Мұрағат: 05.12.2015


Аптасына 25 минут!? Бұл тым аз…

Күні: , 999 рет оқылды

папа с сыном


Статистикалық мәліметтер бойынша ата-аналардың көбі балаға  аптасына 25 минут қана уақыт бөледі екен.  Ба-лаға қойылатын сұрақтар негізінен «Тамағыңды іштің бе?», «Сабағыңды оқыдың ба?», «Бүгін қандай  баға алдың?» деген сыңайда болып келеді. Қалған уақытта ата-ана өзімен-өзі, бала өзімен-өзі. Жасыратыны жоқ, қазіргі балалардың көбінің сырласы да, мұңдасы да ғаламтор, әлеуметтік желілер. Қай үйге барсаңыз да, компьютер ал-дында тапжылмай отырған ұл мен қыз. Сізге де, бізге де таныс көрініс.  Олар бізге қарағанда салқынқанды, бізге қарағанда сәл қаталдау да  секілді. Қарапайым ғана мысал.  Бұрын біз көктемде ауылымызға топ болып ұшып келген құстарды көріп, мәз болатынбыз. «Алақай, құстар келе жатыр!» — деп тап бізге біреу кәмпит-күлше үлесті-ріп жатқандай  қуанушы едік. Ал күзде олар топталып, жылы жаққа қайтып бара жатқанда, қимай қол бұлғап шығарып салатынбыз.


Мен жақында  қазіргі балалардың құстар туралы ойын естідім. Жұмыстан үйге қайтып келе жатқан бетім.  Автобуста отырмыз. Ашық терезеден жер бауырлай жоғары көтеріліп ұшып бара жатқан бір топ құс көрінді.  Менің артымдағы екі баланың бірі:  «Құстар қандай наглый, жылы кезде келеді, салқын түскенде  жылы жаққа кетіп қалады» десе, екінші бала: « Иә, құстар сондай арам, біздің жақта күн жылы кезде рақаттанып ұшып жүреді, тамақ жейді, сосын күн салқындағанда жылы жаққа тайып тұрады» деп іліп алып кетті. Шамамен 1-2 сынып оқитын балалардың сөздеріндегі  ызғар менің де бойымды қарып өткендей болды.

Осыған орай өз-өзін биік құздан тастап жіберетін, еш қиналмастан өз-өзін өлтіре салатын бүгінгі балалар неге тым қатыгез, ата-ана тәрбиесінде оларға не жетіспейді? деген сұрақтармен мамандарды әңгімеге тарттық.

Балаға  не  жетіспейді?

Балаға ата-ананың жан жылуы, мейірімі  жетіспейді, – дейді Оралдағы №12 орта мектептің тәжірибелі бастауыш сынып мұғалімі Ұлдай Орынғалиева. Оның  айтуынша, бала тәрбиесінде ата-аналардың басым көпшілігі балам тоя ішсе, қатарынан кем болмай киінсе, жақсы телефон ұстаса деген қағиданы ғана ұстанады. Әке-шешенің көпшілігі жұмысбасты. Баланың жан дүниесіне үңіліп, онымен сөйлесіп, сырласатын ата-ана аз. Әрине, ата-ананы да түсінеміз. Бірақ күнделікті жарты сағатты балаға арнау керек. Орынсыз ұрсып, зекімей баланың жақсы ісін мадақтап, теріс ісін түсіндіріп отыру қажет. Баланың қойған сұрағына келте жауап қайырмай, толық жауап беріп дағдыланған жөн. «Менің ойымша, келеңсіз жәйттер ата-ананың балаға көңіл бөлмеуінен, уақытында басынан сипап, бауырына басып еркелетпеуінен орын алуда. Сонымен бірге ата-аналардың басым бөлігі  ғаламтор қосып бердік, қымбат телефон алып бердік, балам қажетін содан алады ғой  деген пікірде. Шын мәнінде,  ешқандай  ғаламтор  ата-ананың  орнын  толтыра  алмайды, –  дейді  ол.

Ұл-қызыңыздың сабағы  нашарлап  кетсе…

Баланың сабағы нашарлап кетсе, ата-аналардың басым бөлігі ұрсып ала жөнеледі. Әуелі мәселенің байыбына барып, ақ-қарасын анықтап алған дұрыс. Оңаша сөйлесіп баладан: «Өзің оқығың келмей жүр ме, әлде шаршап жүрсің бе? Бір жерің ауырып жүр ме, әлде мүлдем қабылдай алмай жүрсің бе?» — деп сұрау керек. Егер бала жаңа тақырыпты қабылдай алмай жүрсе, онда бұл іске мамандар (невропатолог, психолог) араласуы керек, – дейді балалар невропатологы Мендеш Әбуғалиева (суретте). Оның айтуынша, қазіргі кезде балалар арасында жүйке жүйесі дерті жиілеп барады. Жүйке жүйесі аурулары балада өз-өзінен пайда  болмайды. Кейде анасы жүкті кезіндегі алған әр түрлі соққылар да іштегі дамып жатқан баланың жүйкесіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан аталмыш аурулар туабітті немесе туғаннан кейін болып жіктеледі.  Мәселен, бір ата-ана баласын тым көп қорғаштаса, енді біреулері балаға мүлдем мән бермей қояды. Ондай балалар көбіне бала күтушілерімен немесе ата-әжесінің қасында қалып, ата-ана мейіріміне  зәру болып өседі. Кей ата-аналар баланы тым қатал тәрбиелейді.  Шектен тыс талап қойып, әбден жанын жаралайды. Мысалы, қарым-қабілеті жетпейтін, жаңа тақырыпты өз деңгейінде қабылдай алмайтын балаға «озат болуың керек» деген талап қояды. Осындай жағдайлардан кейін балада тұтығу, үрейлену, өз-өзінен тұйықталу, тырнақ мүжу, кіші дәретін жіберіп қою секілді жүйке жүйесі ауруларының алғашқы белгілері пайда болады. Мұндай жағдайда бала тез шаршайды, ешнәрсеге зауқы соқпайды. Ал кей балалар өте жыбырлақ болып, зейіні төмендейді, ұйқысы нашарлайды. Осындай жағдайда ата-ана баласына өте мұқият болғаны жөн. Қазіргі балалар түрлі гаджеттерге әуес. Бала компьютер алдында күніне жарты сағат қана отыруы керек.  Күні-түні телефонды балаға беріп қою дұрыс емес. Көп ата-аналар өз тыныштығын ойлайды. Бұл шындық. Бала жылап сұраса: «Жарар, алып қарашы,  құлағым тынышталсын» деп беріп қояды. Ал балада «Мен мамамды бір жеңдім, екі жеңдім, енді тағы жеңе аламын» деген түсінік пайда болады. Бір мультфильмді күн сайын қарай беретін балалар бар. Бұл да баланың жүйкесіне әсер етеді. Сондықтан баламен сөйлесіп, сурет салып, ертегі айтқанның пайдасы зор. Баланың әр жетістігін отбасы мүшелері түгел жиналғанда  айтып, мерейін асырып отырған жөн. Ал кемшілігін  ешкім жоқ жерде жеке өзіне айтқан дұрыс. Үстелдің басында көпшіліктің көзінше ешқашан балаға ескерту жасап, мысын басуға болмайды. Баламен көбірек әңгіме айтып, санасып отыру керек. Егер балаңыз жабырқау, үнемі тұнжырап жүрсе, онымен тезірек сөйлесіп, cырласуға асыққан дұрыс.

*    *    *

Ғалымдардың зерттеуінше, соңғы жылдары баламен сөйлесу, ата-ананың балаға көңіл бөлуі күрт төмендеген. Бір қарағанда, тәп-тәуір киінген, ерекше күтімде көрінгенімен көп баланың ата-ана жылулығына зәру екендігі белгілі болған. Бірде психологқа қызын жетектеген ана келеді. Анасы соңғы кездері қызының тырнағын тістеп, алақанына түйреуіш тығып отыратынын айтады. Қызбен сөйлескен маман ана мейірімінң жетпей жатқанын сезіп, анасынан «Сіз қызыңызға жиі көңіл бөлесіз бе?» деп сұрайды. Сонда анасы; «Әрине, мен қызымның ин-теллектісін дамыту үшін оны әр түрлі үйірмелерге, секцияларға апарып жүрмін. Оның ой танымын дамытатын кітаптар, ойыншықтар алып беремін. Мен оның бос уақытын қалдырмауға тырысамын» деп жауап береді. Сонда психолог:

«Сіз тек қызыңыздың ой-танымын дамытуға ғана көңіл бөліп жүрсіз, ал оның жан дүниесіне әлі үңілмеген екенсіз. Ал ол сіздің еміреніп, еркелеткеніңізге, мейіріміңізге зәру»  деп жауап беріпті.

Шындығында, біз көбіне балаға кішкентай тіршілік иесі ретінде ғана қараймыз. Оның ой-пікірімен, көзқарасымен санаса бермейміз. Өзімізге ұнайтын үйірмелерге жазып қойып, әйтеуір баланың бос уақыты қалмаса екен дейміз. Сөйтіп жүріп өз гүлімізді өзіміз өз қолымыздан солдырып аламыз.  Мамандардың айтуынша, күніне ең кемі жарты сағат баламен емен-жарқын сөйлесу ләзім. Баланың басынан сипау, құшақтау, жылы сөз айту, еркелету – сізге сауап, ал сәбиге қуаныш сыйлайды.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Жасыл елге жасалған қадам

Күні: , 777 рет оқылды

DSC_0111


Желтоқсанның 3-і күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалығымен «Батыс Қазақстан облысының өзекті экологиялық мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.


Шараға құзырлы мемлекеттік құрылымдардың өкілдері табиғат қорғау прокуроры, басқарма басшылары, табиғат пайдаланушы кәсіпорын басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

– Бүгінгі кеңестің өту мақсаты облысымыздың өзекті экологиялық мәселелері және олардың шешу жолдарын табу, табиғат пайдаланушы мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысу, пікірлер алмасу және экологиялық мәселелерді бірлесіп шешудің жолдарын қарастыру болып отыр. Қоғамдағы ғылым мен техниканың жетістіктері және шапшаң дамуы, табиғат қорларының қарқынды игерілуі, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратудың аздығы, қоршаған ортаны қалпына келтіру жұмыстарының бәсеңдігі және экологиялық мәдениеттің төмендігі көптеген мәселелер туындауының басты себебі болуда. Осындай адами фактор-лардың нәтижесі азынаған жел, ащы және улы жаңбырға, қоршаған ортаның әр түрлі улы қоспалармен ластануына әкеліп соқтырады. Экологиялық апаттардың алдын алуда елімізде бірқатар мемлекеттік салалық бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы, су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы, қалдықтарды реттеу жүйесін жаңарту бағдарламалары – соның дәлелі. Сонымен қатар қоршаған ортаны қалпына келтіруде көгалдандыру жұмыстарының орны ерекше. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Егер біздің азаматтарымыз өз елді мекендерінде, үйлерінің аулаларына, барлық қала және облыс орталықтарында жыл сайын ағаш отырғызатын болса, біз жасыл ел тұрғызамыз. Орман-қала өкпесі, бұл таза ауа, бұл климат, бұл аяздардан қорғаныш. Барлық қазақстандықтарды жыл сайын бір түп ағаштан отырғызуға шақырамын» деген болатын. Ендеше, біздің өңірдің тұрғындары да осы бастаманы қолдап, өңірімізді жасыл желекке айналдыруға үлкен көңіл бөлу керек, – деді Арман Өтеғұлов.

Дөңгелек үстелде баяндама жасаған БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжанов жыл ішіндегі атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталып өтті.

Сондай-ақ бірқатар сала басшыларының  да  есептері  тыңдалды.

Өзекті мәселе төңірегінде өткен дөңгелек үстелді қорытындылаған облыс басшысының бірінші орынбасары қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, бірқатар сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Қаршадай қыз қайда кетті?..

Күні: , 2 964 рет оқылды

DSC03437


Оралдағы №37 мектептің 7 «а» сынып оқушысы Ділнәз Әділова анасымен бірге жоғалып кетті. Бұл туралы аталмыш мектепте өткен «Отбасы, мектеп және қоғамның ұрпақ тәрбиесінде игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылды. Жиынға БҚО прокуратурасы экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы Алмас Оңаев, Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Роза Зайнуллина, БҚО дін істері басқармасының бөлім басшысы Оңғар Ташкенбаев және басқа да бірқатар сала мамандары, мұғалімдер мен ата-аналар қатысты.


— Бұл оқиға оқушылардың күзгі демалысында болды. 7 «а» сыныбында оқитын Әділова Ділнәздің дәстүрлі емес діни бағытты ұстанатын анасы Хасанғалиева Бақытжамалмен бірге із-түссіз жоғалып кетуі бізді қатты қынжылтуда. 4 қарашада күзгі демалысқа кетіп, 12 қараша күні сабаққа келмеген Ділнәздің анасымен сынып жетекшісі хабарласты. Алайда екеуінің де телефоны сөндірулі болды. Қыздың әкесі Жеңіс Хасанғалиев Атырауда вахталық әдіспен жұмыс істейтін еді. 13 қараша күні әкесі мектепке келіп, қызы мен әйелінің жоғалып кеткенін айтып, етегі жасқа толып жылап, бізден көмек сұрады. Біз БҚО ішкі істер департаментіне хат жазып, оқушымыздың жоғалып кеткенін хабарлап, іздеу салуын сұрадық. Олардың анықтауы бойынша, күні бүгін Ділнәздің анасымен бірге Қазақстан аумағынан шығып кеткені белгілі болып отыр. Бірақ қай елге кеткені бізге белгісіз. Бұл оқиға бізді қатты алаңдатады, — деді дөңгелек үстелді ашқан мектеп директоры Тамара Мұсақызы.

№37 мектепте 1200 оқушы білім алуда. Соның 39-ы – дәстүрлі емес діни бағытты ұстанатын оқушылар (ата-аналарының саны – 24).

Олардың ішінде 14 қыз бала хиджаб жамылады. Газетіміздің 24 қыркүйек күнгі санында (2015 жыл) аталмыш мектептегі осы хиджаб дауы туралы «Хиджаб дауының астарында не жатыр?» атты мақаламыз жарияланған болатын.

Жиында тәртібі, оқу үлгерімі жақсы оқушысын жоғалтып отырған ұстаздар қауымымен қоса ата-аналар да бұл оқиғаға қатты алаңдайтындықтарын білдірді.

«Ата-ана ретінде қатты алаңдаулымын»

– Мен ата-ана ретінде қатты алаңдаулымын, — деді Айымгүл Қазиева. — Қоғамда болып жатқан неше түрлі сорақы жағдайларды естіп те, көріп те отырмыз. Ділнәзбен қызымыз бір сыныпта оқыды. Діни ағымдағы ол қыздың менің қызыммен хабарласып, оған кері әсер етпесіне кім кепіл? Балалар ғаламтор арқылы хабарласып жатады. Ділнәзда барлық сыныптасының телефон нөмірі бар. Ол қызыма, әлде басқа сыныптасына скайп арқылы шығып, «Мында керемет» деп суретін жіберіп, көңілдерін бұзып, алаңдатса қайтеміз? Қызым Ділнәздің жоғалып кеткенін жүрегіне ауыр алды. «Мама, Ділнәз жоқ, жоғалып кетіпті» деп мектептен уайымдап келді. Бұл оқиға жалғыз оған емес, барлық сыныптастарына қатты әсер етіп отыр. Қызымның телефонын тексеріп, кімдермен сөйлескенін бақылап отырамын. Алайда ата-аналардың көңілінде  үрей, қорқыныш басым…

Жиында бұдан басқа бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері — жасөспірімдер арасындағы суицид, екпе және хиджаб мәселелері қаралды. Бұдан әрі сөз алған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ботакөз Жасанова әлем бойынша суицидтің 3 есеге артқанын, күн сайын 3 мың адам өз-өзіне қол жұмсайтынын, ал Қазақстанның 2-орында тұрғанын айтты.

«Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу» тақырыбында Орал қалалық №5 емхана психологы Валентина Оразғалиева сөз сөйледі. Ол №5 емханаға қарайтын аумақ тұрғындары арасында 12 суицид әрекетінің болғанын, оның алтауының өліммен аяқталғанын, оның ішінде 14 жастағы жасөспірімнің қайғылы қазаға ұрынғанын, жалпы 15-24 жас аралығындағы жастардың суицидке бейім келетінін айтты. Психолог балалардың жан күйзелісі және одан арылу жолдарын мектеп ұжымымен бірлесе анықтап, қиындықтан шығар жолдарды қарастыру керектігіне тоқталды.

— Жасөспірімдердің мінезі тұрақсыз, сол себепті сенгіш келеді, жел сөзге еріп, ойланбай, әр түрлі әрекетке барады. Мектеп психологтары З. Кәрімова мен Д. Сәрсенғалиев оқушылармен жеке сөйлесіп, сауалнамалар жүргізіп, қиындықтан шығуға жол көрсетіп, бала бойында жағымсыз сипаттар көрініс тапса, оны тежеп, оң бағытқа өзгертуге күш жұмсауда. Бұл мамандар «Сенім телефоны» арқылы да қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың алдын алуда еңбектенуде, — деді мектеп директоры.

22 оқушы екпе алған жоқ

Бұдан соң сөз алған Орал қалалық №5 емхананың тәжірибелі дәрігері Абылай Төрешев екпеден бас тарту бала өміріне қауіпті екені туралы сөз тарқатты. Мектепте 22 оқушының ата-анасы вакцинадан бас тартып отыр. Жиында сөз сөйлеген мұғалімдер «Екпе алмаған балалардың алдағы өмірі қандай болады?» деп алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселе басқа ата-аналардың да наразылығын тудырды. «Дүниеге келген сәттен бастап екпе алған балаларымыз аурудан аман. Біз екпе алмаған-дар үшін алаңдаймыз. Олар ауырып қалып, біздің балаларға жұқтырмасына кім кепіл? Тіпті туберкулездің ашық түрі бар, оны жұқтыруы әбден мүмкін», — деді ата-аналар атынан сөз сөйлеген Жадыра Татпанова. Жарыссөзге қатысқан ата-аналар мектептегі екпе алмай отырған 22 оқушының міндетті түрде екпе алуына ықпал ету туралы БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қ. Ирменовтің атына хат жолдау туралы ұсыныс айтты. Тіпті «Екпе алмаған баланы мектепке кіргізбеуге бола ма?» деп прокурорға сұрақ қойды.

— Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – екпе алу. Бірақ заң бойынша кәмелетке толмаған балаға екпе салу ата-ананың рұқсатымен болуы керек. Екпе алмаудың кесірінен бала ауырса, ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы Бас прокуратураға ұсыныс бердік. Ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін арттыру туралы депутаттар да мәселе көтеруде. Ал екпе алмады деп баланы мектепке кіргізбеуге ешкімнің құқығы жоқ. Дұрысында, балабақша мен мектепте алғаш келген әр баладан екпе алғандығы туралы құжат сұралуға тиісті, — деп жауап берді БҚО прокуратурасы экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заң-дылығын қадағалау бөлімінің басшысы Алмас Оңаев.

Хиджаб дауы қашан бітеді?

Мектеп директоры Тамара Мұсақызы дәстүрлі емес діни бағыттағы ата-аналардың мектеп ережесіне бағынбай, мектеп киімінен бас тартып отырғанына, хиджаб дауының ұзаққа созылып кеткеніне қынжылды.

— Мұсылмандық жолды ұстап отырған ата-аналарды сыйлаймыз. Алайда дәстүрлі емес діни бағыттағы қыздар мектептің тәр-тібіне бағынуға тиісті. Мектептен тыс уақытта мешітіне барсын, хиджабын жамылсын, ал сабаққа мектеп формасын киіп, шашына бантик тағып келуге міндетті. Мектеп ата-анадан да, баладан да осыны талап етуі керек. Ал егер ата-аналар мектептің ережесіне бағынбайтын, оны орындамайтын болса, құқық қорғау мекемелер арқылы шешу керек. Алайда болашақта бұл мәселе екіжақты келісіммен оң шешімін табады деп ойлаймын, — деді Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Роза Зайнуллина.

Мектепте 10-16 жас аралығындағы оқушыларға жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 97 пайызы мектепке хиджаб киюге қарсылық білдірген. 3 пайызы, яғни діни бағыттағы 6 оқушы «хиджаб жамылу дұрыс» деп жауап берген.

«Сауалнамаға қатысқан оқушылардың бүгінгі қоғамда болып жатқан жағдайлардан толық хабардар екенін және діни көзқарастарының оң бағытта қалыптасқанын көрдік. Нәтижесінде діни бағыттағы оқушылардың алтауынан басқасы хиджаб жамылуды қолдамайтынын немесе жауап бере алмайтындарын айтты», — деді мектеп психологы З. Кәрімова.

Жиында сөйлеген ата-аналар хиджаб жамылған кішкентай қыздардың өз қыздарымен бірге жүгіріп, бала болып ойнай алмайтынына аяушылық білдіріп, олардың бір-бірінен бөлектенгенін қаламайтындықтарын айтты. «Бұл – олардың балалығына қиянат», — деді олар.

Дөңгелек үстелге діни бағытты ұстанған ата-аналар да қатысты. Олардың «Мектеп біздің балаларымызды шеттетеді» деген сөзіне мектеп директоры: «Қыздарыңыз сабақты жақсы оқиды, тәртіп бұзбайды, шетінен ибалы. Біз оларды жақсы көреміз. Егер мектеп оларды хиджаб жамылады деп шет-тетсе, олар сыныпта топ басшысы болар ма еді?» деп жауап берді.

Жиынның қорытынды шешімі құзырлы орындарға жолданбақ. Дөңгелек үстелде талқыланған бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері қалай шешімін табады? Оны болашақ көрсетер. Десек те, бұра тартқан діни ағымның жетегінде жүріп, адасып, ел асып кеткен Бақытжамал қасына қаршадай қызы Ділнәзді неге ертіп кетті? Қызғалдақтай құлпырып өсіп келе жатқан қыздың ендігі тағдыры не болады? Олар елден тыс не күйде жүр? Анасы адасқанын түсінген кезде кеш болмай ма? Бұл сауалдар біздің жүрегімізді ауыртты.

Бет қатталып жатқанда «Бақытжамал Хасанғалиева мен оның қызы Ділнәз Әділовадан не хабар бар?» деген сауалмен мектеп директоры Тамара Мұсақызымен хабарласқан едік. Директор олардың Мәскеу арқылы Сирияға кеткені туралы хабар алып отырғанын айтты…

Оңғар ТАШКЕНБАЕВ,

Дін істері басқармасының ақпараттық түсіндіру бөлімінің басшысы:

— Бүгінгі қоғамда дін бағытында кереғарлық болып жатқаны шындық. Кейбіреулер діндар азаматтарды дұрыс түсінбей, керісінше сол діни бағыттағы азаматтар зайырлы ұстанымдағы азаматтарға қарсы бетбеткей бағыт ұстануда. Елбасы Н. Назарбаев «Радикалды ағымдармен күрес барысында дәстүрлі исламмен күреспеңдер» деген. Бұл – жан-жақты ойланып, ақылмен шешілетін мәселе. Біздің жұмысымыз – исламмен емес, ислам атын жамылған радикалды ағыммен күресу. Бүгінде 400-ден астам қазақстандық Сириядағы соғысқа қатысуда. Оның 150-ден астамы – әйел. Ол елде мұсылман мұсылманды өлтіріп жатыр. Тәкпірлік жолдағы азаматтар исламды дұрыс түсінбегендіктен, осы жолға түсіп кетті. Жастарды олардан қорғау – әр ата-ананың міндеті. Бала намаз оқыса, ол қандай бағытта екенін анықтау қажет. Баланың мінезіндегі өзгерістерден-ақ, мысалы, намаз оқымаған ата-анасының қолынан тамақ ішпесе, оның адасуға бет алғанын көруге болады. Бала радикалдана бастаса, мемлекетке, имамға қарсы шыға бастайды. Баладан осындай қылықтар байқалса, ата-ана қол қусырып қарап отырмай, дереу дін істері басқармасына келіп мамандардан кеңес алуы керек. Республикалық «114 қауырт желіге» және облыстағы 24-46-46 телефонына хабарласуыңызды сұраймыз. Ал хиджаб мәселесі исламда бар. Бірақ зайырлы мемлекеттің білім мекемелерінің де өз ережесі бар. Оның үстіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы кәмелетке толмаған қыз балаға хиджаб кигізбеу туралы пәтуа шығарған. Сондықтан мектеп тәртібімен санасып, мектеп пен ата-ана ортақ бір келісімге келуі қажет.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Облыстық мәслихаттың депутаты Ғабдырахим ЖАҢБЫРБАЕВ: «Әсіре шашпалықтан біржола арылатын кез жетті»

Күні: , 941 рет оқылды

DMS_5874


— Ғабдырахим Маралұлы, сіз Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2012 жылы өткен сайлауда Сырым ауданынан сайланған депутатысыз. «Орал өңірі» газетінің мың-сан оқырмандары өзіңізді тани түсуі үшін әңгімені әріден, туған жеріңіз, ата-анаңыз, өскен ортаңыз туралы дерекдәйектен бастасаңыз жөн болар еді.

— Жақсы, қалағаныңыз болсын. Мен 1947 жылғы қазан айының екінші жаңасында Атырау облысына қарасты бұрынғы Ново-богат, қазіргі Исатай ауданындағы Манаш деген ауылда жарық дүниеге көрініппін.


Ата-тегіміз Беріш руының Есенқұл тармағынан тарайды. Әкем Марал мен анам Қаламқастың сегіз перзентінің, яғни 5 ұл, 3 қызының үлкенімін. Әкем ұлдан жалғыз. Тұңғыш немере болғандықтан, мен атам Жаңбырбай мен әжем Тұрсынның бауырында өстім. Атам – сол кездің өзінде дүкен ұстаған кісі. Дүкенге келмейтін кісі жоқ қой. Сол себепті үйдің сыртынан аттың дүбірі, ал үйдің ішінен қонақ үзілмейтін. Анам Қаламқас қолы ашық кісі еді жарықтық. Шаруа айтып немесе сауда жасауға келген кісінің қасына еріп келген бала-шағасына дейін риза қылып жіберетін. Әкем әуелкіде мұғалім, сосын 3-4 шаруашылықта партия комитетінің хатшысы болып қызмет істеді. Ол кісі Шымкенттегі партия мектебінен тәлім алып, бертін келе қазіргі ҚазҰУдың заң факультетін тәмамдап, біраз жыл балық қорғау инспекциясында да жауапты қызметтер атқарды. Әкем аздап өлең жа-затын-ды, сосын домбырада жақсы ойнайтын. Ал газет-журнал мен әдеби кітаптарды үзбей оқушы еді.

Менің туған ауыл-аймағымның аумағы шығысында Каспий теңізінің жағалауымен, ал батысында Нарын құмымен шектеседі. Ауылымыздың атакәсібі балық аулау мен мал шаруашылығы еді. Соған орай күнелтіс қамымен қысқа қарай теңіз жағасына, ал жаз шыға құмға көшетінбіз. Жалпы, біздің ауыл-аймақтан қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынова, заң тақырыбына жазуға маманданған танымал журналист Нұри Муфтах, ҚазССРның алғашқы Балық шаруашылығы министрі Ысқақ Өтеғалиев сынды біраз танымал тұлағалар шықты.

Өзім 1965 жылы орта мектепті тәмамдап, Алматыдағы ол кездері Ленин, ал қазір академик Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ-тың политехникалық институтына оқуға түстім. Осы жоғары оқу орнын 1970 жылы «Қалалар мен кәсіпорындарды электр энер-гетикасымен қамту инженері» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолымды академик Шапық Шоқиннің жетекшілігімен Қазақтың энергетикалық ғылыми-зерттеу институтында лаборант болып бастап, кейін осы мекемеде 2 жылдан аса инженерлік қызмет атқардым.

— Сырым елінің халқы сізге депутат ретінде қандай аманаттар жүктеді?

IMG_8328— Мен сайлауға «Ақжол» партиясының атынан түстім. Партиямыздың сайлауалды бағдарламасы ауыл әкімдерін сайлау, жариялылықты жетілдіру үшін аудан әкімдерінің ел-жұртқа есеп беруін жүйелі жолға қою, білім беру мен медициналық қызмет сапасын көтеру, ауылдық жерлерге таза ауыз су мен көгілдір отын жеткізу секілді қадау-қадау мәселелерді қамтыған еді. Бүгіндері осы шаруалардың біразы көз үйренген игіліктерге айналды. Мысалы, Сырым ауданының орталығы Жымпитыға сапалы ауыз су құбырын тарту керектігіне көздерін жеткізу үшін біздің облыстан сайланған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Рашид Ахметов пен Ерболат Мұқаевты өзім ұйытқы болып алып бардым. Бұл азаматтар сенімді ақтап, аталмыш шаруаға республикалық бюджеттен 800 миллион теңгеден астам қаржы бөлінуіне ықпал етті. Әрине, бұл бүкіл шаруа бітті деген сөз емес, ел-жұрттың сенімінен шығу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

— Аға, сіз халқымыздың ардақты қызы Ақұштап ақынның жарысыз. «Ақынға жар болу оңай емес» дегенді естуіміз бар…

— Бірде қазақтың арқалы ақыны Хамит Ерғалиевтің үйінде академик Зейнолла Қабдолов, айтулы ақын Қадыр Мырза Әлі бар біраз кісі қонақта отырғанбыз. Хамаңның үйіндегі Әнуар апамыз бір кезде «Ғабдырахим, екеуміз тағдырласпыз. Өйткені мен де, сен де бір-бір ақынды ұстап отырмыз. Негізі бұл оңай шаруа емес…» деп үлкен әңгіменің шетін шығарғаны бар.

Дүниедегі жақсылы-жаманды құбылыс атаулының бәрі ақынның сана-сезіміне, жүйке-жүрегіне әсер етеді. Өйткені ақын – өте сезімтал жаратылыс. Кейде апаларыңның сапарда бірге жүргенде немесе дастарқан басында қатар отырғанда, үлкенді-кішілі билік тізгінін ұстаған лауазым иелеріне қатты айтып тастайтыны бар. Бірақ ел-жұрттың көкейіндегіні қаламгер қауым, соның ішінде ақын айтпағанда, кім айтады?! Ал күнделікті тұрмыс-тіршілікте Ақұштаптың менің сөзіме килігіп, жолымды кес-кестеген кезі жоқ. Екеуміз 1973 жылы шаңырақ көтеріп, отау құрдық. Сол жылы мен Атырау астық қабылдау комбинатының бас энергетик лауазымына бекітіліп, Атырауға көштік. Сөйтіп, Құдай көпсінбесін, өзімнің әке-шешеме қоса, атам мен әжем, әкемнің апасы және менің бауырларым ұзын-саны 14 жан бәріміз бір үйде тұрдық. Әрі ол кезде зайыбымның тұңғыш перзентімізге аяғы ауыр еді. Міне, сондай жағдайда жүріп Ақұштап келін, жеңеше ретінде бір үйлі жанның да, ауыл-аймақ пен ағайын-туыстың да көңілінен шыға білді. Үш жылдан аса уақыт қарттардың қолында тұрып, кейін қызмет бабымен қайтадан Алматыға қоныс аудардық.

— Ақұштап апа екеуіңіз үш перзентіңізді тең құрбысының алды қылып жеткіздіңіздер. Әке, отағасы ретінде бала тәрбиесінде қандай бағыт ұстандыңыз?

— Апаң екеуміз Алматыда көп жыл біраз ақын-жазушымен көрші тұрдық. Қазақ тілі, яғни өзінің ана тілі арқылы ақын-жазушы ретінде елге танылған біраз қаламгердің ұл-қызы ана тілінен мақұрым қалып, мәңгүртке айналғандығын біз күн сайын көзімізбен көріп, жан-жүрегімізбен сезінумен болдық. Бала тәрбиесіндегі мұндай өрескел қателікті біз қайталамауға тиісті едік. Сондықтан үш қызымыздың да бесіктегі кезінен бастап ана тіліміздің уызына жаруына баса назар аудардық. Жалпы, біз ата-ана ретінде перзенттеріміздің саналы тәрбие, сапалы білім алуына үнемі көңіл бөлдік. Өз басым адалдық, әділдік, күбілтектемей ашығын айту, уәдеге беріктік, байсалдылық секілді қадір-қасиеттерді ерекше бағалаймын. Ал енді жалған сөйлеу, екіжүзділік, жасандылық пен жарамсақтану, лауазым үшін ардан безу дегендерді жек көремін. Бала тәрбиесінде перзенттеріме өзім жоғары бағалайтын жаңағындай қадір-қасиеттерді дарытып, ал жаман әдет атаулыдан аулақ болуын ұдайы назарда ұстап келеміз.

Үлкен қызымыз Жазира – әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінің түлегі, түрік тілінің маманы. Ортаншымыз Ғазиза бесінші кластан бастап А. Жұбанов атындағы музыка мектебінде оқып, мектептен кейін Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны тәмамдады, танымал қобызшы. Ал кенжеміз Тахмина Алматыдағы халық шаруашылығы институтын бітірді, мұнай саласының маманы. Бертін келе АҚШ пен Ұлыбританияда білім-білігін жетілдірді. Бүгіндері Италияның Милан қаласында әйгілі «Аджип» компаниясында қызмет істейді.

Шүкір, қыздарымыз арқылы құдандалы болып, қазақ арасында тума-туысымыз көбейіп, жапырағымыз жайылып, жиен-немерелердің қызығына кенелудеміз.

— Сізді маман ретінде қалыптастырған, азамат ретінде шыңдаған еңбек жолыңыз жөнінде аз-кем тарқатыңқырап айтып өтсеңіз?

— 1977 жылы мен Алматы энергетикалық институтына оқытушылық қызметке шақырылып, осы жоғары оқу орнында біраз жыл қызмет істеп, қатардағы оқытушылықтан проректорға дейінгі лауазым сатысынан өттім. Сосын 1993 жылы Италияның әй-гілі «Фиат» концернінің ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға маманданған «Hitachi» өндірістік желісінің Қазақстандағы өкілі қызметін атқардым. Бірер жылдан соң өзіміздің мамандығы энергетик жігіттер «Азияэлектржабдықтау» акционерлік қоғамын құрып, мен осы АҚ-ның вице-президенті ретінде Қазақстандағы біраз мекеме-кәсіпорынды электр жабдықтарымен қамтамасыз етуге тікелей атсалыстым. 1997 жылы «Қазтрансойл» мемлекеттікұлттық холдингтік компаниясының вице-перзиденті қызметіне тағайындалдым. Ал 2002-2009 жылдары «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қазмұнайгаз өнімдері» акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысындағы филиалының директоры, бертін келе еліміздің батыс аймағындағы өкілі болып еңбек еттім. Сол жылдары Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысының аудандарында жанармай құю желісін жетілдіріп, мұнай өнімдерін сатуды жүйелі жолға қойғаным үшін «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин аталмыш АҚ-ның Құрмет грамотасымен марапаттады. Бүгіндері акциясы 100% мемлекеттің иелегіндегі «Карповский северный» ЖШС бас директорының кеңесшісімін.

— Ғабдырахим Маралұлы, күні кешегі Жолдауында Елбасы экономикаға екпін түсіре сөйледі. Ал сіз бүкіл еңбек жолыңызда тікелей шаруашылықпен айналысып, экономиканың нақты секторынан алыстамаған екенсіз. Біраз жылдан бері Қазақстан экономикасының «тұз көзірі» – мұнай-газ саласында жауапты қызметтер атқарып келесіз. Ел экономикасын әртараптандыруға қатысты көзқарасыңызды білсек деп едік?..

— Қазақстанның өз экономикасын әртараптандыруға мүмкіндігі өте зор. Өйткені қазақ жері Менделеевтің химиялық эле-менттер кестесіндегі шикізат атаулыға жомарт. Сөйте тұра елдің бүкіл кіріс-шығысын әлі күнге дейін мұнайдың сыртқы нарықтағы құнына теліп қойғанымыз, әрине, орынсыз.

Мысалы, қазіргі заманда азық-түлік қауіпсіздігі дүние жүзі бойынша ең көкейкесті проблеманың біріне айналды. Әрі бұл енді ешқашан күн тәртібінен түспейтін мәселе екендігі шүбәсіз.

Мен осы биылғы қазан айында Италияның Милан қаласында болып қайттым. Ол жақта ірі қара малдың табиғи таза етінің бір келісі біздің ақшаға шаққанда – 6 мың теңге! Бұған қоса Ауғанстанның қазіргі президенті Ашраф Ғани Ахмадзай өткен қараша айындағы Қазақстанға келген ресми сапарында біздің елдің астық экспорттау әлеуетіне қатты қызығушылық танытты. Осы біздің Батыс Қазақстан облысының астыққа қоса, ет экспорты бойынша да мүмкіндігі ерен. Рас, біздің өңір климаты күрт континенталды болғандықтан, егін шаруашылығы бойынша нар тәуекелді қажетсінеді. Есесіне егін бітік шыққан жылдары біз сыртқы нарықта үздіксіз жоғары сұранысқа ие қамырлылығы жоғары, яки құрамында клековинасы көп бидай дақылына қарық боламыз. Ал енді мал шаруашылығына келер болсақ, өздеріңізге мәлім, Ақжайық атырабы көшім жылқысының, еділбай қойының, қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырының және түйенің бактриан тұқымының «атамекені» саналады. Міне, мұндай игіліктерді сыртқы нарыққа неге шығармасқа?!?

Жеңіл өнеркәсіптің тігін-тоқыма саласы бойынша да қаншама шикізаттық мүмкіндік пайдаланылмай, тонна-тонна жүн-жұрқа, тері-терсек текке рәсуа болуда. Демек, осындай ішкі шикізаттық мүмкіндігі зор салаларды біз бірден бәсекеге бек қабілетті тұрғыдан дамытуға тиіспіз. Сонымен қатар, меніңше, егер нағыз талаптансақ, машина жасау өнеркәсібі және аутокөлік құрастыру саласы бойынша да біраз елмен тайталаса аламыз. Және бір айтпағым, бюджетке түсімді молайтар сала – кәсіпкерлік. Кәсіпкерлікті жеңілдетілген несие беру, демеуқаржы бөлу секілді тетіктермен үкімет барынша қолдап бағуда. Бұл – дұрыс саясат. Бірақ мынандай да кереғарлық баршылық. Бұрынғылар «Қазақ байыса, әйел алады» деуші еді ғой, қазақтың бүгінгі байлары үсті-үстіне сауда үйлері мен ресторан-тойхана салуға әсіре әуестеніп алды. Сауда үйлері мен ресторан-тойханалар бірінен соң бірі ашылғанымен, олардың қызметтеріне жүгінетін тұтыну нарығы күрт кеңіп жатқан жоқ қой?! Кішігірім болса да, өндіріс желісін іске қосу, шағын да болса, өнім өндіретін цех ашу әлі де кемшін.

Жалпы, қазақ ащы да болса, ашығын айтсақ, әлі қазіргі заман талабына, нарыққа жаппай бейімделіп болған жоқ. Мәселен, баласы ақылы түрде болса да, жоғары білім алуы керек. Оқуын бітіргесін, оған мамандығы бойынша жұмыс табыла ма, жоқ па, онда ата-ананың да, баланың да шаруасы жоқ. Қазір жоғары білімді қаншама қазақ жасы жұмыс таппай жүр немесе дипломын жиып қойып, мүлдем басқа жұмыс істеуге мәжбүр. Ал өзге ұлт өкілдерінің өрімдей жастары автослесарь, құрылыс шебері, шаштараз болып-ақ, дәулетті тұрмысқа қол жеткізуде.

Елбасы жуырдағы Жолдауында жастарға жаппай кәсіптік білім беру мәселесін алға тартқанда, жас толқынды өмірге, заман талабына барынша бейімдей түсуді мұрат тұтқаны кәміл. Соны-мен қатар Ұлт Көшбасшысы отандастарымызға арнаған таяудағы Жолдауында үнем мәселесіне де біраз тоқталды. Түсінген кісіге бұл – қазаққа тікелей қатысты жайт. Меніңше, бізге әсіре шашпалықтан қазына қаржысына қатысты қызмет бабында да, тіпті күнделікті тыныс-тіршілікте де, әсіресе, той мен садақа барысында біржола арылатын кез жетті.

Сұхбаттасқан Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Бағдарламасына  берік  депутат

Ғабдырахим Жаңбырбаев №14 Жымпиты сайлау округінен «Ақ жол» партиясының ұсынуымен Батыс Қазақстан облыстық мәслихатына 2012 жылы депутат болып сайланды. Ғабдырахим Маралұлы депутаттық миссиясын атқаруға кіріскелі бері жергілікті атқарушы билік құрылымдарымен бірлесе отырып, өз бағдарламасына сәйкес елді мекендерге ауыз су мен газ құбырларын тарту, жол жөндеу және көшелерді көріктендіру жұмыстарының оңтайлы шешілуіне үнемі мүдделілік танытып келеді. Депутаттың мұндай белсенділігі мен ықпалы Сырым елінде кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне оң әсер етуде.

Мысалы, Сырым ауданы бо йынша «Ақбұлақ» бағдарлама сы аясында 2 жоба Жымпиты, Талдыбұлақ ауылдарының тұрғындарын сапалы ауыз су мен қамтамасыз ету жұмыс тары жүргізілсе, Қосарал ауылында таза су қондырғысына күрделі жөндеу жасалып, Қоңыр, Бұлан ауылдарына су құбырларының ауылішілік жүйесі кеңейтіліп, ауыл-дарға ауыз су үздіксіз берілуде.

Тұрғындарды табиғи газбен қамту мақсатында 12 елді мекендегі жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар көгілдір отынға қосылып, аудан тұрғындарының көгілдір отынға қол жеткізу көрсеткіші 43%ды құрады. Тек биылғы жылы 8 елді мекенге газ құбыры тартылды.

Аудандық маңызы бар және ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұлдырты ауылына кірме 12 шақырымдық жол орташа жөндеуден өткізілсе, Жымпиты ауылының 8 көшесіне (8,3 км) орташа жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының көлеміне қарай С. Датов, Аманкелді, Б. Қаратаев көшелерінің жолдары жөнделді. Қаржының көлеміне қарай бұл жұмыс алдағы жылы жалғасатын болады.

Ғабдырахим Маралұлы «Мектепке жол» акциясы аясында ауылдық округтердегі әлеуметтік қолдауды қажетсінетін отбасы-лардың ұл-қыздарына оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешек алып беруге де әрдайым атсалысып жүр. Қ. Мырзалиев атындағы орта мектептің оқу үздігі А. Отарбаеваға 2012-2013 оқу жылы өз атынан ай сайын 15000 теңге стипендия тағайындап беріп келді. Ал 2014 жылы Өлеңті ауылының тұрғыны, зейнеткер С. Бақтығалиевке «Ақжайық» шипажайына жол-дама алып берді. Депутат Ғ. Жаңбырбаев ел-жұртты материалдық қолдауға қоса, рухани демеуді де ұмытпайды. Мәселен, ол Алғабас ауылдық округінің оқырмандарына тарту ретінде ауыл кітапханасына жеке өз кітап қорынан 100 кітап өткізді.

Әнуарбек ҒАЛЫМОВ,

Cырым аудандық мәслихатының хатшысы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика