Мұрағат: 10.12.2015


«Декабристка» Дүйсенғалиева

Күні: , 223 рет оқылды

декабристка Дуйсенгалиева


Таңертеңгілік шақ еді. Жатақхананың іші дүрлігіп жатыр. Ұйқыларынан енді ғана тұрған Раушандар үрпиісіп қалды. Бір бөлмеде Светлана, Ақмарал, Рая төртеуі тұратын. Төртеуі де сол кездегі Орал облысынан. Алматының политехникалық техникумына конкурстан өте алмай, құрылыста жұмыс жасап жүрген  кездері.


«Не болып қалды?». «Жастар орталық алаңға жиналып жатқан көрінеді. Қонаевты орнынан алып, бірінші хатшылыққа шеттен әкеліп, қайдағы Колбин деген біреуді қояйын деп жатқан көрінеді… Соған барлықтарыңызды алаңға шақырып жүрміз. Қарсылығымызды білдіруге…» Сол, сол-ақ екен, жатақхананың ішіндегі елеуреген  жастар сыртқа ақтарылды.

Дүрмектен қалмай, Раушандар да бірге кетті. Көшеге шықса, Абай даңғылы жастардан жыртылып айырылады. Қалың топ мұрты бұзылмастан, Алматының орталық алаңын маңдайға ұстап кетіп барады. Өздері әрі қатулы, әрі көңілді деуге де келіңкірейді. Бірақ бірдеңені бұзып жаратындай немесе біреулерді соққыға жығатындай бұзық ой, теріс ниет, жат пиғылдары мүлдем байқалмайды. Алматының әр тұсынан  жиналса да, бірін-бірі күнде көріп, біліп жүргендей бір-біріне  емен жарқындық танытқан қазақ жастары. Әне, орталық алаң да көрінді… Мұнда да иін тірескен қазақ жастары.

Кемерінен асып төгілердей, алаңға сыймай, мөймілдеп тұр. Мінберге кезек-кезек көтерілген жасы бар, жасамысы бар шешендер қызыл тілге ерік берген. Бәрінің айтатыны біреу ғана – Қонаевты орнынан неге алады? Колбин деген кім, орнына осы елдің бір қазағы табылмағаны ма? Жасыратыны жоқ, олардың арасында сол кездегі әпербақан саясаттың сойылын соғып, «Орталық өзі біледі, кімді қоятынын. Бұзақылық жасамаңдар, тәртіпсіздікті доғарыңдар, үйлеріңе қай-тыңдар!» – деп сыңар езулегендер де болмай қалған жоқ. Ширыға сөйлегендердің сөзі жігерлерін жаныған жастар  ұрандатып, алаңның үстін тітіретті. Бұлар келген бойда байқағаны – алаңды айнала әскер шебі қоршап тұрды. Уақыт өткен сайын олардың қарасы көбейе түскендей. Бастарында темір дулыға, кеуделерінде кіреуке сауыт, қолдарында резеңке сойыл, белдерінде сапердің темір күрекшесі. Ереуілдеткен жастар шебіне қаңылтыр қалқандарының саңлауынан  қандарына қарайғандай жауыға қарайды. Бұл Сібір жақтан, тіке рейспен шұғыл жеткізілген, осындай ереуілдерді аяусыз жаншып тастауға әбден үйретілген арнайы жасақ екен. Ол кейін белгілі болды ғой… Тағы біраз уақыт өткенде, көздерінен жасыл ұшқын шашырап, абалап, аспанға шапшыған төбеттерді жетектеген сарбаздар жүк машиналарынан ақтарыла түсіп, қоршай бастады. «Аттан!» – десе, жолдарындағыларын жайпап өтер жойқын шептің құрсауы сәт санап тарыла берді. Ал  жастардың ойында ештеңе жоқ. Не болушы еді, олар мұнда бейбіт ниетпен келіп еді ғой…

Тұла бойды шымырлатып, «Менің Қазақстаным!» әні кетті аспанға әуелеп. Жігерді жанып «Атамекен» атой салды. Сол, сол-ақ екен, тас түйін тұрған әскери жасақ лап қойды. Күрек пен сойылдарын қатар сілтеп, жастардың алдыңғы шебін баудай түсіріп, тығыз тұрған топты паршалай бастады. Осылайша  бөліп әкетіп жамсатып салмақшы.  Лап берген сайын жастарды бір-бірлеп орталарына қарай сүйретіп әкетіп жатыр. Сүйреп әкеткен бойда жабыла кетіп, сілейте ұрып жатыр. Аңдаусыз тұрған қазақтың талай қызы осылайша солдаттардың ортасына түсіп қалып, оңбай таяқ  жеп жатты. Итке таланғандары қаншама?.. Қайран, қанында бар қазақтың жігіттері-ай! Жалаң қол болса да, қыздардың соққыға жығылғанын көріп шыдамай, мұздай қарулы жасаққа қарсы  арыстанша атылды. Атылып барып, қыздарды кейін қарай лықсытып, арашалап әкетіп, орталарына алуға жанталасты. Арқаларын бірбіріне беріп,  аяқ-қолдарын қатар жұмсаған жігіттердің бірқатары  қалың қолдың ортасына сыналай кіріп, майдан салып жүр. Сол жігіттердің көмегімен қауіпті тұстан сытылып шыққан Раушандарды енді  сарбаздардың ту сыртында тұрған милиционерлер қоршап алды. Алаңның шетіне арнайы әкелінген  автобустарға қарай тықсыра бастады. Қашпақ болып еді, резеңке сойыл Раушанның арқасын екі рет сойып өтті. Үстіндегі жұқа пальтосы ауыр соққыға  қамсау бола алмады. Көзі қарауытып құлап бара жатқанда, жігіттер қолтығынан іліп әкетті. «Құлап қалма, қарындас! Тапалып қаласың» – деген бейтаныс дауыс құлағына жетті. Әбден таяқ жеп, соққыдан тәлтіректеген бұларды автобустарға тиеп (қыздарды бір бөлек, жігіттерді бір бөлек), Алматының шетіне әкеліп аударып тастады. Желтоқсанның ызғары сүйектен өткендей. Раушанның сойыл тиген арқасы қақсап бара  жатса да, бет-әлпеті сау екен, әйтеуір. Соған тәубе етті. Ал көп қыздардың беттері мен бастарын қан жауып кеткен, өздіктерінен жүре алмайды. Қыз-жігіттер жаяулап, жағдайлары ауырларын сүйемелдеп қалаға қарай шұбырды. Алматының ең шетіндегі ауылдарда тұратындар қаладағы қырғыннан хабарсыз болса керек, жастардан «Сендерге не болған?» – деп таңдана сұрайды. Автобустардың тізгінін ұстап келе жатқан басқа ұлттың өкілдері бұларды көліктеріне отырғызудан бас тартты. Онымен қоймай, «Бәлем, өздеріңе сол керек!..» дегендей табалай қарайды. Қызуқанды жігіттер қарап тұрсын ба, жүргізушілердің өзін автобустан жұлып алып, сыртқа лақтырып, бұларды тиеп алды. Содан көлікті өздері айдап отырып, жараланғандардың бірін тастамай, Алматының ортасына жеткізген. Сол күндерді бүгінде еске алса, Раушан: «Ой, шіркін, алды-артын ойлатпайтын жастық-ай!..» — дейді.

«Жастық-ай!..» – демекші, жатақханаға келіп, сәл демалып алып, естерін жиғаннан кейін күзетіп тұрған дружинниктерден қашып шығып, ереуілдеткен алаңға тағы барғандарын айтсайшы. Алаң кәдімгі айқас алаңына айналған. Әр жерде төңкеріліп өртелген түрлі көліктер түтіндеп, жанып жатыр. Араларында сау тамтығы қалмай теңкиген өрт сөндіретін машиналар да бар. Алаңның шетіндегі дүкен, дүңгіршек сияқты нысандар отқа оранған.  Әскер мен милицияның қарасынан көз сүрінеді. Жастарды қоршап алып, соққыға жыққан сарбаздар оларды сүйреп апарып автобустарға тиеп,  әкетіп жатыр… Алаңға жаңадан келіп жатқандарды ішке енгізбей ит қосып, ұрып-соғып, су шашып қуып жүр. Раушандар зорға қашып құтылып, жатақханаларына келіп тығылды. Бірақ содан кейін-ақ, бұларға тыныштық бермеді. Жатақханада бірге тұратын басқа ұлттың жастары «бұлар алаңға бір емес, бірнеше рет барды» – деп көрсетулерімен тергеп-тексеру, жауаптау басталды. Комсомолдардың жиналысына салды. Сөйтіп, келесі жылы оқуға барғанда берілетін комсомолдық мінездеменің ауылы мүлдем алыстады. Айтып-айтпай не керек, Раушан құрбыларымен ауылға қайтуға мәжбүр болды.

*    *    *

– Жонарқама резеңке сойылдан түскен қос соққының ізі көпке дейін кетпей, сыздап жүрді.  Елге келгеннен кейін де мені іздестіру тыйылмады. Қыз кезімдегі тегім Дүйсенғалиева еді. Тұрмысқа шығып, Алдиярова болғасын тынышталды, – дейді желтоқсанның куәгері, кешегі «декабристка» Дүйсенғалиева, бүгінгі Раушан Алдиярова. Жымпитылық азамат Орынғалимен шаңырақ құрған ол – аудан орталығындағы аурухананың  қызметкері. Орекең екеуі — ұлдары мен қыздарынан немережиен сүйген ата-әже. Тұрмыстарына риза. Марқұм әкесі Жәнібектің көзіндей, он бір ұл мен қызды дүниеге әкелген «Батыр ана» Марфуға анасы орталарында.  Өміріне өкпелемейді Раушан. Тек сонау желтоқсанның ызғарлы күндерінде Тәуелсіздіктің алғашқы қуатты дүмпуіне әрі қатысушы, әрі куәгері болғандығын жонарқасы есіне салып  қоятыны болмаса. Анда-санда…

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

Сырым ауданы


Мен сектаға қалай бардым?..

Күні: , 204 рет оқылды

hbt_r


Осыдан екі-үш жыл бұрын қалалық саябақта кездейсоқ Гауһар есімді қызбен таныстым. Жасы 22-23 шамасында. Әкесі шымкенттік, анасы Жаңақаланың тумасы екен. Бір көрген жанға жылы жүзді, байсалды, өмірден түйгені көптей көрінеді. Жаныма келіп, әуелден таныс адамдай бөгелместен сөзге тартты. Бірақ әңгіме әу бастан түсініксіздеу өрбіген еді.


— О дүниеге барғанда адамдар жаны көкке жету үшін бірнеше сыннан мүдірмей өту керек. Біздің Құдайымыздың Ехоба екенін сіз білесіз бе? Ол адамды біз ойлағаннан да қатты жақсы көреді. Оған шексіз сенуіміз керек. Бізді тозақ отынан одан басқа ешкім құтқармайды және құтқарып алмайды.

Ол үшін Ехобаның 6 сынынан сүрінбей өту маңызды. Олар: Құдайы туралы білім алу, сенім білдіру, адамдарға мейіріммен қарау, Құдай туралы уағыздау, дұға арнау және шоқыну, шомылдыру рәсімі. Осы рәсімдерді толық орындаған адам ғана о дүниеде жаны тыныштық тауып, мәңгілік тыныш өмір бұйырады. Ал мынау Ехобаға куәлік етуге берілген төлқұжатым, — деп қолындағы қызыл куәлікті көрсетті де, үзіп алғандай, кілт тоқтады.  — Қалай ойлайсың, Ехоба туралы көбірек білгің келеді ме? Сені Ехобамен және оның достарымен таныстырсам деп едім? Сенің де осындай куәлікке ие болуыңа мүмкіндігің бар, — деп сұрады. Сосын қызыл куәліктің “артықшылығын” тізе жөнелді. — Бұл менің төлқұжатым, мүлде жоғалтуға болмайды. Менің кім екендігім және болашақта кім болатындығым бәрі осында жазылған. Тіпті  кез келген уақытта ауыра қалсам, менің рұқсатымсыз маған қан құюға және менен қан алуға, инемен егуге болмайды. Ехоба бізге осындай артықшылықтарды сыйлады, оған сол үшін де адал қызмет етуге уәде еткенбіз, — деп мақанды.

Оның бұл сөздерінен әуелі секем алып, не айтарымды білмей абдырап қалдым. Мына қазақ бойжеткенінің Ехобаны Құдай санап, басқа тәңірі жоқтай, шоқынғаны несі деп таңғалдым. Артынша, бейтаныс қыздың бұл қылығын қызық көріп, бір жағынан, Ехобаның кім екенін білмекке келісімімді бердім. Сөйтіп, жексенбі күні кездесуге уағдаласып, қоштастық.

Тамұқтағы жарты күн

Жастықтың әсері шығар, бәрін  көзбен көргенше асықтым. Жексенбі күні ерте тұрып, айтқан мекенжайға келсем, Гауһар мені күтіп тұр екен. Келгенімді көріп, қуанып: “Сені маған Құдай айдап келді, жолың болады”, — деді. Мені жақын маңдағы бір үйге апаратынын айтты. Жолшыбай өзінің Шымкент қаласынан Оралға Құдайға қызмет ету үшін келгенін жасырмады:

— Оралдағы кәсібім өзіме ұнайды, күн сайын Ехобаны мадақтап, осылай адам жинап тұрсам, басшылық мені ренжіте қоймас, сұрағанымды артығымен береді. Ехобаға қызмет еткендер  шаршау дегенді білмейді. Ехоба бәрімізге күш береді. Біздің қауым сізге де ұнайтынына сенімдімін, — деді. Діттеген жерге де жеттік. Есіктің арғы жағынан, бейтаныс ер адам қарсы алып, мені бірден төрге шығарды. Бір бөлмелі тар үйде жиырмадан аса адам жиналыпты. Ер адамдар галстукті костюм-шалбар, әйелдер классикалық үлгіде киінген, құдды зиялы қауымның ортасына түскендейсің. Түр-сымбаттары да келісімді. Арасында ата-анасымен ілесіп келген мектеп оқушыларына дейін жүр. Төрге жайғасқаннан кейін, өздерінің кім екенін таныстыра бастады. Қауымдағы бір-біріне «ба-уырластар»  дегеннің бәрі де өз қазағым екен:

— Біздер Ехоба құдайына қызмет етуші және өмірден адасқан жандарға жол көрсетушілерміз. Мұқтаж  жандарға  қолұшын созамыз.

Бәріміз Ехобаның шапағатына бөлену үшін, осы жолда жүргендерміз. Сенің де қатарымызға қосылуыңмен құттықтаймын! — дегені сол еді, бәрі қол шапалақтап, мені қаумалап құшақтап, құттықтап жатты. Олардың бұл әрекеттері маған оғаш сезіліп, әрі-сәрі күйде қалдым. Сонда да сыр  білдірмеуге тырысып бақтым.

Біраздан соң барлығы Ехобаның құрметіне өлең айтты. Ортаға 30-дар шамасындағы аққұба келген жігіт шығып, қауым мүшелеріне «Қасиетті кітаптан»  бірнеше мысалдарды жамыратып әрі ежіктетіп оқытып жатты. Екі-үш кітапшаны танысып отыр деп маған да берді. Алғашқы бетін ашып қалғам, денем одан әрі түршігіп кетті. Адамды оңай арбап, өздеріне тартып алудың жолдары ашық жазылыпты: «Ехобаға қызмет етпейтін адамдардың өмірлерінде дұрыс бағыт беретін басшылық жоқ. Олар айналасындағы ар-ұяттан жұрдай адамдардың айдауымен жүреді. Араммен араласқан жан адал әдетінен айырылады» делінген. Тіпті әлемдік статистикадан да өздерінше мысалдар келтіріп қойыпты:

«…адамдар әртүрлі қиыншылықтардың салдарынан жан күйзелісіне ұшырайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, жер жүзіндегі 5 адамның біреуі өмірінде әйтеуір бір рет осындай күйді бастан кешіреді. Ал Ехобаның қызметшілерін мұндай жағдай айналып өтпейді», — деп жазылған.  Қараңыз, «…қазіргі адамдар билікке, байлыққа және атақ-даңққа қол жеткізу үшін бар өмірін сарп етеді. Нәтижесінде олардың рухани нәрселерге уақыттары қалмайды. Ал Ехобаның қызметшілері болса, иесінің ықыласына ие болу үшін басқалардың алдында өздерін кіші тұтуға дайын» делінген. Кәдімгі арандату. Ойлап қарасаңыз, басты айналдыратын мына сөздер қарапайым адамдарды өз еркінен айыруға итермелейтіні анық. Басқа сөздің жөні бөлек, бірақ «Ехоба мәңгі тірі Құдай, болашақта да мәңгі бола береді» дегеніне ашуың былай тұрып, еріксіз күлкі қысады. Құдайдың уақытша өмір сүргенін, қай уақытта көрдіңіз?! Сөздеріне құлақ түрсең, «ізгі хабарды таратушы» да  жалғыз солар екен…

Біраздан кейін бойымды қорқыныш билей бастады. Бірақ сағат жарым бойы ішімнен «біссіміләмді» айтып, дәрісті аяғына дейін тыңдап шықтым. Қауым мүшелері өздерінше «өте белсенді және сыпайы» көрініп қалуға тырысып жатты. Дәріс бітісімен, маған бәрін түсіндіруге асықты. Бірақ мен, жиналыс бітісімен, қауым мүшелерімен тез-тез қоштастым да, асығыс екендігімді айтып, шығып кеттім. Артымнан жүгіре шыққан Гауһар бос уақытта тағы да кездесуімді өтінгендей болды. Бірақ ешкімнің сөзіне құлақ асқым келмеді.

Кімдікі дұрыс?

Үйге келіп, біраз ойландым. Қолыма ұстатқан кітапты үйге келіп, тағы да ақтарып шықтым. Оқып отырып, ұйымның өздеріне еліктіріп әкететін мықты әдістері бар екенін аңғардым. Олардың «Қасиетті кітабындағы” Ехоба құдайын дәріптейтін «ізгі хабарлар» туралы жазбалар шын мәнісінде  дәстүрлі ислам мен христиан дінінен ұрланып, өздерінің пайдасына қарай бұрмалап алынған. Оған да дәлел бар: «ілтипатпен сөйлеп, өзгелермен жақсы қарым-қатынасты сақта…», «біздің жағымды сөздеріміз бауырластарымыздың еңселерін көтереді…», «күйеулер әйелдеріңді сүйіп, оларға қатаң болмаңдар!..», «кешірім сұрауға және кешіре білуге асық болыңдар…» және т.б.  Осындай “Ізгі хабарды” миына әбден сіңіріп алған олар Құдайдың мол сауабына ие боламыз деп, күндіз-түні үй-үйді аралап, уағыз жүргізуді дұрыс санайды.

Айтпақшы, олардың қазақ тіліндегі кітап-журналдары өте сауатты, әрі көпшілік оқырманға өте тартымды тілде жазылған. Кітап-журналдары тікелей АҚШ-тың Нью-Йорк қаласынан басылып шығып, әлемнің 123 еліне таралады екен. Елімізде шығатын кейбір газет-журналдың бір бетінен он қате табылатын бұл күнде, олардың кітап-журналынан бір қате таппайсың. Сонау Америкада басылып шығатын бұл материалдардан қазақ тілінен қате табылмауы таңғалдырады. Уағыздары мен кітаптағы жазбаларынан олардың  жер бетіндегі билікті ешқашан мойындамайтынын ұқтым. Ер-азаматтарға әскерге бару, ант қабылдау, қолға қару алып, Отанды қорғау күнә саналады. Мемлекеттік мейрамдарды жоққа шығарып, рәміздер мен заңдарды құрметтемейтінін білдім. Тек Ехобаның ғана туған күнін атап өтеді, басқа мейрамдарды еске алмайды. Тіпті қауым мүшелерінің  жеке басында еріктері жоқ, біреудің айдауымен жүруге көндіккіш келетінін де өз көзіммен көрдім. Қазақтың әу бастан мұсылман екендігін, ата-бабамыздың ислам дінін таңдағанын, Аллаға ғана құлшылық етіп келгенімізді қалайша естен шығарды екен? Сұрақ көп, әрине.

Бұл менің Гауһар қызбен алғашқы әрі соңғы кездесуім болды. Телефон арқылы қанша рет кездесуге уәде берсем де, мен оны мүлдем көргім келмеді, тезірек ұмытқым келді.  Бірақ өз діні мен тілін, баба дәстүрін тәрк етіп, өзгенің жетегінде қор боп жүрген оның бейнесі қанша тырысқанмен әлі күнге көз алдымнан кетпей жүр.

Ойланайықшы, достар! Менің бір күнде көрген «қорқынышты түсім» осы болса, көрмегеніміз әлі қанша? Аузы қанды бөрілерге абайсызда таланып қалып жүрмесек игі!

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

 “Орал  өңірі”


“Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар!..”

Күні: , 193 рет оқылды

IMG-20151208-WA0018


Таппайсың оны, тартасың азап сан жылдар,

Аттай алмайсың, құлауың мүмкін, алдың — жар.

He істесем екен, нe істесем екен сендерге,

Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар!..

Мұқағали МАҚАТАЕВ

Белгілі мекен-тұрағы жоқ жандар, жалпақ жұртқа түсінікті сөзбен айтқанда, «БОМЖ-дар» паналайтын Орал қалалық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты әлеуметтік бейімделу орталығының жұмысымен танысу үшін арнайы ат басын бұрдым.


Ғ. Құрманғалиев көшесінің бойындағы №1/3 мекенжайда орналасқан әлеуметтік бейімделу орталығына жету үшін №22 автобусқа міндім. Бұрындары атын естігенім болмаса, бұрын-соңды барып көрмеген мекемем болған соң асып кетпейін деп жан-жағыма жалтақтап отырғанымды байқаған елулер шамасындағы әйел адам қайда жол тартқанымды сұрады. Аталмыш мекеменің атауы мен мекенжайын айтқанымда, бір оқиғаны есіне алды. «Адамның басына бермесін, біздің ауылда Қасым есімді атпалдай азамат болды. Бір әулеттің үміт күтіп отырған төрт қыздан кейінгі мұрагері еді. Әскерден келген соң үйленіп, бала сүйді. Алайда 1995 жылы жұмысынан айырылып, араққа салынды. Отбасымен ажырасып, жұмыс іздеп қалаға кетті. Үш жылдан соң біз де жұмыс барысымен қалаға көшіп келдік. Орталық базар маңынан бір-екі рет қайыр сұрап отырға-нын байқадым. Кейін оның біржола «бомжға» айналғанын көз көрді. Қазір жиырма жылдың көлемі болып қалса да, оның қайда екенін ешкім білмейді. Мүмкін қара суықта бір жерде үсіп өлді ме екен?..» деп әңгімесін аяқтады.

Адамның ішімдікке салынып, отбасынан береке кетіп, тұрағынан, ағайын-туыстан ажырап, қаңғыбас болып кеткен жайы қазіргі кезде ешкімді таңырқата қоймайды. Ішімнен әлгі байғұс пенденің өміріндегі «арақ» деген асқынған ауруды емдеп, тура жолға салуға ағайын-туыстың қауқары болмады ма, әлде қоғам безбүйректік көрсетті ме деген ойдың жетегін-де келе жатып, орталыққа жеткенімді байқамай қалыппын.

Орталыққа кірсем, аты айтып тұрғандай, белгілі тұрағы не айналысатын кәсібі, не күнкөрісіне қаражаты жоқ жандар жайба-рақат демалып жатыр. Үй-күйсіз қалған жанның бейнесін көз алдыма елестетіп келген мен шипажайға кіргендей әсер алдым. Мұндағы кезбелердің көңілдерінің жайбарақаттығы сондай – бірі демалыс бөлмесінде караокемен ән салса, енді бірі тұрмыстық бөлмеде киімін үтіктеуде. Ал отыздар шамасындағы қазақ жігіті қалалық №4 емханаға тісін емдету үшін бара жатқанын мамандарға ескертіп жатыр. Мені күтіп алған аталмыш орталықтың әлеуметтік  қызметкері Ерғанат Мұхамбетшин, арнайы жабдықталған тұрмыстық бөлмелермен таныстыра бастады.

Сенбі – қазақы ас күні

Асханасына үңілсек, қазақы астың иісі мұрынды жарып барады. Сенбі күнгі мәзірдің түскі асы дайындалуда. Аспаздар таңмен күріш ботқасын, нан мен май, жұмыртқа, шай және алма мен апельсинді ұсынғанын айтты.

Кешкі астың мәзірінде гуляш, нан, повидло, шай. Ал жатар алдында міндетті түрде айран беріледі  екен. Орталықтағы тағам мәзірі аптаның әр күні түрлі тағам ұсынылуымен ерекшеленеді. Сәрсенбі күні көкөністерден жасал-ған, бейсенбі балық өнімдерінен, жұма күні міндетті түрде бауырсақ беріліп, ұлттық тағамдар қойылса, сенбі куә болғандай, ет асылады екен. Сондай-ақ мұндағы қызметті пайдаланушылар дүйсенбі, сейсенбі күндері  жеке моншада жуынады.

Мына бөлме «апайлардікі» деп таныстырғанда, шүйіркелесіп отырған он шақты келіншекке көзім түсті. Олардың кейбірімен тілдесудің сәті түсті.

Лариса СЕРІКОВА:

— Орал қаласында дүниеге келдім. Анам мен әжем тәрбиеледі. Екеуінің арқасында әдемі киімді, тәтті тағамды жеп, ерке өстім. Бала кезімде анаммен бірге Анапаға, Белгородқа, Курскіге демалуға жиі баратынбыз. Мектеп бітірген соң татар жігітіне ғашық болдым. Екеуміз 14 жыл азаматтық некеде тұрдық. 1989 жылы ұлым дүниеге келді. Алайда 2000 жылы екеуміз ренжісіп, ол өзге әйелмен шаңырақ көтерді. Ол кезде ұлым 6-сыныпта оқитын еді. Кейін әкесі ұлымды алып, Башқұртстанға көшіп кетті. Ұлымды өзіммен алып қалуға жағдайым болмады. Өйткені ажырасқан соң жұмыссыз, пәтер жалдап жүрдім. Жас болдым ба, әлде жұбайыма қалтқысыз сендім бе, әйтеуір, заңды некеге де, тіпті оның үйіне де тіркелмедім. Ал бұрынғы Фурманов көшесінде балалығым өткен әжемнің үйі болатын. Жұбайыммен айырылысқаннан кейін сол үйді өз атыма ауыстыру үшін адвокат жалдауға, қарапайым құжаттарды жинақтауға қаражат жетпеді. Кейін бұл үйді Ресейден келген ағайындарымыз рәсімдеп алды. Зеленов ауданының біраз ауылдарына барып шаруа қожалықтарында сиыр саудым. Үш жыл бұрын Орал қаласына келіп жұмыс іздеп едім, жолым болмады. Барар жерім болмай сенделіп жүргенде, осы орталық туралы естіп келдім. Былтыр көктемге дейін осында болып, жаңа өмір бастауға ниеттендім. Бір ер-азаматпен танысып, екеулеп жүріп ала жаздай саяжайына үй салдық. Алайда күз болғанда ол әйелім деп бір келіншекті ертіп келді. Мен олардың тамағын дайындап, киімдерін жуып жүрдім. Отағасы болар деп сенген адамым қол көтеруін жиілете берді. Бір жерімді майып қылар деп үйден қашып шығып, осы орталыққа қайтып келген жайым бар. Кейде алыста жүрген перзентімді есіме алып, мүмкін оны өзіммен бірге алып қалғанда, көше кезіп кетпес пе едім деп ойлаймын.

Татьяна БАРКОВА:

— Ата-анам ауылға сыйлы, сауатты, қарапайым жандар еді. Он кластық білім алған соң қалаға келіп кооперативтік техникумға оқуға түстім. Кейін тұрмысқа шықтым. Он алты жыл сауда саласында жұмыс істедім. Дүкендерде есепші, сатушы болдым. Отбасын құрған соң енеммен бірге тұрдық. 1975 жылы ұлым дүниеге келді. Алайда тоқсаныншы жылдары күйеуім 45 жасында, ұлым жігіт болған шағында ауырып қайтыс болды. Жаныма жақын жандардың қазасы мен үшін ауыр тиді. Қайғымды ұмыту үшін ішімдік ішуді әдетке айналдырдым. Анам мен інім «Емдел» деп екі жылға маскүнемдерге арналған оңалту орталығына жіберді. Алайда тәртібім жақсы болған соң бір жылдан кейін босатты. Үйге қуанып келсем, інім шығып «Неге келдің? Сауықтыру орталығында екі жыл емделсең ғана үйге кіргіземін» деп табалдырықты аттатпастан есікті жауып тастады. Інім полиция полковнигі болатын. Қазір Санкт-Петербург қаласында тұрады. Содан 2000 жылдан бастап Бөкей ордасы, Шыңғырлау аудандарының шаруа қожалықтарында аспаз болып жүрдім. Қожайындар өте жақсы жандар болды. Әлі де жұмыс жасай беретін едім, алайда екі жылдан бері көзім мүлдем көрмей қалды. Осы орталықтың көмегімен желтоқсан айында көзіме ота жасалмақшы. Ем қонып, бәрі жақсы болып кетсе, қарттар үйіне барамын.

Панасызға  пана  болған орталық

Облысымыздағы әлеуметтік көмек көрсетуге арналған бейімделу орталығы 2002 жылы ашылған.

Мұнда әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сай әр адам төсек-орын жабдықтарымен, жеке гигиена заттарымен, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ жеке құжаттарын рәсімдеуге, медициналық, психологиялық көмек көрсетіліп, зейнетақы мен жәрдемақы алуға, денсаулығына байланысты мүгедектік тағайындауға, уақытша және тұрақты жұмысқа орналасуға жағдай жасайды. Орталықты бүгінгі таңда 20 кезбе паналап отыр. Олардың арасындағы ең жасы – 1991 жылғы Евгений Бунин, ең үлкені – 1936 жылғы Евгений Шиндин.

Аталмыш орталықтың директоры Рашид Өтешевтің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың он айы ішінде 103 адам орталықтың көмегіне жүгінген. Оның 28-і жеке құжаттарын қалпына келтірсе, 10-ы қарттар үйіне жолданған. Жасына байланысты 7 адамға зейнеткерлік, үш адамға мүгедектік төлемақы тағайындалған. Он адам отбасына оралса, 8-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Бір азаматшаның үйі сот арқылы өзіне қайтарылса, емделу орындарына 5 адам жіберілген. Сондай-ақ қаңғыбастық өмір салтын өзгерткісі келмейтіндерге арналған орталықтың жанында тәуліктің түнгі уақытында уақытша болу бөлімшесі бар. Мұндағы түнекке жаз мезгілінде сағат 21.00-ден 09.00-ге дейін, қыс мезгілінде сағат 18.00-ден 10.00-ге дейін түней алады. Қақаған қыста кезбелердің далада үсіп қалмауы үшін биылғы жылдың қаңтар айынан бастап ұтқыр әлеуметтік патруль қызметі іске кірісіп, осы аралықта 154 адамға қызмет көрсеткен. Алпыс адамға арналған орталықта және екі құрылымдық бөлімшелерде 33 қызметкер жұмыс жасайды. Орталықтағы қызмет алушылар төрт мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.

Нұрхат ЖАЙЛАУОВ,

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің

белгілі тұрағы жоқ кісілерге арналған әлеуметтік бейімделу орталығының  қызметкері:

— Бұл орталыққа түрлі себептермен, әсіресе, ішімдікке салынып, үй-күйінен айырылып, құжаттарын жоғалтқандар келеді. Мұнда дәрігерлік тексерістен толықтай өткен соң ғана жолданады. Ал қоғам үшін қауіпті психикалық, туберкулез, жұқпалы инфекциялық, наркологиялық ауруларды қабылдамаймыз. Ас мәзірі тамақтану талабына сәйкес 550 теңгенің көлемінде. Адам өмірде түрлі қиындықтарға тап болады. Бірі жұмысынан, енді бірі ипотекаға алған баспанасынан айырылуда. Алайда барлығы бірдей қаңғыбастыққа салынып, азып-тозып кетіп жатқан жоқ. Мұнда келген жандардың бойында психологиялық әлсіздік басым. Көше кезіп, жалпақ жұртқа «бомж» аталып келген жандарды бейімдеп, бір жыл күш-жігерін жинау үшін қолдау көрсетсек те, әрі қарай аяғынан тұрып кету адамның өз санасында болуы керек. Орталықтан көктемде кетіп, күз түсе бастағанда қайта оралатындары жиілеп кеткен соң, биылдан бастап бір жыл өткен соң ғана алынатын стандарт енгізілді. Біз, ең бастысы, оларды тамағы, жатын орны дайын орталық жағдайына жаман үйретіп алмауымыз керек. Қарап отырсаңыз, мұндағы әр адамның тағдыры әр түрлі. Сізге бір оқиға айтып берейін.

Осыдан бір жыл бұрын жымпитылық М. есімді азамат келіп түсті. Өте қарапайым, ақ көңіл жан. Ауылға төрт перзенті мен келіншегін тастап, 3 жыл бұрын жұмыс іздеп қалаға келген екен.

Қалаға келген соң тұрақты жұмыс табыла қоймай, күнделікті тапқанын ішімдікке жұмсап, құжаттарын жоғалтып алады. Кейін ол еңбек етсе де, қожайындары жалақысын төлемейді. Азып кетуге сәл-ақ қалған кезде біздің орталық туралы естіп келеді. Мұнда келген соң жуындырып, киіндіріп, тамақтандырдық. Әңгіме соғып, шерін тарқатқан кезде үйіне баруға перзенттерінен ұялатынын айтты. Қыздары әлі есейе қоймаған, мектепте оқиды екен. Сол кезде «Аға, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Балаларыңыз өмір бойы сізді көрмей, сыртыңыздан әкеміз қалада «бомж» болып жүр деп арланып өскеннен отбасыңызға оралғаныңыз он есе артық емес пе?! Үйіңізге оралмағаныңызға үш жыл болса, перзенттеріңіз сізді әр күн сайын күткенін ұмытпаңыз» деп, жұбайына қоңырау шалдырдық. Кейін оны ауылдағы көршілері келіп алып кетті. Бүгінде ол азамат шаңырағына оралып, бақытты әке болып отыр. Егер он адамның кемі төртеуінің өмірге құлшынысын оятып, аяғынан нық басып кетуіне себепші болсақ, біздің еңбегіміздің жанғаны.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

“Орал өңірі”

P.S Кезбелер – тағдырдың тәлкегiне шыдамай, басына түскен ауыртпалыққа мойынсұнып кеткен жандар. Олар өмiрге «бомж» болып келген жоқ, осындай халге жеткен өздерi. Оларды қалыпты өмір сүруге қайта бейімдеу үшін мемлекет тарапынан әлеуметтік бейімделу орталығы ашылып, бюджеттен жыл сайын қыруар қаржы бөлініп, мекеме қызметкерлерінің жан-жақты жұмыс жасап жатқанына жоғарыда кеңінен тоқталдық. Ал сол мекемедегі мерзімді уақыты біткен соң, жасы келгендер мен мүгедектер қарттар үйіне барар, ал тепсе темір үзетін жігіттер мен қыз-келіншектер қайда барар екен?..


Егіндікөл тарихы

Күні: , 436 рет оқылды

мессай


Мен Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылында туып-өстім. Егіндікөл – табиғаты әсем жер. Солтүстік беті Шыңғырлау ауданымен шектеседі. Ылдиы мен өрі, өзені мен көлі, мөлдір бұлағы мен сай-саласы, шағылды құмы мен ну орманы алтын бесік туған жердің ажарын ашып, көркін асырып тұр.


Туған жердің тарихы да терең әрі бай. Осынау өлкеде жасаған белгілі адамдар, әулие-әнбие, ишанқазіреттер жайында көнекөз қарт, хабары бар жандардан сұрастырып, деректерін тиянақтап жүретін әке үлгісі біз үшін әдетке айналды. «Әкенің жақсылығы жаман ұлға қырық жылдық азық» дегендей, ауыз әдебиеті-нің асыл қазыналары да, шынайы тарих та бастауларын өлке тарихына қатысты аңыздар, ел жадында сақталған әңгімелерден алатынын түйсіндік. Шежіре қарттардың әңгімелерін тарихшы ғалымдардың еңбектері және белгілі жазушылардың тарихи шығармаларымен бір арнаға ұштастыра келгенде, аядай ауылдың арғы-бергі өткені арқылы бір ғана өлкенің емес, тұтас қазақ ордасының тарихынан, тіпті адамзат тарихының көне кезеңдерінен сыр шертерлік деректерді кездестірдік. Оның жарқын мысалына осы мақалада қысқаша болса да нақты тоқталамыз.

Зейнеп Қаждамбайқызы 1936 жылы дүниеге келген, тыл ардагері. Ол – Егіндікөл ауылының тумасы. Қарапайым ауыл тұрғыны, зейнеткер Зейнеп апайдың жас күнінде қариялардан естіген ескілікті әңгімелері жоғарыда айтып өткеніміздей, көнеден бүгінге дейінгі тарихымыздың талай кезеңдерінен сөз қозғауға арқау болып отыр. Ендеше, Зейнеп апай ауыл үлкендерінен не туралы естіді екен?.. Зейнеткердің бұл бағыттағы әңгімелері төмендегіше өрбіді.

«Құныскерей үңгірі қазақ-қалмақ соғысынан қалған»

Осы күнде Құныскерей үңгірі аталып жүрген Мессай ішіндегі орынды ертеде қазақ пен қалмақ соғысқанда қазақтар жағы соғыс тәсілі үшін қазғандығы айтылатын. Осы бағыттағы хикаяларды және руымыз Алашаның Қарабурасы туралы марқұм Мәмбетұлы Дінекеш ағам көп әңгімелейтін. Есенаман тауы мен Тұрлығұл тауы – Егіндікөлдің солтүстік-батыс бетіндегі әуелдегі телемұнараның арғы жағына қарай жалғас жатқан екі төмпе. Бұрынғылардан естуім бойынша бергісі Есенаман тауы, оның арғы жағындағы төмпе Тұрлығұл тауы деп аталады. Есенаман, Тұрлығұл – батырлардың аты. Ертеректе Тұрлығұл тауын зерттеп қазды. Сонда техника сынып, қазба жұмыстары толық жүргізілмеген. Киелі жер ғой.

Тұрлығұл тауындағы зерттеу жұмыстары нақты 1977 жылы жүргізілген. Ол кезде әкем Набиолла Егіндікөл ауылында инженер болып, экспедиция жұмысына техника жағынан үлкен көмек жасаған. Нәтижесінде сол жерде орналасқан 150-ден астам обаның 51-і қазылып, ықылым замандардағы адамзат тарихына қатысты, яғни біздің дәуірімізге дейінгі және біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларына жататын аса құнды тарихи жәдігерлер табылған. Бұл жайында аталмыш экспедицияға қырық жылға таяу уақыт өткенде тарихи-танымдық бағыттағы «Dana kaz» журналында сол кезде Ресей Ғылым академиясының археология институтынан Тұрлығұл тауындағы зерттеу жұмыстарына басшылық етіп келген Марина Мошковамен Жантас Сафуллиннің сұхбаты жарияланды. Аталған қазба жұмыстарынан кейін жазушы Құрманғазы Қараманұлы «Алтын іздеушілер» атты көркем повесін жазды. Егіндікөлдік Тінәлиев Батырбай деген қарт «Тұрлығұл — киік сауған қожаның есімі. Қожаның о дүниеге аттанар шағындағы өсиеті бойынша, сүйегін арбаға салып, тертені жоғары қайырып, қоя бергенде арба өздігінен жүріп келіп, қазіргі Тұрлығұл төмпесіне тоқтаған. Қожа сүйегі сонда жерленген» деуші еді. Ал әкем Набиолланың 1992 жылдың 12 шілде күні егіндікөлдік Нығымет ақсақалдан жазып алған жазбасында «Тұрлығұл – Киік сауған Қожа. Шегебай – оның інісі. Қыземшектен қаңтарулы арба біздің телевышкаға келіп, осында қойылған» депті. Қыземшек – Шыңғырлау ауданындағы жер атауы. «Асанқайғы көшкен жер, Шыңғырлау, Торыатбасы еді, Қыземшекті Саршоқы Осы судың қасы еді. Асанқайғы Туғанның Бөлінген жері осы еді» деп келетін сүйекті, тарихи жырларға, қазақ ертегілеріне арқау болған маң. Тұрлығұл қожаның інісі Шегебайға келсек, Егіндікөлдің көл жақ бетінде «Шегебай шұңқыры» деген жер бар. Оған қатысты қызғылықты хикая сақталған. Ал Есенаман – атақты Табын Бөкенбай батырдың немересі, Тіленші тарханның ұлы. Тарихтағы әйгілі Жоламан батырмен бір туған. Егіндікөл ауылының күншығыс бетіндегі орманның бір бөлігі Жәши талы деп аталады. Жәши – Жоламан батырдың ұлы. 1810 жыл шамасында дүниеге келген. Бөкенбай батыр Тәуке хан тұсындағы ел басына күн туған алмағайып заманда тұтас қазақ жасағына бас қолбасы болып, қауіпті жаудың бетін қайырды. Бөкенбай батыр бейнесі жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдарында басты кейіпкерлердің бірі ретінде сипатталады. Оның ұлы Тіленші тархан Сырым батырмен тізе біріктіріп, патша үкіметінің озбыр саясатына қарсы тұрды. Жоламан, Есенаман сол Тіленшінің ұлдары еді. Есенаман есімі оның бауыры Жоламан батырға қатысты мұрағат құжаттарында сақталған. Қара батырдың ұлы Бөкенбай, Тіленші, Жоламан, Есенаман — аталы-балалы батырлар әулеті жайында нақты деректерге негізделген кең көлемді мақала алдағы уақытта жарияланбақ. Мұның бәрі Егіндікөл ауылының маңайы сонау дәуірлердегі Сармат тайпаларының тұрмысынан ғана емес, сол көне заманнан бүгінге дейінгі тарих қатпарларының көптеген тұстарынан сыр шертетінін аңғартады (Нұртас Набиоллаұлы – Н. Н.).

Бала күнімізде осы күнгі мәдениет үйі маңында кеңестің конторы болды. Содан әрі Есенаман тауына қарай шығуға қорқатын едік. Ол жақтан қараңғы түсе от көрінетін. Біздер «шайтанның оты» дегенімізде, үлкендер «олай демеңдер, ол – аруақ» дейтін. Сол жерлерде ертеректе қазақ пен қалмақ арасында жойқын соғыстар болған көрінеді. Қалмақтар Аққұмға бекінген. «Аққұмның ортасында кез келгенге көрінбейтін Жұмбақкөл деген көл бар, көлдің төңірегіне ағаш өскен» деп орманшы Сараш айтып отыратын. Сол көлден су іше ме екен, Аққұмның ішіне кірген малдарымыз келмей, түнеп қалатын. Сараш деген кісі үлкен Қараталда орманшы болған кезінде бір түйір шыбық кестірмеді. Сондықтан біз үлкен Қараталды Сараштың талы дейтін едік. Сараш 1916 жылы туыпты. Оның бергі жағы Кәбеннің талы болды. Кәбен талынан бері Жәши талы. Жәши талы Қалдығайтының жағасында өскен. Ол жақта Табан тал дейтін жер және бар. Уақытында бұл талдардың бәрін қолдан еккен көрінеді. Қараталдың ортасында үлкен көзді бұлақ бар. Қайраңөткел соның көзінен шыққан су.

1957-58 жылдары мал бағып отырған кезімізде Сараштың тұсынан әрі қарай Қараталдан кесіп, көпір салды. Сол өткелдің арғы бетінде бір қуыс бар. Оны Сараш қуысы дейтінбіз. Ол жер ұрлық малды қамап, бекітіп тастайтын арал болды. Ертеректе Ысық руынан Қайырғали Андалиев дейтін жылқышы сонау Атыраудан жылқы айдап келіп, сонда қамағанын көзіміз көрді.

Қайырғалидың Атыраудан жылқы айдап келуіне қатысты әңгімені Қаратөбе ауданы, Ханкөл ауылының тұрғыны, шешіре ақсақал Бақытжан Жәлеловтен жазып алған дерекпен толықтыра кетейік.

«Андалының Қайырғалиының жылқы айдап әкелгені жайлы әңгімені жақсы білемін. Бір жылы Қайырғали бағатын «Егіндікөл» совхозының жылқысынан екі үйір жоғалады. Оны Тайпақтың ар жағындағы, Миялының бер жағындағы Атыраудың Қызылқоға деген жеріне қуып кеткен екен. Қайырғали көп жерді біледі, қайратты кісі. Қасына бір-екі жылқышысын ілестіріп, ізбен тіке барғанда қамаулы жылқыларды тиеп жатыр екен. Соның басында сол аймақтың бірінші хатшысы да болыпты. Қайырғали жылқыларын танып, сақалын жұлып, жылағанда «Әй, мына шалдың көз жасына қалармыз, жылқысын беріңдер» деген сөзді ешкім елең қылмапты. Сонда Қайырғали: «Осы қылғандарыңды алдарыңа келтірмесем, Андалы қажыдан тумай кетейін» деген екен. Андалы – қажы, руы Сары Ысық. Келесі жылы қар түседі. Ол қар еріп кетіп және түседі. Сол кезде Қайырғали: «Әй, осы қар енді ери қоймас» деп, Қызылқұрт руының Елғұлысынан тарайтын Жаңаталап деген жас жігітке екі биені мінгіге беріп, бір бедеу биені жетектетеді. Содан күн жүрген, түн жүрген, Миялының мидай даласына жетіп, Қайырғалидың өз ағайыны, бір Ақсары Ысықтың үйіне түнделетіп келеді де жатып алады. Жылқыларды сыртқа шығармайды. Өздері күннің райын бағып жата береді. Бір күні қар қалыңдап, төпелеп жауа түскенде, «Атты ертте» депті. Бедеуге ұзын арқанды байлап сүйретіп жібереді де, екі айғырдың үйірін қуады. Қайырғали Жаңаталапқа: «Егер, жазатайым жағдай бола қалса, тікелей ат, жауабын өзім берем» деп екі оқ ұстатады. Содан Миялының төңірегінен қуған жылқыны сонау Қараталдың, Аққұмның ар жағымен айналдырып әкеліп, қамағанын қамап кеткен болар, екі түн, бір күн дегенде Егіндікөлдегі контордың басына әкеліп жеткізеді. Қаратөбенің сот, прокурор, милиция бастығы, исполком, райком, совхоз директоры бәріне болған жайды бастан-аяқ құлақтандырып, жылқыларды түп-түгелімен аудан басшыларынан бастап малшы-ларға, ауыл кісілеріне соғымға таратқан (Н. Н.).

Құныскерей үңгірі кішкентайымызда көргенде екі бөлек болатын. Осы күні оның бір бөлігі бітеліп қалды деп жүр ғой. Үңгірдің ішінде 1939 жылдарда соғысқа аттанған жігіттердің аттары жазылып тұратын еді. Өз қолдарымен жазып кеткен. Бала күнімізде оқитынбыз. Тұрақ дейтін Барамықтың  баласының есімі ақ борға жазылып тұрды. Ол соғыстан оралған жоқ. «Сақыпкерей» деген жазу болды. Сосын Алғали дегеннің баласының есімі жазулы тұрды. Атын ұмытып қалдым. Ондай жазулар көп болды. Оқушы кезімізде экскурсия деп апарғанда көріп жүргеніміз ғой. Экскурсия деп Ақкенже, Хамит есімді мұғалімдеріміз Есенаман тауына да алып шықты. Сонда түрлі темірлер – қару-жарақ бөліктерін тауып алатынбыз. Оқытушыларымыз: «Ертеректегі батырлардан қалған дүниелер ғой, тимеңдер» деп алғызбайтын.

Құныскерейдің ешкімге зияны жоқ, уақытында совет болып тұрған адам екен. Кейіннен оны жазықсыз қудалау басталғанда осы ауылда өмір сүрген Елеместің әкесі Жандыбай Құныскерейге қарсы шыққан. Мұны енемнің айтуынан білемін. Жандыбай Құныскерейді Сулысайға дейін қуған. Сонда Құныскерей «Әй, Жандыбай, сен мені қума, ажалың менен болады. Қайт кейін!» дегенде, Жандыбай жақындай алмай кейін қайтқан. Жандыбай милиция болған. Ол кезде менің енемдер Сулысайда тұрған».

Торғай моласы

Борөткелдің ескі көпірінен арғы жаққа өткенде оң жақ қолда Торғай моласы дейтін мола бар. Соның ар жағында тағы бір карьер бар. Ол сайда емес, ашық жерде орналасқан. Соған бақша еккен кәрістер 3-4 мәшинені қатар тығып қойғанда көрінбей қалады екен. Ол үңгірді әуелде Дәуқарамен соғысатын Бармақ батыр қаздырыпты деп айтатын. Үңгір Бөлек таудың бергі жағында орналасқан. Сол үңгір әлі күнге бар шығар. Көрмегелі 30 жылдан асты. Шалым мәшине айдағанда бірге жүріп талай жерді аралаған едім.

«Орал өңірі» газетінде жарияланған Науқан атайдың жазушы Құрманғазы Қараманұлына айтқан әңгімесінде мынадай тұстар кездеседі:

«Мың сиыры болған Сақау Торғай дейтін Ысық болған. Егіндікөл, біздің осы өңір, мынау Қалдығайты, анау Қаратөбеге қарай жеккен өгіз, сауған сиыры болулы. 5-6 жүз өгізі болулы ма деймін. Оның баласы Жарылғасын деген болған».

Ал марқұм Тінәлиев Батырбай қарт «Ысықта Сақау Торғай, Ұста Торғай деген кісілер болған. Түйелі, жылқылы бай Жұмалы атам Сақау Торғаймен старшындыққа таласқан. Атам старшындыққа өткен. Сақау Торғай әуелде Тұзтөбе жақта орыстың қарауында жалданып жұмыс жасаған. Кейін еліме қайтамын дегенде қожайыны: «Олай болса, үстіңе ағаштан үй тігем, алдыңа мал салам» деп бір үйір жылқы мен бір табын сиыр берген. Сақау Торғай Жарылғасын қыстауына келіп қыстаған. Жарылғасын қыстауының орындары Қалдығайтының арғы бетінде, Қаракемердің етегінде» деп әңгімелегені бейнежазба түрінде сақтаулы.

Зейнеп апай өзі әңгімелеген Торғай моласының киелі жер екендігін, оған Торғай ұрпақтары тәу етіп, түнеп келгендігін айтты. Торғай ұрпағы Жонас Өлиярқызы аталмыш мола Ұста Торғай деген үшінші атасының жерленген жері екенін айтты. Оның айтуынша, мола әуелде алты құлақты, көлемді болыпты. Ұста Торғайдың азан шақырып қойылған есімі Қадірберлі екен. Қадірберлі шағын келген, қасқабас сары кісі болғандықтан, Торғай атанып кеткен. Көрік үй ұстап Ұста атанған. Жонас апайдың айтуынша, Жігерленнің Егіндікөл бетіндегі Калинин деген жер Ұста Торғайдың негізгі тұрағы, ал Тұщықара жақтағы Соркөл жайлауы екен. Ұста Торғайдың моласында сынып жатқан бір ғана құлпытас бар. Ондағы жазу жақсы сақталған. Бірақ не жазылғанын бүгінгіден әлі күнге ешкім оқи алмай келеді  екен. Жонас апай Ұста Торғай мен Сақау Торғайдың жақын ағайыншылығы жоқ, екі бөлек адамдар екенін айтады. «Сақау Торғайдың моласы Жігерленнің «Қаратөбе» совхозы жағында, «Қалдығайтының» арғы бетінде жалғыз тал өсіп тұрған жерде дегенді бала күнімде үлкендерден еститінмін», — дейді ол (Н. Н.).

Салаң әулие

Алтыбаздан әрі қарай жүргенде Аққұдық дейтін жерде қой бағып 2-3 жылдай отырдық. Сол жақта ертеректе Салаң дейтін әулие жерленіпті. Дәл қай уақытта өмір сүргенін және руын білмеймін. Әйтеуір Салаңға қарай шыққан қойға қасқыр да, адам да тимейді. Өз жайымен жайылып қайтады. Бар болғаны енеміздің айтуымен: «Салаң әулиеге тие берсін» дейміз. Енем қойға топалаң тиіп, қырылғанда Салаң әулиеге апарып түнетсе, жақсы болады деп айтатын.

1927 жылы дүниеге келген Батырбай қарт «Салаң – әулие, сонымен қатар күмістен сырға, білезік соққан зергер. Салаң әу-лиені біз көрмедік, ертеректе өмір сүріпті. Руын да білмеймін» деген еді. Ол көзінің тірісінде Салаң әулиенің жерленген жерін де көрсетті. Егіндікөлдің оңтүстік-батыс бетінде 3-4 шақырымдай жерде екен. Қорымның ескі екені аңғарылды. Кезіндегі саз балшықтан соғылған тастары жай үйіндіге айналып, оның өзі жермен жексен бола бастаған. Бір ғана құлпытастың жазусыз сынығын тауып, суретке түсірдік. Батырбай ақсақалдың айтуынша, өткен ғасырдың елуінші жылдары колхоздың малын баққан Рысқали дейтін кісі қойға топалаң тигенде отарды Салаң әулиенің басына түнетіпті. Содан қойдағы ауру сап тыйылады. «Басына мал сойып, оқуымды бағыштап садақа қылдым. Таңға жақын белгі берді. Қой дүр етіп үрікті. Мен отарды айдап жүре бердім» деген екен Рысқали шопан (Н. Н.).

Аралдағы Сүлеймен атайдың да осындай қасиеті бар (Егіндікөл ауылының көл жақ шетінде Арал деп аталатын жер бар). Қойды сол жаққа бағыттап айдап, «Сүлеймен атаға тие берсін» десе ешқайда жоғалмай, домаланып жайылады да жатады. Күлемін-ау, Аралда отырған кезде Сүлеймен атаның қасынан өтіп бара жатып, «тие берсін» деп айтпасам, қандай да бір себеппен дүкеннен алатын затымды да ала алмай келетінмін. Аруақтың күштілігі ғой. Сүлейменнің әкесі Мұхамбетжан әулие Тұщықарадағы Айт моласының қасына жерленген. Ертеректе Нұрсұлтанов Қуанның әжесі Маржан деген кемпір сал ауруына ұшырағанда Айтқа түнетіп, ауруының беті бері қараған. Әуелде Айт мазарының есігі болды. Қой төлдету кезінде ішіне кіретінбіз.

Осы ауылдағы Қайыррахман қарттың атасы Едіге ишан атақты аруақты кісі болған. Оның зиратына жақын отырған малшылардың айтуынша, бір қойын сойып, Едіге атаның рухына бағыштап садақа берсе, сол жерде шұбырып жүрген қасқырлар малға тимейді екен.

Бұл тақылеттес әңгімелерді көп естуімнің себебі бар. Аралда отырғанымызда жеті үй көрші тұрдық. Әрбір үйде бір-бір шалдан, жеті шал тауық сойса да, бірін-бірі қалдырмай шақыратын. Олар – Сәлмен, Тасболат, Сұлтан, Сақым сынды ақсақалдар еді. Мен оларға шаншылып отырып шай құямын. Өйткені Аралдың әйелдері «сен шай құй, біз суыңды, шоғыңды әкеліп берейік» дейтін. Әйтеуір бір айда бір шал қонақ қылады. Соның бәрінде мен шай құюшы едім. Тасболат қажыға барып келген кісі еді. Руы – Ысық. Қажыға барғанда үлкен кілем алып келді. Кілемді бірінші рет сонда көрдік. Сақым ақсақал да – Құран оқып, дін ұстаған жан. Оның руы – Тана. Менің естігендерімнің көбі – сол кісілердің айтқандары.

Ғабдісәлім молда

Ұштап – жоғарыда айтылған Тасболаттың келіні. Ұштаптың өз әкесі Ғабдысәлім де молда болып, Кеңес үкіметі кезінде Қиылда мешіт ұстаған. Оның мешіті әлі күнге дейін бар. Ғабдысәлімнің қасиетін айтайын. Ілкіде, кілемнің қат кезінде Ғабдысәлім мешітінде жаюлы жатқан төрт кілем болыпты. Содан төрт жас жігіт өзара келісіп, түнде есігі ашық тұратын мешіттен кілемдерді ұрлап, сатып жібермек болады. Төрт жігіт түнде келсе, есік-терезелері түгелдей ақ тас болып ашылмайды. Жігіттер қараңғыда сипалап, «мынаның бәрі тас болып кеткені несі, түнде бекітіп тастайтын болғаны ғой» деп кері кетеді. Ертеңіне Ғабдысәлім молда кілем ұрламақшы болғандарға: «Қарақтарым-ау, бір кілемді сұрасаңдар да беретін едім ғой. Неге түнімен мешітті айналдыңдар, оны аруақ алдыра ма сендерге?» деген екен. Ертеректе Ғабдысәлім молданы шала-шарпы көргенім бар. Ол Қиылда дүкен де ұстады. Ойылға қарай жүргенде бір сайда Нудия дейтін жер бар. Сонда алма ағашы өсті. Ғабдысәлім сол жерде мал баққан кезінде алма ағаштарын қоршап күтіпті.

Сол Ғабдысәлім осы ауылдың тұрғыны Сағынғалиды соғыста тұтқыннан алып шыққан. Ғабдысәлім мен Сағынғали құрдас екен. Екеуі тұтқынға түскенде, Сағынғали: «Енді бәрі де бітті. Артта бала-шаға қалды-ау» дейді. Молда «Әй, құрдас, мен сені алып шығайын. Сен бірақ ешкімге де тіс жарма» депті. «Қалай алып шығасың?» дегенде: «Түн ортасында қолымнан ұстап, көзіңді тас қылып жұм да, өзім белгі бергенше ашпа» дейді. Сағынғали айтқандай жасап, бір мезгілде көзін ашса, кеңес әскерінің ішінде тұр екен. Бұл әңгімені кейінгі уақытта көпшілік алдында Сағынғалидың өз аузымен айтқанына куә болдық.

Биске қауымы

Көлдің ар жағындағы қауым атын иеленген Биске деген кісі Ысықтың Сейтек руынан екен. Аруақты адам болыпты. Ысықтың Болат бөлімінің әйелдері Бискенің атын атамайды. Олар бесік деп те айтпайды. Бесікті «жылдырға» дейді. Қазіргі Биске қауымынан Жігерленге қарай жүргенде бұрын Бәйге оба аталған жер бар. Биске сонда жерленген. Біздің кәрі шешелеріміз де сол Бәйге обаның бауырында қалды. Ол кезде зияратты қазіргідей ақ тастан көтермеген. Кіндік тұсынан жоға-ры аса қоймайтын, езіліп кететін шым тастан салған. Осы күнгі Биске қауымының табаны әуелгіден гөрі көлге таман жылжыған.

Бұлақ басындағы мешіт

Ауылдағы бұлақ көзінің жоғарғы жағында мешіт болған. Біз ол мешіттің орнын көрдік. Сол жерде көрік үй болды. Бізге Мәмбетқали, Төлеген деген ауыл үлкендері: «Мешіт орнын баспаңдар, аяқтарың ауырады» деп ескертетін. Мәмбетқалидың руы – Барамық. Сынықшы, молда болды. Кейін мешіт орнына мал сою орнын салды. Бірақ ол пәлендей жұмыс жасаған жоқ.

«Қабақ шытпаңдар, сүйекке ауыр болмасын»

Сақым атай 1975 жылдың қоянында 2 желтоқсан күні жерге түсті. Қайтпастан бұрын: «Әй, келін, ғұмырыңа берекет берсін, менің күнім жақсы болады. Көйлекшең жүріп, сыртта ас пісіресіңдер, ренжіп, қабақ шытпаңдар» деп айтып отырушы еді. Және «Мен бұл жерге жатпаймын, Қоскөлдегі мешітке барып жатамын. Менің тұқымдарымның бәрі мешітте» деді. Айтқанындай, ол қайтқанда күн жылынып, жарқырап, шуақ болып тұрды. Желтоқсанда көйлекшең жүріп ас пісірдік. Қоскөл мешітіндегі қауымға жерленді. Осы күндері Сақым атайдың өсиеті есіме түсіп, садақаларға барғанда, қызмет атқарысқан жастарға: «Қабақ шытпаңдар, сүйекке ауыр болмасын» деп айтып отырамын.

Қалиолла мен Қайырғали

Осы ауылда Қалиолла, Қайырғали дейтін екі палуан болды. 1954 жылда тың игеруге келген орыстармен жергілікті қазақтар күнде төбелесті. Орыстар «Қалиолла, Қайырғали келе жатыр» дегеннен-ақ жым болатын. Қалиолла, Қайырғали — тың игеру кезінде Қаратөбе жағынан Калининдегі МТС-ке келген жас жігіттер.

Тұзтөбе мен Тұздыоба

Тұздыобаның бер жағында, Жігерленнің ар жағында Таянның моласы дейтін қасиетті жер бар. Бір жолы трактормен келе жатқанымызда, жүргізуші бірнеше мәрте адасып, Таян моласына қарай келіп тіреле бердік. Білетін оқуымызды айтып, бет сипағаннан кейін ғана ауылға адаспай жеттік.

Зейнеп апайдың айтуынша, Тұзтөбе – Соль-Илецк, ал Жігерленнің Қаратөбе бетіндегі тұзды жер Тұздыоба деп аталады (Н. Н.).

Тұзтөбенің тұзына кісіні 15 минуттан артық түсірмейді. Әйтпесе, тұз өтіп кетеді. Керемет қара тұз. Ондай қара тұз Дендерде де бар. Ал Қызылордадағы Аралдың тұзы ұнтақ, сорлы тұз. Онымен ет тұздағанда, еттің дәмі сор татып тұрады. Ертеректе Тұзтөбенің тұзын асқа пайдаланып, Тұздыобаның тұзын малға үйіп әкеліп қоюшы едік. Бір жылы ас тұзы таусылып қалды. Біреуден байлайтын ақтығын беріп жіберіп, малға деп бір қапшық етіп алдырған Тұздыобаның тұзы бар еді. Сонымен соғымның ішек-қарнын тұздадым. Сол ішек-қарын ерекше тәтті болды. «Қаратөбе» совхозының халқы асқа Тұздыобаның тұзын пайдаланатын. Ондағы тұз Алла Тағаланың әмірімен қыркүйек-қазан айларында бірігіп, байланады. Сол кезде ақтығын байлап, алуға болады. Ал қараша айында қайтадан еріп, суға айналады.

Жазып алған Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ


Жыр жұлдызы – Жанғали

Күні: , 139 рет оқылды

Набиуллин 62654


Жуықта қаламдас досым: «Зәке, Жәкеңнің жарық дүниенің есігін ашқан күні жақындап қалды. Бір өңірденсіңдер ғой, әрі ағаның ақтық сапарын да айта жүрерліктей етіп атқардыңыздар» — деп телефон шалды.


Жәкең — деп отырғаны, күні кеше бақи дүниеге аттанған, әлі топырағы да суып үлгермеген қазақтың көрнекті ақыны Жанғали Нәбиуллин. Сол-ақ екен, көңілден күлкі, көзден ұйқы кетті.

Үйдегі кітап сөресінде ақынның бірнеше жинақтары тұрған. Ең алдымен, қолыма іліккені «Жайықта бір Жанғали» атты 2011 жылы «Ағартушы» баспасынан шыққан естеліктер жинағы болды.

Бұрын да әлденеше рет сүзіп оқып шыққан кітаптың парақтарын ақтарған сайын, самайымнан сорғалаған терді тоқтата алсамшы.

Жинақ тек естеліктерден құралмаған, онда қазақтың Қадырынан бастап, мүйіздері қарағайдай қаламгерлердің, өлеңге, өнерге жаны құштар студенттердің де ақын шығармашылығы жөнінде пікірлері жарияланған. Оны айтасың, өзім Ақ Жайық поэзиясының пайғамбары — деп талантына намазға жығылғандай табынатын Жәкем жөнінде менің де бірер дүнием жүр екен.

Бұл ұлылық дегенді қойсаңызшы, «Жә, Жәкең жөнінде ештеңе айта алмайды екем» — деп қаламымды туара бастағанда, көмекке қайран Қадыр ақынның өзі келе қалмасы бар ма?

Аталмыш жинақтағы «Биіктік пен тереңдік» — деген көлемді дүниесін Қадекең «Қаншама сүйкімді жырлар жазып, қаншама жүйелі топтамалар берсе де, қаншама қуатты кітаптың авторы болса да, қазақ әдеби сынының көзіне ілігіп, өзіне лайық бағасын ала алмай жүрген әдемі ақындарымыздың бірі – Жанғали Нәбиуллин» — деп қынжыла бастаған екен.

Ұлы ақын кесек-кесек ойларымен, түйдек-түйдек сөздерімен Жанғали шығармашылығын шыңға бір-ақ шығарған.

Иә, Жанғалидың қаламынан қаншама асыл дүниелер туғанмен, Ә. Тәжібаев, Ғ. Қайырбеков сынды ақындардың бірліжарым жылы пікірлері болмаса, сыншылар тарапынан ақын шығармашылығы жан-жақты зерделеніп, терең зерттелген емес. Әйтпесе, Жанғали ақынның поэтикалық қуаты, даңғайыр дарыны астанадағы ақынмын — деп алшаң басып жүргендердің қай-қайысынан да кем емес еді.

Жасыратын несі бар, газет-журналдар мен баспалардың төңірегінде жүргендердің кітаптары 30-40 мың данамен жарық көріп жатқан кезде Жанғали ақынның шығармашылық еңбегінің ең елеулілерінің бірі – «Жырлайды жырлар» атты жыр жинағы бар болғаны 3 мың данамен жарық көрді. Арқалы ақынға бұдан артық қиянат бар ма?

Жәкең денсаулығының кемігеніне қарамастан, соңғы он-он бес жыл төңірегінде өнімді еңбек етті.

Жинақтары бірінен соң бірі шығып жатты. Амал не, қысқа жіп күрмеуге келмейтін кезеңде небір құнды еңбектері 1000 данадан әрі жылжымай-ақ қойды. Қашан да қанағатпен өмір сүрген қаламгер соны да місе тұтып, шүкіршілік етті.

Иә, ғұмыр бойы жалғыздықты (өлеңдегі) серік еткен ақын бүкіл шер-шеменін өзімен бірге алып, бақи дүниеге аттанды. Ол жөнінде «…стимулсыз ортада ақындық қарқынын жоғалтпай, жемісті еңбек еткен – жалғыз Жанғали» — деп Қадекең қалай дөп басып айтқан десеңізші?!

Алдағы жылы Жанғали ақынның туғанына 80 жыл толады. Әрине, Жанғали көлеңкеде қалатын жан емес. Ақынды есте қал-дырудың алғышарттары қазірден бастап қолға алына бастады.

Жанғали ақын ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Ол – Орал қаласы, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарының құрметті азаматы.

Ендеше, ақынның мерейтойы жоғары деңгейде өтсе дейміз. Ол үшін не істеу керек?

Мерейтой жылы ақынның таңдамалы туындылары жарық көріп, ақын атында арнайы республикалық жыр мүшәйрасы оздырылғаны ләзім. Қазір елімізде айтыс өнері жоғары деңгейге көтерілді. Республикалық ақындар айтысының бір тақырыбы Жанғали ақынға арналса, тіпті құба-құп болар еді.

Қазақстан Жазушылар одағы, осынау мәртебелі ұйымның облысымыздағы бөлімшесі жас қаламгерлер үшін Жанғали Нәбиуллин атындағы сыйлық тағайындаса да артық етпейді.

Ақынның өзі оқыған қазіргі М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, ұзақ жыл еңбек еткен облыстық басылымдар, облыстық мәдениет басқармасы мен шығармашылық орталықтардың да ақын тойына белсене араласарына сенім мол. Тіпті алдағы жылды Ақ Жайық өңірі «Жанғали жылы» — деп атаса, мүлде жарасымды болар еді.

Осының бәрі де Елбасымыз ескерткендей, аста-төк шашпашылықпен емес, ұрпағымызға ұлысты, жастарымызға жұғысты боларлықтай деңгейде өтсе, ақынға көрсетілер құрметтің төресі сол болмақ.

Қадыр Мырза Әлі «Жанғали – үлкен ақын. Оның өлеңдері заман температурасына тәуелді емес. Өйткені олар қай заман үшін де актуалды, тақырыбы да, тақырыбының өрілімі де мәнді, маңызды, мәңгілік» — деген екен. Осыдан артық баға болар ма?

Алдаспан ақын жөнінде әлі де талай сырлар айтылып, жырлар жазылып, естеліктердің жарық көреріне күмән жоқ. Ақынның екінші өмірі, мәңгілік ғұмыры енді ғана басталды. Ендеше, Жанғали жырының жұлдызы жарқырай берсін — деп тілейік, ағайын!

Закария СИСЕНҒАЛИ,

Халықаралық жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жаңақала ауданы


Қос ауылдың қуанышы

Күні: , 104 рет оқылды

DSC_1308


Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Қаратөбе ауданының Сулыкөл ауылдық округіне қарасты Төлен, Үшана елді мекендеріне көгілдір отын жетіп, тұрғындар қуанышқа қарық болды.


Аталмыш ауылдарға Қалдығайты ауылынан газ құбырын тартқан «Лайгэ» ЖШС жұмысты межелеген уақытында бітірді. Жоба құны – 266516,0 мың теңге. Ауыл ішіне газ тартуды «Батысремстройпроект» ЖШС жүргізді. Ауыл халқының қуанышын бөлісе келген аудан әкімі Асхат Шахаров:

— Шалғай ауылдардағы халықтың тұрмысы түзеліп, заман талабына сай салынған әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Мұндай қуаныш Төлен, Үшана ауылының тұрғындарына да тән.

Соның бір дәлелі – ауылдарыңызға газ құбырының келуі. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жеткен жақсылықтарыңыз құтты болсын! — деді.

Төленнің төріндегі алғашқы көгілдір отынның алауын аудан әкімі Асхат Шахаров пен еңбек ардагері Қайыржан Аймағанбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев жақты.

Үшана ауылында да ауыл тарихындағы ерекше күн болып саналатын бүгінгі қуанышты күндерімен құттықтаған зейнеткер-ұстаз, еңбек ардагері Аман Жүсіпқалиев аудан әкімі Асхат Шахаровпен бірге көгілдір отын алауын тұтатты. Ақ жаулықты әжелер қуанышты бөлісуге жиналған шара қонақтары мен ауыл тұрғындарына тәттілерден шашу шашты.

Ел ағалары көгілдір отынның қызығын көргелі тұрған Төлен ауылының 93 жастағы тұрғыны, Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгердің жесірі Аманғалиева Райханның, Үшана ауылында ардагер-ұстаз Аман Жүсіпқалиевтің шаңырағына бас сұғып, қуаныштарына ортақтасты.

Сөйтіп, Үшанада 134 шаңырақ, ал Төлен ауылында 63 үй тезек тасып, күл шығару азабынан құтылатын болды.

Нұрлан ҚҰМАРҰЛЫ

Суретті түсірген С. ХАСАНОВ

Аман ЖҮСІПҚАЛИЕВ,

 зейнеткер-ұстаз, Үшана ауылының тұрғыны:

— Бүгінгі қуанышымызда шек жоқ. Бұл қуаныш Елбасымыздың халыққа арнаған Жолдауымен тұспа-тұс келді. Ин-фрақұрылымды жақсарту ел саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Ауылдық жерлердің көгілдір отынға қосылуы үлкен қуаныш сезімін ұялатады. Қазіргі жетістіктеріміздің барлығы – тәуелсіздігіміздің арқасы. Осынау игі іске бастамашы болған ел ағаларына алғысымыз шексіз.

Райхан АМАНҒАЛИЕВА,

Төлен ауылының тұрғыны, 93 жаста:

— Осы жасқа келгенше Төленге газ келгенін көремін деп тіпті ойлаған жоқпын. Алланың бергеніне шүкір, енді келіндеріміз от жағу, күл шығару азабынан құтылады. Біздің бейнетімізді сендерге бермесін. Басшыларға рақмет, еңбектері жемісті болсын. Бала-шағасының қызығын көрсін, айналайындар. Осының бәрі – Президентіміздің арқасы, елдің тыныштығының арқасы. Елімізде татулық, бірлік болсын!


Кеселдің жолын кесу керек

Күні: , 142 рет оқылды

IMG_8752


Сейсенбі күні әдеттегідей «Қазақстан — Орал» телеарнасында БАҚ  өкілдеріне арналған кезекті баспасөз мәслихаты өтті. Бұл жолы журналистер алдында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысы орынбасары-тәртіптік кеңес төрағасы міндетін атқарушы Мирболат Нұртазин мен сол департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бөлімінің басшысы Венера Масимова, «Батыс қамқор» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Берікқалиев сөз сөйлеп,  сұрақтарға жауап берді.


М. Нұртазинның айтуынша, аталмыш шара БҰҰ-ның шешімі бойынша бекітілген 9 желтоқсан – Бүкіләлемдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған. Бұл күні әлемде қоғамдық кесел және қылмыс-сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі шаралары өткізіліп, қоғамдық пікірдің назары оның алдын алуға бағытталады. Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында мемлекеттік қызметті нығайту жөнінде де айтылған. Мемлекетті нығайтудың негізгі факторларының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және назардан тыс қалдырмау. Келесі жылдан бастап, мемлекеттік қызметкердің жалақысын өсіру де – кеселдің алдын алу жолдарының бірі. Сонымен қатар былтыр 26 желтоқсанда Елбасымыз Н. Назарбаевтың Жарлығымен қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2025 жылға дейін арналған стратегиясы бойынша жұмыс істеу біз үшін күн тәртібінен түспейді. Мирболат Сүйеуұлы бүгінде қолға алынған «Ашық келісім» іс-шарасы туралы да әңгімеледі. Іс-шара сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік жағдайын жасауға және қоғамда осы кеселге қарсы мәдениет дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Ол тоғыз бағытты қамтиды. Жұмыс ашық және жария түрде жүргізіледі. Оған кез келген заңды тұлға, қоғамдық ұйымдар қатыса алады. Соңғы екі аптаның ішінде осы іс-шараға байланысты 28 ұйым, 8 жеке тұлғамен келісімге қол қойылған. Бұдан басқа үш ұйым қосылуға ниет білдіріпті. Іс-шара әрі қарай да заңды жалғасын таба бермек. Алайда әлі де өңірімізде азаматтық белсенділік байқалмай отыр.

– Жұмысымыздың БАҚ арқылы насихатталуы қалыпты. Арнаулы сайттарымыз да бар. Біздің кез келген БАҚ өкіліне есігіміз ашық, телефонымыз бар, ынтымақтасуға қашанда дайынбыз, – деді сөз соңында М. Нұртазин. Өз кезегінде сөз алған В. Масимова алдағы уақытта «Адалдық алаңы» атты жаңа сайт ашылатынын хабарлап, «Ашық келісім» іс-шарасы хақында  кеңінен  баяндады.

Мәслихат соңында «ТДК — 42» телеарнасының тілшісі Роман Копняев әдетте қарамағындағы мемлекеттік қызметкер сыбайлас жемқорлық жағдаятына байланысты заң бойынша жауапқа тартылса, оның басшысы, белгілі бір лауазым иесінің доғарысқа ерікті түрде кетуге тиесілі екенін айта келіп, Теректі ауданындағы бір басшының жемқорлыққа байланысты сотталуына орай, онан қызметі жоғары лауазым иесінің бұл қадамға неге бармағандығын сұрады. Оған М. Нұртазин сұрақтың орынды екенін айта келіп, жоғарыдағы ахуалға байланысты белгілі бір лауазым иесінің доғарысқа кетуіне болатындығын, бірақ бұл істе міндеттеу мен асығыстыққа бармаудың қажеттігін айтты. Ал «Надежда» газетінің тілшісі Д. Терещенко мемлекеттік қызметкерге арналған «Өзіңнен баста!» іс-шарасының ойдағыдай басталғанымен, соңының сұйылып кеткеніне көңіл аударды. М. Нұртазин іс-шараның әлі де жалғасуы мүмкіндігін айта келіп, Елбасымыз Н. Назарбаевтың таяудағы Жолдауында айтылғанындай, 2017 жылдан бастап, елімізде жаппай әркімнің өзінің меншігіндегі қаражаты мен дүние-мүлкі хақында есеп беретіндігін мәлімдеді.  Әрине, мұның мемлекеттік қызметке де тікелей қатысы бар.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ

Суретті  түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Өзгерістер енгізуді мақұлдады

Күні: , 184 рет оқылды

DMS_6219


Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс 29-сессиясы өтті. Оның жұмысына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.


Жыл жабар сессияның күн тәртібіндегі облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 12 желтоқсандағы «2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» мәселелер ашық қалды. Облыстық экономика басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаеваның айтуынша, осы мәселелерді егжей-тегжейлі қараған тұрақты комиссияның отырысынан кейін мақсатты трансферттер бойынша азын-шоғын өзгерістер болатыны белгілі болған. Бірақ оған қатысты Үкіметтің қаулысы шықпаған. Осыны ескерген халық қалаулылары бұл екі мәселені үкіметтік қаулы шыққаннан кейін қарауға келісті.

Депутаттар облыстық мәслихаттың 2010 жылғы 29 желтоқсандағы «2011-2015 жылдарға арналған БҚО-ның аймақтық даму бағдарламасы туралы» шешіміне тиісті өзгерістер енгізуді қолдады. Сонымен қатар сессияда 2016-2020 жылдарға арналған облыстың аймақтық даму бағдарламасы туралы мәселе қаралып, мақұлданды. Облыстық экономика басқармасының басшысы Б. Қонысбаеваның баяндауынша, жалпы бағдарлама 6 бағытты, соның ішінде экономика, әлеуметтік сала, қоғамдық қауіпсіздік және тәртіп, инфрақұрылым, экология және жер ресурстары, мемқызметтерді қамтиды. Онда 21 мақсат және 89 мақсатты индикаторлар қарастырылған. Мысалға, бағдарламаны іске асыру жылдарында1329 мың шаршы метр тұрғын үй салу, көңіл қанағаттандыратын жергілікті маңызы бар аутокөлік жолдарының үлесін 27,5-тен 30,6  пайызға  жеткізу  көзделген.

Халық қалаулылары облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 27 маусымдағы «БҚО-ның шекара маңындағы аудандарын дамытудың 2014-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы» шешіміне өзгерістер енгізуді мақұлдады. Облыстағы жеті шекаралас аймақта орналасқан аудандардың экономикасын әртараптандыру бойынша 39 жобаны іске асыруға 238,4 млн. теңге қаражат басқа көздер есебінен тарту көзделген. Аталмыш аудандардың көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту бойынша 5 жобаны жүзеге асыруға 153,4 млн. теңге қарастыру жоспарланған. Одан өзге шекарадан өту орындарын жайластыру және инфрақұрылымдарын дамытуға қатысты 6 жобаны іске асыру, табиғатты қорғау іс-шаралары және трансшекаралық өзендерді пайдалануға байланысты 10 іс-шара жоспарланған. Халықты жұмыспен қамтуды жақсартуға ықпал ететін 4 жоба іске асырылмақ.

Сессияда жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидасын бекіту, 2016 жылы субсидиялауға жататын әлеуметтік маңызы бар маршруттар тізбелерін бекіту, облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссия құрамына өзгерістер енгізу және өзге де мәселелерді қарап, талқылады.

Депутаттар бұрындары өңірімізге басшылық етіп, еліміздің, облысымыздың дамуына еңбек еткен Қабиболла Жақыповқа, Бақтықожа Ізмұхамбетовке және Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Гапичке «Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы қоғамдық ұйымдардың, тұрғындардың ұсыныстарын мақұлдап, оң шешім шығарды. Сонымен қатар Тәуелсіздік күні қарсаңында облыстық мәслихаттың депутаты Бауыржан Тұманов, Қаратөбе, Зеленов, Бөкей ордасы аудандық мәслихаттарының бұрынғы хатшылары Тілекқабыл Сағынов, Вера Шохина, Гүлжиян Бисекенова және Орал қалалық мәслихатының бұрынғы хатшысы Әнес Ізтілеуов «Қазақстан мәслихаттарының депутаттары» қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің шешімімен  «Қазақстан мәслихаттарының  «Құрметті депутаты» төсбелгісімен марапатталды. Облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар депутаттар Бауыржан Тұмановқа, Валерий Голоуховқа, Ришат Хайруллинге, Ақжайық аудандық мәслихатының хатшысы Дәулетжан Жақсыбаевқа, Шыңғырлау аудандық мәслихатының хатшысы Толыбай Қалменге облыстың Құрмет грамотасын салтанатты түрде табыс етті.

Сессияның жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев облыстың Құрметті азаматы атанған үш азаматтың еліміздің, өңіріміздің дамуына үлкен еңбек сіңіргенін атап көрсетіп, депутаттарға қолдағандары үшін алғыс айтты. «Әлемдегі саяси, экономикалық дағдарыстар өңірдің дамуына өз әсерін тигізеді. Уақытша қиыншылықтарға қарамастан индустриалдық-инновациялық даму жобаларының және Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан бағдарламалардың аясында жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту бағытындағы шаралар оң нәтижесін беруде. Осының басы-қасында өздеріңіз жүресіздер», – деген Нұрлан Асқарұлы 2016-2018 жылдың бюджеті жасақталып тұрғанын, қосымша түсім болған жағдайда нақтылау барысында оны әлеуметтік бағытқа, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсалатынын  жеткізді.

Сессия жұмысында үзіліс жарияланды, кейін күн тәртібіндегі  ашық қалған екі мәселе қаралатын болады.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Суреттерді  түсірген  Медет ДОСЫМОВ


Елбасының бастамасын БҰҰ қолдады

Күні: , 154 рет оқылды

image назарбаев


«Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы отырысында Қазақстанның бастамасымен ұсынылған Бейбітшілікті қалыптастыру мен ядролық қарудан арылуға қатысты жалпы декларациясы мақұлданды» деп хабарлады «strategy2050.kz» сайты.


Жалпы декларацияны қабылдау бастамасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Бұл бастама 2010 жылы Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік бойынша бірінші саммит барысында  ұсынылған  болатын.

Биылғы 28 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 70 мерейтойлық дебатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасырдағы адамзаттың мұрат-мақсатын бейбітшілік пен ядролық қарудан бас тартуға бағыттау  ұсынысын  алға  тартты.

БҰҰ ДБ резолюциясын қабылдау ҚР Президенті Н. Назарбаевтың тәуелсіз сыртқы саяси бағыты мен бар әлемге оңтайлы көзқарасының дәлелі болды.

Бұл – Қазақстан Президенті 2015 жылдың қыркүйегінде БҰҰ БА мінберінен әлемді шақырған  Жаһандық  ядроға қарсы қозғалыстың  қалыптасуындағы кезекті  қадам.


«Такси СИТИ»-ден сый-сияпат

Күні: , 110 рет оқылды

image-02-12-15-10-08-2 сити такси


ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Такси СИТИ» компаниясының құрылтайшылары кәсіпорында жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі жандарды, яғни бір топ қызметкерлерін мемлекеттік мерекемен құттықтады.


Қайырымдылық шарасына бастамашы болған компанияның тең құрылтайшысы Марат Қайырғалиев компания атынан мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған жандардың үйлеріне бас сұғып, алғысхаттар табыстап, азық-түлік қоржыны мен сыйлықтар таратты. «Такси СИТИ» компаниясы 2012 жылдан бері қайырымдылық жобаларын ұйымдастыруды жолға қойған. Әсіресе, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобын, яғни мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдап, жұмыспен қамтамасыз етуге баса назар аударады. Өткен жылы бос орындар жәрмеңкесіне қатысқан кәсіпорын 10 шақты жұмыссыз тұрғынмен келісімшартқа отырып, осы санаттағы үш адамды жұмысқа қабылдады.

«Еліміздің Тұңғыш Президенті күні – ел-жұртты ұйыстыратын ортақ мереке. Сондықтан осындай игі істе қолдау көрсеткен іскерлік серіктесім, «Такси СИТИ» компаниясының бас директоры Мәди Қыздарқұловқа және ұжым қызметкерлеріне зор алғыс айтамын», – деді Марат Қайырғалиев.

Мереке күні басшылықтан сый-сияпат алған мүмкіндігі шектеулі жандардың бірі – Әлия  Машбаева.

Оның кәсіпорында оператор қызметін атқарып жүргеніне бір жылдан асты. «Жалақым да атқарған жұмысыма байланысты жақсы төленеді. Біздерге қамқорлық жасап отырған компания басшылығына айтар алғысым шексіз», – деді мереке күні сый-сияпат алған Ә. Машбаева.

Өз тілшіміз


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика