Мұрағат: 21.11.2015


Бір-бірімізден үйренеріміз бар екен

Күні: , 794 рет оқылды

IMG_5399


Жаңақала ауданының маманданған саласы – мал шаруашылығы. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру, шетелдік селекциядан өнімі сапалы мал әкеліп,  оны жерсіндіріп, өсіру жұмыстары соңғы жылдары қолға алынып, осы мақсаттағы мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс жүргізу жүйелі жалғасып, өз нәтижесін  бере бастағаны да белгілі.


Енді көршілес аудандармен тәжірибе алмасу, жақсысын үйрену, бірлесе жұмыс жүргізу үшін Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов күзгі жиым-терім аяқталып,  арқаны сәл кеңге салар кез – қазан айының басында Атырау облысының көршілес Индер, Исатай және өз облысымыздың Бөкей ордасы аудандарының өкілдерін шақырып, аудан өндірісін таныстырып, ортақ мәселелерді бірлесе жүргізу бағытында келелі кеңес өткізіп, төрт аудан басшылары бірлесе жұмыс жасар меморандумға қол қойған болатын.

Бұл бастаманы құп алған Исатай ауданының әкімдігі қараша айының 13 күні меморандумға қол қойған үш аудан өкілдерін өз ауылдарына шақырып, өндірістерін таныстыруға, қолға алған істі аяқсыз қалдырмауға пейіл білдірді. Күзгі жауын  жолдарынан қалдырған  Бөкей ордасы бара алмады да, Индер мен Жаңақала ауданының өкілдері Исатай ауданында болып, өндіріс ошақтарымен, экономикасымен, ел жағдайымен  танысып қайтты.

Танысу өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандардан басталды. Ақын Хамит Ерғалиев ауылындағы Қазақстанның халық әртісі, күй қағаны Рысбай Ғабдиев атындағы саябақты ашуға қатыстық. Жалпы 7 ауылдық округі бар ауданда 16 елді мекен, 27527 адам тұрады  екен.  Аудан аумағынан «Атырау-Астрахан» теміржолы, «Атырау-Астрахан» автомобиль жолы, «Қиғаш-Атырау-Өзен» су құбыры, «Солтүстік Кавказ-Мақат» күретамыр газ  құбыры  өтеді.

Негізгі байлығы мұнай болғандықтан, мал шаруашылығы салыстырмалы түрде алғанда, сәл кенжелеу дамып келеді екен. Күні бүгін бұл ауданда 14931 бас сиыр, 38203 бас қой мен ешкі, 12554 бас жылқы, 7196 бас түйе малы қысқа кіріпті. «Агронесие корпорациясы» АҚ-дан 142 млн. теңге несие алып, мал тұқымын асылдандыру  жұмыстарын  жүргізуде.

Бізді қызықтырғаны – халқы бізден 3527 адамға ғана артық ауданның жылдық бюджеті  4-4,5 млрд. теңгені құрайтындығы (бізден 2-2,5 есе көп). Осындай қаржы болғасын да болар, тұрғын үй салу қарқыны қызықтырды. Тек биылдың өзінде дәрігерлер үшін екі пәтерлік бір үй, аудан орталығынан 10 үй және көп қабатты 60 пәтерлік бір үй салынып, пайдалануға берілсе, тағы бір 60 пәтерлік тұрғын үйдің жобалық-сметалық  құжаттары  әзір тұр.

Бұл ауданның бізден тағы бір артықшылығы – елді мекендердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге ірі компаниялардың демеушілік танытуы. Биылдың өзінде «Теңізшевройл» компаниясы «Игілік» бағдарламасымен 400 орындық заманауи жабдықталған мәдениет үйін салып беріпті. «Каспий Тұрбақұбырлары  Консорциум» АҚ-ның демеушілігімен 160 орындық балабақша құрылысы, Х. Ерғалиев ауылында «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілік қаржысымен 100 орындық балабақша салынуда.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша таза сумен қамту 97,7 пайызға, аудан елді мекендерін табиғи газбен қамту 96 пайызға жеткен. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша шалғайда қоныстанған малшыларына 19 күн  және жел қуатымен электр қуатын өндіретін генераторлар орнатылып берілген. Балық аулау өндірісі  де  қайта  жандана  бастаған.

Күні бүгін үш ірі инвестициялық жобаға жер беріп отыр. Олардың бірі – жобалық  құны 17 561 100 мың теңге болатын ілеспе газды табиғи газға айналдыру зауыты. Екіншісі – жобалық құны 4,8 млрд. теңге болатын электр энергиясын өндіретін желдік қондырғылар салу болса, үшіншісі  жобалық құны 650 млн. теңге мұнай және резина, пластик қалдықтарын өңдейтін зауыт екен.

Бұл жобалар жүзеге асқанда ауданның жағдайы қарыштап жақсара түседі. Қысқасы, сапарлап барған Атырау облысының Исатай ауданынан көргеніміз де, көңілге түйгеніміз де көп, ауылға біраз ой арқалап  оралдық.

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы


Көш бастауға лайық компания

Күні: , 796 рет оқылды

DMS_3254


Кеше «Орал трансформатор зауыты» ЖШС еліміздің батыс өңіріндегі және ресейлік тұтынушыларға кәсіпорынның таныстырылымын өткізді.


Зауыттың атқарушы директоры Асқар Ажаевтың айтуынша, шараға негізінен Ресейдегі компаниялармен қатар еліміздің мұнайшы және машина жасаушы компаниялардың өкілдері шақырылған. Бір жыл ішінде кәсіпорынға 1200-ден астам трансформатор түрлеріне тапсырыстар түскен. Соның 92 пайызы экспортқа бағытталған. Әлемдік экономикадағы өзгерістер жаңадан ашылған өндіріс орнының тынысын «тарылтпаған». Кәсіпорынның өндірістік цехтарында 100-ден астам адам еңбек етуде. Басшылық олардың бірде-бірінің қысқармайтынын  айтты.

Компанияның тұсаукесері де жаңа нарықтарға шығу мақсатын көздейді. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның Ресейдің үш қаласында, соның ішінде Мәскеу-де, Екатеринбургте, Саратовта дилерлері бар. Ресейдің «Ростнефть» сықылды алпауыт мұнайшы компаниясымен өнім өткізу жөнінде келісімшарт жасалған. Қазақстандық компаниялардан «ТШО», «ҚПО б.в.» компанияларымен, қарағандылық «Арселор Миттал», «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен әріптестік байланыста. Сонымен қатар еліміздің өзге өңірлерінен  де  тапсырыс  түсуде.

Кәсіпорынның тыныс-тірлігімен танысып, цехтарын аралап көрген  меймандар зауыт өнімдерінің сапасы жайында оң пікірлерін білдірді. Олардың басым көпшілігі Еуразиялық экономикалық одақ жағдайында әріптестік байланыстардың  нығая  түскенін  атап  өтті.

– Өндірістің жұмысы еуропалық деңгейде ұйымдастырылған. Компаниямен бұрыннан жұмыс істейміз. Трансформатор – қосалқы стансаның жүрегі іспеттес. Сондықтан оралдық трансформаторларды алып, кәсіпорнымызда шығарылатын қосалқы стансаларға орнатамыз. Бұрын Кентаудағы зауытқа баратынбыз, енді Оралдан жаңа зауыттың ашылуы жол шығынын қысқартатын болды, бұған бек қуаныштымыз.  Біздің өнімдеріміздің таралу жағырапиясы кең, Татарстанға, Сібірге, Қорғанға, Сургутке, Ресейдің оңтүстік өңірлеріне тапсырыстар бойынша  өнім өндіреміз. Самара, Орынбор облыстары да тұрақты тұтынушыларымыздың қатарында. Оралдық зауыттың өнімдері жоғары  сапалы, бағасы да көңілге қонымды, – деді «Қазан электротехникалық жабдықтары зауыты» жауапкершілігі шектеулі қоғамының атқарушы директоры Болат Әлібеков. Ресей нарығында 12 жылдан бері еңбек ететін аталмыш компания оралдық зауытпен алдағы жылы да дилерлік әріптестік жөнінде келісім жасамақ. Ал Саратов қаласынан келген «Эврика МК» компаниясы директорының орынбасары Андрей Чечеткин оралдық зауытпен үш жылдық әріптестік байланыста екендерін айтты. «Бір жылда 10 млн. рубльдің өнімдерін алудан бастап, бүгінде 70 млн. рубльдің өнімдеріне тапсырыс бе-реміз. Қазақстандық өнімнің сапасы жоғары, сондықтан ресейлік нарықтан бәсекелестерімізді ығыстырып шығаратынымызға сенімдімін. Қос елдің нарығында көшбасшы болуға бұл компанияның көзірі жеткілікті», – деді А. Чечеткин.

Оралдық өндіріс ошағының таныстырылу рәсіміне келген машина жасаушыларға да кәсіпорынмен әріптестік байланыс орнатуға жол ашық. Облыс әкімдігі трансформатор зауытына батысқазақстандық машина жасаушылар қауымдастығына мүше болуды ұсынған. Компания аталмыш қауымдастыққа кірген жағдайда не өзгереді? Бұл сұрақты машина жасаушылар қауымдастығының директоры Көшербай Айтқожаұлына  қойған едік.

– Трансформатордың корпустық шкафын жергілікті кәсіпорындар жасар еді. Мұндай жағдайда өнімнің өзіндік құны төмендейді. Әрі логистика жағынан да тиімді. Қазіргі уақытта компания корпустық шкафты Алматыда құрастырады. Нақ осы мәселе бүгінгі кездесуде талқыланады деп ойлаймыз, – деді ол. К.Айтқожаұлының айтуынша, машина жасаушылар қауымдастығына кіретін компаниялар негізінен мұнайшылармен, «ТШО», «ҚПО б.в.» компанияларымен жұмыстануда. «ҚПО б.в.» компаниясы өз қаржы-қаражаты есебінен жергілікті мамандарды оқытуға, бірнеше кәсіпорындарға халықаралық стандарттарды енгізуге пейілді. Желтоқсанның бірінен бастап Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болып кіруімен бірге қазақстандық мазмұн деген түсінік жойылады. Сондықтан шетелдік компаниялардың шетелден тартылатын мердігерлері құрамында жергілікті компаниялардың болуы міндеттелді. Теңіздегі және Қарашығанақтағы жоба жұмыстарының жаңа кезеңіне жергілікті кәсіпорындар қатысу үшін де дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Басқосу компанияның конференц-залында жалғасты. «Alageum Electric»  холдингтік компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы Сәйдулла Қожабаев жиында жартығасырлық тәжірибелі «ойыншы» – холдингтік компанияның жұмыс барысымен таныстырып, электр энергетикасы саласындағы әріптестікті дамытудың әлеуетіне тоқталды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін нақты сезінетін бұл компания бұдан екі жыл бұрын Орал қаласына жедел жәрдем көлігін сыйға тартса, бұл кездесу барысында «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ға оралдық зауыттың нөмірі бірінші өнімі трансформаторды сыйға ұсынды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Дінтану міндетті пән ретінде оқытылмақ

Күні: , 779 рет оқылды

IMG_7578


Кеше облыстық қазақ драма театрында «Қазақстан халқы ассамблеясы – 20 жыл: дін, дәстүр және халық бірлігі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Облыстық дін істері басқармасы мен Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен шараға еліміздің әр аймағынан ғалымдар мен оқытушылар, облыстық дін істері басқармалары мен дін мәселесін ғылыми зерттеу және  талдау орталықтарының мамандары, республикалық және облыстық ақпарат-түсіндіру топтарының мүшелері, тарихшылар мен студент жастар қатысты.

Шараның басты мақсаты Қазақстандағы халық бірлігін, дін мен дәстүр сабақтастығын сақтап, этносаралық қатынастарды және толерантты сана мен конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал ету, діни экстремизмнің алдын алу жолдарын қарастыруға бағытталды.

Конференция жұмысы секциялық жұмыстармен басталды. Алғашқы секция «Дінаралық татулықты, халық бірлігін қамтамасыз етудегі Қазақстан халқы ассамблеясының рөлі» тақырыбында өрбіді. Ал секцияның екінші бөлігі «Діни экстремизмнің алдын алу мәселелері және террористік ұйымдардың идеологиясына қарсы тұрудың әдістері: халықаралық тәжірибе» бойынша баяндамалар талқыға салынды.

Секциялық жұмыстар қорытындыланғаннан кейін  пленарлық мәжіліспен жалғасын тапты. Басқосуда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен биылғы жылы елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы, ҚР Конституциясы  мен  Қазақстан халқы ассамблеясы 20 жылдығы секілді айтулы мерекеге толы болғанын ерекше атап өтті.

– Қазіргі таңда ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші рөлге ие болды. Жиырма жылдық тарихында аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Биыл ассамблеяның 20 жылдық тойы республикалық деңгейде мерекеленуде.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа  бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауында «Ассамблея құрылуының 20 жылдығын атап өту арқылы біз қазақстандықтардың рухани күш-қуатын арттыруымыз және толеранттылығын еселеуіміз керек. Сондықтан да біз Қазақстан халқын мәңгілік құндылықтарды – ел игілігі жолындағы ынта-жігерді, еңбекқорлық пен мақсаткерлікті арттыруға шақырамыз. Этносаралық келісім – қазақстандық қоғамға ауадай қажет фактор.

Бүгінде Қазақстан халық ассамблеясы дінаралық түсіністікті жетілдіруде де ерекше мән-маңызға ие. Дін мемлекеттің қоғамдық, рухани өмірінің негізгі құрамдас бөлігі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың қамтамасыз етілуіне өзіндік әсері бар айқындаушы сала деп бағаланады, – деді Бақтияр Мәкенұлы.

Жиында одан әрі «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» директорының орынбасары Ж. Дәуренов, ҚМДБ-ның ақпараттық-насихат тобының мүшесі, дінтанушы А. Қуанышбаев, Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы Е. Шохаев, БҚО  Қазақстан халқы ассамблеясы хатшысының орынбасары Ғ. Қапақов, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-ның профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы Д. Кенжетай, «Аңсар кеңес беру-оңалту» орталығының директоры А. Сабдин өз баяндамаларын оқып, пікірлерін  ортаға  салды.

Конференция барысында зайырлы мемлекеттің конституциялық және құқықтық аспектілері, ұлттық құндылықтарды нығайту, жастарды этникалық және діни толеранттылыққа тәрбиелеу, лаңкестік идеялар мен радикализмге қарсы тұру дағдыларын қалыптастыру, экстремизммен күресуде Ресейдің тәжірибесін қолдану секілді мәселелер қозғалды. Сондай-ақ дінтану пәні осы кезге дейін тек факультативті сабақ ретінде оқытылса, келесі оқу жылынан бастап міндетті пән ретінде енгізілмек.

Ләззат ШАҒАТАЙ

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Филиалда жаңа басшы

Күні: , 81 рет оқылды

IMG_7633


Жұма күні облысқа іссапармен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазсушар» РМК бас директорының орынбасары Бақытжан Кемелбеков «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалына жаңа басшы тағайындады.


Осы күннен бастап аталмыш мекеменің басшысы болып бекітілген Нұрболат Жұмағалиев 1966 жылдың 14 қаңтарында Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданына қарасты Ақоба ауылында дүниеге келген. Ол Х. Халиуллин атындағы орта мектепті 1983 жылы бітіргеннен кейін Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтікқұрылыс институтына оқуға түсіп, оны 1988 жылы инженер-гидротехник мамандығы бойынша аяқтады.  Еңбек жолын Жәнібек ауданында бастаған ол 1988 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Жәнібек суландыру жүйесінің сорғы стансасының инженері болып  жұмыс істеді. 1996 жылы Жәнібек суландыру жүйесінің бастығы қызметін атқарады. 2002 жылдан бастап «Батыссушар» РМК Жәнібек пайдалану учаскесінің бастығы болып қызмет істеген Нұрболат Жұмағалиев 2010 жылы «Батыссушар» РМК директорының орынбасары лауазымына ауыстырылды.

Нұрболат Жұмағалиев қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, тәуелсіз еліне адал еңбек етуінің нәтижесінде аудандық мәслихаттың депутаттығына үш мәрте сайланды. Су шаруашылығы саласында 27 жыл бойы үздіксіз қызмет еткен  ол шаруашылық мәселелеріне үлкен жауапкершілікпен қарап, олардың оң шешілуіне өз үлесін қосып келеді. Нұрболат Жұмағалиев – екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасының отағасы.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Ақсақалға ілтипат

Күні: , 790 рет оқылды

2 кабылдау аким


Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев еңбек және тыл ардагері Мақсот Батыровты 85 жасқа толуына орай қабылдап, құрмет көрсетті. Кездесуде Нұрлан Асқарұлы ақсақалға денсаулық пен жақсылық тілеп, гүл шоғы мен  алғысхат табыс етті.


1930 жылы Жалпақтал  ауылында өмірге келген Мақсот Қажығалиұлы 1954 жылы Алматыдағы зооветеринарлық институтты бітіріп, еңбек жолын Жәнібек ауданында қатардағы мал дәрігерлігінен бастады. Кейін 40 жылдан астам уақыт бойы Жәнібек, Фурманов (Жалпақтал) және бұрынғы Чапаев, бүгінгі Ақжайық аудандарында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында басшылық қызметте болды. Әсіресе, Жәнібек (1972-78) және Фурманов (1978-81) аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып қызмет істеген жылдары  Мақсот Қажығалиұлының іскерлікұйымдастырушылық қарым-қабілеті жарқырай көрінді. Қай қызметтерде болсын, М. Батыров адамдарға ілтипаты және зор ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. 1990 жылы зейнет демалысына шықса да, қол қусырып отырмай, қоғамдық жұмыстан тыс қалған жоқ. 2001-2006 жылдары облыстық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымы төрағасының орынбасары, ал 2006-2011 жылдары төрағасы міндетін атқарды.

– Нұрлан Асқарұлы ілтипатпен қабылдап, құрмет көрсетті. Хал-жағдайымды, отбасылық ахуалымды сұрады. Бүгінгі өмір хақындағы өзінің ой-пікірлерімен бөлісті. Өңір басшысына алғыс айтып, енді көтеріңкі көңілмен кетіп барамын, – деді БАҚ өкілдеріне берген аз-кем сұхбатында  Мақсот Қажығалиұлы.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ

Суретті түсірген  Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Алтынға жеткізген шұбат

Күні: , 861 рет оқылды

DSC_0208


Нұрлан Еркін – ғылымға деген ынтызарлығын, зор талабын бірнеше мәрте дәлелдеген жасөспірім. Ол Батыс Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 11-сыныбында оқиды. Нұрлан қазанның 25-30-ы күндері Бразилиядағы Новогамбург қаласында өткен отызыншы «MOSTRATEC» халықаралық байқауына қатысып, алтын медаль иеленді.


Ғылыми жобасының тақырыбы — «Study of microflora of Kazakhstan «Shubat».  Бұл байқауға іріктеу өте қатаң түрде өткен екен. Қазақстаннан жіберілген ғылыми жобалар Бразилияда сұрыпталған. Нәтижесінде елімізден 19 жобаны қорғауға 58 қатысушы жолдама алған екен. Біздің облыс бойынша Нұрланның ғана бағы жанды. Ізденімпаз оқушы ғылыми жобаға екі жыл бойы дайындалған. Жобаның ғылыми жетекшісі, биология пәнінің мұғалімі Нұрлан Сүйеуовтің айтуынша, еліміздің әр аймағынан әкелінген шұбаттың үлгілерінің микробиологиялық құрамы салыстыра зерттелген. Жалпы, табиғи сүт өнімдері денсаулыққа пайдалы екені белгілі. Олардың қатарында шұбатты ден қоя зерттеу ісі көп қолға алынбаған. Ғылыми жоба нәтижесінде осы ұлттық сусынның құрамындағы микрафлоралар қызметіне назар аударыла келе, шұбаттан үй жағдайында қолданылатын жаңа ашытқы алуға болатыны анықталды.

– Білім бәсекесіне әлемнің 28 елінен 875 оқушы қатысып, 450 жоба қорғалды. Түрлі секцияға бөліндік. Бізбен бірге барған ғылыми жетекшілерді қасымызға жібермеді. Жобаны ағылшын тілінде қорғадық. Одан әрмен мамандар португал тіліне аударып тұрды. Қазақы салт-дәстүрімізді де таныстырдық. Бірнеше күнге созылған байқауда жеңімпаз атандым. Болашақта шұбатты тереңірек зерттеуге ден қоятын боламын. Қазақстан атын барша әлемге таныта түскім келеді, – деді Нұрлан Еркін.

Қатарының алды болып жүрген жасөспірімнің бұған дейінгі  де жетістіктері едәуір. Былтыр сәуір айында «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырған республикалық білім олимпиадасында физика бағытында «Жел энергиясын дамытудың алғышарттары» атты жобаны қорғап, 3-орынды иемденеді. Енді осы жобаны жетілдіре түсіп, Грузияның астанасы Тбилисиде өтетін «INEPO», АҚШ-тың Хьюстон қаласында болатын «ISWEEP», Оңтүстік Кәріс елінде өтетін «Жас ғалымдар» атты халықаралық байқауларға дайындалуда.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Алтыншаш  АХМЕТҚАЛИЕВА, Нұрланның  анасы:

– Ұлымның жетістігіне қуаныштымын. Отағасы екеуміз жеке  кәсіпкерлікпен айналысамыз. Осы байқауға баратынын естігенде, барлық шаруаны кейінге ысырып, екі мезгіл білім ұясына барып, қолдау білдіріп отырдым. Қазақ-түрік лицейінің педагогикалық ұжымы жан-жақты дайындады. Жалпы Нұрлан – өте сабырлы. Өзім де ер-азамат ұстамды болуы керек екенін айтып отырамын. Оған рухани таяныш болып, жеңіске деген жігерін қайрап отырдым, қатаң талап қойдым. Мұғалімдері мұныма қайран қалып, балаға жұмсақ қарауымды өтінді. Мен білім саласында мейіріммен қарау дұрыс екенін айттым, бірақ бизнесте бәрі басқаша. Ержеткенде ұлымның бәсекеге қабілетті маман болғанын қалаймын. Ертең отбасын және ата-анасын бағып-күтетін тірек болады ғой… Нұрлан үмітімізді ақтап, Қазақстан шұбатын әлемге әйгіледі. Ұстаздар ұжымына зор алғыс айтамын.


Балуандарды баптайтын ару

Күні: , 834 рет оқылды

IMG-20151118-WA0006


Алтыншы сыныптан бастап дзюдо, самбо күресінен  Қазақстан, кейін  Азия, әлем чемпионатына қатысып, жүлделі орындарға ие болған жиырма алты жасар Альмира Исатаева – бүгінде  облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебінің аға бапкері. Сондай-ақ самбо күресінен қыздар мен әйелдер арасында шәкірт дайындап, облыстың абыройын асқақтатып жүрген жанның бірі.


Бозкілемде бағын сынауды дзюдодан бастаған бойжеткен 2003 жылы жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде чемпион атанды. Ал 2004 жылы дзюдо  күресінен Якутияда өткен «Азия балалары» атты халықаралық бәсекеде III орын, 2005-2011 жылдарғы Азия чемпионаттарында I орынды еншілеп, олжалы оралған еді. 2011 жылы Грекияда өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды.

— Оралдағы  Мәншүк Мәметова атындағы №27 жалпы орта білім беретін мектепте білім алдым. Аталмыш  мектептің 6-сыныбында оқып жүргенде, қазіргі жаттықтырушым Райымбек Меңдіғалиев сыныбымызбен бірге “Зенит” мәдениет үйінің жанындағы спорт залға алып барды. Бірінші күні ұлдар мен қыздар болып дзюдо, самбо күресінің ережелерімен таныстық. Екінші күннен бастап жаттыға бастадық. Топпен барған соң жаттығу тартымды өтетін. Біраз уақыт дайындалған соң спорттың бұл түріне қызығушылығым оянды. Ата-анам да мені қолдап, таңертеңгілік жүгіру үшін ерте оятатын. Анам жарыстарға кетерде тамағымды, киімімді дайындап қояды. Ал әкем жарыстан келген соң жеңсем, қуанып, жеңілсем, себебін талқылап отыратын, —  дейді Альмира балалығын еске алып.

Бүгінде Альмира Исатаева самбоға деген ынта-ықыласы бар қыздарды күрестің аталмыш түрінің қыр-сырына баулуда. Олардың ішінде 2013 жылы Сеул қаласында өткен Азия чемпионатында I орын, 2013 жылы Оңтүстік Кәріс елінде өткен әлем чемпионатында III орын алған Аида Садықова, 2013 жылы Грекияда өткен әлем чемпионатында II орын, 2014 жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатынан I орын алған Гауһар Сағадат секілді балуан қыздар бар. Ал Алмагүл Орынғалиева, Әйгерім Тілемгенова, Құралай Қабырайқызы, Айжан Отарбай секілді бойжеткендер Атырау қаласында өтетін Азия чемпионатына дайындалуда.

Мектеп бітірген соң Альмира Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының дене шынықтыру және спорт  бөліміне түскен.

Қазір спортшы қыз алғашқы ұстазы Райымбек Меңдіғалиевтен алған үлгі-өнегесін шәкірттеріне дарытып бағуда.

— Самбоның спорттық және жауынгерлік түрі бар. Бозкілемге шыққан балуандар арнайы белдікті күрте киеді, күрес кезінде белдіктен, жеңнен, күртенің кез келген жерінен қол мен аяққа күш түсіру арқылы ауыртып, сондай-ақ қол мен аяқтан ұстап, әдіс қолдануға болады. Самбода әдіс қолданушы балуан тік тұрып, қарсыласының жауырынын кілемге тигізсе немесе буындарды ауырту әдісін қолданғанда, қарсыласы жеңілгендік белгісін берсе,  таза жеңіс деп есептеледі.

Самбоның басты шарты – балуан күшін, әдіс-айласын асырып, талассыз жығуы тиіс. Қандай жарыстарға барсақ та, тәжірибе жинап келеміз. Кез келген спорт түрі пайдалы. Бірі адамның шыдамдылығы мен ептілігін шыңдаса, бірі жылдамдығы мен күшқайратын арттыра түседі. Сондықтан жастар бос уақыттарында ғаламтор желілерінде емес, спорттық залдарда жиі өткізсе, жақсы болар еді, — дейді бапкер ару.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Туған күні: 01.01.1989 жыл

Сүйіп дайындайтын тағамы: ас, манты

Ұнайтын сыйлықтары: голландтық ақ роза

Ер-азаматтың бағалайтын қасиеттері: қарапайымдылық, адамгершілік, еңбекқорлық


Газет тарихынан тәбәрік

Күні: , 770 рет оқылды

news


Сонау 1940 жылдың қарашасынан оқырман қауымға жол тартқан Зеленов ауданының төл газеті тарихпен бірге жасасып, небір қиын кездің өзінде тінін үзбей келеді. Түрлі тарихи кезеңдерге орай атауы да сан мәрте өзгерді.


«Большевистский путь» аудандық газеті редакциясының 1940 жылдың 16 қарашасындағы №1 бұйрығының 1-бабында былай делінген: «14 қарашадан бастап редактордың міндетін атқаруға кірісемін. Негізі: КП(б)К обкомының шешімі». Қолы: Губанов.

Юрий Терентьевич Губанов өз естеліктерінде былай деп жазған: «1940 жылдың қараша айында Каменка ауылына менің атыма партия обкомынан жеделхат келіп түсті. Ол хатта маған жедел Переметный ауылына аттанып, ондағы қайтадан жарыққа шығатын газеттің басылып шығуын қамтамасыз етуге ұсыныс жасалған екен. Мұны орындау өте қиын еді, оның үстіне аудан да ұйымдастыру кезеңін басынан өткеріп жатқан болатын. Баспахана да, журналистер де, полиграфистер де жоқ болатын. Бізге бұрынғы совхоз моншасының жартысын редакция және баспахана ретінде бөліп берді, ал екінші жартысына аудандық жер бөлімі орналасты. Аупарткомның аппараты «Камен» совхозының клубына орналасты. Облыстағы осы ескі ша-руашылықтың аумағында, шын мәнінде,  бүкіл  аудандық  ұйымдар жайғасты».

1943 жылдың 10 шілдесінен бастап аудандық газеттің редакторы болып Федор Афанасьевич Климов тағайындалып, ол осы қызметте 1958 жылға дейін істеді.

1958 жылдың қаңтарынан бастап «За коммунизм» деп аталған аудандық газет 4 беттік болып шыға бастады. Редакторы болып Алматы қаласынан жоғары оқу орнын бітірген В. Российский тағайындалды.

Аудан газеті тарихында ескеретін мынадай жағдай бар. 1961-1962 жылдары Зеленов ауданы Камен ауданының құрамында болғанда «За коммунизм» аудандық газеті жабылып қалмай, Камен ауданының «Озат еңбекші» газетімен қатар біріккен қос ауданның өмірін жариялап отырды.

1962 жылдың сәуірінде «За коммунизм» аудандық газеті қаржылық жағдайдың қиындығына байланысты жабылып, 1963 жылдың сәуірінен «Сельская новь» (қазіргі «Приуралье», редакторы – М. Грудкин, ал 1962 жылдың 12 шілдесінен бастап – А. Попов) арқылы жарияланса, 1963 жылдың сәуірінде «За коммунизм» газеті қайтадан шыға бастады, 1963 жылдың 16 шілдесінде партия райкомында қызметте болған М. Прасолов редактор  болып  тағайындалды.

1965 жылдың 1 наурызында Михаил Никитовичті Павел Дементьевич Суетин ауыстырды. Ол кісі осы қызметте зейнеткерлікке шыққанға дейін (1983 жылдың ортасы) жұмыс жасады. 1983 жылдың маусымында редактор қызметіне бұған дейін партия райкомында саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі болып қызмет атқарған Николай Павлович Чеботарев тағайындалған.

1991 жылы «За коммунизм» газеті «Сельские вести» болып өзгертілді.

1999 жылдың наурызында редактор болып М. Иржанов тағайындалып, осы қызметте 2012 жылдың маусымына дейін қызмет атқарды. Газет 2003 жылы «Ауыл тынысы» деген жаңа атаумен шыға бастады.

«Ауыл тынысы» ұрпақтан-ұрпаққа 75 жыл бойы аудан тарихын, әлеуметтік-экономикалық ахуалын тізбектеп келеді. Әйтсе де, аумалы-төкпелі заманда газетіміздің түпнұсқа тігінділерінің шашырап қалғандығы, облыстық, аудандық мұрағатта толықтай сақталмағандығы белгілі болды. Осылайша газет редакторлығына келісімен әр жерде шашылып келген газет тігінділерін жинап алуды өзімізге мақсат еттік. Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мұрағатынан Зеленов аудандық газетінің 54 жылғы газеті түгенделді. Келесі сапарымызда бұрынғы Приурал ауданының 1938-1956 ж.ж. «Сталинский путь», 1956-1960 ж.ж. «Колхозная знамя», 1960-1984 ж.ж. «Сельский тружник» газеттерінің тігінділері көшіріліп, елге жеткізілді. Тұңғыш тойланған Қазақ хандығының 550 жылдығына орай аудан аумағынан көне құлпытастар арқылы тың тарихын іздеп, зерделеуді қолға алдық. Ізденіс жұмыстарын әлі де індетіп, газет арқылы оқырманға жеткізуді күн тәртібінен түсірмек емеспіз. Өйткені елдің тарихы мен газет тарихы біте қайнасқан дүние.

Қазір газеттің жұмыс қарқыны, техникалық жабдықталуы заман талабына толықтай жауап береді. «Жайық Пресс» медиахолдингімен бірігуі арқылы ақпараттық қамту аясы кеңіп, газет жаңаша түледі. Аудан өмірінде күнделікті орын алып жататын оқиғалардан бастап, саяси-экономикалық көрсеткіштер, тарихи мақалар мен шағын және орта кәсіптің дамуы, ел тұрғындарының еңбекке жұмылуы сынды дүниелер оқырман талқысына газет арқылы ұсынылып, сондай-ақ «www.zhaikpress.kz» ресми сайты арқылы шартарапқа тарауда. Әр жаңа санында ойлы да мазмұнды, ұлттық рухқа дем берген мақалалар жариялап отыратын газет ұжымының шығар белесі биік.

Нұржан ТОҒЫЗБАЙҰЛЫ,

журналист,

Зеленов ауданы


“Жасыл сұлуға” сұқтанбайық!

Күні: , 769 рет оқылды

Picea_koyamai_Morton


Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жаңа жыл қарсаңында орманның қылқан жапырақты “тұрғындарын” қорғауды күшейту туралы бұйрығына сәйкес, 1 желтоқсаннан бастап, құқық  қорғау құрылымдары қызметкерлерінің қатысуымен біздің  инспекция мамандарының икемді жедел топтары құрылып, қылқан жапырақты  ағаш тұқымдарының жас талын қорғау, соның ішінде негізгі жолдардың бекеттерінде  қорғау бойынша кезекшілік ұйымдастырылды.


Аталмыш іс-шаралар барысында көршілес Ресейден әкелініп, сауда-саттыққа шығарылған шыршалардың да құжаттары тексерілмек. Жалпы облыста мәдени-бұқаралық шараларды қамтамасыз ету  үшін Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінен 30 текше метр жаңажылдық шыршаны дайындауға рұқсат етілді. Тұрғындар үшін тек қана құрама және контейнердегі тірі шырша ғана сатылады.

Заңсыз түрде шырша кескен азаматтар қылмыстық құқықбұзушылық кодексінің 340-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни 200 ден 300 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) есебінде немесе 396400 теңгеден 594600 теңгеге дейін айыппұл салынатынын немесе 180 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе 60 күндік қамауға алынуы мүмкін екендігін еске саламыз. Кесілген шыршаның 1 данасына 15 АЕК есебінде немесе  29730 теңге мөлшерінде залал өтелуі тиіс. Осындай кылмыстық кодекспен белгіленген қатаң жауапкершілік аясында барлық тұрғындарды заңсыз әрекеттен сақтандыра отырып, туған өлкеміздің жасыл желегін сақтайық дегіміз келеді.

Нұрлыбек КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика