер жаңадан саналатын болады, яғни бұрын календарлық күнмен саналса, енді ол жаңа заңға сәйкес жұмыс күндерімен саналады. Бірінші сатыдағы сот шешіміне апелляциялық шағым келтіру мерзімі 15 күннен бір айға созылып, кассациялық шағым келтіру мерзімі апелляциялық тәртіпте қаралу күнінен бастап 6 айға дейін созылуы  мүмкін. Бұдан басқа бұйрық арқылы іс жүргізу саласы да кеңейтілді, мысалы, тараптарды шақырусыз, жазбаша дәлелдемелер негізінде оңайлатылған тәртіппен заңды тұлғалардың 500 АЕК, жеке тұлғалардың 100 АЕК сомасы шеңберіндегі талаптар қаралуы мүмкін. Ведомстволық бағыныстылық бойынша да бірқатар өзгерістер енгізілді. Жаңа Кодексте Астана қаласындағы сотта инвестициялық дауларды қарайтын арнайыландырылған сот құрамын құру көзделген. Сонымен қатар Жоғарғы сотта ірі инвесторлардың қатысуымен дауларды қарайтын апелляциялық алқаның құрылуы көзделген. Заңды күшіне енген сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Арыз берушіге белгілі болмаған және белгілі бола алмаған іс үшін елеулі мән-жайлар нақтыланды. Бұл мәнжайлар қылмыстық қудалау органдарының немесе мемлекеттік органдар қаулыларымен негізделуге тиіс. Сонымен қатар жаңадан анықталған мән-жайлар құрамы толықтырылды. Аталған негіздер құрамына: дауды шешу барысында преюдициялық күші болған сот актінің бұзылуы, сот шешіміне негіз болған мәміле-нің негізсіз деп тану шешімінің заңды күшіне енуі, сот шешімін шығаруда қолданылған заңдардың немесе басқа да норматив-ті-кұқықтық актілердің ҚР Конституциялық кеңесімен конституциялық емес деп танылуы қосылды. Прокурордың қатысуымен қаралатын азаматтық істерді анықтайтын нормалар да өзгертілді. Алдымыздағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, прокурор мемлекет мүддесіне қатысы бар оқиғаға, тараптардың бірі өз құқығын қорғай алмайтын тұлға болған жағдайда, прокурордың немесе соттың бастамасы бойынша және қоғамдық мүддені қорғау талап етілген жағдайда азаматтық істердің қаралуына қатысады.

Саяхат ТАКЕЕВА,

облыс прокуратурасы басқармасының аға прокуроры


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика