Мұрағат: 03.12.2015


Жаңа спорттық нысандар

Күні: , 894 рет оқылды

2 спортзал


1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Орал «Мақсат» медициналық колледжі жанынан жаңа спорт залдың ашылу салтанаты өтті.


– Қазақ халқы «Бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаған. Бұқаралық спортты дамытуды Елбасымыз  алға міндет етіп қойғаны белгілі. Соған сай қаламыз-да көптеген спорттық нысандар бой көтеруде. Солардың қатарында «Мақсат» медициналық колледжінің жеке инвестициясы арқылы салынған жаңа ғимарат колледж студенттері мен Зашаған кенті тұрғындарына спортпен емін-еркін айналысып, денсаулығын нығайтуға  зор мүмкіндік сыйламақ, – деді қала әкімінің орынбасары Марс  Сатыбалдиев.

– ҚР Тұңғыш Президенті күнін құрметпен атап өту аса маңызды. Сонымен қатар тәуелсіздіктің қадірін жете тануға тиіспіз. Еліміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыда  жүйелі даму жолына түсті. Халықтың денсаулығы – қоғам байлығы. Әркім тәнін шынықтыруға, күш-қайратын шыңдауға ұмтылуы керек. Елбасымыз «Қазақстан – 2050 стратегиясы – қалыптасқан  мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Дене шынықтыру мен спорт  мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Саламатты өмір салты – ұлт денсаулығының кілті» деп нақтылап атап көрсеткен болатын. Жастардың жан-жақты дамуына спорт кепіл бола алады. Колледж осы мақсатқа баса көңіл бөлуде. Біздің оқу орнының біраз студенті  қалалық, облыстық спорттық жарыстарда жеңіске жетіп немесе жүлделі орындар иемденіп жүр, – деді қалалық мәслихаттың депутаты, «Мақсат» медициналық колледжінің бас директоры Мақсот Берген.

Оның айтуынша, спорттық нысанның құрылысына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы 7 пайыз жеңілдікпен алынған несиеден 74 миллион теңге қаржы жұмсалған. Мақсот Қабышұлы бұл мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті дамытудың жарқын көрінісі екенін атап өтті. Алдағы уақытта колледж жанынан жатақхана салынбақ. Спорт кешенінің жалпы аумағы 513 шаршы метрді құрайды. Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамта-масыз етілген. Сонымен қатар аумағы 740 шаршы метр спорттық алаң қоса салынған. Студенттер волейбол, баскетбол, үстел теннисі, каратэнің кудо түрімен шұғылдана алады. Республика бойынша 24 жеке колледж болса, типтік үлгідегі спорт зал Орал «Мақсат» колледжінде ғана ашылып отыр.

15 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан жеке медициналық мекеменің материалдық-техникалық әлеуеті мығым. Биыл мемлекеттік аттестациядан сәтті өткен. Мұнда 700-ге тарта студент білім алуда. Колледжде фармацевт және дантист (тіс дәрігері) бағыты бойынша сапалы мамандар дайындайды. Сондықтан осы мамандықтар бойынша оқып жатқандардың денін Ресейдің Саратов және Самара облыстарынан арнайы келіп түсетін талапкерлер құрайды екен. Бір өкініштісі, жерлестеріміз бұл салаға аса пейіл таныта қоймайтын көрінеді. Ал тіс дәрігері ма-мандығын меңгерген колледж түлектерін Саратов мемлекеттік медициналық университеті бірден үшінші курсқа қабылдайды. Сонымен қатар Орал қаласындағы «Мақсат» медициналық колледжімен біртұтас іскерлік байланыс жасайтын №1 дәріхана ел игілігіне қызмет етуде.

Жаңа спорт залдың есігінің алдына тартылған лентаны қала әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев пен “Мақсат“ медициналық колледжінің басшысы Мақсот Берген қиды.

Осы нысан ашылған күні волейболдан жарыс өтті. Оған Сырым ауданының, Орал қаласындағы денсаулық сақтау нысандары мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері құраған 11 команда қатысты. Жарыс қорытындысында бірінші орын Батыс Қазақстан ме-дициналық колледжінің, екінші орын Зашаған кенті әкімшілігінің, үшінші орын Орал жұқпалы аурулар ауруханасының командасына бұйырды.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

*    *    *

Таяуда Борсы ауылдық округінде шағын спорт алаңының ашылу салтанаты өтті.

Осынау қуанышты ауыл тұрғындарымен бөлісе келген аудан әкімі Мұрат Мұқаев құттықтау сөз сөйледі.

— Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында атқарылып жатқан игі істің куәгері болып отырсыздар. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында салынған ойын алаңының құрылысында бел шешпей еңбек еткен «Символ» ЖШС-ның басшысы Ескендір Елемесов пен Есқайыр Елемесовке зор алғысымды білдіремін. Биылғы жылы Ақоба мен Борсы ауылдық округін спорт алаңымен қамтамасыз етсек, алдағы жылы қалған 6 округте де осындай ойын алаңын салуды жоспарлаудамыз. Бұл спорт алаңы ауыл балаларының игілігіне жарап, саламатты өмір салтын қалыптастыруға зор үлесін қосады деп сенеміз. Осы ауылдан биік белестерді бағындырар қазақтың мықты спортшылары шығады деп үміттенеміз, — деген ақжарма тілегін жеткізді.

Содан соң аудан әкімі 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Зайдагүл Қадырболатқызы, Оспанбек Ғабдырахимұлы, Жасұлан Боқанұлы сынды ел игілігі үшін аянбай тер төгіп жүргендерді алғысхатпен марапаттап, табыстар тіледі. Одан әрі жиын концертке ұласып, соңында Борсы мен Жақсыбай ауылдық округтерінің спортшылары футболдан жолдастық кездесу өткізіп, тарқасты.

Арайлым КЕСЕКОВА,

Жәнібек ауданы


Аққұмның Ақкербезі – қазақтың Қалампыры

Күні: , 898 рет оқылды

_MG_9855


Шыңғырлау ауданының орталық саябағында «Аққұмның Ақкербезі» атанған әнші-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қалампыр Рахимованың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында ескерткіш-мүсін ашылды.


Ескерткішті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жезтаңдай әнші Қатимолла Бердіғалиев пен аудан әкімі Алдияр Халелов ашты. Бұдан кейін Алдияр Сансызбайұлы мүсін орнатуға қолұшын созған аудан халқына, жауапты азаматтарға өз алғысын білдірді.

«Жырын тыңдап арқалы Көшелектің, Домбырамен әніңді еселеттің» деп әнші шырқағанындай, Қалампыр Рахимова 1949 жылдың 1 қаңтарында Алмаз топырағында өмірге келді. Бастауыш мектепті Соркөлде, кейін Лубенде жалғастырады. 1966 жылы мектепті бітірген соң өз ауылында клуб меңгерушісі болып еңбек жолын бастады. Әншілік өнерге бет бұруына халқымыздың біртуар әншісі, атақты Ғарифолла Құрманғалиевтің тікелей әсері болды. Шыңғырлау өңірінде болған сапарында Ғарекең жас талантты жазбай танып, Алматыға шақырады. Сөйтіп, атақты әншіден дәріс алған Қалампыр «Гүлдер» ансамбліне қабылданып, әнші-термеші ретінде есімі кеңінен танылды. Мұхиттың «Айнамкөз», «Зәуреш», «Кіші Айдай», Сақымжанның, Естайдың әндері мен термелерін нақышына келтіре орындап, репертуарына 100-ден аса ән жинаған.

Әнші өзінің бар ғұмырын қазақтың ұлттық өнерін дүние жүзіне танытуға арнады. ТМД елдерінде, Англия, Жапония, Бельгия, Малайзия, Польша, Пәкістан, Сингапур, Финляндия, Португалия секілді мемлекеттердің сахналарында өнер көрсетті. «Гүлдер» ансамблінде Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, Асан Мақашев, Роза Рымбаева, Сембек Жұмағалиев сықылды халық алғысына бөленген өнерпаздармен бірге еңбек еткен еді.

Ескерткіштің ашылуынан кейін аудандық мәдениет үйінде «Қалампыр салған әндер-ай!» атты еске алу кеші өтті. Бұл кеште облыс орталығынан келген қонақтар әнші туралы біраз естеліктерімен бөлісті.

Қатимолла Бердіғалиев Қалампыр әнші туралы ойын ортаға салды. «Қалампырмен кездесіп, дәмдес болудың сәті түскен жоқ, алайда әндерін теледидардан, радиодан естіп өстік. Осындай өнер адамдарын еске алып, құрметтеп, үлкен тағылымды іс атқарып отырған Шыңғырлау жұртшылығына ризашылығымызды білдіреміз», — дей келе, халыққа ән арнады.

Ақсай қаласынан арнайы келген әншілер Мұхит Біранов пен Жаңыл Чигирева, халықаралық байқаулардың лауреаты, Ғ. Құрманғалиев атындағы филармония әншісі Ернар Өмірәлі Қалампыр салған әндерді нақышына келтіре орындады. Ауылдас досы, бүгінде зейнеткер ұстаз Сәуле Ерболқызы, әншінің сіңлісі Жаңылсын Жаманова, сыныптастары Жауынбай Байқатов, Нұрзия Ақпанова да әнші жайында естеліктерін ортаға салды. Түйіндей келе айтарымыз, қазақтың Қалампыры осындай құрметке әбден лайық.

Адақ ШОТПАНОВ,

Шыңғырлау ауданы


Сүт зауыты іске қосылды

Күні: , 845 рет оқылды

DSC_0233


Зеленов ауданының Чеботарев ауылында «Дарьинка» шағын сүт зауыты іске қосылды.


«Сарыбел» ЖШС-на қарасты бұл нысанның құрылысы 2013 жылдың мамыр айында басталған еді. Жобалық құны – 50 млн. теңге. Серіктестік «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 8 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, оған қажетті жабдықтар мен құрылғылар сатып  алған. Мұнда тәулігіне 2  тонна сүт өңделіп, сағатына 3000 литр қаймақ алынбақ. Сондай-ақ ірімшік, сүзбе, майлылығы 3,2% және 2,5%-дық  сүт пен  айран да өндіріледі.

Сүт өнімдері қолжетімді бағамен сатылмақшы. Жаңа кәсіпорында 15 адам жұмыс істейді, олардың ішінде ауыл тұрғындары да бар.

Сүт зауытының салтанатты ашылуына қатысқан аудан әкімі Кәрім Жақыпов бұл нысан Елбасы Жолдауында айтылған шағын және орта бизнесті дамыту аясында жүзеге асып жатқан іс-шараның бірі екенін баса айтты.

«Сарыбел» ЖШС-ның директоры Асхат Құлақовтың сөзіне қарағанда, өнім өндіруге қажет сүт ауыл тұрғындарынан қабылданады. Болашақта өнімді еліміздің өзге өңірлеріне, жақын шетелдерге де шығару ойда бар.

Динара ТІЛЕКҚЫЗЫ,

 Зеленов ауданы


«Ән қанатындағы» әуендер

Күні: , 823 рет оқылды

DSC_0014


«Ән қанатында» вокалды аспаптар ансамблінің құрылғанына 40 жыл толуына орай жақында «Ән – махаббат» атты концерт өтті. Мерейтойлық кешті ансамбль мүшелері Кенни Дормның «Блю Босса» әуенімен ашты.


Алпысыншы жылдары көрермен көзайымына айналған өнер ұжымында 35 жыл қызмет атқарған, гитарашы, әуен әрлеуші Валерий Полубабкиннің ансамбльдің бүгінгі буыны  бабында болуына зор еңбегі сіңгенін атап өткен орынды.

Сағынышты саумал сазды төгілткен кеште бас гитарада ойнаған Ақылбек Нұрғалиев Жеңіс Сейдоллаұлының «Алматы – алтын бесік» әнін нақышына келтіре орындады. Кейін ансамбль мүшелері «Мы бродячие артисты» әнін әуелетті. Топ құрамында ұрмалы аспаптарға иелік еткен Бекжан Абжанов, электропианиномен демеген Сергей Малиманов, Асылан Сапарғалиев те өз шеберлігімен тәнті етті.

Бұл концертте ансамбльдің сүйемелдеуімен Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртістері де өнер көрсетті. Жаңылсын Хасанова, Марат Сарбөпеев, Асыланбек Қуанәлиев, Ақмарал Ахметова, Айбар Қайырханов, Айым Шекеева, Дархан Құлбабаев, Дария Бақытова сынды күміс көмей, жез таңдай өнерпаздар танымал қазақ композиторларының, ал әнші-сазгер Жаскелең Ғайсағалиев авторлық әндерін шырқады. Галина Калашникова баянмен А. Пьяццолланың «Либертангосын» сызылтса, Ақылбек Бектасов пен Фараби Мергенғалиев домбырамен Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйін төкті. Ансамбль орындауындағы А. Барыкиннің «Спасательный круг», Эрик Джонсонның «Манхэттен» туындылары да көптің құлақ құрышын қандырды.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

Орал қаласы

Ақылбек НҰРҒАЛИЕВ, бас гитарашы:

— Бүгінгі жастарды білмеймін, бірақ аға буын  табиғи дауыспен орындаған әндерімізді әлі күнге ықыласпен тыңдайды. Сағыныш маздатқан сүйікті ретро әуендер ерекше мазмұнын сақтап қалғаны анық. Өткен ғасырдың екінші жартысында бастау алған дәстүрлі жолды жалғастырып келеміз. Топтың бұрынғы мүшелері — өнер ардагерлерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Жалпы, халық репертуарымыздағы туындыларды  жақсы қабылдайды. Гастрольдік сапармен ансамбль  Ресейдің көршілес облыстарына шығып тұрады.


Басты бағыттар айқындалды

Күні: , 783 рет оқылды

баюканский


Феликс  БАЮКАНСКИЙ, облыстық «Ламед» жебірей ұлттық-мәдени орталығы төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы ассамблеясы  ақсақалдар кеңесінің  мүшесі, «Шабыт»  балалар  клубының  меңгерушісі:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың таяудағы Жолдауында мемлекетіміздің әлемдік тарихи күрделі кезеңдегі даму жолының нақты бағыты көрсетілген. Дүние жүзі дамуының бүкіл ерекшеліктері сараланған және біздің дамуымыздың, тұрақтылығымыздың, өсуіміздің және табысымыздың дәл есептелген, сатыларға бөлінген негіздері белгіленіпті.


Бюджеттік саланың қызметкері ретінде маған мемлекетіміздің жаңа әлеуметтік саясаты тартымды. Әлемдік дағдарыстан туындаған қиыншылық салдарынан экономикамызда болып жатқан іркілісті еңсеруге ұмтылу белсенді әлеуметтік саясатты қамтамасыз етеді. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап, медицина қызметкерінің жалақысы орта есеппен 28, ұстаздың жалақысы 29 пайызға өссе, әлеуметтік салада 40 пайызға көтерілмек. Сондай-ақ асыраушысынан айырылғандар және мүгедектерге арналған әлеуметтік төлемді 25 пайызға өсіру көзделуде. Студенттердің де шәкіртақысын көтеру белгіленген. Жалпыға бірдей зейнетақы да құнсыздану деңгейіне байланысты 2 пайызға өсуі тиіс. «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметкердің жалақысы 30 пайызға көтеріледі. Біздің Ұлт көшбасшысы әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарға мемлекеттің оларды қорғансыз қалдырмайтынына уәде етті.

Бүгінде тек Жалпыға бірдей еңбек қоғамы ғана тиімді экономиканың шынайы негізі болмақ. 2017 жылдан бастап ел көлемінде теңдесі жоқ жобаға жол ашылады. Ол – жалпыға бірдей кәсіптік-техникалық білім беру. Мұның өзі жұмысшы мамандығының беделін көтереді және халық шаруашылығының барлық саласына жұмысшы кадрларын даярлаудың кепілдігі.

Келесі жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеді. Біз өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы дағдарысты ойдағыдай өткердік. Енді 2015-2016 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы стратегияны қолға алдық. Бізде «Нұрлы жол» ат-ты мемлекеттік бағдарлама бар. Біз бес институционалдық жаңғыртуларды жүзеге асыруға арналған «Ұлттың жоспары. 100 нақты қадам» жоспарын орындаудамыз. Бұдан басқа «Қазақстан-2050» стратегиясы бар, сол арқылы біз әлемнің 30 алдыңғы қатарлы экономикасының қатарына енуіміз керек. Қазір біз «Мәңгілік ел» идеясы бойынша ұлы қазақстандық жолмен келеміз. Мемлекет басшысы Жолдауында алда толағай істер күтіп тұрғанын атап көрсетті, бірақ түпкілікті жеңіс біздің қолымызда. Ұлт көшбасшысының бұл сенімділігі біздің жанымызға қанат бітіреді, ел азаматтарын Отанымыздың  гүлденуі  жолындағы  ұлы  істерге  бағыттайды.

жанболат имангалиев

Жанболат  ИМАНҒАЛИЕВ, блыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауы – ерекше тәжірибе. Бұл өткен жылғы Үкімет пен елде атқарылған істерге сараптама ғана емес, келешекке басым бағыттар мен мақсаттарды анықтау. Көптеген елдердің халқы мемлекеттерінің қай бағытты негізге алғанын, алда қандай мақсат барын білмей жатады. Жаңа Жолдауда өсу, реформалар мен даму басты орынға қойылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлеуметтік саласының әлемдік дағдарыс кезеңіндегі даму жоспарын айтты. Бұл алдымен мемлекеттің барлық әлеуметтік жауапкершілікке кепілдігі. Зейнетақы мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысы, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы өспек. Сондай-ақ Жолдауда күнкөрістің төменгі деңгейі халықтың түрлі тобына бөлек анықталатыны, әлеуметтік төлемдер нағыз мұқтаж жандарға берілетіні айтылды. Яғни әлеуметтік  төлем  жүйесі  жаңғыртылмақ.

Сатканов Мержан

Мержан  САТҚАНОВ, облыстық  кәсіпкерлік  және  индустриалды-инновациялық  даму басқармасының  басшысы:

– Елбасының биылғы Жолдауында әлемдегі экономикалық ахуал, еліміздегі жағдай жан-жақты сарапталған. Дағдарыстан шығудың жолдары көрсетілген. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, ҮИИД бағдарламасының екінші бесжылдығы өз жалғасын табады. Аймақтық ерекшеліктерге байланысты инвестициялық әріптестікті өңірлерде дамыту да көзделген. Бұл жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, өнеркәсіптердің  жұмысын тұрақ-тандыруға  мүмкіндік  береді.


141 дана шам орнатылды

Күні: , 792 рет оқылды

DSCN1677


Қазіргі таңда энергия көлемін мейлінше азайтып, оны үнемді де ұқыпты пайдалану тәсілдеріне көшу еліміздегі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.


Көшелерге жарық беріп тұрған бұрынғы шамдарды электр үнемдегіш жарық шамына ауыстырған жағдайда электр қуаты 30-40 пайызға үнемделеді екен. Мұның өзі жарық қуатына жұмсалатын шығынды мейлінше үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта Сырым ауданына қарасты  Жымпиты ауылдық округ әкімі аппараты ауылдағы  Алашорда, Қаратаев, Қазақстан және Амангелді көшелеріне 141 дана электр үнемдегіш жарық шамын қондырды.

Е. ҚҰСПАНОВ,

Жымпиты ауылдық округ әкімдігінің қызметкері,

Сырым ауданы


Дәрігерлер әулеті

Күні: , 940 рет оқылды

IMG_1815


“Бабасы еккенді баласы орады” деген нақылды жаңақалалық Тілешовтер отбасына қаратып айтсаң, мағынасы дөп келер. Туған анасы, өзі, тағдыр қосқан зайыбы Дариға, ұлы Арман, келіні Эльмира да – дәрігерлер. Медицина – Тілешовтер әулетінің әрбір мүшесіне ортақ сала. Тіпті Жарқын Тілешовтің үш апасы мен бір жездесі де дәрігер.


«Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді» дегендей, ырыстың бұлағы анасынан бастау алған. Жарқын ағаның анасы Мәулекеш Дәулетова – елге белгілі гинеколог, медицина саласында 40 жыл қызмет еткен жан. Мыңдаған сәбидің дүниеге аман-есен келуіне себепші болған талай баланың «ақ мамасы». Ол білімі мен білігі ұштасқан аудандағы санаулы гинекологтардың бірі болды. Анасының осы қасиеті балаларына өмірлік үлгі болып, бәрі де анасының жолын жалғап, дәрігер болуды қалайды. Жарқын ағаның үлкен апасы Жібек Тілешова хирургия саласын таңдаса, Ғалия мейірбике, Ажар – жедел жәрдем бөлімінің фельдшері. Жары Дариға Алмағамбетова – педиатр, Жаңақала аудандық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары. Өзі осы мекемеде анестезиолог-педиатр қызметін абыроймен атқаруда.

Жарқын аға бала кезінен қағілез, алғыр болып өседі. Мектепті үздік аяқтап, әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келеді. 1980 жылы Ақтөбе медициналық академиясына оқуға түсіп, оны да үздік тәмамдайды.

— Біздің замандастарымыздың ең бір жақсы қасиеті кітапқұмарлық болатын. Кітап – рухани қазына, тәрбие құралы. Біз оқыған кітаптарымыздағы жағымды кейіпкерлердің қасиеттері бойымызда болса екен деп армандап өскен ұрпақпыз. Сондықтан шығар, ақ желең киген дәрігер болып, науқасты емдеп жаза алсам деп армандайтынмын. Сол қиялдың соңынан еріп, Ақтөбе медициналық академиясына оқуға қабылдандым. Жоғары оқу орнында оқи жүріп Дариға есімді арумен танысып, 1984 жылы отбасын құрдым. 1988 жылы оқуды аяқтап, екеуміз қол ұстасып елге оралдық. Еңбек жолын Жаңақала аудандық ауруханасынан бастаған едік. Міне, содан бері туған елге қызмет етіп келеміз, — дейді Жарқын аға.

Бұл қарапайым отбасындағы тағы бір басты құндылық – еңбекке деген адалдық. Отбасылы қос дәрігер бір бөлімшеде қызмет еткен соң үнемі тәжірибелерін ортаға салып, кез келген шешімді келісіп қабылдайды. Өздерінің ізденісі мен жауапкершілігінің арқасында күрделі оталарды да жасап үйренеді. Мұндай оталар бұрын тек облыс орталығында ғана жасалатын немесе мамандар шақырылатын еді. Бүгінде Жарқын аға аудан хирургтарымен бірігіп түрлі оталар жасап, аудан халқының алғысына бөленіп жүр.

— Мен Қарақалпақстан елінің тумасымын. Студент кезімізден Жарқын екеуміздің өміріміз бір арнаға тоғысты. Екеуміз жүріп өткен жолға үңілсем, талай қиындықтарды бастан өткеріппіз. Жаздың аптап ыстығында, қыстың қаптал боранында алыс ауылдарды аралап, күн-түн демей еңбек еткеніміз көрген түстей өте шықты. Жазда шөп шабатын тракторшылар қосынын аралап, оларды дәрігерлік тексеруден өткіземіз. Жазғытұрым, аудан орталығынан шалғайдағы сақманшыларды аралайтынбыз. Олардың орталыққа келетін мүмкіндіктері бола бермейді. Тіпті сол кездері күрделі оталарды да аудандық ауруханада жасап жүрдік. Қазір ойласам, осының бәрі үлкен ерлік сияқты көрінеді. Көптеген адамдардың алғысын алдық. Мұның бәрі де өз мамандығыңа беріле қызмет жасаудың арқасында келетінін ұғындық, — дейді Дариға апай өткен күндерді есіне алып.

Көп сөйлемейтін, салмақты, ісіне мығым, ақ қағаздай қағілез жандардың алған марапаттары да көп, алайда бәрінен артық марапат халықтың алғысы еді. Олар үшін одан асқан бақыт жоқ.

Ерлі-зайыпты қос дәрігердің бұл саладағы дәрігерлік қызметіне жуырда отыз жыл болады. Ал бүгінде олардың ұл-қыздары ата-анасының ізін жалғауда. Ағаның ұлы Арман С. Асфендияров атындағы Алматы медициналық университетінің кардиология мамандығын аяқтап, қазір Орал қаласындағы кардиологиялық орталықта кардиолог-хирург маманы болса, келіні Эльмира да осы саланың маманы. Ал кейінгі екі қызы – Мира аудармашы болса, Гауһары — технолог. Кіші ұлы мұнай саласында білім алып жүр.

Айтпақшы, Жарқын ағаның кішкентай жиені Айару да үйде атасының «жүрегін әлсін-әлсін тыңдап», өскенде дәрігер боламын деп қояды. Мұнысы үйдегілердің еңбекқорлығын, мейірімділігін көріп өскесін болар деп болжадық. Тілешовтер әулетінің ата-баба салған сара жолы үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болғай деп тілеп, қоштастық.

Надежда ЕСЕТОВА,

Жаңақала ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика