Мұрағат: 26.11.2015


Зәуре АМАНБАЕВА, «Болашақ» тіл орталығының директоры: «Қазақтың тіл игеру қабілеті ерекше»

Күні: , 904 рет оқылды

DMS_3101


Осыдан бес жыл бұрын Оралда «Болашақ» тіл орталығы ашылған болатын. Бүгінде орталық жұмысы жүйеленіп, ел арасында танылып үлгерді. Біз бұл орталыққа бас сұққанымызда, кішігірім мектепте, ағылшын мектебінде жүргендей әсер алдық. Себебі мұнда сабақтар тек қана сол тілде өтеді.


Халықаралық IELTS стандарты бойынша білім беретін орталықтың басшысы Зәуре Аманбаева – мектепте мұғалімдіктен университет деканына дейінгі жолдан өткен тәжірибелі басшы. Филология ғылымының кандидаты Зәуре Жиенәліқызы қазір ағылшын тілінің әдістемесін халықаралық CELTA деңгейінде оқытушы сертификатына ие. Бірнеше тілге жетік ол жыл сайын шетелге шығып дәрістер беріп, халықаралық емтихандардан өзінің де, ертіп апарып өз шәкірттерінің де білімін сынаумен келеді. Биыл маусым-шілде айларында Оксфорд университеті жанынан халықаралық деңгейдегі мұғалімдер дайындайтын орталықтан дәріс алып CELTA халықаралық тренері сертификатын алып келді. Бір ай бойы шетел азаматтарына (немістер, испандықтар, португалдықтар, ауғандықтар, пәкістандықтарға) ағылшын тілінен дәріс берді. Орталыққа халықаралық білім деңгейі бар мұғалімдерді жинаған. Не бары бес жыл жұмыс істеген орталық шәкірттерінің алды ағылшын тілінен аса жоғары білім көрсеткішін көрсетіп, Назарбаев университетіне, шетелдік оқу орындарына түсуде.

— Бұл салада мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі жұмыс істей бастаса, біз соған қосылар едік. Ондай балабақшалар бар, ал мен мұғалімдер даярлағым келеді. Жақсы мұғалімдер даярланса, олар кейін мектепке барып, көптеген балаға ағылшын тілін үйретер еді. Сол кезде қазіргідей әр жердегі бір кішкентай тіл оқыту орталықтары керек емес болар еді. Бұрын әр жерде теледидар сататын кішкентай дүкендер болатын еді ғой. Кейін үлкен техникалық супермаркеттер ашылғанда, жаңағы кішкентай дүкендер керек емес болып қалды. Себебі халықта сапаға қарай таңдау мүмкіндігі пайда болды. Бұл салаға да сондай өзгеріс қажет-ақ. Менің арманым – халықаралық деңгейдегі ұстаздар дайындау, жетілдіру, — дейді Зәуре Жиенәліқызы.

— Бізге келетін балалардың 90 пайызы қазақ мектебінен. Мектептер ағылшын тілі сабақтарында аударумен айналысады. Қателік осы жерден басталады. Оқушыларды сөйлеуге үйрету керек. Аудару деген қазіргі заман талабына сай Кембридж университеті баспасымен бірге шығарылған мектеп оқулықтарында жоқ. Себебі сабақ ағылшын тілінде өтуі тиіс. Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Қазақстан мен Кембридж университеті бірігіп оқулықтар шығаруда. Бүгінде ондай оқулықтар 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін дайындалды. Кітап бар, ұстаздар дайын емес. Бәрі емес, алайда жаңа әдістемемен жұмыс жасай алмайтындар баршылық. Ең алдымен тілдік деңгейді көтеру керек, содан кейін әдістемені жетілдірсе болады. Сондай-ақ барлық мектеп бірдей оқулықпен оқытпайды. Сатылық жүйе жоқ. Кейбір мектептер ағылшын тілін бекітілген бағдарламадан шыға алмай 2-сыныптың оқулығынан бастайды. Бала 1-сынып бағдарламасын өтпегесін, әрине, қиналады. Кейбір ата-аналар балалары мектепте бұл пәннен нашар баға алып жүргесін біздің орталыққа әкелуде. Амал жоқ, бізге кейде еуропалық әдістемені қоя тұрып, мектеп бағдарламасына тоқталуға тура келеді. Оқу бітірген жас мамандардың барлығы бірдей ағылшын тілін жетік білмейді. Сондықтан алдымен еуропалық бағытта білім бере алатын ұстаздар дайындағым келеді, — дейді «Болашақ» орталығының директоры Зәуре Аманбаева.

«Болашақ» орталығы тек мектеп оқушыларын емес, ересектерді де оқуға түсуге арналған және шетелге жұмыс істеуге баруға арналған халықаралық емтихандарға әзірлейді.

— Еліміздің үштұғырлы тіл саясатын қолдаймын. Қазақ баласы шетелге шыққанда, тілден қиындық көрмеуі керек. Біздің ұлттың тіл игеру қабілеті ерекше. Осы ұлттық ерекше қабілетін неге дұрыс пайдаланбасқа? Университеттің «Аударма ісі» факультеті деканы болып отырған қызметімді тастап кетуімнің себебі – аударманың болашағы жоқ деп санаймын. Тоқсаныншы жылдары еліміздегі шетелдік компанияларда аудармашы болуға бәрі ұмтылды, себебі сұраныс болды. Қазір оларға аудармашы керек емес.

Компанияларға жұмысқа орналасып жатқан қазақтың қыз-жігіттері ағылшынша еркін сөйлейді. Бүгінгі мектеп оқушыларының да талпынысы ерекше, — дейді Зәуре Жиенәліқызы.

Орталыққа қабылданарда оқушыға ерекше талап жоқ. Алдымен тест тапсырады. Жас ерекшеліктері және тілді игеру деңгейіне қарай топтап оқытады. Келешекте ағылшынша еркін сөйлеу үшін бастауыш сыныптан үйрете бастаған дұрыс дейді мұндағы мамандар. Кей ата-аналар баласын 11-сыныпта әкеледі екен.

Мұнда оқыту ақысы орташа табысты отбасына ыңғайлы. «Ақша табуды мақсат тұтып отырған жоқпыз, жастарға білім беру – басты мұрат» деді орталық директоры. Оның айтуынша, орталықтың өзгелерден ерекшелігі мұнда ата-аналар жиналыстары өткізіліп тұрады екен. “Баланың қабілеті тартпаса, ниеті болмай, тек ата-ананың күштеуімен жүрсе, ата-анасына айтамыз”, — дейді.

Шәкірттер деңгейден деңгейге көшерде Кембридж емтихандары арқылы сыналады. «Ынтасы бар бала бәрібір игереді. Мәселен, Милана Муксенова деген шәкіртіміз – қаладағы №35 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы. Осы орталықтан білім алып, биыл жазда менімен бірге Оксфордқа барып, 4 тілдік дағдыдан IELTS емтиханын тапсырды. Ағылшын тілінің барлық іскерлік дағды түрінен 7,5 деңгейін көрсетті. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Ғазиз Сәкен 8,0 деңгейін ақтап шықты», — деді сөз арасында орталық директоры.

Ағылшынша-қазақша сөздіктер әлі аса сапалы емес. Сондықтан біздің елде бәрі сөздікті орысшадан жаттайды. Қазақша ойлап, оны жаттаған сөздігі бойынша ойша аударады. Мұндай қиындықтан аулақ болу үшін сабақ бірден ағылшынша өту керек екен. Ағылшын-ағылшын сөздігін пайдаланып бірден сөйлеп үйренеді. Аудармаға үйреніп кетсе, емін-еркін сөйлеуі қиындау болады. Баланы кішкентайынан аптасына 2-3 сағат болсын сөйлеу дағдысына тәрбиелесе, одан қор болмайды. Мұндағы мамандар кітап көп оқитын, яғни ана тілінде тілдік қоры мол балалар ағылшынша да еркін сөйлеп кететінін айтты. Орталық жыл бойы жұмыс жасайды. Тіпті баланың жазғы демалысында да тілдік білім алуын үзбеуге болады. Ай сайын отыз шақты бала бір деңгейден екінші деңгейге өтіп, емтихан тапсырады. Көрсеткен білім деңгейіне байланысты орталықтан сертификат алады. «Бізге ағылшыннан тілдік білімі бірінші деңгейімен келіп, кетерде 5-6 деңгейде сөйлеп кететін балалар көп», — дейді орталық басшысы. Мұның өзі – аталмыш орталық ұстаздары еңбегінің жемісі. Ең бастысы, баланың өз келешегіне деген сенім алуы – нағыз жеңіс.

Нұрлыбек РАХМАНОВ


Телеоператор

Күні: , 957 рет оқылды

IMG_2831


Бұл күндері облыстық «Қазақстан-Орал» телеарнасының телеоператоры Серік Дияров зейнет жасына толғалы отыр.


Секең Орал қаласында сонау 1952 жылдың 27 қарашасында дүниеге келіпті. Әкесі Абылай – қатардағы қызметкер, анасы Хамзила сатушы болып елмен бірдей өмір сүрді, ұл-қызын өсірді. 1970 жылы Орал қаласындағы №6 орыс мектебін бітірген ол бала шағынан өнерге, техникаға үйір болған екен. Оқушы кезінде фотография үйірмесіне барып, осы өнердің алғаш-қы әліппесін меңгерді. Үйренгені кейін оның бүгінгі мамандығына көп септігін тигізсе керек. Мектеп бітірген соң, оқу орындары осы қалада бола тұрса да, жоғары білім алуға жүгірген жоқ. «Зенит» зауытына барып, үйренуші-токарь болып еңбек етті. ДОСААФ-тың жүргізуші мектебінде екінші кәсіпті меңгеріп шықты. Оның да пайдасы тиді. Әскер қатарына алынып, сонау Ресейдің қиыр солтүстіктегі Жаңа жер аралында қар тазалаушы техниканы меңгеріп, жұмыс істеді. Азаматтық борышын өтегеннен кейін түрлі істің басын шалып, тек 1977 жылы ғана бүгінгі жұмыс орнына ат басын тіреді. Жарты жыл жүргізуші болғаннан кейін Серікті телеарна әкімшілігі жарық түсіруші жұмысына ауыстырды. Қыңқ деместен жаңа жұмысқа құлшына кіріскен азаматты басшылық 1980 жылдан бастап телехабар түсіруге шақырды. Міне, 35 жыл бойы сол жұмысынан айныған жоқ. Облыстық телеарнадағы оның жалпы жұмыс өтілі 38 жылды құрайды.

— Ой, ол кездегі түсіру техникасын айтпаңыз! Өйткені салмағы 5-6 келі кинокамера ғой. Оған тап сондай салмағы ауыр аккумуляторды қосыңыз! Соңғысынсыз жұмыс істеу мүмкін емес. Әрі оның өзі бір аптаға ғана жетеді. Бір минутқа 12 метр пленка жазылады. Он минутқа арналған 120 метрлік пленка тағы бар. Әйтеуір, түсіргеніңді құрастыру өзгенің еншісінде. Оған да шүкір.

Кейін бізге 1990 жылы бейнекамера, соңынан үлкен кассеталық кәсіптік құрал келіп, жұмысымыз жеңілдеді. Бұрын 30-40 минуттық түсірілген өнім сапасыз шықса, қайта түсіруге, кез келген жерін үзіп тастап, басқаша істеуге де болмайтын еді. Тіпті дыбысын бірге жазу да қиынға түсті. Қазір рақат, түсіру де, дыбысы да бірге жазылады. 35 жыл ішінде үшінші операторлықтан біріншісіне дейін жеттім. Қазір кәнігі кәсіп иесі екенімді толық сеніммен айта аламын. Бәрі – көпжылдық тынымсыз еңбектің нәтижесі, — дейді күлімсіреп Серік замандасымыз.

Көп жылғы түсірушілік қызметінде Секеңнің өңірімізде камерасымен бірге араламаған ауылы кемде-кем. Тіпті көршілес Ре-сейдің Орынбор, Сарытау және басқа облыстарын да шарлады. Жиырма шақты деректі фильм түсіруге қатысты. Биыл наурызда мекеме басшылығы берген «Сони» фирмасының соңғы үлгідегі бейнекамерасы жұмыс тиімділігін одан әрі арттыра түсері сөзсіз. Әрине, бұған дейінгі еңбегі де елеулі. Талай рет марапатталып, түрлі құрметке ие болған азамат. Соның ішінде «Қазақстан-Орал» телеарнасының 50 жылдығына арналған өңірге тағар құрметті белгісін мақтан тұтады.

— Біздің телеарнада жеті телеоператор бар. Үшеуі жаңалыққа бағытталса, екеуі қазақ және орыс редакцияларын қамтиды. Өзіммен бірге осы іске баулыған шәкіртім Нұрлан Идиров жемісті еңбек етіп жүр. Шыны керек, өзім де аспаннан салбырап түскенім жоқ. Мені операторлыққа баулыған тәжірибелі аға әріптесім Серік Сұлтанғалиевті ешқашан ұмытпаймын. Қазір ол зейнеткер, кездескенде бір-бірімізбен емен-жарқын әңгімелесіп, қуанып қаламыз. Сондай-ақ әріптестерім Амангелді Әжмұқанов, Володя Горбатов, Александр Водолазовқа да ризамын, — дейді кейіпкеріміз С. Дияров.

Ол қазіргі ұжымының басым көпшілігін жастар құрайтынына мейлінше риза. Бәріне де құрметпен қарайды. Қолынан келсе, көмекке даяр.

Секең отбасында да сыйлы. Зайыбы Гүлмирамен бірге бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Өкініштісі, қызы 2003 жылы теріс отаның салдарынан қыршын кетті. Одан қалған жалғыз жиені Мәриямды нағашы атасы мен әжесі қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай әлпештеп өсіруде. Жиені бүгінде қалалық №36 орта мектепте оқиды. Ал ұлы Мәлік – кәсіпкер. Ата-анасының сүйеніші әрі мақтанышы.

Кездесу соңында кейіпкеріміз бір «құпиясымен» бөлісті. Сәл қолы босай қалса, Секең Орал қаласының бұрынғы Фрунзе көшесіндегі №77 үйге барып-тұрады екен. Ол – өзінің балалық және жастық шағы өткен, әке-шеше-сімен бірге өмір сүрген қара шаңырағы. Әрине, үйдің бүгінгі қожайыны – басқа жандар. Сонда да ардақты азамат сол үйді сыртынан тамашалап тұруға құмар-ақ. Оны бір ауыз сөзбен түсіндіреді: «Өсіп-өнген үйімді ешқашан ұмыта алмаймын…».

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

 

Асыланбек ҒҰБАШЕВ,

«Қазақстан-Орал» телеарнасының басшысы:

— Секеңді өзім еңбек ететін қара шаңырақтың табалдырығын 1986 жылы тұңғыш рет аттағаннан бері білемін. Міне, содан бері оның тек жақсы қасиеттеріне ғана тәнтіміз. Азаматтығы басым, мейлінше төзімді де еңбекқор. Ешқашан тіл қайтарып көрген жоқ. Ұжымда не басқа ортада кез келгенмен тіл табысып жүре береді. Ізгілігі де мол. Сонау жылдары бірігіп, «Жануардың көз жасы» атты деректі телефильм түсіргеніміз бар. Туынды түз еркесі – киіктің қайғылы тағдырына арналған. Екі аяқты жауыздардың қолынан ажал тапқан бейкүнә жануар туралы сыр шерткенімізде, Секеңнің ізгі болмысын танып-білгендей болдым. Меніңше, біздің салада түсіру камерасын көп жыл бойы арқалаған Серік аға секілді әріптес тым аз. Болмаса, соның жалғыз өзі.

 

Даля НАСИПОВА,

«Қазақстан-Орал» телеарнасының редакторы:

— Серік Абылайұлы – біздің телеарнаның ең тәжірибелі қызметкерінің бірі. Ол тек тамаша кәсіпқой әріптес ғана емес, сонымен бірге абзал азамат. Қашанда көңілді жүретін ол қиын сәтте де жанында жүргендерге құнды кеңес беруге даяр. Жас операторлар үшін үлгі-өнеге. Серік аға барымен шектеліп қалған емес, үнемі ізденіс үстінде. Барлық хабар редакторына мүмкіндігінше көмектесіп, ұжым ортасында айрықша беделге ие. Әріптес аға таяуда зейнет жасына толады. Бірақ ұжым оның әрі қарай еңбек етеріне сенеді. Өйткені мұндай тәжірибелі маман, абзал ағамен бірге жұмыс істеу – біз үшін бір ғанибет.


«Кезексіз пойыздға билет»

Күні: , 870 рет оқылды

витрины шалаказахский


Жуырда газетіміздің тілшісі  қоғамдық комиссия мүшелерімен бірге Орал қаласы көшелеріндегі мемлекеттік тіл туралы заңның орындалу барысын тексеруге қатысты.


Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлнәр Әлжанова мен облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Абдулмановтың ұсынысымен бұл жолы шаһардағы басты даңғылдардың бірі Еуразиямен жүріп өттік.

Әп дегеннен көзіміз түскен қате дүкен маңдайшасындағы «сыртқы әйелдер киімі» деген жазу болды. Дүкен иелерімен тілдескен Алтынбек Абдулманов қате жайлы түсіндірді. «Міндетті түрде түзейміз» деген дүкен иелері алғыс айтты. Бірталай рейдке бірге шығып жүрсек те, алғыс естімейтінбіз. Көпшілігі қатені мойындамай, жауапкершіліктен қашып, басқа біреуге сілтеуге әзір тұрады.

Жұртқа заңдық кеңес беретін адвокаттар отырған ғимараттың сыртында бір қазақша сөз болмағаны ұят болды. Заңды бес саусағындай білетін олар бізбен бір сөзге келместен қателерін мойындап, сыртқы жазуға мән бермегендерін, ауыстыратындарын айтты.

Бұдан кейінгі бас сұққан түрлі кәсіпкерлік нысан иелерінің барлығы да осы жолы түсіністік байқатты. Ғимаратының сыртқы жазулары мен ішіндегі ақпараттары тек қана орысша жазылған инвестициялық компания басшылығы да жылы жүзбен қарсы алып, мемлекеттік тіл туралы заңды талаптарды орындайтынын айтты.

Кәсіпкерлердің кейбірі “Тіл туралы” заңнан хабарсыздығын айтып, өз қателерін түзетудің нұсқаларын түртіп алып жатты. Көпшілігі жарнама мен сыртқы жазуларға тапсырыс беріп қана қоятынын, ал тапсырыс алушы жарнаманы өз сауаты жеткенше жазатынын анықтадық. Бұл кәсіпкерлердің тілге көзқарасы түзу болғанымен, дұрыс жүйе жоқтығын, сыртқы жарнамаларда қате жібермеудің жолдарын жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Жарнамалар жыл сайын көбеюде әрі әдемілене түсуде. Алайда сауаттылығы мен тәрбиелік жағы сын көтермейді. Тіпті олардағы ұлттық болмысқа жат көріністерге уақыт өте келе көз үйреніп бара жатқандай. Тілін түзей алмай отырып, өнегелік жағын реттейміз деу қиындау.

Бірнеше нысан иелеріне қателері туралы хаттама толтырған біз Орал теміржол вокзалына соқтық. Бұл қоғамдық орында да қателер баршылық екен. Гүлнәр Әлжанова вокзалда осыдан жыл жарым бұрын көздеріне шұқып көрсеткен қателері сол күйі тұрғанын айтты. Жарнама жасаушылар орыс тілінен қалай-солай аударма жасауға әдеттеніп барады. Оның үстіне грамматикалық қатені қосыңыз. Мәселен, вокзалда «Билеты на поезд без очереди» дегенді «Кезексіз пойыздға билет» деп жаза салған. Елдің бір қақпасы саналатын Орал вокзалында «жолаушы» сөзі «жлаушы» деп жазылғанын көргенде, не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің…

Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде адамдарды көшіру жоспарында өрескел қателер бар. Оның үстіне «Өрт қауіпсіздігіне жауапты учаске-бастығы Орал вокзалының бастығы Б. Күншығаров» деген тыныс белгісі жоқ түсініксіздеу сөйлемді оқып тұрып қазіргі басшының Күншығаров еместігіне мән бермеппіз. Вокзалдың қазіргі басшысы Қайырболат Ғайнеден тақтайшаны қызметкерлеріне біздің көзімізше алдырып тастады. Басқа қателерді де түртіп алып, түзетуге сөз берді. Алайда пойыздардың жүру кестесіндегі «Уральск» атауын қазақшалай алмайтынын айтты. Басшының айтуынша, өзге қалалар кестеде қазақша жазылып тұрғанымен, Орал стансасының атауы әлемдік картада «Уральск» екен. Мұнымен айналысу ұзақ шаруа дейді. Бұл мәселеге өңір басшылары назар аударса екен дейміз.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»


Байғұтты-Шолаққамыс құлпытасы

Күні: , 927 рет оқылды

DSCN8125


Ақжайық ауданы, Базаршолан ауылдық округіндегі Байғұтты-Шолаққамыс көне қорымында тұрған құлпытас. Ерекшелігі – ескерткіш мәтіні араб каллиграфиясының өте әдемі үлгісімен жазылған, өнер туындысы деуге лайық нұсқа. Көне қорымдағы 90-ға жуық құлпытастың ішінде бірегей үлгі деуге болады.


Ескерткіштің басы доғал, мәтіні 5 бөлік шаршыға шығыңқы бедерлі әріптермен қашалып, ең астында ру таңбасы салынған.

 

Ең жоғарыда:

Кәлима шахадат — «Ашхаду Алла илаха иллаллах уа Ашхаду анна Мухаммадан абдуху уа расулух» — Алладан басқа ешбір тәңір жоқтығына куәлік беремін және Мұхаммед с.ғ.с. Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік беремін.

Мұның астындағы дөңгелек ойықта айна орнатылған болуы мүмкін.

 

Оның астында:

«Алача руғының Алтыбаш тайфасының Наурузбай Құнанбайұғлы

офат» — Алаша руы Алтыбас тайпасы Наурызбай Құнанбайұлы қайтыс болды.

 

Үшінші шаршыда:

«олды 29 йашында 1850-інчі санада. Бұ ташны» — 29 жасында 1850 жылы. Бұл тасты (ескерткішті).

 

Төртінші шаршыда:

«йаздырғучы бір туғма ағасы …тай мырза Құнанбайұғлы» — жаздырушы бір туған ағасы …тай мырза Құнанбайұлы.

 

Бесінші шаршыда:

«Ғафараллаһу зунубиһимә…» — араб тіліндегі дұға, мағынасы: Күнәларды Кешіруші Алла, біздің барша күнәларымызды кешір. Және біздің күнәларымызды әшкерелеме, жауып, көрсетпе!

 

Ең астында:

Алаша руының таңбасы.

 

Түсініктеме:

Жергілікті өлкетанушы Тілекқабыл Сағыновтың «Кенжеғара шежіресі» атты кітабында (Орал қаласы, 2013) Кенжеғарадан — Сатыбалды, Қаратай, Сатай, Сарыбөпе, Тағанақ, Қарағұл, Кененбай, Еленбай тарайды деп жазады. Жоғарыдағы ескерткіште аты аталатын Құнанбай – осы Қарағұлдан тарайды. Ақын, «Ақберен» жас ақындар клубының тәлімгері Талап Таймасұлының дерегінше, бүгінде Құнанбайдың Ниязбай деген баласынан тараған ұрпақтар Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында тұрып жатыр екен.

 

Араб жазуымен шағатай тілінде жазылған ескерткіш мәтінін оқыған Мұратбек қажы ЖАХАТОВ пен Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Суретті түсірген Қазбек Құттымұратұлы


Нидерландыдан сарапшы келді

Күні: , 844 рет оқылды

IMG_5703


Зеленов ауданындағы «Уланов» шаруа қожалығына Нидерландыдан сарапшы маман келіп, тәжірибесімен бөлісіп, кеңес беруде. Бұл шаруа «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті дамытудың және қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясындағы «Аға сеньорлар» жобасының 4-бағыты бойынша іске асуда.


Октябрь ауылындағы шаруа қожалығы жыл санап жеміс-жидекті және сәндік өсімдіктердің түрлерін молайтып өсіріп келеді. Қазір фермада 15 жылыжай және Оралда бір гектардай аумақта жылыжай кешені жұмыс істейді. Шаруа қожалығының жұмысын басқарушы Елена Уланованың айтуынша, шетелдерде өсірілетін сәндік  өсімдіктерді Ақ Жайық өңіріне жерсіндіріп, өсіру үшін оларды суарудың, будандастырудың, күтудің технологиясын білу қажет. Сондықтан шаруашылық өсімдік шаруашылығында 36 жылдық еңбек өтілі бар сарапшы-агроном Руд Масвинклды «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының әріптесі  «PUM» халықаралық ұйымы арқылы шақыртқан. Бұған «Даму» қорының облыстық филиалы қолдау көрсеткен.

Климаты күрт өзгермелі өңіріміздің табиғат жағдайына қарай тиімді суару түрін таңдауда маманның кеңесі қажет. Сонымен қатар «улановтықтар» облыстағы «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС-мен арадағы келісімшарт негізінде польшалық алманың 12 түрлі сұрыптарын питомникте өсіріп, жерсіндіруде. Шаруашылық «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ғимараттары салынып болған кезде оның аумағын абаттандыру үшін өздерінің сәндік, жапырақты және қылқанды ағаш өскіндерін ұсынбақ. Бұл бағытта алдын ала келісімдер де жасалған.

– Өңірдің климаты Голландиядан өзге, мұнда су тапшылығы жоқ әрі ауа райы салқын. Жылыжай, ыдыстағы өсімдіктерді суару мәселесімен 36 жылдан бері шұғылданамын. Зейнеткермін, университетте дәріс оқимын. Шаруашылыққа өсімдіктерді суарудың автоматты түрін енгізуге кеңес берудемін. Онда суару, тыңайтқыш енгізу жұмыстары компьютер арқылы басқарылады және ақпараттың барлығы компьютерге түсетін болады. Өсімдіктердің өсуі, жетілуі, көбеюі түскен ақпараттар негізінде бақылауда ұстауға болады. Қазақстанға алғаш келуім, бұрын Индонезияда, Азия елде-рінде болып, сарапшы ретінде кеңестер бергенмін, – деді Руд Масвинкл «Даму» қоры филиалы ұйымдастырған пресс-турда журналистерге. Шетелдік маманның айтуынша, питомниктерде барлық өсімдіктерді контейнер-ыдыстарда өсіруге болады. Жазы ыстық, қысы суық болып келетін өңірімізде топырақтың құнарлылығына баса мән беріп, суару түрлерінің озық технологияларын пайдалануды ұсынады.

«БЖК – 2020» мембағдарламасы шеңберінде қолға алынған «Аға сеньорлар» жобасы бойынша халықаралық жұмыс тәжірибесі бар, білікті шетелдік сарапшыларды тарту арқылы кәсіпкерліктің әлеуетін нығайту көзделген. Шетелдің тәжірибелі, білікті сарапшыларын тарту және олардың қызмет көрсету ақысы мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Сарапшының Қазақстанға келуіне байланысты мекендейтін жеріне, тамағына, ел ішіндегі көлік қатынасына, көрсетілетін аудармашының қызметіне төлемді кәсіпкерлер  өз  қалталарынан  төлейді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Жақсыбайдағы жасампаз еңбек

Күні: , 810 рет оқылды

тилебалиев


«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша  несие алған жергілікті кәсіпкерлердің алдағы күнге жоспарлаған жұмыстарының жобасымен танысу мақсатында жақында Жақсыбай ауылына барған едік. Жолшыбай аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрпейіс Елемесов осы ауылдағы үш-төрт адамның бағдарламаның тиімді жағын жақсы түсініп, биыл несие алуға қол жеткізгенін айтты.


Жақсыбай ауылының тұрғыны Әділбек Тілебалиев аталмыш бағдарлама бойынша 2 миллион теңге несие алған. Ол әкесі жетекшілік ететін «Жақсылық» шаруа қожалығының мүшесі болып саналады. Бұрнағы жылдан бастап ауыз сумен қамту жүйесінде жұмыс істеп, ауыл тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етіп тұрған Әділбек өткен жылы ауыз су құбырын жекешелендіріп алған. Тұрғындарды ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз етуді жауапкершілігіне алу мақсатында «Ернұр» жеке кәсіпкерлігін ашыпты. Биылғы жаз айында алған несиесіне ауылдағы жеке тұрғындардан 16 бас ірі қара сатып алған. Әрбіреуінің құны 125 мың теңге тұрады. Қазір оларды өздерінің  шаруа қожалығына қосып бағып отыр. Алдағы уақытта одан төл алып, мал басын көбейтпек.

–2017 жылдың ақпанынан бастап бережағымды төлеймін. Оған дейінгі уақыт аралығында несиеге алған малымды төлдетіп, өсіріп, сатуды жоспарлап отырмын. Несиені  сол малдың төлі арқылы өтеймін. Төлін тапсырғаннан кейін мал өзіме қалады. Қарапайым есепке сүйенсек, бағдарламаға сәйкес несие алып, оған мал саудалап ұстаған жан ұтпаса, ұтылмайды, — дейді Әділбек өз сөзінде.

шарафутдинов

Аталған ауылда тұратын Нұрлан Шарафутдинов та бағдарламаның екінші бағытына сай биыл 1 млн. 100 мың теңге несие алып, оған өзінің бизнес жоспары бойынша  5 жылқы мен 5 қой сатып алған екен. Оның мекенжайына жақындағанымызда, Нұрлан бір жылқысын сойып, етін Оралдағы «Ел ырысы» жәрмеңкесіне жөнелтпек болып, автокөлікке тиеп жатыр екен. Өзінің айтуынша, жылқыны етті бағытқа айналдыруды мақсат  етіп отыр. Кәсіпкер ұзақ жылдар Жақсыбай ауылында ав-токөлік жүргізуші болып жұмыс істеген. Бертін келе өзін-өзі қамтушы ретінде тұрғындардан ет алып, Орал, Атырау қалаларына тасып, отбасын асырапты. Ол «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 2011 жылы да 500 мың теңге несие алған. Несиеге екі жылқы сатып алып, өсіріп, көбейткен. Қарызды былтыр толығымен қайтарып, биыл тағы да несие алып, кәсібін жандандыруда.

– Мал өсіру үшін ауылда тұрып жатырмын, – дейді кәсіпкер, – Өткенде Ақжайық ауданы Ілбішін ауылдық округінің Тінәлі елді мекенінен жылқы малын асылдандырмақ мақсатта айғыр алатын болып келістім. Қойды асылдандыру үшін Қазталов ауданының Қошанкөл ауылынан үш қошқар алып келдім. Жем-шөп жеткілікті.

Шөпті ауылдан сатып алсам, жемді көршілес Ресейдің Новоузенск селосынан алып тұрамын. Қазір жеке меншігімде 15 бас жылқы, 50 шақты қой бар. Аталған бағдарламаға сай несие алудың ерінбей еңбек еткен адамға пайдасы зор деп білемін. Әрине, несиені той өткізу, автокөлік сатып алу  үшін жұмсаған жандардың ұтылары анық. Өз басым несиені мақсатты пайдаланып, балаларымның болашақта бақуатты тұруына жұмсаймын.

Осы ауылдағы «Закария» шаруа қожалығының мүшесі Нүркен Закарин ағымдағы жылдың тамыз айында 1 млн. 500 мың теңге несиеге ие болған. Ол да несиеге ауылдан 10 бас ірі қара сатып алыпты. Ауылдағы жігіттердің көмегімен  5 метр тереңдіктен құдық қазып, қазір мал содан  шыққан сумен суарылуда. Былтыр Ресейден ғаламтор арқылы тапсырыс беріп, өз қаржысына  инкубатор алған.

– Есебін тауып жұмыс істесе, пайдаға шаш етектен кенелуге болады. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты ауыл тұрғындарына өте қолайлы деп есептеймін. Мен де алған несиемді бұйырса, уақытында қайтарып беремін. Бұған қоса жалықпай жұмыс істеп, несие арқылы өзімнің отбасыма қосымша пайда табуға тырысамын, – дейді  кәсіпкер  бізбен әңгімесінде.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы


Ассамблея медиафорумы өтті

Күні: , 6 199 рет оқылды

img_1730


Астана қаласындағы Қазмедиа ғимаратында «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық ІІ медиа форумы өтті.


Форум шеңберінде ҚХА этностық БАҚ көрмесі, ҚХА фотокөрмесі ұйымдастырылып, ҚХА 20 жыл «Бір ел – бір  тағдыр» атты кітап-жинағының тұсаукесері болды. Жинақтың негізгі тақырыбы – қазақстандық қоғамдағы бейбітшілік пен келісім, төзімділік пен тіл саясатына қатысты мәселелер.

БАҚ өкілдеріне арналып «Қоғамдық келісім контексіндегі медиамәдениет» тақырыбында, электронды БАҚ-қа — «Журналист-медиатор: мүмкіндіктер мен болашақтар», блогерлерге – «Блог саласы мен әлеуметтік желілердің қоғамда бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға ықпалы» тақырыптарында панельді сессиялар өтті.

Сессиялардың спикері болып елімізге танымал журналистер, отандық блогерлер және әлемдік ақпарат агенттіктерінің шақырылған өкілдері, солардың ішінде «Астана» радиосының директоры Гүлмира Қаракөзова, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Чжоу Лян-шеф ИА «Синьхуа» өкілдігінің тілшісі, New BakuPost газетінің бас редакторы, ТМД елдері сарапшыларының лига мүшесі  Тофиг Аббасов сөз сөйледі.

Халықаралық форумның ІІ бөлімінде  «Масс-медианың қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлі» тақырыбында пленарлық отырыс және брифинг өтті. Оған ҚР Президентінің кеңесші-баспасөз хатшысы Дәурен Абаев, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары  Бағлан Майлыбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығының меңгерушісі, төраға орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Парламенті Мәжілісі халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, қоғам қайраткерлері,  мемлекеттік органдар, этномәдени бірлестіктер және БАҚ өкілдері қатысты. Одан кейін брифинг  өтіп, оған «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Нұрлан Ерімбетов, «24kz» телеар-насының шефредакторы, саясаттанушы Ерлан Игісінов модератор болды. Брифинг барысында аудиториямен пікір алмасылып,  журналистерді, оқытушылар мен студенттерді шетелдегі әріптестерінің пікірі қызықтыратыны байқалды. Сондай-ақ, қазіргі қиын жағдайдағы журналистика туралы сөз қозғады. Спикерлер, соның ішінде шетелдік спикерлер Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегейлігін атап, біздің халқымызға одан әрі бейбіт даму тіледі. Әлемде болып жатқан бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан арандатушылыққа жол бермеуіміз қажет деген пікірге келді. Форум соңында республикалық «Шаңырақ» атты журналистер арасында шығармашылық конкурсын қорытындылау рәсімі өтті. Қазақстандық этностардың мәдениетін және дәстүрін дамытуға бағытталған «Ең үздік мақала және телерадиобағдарлама» аталымында батысқазақстандық «Надежда» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Данара  Құрманова  атап  өтілді.

Толқын НҰРҒУАТОВА,

БҚО «Қоғамдық келісім»

КММ-ның баспасөз хатшысы


Декларациялау 2017 жылдан басталады

Күні: , 815 рет оқылды


Сейсенбіде облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде «Жалпыға ортақ декларациялау – дайындық үрдісі» тақырыбында  баспасөз мәслихаты өтті.


Жиынды облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының жетекшісі Ербол Найзабеков жүргізді. Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамына арналған Ұлт жоспарының 42-қадамында барлық азаматтың кіріс пен шығыстарын жалпыға ортақ салықтық декларациялауды енгізу белгіленген. Бұл жұмыс бүгінгі таңда елімізде қызу талқылануда. АҚШ, Канада, Германия, Франция, Швеция, Финляндия, Дания, Австралия секілді көптеген дамыған елдер жеке тұлғалардың өз бетімен декларациялану жүйесін салық төлемдерінің толықтығын қамтамасыз ету мен көлеңкелі экономикаға қарсы тиімді құрал ретінде жоғары бағалайды.

Біздің елімізде жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау бойынша заң жобасы 2015 жылы қазан айында ҚР Парламенті Сенатында қаралып, қабылданды. 13-қарашада Президент заңға қол қойды. Аталмыш заң бойынша республикамыздың кәмелеттік жасқа толған барлық азаматтары, оралмандар мен елімізде тұруға рұқсаты бар тұлғалар декларация табыстауға міндетті. Сондай-ақ банк шоттарында қорланатын (3,4 млн. теңгеден астам) немесе кез келген кіріс көзі болып табылатын (бюджеттен алынатын кірісті қоспағанда) же-ке мүлкі бар кәмелеттік жасқа толмаған тұлғалар да мүліктерін декларациялауға міндетті. Бұдан басқа тіркелген мүлкі және салық төленбейтін кіріс көздері бар шетелдіктер де (халықаралық шарттарға сәйкес босатылған азаматтарды қоспағанда) мүлкі мен кірісін декларациялайды.

Заңға сәйкес азаматтар декларация жүйесіне кезең бойынша кіруі тиіс. Бірінші кезеңде, яғни 2017 жылы декларациялау жүйесіне халықтың анағұрлым дайындалған бөлігін тарту жоспарлануда. Олар – депутаттар, судьялар, мемлекеттік қыз-меткерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыбы). Жалпыға ортақ декларациялаудың екінші кезеңі 2020 жылы деп белгіленді және бұл кезеңде декларациялауға халықтың қалған бөлігін тартылмақ. Кезеңдер арасындағы үш жылдық үзілісте құжаттарды қабылдау, талдау және өңдеу рәсімдерін іске асыру, бақылау жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарына арналмақ.

Жиында бұдан басқа жергілікті салықты өндіру тәртібі түсіндіріліп, «Түбіртегіңді сақта!» шарасы мен бақылау-кассалық машинасының маңызы туралы айтылды.

Ербол Ғалымұлының сөзінше, заң бойынша жеке тұлғалар жергілікті салықты, яғни жер телімі мен мүлік салығын 1 қазанға дейін төлеп болуы тиіс. Салықтың бұл түрін осы күнге дейін төлеп үлгірмегендерге ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін өз еркімен төлеуге мүмкіндік беріледі. Салықты уақытында төлемегендерге құзырлы органдарда тіркелу барысында және елімізден тысқары шыққанда кедергілер болады, тіпті бережақ адамның автокөлігі тұтқындалуы да мүмкін. Сондықтан әр адам өзін ыңғайсыз жағдайда қалдырмау үшін салығын дер кезінде төлеуі керек. Азаматтар сапарға шығар алдында төленбеген салықтарының бар-жоғын тексеруі тиіс немесе 24-29-38 нөміріне қоңырау шалып, анықтауына болады. Сондай-ақ nalog2718@yandex.kz электронды поштасына хат жолдасаңыз, сізге қызметкерлер екі күн ішінде жауабын жібереді. Қызмет көрсетудің бұл түрі тамыз айынан басталды және күні бүгінге дейін барлығы 730 адам осы қызметті пайдаланды. Салығын төлеуді кешіктіріп жүрген азаматтар берешегі жөніндегі мәліметті электронды үкімет қызметін пайдалану арқылы да біле алады. Ол үшін «е-гов» сайтына кіріп, «Салық және жылжымайтын мүлік» бағанын белгілеп, өзіңіздің ИИН нөміріңізді енгізесіз. Одан әрі жергілікті салық бойынша есепшотты ашсаңыз, жетіп жатыр. Мұндай мәліметті электронды кілтсіз-ақ алуға болады. Бұдан басқа ҚР Әділет министрлігінің сайты арқылы да бережағыңызды анықтай аласыз.

Бұдан соң онлайн жүйесі арқылы бақылау-кассалық машинасының жұмысы жөнінде мәлімет берілді. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде «Салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер» туралы заң күшіне енді. Аталмыш заңға сәйкес, бензин (авиациялықтан басқа), дизельді отын, спирт өнімдерін тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлер өз жұмыстарында міндетті түрде бақылау-кассалық машинасын пайдалануы тиіс. Бүгінгі таңда мемлекеттік тізілімде мұндай машинаның 17 түрі тіркелген, бұлардан басқа тағы 4 түрі тіркелмек. Мұндай машиналарды таратумен облыс көлемінде «Порт» ЖК (Карева), «ВТ Центр», «Кипер» және «Касса сервис» ЖШС айналысады. Аталған серіктестіктерде бақылау-кассалық машиналары 67 000 және 95 000 теңгеден сатылуда. Облыста барлығы 2071 нысан бақылау-кассалық машинасымен қамтамасыз етілу керек болса, оның 61-і лицензияларын тапсырып, жұмыстарын тоқтатқан, 9-ы уақытша жұмыс істемейді және 608-і желіден тыс жерде орналасқан. Қалған 1393 нысанның 1212-де бақылау-кассалық машинасы бар. Облыстағы жаңа бақылау-кассалық машиналары арқылы ағымдағы жылдың 11 қарашасына дейін 9 млрд. 233 млн. теңгеге түбіртек өткізілген. 2016 жылдың 16 қаңтарынан бастап облыс кәсіпкерлерінен бақылау-кассалық машиналарымен жұмыс істеу қатаң түрде талап етіледі. Сондықтан олар мұндай машиналарды желтоқсан айында сатып алып, пайдалануға дайын отыруы тиіс.

Жиын соңында Ербол Найзабеков «Түбіртегіңді сақта!» атты акция бойынша сәуір-қазан айы аралығында облыс бойынша барлығы 18741 купон немесе 190 мыңға жуық бақылау-кассасының түбіртектері тіркелгенін айтып, тұтынушылар құқығын қорғау және салық мәдениетін көтеру мақсатында ұйымдастырылып отырған мұндай шараға облыс тұрғындарын белсене қатысуға шақырды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Сыр мен Жайықты тел емген

Күні: , 903 рет оқылды

IMG_3280


«Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді» деген ғұламалардың сөзі бар. Бұл қанатты сөзді қоғам қайраткері Қуанышбай Төлебаевқа қарата айтуға болады. Ел-халқының жарқын болашағы үшін еңбек еткен ол бүгінде жасы жетпіске келсе де, үзеңгіден түскен жоқ.


Бел жазбастан елге қызмет етуді әрбір азаматтың міндеті санайтын Қуанышбай Төлебайұлының өмірі ерекше. Ол қос өңір – Сыр мен Ақ Жайықты тел емген құлынға ұқсас. Кейіпкеріміздің өз тілімен айтқанда, «Сыр бойы – туған жері, Ақ Жайық – өскен елі…».

Есейген ерте еңбекпен

Қуанышбай ағамыздың балалық шағы Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарға тап келді. Бұл кез елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұралаған шақ болатын. Ұлы Жеңістің қуанышына орай Қуанышбай атанған ол 6 жастан бастап әкесіне ілесіп, шаруашылыққа араласты. Он-он бес шақырым жерде орналасқан мектебіне жаяу қатынап оқып, оны үздік бітірді. Хрущевтың заманында, яғни 1960-62 жылдары жаппай жүгері егу науқаны жүргені белгілі. Соған орай мектеп бітіруші жастардан механизатор-жүгеріші бригадалары құрылды. Біздің кейіпкеріміз де сол бригадада еңбек етті. Артынан кеңшар басшылығы жақсы жұмыс істегендерге жоғары оқуға түсу үшін мінездеме мен жолдама берді. Олардың ішінде Қуанышбай Төлебайұлы да болды. Көп кешікпей ол Ақтөбедегі мединституттың студенті атанды. Бірақ ол жақта білім алу бұйырған жоқ. Мүрдеханаға бір барғаннан кейін-ақ дәрігерлік қызмет өзіне арналма-ғанын түсінді де, бұл оқуды тастап кетті. Көп кешікпей Шымкент политехникалық техникумының құрылыс факультетіне оқуға қабылданды. Бірақ ондағы сабақ орысша жүреді екен. Ал оның «привет, здравствуйдан» басқа жөнді орысшасы жоқ. «Енді қайттім, бұл оқуды да қойып, ауылға қайтамын ба?» деп жүргенінде, өзімен бір топта оқитын әрі қазақшаға судай Юрий Брикса көмек қолын созды. Әскерде болып, өмірдің ащы-тұщысын татып келген неміс жігіті «Мен саған орыс тілін меңгеруге көмектесемін, ал сен өз кезегіңде жатақханадан екеумізге орын аласың, себебі ауылдан келгендерге жатақхана алуға жеңілдік бар ғой», — деді. Содан Юра екеуі жатақханаға орналасып, күні-түні орыс тіліндегі кітаптарды оқи бастады. Кей сәттерде желкесінің қыры жібермей қалса, бастапқы кездегі келісім бойынша шертпе алады. Юра – кесек тұлғалы жан. Саусақтары әлді, жуан, тиген жерін оңдырмайды. Сол себепті оның шертпесінен бірнеше рет шекесі көгерді. Дегенмен бәріне де шыдады. «Бейнет түбі зейнет» деген рас. Көп кешікпей сырнаймен «Я любил девушку», «Подмосковные вечера» сынды орысша әндерді айтып, түрлі кештерді жүргізіп, техникумның белсенді комсомолы атанды. Қуанышбай Төлебайұлының зеректігі сондай, ол техникумның 3-курсында жүргенде, химия-технологиялық институтына сырттай оқуға түсіп, екі оқу орнында бірдей оқыды. Артынан Жамбыл гидромелорация-құрылыс институтының студенті атанып, инженер-гидротехник мамандығын меңгерді.

Студенттік өмірі аяқталғаннан кейін үш жыл әскери борышын өтеп келді. 1967 жылы елге оралып, «Сельстрой» мекемесінде еңбек жолын бастады. Сыр өңірінде аурухана, мектеп, мәдениет үйі сынды әлеуметтік, фабрика, химиялық тазалау орындары секілді өндірістік және ауыл шаруашылығы салаларының нысандарын, тұрғын үй, магистральды каналдар, жол мен көпір салуға атсалысты. Қандай ма қызмет атқармасын ол қоғамдық-саяси жұмыстардан тысқары қалған жоқ. Соның арқасында депутат та болды. 1971 жылы Қазалы аудандық атқару комитетінің аға нұс-қаушысы лауазымына бекітіліп, енді саяси тұрғыдан тәжірибесін толықтырды.

«Мұстақым Ықсановтың  көрегендігі»

— 1975 жылы мен үшін ерекше жыл болды. Ордабұзар жасымда Орал облыстық комитетінің бірінші хатшысы Мұстақым Ық-сановтың шақырумен сол кездегі Су шаруашылығы мен мелиорация министрі Әбубәкір Тыныбаевтың бекітуімен облыстық су шаруашылығы және мелиорация басқармасының бастығы болып Оралға келдім. Ақ Жайық өңірінде су шаруашылығының дамуы тым кенжелеп қалғандығын бұрыннан да білетінмін. Әсіресе, маман-кадрлар жетіспейтін. Сондықтан Мұсекең маған суармалы егістікпен айналысқан оңтүстік өңірлерден мамандар тартып, осы саланың құрылыс ұйымдарын қалыптастыруға тапсырма берді. Сөйтіп, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан көптеген маманды шақыруға тура келді. Мұстақым Біләлұлы суландыру мен су жеткізу жұмыстарына көп көңіл бөлді. Мұны ауыл шаруашылығын дамытудың басты тетігі деп түсіндірді. Атап айтатын болсақ, оның жетекшілігімен Көшім су жеткізу аймағы ұлғайтылды. Чапаев кенті жағынан Жайық өзені арқылы су өткізу арнасы салынды. Соның арқасында Ақжайық, Чапаев және Тайпақ аудандары суға жарып қалды. Облыстың суландыру жүйесіне үлкен жаңалық енгізілді. Яғни жаңбырлатып суаратын, су беретін агрегат-машиналар көптеп алынып, олар егіндік, жемісжидек, көкөніс алқаптарын нәрлендірді.

1977 жылдың 2 қаңтары күні облыс басшысы мені шақырып алып «Бізге Қызылорданың Аралынан, аудан басшысы Тәки Есетов бастаған делегация келе жатыр. Соларды жақсылап қарсы алып, жағдайын жаса. Олардың жағдайы қиын, малдары қырылу қаупінде, шөп-жеммен көмектесуіміз керек» деп, мені осы жұмыстарды үйлестіру штабы бас-шысының орынбасары етіп бекітті.

Көп кешікпей біз аралдықтарға 600-700 вагондай мал азығын жібердік. Сөйтіп, біз Арал ауданының малын қыстан аман алып шықтық. Осының бәрі Мұстақым Біләлұлының көрегендігінің, іскерлігінің арқасында мүмкін болды, — деп еске алады Қуанышбай Төлебайұлы.

Азамат келбеті

Кейіпкеріміздің өмір жолын жастарға үлгі ету мақсатында биыл «Өнеге» атты кітап жарық көрген еді. Осы еңбекке алғысөз жазған филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр Қуанышбай ағамыздың Оралға келгеннен кейінгі кезін айта келіп, оны «Оралдың орыс-қазағымен біте қайнасып кетті» деп баяндайды. Иә, Қ. Төлебаевтың білімді де білікті де азамат екенін көрген басшылық оны Орал қалалық партия комитетінің екінші хатшысы етіп тағайындайды. Артынан Орал қалалық депутаттар кеңесінің төрағасы қызметінде жүріп, атқару комитетін басқарды. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін Бөрлі ауданының әкімі болды. Қандай ма лауазымды қызметке барса да, қамшы салдырмай, абыроймен атқарды. Оған замандастарының мына бір сөзі дәлел: «…Где бы ни находился Куанышбай Толебаевич, какую бы миссию не выполнял, делал он это с полной отдачей, открытой душой, призывая при этом жить в дружбе и согласии. И всячески способствовал укреплению дружбы и взаимопонимания». Айтса айтқандай, ойға кенен, сөзге шешен Қуанышбай Төлебайұлы біраз жыл өңіріміздегі Қазақстан халқы кіші ассамблеясы төрағасының орынбасары ретінде облыстағы ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың нығаюына ұйытқы болды.

Қадыр Мырза Әлінің көршісі

Қуанышбай Төлебайұлы бала жастан өнерге жақын болып өсті. Қолы бос кездерінде домбыра шертіп, өлең оқып, ән салғанды ұнатады. Әсіресе, қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әліге деген құрметі ерекше. Ақынмен 1972 жылы танысқан. «Ол кезде ақын-жазушылар елді жиі аралайтын, — дейді Қуанышбай Төлебайұлы. — Сырдарияда Басықара су қақпасын салып жатқанымызда, бір күні Қадыр Мырза Әлі және өзге де ақын-жазушылар келіп, 2-3 күн бойы еңбекшілермен кездесіп, шығармашылық кештер өткізді. Клуб, микрофон жоқ кез. Жұмысшылар әр жерге шоғырланып тұрса, ақын-жазушылар жүк көлігінің бортында шығып, өлеңдерін оқыды. Маған, әсіресе, Қадекеңнің өлеңдері ұнайтын.

1995 жылы, Бөрлі ауданының әкімі болып жүрген кезімде, Қадыр ақынның 60 жылдық мерейтойы республика көлемінде тойланды. Облыста өткен бұл бағыттағы шарадан кейін оны Бөрліде жалғастыруды ұсындым. Той иесі ұсынысымды құп алып, айнымас досы, ақын Тұманбай Молдағалиев екеуі келді. Үш күн бойы ауданымызда бұрын-соңды болмаған әдеби кештер, кездесулер өтті. Осы кездесулер халықты бір серпілтіп, рухын көтергені анық.

2002 жылы Батыс Қазақстан облысы әкімі Қырымбек Көшербаев Қадекеңді және басқа да өнер қайраткерлерін елге шақырып, үй-жай беріп, жағдайларын жасады ғой. Қадекеңе көп қабатты үйден әдемі пәтер ұсынылды. Сонда Қадыр ақын «Мен елімді аңсап келгенде, Ақ Жайықтың жусанын иіскеп, жерге бауырымды төсеп жатып, қаламымды тасқа қайрап, жыр жазайын, берсеңдер жер үйдің ретін келтіріңдер әрі дұрыс көршім болсын» деген көрінеді. Облыс әкімі «Қуанышбай Төлебаевтың үйінің маңында бір бос коттедж бар еді, соған қалай қарайсыз?» дегенде, «Менің көршім Қуанышбай болса, өте жақсы. Бұдан басқа көршіні таңдамаймын» деп, риза болды. Іргемізге Қадыкеңнің көшіп келгені жалғыз маған емес, осы ша-ғын ауданның тұрғындары үшін қуанышты жайт болды. Орыс-қазағы аралас көрші-көлем атақты ақынмен амандасып, әңгімелесіп қалғанды жақсы көріп, жолын тосып жүретін. Қадыр шын мәнінде халықтың, ұлттың ақыны еді ғой. Өмірінің соңғы жылдарында ақынмен сырлас, жақын көрші болғанымды мақтан етемін».

Қуанышбай ағамыздың тағы бір жақсы қасиеті – жидашылығы. Соған орай ол өткен тарихымыздан мәлімет жинап, өз ауласынан үй-мұражайын ашты. Мұнда республикамыздың, соның ішінде облысымыздың кешегісі мен бүгінгісінен сыр шертетін біраз жәдігер жинақталған. Сондай-ақ Төлебаевтар әулетінің шежіресі туралы да дерек көп. «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деген осы.

Қуанышбай Төлебайұлы өзінің қарым-қабілет, білім-білігі һәм ұйымдастырушылық қасиеттерінің және ойға түйген, көрген-білген өмірлік тәжірибесінің арқасында қызмет бабында талай бел-белеске көтеріліп, елге қызмет етті.

Оның мұндай еңбектері ескерусіз қалған жоқ. «Құрмет» орденін, «Құрмет» белгісін, ҚР Президентінің «Алтын барыс» белгісін, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалін алды және көптеген отандық, шетелдік марапаттарға ие болды. Қуанышбай ағамыз Рзагүл апай екеуі — бүгіндері ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйіп, шөбере күтіп отырған бақытты ата-ана.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»


Жүн түтіп, көрпе жасайды

Күні: , 1 012 рет оқылды

IMG_5539


Бұрыннан да іс тігуге бейімі бар Ғалия Шалақашова жүн түтетін цех ашып, көрпе жасауды жоспарлап жүрген болатын.


Мұны құп көрген Ғалия апамыздың жолдасы Насиболла Азаматов «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 1 миллион теңге көлемінде қаржылай несие алды да, «Арай» жеке кәсіпкерлігін ашып, жұмыстарын бастап кетті. Орал қаласынан 600 мың теңгеге жүн түтетін станок сатып алды. Жүнді жуып, оны түтумен айналысуға бір адамды жұмысқа қабылдады.

— Негізі көрпе жасаумен айналысқаныма үш жылдай уақыт болды. Станок сатып алғаннан кейін жұмыс көлемі артты. Тапсырыс берушілердің дені өз ауданымыздан. Көршілес Александров-Гай, Новоузен аудандарынан да тапсырыстар болып жатады. Соңғы  кездері көрпемізге атыраулықтар да қызығушылық танытуда. Тысталмаған көрпелерді 3500 теңгеден, ал тысталған дайын көрпелерді 5000 теңгеден сатудамыз. Соңғы үш ай көлемінде 100-ден аса көрпе жасаппыз. Алдағы айға да 30 шақты көрпеге тапсырыс алып қойдым. Тоқымамен айналысу да жоспарымда бар. Сондай-ақ жұқа киіз басып, ұлтарақ шығаруды да ойластырып жүрміз. Қыс айында шұлықтар тоқып сатамыз.  Жіп иіретін машинаны жолдасым өз қолынан жасап алған. Жүнді шаруа қожалықтарынан бір келісін 100 теңгеден қабылдап аламыз. Цехымыз үлкейсе, тағы да жұмысшылар алмақпыз. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын қабылдаған үкіметке алғысымыз шексіз. Соның нәтижесінде кәсібіміз кеңейіп, табысымыз да молайып жатыр, — дейді Ғалия Шалақашова.

Мөлдір ТӨЛЕКЕНОВА,

Қазталов ауданы

P.S.  Статистикалық мәліметтер бойынша, елімізде жылына 40 мың тонна жүн өртеледі екен. Оның көп бөлігі – күзем жүндер. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдары кеңес әскерлерін қатал қыстан аман алып шыққан жүн өнімдерін өндіру ісі қазір елімізде кенжелеп қалып отыр. Дегенмен атакәсіпті жалғастыруды жолға қойған Азамат пен Ғалия секілді жандарға мемлекеттен мейлінше қолдау болса, бұл іске қызығушылардың саны арта түсер ме еді?..

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика