Мұрағат: 22.12.2015


Мейірімді ауыл

Күні: , 347 рет оқылды

DSC_0214


Осыдан бес-алты жыл бұрын Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылдық округіне қарасты Сегізсай ауылындағы мектепке де жабылу қаупі төнген-ді. Алақандай ауылдағы жалғыз мектепті жабылудан құтқару үшін жергілікті жұрт 2010 жылдан бастап облыс орталығындағы балалар үйлерінен балаларды патронаттық тәлім-тәрбиеге ала бастапты.


Бұл сауапты іске сол кездегі аудан әкімі Айболат Сейтақ ұйытқы болған көрінеді. Осы-лайша сегізсайлықтар күні бүгінге дейін әртүрлі себептермен ата-ана қамқорлығынсыз қалған 22 жаутаңкөзді бауырларына басқан (бұл балалардың алды бүгіндері мектепті тәмамдап, өздері қалаған үлкенді-кішілі оқу орындарында білім сапарларын жалғастыруда). Мұндай мейірімді ауылға билік те оң көзбен қарап, осыдан тура бір жыл бұрын республикалық бюджет есебінен су жаңа мектеп салып берген (жоғарғы суретте). Іші-сырты сыңғырлап тұрған үшбу шағын білім ошағының маңындағы жазғы спорт қалашығының өзі әу-демжерден көз тартады. Бүгінгі таңда осы мектепте 17 мұғалім сабақ беріп, 50-ге жуық жас өрен білім нәрімен сусындауда. Сегізсай жалпы білім беретін тоғыз жылдық мектебінің директоры Сағындық Қайниязовтың мәліметіне қарағанда, мектепте көркемөнерпаздар мен тоғызқұмалақшылар үйірмесі, «Жас турист» өлкетану отауы жұмыс істейтін көрінеді.

Ауылдағы кітапханада еңбек ететін Светлана Берманова отағасы Жарылғасын Есетбаев екеуі – үш перзент сүйіп, бүгіндері қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырып, немере-жиендерінің алдын көріп, олардың бал қылығына кенеліп отырған бақытты жұбайлар. Өздері ата-әже боп үлгергендеріне қарамастан, Жарылғасын мен Светлана балалар үйінен 2 перзент асырап алған.

— Әуелі осыдан бес жылдай бұрын Оралдағы балалар үйінен Жанғалиева Гүлзада есімді қыз баланы үйге алып келдім. Бұл қызым қазір 8-класта оқиды. Сөйтсем, бертін келе отағасының, «Сен өзің қызды болдың, маған ұл бала қайда?» деп әзіл-шыны аралас базына айтуы жиіледі. Содан осыдан екі жыл бұрын Оралдағы балалар ауылынан Есенғалиев Ерген деген сүйкімді балақайды бауырымызға бастық. Ерген бүгінде 2-кластың оқушысы. Қамқорлығымызға алған ұлымыз да, қызымыз да үздік оқиды, әрі үй шаруасына екеуі де қолғанат. Гүлзада қызым үй жинау, тамақ пісіру, дастарқан қамдау секілді күнделікті шаруаға қазірдің өзінде төселіп қалды. Ал Ерген әкесінің қасында жүріп, сыртқы шаруаның жай-жапсарына қанығуда. Әсіресе, оған тайға мініп, мал қарап, мал қайырған ерекше ұнайды.

Тәрбиемізге алып, бауырымзға басқанымызға біраз уақыт өтсе де, аудандық, облыстық деңгейдегі әлеуметтік мекемелердің өкілдері ара-тұра келіп, балалардың тұрмыстық жағдайын әлі күнге дейін қадағалап тұрады. Мұндайда балалар «Өздері балалар үйін тез ұмытыңдар деп алып, тексеруге келіп, есімізге түсіре беретіндері несі?» деп өкпелеп, бұртиып қалады, — дейді екі бірдей жәудіркөзге жан жылуын сыйлап, жүрек мейірімін төгіп отырған Светлана ханым.

Қырық түтінді, 165 тұрғыны бар Сегізсай ауылының ынтымағы бізді тәнті қылды. Мәселен, олар үлкен-кішісі асарлатып жүріп ауылдарына келген Жәния Жұбанова, Зәкәрия Орынғалиев, Гүлназ Жәкиева секілді жас мамандардың, яки мұғалімдердің отбасына 2 жылда 4 үй салып берген. Баспана тұрғызудан тәжірибесі молайған сегізсайлықтар алдағы жазда және үш-төрт үй салмақ ниетте. Бұған қоса біз сегізсайлық педагогтардың балаларды әдебиет әлеміне жетелеу тәсіліне де сүйсіндік. Ауыл мектебінің психологы Айгүл Кенжебаеваның айтуына қарағанда, оқушылар күн сайын сабақ басталардан 15 минут бұрын құрбы-құрдастарына өздері оқыған әдеби шығарманың мазмұнын айтып береді екен. Әрі әр бала оқыған кітаптарынан алған әсерін арнайы дәптерге жазып отыратын көрінеді.

«Орал өңірі» газеті редакциясы қызметкерлерінің сегізсайлық оқырмандармен кездесуі барысында ауыл-аймағының сыйлы ақсақалы, бұрын егіс бригадасының бригадирі болып жылдар бойы жемісті еңбек еткен Зарлық Сүйіндіков: — Ауылымыздың бірлігі бекем, жұртымыз еңбекқор, сондықтан да тұрмыс-тіршілігіміз берекелі. Үлкен-кішіміз адал еңбектен қашпаймыз. Ауылдаста-рымыздың ынтымағын нығайтар, ырысын молайтар ортақ шаруаға әр кез оң иығымызды тосып тұрамыз. Қарияларымыз өнегелі, жастарымыз құлақты. Біздің ауыл-аймақтың осындай қадір-қасиетін жария етуге келген ниеттеріңізге рақмет, айналайындар! Жақсылығымыз жалпақ жұртқа жұғысты болса, әрине, біз де қуаныштымыз, – деген еді. Көпті көрген, көңіліне көп нәрсе түйген қарияның ақ батаға пара-пар үшбу аталы сөзін біз жамағатқа жайғанды жөн санадық.

Алмаз ауылдық округінің әкімі Ғаббас Қайырғалиев Сегізсай тұрғындарының табиғи өсімі жыл өткен сайын жақсарып келе жатқандығын тілге тиек етті.

— Сегізсай – «Орал – Ақтөбе» күрежолына таяу, Орал мен Ақтөбе қалаларының қақ ортасында дейтіндей қашықтықта орналасқандықтан, екі облыс орталығына да қатынау оңай. Әрлі-берлі көлік ағылып жатыр. Оның үстіне бұл ауылдың айналасы шаруаға жәйлі. Шабындық та, мал жайылымдық та жер жеткілікті. Сонымен қатар жергілікті бағбандар Сегізсайдың топырағы бақша салуға, әсіресе, қауын-қарбыз өсіруге керім екендігін айтып жүр. Шаруаға жәйлі, тұрмыс-тіршілікке қолайлы жерден әрі түтіні түзу ұшқан ауылдан адам кете ме?! Сол себепті тап осы ауылдан көшіп кетушілер жоқ, керісінше көшіп келушілер баршылық. Мысалы, былтыр Шыңғырлау ауданының өзге елді мекендерінен 2 отбасы Сегізсайға қоныс аударса, биыл көршілес Бөрлі ауданынан бір отбасы осы ауылға көшіп келді, – деді бізбен әңгіме барысында ауыл әкімі.

…Ынтымағы мығым, ырыздығы мол һәм мейірімді ауылдан біз әдемі әсермен аттандық.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі»,

Шыңғырлау ауданы


Кітапханадағы «Нұр»

Күні: , 77 рет оқылды

DSC_0136


Өткен аптада Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ғимаратында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Нұр» отауы есігін айқара ашты.


Кітапхана жүйесі «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасына сәйкес мүгедектерге барынша жағдай жасалған «Нұр» отауын іске қосты. Бұл жерде олар емін-еркін отырып кітап оқып, тынығатын бөлме де жасақталған. Осындай нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Әділ Жоламанов кітапханашылардың ізденістеріне зор ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта бұл отауда зағип жандарға арналған облыстық арнаулы кітапханамен келісімшарт негізінде диск, кассета, кітаптар алдыру көзделген. Бұл топтағы мүгедектер «брайл» қарпімен оқылатын туындыларды да пайдалануларына мүмкіндік бар. Ал аудан басшысы жаңа отауға ноутбук сыйлады.

Бұл күні Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының, Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының, мүгедектер ерікті қоғамының бірлестігі аудандық филиалының өкілдері арнайы келіп, мүмкіндігі шектеулі жандардың қуанышына ортақтасты. Салтанатты жиыннан соң мектеп оқушылары өнер көрсетті.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық ауданы


Қазандық қайта құрылды

Күні: , 88 рет оқылды

DSC_0068


«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ақсай қаласындағы №6 қазандық қайта жасақ-талды. Соның нәтижесінде көп пәтерлі 27 үй, 10 әлеуметтік нысанның жылумен қамтылуы жақсарды.


Бұл жұмыстар бұрынғы №3 және №4 қазандықтардың біріктірілуі нәтижесінде жүзеге асты. Қайта құрылған нысанға әрбірінің қуаты 3,5 мың кВт болатын үш ВВ-3500 ныспылы су жаңа жылу қазандығы қойылды. Біз барғанда 3 қазандықтың біреуі жұмыс істеп тұрды. Ал қалған екеуі мамандардың айтуынша, резервке қойылған көрінеді.

— Қайта құру іс-шарасының тиімділігі көп, — дейді «Ақсайжылуқуат» МКК-ның бас директоры Жасталап Құр-манқұлов. — Қазандықтар бір жерден басқарылады. Оларды күтіп-ұстауға кететін және өзге де шығындар кө-лемі айтарлықтай азайды. Бұрын үш нысанда 12 оператор жұмыс істесе, қазір олардың саны үш есеге азайды.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау мақсатында облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы жанынан «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық инфрақұ-рылымын, сумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» бағыты бойынша комиссиясы құрылған болатын. Комиссия мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин таяуда Бөрлі ауданында болып, аталмыш нысанның жұмысымен танысты.

Мәди ЫҚЫЛАС,

Ақсай қаласы,

Бөрлі ауданы


Көлік табыс етті

Күні: , 70 рет оқылды

IMG_0641


Таяуда Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов аудан әкімдігі атынан аудандық  ішкі істер бөліміне су жаңа «УАЗ» аутокөлігі мен аутожылдамдық өлшегіш құрылғы (радар) табыс етті.


Бөлім басшысы, полиция полковнигі Абай Алдабергенов ризашылығын білдіріп, халық сенімін ақтау жолында жеке құрамның еселенген жігермен қызмет ететіндеріне сендірді.

К. ҒАЙСИН,

Бөкей ордасы ауданы


Әлеуметтік қызметкердің міндеті кеңейді

Күні: , 568 рет оқылды


Таяуда облыстық мәслихаттың мәжіліс залында «Денсаулық сақтаудағы әлеуметтік қызметтің өзекті мәселелері» тақырыбына  семинар өтті. Әлеуметтік қызмет саласындағы өзекті мәселелерді қозғаған семинарға БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары М. Аймырзиева, БҚО әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Д. Исқақова, Орал қалалық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанындағы «Мұқтаж азаматтарға үйде әлеуметтік көмек көрсету» бөлімшесінің  басшысы А. Дәулетов және дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар қатысты.


— Бүгінгі шараға екі басқарма бірігіп, халыққа әлеуметтік қызмет пен психологиялық көмек көрсетуді жаңа бағытқа жоспарлау мәселелесімен жиналып отырмыз. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аяқталып, жаңа «Денсаулық» атты бағдарлама енгізілді. Аталмыш бағдарламада әлеуметтік қызметкерлер мен психологтардың аса қажеттілігін көріп отырмыз. Үкімет орын алған дағдарысқа қарамастан 2016 жылдан бастап медицина қызметкерінің жалақысын 30, ал әлеуметтік қызметкердің еңбекақысын 40 пайызға көтеріп отыр. Психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын әлі де пысықтау – заман талабы, — деді жиынды ашқан Мәншүк Құдайбергенқызы. Бұдан соң сөз алған БҚО денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлнәр Әбдірахманова «Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті әлеуметтік бағытта дамытудың ұсыныстары» туралы баяндады.

Облыста әлеуметтік көмекті қажет ететін 711 қария бар. Оның 16-сы – Ұлы Отан соғысының ардагері, 6-ауы – соғыс мүгедегі, 29-ы – майдангер жесірі, 288-і – тыл ардагері, 26-сы – 1-2 топ мүгедектері, 346-сы – зейнеткер.

— Бұған қоса әлеуметтік көмек беру тобына кіретін адамдар санатында 157 мүмкіндігі шектеулі бала бар, — деді «Мұқтаж азаматтарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің басшысы Арман Дәулетов өз сөзінде. — Сол балалардың 100-і – өздігінен жүріп-тұра алмайтындар, 57-сі – психоневрологиялық ауытқулары бар және 36-сы – 18 жастан асқан психоневрологиялық науқастар. Аталмыш топтағы адамдарға өз деңгейінде қызмет көрсетудеміз. «Арба», «Ботақан», «Бәйтерек», «Қалалық мүгедектер қоғамы» сияқты үкіметтік емес ұйымдармен үнемі байланыста жұмыстанып отырмыз. Асыраушысы жоқ немесе басқа елді мекенде тұратын, психикалық ауытқуы бар, наркологиялық диспансерде есепте тұратын, түрмеде отырған баласы бар жалғызбасты қарияларға қызмет көрсетеміз. Әлеуметтік қызметкер бір адамға аптасына 2 рет барып, 2 сағат уақытын бөледі. Олардың міндетіне көмекке мұқтаж жандардың үйін жинау, дәрісін, дүкеннен азық-түлігін әкеліп беру, ас әзірлеу, киімін жуу немесе химиялық тазалауға, жөндеуге тапсыру, коммуналдық төлемін төлеу, дәрігерге апару, жалпы кез келген тұрмыстық қажеттілігін атқару кіреді.

Арман Оразғалиұлының айтуынша, әлеуметтік көмек тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени, экономикалық, құқықтық бағытта беріледі. Мекемедегі 174 қызметкердің 134-і – әлеуметтік қызметкер, қала бойынша 11 әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі, 11 кеңесші бар.

Жиында әлеуметтік қызмет пен медициналық көмекті бірлесе атқару, әлеуметтік қызметкерлерді қайта даярлау, ролін арттыру, білім мен тәжірибені біріктіру, педагог-психологтарды медициналық бағытта қайта даярлау мәселелері қаралды.

БҚО медициналық колледжіндегі біліктілікті арттыру бөлімінің әдіскері Асылзада Кәрімова 2015 жылы колледж қабырғасында біліктілігін арттыруға тиісті 15 психологтың курстан өтпей қалғанын айтты. Асылзада Сағынқызы әлеуметтік қызметкердің міндеттері мен олардың қоғамда беделін арттыру турасында сөйледі. Ол қойылған сұраққа орай БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы штатындағы психологтарды медициналық бағытта қайта даярлауға әзір екендерін айтты.

Әлеуметтік қызметкердің медицина тұрғысында болашақта атқарар қызметіне аурудың алдын алуға ықпал ету және осы бағытта алдын алу жұмыстарын жүргізу, өз қамқорлығындағы адамның мүгедектігіне орай қажетті құрал-жабдықтарын алуға, медициналық тексеруден өтуіне көмектесу жатады.

Семинарда қарттар мен мүгедектерге медициналық көмек көрсетудегі медбикелердің ролі, қалалық емханалардағы әлеуметтік көмекті ұйымдастыру, аурудың соңғы сатысындағы адамдарға паллиативтік, психикалық ауытқушылығы бар науқастарға психологиялық көмек көрсету бағытында №3 емхана герантологы А. Елемесова, №1 емхананың әлеуметтік қызметкері Г. Еспанова, №4 емхана жанындағы орталық меңгерушісі Ж. Жанғалиева, облыстық психикалық-денсаулық орталығының психологы Г. Давыдова баяндама жасады.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Емдеудің жаңа әдістерін үйретпек

Күні: , 114 рет оқылды

DMS_6228


Жуырда облыстық клиникалық ауруханада «Жақ-бет сүйек аймағы мен ЛОР ағзаларының патологиясымен дүниеге келген науқастарды инновациялық әдістермен емдеу» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Медицина мамандарының басын қосқан жиынға Алматыдан келген профессор К. Шалабаева мен медицина ғылымдарының кандидаттары, жоғары санатты дәрігерлер С. Нұрмағанов пен М. Әуелбаев қатысты. Алматылық отоларингологтар мен білікті хирургтар бір апта бойы заманауи жабдықтар-дың көмегімен жақ-бет сүйегі аймағы мен ЛОР органдарының патологиясымен дүниеге келген сәбилерге ота жасап, жергілікті дәрігерлерге білген-түйгендерін үйретпек. Өйткені ғалымдар медицинаның соңғы жетістіктері арқылы науқастарға есту қабілетін қайтару қолдан келетін іс екенін дәләлдеді.

Серік Нұрмағанов – есімі республикамызға кеңінен танымал, талай адамға екінші өмір сыйлаған алтын қолды дәрігер. Бүгінде мұрын қуысы мен құлағы бітеу, ерні жырық болып дүние келген науқастарға сәтті ота жасап келеді. Ол өз тәжірибесінде есту жолдарының туабітті ақауларын емдеудің жаңа әдістерін жетілдіруде.

— Жақ-бет, құлақ аймағының аурулары, таңдай, ерін патологиясымен туған балалар еліміздің әр аймағында кездеседі. Медицинаның қарышты дамуы арқасында, мұндай дерттерді жаңа әдіспен емдеудің жолдары қарастырылды. Бұл тәсіл, ең алдымен, С. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің клиникасында енгізіліп, қазір бұл тәжірибені республикамызға тарату жұмыстарын қолға алдық, — дейді медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Серік Балташұлы. Ал профессор Клара Шалабаева жаңа әдіспен жасалатын оталардан кейін балалардың есту қабілетінің артқандығы байқалып, бұрын-соңды шетелде ғана жасалатын мұндай оталарды отандық дәрігерлердің сәтті жүзеге асырып жатқандығын қуана хабарлады.

Алматылық мамандармен 2011 жылы басталған әріптестік қатынас бүгінде өз жемісін беруде. Осы жылдар аралығында олар облыстық аурухананың отоларинголиялық және жақ-бет сүйегі хирургиясы бөлімшесінде жүздеген науқасқа жоғары деңгейде ота жасаған.

Білікті хирургтар кезекті іссапар кезінде 27 адамға кеңес беріп, он адамға ота жасауды жоспарлап отыр. Олар апта соңына дейін 5 жастан 21 жасқа дейінгі науқастарға ем шараларын жалғастыратын болады.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Аудандық үнқағаз – 75-те

Күні: , 95 рет оқылды

Ауыл тынысы1


Зеленов аудандық мәдениет үйінде аудандық «Ауыл тынысы» газетінің 75 жылдығы аталып өтілді.


Батыс өңіріндегі барлық басылымдардың беташары «Қазақстан» газеті (1911-1913) туралы деректі фильм, «Ауыл тынысы» жөніндегі сахналық көрініспен басталған кеште ақ тілектер айтылып, аудан әртістері өз өнер-лерін көрсетті.

Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ, өңірге танымал кәсіпкер, Орал қаласындағы «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінің құрылтайшысы, облыстық мәслихаттың депутаты, техника ғылымдарының кандидаты Ақсерік Әйтімов, Теректі аудандық «Теректі жаңалығы», Тасқала аудандық «Екпін» газеттерінің бас редакторлары Нұрзия Сисенбаева, Назгүл Жәрдемова және басқалар ізгі ниеттерін жеткізіп, тарту-таралғыларын табыс етті.

Шара барысында газет ардагерлері мен жанашырларына, қазіргі қызметкерлері мен белсенді авторларына құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, аудандық газет 1940 жылы қараша айында алғаш «Большевистский путь» деген атаумен жарық көрген. Содан бері атаулары бірнеше рет өзгерген басылым кейінгі жылдары «Ауыл тынысын» иеленіп, «Жайық Пресс» ЖШС құрамына енді. Қазақ және орыс тілінде шығатын газетке осы кезге дейін Нұржан Дүзбатыров басшылық етіп, басылым тігінділерін мұрағаттардан тауып, түгендеу, сондай-ақ аудан аумағындағы көне құлпытастарды зерттеу жұмыстары қолға алынды. Күні бүгін жас журналист Самал Жамет жетекшілік ететін газет ұжымы қазіргі заманғы талаптарға сәйкес бұқаралық ақпарат саласында мемлекет саясатын жүргізуге өз үлестерін қосып, жаңашылдықпен жұмыстануға ұмтылыс танытып келеді.

Ғалым АЯН


«Болашақта атқарылар жұмыс аз емес»

Күні: , 186 рет оқылды

DMS_8116


Кеше «Нұр Отан» партиясының  ғимаратында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс  жөніндегі кеңестің қорытынды жиыны өтті.  Жиын еліміздегі діни экстремизм мен терроризмге қарсы 2013-2017  жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның облыс аумағында іске асуы, ақпараттық-түсіндіру топтарының  жұмысын қорытындылап, алдағы жылдың жұмыс бағытын айқындау мақсатында ұйымдастырылды.  Басқосуда  Батыс Қазақстан облыстық  дін  істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов  жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.


Дін істері басқармасы облысымыздағы діни бірлестіктер қызметіне мониторинг жүргізу, сараптама жасау, діни ахуалға әлеуметтік зерттеулер жүргізу, ақпараттық-түсіндіру, оңалту және «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР заңының орындалуын қадағалау  бойынша  төрт бағытта жұмыс атқарады, – деді  Талғат Нығметов. – Биыл діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және діни сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы ауқымды болды. Ағымдағы жылдың 11 айы ішінде 103 223 адамды қамтыған 1308  іс-шара  өткізілді. Соның 620-сы – жастармен кездесулер.

Облыстағы діни ахуалға мониторинг  жасау  және  облыс жастарының діншілдік деңгейін зерттеу үшін  2 млн.  804 мың теңге қаржы бөлінді. Жобаны «Innovation research» маркетингтік  және  әлеуметтік зерттеулер агенттігі» ЖШС  (Алматы) жүзеге  асырып, қорытындысы  ҚР Дін істері комитеті, ҚР ҰҚК БҚО департаменті  және т.б. тиісті органдарға жіберілді. Зерттеу қорытындысынан халықтың діни сенімінің артқандығын байқаймыз. Сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру жұмысынан  хабардар азаматтар 57,4%-ды құрады және қазан айымен салыстырғанда 6,9%-ға артты. Бұл облыс бойынша құрылған ақпараттық-түсіндіру  топтары жұмысының нәтижелілігін көрсетеді. Облыс  жастары арасында  жүргізілген сауалнама  дінге  әбден сенетін, діни жоралғыларды толық орындайтын жастар санының 3,5%-ға  артқанын көрсетті. Сондықтан дінге бет бұрған жастардың теріс діни ағымдарға кетіп қалмауын қадағалау – күн тәртібіндегі басты мәселе. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары  негізгі пәрменді тәсіл болып табылады. Сондықтан басты мақсатымыз – ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы қоғамда терроризм идеяларына қарсы иммунитетті, дұрыс  діни сананы қалыптастыру және  тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, сондай-ақ ұлттық және дәстүрлі діни құндылықтарымызды жастардың санасына сіңіру болып табылады.

Талғат Рақымұлы  бұдан әрі бұл бағыттағы жұмыстың 6 әдіс-тәсілмен атқарылып жатқанын айтты. Олар кездесу, дәріс, әр түрлі семинарлар, дөңгелек үстел, флеш-моб, акциялар,  БАҚ арқылы, яғни  журналистік пулдардың қызметі, мақала, бейнеролик шығару,  репортаж, теле-радио сюжет, сайттардың және әлеуметтік желілердің, блогерлердің  жұмысы.

Сондай-ақ  түрлі мақсаттық топтарға арналған баспа өнімдерін басып шығару және тарату, «114 – Қауырт желі» туралы  қоғамдық көліктерде,  LED дисплей экрандарға орналастыру жұмысы қолға алынды. Жұмыстың тиімділігін арттыру жолында  республикалық  ақпараттық-түсіндіру топтарының беделді теологтарын облысқа шақырып, жастарға олардың дәрісін тыңдату, білікті теолог-мамандарды облысқа тұрақты жұмыс жасауға тарту және АНТ мүшелерінің діни білімін арттыру қолға алынған.

– Күні бүгін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 3 негізгі мақсаттық топтармен, дәлірек  айтсақ, зайырлы орта, дәстүрлі емес ағым өкілдерімен және діни экстремистік көзқараспен сотталған  азаматтармен атқарылуда. Облыс тұрғындары тарапынан оң бағасын алған, облыстық қазақ драма театры сахналаған «Жәннат» драмасы облыстың 12 ауданында және түзету мекемелерінде қойылды. Драма кәсіби түрде дискіге түсірілді. Келесі жылы бұл  драманы басқа да маңызды мақсаттық топтарға көрсету жоспарланды. Дін істері комитетінің бастамасымен еліміздің облыстарында университеттер жанынан «Қыз Жібек» қыздар клубтары ашылып  отыр. Бұл іс біздің облыста да жалғасын тапты.

Халыққа діни бағытта түсіндіру жұмыстары Ақжайық, Зеленов, Қаратөбе, Сырым аудандарында  жақсы  атқарылса, Шыңғырлау, Қазталов, Бөрлі, Жәнібек, Бөкей ордасы, Теректі, Жаңақала , Тасқала аудандарында белсенділік төмен. Тіпті Ақжайық және Қаратөбе аудандарында бір ай бойы дін мәселесіне жауапты маман болмады. Ауданда дін саласындағы шаралардың басым бөлігі, өкінішке орай,  зайырлы ортамен ғана атқарылуда. Сондықтан аудандардағы өндіріс орындарында, вахталық қалашықтарда, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу, теріс діни ағымдар ықпалына қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған кешенді түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруды ұсынамын. Болашақта атқарылар жұмыс аз емес, – деді Талғат Рақымұлы.

2015 жылы  дәстүрлі емес ағым жолындағы 390 адаммен жекелей және жалпылай діни-психологиялық көмек беру, діни бағытын анықтау, оңалту бағытында жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде бірқатар азамат дәстүрлі бағытқа ауысты. Түзету мекемелерінде дін ұстанушы 145 адам бар. Олардың 115-і  – ислам, 30-ы   христиан бағытында. Ағымдағы жылы теолог-мамандар 78 азаматпен жеке  сұхбат  жүргізген.

Кеңесте Тасқала және Теректі аудандары әкімдері С. Әлиев пен Ж. Серікқалиев аудандағы діни ахуал туралы баяндама жасады. Тасқала ауданында 1 аудандық, 9 ауылдық ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істейді. 2 мешіт, 1 намазхананың 60-қа  жуық жамағаты бар. Аудан әкімі С. Әлиев ауданда теріс діни ағымды ұстанған 10 адам барын, оның 2-еуі түсіндіру жұмыстары  нәтижесінде дәстүрлі мазхабқа оралғанын айтты. Жарыссөзге қатысқан Қазақстан халқы  Ассамблеясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Ғ. Қапақов жыл бойы ауданда 32 шара ғана өткені халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының өз деңгейінде атқарылмағанын білдіретінін айтты. БҚО прокуратурасының бөлім басшысы А. Оңаев Тасқала ауданында  жалған  терроризм фактісінің орын алғанын, өткен жылы  ауданда баптистердің рұқсат етілмеген діни әдебиетті таратқанын, болашақта осы мәселеге сақ болу керектігіне назар аударды. С. Әлиев сөз соңында ауданға бір теолог маманды куратор етіп бекіту туралы өтініш білдірді.

38 мың халқы бар Теректі ауданында 2 шіркеу, 4 мешіт жұмыс істеп тұр. Мешіттің 394 жамағаты бар. Бұл ауданда  8 отбасы  екпеден бас тартып отыр. Соның 4-еуі діни теріс ағымдағы отбасы болса, 2-еуі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде екпе салуға келіскен. Аудан әкімі Ж. Серікқалиев облыстағы ірі ауданда қалыптасып отырған діни ахуалды қадағалауға аудандық ішкі саясат бөлімінің күші жетпейтінін айтты.

Кеңесте барлық аудандық  жастар ресурстық орталықтарына діни білімі бар мамандарды жұмысқа орналастыру, оларға жағдай туғызып, жергілікті жерлерде күрделі мақсаттық топтармен, соның ішінде дәстүрлі емес діни бағыттарда  жүрген азаматтармен жеке кездесулер ұйымдастыру арқылы дәстүрлі бағытты түсіндіру жұмыстарын жүргізудің мүмкіндіктерін қарастыру  ұсынылды. Ақпараттық-түсіндіру топтарының семинарларын өткізу, діни экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру, мемлекеттің зайырлы қағидаттарын және қоғамның ұлттық құндылықтарын кеңінен насихаттау, қысқасы ақпараттық жұмыстарды сапалы атқару туралы айтылды.

Жиын соңында облыстағы ақпараттық- түсіндіру топтарының үздік және белсенді мүшелері марапатталды.  Олардың арасында БҚО прокуратурасының бөлім басшысы А. Оңаев, БҚО білім басқармасының бөлім басшысы Л. Батырғалиева, Қазталов аудандық «Ауыл тынысы» газетінің редакторы С. Жұмағалиев, Жаңақала аудандық ішкі саясат бөлімінің  басшысы Қ. Теміров, Теректі, Тасқала, Шыңғырлау, Бөкей ордасы аудандық мешіттерінің имамдары Х. Сыдиқов, Қ. Нәжмитденов, Е. Ихсанов, Н. Иманғалиев және Орал қалалық мешітінің наиб имамы, Орал медресесінің ұстазы  Б. Дүйсенәлі бар.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген  Медет  ДОСЫМОВ


Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар

Күні: , 122 рет оқылды

DMS_7931


Өткен  жұма күні Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда өңіріміздің үздік жастары марапатталды.


Аталмыш шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Марапаттау рәсімі өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың құттықтау сөзімен басталды.

– Қайырлы кеш, құрметті жастар! Сіздерді, біріншіден, күні кеше ғана барша еліміз боп тойлаған Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Баршаңызға мықты денсаулық тілеп, бастарыңыз аман болсын деймін. Жыл аяғында барлық саладағы жұмыстарды қорытындылап, сараптама жасау дәстүрге айналды. Осындай қорытынды нәтижесінде  биыл да өңір жастарының үздіктері анықталды.  Бүгінгі кеш жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарды марапаттауға арналады.

Қазіргі таңда өңірімізде 150 мың жас бар, яғни облыс тұрғындарының 26 пайызын құрайды. Облыста 88 жастар ұйымы тіркелсе, соның 25-тен астамы ауылдарда. Облыста жастар ресурсы орталығы ауқымды жұмыс атқаруда. Жастар ұйымы құрамында жұмыс жасап жүрген өрімдей жігіттер мен қыздар Елбасы тапсырмаларын орындай жүріп, өздерінің біліктіліктерін арттыруда, ізгілік көкжиегін кеңейтуде. Олар алдыңғы толқын ағаларымен ақылдаса жүріп, қоғамның дамуына үлкен үлес қосуда.

Құрметті жастар, Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары мен стратегиялық жоспарлары бізге бағыт-бағдар беретін бағдаршам іспеттес. Бұл құжаттарда қай жолмен жүру керек, халқымыздың бай-бақуатты ғұмыр кешіп, мемлекет қуатын арттыру үшін не істеу керектігі түгел жазылған. Бізден талап етілетін нәрсе, бұл — ұлтына, тіліне, діліне, жасына қарамастан, барша Қазақстан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе қимылдау керек, еліміздің дамыған 30 мемлекет қатарына енуі үшін ынтымақтаса жұмыс істеуіміз керек. Елбасы бағдарламасын лайықты таңдап, оны бойла-рына сіңіре білген  жастарға қашан да жол ашық. Әркім өз болашағын өзі жасауы тиіс. Жастардың Отан, Ана, Ел, Президент деген ұғымды ту етіп көтеріп, елімізге адал қызмет етуді мақсат тұтып  жүргенін өз басым түрлі шаралар барысында, кездесулерде көріп, соған куә болып  жүрмін. Жастар, сендер тек өздеріңе сеніп, адал еңбек етсеңдер, сендерге еш кедергі жоқ. Маңдай терлеріңді төгіп істеген жұмыстарың сендерге тек қана абырой әкеледі, елдің мақтанышы, өз ісінің үздігі деген атақ әпереді.

Ал енді бүгінгі кеште ерен еңбегімен көзге түсіп, үлкен жетістіктерге жеткен үздік жастарды марапаттарымен шын жүректен құттықтап, жұмыстарына жеміс тілеймін, – деп  өңір басшысы осы кешке жиналған барша бозбала мен бойжеткенге ақ тілегін арнады.

Бұдан соң марапаттау рәсімі басталып, «Жыл үздігі — 2015» жастар сыйлығы 12 аталым бойынша биыл ерекше еңбектерімен дараланған жастарға табыс етілді. «Үздік жастар ұйымы» атағын БҚМУ-дың «Ақиқат» пікір-талас орталығы алса, Ербол Ибрашев  (БҚМУ) – «Үздік студент», Жанат Сайын (№7 орта мектеп) – «Үздік жас спортшы», Ерлан Бекчурин – «Үздік жас өнерпаз», Гүлден Өтепова («Қазақстан-Орал» телеарнасы) – «Үздік жас тілші», Толғанай Құсмағанбетова (№4 емхана дәрігері) – «Үздік жас дәрігер», Ақсамал Стамғазиева (Қазталов ауданы Қараөзен мектеп-гимназиясы) – «Үздік жас ұстаз»,  Жасқайрат Аймұрзин – «Үздік жас тәртіп сақшысы»,  Дмитрий Сорокин – «Үздік жас көшбасшы», Асхат Бекқалиев – «Үздік жас ғалым», Жоламан Есетов «Үздік жас кәсіпкер» атанды. Бұдан басқа әр саладан екі-екіден белсенді жастардың есімдері дипломант ретінде аталды. Ал «Жыл жаңалығы» аталымы  Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның жас әншісі Данияр Рахметжановқа табыс етілді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Жетістіктерге жомарт жыл

Күні: , 157 рет оқылды

IMG_0087


Салтанат сарайының мейрамханасында спортшылар балы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен белгілі палуан, олимпиада чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Юрий Мельниченко қатысты.


Шара жыл ішінде өңіріміздегі спорт саласында қол жеткізген табыстар баяндалған бейнефильммен ашылды. Содан кейін сөз алған облыс басшысы мұндай бал жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқанын, ол жылды қорытындылап, ертеңгі күнге жоспар жасауға мүмкіндік беретінін айтты. «Ағымдағы жылды жақсы жетістіктермен аяқтап отырмыз, соның ішінде спорт саласы үшін де табысты болды, – деді Нұрлан Асқарұлы. – Ең басты жетістігіміздің бірі – келер жылы өтетін жазғы олимпиадаға өңіріміздің үш спортшысы жолдама алды. Риоде-Жанейродағы олимпиадада ұлттық құрама сапында өнер көрсететін батысқазақстандықтар саны тағы да артады деп сенеміз. Спортшыларымыздың жоғары нәтиже көрсетуіне облысымызда барлық жағдай жасалынуда. Яғни биыл Орал қаласында 300, Сырым мен Қаратөбе аудандарында 160 орындық спорт кешендері пайдалануға берілді. Сондай-ақ облыс орталығында, аудан-ауылдарда спорт мектептері күрделі, ағымдағы жөндеулерден өтіп, жаңа спорт нысандары салынып, олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Мүмкіндігі шектеулі жандар да спортпен айналысып қана қоймай, түрлі жарыстарға қатысып, топ жарып, өзгелерге үлгі болып жүр.

Мұның бәрі Елбасының спортты, салауатты өмір салтын дамыту бағытындағы тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда. Айта кету керек, Президентіміздің өзі де спортты жанына серік етеді. Сөйтіп отандастарымызға үлгі көрсетіп келеді. Статистикалық мәлімет бойынша бүгінгі таңда батысқазақстандықтардың 25 пайызы спортпен тұрақты түрде айналысады».

Одан әрі  облыс әкімі биыл жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды, бапкерлерді, сала қызметкерлерін өз алғысхатымен марапаттады. Олардың арасында параолимпиада ойындарында пауэрлифтингтен бас жүлде алған Азон Шаймарданов,  спорт ардагері Владимир Мельников, жекпе-жек спорт түрлерінен олимпиада резервтерін даярлау бойынша мамандандырылған БЖСМ-ның қызметкері Гүлжан Жұмекешева, жүзу спорты бойынша бапкер Сарнияз Ибрашев бар.

Шара барысында жылдың үздік спортшысы, бапкері, командасы да анықталды. 2015 жылдың үздік спортшысы болып халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әскери самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, қоян-қолтық ұрыстан Еуропа чемпионы Темірлан Ихсанғалиев танылды. «Жыл жаттықтырушы» аталымы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жат-тықтырушысы, байдарка мен каноэ есуден 2016 жылғы жазғы олимпиада ойындарына екі жолдама иегерін дайындағаны үшін Александр Акунишниковқа бұйырды. Ал «Жыл командасы» болып еліміздің бірінші лигасының чемпионы болған «Ақжайық» футбол командасы танылды. Облыс басшысы оларды да марапаттады. Өз кезегінде «Ақжайық» футбол клубының жетекшілері командаға барынша қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне естелік доп, өздерінің құрмет медалі мен дипломын табыстады. Мұндай сыйлыққа облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен де ие болды.

Түрлі аталымдар бойынша марапатталғандардың арасында әріптесіміз, «Приуралье» газеті бас редакторының орынбасары Қалиолла Қарағойшин де болды. Ол «Үздік журналист» деп танылса, «Спортшы – мемлекеттік қызметші» аталымын Жәнібек ауданының әкімі Мұрат Мұқаев иеленді. Айта кетейік, Мұрат Рахметұлы мемқызметкерлер арасында үстел теннисінен екі дүркін облыс чемпионы, республикалық спартакиаданың қола жүлдегері, волейболдан да облыстың екі дүркін қола жүлдегері болып табылады.

Өз кезегінде сөз алған Юрий Мельниченко Ақ Жайық өңірінде спортты дамыту бағытында көптеген іс-шара қолға алынғанына ризашылығын білдірді. Міне, соның нәтижесінде олимпиада ойындарына жолдамалар алынуда. Ендігі уақытта олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындауға жете мән беру керек.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика