Мұрағат: 08.12.2015


Алдағы бес жылға есептелген баға

Күні: , 219 рет оқылды

тариф кымбат


Өткенде облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департа-ментінің қызметкерлері «Коммуналдық қызметтерге тарифтерді өзгертудің қажеттілігі туралы» тақырыпта баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.


Бұған коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды жүргізген облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Валихан Разов коммуналдық қызметтер тарифінің жаңа жылдан бастап көтерілетінін айтып, бұған түсініктеме берді.

– Коммуналдық қызмет сапасын арттыру үшін тарифтерді тағы да көтеруге мәжбүрміз, – деді Валихан Әлиханұлы. – 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап коммуналдық қызмет ақысы өспек. Қымбатшылық жайлаған уақытта бұл жағдай, әрине, тұрғындардың наразылығын тудырады, бірақ коммуналдық қызмет көрсету мекемелері сапалы қызметті үздіксіз көрсету үшін және осы бағытта жұмыс жасап жүрген білікті кадрларды жоғалтып алмау үшін амалсыз осындай қадамға барып отыр. Алғашында коммуналдық қызмет көрсету мекемелері бізге қазіргі бекітіліп жатқан бағадан анағұрлым жоғары баға ұсынған болатын. Мысалы, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ жоба бойынша жалпы сомасы 2,3 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру жұмысының жоспарлануына байланысты тарифті бірден 64,2 пайызға көтеруді сұрады. Яғни бұл 1 квт. сағатқа ҚҚС-сыз 4,24 теңгеден 6,96 теңгеге дейін өсім. Бірақ біз монополистердің бұл өтінішін мұқият қарап, тариф бағасын едәуір төмендетуге қол жеткіздік. Департаментпен қарау барысында инвестициялық бағдарлама 30 пайызға қысқартылып, бес жыл мерзімге кәсіпорынның өзіндік қаражаты, атап айтсақ, амортизация және пайда есебінен 1,6 млрд. теңге мөлшерінде бекітілді. Нәтижесінде тариф департаментпен бұрынғы бекітілген деңгейден (4,24 теңге) 10,6 пайыз өсіммен көбейіп, 1 квт. сағ үшін ҚҚС-сыз 2016 жылға – 4,69 теңге, 2017 жылға – 4,80 теңге, 2018 жылға – 4,90 теңге, 2019 жылға – 5,09 теңге, 2020 жылға – 5,31 теңге болып бекітілді. Сөйтіп, тариф аталған мекеме жобасынан 47,2%-ға төмендетілді.

Ал «Жайықжылуқуат» АҚ жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және онымен жабдықтау қызметі бойынша орташа босату тарифін 83,1 пайызға (яғни 1 Гкал үшін 3612, 65 теңгеден 6614,22 теңгеге дейін өсіру) көтеру көзделген болатын. Бірақ 10 қазанда төтенше реттеуші шара ретінде тарифтің бюджеттік мекемелер мен кәсіпорындарға 40,6 па-йызға өскендігі ескеріліп, бүгінгі таңда «Жайықжылуқуат» АҚ тарифті 66,4 пайызға өсіруді сұрап отыр. Бір айта кететін жәйт, аталған нысанның тарифтік жобасында жалпы сомасы 2,4 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру қарастырылған. Департамент қызметкерлерінің жобаны қайта қарауының нәтижесінде инвестициялық бағдарлама 42%-ға төмендетіліп, бес жылға 1,4 млрд. теңге мөлшерінде бекітілді. Осыған орай 2016 жылғы 1 қаңтардан 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін бұрынғы бекітілген деңгейден жылыту қызметінің жаңа тарифі 33,8 пайызға өсіп, 1 Гкал үшін ҚҚС-сыз 5316,41 теңге мөлшерінде бекітілді, – деген департамент басшысы енді жаңа тариф бойынша мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлерге қарағанда жылу үшін 2,5 есе көп төлейтінін жеткізді. Оның сөзінше, мемлекеттік және бюджеттік мекемелер 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа тариф бойынша (1 Гкал үшін 11365,39 теңге) бұрынғы бекітілген деңгейді ескеріп, 66,7 пайызға артық төлейтін болады. Ал тұрғындарға – 1 Гкал үшін 4159,59 теңге, басқа да тұтынушылырға – 1 Гкал үшін 4476,46 теңге болып белгіленді. Яғни тариф 33,8 пайызға өзгеріп, жаңа тариф субъектінің жобасынан 36,1 пайызға төмендетілді, – деген Валихан Әлиханұлы өтінімдерді қарау барысында шығындарды қалыптастырудың ерекше тәртібіне және белгіленген инфляция бағамына сәйкес тек экономикалық тұрғыда негізделген шығындардың ескерілгенін айтты.

Коммуналдық қызметтер бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан жарық пен жылу бағасының жоғарылауы су құнының да көтерілуіне ықпал етті. Департамент басшысының сөзінше, «Батыс су арнасы» ЖШС алғашқыда тарифті сумен қамтамасыз ету қызметі бойынша 109% пайызға бір-ақ өсіруді көздепті. Бұл ретте 1 текше метр үшін ҚҚС-сыз 75,4 теңгеден 157,6 теңгеге дейін өсіру, сарқынды суды бұру қызметі бойынша 1 текше метр үшін ҚҚС-сыз 88 теңгеден 222,1 теңгеге дейін, яғни 152,4 пайызға өсіру жоспарланған. Аталмыш мекеменің тариф жобасында жалпы сомасы 3 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру қарастырылыпты. Департаментпен қарау нәтижесінде инвестициялық бағдарлама бұл нысанда 7%-ға төмендетіліп, бес жылға 2,8 млрд. теңге мөлшерінде бекітілді. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге суды таратушы желілер арқылы беру қызметі бойынша орташа босату тарифі 1 текше метр үшін 98,79 теңге болып, өсім 31,0 пайызды құрады.

Валихан Әлиханұлының сөзінше, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындар 1 текше метр үшін 346,41 теңге, басқа тұтынушылар үшін 268,51 теңге, ал тұрғындар 44,64 теңгеден төлейді, яғни бұрынғымен салыстырғанда 10,57 теңгеге артық төлейтін болады. Жаңа тариф субъектінің ұсынған жобасынан 78,0 пайызға төмендетілді. Өтінімдерді қарау нәтижесі бойынша сарқынды суды бұру қызметі бойынша орташа босату тарифі 1 текше метр үшін 40,7 пайызға артып, 123,77 теңгені құрады. Енді жаңа тариф бойынша алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындар 1 текше метр үшін 484,79 теңге, басқа да тұтынушылар 258,26 теңге, ал тұрғындар 46,49 теңге немесе бұрынғыдан 13,44 теңгеге артық төлейтін болады. Жұмыстану нәтижесінде тариф субъектінің ұсынған жобасынан 111,8%-ға төмендетілді. Жаңа тариф бойынша мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындар салыстырмалы түрде қазіргі бағасынан 8 және 10 есе артық төлейтін болады.

Жалпақ жұртқа түсінікті болу үшін, Валихан Әлиханұлы сөз арасында қалалықтардың коммуналдық қызмет ақысын төлеу ретіне нақты мысалдарды да келтірді. Мысалы, 30 шаршы метрлік 1 бөлмеде екі адам тұратын болса, қазіргі кездегі төлемақымен ол тұрғынның коммуналдық қызмет төлемі барлығы 8 мың теңгені құрайды. Ал коммуналдық қызмет ақысы өскен жағдайда, яғни 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл шығын шамамен, 10 мың теңге болмақ. 44 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерде үш кісі тұрған жағдайда, тұрғындар бүгінгі таңда коммуналдық қызмет үшін 11 500 теңге төлесе, жаңа жылдан соң 14,500 теңге төлейтін болады. 65 шаршы метрлік үш бөлмелі үйде 4 адам тұрса, пәтер иесі күні бүгінге дейін 16 200 теңге төлеп келді. Енді алдағы қаңтар айынан бастап олардың коммуналдық төлем шығыны шамамен 20 300 теңге болмақ.

Тұрғын үй көмегі көрсетілмек

Осы жиынға қатысқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Төкешева аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегі көрсетілетінін айтты.

– Жаңа жылдан бастап тарифтің көтерілуіне байланысты аз қамтылған отбасылардың кірісі мен шығысы арасындағы айырмашылық төленеді. Бұдан басқа мүгедектер мен жалғызбасты зейнеткерлер, жетім балалар мен олардың қамқоршылары, қарамағында кәмелеттік жасқа жетпеген балалары бар мүгедектер мен зейнеткерлер, 50 жастағы және 55 жастағы жұмыс істемейтін әйелдер мен ер-азаматтарға да мемлекет тарапынан көмек болады. Егер коммуналдық қызмет ақысы тапқан табысынан 7 пайызға артық болса, онда жоғарыдағы санаттағы адамдарға тұрғын үй көмегі беріледі. Мысалы, жалғызбасты зейнеткердің зейнетақысы 33 мың теңге шамасында болса, онда оған жаңа тарифтің енгізілуіне байланысты тұрғын үй көмегі ретінде мемлекет тарапынан 26 702 теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінеді, – деген Айгүл Төкешева ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына қала бойынша аталмыш көмекті 3 298 адам алғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, осы мақсатқа 78 миллион теңге қаражат бөлінген.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


«Қайырымдылық – жылы жүректен»

Күні: , 182 рет оқылды

aXvARxUr1vo


Жуырда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қайырымдылық – жылы жүректен» атты концерт өтті.


Қайырымдылық концертінің ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі жастардың өнерлерін көпшілікке паш ету болды.

Шарада облыстық жастар саясаты мәлелелері басқармасының басшысы Азамат Айтуев құттықтау сөз сөйлеп, қайырымдылық айлығы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты қарияларға көмек көрсеткен мекемелер, жастар ұйымдары және еріктілерді марапаттады.

Кеш барысында облыстық дәстүрлі ән байқауының жүлдегері, республикалық байқаудың дипломанты Әсел Есебекова Ғарифолла Құрманғалиевтің «Әнші дауысын» шарықтата шырқаса, облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп интернатының «Аягөз» би тобы да көрерменнің көңілінен шықты. Облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзыл-ған балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушілері Тамерлан Сатыбалдиев және Орхан Каримов судо аударма-мен «Атамекен» әнін орындады. Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері ағайынды Әсет және Азамат Қуат «Отбасым» әнімен сахнаға шыққанда көрермен еріксіз тебіренді. Облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушілері жоғары талғам мен шеберлікті ұштастыра отырып, өз қолдарынан тіккен киімдермен сән көрсетті. Терең тарих қатпарларындағы әр түрлі қоғамдық кезеңдердің сән-салтанатын еске түсіргендей бай нақышта тігілген киім үлгілері көпшілікті тәнті етті. «Астана» әнімен «Қағанат» триосы, «Достық» биімен «Арман» бишілер тобы, сондай-ақ Аяжан Қашпаева және Дәулет Баситовтың орындауындағы «Мекенім — Қазақстан!» әні көрер-мендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Шараны «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азат Сейтімов және Орал студенттер альянсының көшбасшысы Арман Ізімғалиев қорытындылады. Азат Ғалымұлы – Махамбет атындағы БҚМУ студенті, екінші топ мүгедегі Бегімай Хайнуллаеваға Индияның «Фортис Мемориал Ресерч Институт» клиникасында емделу үшін көптің қолдауы қажет екенін айтып, Бегімайдың анасына БҚО жастар қоғамдық бірлестіктері атынан көмек қаржы табыстады.

— Жаным қысылып келгенде жылы қабақ танытып, қаржылай көмек ұйымдастырған облыс жастарына айтар алғысым шексіз, өмірлеріңіз гүлдей жайнасын! – деді толқи сөйлеген Бегімайдың анасы.

Орал студенттер альянсының көшбасшысы Арман Ізімғалиев қайырымды жандарға арнап төмендегідей үндеу жариялады.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

 

Махамбет атындағы БҚМУ студенті Бегімай Ардаққызы Хайнуллаеваға біз бен сіздің көмегіміз аса қажет. 1996 жылы дүниеге келген Бегімайға тумысынан микротия диагнозы қойылған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ҚР азаматтарын шетелге емделуге жіберу жөніндегі комиссиясының ұйғаруымен Бегімай Хайнуллаеваны Үнді елінің «Фортис Мемориал Ресерч Институт» клиникасына кезектен тыс емделуге жіберуге оң шешім қабылданды. Ем-дом қаражатының жетпіс пайызын еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бөліп отыр. Қалған отыз пайыз, яғни бес миллион теңге көлеміндегі қаражатты Бегімай мен оның ата-анасы жаны жайсаң, мейірбан БҚО халқынан сұрайды. Құрметті жерлестер, Бегімайдың сауығуына титімдей болса да көмек беруден аянып қалмаңыздар!

Бегімайдың есепшоты KZ 866010002006129692

Құрметпен, БҚО жастары


Отыздың жетеуі ғана түзетілген

Күні: , 119 рет оқылды

IMG_8717


Өңірімізде тіл мәселесіне байланысты әр түрлі айлықтар, рейдтер, шаралар көптеп өткізілуде. Алайда нәтиже әлі де аз. Өйткені жыл өткен сайын қаламыз қазақшаланудың орнына орыстанып бара жатқандай әсер қалдырады.


Алысқа бармай-ақ кішкентай шаһардағы Достық және Еуразия сықылды екі үлкен даңғылмен жүріп көрсеңіз, өзіңізді Ресейдің бір қаласында жүргендей сезінуіңіз ғажап емес. Шағын дүкеннен бастап, үлкен сауда орындарының маңдайшаларындағы атаулардың көбі орыс, ағылшын тілдерінде. Солардың арасынан жарқ еткен «Назар», «Айдана» деген қазақша атауларды көргенде, қуанып кетесің. Тек маңдайшадағы атаулар емес, сыртқы жарнамалар, ілінген жадынамалар мен хабарландырулардың басым бөлігі орыс тілінде.

Осыдан бірер ай бұрын қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, сондай-ақ облыстық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен «Қазақша жарнама» акциясы аясында ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңы талаптарының бұзылу фактілерін анықтау мақсатында рейдке шыққан едік. Сол кезде бірқатар нысандарды аралап ескерту берілген болатын. Жақында ескерту берілген нысандар қандай іс-әрекет жасап жатыр екен деген мақсатпен әлгі нысандардың біріне бас сұқтым. «Галактика» ойын-сауық орталығына барғанымда, мені жылы қабылдаған Степан деген есепші жігіт жетекші мамандардың бүгін демалып жатқанын айтты. Ал әкімгер Әсия атты қыз бұл мәселемен маркетологтың айналысып жатқанын тілге тиек етті. Біз қа-лалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміндегі мамандардың нұсқауымен С. Датов көшесіндегі «Твой дом» (Квант) сауда орталығына бет алдық. Мені тыңдаған меңгеруші ешқандай мәлімет бермейтінін, тіпті қате туралы білмейтінін айтты. Әрі-беріден соң өзің орысша дұрыс сөйлемей тұрсың деп өзіме бас салды. Одан әрі «Әуелі оқулықтағы өріп жүрген қатені түзеп алыңдар», — деп сөйлеп кеткен меңгеруші өзін таныстырудан бас тартып, «Мұндай «ерундамен» бас қатырмаймын», – деді. Сөз түсінбейтін адаммен сөз таластырудың қажет еместігін түсіндім. Тіпті қандай қате бар екенін сұрап, қызығушылық танытпағандарынан-ақ, мемлекеттік тілге деген менсінбеушілік байқалып тұрды. Бұл сауда үйінің сыртындағы жарнамада «постельное белье» деген сөз «төсеніштік іш-киім» деп жазылған. Сондай ақ «Ұялы телефон» «Үялы телефон», «ауаны жаңарту» сөзі «ауаны жанарту» деп үлкен әріптерімен көзге ұрып тұр.

Жарнама дегеніміз не?

Жарнама туралы сөз жазба тарихтың алғашқы құжаттарында кездеседі. Бұл сөзімізге Жерорта теңізі мемлекеттері аумағындағы қазбалар кезінде археологтар тапқан әр түрлі ұсыныстар мен хабарландырулар жазылған маңдайшалар дәлел бола алады. Сондай-ақ римдіктер гладиаторлық жарыстар туралы хабарландыруды қабырғаға жазып кетсе, финикийліктер өз тауарының бағасын көтеру мақсатында жүрген жолдарындағы жартөбелерге суреттер салып кететін болған. Сыртқы жарнама ең алғаш осылай пайда болған. Жарнама қазақ халқына да ежелден белгілі. Оның ауызша үлгілері фольклорлық әдебиетте “жарлық шашу”, “жар салу” ұғымдарымен берілген. ХІХ ғасырдың аяғында “Түркістан уалаяты”, “Дала уалаяты” газеттерінде саяси-экономикалық мәселелерге байланысты оқу-ағарту, әдебиет және өнер-білім бойынша жарнамалар беріле бастаған. ХХ ғасырда жарнаманың мақсат-мазмұны кеңейіп, икемділігі артты, жарнама тілінің ішкі құрылымы сараланды. Нарықтық эко-номиканың қанат жаюына орай елімізде жарнамалық қызмет түрлері қарыштап дамуда. Жарнама стратегиясымен айналысатын жарнама компаниялары, жарнама агенттіктері жыл өткен сайын көбейіп келеді. Маркетингтің классикалық тұжырымдамасында жарнама – тауарды нарыққа шығарып, өтімділігін арттыру үшін аса қажет дүние. Ол болашақ сатып алушылардың назарын аударып, санасын жаулап алатындай деңгейде болғаны жөн. Ол үшін жарнамадағы өнімнің сапасы, құны өзге де мәліметтер қысқа да нұсқа мәтінде сауатты жазылуы керек. Жарнаманың қоғамдық рөлі адамдардың санасы мен көзқарасының қалыптасуына да өз әсерін тигізеді. Сәннің, стильдің, дизайнның беталысын көрсету арқылы жарнама адамның эстетикалық қабілетінің дамуына да ықпал етіп жүр. Жарнама қазіргі күнде тәрбиеге де әсер етеді. Өйткені оны үлкен де, кіші де көреді. Сондықтан жарнамада барлық ереже сақталуы тиіс.

Біздің шаһардағы жарнамалар қай деңгейде?

Біздің шаһарда да ірілі-ұсақты көшелерге ілінген жарнамадан көз сүрінеді. Бірақ олардың басым бөлігінің өзге тілде жазылатыны, ал қазақ тілінде жазылғанының өзінің сақау күйге енуі жанды ауыртады. Мұны тілді менсінбеу немесе «Тіл туралы» заңды өрескел бұзу деп түсіну қажет. Бұл бағытта тіл басқармалары, ономастикалық бөлім, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бө-лімі біраз жұмыс атқаруда. Қазіргі кезде фирма, компания, жеке кәсіпкерлік нысандар атаулары, тауарлық белгілер, яғни азық-түлік, өзге де тұтыну тауарлар атауы, қала ішіндегі шағынаудандар, тұрғын үй кешендері т.б. атауларын зерттеп, жүйелеп, бір ғана елдік, ұлттық талаптарға сай жүргізу мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді.

Дегенмен жарнаманы былай қойғанда, күнделікті өмірде мемлекеттік тілдің бұрмаланғанын жиі кездестіреміз. Кей кездері азық-түлік өнімдерінің сыртындағы тауар таңбасы жазылғанда қазақ әріптері түспей қалғанын байқаймыз. Дәрі-дәрмектердің аудармасын оқығанда не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Тіпті қарапайым шұлық сатып алғанда да, бұрмаланған тілде жазылған орашолақ сөйлемдер алдымыздан шығады. Кез келген көшедегі ілінген жарнамадан кемі бір қате табасыз. Өйткені оны жүйелеп, ретке келтіретін заңнама талаптары әлсіз болып отыр. Біздің бұл сөзімізді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді дамыту секторының меңгерушісі Шынар Шахина да растайды. Оның айтуынша, жарнама мәтініндегі кемшіліктердің орын алмауы үшін республика көлемінде бірізділендіру жүргізіліп, ақпараттық-жарнамалық материалдар тілдер саласындағы арнайы органдармен келісілуі керек. Бұл мәселені арнайы реттейтін нормативтік-құқықтық құжат болу қажет. Өткен айларда жүрігізілген акция аясында қаламыздағы Достық пен Еуразия, Әбілқайыр даңғылдары және Шолохов, Мәметова көшелері бақылауға алынған. Акция көлемінде тілдер заңы мен оның баптары түсіндіріліп, жан -жақты насихатталған. Қаламыздағы ескерту берілген 30-дан астам нысанның 7-еуі ғана жарнамада орын алған олқылықты түзеген.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

“Орал өңірі”


Инновацияға құштар өрендер Сырым ауданында аз емес

Күні: , 167 рет оқылды

сырымдык орендер


Сырым ауданындағы балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы орталығы жанындағы робототехника және фотоөнер үйірмесі бір жылдан бері жұмыс жасап келеді. Оған М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі Ақжан Тасанов жетекшілік жасайды. Ол «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Сырым ауданына жұмысқа келіп, инновацияға құштар жас өрендерді тәрбиелеп жүр.


Жас маманның айтуынша, робототехника және фотоөнер үйірмесіне барлығы 36 оқушы қатысуда. Шәкірттер робот бөлшектерін жинауды және оларға бағдарлама орнатуды, фотоаппаратпен жұмыс істеуді үйреніп, шығармашылық қабілеттерін дамытуда. Жа-ңалыққа ынтық балалардың жетістіктері де жоқ емес. Мәселен, «Қазақстанның болашағы нашасыз» облыстық байқауында үйірме мүшесі Елжас Орынбаев «Үздік плакат» аталымы бойынша ІІ орын иеленіп, марапатталды. Ол «Таңғажайып сәт» атты балалар фотосурет байқауында «Жыл бойындағы салт-дәстүрлер» аталымында да жүлдегер атанды. Үйірмеге қатысушы шәкірттердің бірі Қайдар Төрехан да осы фотосурет байқауында «Өндірістік-тұрмыстық қызмет» аталымы бойынша жүлделі І орынды қанжығалады. Балаларды фотоөнер тылсымына үңілтіп жүрген үйірме жетекшісі Мырзахмет Мерей арнайы марапатқа ие болды.

Соңғы жылдары өңірімізде мектеп оқушыларының ғарыштық технологиялар саласы бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын ынталандыру мақсатындағы жарыстар жиі өтуде. «Ғылым әлемін ашамыз» атты облыстық ғарыштық зерттеулер бойынша ХІ халықаралық ғылыми жарысына қатысқан сырымдық үйірме мүшелері Ерлан Болатовтың, Елжас Орынбаевтың және Гауһар Ақшолақованың «Күн жүйесін зерттеу» бойынша топтық жұмыстары жақсы бағаланып, үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар балалардың техникалық шеберлігін арттыру мақсатында өткен «Кеме үлгісі» спорты бойынша да үйірме мүшелері жеңімпаз атанды.

Биыл отбасы күнін мерекелеу шеңберінде өткен облыстық «Отбасы – бақыт мекені» атты балалар фотобайқауында Елжас Орынбаев жүлделі екінші орынды иеленсе, оқушылардың құрастырушылық ой-өрісін дамыту мақсатында ұйымдастырылған облыстық «Түлкі аулау» спорттық радиопеленгация жарысынан Ахат Шыңғыс жүлдегер деп танылды. Күні кеше өткен «Мектеп табалдырығынан ғылымға» атты облыстық көрме-байқауда «Экология және табиғатты тиімді пайдалану» аталымдары бойынша Ерлан Болатов пен Шыңғыс Ахат ІІІ орын алып, марапатталды. Тап осы облыстық көрме-байқауда «Автоматика, телемеханика, радиотехника және интеллектуалдық жүйе» аталымы бойынша үйірме мүшесі Жұмалы Аслан І орын алып, оза шапты. Үйірме жетекшісі Ақжан Тасановтың өзі де жүлдеден кенде емес. Сырым Датұлы атындағы қоғамдық қордың логотипін жасау үшін ұйымдастырылған шығармашылық байқауда оның туындысы үздік деп танылды.

Оқушылардың техникалық сауаты мен ғылыми ой-өрісінің дамуы үшін қосымша білім беру педагогына да білім-біліктілік керек. Техникалық үйірменің жетекшісі Ақжан Тасанов Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ұйымдастырылған «Робототехника үйірмесінде оқушылардың зерттеу дағдыларын дамыту» атты семинар бағдарламаларына қатысып, тәжірибе алмасты. Қазіргі уақытта робототехника және фотоөнер үйірмесі жаңа жобаларын дайындау үстінде.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

Сырым ауданы


Сигиошидің дәрісі

Күні: , 181 рет оқылды

DMS_5872


Жуырда қаламыздағы «Зан Шин» (батыл жүрек) каратэ клубында оқу-жаттығу семинары өтті. Семинарды Жапония астанасы Токиодан келген сегізінші дан, қара белбеу иегері Сигиоши Синити жүргізді.


«Зан Шин» каратэ клубы 2014 жылдың сәуір айында ашылған. Аз уақыттың ішінде клуб тәрбиеленушілері Қазақстан біріншілігіне, Азия чемпионатына қатысып, жүлделі орындардан көрінген.

— Бүгінгідей семинарларды жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Өйткені мұндай шаралар шәкірттеріміздің спорттық шеберлігін арттырумен қатар клубымыздың да беделін көтереді. Мысалы, биыл жазда клубымызға Ресейден каратэнің жоғары тәжірибелі маманы келіп, оқу-жаттығу өткізді, — дейді «Зан Шин» клубының жаттықтырушысы Нұржан Тоқсанов.

Аталмыш семинар барысындағы үзіліс кезінде жапондық маманмен тілмаш арқылы тілдесудің сәті түсті.

— Орал қаласына келудегі басты мақсатым – нағыз жапондық каратэ шотаканды үйренушілерге бағыт-бағдар беру. Оралдық шәкірттер сергек әрі салмақты екен. Олар әрбір техниканы жақсы деңгейде меңгерген. Бес балдық шкала бойынша бағалар болсақ, төрт деген баға қояр едім. Жамбасты қозғалту арқылы жасалатын әдіс шеберлігінің сәл жетіспеушілігі байқалады. Орал қаласының табиғаты ұнады. Адамдары келбетті әрі мейірімді екен. Осы сапарымда Ресейдің бірнеше облыстарында оқу-жаттығу семинарларын өткіздім. Бүгін «Зан Шин» клубында, ертең Зеленов ауданы Переметный ауылындағы каратэ клубында болмақпын, — дейді Сигиоши Синити.

Өзінің айтуынша, Жапонияның Кока қаласында туып-өскен Сигиоши Синити 15 жасынан каратэмен шұғылдана бастаған. Бүгінде ол алпысқа таяп қалған жасына қарамастан өте тың әрі жас көрінеді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Футболшымен кездесу

Күні: , 122 рет оқылды

DSC_0050


Өткен аптаның соңында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да еліміздің белді футболшысы, қостанайлық «Тобыл» командасының капитаны, жерлесіміз Нұрбол Жұмасқалиевпен кездесу өтті.


Шара барысында Нұрболдың алғашқы жаттықтырушысы Болат Шалаев сөз алып, Нұрболдың футболға қалай келгенін, тең құрбыларынан қандай қырларымен ерекшеленгенін, алғашқы жетістіктерін тілге тиек етті.

— Бабаларымыз «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» дейді ғой. Сол бақ Нұрболда бар, — деді ол. — Нұрбол футболдың әліппесін үйреніп, алаңда белсенді қимылымен көріне бастағанда, «Намыс» футбол клубы өңірлерден аяқ допқа икемі бар жеткіншектерді іздеуге шықты. «Намыстың» өкілдері Оралға келгенде П. Атоян атындағы жүлде үшін балалар арасында футболдан сайыс өтіп жатқан еді. Олар алаңдағы Нұрболдың ойынына риза болды. Сол күні кеште алматылық бапкерлер іріктеп алған балғын футболшылардың допты тебу, баспен соғу әдістерін бағалады.  Бұл бағытта Нұрболға өте жоғары баға берді. «Біз іздегенімізді енді таптық» деген сөзі бізді қанаттандырды. Содан соң көп кешікпей Алматыға барып, тиісті сынақтардан өтіп, Нұрбол «Намыстың» құрамына алынды. Артынан спортқа дарынды балаларға арналған спорт интернатта оқыды. Осылайша аяқ доптың қыр-сырын жетік меңгеріп, еліміздің жасөспірімдер, жастар құрамасының сапында жақсы ойын өрнегін көрсетіп, ересектер құрамасына алынды. Команда капитаны болды. Ол біздің сенімімізді толығымен ақтады.

Өз кезегінде сөз алған кезінде өңіріміздің намысын қорғаған «Уралец» футбол командасының ойыншысы болған, «Қазақстанның үздік спортшысы» атағының иесі, қазір БҚАТУ-дың  шағын футболдан аға жаттықтырушысы Матияс Хамитов Нұрболдың ұлттық құрама сапындағы ойындарына тоқталды.

Осы кездесуге арнайы келген жергілікті «Ақжайық» командасының ойыншысы Алексей Мальцев жиналған студент жастарды футболға жақын болуға, «Ақжайыққа» жанкүйер болуға шақырды.

Содан кейін студенттер Нұрболға футболға, жеке өміріне, болашақ жоспарларына қатысты сұрақтар қойды.

Шараны қорытындылаған аталмыш университеттің дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі Рауан Тұрдалиев бұл кездесудің мақсаты салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыру екенін айтып, келген қонақтарға өз ризашылығын білдіріп, естелік сыйлық табыстады.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ


Ауыл әкімдіктеріне дербестік беріледі

Күні: , 104 рет оқылды


Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту елдің экономикасын алға бастырып, халықтың әл-аухатын көтерудің басты алғышарттарының бірі болып табылады. Осы салада Елбасы тапсырмаларына сәйкес атқарылып жатқан және алдағы уақыттағы мақсат-міндеттер жөнінде БҚО қаржы басқармасы басшысының орынбасары Ербол Шүкірғалиев әңгімелеп берді.


– Елбасымыз «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес мемлекеттік басқаруды тиімді жүргізіп, қаржыны орынды жұмсау қажеттігін атап көрсетті, – деді ол. Мемлекет басшысы бекіткен Қазақстан Республикасында өзін-өзі басқаруды дамытудың тұжырымдамасының екінші кезеңіне (2015-2020) сәйкес биылдан бастап салықтың төрт түрін, соның ішінде жеке тұлғалардың мүлкі мен көлік құралдарына салынатын салықты жергілікті өзін-өзі басқару органдарына беру қарастырылғаны белгілі. Бұл салықтар аудандық және қалалық бюджетке түскеннен кейін трансферт ретінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарына аударылады. Атап айтқанда, биылғы 1 желтоқсанға дейін жергілікті өзін-өзі басқару органдарының (151 ауылдық, кенттік округ) бақылау шотына 87,2 млн. теңге түссе, соның 53,8 млн. теңгесі – трансферттер. Осының ішінде басым бөлігі немесе 54,5 млн. теңгесі Ақсай қаласы әкімдігінің, 9,9 млн. теңгесі Зеленов ауданы ауылдық округтері әкімдіктерінің үлесінде.

Бақылау шоттарынан жергілікті шараларды қаржыландыруға 12,1 млн. теңге кетсе, ол негізінен ауылдарды абаттандыру, Жеңістің 70 жылдығын атап өту сынды мақсаттарға жұмсалған.

Мемлекет басшысы биылғы 2 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Онда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97 және 98-қадамдарындағы ұсынбалар көрініс тапты. 97-қадамға сәйкес тағайындау кезінде әкімнің кандидатурасын келісу, оны босату және басқа жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуді кезең-кезеңмен жергілікті қоғамдастық жиналысының құзыретіне беру көзделсе, 98-қадам аясында жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу жүзеге асырылмақшы. Бірінші кезеңде (2016-2017 жылдар) заңды тұлғалардың көлік құралдары мен жер салығын беру есебінен жергілікті өзін-өзі басқарудың салықтық әлеуеті күшейтіледі. Ал 2018 жылдан бастап 2 мыңнан астам халқы бар әкімшілік-аумақтық бөліністерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілетін болады. Сонымен қатар облыс орталықтарында азаматтардың жергілікті бюджеттер жобаларын талқылауға және әкімнің тұрғындармен бірлескен іс-әрекеті үшін қоғамдық құрылымдар құруға қатысу тетіктерін енгізу қарастырылмақшы.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыруға қатысуын қамтамасыз ету қажеттігін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Яғни мемлекеттік басқарудың бірқатар мәселелерін жергілікті жерде шешкен жөн. Бұл, түптеп келгенде, тұрғындардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және мемлекеттік биліктің өзара тиімді әрекет етуін қамтамасыз етеді. Ең бастысы, бұл әр елді мекендегі тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттырып, аймақтағы және мемлекеттегі саяси тұрақтылықты нығайтуға септеседі.

Жазып алған Ғайса БӘЙМЕН


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика