Мұрағат: 02.12.2015


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Асылы ОСМАН: «Баланың санасына ұлттық рухты дарытатын ананың ақ сүті, бесік жыры, ананың әлдиі»

Күні: , 839 рет оқылды

DSC_0213


Қазақ  тілінің жанашыры, ұлттық рухани құндылықтарымызды насихаттайтын қоғам қайраткері Асылы Осман апамыздың ұлағатты пікірлеріне көпшілік қанық.  Таяуда Орал қаласында өткен «Дін мен әйел» атты республикалық форумға қатысқан кезінде «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Асылы Әлиқызы Ақ Жайық өңірінде жүзеге асып жатқан игі істерге де жылы лебізін  білдірді.


– Форум тақырыбы қысқа да нұсқа қойылғанымен, бүгінгі қоғамдағы көкейтесті мәселелерді кеңінен қозғады. Халқымыз ғасырлар бойы ұстанып келген Ислам – рақымшылдық сипаты мол асыл дін. Адам иман қуатын санамен сезініп, жүрегімен қа-былдайды. Қоғамның ең басты байлығы – тұрақтылығы мен тыныштығы. Әлемге танымал тұлғаға айналған Елбасымыз бірлікті бекем ұстап, Қазақстан атын дүние жүзіне мәшһүр қылды.

Исламды зорлық-зомбылық діні қып көрсетіп, адамзат баласына қатер төндіріп отырған лаңкестік топтар әрдайым қатаң айыпталуы тиіс. Олар пайдаланып отырған ақпараттық кеңістікке тосқауыл қою қажет. Әсіресе, жастар жат ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін имамдар  дұрыс бағыт беріп, ақсақалдар ақыл-өнегесін айтып, қоғам боп тәрбиелеп отырған жөн.

Бейбітшілікке негізделген Ислам оқуға, білімді болуға үгіттейді. Дінсіз ғылым, ғылымсыз дін болмайды. Ғұлама Эйнштейн айтқандай: «Дінсіз ғылым – ақсақ, ғылымсыз дін – соқыр». Ал бүгінде жастардың көбінің кітап оқымайтыны рас. Теледидардан, ғаламтордан көріп, тыңдағандарының ақ-қарасын ажырата алмай адасып жатады. Қазір бір отбасында бірнеше дінді ұстанатындар бар. Бұл жақсылық емес. Ондайға жол бермеуіміз керек. Өйткені дін ұстай білгенге қасиет, ал ұстай білмегенге қасірет. Менің айтарым, тәрбие болған жерде тәртіп бар, тәртіп болған жерде тәрбие бар, — дейді Асылы Әлиқызы.

– Жат діни ағымдар ұлттың салт-дәстүрін мансұқтап, жоққа шығарады. Бабалардан аманат болған рухани бастаудың ерекшелігі неде?

– Ұлттық құндылықтарды, дәстүрді жаңғыртып отыру маңызды. Ал ұлттың құндылығы оның жерінде, тілінде, дінінде, салтында, әдетінде, ғұрпында, әдебие-тінде, мәдениетінде, өнерінде сақталады. Бірақ сол ұлттық құндылықтарды түзетін, бір-бірімен сабақтастырып, жал-ғастыратын, олардың қатарында ұлттың жаны болып есептелетін терең қабаты, ең құндысы ол — тілі. Әдебиетті де, мәдениетті де, тарихты да, салтты да, дәстүрді де жеткізетін ең құнды дүние — тіл. Тілдің формасы екеу: біріншісі, әр адамның ана тілі, содан кейін мемлекеттің тілі болады. Ана тілі арқылы отбасындағы қарым-қатынасты реттеуге, әдет-ғұрпы мен салтын сақтауға әркім құқылы, ал мемлекеттің тілі – барлық Қа-зақстан тұрғындарына ортақ. Ана тілі – жалпы, ал мемлекеттің тілі – жалқы есім, яғни біреу. Қазақстанды мекендеген ұлт пен ұлыстар үшін қазақ тілі мемлекеттік тіл болып есептеледі. Себебі, қазақ тілі – мемлекет құрушы ұлттың тілі. Қазақ халқы үшін бұл міндет жүгі екі есе ауыр. Біріншіден, ана тілі ретінде ардақтауы керек, екіншіден, мемлекеттің тілі болғандықтан. Елбасымыз әрдайым: «Тіл – ең ұйыстырушы негізгі фактор» деп айтады. Расында, тіл білген адам құшақтасады, тіл білмеген адам пышақтасады. Ал тілді білсең ғана, ұлттың жанын, болмысын, жан дүниесін ұғасың. Не себепті біз тіл тағдыры – ел тағдыры дейміз? Тілді білген адам сол ұлттың тағдырын, болмысын, бойындағы адами, асыл қасиетін ұғына алады, содан кейін барып оны сыйлайды. Тілін білмесе, сол ұлтты сыйлау деген түсінік-парасат болмайды. Сондықтан ең бірінші орынға тілді қоямын. Қазақтың тілінің өзге тілдермен салыстырғанда, қазақ халқының өзге ұлтпен салыстырғанда асыл қасиеттері басым екені анық. Өз басым, қазақтың тіліндей бірде-бір тілді сүйіп, өз дәрежесінде меңгерген емеспін. Не нәрсеге де сүйіспеншілік болу керек, ниет болу керек. Қазақ: «Малымды алсаң ал, ниетімді алма» деген ғой. Адамгершіліктің ең шыңы – ниет. Ал сіздің ұятыңыз – бетіңізде, иманыңыз – жүрегіңізде.

Хадисте адамның бойында бір кесек таза ет бары, оның жұдырықтай жүрек екені айтылады. Адамның жүрегі қандай таза еттен тұрса, оның жан дүниесі де сондай таза болады. Сол адам пәк, сол адам таза, сол адамның бойында адамгершілік, асыл қасиеттер мол.

– Бүгінгі бойжеткен – болашақ ана. Форумда ұлттық тәрбиеге қатысты біраз мәселені талқыладыңыздар…

– Басқосу барысында «Қыз Жібек» клубының тұсаукесері өтті. Оған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы, ақын, қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның жетекшілік ететіні қуантады. Әлбетте қай уақытта болмасын қоғамның тірегі асыл аналар ғой. Баланың бойына ұлттық рухты дарытатын ананың ақ сүті, бесік жыры, ананың әлдиі. Біздің сол бесік жырымыздан да, әлдиімізден де ажырап бара жатқанымыз жасырын емес. Қыз – ұлттың ары, мөлдірлік нышаны. Қазақ қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген халық.

Өз басым басқосуда айтылған ұсыныстарға айрықша қуандым. Сөзсіз, тәрбиені бірінші орынға қоюымыз керек. Тәуелсіздік алған жылдары ұлттық тәрбиені босаңсытып алғанымыз шындық. Содан еліктеушілік басым боп кетті. Кейін қыздардың теріс ықпалды діни ағымдардың шылауында кеткені соның салдарынан ғой. Енді жат пиғылды ұйымдарға тойтарыс беруіміз қажет. Бұл дегеніміз, оқ алып қарсы тұру емес, күрес өзара жылы қарым-қатынас, түсіністік, тәрбиені бойға сіңіру арқылы болады. Қазақ қызын еркін өсірген. Сөйте тұра, қазақ қызын арға, ұлын нарға балаған. Ұлттық әдет-ғұрпына жетік баулыған. Егер дәстүрлі дініміз Исламның негізгі қағидаларын жете пайдалансақ, оң ықпалы болары анық. Ең бастысы, мейірімге, ұғынысуға, түсінісуге ештеңе жетпейді. Еліктеушілік басым екенін айттым. Сол еліктеушіліктен шынайы дінді ажырата білуіміз керек. Тәрбие негізі отбасынан басталады. Ана әлдиімен, бесік жырымен ұлттық рухты бала санасына сіңірген жөн. Бала жас шыбық секілді. Жас шыбықты күтіп, баптағанда ғана ол түзу болып өседі. Бала да сондай. Жас өркенді тәрбиелі, иманды қылып өсіру үшін дінімізге, ғұрпымызға лайықты тәрбие беруіміз керек. Діннің маңызы, мәні зор екенін осыдан көруге болады.

– Ақ Жайық қыздарының қасиеттеріне тоқталсаңыз.

– Ел көрген, жер көрген, ой түйген адаммын. Алматыдағы жоғары оқу орындарында өткен біраз кездесулерге қатыстым. Расы керек, жастардың арасында білім жағынан тереңдік жоқ. Ал білім болмаған жерде тәрбие болмайды. Қуанарым, Орал өңірінде бұл бағытта атқарылып жатқан істер нәтижелі. М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қыздар клубының жетекшісі, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның тәрбие жұмысына ерекше ықпал жасағаны анық аңғарылады.

Мен батыстың қыздарының кісілігі де, кішілігі де мол екенін айтып жүремін. Ақ Жайық атырабында ер Мәншүк пен Хиуаздай батыр қыздар туғаны тегін емес. Адамды қалыптастыратын да, тәрбиелейтін де туған жер мен өскен орта. Ақ Жайық аруларының іскерлігі де, білімдарлығы да, даналығы да, даралығы да басым болатыны сондықтан болар. Бұл бұрыннан келе жатқан  үрдіс. Төле бидің «Ақты ақ деп бағалайық, қараны қара деп бағалайық» деген кесімді сөзі бар емес пе? Батыс қыздарының бойында қарағайға қарсы біткен қайсарлық бар, батыл, жалтақтығы жоқ. Ірі турайтын кезі көп.

Ал бұл өңірдің азаматтарының адамгершілігі мол болып келеді.

– Асылы апа, қазір жат діни ағым қатарына орыс тілді қандастарымыз мейлінше тез сіңетін секілді. Бұған не айтасыз?

– Орал қаласындағы форумнан кейін А. Островский атындағы облыстық орыс драма театрында М. Томановтың «Жәннат» драмасын көріп, тамаша әсер алғанымды айтқым келеді. Драмаға арқау болған оқиғаның жай-жапсары мені толғандырып, көзіме жас алғызды.

Қоғам сау болса, бәріміз де саумыз. Қоғамды сауықтыру отбасымыздан басталады, әрқайсымыздан басталады. Ал қазақ тілін мектептен ерте меңгерту маңызды. Оқу орыс тілінде жүретін мектептерге қарағанда қазақ тілді білім ұясын бітірген балалар әлдеқайда ибалы, имандылыққа жақын болады. Ұлттық рух, салт-дәстүр қазақ тілдіде бар, орыс тілді- де жоқтың қасы. Сондықтан да ол жат пиғылға ілесуге бейім тұрады. Баланың бойындағы отансүйгіштік, еліне, жеріне сүйіспеншілікті арттыруымыз керек. Ұлтын сүйген адам тілін де сүйеді, сол тіл арқылы ұлттың рухани парасатын бойына сіңіреді. Қазақтың көңілі даласындай дархан. Ниеті түзу. Дүниеге адам болып келгеннен кейін адами қасиетті сақтап өту міндет. Соны түсіне білу өзіңе зор жауапкершілік жүктейді.

Адам боп дүниеге келген соң, мәнді де сәнді боп өмір сүру үшін келеміз. Мәнді де сәнді өмір сүру адамгершілік пенен ізгілікке негізделеді.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика