Мұрағат: 09.01.2016


«Айтуға оңайдың» көруге қиыны…

Күні: , 148 рет оқылды

айтуга онай5896


Қазір әр үйдегі теледидардың өміріміздегі алар орнын дәлелдеп жату артық. Біреулер жаңа ақпараттарды, ал біреулер тарихи оқиғаларды, спорт хабарларын, жас бүлдіршіндер балдырғандарға арналған түрлі көрсетілімдерді жылдың  қай  мезгілінде болмасын көруге мүмкіншілігі мол.


Әдеп пен салт-сана биігін де осыннан табасыз. Сөйтіп, өзің қалағаныңды қарау – өз таңдауың. Мәселен, «Қазақстан» арнасындағы түрлі хабарлар топтамасы кім-кімді де ойсыз қалдырмайды. Қарасақ, қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда адасып, қылмысқа ұрынып жатқандар қатары азаяр емес. Мұның арасында жас та, жасамыс та ұшырасады. Тіпті бауыр еті баласын жөргегімен айдалаға тастап кеткен «қаракөздеріміздің» қылығын қай санатқа жатқызарыңды білмейсің. Іштей қатты күйінесің, бармағыңды тістейсің. Ал осылардың бірқатарын жоғарыдағы теледидар бағдарламаларынан көріп, біршама ой қалыптастыруға әбден болады. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген осы.

«Айтуға оңай» ток-шоуының жүргізушісі Бисен Құранбек – елімізге жақсы таныс журналист. Соңғы үш жылдың ішінде осы бағдарламаның біраз шығарылымы көгілдір экраннан көрсетілді. Тележурналист Б. Құранбек 35 жасында Қазақстан Президенті сыйлығының иегері атанған, ҚР мәдениет қайраткері. Оның ізденісі баршаны бейжай қалдырмайды. Қанша тағдырға араласты, қанша жанның көз жасына ортақтасты.

Сөйтіп, ізгі жолды жалғастырудан жалыққан емес. Баршаның жүрегінде шындыққа, әділдікке деген сенім ұялатты. Бағдарламада көтерілген тақырыптарды шеберлікпен аша біледі. Түсірілім кезінде түрлі қиын сәттерден тапқырлықпен шыға алады. Миллиондаған көрермен алдында өзіндік таным, шынайы табиғи қалпымен, жағымды даусымен баршаны өзіне баурап алады. Өзіндік ізденісі, ұлттық болмысы тамсандырады. Тақырыпқа сай көрермендермен кездестіретін тұлғаны таңдауы діттегенінен дөп шы-ғады. Мәселен, 2015 жылғы 10 желтоқсандағы «Айтуға оңай…» бағдарламасында бала тәрбиесіндегі олқы тұсымызға назар аударды. Осы көрсетілімге жазушы Дулат Исабеков, әнші Мәдина Сәдуақасова, психолог Гүлнәр Ысқақ, журналист Мақсат Балабеков т.б. қатысты. Хабарда жанұядағы жалғыз баланың тәрбиесі туралы өткір мәселе қойылды. Әрине, жалғыздың аты жалғыз. Оның маңдайынан ешкім шертпейді. Ол үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлап көрген емес. Ерке. Ойлаған мақсатына жетпей тынбайды. Сөйтіп, үлде мен бүлденің, бар мен байлықтың буына пісіп жүрген жаннан не күтесің? Өзгені менсінбейді, шолжаң. Жалғыз болып, дегенін жасап қалған жан қоғамдағы жақсы мен жаманның, бар мен жоқтың байыбына бара алмайды. Сөйтіп, өзімшіл, қыңыр мінез, қиянатшыл болып өседі.

Оларды өмірде көріп жүрміз. «Айтуға оңайдың» көруге қиыны да осы. Өз дегенін жасап қалған ол қандай да болмасын жаман қылықтарға барудан жасқанбайды. Ал мұндай жаннан өзгелер қашық болады. Осындай еркешоралар өзгеге де,  қоғамға да қауіпті.

Ал көп балалы жанұяда өскен бала жан-жақты болып өседі. Бар мен жоқты, жақсы мен жаманды жастай түсінеді. Өзгеге қамқор болуға үйренеді. Көппен бір жүреді. Ерекше көрінуге тырыспайды.

Достықтың туын ұстап, ағайын, бауырдың баршасына адал келеді. Барша қоғам осындай жандардан құралса деңіз. Ол үшін жанұяда көп бала болғанның қажеттігі көрініп-ақ тұр. Қазақстанда қазір көп балалы жанұя азайып кетті. Мұның әр түрлі себебі бар. Сол көп себептерді көлденең ұстамай, бала санын көбейтуді  ортақ мұратқа айналдырсақ дейміз. Бүгінгі телеарналардың да басым бағыты осы халық санын көбейтуді көздейді. Оның  ешқандай  оғаштығы  жоқ.

Өткен жылдың 18 желтоқсан күнгі «Айтуға оңайға» танымал әнші Саят Медеуов, палуан, олимпиада чемпионы  Жақсылық Үшкемпіров қатысқан болатын. Токшоуда ел ішіндегі жекелеген азаматтардың қазіргідей қиыншылық  кезде туған ауылына қамқор болуды азаматтық міндет санауы орынды-ақ. Олимпиада  чемпионы Жақсылық Үшкемпіров Алматы облысындағы Мыңбаев ауылына қаншама игілікті шара жасаған. Осындағы мектеп, балабақша, басқа да әлеуметтік нысандар бүгінгі күннің талғамына жауап береді. Осы ауылдағы табысы аз отбасы мен мүгедек жандар да аяулы азамат Жақсылықтан талай қам-қорлық көрген. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген осы. Әр қазаққа туған жерін пір тұтудың керемет үлгі-өнегесі осындай болса керек. Біздің ауданда да Жаңабұлақ ауылдық округіндегі «Жамиға» шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Қабанов, «Нұржан» ЖШС директоры Әлжан Досмақов сияқты азаматтар елге қамқор болудың озық үлгісін танытып келеді.

Бұл көз не көрмей жүр.  Осы жақсы азаматтарға кері келер мына мысалдар да кейде жағаңды ұстатады. Ел ішіне келген жекелеген өнер адамдарының қалтаға ақша, қанжығаға мал байлап кетері жоқ емес.

Сол адамдар «аштан өліп, көштен қалып» жатқан жоқ. Ырыздығы ел үстінде, шүкір ету керек қой. Сөйлесе, «айды аспанға шығарып, күнді көкке көтереді». Ол – қамқор, ол – халықшыл, ол  жарылқаушы болып жүрегіңді жаулайды. Ал кетерінде бергенді қалтасына басып, желідегін жетектеп жүре береді. Сол жерде мектеп бар, қамқорлыққа зәру мүгедек бүлдіршіндер бар. Айтқан сөзіне сай, соларға алғанын ұстатса, қане… Сөйтіп, сөйлеген сөзі мен істеген ісі қабыспайды. Жоғарыда аты аталған азаматтардай қалталы өнер адамдары елге қамқор қолын созып жатса, артық етер ме.  Иә, бұл да «Айтуға оңайдың» көруге қиыны…

Өткен жылдың соңғы күндерінде «Еуразия» арнасында көрсетілген «Ашығын айтқанда» ток-шоуында қыз-келіншектердің достығына бірқатар оңды пікірлер айтылды. Мұның өзі «отбасы ошақ қасынан» қалыптасатын сыйластық жайын біраз тарқатты. Дәлірек айтсақ, ене мен келін, жеңге мен қайын сіңлі т.б. туыстық жақындығы бар жандар арасын да, кез келген бірін-бірі жақсы танитын құрбылар арасын да салмақтап, сыналай қараған тұшымды көрсетілім болды. Біреудің ішкен тамағы мен киген киімінен бастап елеп-екшеп отыратын заманда әйел адамдардың бір-біріне деген пейіл-пенделігін жасырып қарай алмаймыз. Сөйтіп, санаңды салмақтар көгілдір экраннан «Ашығын айтқанданың» айтарын қадағалап жүрсек, санамызда бір адамгершілік дәні көбірек көктей түсер еді.

Өзіміздің облыстық «ҚазақстанОрал» телеарнасы да ешкімнен кем емес. Орайлы тұсты орғытып өтпей, шынайы, тіке айтатын жерлері, орын алған кемшіліктерді тезге салар мұраттары баршылық. Бұдан 4-5 жыл бұрын әдебиет әлемі, Жұбан, Қадыр туралы, шешендік өнер туралы тұшымды пікірлеріммен ел алдына шығып жүрдім. Ана тіліміздің тағдыры да айдаланың әңгімесі емес. Оған да қатыстық. Қазір журналист Мұнайдар Балмолданың тарих, өнер туралы сұхбаттарын, пікірлесу алаңын жібермей қараймын. Тартымды, әсерлі, нанымды-ақ. Өткен жолымыздың кедір-бұдыры мен жөн-жосығын дәлелді ойларымен толықтырып келеді. Туған даламыздың топырағында өсіп, кіндік қаны нақ сол жерде тамған бабаларымыздың тірлік-тынысын тынымсыз іздеп, боямасыз бүгінмен ұштастырып жүр.

Сондай-ақ облыстық арнадағы тележурналист Гүлжан Көнеева жүргізетін «Әдемі әлемінен» талай әдемілік таптық. Қыз баланың қадір-қасиеті тек сырт көз көрер көріктен емес, бүкіл жан дүниесінің сұлулығынан құралса керек. Пәк сезімін аялаған қыздар әлемін әлдилеу бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарының құрамдас бөлімі. Әйел заты түзелмей, әлем түзелмейді. Ал осыны көріп жүрген жандар бар ма? Қазір кітап оқылмайды дейміз. Осыған қоса теледидардың да тәрбиелік орны кейін қалып барады. Ол қазір таңсық болмай қалды. Ондағы шетелдік сериалдарды ғана көріп, қалған хабарларды жылы жауып қойдық.

Жақында осы өзіміздің «Қазақстан-Орал» телеарнасында «Ел алдында» бағдарламасына тікелей эфирге телефон арқылы шықтым. Хабарда облысымыздағы әр түрлі мамандық беретін колледждердегі жастар тағдыры туралы ортақ ой көтерілді. Үкіметтің қыруар қаржысына иек артып отырған осы оқу орындары қоғамымызға қандай үлес қосуда? Жыл сайын мыңдаған жастар (республика бойынша) осыннан дип-лом алып шығады. Ал сол жас буынның еңбекке орналасуы көңіл көншітпейді. Олардың ауылдағы шаруа қожалықтарымен де тұрақты еңбек қатынасы қалыптаспаған. Онда барып жұмысқа тұрушылар саусақпен санағандай.

Осындай өткір мәселелерді орынды көтеретін телекөрсетілімдердің қоғамдағы  орны  өте  маңызды.

Қазір кез келген кездесулерде «Теледидардан жақсы хабар берді, маған көтерген мәселесі, тақырыпты ашуы, пікір айтуға авторлар тартуы ұнады» деп жатқан ешкімді көрмейміз. Ал шетелдік сериалдар туралы пікір жетерлік. Демек, рухани дүниемізге жақын келер көрсетілімдерді қарауға зауқымыз жоқ. Бұл қалай? Кітап оқылмайды, дені дұрыс телехабар қаралмайды. Сонда болашағымызға бағыт, келер күннің тәрбиесін қайдан аламыз? Бұл да «Айтуға оңайдың»  көруге  қиыны…

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ақжайық ауданы


Әскери самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Темірлан ИХСАНҒАЛИЕВ: «Жаңа жылда жаңа жеңістерге ұмтыламын»

Күні: , 93 рет оқылды

IMG-20160108-WA0001


Әр жылдың соңында үздіктерді марапаттау – қалыпты үрдіс. Осы игі дәстүрмен батысқазақстандық полицей Темірлан Ихсанғалиев таяуда «Жыл спортшысы — 2015» аталымын иеленді. «Неге полицей?» деген сауалға жауап берер болсақ, Темірлан – қатардағы полиция қызметкері емес, «Арлан» арнайы жасағының сардары (офицері) және бірнеше жекпе-жек түрін жетік меңгерген сайыпқыран. Жуырда біз оны әңгімеге тарттық.


 

— Темірлан, туып-өскен ортаң, күреске қашан, қалай келдің, осы турасында айта отырсаң?

 

— Теректі ауданының Аңқаты ауылында туып-өстім. Алдымда екі апам, екі ағам бар, үйдің кенжесімін. Әкем мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берді. Он жасымнан бастап, әкемнің қарамағында еркін күреспен айналыса бастадым. 2000 жылы 8-сыныпты бітіргеннен кейін әкем мені Қарағанды қаласындағы Ә. Молдағұлова атындағы спортқа дарынды өрендерге арналған мектеп-интернатқа оқуға жіберді. Орта білім алған соң Оралға қайтып оралып, М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың спорт және дене шынықтыру факультетінің студенті атандым. Оқып жүргенде Амангелді Мұсабеков дейтін өзі қарағандылық, бірақ біржола Оралға көшіп келген мықты бапкер ағамыздың жетекшілігімен жаттығып, шеберлігім күннен-күнге шыңдала бастады. Ағайдың мінезі қатал, талапшыл, бірақ алдына мақсат қойып, соған табандылықпен жететін жігіттерді жақсы көретін-ді. Ол кісі бізді тек күреске баулып қана қойған жоқ, сонымен қатар тентек болмауға, өз-өзіңді ұстауға, бір сөзбен айтқанда, дұрыс мінез қалыптастыруға үлкен үлес қосты.

 

— Енді бүгінге дейін қол жеткен жетістік-жеңістеріңе тоқталайық.

 

— Университетті бітірген 2008 жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметіне жұмысқа тұрдым. Өзіңіз білесіз, әскерде таза күрес деген жоқ. Онда қоян-қолтық ұрыс секілді жекпе-жектің қолданбалы түрлері кең таралған. Күрестің еркін, самбо түрлеріне қоса боксқа барып, жұдырықтасу техникасын жақсартып, қолма-қол ұрыс өнеріне бейімделдім. Нәтижесі оң болды. 2012 жылы Астанада өткен Ұлттық ұлан қолбасшысының кубогы үшін ашық турнирде 75 келі салмақта жеңіске жеттім. Айтпақшы, сәл шегініс жасап айта кетсем, 2009 жылы әскери самбодан Грекияда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегерімін. Сондай-ақ қолма-қол ұрыстан Еуропа чемпионы (Болгария, 2012 жыл), қолма-қол ұрыстан әлем чемпионатының қола жүлдегері (Перу, 2014 жыл, Ресей, 2015 жыл), әскери самбодан әлем кубогының қола жүлдегері (Ресей, 2015 жыл), әскери самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Марокко, 2015 жыл) деген атағым бар. Жалпы, әскери самбо мен қоян-қолтық ұрыстан халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Енді басталған Жаңа жылда да жаңа жетістіктерге жетуге ұмтыламын.

 

— Қазір ішкі істер саласына ауысып, БҚО ІІД-да қызмет жасап жүр екенсің. Шекара қызметінен кетуіңе не себеп болды?

 

— Шекара қызметі басшылығына алғысым шексіз. Менің спортшы ретінде қалыптасуыма көп еңбектерін сіңірді. Ауысу себебім – әскери келісімшарт мерзімі аяқталды да, ішкі істер саласына ауысуға шешім қабылдадым. Мұнда жоғары жетістіктерге жетіп жүрген жалғыз мен емес, Андрей Смирнов, Мержан Бақтыбаев деген әріптестерім бар. Біздің алаңсыз жаттығуымызға Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция полковнигі Махамбет Әбисатов тікелей жағдай жасап отыр. Нақты айтқанда, жарысқа барар алдында арнайы бапкер шақыртып, бізді әзірлейді. Одан кейін жарысқа баруымызға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет көп көмек беруде. Осындай қамқорлықтары үшін аталған азаматтарға спортшылар атынан үлкен алғыс білдіргім келеді.

 

— Сені жақсы спортшы ғана емес, қолы ашық, қайырымды, жүрегі жылы азамат деп те естідік. Бұл жайында не айтар едіңіз?

 

— Менің ойымша, кез келген адам қолынан келіп тұрса, мұқтаж жандарға көмектесулері тиіс. Ол біздің парызымыз десе де болады. Он жасымда аудандық жарысты ұтқанда маған сыйлыққа спорттық бас киім берді. Сондағы қуанғанымды әлі ұмытқан жоқпын. Ендеше, неге мұндайдан қашамыз деген ой келіп, осыдан екі-үш жыл бұрын Оралда өткен әскери самбодан әлем ку-богының бір кезеңінде жеңімпаз болып, жүлдеге алған қаржыны қайырымдылық қорына тапсырдым. Күні кеше ғана Оралдағы №24 мектептің оқушылардан құралған волейбол командасына жаңа спорттық киім алып бердім. Олар үмітті ақтап, қалалық сайыста екінші орын алыпты. Қазақ берсең, балаға бер демей ме? Сондықтан қолдан келгенше қайырымдылық жасауға дайынмын.

Сұхбаттасқан Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Ынтымақ пен еңбек – даму кепілі

Күні: , 135 рет оқылды

Ескайыр Елемесов


Есқайыр  ЕЛЕМЕСОВ,

Жәнібек  ауданындағы  «Символ»  ЖШС-ның  директоры, «Ерен  еңбегі  үшін»  медалінің  иегері:

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық  арманға бастайтын жол» мақаласында еліміздің алдында тұрған міндет-мақсаттар жан-жақты талданған. Елбасымыз Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуына қол жеткізудің жаңа қазақстандық арман екенін баса көрсетті.


Осы мақсатқа орай 5 институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» қолға алынғаны, оны қазіргі ғаламдық дағдарыс кезінде қалай жүзеге асыру керектігі де айтылған. Елімізде Ұлт жоспарын орындау үшін жаңа заңдар қабылданғаны және қабылданатыны белгілі. Мақалада құрылыс саласына да қатысты болатын жаңа нормативтік құжаттар, заңдылықтардағы жаңа өзгерістер жайы сөз болған. Әсіресе, құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісіне көшу, яғни құрылыс материалдарының, жұмыс күшінің, басқа да қызметтердің ағымдағы нарықтық құнын ескеруге жағдай жасалатыны бізді, құрылысшылар қауымын қуантып тастады. Құрылғанына биыл 15 жыл толатын «Символ» серіктестігінің құрыш қолды құрылысшылары еліміздің өсіп-өркендеуіне, ауыл-аймақтың гүлденуіне өз үлестерін қосып келеді. Компания елді мекендерге газ құбырларын тарту, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, ауданның инфрақұрылымын дамыту бағытындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқарады. Қастерлі Тәуелсіздік күні мерекесіне орай тәуелсіздік жылдары ішінде ұжымымызбен атқарылған еңбегіміз еленіп, компания басшысы ретінде менің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуым қарапайым еңбек адамына, біздің мекеменің құрылысшыларының еңбегіне берілген лайықты  баға  деп  білемін.

Әріге бармай тек өткен жылдың өзінде аудан орталығынан 157 нысанға арналған инфрақұрылым тарту жұмыстарын сапалы атқарып шыққанымызды айтсақ деймін.  Енді бұл жерлерде тұрғын үй, әлеуметтік нысан құрылыстарын алаңсыз жүргізуге болады. Одан басқа Борсы, Ақоба ауылдарына спорттық алаң салып, қараша айында тапсырдық. Жәнібек колледжінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, сыңғырлатып қойған біздің жігіттердің жігерлі еңбектеріне ауылдастарымыз алғыс айтты. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 10 тұрғын үй салып, уақытында пайдалануға бердік.

Қазір компаниямызда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал құрылыс жұмыстары қызған кезде еңбек биржасы арқылы тағы да 70 шақты адамды жұмысқа тартамыз. Алдағы уақытта да компаниямыз ауыл-аймақты жасампаз еңбектерімен көркейту жолында еңбек ете беретін болады. Ендігі мақсат – Қазақстанды  жаңғыртудың басты жобасы Ұлт жоспарын іске асыруға өз үлесімізді қосу.

аксерик айтимов

Ақсерік  ӘЙТІМОВ,

«ҚазИИТУ»  ғылыми-білім  кешенінің  құрылтайшысы, техника  ғылымдарының  кандидаты,  ҚР Ұлттық инженерлік академиясының  академигі, облыстық  мәслихаттың депутаты:

— Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму»  атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауындағы  ел-жұртты елең еткізген жаңалық – 2017 жылдан бастап елімізде «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасының жүзеге асырылатындығы. Елбасының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында да ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру, жоғары технологиялы өндірістерді көбейту, индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы жобалары үшін кадрлар даярлау еңгейін арттыру жайы сөз болады. Расында, бұл мектеп бітіретін түлектер үшін жақсы мүмкіндік екені сөзсіз. Өйткені бүгінде жастардың көпшілігі кеңседе отыратын қызметтерді, соның ішінде заңгер, экономист мамандықтарына оқиды, ал нарықта сұранысқа ие жүмысшы мамандықтарын таңдай қоймайды. Содан кейінгісі белгілі күректей дипломы болса да, жұмыссыз қалады немесе өзге салада жұмыс істейді. Қазір елімізде индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Соған орай кәсіпорындарда соны технологиялы құрал-жабдықты меңгерген жұмысшы мамандарына сұраныс азаймайтыны анық. “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” бағдарламасы аясында 2014 жылы кадр тапшылығын жою және жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында тікелей мемлекет тапсырысы бойынша жүзеге асырыла бастаған әлеуметтік жобаның да  Елбасының тапсырмасымен қолға алынғаны белгілі. Бүгінде «Серпін» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облысынан келген 35 студент мемлекеттік грантпен ғылыми-білім кешеніне қарасты экономика және ақпараттық технологиялар колледжіне, 35 студент жоғары техникалық мектебіне оқуға түсіп, білім алуда.

Жолдауда ел экономикасын дамытудың бағыттарына, ұлттық экономиканың шикізаттық бағдарынан инновацияға бет бұруға, ғылыми қамтылған жаңа технологияларды енгізуге, айрықша көңіл бөлінген. Сонымен қатар Мемлекет басшысы табиғат ресурстарының азаюы жағдайындағы Қазақстанның маңызды стратегиялық міндеттерін айқындап бер-ді. Ғылымды өндіріске ұштастыру міндеті ғалымдар мен мамандарға жүктеліп отыр.  Бұл тұрғыдан келсек, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені  нанотехнологияларға, жаңа ғылыми жетістіктерге негізделген өндірісті дамыту бағытында жұмыстанып келе жатқанын айтқымыз келеді. Соның ішінде баламалы қуат, табиғи ортаны қорғау технологиялары, құрал-жабдық жасау, мұнайхимиясы, металл өңдеу, мұнайгаз машиналарын жасау секілді инновациялық жобалар іске асырылуда.

Нақты мысалдар келтірер болсақ, ғылыми-білім кешені ауласында жеке жылу энергетикалық қондырғысы орнатылған. Бұл қондырғымен кешендегі ғимараттар жылытылып, соның арқасында жылыту маусымында 4 миллион теңге қаржы үнемделеді. Сондай-ақ ресейлік «ВАЗ-2106» автокөлігінің сериялық нұсқасында жасалған күннен қуат алатын «АС 5000-гелиоэлектромобиль» автокөлігін экономика және ақпараттық технологиялар колледжінің түлегі, бүгінде «ҚазИИТУ»-дың студенттері А. Феденов, С. Офицеров және көлік орталығының басшысы М. Рахымберлиев құрастырып шығарды. Күн қуатымен  жүретін велосипедті, жел-күн қуатын электр қуатына айналдыратын құрылғыны инновациялық идеяның жемісі деуге болады.

Жақында Ресейдің Мәскеу облысындағы «Дубна» мемлекеттік университетінде «Табиғат – Қоғам – Адам» жүйесіндегі орнықты дамудың іргелі және қолданбалы мәселелері бойынша өткен V халықаралық ғылыми конференциясы инновациялық орнықты даму бойынша кірігу мүмкіндіктері тақырыбына арналды. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар орнықты дамуды басқару, өмір сапасын өлшеу, техногендік қауіпсіздік және тұрақты даму, тұрақты даму саласындағы есептілік, келешектегі қаржылық жүйені жобалау, орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатындағы ғылым мен тәжірибенің өзара әрекеттестігі, «Орнықты  инновациялық дамудың «Жібек жолы» ғылыми-білім кластерін құру келешегі мәселелерін жан-жақты талқылады. Секциялық жұмыстар арысында ғаламдық экономикалық дағдарыстар, мұнай саласындағы жағдай талқыланып, одан шығудың жолдары математикалық тұрғыдан қарастырылды. Сонда әлемге танымал ғалымдардың Елбасымыздың БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясындағы орнықты даму және қазіргі әлемге жаңа сапалы қаржылық тетіктердің қажеттігі жайындағы сөйлеген сөзіне сілтеме жасағандары көңілден шықты. Жалпы конференцияда Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуына, Мемлекет басшысының  биылғы Жолдауындағы жоба-жоспарға оң баға берілді. Ендігі міндет – Елбасы  Жолдауын басшылыққа ала отырып, еліміздің болашағы жастарға сапалы білім беріп, инновациялық ғылыми жобаларды өндіріспен ұштастыру. Ғылым-білім кешені қызметкерлері осы мақсатқа жұмылып, жаңа биіктерге  ұмтылуда.

Ажгалиев

Александр  ӘЖІҒАЛИЕВ,

БҚО  әкімі  аппараты «Қоғамдық  келісім»  мекемесінің  басшысы:

— Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты жаңа пайымдауы қазіргі уақыттың талабына жауап ретінде қабылданды. Қоғамда орын алған өзекті мәселелерге нақты жауаптар мен стратегиялық әрекеттерді  нақтылап  берді.

Ынтымақ пен еңбек – Қазақстан дамуының кепілі. Сондықтан да Жолдауда қойылған барлық міндеттерді жүзеге асыруға Қазақстан халқы ассамблеясы белсене қатысуы қажет. Ең алдымен, бұл – халық арасында ақпараттық жұмыс жүргізу және Елбасымыз қойған тапсырмалар бойынша бірігіп әрекет ету. Мен басқаратын БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі ұлттық-мәдени бірлестіктермен ынтымақтаса отырып, Қазақстан халқы ассамблеясы жылы аясында ұлтаралық татулықты нығайтуға бағытталған көп іс-шара өткізді. Сон-дықтан жоғарыда айтылған аса маңызды саяси құжаттағы «Біріншіден, ол – Қазақстан халқы ассамблеясы. Оның миссиясы — бізді этносаралық бейбітшілік пен келісімнің мызғымастығына бастайтын жол» сынды сөздері біздің де санамызға ұялап, зор жауапкершілік жүктейді. «Ассамблея – біздің қазақстандық біртектіліктің  негізі де осы» сынды пайымдаудың да біздің қоғамда алар орны ерекше. Біз осы мұратқа қашанда  адалмыз.


Түйін тарқатылып келеді

Күні: , 122 рет оқылды

auto


Өткен жылдың соңғы айлары біздің өңірде сұйытылған газдың жетіспеушілігімен «ерекшеленгені» рас. Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мемлекеттік құрылымдар басшыларының, бір топ кәсіпкерлер мен мекеме-кәсіпорын жетекшілерінің басын қосып, өзекті мәселені шешу жолдарын талқылап, бірқатар тапсырмалар жүктеген еді. Жаңажылдық мерекелік күндерден  соң өзекті мәселеге қатысы бар бірқатар мекеме-кәсіпорындардың  есігін қағып, түйінді түйткілдің шешілу барысын білуге тырыстық.


Алдымен мәселенің қалайша ушыққанына қысқаша тоқталсақ. Сала мамандарының айтуынша, облыстық ішкі істер департаменті ҚР Энергетика министрлігіндегі комиссияға сұйытылған газды пайдалану үшін жабдықталып, тіркеуден өткен көліктердің нақты саны көрсетілген анықтама ұсынады. Министрлік сол анықтамаға сәйкес өңірге қажетті сұйытылған газ көлемін анықтап, бөледі. Өткен жылдың соңына дейін облыста тіркеуден өткен көлік саны 3,5 мыңды құраған. Ал, шын мәнінде, олардың саны 10 мыңнан асып түсуі мүмкін. Сондықтан өңірдегі газбен жүретін көлік санын нақты анықтамай, жағдайды бір қалыпқа келтіру оңай емес. Осы бағыттағы жұмыстардың жүргізілу қарқынын білу мақсатында біз БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық тобының инспекторы, полиция майоры Тимур Майрановқа арнайы жолықтық.

— Бүгінгі таңда көршілес Ресейден әкелініп, сол жақтың есебінен шығарылмаған, алыс-жақын шетелдерден келіп, облысы-мыздың үстінен өтетін транзиттік көліктердің көптігіне байланысты газбен жүретін көліктер санын нақты анықтау қиынға соғып отыр. Тіркеуге тұрмаған аутокөліктерді анықтау мақсатында әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері күн са-йын рейдке шығудамыз. Рейд барысында тоқтатылған көлік газ қондырғысын орнатып, бірақ тіркеуден өтпеген болса, жүргізуші Әкімшілік кодекстің 590-бабының 7-бөлімі бойынша жауапкершілікке тартылады, яғни оған 15 АЕК көлемінде (32 мың теңгедей) айыппұл салынады. Тіркеуге тұрмаған аутокөлік айыппұл тұрағына жөнелтіледі немесе мемлекеттік нөмірі шешіп алынады. Заң талабына сай құжаттарды реттегеннен кейін ғана көлік жүргізуге рұқсат етіледі. Соңғы аптада жаппай жүргізілген рейдтердің нәтижесінде күн сайын газ отынымен жүретін темір тұлпары тіркелмеген құқықбұзушыларға қатысты 25-30 хаттама толтырылуда. Ал газ пайдалану қондырғысын орнатуға күн сайын 40-50 жүргізушіден өтініш түседі. Осы орайда тұрғындарға газ пайдалану жабдығын орнату тәртібін айта кеткенім артық болмас. Белгіленген техникалық тәртіпке сәйкес, аутокөлігіне сұйытылған газды пайдалану жабдығын орнатуға ниет білдірген әрбір заңды немесе жеке тұлға алдымен әкімшілік полиция басқармасына келіп өтініш жазуы тиіс. Арнайы құрылған комиссия өтініш иесіне 10 тәулік ішінде тиісті жауабын береді. Бұл жерде көліктің ныспысы (маркасы), зауыттан шығарылған жылы, техникалық жағдайы қатаң қаралады. Егер аутокөлік газ пайдалану жабдығын орнатуға жарамды деп табылса, бізден арнайы рұқсат қағаз алады. Сосын қон-дырғымен жабдықтаушы нысандарға барып, газ пайдалану жабдығын орнатады. Ол жерде де жүргізушінің қолына барлығы заң шеңберінде екендігін растайтын құжат берілуі керек. Бұдан соң Ұлттық сертификаттау және сараптау орталығының жергілікті мекемесіне барып, зертханалық зерттеу қорытындысын алады. Сол құжаттар жиынтығымен әкімшілік полиция басқармасының көлік тіркеу бөліміне келіп, көліктің техникалық төлқұжатын ауыстыруға тапсырады. Жалпы кететін шығын шамамен 28 мың теңге құрайды, — деді Тимур Майранов.

Әкімшілік полиция басқармасы ғимаратының кіре берісінде өтініш берушілердің қарасы көп екенін байқадық. Орал қаласының тұрғыны Тарель Расулов:

— Көп жылдан бері көлік жүргіземін. Жанар-жағармайдың қымбаттауына және АИ-80 ныспылы бензиннің қолданыстан алынуына орай көлігіме газ пайдалану қондырғысын орнатуды жөн көрдім. Себебі бензинге қарағанда ба-ғасы едәуір арзан. Сұйытылған газбен жабдықталған көліктер қаламызда көбейіп келеді. Сол себепті болашақта сұйытылған газбен қамтитын бекеттер көбейсе екен, — дейді.

Ал есімін айтпауды жөн санаған бір азамат тіркеуден өтпеген аутокөлігімен жүруден қалғанын айтады.

— Осы уақытқа дейін полиция қызметкерлері әр жанар-жағармай құю бекеті маңында тексеру жүргізуде деп еститінбіз. Жыл басталғалы қаланың көшелеріндегі аутокөліктерді, тіпті базар аумағында аутотұрақта тұрған көліктерді де тексеріп жатыр дейді. Енді заң жүзінде тіркеуге қоюға келіп тұрмын, — дейді ол.

Бұдан әрі сұйытылған газбен қамтудың қазіргі мән-жәйін білу мақсатында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Байменовке жолықтық.

— Өткен жылғы бензиннің қымбаттауы сұйытылған газға деген сұранысты күрт арттырды. Сұйытылған газды тұтынатын аутокөліктердің саны нақты болмауы газ тапшылығына әкеліп соқты. Жақында облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында құзырлы мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Әкімшілік полиция басқармасына көлік көп жүретін аймақтарда рейдтер ұйымдастыруды, сұйытылған газ құю бекеттеріне келген аутокөліктерді онлайн тәртібінде дерекқор мәліметі бойынша тексеруді тапсырды. Бұл жердегі басты мақсат – заңбұзушыларға айыппұл салу ғана емес, сұйытылған газбен жүретін көліктің заң жүзінде тіркелгені, тіркелмегендігін анықтау. Осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілсе, өңіріміздегі газбен жабдықталған көліктердің нақты саны белгілі болмақ. Соның нәтижесінде министрлікке дұрыс дерек беріп, облысқа нақты қажет сұйытылған газ көлеміне қол жеткізе аламыз. Қазіргі жағдайға келер болсақ, қаңтар айына 2 мың тонна сұйытылған газға тапсырыс берілді. Күні бүгін соның 1 мың тоннасы өңірімізге жеткізіліп, саттыққа шығарылуда. Облыста «Жайықмұнай» ЖШС сұйық газ өндірсе, «Алау» ЖШС, «Тәуекел» ЖШС, «БККС LPJ» ЖШС сұйық газ жеткізуші және таратушы мекемелер болып саналады. Сұйық газ сататын бекет салуға ниет білдірушілер саны да күн санап артып келеді. Біз оларға шектеу қоймаймыз. Тек қала орталығында ғана емес, аудандарда салуға ұсыныс жасаудамыз. Атап айтар болсақ, Шыңғырлау, Қазталов, Жаңақала, Бөкей ордасы секілді шекаралас аудандарға салуды ұсынудамыз. Қазіргі таңда Тасқала, Ақжайық, Сырым аудандары орталықтарында сұйық газбен қамту бекеттері бар. Облыс орталығындағы бірқатар ірі мекеме-кәсіпорындар өздерінің аутокөліктеріне газбен жүру жабдығын орнатуда. Болашақта аудандар да осы үнемді әрі экологиялық зиянсыз жүйеге көшетіні анық. Сол себепті сұйытылған газбен қамту бекеттерінің көбейгені еш артықшылық етпейді. Жақында әр облыстағы сұйытылған газ бағасына мониторинг жүргізген болатынбыз. Біздің өңірде сұйық газдың 1 литрі – 39 теңге. Бұл баға – басқа өңірлермен салыстырғанда орташа көрсеткіш. Яғни біздің облыста сұйытылған газ құны бір өңірден қымбаттау болса, екіншісінен едәуір арзан, — деді Мұрат Бәйменов.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Өндіріске ұштасқан жоба

Күні: , 103 рет оқылды

кызылорда


Инноватор-ғалым, ұстаз, техника ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбек Монтаевтың бастамасымен құрылған Оралдағы «Инжиниринг және ресурстарды үнемдеу» ҒЗИ базасында зерттелген ғылыми жұмыс, инновациялық жоба Қызылорда қаласында бірінші рет өндірістік сынақтан өтті.


Мұнай қалдықтарын кәдеге жарату жобасы Қызылорда қаласындағы «СМП-Қызылорда» ЖШС-ның зауытында сынақтан өткен. Бұл кәсіпорында жылына 20 млн. керамикалық кірпіш шығарылады. Сынамаға «СМП — Қызылорда» ЖШС-ның директоры Т. Әлімқұлов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қ. Бисенов, Қызылорда облысы экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің жетекшісі, ғалым С. Пазылова, «Инжиниринг және ресурстарды үнемдеу» ҒЗИ-ның директоры С. Монтаев және бірнеше мамандар мен докторанттан қатысты.

С. Монтаевтың айтуынша, мұнай қалдығының жанғыш қасиетін ескеріп, оның жылуын пайдалануымыз керек. Ірі мұнай өндіретін компанияларда мұнай қалдықтары ысырап болады, өртеледі немесе арнайы полигон қоймаларында сақталады. Ғалым мұнай қалдығын құрылыс керамикасы технологиясында қолдану жайын зерттеп, оң нәтиже берген жағдайда аталған технологияны ірі зауыттарда өндіріске енгізуді мақсат етті. Оның  жетекшілігімен шәкірті, докторант Сәбит Жарылғапов осы тақырыпта докторлық диссертация жазды.

Зауыттағы сынақта керамика технологиясына кететін энергия шығынын 25-30 пайызға азайтып, сапасы жоғары өнім алуға болатыны дәлелденді. Бұл керамикалық кірпіш өндіретін кәсіпорындарға экономикалық жағынан тиімді әрі қоршаған ортаның мұнай қалдығымен ластануын азайтпақ.

Гүлнәр ШӘҢГЕРЕЙ,

“Орал өңірі”


Мұқтаждың мұңын кім тыңдайды?

Күні: , 142 рет оқылды

DSC_0289


Мүмкіндігі шектеулі кей жерлестеріміздің табандылығына таңғаласың. Шыңғырлау ауданына қарасты Лубен ауылының тұрғыны Жұмақыз Зілмағамбетова – дәл осы санаттағы жан. Қолы ілкімді шебердің өз бетімен ісмерлікпен айналыса бастағанына жеті жылдай уақыт өтіпті.


Лубен ауылында туып-өсіп, осындағы мектепті бітірген Жұмақыз Зілмағамбетованың әрі қарай жоғары білім алуға мүмкіндігі болмаған. Дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтерген жұбайы Асхатпен жеті жыл ғана отасыпты. Отағасы 1994 жылы өмірден озады. Сол жылы ұзақ уақыт малшы болып еңбек еткен әкесі Батыр да қайтыс болады.

Өмірлік сыңар қанатынан айырылған Жұмақыз апайдың ендігі мақсаты қолындағы үш қызын аман-есен жетілдіру еді. Күнкөріс қамымен қолынан келетін жұмысты талғамай істейді. 1999 жылы Ақсай қаласындағы шетелдік инвесторлық компанияға сылақшы  болып орналасады. 2002 жылы сонда қызмет ете жүріп, улы химиялық бояуға түсіп кеткен. Бірақ өндірістік жарақатқа қатысты ешқандай айыппұл өндіре алмапты. Бұл оқиғадан соң компаниядағы ұлты араб басшысы қарауында істеген қызметкерінің жайын көрген соң, жауапкершіліктен жалтарып, лезде Атырауға жұмыс орнын ауыстырған.

Бойға таралған удың зардабы кейін біртіндеп асқынады. «Жығылған үстіне жұдырық» демекші, 2006 жылы Лубен ауылындағы баспанасының шатырынан ішке су сорғалап ағып, сыз кіріп, тұратын жайлары тіпті жарамсыз болады. Сол кездегі ауылдық округтің әкімі Сағатқали Ульяров мектеп ғимаратының төбесін жаңалағанда әбден ескірген 20 шатыр ғана бөліпті. Амалы таусылған жесір сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмағамбетовке көмек беру жөнінде екі мәрте хат жазады. Бұған 2008 жылдың 20 желтоқсанында облыс басшысынан жауап хат келеді. Нәтижесінде Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменов хабарласып, әкімдікке қарасты үйге лезде көшу керектігін хабарлаған. Әлбетте, өз күшімен қайдан көшсін, Жұмақыз апай жанұшырып, ауыл әкімшілігінің көмегі қажет екенін айтып, әупірімдеп қоныс аударады. 2009 жылы қолында бағып-күтіп отырған анасы Әсияның дәм-тұзы таусылады.

Жұмақыз апайдың дерті біртіндеп тәнін меңдейді. Алдымен қолдарының ара-тұра жансыздануынан басталған. Кейін бір аяғы семіп, емін-еркін жүруден қалған. Сонда да қарап отырмай, үйден кәсіп бастайды. Ұлттық оюмен түрлі матадан балалар мен ересектер үшін бешпет, көйлек, шалбар тігеді. Тоқыма өнімдері де керемет. Өзінің айтуынша, бұрын ісмерлікке арнайы көңіл бөлмеген. «Әкемнің апасы Күнсұлу өрнектеп құрақ көрпе жасап, ауыл-аймаққа танымал ісмер адам болған. Бұл өнер сол кісіден дарыса  керек, – деді Жұмақыз апай. – Бұрыннан өзімде кеңестік кезеңнен қалған іс машина бар еді. Оған қоса аудан әкімі Алдияр Халеловтің қолдауымен іс тігетін жаңа құрылғыға да қолым жетті. Дегенмен әлі де нақты көмектер қажет-ақ. Мемлекеттік бағдарлама аясында несие алып, жеке кәсіпкерлігімді ашқым келеді.

Бұған қол жеткізіп жатсам, көмекші ретінде тағы бір кісіні жұмысқа алар едім. Несие алу үшін кепіл қою қажет. Елбасы өз Жолдауларында мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау керектігін жиі алға тартады. Ал менің меншікті баспанам да жоқ. 2010 жылы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен хабарласып, үйдің жалдау ақысын төлеу керектігін айтты. Мен мойныма түскен ауыртпалық жайын түсіндіріп бақтым. Бұл үйге көшіп келгенімде қолыма ешқандай құжат ұстатпағанын да айттым. Істі аудандық сотқа дейін апаратын болған соң, бала-шаға қамын ойлап, амалсыздан 2011 жылдың соңынан бастап жалдау ақысын там-тұмдап төлей бастадым. Денсаулығым да нашарлады.

2013 жылы сәуір айынан бастап ІІ топ мүгедегі ретінде есепке тұрдым. 2013 жылдың қарашасында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жекешелендіруге рұқсат берді. Бірақ сатып алу үшін 300 мың теңге төлеуім керек», – деген Жұмақыз апай бұрын көшіп кеткен үйі жөндеу көрмей құлап қалғанын айтты. Қазір тұрып жатқан әкім-дікке қарасты үш бөлмелі үйдің де сыңғырлап тұрғаны шамалы. Бұл баспананы осыдан тоғыз жыл бұрын өрт шалып, біраз бөлігі күйген. Қабырғалары жарылып, сызаттар пайда болған. Бірақ Жұмақыз апай өз күшімен ілкімдеп жөндеп алыпты. Қазір мектепте бастауыш сыныптарда оқитын екі жиенін қолына алып, бағып отыр. Тұңғыш қызы Динара ауылдағы мектепте іс-қағаз жүргізушісі болып жұмыс жасайды. Екінші қызы Марал облыстық ауруханада медбике болып  еңбек етсе, ал Самал Ақсайда шетелдік компанияда даяшы болып еңбек етіп жүр. Жұмақыз Батырқызы қажетті матаны қаладан қыздары арқылы алдыртып отыр.

Жұмақыз Зілмағамбетова әлеуметтік жағдайының төмендігіне байланысты баспананың тегін берілуін сұрап, 2015 жылдың ақпанында Шыңғырлау ауданының әкімдігіне өтініш жолдаған. Аудан әкімдігі аппаратының заңгері Бейбіт Жандәулетов барлық құжатын қабылдап алғанымен, мамыр айының ортасында қызметін ауыстыруына байланысты сұранысы аяқсыз қалыпты. Жазбаша жолдаған өтінішіне жауап берілмеген.

Соңынан барып, заңгер-маманның қалдырған құжатын жинап алып қайтуға тура келген. Негізі заңға сәйкес, заңды және жеке тұлғаның жазбаша хатына 15 тәулік ішінде жазбаша жауап берілуі керек еді. «Менің жағдайыммен аудан әкімдігінде қызмет ететін шенеуніктердің бәрі құлағдар. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сағатқали Айғалиұлы кезінде Лубен ауылдық округінің әкімі болып қызмет  атқарды», – деді Жұмақыз Батырқызы кейбір жергілікті шенеуніктердің бейжайлығын қынжыла жеткізіп.

Барар жер, басар тауы қалмаған соң, былтыр Жұмақыз Зілмағамбетова қазіргі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Бәйменовке де жолыққан. «Облыс тұрғындарының өтінішін қараудың өз тәртібі бар. Жұмақыз Зілмағамбетова аудандағы тиісті құрылымдарға жүгінуі керек еді. Аудан әкімінің қабылдауына жазылып, көзбе-көз тілдесуі немесе жазбаша арыз жазуы тиіс. Әкімдік бұл мәселені лауазымды тұлға мен жауапты мекемелер құзырына беріп, кейін қорытындысын хабарлайды. Өтініш беруші бұл шешімге көңілі толмаса, аудандық деңгейдегі құқық қорғау құрылымдарына жолыға алады. Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет еткенде Ж. Зілмағамбетованы үкіметке қарасты тұрғын үймен қамтыдық. Содан бері қызмет ауыстырғаныма бірнеше жыл өткен соң, маған жолыққаны орынсыз екенін қабылдауымда болғанда түсіндірдім. Бұл мәселені жергілікті атқарушы құрылымдар шешіп беруі тиіс», – деді Мұрат Бәйменов кейін сұрақ қоя барғанымызда.

– Мен аудан әкімі Алдияр Халеловтің қабылдауында болдым. Ол аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сағатқали Ульяровпен көз алдымда жүздестіріп, баспанаға деген меншік құқығымды заңдастырып, жалға төлеген қаржыны кері қайтарып беру қажеттігін айтты. Аудан басшысының сөзіне Сағатқали Ульяров құлақ асқан жоқ, «сатып алсын» деп нық жауап берді. Енді аудандық сотқа жүгіну үшін іс-құжат шаруасымен біраз жүру керек. Оған жағдайым көтермейтіні белгілі, – деген Жұмақыз Зілмағамбетова шенеуніктер көмегінен күдер үзіп отырғанын тілге тиек етті.

Р.S. Қазір жұмыссыздықты алға тартып, өз төрінде өзі жатып алатын еркек әлі де баршылық. Ал  Жұмақыз Зілмағамбетова ІІ топ мүгедегі әрі заты  әйел болса да, дағдарыс қыспағына да қарамай тәуекел етіп, несие алып, жеке кәсібін өрістеткісі келеді. Оған негіз жоқ емес. Оның  ісмерлігі  мен  өнімдерінің сапасына тәнті болғандықтан, жерлестерінен ғана емес, көрші ауылдардан сұраныс түсіріп жататындар баршылық. Кәсібін ашса, тағы бір адамды жұмыспен қамтымақ ойы бар. Жағдайына байланысты ісмерлікпен шұғылдануды үйінде жалғастырмақ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жариялады. Онда: «Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау – ерекше мәселе. Біздің елімізде толық емес отбасылар баршылық. Мемлекет баланы жалғыз тәрбиелеп отырған аналарға көмектесуі қажет. Біз әйелдер үшін икемді еңбек түрлерін қалыптастырып, үйде жұмыс жасауларына жағдай туғызуымыз керек. …Олардың бизнес ашып, оны жүргізуіне де қолайлы жағдай жасаған абзал», – дей келе Елбасымыз «ана мен балаға қарсы бағытталған ең ұсақ деген заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейтуді» ұсынды. Ал 2014 жылы жариялаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу шарт. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн», – деп  қадап айтқан еді. Ал Шыңғырлау ауданындағы кейбір  атқамінерлер бұл тапсырмаға жете назар аударып отырмаған сыңайлы. Облыстық басылым арқылы баспана мәселесінің оң шешімін табуға үмітті болып отырған жесірге мемлекеттік құрылымдар көмектеседі деп сенеміз. Біздің  бұл мәселенің барысына қайта оралатынымыз анық.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»,

Шыңғырлау ауданы


Мәуліт айы келгенде

Күні: , 92 рет оқылды

DSC_0192


12 желтоқсан — 10 қаңтар күндері аралығында  Пайғамбарымыз Мұхаммедтің туған күні – Мәуліт   мерекесі тойлануда. Бұл ай – бүкіл мұсылманның мейрамы.


Мәуліт түні келгенде куанған және ол түнді құрметтеген мұсылмандар көп сауап алады делінеді. Барлық жерде мәуліт қасидалары, өлеңдері оқылып, Расулуллаһ еске алынады.

— Адам баласына асыл Пайғамбарымыздың тамаша мінездері – үлгі-өнеге. Екі дүниенің рақатын қаласақ, Алланың сүйікті елшісінің істегендерін орындап, тыйғандарынан аулақ болып, өзімізді тежеуге тиіспіз, — дейді Батыс Қазақстан облыстық мешітінің ұстазы Гүлжәмила Ахметова (суретте).  Гүлжәмила – Алматы  қаласындағы «Нұр-Мүбәрәк ислам университетін бітіріп келген жас маман. Оның облыс әйелдерінің діни сауатын ашуды қолға алғанына 6 ай болды.

— Мәуліт айы келгенде мешітте мерекелік дастарқан жайылып, ас беріліп, концерттік қойылымдар болады. Біз де Пайғамбарымызды мадақтап, оның  құрметіне рухани кеш өткіздік, — дейді Гүлжәмила ұстаз. — Құранмен бастап, Пайғам-барымыз туралы сүре оқып, араб тілінде өмірін өлеңмен жырлап,  слайд жасап, тұрған үйін, киімдерін, тұтынған заттарын көрсеттік. Қыздар мәуліттің қазақша нұсқасын орындағанда, кешке қатысып отырған апаларымыздың көздеріне жас келіп, жандары нұрланып, жүректері тазарды. Сегіз  қыз екі топқа бөлініп жарысты. Кешке қатысқан 60 шақты адам діни сұрақтарға жауап берді. Жеңімпаздарға «Абу Ханафи мазһабы» кітабын сыйладық.

Облыста әйел жамағаты арасында өтіп жатқан осындай рухани кештерге мешіт жанындағы сауат ашу курсында оқып жатқан қыздар қатысуда. Өңірде діни сауатын ашуға ниет білдірген 130 қыз-келіншек бар. Күні бүгін соның 32-сі курсты бітіріп, сертификат алса, 40-ы  курста оқып жүр.

— Қыздарға Құранның әліппесінен бастап оқытамыз. БҚАТУ, БҚМУ және қала колледждерінің студент қыздары дәріс алуда. Бізге бар жағдайды жасап отырған бас имам Руслан Тыныштықұлына ризамыз. Әр дүйсенбі, сәрсенбі, сенбі күндері 10.00-13.00 және 16.30-19.30 сағат аралығында қыз-келіншектерге есігіміз ашық. Жақсы оқыған қыздарымыз кейін өздері шағын ортада сабақ береді деп сенеміз. Курста С. Сейітбектің «Мазһабтар туралы», Р. Батталұлының «Ахида сабақтары», «Пайғамбар тарихы» кітаптарынан дәріс береміз. Жанұя этикасы, мұсылман отбасы туралы да сұраныс көп. Тұрмысқа шықпаған, намаз үйреніп жүрген қыздар “Отбасы қандай болады, өмірлік жарды қалай таңдауға болады?” деген сұрақтар қояды. Отбасы мәселесі оқу бағдарламасында жоқ, алайда сұранысқа, тақырыптардың өзектілігіне орай «Отбасы бақыты», «Әйелдің міндеті» туралы да дәрістер бермекпін. Мешітке бақытты адамдар келе бермейді, бір нәрсесі кем, жүрегінде күйзелісі бар, тығырыққа тірелген адам Аллаға жақындауға ниет етіп келеді, — дейді Гүлжәмила ұстаз.

Ұстаздың айтуынша, күйреу алдында тұрған 10 отбасы мүшелерімен, үш рет талақ алған, діни жат ағымда адасқан бір келіншектің тағдырына араласып, оң ықпал жасаған. Бұрын адасқан қыз мешітке келіп сабақ ала бастаған соң өзгеріп, адасқанын түсінген. Бүгінде ол қыз діни жат ағымда жүрген апаларын мешітке тартуға тырысып, бауырларына көмектескісі келеді екен.

— Өткен жылдың аяғында Алматы қаласында өткен ұстаздар семинарына қатысып қайттым, — дейді ұстаз. — Діни білімсіз жастар адасуда, жиһадтың мағынасын түсінбеген жастар өз Отанын тастап, өзге елге соғысқа аттануда. Исламның асыл қағидалары бұрмалануда. Осынау өзекті мәселелерді шешу жолында еліміздің бас мүфтиі 2016-2020 жылдары бүкіл еліміз бойынша діни сауат ашу курстарын ашқалы отыр. Яғни  бір жүйеде сабақ беру қолға алынбақ, бағдарламасы 15 қаңтардан бастап қолымызға тиеді. 9 айлық сауат  ашу курсында оқығандар  3 ай сайын емтихан тапсырады. Сертификат алғандар діни басқармадағы белгілі бір дәрежеге ие болады және олар қызмет атқара жүріп, еліміздің тыныштығына үлес қосады деп ойлаймын.

Гүлжәмила Ахметова – облысқа  белгілі имам Әбдурашид Қарабаевтың өмірлік жары. Екі қыз бала тәрбиелеп отыр. Жолдасынан жырақта, сонау Алматы қаласында  жоғары оқу орнында оқыған ұстаз екі қызын бағып-қаққан енесіне дән риза әрі оны өз анасынан кем көрмейді. Отбасы құндылығын бірінші орынға қоятын ұстаз алдына келген қыз-келіншектерді нағыз қазақ  әрі иманы бетіне тұнған  мұсылман әйелі болса деп армандайды. Бүгінгі кей жас отбасылардың шым-шытырық өміріне, бейәдеп ұстанымдарына  қынжылған  Гүлжәмила  әңгіме үстінде: «Жақсы әйел таяқ жесе төркінге емес, төрге қарай қашады», «Әйел тілімен осып алса, еркек жұдырығын ала жүгіреді» деген мақалдарды айтып қалды. Мейірім мен адамгершіліктің,  парасаттың, ізгілік пен көркем мінез-құлықтың үлгісі – Мұхаммед  Пайғамбарымыз туылған Мәуліт айында редакциямызға келген жас ұстаз: «Алла Тағала біздің жүрегімізге иман нұрын себелеп, Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігімізді арттырып, оның үмметі болуға лайық қылсын!» деген  тілек айтты. Қоғамда белең алған діни адасушылықты болдырмауды, яғни ислами құндылықтар мен отбасы иманын қыз-келіншектердің бойына дарытып, әйел арқылы ұрпақ санасына құюды мақсат еткен ұстазға біз де табыс тіледік.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Ақсайда газқағар өндірілмек

Күні: , 86 рет оқылды

DSC_0092


Биыл Ақсай қаласында газқағар (противогаз) өндіру цехы ашылмақ. Республика көлемінде алғаш рет қолға алынғалы отырған бұл жобаны индустрияландыру картасына қосу жоспарда бар.


Шетелдік инвестиция көмегімен жүзеге асқалы отырған аталмыш жобаның құны 1 млрд. теңге көлемінде бағаланып отыр. Жобадағы қазақстандық үлес 80 пайызды құрамақ. Қажет шикізат Чехиядан жеткізілетін болады. Мұнда алғашқы кезеңде жылына 20 мың дана газқағар шығарылмақшы. Егер сұраныс артқан жағдайда өндіріс көлемін 10 есеге дейін көбейту көзделуде. Сондай-ақ бұл жерде сантехникалық бұйымдар мен автокөліктерге арналған резеңке төсеніштер өндіру де жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аумағы 750 шаршы метр болатын өндіріс ғимараты әзір. Көктемде құрал-жабдықтар жеткізілуі керек.

– Газқағар қолданысына қарай әскери, азаматтық және өндірістік болып бөлінеді ғой. Біз олардың алғашқы екеуін шығаруды көздеп отырмыз. Әскери, азаматтық газқағарлар адамның тыныс алу мүшелерін, көз, бет терісін аэрозольдардан, химиялық улы заттардың буы мен газдарынан, радиоактивті заттардан қорғауға арналған. Қазіргі таңда ҚР Қорғаныс министрлігімен алдын ала келісіміміз бар. Құрал-жабдық жеткізілген соң, өзге де ведомство, мекеме-кәсіпорындармен келісімшарт жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл салада жемісті еңбек етіп келе жатқан ресейлік өндіріс орындарымен серіктес боламыз деген сенімдеміз, – дейді «ГУЗУ-Алматы» ЖШС-ның техникалық директоры  Евгений  Буковский.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Бөрлі ауданы


Жеңімпаздарға сый-сияпат

Күні: , 74 рет оқылды

DSC_0108


Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов аудан орталығы – Чапаевтағы Ұлы Отан соғысына қатысушы Зинекеш Сақыбалиев, Қаматай Сарбөпеев, Александр Акутин және Қасен Қоспаевтың шаңырақтарына арнайы барып, оларға облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың құттықтау хатын және жаңажылдық сыйлық тапсырды.


Өздеріне мерекелік зор көңіл-хош сыйлағандары үшін Жеңіс сарбаздары облыс әкімінің атына және аудан басшысына ризашылықтарын  білдірді.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық ауданы


Бес күндік оқуға көшуі мүмкін

Күні: , 113 рет оқылды

IMG_7262


Еліміздің мектеп оқушылары алдағы жылдары аптасына бес күн оқуы мүмкін. «Билік өкілдері барлық сынып оқушылары үшін сенбі күнін ресми түрде демалыс күні ретінде жариялауды қарастыруда» деп жазады «Yk-news.kz» сайты.


«Қазір осы мәселені талқылап, пысықтаудамыз. Министрлік пен академияға ата-аналар тарапынан сабақ күндерін қысқарту туралы өтініштер келіп түсті. Біз қазір осы тұрғыда зерттеу жүргізіп, оқушылардың сабақ кестесін, жоспарын, басқа да жүктемелерін тексерудеміз. Көрсеткіш нәтижесін Білім және ғылым министрлігіне ұсынамыз. Соған орай министрлік шешім шығаратын болады», – деді ҚР Ұлттық білім академиясының вице-президенті Мәриям  Мұқанова.

ҚР Ұлттық білім академиясы өкілінің мәліметінше, оқу күнін қысқарту мәселесі барлық сынып оқушыларына қатысты қарастырылуда. Бұған дейін тек бастауыш сынып оқушылары ғана сенбі күні демалатыны туралы айтылған еді. Бұл мәселеге қатысты ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімі қашан шығарылатыны әзірге белгісіз.

Өз тілшіміз


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика