Мұрағат: 26.12.2015


Абай болыңыз, борсық!

Күні: , 211 рет оқылды

Арманбек


Арманбек Жұмаев Қазталов ауданының Қошанкөл ауылында тұрады. Арманбектің бала күнінде басынан өткерген бір ерекше оқиға көпті бейжай қалдырмасы анық.


Оның қара торы өңінде, қолы мен балтырында терісінің жыртылып қайта бітуінен қалған тыртықтар бар. Ауылдастарының арасында ат үстіндегі аударыспақтан қарсылас шақ келтірмейтін алпамсадай жігіттің бір қолындағы қырқылған шолақ сау-сақтары қазақтың Балуан Шолағын еске түсіргендей.

— Жеті жасар кезім еді. 25  мамыр күні бірінші сыныпты бітірген бойда әкем ауылға жақын Әкеш деген мал бағатын мекенге алып келді. Мені бірден қой бағуға жіберді де, өзі бақшаға кетті. Қой қайырып келе жатып, «Ойпаңдағы шөп арасына жатып қалған лақ екен» деп аңдамай, шағылысып жатқан борсықты көтеріп алдым. Қос борсық маған қарай ұмтыла түсті де, артынша біреуі өз жайына кетті. Екіншісі қуып жетіп, балтырымнан тістеп құлатты. Өте ұзақ алыстым. Борсықты шалқасынан жығып, үстіне атша отырдым. Оны тамағынан алған оң қолым біраздан кейін қарысып қалды. Сол жақ қолым болса, борсықтың аузына түсіп шайнала берді. Бетімді, қолымды тырнап жатыр. Бір мезгілде анадайдан келе жатқан әкемнің бейнесін көргенімде, көзім бұлдырап кетті де, есімнен танып құладым. Әкем келіп ажыратып алған. Содан 14 күннен кейін облыстық ауруханада жатып есімді жидым, — дейді Арманбек.

Осыған ұқсас жағдай биылғы жылдың сәуір айында Жәнібек ауданындағы Мәңгүр елді мекенінде болған. Облыстағы «Охот-зоопром» өндірістік бірлестігінің қызметкері Нұрбек Қойшыбаевтың айтуынша, жасы ұлғайған әйел адам иттерін тамақтанды-руға шықса, ит деп ойлағаны үй маңына жақындап келген екі борсық екен. Борсықтар әжейге тап беріп, қуалап жүріп талаған.

Тақырыпқа орай газетімізде осыдан бірнеше жыл бұрын жарық көрген «Құралай өрер күн жақын» атты мақаладағы борсық-тың жыртқыштығына байланысты жазылған бір үзіндіні оқырман назарына қайта ұсынғанды жөн санадық.

Тегіс, шөптесін жермен жылжып келе жатқан «УАЗ» автокөлігінің алдынан бір мақұлық пайда болып, бүлкектеп, қарсы жүреді. Жігіттер жақындай түскенде борсық екенін аңғарады. Бірақ мақұлығың айылын жияр емес, алған бағытымен тіке са-лып келеді. Рөлдегі Слава мәшинені сөндіріп, борсыққа жаяу жақындайды. Борсық өршеленіп, Славаға тура шабады. Слава мұндайды күтпесе керек. Мәшинені айнала бере артындағы қосалқы доңғалақтан басып, төбесіне шығып кетпекші болғанда аяғы тайып, шалқасынан құлайды. Шапшаң тұра келгенімен, алдыңғы жақтан таяп қалған борсық оған рөлдегі орнына жетуіне мұрша бермейді. Слава қарбаласта артқы есіктен мініп, жігіттердің үстіне құлайды. Сол қарбаластың арасынша борсық та көзден ғайып болады. Енді асықпай түсіп, өз орнына жайғаспақ болғанда, борсық зу етіп мәшиненің астынан шыға келеді. Слава орнына отыра бергенде, шапшып үлгерген мақұлық сарт етіп жабылған есікке мойын тұсынан қыстырылады. Әйтсе де, айбат шегуін тоқтатпайды. Слава борсықтың мойнын қозғауына мүмкіндік бермей, есікті одан сайын тарта түседі де, желкесінен ұстап, әрірекке атып жібереді. Жігіттердің айтуынша, бұл жақын маңдағы күшіктерін қызғанған аналық борсық болса керек.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Аңшылықтың да әдебі бар

Күні: , 167 рет оқылды

Талгат Ильясов


Жуырда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында болып, қазіргі таңдағы аңшылық маусымы және аталмыш мекеменің атқарып жатқан жұмыстары жайында біраз жайтқа қанықтық.


Инспекциядағы жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Ильясовтың айтуынша, қыркүйек айының алғашқы сенбісінен елік, қабан секілді жабайы тұяқты жануарларға және суда жүзетін дала құстарына аңшылық маусымы басталған. Құстарды 30 қарашаға дейін аулау рұқсат етілсе, тұяқты аңдарға арналған мұндай мерзім 31 желтоқсанға дейін созылады. Борсық аулау уақыты тұяқты аңдармен бірдей. Аңшылықтың күзгі маусымы жылма-жыл тұрақты түрде аталмыш тәртіппен белгіленсе, құстарға байланысты көктемгі маусым ауа райына байланысты ашылып, 15 күнге ғана созылады. Көктемгі саятшылықтың бір ерекшелігі — үйректердің аталығын ғана аулауға рұқсат етіледі. Бұл уақытта қазды атуға болмайды. Мамық жүнді (қоян, түлкі) аңдарды аулау 1-қарашадан 15 ақпанға дейінгі аралықты қамтиды.

Жануарлар әлемін қорғау, браконьерлікпен күрес — аталмыш мекеменің негізгі жұмысы. Бұл бағытта жыл бойына 273 рейдтік іс-шара өткен. Соның ішінде «Нұр Отан» партиясы, табиғатты қорғау полициясы және қорықшылармен біріккен түрде 32 рейд ұйымдастырылған. Нәтижесінде аңшылық ережесін бұзушыларға – 41, Орман заңнамаларын бұзғандарға – 28, балық аулау ережесін сақтамағандарға 229 хаттама толтырылған. Бұларға, жалпы айтқанда, 4 миллион 175 мың 83 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Аңшылықта жүрген адамға заңдық тұрғыда қойылатын алғашқы талап – оның аңшылық куәлігі болуы шарт. Екіншіден, қаруға ішкі істер бөлімдерінен берілетін рұқсатнама тексеріледі. Үшіншіден, барған жеріндегі аңшылық шаруашылығымен айналысатын мекеменің жолдамасын алуы қажет.

— Көпшілік тексерістерде аңшылық құрғандардың жолдамасы болмайды. Жылдан-жылға табиғатты қорғау саласындағы заңдар күшейтілуде. Мәселен, заңсыз ағаш кесу – қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Сол секілді аңды автокөлікпен қуалап немесе түнгі уақытта көлік жарығын түсіру арқылы аулаушы қылмыстық кодекстің 337-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай жағдаймен ұсталғандарға 300 айлық есептік көрсеткіш, яғни 594 мың 600 теңгеге дейінгі көлемде айыппұл салынады. Немесе заң бұзушыны түзету жұмыстарына жіберуі мүмкін, — дейді жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Ильясов.

Бүгінгі таңда облысымыздағы 39 аңшылық шаруашылық 28 табиғат пайдаланушысына бекітілген. Олардың жалпы аумағы 4,4 миллион гектарды құрайды. Мұның сыртында табиғат пайдаланушысына бекітілмей тұрған 19 аңшылық шаруашылығы бар. Бұл аймақтарға иелік етуге құлық танытушылар табылмай отыр. Оның себебі — табиғат пайдаланушыға аңшылық шаруашылықтың әкелетін кірісінен гөрі шығыны басымырақ. Мысалы, 2014 жылғы есеп бойынша өңірдегі 28 табиғат пайдаланушы аңшылық шаруашылықты дамытуға өз қаражаттарынан 48 миллион теңге жұмсаса, оларға жолдама сатудан келген кіріс – 11 миллион теңгені ғана құраған. Табиғат пайдаланушысына бекітілмегендіктен, жоғарыда айтылған 19 алқапта аңшылық құруға заңмен тыйым салынған. Ол жерлер Бөкей ордасы, Қазталов, Жәнібек, Қаратөбе аудандарының аумағына тиесілі. Бұл алқаптарға жақын маңайда тұратын тұрғындар ол жерлерде саятшылық құрар болса, әрекеттері заңсыз болып есептелетіні түсінікті. Яғни ондағы жергілікті аңшыларға табиғат пайдаланушының табылмауы себепті өзі туып-өскен даласында саятшылық құруға болмайды деген сөз. Мұның өзі даланы, саятпен айналысуды жаны сүйетіндерді заңсыз әрекетке итермелеп тұрғандай көрінеді.

— Аң аулаушылар тәртібінің жылдан-жылға төмендеп бара жатқаны да жасырын емес. Облысымызда заңды түрде алты мыңнан астам аңшы тіркелген. Алайда олардың бәрі бірдей экологиялық мәдениет пен тиісті заңды сақтамайды. Аң-құсқа автокөлікпен тақап барып, оңды-солды есепсіз қыратындар бар. Өзен-тоғайдың маңында даңғырлаған музыка, шектен шыққан «көңілді демалысқа» бой ұрып, түз тағыларын бей-берекетсіз үркітушілер де кездеседі. Сәл жағдайлары көтерсе мылтық сатып алып, «Охотаға шығу» кейбір жастар үшін сәнге әлде мақтанышқа айналғандай, — дейді Талғат Мәлікұлы.

Нұртас САФУЛЛИН,

«Орал өңірі»


Елбасы шыршасы шаттыққа бөледі

Күні: , 288 рет оқылды

IMG_0808


Бейсенбі күні облыстық қазақ драма театрында ҚР Президенті атынан ұйымдастырылған жаңа-жылдық шырша өтті. «Жібек жолының жаңажылдық ертегісі» тақырыбында  ұйымдастырылған шараға облысымыздағы мектептерден  ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ табысы аз және  көп балалы отбасылардың перзенттері санатындағы, даму мүмкіндігі шектеулі 180 бала қатысты. Оның ішінде 120-сы аудандардан келді. Мерекелік шараға қатысушылар «Айдана» қонақүйіне орналасты.


Әдемі әуен, әсем би ырғағында өрендер әсем ән тыңдап, түрлі кейіпкерлер қатысқан қызықты қойылымдарды тамашалады. Көңілді думанда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шырша шамын жағып, мерекелік көңіл күйді жандандыра түсті.  Одан әрмен мультфильм кейіпкерлері Дара мен Диего, Әлем картасы балалар қуанышын бөлісті. Кейін бүлдіршіндер Елбасымыздың құттықтауын көгілдір экран арқылы тыңдады.

– Қымбатты балалар, көңілді мейрам қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінен құрбы-құрдастарың жаңажылдық шырша жанына жиналуда. Сендер армандарың нақты орындалатын кезеңде өмір сүрудесіңдер. Біздің еліміз қазір күшті, тәуелсіз мемлекетке айналды. Еліміздің дамуына әрбір қазақстандық өз үлесін қосуда. Сондықтан білімді, тәртіпті, тәрбиелі болып өсуге, өзара тату болуға, барлық салада жоғары нәтиже көрсетуге тырысыңдар. Бәріңді мерекелеріңмен шын жүректен құттықтаймын!  Ешқандай бала сыйлықсыз қалмайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонан соң балалар Аяз ата мен Ақшақарды қуана қарсы алып, қошеметпен қой жылын  шығарып салды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.

– Елбасымыздың қамқорлығымен жас буын алаңсыз өсіп келеді. Осы бағытта көптеген игі істер атқарылуда. Мәселен, Мемлекет басшысының қолдауымен өтетін жаңажылдық шыршаға оқу озаттары, өнер және спорт саласында айрықша қабілетімен танылған балалар қатысуда. Елімізде оқушыларға сапалы  білім алып, Қазақстан азаматы атануына толық жағдай жасалған. Осы мүмкіншілікті пайдаланып, жаңа табыстарға, жетістіктерге жете беріңіздер. Болашақтарыңыз жарқын болсын, – деді облыс басшысы.

Осы күні  шат-шадыман көңіл күйге бөленген  балдырғандардың әрқайсысына құны 70 мың теңге тұратын сыйлықтар табыс етілді. Жалпы, жаңажылдық шыршаның өтуіне облыстық бюджеттен 13 миллион теңге бөлінген.

Роман ШЕМЕРЕКО,

Жәнібек ауданы, №1 орта  мектептің 4-сынып оқушысы:

– Жаңажылдық шырша мерекесі маған қатты ұнады. Екінші рет қатысып тұрмын. Маған, әсіресе, сиқыршылардың өнері мен мультфильмдердің кейіпкерлері ерекше әсер етті. Бүгін «Funky Town» орталығындағы аттракциондарды араладық. 3D форматында мультфильм тамашаладық. Керемет!

Әйгерім  АЗИ,

Орал қаласы, №42 «Ақ ниет» гимназиясының 4-сынып оқушысы:

– Нұрсұлтан атаның ақ жарқын тілегіне, біздерге арнап осындай мерекелік  шара ұйымдастырғанына көп рақмет! Өзім би билеймін. Математика, дүниетану, қазақ тілі пәндері айрықша ұнайды. Шаттыққа толы шырша тойға қатысқаныма қуаныштымын. Барлық балалар бақытты болсын!

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ, Рафхат ХАЛЕЛОВ


Күн тәртібінде тілдік ахуал

Күні: , 147 рет оқылды

макен тил


Облыстық әкімдікте мемлекеттік тілге қатысты заң талаптарын және тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиынды аталмыш кеңестің төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жүргізді.


Күн тәртібінде Бөрлі, Тасқала аудандарындағы, сондай-ақ облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасындағы тілдік ахуал жайы сөз болды.

Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сафималиевтің баяндауынша, аталмыш аудандағы барлық мемлекеттік мекемелер мемлекеттік тілде іс жүргізуге көшкен. 2016 жылға аудандық бюджеттен тілдерді оқыту курстарын ұйымдастыру үшін 3,5 миллион теңге жоспарланған.

Тасқала ауданында 17 мың 181 тұрғын бар. Оның 88,6 пайызы – қазақ. 9 пайызы орыс ұлтынан болса, 1 пайызы – татар, қалғаны – өзге ұлт өкілдері. Бұл аудандағы 19 білім беру ұйымының 16-сы мемлекеттік, екеуі аралас, біреуі орыс тілінде білім береді.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бауыржан Талдықбаевтың айтуынша, мекеменің 2015 жылғы кіріс құжаттар саны 5244, соның ішінде 4974-і мем-лекеттік тілде, ал шығыс құжаттар 3378, оның 3341-і мемлекеттік тілде рәсімделген. 37 құжат мемлекеттік мекемелердің сұрауы бойынша орыс тілінде жіберілген.

– Түрлі мекемелердегі мемлекеттік тілге қатысты олқылықтарды анықтағанда, оны жария жасап әшкерелеу немесе «Сенің мемлекеттік тілге деген ықыласың осы ма?» деген сыңайда сынға алудың қажеті шамалы. Керісінше ондай жағдайларда мемлекеттік тіл саясатымен айналысатын мекемелер қателікті түсіндіріп, түзеу бағытында нақты жұмыстар атқару керек. Тәуелсіздігіміздің ең басты құндылығы – мемлекеттік тіліміз. Мемлекеттік тіл өз тұғырында болғанда ғана шын мәніндегі тұрақты әрі қуатты мемлекет болып тұрарымыз ақиқат.

Елбасымыз халықаралық деңгейдегі ресми, бейресми кездесулерінде қазақ тілінде сөйлейтініне куә болып жүрміз.

Осының өзі бізге үлкен серпіліс береді, үлгі болады, – деді кеңес төрағасы өз сөзінде.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген Медет ДОСЫМОВ


Әйелдердің белсенділігі назардан тыс қалмауы керек

Күні: , 128 рет оқылды

IMG_0327


Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті.


Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Айгүл Есекенова төрағалық еткен жиын үкіметтік емес ұйымдар мен комиссия мүшелерінің басын қосып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде іске асырылған жобалар талқыланды. Айгүл Оразқызының айтуынша, 2015 жылы «Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру, әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау және отбасы құндылықтарын насихаттау арқылы азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру» байқауына 9 млн. 600 мың теңге бөлініп, 5 әлеуметтік маңызды жоба  іске асырылған.

Соның ішінде «Ақ отау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өткізілген. Бұл шараға облыс бойынша 103 өтініш түсіп, 26 отбасы қатысқан. Осылардың ішінен үздік көрінген он отбасы облыс әкімі Н. Ноғаевтың атынан алғысхаттармен марапатталды. Ал сырымдық Кенжебаевтар отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде дипломант атанып қайтты. Аталған жоба аясында «Әйелдер көшбасшылық мектебінің» жұмысын жүргізу барысында арнайы топ аудандарды аралаған. Сонымен қатар ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия облыстық комиссиямен және Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен патриоттық бағыттағы шараларды сәтті аяқтаған.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерді оңалтуға арналған Дағдарыс орталығының жұмысын қолдауға  мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде 600 мың теңге бөлініп, зардап шеккен азаматшаларға ақпараттық, құқықтық кеңестер беру жұмыстары жүзеге  асырылған.

Басқарма басшысы одан әрі қоғамдық-саяси өмірдегі гендерлік теңдік, отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мереке-сін ұйымдастыру, ана мен бала денсаулығы, ұрпақ тәрбиесі мәселелеріне тоқталып өтті. Бұл бағытта жүріп жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, келер жылы да әлеуметтік маңызды жобалардың сәтті іске асатынына сенім білдірді.

Одан әрі күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Әлем және әйел» қоғамдық бірлестігі мен «БҚО Азаматтық альянсының» жетекшілері  облыстағы әйелдер көшбасшылық мектебі,  билік пен үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік әріптестігі жөнінде сөз қозғады.  Бұл бойынша үкіметтік емес ұйымдардың билік өкілдерімен әріптестік қарым-қатынасын одан әрі жандандыру, әйелдердің шешім қабылдау деңгейін ілгерілету, қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытындағы атқарылар жұмыстар нақ-тыланды.

Жиын соңында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның 2016 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Ләззат  ШАҒАТАЙ


Сенаттың Құрмет грамотасы

Күні: , 193 рет оқылды

1 сенат курмет


Ел Тәуелсіздігі мерекесіне орай өңіріміздегі облыстық, аудандық мәслихаттардың бір топ депутаты ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталды. Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев депутаттарға осы марапаттарды табыстады.


– Елбасының орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың алдына қойған міндеттері ойдағыдай іске асуда. Соның нәтижесі ретінде ел экономикасының дамып, халықтың әл-ауқатының көтерілуін айтуға болады. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, газдандыру, сумен қамту және өзге де бағыттардағы мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып, көптеген істер атқарылуда. Мұның бәріне  Парламент, облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар депутаттары үлкен үлес қосуда. Соған орай таяуда ҚР Парламенті Сенатының спикері Қасымжомарт Тоқаев аса белсенді болған халық қалаулыларын Құрмет грамотасымен марапаттады. Қасымжомарт Кемелұлының тапсырысы бойынша сол грамоталарын тапсырмақпын. Өз тарапымнан да сіздерді және сіздер арқылы барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарына ризашылығымды білдіремін, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Сонымен Сенаттың Құрмет грамотасымен облыстық мәслихаттың депутаты Ақсерік Әйтімов, Жаңақала аудандық мәслихатының депутаты Рухолла Саматов, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Әнуарбек Ғалымов марапатталды.

– Мен 1999 жылдан бастап, яғни төрт шақырылым бойы аудандық мәслихаттың хатшысы болып келемін. Ел Тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде ауданымызда да әр түрлі салада көп мәселе болды. Қазір олар өз шешімін тапты. Әсіресе, соңғы жылдарда аудан орталығы мен елді мекендерін абаттандыру жұмыстары жоғары деңгейде орындалуда. Бүгінгі таңда ауданды газдандыру мәселесі 80 пайызға жуық шешілді. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша былтыр аудан орталығы мен Талдыбұлақ ауылдық округі ауыз сумен қамтылды. Енді Жосалы, Бұлдырты, Аралтөбе ауылдық округтарының тұрғындары да осындай қуанышқа кенелмек. Депутаттарымыз сайлауалды тұғырнамаларындағы өз міндеттерін барынша орындап келеді. Бүгінгі марапат ел игілігі жолындағы қызметімізге берілген баға іспеттес, – деді марапаттау шарасынан соң жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Әнуарбек  Ғалымов.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Суретті түсірген Т.ТОҚМАМБЕТОВ


Ханзада мен ханшайым

Күні: , 172 рет оқылды

atb_20151221_220409


Жақында Орал қаласындағы Салтанат сарайында «ЕХРО-ны қарсы аламыз!» тақырыбында І гранд-бал өтті.


Бұл жобаға БҰҰ, «ЭСКПО – 2017» ұлттық компаниясы, «АL» event, «Дарар Медиа Групп» компанияларымен қоса, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма да қолдау танытты.  Аталмыш шараға  өңірімізден іріктеуден өткен 50 жұп қатысып, Вена вальсі мен Полонез, фин және чех билерін нақышына келтіре орындады. Алдын ала хабарланғанындай, аталмыш шараға халықаралық «Түріквижен» байқауының бас жүлдегері Жанар Дұғалова, «Славян  базары» байқауының жеңімпазы, әнші Димаш Құдайбергенов, әнші, актер Тәуекел Мүсілім, «Новая волна» конкурсының лауреаты Мақпал Исабекова және ағымдағы жылы Орал қаласының аруы атанған Вероника Залата қатысып, кеш көрігін қыздырды. Қайырымдылық көрсету мақсатында өткізіліп отырған бұл кешке Орал қаласындағы есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілері шақырылып, олар белгілі эстрада жұлдыздары Мақпал Исабековамен және Жанар Дұғаловамен қосылып, бірге ән шырқады. Ән мағынасын қол қимылымен дәл көрсете білген жасөспірімдерге әнші қонақтар мен көрермендер дән риза болды.

Жобаның бас ұйымдастырушысы, «АL» event компаниясының басшысы, РR-менеджер Алпамыс Шаримовтың айтуынша, осы кештен түскен қаражат аталмыш мектеп-интернат балаларына қажетті құрылғыларды сатып алуға жұмсалмақ. Оның сөзінше, қазіргі уақытта заманауи нанотехнологиялық құрылғылар Назарбаев университетінде даярлануда. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды ұлттық өнім өндіруші «Бота» компаниясының  кешенді сыйлығы күтіп тұр.

Кеш барысында топ жарған үздік жұп – ханзада мен ханшайым анықталды. «ҚазИИТУ» ғылымибілім кешені театр үйірмесінің жетекшісі Дәурен Ахонов – ханзада, ал М. Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Әнел Жарылғасова – ханшайым атанды.

Хан сарайындай әсем ғимаратта барлық сән-салтанатымен өткен бұл кеш қатысушыларға да, көрермендерге де әдемі әсер қалдырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы кеште өнер көрсеткен қыздар мен жігіттер «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің қонақтарына волонтерлік қызмет көрсетпек.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Қайсарлық

Күні: , 469 рет оқылды

Қасымхан1


Жалпы, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қайсарлығына кім-кімнің де таңғалатыны рас. Өйткені олардың басым көпшілігі тағдырдың тезіне түсіністікпен қарап, мұңаю, қайғыға берілу сықылды көңіл күйден аулақ. Керісінше, аталмыш жандардың аузынан «Мен білгім келеді» немесе «Істесем деймін», «Соған қызығамын» сынды сөз тіркестерін естігенде, олардың өміршеңдігіне еріксіз сүйсінесің. Қаратөбе өңірінің тумасы, қыштан құрыш құйған Қасымхан Шоқанаев та солардың қатарынан.


Ол – қарапайым отбасының түлегі. Қаратөбе ауданының орталығында өмір сүріп жатқан жанұяның отағасы Талап – моншашы. Жұбайы Рысты – кәсіпкер, іс тігумен айналысады. Көрпе қабады, көйлек тігеді, тағы басқасын істейді. Өңірдегі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» қорынан 2 млн. теңге несие алып, шаруасын дөңгелентіп келеді. Ағасы Аманжол үйленген, жергілікті бір мекемеде еңбек етеді. Әпкесі Гүлхан да тігінші. Бір сөзбен айтқанда, олар ешкімге алақан жаймастан, қалыпты тірлігімен күн кешуде.

Өзінің айтуынша, үш баланың кенжесі Қасымхан балалық шағында көп ауырса керек. Соның салдары әлі күнге дейін сезіледі. Мектеп бітірген ол мүмкіндігіне орай, өзін-өзі қайрап, қалай да өмірден орнын табуға ұмтылған. Ең алдымен, мамандық алуға бел байлады. 2002 жылы 20 жасында Шымкент қаласына келіп, квота бойынша колледжге оқуға түсті. Оның әлеуметтік санаты ескеріліп, тегін жатақхана және шәкіртақы берілді. Оңтүстіктегі ағайынның бізге қарағанда, кәсіпке бейім, шаруаға мейлінше епті екенін байқап, шымкенттік жігіттерден көп нәрсені үйренді. Кәдімгі саудадан бастап, көлік жүргізуге дейін. Аз шәкіртақыны місе тұтпай, сол жердің адамымен бірге айналыспаған жұмысы жоқ. Әйтеуір, қылмыстан аулақ жүрді.

– Жалпы, өзім біреудің мүсіркегенін жаным сүймейді. Оған намысым жібермейді. Қалай да өзім табыс тауып, алыстағы ата-анама салмақ түсірмеуді ойладым. Алла нені мақсат тұтсаң, соны береді ғой. Оқу бітіріп, Арыс стансасына барып, поштада жұмыс істегенім де бар. Бақылаушы ретінде. Ол жақта бізге қарағанда, пәтер жалдау да, тамақ та арзан. Ақыры 2006 жылғы дағдарысқа тап болып, жұмыстан қысқартты. Нәтижесінде сол жылы Алматыға жол тартуға тура келді. Алып қаладағы бұрын колледжде бірге оқыған жігіттерді тауып, нар тәуекелге жүгіндім, — дейді бүгінде Қасымхан.

Иә, оны Алматыда ешкім күтіп отырмаған еді. Соған қарамастан Қасымхан жаңа өмірге құлшына енді. Әуелі бір ағайынның үйін уақытша паналап, кейін қалаға бойы үйренгесін пәтерге шықты. Сұрастыра жүріп, «Нұр Отан» партиясының жанынан ашылған бизнес-орталықты тауып алды. Мұнда қолы шебер Құралаймен танысты. Мақсаты Қасымхан сияқты жастарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға сан алуан кәсіп пен өнердің түрін үйретіп, бау-лып, оларды өмірге бейімдеу екен. Міне, осында Қ. Шоқанаев сазбен кәсіби айналысуды, яғни адамзаттың көне өнері – қыштан бұйым жасауды үйренді. Одан басқа тұрмыста күнделікті қолданылатын бейнетаспа және электр бұйымдарын жөндеуге машықтанды. Әрі қайырымдылық қорының жұмысына да белсене араласты. «Өнерді үйрен де жирен» деген, мол тәжірибе жинағасын, өзі де маңына шәкірт топтастырып, соларға білгенін үйрете бастады. Ал 2010 жылы қыштан бұйым жасау шебері мәртебесін алды. Қарауында алты шәкірті болды. Енді түрлі бұйымға байланысты тапсырыс қабылдаудың мүмкіндігі туды. Ол дегенің қосымша табыс көзі ғой.

— Алматыда жыл сайын сәуірде жаппай алма ағашын отырғызу науқаны басталады. Сол кезде бізге қыштан алма жасауды сұраған тапсырыс көп түсетін. Өйткені кез келген алма ағашын отырғызушыға қыштан құйылған алма кәдесый ретінде ұсынылып жатты. Басқа да бұйым жасап, кәдесый түрін көбейтіп, нарыққа ұсынатын едік. Қазір соның бәрі кейде маған ертегідей көрінеді, дейді ол сәл күрсініп. Күрсінуі де орынды. Тағдырдың жазғанына не шара, былтыр кенеттен жол апатына ұшырап, он бес күн бойы жансақтау бөлімінде ес-түссіз өлім мен өмірдің ортасында алысып жатты. Әйтеуір, өлімді өмір жеңіп, бірінші Алланың, екінші ата-анасының ақ тілегімен, көмегімен кеудесінде жаны қалды. Биыл Қасымхан ауруханадан шыққасын, ем-домы, күтімі бар дегендей, туған жерге кері оралуды ұйғарды. Қазір Қаратөбеде, ата-анасының қолында, үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. – Қашанғы қозғалыссыз жатамын?! Құдайға шүкір, қол-аяғым сау, емін-еркін жүре аламын. Сондықтан бұрынғы жұмысыма қайта оралғым келеді. Яғни қыш өнері, қала берді басқасымен айналысып, әрі күн көріп, әрі өнерімді одан әрі дамытуды ойлаймын. Қайтадан шәкірт жинауды бастадым. Қазір отыз шақтысы кезекте тұр. Меніңше, талантсыз адам болмайды.

Соның ішінде ынтасы бар бала қай өнерді де меңгеріп кетеді.

Тек бастау бұлақтың көзін ашсаң ғана жарайды. Өзіме де шәкіртпен жұмыс істеу ұнайды, — деді сәл жымиып қойған Қасымхан.

Кәнігі шебер кез келген саздан қыш шыға бермейтінін құлағымызға құйып берді. Оның да жарамдысы және жарамсызы бар. Егер илегенде дымқыл саз қолға жабысса, яғни қасиеті жөнінен кәдімгі ермексазға (пластилин) ұқсаса, онда шебердің жолы болғаны. Қасымханның пайымдауынша, қыштан жасалған дайын бұйымды бір күйдіргеннен соң, оған акварель, гуаш жағып, тек кәдесый ретінде қолданған дұрыс. Себебі бір күйдірілген қыш өнімі тұрмыстық не басқа мақсатқа пайдалануға келмейді екен. Екінші рет бұйым белгілі бір температурада күйдіріліп, сыртына қымбат бағалы глазурь жағылып, тұтынушыға ұсынылса, өте орынды. Өнім шығарудың техникалық ережелерін қатаң қолданса, қыш құйған шебер шығармашылық қабілетін де дамытып әрі еңбегімен өзін-өзі асырай да алады. Жалпы, қыш құю, оған саздан шикізат дайындау хақында ерінбей баяндаған Қасымханның әңгімесінен өзі жаны қалаған істі мейлінше біліп қана қоймай, соған сүйіспеншілігін де ерекше аңғардық.

— Ресейде керамика өндірісі мықты дамыған. Сондықтан олар қыш өнімін шығаруда әлемде мейлінше бәсекелестікке қабілетті. Өйткені мыңдаған жыл бойы қалыптасқан дәстүрі мен өндірісі бар. Ал қыштан жасалған бұйымның қарапайымдылығы мен қолдануға қолайлылығын айтпағанның өзінде, саздан құйылып, күйдірілген ыдыстың қаншалықты экологиялық таза және қауіпсіз екенін екінің бірі біледі. Біздің қазақта қыш өндірісі ежелден оңтүстік өңірде жақсы дамыған. Қазір сол өнер мен кәсіп қайта жаңғыру үстінде. Өзім осы өнерді туған жерімде дамытқым келе-ді. Арманым сол. Ата-анам да қадамым мен құлшынысымды толық мақұлдап отыр, — дейді Қасымхан бүгінде.

Әрине, жас шебердің алдында тұрған қиыншылық көп. Қолынан келсе, күйдіру пешін салуға ынталы. Қыш құю қондырғысы да аса қажет. Негізі қыш құю екі түр-лі жолмен жүреді: аяқпен басу және электр құралдың көмегімен атқару. Тағы басқа құралдарға да ділгерлік бар. «Көз — қорқақ, қол — батыр» деген. Қ. Шоқанаевтың келешегіне сенімі мол, мақсатының жүзеге асарына үміт ті. Тек үміттеніп қана қоймай, сол мақсат жолында әрекет жасауда.

– «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның облыстық бөлімшесі күйдіру пешін алып беруге уәде етті. Мүмкін ойымдағы орындалар, — деді сөз соңында Қасымхан.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

“Орал өңірі”


Ұлттық қор қаржысы тиімді игерілуге тиіс

Күні: , 143 рет оқылды

DMS_8552


Желтоқсанның 24-і күні өткен «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы саяси кеңесінің отырысына өңір басшысы, партияның облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаев қатысты. Мәжілісте «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы егжей-тегжейлі талқыланды.


Саяси кеңес мүшелері әуелі партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің баяндамасын тыңдады. Серік Кенжебекұлының айтуынша, өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын нығайту мәселелеріне Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін бақылау мақсатында облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің депутаттық фракциясы ішінен 7 адамнан тұратын арнайы комиссия құрылған. «Комиссия өзінің бірінші отырысында жасалуға тиісті жұмыс көлемін, жауапкершілігін анықтады. Сонымен қатар комиссия мүшелеріне бақылауға алынған нысандар бекітіліп берілді. Жұмыстың мұндай тәсілі тапсырыс берушілердің, мердігерлердің жауапкершілігін арттыруға септігін тигізді. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер жергілікті жауапты органдарға дер кезінде хабарланып отырды. Мысалы, Бөрлі ауданының әкімдігі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша үш кеңес өткізді. Өткен уақыт ішінде комиссия мүшелері өздеріне бекітілген барлық нысандарды аралап, құрылыс барысымен, қаржының игерілуімен танысты. Нақты айтар болсақ, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» бағыты бойынша 14 жобаны іске асыруға Ұлттық қордан 5 млрд. 963,3 млн. теңге қаражат бөлініп, соның 92 пайызы күні бүгін игерілді. Атал-ған бағытқа жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы 152,7 млн. теңге құрап, соның 62 пайызы игеріліп отыр. «Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ-ы арқылы 6-ықшамауданда орналасқан 171 пәтерлік тоғыз қабатты үйдің құрылысына 2015 жылға 740,1 млн. теңге бөлініп, 490,7 млн. теңгесі игерілді. Зашаған ауылындағы Атырау-Орал және Орал-Саратов күрежолдарының аралығында орналасқан бес қабатты тұрғын үйлер кешені бойынша қаражат игерілген жоқ. Оның себебі – жоспарланған кестеден қалып қоюшылық және атқарылған жұмыстар актісінің кешіктіріліп тапсырылуы. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын уақтылы орындау мақсатында мердігер мекеме қосымша жұмыс күші мен техника тартуда» — деді Серік Сүлеймен.

Жалпы айтып кетер болсақ, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысына 2015 жылға Ұлттық қордан 9 млрд. 306,3 млн. теңге бөлінген. Оған 24 нысанның құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау жүргізілуде.

Саяси кеңес отырысында облыстық мәслихат депутаттары Әлібек Сәтбаев пен  Валерий Голоуховтың және қала әкімі Алтай Көлгіновтің есептері тыңдалды.

Отырысты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қорытындылады. «Баяндамашылардың берген ақпаратына сүйенсек, Ұлттық қордан біздің  облысымызға бөлінген қаржы тиімді, уақтылы игеріліп жатыр.

Мұның өзі қазіргі жаһанда қалыптасқан қиындықтарға қарамастан Елбасының елге деген назары деп білеміз. Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын бұл-жытпай орындаймыз. Бір ғана «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы аясында республика бойынша 7,5 трлн. теңге қаржы бөлініп, ол қаржы инфрақұрылымды, ауыл шаруашылығын, көлік саласын қолдауға бағытталуда. Ол қаржыдан біздің облысқа да қомақты үлес тиді. Күні бүгін бізде 28 жоба жүзеге асырылуда. Мысалы, Шыңғырлау ауданындағы балабақша құрылысы аяқталғаннан кейін, облыстағы балабақша кезегі жойылады. Ауыл шаруашылығына қаралған 2,5 млрд. теңге қаржы да өз жемісін беретін болады. Асыл тұқымды мал басы көбейеді, ет экспорты әлеуеті артады. Орал қаласындағы инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған қаржы-қаражаттың арқасында біраз түйінді мәселелер шешімін тауып келе жатыр. Нақты айтқанда, соңғы үш жылда жылумен, сумен қамту желілерінде үлкен апатты оқиғалар болған жоқ. Жыл аяғында бағдарламамен көзделген барлық қаржы игеріледі деп сендіремін» – деді өңір басшысы.

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал өңірі»


Е. ҚОЖАҒАПАНОВ: «Жабық манеж салмайынша, жағдай түзелмейді»

Күні: , 199 рет оқылды

Ерлан Кожагапанов1-1


Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келіп, өңірдегі аяқдоп өнерінің жай-күйімен танысып, футбол сүйер жұртшылықпен арнайы кездесу өткізді.


— Қазақстан футболы үшін биылғы жыл жеміссіз болған жоқ, — деді Ерлан Тоқтарханұлы. Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарында Исландия, Латвия командаларымен сырт алаңда жақсы өнер көрсете білді. «Астана» командасы Қазақстан футболы тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпиондары лигасының топтық кезеңіне өтіп, «Бенфика», «Атлетико», «Галатасарай» сынды мықты клубтармен өз алаңында тең ойын дәрежесін көрсетті. Ал футзал табыстары одан да жоғары. «Қайрат» командасы УЕФА шыңдарын бағындырып жүрсе, футзалдан Қазақстан құрамасы алғаш рет алдағы ақпан айында Белградта өтетін Еуропа чемпионатына қатысады. Сонымен қатар 2016 жылы Колумбияда өтетін әлем біріншілігінің алғашқы іріктеу сайысын аса сәтті өткізіп, плей-офф бәсекесіне жолдама алды. Дегенмен жетістіктерден гөрі өзекті мәселелерге баса назар аударған жөн.

Қазақстанда бүгінгі таңда 700 мыңдай адам футболмен айналысады. Соның ішінде 398 мың бала футбол өнеріне бет бұрса, осының алты мыңнан астамы – батысқазақстандық балғындар. 2012 жылдан бастап федерация өңірлерде футбол орталықтарын ашуды қолға алды, қазіргі кезде олардың саны 15-ке жетті. Неміс үлгісі негізінде жасалған бірыңғай бағдарлама бойынша 5 мың бала футбол әліппесін үйренуде. Футбол орталықтары арасында ел біріншілігі ұйымдастырылуда. Орал қаласында футбол орталығы 2013 жылы ақпан айында ашылды, айта кетейік, өзге өңірлерден ерекшелігі, Батыс Қазақстанда ғана аудандық бөлімшелер де құрылып, жұмыс жасауда. Осылардың бәрін есептегенде, 600-ден астам жеткіншек жаттығуға қатысуда.

Сонымен бірге футболдың инфрақұрылымында шешілмей келе жатқан мәселелерді айтпай кетуге болмайды. Қазақстанды тұтастай алғанда, сегіз өңірде бес ай бойы ауа райы суықтау болғандықтан, футбол ойналмайды. Мұндай кезең Батыс Қазақстанда төрт ай деуге болады. Ал осы мерзімде жаттыға алатындай жабық манеждер көп жерде, соның ішінде «Ақжайық» футбол клубында жоқ. Соның салдарынан балалар мен жастар қысқы мерзімде футболға бейімделмеген, ағаш немесе бетон едені бар спорт залдарында жаттығуға мәжбүр. Сөйтіп, осыншама уақытты босқа жоғалтады. Өкінішке қарай, көбіне футбол клубтары оңай жол іздеп, қымбат тұратын легионерлермен жұмыс жасағанды қолай көреді. Бұл жерде әңгіме «Ақжайық» туралы емес. Тіпті жергілікті ойыншыларды тәрбиелеп, қатарға тарту жөнінен «Ақжайық» футбол клубын барша елге үлгі етуге болады. Қазіргі таңда батысқазақстандық команданың 80 пайызын Орал футболының түлектері құрайды. Бұл биыл ел біріншілігінің премьер-лигасына қайта оралған «Ақжайықтың» дұрыс бағыт ұстағандығын көрсетеді. Шындығында, кезінде КСРО чемпионатында Алматының «Қайраты» құрамында жасындай жарқылдаған Анатолий Ионкин, Қазақстан құрамасының капитандығына дейін қол жеткізіп, Қостанайдың «Тобылын» алға жетелеген Нұрбол Жұмасқалиев, қазіргі бас құраманың қақпашысы Стас Покатиловтай таланттар түлеп ұшқан Батыс Қазақстан топырағынан әлі талай дарынның жетілері анық. Тек ол үшін толық жағдай жасалуы керек.

Ең бастысы, елде толық көлемді манеждер салынуы керек. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Мысалы, ауа райы аса суық болып келетін Исландия сынды шағын аралда осындай манеждер салу 2002 жылы қолға алынған. Қазір олардың саны 8-ге жетті, стандартты емес 7 манеж тағы бар. Мұндай орындарда балалар мен жасөспірімдер қысы-жазы дайындалады, шеберліктері де шыңдала түседі. Міне, осындай жағдай туғызудың нәтижесінде Исландия құрамасы әлемдік рейтингте 94-орыннан 27-сатыға көтеріліп, биыл өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама алды. Қазіргі кезде Исландияның негізгі құрамы өз алдына, соған жетеғабыл ойыншылар да Еуропаның маңдайалды клубтарында өнер көрсетеді. Міне, өсудің үлгісі. Бұл бағытта Қазақстанда УЕФА-мен бірлесе отырып, бастапқы жұмыстар қолға алынуда. Осындай бір ұсыныс мақұлданып, алдағы жылы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елордада толық көлемді манеж құрылысы басталмақшы. Мұндай манеждер өңірлерде салынып, футболшылар мен жаттықтырушылар барлық керек-жарақтармен қамтамасыз етілсе, әрине, жақсы болар еді. Бұлай етпейінше, футбол орталықтары дамымайды. Оралда манеж салу, оны қосымша қаржыландыру жөнінде осы сапар барысында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенмен сөйлесіліп, ұсынысымыз қолдау тапты. Жасыратыны жоқ, толық көлемді манеждер саны жөнінде біз Еуропа елдерінен артта қалып келеміз. Айталық, Чехияда әр 100 мың адамға 90, Англия мен Испанияда 85, көршілес Ресейде 12 футбол алаңынан келсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш – 1,5 ғана. Бұдан кейін футболды дамытамыз деп, қалайша сөз қозғауға болады. Елде барлығы 269 футбол алаңы бар. Қазақстанда жасанды 100 алаң болса, Германияда бұл 3 мыңнан, Францияда 2 мыңнан асады.

Бапкерлердің жетіспеушілігі де өте өзекті болып тұр. Егер Қазақстанда әр жаттықтырушыға 350 баладан келсе, Германияда ол 27-ден, Англияда тіпті 3-тен аспайды. 350 баланы жаттықтырған тиімді ме, үш жеткіншекпен айналысқан қолайлы ма, айырмашылық жер мен көктей екені түсінікті болар. Сол секілді жаттықтырушылардың жалақысын көтеру де кезек күттірмейді. Күні бүгін олардың еңбекақысы орташа жалақыдан үш есе төмен, 40 мың теңге көлемінде ғана. Бапкерлер дайындау бағытында федерация тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда.

Елдегі футбол клубтарының жағдайы төңірегінде ойланатын жайлар баршылық. Көп жерлерде клубтар стадионды жалға алады, өзінің базасы, жаттығу алаңы жоқ. Өңірлерде әкім футболға жақын болса, көп мәселе соған байланысты. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар стадиондарды тиісті бюджетімен клубтардың меншігіне берсе, бұдан футбол ұтар еді. Осы кезге дейін облыстарда спортқа берілетін қаржының 60-тан 80 пайызға дейіні футболға бөлініп келді. Алайда бұл қаражат ұзақ уақыт бойы футбол инфрақұрылымын дамытуға емес, қымбат ойыншылармен келісімшартқа отыру жолымен тез табысқа жетуге жұмсалды. 21 қарашада өткен республикалық футбол форумында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өкілдері ендігі жерде жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржының тең жартысы олимпиадалық ойын түрлеріне, қалғаны командалық түрлерге, соның ішінде футболға бағытталатынын жеткізді. Яғни ендігі жерде «көрпеге қарай көсілумен» бірге жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, клуб басшыларына қаржы табу жолдарын іздестіруге тура келеді. Өткен жылы облыс әкімдіктері жергілікті бюджеттен спорт саласына 67 млрд. теңге бөлсе, соның 16 млрд. теңгесі футбол клубтарын ұстауға бағытталды. Мұны сол кездегі бағаммен есептесек, 90 млн. АҚШ доллары көлемінде болады. Бұған «Астана» мен «Қайрат» клубтарының (әрқайсысы 30 млн. доллар) бюджетін қоссақ, барлығы 150 млн. долларға жетеді. Бұдан былай жағдай өзгереді. Осы орайда футбол федерациясы әр облыстан спортқа бөлінетін қаржының 10 пайызын футболға беру керектігін жөн деп санайды. Және бұл қаржы балалар мен жасөспірім футболы мен осы спорт түрінің инфрақұрылымына жұмсалуы керек. Бұл ретте өңірлерде қоғамдық кеңестер құрылып, қаржының дұрыс бөлінуін қадағалау қажет-ақ.

«Биыл Тұңғыш Президент күніне орай Шымкент қаласында футбол академиясы ашылды. Онда испаниялық бапкерлер Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан келген 650 баланың ішінен 66-сын іріктеп алып, жаттықтыруда. Олардың жаттықтырулары мүлде бөлек екендігін жергілікті бапкерлер ашық айтып, алдағы уақытта соларды алмастыру үшін өздері де үйренуде. Қазірдің өзінде нәтиже көзге көрініп тұр. Осындай академия солтүстік облыстар үшін Өскеменде, батыс өңір үшін Ақтөбеде ашылмақ. Оған қоса Атырауда болған кезімде осы өңірде жұмыс жасап жатқан италияндық компаниялардың демеушілік көмегімен сол елдің бапкерлерін шақырып, академия ашу жөнінде ұсыныс айтылды. Басты мақсат – озық үлгілерді енгізе отырып, Қазақстан футболын жаңа деңгейге көтеру», – деді сөзінің соңында Е. Қожағапанов.

Ғайсағали САМИҒОЛЛАҰЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика