Мұрағат: 15.12.2015


Айтылмаған сыр

Күні: , 372 рет оқылды

Самат Боранбаев


Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылының тұрғыны Самат Боранбаев – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының куәгері. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ағамыздың сол жылдардағы көрген-білгені туралы сыр тарту мақсатымен әдейі іздеп барған болатынбыз. Оқиға куәгері бізге бірден ашыла қойған жоқ. Дендеп барған мақсатымыз сол болған соң, кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен әңгімеге тартуды біз де қоймадық.


Сәлден соң ағамыз:

— Тәуелсіздік таңы атса да, бұл туралы ешкімге жақ ашпап едім. Бұл ерлік емес, бұл – намыс оты. Жазалаушылар қаракөз қарындастарымызға қырғидай тиіп жатқандарын көргенде, қарап тұра алмадым, — деп ағамыз әнгімесін бастады.

— Арман қуып, Алматы қаласына барып, 1985 жылы Спорт және туризм институтына оқуға қабылдандым. Алайда құрылыс саласында қызмет жасап жүрген маған оқу мен жұмысты қатар алып жүру қиындап кеткендіктен, оқуымды тастауға мәжбүр болдым. Желтоқсан айының 16-сы күні таңертеңгілік әдеттегідей жұмысқа бара жатқанмын. Орталық алаңға жақындағанда, топырлаған жастарды көріп, аң-таң болып қалдым. Байқағаным, мұздай қаруланған әскерилер қазақ жастарын итермелеп, автобусқа тиеп жатыр. Әп-сәтте есімді жинап, жендеттерден таяқ жеп жатқан қаракөз қарындастарымды қорғамаққа тұра шаптым. Қасыма тағы біраз жігіттер қосылды. Ауа райы да сол күні суық болатын. Бір уақытта өрт сөндірушілер келіп, барлығына су шаша бастады. Жендеттермен жалаң қол арпалысып жүргенде, басымнан қатты нәрсемен ұрып жіберді. Есімді абақтыда ғана жинадым. Қасыма өзім секілді 10 жігіт тоғытылыпты. Олардың бірі өзіміздің мәстексайлық Жексен екен. Мені екі күн, екі түн тергеді. Қорқытады, «Шыныңды айт» дейді, менің елде-гі ата-анамды, бауырларымды біліп алған. «Сен үшін олар сорлайды» деп қорқытты. Мен «Ештеңе білмеймін» деп құтылуға тырыстым. Жақ ашпаған мені 18 желтоқсан күні түнде абақтыдан босатты. Түн ішінде қалтамда бір тиын жоқ, жаяулап қала шетіндегі пәтеріме оралдым. Одан арғысы белгілі. Жұмыста тергеу, көшеде тергеу. Жұмыс жасаудың да мүмкін-дігі болмады. Сөйтіп, 1987 елге қайтып келдім. Ауылға келсем, менің оқиғаға қатысым бар екендігі туралы ақпарат та жеткен. АІІБ жиі шақырып, қайта-қайта тергеді. Еш жерге жұмысқа алмады. Тек екі жылдан кейін ғана жұмысқа орналастым. Кейіннен мәстексайлық Жексенмен хабар алысып тұрдым. Ол азамат денсаулығы сыр беріп, беріректе өмірден өтті.

Уақыт, шіркін, неткен жүйрік. Содан бері 29 жыл өтті. Бүгінде бейбіт заманда отбасын құрып, ұл-қыз тәрбиелеп отырмыз. Тәуелсіздік жарияланғаннан бері елеулі табыстарға қол жеткіздік, бүкіл дүниежүзі танитын мемлекетке айналдық. Бұл Елбасы-мыздың жүргізіп отырған көреген саясатының нәтижесі деп білемін. Ендеше, әрқашанда әрқайсымыздың өз отбасымыздан басталатын кең байтақ ұлы Отанымыздың Тәуелсіздік күні құтты болсын, көк аспанымызбен астасқан көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін! — дейді сонау жылғы ызғарлы желтоқсанда қаракөз қарындастарын қиянаттан арашалауға атсалысқан Самат Сәлімғалиұлы.

Надежда ЕСҚАЛИҚЫЗЫ,

Жаңақала ауданы


Нұрия ЕСҚАЛИЕВА: «Тағдырымды өзгерткен күн»

Күні: , 129 рет оқылды

10501815_1532739076997842_85159999898685384_n


Желтоқсан оқиғасы ұлттық рухты оятып қана қоймай, КСРО атты алып империяның шаңырағын шайқалтып, кешегі одақтас республикалардың тәуелсіздікке ұмтылуына серпіліс берді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі ұлт тарихында өшпес із қалдырды. Нақақтан қан төгілгеніне, жазықсыз жаза кесілгеніне қарамастан, бұғауға көнбейтін, әділетсіздікке төзбейтін қайсар халқымыздың ұл-қыздарының ерлігінің арай-нұрындай көп ұзамай тәуелсіздіктің таңы атты.


Талай боздақтың қаны төгіліп, жастарға жазықсыз жапа шектірген желтоқсан оқиғасына биыл 29 жыл толмақ. Отыз жылға жуық уақыт өтсе де, қанды қырғынның ызғары оқиға куәгерлерінің өмірлерінен өшпестей орын алды. Сол кезде жапа шеккендер қатарында жалпақталдық Нұрия Есқалиева да болған еді. Ауыл тұрғыны сол бір ызғарлы күндерін бойы мұздап, еске алады.

Кейіпкеріміздің балалық шағы әкесі Тілеш пен анасы Нәбираның отбасында, ағайынды алты ұл, үш қыздың ортасында алаңсыз өтті. 1984 жылы сол кездегі Фурманов орта мектебін тәмамдап, құрбы-құрдастары сияқты арман асуларына қанат қағады. Жастайынан ұстаз болуды мақсат еткен ол сол жылы Алматыдағы шет тілдер институтына оқуға түседі. 1986 жылғы желтоқсан айының үш күні екінші курс студенті Нұрия Есқалиеваның тағдырын күрт өзгертті.

Оқиға куәгері қазіргі таңда Қазталов ауданы, Жаңажол ауылдық округіне қарасты «Байжиен» елді мекенінде тұрады. Бұрын-нан жақсы таныс, ауылдас Нұрия апамыздың көрген қиындығын естіп, біліп, оқырман қауыммен бөлісу мақсатында хабарласқан едік.

— Сол жылдары Алматыда алаңсыз білім алып жүрген едік қой. Алға қойған мақсат-мұратымыз әп-сәтте астан-кестен болады деген ой сол кезде түсімізге де кірмейтін. Бәрі аяқ астынан болды. Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспай, Ресейдің Ульянов облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбинді Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындауы, әсіресе, жастарды дүр көтерді. Елге осы хабар таралысымен, біз тұратын жатақханада да жастардың абыр-сабыр жүрісі көбейіп, әр жерде бас қосып талқылауын байқадық. Ертеңіне сабаққа бармақшы болып жиналып жатқан едік. Аяқ астынан он шақты студенттің орталық алаңға шығуға шақырған айқайын естідік. Сол күні көппен бірге Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға шықтық. Саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алаңға шыққан жастар саны сәт санап, көбейе берді. Ереуілге шыққан жастардың қолдарында «Өзімізді-өзіміз билеуді талап етеміз!», «Әр халыққа – өз көсемі!» деген ұрандар болды. Бірақ алаңға жиналғандардың қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, «бұзақылар мен нашақорларды» күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. Қолдарында сойыл, қалқан бастарына каска киген әскерилер алаңға қаптап кетті. Көзді қарықтыратын прожектор алаңда жүрген халыққа айнала жарық түсіріп тұрды. Құлағымызға зіркілдеген әс-кери бұйрықтар естілді. Көз алдымызда өртенген көліктер, мұздай су шашқан машиналар, әрлі-берлі жүгірген әскерилер, көмек сұраған қыздардың дауысы, шабуылға қарсы тұрып, тас атқылаған қазақ жігіттері көрген түстей өтіп жатты. Прожектордың жарығы түскен жерде қанға боялып, қимылсыз жатқан жастарды да байқадық. Осы абыр-сабыр уақыт кезінде басымнан қатты соққы тиді. Есімді қала шетіндегі Айнабұлақ маңында жидым. Қасымдағылардың айтуынша, біздерді бұл жерге жүк мәшинесіне тиеп әкеліп тастапты. Қаланың шеті, қақаған аязда бірнеше сағат жаяу жүріп, жатақханаға жеттік. Ертесіне әр оқу орнының жатақханаларын тексеріп, оқиғаға қатысы барларды тұтқындап жатыр деген хабарды естідік. Амал жоқ, оқуды тастап, Арқалық қаласында тұратын аға-жеңгеме кеттім. Кенеттен тиген ауыр соққыдан басыма қатты зақым келген екен. Арқалық қаласында біраз уақыт ем алдым. Сосын 1987 жылдың қаңтарында ауылға келдім. Қайта оқуға шақырды, бармадым, — деп әңгімелеген апамыз телефонның әр жағында ұзақ уақыт үнсіз қалды. Одан соң суыртпақтап қанша сұрасақ та, «Бұдан арғысын өздерің білесіңдер ғой» деп көп ештеңе айта қойған жоқ.

Бүгінде Нұрия апамыз отағасы Жанайдар екеуі — екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, ата мен әже атанған бақытты жанұя. Апамыз көп жыл аудандық қорғаныс бөлімінде қызмет атқарды. Бұл күнде өз алдарына шаруашылық құрып, кәсібінен нәсіп тауып отырған отбасы.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


«Мен ішпеген у бар ма?..»

Күні: , 123 рет оқылды

DMS_6696


Желтоқсанның 11-12-сі  күндері облыстық қазақ драма театрында белгілі драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Иран-Ғайыптың шығармасы негізінде жазылған «Мен ішпеген у бар ма?..» атты реквиемінің премьерасы қойылды. Аталмыш қойылымды ел-жұртпен бірге облыс әкімі Нұрлан  Ноғаев тамашалады.


Қойылымның режиссері – Мұқанғали Томанов, қоюшы суретшісі – Мұрат Мәмбетов.

«Мыңмен жалғыз алыса» жүріп, ел-жұртының жоғын жоқтаған Абай Құнанбайұлының өмірінен алынған үзік сәттердің өзі ұлы ойшыл өмір сүрген заманнан, ескі мен жаңаның тартысынан, ақынның жан дүниесіндегі аласапыраннан біраз хабар береді. Бұл реквиемде артына «өлмейтін сөз», орасан зор рухани мұра қалдырған «қазақтың Абайы» тартқан жан азабы көрініс тапқан.

Абай төбе би ретінде Оразбай өзіне тиесілі деп санап жүрген бір қызды Олжабай деген кедейге алып береді. Осыған наразы Оразбай мен Күнту Құнанбайға шағымданады. Алайда Абай шешімін бұзбайды. Ақырында Олжабай тірілей жерге көміліп, Абай атамыз сабалады. Қойылымның негізгі мазмұны осындай. Басты рөлді ҚР Мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бектенов сомдады. Сондай-ақ ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Т. Матаев, Н. Жұбатова т.б. әртістер өздеріне бекітілген рөлдерді шебер алып шықты.

Қойылымның премьерасына шығарманың авторы – ақын, драматург Иран-Ғайып Алматыдан арнайы келіп қатысты.

Өз тілшіміз

Суреттерді түсірген Медет ДОСЫМОВ


«Жұмылған жұдырықтай бірлесе еңбек етейік»

Күні: , 190 рет оқылды

1 ногаев апапапапп


Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көрсетілген мақсат-міндеттерді талқылауға арналған облыс активінің отырысы өтті.


Жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев биылғы стратегиялық құжаттың мемлекеттің өркендеуіне негіз қалайтынын айтып, аймақтың дамуына жол ашатын басым бағыттарына кеңінен тоқталды.

-Мемлекет басшысының  биылғы Жолдауының жөні бөлек. Өйткені  жаһандағы жағдай өзгерді, дүние жүзін дағдарыс дерті шарпыды. Қуат көздеріне, металға, өзге де шикізат түрлеріне баға төмендеді. Бюджетке кіріс азайды. Әлемдік экономикаға кіріккен ел ретінде біз де бұл өзгерістердің салқынын сезініп отырмыз.

Елбасы биылғы Жолдауында әлемдегі қазіргі дағдарысты жіктеп-жіліктеп, нақты талдап берді. Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде дағдарысқа қарсы алдын алу жұмыстары жүруде. Индустриалдық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын бастадық. «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасын қабылдадық. Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудамыз.

Дағдарысқа қарсы үш маңызды стратагема анықталды. Біріншісі – өсім, яғни экономикалық өсім. Екіншісі – реформа. Бұл – экономика, қоғам және мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Үшіншісі даму – қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту, — деген өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы алдағы меже әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру екеніне тоқталды.

Жолдаудың бірінші бағыты ретінде қаржы секторын тұрақтандыру белгіленген болатын. Осы бағыттағы маңызды міндеттерге тоқталған облыс әкімі Н. Ноғаев: «Бұл – қаржы жүйесін жылдам тұрақтандыру және оны жаңа жаһандық нақты ахуалға сәйкестендіру. Бұл орайда біз қаржы секторының теңгенің еркін бағамы жағдайында жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз қажет. Елбасы тапсырғандай, алдағы уақытта ұлттық валютаның бағамына Ұлттық қор қаржысы есебінен шексіз қолдау көрсету тәжірибесі енді қолданылмайды. Сондай-ақ еліміздің қаржы секторын нығайту мақсатында банктердің қызметіне сараптама жүргізіліп, оның нәтижелері негізінде қазақстандық банктерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша шаралар қабылданады. Ұлттық банк болашақта инфляция деңгейін 4 пайызға дейін төмендетуге күш салады. «Долларсыздандыру» арқылы ұлттық валюта – теңгеге деген сенімді нығайтатын боламыз. Бұл бағытта біздің облыста қазірден бастап нақты жұмыстар қолға алынды. Тұрақтандыруды қамтамасыз етудің басты шарасы – инфляцияның  өсуіне жол бермеу» деп атап көрсетті.

2015 жылдың 10 айында облысымыздағы инфляцияның жалпы деңгейі 107,7%-ды құрады (республикалық көрсеткіш – 108,2%). Соның ішінде азық-түлік тауарларына 5,1% (республикалық көрсеткіш – 5,2%), азық-түлік емес тауарларға – 13,1% (республикалық көрсеткіш – 13,9%), ақылы қызметтерге – 5,5% (республикалық көрсеткіш – 5,2%).

Жолдаудың екінші негізгі бағытына, яғни бюджет саясатын оңтайландыру мәселесіне тоқталған өңір басшысы: «Қазіргі уақытта бюджетке түсетін түсімдердің барлық түрлері әжептәуір кеміді. Сондықтан біз түсімдердің мөлшеріне қарай облыстық бюджеттің шығыстарының көлемі мен бағыттарын қайта қарап, тиімді және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуіміз қажет. Елбасы бюджеттің кіріс базасын ұл-ғайту міндетін алдымызға қойып отыр. Яғни 2017 жылдан бастап қосылған құн салығының орнына сатудан түсетін салық енгізілетін болады. Барлық тиімсіз салықтық жеңілдіктер жойылады. Салықтық режим оңтайландырылады. Үш деңгей ғана қалатын болады. Олар  жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын, орта бизнес, аграрлық сектор үшін арнайы салық-тық режим. Тағы бір айта кететін жағдай – мүлікті  жария ету мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Бұның бәрі «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығуға және салық түсімдерінің мөлшерін ұлғайтуға бағытталған шаралар» деп атап өтті.

2015 жылдың 10 айында мемлекеттік бюджетке 140,8 млрд. теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналған (болжамға 76,4%), оның ішінде республикалық бюджетке түсімдер – 93,4 млрд. теңге (болжамға 68%), жергілікті бюджетке – 47,4 млрд. теңге (болжамға 101,1%). Бөлшек тауар айналымының көлемі 171,4 млрд. теңгені құраған. Өндірілген жалпы аймақты өнімінің көлемі 1,1%-ға өсімімен 759,0 млрд. теңге құрап отыр (2015 жылғы 1 жарты жылдығы). Ал біздің облыстың жан басына шаққандағы жалпы аймақтың өнімі орташа республикалық деңгейінен 1,2 есеге көбейді және 585,2 мың теңге құрады. Қазіргі таңда облысымыздағы шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілер 40,7 мың бірлікке жеткен.

Жолдаудың үшінші бағыты – жекешелендіру  және экономикалық бәсекелестікті ынталандыруға тоқталған өңір басшысы Елбасының еркін бәсекеге жағдай жасауды тапсырғанын айтты. «Бұл орайда монополияға қарсы қызмет күшейіп, бағаны жасанды реттеу түріндегі бұрмалаулар жойылатын болады. Нарықтық экономика – бұл күштілердің бәсекесі. Жеңілгендер нарықтан кетуге немесе бизнесін басқа қырынан қайтадан бастауға мүмкіндік алулары керек. Тиімсіз компанияларға мемлекеттен түрлі субсидиялар мен жеңілдіктер беруді, яғни бәсекеге қабілетсіз кәсіпорындарды мемлекет есебінен «сүйреуді» тоқтатуымыз қажет. Осы бағытта Елбасы жеке және заңды тұлғалар үшін банкроттықтың нақты және түсінікті, барынша жеңілдетілген рәсімдерін жасауды тапсырды», — деді Н. Ноғаев.

Жолдаудың төртінші бағыты — жаңа инвестициялық саясаттың негіздері жайлы сөз еткенде облыс әкімі өңіріміздің экономикасына инвестиция көлемі 236,7 млрд. теңгені құрап 20,9%-ға, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі – 15,1%-ға (68,2 млрд. теңге) өскенін тілге тиек етті.

Жолдаудың бесінші бағыты – жаңа  әлеуметтік саясат жайына арнайы тоқталған облыс әкімі азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасы жасақталатынын еске салып өтті. «Жаңа бағдарламаның қаржыландыру көлемі ұлғайтылып, ол жергілікті инфрақұрылымдарды дамыту мен елді мекендерді абаттандыру жобалары есебінен еңбек нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта мемлекеттің әлеуметтік саладағы рөлі әлсіз қорғалған азаматтарды қолдаумен және адам капиталына инвестицияларды қамтамасыз етумен шектеледі», — деп атап өтті.

Елбасы Жолдауында жастарды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырғанын айтып, мемлекет ұсынып отырған барлық мүмкіндіктерді толықтай пайдаланып, еліміздің өркендеуіне белсенді үлес қосуға шақырды.

Жолдаудан туындайтын барлық міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Үкіметпен Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары жасақталғанын, оған сәйкес өңірлік іс-шаралар жоспары дайындалғанын айтқан өңір басшысы: «Жолдаудағы мақсаттарға жету үшін барлық тиісті жұмыстарды уақтылы және сапалы түрде атқаруымыз қажет», — деп кесіп айтты.

Әр сала бойынша орынбасарларына, барлық басқарма басшыларына, Орал қаласы және аудан әкімдеріне нақты шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Атап өтсек, облыстағы инфляциялық үрдістерге бақылау жасау және азық-түлік тауарларына бағалардың өсуін болдырмау мақсатында облыс әкімінің бірінші орынбасары А. Өтеғұловқа және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына облыстағы азық-түлік және басқа да тауарлардың бағасына үнемі мониторинг жүргізуді және өсуін болдырмау бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Облыс әкімінің орынбасары Б. Мәкенге және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына экономикалық тұрғыдан белсенді емес тұрғындардың нақты үлесін анықтауды және оларды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша тиісті шараларды жүзеге асыруды, «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясын ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын жасақтауды және тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Аудан әкімдеріне халықтың әлеуметтік қорғалмаған бөлігіне көмек көрсету үшін «Өрлеу» жобасын ендіруді тапсырды. Қазір тек Ақжайық және Бөрлі ауданында «Өрлеу жобасы» аясында уағдалы ақшалай көмек бағдарламасы 2015 жылғы 1 шілдедеден бастап жүзеге асырылуда. Ал облыс әкімінің орынбасары Н. Төреғалиев пен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына өңірімізде жүзеге асырылып жатқан барлық бюджеттік бағдарламаларға толық тексеріс жүргізуді және облыстық бюджеттің шығындарын оңтайландыру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Инвестициялар тарту мәселелері бойынша өңірлік кеңес құруды және жұмысын ұйымдастыруды,  инвестициялардың жаңа көздерін тарту бойынша шараларды жүзеге асыруды, инновациялық жобаларды дамытуды, өндіріске «жасыл технологияларға» негізделген жобаларды қолдауға жағдай жасау облыс әкімінің орынбасары И. Стексов пен облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасына және «Орал» әлеуметтік-кәсіп-керлік корпорациясына тапсырылды. Сондай-ақ облыстың мемлекеттік секторында тиімсіз басқарылып отырған кәсіпорындар мен нысандарды анықтап, жекешелендіруге жататын нысандар бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді де жүктеді. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Б. Мәкенге және облыстық білім басқармасына 2017 жылдан бастап тегін кәсіби техникалық білім беру жобасы жүзеге асырылатыны туралы жастар, мектеп оқушылары арасында ауқымды түсіндірме жұмысын жүргізуді, облыстық денсаулық сақтау басқармасына облыс тұрғындарына 2017 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайлы өзгерістердің мақсаттарын және артықшылықтарын түсіндіру бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмысын ұйымдастыруды тапсырды.

— Елбасының Жолдауындағы және «Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудағы 100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы міндеттерді іске асырудың заңнамалық негіздемесін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі уақытта 80-нен астам жаңа заңнамалық актілер қабылданды. Бұл заңдар 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енбек. Осы заңнамалық актілермен енгізілетін өзгерістерді және оларды қабылдау мақсаттарын облыс тұрғындарына түсіндіруіміз қажет. Елбасының Жолдауын облыс тұрғындарына жеткізу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстың барлық түрлерін кеңінен жүргізуді, ауылдық округтерде, мекемелерде, ұжымдарда кездесулер өткізуді, Жолдаудан  туындайтын міндеттерді орындауға облыстағы барлық азаматтық қоғам институттарының өкілдерін белсенді түрде қатысуларын ұйымдастыруды тапсырамын. Елбасы өз Жолдауында біздің алдымызға жаңа мақсат-міндеттер қойды. Мұны абыроймен атқару үшін «жұмылған жұдырықтай бірлесе қимылдап, ел тәуелсіздігін нығайтуға өз үлестерімізді қоса беруіміз керек», — деп  сөзін түйіндеді өңір басшысы.

Актив жиынында сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ж. Иманғалиев, облыстық қаржы басқармасының басшысы А. Салахатдинова, М. Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы А. Атаев, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тарих, экономика және құқық факультетінің деканы Г. Нестеренко, Орал қалалық мәслихатының депутаты, «Отделстрой» өндірістік кооперативінің төрайымы В. Михно өз салалары бойынша атқарылған істерге тоқталып, Елбасы Жолдауын халық арасында насихаттау және жүзеге асыру жұмыстарына белсене атсалысатындықтарын жеткізді.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Ольга ДЕРГАЧЕВА,

«Еврей этномәдени бірлестігінің» төрайымы:

— Елбасымыздың биылғы Жолдауында біздің алдымызға айқын мақсаттар мен нақты талаптар қойылып отыр. Елбасы әлемде орнаған түрлі қиындықтардан бірлікпен ғана өте алатынымызды баса айтты. Сонымен қатар әлемдік дағдарысқа қарамастан, қоғамның әжуаз топтарына көрсетілетін көмектердің тоқтамайтыны, денсаулық сақтау, білім беру сияқты маңызды сала қызметкерлерінің жалақысы өсетіндігі бізді қуантты. Елбасы Жолдауын насихаттау және жүзеге асыру жөнін-дегі бүгінгі өткен облыс активінде өңір басшысы Нұрлан Ноғаев бірқатар бағыт-бағдарлар мен нақты тапсырмалар берді. Об-лысымыздың экономикалық ахуалын, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған іс-шаралардың орындалуы жолында жемісті еңбекке жұмылуымыз керек.

Әлия ОСПАНОВА,

Жәнібек ауданы, Күйгенкөл ауылдық округінің әкімі:

— Елбасымыздың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауын біздің ауылдық округтің тұрғындары да қызу қолдайды. Президентіміздің биылғы халыққа Жолдауында әлемдегі экономикалық ахуал, мемлекетіміздің одан әрі даму жолының нақты бағыттары көрсетілген. Елбасы еліміздің әлеуметтік саласының әлемдік дағдарыс кезеңіндегі дамуының нақты жоспарын атап көрсетті. Зейнетақы мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысы, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақыларын өсіру туралы да айтып өтті. Бүгінгі алқалы жиында облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Елбасы Жолдауын орындау мақсатына арналған бірқатар жоспарларды айтып өтті. Алдағы уақытта осы тапсырмалардың орындалуы үшін қызмет атқаратын боламыз.

Нұрбақыт АСҚАРОВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың 1-курс студенті:

— Елбасымыздың халыққа Жолдауын студенттер қауымы да ынта-ықыласпен тыңдады. Жолдауда әлемдік дағдарыстан шығудың бағыт-бағдары айқын көрсетілген. Бүгінгі күні біздер Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында бейбіт заман-да емін-еркін өмір сүріп, қалаған оқу орнында білім алудамыз. Елдің болашағы үшін қам жеген Нұрсұлтан Әбішұлы халыққа тығырықтан шашыраусыз шығудың жолын көрсетті. Бүгін белсенді студенттер қата-рында облыстың актив жиынына қатыстым. Облыс әкімі Елбасымыздың Жолдауын іске асыру мақсатында өз орынбасарлары мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Елдегі бұл игі бастамалардың барлығы біздің болашағымыз үшін жасалуда екендігін жақсы түсінеміз. Сондықтан осы мақсаттардың орындалуына студенттер қауымы да өз үлесін қосуға дайын екендігін атап өткім келеді.


«ҚазТрансГазАймақтың» «бір терезесі»

Күні: , 81 рет оқылды

DMS_6761


Кеше «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы жанынан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды.


Бір мезетте 65 адамға қызмет көрсете алатын орталық «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Мұнда келген абоненттер тек көгілдір отын үшін емес, өзге де коммуналдық қызметтер үшін төлем жасай алады.

— Ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында іске қосылып отырған бұл орталықтың маңызы зор. Елбасымыз Жолдауында халыққа сапалы қызмет көрсету бағытында міндет қойған болатын. Бұл – сол міндет аясында қолға алынған іс-шараның бірі. Жалпы, мұндай мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы өңірімізде алғаш рет ашылып отыр. Осы сәтті пайдаланып, жиналған жұртшылықты облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының атынан және өзімнің атымнан еліміздің ұлық мейрамы – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын, — деді орталықтың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев.

Өз кезегінде сөз алған «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы директоры Аманжол Тәжіғалиевтың айтуына қарағанда, мұндай орталық ашудағы мақсат – абоненттерге сапалы әрі жедел қызмет көрсету. «Бұл жерде тек тұтынылған коммуналдық қызметке төлем жүргізілмейді, — деді ол. — Газ тартуға қажет құжаттар әзірлеу, жобалау, тұтынылған газ үшін төлем жасауға мүмкіндік беретін жеке есеп-шот ашу, шарттарды дайындау секілді жұмыстың бәрі осы жерде атқарылады. Бұрындары тұтынушыларымыз мұндай қызметтер үшін ғимаратымыздың төрт қабатына көтеріліп-түсіп жүрсе, енді ондай қолайсыздық жоқ, бәрі «бір терезе» арқылы реттеледі».

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ


Құрметті батысқазақстандықтар!

Күні: , 92 рет оқылды

казакстаенымыоа


Сіздерді ғасырлар бойы бабаларымыз аңсап күткен еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!


1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қол қойған Конституциялық Заңнан бастау алған Тәуелсіздігімізге бүгін 24 жыл толды.

«Үстіде көк Тәңірі, астымызда қара Жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған екен. Адам баласы үстінде ата-бабам Бумын қаған, Естеми қаған отырған екен» деп көне түркі мәтіндерінде жазылғандай, бүгінде қазақ халқының ұлы арманы орындалды.

Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры ол – қоғамның, сол елдегі мемлекет құраушы ұлттың ұлы рухы, жасымаған жігері, тұнық ой-санасы. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші елдің бірлігінде, этносаралық татулықта жатыр.

Өркениеттер қақтығысы өршіп тұрған тұста төрінде татулық пен тұрақтылық орныққан Қазақстан ынтымақ ұясына, жерұйық мекенге айналды.

Осыдан жиырма төрт жыл бұрын біз тек экономикамызды көтеруді ғана армандаған едік. Ал қазір әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елді былай қойып, отыздықтың қатарына енуді көздеудеміз. Азаттықпен бірге ұлттық рухымыз асқақтады, мәдениетіміз мәңгілік құндылыққа айналды. Ата дініміз оралып, ана тіліміз тұғырына қонды.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміз өзін әлемге жауапкершілігі жоғары мемлекет ретінде жариялады. Әлемдік қоғамдастық Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздікті, мәдениеттер мен діндердің үнқатысуын нығайту туралы бастамаларын жоғары бағалайды. Күні бүгін Елордамыз Астана «ЭКСПО – 2017» бүкіләлемдік көрмесін өткізуге дайындық жүргізуде. Осының барлығы – біздің тәуелсіздігіміздің баға жеткізгісіз табысы, оның нақты жемісі.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Баршаңызға береке-бірлік пен баянды тірлік тілеймін!

 Батыс Қазақстан облысының әкімі                  Нұрлан НОҒАЕВ


Әбубакар, Омар, Осман

Күні: , 129 рет оқылды

Осман


«Мал баққанға бітеді» дейді қазекең. Сайын дала төсін төрт түлікке толтырған еңбекқор жандар қатары аз емес. Солардың бірі – саралжындық ағайынды Зинаевтар отбасы. Шешен ұлтының өкілі Суфиян Зинаев ақсақал – кезінде ауданға белгілі шопан болған, табысын маңдай терімен тапқан еңбекқор жан. Бүгінде зейнеткерлікке шығып, Орал қаласында тұрып жатқан қарияның шопан таяғын ұлдары ұстап қалыпты.


Өрісі малға толы «Макка» қожалығы совхоз ыдыраған кезде құрылған еді. Ағайынды Әбубакар, Омар және Осман бала кезден әкелеріне жәрдемдесіп жүріп, мал бағудың қыр-сырына қаршадайынан қанығып өсті. Себебі ақ адал еңбекпен өмір сүруді мұрат тұтқан әке тәрбиесі соған үндеді. Саралжын ауылынан жеті шақырымдық жердегі «Ысық ой» қыстағында тұратын ағайынды азаматтардың кішісі Осман (суретте):

− Өмір бойы мал соңында келе жатқандықтан, бұл кәсіп бізге таңсық болған жоқ. Қыр-сырын бала кезден көріп-біліп өстік. Қой, сиыр, жылқының өзіндік машақаты жетерлік. Жылқы бағу өзге жануарларға қарағанда оңайырақ. Еркіндікті қалайтын тұлпарлар аса бір қиындық тудырмайды. Қойға ерекше бап керек. Ал  сиыр бағу одан да ауырлау. Қыс көрпесін жамылысымен мал қораға қамалады. Баланы баптағандай жатар орнын құрғатып, үлкен күтіммен қарайсың, − дейді.

Суфиян ақсақал – малдың жәйін жақсы білген адам. Әрі оларға жауапкершілікпен қарағандықтан да болар, ұлдарын соңынан ерте білді. Бүгінде «Макка» қожалығы мал азығын уақытында дайындап, қаһарлы қысқа сақадай сай отыр.

– Қаншама тәжірибем бар десем де, жануарларды дәл әкемдей баға алмайтынымды мойындаймын, − дейді Осман ағынан жарылып.

Еңбекқор жандар Үкіметтен несие алған емес, өз иеліктеріндегі мал басын көбейтіп, шаруаларын өрістетіп келеді. Қожалық құрған 7 жыл ішінде өткен жылы ғана лизингке «МТЗ-80» ныспылы екі трактор алған. «Ысық ой» қыстағында үш шаңырақтың ұйытқысы болып отырған ағайынды азаматтар еңбекқорлықтары арқасында дәулеті тасып, ер-теңге сеніммен қарайды. Осман 1996 жылы қазақтың Гүлсара атты аруына үйленіп, қазақтарға күйеу бала болды. Бұл отбасының тұңғышы Аслан студент болса, Динер – 3-сынып оқушысы.

«Келісіп пішкен тон келте болмасын» білетін Зинаевтар жанұясы өзара ақылдасып, қиын мәселенің түйінін де оңай тарқатады. Себебі оларда ынтымақ, бірлік бар. Дәулеті асқан әулет өріске малы толып, өркендеп отырған қазіргі тұрмыстарын «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының арқасы», –  деп ауыздарынан тастамай  айтады. Қазақтармен біте қайнасып, олардың өз ұлдарындай болып кеткен ағайынды  Әбубакар, Омар және Осман әр істің қиюын келтіру нағыз еңбекте екендігін жақсы біледі.

Гүлнәр  ҚАДЫРОВА,

Бөкей ордасы ауданы


Жаңа кітап

Күні: , 101 рет оқылды

китап


Кеше «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, таныстырылымы өтті. Онда серіктестіктің бас директоры Жантас Сафуллин ұжым мүшелерін тың туындымен таныстырып, оның мазмұны мен басылу тарихына тоқталды.


Қарағанды қаласында басылған, облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бастауында тұрған  газеттер жөніндегі кітап «Хабар-Известия» 1918», «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» 1919» деп аталады. 680 беттік кітапта екі газеттің, яғни «Хабар» газетінің 1918 жылғы 17 қарашадан 31 желтоқсанға дейінгі аралығын-дағы нөмірлері жарық көрген. Ал «Киргизская правданың» нөмірлері 1919 жылдың 1 қаңтары мен 9 ақпан аралығын қамтиды. Екі тілде басылған кітапты дайындаған – танымал  журналист Қазбек Құттымұратұлы. Орыс тіліндегі нұсқасы сол күйінде берілсе, ескі араб жазуымен терілген қазақ тіліндегісін жерлестеріміз Ерсайын Мергенбаев, Мұратбек Жахатов даярлапты.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ,

“Орал өңірі”


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика