Мұрағат: 29.12.2015


Оңай олжаға айналған қыздар

Күні: , 621 рет оқылды

ажырасу


Жұмысқа бара жатып, аялдамадан студенттік кезден таныс Айкөркем есімді замандасымды кездестіріп қалдым. Бір-бірімізді көрмегенімізге 5-6 жылдың жүзі болған екен. Өңі солғын тартып, отызға тола қоймаған келбетіне әжім із салып үлгеріпті. Амандық-саулық сұрасып, біраз әңгіме айтқандай болдық. Артынша жеке өмірін білгім келіп, «Отбасың бар ма?» деп сұрақ қойғаным сол еді, екі беті қызарып кетті:


— Айкөркем, кешірші, ыңғайсыз сұрақ қойдым-ау деймін. Жәй, тұрмысың қалай деп сұрағым келгені ғой…

— Жо-жоқ, сенің не кінәң бар? Бәріне өзім кінәлімін. Екі рет тұрмысқа шықтым, қазір қызыммен тұрамын.

— Қалайша?

— Бірінші жолдасыммен екі жыл азаматтық некеде тұрдым, одан бір қызым бар. Мінезіміз үйлеспей, екіге айырылдық. Жыл жарымнан кейін екінші азаматпен бас қостым. Ағайын-туыстың қарсылығына қарамай, мешітке барып некемізді қидырдық. Мен заңды некеге тұрғым келген, ол қаламады. «Ең бастысы, Алланың алдындағы уәдемізге берік болсақ, қалғаны өз қолымызда» деп алдады. Ислам дінін ұстанып, намазхан жігіт екенін көріп, санама бөтен ой кіріп-шықпапты. Тек бақытымыздың баянды болуын ойладым. Бірақ мұның да арты көпке ұзамады. Соңғы күндері түрлі мінез шығарып, мені ұнатпайтындығы туралы әңгімелерді жиі айта бастады. Ақыры не керек, арада жарты жыл өткенде, бір күні телефоннан «Осымен бәрі бітті. Сені талақ еттім» деп хабарлама жазып жіберіпті. Осылайша екі мәрте еркекке алданып, қу тіземді құшақ-тап, қызыммен далада қалған жәйім бар, — деп көзінің жасын төгіп-төгіп алды. Сөйткенше болған жоқ, оның күткен автобусы келді де, тез-тез қоштасып мініп кетті. Мен ойланып қалдым…

*       *       *

Бұл жалғыз Айкөркемнің басындағы жағдай емес. Кейінгі жылдары қоғам ішінде қызу пікірталасқа түсіп жүрген «азаматтық неке» мәселесін жақтаушылардың асығы алшысынан түсіп тұрғаны рас. Азаматтық неке діни некені мойындамайды, мемлекеттік органның да тіркеуінен өтпейді әрі «Неке және отбасы туралы» ҚР заңында да ол туралы ешқандай түсінік берілмеген. Сондықтан «еркін махаббат», «іс жүзіндегі неке» немесе «бейресми некелесу» деген атауға ие.

Ислам діні шаңырағы биік, босағасы берік отбасы құруды ерлі-зайыптының ортақ міндеті етіп бекіткен. Шаңырақ көтерген жас жұбайлардың бірінші ақ некесін қиып, оларға ізгі тілек айтып, құттықтау мұсылмандардың бір міндеті, әдет-ғұрпы саналады. Пайғамбарымыздың өзі отау құрғандардың некесін көпшіліктің куәлік етуімен қиып, жақсы дұғалар жасаған. Бүгінгі өмірдегі түсінік те діннен алыс кеткен жоқ. Яғни неке қидыру дегеніміз – екі жастың адал жолмен қосылып, перзентті болып, киелі шаңырақ көтеруі. Аллаһ алдындағы ақ некесін қиғызу Ислам дініміздің талабы болса, жергілікті АХАТ бөліміне тіркеліп, неке куәлігін алу – заңымыздың талабы. Некесіз екі жастың қосылуына ислам қатаң қарайды, мұны харам деп үлкен күнәлар қатарына жатқызады. Міне, осы неке мәселесі төңірегінде жағымсыз, негізсіз әдеттер біздің қазіргі қоғамда қалыптасып жатыр. Бір-бірімен тек ашыналық қатынаста болуды көздеген немесе карьерасын ғана ойлап, бала табуды кейінге ысырған жастар көбіне азаматтық некеге тұруды құп көреді. Өйткені бұл – кез келген уақытта қосылып, кез келген сәтте айырыла салатын және ешкімнің алдында жауапты болмайтын ең оңай ойыншық неке.

Рухани тұрғыда некеге тұрмай, жыныстық қарым-қатынаста болу адамды абырой кемістігіне соқтырады. Психологтардың пiкiрiнше, азаматтық некедегi нәзiк жандылар көбiнесе күйеуiм бар деп сенедi, ал ер адамдар оларға тек көңiлдесiм деп қарайды екен. Осындай қарым-қатынастағы ер мен әйелдi отбасы деп атауға қалай ауыз барады?

Мамандардың есептеуінше, азаматтық некемен өмір сүрген жастардың 80 пайызы кейін бір-бірімен жараспай, айырылысады. Тек бестен бірінің ғана дәм-тұзы жарасып, ерлі-зайыпты атанатын көрінеді. Еліміздегі «Дағдарыс» орталығының мәліметіне сүйенсек, оған жыл сайын азаматтық некеге тұрып, алданып қалған 15-20 әйел көмек сұрап келеді.

Оның үстіне бүгінгі таңда жаңа туған балалардың 22 пайызы некесіз деген дерек бар.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, біздің облыс ажырасу саны бойынша Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан кейін көш басында тұр. 2010 жылы облыс бойынша барлығы 1487 ажырасу болса, 5 жылдан кейінгі бұл көрсеткіш 500-ге артқан. Ауылдағы ахуал да жақсы емес. 2000 жылы ауылдық жерлерде 275 некенің бұзылғандығы тіркелсе, бүгінгі көрсеткіш 550-ге жеткен, яғни тура екі есеге артқандығын көрсетеді. Мұны Орал қалалық АХАТ бөлімінің бас маманы Райса Даниялова да растап отыр.

— Мен 35 жылғы еңбек тәжірибемнің 20 жылын АХАТ бөлімінде, оның 15 жылын Қазталов ауданында атқардым. Бұрын аудан бойынша ажырасу мәселесімен жылына 1 рет, әрі кетсе 2 рет іс қаралатын. Бүгінде ай сайын 2-3 іс қаралатын деңгейге жетті. Бұдан жастардың некеге тым жеңіл көзқараспен қарайтынтығын көруге болады. Жыл сайын 18-20 жастағы некеге тұрушылар саны артқанымен, соғұрлым неке бұзу жасы да жасарып келеді. Ажырасушылардың көбі – 25-ке дейінгі жастар. Отбасылық өмірлері әрі кетсе бір-екі жылды ғана құрайды. Тіпті бір ай тұрып ажырасқандар да кездеседі. Ең сорақысы, олар ажырасудың мәнін жете түсініп жатпайды. Кейде тұрмыстың жақсарғандығы да теріс ықпал етіп жатыр ма деген ойға келесің, өйткені жастар жылтырақ өмірге құмартып барады. Осындай ажырасулардан кейін, жастар заң жүзінде көп бас қатыра бермейтін азаматтық некеге әуес болып барады. Бұл ресми деректер болса, азаматтық некедегі ажырасуларда тіптен есеп жоқ.

Мешітте де неке қидыруға қарсы емеспіз, бірақ мешітте берілетін куәліктің заңды күші жоқ. Дінге бет бұрған азаматтар мешітте неке қисақ болды, басқасы не керек деген түсінікте. Заңсыздың аты қашан да заңсыз. Сондықтан имамдар неке қиюшы жастардан АХАТ бөлімінің куәлігін сұраса, көптеген жолсыздықтың алдын алуға болатын еді, — деп біраз ойымен бөліскен еді Райса Сатқанқызы.

Бұл сауалға мамандардан қуантарлық жауап алдық:

— Жалпы, кез келген мешіт имамдары шариғат жолымен тілек білдірген екі жастың некесін еш кедергісіз қиып келді. Бұл мәселе мүфтият тарапынан оң шешімін тапты. Алдағы уақытта, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының арнайы бұйрығымен, мешітте неке қидырғысы келген жастардан жергілікті АХАТ бөлімінің неке қию туралы куәлігі міндетті түрде талап етілетін болады. Аталмыш куәлік болмаса, неке қиюға тыйым салынады, — дейді БҚО дін істері басқармасының бас маманы Мақсат Раманқұлов.

АХАТ бөліміндегі өзара сұхбаттан кейін Райса Сатқанқызы ажырасуға өтініш берген 21 жасар Серікболсын мен 20 жасар Ақмарал есімді екі жасты қабылдады. Отау құрғандарына бір жылдан сәл асқан олар ажырасудың себебін мінездерінің үйлеспейтіндігімен түсіндіріп жатты. Бірақ жігіттің де, қыздың да бойынан бұл қылықтары үшін өкінетін ешқандай намыстың ұшқыны сезілмеді. Керісінше, бір-бірінен алыстауға асыққан екі жас алдарындағы ақ параққа тез-тез қолдарын қойып, қоштасып жатты. Осылайша, материал жазу барысында тағы бір отаудың шаңырағы шайқалғанының куәсі болдық…

*       *       *

Жалпы, некелескен ерлі-зайыптыларға көптеген жауапкершілік жүктеледі. Ер-азаматқа отбасын адал табыспен асырап-бағу, оларға қамқор болу секілді міндеттер жүктелсе, ұл-қыздың тәрбиесіне көңіл бөліп, үй шаруашылығымен айналысу әйелдің еншісінде. Олар қалай болғанда да өздерінің ерлі-зайыпты екенін сезінулері керек. Ал азаматтық некеде мұндай жа-уапкершіліктер атымен жоқ. Олар бір-бірін сынау мақсатымен бір шаңырақтың астында есеппен өмір сүреді. Дәм-тұзы жарасып жатса, асықпай үйлену тойының қамына кіріседі. Ал ойынан шықпай жатса, «Біз бір-бірімізге сай емес екенбіз, мен іздеген адам басқа екен» дейтін күнделікті теледидардан көретін батыс киноларындағы көріністі қайталап жатады. Мұның арғы жағында бала тәрбиесі көлеңкеде қалды деген сөз.

Отбасының бақытты болуы өз қолымызда екенін неге ұмыта береміз? Жігіттердің оңай олжасына айналған азаматтық некеден Айкөркем секілді қаншама қаракөздер жапа шекті екен? Сіз не дейсіз, оқырман?

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Тоз-тозы шыққан томаға-тұйық Тоғанаста имам жоқ, есесіне «төбе» көп…

Күні: , 284 рет оқылды

DSC_0031


Сырым ауданына қарасты Шолақаңқаты ауылдық округі кезінде атақ-даңқы алысқа кеткен «Правда» газеті атындағы кеңшардың ізіндегі ауыл-аймақ. Аталмыш ауылдық округтің орталығы – Тоғанас елді мекені. Жақында осы ауылдағы оқырмандармен облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин кездесіп қайтты.


Басқосудың негізгі мақсаты ауыл тұрғындарымен емін-еркін пікір алмасу екенін алға тартқан басылым басшысы алдымен бала тәрбиесі, қалаға ауылдан асығыс-үсігіс көшіп келіп, азып-тозып жүргендердің жиілей түскендігі, әлі де кейбір ауылдық елді мекендердің тазалығы сын көтермейтіндігі жөнінде ой қозғады. Сонымен қатар қазіргі қалыптасып отырған діни ахуалдың күрделілігіне қатты алаңдаушылық білдірді.

– Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде Орал қаласындағы №37 мектептің 7-сыныбында оқитын қызын алып, Сирияға аттанған әйел туралы тілші Ұлдай Сариеваның мақаласы жарық көрді. Әрбір ата-ана бұл жайтқа бейжай қарамауы тиіс. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, діни сауатсыздық салдарынан біраз қазақстандық Сирия сияқты жат жер, шалғай шетелдегі азаматтық соғысқа орынсыз араласып, діни адасушылықтың құрбанына айналуда. Сондықтан мұндай жағдайға душар болмау үшін балаға отбасы, ошақ қасынан түзу тәрбие беріп, жеткіншектерді дәстүрлі Исламға қатысты ең болмаса негізгі ұстанымдардан хабардар қылған жөн. Бірақ жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар сілтеуі тиіс кейбір аға толқын өкілдері бастары қосыла қалса, әлі күнге дейін арақ-шарап ішіп, сағаттап карта ойнап, арық малдың етінің сорпасындай татуы жоқ арзан әңгімеден әрі аса алар емес. Сол себепті де жастарымызды жат пиғылды, мысықтілеулі миссио-нерлер торына тез түсіруде. Қазіргі жастардың біразы оң-солын таныр, ақ-қараны айырар аналитикалық ақыл-ойдан ада. Олар ғаламтордан ақпаратты үстірт қабылдай салуға бейім. Міне, сондықтан ұлттық және мемлекеттік мүддені ұштастырар газет-журналдарға жазылудың орны бөлек. Біздің газетімізде жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты толғақты мәселелер жиі көтеріледі. Мысалы, жуырда ата-ананың басым көпшілігі бала тәрбиесіне аптасына бар болғаны 25 минут-ақ көңіл бөлетіні жөнінде тілші Гүлжамал Кенжеғалиеваның мақаласы шықты. Жаңағы 25 минуттың өзінде ата-ана перзентінің жан дүниесіне үңілмей, «Бүгін қандай баға алдың?», «Сабағыңды оқыдың ба?», «Қарның ашып қалған жоқ па?» секілді таптаурын сұрақтармен шектеледі екен. Бала тәрбиесіне қатысты мұндай қасаңдықтан арылған абзал, — деді Бауыржан Файзоллаұлы.

– Тәлім-тәрбие тал бесіктен басталатыны рас. Бала күнімізде әкеміз қатал ұстады. Ойнауға анамыздың рұқсатымен ғана шығатынбыз. Малды өрістен уақытында қарсылаймыз. Еңбекке ерте араластық. Қазіргідей ақпараттық нөпір заманда ата-ана баланы қадағалаусыз қалдырмауы тиіс. Кейін ата-ана да, бала да опық жемеуі үшін ұлға да, қызға да әу бастан дұрыс тәлім-тәрбие берілуі керек. Біз сияқты үлкендер жағы «Біздің заманымыз атеистік қоғам болды» деп жауырды жаба тоқи бермей, дәстүрлі Исламға бет бұрғанымыз жөн. Түрлі діни бағытқа түсіп, ат төбеліндей аз ғана қазаққа діни алауыздыққа ұрыну өте қауіпті. Ұлттық табиғи өсімге мән беріп, ұлттық тәрбиеге ден қойған дұрыс, – деп ойға ой қосты зейнеткер Ерғалам Қуандықов. Ерғалам ақсақалдың пікірінен кейін де редакция басшысы жиылған жұртты ашық әңгімеге шақырып бақса да, тоғанастықтар томаға-тұйық қалпынан танбады.

…Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты бес елді мекенде 239 түтін, 1058 тұрғын бар екен. Оқырмандармен кездесуден кейін ауылдық округтің әкімі Тимур Айтқалиевке кейбір мәселелер бойынша сауалдар қойып үлгердік. Себебі күре жолдан кілт бұрылып, ауылға апаратын тармақ жолдың беті әбден жауыр болған жабағы тері секілді ойдым-ойдым екенін көріп, жол азабын тартып келгенбіз. Әйтпесе, редакцияның аутоарғымағы 12 шақырымды әпсәтте бағындырар еді. Ауыл кейпі көрер көзге бірден сұрқай көрінді. Кейбір бұзылған үйлердің орнындағы үйінді сол қалпында жатыр. Күл-қоқыс төгінділерінің өзі төбе-төбе. Тал-теректер түбінен кесіліп, дөңбектері қалған.

«2013 жылы ауыл әкімі болып сайландым. Алғаш келгенде өзім де шошып кеткенім рас. Содан бері біраз күл-қоқыс шығарылды», – деді Тимур Айтқалиев. Ауыл әкімі өзінің айтуынша, биыл ауыл сыртындағы 12 шақырымдық жолдың бетіне бұрын қолданыста болған 280 тонна асфальт төселуіне мұрындық болған көрінеді. Бірақ біз бұл төңіректен тегіс жол көре алмай пұшайман болдық. Жеңістің 70 жылдығына орай ашылған шағын «Жеңіс саябағын» көрсеткен әкімнен сыртқы пішін-пошымы аңғал-саңғал қора тәрізді ауылдық мәдениет үйінің жай-күйі неге сол күйінде тұрғанын сұрағанымызда, көңіл көншітерлік жауап ести алмадық. Бір сөзбен айтқанда, ауылда әлеуметтік-мәдени нысандарға күрделі жөндеу жасалмаған. Бұрынғы екі қабатты әмбебап дүкен болған ғимараттың кейпі адам аярлықтай. Тұрғындарға әлі күнге көгілдір отын игілігін көру де жазбапты. Ал Аңқаты елді мекенінде бұрынғы «Сказка» балабақшасының ғима-раты өткен тоқсаныншы жылдары жеке меншікке өткен.

— Балабақшаның бұрынғы ғимаратын мемлекет қарамағына қайтарып алу үшін қазіргі қожайыны бірнеше миллион ақы сұрайды, — дегенді айтты ауыл әкімі. Бұған қоса ол өз ауыл-аймағында имамның жоқтығын да тілге тиек етті. Зады, ел ішінде теріс ағымдардан келер қауіп-қатер күрт күшейіп тұрған қазіргі кезеңде қаладан «таяқ тастамдай» жердегі ауылдың әлі күнге дейін имамсыз отыруы ауыл әкімінің әсіре бейқамдығынан емес пе екен?..

Ауыл әкімдігінің екі қабат кеңсесі де жадау әрі суық. Иә, кезінде бүкіл Кеңес одағы бойынша маңдайалды шаруашылықтың бірі болған «Правда» газеті атындағы кеңшардың орталығы болған бүгінгі Тоғанас ауылының тап қазіргі көрінісі кім-кімнің де көңілін құлазытары анық. Сайлаудан соң төрт жылға тізгін ұстаған әкімнің жайбарақат қалпынан ауылдың жаңғырып, жасарып кететіндігіне күдік-күмәніміз күшейіп, біз бұл елді мекеннен көңілсіз аттандық…

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

 «Орал өңірі»,

 Сырым ауданы

Руслан СҰЛТАНОВ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысындағы өкіл имамы:

— Ауылдық округтердің әкімдері «Имам жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртіп, қарап отырмауы керек. Біз біраз аудан-ауылдарға өз тарапымыздан діни қызметкер жолдап көрдік. Алайда олардың кейбірі үй мәселесі шешілмегендіктен, барған жерлеріне тұрақтамады. Тоғанасқа имам жіберсек те, баспана мәселесі аудан-ауыл басшылығының алдынан шығары кәміл. Демек, аудан басшылығы, ауыл әкімдігі сол ауыл-аймақта бұрыннан тұратын, яғни баспанасы бар ауыл ақсақалдарының бірін немесе орта жастағы ер-азаматтардың бірін, тіпті болмаса дәстүрлі исламға шын ынта-ықыласымен ден қойған жастардың бірін облыстық мешіт жанындағы медресе арқылы діни сауат ашу курсынан өтіп, ауыл-аймағына имам болып оралуына неге мүдделілік танытпайды? Меніңше, нағыз ниеттенсе, бұл – ауыл басшылығының қолынан келетін шаруа.


Бес жылда 24 нысан салынды

Күні: , 102 рет оқылды

IMG_5911


Кеше облыстық мәслихаттың үлкен залында облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұжымы жылды қорытындылап, үздік еңбегімен көзге түскен медицина қызметкерлерін марапаттады.


Шараға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен арнайы қатысып, ақ желеңділерді құттықтады:

— Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы Н. Ә. Назарбаев халық денсаулығына ерекше көңіл бөліп: «Бұл тақырып әрқашан менің бақылауымда» деген болатын. Бүгінгі таңда Елбасы тапсырмасына сәйкес, біздің өңірімізде де денсаулық сақтау саласында көптеген жұмыстар атқарылып, біраз жетістіктерге қол жеткізілді. Халықтың әл-ауқатының басты құндылығы болып саналатын салаға айрықша көңіл бөлінуде. Біз алдағы жылда өткен жылдағы жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізге сараптама жасайтын боламыз. Осы салада қызмет жасап жүрген ақ желеңді абзал жандарға тек табыс тілеймін, — деді Бақтияр Мәкенұлы өз сөзінде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтың айтуынша, өңірде соңғы бес жылда 24 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілген. Оның 17-сі аудан-ауылдарда. Қазіргі күні қаладағы Астана шағынауданында басталған 300 төсектік көпбейінді қалалық аурухананың құрылысы 2016 жылдың бірінші жартысында аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар соңғы бес жылда облыс тұрғындарының саны 634,2 мың адамға жетіп, өмір сүру ұзақтығы 71,14 жасқа ұзарған. Соңғы бес жылда өңірімізге 400 жас маман қызметке келіп, олардың 50 пайызы ауыл-ауданға аттанған. Әр жыл сайын 500 маман шетелдерде білімін толықтырып, тәжірибе жинақтап келуде. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының соңғы жылына осылай нүкте қойылды. Жаңа жылдан бастап 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. Оның басым бағыттарының бірі — еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің құрылымын және ұйымдастыру қағидаттарын анықтаушы бастапқы буын ретінде медициналық-санитариялық көмекті одан әрі дамыту болмақ.

Салтанатты шарада мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, халықтар арасында достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін облыстық перинаталдық орталықтың директоры Николай Дмитриенко «Шапағат» медалімен, Орал қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының директоры Сергей Бекежанов, облыстық клиникалық ауруханасының бас мейіргері Ольга Бошенятова Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. «Орал» ауданаралық туберкулезге қарсы ауруханасының фтизиатры Лидия Махмудова «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, бір топ дәрігер денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін төсбелгімен, тағы бірқатары облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың және қала әкімі Алтай Көлгіновтің алғысхаттарымен марапатталды. Ал облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Бекет Бадашев өз өмірін қатерге тігіп, суға кетіп бара жатқан үш бүлдіршінді құтқарып, бүтіндей бір отбасыны сақтап қалғаны үшін «ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» медаліне ие болды. Гиппократ антына адал бір топ дәрігерлер ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің алғысхатымен, енді бірқатары Ұлттық денсаулық сақтау палатасының төрағасы Қадыр Омаровтың атынан еліміздің медицина саласын дамытуға қосқан жеке үлесі мен көпжылдық еңбегі үшін марапатталса, «Жыл үздігі – 2015» байқауында «Үздік дәрігер» деп танылған №4 емхананың дәрігері Толғанай Құсмағамбетоваға қошемет-құрмет көрсетілді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


«Жедел жәрдемге» де жәрдем керек…

Күні: , 181 рет оқылды

20150504_103435


Қоғамдық санада адамның жаны мен тәнінің арашашысы — «Жедел жәрдем» қызметіне және ондағы ақ желеңділерге құрмет сезімі қалыптасқан. Алайда соңғы жылдары ол сезімге де селкеу түскен сыңайлы. Оған дәлел — алдыңғы жылдарды айтпағанда, тек биылдың өзінде сол қызметтегі Асылбек Өтеғалиев пен   Нұрлы Мұстажапова өздері бейтаныс жандарды ажал мен аурудан құтқаруға барған  жерде шабуылға тап болып, тән жарақатын алды.


— Бұл бізге тосын жағдаят емес. Басқасы басқа, жұмыс ахуалындағы медицина қызметкеріне қол көтеруді түсіну қиын. Сондағы тілге тиек ететіні — ауруханаға апармағаны. Ал біздің өзіміздің кәсіптік ережеміз бар ғой. Соған орай әрекет етеміз. Тіпті жайдан-жай да байлана кетеді. Осы дұрыс па?! — дейді Орал қалалық «Жедел медициналық жәрдем» стансасының басшысы Сергей Бекежанов.

«Жедел жәрдем» қызметі басшысының айтуынша, күн сайын орта есеппен 500 рет шақырту болады. Әр медицина қызметкеріне шаққанда, орта есеппен 150 адамнан келіп тұр. Әсіресе, түндегі шақырту тым күрделі. Өйткені «Жедел жәрдем» қызметіне көңілі толмау, жалған шақырту, қала берді ақ желеңді жандарға күш көрсету жағдайлары да кеш пен түннің «үлесінде».

— Қынжылмасқа да шараң жоқ. Тіпті тісі ауырса да, көмекке жүгінетіндер жеткілікті. Біз ондай науқасқа баруға міндетті емеспіз. Осыны айтсаң, ренжиді. Сондықтан түнгі стоматологиялық жедел көмек қызмет көрсету орны ауадай қажет. Қала берді болар-болмас дерті үшін облыстық ауруханаға жеткізуді жаны қалайтындар көп. Лауазым иесі ретінде айтарым, жеңіл-желпі ауруларға жедел көмек көрсетілгенімен, олар-ды міндетті түрде облыстық ауруханаға жеткізу құзырымызға кірмейді. Қызметкерлеріміз тек қана ауыр жараланған, қатты күйікке ұшыраған немесе демікпе болып, тынысы тарылған, қан құсқан және басқа жағдайдағы науқасты ғана ең әуелі алғашқы медициналық жәрдем көрсетіп, сонан кейін облыстық ауруханаға жеткізуге міндетті. Керек десеңіз, көмекке ділгер адамға жетудің де түрлі санаты бар. Мысалы, 1-3 санат бойынша «Жедел жәрдем» шақырту бойынша бес, 4-5 санат бойынша-жиырма минутта, әрі қарай келе-сісі бойынша жарты сағатта науқасқа жетіп үлгеруі тиіс. Өкініштісі сол, күн сайынғы шақыртудың 30 пайызы негізсіз. Соның салдарынан нағыз көмекке мұқтаж жанға жете  алмай да қаламыз. Ал осыны  жоғарыда айтқан кей жандардың түсінбейтіні не қасақана жасайтыны қынжылтады, — дейді сөзін сабақтай келіп Сергей Мәдиұлы.

Қалалық «Жедел жәрдем» қызметіне сұраныс 18.00 – 24.00 сағат аралығында көп болады екен. Осы уақыт ішінде шақыртулардың саны бір күндік өлшемнің жартысын құрайды, яғни сағатына 50 ретке дейін жолға шығады. «Жедел жәрдем» көліктерінің қозғалысына тәжірибелі фельдшер-реттеушілер басшылық жасап, шақыртудың санатына орай қарамағындағыларды жүйелі жұмылдырып отырады. Жұмыс көліктерінің қозғалысы автоматты басқару жүйесінің қатаң бақылауында. Кімнің қайда, қаланың қай аумағында жүргені монитор бетінде тайға таңба басқандай көрініп тұрады екен. Атқарылған іске күнде мониторинг жасалады. Осы арнаулы медициналық қызметтің адамдарына жалақыны саралап төлеу әдісі енгізілген. Қызметкерлер демекші, С. Бекежанов облыстық мемлекеттік медициналық колледжі (директоры Н. Шомбалов) түлектерінің кәсіби тұрғыдан алғанда, тыңғылықты даярланып шығатындығын қанағаттанғандық сезіммен атап өтті. Бірақ жұмыс барысында әкімшілік аяжандар мен фельдшерлерді күн сайын оқытып-үйретіп отырады. Себебі кәсіби шеберлік үнемі шыңдауды қалайды. Ішкі аттестациялау да жүйелі жүргізіледі. Мақсат белгілі — «Жедел жәрдем» қызметі қашанда бүгінгі күн талабына сай болуы керек. Елбасы Н. Назарбаевтың Жолдауындағы медицина қызметкерлерінің жалақысын 28 пайызға өсіру жөніндегі шешімі өзге әріптестері сияқты «жеделжәрдемдіктерді» де қуантып тастаған. Мекемеде 34 арнаулы көлік қызмет көрсетеді. Оның 17-сі «Жансақтау», 17-сі «УАЗ» көлігіндегі «Жедел жәрдем». 16-сы газ отынына көшірілген. Медициналық ұжымның жалпы сапалық жағын алсақ, басым бөлігі — жоғары білімді мамандар. Отыз жасқа дейінгі ақ желеңділер де ұжымның жартысына жуық. Әрі жыл сайын олардың қатарының өсуі қуантарлық жәйт. Әрине, ұжымда медиктерден басқа, жөндеушілер мен жүргізушілер сынды өзге кәсіп иелері де бар.

— Алысқа бармай-ақ, көрші Ресейде кенеттен ауыра қалсаң, «Жедел жәрдем» қызметі бірден медициналық сақтандыру полисін сұрайды. Ол болмаса, дәрігер мүлде қарамайды. Тіпті «Жедел жәрдемді» шақыртудың өзі ақылы. Бір шақырту үшін қалтаңнан 5 мың  рубль суырып бересің. Бізде шақырту да, жедел медициналық көмек көрсету де тегін ғой. Сол тегіннің қадірін білмейтіндерге не деуге болады? Бірақ жоғарыда аталған заманауи әдіс те біртіндеп біздің өмірге еніп келеді. Қазір медициналық сақтандыру компаниясымен шартқа отырып, тиесілі ақысын төлесең, қызмет көрсететін бөлек бригада бар.  Жалпы, келешекте медициналық сақтандыру жаппай толық енгізілетіні хақында айтылып жатыр. Сол жүзеге асуы тиіс. Меніңше, бұл әділетті де тиімді шешім, — деді Сергей Мәдиұлы сөз соңында.

Айтпақшы, «Жедел жәрдем» қызметіне айтылатын алғыс шағымнан анағұрлым көп. Әр айтылған не жазылған алғыс үшін белгілі бір медициналық топқа бұйрық шығарылып, сыйақы беріледі. Мәселен, биыл 26 қазан күні кенеттен ауырған Зашаған ықшамауданындағы бір науқасқа жедел көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізгені үшін аттану бригадасының фельдшері А. Герасимова мен оның көмекшісі А. Қанәлиев жоғарыда айтылған марапатқа ие болыпты. Жалпы алғанда, С. Бекежанов жаны қысылған жандарға кез келген уақытта көмек көрсетуге әзір тұратын дәрігерлер С. Қайыпбергенов, А. Есенғалиева, М. Рукина, Н. Кошелева, С. Степанов, В. Бондаренко,  фельдшерлер Ж. Байжиенов, В. Кузнецов, Н. Досқалиева, И. Мерәлиев, Е. Сатарова, А. Москалёв, А. Ибатова және жедел шақыртуды мезгілінде қабылдап, әріптестерін соған жұмылдыратын Г. Казакова, Д. Ерментаева, О. Якубова, Л. Самарцева, Д. Бекмұханова сықылды диспетчерлердің есімін құрметпен атады.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

P.S. Осы мақаланы даярлау барысында біз БАҚ құралдарының хабарынан Алматы қаласындағы бір әумесердің «Жедел жәрдем» қызметкеріне шабуыл жасап, соққыға жыққаны жөнінде естідік. Бүгінде оның үстінен қылмыстық із қозғалған.


Тарифті көтеруді сұрайды. Неге?

Күні: , 146 рет оқылды

электр


Облысты электр қуатымен жабдықтаушы компаниялар электр қуаты тарифін көтеруге ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне тапсырыс берген. Осы мәселенің анық-қанығына жету үшін журналистер қауымы қуат өндіруші, қуат таратушы және қамтушы  компанияларға пресс-турға шықты.


– Қазіргі тариф бойынша 1 кВт/ сағат үшін 4,24 теңге белгіленген.

Бұл баға биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін бекітілген. Заңдылықтардағы өзгерістерге орай табиғи монополиялар субъектілерінің барлығы бесжылдыққа арналған шекті тарифке  көшулері тиіс. Осыған байланысты тарифті көтеруге тапсырыс бердік. 2016 жылға жаңа тарифті 10,6 пайызға, яғни 45 тиынға өсіру сұралып отыр. Біз электр қуатын қуатты тасымалдау кезіндегі нормативтік-техникалық ысыраптарды жабуға сатып аламыз. Сонда 45 тиынның 30 тиыны осы ысыраптарды жабу үшін сатып алынатын электр қуатының бағасының өсіміне жұмсалады. Ал 15 тиын компанияның тұрақты шығындарына, апаттық жағдайларда қажет болатын материалдарды сатып алуға бағытталады, – деді «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ директорының экономика мәселелері бойынша орынбасары Жанна Қартмамбетова.

«Жайықжылуқуат» АҚ жоспарлау-экономика бөлімінің басшысы Замира Лұқпанованың айтуынша, алдағы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпорын өзінің стансасында өндірілетін электр қуаты тарифін 12 пайызға, яғни 1 кВт/сағат үшін 6,8 теңгеден 7,6 теңгеге дейін өсірмек. Бөлім басшысы компанияның табиғи монополиялар субъектісі екенін, заңдылықтарға сәйкес компания қуатты ҚР Энергетика министрлігі бекіткен тариф бойынша босатуға міндетті екенін айтты. Министрлік 2016-2018 жылдарға арналған тарифті 7,6 теңге етіп бекіткен. Сондықтан компания электр қуаты тарифін өсіруге міндетті.

«Батыс энергоресурсы» ЖШС-ның директоры Снежана Имашеваның айтуынша, алдағы жылғы 15 қаңтардан бастап электр қуаты тарифін 32,5 пайызға өсіруді сұрап отыр. «Биылғы қыркүйек айында өсірілген тарифті тағы да көтерудің қандай қажеттілігі болды?» деген сауалға компания басшысы былай деп жауап берді:

– Онда «ҚПО б. в» компаниясына қарасты газ турбиналы стансадағы трансформатор істен шықты. Соған орай  өңірге бөлінетін арзан қуат күрт азайып, тарифті көтеруге мәжбүр болдық. Ендігі электр қуаты тарифін өсіруді сұрап отырған себебіміз, қуат өндірушілер бағаны 30-35 пайызға көтеріп жіберді. «Маңғыстау атом энерго комбинаты» компаниясы электр қуатын 11,62 теңгеден босататын, қазір бағаны 15,32 теңгеге дейін өсірді. Жергілікті қуат өндіруші Новенький ауылы маңындағы Орал газ турбиналы стансасының да тарифі 8,8-ден 12 теңгеге көтерілді. Қарашығанақтағы стансадағы трансформатор жөнделіп, іске қосылған жағдайда да, кен игерушілердің өздерінің қуатқа деген сұранысының өсуіне байланысты бізге тек 20 МВт қуат босатады. Бұрынғыдай 30-40 МВт көлемде қуат бере алмайды.

С. Имашеваның айтуынша, компания тарифті өсіру арқылы пайда табуды көздемейді. Өйткені ол жағы тарифте бекітілмеген. Қуатпен қамтушы компанияға  тұтынушылардан түсетін қаржының 60 пайызы қуат өндірушілерге, 38 пайызы қуатты тасымалдаушылармен есеп айырысуға жұмсалады. Бүгінде серіктестікте 190 адам жұмыс істейді және олардың жалақысы бұрынғы деңгейде қалады, тек инфляцияның деңгейіне қарай индексацияланбақ. Ал басшылықтың жалақысы екі жыл бұрынғы шамада сақталмақ. Тарифтің қаншалықты көтерілетіні 2016 жылдың 15 қаңтарында белгілі болады.

«Орал газ турбиналы стансасы» ЖШС-ның директоры Абат Есенғалиевтің айтуынша, қуаты 54 МВт-тық электр стансасы осы кезге дейін қуат өндірісіне пайдаланылатын газдың қымбаттығына байланысты «Жайықмұнай» ЖШС компаниясы есебінен өтемақы алып тұрған.  Биылдан бастап өтемақы берілмейтін болып, газды «ҚазТрансГазАймақ» компаниясынан қымбат бағаға алуда. Өндірілген қуаттың өзіндік құны мен сату бағасы арасындағы алшақтықтың кесірінен компания биылғы жылды 850 млн. теңге шығынмен аяқтамақ. Станса жұмыс істегелі бергі 4 жылдағы шығын  1 млрд. 500 млн. теңгені құрайды.

– Шығынды жоюдың жолы – тарифті көтеруде. Тариф төмен болғандықтан, стансадағы турбиналарды, генераторларды, редукторларды  жөндеу жұмыстары жүргізілмей отыр. Олардың тозығы жеткен, күрделі жөндеуді қажетсінеді. Бұл жұмыстарды тарифті көтеру арқылы жасамасақ болмайды. Оның үстіне станса банк несиесіне салынған, оның төлемін алдағы жылдың ақпанына дейін тоқтата тұруға келістік. Тарифті көтермесек, станса өзінің жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады, – деді Абат Есенғалиев.

Оның айтуынша, ҚР Энергетика министрлігіне тарифті өсіруге тапсырыс берген. Қазір қуаттың өзіндік құны 11,35 теңге болса, 2016 жылға инфляцияны ескере отырып, тарифті 12,6 теңге шамасында бекітуді сұраған. Мәселе әлі қаралуда.

Қазіргі уақытта Орал газ турбиналы стансасы өңірдің қуатқа деген қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз етуде. Компания қуатты негізінен «БҚЭЖТК» АҚ-ға, «Батыс энергоресурсы» ЖШС-ға және шағын кәсіпорындарға босатады.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Судьяның мәртебесі қандай болмақ?..

Күні: , 78 рет оқылды

DSC_1059


Орал қаласының Салтанат сарайында Қазақстан Республикасының Конституциялық  заңының қабылданғанына 15 жыл толуына орай  Батыс Қазақстан облыстық сотының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Конференцияға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, Еуразиялық экономикалық одақ соты төрағасының орынбасары (қазақстандық өкіл)  Жолымбет Бәйішев, Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Ресей Федерациясының Саратов облыстық сотының төрағасы Василий Тарасов, Орынбор облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі алқасының төрағасы Мұрат Қожабаев, Ресей Федерациясының Орынбор, Самара облыстарының өкілдері, ғалым заңгерлері, қазақстандық ғалымдар мен заңгерлер, Батыс Қазақстан облыстық сотының судьялары, облыстық қалалық, аудандық және мамандандырылған соттарының төрағалары мен судьялары, облыстың мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, жоғары оқу орындарының, басқа да мемлекеттік емес ұйымдарының өкілдері қатысты.

Конференцияны ашып, сөз алған БҚО сотының төрағасы Бек Әметов Қазақстанның тәуелсіз сот жүйесінің тамыры тереңде жатқанын және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық  заңының қабылданғанына 15 жыл толуының қазақ мемлекеттілігін құрудың ғасырлар тереңінен жалғасқан дәстүрлерін әлемге паш еткен жалпымемлекеттік шарасының логикалық қорытындысы – Қазақ  хандығының 550 жылдығын мерекелеумен тұспа-тұс келгендігінің мәні ерекше екендігін атап көрсетті. Сонымен қатар Қазақстан өз жетістіктеріне үстіміздегі жылы  20 жылдығы атап өтілген ел Конституциясына сүйене қол жеткізгенін ескерсек, ол республиканың негізгі құқықтық іргетасының берік екендігін білдіреді.

Конференцияда қазақстандық және ресейлік ғалымдар, судьялар мен заңгерлер оннан астам баяндама жасады. Баяндамаларда қазақтың билер сотынан бастап қазіргі заманғы сот жүйесі мен судьяларының мәртебесіне дейінгі мәселелер жан-жақты қамтылды. Ресейлік және қазақстандық сот жүйелерінің өзекті мәселелері салыстырмалы түрде талданды. Екі елдің сот жүйесі мен сот төрелігін атқарудағы тәжірибелері мен ерекшеліктеріне назар аударылды.

Конференцияға қатысушылар қазақстандық сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуын айшықтаған көрмені, бейнероликті тамашалады.

Жиынға қатысушылар сот билігі мен судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы қарар қабылдады.

Аманкелді ШАХИН


Бас шыршаның шамы жанды

Күні: , 220 рет оқылды

_DSC0090


Орал қаласындағы орталық алаңда бас шыршаның шамы жанды.


Қаланың биылғы  бюджеті 26 млрд. 520 млн. теңгені құраса, 2016 жылдың бюджеті 22,2 млрд. теңге көлемінде болмақ. Биыл бас шыршаға қаржы қарастырылмаған, бұрынғысы қойылып, шамдармен жарқырата құрылды. Шаһардағы барлық жаңажылдық шараларға 2 млн. теңге бөлінген. Қала әкімінің шыршасы мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерге, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы  және кірісі аз отбасы балаларына арналып үш жерде өтті. Шаһардың әр бөлігіне 7 шырша қойылса, соның ең биігі – 25 метрлік Абай  алаңындағы  бас  шырша.

Бас шыршаның шамын жаққан қала әкімі Алтай Көлгінов: «Жаңа жылдан үлкен үміт күтеміз. Биылғы жыл жемісті болды. Әрине, қиындықтар да кездесті. Онсыз болмайды, алайда тындырылған іс те аз емес. Шаһардағы екі ірі көпір күрделі жөндеуден өтті. Жол құрылысына көңіл бөлінді. Биыл 3,6 млрд. теңгеге 16 көшенің жалпы ұзындығы 25 шақырым жолы жөндеуден өткізілді. Көпқабатты үйлердің аулалары, жылу, кәріз, инженерлік-коммуникациялық желілер, су құбырлары жөнделді. Бұл жөндеу жұмыстары қала тұрғындарына қолайсыздық тудырғанмен, бәрі түсіністік танытты. Жаңадан тұрғын үйлер салынып, бұл бағытқа 4,7 млрд. теңге бөлінді. Елбасы тапсырмасына сәйкес мұндай жұмыстар алдағы жылы да жалғасады», – деді.

Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ


Екі университет бірігетін болды

Күні: , 103 рет оқылды

3659


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ-Британ техникалық университетінің ректоры Ескендір Бейсембетовті қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.


Мемлекет басшысы кездесу барысында Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен Қазақ-Британ техникалық университетін біріктірудің қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ,Қазақстан Президенті Е. Бейсембетовті Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры қызметіне тағайындағанын айтты.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев университет базасында ірі ғылыми-зерттеу орталығын құру міндетін қойды және ел экономикасы қазіргі жағдайда жоғары білікті кадрларға, әсіресе, инженерлік-техникалық бейіндегі кадрларға зәру екенін атап өтті.


Жомарт жандар «Жеті қазынаға» келді

Күні: , 175 рет оқылды

IMG_1290


Орал қаласындағы «Жеті қазына» мейрамханасында жергілікті кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне арналған қайырымдылық шарасы өтті.


Жаңа жыл қарсаңындағы шарада Аяз ата мен Ақшақар балалардың өнерін тамашалап, әдеттегідей сыйлықтар үлестірді.

— Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне кәсіпкер ағалары дастарқан жайып, Жаңа жылды бірге қарсылауда. Біз концерттік бағдарламамызды алып келдік. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тыныс-тіршілігімен танысып, көңіл бөліп жатқан демеушілерімізге алғысымыз шексіз. Болашақта еңбектері жемісті болсын деп тілек айтамын, — деді облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Сағыныш Өтебәлиева.

— «Жетім көрсең, жебей жүр» дегенді ұстанып, бүгінгі шараны ұйымдастырып жатқан жайымыз бар. Әрбір кәсіпкер өз жайына кетіп қалмай, керісінше айналасындағыларға да қамқор болуы керек деп ойлаймын. Осында демеушілік танытып жатқан азаматтардың бәрі де балаларға қуаныш сыйлауды мақсат тұтты, — дейді демеуші Мәди Мырзағараев.

— Мен бесінші сыныптың оқушысымын. Өскенде әнші болғым келеді. Бүгінгі мерекелік шараға інім екеуміз әндерімізді арнап, Аяз атаның қолынан бірнеше сыйлық алдық. Жаңа жылда қонаққа шақырған ағаларыма рақмет айтамын, — дейді балалар ауылының тәрбиеленушісі Азамат Қуат.

Мерекелік дастарқанға Мырзағараевтар, Қиламбековтер, Ынтықбаевтар отбасы мен «КЭШ» мейрамханасы ұжымы демеушілік білдірсе, Қадыровтар отбасы балаларға сыйлықтар үлестірді.

Ал Бегалиевтар отбасы әннен шашу шашты. Мерекеге қатысушылар кеш соңында естелік суретке түсті.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика