Мұрағат: 07.01.2016


Елбасы сыйлығын алды

Күні: , 124 рет оқылды

SONY DSC


Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Қазпошта» қызметкерлері Аяз атамен бірге  Орал қаласындағы эстетикалық бағыттағы гимназияның 4-сыныбында оқитын Виктория Харлашинаға  Елбасы сыйлығы – «Doh Vinci» жиынтығы мен жас суретшілер энциклопедиясын табыс етті.


Бұл кішкентай Вика мен оның отбасы үшін үлкен қуаныш болды.

«Желтоқсан айының басында барлық жақсы тілектерімді келтіріп, Аяз атаға хат жазған едім. Мен онда дүние жүзіндегі барша балаға бейбітшілік пен бақыт тіледім.

Өзім сурет салумен айналысатындықтан, бояу, кітап сияқты құралдардың керектігін жазған едім. Осы тілегімді Елбасының өзі орындағанына ризашылығым шексіз», — дейді Виктория. Ол өзінің тату-тәтті отбасында тәрбиеленіп жатқанын, қазіргі кезде Саратов қаласындағы В. Разумовский атындағы мемлекеттік медицина университетінде оқып жатқан ағасы Сергейді сағынып жүргенін жеткізді. Әкесі Дмитрий Харлашин «Оптика ВиД» ЖШС директоры болса, анасы Лариса сонда кеңесші болып еңбек етеді.

«Қызымыздың сабағы жақсы. Тек орыс тілі мен қазақ тілінен ғана «төрт», қалған сабақтарының бәрін «беске» оқиды. Соған қоса сурет салады, тоқумен айналысады, би билеп, фортепианода ойнайды. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақты болып өсіп келеді. Президентіміздің жаңажылдық сыйлығы қызымызға ерекше шабыт сыйлады», — деді Лариса Харлашина.

Айта кетейік, «Аяз атаға хат жаз» атты дәстүрлі шара жыл сайын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып келеді. Онда балалар өздерінің жүрекжарды тілектерін және нені армандайтынын айтып, хат жазып, оны «Қаз-пошта» бөлімшесіндегі арнайы жәшікке салады.

Ғалым АЯН


Мешін жылын Әбіш ағасыз қарсы алу

Күні: , 163 рет оқылды

image-06-01-16-07-59


Ескі жыл есіркемеді…

Ұлт руханиятының  терең тамырлы  саялы  Бәйтерегі құлады.

Адамзат өркениетіне алып тұлғаны сыйлаған желтоқсан айы кенеттен кемеңгердің өзін де алып кетті. Бұл  осы он екінші айдың оныншы жұлдызынан он біріне қараған түн ортасында болған азалы оқиға еді. Кемел шағы – 76 жасқа толғаннан кейін тура төрт күн өткенде.

Жалған дүние Әбіштей кемел дарыннан, абыз ағадан да өтті!


Қаралы хабар асығыс жолға шығарды. Тас төбемізден мұзды су құйғандай ес жия алмай, есеңгіреп қалдық. Төсек тартып жатып қалмаған. Жиі-жиі хабарласып отырамыз. Осы биыл  Әбіш ағаға сәлемдесуге жылдағыдан көп барған екенмін.

Әрбір кездесуіміз бірнеше  сағаттарға созылатын сұхбаттарға ұласатын. Кейде сырласумен аяқталатын. Соңғы рет қазан айында бірге болдық.  Абылдың баласы, шөбересі Әділдің сәби қылықтары мен тілін қызықтап мәз болып отыр еді. Клара жеңгеміз куә бәріне.

Кенеттен деген тек жай сөз ғана ғой. Әкесі екі жасында алапат соғысқа аттанып, оралмаған баланың жүрегі бүтін болар ма… Шығармашылық жұмыстардың бейнеті мен азабы өз алдында. Барлық шығармаларын мемлекеттік мәртебелі де жауапты қызметтерде жүріп жазған. Екі кеменің құлағын ұстап, желкенін көтергендей мехнаты мол ғұмыр сүрді. Тәуелсіздік жылдары бірыңғай көсемсөзге көшті. «Үркер» мен «Елең алаңнан» кейінгі жоспарланған үшінші кітап ішінде кетті. Ол Әбілқайыр ханның қазасынан кейінгі Ұлы даладағы оқиғалардан құралған кең құлашты эпопеяның соңы болатын. Аяқтауға мұршасы болмады, уақыты жетпеді. Тәңірден сұрап алған Тәуелсіздіктің күйін күйттеді, қалыптасқан ахуалдарды талдады, елдің болашағын қамдады. Осы жолға көркем шығармашылығын құрбандық жасады. Елбасының кеңесшісі, кейіннен мемлекеттік кеңесші қызметтерін атқарды. Оның алдында еліміздің бас газеті – «Егеменге» басшылық жасады. Он үшінші шақырылған Жоғарғы кеңестің төрағалығына сайланды. Ата Заңымызда тұңғыш көрініс алған Мемлекеттік хатшы лауазымын жеті жылға жуық атқарды. Саясат пен шығармашылық өнердің басын қосып жүрудің  қиындықтары мен күйзелістерін бір кісідей бастан кешірді. Тоқсан сегізінші жылы дәптеріне түскен мына бір жыр  жолдарына үңіліп көріңізші.

«Шалқыған кеше төре, бүгін ғаріп,

Жүр дей ме мына заман тілімді алып.

Сыртымнан сыпсыңдайды сыншы ағайын,

Онсыз да тұр жүрегім сығымдалып.

Барады сығымдалып ет-жүрегім,

Бұл құлақ не сұмдықты естімедің?

Таңертең жазық жатса қас-қабағым,

Жабыңқы жауар бұлттай кешке реңім.

Күйініп күлдей болып келем үйге,

Ұғатын бір пенде жоқ мен не күйде.

Өкпені өсекке орап бұрқыратып,

Өлеуреу де өнер ме, япыр-ай, бұл не?».

Мемлекеттік қызмет пен қаламгерлік қарымын ұштастыра жүріп, қоғамда абыройлы болу – екінің бірінің пешенесіне жазылмаған дүние. Әбіш аға – бұл биікке шыға алған тұлға! Алла берген дарыны, дария ақыл-ойы, адалдығы мен еңбекқорлығы арқасында.

Соңғы бес-алты жылдың көлемінде жүрегіне салмақ түсірген жағдаяттарды да жақсы білеміз. Жаңаөзендегі оқиғалар жанына қатты батты. Айлар бойы оңаша қалып түнеріп жүрді. Егіздің сыңарындай болып  бірге өсіп, қатар өмір сүрген Фариза апаның қазасы да жеңіл тие қойған жоқ. Сәт-сағаты келген кезде оларды да сараптармыз, таразылармыз, талқылармыз. Тағдырдың соңғы ауыр соққысы «тар құрсағын жібіткен, тас көкірегін иіткен» тұңғыштары Әулеттің қапиядағы қазасы болды. Оған да екі жарым жыл өтті.

Өткен жолғы бір әңгімеде жүрегімнің қызметі елу бір пайыздың төңірегінде деген. Дәрігерлер алдыңғы жылы алпыс төрт пайызға теңеген. Туа бітті Алладан бұйырған сабыр мен шыдамның, рухани қажыр-қайраттың, күш-жігердің арқасында сыртқа сездірмей жүрді ғой. Қайран, ағатай!

Шардара – Шымкент – Астана арасы айшылық жолдай тым-тым алыстап кетті. Күтпеген хабар тосыннан болған ауыр соққыдан бетер… Қабырғаңды қаусатып, ой-санаңды сансыратып кетеді екен. Мән-жайға барып қанықтық.

Клара жеңгеміз ол күні ешқандай оқыс оқиға болмағанын айтты. Мұхтар Алтынбаевтың мерейтой салтанатынан өте көңілді келіпті.

Қонақасы күні сәскеде  сенатор Қуаныш Айтаханов көңіл айтуға келді. Ежелден таныс, сыйлас кісіміз. Әбіш ағаның «Нұрсаядағы» депутаттар үйінде бірнеше жыл  көрші  тұрған. Парламент залында қатар отырған. Ағаның қадір-қасиеттерін тереңнен  сезінетін, айрықша құрметтейтін, әбден аралас-құралас, рухани інісіне айналған азамат. 10 желтоқсан күні әйгілі Халық Қаһарманы, ұшқыш-генерал Мұхтар Алтынбаевтың Парламент қабырғасында өткен 70 жылдық мерейтойына аса жайдары көңіл күймен қатысыпты. Қошеметтеп төрге отырғызылған. Барша депутаттардың атынан сөз берілген. «Мұхтар, сен аспанды жерге, жерді аспанға жақындатқан нағыз батырсың  ғой!» – деп, көсіліп, шешіліп сөз сөйлеген. Шешеннен сөз артылған ба!  Ағынан жарылып, ақ тілектерін жеткізген.

«Өй, айналайындар-ай!» – деп бұрынғы әріптестерімен ақжарқын амандасыпты. Айқара  құшақтап, бауырына басыпты. Мерейтойдың мерейін өсіріп кетіпті.

Қуаныш Айтаханұлы айтады:

— Салтанат аяқталғанша Әбекеңнің қасында жүрдім. Мерекелік дастарқанға рақмет айтып, бәрімізбен жылы шырайлы қоштасты. Құрметпен шығарып салдық.

Жүзінен, жүріс-тұрысынан қиналыстың, сырқаттың табы сезілмеді. Екінші қабатқа екі рет көтерілгенде де тым жеңіл шықты. Әдетте қолтығынан демеп жүретінбіз. Жарқыраған жайма-шуақ кейпімен көз алдымызда қалып қойды…

Өзі сан жылдар қызметте болған, талай-талай ой қазыналарын ақтарған, іргелі жиындардың бел ортасында жүрген, қайраткер болып қалыптасқан Парламент Үйімен, өзіне ерекше сый-құрметпен қарайтын қызметтестерімен, әріптестерімен мәңгілікке қоштасуға келген екен ғой деп ойладық. Қазақтар мұны бой жазу дейді. Осы әңгімені соңғы сапарға шығарып салғаннан кейін ертеңіне кешқұрым отбасында бас қосқан сенаторлар Қайрат Ищанов пен Бірғаным Әйтімова да айтты.

Клара жеңгеміздің мамандығы – дәрігер. Көпті көрген, ел анасы атанған Айсәуле мамамызға қалтқысыз қызмет көрсетіп, бағып, күткен, батасын алған, жарты ғасырдан аса кезеңде бақытты жұбайлық  ғұмырын  бірге өткізген, жарының  қасы мен қабағынан жан дүниесін де, көңіл күйін де, бәрін-бәрін терең түсінетін кемел жан. «Жатар орынға жете  бергенде, демі қысылып, қинала бастады» дейді. «Жедел жәрдем» жеткенше кетіп қалыпты. Бірауыз тілге келмепті. Сұм ажал айтып келмейді деген осы да!

Желтоқсанның ызғарлы күндері  Елордадағы «Премиум» тұрғын үй кешеніндегі Сарайшық көшесінің бойында орналасқан Кекілбаевтар отбасынан  лек-лек болып келіп жатқан кісі қарасы үзілмеді. Алыс шет елдерден келген азаматтарды жолықтырдық. Мырзатай Жолдасбеков, Оралбай Әбдікәрімов, Қуаныш Сұлтанов, Нұрлан Оразалин, Равиль Шырдабаев, Иманғали Тасмағамбетов, Қайрат Ищанов, Сауытбек Абдрахманов, Сайын Назарбекұлы, Жақсылық Жанғазиев, Зейнолла Алшынбаев, Өтеген Оралбаев, тағы басқа белгілі қайраткерлер алғашқы сәттерден қайғыға ортақтасып, ұлы ойшылды ұлықтау шараларын ақылдасқан. Келелі мәслихаттар болған. Қаралы хабар ел-жұртқа «Egemen.kz» порталынан жедел хабарланған. Таң атпай, күн шықпай жатып ұлт руханиятының орны толмас қазасы байтақ қазақ еліне тез арада тарап кеткен. Алматыдан тоқсанға келген егделігіне қарамастан, академик Серік Қирабаев жетті. Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының әкімдері Бақтықожа Ізмұханбетов, Қырымбек Көшербаев, Алик Айдарбаев, қоғам қайраткерлері Амангелді Айталы, Бекет Тұрғараев алғашқылар қатарында көңіл айтуға келіп, жұбату сөздерін айтты. Сексен бес жастағы Лепес қажы Исаұлы мен жақын туыс, жазушы Лебен Сәдуақасов бастаған маңғыстаулықтар арнайы ұшақпен жетті. Мәжіліс депутаты Гүлнәр Сейітмағамбетова, ақын Оңайгүл Тұржанова, басқа да қарындастары аяқтарынан тік тұрып қызмет жасады. Өткен жылы осы әулеттің үлкені Дыбыс апа Бейнеуде қайтыс болған. Қазір сексеннің сеңгіріне шыққан Қарагөз апа табалдырықтан аттай бере ауыр қайғыдан омырылып отырып қалды. «Жалғызым-ай!» деп жалын ата күрсініп,  жүрегі қысылып дем жетпей жатыр. Дәрігер көмекке келді. Қызылордадан ағаның қарындасы – Тілектес апамыз Дүйсен жездемізбен жанұшырып жетті. Немере ағасы, Әулет қаза болған жылы дүниеден өткен Мұқыр атаның ұл-қыздарының бәрі осында.

Қонақасы Хазірет Сұлтан мешітінде берілді. Ұйымдастырушылық жұмыстардың басы-қасында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ініміз жүрді. Еліміздің түкпір-түкпірінен қалам ұстаған қауым – ақын-жазушылар, журналистер, өнер адамдары Елордаға топ-тобымен көшіп келгендей. Әнес Сарай, Марал, Қажығали, Мархабат, Темірхан, Ханбибі, Қос Серік – Тұрғынбекұлы мен Ақсұңқарұлы, қазақтың ардақты ақын қыздарының бірі Ақұштап, Мереке, Мейірхан, Есенғали, Светқали, Сабыр, Елена, Амангелді, Жұмабай, Бауыржан, Абай, тағы басқалар. Байқамай, кездеспей қалғандары, әрине, бұдан да көп. Он сегіз жасқа толғанша төрт кітабын  шы-ғарып үлгерген Кенжебек ақын-студент те жанымыздан шықпай, шырқырап жүрді.

Желтоқсанның он үшінде таңертең сағат жетіде алдын ала белгіленген жеті адам марқұм сүйегін арулау рәсімдерін бастады. Олар: «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Төлеби Оспанов, Сұлтан Оразалинов, Өмірзақ Озғанбаев, Нұрлан Оразалин, Равиль Шырдабаев, Сайын Назарбеков, маңғыстаулық інісі Даржоқ Сейбағатов сынды танымал азаматтар. Оралбай Әбдікәрімов, Қуаныш Сұлтанов ағалар кірпік ілмей шыққандары  жүздерінен байқалады. Таң атысымен Иманғали Тасмағанбетов келіп жетті. Дәлізде Ерлан Карин, басқа да азаматтар қатарласып тұрды.

Сағат 9-да табытты алып «Нұр Астана» мешітіне жеттік. «Ауырлығы табыттай» деген Жұмекен ақынның жыр жолдары жадымызға оралды. Әбіш ағаның табытын қара жер  қалай көтеріп тұр екен деп іштей өксумен болдық. Жаназа намазды Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының найб-мүфтиі, мешіттің бас имамы – Өтпенов Наурызбай Тағанұлы  оқыды. Самарқанның Каттақорған қаласының тумасы. Бір ауылданбыз, жерлеспіз. Есімі Батыс аймағына кеңінен танымал, Құнанбайдың замандасы, сол кезеңде Меккеге қажылыққа барған атақты Досжан Хазіреттің тұқымы. «Жақсы адам» деп жамырастық. Көп ұзамай  соңғы сапарға шығарып салатын  орын – Көрме  залына да жеттік. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері құрметті қарауылға тұрды.

Бұдан екі жыл бұрын Фариза апамен қоштасқан күнгі көріністер. Иін тірескен халық толассыз ағылып ішке еніп жатыр. Аяқ басар орын қалмады. Жерлеу комиссиясының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының спикері Қасымжомарт Тоқаев кіріспе сөзін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының қазасына орай жолдаған Елбасының көңіл айтқан жеделхатын оқудан бастады. Өмірбаян деректеріне  шолу жасады.

Қаралы жиынның алғашқы сөзі Әбіш ағаның дарыны мен қабілетін тым жас кезінен жоғары бағалап, пікір айтқан, шығармаларын сан мәрте талдаған сыншы-академик Серік Қирабаевқа берілді.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Сенат депутаты Нұрлан Оразалин, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының әкімдері Қырымбек Көшербаев пен Алик Айдарбаев, бала кезден бірге өскен досы, сәулетші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сайын Назарбекұлы жан тебірентерлік қоштасу сөздерін айтты. Бірі-бірін қайталамайтын, бірін-бірі толықтырып тұратын ойлар, толғаныстар, естеліктер.

Замандастары Маңғыстау әулиелерінің қатарында атап жүрген заңғар тұлға туған жеріне неге қойылмады екен деген сөздер де айтылып қалды. Бұл өзі көпшіліктің ой-пікірлерімен астасып жатқан пікірге де саяды. Елбасы көңіл айтуға келген күнгі әңгімені ортаға салайық. Клара жеңгеміз ақылдылығы мен сұңғылалығын танытыпты. «Алпыс жылға жуық уақыт отағасының аяғын жуып келіп едім. Ол кісі пантеонда қалса, ертеңгі күні мені ағайын-туыс елге алып кетсе қалай болады, Нұрсұлтан-ау? Менің о дүниеде де қызмет жасаймын деген армандарым бар еді. Екеуміз екі жақта жатсақ, орындалмай қалады ғой мақсат-ниеттерім…». Бұл ойларын алдын ала ақылшы аға, ұлағатты ұстаз Мырзатай Жолдасбеков арқылы да жеткізген екен.

Елбасы естияр сөзді бар ықыласымен тыңдап, естір құлақ, күпті көңілдерге қанағаттанарлықтай уәж айтыпты. Ағайын-тумалардың ниетіне ризамын, ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ Әбіш Маңғыстаудың ғана емес, Алаштың, исі қазақтың Әбіші ғой… Астанада, бәріміздің жанымызда қалса деп едім… Жылы жымиып, жеңіл әзілмен:

— Сіз айтқан мәселені шешеміз ғой, күмәніңіз болмасын. Бірақ сіз, Клара, ол жаққа асықпаңыз, бала-шағаңыздың, немере-шөберелеріңіздің қызығын көріңіз. Асыға қоймаңыз. Менің досым да ол жақта ештеңе бүлдіре қоймас…

Үлкен кісінің сөзі осында жиналғандардың барлығының да көңілдерінен шыққан, келісім осылай болған.

Қаралы жиын аяқталып, табытты көтере бергенімізде, бір топ әйелдің арасынан сай сүйегімізді сырқыратқан жоқтау-жыр естіле бастады.

17 желтоқсан күні  Ақтауда  Әбіш ағаның жетісі берілді. Жетікүндіктің туған жерінде өткізілгені орынды, оңды шешім болған. Қарайған халықтың, қамкөңіл ел-жұрттың барлығы бірдей Астанаға жете алмайды ғой. Оның үстіне Әбіш ағаның өзі шыр етіп жарық  дүние есігін ашқан  жерге, елге  деген махаббаты мен ықылас-пейілі алабөтен еді ғой, шіркін! «Көзің барда Маңғыстауды көріп қал!». Үлкен жүректі адамның ұлы махаббатын осы бір сөйлемнің өзінен-ақ аңғаруға болатын шығар. Атасына қарап ешкімді алаламайтын, жік-жікке бөлмейтін, заманының дара да дана тұлғасы болып жетілген перзентіне деген 360 әулиелі кәрі түбек халқының ықыласы мен пейілі де ерекше еді. Біздің әулеттен Шыңғыс қатысып, алқалы жиында Ұлы Абыз туралы ойына түйгендері мен сезімдері  туралы толғанып сөз сөйлепті. Осы таяуда ширек ғасырдан астам бойы сөйлеген сөздері, баяндамалары жазылған 60 бейнетаспаны үлкен сенім артып, өз қолымен аманат етіп  тапсырып кеткен еді. Бұл баға жеткісіз үлкен мұра қазіргі жаңа электрондық технологияға сай цифрлық таспаларға қайта жазылып жатыр. Әбіштанудың ұланғайыр дүниесінің бір бөлігі, тірі бейнесі сақталған таспалар ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып аманесен жетсе, бүгінгі көзі тірілердің халқымыздың дана перзентінің  алдындағы асыл парыздарын өтегендері ғой. Баға жеткісіз дүниелер екендігі анық. Шыңғыстың сөзі – бүгінгі жас ұрпақтың Ұлт абызына деген риясыз сүйіспеншілігінің, лайықты құрметінің, заңғарға жасалған тағзымның айғағы  деп қабылдап, толық мәтінін жариялауды мақұл көрдік.

«Әбіш аға жөнінде пікір айтатын мен кім едім деп ойлаймын! Айтса да, өсер-өшері төңірегін көмкерген тоғайға тәуелді шыбық тал асқар таудың шыңына не айта алады?

Өзімнің емес, інісі Бақтықожа Ізмұxамбетов бастаған барша атыраулықтардың көңілін қабырғам қайысып, белім майысып арқалап алып келдім.

Қазақ руxаниятының қара орманы орылып қалғандай қурап отырмыз!

Маңғаз Маңғыстаудың майлы топырағын еркелей сипап жатқан Кәрі Каспий тартылып қалғандай кеуіп отырмыз!

Біздің күй осы!

Аза деген ауыр ауруға шалдықтық. Дәрі жаза алмайды, уақыт емдемесе.

Аптаның соңғы күні абызды аруладық. Қазақ әдебиетінің Эверст сияқты соңғы шыңы еді ғой!

Пантеон сияқты жердің өңешіне салдық. Фариза апа екеуі бір-бір  төмпешік болып қалды артымызда.

Әбіш ағамен қоштастық. Ұлты қандай ұлысынан айырылып қалғанын әлі сезіне қойған жоқ! Уақыт керек! Адамды заманы бағалаған ба?! Абайымыз арамызда жүрген екен ғой деп әлі талай санымызды сабалармыз. Қап-қап дерміз… Қайран кемеңгер! Қош болғайсыз!

Халқы Әбіш әлемі мен Кекілбаев кеңістігін енді шынайы түсіне бастайтын болады.

Тіріңізде тоғышар орта шулауға тулауыңызды, айқайға айтағыңызды қалайтын. Өкпелеу де, өсектеу де өңмеңдемей қалған ба!

Айналамыз түгел көріну үшін төңірекке сіз тұрған шыңнан көз тастау керек екен. Жаратылысты түгел сезіну үшін сіз нәр алатын шыңырауға тамыр түсіру керек екен.

Ұшы жоқ биіктікке қанша созсақ та, қолымыз, түбі жоқ тереңдікке қанша тебінсек те, тірсегіміз жетпейді.

Заманның көзімен емес, тариxтың көзімен қарап, өмірдің мәнін күрестен емес, еңбектен іздедіңіз. Топқа күрес, ал ұлтқа еңбек керек екен. Күрескер жақынға пайда тигізу үшін жатқа зиян келтіреді. Ұтылғанның есебінен ұтады. Ал еңбеккер ай мен күндей, әлемге бірдей екен. Жамандықты жамандық емес, жасампаздық жеңеді!

Сіз аяқ асты жантәсілім еткен жәндіктен айласы асқан адамға дейін мейірлене қарайтынсыз, “айналайыныңызды” аямайтынсыз. Не деген кең едіңіз! Кеңді-гіңізден кемшілік те ізделмей қалмап еді. Көп ақыл арпылдап отыру үшін емес, кең болу үшін керек.

Сіз Алатау екенсіз! Қозғалмайтын! Алатау алабұртса, Алматының күні қандай болмақ!

Сіз терең өзен екенсіз! Тыныш ағатын. Терең өзен тасыса, жағадағы жамағаттың жағдайы не болмақ!

Қайран!.. Жұртының қамын жоқтаған алып жүрек тоқтады, ұлтының ақыл-ойын сақтаған сәулелі сана сөнді.

Ағам қайтардан екі апта бұрын Бақтықожа Ізмұхамбетов Кекілбаевтың видеомұрағатын жасауға Астанаға аттандырған еді. 60 кассета алдым. Цифрлап жатырмыз. Осы жұмысты аяқтау Атырауға артылған аманат.

Әбіш ағаның өзі кеткенімен, бейнесін мәңгі сақтаймыз!».

Ескі жыл есіркемеді, Мешін жылын Әбіш ағасыз қарсы алдық.

Жұмабек МҰҚАНОВ


Пайғамбарымызға салауат болсын!

Күні: , 161 рет оқылды

Изображение 027


Құрметті мұсылман бауырлар! Қадірлі жерлестер! Күллі мұсылман әлемінің асыға күткен қасиетті мерекесі – Мәуліт айы құтты болсын! Әр шаңыраққа шаттық, отбасыларыңызға тыныштық, жұмысыңызға табыс тілей отырып, барша әлемнің Жаратушысы — Алла Тағала егеменді еліміздің болашағын жарқын, көк байрағымыздың әрқашанда биік болуын нәсіп етсін дегім келеді.


Адамзат тарихында ең ұлы, сүйікті Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) дүниеге келген мәуліт күні жөнінде Алла Тағала Құран-Кәрімде: «Ей, адамдар! Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келеді. Сендер тауқыметке ұшырасаңдар Оған ауыр тиеді. Ол сендердің тура жолда болғандарыңды қалайды, мүміндерге құштар, өте жанашыр» («Тәубе» сүресі, 128-аят), – деген. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туылған жері — дініміз үшін ең қасиетті орын саналатын һәм Алла Тағаланың нұры жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдуллах, оның әкесі Әбдүлмүттәліп, оның әкесі Һашим, оның әкесі Абдулманап. Анасы-ның есімі Әмина. Пайғамбарымыз ата-анадан жалғыз. Өйткені әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салған, анасынан да пайғамбарымыз 6 жасында айырылған. Мұхаммед (с.а.с.) Исадан (ғ.с.) милади жыл санауы бойынша, 571 жыл кейін, 20 сәуірде, һижри санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні дүниеге келген. Міне, осы ай қазір мелади жыл санауы бойынша желтоқсан айының 13-ші жұлдызында кіріп, Пайғамбарымыздың туған күні желтоқсанның 22-сінің 23-ші түніне сәйкес келеді.

Шын мәнінде, Алла Тағаланың адам баласына берген нығмет-несібелері шексіз. Оны санап та тауыса алмайсың. Құран-Кәрімде: «Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына жете алмайсыңдар» делінген (Ибраһим сүресі 34-аят). Осы нығметтердің ең үлкені – бізге дұрыс жолды көрсету үшін арамыздан таңдап алынған пайғамбарлар мен олар арқылы келген иләһи кітаптар. Бұл тұрғысында, Алла Тағала былай дейді: «Әй, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет келді». «(Мұхаммед а.с.): Олар Алланың кеңшілігі, мәрхаметімен болған. Сол үшін олар қуансын…» (Юнус сүресі 57-58- аяттар).

Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.у.) осындай нығметтің қадір-қасиетін білуді, оған шүкір етуімізді насихаттады. Сонда Пайғамбарымыздан дүйсенбі күнгі тұтылатын ораза жайында сұралғанда, ол (с.а.у.): «Ол күні мен туылғанмын. Әрі уахидің маған түсіріле бастаған күні» деп жауап берген болатын (Муслим, Ораза 1162). Мұсылмандар үшін пайғамбарға сүйіспеншілік әр уақытта ең бірінші кезекте болу керек. Өйткені Құранда: «Пайғамбарлар, мүминдер үшін өздерінен артық» деген аят бар (Ахзап сүресі 6-аят). Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде де: «Сендердің ешқайсысыларың мені ата-анасынан, бала-шағасынан және барлық адамзаттан артық жақсы көрмейінше, нағыз иман келтірген болып есептелмейсіңдер» деген (Бухари, 6632).

Жоғарыда айтылған аят-хадистер пайғамбарымыздың туылған күнін, оның пайғамбарлығына шын көңілмен қуанып шүкіршілік етуіміз керектігін білдіріп тұр. Тіпті қай уақытта қуанып, шүкіршілік етуіміз керектігі де айтылған. Яғни дүйсенбі күні ораза ұстау арқылы мәулітті апта сайын тойлаған болып саналамыз. Дегенмен «Рабиул әууәл» айының он екінші күнін, яғни Пайғамбарымыздың туған күнін «мәуліт кеші» ретінде атап өте аламыз ба, жоқ па? Бұл жөнінде Ислам ғалымдары түрлі көзқарасты алға тартса да, көбісі мәуліт кешін құттықтаса болады деп оны мақұл көрген. Енді осы тақырып жайында қазіргі ғалымдар не айтады екен, соған тоқталсақ. «Мұсылман ғалымдары бірлігі» ұйымының жетекшісі, белгілі мысырлық ғалым, доктор, про-фессор Юсуф әл-Қардауи: «Кейбір мұсылмандар, хижрат, мираж, Меккенің фәтхі (алынуы) және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туылған күні сияқты іс-шараларды атап өтуді, сол күндерге көңіл бөлуді дінде бидғат санап, «әрбір бидғат адасу» деген имам Муслим келтірген 592 хадисті дәлел ретінде келтіреді. Бұлай үкім шығару дұрыс емес. Ал егер мұндай игі іс-шаралар мен еске алу кештерінде бидғат нәрселер бар болса, онда басқа әңгіме. Біз мұндай кештерді пайғамбар өмірімен танысу, әрі оны басқаларға үйрету мақсатында үлкен мүмкіншілік деп білуіміз керек». Мұндай бұл іс-шараларда біз Алла Тағаланың нығметтерін еске аламыз әрі өзгелерге ескертеміз. Бұл діни тұрғыдан дұрыс амал болып саналады. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Алланың сендерге бағыштаған нығметін еске алыңдар» дейді (Ахзап сүресі 9-аят). Ал Сирияның мүфтиі, ғалым, доктор, профессор Мұхаммед Сайд Рамазан әл-Бути бұл жөнінде мынадай ой айтады: «Сахих хадисте Пайғамбарымыздан (с.а.у.) дүйсенбі күнгі оразаның себебін сұрағанда: «Бұл күн менің туылған күнім» деп жауап берген. (Муслим, Ораза 1162) Оның туылған күнін ораза тұтып, тойлау біздің бүгінгі атап өтіп жүрген мәулітке негіз. Атап өтіліп жүрген бұл мәулітті бидғат деуге келмейді. Өйткені Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туылған күнін атап өту, бірден-бір қайырлы әрі пайдалы іс-шара ғана. Бұл іс-шаралар бұрын болмаған қазіргі діни конференциялар мен семинарлар сияқты. Енді мұны бидғат деу дұрыс емес.

Ең бастысы, бұл іс-шараларды өткізу барысында харам нәрселерді араластырмау». Сондай-ақ ғалым Сайд Мұхаммед бин Алауи әл-Мәлики: «Бізді толғандыратын басты мәселе адамдардың мешіттерге жиналуы. Сондықтан бұл мүмкіншілікті пайдаланып, қайырлы, игі істерге түрткі болу» дейді. Сондықтан «Уа, Мұхаммед! Саған есендік болсын! Туған күнің құтты болсын!» деп Пайғамбарымыздың туылған күнін еске алып, ол күндері салауат айтсақ, әрине орынды. Аллаға шүкір тәуелсіздігіміздің туы желбірегеннен бері, елімізде әр жылы мәуліт күнін күтіп алу үрдіске айналды. Ақ маңдайлы әжелеріміз бен ақ сақалды аталарымыз, қала берді жастарымыз да шын ықыластарымен қарсы алуда.

Енді тәни ортақ құндылықтар бір бойынан табыла білген тамаша тұлға – ғаламға рақым нұрын шаша келген ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.) тек мінезі мен әдебін ғана айтар болсақ, Ол (с.а.у.) – өзінің пайғамбарлық жолында «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деп, ұлық мұратын паш етеді. Осылайша Ол (с.а.у.) Ислам діні негізінде адамзаттың бақытына баланған игі жақсылықтың бірі — көркем мінез екендігін дөп басып айтқан. Алла Елшісінің өмір жолы да негізінен мінезді кемелдендіруге арналған. «Көркем мінез» жайлы білмек болған бір кісіге Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «(Әй, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер» [Ағраф 199] деген аятты оқып: – Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарын үзгендермен арадағы аралас-құраластықты арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің, – деп түйген. Және бір жерде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр басатын бірден-бір амал – Алладан қорқу мен көркем мінез» [Термизм, Бирр 62], – екенін айтқан. Бір кісі Пайғамбарымызға келіп: – Дін деген не? – деп сұрағанда: – Ол – көркем мінез, – деп жауап қатқаны тағы бар. Әлгі адам айналсоқтап кетпей, бір қойған сауалын неше мәрте қайталаса да, Пайғамбарымыздан «Көркем мінез» деген жауапты алған.

– Іс-амалдардың қайсысы жақсы? – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: – Көркем мінез, – деген. Тағы басқа бірнеше хадистерінде: – Алла бұл дінді өзіне тән қылды. Сендердің діндеріңе жомарттық пен көркем мінезден басқасы жараспайды. Ояныңдар. Осы екі қасиет арқылы діндеріңізді көркемдеңіздер! Қайда болсаңдар да, Алла Тағаладан қорқыңдар! Жамандық жасасаңдар, артынша дереу оны жуып-шаятын жақсылық жасаңдар. Елмен қарым-қатынаста көркем мінезді болыңдар! — деп, бұның маңыздылығына үмбетінің назарын ерекше аудартқан. Реті келгенде, жылы жүзбен кісіге күле қарағанның өзі садақа болып есептелсе, кісі көңілін қалдыру мұсылмандар үшін аса қасиетті, киелі Қағбаны бұзғанмен бірдей. Пайғамбарымыз да (с.а.у.) бір хадисінде: «Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген Раббымның өзі» – деп, осы шындықты айқындап берген. Иә, Пайғамбарымыздың бойындағы тұнып тұрған кемел мінез-құлық – Оның Пайғамбарлығының белгісі мен нышаны екені хақ. Пайғамбарымыздың пайғамбарлық келгенге дейінгі өміріне көз жүгіртер болсақ, Ол (с.а.у.) қырық жасына дейін ел ішінде ең сенімді тұлға ретінде танылған. Мекке халқы оны «Мухаммадун Амин», яғни «Сенімді Мұхаммед» деп атайтын. Мекке халқы Оның қырық жасына дейін бір рет болсын жалған сөйлегеніне куә болмаған. Жалғандық Оның (с.а.у.) үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін. Әбу Бәкір Сыддық: «Қырық жасына дейін бір де бір өтірік айтпаған адам мінез-құлқы әбден толысқан қырықтың қырқасына шыққанда қалайша өтірік айтсын?», – деп Пайғамбарымыздың дінін еш күмәнсіз қабылдап, бірден мұсылман болған-ды. Көркем мінез – дінімізбен қоса, екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін дәріптеп, иманымыздың кәмілдігін Пайғамбарымыз бен сахабалар секілді іспен көрсете білсек және оны өмірлік дәстүрге айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының исламға деген махаббаты да арта түспек. Сөз соңында айтарым, осындай көркем мінезге ие Пайғамбарымыздың келе жатқан Мәуліт айы құтты болсын! Әр шаңыраққа ынтымақ пен береке тілей отырып, Пайғамбарымызды үлгі тұтатын салиқалы жандардың қатарынан жазсын!

Әлімхан ТҰРЛЫБЕКОВ,

Орал қалалық мешітінің бас имамы


«Жаңа жылда да жемісті еңбек тілеймін»

Күні: , 108 рет оқылды

IMG_1537


Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллинді қабылдады.


– «Орал өңірі» газеті редакциясының ұжымы әдеттегідей 2015 жылы да табысты еңбек етті. Елбасының ел экономикасын дамыту мен халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға қатысты тапсырмаларының Батыс Қазақстан облысында орындалу барысы, үкіметтің ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті өркендету үшін бөліп отырған демеуқаржы мен несиелеріне қол жеткізудің жай-жапсары сіздердің ұдайы назарыңызда. Сонымен қатар «Орал өңірінің» шығармашылық ұжымы облыс аумағында ұлтаралық жарасым мен дінаралық татулықтың нығая түсуіне де үнемі мүдделілік танытып келеді. Ұлт тарихын түгендеу, бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлу, халық арасына салауатты өмір салтын түпкілікті орнықтыру, ел ішінен жат діни ағымдарды біржола аластату, жемқорлық атаулыдан арылу, құрылыс жұмыстарының сапасы тағы да басқа тақырыптарда газет тілшілері жазған мақала-материалдар мәселені дер кезінде көтерген көкейкестілігімен құнды. Нақты фактілерге құрылған орынды сын да «Орал өңірі» газетінің мазмұнын байытып, оқырмандар қатарын көбейте  түсетіндігін  байқап  жүрміз.

Бауыржан Файзоллаұлы, сіз басқаратын редакция ұжымы Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі 2015 жылы жариялаған «Ұлттық инновациялық байқауда» журналистика саласы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Егер осы конкурсқа республика бойынша 237 бұқаралық ақпарат құралы қатысқандығын ескерсек, «Орал өңірінің» бағындырған бұл биігі бәсеке өте күшті бүгінгі ақпарат айдынындағы зор жеңіс-жетістік екендігін ұғынамыз. Жақсылықтарыңыз жалғасты болсын, редакция ұжымына Жаңа жылда да жемісті еңбек тілеймін! – деді  Нұрлан  Асқарұлы.

Редакция басшысы өз кезегінде 2016 жылға қатысты редакцияның шығармашылық жоба-жоспары  жөнінде  әңгімеледі.

Өз тілшіміз


Жаңа жыл – жарқын мереке

Күні: , 165 рет оқылды

ортироип32652


Күннің суықтығына қарамастан Жаңа жыл қарсаңындағы мерекелік кешті Орал қаласының тұрғындары шат-шадыман көңіл күймен тамашалады. Мерекелік шара жергілікті әнші Аслан Зейнеденов шырқаған «Жаңа жыл» әнімен басталды.


Одан әрмен қызықты қойылым желісі көрермен назарын аударды. Хикая бірден Мыстан кемпірдің сиқырының әсерінен «Сахна» әуежайына қонатын 2016-рейстің кешігуімен «шиеленісті». Мерекелік кеш тізгінін ұстаған сайқымазақтар мен кейіпкерлер бұдан шығар жол іздеп, көңілді думан көрігін қыздыра түсті. Мыстан кемпірдің көңілін көтеру үшін «Маймылдар патшасы», «Кокос ұстаған горилла», «Жұптар биі», «Арқан тартыс», «Күлкімен емдеу» ойындарына тұрғындар белсенді араласып, түрлі сыйлықтарға ие болып жатты. Концертте Жанкелді Шаменов, Мұхтар Рамазанов, Мәди Сабыров, Нәзира Хибашева, Әсел Ғатауова секілді әншілер,   «Жас КZ» пен «Інжу» триосы өнер көрсетті. Сахнада әуелеген әндер әсем бимен көмкерілді. Кейін Аяз ата мен Ақшақарды бәрі қуанышпен қарсы алып, Қой жылын қошеметпен шығарып салды. Ортаға Жаңа жыл – Мешін  де келіп жетті. Бас шырша орнатылған Абай алаңындағы сауық кешке жиналған тұрғындарды Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов арнайы құттықтады.

– Биыл атаулы мерекелерден Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70, Ата Заңымыз бен Ассамблеяның 20 жылдығын тойладық. Осы жылы көптеген табысқа қол жеткіздік. Елбасымыздың тапсырмасымен қолға алынған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында біраз игі істер атқарылды. Қала ішіндегі жолдар мен көпірлерді жөндедік. Тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Шаһарымыз көркейіп, даму үстінде. Мұның бәрі – бейбітшіліктің, тұрақтылықтың, азаматтарымыздың тынымсыз еңбегінің нәтижесі.  Келесі жылы алда тұрған зор  міндеттерді бірлесіп жүзеге асырамыз. Жаңа құрылыстар салып, мұқтаждарға, мүгедектерге көмектесеміз. Балаларымызды оқытамыз. Сіздерді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың  атынан  мерекемен құттықтаймын. Жаңа жыл әрбір отбасыға бақыт, береке, молшылық, қуаныш әкелсін, – деді қала басшысы.

Жаңа жылға арналған мерекелік шара салтанатты  жұлдызжауынмен  аяқталды.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Шолпан МЫРЗАҒАЛИЕВА,

Ақжайық  ауданы Қабыршақты ауылдық округі Бітік  ауылының тұрғыны:

– Жаңа жылды әдетте ауылда қарсы алатынбыз. Биыл қалада қызықты өтетінін естіп, жаңажылдық кешті тамашалауға арнайы келдік. Расымен де, ұйымдастыру көңілімізден шығуда. Қойылым кейіпкерлерінің киімдері де көрікті. Мен Бітік  мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етемін. Бізде қаңтардың 28-інде Жаңа жыл мерекесіне орай балаларға арналған ертеңгілік өтті. «Ақшақар және жеті ергежейлі» ертегісінің желісі бойынша көрініс ұйымдастырдық. Оқушылар түрлі ұлт өкілдерінің киімдерін киді. 2-4-сынып бойынша өткен мектепішілік байқауда оқушыларым жүлделі орын иеленді. Жаңа жылда  жерлестеріме зор денсаулық, мол игілік тілеймін. Ең бастысы, еліміз тыныш болсын. Дағдарыс ауыртпалығына  мойымай,  аман-есен өтейік.

Қази  СЕГІЗОВ, Ақсай  қаласының тұрғыны:

– Мерекелік кеш керемет өтуде. 2015 жылы Ақсай қаласындағы техникалық колледжді бітірдім. Әзірше жұмысқа орналасқан жоқпын. Бірақ жаңа жылда мамандығым бойынша еңбек жолымды бастайтыныма үміттімін. Техникалық мамандықтарға баса көңіл бөлуді Елбасымыз да айтады. Барша жерлестеріме жаңа табыс, жаңа белес, жарқын өмір тілеймін.


Қазыналы Қадыр әлеміне саяхат

Күні: , 410 рет оқылды

myrzaliev-k


Сейсенбі күні Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Алаштың ардақты ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, жерлесіміз Қадыр Мырза Әлінің туған күніне орай «Қазыналы Қадыр әлемі» атты ашық есік күні өтті.


Бұл күні ақын атындағы орталыққа келушілер легі кешке дейін толастаған жоқ. «Сұлу сөздің сәйгүлігі» тақырыбымен ұйымдастырылған Қадыр оқуларына қала мектептерінің оқушыларымен қатар, жыр шайырының туған жері – Сырым елінен келген жас өрендер де белсене қатысты. Сөйтіп, ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыған 25 оқушының арасынан Сырым елінің шәкірттері оза шапты. Қадыр атасының 100 өлеңін жатқа білетін Нұркелді Ғабдуллин Сырым ауданындағы Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектептің   6-сыныбында оқиды. Әсіресе, «Сырым» өлеңін ерекше жақсы көретін ол Сырым Датұлы секілді сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем, сөз зергері Қадырдай ұлы ақынның елінде тұратынын айрықша мақтан етеді. Болашақта журналист болуды армандайтын Нұркелді әдебиетті сүйіп оқыған адамның өз мақсатына қашан да жететіндігіне сенімді. Көрермен қауым ең бастысы жас жеткіншектердің ақынның жақұт жырымен сусындап, рухани нәр алып, өсіп келе жатқанына сүйсінді.

Осы шарадан кейін орталықтың әдеби-мемориалдық музейінде батысқазақстандық зиялы қауым өкілдері, ақынның үзеңгілес, қаламдас достары ұлы тұлғамен бірге жүрген сәттері жайлы естеліктерін ортаға салды. Соның ішінде Қадыр ақынның анасы фәниден өткен кезде оның артында қалған дүние-мүлкін анасын бағып-күткен адамдарға ұсынып: «Маған анамның иісі сіңген жастықты қалдырсаңдар болды» деген ұлағатты сөзі келген көрермен, тыңдарман қауымды терең толқытты.

Орталықтың кітапханасында өткен тәлім мен тәрбиеге толы «Қара сөздің қарагері» атты тәрбие сағаты қатысушыларға рухани мол азық сыйлауымен ерекшеленді. Қадыр Мырза Әлінің балалар әдебиетіне қосқан үлесі баршаға белгілі. Ақын рухын асқақтатып, бірінен соң бірі өткен әдеби шаралардың ішіндегі бүлдіршіндер қатысқан «Сәбилер сәлемі» атты әдеби-сазды кеш те мағынаға толы болды. Кеште бүлдіршіндер ақын өлеңдерін жатқа оқып, сахналық көрініс көрсетті. Балдырғандар «Атамекен» әнін көрермендермен бірге шырқады. Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Донеділ Қажымовтың айтуынша, бүлдіршіндерді ақын поэзиясымен сусындатып, бойларына ұлттық ру-хымызды сіңіруде қаладағы №6 «Шолпан» мектепке дейінгі ұйымының директоры Гүлнар Меңдіғалиқызының еңбегі зор екен. Мұндай балабақшалар саны жыл сайын артып келе жатқаны да бізді қуантады. Олардың қатарында №21 «Росинка», №39 «Салтанат», №25 «Снежинка», «№30 «Гүлдер», №40 «Болашақ», №38 «Жазира» балабақшаларының ұжымдары бар.

31545452161

Шара барысында ізгі ісімен көпке үлгі болған Гүлнар Меңдіғалиқызының жетекшілігімен және республикалық «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының демеушілігімен ақынның 80 жылдығына орай, оқу-әдістемелік құралы ретінде шығарылған «Балаларға базарлық» атты кітаптың тұсауы кесілді. Сондай-ақ дәл осы күні ұлы ақынның шығармашылығын насихаттап жүрген бірқатар азаматтар Қадыр Мырза Әлі атындағы ескерткіш медальмен марапатталды. Олардың ішінде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, облыстық мәслихаттың депутаты Ғабдырахим Жаңбырбаев, қала әкімі Алтай Көлгінов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен, ардагер журналист Базарғали Қуатов, Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шалқыма Құрманәлина, Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың директоры Роза Исатаева, Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Зүбәйда Өтешова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғайсағали Сейтақ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, облыстық қоғамдық-саяси «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, танымал айтыс ақыны Бауыржан Халиолла және басқа да зиялы қауым өкілдері бар.

Қадыр ақынның өлеңдерін жатқа оқыған өрендердің бәрі арнайы алғысхаттармен марапатталды. Балабақшалардан келген балдырғандарға ақын атындағы орталық ұжымы естелікке ойыншықтар сыйға тартты.

Осы күні Қадыр ақынның 80 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасына қатысқан жас ақындардың және оның көзін көрген тұстастарының өлеңдері жинақталған екі бөлімнен тұратын «Абыз ақын — аңыз ақын» атты кітаптың тұсаукесері де болды. Кітапты жинақтап, құрастырған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков, суретші-дизайнері Қуандық Мәдір, пікір жазған М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры Серікқали Шарабасов, алғысөзін жазған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші-сазгер Донеділ Қажымов, демеушілік жасаған Ақ Жайықтың мәрт азаматы Құсайын Бақтиярұлы.

Қорытынды кеште көрерменге ұсынылған белгілі тележурналист Мұнайдар Балмолданың жетекшілігімен «Қазақстан-Орал» телеарнасы түсірген «Өлеңнің туын жықпаған» атты деректі фильм жұртшылыққа жақсы әсер сыйлады. Фильмде Қадыр ақын оқыған мектептің түлектері, ақынның Алматыдағы ізбасар іні-қарындастары Темірхан Медетбек, Ғалым Жайлыбай, Есенғали Раушанов, Ұлықпек Есдәулет, Ақұштап Бақтыгереева, ақынның зайыбы Салтанат жеңгеміз басты кейіпкеріміз туралы өз ойларын ортаға салды. Туындыда бұрын-соңды телеаудиторияға көрсетілмеген бейнемұрағат материалдары пайдаланылған.

Ертемен Оралдағы ақын ескерткішінің жанынан басталған шаралар легі музей түнімен жалғасты. Әдеби шараларға қоса, ақынға берілген қолтаңбалармен жасақталған «Ақынға ақ пейілмен…» атты кітап көрмесі, музей қорындағы ақынның тұтынған заттарының көрмесі көпшілік көзайымына айналды. Әдеби кештің соңында жас ақындар Қадыр рухына арнаған өлеңдерін оқып, ақын сөзіне жазылған әндерін шырқады.

«Мақсат» медициналық колледжінің директоры, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры құрылтайшыларының бірі Мақсот Берген: «Мұқағали Мақатаевтың ауыл-аймағының ұландары ақын өлеңдерін шеттерінен жатқа оқиды екен. Біздің Жайық бойының балалары Қадыр өлеңдерін жатқа білуі керек» деген сөзді жиі айтады. Сол сөзге дәлел кешегі қазыналы Қадыр әлемін аралаған әдемі кеште ылғи жас өрендер өнер көрсетті. Енді біздің елдің өрендері де «өлең оқы» десең, Қадыр жырын жатқа оқитын болады.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ, Рафхат ХАЛЕЛОВ


Қарасөз-эссе

Күні: , 1 875 рет оқылды

Сериккали Шарабасов (1)


Ғалым-педагог Серікқали Шарабасов еңбек жолын облыстық «Орал өңірі» газетінен бастауын Тәңір сыйы деп түсінеді. Жазу-сызу машақаты, қызығы мен қуанышы, объекті мен субъекті табуды, өзінің айтуынша, тек газет үйреткен. Бұл жолда ақыл-кеңесін аямаған азаматтар Жанғали Набиуллин, Ескен Хасенов, Ғарифолла Көшенов, Махмұд Шомбалов сынды алдыңғы толқын ағаларға кезіктірген тағдырына дән риза.


Ол араға жылдар салып, ұстаздық қызметке оралды. Бұл салада да ғалым Әсет Ламашев, педагогтер І. Сапаров, Қ. Жолдасов, М. Щелоков, А. Шин, Л. Дубинина, Е. Незнанова, М. Абдушеваларға ықыласы бөлек.

Серікқали Ғабдешұлы 40 жыл бойы «Әдебиет теориясы» мен «Жазушы еңбегі» дәрістерін оқи жүріп, өзі де анда-санда қасиетті қаламға қол созады және көрген-түйгендерін оқырман қауыммен бөлісіп отырады. Аздап қобалжиды, жүрегі өрекпиді, кейде қалам киепетіне ұшырап қаламын ба деп елегзиді. Жазу-сызу құдіреті де осы шығар. Қалғанын автор қолжазбасынан іздейік.

Мен біраз жасқа келіп қалыппын. Мен үшін бала аттам жер өзгелер үшін жеті өмір, жеті ондық асу екен, мүлдем білмеппін. Еңбектен қалмадым, бірде Н. Ә. Назарбаев атындағы зияткерлік мектепке студенттермен барсам, әдемі қарсылады. Бірақ талантты әдебиет пәні мұғалімінің: «Мен 5-сынып оқушыларына эссе жаздырамын» дегенінен секем алдым. Бұлар диктант, мазмұндама, шығарма дегендерді ескінің қалдығы санайды екен.

«Эссе» термині Батыс пен Шығыста әр түрлі түсіндіріледі. 70-жылдары «Қарасөз-эссе» деп ғылыми мақала да жазғанмын. Жанр ерекшелігін ептеп білемін. Оның ғылыми көптектілігін Мәскеу, Киев, Жаңа Сібір, Алматы, Омбы, Орал ұлттық және әмбебап кітапханаларынан ақтарғанмын.

«Эссе» 5-сынып оқушыларына келмейді, аса бір дарынды, өзге ғаламшар жандарымен қосылған адамдар ұрпағы болмаса, әй, қайдам?! «Эссе» жанры – ересек адамдар, әсіресе, өте дарынды, өмір сынын көп көрген даналар жанры. Сыншы-қаламгер Тәкен Әлімқұлов «Жұмбақ жан» монографиясында Абай өлеңді айта алмағанын қарасөзде толықтырған деп мегзейді. Абай шын поэзиясын 40 жаста жазса, қарасөзді алпысқа таяу бітірген яки «эссе» – толық адам сөзі, даналық ыспаты. Өзіңді даналармен бірге қою, сірә да, мәдениетті адамның ісі емес, бірақ қатысың болғасын «қылтиясың» (академик З. Қабдоловтың уәжі). Ендігі сөз де, баға да оқырмандарда!

Әсет  аға  «ерлігі»

Әсет Ламашев бүкіл жақсы істердің жампозы еді. Адамның ұсақтүйек кемшілігіне кірпік қақпайды. Жақсы бастама, жаңа іс көрсе, астындағы көлігін түсіп береді. Еңбекқорлығы да ерен. Құдай қос көрмесе не етпексіз, бүкіл жақсылығын бір теріс отырыспен бүлдіріп тастайтын. Іші тар адамдар осы сәтті бағып, дереу «Ақ үйге» хабарлайды. Күйетін облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі Ізтелеу Сүндетұлы Сапаров болатын. Мұғалімдер білімін жетілдіру институтына келіп, Ә. Ламашевтің «жынын» қағып алып, «Әттең, шыңғырған әйелі, шырылдаған бала-шағасы бар, әйтпесе жер аударып жіберер едім!» деп шынымен кіжінетін. Ақыры азамат жігітті тізерлетіп жаңа ашылған Торғай облысына «жер аударып» тынды оралдықтар.

Әсекең Батыс Қазақстан үшін әдемі іс тындырып кетті. Академик Қ. Жұмалиевтің жетекшілігімен «Махамбет шығармаларының орта мектепте оқытылу проблемалары» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Бұл еңбектің тақырыбы шағын, жұтаңдау көрінгенімен, маңызы өте-мөте зор-ды. ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанды отарлаудың, бодандықтың шарықтау шегі – жеке адамның, әсіресе, жастарды: «Сен де Отан, тарих, азаттық үшін күрес болған емес, ұлы Ресей пролетариат революциясы арқасында ғана әлемге көз тігіп, өзіңді-өзің ұлы орыс халқы арқасында тани бастадың. Сенің арғы қазақтығың, салт-дәстүрің, шын мәнінде, кеңестік шындық бесігінде ғана айқындалды. Күрес мемлекеттік, саяси-экономикалық, рухани күрес болған жоқ. Отаншылдық, патриоттық-пассионарлық күрес, орыс пролетариат күресі негізінде туындады» деген негізгі идеяға қарсы бағытталған ғылыми еңбек-ті. Исатай-Махамбет ұлт-азаттық көтерілісі тарихта болса, осы тақілеттес халық бостандығы үшін күрескен есіл ерлер, Жәңгір хан секілді уақытқа, заманға тәуелді екіжүзді тағы да өзге хандар тарихта болған ғой» деген андыздаған асау ойлар бірінен-бірі туындай берер еді…

Ғылыми кеңесте болған (Орал өңірінен тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы, Ресей ғылыми еңбегін бекітпей тастаған Атымтай Ыбырайұлы Көшімбаев) адам айтты: «Әсет қасқыр екен, турасына тартты. Бір орыс па, жебірей ме, үлкен ғалым сызданып: «Ізденуші жолдас, бірде 10, бірде 12 сағат берілетін Махамбет шығармаларынан кандидаттық қорғау тым күйкі тірлік емес пе?» десе, «Тап сол сағат мөлшеріндегі Крылов мысалдарынан Ресей, Беларусь, Украина ғалымдары ғылыми еңбек қорғап жатса, сіз бас болып Махамбет шығармаларын 24 сағатқа жеткізсеңіз, мен кандидаттық емес, докторлық диссертация қорғар едім», — депті. Жүректі сабаз жауабына сұрақ бергіш те, өзге ұлт ғалымдары да ішегін ішіне тартып, көгеріп, бірақ үнсіз қалса керек-ті.

«Жүгеріші» реформасының әлегі

Жасым біразға келсе де, осы реформа десе иманым хасыл болады. Ал оқу саласына да небір Білім министрі келмесін, реформа жасамағаны кемде-кем.

«Балдырған», «Жалпақ ой», «Есендік» деген керемет жазықтықтар аяқ астынан астаң-кестең жыртылды. Бір-екілі шал-шауқан «Әй, бұларың не?» деп еді. «Жүгеріші» «Никита Сергеевичтің «зілді» бұйрығы (СОКП Орталық комитетінің бірінші секретары)» деді. Ойпырай, қып-қызыл изен, сарғалдығы мен қызғалдағы ұйысып жатқан жер менің анамның сексендегі бетіндей айғыз-айғыз болды да қалды. Мен ІV курсқа көшкенде де (1968 жыл), әлгі көркем алаптардың тыртық-тыртығынан Жер-ананың адал шөбі енді көктей бастады.

Реформаның (бір жанұяға 1 сиыр, 3 қой ұстау кезеңі) алғашқы жылы Алабай атты сауын сиыры егіз бұзау тапты. Ақ маңдай, талпақ танау әдемі екі бұзау Алабай «ақ бұлақты» керді де салды. Сорлы аналық мал итиіп, жүдеп кетті… «Мыналардың еркегінің көзін құрт» деді үй прокуроры (анам). Құрбандыққа ақ маңдай, ақ бауыр, мойыл көз монтиған еркек бұзау шалынайын деп тұр. Кедей адам идея және ерен жөн тапқыш келді емес пе? Бүкіл Жуалыой елді мекені ер балалар құрылтайын шақырып, бүкіл «Интернационал» колхоз балаларыма сауын айттым:

— Нариман (жалғыз ағам) Сахалиннен, күзде морфлоттан келеді. Соятын қой жоқ, ол кезде күйектен өтіп кетеді. Осы пәлені бөлек бақсақ қайтеді?! Интернационалдықтар ұйымшыл-ды. «Колхоз» бірауыздан «бұзау өлмесін, бағылсын!» деп қаулы қабылдады…

Тірілей жетім сорлы үш күн азынап мөңіреді де, жем-суы табылғасын үні өшті. Өзі мейлінше жалмауыз – оңға келгенін қылғытып, солға келгенін сылқытып, екі-үш айда әйдік баспақ бола қалды.

Тамыз айында үйге ауылдық Кеңес хатшысы (ақсақ, тым семіз адам-ды) милиция, екі иығын жұлып жеген белсенділер сау ете түсті.

— Жеңгей (анам ғой), сенде еркек мал бар, — деді хатшы, – етке тапсырыңыз!

— Төрт құлақ молаң түгел құлап, жермен-жексен болғыр (қайнысы), тапсаң ала бер…

Осы сөзді күткендей, алыс шөпқорадан «Мө, ө, ө» деген ақбауыр баспақтың әупірім даусы шықты.

— Бас жібін, ет тапсыру түбірте-гін мына жүгірмек әкелді. Әйдә, жігіттер…

Жылдар өтті. Есейдік, білім алып, өмір кетігіне қалана бастадық. Қазақ филологиясы факультетінің деканы — «жер Тәңірісі» болып отырғанмын.

— Ассалаумағалүйкүм, — деп кебеже қарын, кең құрсақ шолақ тон кірді. Машинкашы қыз жеке әңгімеге қатыспайтын. Есікті сырттан кілттеп жөніне кетті.

— Биыл, — деді ақсақал, — беріштердің желі құбыладан соғып тұр. Апаңның кенже қызы мектеп бітіреді, қазақ тілі бөліміне түсемін, — дейді.

— Қарындас оқуға түссе, түсе берсін, онда жұмысым жоқ, — дедім қатқыл, қайсар үнмен.

— Сонда, сен… сен декан басыңмен бір азаматтық жасай алмайсың ба?

— Жақсы ағадан үлгі алған жөн. Әлгі Никитаның реформасы жылғы сіздің адамгершілігіңізден әлі кекірегім азып отыр.

— Алда жеті атаңды… бастарыңды жауға алдырсаңдар да, әлі көкіректерің бар екен-ау. Тағы да бастарыңды жұлу керек, — деп Қараой кегін «тірілтіп» кетті. Бұл қазақ не жөнді, не адамгершілікті білмей арзан кек қуып кете ме деп қорқамын…

Тыныштық жоқ екен-ау ?!

Бала жасымда мола жаққа қараудан қорқатынмын. Есейген шақта да мәйіттерді аралауға құлықты болмадым. Қазір қартайған кезде ұз-а-а-қ аралайтынды шығардым.

Зират басы ұйыған тыныштық дүниесі секілді. Бірақ сырт көзге екен-ау. Анама дұға оқи барып едім, «дүр» етіп «Мерседес» желкетұсымнан өтті. Досымның мәңгі үйіне тізе бүгіп едім, жанымнан дүңгірлеп «Лексус» сыр етті. Мәңгі ұйқы бұл міскіндерде түнде ғана болмаса, күндіз жоқ екен…

Қазақ зираты тыныштық өлкесінен гөрі экскурсияға айналған аспан асты мұражай секілді. Генералдар, полковниктер, әкімдер моласы маңғаз, тірісіндегідей биік. Профессорлар дәріс оқуда. Ал әлгі дәулеттілер – құдая, шағын Қожа Ахмет Иассауи кесенесін Түркістаннан көшіріп әкелгендей.

2009 жылы Құдай қолдап Түркия — мұсылман еліне барғанмын. Жұмыс үстінде дүние салған Тұрғыт Озалға кесене тұрғызған екен көпшілік зират шетіне. Қаған, бек, хан, сұлтан, хакім, имам, оқымысты, байлар зиратында шағын қоршау, бір кішкентай тақта, артық дүние жоқ. Анам байғұс айтатын:

— Менің моламды балшық тастан ішіне құлайтындай етіп көтер. Жауын, қар-су жеп, ішіне құлайды. Шағын төмпешікке айналады, кейін Жер-ананың өзіне айналып кетеді.

Мен осы аманатты орындар едім, ал ана мәйітсалғыштар, жиналып кеп, бетіме түкірмей ме? Қайран Абай айтпай ма:

Көп айтты көнді

Жұрт айтты болды.

Әдеті надан адамның?!

Енді не істедім, халқым?..

Республикаға белгілі ұстаз-тілші Ғабдырахым Әбуханов афоризмдері:

30-жылдары үстінен арыз беріп, институттан шығарған адамға «назы»:

— Мұның заманы — арам, амалы – (іс-әрекеті) таза.

Тіл білімі білгірі Шәнда (Жұмағазиева) білімі — таза, өзгенің жаласы — аза.

Студент — Құдай адамы (дені балшық), оны қалай құюға да болады.

Студентке тиіспе! Ол — Құдайдың құлы, киесі тиеді.

Институт — студенттер қағбасы, факультет — анасы.

Қанатты сөздердің бірі сізге дейінгі ақылдылардың айтқаны, оны дер кезінде «меншіктеп» ала алсаң — сенікі.

Дәрісті жатып оқысаң, жатып өлгенмен бірдей.

Ректорға бірінші кіргеннің айтқаны әр кез дұрыс.

Үлкен орын иелерінен қорықпа, олар ірі істермен айналысады, пәле кішкенелерінде.

Пәлеге жолама, әйтеуір, бір кезігесің.

Өлгенге «ақылды» жылай білу — үлкен өнер!

Істелген жұмысың — мәңгілік мұңың.

Адам лауазымы өскен сайын кіші Отанына үйір.

Афоризмдер қалай дүниеге келеді, міне үлгі:

Атекең (доцент Атымтай Көшімбаев) қайтыс болғанда, зайыбы Ажар көп адам жиналған соң ұз-а-а-ақ жылап берген ғой. Ғабең шыдай алмай, кең маңдайын қолымен көсіп-көсіп жіберіп:

— Апырай, өлгенге ақылды жылай білген де үлкен өнер екен ғой, — депті (көзкөргеннің айтысы).

Сен қай ғалымды білетін едің?!

Ұзақ, әбден сартап болған кандидаттық диссертацияны қорғау күні де келді-ау. Алдымен, Семейдің облыстық Абай мұражайының директор-шырақшысы Төкен Ибрагимов қорғайтын болды. Бұл кісі абайтанумен «ауыратын», өзі ақын, өзі сыншы. Алматы оны жақсы таниды. Оның қорғауына сізге өтірік, маған шын, отыз шақты адам келді. Қалижан Бекқожин, Мұзафар Әлімбаев, Зейнолла Серікқалиев т.б. Төкен аға орысшасы әрі-сәрі болғанмен, қызу қорғады. Сөйлеушілер көп болды. Әлгілер банкетке кететін болды деп үміттеніп едім, енді қозғалар болмады.

Адам баласының сұлуы, мінезі көркем Шәмшиябану Қанышқызы маған сөз берді. Біз орысшаға тәуірміз ғой, өзімше «құйып» бердім. Менің жанкүйерлерім жазушы Мұхадес Еслямғалиев, дәрігер Мәруа, сосын әйелім Әспет еді. Жетім қыздың тойындай, қошеметтері де жүдеу шықты. Ақыры дәстүрлі сұрақ-жауапқа көштік. Неге екенін қайдам, қаламгер Мұзафар Әлімбаев жеделқабыл екі сұрақ қойды. Жауабын өзімше беріп, үшіншіге көше бергенде, мен жұлып алғандай:

— Глубоко уважаемый Музафар Алимбаевич, я знаю Вас как детского поэта, собирателя народной пословицы и поговорки. Однако, надо признать, что Вы же не ученый, — деп қойып қалмасым бар ма? Кеңес төрағасы Серік Смайылұлы сұрланды, ал Шәмшиябану Қанышқызы сұңқылдап күліп жіберді. Құдай дес бергенде Мұзаға:

— У меня соискателю больше вопросов нет, — дегені.

Ғылыми жетекшім Зейнолла Қабдоловқа қарап едім, аумақты қара көзінің ағы көбейіп, жүзі қарақазанданып кетіпті. Екеуміз оңаша қалғанда:

— Әй, сенің денің саламат па? Осы сен Алматыда қай ғалымды білетін едің?! Әй, осы батыс мінездерің құрысын! Енді Оралдан ізденуші алсам, Қабдолов болмай кетейін!..

Мен не өлі, не тірі емес, сілейіп қалдым.


Жеңіс сарбаздарына сый-құрмет

Күні: , 83 рет оқылды

DSC_0585


Жаңа жыл қарсаңында Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров Ұлы Отан соғысының ардагерлері Құрманғали Ысқақов пен Фазыл Ихсановтың шаңырағында болып, оларға облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың жаңажылдық құттықтау хаттарын табыстады.


Аудан басшысы алдымен қарияларға амандасып, қал-жағдайларын білді.

– Бүгінгідей бақытты өмірге жетуімізге сіздердің қосқан үлестеріңіз өлшеусіз. Біздің жарқын өмір сүруімізге мол үлес қостыңыздар. Сондықтан дендеріңіз сау болып, ортамызда аман-есен жүрулеріңізге тілектеспін, — деген  Асхат Берлешұлы Жаңа жылмен құттықтап, облыс әкімінің құттықтау хаты мен мерекелік сый-қоржын табыс етті.

Қос қария әрқашанда еңбектерін елеп, мереке сайын ұмытпай құттықтайтын Нұрлан Асқарұлына шын көңілден риза екендіктерін жеткізді.  – Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Соғыс болмасын. 2015 жыл өңіріміз үшін, ауданымыз үшін табысты болды. Келер жыл да осындай табыстарымен келіп, жұртымызды қуанышқа бөлесін. Еңбектеріңіз жемісті болып, отбасыларыңыз аман болсын, — дейді жусандыойлық ардагер Фазыл Ихсанов атамыз.

Құрманғали атамыз да облыс, аудан басшылығына ризашылығын жеткізіп, жаңа жылдың табысты болуын, елдің тыныш болып, Қазақстанның қарыштап дами беруіне тілектестігін жеткізіп, ақ батасын берді.

Нұрлан МЕҢДЕШОВ,

Қаратөбе ауданы

*   *   *

_MG_9688

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аудан әкімі Алдияр Халелов Ұлы Отан соғысының қос ардагері Андрей Рудь пен Сүйеу Игилмановтың отбасында болып, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың құттықтау хаты мен жаңажылдық сыйлықтарды табыс етті.

95 жасқа қараған Андрей Рудь әлі тың. «Жастарды еңбекке баулу қажет. Жұмыс істеп өскен бала нағыз азамат болады», — дей отырып, өзінің үнемі қозғалыста екенін, әлі де бақшада жұмыс істейтінін әңгімеледі.

«Сұм соғыс енді болмасын, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Елбасымыз жаңа жеңістерге, табыстарға бастай берсін», — деп ақжарма тілек ағытқан Сүйеу ақсақал келгендерге ас дәмін ұсынып, Жаңа жыл дастарқанына шақырды.

Қос ардагермен кездесуден кейін олардың өмірге құштарлықтарына, ой-өрістерінің тереңдігіне сүйсіндік. От арасынан шыңдалып аман оралған батырларымыз – елдің мақтаныштары.

Адақ ШОТПАНОВ,

Шыңғырлау ауданы


Нұрлан НОҒАЕВ: «Нақты мақсат-міндеттер мен жалпыұлттық жоспар бар. БІЗ ОСЫҒАН СӘЙКЕС ЖҰМЫС ЖАСАЙТЫН БОЛАМЫЗ»

Күні: , 157 рет оқылды

ногаев сцк546454


Сейсенбі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысып, республикалық БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Брифингте өңір басшысы шешімін тапқан және шешуді қажет ететін біраз мәселелерге тоқталды. Әуелі Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысы жөнінде баяндама жасаған Нұрлан Асқарұлы содан соң БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.


– Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыру әрқашанда басты назарымызда, — деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Облыста өндірілген жалпыаймақтық өнім көлемі 2015 жылдың 9 айы бойынша 1,1%-ға төмендеп, 1237,0 млрд. теңгені құрады (2014 жыл осы уақытта 1310,8 млрд.теңге). Облыс бойынша халықтың жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім 6,5%-ға төмендеп, 1957,2 мың теңгені құрады (былтыр 2092,9 мың теңге). Ал облыс экономикасына тартылған инвестициялар 270,0 млрд. теңгені құрап, 18,8%-ға өсті.

Былтырғы 11 айда облыстың өнеркәсіп саласы 1121,3 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Табиғи газдың өндіру көлемі 18,0 млрд. текше метрді құрады. Газ конденсаты былтырғыдан 2,3%-ға, мұнай 18,4%-ға төмен өндірілген. Мұның себебін әкім мұнай бағасының төмендеуімен, сондай-ақ «Жайықмұнай» ЖШС өндіріс қуатына жоспарлы-жөндеу жұмыстарының жүргізілуімен байланыстырды. Ал газ конденсатын өндірудің төмендеуі ҚПО б.в өндіріс қуатына жоспарлы-жөндеу жұмыстарының жүргізілуімен, «Газпром добыча Оренбург» ААҚ тазартылмаған газды қабылдау көлемінің азаюына байланысты.

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары 87,6 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Дайын металл 19,6%-ға, жиһаз өнімі 1,4%-ға өсу байқалады.

2015 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде ҚР Ұлттық қорынан бөлінген жалпы сомасы 9 495,1 млн. теңге толық игерілді.

Индустрияландыру картасы  шеңберінде облыс бойынша 327,2 млрд. теңгеге 2264 тұрақты жұмыс орнын ашатын 40 жоба жүзеге асырылып жатыр. Индустрияландыру картасы алғашқы бесжылдығында 257,9 млрд. теңгеге 40 жобаның 32 инвестициялық жобасы іске қосылып, 1890 жұмыс орны ашылды. Бүгінгі таңда 23 жоба 70%-дан жоғары, 5 жоба 50%-дан жоғары қуаттылыққа шықты. Қалған жобалар кезең-кезеңмен жобалық қуаттылыққа шығуда.

Ал индустриалдық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында 374 жұмыс орнымен қамтамасыз ететін жалпы құны 69,3 млрд. теңге тұратын 8 жоба енгізу жоспарлануда. Былтыр жалпы кұны 17,1 млрд. теңге құрайтын 2 жоба — сүт өнімдерін өндіру цехы (ЖК «Жұмағұлова Б.М.») мен газтурбиналық электрстанциясының құрылысы (100 МВт — бірінші қосу кешені, «БатысПауэр» ЖШС) іске қосылып, 73 жұмыс орны ашылды.

2015 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражаты есебінен 7,1 млрд. теңге бөлінді, бұл 2014 жылғы деңгейден 42%-ға жоғары. Облыстың агроқұрылымдарымен 5,3 млрд. теңге несие ресурстары тартылып, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 85 млрд. теңгені құрады.

Былтыр бордақылау алаңынан 550 тонна ет өндірілсе, оның 240,5 тоннасы экспортқа шығарылды. Бүгінде облыста 20 асыл тұқымды мал шаруашылығы, 11,8 мың басқа арналған 5 бордақылау алаңы бар. Оған қоса 3200 басқа арналған 5 мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде.

«Сыбаға» бағдарламасы аясында облыс бойынша 463 шаруашылық 4,8 млрд. теңге көлемінде несие алып, оған 24,7 мың бас аналық мал басы мен 1037 бас асыл тұқымды бұқа алған. Бүгінде 6 шағын сүт зауытының құрылысы жүріп жатыр. Жыл қорытындысы бойынша мал басының өсімі байқалады.

Бүгінгі таңда облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы субъектілердің саны 39,8 мың бірлікті құрайды. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 2015 жылы несиелер мен инфрақұрылымдарды тарту бойынша жалпы сомасы 5,5 млрд. теңгеге 108 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Өз ісін ұйымдастыру үшін 11 кәсіпкерге 11,0 млн. теңгеге мемлекеттік грант берілген.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерін қоса алғанда былтырғы қаңтар-қазан аралығындағы сыртқы сауда айналымы 5,2 млрд. АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт – 4,4 млрд. АҚШ доллары, импорт  — 0,8 млрд. АҚШ доллары.

2015 жылы 261 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жайластыруға 4,5 млрд. теңге бөлініп, бұл қаржыға 7 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық саласында былтыр жалпы сомасы 251 млн. теңгені құрайтын 33 көпқабатты тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар 2015 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен: 12,1 км жылыту жүйелері (жоспар — 12,1 км, 100%), 19,6 км су құбыры және кәріз желілері (жоспар – 19,3 км, 102%), 2608,8 км электр желісі (жоспар — 2608,8 км, 100%) жөнделіп, қайта жаңғыртылды және салынды.

Облыс халқының сумен қамтылуы 86,8%-ға жетті. Соның ішінде ауыл тұрғындарын қамту – 78%-ды құрады (249,1 мың адам). Былтыр 160 шақырым су құбыры салынып, 10,8 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылған. Ал облыс тұрғындарын табиғи газбен қамту 92%-ды құрады (585 мың адам). Оның ішінде ауыл тұрғындарын қамту – 84%.

«Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордың нысаналы трансферттері есебінен республикалық маңызы бар «ОралТасқала-РФ шекарасы (Озинки)» автожолын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, былтыр облыстың автожолдарын күрделі, ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу үшін 5,5 млрд. теңге бөлінген. Жалпы ұзындығы 116 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Облыс әкімі баяндамасында облыста жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайтынын айтып өтті. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ды құрады. 728 жағдайы төмен отбасы бар. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1069 адамға төмендеп, 2867 адамды құраған. Орташа айлық жалақы 6,1%-ға өсіп, 116 066 теңгені құраған.

Облыста 2015 жылы мемлекет тарапынан жұмыспен қамту шараларымен 19107 адам қамтылған. Кәсіптік оқумен 883 адам қамтылып, жастар тәжірибесіне 1381 жас маман жолданған. Жалпы 8931 жұмыс орны құрылған.

3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдар қызметтерімен қамту көрсеткіші 97,9%-ды құраған. Былтыр шетел инвесторлары қаражаттары және жеке инвестициялардың есебінен 2 балабақша салынды Олар — Жәнібек ауылында 290 орынды және Орал қаласы Зашаған кентінде 200 орынды балабақша. «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Шыңғырлау ауданында 290 орындық балабақша және шетелдік инвестициялар арқылы Бөрлі ауданында 140 орындық бөбекжай құрылысы жалғасуда. Соңғы екі жылда 9 мектеп салынды, оның 4-еуі апатты жағдайдағы мектептердің орнына. Өткен ҰБТ-ға 3116 оқушы қатысып (түлектердің 68,02 %), ҰБТның орташа балы 83,6%-ды құрады.

2015 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға 22,2 млрд. теңге бөлінген. Дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 10 мың адамға 25,2%-ды құрайды (1564 адам), орта медициналық персонал – 90,1 (5693 адам). Зардап шегу және уланудан өлу көрсеткіштері 5,6%ға, туберкулезбен ауыру 6,8%, қатерлі ісік ауруларынан кісі өлімі 5,7%-ға, туберкулезден өлімі 15,8%ға, бала өлімі 2,3%-ға азайған.

ногаев сцк 4456552323

Зарина АХМЕТЖАН, «Еуразия» телеарнасы:

— Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өсті. Жергілікті билік бағаны тұрақтандыру жайлы қандай істер атқаруда?

— Баға тұрақты түрде бір деңгейде тұруы мүмкін емес. Оның өсуінің әр қилы объективті және субъективті себептері бар. Дегенмен Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын мониторингілеу үшін облыстық, қалалық және аудандық штабтар құрылған. Олардың құрамына жергілікті атқарушы органдардың, орталық атқарушы органдардың және қоғам өкілдері кіреді. Біз бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізудеміз. Баға өсіп кетті дегенде қандай азық-түлікке, қаншаға көтерілгенін нақты айту керек. Бүгінгі таңда ахуал бақылауымызда. Тағы да айта кетейін: объективті баға өсімі бар және ол болады да. Біз бағаны үнемі бір деңгейде ұстап тұра алмаймыз.

Руслан ЫДЫРЫСОВ, «Хабар» телеарнасы:

— Электр қуатының қымбаттауын қалай түсіндіресіз? Былтыр қыста көптеген елді мекен жарықсыз қалды. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

— Наурыз-сәуір айларында Қарашығанақтағы істен шыққан трансформаторды жөндеу жұмыстары аяқталады. Соны іске қосып, Қарашығанақтан электр энергиясын алатын боламыз. 100 Мвттық бірінші кезеңі іске қосылған электр стансасы да жұмыс істей бастайтын болады. Осылайша энергетикалық тәуелсіздік қамтамасыз етіледі. Ауылдарға электр энергиясының берілмей қалуы табиғи себептерге байланысты. Күні жылы болып тұрып, аяқ астынан аяз түседі. Немесе аязды күні ауа райы күрт жылынып кетеді. Соның салдарынан электр сымын мұз құрсаулайды да, темір-бетон бағандар сынып жатады. Алдын алу қиын. Бір амалы бағандардың арасын жақындату. Қазіргі уақытта салынып жатқан бағандар осы жайт ескеріліп орнатылуда. Оның үстіне желілердің 80 пайызы тозығы жеткен. Біртіндеп жаңартылу үстінде. Соның арқасында апаттық жағдайлар азайды.

Евгений ФЕДОТОВ, «Қазақпарат»:

— Қарашығанақ өңірдің әлеуметтік жобаларына қаржы бөледі. Соңғы жылдары өңірге 30 млн. АҚШ доллары, Бөрлі ауданына 10 млн. доллар бөлінді. Бөлінген қаржы қаншалықты тиімді жұмсалуда?

—  Жылына 20 млн. АҚШ доллары бөлінеді. Бөрлі ауданында 2014-2016 жылдары бизнес саласын дамытуға жылына 10 миллионнан 30 млн. доллар бөлінді. Бұл қаржының жұмсалуында басты орынға халықтың қажеттілігі қойылады. Мектептер, ауруханалар, жол және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар салынуда.

Орталық коммуникациялар қызметі:

— Сайтымыз арқылы облыс әкіміне 45 сұрақ түсті. Оларға әкімдік 2-3 күн ішінде өз сайтында жауап береді. Негізінен сауалдар үш бағытта – сұйытылған газбен қамту, әуежай жұмысы және жер телімдерінің берілуі. Мәселен, Орал қаласының тұрғыны Бектілеу Мұхамбетқалиев 2007 жылдан бері жер кезегінде тұр екен. Дәл қазір жер кезегінде 67 мың адам бар. Осыған түсінік бере кетсеңіз.

— Бүгінгі күні әуежайдың ұшу-қону алаңы, жарықтандыру қондырғыларын жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазір Орал халықаралық әуежайы кез келген ұшақты қабылдай алады. Әуежайдың жабдықталуы жоғары деңгейде, ол Алматы, Астанадағы әуежайға пара-пар. Ұшу-қону алаңы ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты азаматтық авиация комитетінің құзырында болса, ал әуежай ғимараты «Бек Эйр» компаниясының қарауында. Біз компанияға ғимаратты жөн-деп, халықаралық талаптарға сәйкестендіру міндетін қойып отырмыз.

Сұйытылған газ мәселесіне келсек, ол Энергетика министрлігі квотасы бойынша бөлінеді. Қыркүйек айында 700 тоннаға тапсырыс берілсе, қаңтар айына 2000 тонна газға сұраныс тапсырдық. Өңірлерге сұйық отын газды тұтынатын заңды тіркелген көлік санына байланысты бөлінеді. Ондай көліктер Жол полициясы анықтамасымен саналады. Бүгінде газбен жабдықталғанын тіркемей жүрген көлік көп екені белгілі боп отыр. Содан келіп отын тапшылығы туындауда. Тіркелген 3,5 мың көлік болса, тіркелмеген 12-13 мың көлік бар деген ресми емес ақпарат бар. Нақты көлік саны белгілі болса, біздің министрлікке сұраныс беруге негіздеме болып, тапшылық жойылар еді. Газбен жабдықтау құрылғының шыққан елі мен сапасына байланысты 150-200 мың теңге аралығында, жабдықталғаннан кейін көлікті қайта тіркеу 27 мың теңге. Жауапкершілік жүргізушілерге түсіп отыр, түсінік жұмыстары жүргізілуде. Газ бекеттерін орнату, бағаны өсірмеу жайлы өндірушілермен жұмыстанудамыз.

Ал жер кезегі төңірегіндегі жағдай мынадай. Егер Жер кодексінің 44-1-бабына көз жүгіртетін болсақ, «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұралған кезде азаматтардың өтініштері (өтінімхаттары) арнайы есепке алынады және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылыы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған жағдайда қанағаттандырылады» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Бұл заң еліміздің әрбір азаматына ортақ. Сондықтан да біз ең алдымен берілетін жер телімдерінің талапқа сай болуын басты назарға аламыз. Инженерлік инфрақұрылым тартылған соң жеке тұрғын үй құрылысына кезек бойынша жер учаскелерін беру мәселесі қарастырылатын болады. Ал онсыз жер телімін беруге заң тыйым салады. Осы кезге дейін берілген жерлерге тұрғызылған үйлердің жарығы мен суы және өзге де желісі жоқ елді мекендердің мәселесін шешу мемлекет үшін оңайға түспейтіндігі белгілі болып отыр. Біз осындай мәселе туындамас үшін, заң аясында әрекет ететін боламыз. Орал қаласының бас жоспары негізінде жеке тұрғын үй құрылысына арналған алаңдар жобасы дайындалуда. Инфрақұрылым тартылғасын кезектегі 67 мың адамның мәселесі біртіндеп шешілетін болады.

Аслан ҚАЖЕНОВ, «24 kz» телеарнасы:

— Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарының жолы нашар. Облыстағы жол мәселесі қашан шешіледі? Бөкей ордасы ауданындағы туберкулезге қарсы аурухана жабылды. Оның мамандары жұмыссыз қалған жоқ па? Шалғай елді мекендерге қаншалықты жиі шығасыз?

— Үш аудан орталығына жол жетті. Соның бірі – Жаңақала. Бөкей ордасына осы Жаңақала ауданы арқылы және Қазталов ауданы арқылы баруға болады. Қазіргі таңда Қазталов, Жәнібек аудандарына және Жәнібек жолындағы Өнеге-Бисен арқылы Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқынға жол тарту мәселесі тұр. Республикалық бюджет қаржысы жақсы игерілуде. Бұрындары жылына 2 шақырым салынатын болса, қазір 25-30 шақырымнан жол салынуда. Әрине, бұл қарқын да жеткіліксіз. Дегенмен осы қарқынмен қаржы бөлініп, жұмыстар уақтылы атқарыла берсе, мәселе шешіледі.

Жоғарыда айтып өткенімдей, туберкулезге шалдығу сиреді. Бұрын 12 аудан орталығында туберкулезге қарсы аурухана болды.

Оңтайландыру жұмыстары нәтижесінде аудандарда аурухана азайды. Мамандар аурудың азаюы себепті соншама аурухана, штат ұстаудың қажеті жоқ деп шешті. Жұмыстан босағандардың түрлі бағдарламалар аясында жұмыс табуымен айналысып келеміз.

Мүмкіндігінше алыс ауылдарға барып тұрамын. Жыл басында аудан әкімдерінің есептері басталады, мүмкіндігінше бәріне қатысып, аудандарды аралап шығамын.

БАҚТИЯР, «Информбюро»  сайты:

— Березов, Бестау ауылының тұрғындарын көшіру мәселесіне тоқталсаңыз. Тұрғын үй аумағы қаншалықты әділ бөлінеді?

— Березов және Бестау елді мекендері туралы қысқаша ақпарат берер болсам, жалпы 454 үйді көшіру қажет. Соның ішінде 423-і —  Березов ауылында, қалғаны Бестау елді мекенінде тұрады. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі қабылдаған жоспарға сәйкес бірінші кезең аяқталды. Соған сәйкес 82 отбасы Ақсай қаласындағы көп қабатты 128 пәтерлі екі үйге көшірілді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде өз жалғасын табуда. 2016 жылы Березов, Бестау ауылдарының тұрғындарын көшіру мәселесі толығымен аяқталады.

Анар БЕКБАСОВА, «Еуразия»  телеарнасы:

— Мемлекет басшысы бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді. Кеңес барысында Н. Назарбаев реформаларды көзбояушылыққа айналдыруға жол берілмейтінін қадап айтты. Елбасы тапсырмаларын қалай орындаудасыздар?

— Мен үшін Президенттің тапсырмасы – заң. Мен оны мүлтіксіз орындаймын. Мен үшін ғана емес, бүкіл қазақстандықтар үшін осылай деп ойлаймын. Өйткені барлық реформалар мен бағдарламалар халықтың әл-ауқатын жақсартып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан оларды жүзеге асыруда ешқандай көзбояушылық болмауы керек. Институционалдық реформаларды жүзеге асыру үшін сенімді құқықтық-нормативтік база, нақты мақсат-міндеттер мен жалпыұлттық жоспар бар. Біз осыған сәйкес жұмыс жасайтын боламыз.

«baq.kz» порталы:

— Апатты үйлер мәселесі қалай шешілуде? «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынып жатқан көпқабатты үй құрылысының аяқталмай қалу себебін түсіндірсеңіз.

— Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында 2 үй құрылысы комбинаты өз жұмысын бастап, бүгінгі күні өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Комбинаттар салынатын үйлердің, әлеуметтік сала нысандарының құрылыс мерзімін айтарлықтай азайтады. Осы комбинаттардың арқасында біз Орал қаласындағы апатты жағдайдағы үйлерді жоймақпыз. Ол жобаға сәйкес апатты жағдайдағы үйлерде тұрып жатқан адамдарды уақытша баспанаға қоныстандырамыз. Ал апатты үйлерді сүріп тастап, жаңа пәтерлер саламыз. Салынған үйден тұрғындарға пәтер беріп, қалғанын жеке кәсіпкерлер өз қалаулары бойынша нарықта сатады.

Көп қабатты тұрғын үйлер мемлекеттік-жеке серіктестік ұстанымдары бойынша салынады. Барлық инфрақұрылым, атап айтқанда, су, газ, электр жүйесі, жол мемлекет қаржысы есебінен тартылады. Ал кәсіпкерлер апатты үйлерде тұратын азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуді өз мойындарына алады.

Зашаған кентінде 2013 жылы 2 үй салынуы керек еді. Қаражат жетіспеушілігінен тұралап қалды. Жергілікті бюджеттен 2013 жылы құрылысы басталған үйге қаражат бөлеміз, 2014 жылғы үйге республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Биыл және екі үй құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз.

Дайындаған Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»


Ынтымағы жарасқан көше

Күні: , 111 рет оқылды

DSC00208


Зашаған кентіндегі А. Қалменов атындағы көшенің тұрғындары биылғы Жаңа жыл мерекесін ерекше көңіл күймен қарсы алды.


Бұрын «алтыншы көше» деп аталып келген, былтырғы жылдан бастап қазақтың біртуар азаматы,  қуғын-сүргін құрбаны Алпысбай Қалменовтың аты берілген көше тұрғындары өткен жылдың күзінде ұйымшылдық танытып, өздері қаражат жинап, көшелеріне тас жол төсеп, жақсы бастама бастаған болатын. Нәтижесінде ауа райының қолайсыз уақытында көше тұрғындарының аутокөліктері аулаларына алаңсыз, ал көшенің жас-кәрісі қоғамдық көлік аялдамасына құрғақ тас жолмен жететін болды. Жақын маңдағы көше тұрғындары да бұлардан үлгі алып, жақсы істі жалғастырған болатын.

Бірлігі жарасқан көршілер биылғы Жаңа жылдың бірінші күнін көше мерекесімен бастады. Мерекелік кешті өз шаңырақтарында отбасымен немесе жақын-жуық, дос-жарандарымен қарсылаған көршілер ертесіне көше бойына орнатылған әсем шырша маңында қауышып, бір-бірін мерекемен құттықтап, шат-шадыман болды. Көшенің үлкен-кішісі қалмай қатысқан мереке баршаға жақсы көңіл күй сыйлады. Жасыл шырша жанына жайылған дастарқанға әр үй өз дәмдерін әкелді. Буы бұрқыраған шоқ самаурын, сарқылдаған сары құман аса алаулап жанған от, әсем әуен ырғағымен шыршаны айнала билеген балалар – бәрі-бәрі осы жерден табылды. Мерекелік дастарқаннан дәм татқан көше тұрғындары балдырғандармен қосылып, Аяз атаны шақырып, өз өнерлерін ортаға салып, сыйлықтар алды.

Бір-біріне игі  тілек, ізгі ниеттерін білдірген көше тұрғындары бұдан былай да игі бастаманы жалғастырып, тек Жаңа жыл мерекесін ғана емес, әз-Наурыз, Ораза айт, Құрбан айт секілді айтулы мерекелерді де ұйымшылдықпен қарсылайық деген тілектерін жеткізді. Көрші қариялар ақ батасын берсе, көшенің жас тұрғындары үлкендердің игі істерін жалғастыруға ықыласты екендіктерін  айтты.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика