Мұрағат: 12.12.2015


Мешіттің мұнарасы тұрғызылуда

Күні: , 110 рет оқылды

20151109_113114


Дін – адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке ұйытатын құдіретті күш. «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын», — деген екен хәкім Абай. Бүгінде елімізде дінге сенушілердің діни қажеттіліктерін орындау үшін барлық жағдайлар жасалған. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында халқымыздың рухани өміріне, отбасы құндылығын арттыруға, жат ағымдардан алыс болуға, бірлікті сақтауға үлкен мән беріп келеді. Соған сай қалаларда, аудан-ауылдарда мешіттер ашылып, рухани орталыққа айналуда.


Қамыстылықтар да ауылдан имандылық үйін ашу үшін биылғы Ораза айында мешіт құрылысын бастап кеткен болатын. Осынау сауапты іске ауылдың үлкен-кішісі бел шеше, білек сыбана кірісіп, әркім қолында барымен бөлісті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бүгінде мешіттің қабырғасы қаланып, шатыры жабылды, жанынан мұнарасы тұрғызылуда.

— Мешіт құрылысына қолдау көрсетіп, демеушілік танытқан ауыл халқына ризашылығымыз шексіз. Келесі жылы үш бөлмелі мінәжат үйінің ішкі әрлеу жұмыстарын аяқтап, халықтың пайдасына беруді көздеп отырмыз, — дейді Қамысты ауылдық округінің әкімі Асқар Сәрсенғалиев.

«Көп түкірсе – көл» деген, қамыстылық ағайындардың бастаған сауапты істерін аяғына дейін жеткізеріне сеніміміз мол.

Асқар  ҚҰСАЙЫНОВ,

Жәнібек  ауданы


«Өмірімізді қолдан ұзартып отыр ғой…»

Күні: , 179 рет оқылды

IMG_7719


Биыл тәуелсіздіктің 24 жылдығын тойлаймыз. Осыған орай тәуелсіздік жылдарында шаңырақ көтеріп, халыққа қызмет етіп келе жатқан мекемелердің еңбегі мен жетістіктерін газет бетінде көрсетуді құп көрдік.


Олардың арасында сырқат жандардың жанына шипа болған нысандар да бар. Солардың бірі – «Нефрос-Азия» ЖШС деп аталатын қаладағы гемодиализ орталығы. Оның қызметі туралы айтып беруді серіктестік басшысы Темірхан Мұратовтан сұрадық.

— «Нефрос-Азия» ЖШС деп аталатын қаладағы гемодиализ орталығы бұрын облыстық клиникалық аурухананың бір ғимаратында болып, бүйрек қызметінің бұзылуынан қатты зардап шегіп жүрген науқастарға қызмет етті. Ол кездегі орталықтың емдеу бөлімі тар, оның үстіне қажетті құрал-жабдықтар да қат болатын. Қазіргі таңда гемодиализ орталығы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігі арқылы Игор Буланов дейтін алматылық кәсіпкердің қарамағына көшті. Бұл кісі осындай орталықты Алматы қаласынан да ашқан. Булановтың қаржылай қолдауымен орталық 2013 жылы 30 сәуір күні Ел ырысы ықшамауданында орналасқан екі қабатты ғимаратқа көшірілді. Бұл ғимаратты біз науқастарға қолайлы жағдай жасау үшін уақытша жалдап отырмыз. Мұнда кең де жарық үш бірдей емдеу бөлімі бар және бұл емдеу орындарында қазіргі таңда 125 адам ем қабылдауда. Бұлардың ішінде 10 науқас перитониалдық ем қабылдайды. Яғни олар гемодиализді дәрігердің көмегінсіз, әрбір 6 сағат сайын үйлерінде өздері жүргізеді. Қалған 115 науқас аптасына 3 рет осында келіп, 4 сағаттан ем алады. Бір сеанстың құны 26 000 теңге, айына бір науқасқа 13 сеанс жасалады. Сонда бір науқасқа бір айда орта есеппен 338 мың теңге мөлшерінде қаражат жұмсалады. Орталықта тұрақты ем алып жүрген 125 науқасқа айына қанша қаражат керек екенін есептеп шығаруға болады.

Баршамызға белгілі, бүйректері «отырған» науқастар өмір бойы дәрігер көмегіне тәуелді болады. Біз қиналып келген науқастарға көмектесіп қана қоймай, олардың жағдайын жеңілдетіп, үйлеріне орталықтың көлігімен жеткізіп те саламыз. Науқастарды тасымалдау қызметімен орталықтағы төрт көлік айналысады. Гемодиализден соң науқастар бірден көлікке отырмайды. Олар емін алғаннан кейін осында тегін тамақтанады, содан соң ғана орталықтың көліктерімен үйді-үйлеріне барады. Орталықта науқастарға жоғары білікті 10 дәрігер және 16 медбике қызмет көрсетеді.

Емдеу бөлімі заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Ең бастысы, жетілдірілген жасанды бүйрек аппараттарына ие болдық. Бұл аппараттар өте қымбат тұрады, бұған екінің бірі қол жеткізе бермейді. Сол себепті біздің емді еуропалық стандартпен жүргізуге мүмкіндігіміз бар деп толық сеніммен айта аламын. Мұнда науқасқа ем жасайтын ме-дициналық ине, система секілді құралдардың бәрі тек бір рет қана пайдаланылады, әр науқасқа жаңа құралдар қолданамыз, мұның өзі емнің сапалы жүруіне септігін тигізуде. Кәсіпкер Игорь Булановтың қаржылай демеушілігімен қазіргі таңда облыстық клиникалық аурухана ауласында жаңа гемодиализ орталығының құрылысы жүруде. Бұйырса, алдағы жылы бітеді деп үміттеніп отырмыз. Оған көшсек, гемодиализ орталығының жағдайы, бұдан да жақсарады деп ойлаймын. Меніңше, бұл да тәуелсіздік жемісі. Егемен ел атанғаннан кейін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тәсіліне көшіп, осындай замануи орталыққа қол жеткізіп жатырмыз. Шынын айтсақ, біздің қазіргі жалдап отырған орнымыз алғашқыда медициналық талапқа сай болмады, өйткені ол біреудің жеке мақсатына салынған ғимарат қой. Сондықтан осында көшіп келгенде, бізге көп жұмыстануға тура келді. Қазіргі уақытта бұл ғимаратты орталық жұмысына толық ыңғайлап алдық. Ал жаңадан салынған су жаңа гемодиализ орталығына көшкенде, бәрі талапқа сай болмақ, — деді Темірхан Мұратов.

Директордың сөзінше, «Нефрос-Азия» ЖШС алдағы қыста Булановтың келісімімен «Диаверум» дейтін еуропалық компанияның құрамына өтпек. Аталмыш еуропалық компанияның құрамында 19 мемлекет және 26 мыңның үстінде осындай бүйрек сырқатының ауыр түріне шалдыққан 26 мыңнан астам науқас бар.

— Мұндай мықты компания құрамына ену науқастарды емдеу сапасын бұрынғыдан да да арттырады деп ойлаймын, өйткені біз жергілікті дәрігерлер, еуропалық дәрігерлерден заманауи емдеу тәсілдерін үйренеміз. Дегенмен сөзімнің соңында адамның өз ағзасынан артық ештеңе жоқ екенін айтып, халықты өз денсаулығына мұқият қарауға шақырамын, — деген орталық директоры барша қазақ жұртын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, елімізге тыныштық тіледі.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Алексей СМИРНОВ,

Подстепный ауылының тұрғыны:

 — Осы орталықтан ем алып жүргеніме 6 жылдай уақыт болды. Бізді өз көліктерімен апарып, алып келіп, аптасына үш рет ем жасап жүрген гемодиализ орталығының дәрігерлеріне мың алғыс! Қыруар қаражат бөліп, біздің жағдайымыздың жеңілдеуіне жағдай жасап жүрген азаматтарға әбден ризамын. Бүйрегім жұмыс істемейді, үш күнге әрең шыдаймын. Шынын айтқанда, бұлар біздің өмірімізді қолдан ұзартып отыр ғой. Олардың жұмысын еш нәрсемен теңестіруге келмейді. Бізді емдеп, өмірімізді ұзартып жүрген орталықтың барлық қызметкерлері аман болсын деймін.

Оразбай ҚАНАТОВ,

58 жаста, Орал қаласының тұрғыны:

— Осы орталықтан ем алып жүргеніме бір жылдан асты. Алғашында қан қысымым көтеріліп, жүрегім ауырған еді. Осыған байланысты дәріні көп ішіп қойып, осындай ауруға ұшырадым. Үлкен-кішіге айтарым, денсаулықты барында қадірлеңдер. Оны жоғалтып алып, өкінгенмен бәрі кеш болады. Мүмкін болғанынша ауырмауға тырысу керек. Бізді бар ықыласымен емдеп, қамқор болып жүрген орталық дәрігерлеріне мың алғыс!


Комбинат тұрғызған алғашқы үй

Күні: , 137 рет оқылды

DMS_6372


Жуырда қаламыздағы үй құрылысы комбинаты салған алғашқы үйдің құрылысы аяқталды. «Болашақ-Т» ЖШС-на қарасты аталмыш құрылыс комбинаты осыдан бір жыл бұрын жұмыс жасай бастаған еді. Сол кезде республикалық және жергілікті бюджет қаржысына тоғыз қабатты 180 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын қолға алған болатын.


Комбинат басшысы Нұржан Сахаровтың айтуынша, үй құрылысына қажетті материалды аталмыш мекеме әлемдегі озық технологиялар мен жабдықтарды пайдалана отырып отандық өнімдерден даярлайды. Кәсіпорында 77 адам еңбек етеді. Компанияның басты ерекшелігі — үй құрылысы жұмыстарын аз уақытта бітіре алады. Мәселен, көпқабатты үйдің бір қабатын салып бітіру үшін бір апта уақыт жеткілікті. «Болашақ-Т» ЖШС-ның директоры Қайдар Қощановтың мәлімдеуінше, компания бүгінгі таңда көп қабатты екі үйдің құрылысын жүргізуде. Ал небары екі айдың ішінде құрастырылған 72 пәтерлік үй комиссиямен қабылданып, пайдалануға берілген. Үйдің бір шаршы метрінің құны 160 мың теңге тұрады. Алдағы уақытта тапсырылатын ішкі жұмыстары толық аяқталмаған пәтерлердің шаршы метрінің құны 150 мың теңгені құрамақ. Ең шағын бір бөлмелі пәтердің ауданы – 51 шаршы метр. «Болашақ-Т» құрылыс компаниясы пайдалануға берген көп пәтерлі тұрғын үй – еліміз бойынша үй құрылысы комбинаты салған алғашқы үй.

Нұртас  САФУЛЛИН


«Тіл мен тілші» мәресіне жетті

Күні: , 139 рет оқылды

IMG-20151211-WA0019


Бейсенбі күні мемлекеттік тіл туралы тұрақты қалам тербеп жүрген үздік журналистерді анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Тіл мен тілші» облыстық байқауы қорытындыланды.


Қазақстан Республикасы халқының тілдері күніне арналған тіл фестивалі аясында өткен байқаудың қорытынды шарасында алғысөз сөйлеген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин барша журналистерге сәттілік тілеп, марапаттау рәсіміне кезек берді.

– Журналистер – қоғамда өз ойын еркін айта алатын саяси күш. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы дәстүрлі түрде «Тіл мен тілші»  байқауын ұйымдастыру арқылы облыстағы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мен дамыту бағытындағы іргелі істерді насихаттауды жолға қойып отыр. Тіл саясаты жайында  идеологиялық-мазмұнды, ұлттық мүддені  тоғыстырып, тұшымды ой қосуда «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері тілшілерінің қосқан үлесі мол. Сондай-ақ мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын кеңейтуге  арналған байқауға қатысқан барша қаламгерлерге алғысым зор, – деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Махамбет Ихсанғали.

Байқау нәтижесі бойынша I орын алған «Орал өңірі» газетінің гуманитарлық бөлімінің редакторы Нұрлыбек Рахманов 400 мың  теңге қаржылай сыйлыққа ие болса, II   орыннан көрінген «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлжамал Кенжеғалиева мен Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің тілшісі Шынар Молданиязова  150 мың теңгені  қанжығасына байлады.  Ал  III   орын  алған Әділет Орынбасаровқа, Арайлым Кесековаға, Лаура Өтеғалиеваға 100 мың теңгеден бұйырды.

– Тіл мәселесі – күн тәртібіндегі өзекті  мәселелердің бірі. Осы орайда атқарылып жатқан шаруалардың нәтижесінде біраз жетістікке қол жеткіздік. Байқауға ұсынылған еңбектерді аты-жөні көрсетілмей, жасырын конвертпен келген мақалалар түрінде сараптадық.  Сараптай отыра, жанашырлық ниетпен көше аралап, рейд жүргізу арқылы жарнама тексеріп, мемлекеттік тілдің дамуына қосқан тәжірибелік үлестеріңді байқадық. Жалпы еңбектерді оқи отырып көңілім толды. Қаламдарың ұштала берсін. Мемлекеттік тіл мәселесімен қоса қоғамдағы өзекті проблемаларды  жаза беріңдер. Қоғамдық белсенділіктерің бәсеңдемесін, – деді қазылар алқасының мүшесі, ардагер журналист  Тихон  Әліпқали.

Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ байқаудың аясын кеңейтіп, орыс тілді журналистерді де қатыстыруға мүмкіндік болса деген ұсынысын айтты.

– «Тіл мен тілші» байқауының жүйелі өткізілгенінің нәтижесінде қазіргі таңдағы тіл мәселесі төңірегінде  өзекті проблемалар көтерілді. Қарап отырсаңыз, кез келген адам жол ережесін бұзса, жауапқа тартылып, айыппұл төлейді. Қай салада болмасын, тәртіптік шара қолданылады. Мемлекеттік тіл – елдің мемлекет ретіндегі негізгі белгісі екенін қаперден шығармауымыз керек. Байқауға келіп түскен материалдарда тіл заңдылықтарының бұзылғандығы туралы нақты деректер көрсетілген. Болашақта да осындай олқылықтарға бейжай қарамай, қатенің түзетілгеніне дейін жұмыстану керек. Мәселені көтеріп қана қоймай, оның орындалу барысын қадағалауға баршамыз мүдделі болғанымыз жөн. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының қомақты қаржы бөлсе де, қарапайым түрде өткізгеніне риза болып отырмыз. Қаламдарың ұштала берсін, әріптестер, – деді шара соңында  сөз алған  «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры  Жантас  Сафуллин.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Жемқорлықпен күрес күні аталып өтілді

Күні: , 92 рет оқылды

IMG_9668


9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда мемлекет пен азаматтық қоғамның бірігуі» тақыры-бында дөңгелек үстел отырысын өткізді.


Онда басқарма басшысы Әділхан Әшірбаевтың атап өткеніндей, сыбайлас жемқорлықпен халықаралық күрес күні БҰҰ-ның бастамасымен белгіленген. Дәл осы күні Мексиканың Мерида қаласында жоғары деңгейдегі саяси конференцияда БҰҰ Бас ассамблеясы 2003 жылдың 1 қарашасында қабылдаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенцияға қол қойылды. Оған қол қойған мемлекеттер пара, бюджеттік қаржыны жымқыру және сыбайлас жемқорлық жолымен пайда табуды қылмыс деп қабылдап, жаппай күрес жариялауы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстанда да кең көлемде жүргізілуде. Елбасымыз ұсынған әлемнің ең алдыңғы қатарлы отыз елінің қатарына ену жобасын орындау үшін сыбайлас жемқорлықпен күресте күш біріктірудің маңызы зор. 2015-2025 жылдарға арналған ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясында көрсетілгеніндей, тек мемлекеттік органдардың күші жеткіліксіз. Бұған үкіметтік емес ұйымдар, жалпы қоғам болып жұмылсақ қана нәтижеге қол жеткізе аламыз.

Департамент басшысының орынбасары – тәртіптік кеңес төрағасы міндетін атқарушы Мирболат Нұртазин сыбайлас жемқорлықпен күреске тың серпін беру мақсатында ашық келісімге мемлекеттік органдармен қатар қоғамдық ұйымдар және жекелеген адамдардың көптеп қосылып жатқандығын жеткізіп, алда тұрған мақсат-міндеттерге тоқталды. Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппарат құру мен жемқорлықты барынша азайтуды басты бағыттардың бірі ретінде атағаны мәлім. Осыған орай жаңа заңдар қабылданып, мемлекеттік қызметті реформалау жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуде жаңа әдеп кодексін қабылдаудың маңызы зор. Жаңа жылдан бастап тәртіптік кеңестердің орнына әдеп кеңестері қызмет ететін болады.

Елбасы биылғы Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлік үшін әкімшілік кедергілерді жою мәселесін тағы да қадап айтты. Бұл мәселені департамент басты назарда ұстап келеді. Жыл басынан бері мемлекеттік органдар лауазымды қызметкерлерінің шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласу және кедергі келтіру деректері бойынша 9 адамға қатысты 11 сыбайлас жемқорлық ісі қозғалса, қазірдің өзінде 6 қызметкерге соттың айыптау үкімі шығарылды.

Дөңгелек үстел отырысында ҚМДБ БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов, БҚО мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов, «Қазақстан студенттер альянсы» республикалық жастар қозғалысының жетекшісі Мержан Әбілқас сөз алып, бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендіктерін білдірді.

Шара соңында сыбайлас жемқорлықпен күрес тақырыбында өндіре жазған БАҚ өкілдері мен белсенді іс-қимылымен көзге түскен мекеме-ұйымдар марапатталды.

Ғалым АЯН


Еңбекте де, өнерде де топ жарған

Күні: , 273 рет оқылды

IMG-20151211-WA0007


Қазталов ауданы, Қошанкөл ауылының тұрғыны Марат Биғалиев — сегіз қырлы, бір сырлы жан. Бала кезден өнерге жақын болып өскен ол саналы ғұмырын осы салаға арнады. Отбасылық ансамбль құрды. Қазіргі уақытта «Рустам» шаруа қожалығына жетекшілік жасап келеді.


Орта мектепті бітірген бойда ол мал шаруашылығының маманы – зоотехник боламын деп Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына құжат тапсырды. Алайда бұл оқу орнында білім алу бұйырмады. Артынан Ақтөбе қаласындағы байланыс және электртехника техникумына оқуға түсіп, электрик-байланысшы мамандығын алып шықты. Әскерден келген соң, мамандығы бойынша Алматыда жұмыс істеді. Көп кешікпей ішкі істер бөліміне қызметке алынып, осы бағыттағы оқуға жіберіліп жатқан тұста ауылдан әкесі Қали хабарласпасы бар ма. Анасы Кәкима осыдан екі-үш жыл бұрын, бұл Отан алдындағы борышын өтеп жүргенде дүние салған еді. Інісі оқуда, қарындасы да мектеп бітіріп, оқуын жалғастырғысы каледі. Үйде әкесінің бара-бара жалғыз қалатын түрі бар. Сол себепті қасына келуін өтінді. Рас, алғашқыда ауылға баруға құлқы болған жоқ. Болашақ өмірін қаламен байланыстыратын. Оның үстіне өмір жолында кездесетін түрлі қиындықтарға мойымауды үйреніп, білім-біліктілігін толықтырып, дос-жарандар тауып, Алматыға үйреніп, үйлі-баранды болып, енді жаңаша өмір сүруді бастайын деп жатқанда, мынадай хабар межелеген мақсат-жоспарын көзден бұл-бұл ұшырғандай болды. Бірақ әкенің аты — әке. Бүгінде алаңсыз сауық-сайран құрып, шалқып жүруі, ол сөз жоқ, әкесінің арқасы ғой! Мұны келіншегі Нұржамалға айтып еді. Ешқандай сөзге келген жоқ. Зайыбының жағдайды бірден түсінгенін оқып жатқан медициналық ущилишесін тастап, Алматымен қош айтысып, ерінің етегінен ұстап, Қошанкөл қайдасың деп тартып отырғанынан-ақ аңғаруға болады.

Ел астанасынан келген бала-келінін көрген әкенің қуанышын көрсеңіз. Қуаныш қуанышқа ұласты, көп кешікпей Қали ақсақал немере сүйді. Кемпірі бұл қызықты көре алмай, арманда кетті ғой деп немересінің атын Арман деп қойды. Оның соңынан Руслан, Айгүл, Рустам ерді (тек әкесіне Айнұр мен Маринаны көру бұйырмады). Ұлы Отан соғысына қатысып, саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған ақсақал 90-шы жылы бала-келініне риза күйінде дүниеден өтті.

Жастардың ауылға келуі қашан да қуаныш қой. Олармен бірге жаңа леп келетіні белгілі. Сол сияқты Марат пен Нұржамалдың да Алматыдан келуі бір әулет үшін ғана емес, бүкіл ауыл-аумақ үшін соны серпін әкелгендей. Қошанкөлдіктер алматылық келіннің бау-бақша егудің шебері екенін көрді. Қолына кетпен-күрегін ұстап, жер тырмалаған бикешке әуелгі кезде көпшілік таңырқай қарағаны рас. Артынан ауласының жасыл-желекке бөленіп, дастарқаны көкөніс пен бау-бақша өнімдеріне толғанын көрген ауылдағы ағайын Марат пен Нұржамалға ерекше құрметпен қарай бастады.

Жас жұбайлар еңбекте ғана емес, өнерде де алда болды. Әкесінің ән салғанын, анасының домбыра, мандолина сынды ішекті аспаптар тартқанын көріп өскен Марат өнер десе, ішкен асын жерге қоятын. Ата-анасымен бірге ән салды, олардан сырнай тартуды үйренді. Ақтөбеде электрикке оқып жүрген кезінде де өнерін дамыта түсті. «Қарным ашса да, рухани дүнием ашықпасын» деп шәкіртақысының біраз бөлігін өнерін дамытуға жұмсады. Яғни музыкалық аспаптарды жалға алды (прокат), концерт, өнер кештеріне барды. Дәрігерлікке оқыған Нұржамал да өнерден құралақан емес. Мұндай жандардың ауылға келгеніне көпшіліктің қуанғаны рас. Сөйтіп, ерлі-зайыпты Биғалиевтар түрлі кеш, отырыс, тойлардың шырайын келтірді, ауылда бұларсыз ән кештері өтпейтін болды. Артынан балалары да ән салып, кештерге белсенді қатыса бастады. Осылайша отбасылық ансамбль құрылды. Бұл ансамбль аудан орталығы, көрші ауылдарда ғана өнер көрсетіп қоймай, Ресейдің сахнасына да шықты. Әсіресе, Саратов облысының Новоузинск, Энгельс аудандарындағы қандастарымыз шақыруымен шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, ат бәйгесі сынды мәдени-көпшілік шараларға қатысты.

Алматыдан қоныс аударғаннан кейін Марат Қалиұлы кеңшарда электрик, байланысшы-диспетчер болып қызмет атқарды. Бойындағы өнерді көрген басшылық көп кешікпей оны автоклуб меңгерушісі етіп тағайындады. Жаңалыққа жаны құмар жан бұл қызметке тың бастама әкелді. Енді өнерпаздарымен бірге кітапханашы, фотограф, тігінші де малды аймақ-тарды аралайтын болды. Бұлар концерт қойса, қалғандары өз саласы бойынша қызмет көрсететін. Автоклуб меңгерушісі шопандар қауымын мұнымен ғана қуантып қоймады. Дыбыс жазатын магнитофон алып, оған ауыл мектебі интернатында оқып жатқан малшылардың балаларының айтқан сөздерін, өтініш-тілектерін жазып алып, қырдағы ата-аналарына тыңдататын. Біраздан бері көрмеген баласының дауысын естіп, ата-аналардың кейбірі мәз болса, енді біреулері көздеріне жас алатын. Даладағы әке-шешесінің «сабақты жақсы оқыңдар, тентек болмаңдар, мұғалім-тәрбиешілеріңнің айтқанын тыңдаңдар» дегенін естіп, баланың да көңілі босайтын.

Кейіпкеріміздің бойындағы адамгершілік, ұйымдастырушылық қабілеттерін көріп, ол туралы тұрғындардың жылы лебізін естіген аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Ғалымжан Нығметов оны барынша қолдады. Егер автоклубы сынып қалса, бірінші кезекте жөндететін, қажет аспаптар, құрал-жабдықтар да жедел жеткізілетін. Мәкең Алматыға барып білімін жетілдіріп отырды. Елағаларының артқан сенімін ақтауға тырысып, белжазбастан еңбек етті. Автоклубтар арасындағы аудандық байқауларға қатысып, үш жыл қатарынан бас жүлдеге ие болса, облыстық байқаудан екінші орынды еншіледі. Артынан мәдениет үйінің директоры болып жүріп, ауылдағы мәдени-көпшілік шараларды жүйелі ұйымдастырды. Өнерлі жастарды тауып, оларға демеу бола білді. Осындай еңбектері үшін облыс, аудан, кеңшар басшыларының алғысхат, мақтау қағаздарын алды. Фотосуреті аудан орталығындағы құрмет тақтасына ілінді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындық мәдениет саласын да айналып өтпегені белгілі. Сол кезде «қара қазан, сары бала қамы үшін» деп атакәсіп – мал шаруашылығына дендеп бет қоя бастады. Бастапқыда малды үйде өсіріп, бордақылады. Артынан ауылдан он бес шақырым қашықтықта орналасқан, кеңшардың малы кеткен соң қаңырап бос қалған Мұқанай қыстағын өз иелігіне алды. Кіші ұлының есіміне орайластырып «Рустам» шаруа қожалығын құрды. Бүгінде шаруашылықта 260 бас жылқы, 50 бас ірі қара бар. Ірі қара малының бәрі қазақтың ақ бас тұқымды сиырлары. Асылдандыру бағытындағы жүргізілген жұмыстарға орай мемлекет тарапынан демеуқаржы алып келеді. Енді жылқыны асылдандыруды қолға алмақшы.

— Елбасымыз Жолдауларында әлеуметтік жауапкершілік жөнінде жиі айтады. Бұл өте орынды деп ойлаймын. Соған орай біз де ауылда өтетін үлкенді-кішілі шараларға, тұрмысы төмен отбасыларға демеушілік көрсетіп келеміз. Ауылдың іргесіндегі мәйітті қоршау, өзге де жұмыстарға қолдау жасаймыз. Орал қаласында кәсіпкер болып жүрген ұл-қыздарым да бұл істен тыс қалып жатқан жоқ. Олар жыл сайын ата-ана қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға жылы киім-кешек, оқу құралдарын, азық-түлік алуға өз жәрдемдерін беріп келеді. Мен әлеуметтік жауапкершілікті тек материалдық көмек көрсету деп түсінбеймін, оның ауқымы кең. Сол себепті біз тағдыр тәлкегіне түсіп, қиындыққа душар болғандарды рухани жағынан да қолдап, оларға отбасылық ансамбліміз-бен концерт қоямыз, — дейді Ма-рат Қалиұлы.

Еңбексүйгіштігімен, өнерімен, белсенділігімен, қамқорлығымен ерекшеленетін Марат Биғалиев асқаралы алпысқа келіп отыр. Туған халқының игілігі үшін аянбай тер төгіп жүрген оны мерейтойымен біз де құттықтаймыз.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»


Өлке тарихын өрнектегендер

Күні: , 224 рет оқылды

2 данакецзет


Сейсенбі күні «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында «Дана.kaz» журналы ұйымдастырған  «Өскен өлке тарихы» байқауы өз мәресіне жетті.


Басқосуға аталмыш мекеменің бас директоры, «Дана.kaz» журналының ақылдастар алқасының төрағасы Жантас Сафуллин, журналдың бас редакторы Қазыбек Құттымұратұлы, тарих магистрі Айболат Құрымбаев және журнал оқырмандары мен байқау жеңімпаздары қатысты.

Байқау өткен жылы туған өлкеміздің тарихын зерттеуге, кейбір жекелеген оқиғалар мен ұмытыла бастаған тұлғалар, жер-су атауларының пайда болуы туралы тарихи деректерді жинау мақсатында тарихшылар мен өлкетанушылар және орта мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған болатын.

— Бүгін тарихи-танымдық, көпшілікке арналған «Дана.kaz» журналының жарыққа шыққанына тура үш жыл толып отыр. Бұл күннің біз үшін маңызы зор деп білемін. Өйткені ең алғашқы санын Тәуелсіздік күніне орай жарыққа шығар-ған болатынбыз. Өте шыққан үш жылда едәуір жұмыстар атқарылды, бұрын-соңды жарияланбаған тың материалдар жарық көріп, көптеген жобалар қолға алынды. Ең бастысы, журнал өзінің тұрақты оқырмандарын тауып үлгерді, — деп сөз алған Жантас Набиоллаұлы «Дана.kaz» журналының рухани бағытта бас біріктірген азаматтардың қолдауымен жарыққа шығып келе жатқанын айтты.

Ал журналдың бас редакторы, өлке тарихын зерттеуге атсалысып жүрген журналист Қазыбек Құттымұратұлының айтуынша, күні бүгінге дейін  журналдың 23 нөмірі жарық көрген. Алайда 2014 жыл журнал үшін қиын кезең болып,  қаржы тапшылығына байланысты жыл бойы төрт санмен шектеліп, байқауға келіп түскен материалдарды толық жариялау үшін сайыс мерзімін ұзартуға тура келгендігін алға тартты. Осыған қарамастан байқауға қатысып, белсенділік танытқан журнал оқырмандарына өз  алғысын жеткізді.

Байқау қорытындысы бойынша Орал қаласындағы №1 орта  мектептің тарих пәні мұғалімі Нұрия Жекекқызы («Отыз бесінде атылған ару»), Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық университетінің студенті Нұрсұлтан Ғатау («Бір мешіттің тарихы»), Сырым ауданы, Қ. Мырзалиев атындағы орта мектептің  тарих пәні мұғалімі Мұқат Арыстанов («Сәкеннің Жымпитыға сапары»), М. Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Қуанар Мұсағалиева («Алғашқы мұғалімдер сьезі»), Қаратөбе ауданы, Саралжын ауылының 8-сынып оқушысы Аружан Қарашқызы («Мұхит ауылының  жер-су атаулары»), Шыңғырлау ауданы, Ақсуат орта мектебінің мұғалімі Салтанат Абакова («Шырайлы өлкем — Шыңғырлау») жеңімпаз деп танылып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ләззат  ШАҒАТАЙ


Жергілікті полиция жұмысын бастайды

Күні: , 95 рет оқылды

IMG_5803


Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінде жергілікті полиция қызметін құру және оның жұмысын ұйымдастыруға арналған кеңес өтті. ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Б. Бисенқұлов қатысып, баяндама жасаған кеңеске облыс әкімі Нұрлан Ноғаев төрағалық етті.


Кеңесте Берік Бисенқұлов құқық қорғаушыларға 12 қараша күні Президент қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура-лы» ҚР Заңын таныстырып, 1 қаңтардан бастап жұмысқа кірісетін жергілікті полиция қызметін түсіндірді.

– Елбасының тапсырмасымен жергілікті полиция қызметі құрылмақ. Бұл қызметтің мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алып, қоғамдық тәртіпті сақтау. Қызметкерлер бұрынғы кадрлар арасынан таңдап алынады, – деген ҚР Ішкі істер министрінің орын-басары Б. Бисенқұлов оларға қойылатын талаптар, жүктелетін міндеттерді егжей-тегжейлі баяндады. Жергілікті полиция қызметіне қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қорғау және тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша міндеттер жүктелмек. Жергілікті полиция қызметінің басшылығын ІІМ-ның ұсынымы бойынша мәслихат депутаттарының келісімімен облыс әкімі тағайындайтын болады. Сөйтіп, әкімдердің өздеріне бағынышты аумақтағы құқықтық тәртіп пен жергілікті полиция қыз-меттері үшін жауапкершілігі артпақ. Ал полиция қызметінің басшылары жылына кем дегенде екі рет әкімдік пен мәслихат алдында, бір рет тұрғындардың алдында есеп береді. Осылайша жергілікті полиция қызметінің бағалануы тұрғындардың пікіріне байланысты болмақ.

Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Электр стансасы іске қосылды

Күні: , 142 рет оқылды

фото Рафхат Халелов (76)


Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасының қатысуымен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» жалпыұлттық телекөпірі өтті.


Телекөпір барысында 16 жоба іске қосылды. Енді жаңа кәсіпорындарда 3300 тұрақты жұмыс орны құрылады. Мемлекет басшысы аталған өндіріс орындарын ашуға рұқсат беріп, онда қызметке тұрған азаматтарды жаңа жұмыс орындарымен құттықтады. Олардың ішінде батысқазақстандықтар да бар. Нақтылап айтсақ, Зеленов ауданының Белес ауылы аумағында қуаты 100 МВт газтурбиналы электр стансасы пайдалануға берілді. Бұрын хабарланғанындай, бұл өндіріс орны өңірді сапалы қуат көзімен қамтып, Ресей энергиясына тәуелділікті жояды. 70 жаңа жұмыс орны ашылып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді. Жоба сәтті іске асса, өңірімізде жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлер мен ірі компаниялардың электр қуатына жұмсайтын шығыны азайып, тариф тұрақталады. Соған орай облыс әкімдігі, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ және бұл жобаны жүзеге асырып жатқан «Батыс Пауэр» ЖШС арасында меморандум жасалды.

Телекөпір барысында сөз алған «Батыс Пауэр» ЖШС бас директоры Жасұлан Жақыповтың айтуынша, аталған жобада электр энергиясын өндіру үшін «General Electric», «ABB», «Siemens» секілді әлемдегі алдыңғы қатарлы компаниялардың жабдықтары пайдаланылуда. Нысанның құны 92,5 млн. долларды құрап отыр.

Нысанды іске қосуға рұқсат берген Мемлекет басшысы бұл жобаның маңыздылығын атап өтті.

— Газ-турбиналық электр стансасы таза энергетикаға жатады. Біз еліміздің батыс өңірін өзіміздің энергиямен қамтамасыз етудеміз және импорттан бас тартудамыз. Бұл нысанды іске қосыңыздар. Жұмыстарыңыздың табысты болуын тілеймін! — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Елбасы атап өткендей, телекөпір барысында қосылған жобалардың ел экономикасының дамуына қосар үлесі көп. Олар Қазақстанның өнеркәсіп өндірісінің 8 басымдықты саласында жүзеге асырылып отыр. Екі кәсіпорынның әрқайсысы жыл сайын орташа есеппен 81 млрд. теңгенің өнімін өндіретін болады. Ең төменгі есептеулердің өзінде бұл жобалар экономикамызға қосымша 270 млрд. теңге кіріс әкелмекші.

-Индустрияландыру күні аясында өткен телекөпір кезінде іске қосылған бұл жоба өңіріміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл – жоғары технологиялы, еңбек өнімділігі өте жоғары өндіріс орны. Бұл жоба екінші деңгейлі банк пен жеке кәсіпкерлердің өз қаражаттарының арқасында жүзеге асып отыр. Сол себепті қолайлы тариф белгілеу бағытында құрылтайшылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жалпы, облысымыз жыл маусымдарына орай жылына 120-140 МВт энергия тұтынады. «ҚПО б.в.» компаниясындағы трансформатор апатты жағдайға түсуіне байланысты 30-40 МВт қуатты сырттан алудамыз. Осы нысан іске қосылғасын бұл бағытта туындап отырған мәселелер тұрақталады. Бұл нысан қысқа мерзімде салынып, іске қосылып отыр. Соған орай құрылтайшыларға, мұның жоба-жоспарын дайындаған инженер-құрылысшыларға өз риза-шылығымды білдіремін. Кәсіпорын ұжымына сәттілік тілеймін, — деді телекөпірден соң жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

*     *     *

20151211143547 жайык ет

Жалпы ұлттық телекөпірден соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  ҚР Президентінің «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттады.

ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының «Ең үздік индустриялық жоба» аталымында Павлодар облысының «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС лауреат атанды. Компанияның президенті Владимир Ким “Алтын сапа” сыйлығын Елбасының қолынан алу құрметіне ие болды. Президенттік арнаулы «Алтын сапа» сыйлығы аясындағы «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша Алматы қаласындағы «Элтекс Алатау» ЖШС  «Алтын сапа» сыйлығын иеленді. Ал бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» сыйлығының Гран-приі «Самрұқ Энерго» акционерлік қоғамына бұйырды. Компанияның басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев Елбасы қолынан «Парыз» сыйлығын алды.

«Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша солтүстікқазақстандық «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, оңтүстікқазақстандық «KAZMEDPRIBOR Holding» ЖШС, Алматы қаласынан «Қазақстан арматура-лық тұрба құбыры» ЖШС, ал «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» аталымында астаналық «BI Holding», алматылық «Исткомтранс» ЖШС, маңғыстаулық «СФ «Ынта» ЖШС , «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бойынша Алматы облысынан «Байсерке Агро» ЖШС, «Алтын орда» авторлық дизайн үйі компаниясы» ЖШС  және Батыс Қазақстан облысынан «Агропродукт ЛТД» лауреат атанды.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

“Орал өңірі”


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика