Мұрағат: 19.12.2015


Оқулықтардағы олқылықтар немесе сауатсыз ұрпақ қайдан шығады?

Күні: , 362 рет оқылды

IMG_9385


Апта басында бір топ ұстаздар қауымы мен мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері бас қосып, кейбір мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарында кездесетін өрескел қателіктер туралы пікірлерін ортаға салып, жою жолдарын қарастырды.


Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі аймақтық «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында талқыланды.

Кеңес төрағасы Жантас Сафуллин оқулық мәселесіне салғырттықпен қарау келер ұрпақтың сапалы білім алуына кері әсерін тигізетіндігін айтты. «ХХ ғасырдың басында Алаш азаматтары оқулық мәселесін талқылау үшін арнайы комиссия құрған, комиссия мақұлдамаған кітаптар баспадан басып шығарылмаған. Ал бүгінде мектеп оқулықтары мен оқу құралдарының көптігінен көз сүрінеді. Бірақ бұл оқулықтардағы оқу бағдарламасы қаншалықты жүйеленген?» деп мамандарға сауал тастады.

Бұл турасында облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Светлана Бахишева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалының директоры София Ізмұхамбетова, Тасқала ауданынан арнайы келген зейнеткер-ұстаз Бақтығұл Тасмағамбетов, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Нұрлыбек Рахманов математика, қазақ тілі мен әдебиеті, география мен Қазақстан тарихы оқулықтарындағы олқылықтарды жою жөнінде іс-шаралар қолға алыну қажеттігін айтты.

Кітаптың сапасына меморгандар жауап бермейді

— Мемлекеттік орган ретінде біздің басты міндетіміз – мектепті оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз ету. Ал оқулықтың ішкі сапасы мен мазмұнына жауап бере алмаймыз, — дейді қоғамда даулы мәселеге айналған оқулықтағы кемшіліктер жөнінде білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Базарғалиқызы. Яғни ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, басып шығарылған және таралымнан кейінгі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерде анықталған қателіктер үшін жауапкершілік, оның ішінде қателерді жою, қайта басып шығару баспаға жүктеледі.

– Білім беру мекемелерінде жыл бойына «Қатесіз оқулық» акциясы өтіп, арнайы құрылған шығармашылық топ оқулықтарға қатысты пікірлерін «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының сайтына жолдап отырады. Осы акцияның нәтижесінде мектеп оқулықтарындағы біраз қателіктердің беті ашылды. Айталық, 2015 жылы сатып алынған «Алматы кітап» баспасының 4-сынып «Әдеби оқу» (авторы К. Х. Жаданова, Е. Д. Бражникова) оқулығы басып шығару кезінде оқулықтағы беттер санының сәйкессіздігі, сондай-ақ жазушы Валентина Осеева мен ақын Зинаида Александрованың суреттері бірдей басылып шығарылғаны, «Атамұра» баспасының 5-сынып «Қазақ тілі» (авторы Г. Қасымова, Ж. Дәулетбекова), «Мектеп» баспасының 5-сынып «Математика» (авторы А. Әбілқасымова, Т. Кучер, З. Жұмағұлова) оқулығының мұқабасы басып шығару кезінде теріс қапталғаны белгілі болды. Сол себепті «Алматы кітап» баспасының өкілдері облыс орталығына келіп, кемшіліктерді жою бағытында жұмыстанса, «Мектеп» және «Атамұра» баспалары өз қаражаты есебінен оқулықтарды ауыстыру шараларын жүзеге асырғандығын атап өтті.

Ал облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Светлана Бахишева оқулық сапасын жүйелі түрде қадағалау соңғы 3-4 жылда ғана қолға алынғандығына тоқталды.

— Мектептердегі жоспарлы тексеру және пән мұғалімдерімен кездесу кезінде кейбір жекелеген кітаптардың сапасы сын көтермейтіні айтылып жүр. Әсіресе, бастауыш сынып оқулықтарына қатысты біраз пікірлер ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанындағы бақылау комитетіне жолданды. Осындай келеңсіздіктерден кейін оқулықтардың сапасын қадағалау және олқылықтардың алдын алу мақсатында министрлік жанынан expert.okulyk-edu.kz деген арнайы сайт ашылды. Осы портал арқылы кез келген ата-ана, мұғалім сын-ескертпелерін жазуға мүмкіндіктері бар, — дейді Светлана Меңдіғалиқызы.

– Оқулықтардағы олқылықтар мәселесі Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген кеңесінде де айтылған болатын. Біз де бұл мәселені реттеуді қолға алдық, – деді өз сөзінде  «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалының директоры София Ізмұхамбетова.

Сауатсыз авторлар жазалануы тиіс

– Қазіргі қолданыстағы әдебиет оқулығы мен хрестоматиясы бір-біріне мүлде сәйкес келмейді. Бұрын оқулықпен қоса хрестоматиясын оқысақ, көркем шығарма іздемей-ақ, керек ақпаратымызды алатын едік. Биылғы оқу жылының басында Қамбар батырға қатысты шу шыққанын ел біледі. Енді сол әдебиеттегі «Қозы-Көрпеш пен Баян сұлу» жырын оқысам, біз оқыған классикалық жыр емес, басқа жыр. Баян сұлудың әкесі Қарабай емес, Сарыбай болып кеткен. Біз білетін Қодардан бөлек басқа «Қодарлар» қаптап кеткен. Бұл атақты жырдың 24 нұсқасы бар десек, жаңа оқулыққа басқа нұсқасын енгізгенге ұқсайды, — деген Мұрат Бөкенбайұлы, ел-жұртқа түсінікті, әуелден оқылымды, кең таралған классикалық нұсқаны алып тастаудың не қажеттілігі бар деп тоқтам жасады.

— Оқулық құрастыру жөнінде атақты ғалым Колмогоров «Бір оқулықты құрастыру бір реактивті самолет құрастырумен бірдей» деп айтып кетті. Оқулық жазу оңай шаруа емес. Оқулықты Білім және ғылым министрлігінің бекітуімен сауатты, білгір мамандар ғана жазу керектігін алға тартқан академик Абат Қыдыршаев, сауатсыз жазылған кітап авторлары заң жүзінде жауапқа тартылып, үкіметтен алған сыйақысын түгел қайтарып берулері тиіс деп есептейді. — Оқулық 50 мың таралыммен шығады делік, ішінде есептен емес, бір әріптен қате кетсе, жарамсыз деп танылып, сол елу мың оқулық түгел қоқысқа кетуі керек. Оқулықты кез келген адам жазуы дұрыс емес. Бүгінде оқулыққа резенция жазу, оқулықты талдау, оқулық жөнінде пікір айту өте төмен деңгейге құлдырап кетті. Онсыз да ушығып тұрған мәселеге көзімізді жұма берсек, шала сауатты ұрпақ даярлайтын боламыз, — дейді Абат Сатыбайұлы. — Неге қазіргі балалар математиканы жек көреді, неге қазіргі ата-аналар есеп шығара алмайды? – деп бар кінә сауатсыз жазылған оқулықтарда екенін айтып, мәселенің жою жолдарын да ұсынды.

«Математика қиын,  ашиды миың…»

Бұрыннан айтылатын осы теңеу, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған түрі бар. Жиын барысында 4-сыныптың математика пәні оқулығындағы біраз қателіктерді жайып салған Бақтұғыл Тасмағамбетов немересінің болашағы үшін алаңдаулы екенін жасырмады.

— 4-сыныпта оқитын немеремнің оқулығындағы өріп жүрген өрес-кел қателіктер біраз жүйкені жұқартты. Бұл тырнақтың астынан кір іздеу емес. Мысалы, мынадай есеп бар: «Филармонияның үлкен залында 36 қатар, кіші залында 28 қатар бар. Үлкен және кіші залдардағы орындар саны бірдей. Егер үлкен залда кіші залға қарағанда 240 орын артық болса, онда әр залда неше орын бар?» Қараңыз, бұл есептегі 2-сөйлем мен 3-сөйлем бір-біріне қайшы. Біреуінде «бірдей», екіншісінде «артық» делінген. Тағы бір есеп: «Екі ауылдың арасы 64 215 км. Автокөлік жүргізушісі жолдың 1/5 бөлігін жүріп өтті. Ол әлі қандай арақашықтықты жүріп өтуі тиіс? Есептің жауабын километрмен және метрмен өрнекте» делінген. Бұл есептегі екі ауылдың арақашықтығы 64 215 км болуы — жер шарында мүмкін емес жағдай.

«Инелік секундына 1600 рет қанатын қағады. Ол бір минутта қанша рет қанатын қағады?» деген есепте, инелік секундына 1600 рет қанат қағу мүмкін емес. Бұл не деген сұмдық? Осындай логикаға сыймайтын, тепе-теңдік сақталмаған, қате есептерден ұрпағымыз неге зардап шегуі керек? — деп ашынады зейнеткер ұстаз.

Бұдан кейін облыстық «Орал өңірі» газетінің бөлім редакторы, блогер Нұрлыбек Рахманов әлеуметтік желіде осы мәселені көтеріп, ата-аналар мен оқырмандардың үн қосқандығын жеткізді. Ол әліппеден бастап қазақ тілі мен әдебиеті, география, Қазақстан тарихы оқулықтардағы жіберілген кемшіліктерді тізбелеп шықты.

Басқосуды түйіндеген Жантас Набиоллаұлы тәуелсіздік алғаннан кейін тарих пәні оқулықтары қайта жазылып, түзетілгенін, Кеңес заманында тарихымыз тым жұқа жазылғанын айтты. — Оқулық заман талабына сай өзгертіліп отыруға тиісті. Бірақ кейінгі шыққан кітаптарда күмәнді жерлер көп. «Көш жүре бара түзеледі» десек, біздің басты мақсатымыз – қордаланған мәселелерді ортаға салып, соның шешу жолын ұсыну. Зиялы қауым, ата-ана, жанашыр ретінде келешек ұрпақтың қамы үшін оқулық сапасын дұрыстауға атсалысу – ортақ міндетіміз, — деп қорытындылады.

Жиын соңында оқулықтағы қателіктер мәселесін шешу үшін құзырлы органдардың ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі сайттардың өкілдері мен түрлі белсенділер бірлесіп, арнайы кеңес құруға шешім қабылданды.

Отырыс барысында айтылған мәселелер хаттамаға толтырылып, “Нұр Отан” партиясының орталық аппаратына жіберілмек.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Мерекемен қатар келген қуаныштар

Күні: , 129 рет оқылды

газ кіргізу


Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Тасқала ауданының Достық ауылдық округіне қарасты Ынтымақ және Мерей ауылдық округінің Тоғайлы ауылдарына табиғи газ келді.


Салтанатты шараға арнайы келген аудан әкімі Санжар Әлиев ауыл тұрғындарын Тәуелсіздік мерекесімен және көгілдір отынға қол жеткізулерімен құттықтады.

Бүгінде Ынтымақта 11, Тоғайлы ауылында 7 үй газға қосылып үлгерген. Көп кешікпей өзгелер де көгілдір отынның қы-зығын көрмекші. Тағы бір айта кетер жайт, Достық ауылының элеватор атанып кеткен бөлігі осы күнге дейін газдың игілігін көре алмай келген еді. Аудан басшылығының ұйымдастыруымен, демеушілердің көмегінің арқасында ауылдың бұл бөлігіне газ жеткізілді. Газ құбырын тартуға облыстық мәслихат депутаты Асқар Мерғалиев 1 млн. теңге шамасында демеушілік танытса, «Әлия Сервис» ЖШС-ның басшысы Әнуар Марданов құбыр жүргізу жұмысын ақысыз атқарып берді.

Осы күні Тоғайлыда ауыл ақсақалы, соғыс ардагері Оқан Жанаевтың 90 жасқа толу мерейтойы да аталып өтті. Салтанатты жиында ақсақалды аудан әкімі арнайы құттықтап, иығына шапан жауып, алғысхат табыс етті. Осы мерейтойға орай «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының  ұйытқы болуымен «Әлия Сервис» ЖШС ақсақалдың үйіне газ тартуға 150 мың теңге жеңілдік жасады.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ,

Тасқала ауданы

*     *     *

мерси1

Подстепный ауылында «Merci» атты пиццерия ашылды. Оның ашылуына аудан әкімі Жеңіс Серікқалиев қатысып, жерлестерін мерекемен және ауылдағы жаңадан ашылып жатқан тамақтандыру орнымен құттықтады. Ғимараттың алқызыл лентасын аудан әкімі ауыл ақсақалы Бақытжан Сисенғалиевпен қиды.

Жаңа нысанның иелері – ағайынды  Азамат, Майра Исеновтер. Ауылға тап осындай тамақтандыру орнының қажет екенін жастар өткен жылдан бастап ойластырып іске кіріскен еді. Әуелі олардың ойын аудан әкімі Ж. Серікқалиев қолдап, жас кәсіпкерлерге ғимарат салатын орын бергізді. Одан әрі мақұлданған бизнес-жоспарды жүзеге асыру үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 14 млн. теңге несие алынды. Сөйтіп, құрылыс басталып кеткен еді. Енді, міне, сол қарқынды жүрген құрылыс жұмыстары артта қалып, нысан жұмысқа кірісті. Пиццерия тек пицца дайындап қоймайды, басқа да кулинарлық өнімдер шығармақшы. Сондай-ақ 150 адамға арналған ол ғимаратта той-томалақ, туған күндер өткізуге де барлық жағдай бар. Ең бастысы, бұл пиццерияға ағайынды Майра мен Азамат өздерінің 12 ауылдасын жұмысқа қабылдап, ауылдағы жұмыссыздықты жоюға зор үлес қосты.

Өз тілшіміз


«Жария ету – соңғы мүмкіндік»

Күні: , 137 рет оқылды

IMG_8945


Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, кедендік бағыт бойынша биылғы  11 айда атқарылған жұмыс жайын баяндады.


Департамент басшысының орынбасары Нұрболат Абдулов ағымдағы жылдың 11 айы ішінде кедендік төлем мен салық кө-лемінің 16 724 млн. теңгені құрағанын айтты. Оның сөзінше, осы мерзім ішінде сыртқы сауда айналымы (ЕЭО елдерін қос-пағанда) 5 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,3 млрд. АҚШ долларына аз немесе 43 пайызға төмен.  Көрсетілген мерзімде экспортталған тауарлар үлесі 92 пайызды құраса, импортқа шығарылған тауарлар тек 8 пайыз ғана. Мұның себебін Абдулов мұнай мен оның өңделген өнімдері бағасының күрт құлдырауымен байланыстырды. Өйткені экспортқа шығарылатын өнімнің 99,3 пайызы мұнай өнімдеріне тиесілі екен. Ол сондай-ақ ағымдағы жылдың 11 айында 1903 кедендік құн реттеліп, соның  нәтижесінде бюджетке 878,5 млн. теңге көлемінде кедендік төлем мен салық аударылғанын айтты. Сондай-ақ  Кедендік Одақтың сыртқы экономикалық қызметі тауар номенклатурасына сәйкес тауар сыныптамасы (классификациясы) бойынша  294  алдын ала шешім шығарылып, мемлекет бюджеті  4 390,4 мың теңгеге және толыққан.  Бұған қоса кеден заңдылығын бұзған 48 әкімшілік материалды қарау нәтижесінде 3,9 млн. теңге көлемінде айыппұл салынып, сот органдары арқылы  57 млн. теңгенің тауары тәркіленген.

Бұдан соң сөйлеген департамент қызметкерлері еліміздің Дүниежүзілік Сауда Ұйымына қосылуына байланысты Кедендік одақтан тыс жерлерден әкелінетін тауарларды кедендік декларациялаудағы өзгерістер мен электронды шот-фактуралардың міндетті көшірмесі туралы баяндады.

Осы жиында облыстық МКД мемлекеттік қызметтер басқармасының жетекшісі Ербол Найзабеков мүлікті жария етуді жүзеге асыру рәсімдеріндегі өзгерістер жөнінде әңгімеледі. Оның сөзінше, қабылданған заңға сәйкес жария ету мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды және міндетті декларациялауға тек ҚР-дан тыс шетелдердің банк шоттарындағы ақшалар ғана жатады.

– Мемлекет басшысы: «Жария ету – соңғы мүмкіндік, бұдан кейін ешқандай жеңілдіктер болмайды. Жария ету – жалпыға ортақ декларациялау алдындағы соңғы акт», — деп қадап айтты. Осы акцияны аяқтаған соң, бүкіл әлемнің шетелдік шоттары бойынша барлық ақпарат қайта тексерілетін болады.  Заң, біріншіден, шет елдегі шоттар бойынша ақпаратты жасырғаны үшін әкімшілік жазаны қатайтуды, екіншіден, шет елдегі мүлікті міндетті декларациялауды болжауда. Бүгінде жария ету бойынша облыстың көрсеткіштері мынадай: Ел аумағындағы мүлікті жария ету бойынша:

2015 жылдың 8 желтоқсанында жергілікті атқарушы органдарға 2 млрд. 507,8 млн. теңгені құрайтын жылжымайтын мүлік бойынша 337 өтініш түскен, олардың ішінде 150 тұрғын нысаны 315,4 млн. теңгені, 187 тұрғын емес нысан  2 млрд. 192,6 млн. теңгені құрайды. Нәтижесінде 105  өтініш қайтарылған (заңға сәйкес емес, құжаттардың толық болмауы), 1 млрд. 648,7 млн. теңгені құрайтын 206 нысан жария етілген, ондағы 87 тұрғын нысаны 169,6 млн. теңгені, 119 тұрғын емес нысан 1 млрд. 479 млн. теңгені құрайды (оның ішінде 79 коммерциялық нысан 1 млрд. 353,6 млн. теңгені құрайды).

Елімізден тыс жерлердегі мүлікті жария ету: 2015 жылдың 8 желтоқсаны бойынша 3 мүлік жария етілген, оның ішінде 2 пәтер: Самара қаласынан 1 пәтер және РФ Саратов облысындағы 1 үй. Мүліктің құны 7,8 млн. теңгені құрайды, төленген алымның сомасы – 0,8 млн. теңге, — деген Ербол Ғалымұлы өңірімізде барлығы 26,0 млн. теңге көлеміндегі қаражаттың жария етілгенін айтты. Бұл ретте үш жеке тұлғадан 2,6 млн. теңге мөлшерінде алым түскен.

Ілияс ТЕМІРБОЛАТ


Тарихи тұлғаларды еске алды

Күні: , 106 рет оқылды

IMG_9909


Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесінде облысымыздағы Қазақстан халқы ассам-блеясының өкілдері белгілі тұлғалардың монументтеріне гүл шоқтарын қойды.


– Бүгін халқымыз үшін аса қасиетті мейрам. Біз Тәуелсіздік жолында және бүгінгі жарық күніміз үшін күрескен барша қай-раткерлерімізді құрмет тұтамыз, – деді БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов.

Бұл күні этномәдени бірлестік өкілдері  мен студенттер Сырым Датов, Жаһанша Досмұхамедов және Жұбан Молдағалиев секілді тарихи тұлғаларды еске алып, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

– Мен осы акцияға қатысқаным үшін өте қуаныштымын. Барша облыс тұрғындарын Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтай-мын, – дейді Сырым Датов ескерткішіне келген студент Ерлан Сұлтанмұратов.

Өз  тілшіміз


Тәуелсіздікке тағзым!

Күні: , 107 рет оқылды

12 билеу


Мұз айдыны спорт сарайында Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздікке тағзым» атты  мерекелік салтанатты шара өтті.  Қазақстан халқы ассамблеясы жылы аясында атқарылған  істер түйінделген шарада жыл бойғы Қазақ хандығының  550, Ұлы Жеңістің 70, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ата Заңымыздың  20 жылдық мерекелері түгелдей қамтылды.


Сан ғасырлық тарихымыз жайлы бимен өрілген  композициялық қойылымдар жұртшылыққа жақсы әсер сыйлады. Мерекелік концертте өңіріміздің өнер ұжымдарымен бірге қаламыздағы білім ордаларының студенттері мен оқушылары өнер көрсетті. Кеш қонағы Астанадан арнайы келген ақын, әнші, композитор Елена Әбдіхалықова әдемі ән әуелетіп, көрермен көңілін көтерді. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жиылған жұртшылықты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Тәуелсіздік аспаннан түскен тосын сый емес». Бұл – мыңдаған  ғасырлар бойғы қазақ халқының асыл арманы. Уақыт  қазақ елінің алдында көптеген сындар  қойды. Ел бірлігінің, татулық пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың арқасында қазақстандықтар осы сындардан абыроймен өтіп келеді. Сондықтан сіздерге ел игілігіне қосқан үлестеріңіз үшін өз ризашылығымды білдіремін. Еліміздің көк байрағы биікте желбіреп, бейбітшілік, тұрақтылық, татулық мәңгі болсын, –  деген ақ тілегін жолдады.

Еліміздегі 130-дан астам ұлт өкілдерін бір-бірімен бауырластырып, бір шаңырақ астында халықтар достығын  нығайтқан ассамблея жылы аясында атқарылған істерді қорытындылаған кеш 1200-ге тарта өнерпаздың күшімен қойылған концерттік бағдарламамен айшықталды. Салтанатты шарада  Қазақстан халқы ассамблеясы жылына орай еліміздегі татулық пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан бірқатар ұжымдар мен азаматтар марапатталып, «Қазақстан халқы ассамблеясына 20 жыл» мерекелік  медальдары мен алғысхаттар табыс етілді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Мемлекеттік наградалармен марапатталды

Күні: , 234 рет оқылды

курмашев


15 желтоқсан күні қаламыздағы Салтанат сарайында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.


Жиынды ашқан облыс басшысы батысқазақстандықтарды еліміздің ұлық мерекесімен құттықтап, тәуелсіздіктің оңай келмегенін, егемендік алған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Елбасымыздың бастауымен жүз жылға татитын істер атқарылғанын, соның арқасында мемлекетіміздің беделі артып, әлемдік қауымдастықтан өз орнын алғанын тілге тиек етті.

– Дана халқымыз «Бақ бағалағанның басында тұрады» дейді. Қастерлей білмесек, қасиеттің де құны жоқ. Ата-бабаларымыз-дың ғасырлар бойы аңсаған азаттығына қол жеткіздік. Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін қызмет ету бақыты бізге бұйырды, – деді Нұрлан Асқарұлы. – Егемендік алу оңай емес, ал оны сақтап қалу одан да қиын екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Тәуелсіздікті нығайту үшін өткелі қиын, өкпегі көп сан тарау жолдардан өтуге тура келді. Миллиондаған халқы болса да, мемлекетсіз, табан тірер Отаны жоқ ұлттар әлемде аз емес. Кәрі тарих тәуелсіздігін жариялап тұрып, егемендігін жоғалтқан елдерді де біледі. Ел бірлігін басты байлыққа балап, саяси тұрақтылықты экономикалық жетістіктермен ұштастырудың нәтижесінде Қазақстан шын мәнінде азат елге, айбынды мемлекетке айналды. Біздің баға жетпес байлығымыз – бабалардан өсиет болып қалған, халқымызға қасиет болып қонған береке-бірлігіміз. Ал құнды қазынамыз – тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыз.

Одан кейін әкім биыл республикамызда ассамблеяның 20, Ұлы Жеңістің 70, Қазақ хандығының 550, Конституцияның 20 жылдықтары жоғары дәрежеде аталып өтілгеніне, Елбасының таяудағы Жолдауында айтылған дағдарысқа қарсы күрес шараларына тоқталды.

Баяндамадан кейін облыс басшысы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ҚР Президенті Жарлығына сәйкес мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, ел-дің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ батысқазақстандықты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Мәселен, «ҚазТрансОйл» АҚ Орал филиалының қызметкері Кәрім Бердешев, Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан православие шіркеуі Орал және Ақтөбе епархиясының басқарушысы Владимир Москаленко, «Стройкомбинат» ЖШС директоры Бақытжан Нұрбаев, облыс әкімі аппаратының басшысы Марат Тоқжанов «Құрмет» орденін алса, «Батыссуарнасы» ЖШС-ның газэлектр дәнекерлеушісі Александр Болдарев, Қазталов ауданының механизаторы Сансызбай Құрманәлиев ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін өңірлеріне тақты. Ал «Қазақстан» РТК» АҚ БҚО филиалының телеоператоры Серік Дияров, жәнібектік кәсіпкер Есқайыр Елемесов «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болса, облыстық перенаталды орталықтың директоры Николай Дмитриенкоға «Шапағат» медалі бұйырды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның солисі Мұрат Әмірханов пен облыстық қазақ драма театрының әртісі Бақтыгүл Жақыпова иеленді. Ал ҚР Құрмет грамотасын алғандардың арасында Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылдық округінің әкімі Жанболат Айсиев, Бөкей ордасы аудандық мәдени демалыс орталығының дирижері Бауитдин Ғабдуллин, «Жайық Пресс» ЖШС-ның маман-тілшісі Қазбек Құттымұратұлы бар.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика