Мұрағат: Январь, 2016


Бөрі туралы бірер әңгіме

Күні: , 242 рет оқылды

cc_28477


Аңшының  ізімен…

Осы бір түз тағысын тілге тиек еткенде, елең етпейтін жан жоқ шығар. Табиғатына дүлей долылық, қайтпас қайсарлық және жанкештілік тән қасқырға қазақ халқы «ит-құс», «ұлыма» деп жанама ат қойғаны мәлім.


Жәнібек ауданының орталығына ертеректе Ақоба ауылынан көшіп келген Рамазан Сопақов – әңгімешіл, қарапайым жан. Алпысты алқымдаса да, әлі күнге ширақ қимылдайды. Қолы шебер. Ауыл шаруашылығы жұмыстарына етене араласып, техниканың тілін тапқан, қайнаған еңбек ортасында шыңдалған азамат. Аңшылықты кәнігі кәсіп қылмаса да, қасқыр жайын біраз тілге тиек етті. Қызыға құлақ түрдім.

– Ақоба ауылдық округінде Мәңгүр елді мекеніне қарай Қамал атты жан-жағын сор қоршаған арал бар, Қошайдың тұсында. Сол маңға көршілес Орда ауданындағы Сайқын ауылынан келетін Насыр атты аңшы жиі баратын. Оның бір қолы шолақ еді, – деп еске алады ол. – Дегенмен қарымдылығы сонша, сыңар қолмен құдықтан он шелек су тартып ала беретін. Астында жуас, жайбасар торысы болды. Насыр Қамал сорын жиі барлайтын. Жалпы, қасқырдың қаншығы 1,5-2 жылдан соң күшіктейтіні белгілі. Қасқырлар апанын көктемде ерте әзірлейді. Алдымен, қазылған жас топырақты тырмалап жайып тастайды. Жазғытұрым «қопсытылған» жерді қалың шөп басып, апанның аузын жер бедерінен айыру қиын болатынын олар жақсы біледі. Әйтсе де, Насыр көзін ашпаған бөлтіріктерді ұясынан тез табатын. Аралдағы жыра-жарлауыт болсын, жазық болсын, қазылған апанның кірер аузынан бөлек амал-айласы мол аң бөлтіріктері жатқан түпкірдің нақ төбесінен тесіп, ауа кіретін саңылау қалдырады. Аңшы оны «буылдырық» деп атайды. Кейде тышқанның інін де пайдаланады. Насыр сол саңылаудың үстінен тап басып, борпылдақ топырақты қазып, енді-енді ғана бауырын көтеріп келе жатқан көк «күшіктерді» оңай олжасына айналдырады. Олардың терісін сыпырып алады да, қаншық қасқыр (реті келсе оны атып та алатын) алаңдамас үшін ұяластардан бір-екі ұрғашысын тірсегінен қиып тастап кетеді. Кемтар бөлтіріктер сол маңнан ұзамай өсіп-жетіледі. Ұрпағын өрбітеді. Бірақ болашақ ізбасарлары Насырдың қанжығасына тағы да байланып жатады. Құр қол қайтпайтын аңшы осы дағдысын жылма-жыл қайталайды. Кейде тірсегінен қиылған бөрі баласын аяқтанып кеткенше, өзі қолымен жемтік тасып, ауыздандырып отырады.

Насырдың кәнігі тәжірибесі туралы Рамазан ағаның ауылдасы, марқұм ақсақал Орынғали Балталин де кезінде өз естеліктерімен бөліскен еді:

– Ауылымызға жиі келетін. Ылғи үстіне қара түсті тұтас комбинезон киіп жүретін. Бір қолы кемшін екені рас, – деген еді ол. – Өз кәсібіне астындағы атын жақсы баули білгенін байқайтынбыз. Себебі қасқыр қазған үңгірдің аузына ол атымен бірге келеді де, шылбырын бір аяғына байлап, қолындағы қапшығымен апанға тікелей кіреді. Бөлтірікті аулап болған соң немесе қауіпті сезсе, шылбыр жібін тартыңқырап белгі береді. Мініс көлігі сол сәтте аңшыны сүйреп алып шығады. Жылқының қасиетіне таңдана бас шайқаушы едік.

Жалпы, Насыр төңіректе бұл аңның мекен қылған барлық нүктесін жатқа біліпті…

Жанкештілік танытқан

Рамазан ағамыздың айтуы бойынша, қасқырлар жүйрік болып келгенімен, ұзаққа бармайды. Көлікпен қуғанда сағатына 80-90 шақырым жылдамдықта шапқанмен, тез болдырады. 1,5 шақырымнан соң шапшаңдығы екі-үш есе баяулайды.

Ол бірде таныс жігіттермен Ащыөзек өзені тұсында бір бөріні қуғынға салғандарын әңгімеледі. Әлгі бөрі екінші бетке жүзіп өтеді. Бірақ оны сол жақтан бақылауға алып тұрған қошанкөлдік жігіттер тақымдарындағы «копейка» атты кеңестік кезеңдегі «Жигулимен» қарсылайды. Ащыөзектің жағасына келгенде, жан-дәрмені қалмаған көкжал жанкештілік жасап, темір көліктің өзіне ауыз салған көрінеді. Айбар шеге атылған арлан жеңіл көліктің алдыңғы қақпағын тісімен екі қарыс қып айырып түсіріпті. Екі тісі түбінен қатар сынған. Жанталаста өжет қасқырдың құйрығы дөңгелекке басылып қап қолға түсіпті.

Рамазан Сопақовтың айтуынша, түз тағысының әрқайсысының өзіндік иеленген жер аумағы болады екен. Апанының маңында жайылатын мал атаулыға тиіспейтін көрінеді. Өзге аймақтан келген қандыауыз ғана қауіп төндіреді. Адамдарға деген кегі, ызасы болмаса, көкжал-қожайын «меншікті аумағын» жеке қорып, аталастарын жолатпауға тырысады.

Қасқырлар артынан аңдушы түссе, жымын білдірмеуге өте сақ. Мәселен, жалғыз болсын, топ болсын, қалың жыныс арасына жасырынғанда бірінің ізін бірі дәл басып, кірген тұсына қарама-қарсы қарап жатады. Осылай із кескен аңқұмар жігіттердің біреуі арланның соңынан түсіп, қолына от ауыз бердеңкесін тікелей ұстаған күйі ұйысқан қалың тобылғыға кіреді ғой. Орталық тұсқа дендей кіргенде, қос қасқыр көзге ұшырай кетеді. «Сасқан үйрек кері жүзедінің» керін жасап, шүріппе басқанда оқ көкке қарай қаңғып кетеді. Абырой болғанда, қандыауыздың екеуі де қос қапталға үрке қашыпты.

Кергіден  аттамайды

– Жастау кезімізде ауылдан аңшылыққа құмар бір топ адам қасқыр аулауға шығамыз, – дейді Рамазан Сопақов. – Арасында атқамінер азаматтардан (бұл күнде марқұм болған) Шалгез Мұхамбетқалиев пен Зұлпықар Әбдірешев те бар еді. Сол жылдары қасқыр малға көп шабуылдады. Қойдың тегене құйрығын ойып түсіретін еді, шіркіндер! Негізгі мекендерін білеміз. Жиембеттің арғы бетіндегі Қопа атты аумақта сор бар. Сондағы қалың ұйысқан қамысты торуылдай бардық. Қыста қамыстың ортасы жылы болғандықтан, сор көзіне жақын түрлі аң мекен қылып жатады. Ат шаптырым аумақты, алдымен, жіппен тартылған кергімен қоршап тастаймыз. Кейін бір топ кісі құралдар арқылы айқай-шумен жат дыбыстар шығарып, түтін салып, қалың жыныс ішінен тағы біткенді үркітеді. Қоян болсын, қабан болсын жан-жаққа зытып береді. Бір таңғаларлығы, қасқырлар керме қып тартылған жалаң жіпті аттамай, тіп-тіке арнайы қалдырылған ашық бөліктен шығады. Сол сәтте нысанаға ілінгенін атып үлгереміз. Бұл әдісті бірнеше мәрте қолдандық та, – деді ақсақал.

Тыңдап отырған мені таңдандырғаны, аласапыран сәтінде арландардың «ала жіпті» аттамағаны. Жырынды боп келетін жыртқыштың бұл әрекеті жұмбақ боп көрінді. Тектілік пе, әлде…

– Ауылдағы бір иттің әрдайым жоғалып кететіні әңгіме болды. Сөйтсе, қасқырмен жұптасып жүреді екен. Апаны да жақын маңда болып шықты. Көктемде әлгі ит сонда күшіктеді. Будан бөлтіріктердің үшеуін ауылға алып келдік. Бұлардың мінезі бірінен-бірі бөлектеу жаратылған. Біреуі қолға үйренсе, біреуінің ызақорлығы шексіз дегендей. Ақыры құтаймады, бұл нәсілдер түрлі жағдайда, түрлі мерзімде өліп тынды, – деді аға бір әңгімесінде.

Жазғы шөп шабу науқанында Рамазан ағаның қасқырдың бүйіріне айыр шаншып, жараланған қандыауызды тірі күйінде ауылға ұстап әкелгенін ақобалықтар әлі күнге айтады.

Бір  апта арнайы  ашығады

Қанша қаскөйге баласақ та, бөрілік болмысты қазақы сана тектілікке жатқызады. Түркілер ескі аңызға сүйеніп, өздерін ғұн бекзадасы мен қаншық қасқырдан тараған ұрпақпыз деп санайды.Жалпы, арландардың әдебиет әлемінде елеулі орны бар. Біраз кітапқа кейіпкер болып енді. Мәселен, бала күнімізден жастана оқыған Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесіндегі Құрмаш тағдыры бәрімізге етене таныс. Немесе «Сырттандар» ертегісін оқып, балалық шақта біраз үрейленіп жүргеніміз де рас. Жамандық пен жақсылық, әлсіз бен күштінің тайталасында бөрілер таптырмас образ.

Жаратылысы нашар болса, туысын да парша-паршасын шығарып қылғыта салатын, «табиғат санитарлары» атанған, терісін тірілей іресе де, қыңқ демейтін, көзінен от шашып тұратын көкжалдардың адамдарға қайырымдылық қылған кездері де болған. Мәселен, далада адасқан аяғы ауыр келіншекті бір топ қасқыр шабуылдаудың орнына суықтан қалқалап, қамқорлап ауылға аман-есен жеткізіп салған хикаятты оқып таңғалдым. Жұмбақ па? Жұмбақ, әрине! «Ауылға кіріп, адамдарға бөрілер шабуыл жасап жатады. Алла Тағала қаһары келгенде, сырттандарды жұмсайды екен. Арамзалық, құйтырқы пейіл жайлаған жерге жіберетін көрінеді», – деді бір көпті көрген әйел әңгімесінде. Ақиқат десеңіз, өзіңіз саралай жатарсыз, оқырман. Бұл да жұмбақ па? Жұмбақ.

Тарихты сүзсек, бөрілік ұлт ұстыны болған екен. Байраққа таңбаланыпты. Жанары отты, жүрегі түкті азаматтарды қазақ халқы арланға балайды. «Екі тарлан бөрі едім» деп жырлайды алдаспан ақын Махамбет. Көкбөрінің бейнесі тектіліктің туы деп қаламгер Шерхан Мұртаза кезінде тәуелсіздік уығын бекітіп жатқан тұста елдік символ қып ұсыныпты.

Түркілік тұңғыш тілтанушы Махмұд Қашқари (ХІ ғасыр) бабамыздың дерегінде де тамаша дәйектеме бар. Онда бөрінің бір апта бойына ауамен қоректеніп, ашығатыны туралы дерек келтіріпті. Нәрсіз, сусыз жүре береді екен. Тоқетеріне келсек, қасқырдың қасқырлығын ешкім ақтап ал-майтыны рас. Қақпанға түссе, сирағын азуымен қырқып құтылатынынан да құлағдармыз. Осы орайда көкжал деген ұғымнан мәрттіктің баламасын іздеуде әңгіменің бір ұшығы жатқан шығар…

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

Орал өңірі


«Береке» жаңаруға бет бұрды

Күні: , 120 рет оқылды

DMS_7222


Отандық өнімді көбейту мәселесі күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Осы олқылықты толтыруда үздіксіз қызмет етіп келе жатқан кәсіпорынның бірі – Орал қаласындағы «Береке» ЖШС иелігіндегі сүт өнімдерінің цехы.


– Зауыт 1923 жылы құрылған. Ғимаратымыз ескі екені рас. Жаңарту, қайта жөндеу жұмыстары 1930, 1960 жылдары ғана жүргізілген. Енді үшінші кезеңін бастағалы жатырмыз. Қазір 400 миллион теңге қаражатқа италияндық технологиямен балмұздақ өндіретін жаңа қондырғы алынды. Құрылғыны құрастыратын арнайы мамандарды күтіп отырмыз. Олар сәуір айында келмек. Кейін бұл қондырғымен бір маусымда сегіз тонна балмұздақ өндіреміз, – деді «Береке» ЖШС-ның директоры Қымбатбек Айдаров журналистер қатысқан пресс-турда.

Барлық өндірістік жобалар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы демеуқаржымен қамтамасыз етілуде. Мәселен, «Fortebank» банкінен мемлекет қолдауымен алты пайыздық үстемеақымен алты жылға несие берілген. Кәсіпорын қатық, майлы айран, сүт, кілегей секілді 20 шақты өнім шығарады. Сақталу мерзіміне үш тәулік кепілдік беріледі. Шұжықты ірімшік бір айға дейін жарамды. Қазір сүт өндіру цехында он адам жұмыс жасап жүр. Негізгі еңбек маусымы сәуір айынан басталады. Сол уақытта цех жұмысшылары екі-үш есе көбейеді. Кәсіпорын жетекшісі қазір шикізат қат екенін жасырмады. Қызметкерлер аяқтай Теректі, Зеленов, арасында Тасқала ауданын аралап, тұрғындардан сүт жинайды. Қазір 20 тонна сүт қабылданыпты. Негізінен, бір маусымда 150 тоннаға жуық шикізат кәдеге асады екен. Сүт өнімдері Орал қаласынан бөлек Атырау, Ақтау қалаларына тасымалданады.

– Кәсіпорында бұрын 600-ге тарта жұмысшы еңбек етті. 2011-2012 жылдары дағдарысқа ұшырап, жұмысшы санын қысқартуға тура келді. Қазір ұжымда 200 жұмысшы-қызметкер бар. Биылғы дағдарыс толқыны оңайға соқпайды. Бірақ жұмысшы санын қысқарту жоспарда жоқ, есесіне, көбейтетін шығармыз. Бірқатар мәселелер бары рас. Әсіресе, шикізат жетіспеушілігі қол байлайды. Сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарға үкіметтің қолдауы қажет-ақ. Мәселен, біздің елде осындай кәсіпорындар 3, 8 пайыз аралығында демеуқаржы алса, Ресейде тоғыз пайыз, ал Белоруссияда 18 пайыз демеуқаржымен қамтамасыз етіледі. Осы мысалдан-ақ қорытынды жасауға болады. Біздің өнім жергілікті халық сұранысына ие. Меншікті азық-түлік дүкендерімізде барлық тауар арзан бағамен сатылады, – деді директор.

Жалпы, біздің облыста сүтті бағыттағы 469 мың бас асыл тұқымды мал бар. Биыл 600 басқа артпақ. Өңірімізде ірі көлемде асыл тұқымды мал сүтін өндіретін жеті шаруашылық жұмыс істейді. Оларға сүттің әрбір литрі үшін 25 теңгеден мемлекеттік демеуқаржы берілуде. 2015 жылы үй жағдайындағыны қоса алғанда, облысымыздағы барлық сүт өндірушілерден 225 мың тонна сүт алынып, өңдеуге берілген. Облысымызда сүт өнімдерін шығаратын 8 цех Орал қаласында, Бөрлі, Зеленов, Теректі, Бөкей ордасы аудандарында орналасқан.

Мемлекеттік «Тереңдете қайта өңдеу» бағдарламасы ауқымында сары май өндіргені үшін «Береке» ЖШС-на 5,8 млн. теңге мемлекеттік демеуқаржы берілген. Осы бағдарламаның игілігін «Каверина СВ» жеке кәсіпкерлігі де көріп отыр.

«Қазір елді мекендерде жеке және заңды тұлғалардың басын біріктіретін селолық тұтынушылар кооперативтерін құруды ұсынып жатырмыз. Мәселен, асыл тұқымды мал басы 50-ден асса, шаруашылық иесіне әрбір бас үшін 118 мың теңге демеуқаржы беріледі. Яғни кооператив мүшелері ортақ мал басын салып, мемлекет демеуіне қол жеткізеді. Сонымен қатар кооператив арқылы ет-сүт өнімдерін делдалсыз тасымалдап, арзан қақпен тауар алуына мүмкіндік туады», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының механизация, мемлекеттік техника инспекциясы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бөлімінің басшысы Темірлан Темірәлиев.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Контрактник» болғың келе ме?

Күні: , 111 рет оқылды

maxresdefault


Қазақ армиясының қатарын кәсіби білікті әскерилермен толықтыру мақсатында соңғы кездері елімізде әскерден босаған қатардағы сарбаздарды келісімшартпен әскери қызметке қабылдау жүзеге асырыла бастады.


Мұндай жұмыс Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасында 2013 жылдан бастап қолға алынды. Содан бері біздің басқарма арқылы барлығы 145 азамат, соның ішінде 2013 жылы 52, 2014 жылы  65, 2015 жылы 28 жігіт келісімшарт бойынша әскери қызметке жолданды. Бұл ретте бұрын әскерде болған сарбаздар мен сержанттар және запастағы офицерлер келісімшартпен әскери қызметке қабылданып, өздерінің қалауы бойынша ел аумағындағы әскери бөлімдерге қызметке  барады.

Келісімшарт бойынша әскери қызметке алыну үшін ниет білдіруші азаматтар мына төмендегі талаптарға сай болуы тиіс. Біріншіден, азаматтар міндетті түрде ҚР азаматы болуы тиіс. Екіншіден, жасы 19-дан төмен және 35-тен жоғары болмауы керек. Үшіншіден, мұндай қызметке тек әскери міндетін өтеген адамдар мен әскери кафедра немесе әскери оқыту резервтерінде болған азаматтар ғана қабылданады. Төртіншіден, азаматтың денсаулығы жақсы және бұрын сотталмаған болуы шарт. Осы талаптарға сай азаматтар жергілікті әскери орындарға жолығып, олардың келісімін алған жағдайда, ҚР Қарулы Күштерінің уәкілетті лауазымды тұлғасымен, әскери бөлім командирімен келісімшарт жасасады. Келісімшарт бойынша атқарылатын әскери қызметке баратындар әуелі үш жылға келісіледі. Содан кейін әскери қызметшінің қалауы бойынша келісімшарт бес жылға, одан әрі 10 жылға ұзартылады. Келісімшарт бойынша әскери қызметке барғандардың еңбекақылары олардың әскери лауазымдары мен шендеріне қарай есептеледі. Соңғы кездері ел Үкіметі әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса көңіл бөлуде. Атап айтар болсақ, 10 жыл және одан да көп  уақыт әскери қызметте болғандарға мемлекеттік  тұрғын-үй қорынан қызметтік  тұрғын үй беріледі. Ал әскери қызметте жүргендеріне 10 жыл толмағандарға тұрғын үй жалдау үшін арнайы өтемақы төленеді. Бұдан басқа келісімшарт бойынша әскери қызметте жүргендеріне сегіз жыл болған азаматтар еліміздегі жоғары оқу орындарына оқуға түскен жағдайда, оқу шығынының 50 пайызы мемлекет бюджетінен қайтарылады. Ескеретін бір жағдай, әскери қызметші бұл жеңілдікті тек бір рет қана пайдалана алады. Сондай-ақ келісімшарт бойынша қызмет істеп жүрген әскерилерге жыл сайын демалыс беріледі. Бұған қоса екі айлық еңбекақысы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді.

Қазіргі таңда Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасында келісімшарт бойынша әскери қызметке жинақтау жүргізілуде. Жоғарыда айтылған талаптарға толық сәйкес келетін азаматтар іріктеуден өткен жағдайда Ақтау, Атырау, Ақтөбе қалаларына әскери қызметке жолданады. Аталған шара аясында басқарманың келісімшарт бойынша әскери қызметке жинақтау бөлімі бүгінде Отан алдындағы парызын өтеп келген және өтеп жүрген азаматтармен кездесулер ұйымдастыруда. Нәтижесінде келісімшарт бойынша әскери қызметке барғысы келген сарбаздардың қатары жыл өткен сайын арта түсуде. Әскери қызметші болуға ниеттенген азаматтар болса, Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы келісімшарт бойынша әскери қызметке жинақтау бөліміне жолығып, осы бағытта кеңінен мағлұмат алуына болады.

Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының баспасөз қызметі


Көптілді тұлғаның өзекті тілі қай тіл болмақ?!

Күні: , 98 рет оқылды

fffb9c95a855ed4ff7d293507c39f252


Қазақта өзінің даналығымен тарихта қалған ғұламалардың бірнеше тіл білгені ақиқат. Мәселен, әл-Фараби, Қашқари, Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханұлы, Нәзір Төреқұлов, Мұстафа Шоқай секілді ел үшін ерен еңбек еткен ұлыларымыз кемінде үш тіл білгені белгілі. Тіл білу арқылы дүние сарайын кеңітіп, саяси санасын ширата білген жандар. Ел келешегі үшін аянбай еңбек еткендер.


Біз сөз еткелі отырған қостілділік пен көптілділік – әлемдік ғылымда зерттелген, әлі де зерттелу үстіндегі мәселе. Бұл жайында тілші-ғалым Л. Щерба, грузин психологі Нателл Имедадзе, француз психологі Жан Пиаже де зерттеген. Бүгінгі күнде көптілділік жекелеген іргелі ғылымдардың психологияның, нейрологияның, физиологияның және соңғы жылдарда психолингвистиканың, әлеуметтік лингвистиканың, когнитивті лингвистиканың зерттеу нысаны болып келеді. Зерттеліп анықталғаны баршылық, алайда толық ашылмаған тұстары да жетерлік. Ал бұл құбылысты жаппай ой қазығына айналдыру, идеология ретінде ұстану қаншалықты тиімді әрі нәтижелі болатындығы бізді ойландырады.

Екі тілді білетін адамды қостілді дейміз, екеуден артық тіл білсе, көптілді, ал алты тілден көп тіл білсе, полиглот дейміз екен. Әлемде қостілділікті де, көптілділікті де дұрыс үрдіс деп бағалайды. Өйткені көптілділердің мүмкіндіктері зор, артықшылығы мол болады. Мәселені арнайы қарастыра отырып, біздің пікірімізше, артықшылығы және кемшілігі мынадай кейіпте топтасты. Соның ішінде артықшылығы:

  1. Көптілді болу арқылы тұлғаның ақпараттық кеңістігі кеңи түседі, мол ақпаратқа ие болады;
  2. Көптілділік миға жасалған жаттығу болғандықтан, тұлғаның логикалық ойлау жүйесі жақсы жетілген болып келеді;
  3. Дивергентті ойлау қабілеті жоғары болғандықтан, шығармашылығы ерекше әрі мол болады;
  4. Әлемдік мәдениетті жетік біледі, жақсы түсінеді;
  5. Тілтабысқыш, ерекше бейімделгіш келеді;
  6. Еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие;
  7. Кез келген мәселені талдауға, салыстыруға бейім;
  8. Ми қыртысы иілгіш, бейімделгіш.

Көптілділер мен қостілділердің артықшылығын жеке бағыттары бойынша санамалауға болады, мәселен, есте сақтау қабілетінің жоғарылығы, рационалдылығының басым екендігі, өнертапқыштығы, тағысын тағы сапалық қасиеттері мол.

Сол секілді көптілділік пен қостілділіктің кері әсерін, қарсы жақтарын зерделегенімізде, мынадай бағыттарды көрдік:

  1. Бірнеше ұлттық мәдениеттің белгілері бір тұлғаның бойына тек жартыкеш сипатта тоғысады;
  2. Көптілді тұлғаның мінез-құлқы ұлттық сипаттан өзгешелеу болып қалыптасуы себепті менталитеті күрт өзгереді;
  3. Отбасында берілетін тәрбие, оның салдарынан өмір салты түбегейлі өзгеріске ұшырайды;
  4. Тұлғаның өзін-өзі ұстауы, өмірлік ұстанымы өзгереді (сән, таңдауы, қызығушылығы т.б.);
  5. Жаһаншылдық бойына ұялауы ықтимал (өзге өркениетке құмарту, қазақ құндылықтарынан әлемдік құндылықтарды жоғары қоюы т.б.);
  6. Озық мәдениетке басымдық бере отырып, жеке басының қай ұлтқа сыйымды екендігін айыра алмай қалуы (проблема этнической идентичности);
  7. Ұлттық нацизм, яғни өзгелерге деген менсінбеушіліктің пайда болуы мүмкін;
  8. Тілдің шұбарлануы арта түсіп, тілдік құрылымға әсері мол болады (супер, ок, спикер, кэш, тағы басқа сөздердің нормалануы);
  9. Көзқарастардың кереғарлығы пайда болады да, синтезделіп тиімдісі іріктеледі (мысалы, дәстүрді сақтау, ырымға ден қою-қоймау, таным мәселесінде т.б.);
  10. Адамның жан дүниесі шұбарланады, бұл ішкі күйзеліске әкелуі мүмкін (мәселен, қоғамдағы тәрбие мен отбасындағы тәрбие т.б.);
  11. Ішкі күйзеліс салдарынан белгілі бір мәдениетке (тілге) басымдық беруі мүмкін не делсал күйге түседі;
  12. Аралас некеге баруы ықтимал.

Жоғарыда келтірілген салыстыруды сараласақ, көптілділіктің артықшылықтары рационалдылық жағынан адамның сыртқы сапалық қасиеттерінің жетілуі тұрғысынан екендігі айқындалып отыр, кемшіліктер рухани ішкі жан дүниесі, арғы түптамырынан алшақтау және түбегейлі өзгеру үрдісі ретінде болып көрінеді.

Осы орайда көптілділікті жалаң, жарқын идея ретінде ұсыну ұлт үшін аса қауіпті деп білеміз. Көптілділікті ұлттың өркендеуі, рухани баюы үшін қолдануымыз қажет. Ол үшін арнайы дайындық, менталды платформа (алаң), өзегі бар рухани өсім қажет. Бұл дегеніңіз – ұлттың рухани өзегі бойына сіңген, бірінші тілі қазақ тілі болып қалыптасқан жасөспірімдер. Мәселені дұрыс бағаламасақ, дұрыс әдіснамасын қалыптастырмасақ, бұл ұлт үшін қасірет болмақ. Шамамен, ХІХ ғасырдағы Ресейдің кейпі, ХХ ғасырдағы Үндістанның жағдайы т.т. Кез келген жаңа бастаманың әдіснамасы немесе қарапайым түсінікте тәрбиесі болмаса, ол кереғар әсер береді. Жүгенсіз кіріккен идея рухани жарылыс береді. Кезінде бабамыз әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демеп пе еді? Сол себепті «Тәрбиесіз берілген көптілділік – ұлттығымыздың қас жауы» болып жүрмесе екен деген қорқынышымыз бар. Идеяны жалаң, беталды ұсына беру де қиянат. Басты қиянат ұлтқа болмаса игі. Сондықтан бірінші кезектен, әрбір баланы, әр ата-ананы көптілділікке дайындап алу қажет. Егер идеологиялық дайындық жүргізілмесе, басымдылық неде екендігі айқын болмаса, көптілділіктің кері әсері міндетті түрде көрініс алады.

Қиянаттың бірі – тілдің шұбарлануы (смешание языков). Бұл жайында В. Щерба: «Нағыз қостілді адамның бойында екі бірдей тілдің автономды таңбалық жүйесі жұмыс жасайды, алайда бұл – өте сирек кездесетін құбылыс, көбіне тілдердің шұбарлануына алып келеді» деп көрсеткен. Өзге тілді меңгеруде шұбарлану болмас үшін грузин психологі Нателл Имедадзе «Бір бейне – бір тіл» деген әдіс ұсынған. Мәселен, әке-шешесі тек қазақ тілінде сөйлейді және баланың күтушісі тек қана ағылшын тілінде сөйлейді. Бұндай жағдайда тілдік жүйені дербес ұстау мүмкіндігі жоғары екендігі анық.

Ғылымда балаға бірнеше тілді қатар меңгертудің сапасы оның алдын ала ойластырылуына, қолданылатын әдіс-тәсіліне, ең бастысы,  мақсатына байланысты болатындығын атап көрсетеді. Десек те, баланың қалыпты, табиғи дамуына қол сұққан кезде міндетті түрде оның кері әсері болатындығын біз көп атай бермейміз. Бұл мәселе нейрология, психиатрия тарапынан және әлеуметтік, когнитивтік лингвистика тарапынан арнайы зерттеліп жүр. Оның нәтижелерін көпшілік біле бермейді.

Бабамыз Абылайдың: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда, қапы қалып жүрмелік» деген сөздерін осы мәселе төңірегінде де қолданғым келеді. Білім міндетті түрде қажет. Алайда ол ұлттың қазанында қайнап, ұлттың ұясынан түлемесе, ол жатпен бірге жабыса кеткен іштегі жарамыз болмасына кім кепіл?

Көптілділіктің тұғырнамасы қазақ тілі екендігін баса айтқан жөн. Сондықтан қазақ тілін тұтас қазақстандықтарды біртекті ететін бірден-бір себепкер деуге болады. Бұл жайында үлкен мінберлерден де айтылып жүр. Алайда осыны білсе де, білмеген сыңай танытатындар, тілдегі делсалдық жағдайды ұзағырақ ұстағысы келетіндер де жоқ емес. Мемлекеттік тілдің сапалы қолданысын, күнделікті жұмыстағы көрінісін талап ету бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп білеміз.

Жастарымызды көптілділікке тәрбиелеуде олардың қазақылығы, қазақы тәрбиесі негіз болуы міндетті, басқаша жағдайда ұлттық белгілердің жыл санап, күн санап жоғалатындығы айдан анық. Қазақстандық жастардың бойындағы отансүйгіштік тәрбиесі тіл арқылы, тілді ұстану арқылы жүргізілуі тиіс. Көптілділіктің жемісі өзге тілдер қазақ тілінің баюына, ақпараттық кеңістігінің ашылып, тілдегі ақпар молая түсуіне жұмыс жасағанда ғана көрінеді. Сәйкесінше тіл арқылы ұлттық зияткерлік әлеуеттің артары сөзсіз.

Алтынбек ӘБДІЛМАНОВ,

облыстық “Қазақ тілі” қоғамы ҚБ-ның төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты


«Облыста доңыз тұмауы жоқ»

Күні: , 85 рет оқылды


Таяуда облыстық мәслихаттың кіші залында «Сақ болыңыз! Тұмау! ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу бойынша іс-шараларды ұйымдастыру маңыздылығы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы болды. Оған қалалық, облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, балабақша, білім орындарының басшылары мен дәрігерлері және облыстың санитар дәрігерлері қатысты.


Жиында БҚО тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Алтын Орынғалиқызы облыста тұмауға байланысты жағдайдың тұрақты екенін айтты.

– Облыста доңыз тұмауы тіркелген жоқ. Тұмаудың  маусымдық    түрінен  29 адам ем-дом алуда. Тұмаудың алдын алу мақсатында «Жол картасы» бағдарламасы бойынша құрған мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Облыстағы 70 білім беру мекемесін біріктірген онлайн конференция өтті. Тұмау мен жіті респираторлық вирустың алдын алуда 1 қазаннан бастап мониторинг жүргізілуде. Бюджеттің қаржысымен Нидерландыдан 32 мың доза вакцина алынып, облыс тұрғындарының 10 пайызы тұмауға қарсы егілді, – деді ол.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Шамғонқызы тұмаудың алдын алуда облыста кешенді жұмыс атқарылып жатқанын, қала емханаларында 42 телефон  жұмыс істеп тұрғанын, емханаларда тұмауға байланысты әдейі бөлінген медбикелер мен БҚ медицина колледжінің 4-курс студенттерінің жұмыс істеп жатқанын, қосымша «Жедел жәрдем» көліктері шығарылғанын айтты.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Бекет Бадашев балалар мекемелері басшыларына тұмау асқынса, бала денсаулығына қиындықтар әкелетініне, ауру белгісі байқалса, дәрігерге хабарласу керектігіне тоқталды. Оның айтуынша, тұмауға байланысты дүрлігу жоқ, ауруханада әдейі бөлінген 30 кереует әзірге бос тұр екен.

Сонымен, мамандардың мәліметі бойынша облыста тұмаумен аурушаңдық деңгейі тұрақты. Доңыз тұмауы тіркелмеген. Бірақ Ресейде доңыз тұмауынан адам өлімі болғаны белгілі. Біздің облыстың Ресейдің бес облысымен шекаралас екендігін ескерсек, қауіп, әрине, бар. Бұл сұрағымызға Алтын Орынғалиқызы облысқа алысжақын шет елден келіп-кетіп жатқан жолаушылармен жұмыс істеліп жатқанын, Ақсайдағы «Қарашығанақ» кәсіпорнының дәрігерлерімен дөңгелек үстел өткізіп, сақтық шараларын пысықтағандарын айтты.

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Жерлес ғалымның жетістігі

Күні: , 87 рет оқылды

IMG-20160126-WA0000


Жерлесіміз Мерлан Досболаев – Қаратөбе  ауданының тумасы. Ол – бүгінде әл-Фараби атындағы қазақ  ұлттық университетіндегі  нанотехнологиялық  зертхананың аға  ғылыми  қызметкері.


Кейіпкеріміз өткен желтоқсан айында ғылым мен техника саласында екі жылда бір рет берілетін әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. 2015 жылдан бастап әрбір мемлекеттік сыйлықтың  көлемі 18,6 миллион теңгені құрағанын айта кетейік. Бұл мемлекеттік сыйлықтың лауреаты мәртебесіне еліміз бойынша физика және ғарыш, хирургия, ихтиология және металлургия саласының ғалымдары ие болды.

– Әрбір жетістік – үлкен  еңбек, талмай іздену мен зерттеушілік таланттың жемісі. Біздің комиссия көптеген ғылыми  еңбектердің ішінен үздігін таңдау жолында аз жұмыс жасаған жоқ. Үздікті анықтауда даулы жағдайлар да туындады. Әрине, бұл жетістіктер күллі ғылым саласын алға жетелей алмауы мүмкін. Бірақ Қазақстан үшін жетістіктің басы ғана. Соңғы кездері әлемдік журналдарда біздің еліміздің атынан жарияланатын ғылыми мақалалардың саны айтарлықтай көбейді. Мұның бәрі – біздің  тарапымыздан еліміздің жас ғалымдарына жасалған үлкен қолдаудың айғағы. 39 адам жеті түрлі ғылыми жоба ұсынды. Оның ішіндегі біреуі ғана авторлық, қалғандары – ұжымдық  жоба.

Біздің ғалымдардың мақтанарлықтай жағдайы бар. Кейбір қазақстандық технологиялар әлемдік қолданысқа ие, – деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев марапаттау  салтанатында.

Наталья ГОРОХОВА


Шымкенттен табыспен оралды

Күні: , 72 рет оқылды

IMG-20160121-WA0000


Шымкент қаласында ҚР кубогы үшін шорт-тректен өткен жарыста БҚО құрамасы табысты өнер көрсете білді.


БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш додаға Астана, Алматы қалалары, Оңтүстік және Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарының командалары қатысып, бақ сынады.

БҚО құрамасынан 9 спортшы (бесеуі – ер) сынға түсті. Жарыс барысында, әсіресе, Ғалия Жұмағазиева үздік өнер көрсетіп, 1500 метрден екінші, 500 метр мен 1 мың метрден бірінші орынды иеленді. Ол сондай-ақ Гүлнұр Ғаниева, Нұржанар Жұмағалиева, Жанерке Қадимовамен бірге эстафеталық жарыста да алдына жан салған жоқ. Сонымен қатар ерлер арасында Әділ Ғалиахметов 1500 және 1000 метрден қола, 500 метрден күміс жүлдені олжалады. Ол Данабек Қайыров, Тайман Меңдіхан, Бағдат Амангелдиев, Айбек Қадыровпен бірге командалық эстафетада мәреге екінші келді. Әйелдер арасында 1500 метрден Гүлнұр Ғалиева, 500 метрден Нұржанар Жұмағалиева үшінші орынға көтерілді.

Спортшыларды бапкерлер Максим Лозовой, Евгений Портнов және Ерхат Құбашев жаттықтыруда.

Елжан ЕРАЛЫ


Ұлт жоспары – сайлауалды бағдарламаның өзегі

Күні: , 111 рет оқылды

534 ана сиезд


Кеше Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы – «Нұр  Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен партияның кезектен тыс 17-сиезі өтті.


«Kazinform» агенттігінің хабарлауынша, алқалы жиынға 2 мыңнан аса делегат қатысты. Олардың қатарында республиканың барлық өңірлеріндегі конференцияларда сайланған делегаттар, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтердің, білім, ғылым, мәдениет және спорт қайраткерлері, қоғам, дипломатиялық корпус, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері бар.

— Баршаңызды 900 мың мүшесі бар «Нұр Отан» партиясының атынан бүгінгі сиезіміздің ашылуымен шын жүректен құттық-таймын. Біз үшін бұл тарихи әрі жауапты сәт. Біз Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысуға қажетті шешімдерді бүгін қабылдауымыз қажет. «Нұр Отан» 17 жылдан бері көшбасшы болып келе жатыр. Экономикамыздың, мемлекет пен қоғамның нақты жетістіктеріне қосып келе жатқан үлесінің мол екеніне бәріміз куәміз. Осы уақытта ұлттық экономикамыздың жалпы ауқымы 23 есе ұлғайды. Соңғы алты жылда бізде экономиканың 28 жаңа саласы пайда болды, 890 өндіріс іске қосылды. Бүгін бізде ешқашан өндірілмеген 400 жаңа өнім түрлері өндіріледі. Он жеті жылда жан басына шаққанда ЖІӨ Қазақстанда 20 есе өсті. Партияның алдыңғы сайлаудағы тұғырнамасын жүзеге асыру барысында қыруар жұмыс атқарылды. Халық алдында алынған міндеттемелер мен көздеген мақсаттар мерзімінен бұрын орындалды. Баршамыздың мүддеміз ортақ, бұл — тұрақты, біртұтас Қазақстан. Мемлекетіміздің Мәңгілік ел атты арманын орындауға тиіспіз. Бірлік арқылы тұрақтылық та, тұрақтылық арқылы жасампаздыққа да жол ашылады. Бұл – біздің айнымас қағидамыз. «Нұр Отан» берген уәдесін әрқашан орындап келеді, қазір де орындайтынына сендіреміз. Сол себепті халық қашан да «Нұр Отан» партиясына сенеді, қазір де сеніп отыр. Мен партиямыздың бұл сайлауда да халықтың жоғары сеніміне ие болатынына сенімдімін. Біз «Қазақстан-2050» стратегиясына жаңа ел болып, бірге жетуіміз керек. Мен Мәңгілік елге айналатынымызға сенемін, — деді жиында негізгі баяндама жасаған Елбасы.

Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру тетіктеріне тоқтала келе, барлық деңгейдегі әкімдерге, партиялық ұйымдарға осыған жұмылуды жүктеді.

«Бұл біздің басты міндетіміз. Біз аса күрделі экономикалық даму кезеңінде реформаларды қолға алып отырмыз. Бұл солай болуы да керек. Дағдарыстың өзі жаңа деңгейге көтерілуге септігін тигізеді. Сондықтан да «Нұр Отан» партиясының, оның әрбір мүшесінің міндеті — осы. Ұлт жоспары – біздің алдағы бес жылдығымызды қамтитын сайлауалды бағдарламамыздың өзегі», — деген Президент партия алдына нақты міндеттер қойды.

Сиез барысында “Қазақстан — 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық” атты жаңа сайлауалды бағдарлама қабылданды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлердің партиялық тізіміне 127 адам еніп отыр. Олардың қатарында республикаға белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен өнер иелері бар.


Әкімшілік полиция адам факторын жоюға ниет танытып отыр

Күні: , 95 рет оқылды

DMS_7376


Кеше ОКҚ-ның облыстық филиалында БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасының тіркеу және емтихан алу бөліміндегі жаңа өзгерістер, электронды қызмет көрсетудің жаңа мүмкіндіктері тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.


Жиынды ашқан аталмыш басқарма басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Жанболат Жаншиннің сөзіне қарағанда, әкімшілік полиция басқармасында электронды кезек жүйесі қолданылатын жаңа жоба жүзеге аспақшы. Бұл мұндағы тіркеу, емтихан қабылдау, әкімшілік тәжірибе бөлімшелерінің жұмысын жаңа жолға қойып, дамытуға мүмкіндік бермек. Аталмыш іс-шара Елбасының «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарын жүзеге асыру, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң талабы аясында және облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қолға алынған.

– Мұндай жүйені енгізу нәтижесінде көлік құралдарын тіркеу, қайта тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру және әкімшілік құқықбұзушылық істері бойынша талдауды жүргізуге қатысты халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттырады. Электронды кезек түрлі қызмет көрсету шаралары кезінде адам факторының қатысуына жол бермейді. Ендігі уақытта кезек күтетін азаматтарға жайлы жағдай туғызылмақшы. Яғни басқарма ғимаратында қайта жабдықтау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ штаттан тыс іс жүргізуші қызметкерлерін енгізу де қарастырылып отыр, – деді Жанболат Жасқайратұлы.

Өз кезегінде сөз алған «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК БҚО филиалының директоры Марат Бассаровтың айтуынша, бұл салада тоғыз жылдық тәжірибесі бар ХҚО мамандары аталмыш жобаға кеңесші ретінде қатысқан. «Бұл жобаның жүзеге асуына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен қала әкімі Алтай Көлгінов үлкен жанашырлық танытты. Біз әкімдіктерде, ІІД-да бірнеше мәрте жиналдық. Артынан  қаланың біраз бөлігіне барып, оған арнайы жер қарадық. Бірақ қазіргі әкімшілік полициясы басқармасы ғимаратынан қолайлы орын таппадық, — деді Марат Владимирұлы. – Бұл мамандандырылған ХҚО емес, соның желісінде қолға алынған жоба. Ондағы жүйе қазіргі жағдаймен салыстыруға келмейді. Заман талабына сай, жетілдірілген деңгейде қызмет көрсетілмекші. Қазіргі таңда бұл жобаны жүзеге асыру ба-ғытындағы жұмыстар қолға алынды. Жоба жақын аралықта ма, болмаса жылдың соңына дейін іске қосыла ма, ол жағын нақты айта алмаймын».

Жиын соңында БАҚ өкілдері сұрақтар қойып, тиісінше жауаптар алды.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Ғайсағали  СЕЙТАҚ, «Kazinform»  агенттігінің  тілшісі:

– Қазіргі жол-көлік оқиғаларының көп болуы автомектептердегі білім сапасына да қатысты шығар деп ойлаймын. Оларда мемлекеттік тілде сабақ беру көңіл қанағаттандырмайды. Кейбір әдістемелік құралдар орысша. Осы бағытта сіздердің тараптарыңыздан қандай шаралар қолға алынуда?

Жанболат  ЖАНШИН:

– Жол-көлік оқиғаларына қатысты автомектептерде оқығандарды ғана кінәлауға болмас.

Оның негізгі себебі – жүргізушілердің сана-сезімінде. Мәселен, көрші Ресейдегі жүргізушілер қашан да бір-бірін түсінуге, қолдауға, қиын сәттерде жол беруге дайын. Еліміздің өзге өңірлерінен де осындай жағдайды көруге болады. Ал біздің батыс облыстарында бұл өзекті мәселе. Жерлестеріміздің санасында жүргізушілік ынтымақтастық жоқ. Жол-көлік оқиғаларына тап болып жатқандардың ішінде тек автомектепті жаңа бітіргендер емес, жиырма жылдық жүргізушілік тәжірибесі барлар да ұшырасуы осыны айғақтайды.

Автомектептегі оқуға келсек, мұнда оқуға ниет білдірген жандар қай тілде оқитынын өздері таңдайды. Біздегі автомектептерде мемлекеттік тілде де, орыс тілінде де сабақ бере алатын мұғалімдер бар. Емтихандар мемлекеттік  тілде  де  қабылданады.

Дмитрий  ТЕРЕЩЕНКО,

«Надежда»  газетінің  тілшісі:

– Қазіргі уақытта әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлерінің жүктемесі қандай? Жаңа жоба енгізілгеннен кейін ол қаншалықты төмендейді?

Жанболат  ЖАНШИН:

– Қызметкерлеріміз күніне 150-180 техникалық куәлік, 80 жүргізуші куәлігін береді. Бұл дегеніміз — жылына бір қызметкерге 2000 материалдан келеді деген сөз. Ал біздің штаттағы қызметкерлердің аздығына байланысты соңғы кездері айына 2000 материал келіп отыр. Бұл – өте үлкен жүктеме. Соған байланысты штаттан тыс іс жүргізушілерді алғымыз келіп отыр. Ол өз кезегінде тұрғындарға да ыңғайлы болады. Жаңа жоба жүктеме санын едәуір азайтады.


«Осы үйдің қызын үкілей келдік…»

Күні: , 167 рет оқылды

4987936_xlarge


43 жылғы ұстаздық тәлімімді «Зейнеткерлікке  шықтым» деп бітіре салғым келмейді. «Білгеніңді білмегенге айтпасаң, ол да күнә» дейді үлкендер.


Өзім Ақтөбе облысының Ойыл ауданында, салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған қазақы жерден тәрбие алып өстім. Ұлттық тәрбиені санама сіңіріп,  қазақ тілінің маманы болғаннан кейін Мұхтар Әуезов айтқандай, «Туған жерімді, туған тілімді, салт-дәстүрімді, туған тарихымды жан-тәніммен қорғап өстім». Сондықтан асабалық қызметімде де, ұстаздық жұмысымда да, халықтың ортасында да салт-дәстүрімізді дәріптеумен келемін. Қат-қабат тарих түкпірінен жетіп, сақталған салт-дәстүрді, үлгі-өнегені кейінгі ұрпаққа жеткізу – міндетіміз.

Бір мемлекетте тұрғанмен, әр өңірдің қалыптасқан дәстүрі бар. Мысалы, Кіші жүзде, әсіресе, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында құда түсуге барғандар «Құдайы қонақ» болып барады. Тіпті мейлі, көршісінен қыз алып жатса да. Құда келетінін естіген ағайын-туыс бір шаңырақтың астына жиналып, «Құдайы қонақты» танымайтын, білмейтін адам ретінде қарсы алып, құрметтейді. Өзара ағайын-туыстың тілегінен кейін, «Құдайы қонақтарынан» жөн сұрайды. Осы кезде ғана «Құдайы қонақтар»  өздерін таныстырып, «Екі тектің баласын ептемекке келгенбіз, елдестірмек елшіден…» дегендей, осы елдің немесе осы үйдің қызын үкілей келгендігін,  яғни елші құда екендігін білдіреді.

Бірақ соңғы кезде «Құда түсу» дәстүрінде көңілге қонымсыз жайттар кездесіп жүр. Бұрын ата-бабадан қалған дәстүрде  құда келерде қалыңдық жағы  қызын туысының үйіне жіберіп,  қашан бөтен үйдің есігін аттағанша, құдалар жағына көрсетпеуге тырысатын. Әкелген сырғасын  тағуды қыз жеңгесіне аманаттап, табыстайтын және «Қызыңызға сырға тағуға келдік» демей, «Үкілей келдік» дейді екен. «Сырға салуға келдік» деген тіркес «ен салуға келдік» дегендей естілетінін де ескеру керек. Қазір қызды жеңгесімен ортаға  шақырып, жағалай көрістіріп, құдалар қызды ортаға отырғызып, сырға салу әдетке айналды.

«Есті қыз етегін қымтап отырады» дегендей, есті қыз қашан табалдырық аттағанша ата-енесіне көрінбеуге тырысады. Бұл қыздың беті ашылмаған, тәрбиелілігін көрсетеді. Қыз үйінен шығарда ата-анасымен, туысқандарымен қоштасқанда ғана жағалай көрістіріп шығарады. Соңғы кезде беті ашылмаған қыздың азайып бара жатқанын да мойындау керек. Бірде жаңағы құда түсу дәстүрінің үстінде қызын аяғы ауыр күйінде көрістіргенін көріп, ата-анасына, қалыңдыққа қатты көңіліміз қалды. Қазір бір кездегі «Қызға қырық үйден тыйым беретін»  қыздардың үйінде жүріп-ақ аяғы ауыр болатынына да үйреніп, селт етпейтін болдық. Қызды босағасында сары алтындай сақтау – әр ата-ананың парызы. Өкінішке орай, ұлттық мұраға келгенде, сол ноқта-тізгінді мықтап ұстай алатынның қарасы аз. Дәстүр жалғастығының бір кезде жұтаған, жоғалған орны үңірейіп бос тұр. «Бос орынға шайтан да үйір» дегендей, күні ертең өзегіңнен тебер өзгенің қаңсығын кейінгі ұрпақ мәдениетке санап жатыр. Осы жерде айта кету керек, келін түсіргенде келіннің екі жағына қос жеңгесі келіп тұрады. Жігіттің екі жеңгесінің екі жағында тұруы міндетті екенін бәрі біледі. Алайда неге солай болу керектігін жете ұқпайды. Қазақ халқы ештеңені ойсыз, мақсатсыз шығармаған. Әр дәстүрдің, салттың,  кәде-ырымның астарында мән-мағына, тәрбие көзі жатады. Жаңағы екі жеңге – жаңа түскен келінді қолтығынан демеп, білмегенін үйретіп, ұқпағанын түсіндіретін ақылшы кеңесшілері болуы керек адамдар. Бұлар осы әулетке мына келіннен бұрын түскендер, сондықтан шаңырақ дәстүрі, әдеттері басқа үйден келген, келіндік тәжірибесі қалыптаспаған  жас келінді қамқорлыққа алатын абысындары. Ал қазіргі тойлардағы жеңгелердің жол көрсетпек түгілі, өз басына тәрбие жетпей жатқаны көзге ұрып тұрады. Бастары жалаңбас, талайының бұттарында тар шалбар.

Оған өздері қымсынбайды да. Кей тойларда келіннің жанына кім тұратыны ескерілмей, «Сен тұр, мен тұр» болып, бірін-бірі итермелеп те жатады. Түсінемін, тойдың қарбалысы көп, дегенмен бір естияр адам осыны ертерек қамдап қоюы керек емес пе? Күнде келін түсіріп, шартарапқа жар салып жатқан жоқсыз, қазақтың тойының салтанатты көрінісі осы – беташар ғой. Келінді демейтін екі келіншекке екі орамал, екі камзолды бұрынырақ дайындап, беташар барысында соны бір сәт киіп тұрса, қандай жарасымды. Соңынан «Құдай сендерді де келін түсіріп, қыз ұзатуға жеткізсін!» – деп ескерткішке сыйлап жіберсе, олардың көңілі көтеріліп қана қоймай, сонымен бірге  әрі қарай ұмытпай, өздері де жалғастырар еді.

Өнеге айтудан емес, көрсетуден санаға сіңеді. Өзімнің де келін түсіргеніме екі жыл болған жоқ. Қазір үш айлық Ақберен атты немереміз бар. Келін түсіргенде, жоғарыда айтылған салт-дәстүрдің бәрін сақтай отырып, қазақша киініп, сәукелесі ақ желегімен желбіреген келінімізді қызыл шымылдықпен қарсы алдық.

«Ақ сүт емген иманды, адал қыз тап қыла көр» деген тілегімді қабыл еткен Аллаға мың шүкіршілік. «Келіні жақсы үйдің әр керегесі – береке» дегендей, таңертеңгісін ата-енесіне иіліп, сәлем салып тұратын келінімізге күндегісін күнде «Бақытты бол!» деп бата береміз. Ауылдың қызы екенін білмейтін, үйге келген қонақтар: «Келінің Оңтүстіктен бе, әлде Ақтау,  Ақтөбеден бе?» — деп сұрап жатады. Кісі келсе, орамалын тастамайтын, қай уақытта да шәйнегі қайнап тұратын, үлкенге иіліп сәлем сала білетін биязы Асылзатыма дән ризамын, инабатты да иманды етіп тәрбиелеген анасына, Гүлсім құдағайыма да алғысым шексіз.

Адамның жаратылысы қызық, жақсы нәрсенің жақсы екенін біле тұрса да, «Басқа істемейді, маған не жорық?» деп өзгелердің қатарында тұра қалатын жалған намыс, пендешілік бар. Әйтпесе, ешқандай қиындығы жоқ ата-бабадан қалған сәлем салуды барлық келін дәстүрге айналдырса, несі артық? «Баталы құл арымас» деген, күнде бата алып тұрудың өзі бақыт емес пе? Бұларды айтып отырған себебім, Батыстың күл-қоқысымен ластанған жастардың  санасына кішкене болса да, сәуле түссе екен. Абай айтқандай: «Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, ойына тоқысын,  керексіз десе, өздері білсін…».

Ғазиза  РАХМЕТОВА,

зейнеткер-ұстаз,

Ақжайық  ауылы,

Теректі  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика