Мұрағат: 12.01.2016


Жаңа нысандар ашылды

Күні: , 101 рет оқылды

4grWVlsWoTo


Жуырда ауданымызда жаңа нысандардың есіктері айқара ашылды. Солардың бірі – Шаған   ауылдық округіндегі Жаңаөмір ауылындағы “Караван” тойхана кешені.


Бұрын аталмыш нысан кафе есебінде шағандықтарға таныс болса, енді іші-сырты жаңарған зәулім тойхана ретінде қонақтар қабылдайды. Серіжігіт Нұғыманов пен оның жұбайы Балжан Сағындыққызы 1997 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Шағын дүңгіршектен басталған кәсіпкерлік жолы кең сарайдай мейрамханаға айналып, өз жемісін берді. Осы тойхана кешенінің ашылуы арқасында ауылдың 6 тұрғыны жұмыспен қамтылды.

Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов қатысты. Лента қию рәсімін Алтай Серғазыұлы мен ауылдың үлкені Күләш апай жасады.

Y3xLY9EA2u4

Подстепное ауылында да қуаныш! Жеке кәсіпкер Елена Галянина “Бизнестің жол картасы – 2020” бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде несие алып, ол несиені “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” БҚО аймақтық филиалының кепілдендіруі арқылы “Евразия” тойхана кешенінің құрылысын аяқтады.

 Бұл тойхана кешенінің ашылу салтанатына да аудан әкімінің орынбасары А. Тоқжанов қатысып, кәсіп иелерін құттықтады. Лента қию құрметіне ие болған аудан әкімінің орынбасары Алтай Серғазыұлы мен ауыл ақсақалы И. Жүнісұлы жергілікті жұрттың игілігі үшін қызмет ететін тойхана жұмысына жеміс тіледі.

Әділет ОРЫНБАСАРҰЛЫ,

Теректі ауданы


Оралға нұр сыйлаған

Күні: , 93 рет оқылды

лаоарарплп3255


Кәсіби міндетін қалыпты атқарып келе жатқан «Жайық жарығы» ЖШС-ның құрылғанына 15 жылдан асты. Санаулы жылдардың ішінде ұжымның жұмысында қиындық та кездесті, алайда табысы да қомақты.


Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы дағдарыс өмірдің басқа салалары сияқты қала шаруашылығын да тұралатып кетті. Алайда сол кездегі облыс басшылығы мүмкіндіктің шектеулігіне қарамастан, Орал қаласын қамтитын қызметтерді мүлдем құрдымға жіберген жоқ. Керісінше, 2000 жылы қыркүйекте тұрғын-үй коммуналдық, жол шаруашылығы бөлімі жанынан жаңа кәсіпорын құрылды. Ол шаруашылық есебімен жұмыс жасайтын, құрамында 28 адамы бар «Горсвет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны еді. 2006 жылдың наурызында жоғарыда аталған кәсіпорын таратылып, оның орнына «Жайық жарығы» ЖШС өмірге келді. Серіктестік – бұрынғы «Горсветтің» заңды жалғасы. Жаңа кәсіпорынның 100 пайыз құрылтайшысы – Орал қаласының әкімдігі. Мекеменің директоры – Нұр Төлеуғалиев.

Өткен жылдар ішінде «Жайық жарығы» дамып, біркелкі нәтижеге қол жеткізді. Жұмысшы-қызметкерлерінің саны 135-ке жетті. Олар қамтитын жарық шамның саны 17286-ға дейін көбейді. Сыртқы көше жарық желілерінің ұзындығы бүгінде 395 шақырымды құрайды. Қала көшесіндегі жарықтандырылған жүйеге техникалық қызмет көрсету, ғимараттар мен құрылымдарды безендіру, жарықтандыру, жол белгілерін салу және су бұрқақтарын күтіп ұстау. Міне, осы жұмыстың бәрін ұжым мүшелері күнбе-күн қалыпты атқаруда. Қазір қала аумағында 157 көше, 21 саябақ, 6 алаң, 50 орта мектеп, төрт жол өткелі, 372 тұрғын үй ауласы, 4 ауылдық округ жарықтандырылған. Сондай-ақ қалада 49 бағдаршам, 4500 жол белгісі, 68 жаяу жүргінші өткелі бар. Жыл сайын Оралдың 80 көшесіне сыр және термопластпен 500 шақырымдай көлденең жол таңбалау жүргізілуде. Бұлардан басқа қала аумағындағы 15 субұрқақ серіктестіктің теңгері-міне алынған. Соның екеуі – әуенмен сүйемелденетін бұрқақ. Олар жаздың шыжыған күндерінде ыссы, құрғақ ауаны салқындатып қана қоймай, қалаға айрықша сән беріп келеді. Бұл жерде жеті адам еңбек етуде. Айтпақшы, 2003 жылдан бері сыртқы жарықтандыруды басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Былтыр аталмыш жүйе одан әрі жетілдіріліп, «Ақылды қала» жаңа жүйесіне ауысты.

Ұйымшыл ұжымның қалыпты жұмысын қамтамасыз етуде көлік паркінің де септігі мол. Онда «МАЗ», «ВАЗ», тағы басқа ныспылы 31 көлік кез келген уақытта тапсырманы орындауға сақадай сай. Бөлімде 45 адам еңбек етеді. 8 адам жұмыс істейтін жөндеу, электр, ағаш жону, дәнекерлеу цехтарының да ортақ іске қосар үлесі көп. 2014-2015 жылдары мекеме қызметкерлерінің күшімен маңызды жобалар іске асырылды. Мәселен, Еуразия даңғылына тартылған электр әуе желілері жер астына орналастырылды. Сонымен бірге соңғы үлгідегі, заманауи жарықшамдар орнатылды. Адам көп жүретін жаяу өткелдерге жасанды кедергілер орнатылып, жол таңбалау жұмысы жүргізілді.

Мекемеде сауатты, ісіне тек жауапкершілікпен қарайтын адамдар жұмыс жасайды. Олардың жартысынан астамы – жастар. Әрі көп ұлтты, мұнда сан халықтың өкілдері қоян-қолтық еңбек етіп жүр. Сондықтан ұжымның қалыптасуында айрықша еңбегі бар Зинат Халилов, Надежда Фоменко, Қуанышкерей Жүнісов, Владимир Завьялов, Махмуд Әжікенов, Мақсот Қоштаев, Ғұмар Мұхамедиевтердің есімдерін құрметпен атап өту керек. Ал жыл сайынғы қайырымдылық айлығы аясында мекеменің еңбек ардагерлеріне қаржылай көмек беріледі. Осының өзінен-ақ аталмыш ұжым әкімшілігінің қарапайым еңбек адамдарының демалысы мен еңбек жағдайларын жақсартуға қаншалықты көңіл бөлетіні байқалады. Серіктестік ғимаратында демалу, жуыну, теннис ойнау бөлмелері жабдықталған. Жұмысшы-қызметкерлерге арнайы киім, сүт және залалсыздану құралдарын беру – үнемі басты назарда. Ұжым мүшелері арнайы тасымал көлігімен қамтамасыз етіліп, асханадан кез келген уақытта ыстық тамақ іше алады. Демек, ұжымның ұйымшыл және еңбексүйгіш болуында аялы қамқорлықтың табы бар.

Нәтижесінде серіктестік жыл өткен сайын табыстан-табысқа қол жеткізіп отыр. Соның бір дәлелі – 2014 жылдың желтоқсанында «Жайық жарығы» ЖШС «Парыз» әлеуметтік жауапкершілік конкурсында жеңімпаз атанды. «Үздік ұжымдық келісімшарт» аталымы бойынша «Парыз» марапаты-дипломы мен алтын мүсіншесі мекеме басшысы Нұр Төлеуғалиевке табысталды. Ұжымның «Қазақстан көшбасшысы — 2013» ұлттық сертификаты, СТ РК ИСО 9001-2009 «Сапа менеджменті жүйелері», СТ РК ИСО 14001-2006 «Экологиялық менеджмент жүйелері» сертификаттары және марапаттар – ұжымның жемісті еңбегінің нақты өлшемдері.

Серік ИХСАНҒАЛИ


«Финдердің байы мен кедейін айыру оңай емес»

Күні: , 134 рет оқылды


Бүгінде «Болашақ» стипендиясы арқылы әлемнің түрлі оқу орындарын тәмамдаған 90-нан астам түлек облысымыздың түрлі саласында қызмет етіп жүр. Солардың қатарында Гүлден мен Әйгерім есімді сырлас құрбылар да бар. Олар өткен оқу жылында Финляндияның Хямеэнлинна қаласындағы ХAMK қолданбалы ғылымдар университетінде білімдерін шыңдап, тәжірибе жинақтап қайтқан еді. Әлемдік білім жүйесіндегі тың жаңалықтар мен жетістіктер жайында білмекке қос құрбыны әңгімеге тартқан едік.


Гүлден Қайырлиева Орал қаласындағы №42 «Ақниет» гимназиясында, ал Әйгерім Нұртазина облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей интернатында бірнеше жылдан бері география және тарих пәндерінен ұстаздық етіп келеді.

FB_IMG_1452492880530

— Екеуміздің таныстығымыз да, ажырамас достығымыз да жас маман ретінде бір ұжымда қызмет етуден басталған еді. Алғашқы қызметтік баспалдағымыз болған қазақ-түрік мектеп-лицейінде екеуміз бірге жүріп көп нәрсені үйрендік. Кейін қызмет жолымыз екіге айырылса да, шәкірт тәрбиелей жүріп, өзіміз армандаған шетелде білім алуға бірге қол жеткіздік. Армандар орындалады екен, — деп бастады Гүлден бізбен әңгімесін.

— Соңғы жылдары «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер еніп, мұғалімдер мен дәрігерлерге, журналистерге шетелдерде оқып қана қоймай, тәжірибе алмасуға да жаңа мүмкіндіктер жасалды. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып, екеуміз де ағылшын тілін жетілдіріп, түрлі сынақтар тапсыруға бел будық. Айымыз оңынан туып, дамыған елдердің ондығына кіретін Фин мемлекетіне бірге аттандық. Білім беру жүйесі өзге елдерге мүлде ұқсамайтындығын ұнатып, таңдауымызды осы елге жасаған едік.

Осылайша бір жылға жуық уақытты шетелде білім алуға жұмсадық. «Жоғары сыныптарда сабақ беру әдістемесі» бойынша тәжірибе жинақтауға Финляндияның Хямеэнлинна қаласындағы ХAMK қолданбалы ғылымдар университетіне Қазақстан бойынша – 21, ал біздің облыстан небәрі 4 мұғалім оқуға түстік. Жалпы, 9 ай оқудың 6 айы тіл үйренуге арналды. Фин елінде фин тілі мемлекеттік саналады, қосымша швед тілі оқытылады. Алайда шетелден келген студенттерге сабақ таза ағылшын тілінде жүреді.

Бұл жаққа сапарымыз, ең алдымен, ел астанасы Хельсинкиден басталды. Лахти, Тампере, Рийхимяки, Валкеакоски секілді қалаларында болдық. Университет ұстаздары бізді өте жақсы қарсы алып, елді аралатып, елдің тарихымен таныстыруға көп көңіл бөлді. Алғашқы екі апта өте қиын кезең болды, тілдерін түсінбей, «Мыналар не айтып жатыр екен?» деп отыратынбыз. Кейін құлағымыз да, өзіміз де үйреніп, тез игеріп кеттік. Шыны керек, ол жақтың білім беру жүйесі мүлдем салыстыруға келмейді екен, әр аттаған қадамымыз біз үшін жаңалыққа толы болды. Білім алудағы ең басты қасиеттері сан қумай, сапаға мән беретіндігі бізге қатты ұнады, — дейді олар.

Құрбылардың айтуынша, Финляндиядағы жалпыға міндетті орта білім екі сатыдан тұрады. Төменгі 1 мен 6-сынып, орта 7 мен 9-сынып. Қосымша саналатын 10-сыныпта оқушылар өз көрсеткіштерін жақсарта алады. Одан соң балалар не кәсіби колледжге немесе лицейге жіберіледі. Лицей деп отырғанымыз – біздің түсінігіміздегі 11-12 сыныптар. Фин орта білімі 7 қағидатты берік ұстанады. Ең алдымен, мектептердің теңдігіне қатал қарайды, бұл елде ешқандай элиталық, ешқандай «әлсіз» мектеп жоқ. Құрал-жабдықтары және қаржыландырылуы бойынша барлығы бірдей мүмкіндіктерге ие. Ал бір пәнді өзге пән есебінен тереңдете оқыту дұрыс емес саналады. Мұнда математика өнер сабағынан артық деген көзқарас жоқ. Ата-аналар теңдігіне де үлкен мән беріледі. Ата-ананың әлеуметтік мәртебесін мұғалім соңғы мезетте біледі, тек аса қажет болған жағдайда. Оқытушыларға ата-ананың жұмыс орны жөнінде сұрақ қойылмайды. Сондай-ақ финдер оқушыларды қабілеттері мен ка-рьералық талғамдарына сай іріктеу жүргізбейді. Бірақ оқушылар өзі қызыққан пәндерді тереңдеп оқуға құқысы бар. Барлық мектепте оқу фин тілінде жүреді. Дегенмен бала француз, қытай, жапон, ағылшын тілдерін меңгерем десе, жағдай жасалады. Дарынды балалар да, дамуында қиындығы бар балалар да «ерекше» саналады және бірге білім алады. Мұғалімдер ешбір баланы ерекшелеуге тырыспайды екен. Бұдан әрі Әйгерім мен Гүлденнің әңгімесіне тағы да құлақ түрдік.

— Бір қызығы, фин мектептерінде емтихан жоқтың қасы. Бақылау және аралық тестілеу мұғалімнің ыңғайына байланысты жүргізіледі. Жалпы орта білімді бітіруге байланысты ұйымдастырылатын жалғыз міндетті тест бар. Соның өзінде мұғалімдер оның нәтижесіне бола алаңдамайды және ешкімнің алдында есеп бермейді. Тіпті балаларды сол тестке арнайы дайындамайды, бала қандай нәтиже көрсетсе де, сол нәтиже «жақсы» деп бағаланады. Фин елінде мұғалім болу өте қиын мамандық, сондықтан құрмет те ерекше. Оқушылар мен мұғалімдерді жоғары тұрған инстанция тексермейді, тіпті қалай оқыту қажеттігін сырттан үйрететін әдіскер де болмайды. Яғни мұғалім өз пәнін берудің дұрыс, қажетті әдістемесін жеке анықтайды.

Орта білім 10 ұпайлық жүйемен бағаланады, бірақ 4-сыныпқа дейін ауызша бағалау қолданылады. Ал 1 мен 3-сынып аралығында ешқандай баға қойыл-майды. Барлық мектептер «Wilma» деп аталатын мемлекеттік электронды жүйеге қосылған және оны ата-аналар өз ыңғайына сай пайдалана алады.

Бұдан бөлек, бізді таңдандырған жағдайлар көп болды. Балалар партада отыруға міндетті емес, олар еденге (кілем үстінде) жайғаса береді. Кей мектептерде сынып ішінде дивандар мен креслолар қойылған. Бастауыш сыныптың оқушылары мектепте шұлықпен жүреді. Олар гигиеналық мақсатта әрі аяқ киімді баланың ойлау қабілетіне кері әсерін тигізеді деп жалаңаяқ жүргізеді. Сондықтан шығар, ол жақта жалаң аяқ жүрушілер өте көп. Ауа райы жылы кезде сабақтар таза ауада, көкорай-көгалда немесе арнайы амфитеатрларда өте береді. Бала демалуы үшін, үй тапсырмасы сирек беріледі. Сондай-ақ ата-аналар да балаларының тапсырма орындауына араласпауы тиіс. Педагогтардың кеңесі бойынша, одан да олар баласымен бірге музейге, орманға немесе бассейнге барғаны жөн. «Тақтаға шығарып» үйрету қолданылмайды, яғни балаларды оқыған нәрсесін қайталап айтып беруге міндеттемейді. Мұғалім бәріне тапсырма береді де, оқушылар арасында жүріп сол тапсырманың қалай орындалып жатқанын қадағалайды.

Қысқаша мазмұнда фин орта мектебінің көрінісі – осы. Бәлкім, біреулер үшін бұл жүйе дұрыс емес болып көрінетін шығар. Алайда финдер идеал болуға талпынбайды. Ең бастысы, балалар мектепті жек көрмейді, емтиханға дайындалам деп күйзеліске түспейді екен, — деді финдіктердің тәжірибелерімен бөліскен қос құрбы.

Иә, расымен де, PISA деп аталатын беделді ұйымның 3 жылда бір рет жүргізетін рейтінгісіне сәйкес, фин мектептері әлем бойынша өте жоғары білім көрсеткіштеріне қол жеткізген екен. Олар сондай-ақ әлемнің ең көп оқитын балалары атанған. Бір қызығы, осындай жоғары нәтижені көрсете отырып, фин оқушылары оқуға барынша аз уақыт бөледі, ал фин мемлекеті өздерінің сапалы әрі тегін біліміне кейбір өзге елдерге қарағанда әлдеқайда аз қаражат жұмсайды екен.

— Фин қоғамының ең басты құндылығы — сенім. Сенім жоқ жерде іс оңға баспайды деп сенеді. Финляндия дамыған елдердің ең алдыңғы қатарында болғандықтан, тұрмыстары біздікінен әлдеқайда жоғары. Өкінішке орай, біздің елде өз салығымыздың қандай мақсатқа жұмсалып жатқандығын біле бермейміз. Финляндия электронды жүйеге көшкен ел болғандықтан, сенің салығың қай бағытқа, қандай мақсатқа жұмсалып жатқандығын қадағалап отыра аласың. Заңға қатаң қарайтындықтан, бұл елде сыбайлас жемқорлық пен «қара нарық» атымен жоқ.

Фин халқы табиғатының суықтығына сай, мінездері де біртоға тұйық келеді. Кез келген адаммен ашық сөйлесе бермейді. Бір қызығы, ол елдің кеңес үкіметіне біраз ұқсастықтары бар. Адамдары баюға тырыспайды, байыған сайын салықтың да мөлшері көбейе береді. Айталық, миллионер болсаң, табысыңның 10-нан 70 пайызына дейін үкіметке төлеп отыруың керек. Елбасымыз өткен жылдың соңында отандастарымызға арнаған Жолдау барысында тілге тиек еткендей, фин қоғамынан бай мен кедейді киген киімі, тұрған үйі, астына мінген көлігінен айырып, ажырату мүмкін емес. Бәрі бірдей, тіпті миллиардерлер қарапайым мектепте мұғалім болып қызмет ете беретіні бізді ерекше ойға қалдырды.

Денсаулық жүйесі медсақтандыруға негізделген. Дәріханаларда дәрігердің рұқсат қағазынсыз кез келген дәріні алу мүмкін емес. Екпелер, инемен егілетін дәрілер мүлде берілмейді. Тісім ауырып мазалағанда, өзім тұрған қаладан қарапайым «аспирин» мен «парацетамолды» да ала алмай, қатты қиналғаным бар, — деп Гүлден біраз күліп, сол күндерді есіне алды.

— Финляндия – салауатты өмір салтын мықты ұстанатын ел. Мемлекеттің өз ішінде майлы тамақты ішуге, өндіруге заңмен тыйым салынған. Дүкендерінен майлы ет сатып алу мүмкін емес. Халқының көбісі велосипедпен жүреді. Өйткені машинаның машақаты көп, парковка өте қымбат тұрады. Бұл кез келген адамға тиімсіз болғандықтан, шағын қалаларда тұрғындарға велосипедпен жүру өте ыңғайлы.

Әр елдің өзіне тән жақсы-жаман, үйреніп-жиренетін нәрселері болады. Фин қоғамының да жағымсыз көріністеріне куә болдық. Ол жақтағы адамдар қарттық шағын ерікті түрде қарттар үйінде өткізіп, өмірінің соңына дейін сол жерде тұрақтайтыны көңілге үрей ұялатты. Финдіктерде ата-анасын өле-өлгенше күтіп-бағу деген түсінік жоқ. Осыншама дамыған елде отбасы құндылығына салғырттықпен қарағанға қайран қаласың?! Осы орайда қазақ қоғамындағы отбасы ұйытқысы, қара шаңырақтың амандығы, ата-анаға құрмет көрсету секілді жазылмаған қағидалар көп елде кездесе бермейтін қасиет деп есептейміз. Тіпті Еуропаның бірнеше елдерін араласақ та, бұндай дара қасиетті қазақтан өзге ешбір халықтың бойынан байқай алмағынымыз да рас. Өз еліміздің дархан даласына сай салт-дәстүріне, таным-талғамына, ерекше қонақжайлылығына, мол дастарқанына, еркіндігімізге тең келетін ештеңе жоқ екеніне көзіміз анық жеткендей. Бәрі жетіп тұрса да, өзімізді қазақ жеріндегідей бақытты сезіне алған емеспіз.

Шетте жүрген бір жылға жуық уақытта біздер осыны анық түйсіндік. Финляндия арман болған ел еді.

Біз үшін бұл сапар ең үлкен өмірлік тәжірибе болып қала бермек, — дейді қос құрбы.

Әңгімелескен Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Мәуліт оқылды

Күні: , 100 рет оқылды

DSC_0249


Орал қаласындағы Мұхаммед-Ғариф Түлбаев атындағы мешітте Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылып, облыстық орталық мешітінің найб имамы Абдурашит Қарабаев мәуліт оқыды.


Аталмыш мешіттің бас имамы Қажымұқан Ғилманов Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өміріне тоқталып, жамағатқа уағыз айтса, ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов жиналған қауымды құттықтады. Алла елшісіне салауат айтып, сәлемдер жолдады. Мешіт жамағаттары ақ дастарқан жайып, салиқалы әңгімелер айтылып, ел тыныштығы үшін дұға тіледі.

Нұрлан САМАТҰЛЫ,

ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы


Жергілікті полицияға басшы тағайындалды

Күні: , 113 рет оқылды

IMG_1745


Өткен сенбіде облыстық мәслихаттың кезектен тыс отызыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты. Жиынды сессия төрағасы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен жүргізді.


Күн тәртібінде облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы лауазымына келісім беру туралы, облыс әкімдігі жанындағы «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның құрамы туралы және облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы мәселелер қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша хабарлама жасаған облыс әкімі аппаратының басшысы Марат Тоқжанов облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің кандидатурасы ұсынылатындығын  мәлімдеді.

Манарбек Ғабдуллин 1994 жылдан бастап ішкі істер құрылымдарында Орал қаласы ішкі істер басқармасының учаскелік, аға учаскелік инспекторы, облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы, Орал қаласы ішкі істер басқармасы бастығының орын басары, облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 2013 жылдан бері Орал қаласы ішкі істер басқармасының бастығы лауазымын атқарып келеді.

– 2015 жыл жемісті болды. 14 қаңтардан бастап ауылдық округ әкімдері, 1 ақпаннан бастап аудан әкімдері халықтың алдында есеп бере бастайды. 24 ақпанда облыс әкімінің есебі тыңдалмақ. Өткен жылы облысымызға Ұлттық қордан бөлінген 9 миллиард 450 миллион теңге және республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер 100 пайыз игерілді. Жергілікті бюджеттің игерілуі алдын ала есептеулер бойынша 99,9 пайызды құрады. Жетістіктеріміз жетерлік, алда бірігіп атқарар істеріміз де баршылық. Олар Елбасымыздың Жолдауы, 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадамда көрсетілген тапсырмалар. Соның бірегейі – жергілікті полицияны құру. Бүгін облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы лауазымына Манарбек Ғабдуллинді тағайындауға келісім бердіңіздер. Өз тарапымнан Манарбек Серікқалиұлы на сәттілік тілеп, Елбасымыздың қылмысқа, жалпы құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік ұстанымын жүзеге асыруда бар білікті лігі мен тәжірибесін жұмсайды деп сенемін, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сессия жұмысын қорытындылаған  сөзінде.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика