Мұрағат: 24.11.2015


Сапаға ұмтылғандар ұтылмайды

Күні: , 820 рет оқылды

камал ойл


Алдағы желтоқсан айында ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына республикалық байқау қорытындысы өтеді. Биыл оныншы рет өткелі отырған байқауға облысымыздан 6 компания, соның ішінде «Қызмет көрсетушi үздiк мекеме» аталымы бойынша «Камал-Ойл», «Отделстрой» компаниялары қатысады.


Өңірдегі ірі құрылыс компанияларының бірі – «Отделстрой» ЖШС Оралда Достық үйінің құрылысын аяқтауға таяу. Құрылыс нысанының мердігері – «Отделстрой» ЖШС компаниясының басшысы Валентина Михноның айтуынша, маңызды нысанда этномәдени орталықтар орналасады және Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының түрлі шаралары өтетін болады. Жалпы құрылыс компаниясы мемлекеттік тапсырыстар бойынша қолға алған екі нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Құрылыс жұ-мыстарында барлығы 287 адам еңбек етуде. Жаңа шағынаудандағы Достық үйінің құрылысын еліміздің тұңғыш Президенті кү-ніне мерзімінен бұрын аяқтау жоспарланған. Бұл жобаның құны 900 млн. теңге шамасында. Достық үйінің жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайды. Онда этномәдени орталықтардың бөлмелері, конференц-зал, көрме-холл, дыбыс жазу студиясы және өзге де бөлмелер болмақ.

«Отделстрой» компаниясының екінші құрылыс нысаны – Зашаған кентіндегі 9 қабатты 72 пәтерлік тұрғын үй құрылысы. Үй құрылысына қаржы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан бөлінген. Қазіргі уақытта компания бөлінген қаржыны толықтай игерген.

Құрылыс компаниясының өндірістік базасы қажетті құрал-жабдықпен қамтылған. Базада жөндеу шеберханасы, ағаш өңдеу цехы, дәнекерлеу, токарьлық цехтар жұмыс істейді. 2010 жылы кәсіпорын бетон дайындайтын шағын зауыт ашты. Бүгінде онда құрылыс жұмыстарына қажетті жоғары сапалы бетон және цемент сұйықтығы дайындалады. Зауыттың өнімдерін өңірдегі өзге де құрылыс компаниялары пайдаланады. «Отделстрой» компаниясы одан басқа пластикалық терезені өздері дайындап, құрылыс нысандарына орнатады. Осындай өндірістік орындардың болуы құрылыс нысандарындағы жұмыстың уақтылы әрі сапалы орындалуына мүмкіндік береді.

Компания соңғы жылдардың өзінде бірқатар әлеуметтік нысандарды сапалы салып, пайдалануға тапсырды. Ондай нысан-дардың ішінде Оралдағы Самал көшесіндегі 360 орындық балабақша, 5-шағынаудандағы 5 қабатты 90 пәтерлік, 9-шағынау-дандағы 81 пәтерлік, Жаңа орда шағынауданындағы 80 пәтерлік тұрғын үйлер және Теректі ауданы Көнеккеткен ауылындағы 198 орындық мектеп ғимараты, Подстепный ауылындағы амбулатория, Зашаған кентіндегі 5 қабатты 75 пәтерлік тұрғын үй және өзгелері бар.

— «Отделстрой» республикада ең алғашқылардың бірі болып құрылыс үрдісіне ИСО:9001 халықаралық сапа стандарттарын енгізуді қолға алды. Соның нәтижесінде сапа менеджментіне сәйкестігі бәсекеге қабілеттілікті сақтауға және «ҚПО б.в.» компаниясымен, шетел фирмаларымен бірігіп қызмет атқаруға жол ашты. Біз әр уақытта сапаға бірінші кезекте мән береміз. Биыл ҚР Президентінің «Алтын сапа» байқауына қатыспақпыз. Бірінші рет емес, бұрын да қатысқанбыз. Бұл байқау кәсіпорнымыздың тыныс-тірлігіне тың серпін береді, — дейді «Отделстрой» ЖШС-ның директоры, «ҚР-ның құрметті құрылысшысы» Валентина Михно.

«Алтын сапа» байқауына өңірімізден қатысатын компаниялардың екіншісі – «Камал-Ойл» ЖШС. Тұрақты даму жолына түскен бұл кәсіпорын жобалау, инжинирингтік, құрал-жабдықтарды және материалдарды тексеру, құрылысты басқару қызметтерін көрсетуге маманданған. Сонымен қатар компания құжат айналымы саласында өзіндік бағдарламалар жасақтаумен айналысады. Компания өз жұмысында жаңа технологияларды пайдаланып, кез келген нысанның 3D үлгісін жасайды.

– Құжат айналымын басқарудағы өзіміздің бағдарламалық жобаларымызды ерекше деп мақтанышпен айта аламыз. EurisKO және DCC-EurisKO деген бағдарламаларымыз – компаниямыздың өз өнімі. Осы бағдарламалардың көмегімен жер шарының кез келген түкпірінен интернет-браузерлер арқылы ешқандай құрылғысыз-ақ түрлі құжаттарды тексеруге, компаниялардың құжат ай-налымын алыстан отырып басқару мүмкіндігі бар. EurisKO арқылы құжаттарды жедел үйлестіруге, олардың орындалуын ба-қылауға, компанияның құжаттарын сенімді қорғауға болады, — деді аталмыш компанияның коммерциялық директоры Эльмира Камалова.

Компанияның мамандары әлемнің түкпір-түкпірінен жеткізілетін түрлі технологиялық қондырғылар мен материалдардың сапасын өндіріске жеткізбес бұрын тексеріп, жарамды-жарамсыздығын, әрбір бөлшегінің сапасын анықтай алады. Бүгінде оралдық компания әлемнің төрт құрлы-ғында инспекциялау қызметтерін жүргізеді. «Камал-Ойлдың» Оралдағы жоғары оқу орнын бітірген жастар шоғырын жұмысқа алып, өздері оқытып, тәрбиелеп алған тәжірибесі өзгелерге өнеге боларлықтай. Сондай жастар бүгінде инспекциялау жұмыстарын да жүргізуде. Бұл жұмысқа шетелдерден де қажетті мамандар тартылады. Атап айтсақ, бүгінде АҚШ, Еуропа елдері, Оңтүстік Кәріс, Араб әмірлігі сықылды бірқатар мемлекеттердегі мердігерлердің жұмыстарын инспекциялап, қызмет көрсетуде.

«Компанияның дамуы үшін алдымен оның қызметкерлерінің біліктіліктерін арттырып, өсіріп отыру керек. Сонда ғана компания кез келген тапсырысты сапалы орындай алады. Ұсынылатын қызмет сапасын үнемі жетілдіріп отыру қазіргі бәсекелестік жағдайында аса маңызды. Тапсырыс берушілерге қазақстандықтардың тек «күрекпен» емес, өзге де жұмыстарды атқара алатынын дәлелдеу оңайға түспеді», — деді «Камал-Ойл» ЖШС компаниясының бас директоры Абай Камалов.

Бүгінде құрылғанына алты жыл болған жас компанияда 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Компания еліміз бойынша үздік са-лық төлеуші деп танылып жүр. Тек биылғы жылдың он айы ішінде «Камал-Ойл» республикалық бюджетке 465 млн. теңге, жергілікті бюджетке 10 млн. теңге шамасында салық төлеген. Жобалау, инспекциялау саласында көшбасшы деп танылып отырған «Камал-Ойл» ұжымының ұлттық, одан әрі халықаралық деңгейде көшбасшы болары шүбәсіз.

Қорыта айтар болсақ, Елбасының қолынан марапат алуға ұмтылып, сапаны бірінші кезекке қойғандар қашан да ұтылмайды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Әдемі әуендер әуелеген кеш

Күні: , 906 рет оқылды

DMS_3143


Жуырда облыстық қазақ драма театрында Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының жастар шығармашылығы орталығы жанындағы облыс әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі шығармашылық есеп беру концертін өткізді.


Өнер кеші аталмыш оркестрдің орындауындағы М. Густавустың «Хорошее настроение» әуенімен басталды. Бұдан кейін белгілі сазгер Арнольд Бабаджанянның «Загадай желание» әнін М. Төлебаев атындағы республикалық вокалистер конкурсының лауреаты Айбар Қайырханов нақышына келтіре орындады. Халықаралық және республикалық «Жас қанат» байқауының лауреаты Қадырболат Едіровтің сырлы әуенін де жұртшылық жылы қабылдады. Қасым Аманжоловтың өлеңіне әуен жазған жігіттің әншілігімен қоса, сазгерлігі де тыңдарманды бейжай қалдырмады. Әуенді тыңдап отырғанда, бір қуаныш, бір үміт кезектесіп, адамның ішкі дүниесін тебіреніске толтырады. Бұл сазгердің шеберлігі болса керек.

Бұған қоса Эльмира Усаева, Дамир Сатыбаев секілді жас әншілердің орындауындағы әндер де көпшіліктің көңілінен шықты. Әсіресе, Салауат Мұхамеджановтың орындауындағы Георгий Мовсисянның «Мои года – мое богатство» әнін тыңдаған үлкендер жағы Кеңес дәуіріндегі керемет әнші Вахтанг Кикабидзені және өздерінің жастық шақтарын естеріне түсіріп, бір серпіліп қалды. Сондай-ақ оркестрдің сүйемелдеуімен әуелете ән салған ҚР еңбек сіңірген әртіс, «Құрмет» орденінің иегері Қанатқали Қожақов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңылсын Хасанова, ҚР мәдениет саласының үздігі Мұрат Әмірханов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Ақмарал Ахметова мен Айсұлу Жұмалиеваның өнеріне тыңдармандар шын көңілден риза болып, қол соқты. Концерт барысында классикалық дүниелерді бабына келтіре орындаған оркестрге жетекшілік еткен ҚР мәдениет қайраткері, бас дирижер Александр Шевелев пен дирижер Асхат Хасановтың да өз ісінің нағыз мамандары екені көрініп тұрды. Айтпақшы, қала тұрғындарына осындай жан жадыратар әдемі кеш сыйлаған оркестрдің құрамында қырық шақты кәсіби музыканттың еңбек ететінін айта кеткен жөн болар. Олар – Құрманғазы атындағы Қазақтың ұлттық консерваториясы мен Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының, Ахмет Жұбанов атындағы республикалық саз мектебі мен М. Өтемісов атындағы БҚМУ, Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінің түлектері. Елімізге танымал осындай өнер ордаларынан тәлім алған оралдық дарындар қазақ, орыс композиторларымен қоса, шетел композиторларының да шығармаларын тамылжыта орындап, көпшілікті әсем әуенмен сусындатты.

Кеш соңында өнер ұжымына облыс әкімі Н. Ноғаевтың атынан ықылас гүлі табыс етілді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Өмірді өлімге айырбастама!

Күні: , 1 026 рет оқылды

1315527488_abxdc8g7vzs5wte.jpeg


ДСҰ-ның мәліметінше, суицидтен 100 мың адамға 30 жағдайдан тіркелген біздің еліміз алдыңғы орындардың бірінде. Әлемде жыл сайын шамамен миллионға жуық адам өз-өзіне қол салып көз жұмса, соның 8 мыңы – қазақстандықтар. Яғни елімізде әр сағат сайын бір адам өз еркімен өмірмен қош айтысады. Мұның себебін іздеу қиынның қиыны.


Суицид себептері

Мамандардың пікірінше, суицидтің негізі адам тәні мен жанының генетикалық, психологиялық және әлеуметтік қат-қабаттары арасында. Психолог мамандар өмірдің ең ауыр сынақтары өзін-өзі өлтіруге себеп емес, сылтау ғана екендігін айтады. Олардың пайымдауынша, көп жағдайда депрессия әсер етеді. Ал депрессияға диагноз қойылмайды әрі емделмейді. Сондықтан бұл – ең  ауыр, шешімі өте қиын түйін.

Генетикалық себептері деп отырғанымыз – тұқымқуалаушылық арқылы берілетін суицидке жетелейтін психологиялық аурулар. Зерттеулер қалыпқа түспейтін агрессиясы бар жандардың миында серотонин деңгейі қалыптан төмен екенін анықтаған. Жоғарыда әлеуметтік себеп деп отырғанымыз – адамның әлеуметтік өмір қалпы мен құндылықтарды бағамдауы. Француз социологы Дюркгейм (Durkheim) өз-өзіне қол жұмсау  тұлғаның өзін қоғамның бөлшегі сезінуіне тікелей байланысты екенін дәлелдеген. Егер тұлға қоғаммен байланысын үзе бастаса, жалғызсыраса, осы ой оны төңіректей бастамақ. Бұл жалғыздық оны өзін ешкімге керексіз сезінуге дейін жеткізеді. Иә, бұл дерттің шынымен ХХ ғасырда кең жайылуының бір себебі осында жатса керек. Әйтпесе бұдан да ауыр замандарды бастан кешкен адамзат қазіргідей жайлы кезеңде неге өздігінен қырылуда?

Суицидке бейім кісілер – өмірінде өзгелерден гөрі стреске аз тап болғандар, үлкен проблемалармен бетпе-бет қалып көр-мегендер, яғни аса қиындық көрмегендер. Сонымен қатар бұрыннан проблемадан көз ашпаған – отбасын жоғалтқандар, туыстарымен қарым-қатынасын үзгендер, әке-шешесінен бөлек тұратындар, бала кезінен дұрыс тәрбие алмай қиын мінезді болып қалыптасқандар. Бұл, психологтардың пайымдауынша, теория бойынша айтылған санаттар. Ал біз соңғы кезде жарасымды жанұялардан шыққандар да суицидке барып жатқанын көріп жүрміз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары адамдардың өз өміріне қол жұмсауына себеп болатын мынадай факторларды көрсетеді: 1,2% – денсаулығының нашарлығынан; 3% – қаражат қиындығынан; 1,4% – өмір сүрудің ауырлығынан; 6% – құмарлықтан; 18% – отбасы келіспеушілігінен; 18% – рухани дерттен; 19% – жазасын өтеуден жалтару мақсатында осындай қатерлі қадамға барады екен. Ал өзін-өзі өлтіру фактілерінің 41%-ы дәл неден болатыны беймәлім болып отыр. Зерттеулер суицидке бейім жандардың ойын сараптай келе мынадай негізгі себептерді анықтаған:

Оқшаулану немесе шеттетілу (өзін ешкім түсінбейді, ешкімге керек емес деп сезіну).

Шарасыздық немесе әлсіздік (өмірін қадағалай алмайтындай, өзіне ештеңе байланысты еместей сезіну).

Сенімсіздік немесе үмітсіздік (келешектен ештеңе күтпеу).

Өзін тым төмен бағалау (өз абыройы үшін қорлану, кеміс санап, өзі үшін ұялу).

Одан басқа отбасылық денсаулық жағдайы, қоғамдық орны – оқу, жұмыстағы сәтсіздіктер немесе материалдық қиындықтар да себеп болады. Бірақ жоғарыда айтылған проблемалар барлығының алдынан шығады. Бәрі бірдей өз-өзіне қол жұмсамайды ғой. Неге? Себебі өмір сүруге оң ықпал ететін бірнеше факторлар болады. Ол – тату-тәтті отбасы, махаббат, ата-ана қамқорлығы, дұрыс тәрбие, мінездің орнықтылығы мен ұстамдылық. Жауапкершілікті сезінген адамға осындай қасиеттер кез келген проблемаларға қарсы тұруға көмектеседі.

Ең көп суицидке баратын, өкінішке орай, күйзеліске (стресс) ұшыраған жасөспірімдер. Кездескен мәселені шеше алмай уа-йымға салынған және жеке басының себептері: мектептегі ұстаздар немесе сыныптастармен жанжалдасу, достарымен ұрыс-керіс, сәтсіз махаббат, ата-аналарының түсінбеуі және оған зорлық көрсетуі сияқты отбасындағы күрделі психологиялық жағдай. Соңғы кезде бұл себептерге қоғамды жайлаған мейірімсіздік, есірткі, қаржы мәселесі, ғаламтор, ойынқұмарлық және жасөспірім бой-жеткендердің жүктілігі қосылды. Соңғысы қазіргі жасөспірімдердің барлық суицид жағдайларының 21%-на себеп болған. Барлық себепті қамту мүмкін емес. Себебі адам жаны нәзік, әркімге әр түрлі нәрсе әсер етеді. Бірақ алдын алу маңызды.

Жамандықтың жарнамасы жүріп тұр

Жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсаушылардың көбею себебі – қоғамда қатыгездіктің аса көп насихатталуынан. Дүниенің әсіре ақпараттануы, адамның табиғаттан алшақтауы осыған әкелді. Телеарнаны қосса да сол, компьютерлік ойыны да, ғаламтор да мейірімнен зәру. Қадағалайтын атаана – жұмысбасты. Жалпы, түбегейлі қалыптасып болмаған жас сананың жалғызсырауы, сырлас таба алмай ғаламторға, әлеуметтік желіге жүгінуі жақсы емес. Мәселен, Оралда осыдан бір ай бұрын 9-қабаттан секірген жасөспірім қыздың әлеуметтік желідегі па-рақшасындағы жазбаларынан оның 2 жылдан бері осындай әрекетке барғысы келгенін байқауға болады. «Аспанға тыныш өліммен аттанғым келеді» деген бағыттағы оның түрлі сұмдық жазбалары жауапсыз қалған, ешкім демеу көрсетпеген. Сондықтан айналамыздағы адамға немқұрайлы қарауға болмайды.

Биылдың өзінде облыста суицидті насихаттаған 7 ғаламтор көзі (интернет-ресурс) бұғатталды. Былтыр 16 жасында өзіне қол жұмсаған ақсайлық қыздың сол сайттардың біріне ғұмырының соңғы күніне дейін тұрақты кіріп отырғаны белгілі болды. Ол сайттар өз алдына, бізге күнделікті жаңалықтар ұсынатын қарапайым ақпараттық сайттар да суицидті жарнамалаудан қалысар емес. Өз-өзіне қол жұмсағандардың әрекетін егжей-тегжейлі баяндап, оқиға орнының, тіпті жансыз дененің суреті мен бейнекөрінісін жарыса жариялауда. Бұл былай көзге байқаусыз болғанымен, суицид жасау туралы біреуге ой салып, ал жаман ой төңіректеп жүргенді әрекетке итермелеуі әбден мүмкін. Оны сайттардың иелері ойлап жатқан жоқ. Бастысы, рейтинг жинаса болды, өзінің жамандықтың жарнамасымен айналысып отырғандығын мойындаса, кәнекей?

Мәселен, соңғы кезде өзін-өзі өртейтіндер пайда болды. Бұл да биыл осындай видеолардың қазақы интернет кеңістігін жаулап алуымен байланысты. Сол себептен ғаламторда осындай ақпаратты бөлісу алдында ойланыңыз, ағайын. Сіз сондай ақпаратты бөлісу арқылы жамандықты еселеп жатқан жоқсыз ба?

Өкінішке орай, суицид жасауға саналы, арнайы мақсатпен баратындар да кездесуде. Олар  өзіне назар аударту үшін, біреуден бірдеңе талап ету үшін өз өлімімен қорқытып бопсалайтындар. Ақылы толыспаған балалардың ата-анасын қорқытқаны өз алдына, билікті қорқытқысы келіп арандатушылық әрекетке баратын-дар пайда болды. Бірі биік кранға шығып, бірі алаңға шығып қорқытпақшы. Олардың арасында шын әділдікке жете алмай қи-налғандары жоқ емес, алайда мемлекетке әбден иек артып, асырандысына айналғандардың да бар екені шындық. Өмірде бір нәрсеге қол жеткізе алмауына өзін емес, мемлекетті кінәлайтындар көбеюде. Олар билікті бопсалау арқылы керегіне қол жеткізгендер жайлы бәрін біліп отыр.

Суицидтің психологиялық негіздері

Кейде адам мән-мағынаны ұғынудан, айналасындағы әсемдікті көруден қалады. Оларды көрсетпейтін мида бір сүзгі тұрған-дай болады. Сол кезде өмірдің мәні жоғалғандай сезіледі. Суицидке бейімдер – ақыл-ой мен қызығушылықтан ада қалған жан. Бір нәрсені білемін дейтін қызығушылығы тоқтаған кезде адамның ішкі жан дүниесінің тіршілігі тоқтағандай сезіледі. Ал біреулер үшін өмірді үзу – сауықтың бір түрі ғана. Бәрінен жалыққандар осындай әрекетке барады. Өлімді басты нысана ғып «Өмірден бәрін алып қалу керек, бір рет өмір сүреміз» деген қағидамен өмір сүру де бір күні осы әрекетке алып келеді. Мұндай адамдар өзімшіл болып келеді де ішкілік, жағымсыз әдеттер, тіл алмаушылықпен жүріп бір сәтте тығырыққа тіреледі. Суицидтік жағдай – біреулер үшін ұзаққа созылған ұйқысыздық тәрізді. Олар өлімді мәңгілік ұйқы ретінде қарастырады. Сөйтіп, бәрінен оңай құтылғысы бар. Кейбірі өмірді тек қана қақтығыстар тізбегі деп ұғынуға мәжбүр, сөйтіп, тіршілікті толық қабылдай алмайды.  Біреулер өзіне назар аударту үшін осы ауыр қадамға жариялы барады екен. Хат жазып кететіндер осындай санаттағылар. Ал бұл дерттен құтылудың ең басты жолы – өмірдің мәнін ұғыну. Өмір сүруге жетелейтін құндылықтарды ойлау. Ішкі жан дүниенің бос қалуы мәнсіздікке апарады. Өмірді мәнді ететін – қамқорлық. Біреуге пайдалы болуды сезіну – бақыт. Ал құндылықты сезінбеу, қолда бардың қадіріне жетпеу, әрине, тығырыққа тірейді.

Алдын алудың алғышарттары

Психологтар суицидтің алдын алу үшін жаныңыздағы адамдарға мән беріп, жан дүниесіне үңілуге тырысу керектігін айтады. Белсенділігін жойып, ештеңеге зауқы соқпау, тұйықталып сөйлесуден қашса, ашушаң, күйгелек болып кетсе, бүкіл әлемге өкпелі болып бара жатқанын байқасаңыз, назарыңыз бен мейіріміңізді аямаңыз. Сіз біреудің өмірін құтқарып қалуыңыз әбден мүмкін. Ал жасөспірімдерге қатысты суицидтің алдын алудың басты шарасы – бұл ата-ана мейірімі мен аялы қамқорлық. Жабырқап жүрген адамның жанын не жаралайтынын біле жүрген жөн. Бұл әрекет оны ойландырып, өзін сыйлайтын, қадірлейтін жан барын ұғындырады, сол арқылы райынан қайтады. Қандай қиын жағдайда да тығырықтан шығатын жол болатыны жайлы жиі әңгімелескен жақсы. Олар бұл қиындықтан кейін де өмір барын, оның жалғасатынын ұғыну керек. Сонда бақытсыздықтан айналып өтуге болады.

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистерінде өзіне-өзі қол салу ауыр күнә ретінде сипатталады. Алланың елшісінен жеткен бір хадисте: «Бір адам өзін таудан тастап өлтірсе, ол адам жаһаннамда (тозақта) болады. Сөйтіп, өзін мәңгі тозаққа тастайтын болады. Ал бір адам у ішіп өзін-өзі өлтірсе, сол уды тозақта мәңгі ішетін болады» делінген. Яғни дінде де өзін-өзі өлтіру орны толмас ауыр күнә ретінде қарастырылады.

Ата Заңымызда «Мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деп көрсетілген. Сондықтан өмірді қорғау – жеке адамның ғана проблемасы емес, жалпы қоғамның алдында тұрған өзекті мәселе. Қазақстанның Конституциясында «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» деген де бабы бар. Бұл бап қорқыту, қатыгездікпен қарау немесе жәбірленушінің адамдық қасиетін ұдайы кемсіту жолымен тұлғаны өзін-өзі өлтіруге немесе өзін-өзі өлтіруге қастандық жасауға жеткізумен сипатталады. Яғни мұндай жағдайлар да орын алуда. Сол себептен әділдікке селқостық, мейірімге мұқтаждық танытпай, айналаға сергек көзбен қарайық, ағайын!

Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Ұлттық қор қаржысының 86 пайызы игерілді

Күні: , 798 рет оқылды

IMG_7644


Жуырда «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы  саяси кеңесінің бюро отырысы өтті. Жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жүргізді.


Күн тәртібінде «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасын іске асырудағы партиялық тәлімгерлердің есептері туралы және бюджет қаражаты мен ұлттық қордан (соның ішінде «Нұрлы жол») бөлінетін қаражаттың тиімді пайдаланылуы бойынша партиялық бақылау туралы, сондай-ақ филиалдың ішкі жұмыстарына қатысты мәселелер қаралды.

Бастапқы мәселенің білім және ғылым бағыты бойынша облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасын іске асырудағы партиялық тәлімгер Асхат Иманғалиев баяндады.

Асхат Сәлімұлының айтуынша, облыста мектепке дейінгі тәрбие және оқумен қамтылу көрсеткіші – 97,9 пайыз. Бұл көрсеткіш республика бойынша орта есеппен 77,7 пайызды құрайды. Ал 2015 жылы орындалуға тиісті сайлауалды тұғырнамада көрсетілген жоспарлы меже  80 пайыз екен. Жаңадан бес мектеп салынды. Олардың үшеуі Жаңақала ауданына, қалған екеуі Орал қаласы мен  Теректі ауданына тиесілі. Екі мектеп республикалық бюджет қаржысына, үш мектеп апатты жағдайдағы мектепті ауыстыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен салынған. Үш ауысымды және апатты мектеп мәселесі толықтай шешілген. Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі балаларға жағдай жасалған мектептердің үлесі 59,1 пайызды құрап отыр. Бұл бағытта еліміз бойынша бекітілген жоспар  30 пайыз болса, бүгінде республикалық орташа көрсеткіш  25 пайызға тең. PISA (оқушылардың білімін бағалайтын халықаралық бағдарлама) стандарттары бойынша БҚО ғана емес, тұтас еліміздегі көрсеткіш айтарлықтай ақсап келеді. Біліктілікті арттыру курстарынан өткен өңір мұғалімдері үшін 30 пайыздан 100 пайызға дейін қосымша үстемақы төленіп, бұл бағыттағы қызмет өз деңгейінде атқарылуда. Облыс мектептерінің 30 пайызы кең жолақты ғаламторға қосылған. Өңірдегі 17 колледжге дуалды оқыту элементтері енгізілген. Облысымыздағы колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші еліміз бойынша үшінші орынға ие. Ұлттық рейтинг бойынша Махамбет атындағы БҚМУ және Жәңгір хан атындағы БҚАТУ үздік ондыққа енген.

Облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасын іске асырудағы партиялық тәлімгер Ришат Хайруллин халық бірлігіне арналған шаралардың дені Қазақ хандығына 550 жыл, Қазақстан халқы ассамблеясына 20 жыл, Ұлы Жеңіске  70 жыл секілді мемлекеттік маңызды мерекелердің аясында жүзеге асырылғанына тоқталды. Ол мұндай шараларға өңірдегі атқарушы билік тарапынан көрсетілген қолдаудың зор екенін, еліміз бойынша осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға көңіл толатындығын айтып өтті.

Жиын барысында филиал төрағасы мәлімдегендей, жыл басынан ҚР Ұлттық қорынан біздің өңірге жалпы сомасы 9 миллиард 306 миллион теңге қарастырылған. Ағымдағы жылдың 1 қарашасына қаражаттың игерілуі жылдық жоспардың 86 пайызын құраған. Облыста «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 24 жоба іске асырылуда. Соның ішінде 9 жоба әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, 14 жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайтуға бағытталса, 1 жоба көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға арналған. Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға демеуқаржы бөлінген. Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау мақсатында бағдарламаның бес бағыты бойынша облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы жанынан комиссиялар құрамы бекітілген.

Осы мәселеге байланысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту бойынша облыстық комиссияның төрағасы Әлібек Сәтбаевтың және облыстық құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаевтың есептері тыңдалды.

Әлібек Байжанұлы өзі төрағалық ететін комиссия бақылауға алған қаржы көлемі 6 миллиард 116 миллион теңге, оның ішінде Ұлттық қордан бөлінгені 5 миллиард 960 миллион теңге екенін айтты. Қараша айының біріне дейін игерілген қаражат – 5 миллиард 565 миллион теңге. Яғни аталмыш бағдарлама бойынша бөлінген қаржының басым бөлігі игерілген.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаевтың айтуынша, еліміздің Ұлттық қорынан тұрғын үй және әлеуметтік құрылысқа 3 миллиард 542 миллион теңге шамасында қаражат қарастырылған. Оның 2 миллиард 762 миллион теңгесі тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тұрғын үйлерін салуға бөлінген. Бүгінгі таңда бұл саладағы қаражаттың игерілуі 85 пайызды құрап отыр. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 580 миллион теңгедей қаржы бөлініп, ол толықтай игерілген.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаев Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың нысаналы және тиімді пайдаланылуын қадағалайтын комиссияның жұмыс белсенділігін одан әрі арттыра түсу қажеттігін атап айтты.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


“Тауардың бағасын жұрттың қалтасы көтеретіндей қылып қоюға тырысамын”

Күні: , 827 рет оқылды

ағаш шебері


Қолға алған кәсібін одан әрі дамытып, шаруасын дөңгелетіп отырған жандар ауданымызда аз емес. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмауға тырысып, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын кәсіпкерлердің бірі – Дәулетқали  Кенжебаев.


Дәулетқали Қуандықұлы 1966 жылы Тасқала ауылында дүниеге келген. Тасқаладағы қазіргі Ы. Алтынсарин мектебін тәмамдаған. Әкесі бұрынғы Ленин атындағы совхоздың құрылыс бөлімшесінде ағаш шебері болып жұмыс жасаған.

– Бала кезімнен әкемнің қасында жүріп, ағаштан неше түрлі бұйымдар жасап үйрендім. Кейін ержеткенде ағаштан сандық, үстел мен бесік жасай бастадым, — дейді жеке кәсіпкер.

– Жеке іспен айналысуыма өмір ағымы алып келді. Бүгінгі күні көштен қалмау керек. Сондықтан жылдан-жылға ісімді дамытып, жаңа серпінмен жұмыс жасағым келеді. Бірінші жылы жеке ісімді бастағанымда тек қана  балта мен қолара болған еді, қазір, міне, керекті электр техникамен толық жабдықталып, ағаштан түрлі заттар жасап, кәсібімді дамытып отырмын. Осының барлығы  мемлекетіміздің кәсіпкерлерге жағдай жасап, үлкен мүмкіндік беруі деп білемін. Әр мамандықтың өзінің қиындығы да, қызығы да болады, бірақ өзіме жасап жүрген ісім ұнайды, – дейді кейіпкеріміз.

Биылғы жылдың шілде айында кейіпкеріміз «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 2 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, ағаш, станок және керек құрал-саймандарды сатып алып, жеке кәсібін  өрістетіп отыр.

– Тапсырыспен есік, терезе және тағы да басқа заттар жасаймын. Маусымдық жұмыс болғандықтан, жазда жұмыс көп болып, үлгермей жататын кездерім болады. Себебі тек аудан орталығы ғана емес, шалғайда тұратын ауыл тұрғындары да тапсырыс беріп жатады. Сондықтан әр жасаған  өнім-тауарымды тұрғындардың қалтасы көтеретіндей бағамен қоюға тырысамын. Мысалы, есіктің бағасы көлеміне байланысты, ең  арзаны 14 мың теңгеден  бастап  22 мыңға дейін көтеріледі. Терезе де шаршы сантиметріне қарай 8 немесе 10 мың теңгеден басталады. Қазіргі таңда жаппай пластикалық терезе қою сәнге айналды. Бірақ ағаш терезенің пластикалық терезеден айырмашылығы жер мен көктей. Себебі ағаш терезе – қалай дегенмен де табиғи таза өнім. Бірақ мен тұрғындарға пластикалық терезені алмаңыз дегеннен аулақпын. Әркімнің таңдауы өз еркінде, – дейді Дәулетқали аға.

Ендеше, кәсіпкердің кәсібі өрге басып, алға қарай дами беруіне біз де тілекшіміз.

Манас ӘЖІҒАЛИЕВ,

Тасқала ауданы


Балаңыз жауапкершілікті сезіне ме?

Күні: , 137 рет оқылды

DMS_46266


Кеше кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өткен отырыста жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицидтің алдын алу шаралары жөніндегі ведомствоаралық жоспардың орындалуы сөз болды.


Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық білім, ішкі саясат, денсаулық сақтау басқармалары, ішкі істер департаменті өкілдерінің есептік баяндамалары тыңдалып, комиссия мүшелері қоғам дертіне айналған  осынау  мәселе  жөнінде  кеңесті.

Облыста педагог-психологтар біліктіліктерін жетілдіруде, семинар-тренингтер, түсінік жұмыстары, шаралар бәрі жоспарға сай жүргізілуде. Алайда аталмыш жағдай орын алып жатқаны шындық, тоқтату мүмкін болмай тұр. Мұны комиссия мүшелері де жақсы біледі. Құр жоспар, сөзден іске көшетін, жаңаша әдіс-тәсілдер ойласатын уақыт та жеткенін өздері де айтып отыр. Қоғамда суицид айтыла түскеннен азаймасы анық. Психологтар оған барған баланың көңіл күйін соңғы сәтіне дейін дөп басып анықтай алмауда. Себебі бұл дерттің түбі – адамның санасында. Балаларды осы бағыттағы түрлі сайттардан, ақпараттан мектеп ғаламторы сақтандырғанымен, олардың әрқайсысының қалтасындағы ұялы телефонның ғаламторынан тию мүмкін еместей. Мұндай жағдай үйдегі тәрбиеге, ата-ана талабына, қадағалауына байланысты. Комиссия құрамындағы мамандар баланы ерте жастан өзіне, айналасына деген жауапкершілікті сезінуге үйрету қажеттігін айтты. Бәрін алдына дайындап бермей, еңбекке тәрбиелеу де жемісін бермек. Мамандардың әр баламен жеке жұмыстануы өз нәтижесін беруде. Сондай-ақ бұған отбасы-мектеп-қоғам болып  атсалысу  да  қажет-ақ.

Жиын соңында алдағы жылға жоспар бекітілді.

Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Медет ДОСУМОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика