Мұрағат: 24.12.2015


Қазақ қаһарманына құрмет

Күні: , 193 рет оқылды

DSC_0056


Мәскеу қаласындағы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының орталық музейінің» даңқ залында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің  қола мүсіні  ашылды.


Салтанатты шараны екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Сергей Грицев атындағы  «Жеңімпаз» қоры директорының міндетін атқарушы Петр Чуйко ашып, Кеңес Одағының Батыры, әуеде 305 рет жауға қарсы айқас жасаған өшпес ерліктің иесі Талғат Бигелдиновтың өмірбаянымен көпшілікті таныстырып өтті.

Мәскеу қаласына «Генералдар Кеңесі» РҚБ Президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры, профессор Рүстем Қайдаров, Алмасбек Әбдірахманов, Сейітжан Қойбақов, Әділхан Әсет, Найль Ғалымжанов сынды генерал-майорлар,  Талғат Бигелдиновтің мүсінінің авторы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, елімізге танымал мүсінші Мұрат Мансұров және «Жайық Пресс» ЖШС Жәнібек филиалының директор-редакторы Ахмедияр Батырханов арнайы барған болатын.

Қазақстандық делегация атынан сөз алған Рүстем Қайдаров екі елдің арасындағы достықтың ұрпақтар сабақтастығы нәтижесінде мызғымастай дамып отырғандығына сүйіспеншілігін білдіре келіп, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының орталық мұражайына» «Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов» №1 мерейтойлық медалі мен батыр бабамыздың  өр бейнесі сомдалған мүсіннің акт сертификатын, құжат көшірмелерін табыстады. Батырдың ескерткіш мүсінін бейнелеген мүсінші Мұрат Мансұров пен майлы кенепке әйгілі ұшқыштың  суретін салған Дарья Мусихинаны көпшілікке таныстырды.

Шара барысында ресейліктер  салтанатты жағдайда қазақстандық генерал-майор Рүстем Қайдаров пен Алмасбек Әбдірахмановты «И. В. Панфиловқа 120 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.

Рүстем Есімханұлы  «Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов» мерейтойлық медальдары мен Құрмет грамоталарын  осы шараны ұйымдастыруға белсенділік танытқан бір топ ресейліктерге табыс етті.

Ұйымдастырушылар алқасы  Талғат Бигелдиновке тиесілі қос бірдей «Алтын» медальдің көшірме үлгісін ҚР Орталық музейіне сыйға тартты.

Шараның өтуіне сүбелі үлес қосып, еңбек еткен Петр Чуйконың иығына Рүстем Есімханұлы қазақы дәстүрмен шапан жауып, егеменді еліміздің атынан алғыс білдірді.

Ахмедияр  ҚУАНҰЛЫ,

Жәнібек  ауданы


Жеке сот орындаушылары іске кіріседі

Күні: , 295 рет оқылды

сот орындаушы


Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспарының 27-қадамында «Жеке меншік сот орындаушылар институтын одан әрі дамытып, сот орындаушыларының  мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқарту керек» деп атап көрсеткен болатын.


Жеке сот орындаушылары институты мемлекеттік сот орындаушыларына балама ретінде 2011 жылы құрылып, жұмыс істей бастады. Бұл реформа мемлекеттік сот орындаушыларының жұмысын оңтайландыруға және мемлекеттік басқарудың нарықтық принциптерін енгізуді үйлестіруге бағытталды. Мұндай тың бастамаға қатысты шешім қабылдамас бұрын еліміздің Әділет министрлігі сот орындаушыларының жұ-мыс нәтижесі өз тиімділігін дәлелдеген Франция, Голландия, Грузия секілді шет мемлекеттердің озық тәжірибелерін зерттеп, сараптамалық жұмыстарын жүргізген еді. Нәтижесінде «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының жаңа жобасында алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибеге сәйкес келетін нормалар, сонымен қатар қолданыстағы заңнамалықтың кемшіліктері көрсетілді.

Келер жылдан бастап еліміздегі атқару құжаттарын жеке сот орындаушыларына біртіндеп тапсыру жоспарлануда. Яғни мемлекеттік сот орындаушыларының құзыретінде мемлекеттен өндіріп алу, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке және олармен үлестес заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғадан өндіріп алу, табиғи монополиялар субъектілерінен немесе тауарлар және көрсетілетін қызметтер нарығында үстем жағдайға ие субъектілерден өндіріп алу, өндіріп алу мөлшері бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын соманы мемлекет пайдасына өндіріп алу кіреді. Сондай-ақ мүлікті тәркілеу не мүлікті мемлекетке беру туралы, мемлекет мүддесіне орай үйден шығару, үйге қоныстандыру, үйлерді бұзу, жер телімдерін алып қою және басқа да істердің санаттары туралы атқарушылық құжаттарды жүзеге асырады. Ал жеке сот орындаушыларының ерекше құзыретіне мемлекеттік сот орындаушыларының құзыретіне жататын атқарушылық құжаттарын қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың пайдасына өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау жатады. Жеке сот орындаушысы заңда көзделген барлық атқарушылық құжаттарды қабылдайды.

Жеке сот орындаушысы – жеке субъект. Ол жеке кәсіпкер, не болмаса жеке заңды тұлға емес, белгілі бір субъект болып табылады. Ерекше мәртебеге ие болғандықтан, жеке сот орындаушылары қоғамдық бірлестік болып табылмайды. Өкілеттіктерінің кеңеюіне орай жеке сот орындаушыларының саны облыс тұрғын-дарын толық қамтамасыз ету үшін жыл санап арта беретін болады.

Енді бұл жерде «Жеке сот орындаушысы лауазымына кімдер қабылданады?» деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Жиырма бес жасқа толған, жоғары заңгерлік білімі бар, жеке сот орындаушысы лицензиясын алған және республикалық палатаға кірген Қазақстан Республикасының азаматы жеке сот орындаушысы бола алады.

Судьялар, өз міндеттерін орындау кезінде атына кір келтіретін теріс қылықтары және заңдылықты бұзғаны үшін судья лауазымынан босатылған судьяларды қоспағанда, судья болып жұмыс істеген, судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырған, мамандандырылған магистратурада оқуды аяқтаған және біліктілік емтиханын тапсырған жандар жеке сот орындаушысы лицензиясын алуға құқылы. Сонымен қатар теріс себептермен жұмыстан босатылған адамдарды қоспағанда, кемінде екі жыл атқарушылық құ-жаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органда және оның аумақтық органдарында, құқық қорғау немесе арнаулы органдарда жұмыс істеген, прокурор, тергеуші лауазымындағы адамдар немесе жедел іздестіру қызметін жүзеге асыратын, қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ететін лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі болған кезде тағылымдамадан және аттестаттаудан өтпей де аталмыш лицензияны алуына болады.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі ҚР Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жеке сот орындаушыларының құзыретін арттырып, мемлекеттік сот орындаушыларын қысқарту болып табылады. Өйткені жеке сот орындаушылардың институты қазіргі күні заман талабына сәйкес өте қажет әрі маңызды болып саналады. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа кіреді.

Облыс тұрғындары өз сұрақтары бойынша Орал қаласы Чагано-Набережная көшесі, 84 («Технопарк «Алгоритм» ЖШС ғимараты) мекенжайында орналасқан БҚО жеке сот орындаушылардың аумақтық палатасына (тел.: 24-00-35, 24-20-90) хабарласуына және БҚО әділет департаментінің 30-52-90 нөмірлі телефонына қоңырау шалуларына болады.

Мұрат ӨМІРӘЛИЕВ,

облыстық әділет департаменті  басшысының орынбасары


Жалғыз үй қалған Былқылдақты қайта түлеткен «Талап»

Күні: , 661 рет оқылды

DSC_0146


Cырым ауданының Жосалы ауылдық округіне қарасты Былқылдақ елді мекені аумағындағы «Талап» шаруа қожалығының берекелі ісі көпке үлгі. Бұл қожалықты 2010 жылы облысымызға белгілі кәсіпкер, «Талап» АҚ-ның бұрынғы президенті, марқұм Владимир Волков құрған. Кейін ол кісі қайғылы қазаға ұшырап, өмірден озғасын шаруаны жиені Виктор Капинус жалғастырып әкетті. (суретте «Талап»  шаруа  қожалығының  директоры  Виктор  Капинус)


…Осыдан екі-үш апта бұрын Былқылдаққа арнайы барып қайтқанбыз. Жолай Жосалы ауылдық округінің әкімі Қобыланды Ғабдешовты «атымызға» мінгестіріп, аталмыш округтің орталығы Қоңыр ауылынан 18 шақырым қашықтықтағы Былқылдаққа жол тарттық. Қыс келсе де, қар түсе қоймаған кез. Бұл маңның жері түгін тартса, майы шығатын құнарлы екені көрініп тұр. Былқылдақ қоршауда қалса да, біраз фашисті жер жастандырып, ерлікпен қаза тапқан ақын Абдоллла Жұмағалиевтің туған жері екенін естігенде тіпті елеңдей түседі екенсің.

Бізді шаруа қожалығының басқарушысы Виктор Шеховцов қарсы алды. Оның, яғни Виктор Николаевичтің айтуынша, қожалық қазақтың асыл тұқымды ақ бас 500 бас ірі қарасы мен 350 бас көшім жылқысын, сондай-ақ 1500 бас еділбай тұқымды қой өсіруде. Малдың қысқы азығы сақадай сай, 12 мың орамшөп қыстақ басына үюлі. Оның 500 данасы – былтырдан артылып қалғаны. Ұжымда қырыққа жуық адам тұрақты жұмыс жасаса, жазғы маусымдық шөп шабу науқанында сегіз есеге дейін көбейеді. Яғни ауылдық округ тұрғындары уақытша жұмысқа тұрып, шабылған шөптен өз үлестерін алып, өздеріне біраз пайда түсіреді. Қожалықтың шаруашылықты жүргізуге техникасы да сайлы. Он үш «Беларусь», бір  «К-700» тракторы, екі комбайн, жеті шөп шабатын құрылғы бар.

«Талап» шаруа қожалығына тиесілі 1000 гектардан астам егістік алқап бар. Жыл сайын арпа мен қарабидай егеді. Келер жылға ақбидай егуді қолға алмақ. Әрине, иен далада жерді игеру тәуекелдің ісі ғана екені түсінікті.

Біз В. Шеховцовтың бастауымен шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысып жүрген кезімізде «Талап» ШҚ-ның басшысы Виктор Капинустың өзі келіп, әңгімеге араласты. Ол алдымен бізбен «Ассалаумағалейкум!» деп мұсылман ғұрпымен жылы шырай таныта амандасты. Жасы орда бұзар отызға тола қоймаса да, Виктордың шаруаға мығым екені байқалады. Қожалық шаруасының жай-жапсарын әңгімелегенде нық сенімді сөйлейді. Бірден шаруашылықты дамыту бойынша алға қойған мақсат-міндетін сұрағанымызда еш тосылмады.

– 2018 жылға қарай мал басын 40 пайызға көбейтуді көздеп отырмыз. Демек, жұмыс орны да көбейетіні түсінікті. Егер бәрі біз ойлағандай болып жатса, ет-сүт өнімдерін өңдейтін шағын нысан ашпақпыз. Шұжық, бұқтырылған ет қалбырын шығарғымыз келеді. Бұл жобаны іске асыру тұтынушылар сұранысы мен тасымалдайтын көлік күшіне байланысты. Кейбір нысанды қалаға жақын жерде ашқан дұрыс болады-ау, – деді ол негізгі бағытты аңғартып.

Виктор Викторовичтің айтуынша, қожалықтан асыл тұқымды ақбас бұқашықтарды тірілей келісін 1 мың теңгеден сатып алатындар көп. Өзіміздің өңірден және Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан келіп алады. Астанадан да телефон шалатындар бар. Дегенмен барлық сұранысты әзірше түгел қамтып үлгере алар емес. Осы жылы 80 бастан астам асыл тұқымды бұқашық сатқан.

Қожалық басшысы кейін шаруашылық нысанын аралатты. Біз бармастан біразырақ күн бұрын мал қысқы бағымға тұрған екен. Ұзын етіп салынған төбесі дөңес аңғарлар төрт түлікке жылы ықтасын. Алдарындағы шөпке алаңсыз бас қойған ірі қара атаулы күйлі. «Қойлар сәуір, мамыр айларында төлдей бастайды. Жылына 1000-1100-дей қозы аламыз», – деді Виктор Капинус. Ал жылқыдан биыл 50 айғыр, 50 биені сатыпты. Бұл шаруашылықтың құзырында шағын болса да арнайы мал соятын нысан да бар.

«Талап» шаруа қожалығының аумағында қуаттылығы 140-150 кВт дизельдік станса орналасқан. Электр жарығында ақау пайда болған жағдайда лезде іске қосылады. Құбыр арқылы жер асты суы тартылған елді мекендегі 14 тұрғын үйдің төртеуі 3, қалғаны 2 пәтерлі. Осындай жанға жәйлі баспаналарда қожалықтың еңбеккерлері отбасымен тұрады.

2010 жылы Орал қаласындағы «Талап» АҚ гимназиясының бөлімшесі ретінде бастауыш мектеп пен балабақша ашылғанымен, бала саны тым аздықтан 2-3 жылдан соң амалсыз жабылған. Егер алда бала саны көбейіп, маман тапшылығы шешілсе, қайтадан жұмыс істемек.

Жұмысшылар баспанасын көрмекке беттегенде, бізді малшы Қазыбек Намазов қош алып, шаңырағына кіргізді. Үйі төрт бөлмелі екен. Жинақылығымен жарасымды көрінетін жиһаздармен жабдықталған үйдің іші мұнтаздай таза. Жылу электр қуатымен жеткізілуде. Егер бұл желі айырылған жағдайда үйді көмірмен жылытатын қазандық әзір. «Отау» ТV арқылы заманауи үлгідегі теледидар барлық арнаға қосылған. Суға шомылатын себезгі кабина мен қолжуар, тіпті әжетхана да үйдің ішінде. Облыс, аудан орталығын айтпағанда, тіпті ауылдық округтің орталығынан 20 шақырымдай жырақтағы Былқылдақты мекендеген малшы отбасының үй-жайы қала тұрмысынан еш кем емес. Бұл осы елді мекендегі жалқы жағдай емес, Былқылдақтың барша тұрғынына ортақ берекелі өмір, күйлі тұрмыс. Жалпы, «Талап» осы жерге табан тіреп, қада қаққалы бері күні бүгінге дейін 24 пәтерлі 10 үй салған екен.

– Жымпиты ауылында туып-өстім. Мұнда отбасыммен Оралдан көшіп келдім. Екі балам бар. Қазір малға күтім жасаймын. Белгіленген уақытта жем-шөбін салып, саулығын тексеремін. Артық жұмыс жоқ. Жалақым – 70 мың теңге. Көрші-көлеммен араласып-құраласып тұрамыз. Көбі соғымға мал сою қамында, – деді малшы жігіт аңқылдап.

Еңбеккерлерге барлық жағдай жасаған қожалық басшысымен әңгімеміз оның жұмыс кеңсесінде жалғасты. Ғимаратқа кіреберісте электрқазандық орнатылған. Бір ерекшілігі, бұл құрылғы газ құбыры тартылған жағдайда жылу таратқыш қызметін атқара алады. Жалпы, Былқылдақ елді мекенін көгілдір отынмен қамту келер жылға жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаты жасақталған. Басшының жұмыс бөлмесіне кіргенімізде, жұмыс үстеліндегі Қазақстан жалаушасы көзге бірден жылы ұшырады. Еліміздің мемлекеттік Туының шағын үлгісіне қоса жұмыс үстеліне компьютер мен баспа құрылғысы «жайғасқан». Шкаф сөресіне аудан әкімдігінің алғысхаты, кәсіпкерлік бойынша оқыту курстарынан алған сертификат, түрлі марапат қағаздары қойылған. Кейбірі қабырғаға ілінген. Кеңседе құжаттармен жұмыстану үшін жерсеріктік (спутниктік) ғаламтор жүйесі орнатылған.

Қожалықтың штат бірлігінде бас бухгалтер, ветеринарлық дәрігер, шопан, жылқышы, механизатор, комбайнер, қарауыл секілді түрлі маман бар екен.

— Алғашқы жылдары қадау-қадау қиындықтар болғаны рас. Ең бастысы, 2013 жылдан бері қарай ұжым мүшелері тұрақталды. Ал 2014 жылдан бастап аяғымыздан тік тұрып кеттік. Дегенмен ауыл шаруашылығы саласына қызмет ететін мамандар қажет, – деген жас кәсіпкер Виктор Капинустың өзі қазір Орынбор мемлекеттік аграрлық универистетінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу технологиясы мамандығы бойынша сырттай білім алуда екен. Бұған дейін ол аталмыш университетті мал дәрігері мамандығы бойынша тәмамдаған. Виктордың жары Наталья Дегтярёва қожалықта өз мамандығына сәйкес мал дәрігері боп қызмет атқаруда. Ол төрт түлікке пастереллёз, сібір жарасы, құтыруға қарсы екпелер жасалғанын тілге тиек етті. Яғни профилактикалық шаралар уақтылы орындалуда.

Келесі көрген нысан – 40 адамға лайықталған асхана. Мұнда қызметкерлер уақтылы ауқаттанады. Асхана ішінде азық-түлік дүкені орналасқан. Кейбір тауар құны қаланікінен едәуір арзан.

Виктор Капинус қазақы дәстүрмен жылқы етінен жасалған асқа шақырды. Дастарқан басында шешіле әңгіме айтқан ол мұнда нағашы атасы Владимир Волков ертіп әкеп, алғаш шаруашылықпен таныстырғанда таңғалғанын жасырмады. Кезіндегі 60-қа жуық түтіннен жалғыз үй қалған айдалада кәсіпкерлік қалай жанданбақ, осыны ойлап басы қатыпты. Дегенмен, жері шұрайлы әрі шабындыққа да, жайылымдық өріске де айнала кең болғандықтан, бұл маң мал шаруашылығына керім қолайлы боп шықты. Бүгінде «Талап» шаруа қожалығы – қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиыры бойынша республикалық палатаның мүшесі.

Биыл Былқылдақтың басына қайтадан бақ қонғанына бес жыл толыпты. Рас, қыста жол қатынасы үзіліп, уақытша көлік жүр-мей қалатын кездер болады. Бірақ елді мекендегі еңбекқор ұжым мүшелері бұл қиындыққа мойымайтыны анық. Іссапарда басы-қасымызда жүрген Жосалы ауылдық округінің әкімі Қобыланды Ғабдешов қожалыққа мемлекеттен ірі қара үшін 8 млн. теңге көлемінде демеуқаржы бөлінгенін айтты. Келер жылға қой мен жылқы басына берілетін көмекті алғысы келеді. Қожалық иесі Құрбан айт, Наурыз мейрамы немесе «Мектепке жол» секілді шараларға ұдайы қолұшын беріп тұрады екен. Және жәрдемдескенде де, қаржылай да, малдай да қомақты көмек көрсетіп, ірі турайтын көрінеді. «Талап» шаруа қожалығы басшылығының жергілікті жұртқа қарасып тұратындығын Былқылдақтың байырғы тұрғыны Сырым Қажығалиев та растады. Жасы жетпістің жетеуіне келген ақсақал Абдолла Жұмағалиевпен немере ағайын болып шықты. Сонау тоқырау жылдарынан кейін шаруасы тұралаған ауыл жұртынан әлі күнге қозғалмаған жалғыз үй осы Сырым қарттың шаңырағы болып шықты.

– Былқылдақ – кеңестік кезеңдегі Жосалы кеңшарының №3 бөлімшесі. Он мыңға жуық қой бірнеше отарға бөлініп бағылды. Бір отар қошқар болды. Егін алқабында бес бригада жұмыс істеді. Күздік бидай, қарабидай, ақбидай егілді. Бұл жер – мал мен егін өсіруден маңдайалды шаруашылық болды. 1976 жылдан бері агроном боп қызмет істедім. Бертінірек Былқылдақтан ел жәйлі жер іздеп жаппай көшіп, 2006 жылы жалғыз үй қалдық. Көшіп кетуге қимадым. Аудандық электр торабының басшысы электр жарығы тегін берілетінін айтып, бағаналарға қарауыл болуымды өтінді. 2010 жылы Владимир Волков келіп, аумақты көріп, шаруашылығын жүргізуге рәсімдеді. Менің көшіп кетпегеніме риза болып, электр жарығымен тегін қамтамасыз ететінін айтты. Кейін үйіме ауыз су құбырын тартты. Шатырымды жаңалады. Қазір қожалықтан арзан қақпен шөп бумасын сатып аламын. Қысқы соғымға сойылған малдың жарты етін тегін береді. Бүгіндері өз басым 30 бастай ірі қара, қырықтан астам қой, 12 бас жылқы өсіріп отырмын. Қолымда бала-келінім, тағы бір ұлым, қасымда кемпірім бар. Туған жерімде түтін түтетіп, шаруамды шалқытып отырмын. Осыдан артық қандай бақ-береке бар?! – деді Сырым ақсақал.

«Талап» шаруа қожалығының бір ерекшелігі, мемлекеттік бағдарлама көмегіне жүгінбей, несие алмай, өз күшімен, яғни  өз капиталы арқылы өркендеп отыр. Жұртында жалғыз үй қалған Былқылдақты қайта түлеткен Азаматтар аман болып, «Талап» шаруа қожалығының тасы өрге домалай бергей!

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»,

Сырым ауданы


Мейірім ұялаған балалар мекені

Күні: , 207 рет оқылды

IMG_8500


Көшім балалар психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесінің өзіне тән тыныс-тіршілігі бар. Сырттай қарағанда, көңілсіздеу көрінген мекеменің іші тағдыр тауқыметін арқалаған жеткіншектердің әсерлі әлеміне толы. Олар жандарын жеген аурумен алысып, төсекке таңылып жатса да, көздері оттай жанып, келген қонақты қуанып қарсы алады. Бізді көрген балалар тақпақ айтып, немен айналысуда екендіктерін әңгімелеумен болды. Осы мекемеге жақында ғана келген алты жасар Арсен алдымнан жүгіріп шығып, құшақтап, бетімнен сүйгенде, қалтама кәмпит салып шықпағаныма өкіндім.


Мекемеде әр түрлі дәрежедегі ақыл-есі кем, тірек-қимыл қозғалыстары бұзылған және дене бітімінде кемістіктері бар 87 бала тәрбиеленуде. Олар үнемі медициналық көмекті, тұрмыстық күтімді қажет етеді. Сондықтан да 47 ата-ана балаларынан саналы түрде бас тартқан. Бізді жылы қарсы алған мекеме директоры Кемел Сәдбековтің айтуынша, жетіспейтін мамандардың біразы түгелдене келіпті. Дефектолог, логопед мамандар қаладан көптеп келуде. Тек дәрігерлер ғана жетіспейді. Қазіргі күнде бір терапевт пен бір психиатр дәрігер қызмет істейді. Қабырғасы 1989 жылы қаланған мекемеде 17 палата, 14 топ бар. Біз мекеме директоры және сонда қызмет жасайтын мамандармен бірге палаталарға бас сұғып, балғындардың жай-күйімен таныстық. Диагноздарының әртүрлілігіне қарамастан, балалардың басым бөлігі өмірге құштар. Тәрбиеші мен күтушілер өз тобындағы балғындармен күн тәртібіне орай жұмыстанып жатыр екен. Осы жерде тәрбиеші болып, жұмыс жасап жүрген Гүлжан Жуынбаеваны әңгімеге тарттық:

– 2009 жылдан бері еңбек етемін. Тобымда алты қыз бар. Басында қатты қиналдым. Өйткені мен Сырым ауданындағы балабақшада дені сау балалармен жұмыс жасадым ғой. Бірақ қазір осы балаларға әбден үйреніп кеттім. Олар мені сағынады, іздейді. Демалысқа кеткен кезде мен де оларды сағынып қаламын. Балалар мейірімді, жан шуағын ерекше қажет етеді. Сағат тоғыздан бастап, екіге дейін жұмыстанамын. Олардың әр талабын орындаймын. Өзімнің ұл-қызым өсіп кетті. Сондықтан бұл балаларға барынша жіті көңіл бөлуге тырысамын, — дейді тәжірибелі тәрбиеші.

Балалар таңғы сағат 7-де тұрады. Шамалары келгенінше таңғы жаттығу жасайды. Одан әрі таңғы тамақ. Сағат тоғыздан бастап әр баламен дефектолог-мұғалім жұмыстанады. Ұландар денсаулығы, жасы, жынысы және психологиялық ерекшеліктері бойынша топтарға бөлінген.

Қамкөңіл балғындардың тыныс-тіршілігімен таныса жүріп, көңіл күйіміз сан түрге енді. Төсектен тұра алмай жатса да, қолын бұлғап, күліп амандасқысы келген балдырғандарды көргенде көңіліміз босады. Гидроцефалия дертімен ауыратын 7 жасар Тимур төсектен тұра алмайды екен. Сонда да сұрақтарға жауап беруге тырысып жатты. Қимылы ширақтығынан өмірге құштарлығы байқалады. «Әсіресе, Әнұранды ерекше жақсы көреді», – дейді мамандар.

6-7 жасар баланы көтеріп алып, жұбатып жүрген күтуші-тәрбиешілердің жауапкершілігі жоғары екенін сезіндік. Мамандардың тек өздеріне ғана көңіл бөлгенін қалайтын балғындар апайларын әңгімеге тартқанымызда, оларды бізден қызғанып, бұртиып қалды. Шыны керек, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау оңай емес. Таңертеңнен кешке дейін жүрген еңбектеріне төленетін жалақы да мардымсыз. Сонда да болса, басым бөлігі балаларға әбден бауыр басып кеткенін, өз жұмыстарын жақсы көретіндіктерін тілге тиек етті. Айтпақшы, мекеме қызметкерлері жақында болған Елбасымыздың Жолдауын үлкен залға жиналып, ұжыммен тыңдапты. Жаңа жылдан бастап жалақыларының 40 пайызға өсетінін естіген мамандар кәдімгідей мәз болысып  қалғандарын  да  жасырмады.

Балалардың демалыс бөлмесіне де керекті жиһаздар мен тұрмыстық техникалар сатып алынып, бар жағдай жасалған. Бізді көрген Артем мен Рустам караокемен қазақша ән шырқап берді. Мүмкіндіктерінің шектеулі болғанына қарамастан, бұл жерде өнерлі балғындар жетерлік. Мәселен, Гүлнәр Жандуәлиева жүзуден, үстел теннисінен жеңімпаз атанса, Гүлсара Өтегенова ән айтудан аудандық байқауда топ жарған. Бізге ән салып берген Рустам Кулкаев қолөнер шебері екен. Ән салумен қатар қолөнермен айналысатын оның жасаған дүниелері алыстан көз тартады. Әр баланы өз баласындай көріп, бауырына басқан мамандар: «Бұл балалардың анасы – біз. Сондықтан да бар мейірімімізді беруге тырысамыз», — дейді.

Әр түрлі тағдырмен әр жаста келген балалалар бұл мекемеде 18 жасқа дейін тәрбиеленеді.

Мұндағы тірлікке бауыр басқан жеткіншектер кәмелет жасына толып, қоштасар сәтте қатты қиналады. Тіпті кейбірі табандап жылап, «Ешқайда бармаймын» деп отырып алғанда, өзіміз қиналамыз», – дейді мекеме қызметкерлері.

Соңғы ай жарымның ішінде мекемеде біраз жағымды өзгерістер болып, жиһаздар жаңартылыпты. Өткен айлардағы «Қайырымдылық» айында біраз демеушілер көмек қолын созып, қамкөңіл балғындарды қуантуға асыққаны көңілге жылылық ұялатты. Олардың ішінде 10 ауданның әкімдері өздері бастама көте-ріп, балаларға «Монтесорри» атты ойыншықтар жиынтығын және өзге де қажет құралдарды сыйға тартқан. Бұл ойыншықтар баланың ұсақ моторикасын, есте сақтау қабілетін дамыту үшін  қажет. Мекемедегі жиһаздар мен аталмыш ойыншықтарды арнайы тапсырыспен Біржан Қожақов жетекшілік ететін «Демеу» орталығы жасап берген. «Камал ойл» мұнай компаниясы да өз тарапынан демеушілік жасап, ойын алаңдарын жасақтап берген.

– Біраз жұмыс жасалды. Әр бөлмені барлық талаптарға сай жасақтауға тырыстық. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізерде біз мамандар пікірін ескердік. Жасыратыны жоқ, көпшілігі қала-дан тысқары мұндай мекеменің барын, бұл жерде мүмкіндігі шектеулі, әр түрлі деңгейдегі дене кемістігі бар, тағдыры ауыр балалар қамқорлыққа алынғандығын біле бермейді. Бірақ аз уақытта байқағаным, олар осы жерге келіп балалардың өмірімен танысқанда көзқарасы өзгереді. «Осындай да балалар бар екен ғой, оларға көмектесу керек» деп шешім қабылдап, аттанған азаматтар баршылық, – дейді мекеме басшысы Кемел Ермекұлы.

«Қуантсаң, баланы қуант», «Берсең, балаға бер» деп халқымыз тегін айтпаған. Олар да қоршаған ортасынан мейірім мен жылулықты қажет етеді. Бірі үрейлене, бірі жаутаңдай, енді бірі мөлдіреп, күлімдеп қараған жанарлардан ұққанымыз – бәрі де бізден бірауыз жылы сөз күткендей болды.

Мекемеде әлі де атқаратын істер көп. «Ауладағы Кеңес кезінен келе жатқан ойын алаңдары жаңартылса, балалар арбамен еркін серуендейтін арнайы тротуарлар жасалса тіпті керім болар еді», — дейді мамандар. Бәлкім, осы мақаланы оқыған қол-ұшын берер қайырымды жандар мейірім ұялаған мекенге демеушілік жасап қалар…

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Еңбек ардагері Тыныштыбай БЕКЕБАСОВ: «Екпешөп шаруашылығын дамытайық»

Күні: , 124 рет оқылды

DSC_0053


Осыдан біраз күн бұрын «Орал өңірі» газеті редакциясының қызметкерлері Сырым ауданының Алғабас ауылдық округінде болып қайтты.


Бұл ауыл-аймақтағы оқырмандармен кездесу Алғабас ауылдық мәдениет үйінде өтті. Ел-жұртпен жүздесуді ауылдық округ әкімі Өркен Әменов ашып, жүргізіп отырды. «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин алдымен облыстық газетте экономиканы ілгерілетіп, халықтың әл-ауқатын арттырар мемлекеттік бағдарламалардың жай-жапсары, ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті өрістету қорлары бойынша берілетін несиелер мен демеуқаржылар жөнінде мағлұматтар жүйелі беріліп тұратындығын айтып өтті. Сонан соң әңгіме ауаны бала тәрбиесіне сергек қарау, жас жігіттердің басым көпшілігінің денсаулығының әскерге жарамсыздығы, ел-жұртты жат діни ағымдарға арбалудан сақтандыру, соңғы кездері жиілеп кеткен суицидтің алдын алу, ауыл тазалығы сықылды өте көкейкесті мәселелерге ауды. Редакция басшысы бұл тақырыптарды соңғы кездері газетте жарияланған мақала-мате-риалдармен байланыстыра отырып тілге тиек етті. Өз кезегінде ауыл тұрғындары да өздерін толғандырған тақырыпта ой қоз-ғап, пікірлерін ортаға салды.

Тыныштыбай БЕКЕБАСОВ,

зейнеткер:

– Кеңестік кезеңде колхоздың малын бақтым. Алғабас бұрын шаруасы дүрілдеген «Қызыл ту» ұжымшарының орталығы болды. Мен сол ұжымшардың Ақсай деген бөлімшесінде еңбек еттім. Біздің бөлімшеде тоқсанға тарта түтін болды. «Қызыл ту» колхозының Ақсай бөлімшесі 12 мың гектарға егін салып, өнім алынды. Кейін қоғамдық формацияға қоса, меншіктік қатынастар өзгерген кезде 80-ге тарта шаруа қожалығы біраз жыл жақсы жұмыс істеді. Солардың қатарында менің де жеке қожалығым болды. Мал өсірдім, шөп шаптым. Дегенмен қазір жер дұрыс игерілмей жатыр. Біздің ауылмен көршілес Талдыбұлақ ауылдық округінде егін салып, арпа-бидайдан тым жақсы өнім алып жүрген қожалықтар баршылық. Біздің округтің аумағында еркекшөп мол өсетін алқап болды. 1967 жылы 25 мың гектар алқапқа еркекшөп егіліп, мол өнім бергені есімде. Сол кезден бастап ұжымшардың әлеуеті көтерілді. Шаруашылық иелігінде 28 мыңнан астам қой, 20 мыңнан үстінде ірі қара, қарайған техника болды. Бүгінде егін шаруашылығы кенже қалып жатқанына, даланың шұрайлы төсі игерілмейтіндігіне қынжыламын. Осыдан он шақты жыл бұрын сол алқаптың 1000 гектардайын босқа жыртып тастады. Қазір орнын қаңбақ басып кетті. Алда-жалда егін шаруашылығын біржола жылы жауып қойған болсақ, ең болмаса еркекшөп (житняк), судан шөбі, жоңышқа (люцерна) секілді екпе- шөптер егіп, мал азығын мықтап қамдайық. Меніңше, екпешөп шаруашылығын дамыту – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің күретамыр бір саласы.

Өркен ӘМЕНОВ,

Алғабас ауылдық округінің әкімі;

– Тоқсаныншы жылдары «Қызыл ту» колхозының мал-мүлкі мен жері жетпістен аса шаруа қожалығына бөлінді. Кей қожалық иелері өз күшімен егін салды. Бірақ кейбіреулері шаруасын жөндеп жолға қоя алмай, еккен егіндерінен жөндеп өнім ала алмай, кейін тарап кетті. Оның үстіне жылма-жыл қайталанған қуаң-шылық та «жығылған үстіне жұдырық» болды. Бертін келе бірнеше мың гектар егістік алқаптың мүлдем игерілмей қалғаны рас. Дегенмен, қазір Үкімет тарапынан пайдаланылмаған жерді түгендеу, мемлекет есебіне кері қайтару жүріп жатыр. Қазір жер телімін тиімді пайдаланбайтындарға салынатын салық 10 есеге дейін көбейді. Қайтарылған жер телімдерін іскер шаруаларға беру ісі жалғасуда. Арамшөп басқан бұрынғы егістік орындарын жаңғырту жоспарлануда. Қазір мемлекеттен егістік алқабының 1 гектарына 4-5 мың теңге көлемінде демеуқаржы бөлінуде.

Тыныштыбай КӘРІМҒАЛИЕВ,

ардагер-ұстаз:

– Қырық жылдан астам уақыт ауыл мектебінде биология, география пәндерінен сабақ бердім. «Орал өңірі» газетінің бірнеше жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Осы сіздер келердің алдында «Орал өңірінен» қазіргі ата-аналардың бала тәрбиесіне аптасына бар болғаны 25 ми-нут-ақ бөлетіндігін оқып жағамды ұстадым. Ал енді 7-сыныпта оқитын қызын ертіп Сирияға кеткен әйел жөнінде оқығанда аза бойым қаза болды. Бұл – теріс діни ағымға арбалудың кесірі. Кеңестік кезеңде бізді атеистік сенімге тәрбиеледі. Қазір биология оқулығынан Чарьлз Дарвиннің эволюция теориясын алып тастау қажет деп жатыр. Таным-түсінік өзгеруде. Дегенмен ғылым ғылым күйінде қалуы тиіс. Елдің тыныс-тіршілігін білейік деп ат басын бұрып отырғандарыңызға рақмет. Біздің жақта да көзіқарақты оқырман баршылық, әрине. Ауылымыздың жағдайы едәуір оңды. Көгілдір отын мен сапалы судың игілігін көріп отырмыз. Электр жарығымен қамту бойынша кедергі жоқ. Орал қаласы мен аудан орталығына асфальт жолмен қатынаймыз.

Саламат ҚАНАЛИЕВ,

Молдаш Қаналиев атындағы мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Облыстық «Орал өңірі» газеті бала күнімізден етене таныс. Газет сапасында соңғы жылдары үлкен өзгерістер бар. Әр түрлі айдарлар, арнайы беттер бойынша оқылымды материалдар көп. Әсіресе, бейсенбіде шығатын санын асыға күтеміз. Тәрбиелік, танымдық мән-маңызы зор мақалалар жарияланады. Қазір жастар арасында кездесетін діни сауатсыздық салдарын айттыңыз. Мектепте жат ағымға қарсы іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. «Дінтану» факультативтік пәні жүреді. Сонымен қатар оқушылар мен ата-аналардың, тіпті мұғалімдердің де діни сауатын арттыру үшін дін қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Ауылымыздағы әлеуметтік, мәдени, білім беру нысандары, тұрғын үйлер көгілдір отынмен қамтамасыз етілген, жылы. Дегенмен, ауылдық округтегі екі елді мекеннен келген балалар Алғабасқа ауысып жатыр. Балабақшаға және бірінші сыныпқа баратын балалар көбеюде. Мектеп ішінде бөбекжайға ар-налған бөлмелер тарлық етуде. Оның үстіне, шағын орталық бар. Асхана тар болғандықтан, тамақтанудың гигиеналық талаптары сақтала бермейді. Сондықтан жаңадан бөлек балабақша салынғанын қалаймыз. Бұл мәселе жөнінде аудан әкімдігі хабардар. Дегенмен бұл бағытта құрылысты қолға алуға мүмкіндік жоқ екені айтылды. Тұрғындар сұранысын облыстық деңгейдегі басшылық назарына ұсынуларыңызды сұраймыз. Жастар ұялы телефонға, ғаламторға құмар. Олардың бос уақытын тиімді өткізу үшін спорт алаңы салынғанын қалаймын.

Нұрболат ЖҰМАҒАЗИЕВ,

жастар белсендісі:

– Біздің ауыл-аймақта жастар баршылық. Сондықтан белсенді жастардың басын қосатын ұйым құрғымыз келеді. Ауылда мә-дени, спорттық шараларды тың бағытта өткізуге ынталымыз. Ақсақалдар, аға буын, аудан мен ауыл басшылығы қолдау білдірсе, біраз игілікті шаруаға ұйытқы бола алатынымызға сенімдіміз.

Шынтас МҰСТАЖАПОВ,

ауылдық мәдениет үйінің директоры:

– Біраз жылдан бері «Орал өңірінің» тұрақты оқырманымын. Мазмұнды, тартымды мақалар жиі шығады. Еңбектеріңіз жана берсін!

Ұлболсын КАРИНА,

Алғабас ауылдық модельді кітапханасының меңгерушісі:

– Біздің кітапханада ұлттық тәрбие, салауатты өмір салты, жат діни ағымдардан сақтану, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде тәлімдік шаралар өткізіліп, жаңағыдай тақырыптар бойынша көрмелер ұйымдастырылып тұрады. Оқырмандарымыздың арасында шығарма байқауына қатысып, жүлделі орын иеленгендері де бар. Біз өз жұмысымызда мерзімді баспасөз өнімдеріне, соның ішінде өзіміз сүйіп оқитын «Орал өңірі» газетіндегі танымдық-тағылымдық дерек-дәйектерге жиі сүйенеміз.

Алғабастық оқырмандардың ой-пікірін қағазға түсірген  Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»,

Сырым ауданы


Бөрлі қырғыны

Күні: , 303 рет оқылды

сурет5-6 кулпытастарды шыгару барысы (1)


Кеңес үкіметінің қазақты елдігінен айырып, отарлау үшін жасаған сорақылығы патшалық Ресейден де асып түскен. Соның бір көрінісі – әр қазақ үшін қасиетті ата-баба зиратын қиратып, жоспарлы түрде жою. Құлпытастарды тыңғылықты зерттеуді ұйымдастыра жүріп, осының дәлелі болатын жағдайға тап болдық. Өткеннің озбырлығына кездейсоқ кездеспедік, жүйелі жасалған жұмыстардың нәтижесі бұл.


Жасалған жұмыстар

Бүгінгі атқарып жүрген істеріміздің өзі уақыт өте тарих қойнауына енер. 2012 жылдан жарық көре бастаған республикалық «DANAkaz» журналының алғашқы нөмірінен бастап «Құлпытас кілтін ашайық» арнайы айдарын бастаған болатынбыз. Осы кезден-ақ біздің өңірімізде бұл сала терең зерттелмегеніне, тіпті ешқандай жүйелі жұмыс жасалмағандығына көзіміз жеткен. 2014 жылы қоғамның назарын аудару мақсатында Ақжайық, Қаратөбе, Сырым аудандарында орналасқан елу құлпытасты кірістіріп, «Құлпытас сырын ашайық» атауымен жинақ шығардық. Осы жинақтың таныстырылымы тұсында профессор Әшірбек Мүмінов бастаған бір топ ғалым Оралға келген болатын. Оларды облыс аумағындағы бірнеше көне қорымға алып бардық. Құлпытастың көптігіне таңданыс білдірген мамандар ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтына біздің облысымыздың эпиграфикалық ескерткіштерін зерттеу үшін арнайы жоба дайындады. Ол құпталып, «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы ретінде (Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштері негізінде)» атты 2015-2017 жылдарға арналған ғылыми жоба бекітілді. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы БҚОФ жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінде де бұл тақырып талқыланып, қызу қолдау тапты. Алдағы уақытта еліміздің аумағындағы барлық құлпытастың орналасу картасын жасап, толық суретке түсіріп, араб әліпбиіндегі мәтіннің бәрін кириллицаға аударып, шынайы тарихымызды жазуға қажет мәліметті бір жерге жинастырып, толық зерттеудің маңыздылығы мен оны жүзеге асырудың жолы туралы жазылған ойымыз республикалық, облыстық басылымдарда жарық көрді. Одан әрі осы бағыттағы істерді бірлесіп атқару мақсатында «Нұр Отан» партиясы БҚОФ, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, «Жайық Пресс» ЖШС және «DANAkaz» тарихи-танымдық журналы меморандумға қол қойды. «Орал өңірі» газетінде «Құлпытас құпиясы» айдары ашылса, аудандық газеттер де осы тақырыпқа қозғау сала бастады. Әр ауданда аудан әкімдерінің ұйымдастыруымен құлпытастарды зерттеу бойынша арнайы топ құрылды. Біз оларға арнап нұсқаулық дайындап, таныстырдық.

Осы жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілді. Қорытындысында арнайы қаулы қабылдап, барлық аудандарға нұсқаулыққа сай жұмыстануды тапсырды.

Бөрлі сапары

Биыл көктем шығысымен Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Зеленов аудандарындағы жұмыс тобымен арнайы кездесіп, ұйымдастыру жұмыстарын пысықтадық. Міне, осы сапарымыздың барысында Бөрлі ауданына қарасты Бөрлі ауылында жантүршігерлік жағдайға тап болдық (сурет 1).

2007 жылдары «Бөрлі ауылының маңындағы МТС ғимаратының іргетасы құлпытастан қаланған екен, соны түгел шығарып, қазіргі ауыл маңындағы қорымға апарып қойып, ас берілді» дегенді естуші едік. Осы орынды көзбен көре кетейік, шығарылған құлпытастардың тағдыры не болды екен деп арнайы соқтық. Құлпытастарды Бөрлі ауылының маңындағы мұсылман қорымына шалқасынан қойған екен. Шамамен сынықтарын қосқанда жүзден аз-ақ асады. Одан әрі Бөрлі ауылынан 500 метр қашықтықта орналасқан, 1930-1935 жылдары салынған МТС-тың орнына бардық. Ескі ғимараттың орны екендігі айналасындағы үйінділер мен іргетастан ғана байқалады. Жақындап қарасаңыз, айналасында сынған құлпытастар шашылып жатыр, қаланған іргетас та құлпытастан салынғаны анық көрінеді. Біз аң-таң болдық. Толық аралап шықтық. Істің шала жасалғанына көзіміз жетті. Артынан сұрай келе, бұл жағдайды еңбектеген жасынан еңкейген кәрісіне дейін бәрі де білетіндігін түсіндік.

 

2007-нің тарихы

 

2004 жылы алғаш рет МТС іргетасы құлпытастан салынғандығы туралы Берік Исмағұлов есімді азаматтың айтуымен Бөрлі аудандық газетіне жарияланған екен. 2007 жылы билік орындары хабардар болып, «Нұр Отан» ХДП БҚОФ бас болып, құлпытастарды шығару жұмысын ұйымдастырған. Белгілі бір бөлігі шығарылғаннан кейін арнайы ас беріліпті. Оған сол кездегі облыс әкімі Н. Әшімов, «Нұр Отан» ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы М. Құлшар, Қазақстан халқы кіші ассамблеясы атқарушы хатшылығы басшысының орынбасары В. Киянский, Бөрлі ауданының әкімі Қ. Имашев, аудандық мәслихаттың хатшысы И. Ізмағамбетов, Серафим Саровский шіркеуінің иерейі Д. Носков т.б. ел азаматтары қатысыпты. Облыс басшысы Нұрғали Сәдуақасұлы: «Тастардағы жазуларды, олардың иелерін анықтауды ғалымдарымыз бен зерттеушілеріміздің еншісіне қалдырайық» — деп, құлпытастар тарихы анықталған соң, оларға Ақсай қаласынан арнайы орын бөліп, ескерткіш қорым ашылатындығы туралы айтыпты. Осыдан соң түрлі себептермен жұмыс тоқтап қалған.

 

Бүгінгі күн

 

сурет5-6 кулпытастарды шыгару барысы (4)

Мамырдың 15-і күні Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында 1930 жылдары МТС құрылысы үшін қиратылған құлпытастарды зерттеу, қорғауға алу мақсатында БҚО тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Талғат Жүсіпқалиев, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сафималиев және осы жолдардың авторы-ның қатысуымен Бөрлі ауылының жергілікті ақсақалдарымен кездесу өтті. Осы жиынға ауданнан арнайы келген ақсақал Мұхтар Боқаев ауыл тарихына байланысты көптеген әңгіме айтты. Алды сексенге келіп қалған жергілікті қарттар Сағидолла Қабиев, Нұржан Жұмағұлов, Ғауаз Мұқанов секілді ақсақалдар бұл құлпытастардың қай қорымдардан әкелінгенін де біледі екен. Солардың айтуымен жиналыстан соң бірнеше ескі қорымға арнайы бардық. Бірі ауылдың дәл маңында, қазіргі қоршалған мұсылман зиратының сыртында 200 метрдей жерде орналасқан. Жер бедерінен-ақ үлкен қорым болғандығы байқалады. Көне қорымның орта шамасында қасқайып жалғыз құлпытас тұр. Қарттар «Заманында құлпытастарды жинаушылардың тракторлары бірі сынып, бірі өшіп, бірі батып, құлпытасты ала алмапты. Сол әлі бар» деп айтып еді. Рас болып шықты. Қазыбек Құттымұратұлы оқып шықты. Құлпытаста «Тама руы Кенжебек тайпасына жататын Жаманқұл баласы Кенжеғұлдың 1865 жылы 49 жасында опат болғандығы», «тас қойған баласы» (сурет 2) екендігі жазылған екен.

Біз арнайы барған келесі қорым Бөрлі ауылынан 40 шақырымдай жердегі бұрынғы Амангелді ауылының маңында. Бізді Бөрлі ауылының тұрғыны, 1936 жылы туған Сағидолла Қабиев ақсақал шөп басқан дала жолымен дәл апарды. Бір қызығы, мұнда да үлкен қорымның орта шамасында жалғыз құлпытас тігінен тұр.

Бұның да тарихы алдыңғы құлпытаспен бірдей. Бұл таста «Тама руы Құдайғұл тайпасының биі Жанай бай Еділ баласының 1856 жылы 80 жасында дүниеден өткендігі», «ескерткішті баласы Бекайдар тұрғызғаны» (сурет 3) жазылған.

Жақында араб әліпбиіндегі жазуларды оқуды жетік меңгерген «Жайық Пресс» ЖШС қызметкері Қазыбек Құттымұратұлы мен Жаңақала аудандық мешітінің имамы Мұратбек Жахатов 2007 жылы шығарылған құлпытастарды суретке түсіріп, нөмірлеп, аудару үшін Бөрлі ауылына арнайы барды. Нөсер жаңбырға қарамай, екі күннің ішінде жұмысты бітіріп келді. Сол сапар барысында Бөрлі ауылынан 6 шақырымдай қашықтықтағы Масайтөбе деген жердегі қорымды да қарай келіпті. Бұл қорымда да жалғыз құлпытас сақталған. Онда былай жазылған екен: «Ағузу биллаһи мин аш-шайтан ир-раджим. Бисмиллаһи ар-рахман рахим, лә илаһа ил-Алла, Мухаммад расул Алла. Тама руы Құдайғұл тайпасы Қосшы Құбайұлы 1900 жылы 68 жасында өмірден өтті, бұл тасты Тайлақ мырза жаздырды (сурет 4).

Осылайша МТС салу үшін құрбан құлпытастар нақты қай жерден әкелінгенін де біле бастадық.

Мән-жайдан хабардар болған облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы жұмысты қайта жаңғыртып, құлпытастарды толық шығаруға тапсырма берді. Қазір Бөрлі ауданында бұл жұмыстардың дені еңсерілді (сурет 5).

2007 жылы сынығы мен толығы бар жүзге тарта құлпытас шығарылған, биылғы жұмыстың нәтижесінде сынықтарымен қоса алғанда жүз жетпістей құлпытас-ты құрсаудан босаттық.

 

Бөрліде саяси қуғын-сүргін құрбандары атылған

 

Мамырдың 15-і күні өткізілген жиналыстан соң Мұхтар Боқаев Бөрлі ауылы ішінде өзі әңгімелеген бірнеше жерге апарды. Соның бірі – суретте көрсетілген үй (сурет 6). Ақсақалдың айтуынша, Бөрлі ауылындағы бұл үй 1937-1938 жылдарда НКВД ғимараты болыпты. Бөрлі ауданының архивін ұзақ жыл басқарған ақсақал дәл осы жерде 40 адамның ату жазасына кесілгенін анықтаған. Үлкендер көзіне жас алып, «Талайды басына қап кигізіп, қолын артына қайырып алып бара жатқанын көзімізбен көрдік, аз уақыттан кейін жендеттер өздері кері қайтып келетін» деп айтады екен. Сонымен қатар осы үйден 250-300 метрдей жерде орналасқан (сурет 7) алып ағаштардың түбінде сот үкімімен ату жазасына кесілгендерді атып өлтіріп, сол жерде орға лақтыра салғанын да ертеректе үлкендер айтыпты. «Мына алып ағаштар – соның куәсі, бұл жерде аталарымыздың сүйегі әлі жатыр, осы маңнан өткенде бет сипап өтіңдер» деп көзі көрген қариялар тапсырған екен.

Болашақ ұрпақ ата-бабамыз қандай қанды қырғыннан өткендігін білу үшін осы жерлерге арнайы белгі қойылып, адам сүйегі жатқан жерді қоршау бүгінгінің басты істерінің бірі болуы тиіс.

Бұл қанды қырғын оқиғалар бір ауылдың маңында, 1930-1940 жылдар аралығында ғана болған. Түбін түптеп іздестірсек, әлі қаншама ақтаңдақ өз уақытын күтуде?! Санасыздық па, әлде салғырттық па, әйтеуір, болашақ үшін маңызды істердің атқарылуы баяу. Өткеннен сабақ алмай, болашаққа жылжу мүмкін емес. Бұрын біз бодан болсақ, біреудің күштілігінен емес, өзіміздің әлсіздігімізден болдық. Енді шалыс баспау үшін тарихымызды түгендеп, сабақ алғанымыз жөн.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры


Жаңа үш нысан

Күні: , 86 рет оқылды

0Gu8oTn4NUM


ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесінің қарсаңында Сырым ауданында бірқатар игі шаралар өтті.


Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығы Тоғанас ауылындағы наубайхана күрделі жөндеуден кейін қайтадан жұмысқа кірісті. Қособа ауылдық округінің орталығы Қособа ауылында халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұл нысан арқылы жергілікті халыққа шаштараз, ателье, аяқ киім жөндеу және автосервис сияқты қызмет түрлерін пайдалану мүмкіндігі туды. Жетікөл ауылдық округінің орталығы Қосарал ауылында жергілікті спортсүйер бұқараның игілігіне жаңа нысан пайдалануға берілді. Аталған барлық нысандардың ашылуына аудан әкімі Абат Шыныбеков қатысып, ауыл тұрғындарын мемлекеттік мейраммен құттықтады.

Тоғанас ауылындағы жеке кәсіпкер Жанаргүл Айтақашеваның  азық-түлік дүкені мен шағын наубайханасы елге біраз жылдан бері қызмет етіп келеді. Биылғы жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының аясында 2 млн. 900 мың теңге несие алған кәсіп иесі шағын наубайханасының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізді. Өндіріс орнының техникалық мүмкіндігін ұлғайту бағытында толықтай электр қуатымен жұмыс жасайтын нан пісіретін пеш пен қамыр былғайтын қазан сатып алды. Жаңа электронды пеш 48 қалаш нанды бір пісіреді. Наубайхана екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Қособа ауылындағы халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орталығының қызметін жолға қою мақсатында жеке кәсіпкер Наурызғали Бисенов «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 3 млн. теңге көлемінде несие алған. Алынған несие арқылы ауылдағы ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жасалды. Әрбір ауылда үй жағдайында ғана қызмет көрсететін, қолы епті, еңбегі жергілікті жерде сұранысқа ие адамдар болады. Олардың біреуі көлік жөндейді, бірі шаш қияды, ал бірі киім тігеді. Күні бүгін халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орталығында ауылдың осындай 4 азаматы өз кәсіптерімен ресми түрде шұғылдануға кірісті. Тұрғындарға тиімді болуы үшін ауыл кітапханасы да  осы орталыққа орналасты.

Ал Қосарал ауылындағы жаңа ғимаратта «Қайсар» спорт клубы Жетікөл ауылдық округінің филиалы орналасты. Мұнда әдіскерлерге арналған бөлме мен киім ауыстыратын орын және кішігірім спорт залы бар. Спорттық зал шағын спорт сайыстарын өткізуге өте ыңғайлы. Күрделі жөндеу көргенге дейін бұл ғимарат қаңырап бос тұрған еді. Бұл жұмыстар «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Біздің ауыл» жобасы аясында  жүзеге  асып  отыр.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


Энергетиктер күні тойланды

Күні: , 124 рет оқылды

IMG_0245


22 желтоқсан, сейсенбіде облыс энергетиктері өздерінің төл мерекесі – Энергетиктер күнін салтанатты түрде атап өтті.


Бұған өңір энергетиктерімен қоса облыс және қалалық әкімдік басшылығы, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Салтанатты шара өңір энергетиктерінің ауқымды жұмысын баяндайтын бейнекөрсетіліммен басталды. Бұдан соң «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-ның  басқарма төрағасы Қуат Мусин жиынды ашып, әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады.

– Қазіргі таңда біздің компания Батыс Қазақстан ЭЖТК-ның электр тораптары шаруашылықтары жұмыстарының сенімділігін маңызды деңгейге көтеруге, техникалық ысыраптар мен пайдалану шығындарын азайтуға және тұтынушыларды электр энергиясымен қамтудың сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін жалпы сомасы 1605,1 млн. теңге тұратын 2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасын бекітті. 2015 жылға 220,0 млн. теңге инвестициялық міндеттемелер жоспарланды және олар толық көлемде игерілді. 2002-2015 жылдар аралығында Батыс Қазақстан ЭЖТК нормативтен жоғары ысыраптарды азайтуда ауқымды жұмыстар атқарды. Мысалы, 2002 жылы нормативтен жоғары ысыраптар 8,51 пайыз болса, ал 2014 жылы ол 0,38 пайызды құрады, ал ағымдағы жылдың 11 айында ысырап толық жойылды. Компания «ҚПО б.в»мен «Электр энергиясын тасымалдаудың сенімділігін арттыру» жобасы бойынша ГТЭС, «ҚПО б.в.» және «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ электр тораптары арасында жалпы сомасы 900,5 млн. теңге, соның ішінде 2015 жылы 574,1 млн. теңгеге келісімшарт жасады. Биыл үшінші жыл қатарынан компания нақты уақыт тәртібінде энергияны тұтынуды бақылау мен тиімділігін қамтамасыз ететін, тораптардағы техникалық ысыраптарды анықтайтын ЭТБЕАЖ-ны енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп отыр. Соңғы жылдары облысымызда көптеген жаңа энергетикалық нысандар салынып,  пайдалануға берілді, қолданыстағы электр тораптарын жаңғырту мен қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы сомасы 85,552 мың теңгеге ұзындығы 22,3 шақырым «Қазақстан-Успеновка» 35 кВ-ӘЖ-сы қайта құрылымдалды, «Переметное», «Чапаев», «КС-3» қосалқы станциялар жаңғыртылды. Орал қаласы бойынша 37,672 мың теңгеге ұзындығы 7,67 шақырым болатын 10/0,4кВ ӘЖ мен КЖ қайта-қайта құрылымдалды. Біздің компания қызметкерлердің кәсіби шеберлігі мен еңбекқорлығының арқасында осындай үлкен жетістіктерге жетті, – деген басқарма төрағасы сала мамандарына ризашылық сезімін білдіріп, олардың жұмысына жеміс тіледі.

Облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев пен Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов өңір энергетиктерін мейрамдарымен құттықтап, жыл бойы нәтижелі жұмыс жасаған бір топ сала мамандарына облыс әкімінің алғысхатын табыс етті. Осы кеште Қазақстан электр энергетика қауымдастығының «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ қызметкерлерін ынталандыру туралы» ережесіне сәйкес «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ директорының бірінші орынбасары, бас инженер Марат Жұмағалиев пен  «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ қалалық филиалының бастығы Сергей Доляға «Қазақстан электр энергетика қауымдастығының еңбек сіңірген энергетигі» атағы беріліп, төсбелгілер табысталды. Сондай-ақ аталмыш мекеменің жетекші инженері Леонид Батехин «Қазақстан электр энергетика қауымдастығының құрметті энергетигі» атанса, аға диспетчер Людмила Фролова «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы» энергетикалық кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұдан басқа тағы бірқатар сала мамандарына ұзақ жылғы мінсіз еңбегі үшін Қазақстан электр энергетика қауымдастығының «Энергетика ардагері» және «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-ның «Энергетика ардагері» куәлігі мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Жиында марапат иелері мекеме басшыларына алғыстарын айтып, шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Жарық пен жылу сыйлаған

Күні: , 182 рет оқылды

DMS_8287


22 желтоқсан күні «Жайықжылуқуат» АҚ-ның құрылғанына 55 жыл толды. Осы мерейтойға орай және Энергетиктер күніне байланысты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев кәсіпорын қызметкерлерін құттықтап келді.


– Бүгін атаулы күн. Себебі қазіргі техника мен технологияның дамыған заманында қуат көзінсіз өмір сүру қиын. Күнделікті өмірде кранды ашып, жылы суды, тетікті басып, жарықты пайдаланамыз. Міне, мұның бәрі сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында мүмкін болып отыр. Бұл жарық пен жылуға өздеріңіздің жан жылуыңызды да қосып отырғандарыңызға сенімдімін. Осы сәтті пайдаланып, өңіріміздегі барлық энергетиктерді, осы салаға қатысты мамандық иелерін, ардагерлерді кәсіби мерекелерімен және «Жайықжылуқуат» АҚ қызметкерлерін кәсіпорынның құрылғанына 55 жыл толуымен құттықтаймын. Атқарып жүрген қиын да абыройлы істеріңізге халықтың ризашылығы ортаймасын деп тілек айтамын.

Осы жерде уақыт пен қоғам қойып отырған міндеттерді орындауға қауқарлы кәсіби біліктілігі жоғары мамандар қызмет ететінін білемін. Елу бес жыл бұрын бұл жерде көмірді пайдаланса, артынан мазутқа, сосын газға ауысты.

Ал жапондық газтурбиналық қондырғының салынуы кәсіпорынның тағы бір белеске көтерілгендігін көрсетеді. Соның арқасында пайдалы әсер коэффицентін арттыруға, электр қуатын өндіруде пайда болатын буды қолдануға мүмкіндік туды. Кәсіпорын жаңа технологияларды пайдалану  бағытындағы жұмыстарды одан әрі дамытарына сенім мол. Иә, осы уақыт аралығында аталмыш ұжыммен де, жалпы энергетика саласы қызметкерлерімен көптеген жұмыс істелді. Алда тұрған міндет те аз емес. Мемлекет басшысы қуат үнемділігін, қуат қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне жете көңіл бөліп отыр. Сол себепті біз заманауи кәсіпорындар салудамыз. Оған жоғарыда айтып өткен газтурбиналық қондырғының, қуаттылығы 54 МВт болатын ГТЭС-тың бой көтергендігі және таяуда Белес ауылында ашылған 100 МВттық газ-турбиналық стансасы дәлел. Бұл нысандар облысымыздың, республикамыздың энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Тұрғын үй-коммуналдық кешенін қайта жаңғырту бағдарламасына сәйкес біз өңіріміздегі, соның ішінде Орал мен Ақсай қалаларындағы жылу желілерін жаңғырттық. Сондықтан соңғы үш жылдан бері бұл желілерде ірі апат орын алған жоқ. Бұл жайт су, электр желілеріне де қатысты. Алдағы уақытта да инфрақұрылымдарды дамытуға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Содан кейін облыс басшысы аталмыш кәсіпорынның бір топ қызметкерін алғысхатпен марапаттады. Тағы бір топ қызмет-кер Орал қаласы әкімінің алғысхатын алды.

Сала ардагерлері атынан сөз алған Виктор Графкин өзінің еңбек жолы осы жерден басталғанына қуанышты екенін айтты. Қарапайым жұмысшыдан бастап кәсіпорын директорына дейін көтерілді. Иә, ол кезде кәсіпорын да шағын болды, одан жылу қуатын алатын қаладағы үйлер мен мекемелер де аз болды. Қазір бәрі басқа. Жаңа технология, олардың «тілін» түсінетін жаңа мамандар, жаңа талап. «Елу жылда ел жаңа» деген – осы. Ал осы мерейтойға  орай арнайы келген Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтының бас инженері Виталий Дьяченко осыдан елу бес жыл бұрын қуат, су ысыту қазандықтарын қоюды, артынан кәсіпорын аумағын кеңейтуді, ал бертін келе газтурбиналық қондырғыны орналастыруды жобалау жұмыстарына қатысқаны үшін өзін бақытты сезінетінін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Мұрат Иғалиев кәсіпорынның дамуына барынша қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін облыс, қала басшылығына өз ризашылығын білдіріп, қала тұрғындарын жылумен, қуатпен қамту бағытындағы алда тұрған міндеттерге тоқталды.

Мерекелік шара соңы Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концертіне ұласты.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Суреттерді  түсірген Медет ДОСЫМОВ


Қандастар қамқорлыққа ділгер

Күні: , 91 рет оқылды

1 оралмандар


Облыстық ішкі саясат басқармасының мәжіліс залында «Оралмандарды қоғамдық өмірде әлеуметтік қолдау және бейімдеу қызметінің жұмысын ұйымдастыру»  тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шараны облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан аграрийлері» қоғамдық бірлестігі оздырды. Шараға оралмандар, мемлекеттік мекемелердің жетекшілері, құзіретті органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.


Алқалы басқосуды жоғарыда аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Меңболат Сахметов жүргізіп отырды. Жиналғандарға «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілген «Қазақ көші қалай түзеледі?» атты хабарынан үзінді ұсынылды. Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Ж. Ихсанова күн тәртібіндегі мәселе бойынша ой қозғап, пікірін ортаға салды. Дөңгелек үстел барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Ерболат Сағынов, оралман кәсіпкер Мұрат Әшірметов, ІІД көші-қон полициясының аға инспекторы Айгүл Шанаева, Тасқала аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Бәтима Кеңтоғаева сөз алып, көкейде жүрген ойларымен бөлісті.

Ерболат Тілекқабылұлының хабарламасынан аңғарғанымыз – өңірге қандастардың ат басын тіреуі 1993 жылдан бастау алады. Күні бүгінге дейін көшіп келген бауырларымыздың саны 17561 адамға жетіпті. Тарихи Отанына оралғандардың басым көпшілігі Өзбекстан, Қытай, Ресей елдерінен. Тек биылдың өзінде 37 қандасымыз азаматтыққа қабылданып, бәріне де оралман мәртебесі берілген. Қандастардың атақонысына оралып, бірден бауыр басып кетуіне Елбасымыз Н. Назарбаевтың өзі көңіл бөліп, іс барысын қадағалауда. Нәтижесінде бауырларымыздың жұмыс табуына немесе жеке кәсібін ашуға жағдай туғызылып келеді. Өңіріміздегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарында талай оралманның ұл-қызы білім алып жүр. Жалпы Қазақстан бойынша миллионнан астам шетелдік қазақ атақонысына оралыпты. Ал әлі де сыртта жүрген төрт миллион қандас барын ескерсек, жоғарыдағы көрсеткіш аздық етеді.

Алайда істе қиыншылық пен үйлеспеушілік те жеткілікті. Мәселен, жерді еміп өскен өзбек немесе қытай елінен қоныс аударған қандасымызға жалға телім алу қиын. Мұнда мемлекеттің түк кінәсі жоқ. Қолдан қиындық туғызып отырған жергілікті шенеуніктер ғана. Жекелеген ресми билік өкілдерінің кез келген міндетті жұмысы үшін пара алуға ұмтылып тұратыны да құпия емес. Осындай келеңсіз көріністер хақында кейбір оралмандар ашынып әрі ашық айтады. Екінші мәселе – олардың  арасында жұмыссыздық азаймай келеді. Үшіншісі – құжаттарды  заңға сай рәсімдеудегі сәйкессіздік. Тіптен сорақысы – жекелеген  адамдардың аты-жөні тым бұрмаланып, ресми тілге бейімделіп жазылады. Оралманның тарапынан да заңды білмеушілік немесе түсінбеушілік жағдайлары байқалады. Демек, көп толықтырулар енгізіліп, таяуда қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның жаңа нұсқасының ресми билік пен оралмандар арасындағы талай түйткілдердің түйінін шешері сөзсіз.

Отырыс соңында жиналғандар Елбасымыз Н. Назарбаевтың БАҚ өкілдерімен бейресми кездесуіндегі қандастарға қатысты пайымдауларын тыңдады. Сондай-ақ жыл қорытындысына байланысты жекелеген оралмандар мен мемлекеттік органдар қызметкерлеріне алғысхаттар табыс етілді.

Серік ИХСАНҒАЛИ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика