Мұрағат: 19.11.2015


Ұл-қызыңыз мейірімге мұқтаж емес пе?

Күні: , 869 рет оқылды

010923gt431


Кейінгі кездері әлеуметтік желілерді шарлап, қоғамды дүр сілкіндіріп, түрлі жағдайда өзін-өзі өлімге итермелеген жәйттер тым жиілеп кетті. Тіпті суицид жасау  жас талғамайтын дәрежеге жетті. Оған не себеп?


Көп жағдайда өзін-өзі өлтіруге себеп болатын нәрсе – кезіккен қиындыққа жалын-жігерің мен қажыр-қайратыңды қарсы қойып, тығырықтан шығудың орнына, сарыуайымға орынсыз салыну. Әлемде жібі түзу бірде-бір дін қандай жағдайда да адамның өзіне-өзі қол салуын құптамайды. Айықпас дертке душар болып, өмірден біржола түңілгендерді былай қойғанда, суицидалды мінез-құлық соматикалық, психикалық ауытқуы бар, тіпті сау адамдарда да ұшырасады. Сондықтан өзін-өзі өлтіретін адамдардың барлығының психикасында ауытқуы бар деуге болмайды. Медициналық статистикаға байланысты адамдардың бір жартысын ақыл-ойы кеміс адамдар, бірін жүйке жүйесі тозған адамдар, бірін мазасыз адамдар десе, енді бірін өз эмоцияларын басқара алмайтын адамдар, қалған бөлігін ешқандай психикалық ауытқуы жоқ адамдар құрайды екен. Психология ғылымында суицидтік әрекеттерді бірнеше топқа бөледі.

Ересек адамдардың арасында суицидке итермелейтін негізгі себептер баянсыз махаббат, есеппен үйлену, қызғаныш, отбасылық жанжал, ажырасу, ең жақын адамдарынан айырылу, жоғары лауазымды қызметінен шеттетілу, ойламаған жерден жұмыссыз қалудан, ақшаның тапшылығы, қарызға белшеден батудан, жыныстық, физикалық және моральдық қорлық көрудің салда-рынан болады. Алкоголизм мен уытқұмарлыққа әуестік, психикалық ауытқуы бар адамдар да суицидке құмар келеді.  Өзін-өзі өлтіру әйелдерге қарағанда ер адамдардың арасында жиі ұшырасады.

Ал балалар арасындағы суицид көбіне балалар үйінің түлектерінің арасында жиі орын алады. Мектеп оқушылары арасындағы суицидтік қадам мектепішілік келеңсіздіктер, сабақ оқуға үлгермеушілік, сыныптастарының арасында қандай да бір кемсітушілікке ұшыраудан, ұстаздарымен келіспеушіліктен туындап жатады. Сондай-ақ ата-ананың тәрбиеге салғырт қарауынан,  баласының сұранысын қанағаттандыра алмауы, зорлау фактісі, ойламаған жүктілік те жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсаудың негізгі факторы. 5 жасқа дейінгі балаларда өзін-өзі өлтіру әрекетіне бару өте сирек кездеседі. Жанұялық қақтығыстарға байланысты балалар 9 жасқа дейін 2,5%, ал 9 жастан кейін 80% өзін-өзі өлтіру әрекетіне барады екен.

Жастар арасында, әсіресе, бойжеткендердің ұнатқан жігіттеріне байланысты суицидальді әрекеттерге жиі баратыны анық-талды.   Суицидтің ең жиі кездесетін кезі – 15-24 жас аралығы. Адам өліміне әлеуметтік жағдайлар, жалғыздық та үлкен әсерін тигізеді.

Адамның көңіл күйінің төмендеуі және жабығудың басқа белгілері байқала бастағанда-ақ аталған күйден шығару бойынша жедел шаралар жасаған жөн.

Психолог ретінде  суицидтік мінез-құлықты байқау үшін 15, 16, 17, 18 жастағы балалар мен студенттерге тәжірибе жасау үшін Стейс Крамердің «50 дней до моего самоубийства» кітабын оқуға кеңес берген едім. Нәтижесінде 15-16 жастағы жеткіншектер кітапты оқығаннан кейін қатты күйзеліске түсіп, қиындықты шешудің жолдарын таба алмайтындығын айтты. Ал керісінше, 17-18 жастағы студенттер бұл кітаптағы оқиғаларға әдеттегіше қарап, өзін-өзі өлтірумен мәселе шешілмейтіндігін түсінген.

Жыл өткен сайын суицидтік жағдайдың өршу қаупі күшейіп тұр.  Өйткені бүгінгі балалар үйде бала күтушінің жанында тәрбиеленуде. Ата-ана қанша жерден баланың тәтті тамақ ішіп, жылы киім киюіне жағдай жасағанымен, оның өз баласының қасында өткізген жарты сағат уақытқа ештеңе жетпейді. Бүгінгі сәбилер ата-ананың мейіріміне мұқтаж болып өсуде. Мұқтаждықтың салдары осындай келеңсіз жағдайға соқтырып жатырғанын кез келген ата-ана ұғынса екен деймін. Кез келген адам қазірден бастап ықтимал және күтпеген қиындықтарға психологиялық тұрғыдан дайын болса, шешілмейтін түйін, алынбайтын қамал жоқ. Ең бастысы, суицид – тығырықтан шығар жол емес екендігін үлкен-кіші бірдей ұққаны жөн.

Светлана ҚҰЖБАНОВА,

Орал қаласындағы мектептен тыс жұмыс орталығының

 әдістемелік бөлім меңгерушісі, психолог


Тарих пен достыққа арналған концерт

Күні: , 851 рет оқылды

5 концерт


Дүйсенбі күні «Нұр Отан» ғимаратының залында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің «Айбынды асқақ ел — Қазақстан» атты концерті өтті.


Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған концерт Қарасайдың «Қарасай» күйімен басталды. Оркестрдің дирижері Қырымгерей Қажымов айтқандай, жылдың ең басты концертінде Ақжайыққа танымал өнер шеберлері ән шырқады. Дастан Есентеміров Ж. Тезекбаевтың «Арайна», Айбар Хайырханов украинның халық әні «Дывлюсь я нэбо», күні кеше шығармашылық концертін берген, бабындағы бұлбұл әншіміз Жұмағаным Рахимова  А. Алябьевтің «Соловей»  әндерін жоғары дәрежеде орындады. Хатимолла Бердіғалиев, Сауле Таудаева, Серік Абдрахманов және Күләш Қуанышқалиева, Ернар Өмірәлі және Ақмарал Кемелханова терме және халық әндерін шырқап, көрерменге қуаныш сыйлады. Әкелі-балалы күйшілер Ермек, Асылхан Қазиевтердің де репертуары әдеттегідей қазақтың інжу-маржан күйлеріне толы. Кетбұғаның «Ақсақ құлан — Жошы хан», Сейтектің «Ортпа» күйлері 5 ғасыр салтанат құрған қазақ хандығының тарихын тағы бір айғақтады.

Концертте орындалған украин, орыс, армян, өзбек, румын халқының шығармалары Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналды. Оркестрдің құрамындағы неміс жігіті Виктор Витман орыстың прима аспабымен, қазақ оркестрінің сүйемелдеуімен румын халқының «Жаворонок» шығармасын орындады. Оркестрдің дирижері Еркін Нұрымбетов: «Бұл – нағыз халықтар достығының үлгісі», — деп атап айтты.

Дирижердің айтуынша, бұл — жыл бойы тойланып келе жатқан екі айтулы мерекеге арналған қорытынды концерт.

— Оркестр 1987 жылы, ол кезде Даулеткерей бабамыздың есімі берілмесе де, музыканттар жалақы алмаса да  қоғамдық бастамамен құрылған еді. 2000 жылдан бастап филармонияның құрамына алынып, ресми атақ берілген оркестрде бүгінде 50 шақты адам жемісті еңбек етіп келеді. Жаңа белестерге көтеріліп келеміз. Көптеген домбырашылар үлкен байқаулардан жүлдемен келіп жатыр. Қобызшы Дариягүл Қабиева Атырау қаласында өткен халықаралық фестивалінде бас жүлде алса, Ғарифолла Науқанов домбырашылар байқауының жеңімпазы болды. 8 қазан күні Астана қаласында  шығармашылық кешім өтті. Оған Х. Бердіғалиев бастаған өнер шеберлері қатысты. Келесі жылы да Ақжайық өлкесінен шыққан әншілердің концерті біздің оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді. Гастрольдік сапарлар күтіп тұр. Шетелге шыққымыз келеді, алыс шетелге қазақтың домбырасын, ұлттық нақышымызды көрсеткіміз келеді, — деді бізге концерттен соң Еркін Нұрымбетов.  Сонымен қазақ хандығының тарихын және халықтар достығын ән мен күйге қосқан концерт сәтті өтті.

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Студенттер күні туралы не білеміз?

Күні: , 1 050 рет оқылды

1349167560_semey


Осыдан бірер күн бұрын, дәлірек айтқанда 17 қарашада білім қуған жастар Халықаралық студенттер күнін мерекеледі. Жалпы, Халықаралық студенттер күні әлемнің көптеген елдерінде аталып өтіледі. Аталмыш студенттер мейрамы бүгіндері көңілді жастық шақ пен романтиканың күні ретінде тойланғанымен, мұның тарихында тұнып тұрған қасірет жатыр.


Бұл күн ең алғаш рет 1941 жылы Лондон қаласында студенттердің халықаралық кездесуінде 1939 жылы 17 қарашада атылған чех студенттерінің құрметіне аталып өтілген. Кейін 1946 жылдың 17 қарашасында Прага қаласында өткен Халықаралық студенттер конгресінде Халықаралық студенттер күні (International Students’ Day) атаулы мереке ретінде ресми бекітілген еді.

Сіз әлемде студенттер күні қалай аталып өтілетінін қаншалықты білесіз? Ендеше, бірге назар аударайық.

Болгария

Болгарияның студент жастары бұл мерекені 8 желтоқсанда атап өтеді. Бұл күн Климент Охридский атындағы София университетінің тарихымен тікелей байланысты. София университеті Болгариядағы сол кездегі жалғыз жоғары оқу орны бол-ғандықтан, 1903 жылы оқу орны жанындағы академиялық кеңес бұл күнді университеттің атаулы мерекесі ретінде жариялайды. Шіркеу күнтізбесі бойынша дәл осы күні әулие Климент Охридскийдің күні тойланатын болған. Ал 1944 жылдан кейін студенттер күні 17 қарашаға ауыстырылғанымен, 1962 жылы София университетінің 80 жылдығы аясында бұл мереке ескі датаға кері ойысқан. Бүгінде мереке қарсаңында Болгариядағы барлық жоғары оқу орындары жабылып, студенттерге көңілді ортада мерекелерін тойлауға рұқсат етілген.

Ресей

Ресейлік студенттер екі жүз жылдан астам тарихы бар бұл атаулы күнді 25 қаңтарда атап өтеді. Өйткені 1755 жылы 12 (25) қаңтарда Елизавета патшайым «Мәскеу университетін құру туралы» жарлыққа қол қояды. Содан бері бұл күн Мәскеу университетінің құрылған күні немесе Татьяна күні деген атауға ие. Ресейлік студенттер төл мейрамдарын көңілді әрі кең ауқымда атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Ал РФ Президентінің бұйрығы бойынша 2005 жылы 25 қаңтар Ресей студенттерінің күні деп ресми жарияланды.

АҚШ

1795 жылдан бастап жүз жылдан астам уақыт бойы 8 ақпан күні Гарвард университетінде “Hasty Pudding” атауымен театрландырылған мереке ұйымдастырылады. Дәл осы күні “Hasty Pudding” аталатын тағам түрінен студенттерге дәм тарттыру дәстүрге айналып, кейін гарвардтық студенттердің мерекесіне айналған. Бұл күннің тағы бір ерекшелігі, түрлі костюмдер киіп сахналанатын ойындарда әйелдер мен ер адамдардың рөлін тек қана жігіттер ойнайды. Өйткені ертеректе Гарвард университетінде қыздарға оқуға тыйым салынған екен. Бертін келе, бұл мейрам АҚШ-тағы кеңінен тойланатын ең көңілді студенттік карнавалға айналды.

Финляндия

Ваппу деп аталатын студенттік мейрам 1 мамырда тойланады. Бұл күні лицейді аяқтаған жастар үлкен өмірге қадам басудың символы ретінде студенттік ақ түсті бас киімдерге (фуражкаға) ие болады. Ваппуды тойлау 30 сәуірде басталып, ел президентінің ресми құттықтауына дейін жалғасады. Ел астанасындағы студенттік салтанатты шара Хельсинкидің символы Хавис Аманды ескерткішіне студенттік бас киімді қою шарасымен ашылады. Бұл құрметтен кейін студенттер жыл сайын бір оқу орнынан екіншісіне өту дәстүрін жалғастырады.

Грекия

Бұл елде 17 қарашадағы студенттер күні Политехнио деп аталады. Дәл осы күні  1973 жылы «қара полковниктер» әскери хунтасына қарсылық көрсеткен, қатаң жанышталған Мецевио қаласындағы Ұлттық политехникалық университетінің студенттеріне арналған еске алу рәсімі өтеді. Бұл оқиға кезінде жүздеген студент тұтқындалып, мыңнан аса адам жараланған, 24 студенттің қаны төгілген. Демократиялық үкіметтің қайта қалпына келуінен кейін Политехниода жапа шегушілердің есімі жарияланды. Осы оқиғаны еске алу үшін 17 қараша күні грек халқы орталық алаңға шығып, қатысушыларды еске алып, тағзым етеді. Ал студенттер бостандықтың демократиялық құқығын қорғау мақсатында бейбіт шерулер мен демонстрациялар ұйымдастырады.

Ербол КӨШЕКОВ,

Ресейдің М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистранты:

— Ассалаумағалейкум, Ұлы дала елі! Ең алдымен, газет арқылы туған өлкеме Мәскеу қаласынан сағынышты сәлем жолдаймын.

Мен Орал қаласында дүниеге келіп, 2003 жылы қаламыздағы №39 жалпы білім беретін мектепті, 2007 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды тәмамдадым. Туған жерге келіп, бірнеше жыл мемлекеттік салада қызмет атқардым. Қазіргі таңда «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Мәскеу қаласындағы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің мемлекеттік басқару факультетінде мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша 2-курс магистрантымын.

Мәскеу қаласында студенттер күні немесе “Татьянин день” деп аталатын мереке мемлекет тұрғысында кең көлемде аталып өтіледі. Қала бойынша мәдени және демалыс саябақтарында, оқу орындарында жалпыкөпшілік мерекелік концерттер, флеш-мобтар, тегін конькимен сырғанау, интерактивтік ойындар және басқа да қызықты шаралар көптеп ұйымдастырылады. Әр студент мұндай шараларда міндетті түрде белсенділік танытады.

Назар ӨТЕҒҰЛОВ,

Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Мэри патшайымы университетінің магистранты:

— Туып өскен жерім – Қазталов ауданы Жалпақтал ауылы. Бірақ орта мектепті Қаратөбе ауданында тәмәмдап, Астана қаласындағы Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне оқуға түстім. Бұл жерден экономика және бизнес мамандығы бойынша білім алып, жиған-терген білімімді шыңдау мақсатында “Болашақ” бағдарламасының стипендиясына ие болдым. Қазіргі таңда Ұлыбританияның астанасы Лондонда Мэри патшайымының университетінде (Queen Mary University) Қаржы және инвестиция (MSc Finance and Investment) мамандығы бойынша магистратурада оқудамын.

Дүниежүзілік студенттер күні бұл елде жыл сайын қызықты өтеді. “Тұманды Альбион” елінде дүние жүзінің түкпір-түкпірінен әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған студенттер білім алады. Сол себепті осындай атаулы мейрамда жан-жақтан келген студенттер өздерінің ұлттық нақыштағы дәстүрлі ойын-сауық бағдарламаларымен ерекшеленеді. Оған қоса университеттердің әрбір студенттік ұйымдары өздерінің мейрамға арналған мерекелік шараларын ұсынады. Мысалы, өткен жылы осы мейрамға сәйкес Лондон университеттерінің арасында марафон өткізіліп, сан түрлі тақырыптағы қайырымдылық қорлары мен волонтерлік жұмыстар ұйымдастырылған болатын. Ұлыбританиядағы студенттер күні түрлі ұлттың өкілдерімен жақын танысуға, достық қарым-қатынасты қалыптастыруға мүмкіндік беретін мейрам болып табылады.

Қай жерде жүрсем де, туған елден ыстық жер жоқ екеніне көзім айқын жетті. Сондықтан да туған елімнің бақытты адамдарына жалынды сәлем жолдаймын.

Дулат АМАНГЕЛДИЕВ,

Оңтүстік Кәріс мемлекеті Ульсан Ұлттық ғылым және технология институтының 3-курс студенті:

— Мен 1995 жылы Орал қаласында дүниеге келдім. 2008-2013 жылдары облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицейде білім алдым. Ата-анам мен жанашыр ұстаздарымның берген кеңесінің арқасында, шетелдің жоғарғы оқу орнында білімімді жетілдірудемін.

2013 жылдан Оңтүстік Кәріс мемлекетінің Ульсан қаласындағы ЮНИСТ (Ульсан Ұлттық ғылым және технология институты) атты жоғары оқу орнында оқимын. Негізгі мамандығым – сәулет инженері, екінші мамандығым – қаржы және аудит.

Бір қызығы, біздің оқу орнында студенттер мейрамы айтарлықтай дәрежеде өткізілмейді. Сондықтан шығар, бұл күнге аса көп көңіл бөле бермейміз.

“Орал өңірі” арқылы Орал қаласындағы отбасыма, тума-туыстарыма, өзім оқыған лицей педагогтарына кәріс елінен дұғай сәлем айтамын. Мен сіздерді сағынып жүрмін!

Нияз ИРАЛИН,

Ұлыбританиядағы Сити Лондон университетінің магистранты:

— Мен Орал қаласындағы №7 жалпы білім беретін орта мектепті 2007 жылы тәмамдап, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да білім алдым. Білімімді одан әрі тереңдету мақсатында шетелде оқуға тәуекел еттім. Сөйтіп, Алла сәтін салып, студенттердің арманы болған Ұлыбританиядағы Сити Лондон университетінің компьютер ғылымдары, математика және инжиниринг факультетіне кибер қауіпсіздік мамандығы бойынша магистратураға оқуға түстім. Бұл жақтың оқу жүйесінде көптеген айырмашылықтар бар, халқы да, салт-дәстүрі де мүлдем өзгеше. Бұл оқу орнындағы мен таңдаған мамандықта магистартура біржылдық болғандықтан, студенттер күнін тойлап көрмедім. Дейтұрғанмен Оралда өткен студенттік күндерімді бұл күні сағынышпен еске аламын.

Бетті дайындаған Ләззат ШАҒАТАЙ


«Қыпшақтар – мықты халық»

Күні: , 169 рет оқылды

кыпшак


Елбасымыз Н. Назарбаевтың былтыр Ұлытауда БАҚ өкілдерімен кездесуіндегі ұлт тарихы хақындағы терең пайымдаулары мен 2015 жылды Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуы мерекесі ретінде белгілеуінде оның халқының өткенін сараптау, бүгінгісін ұлықтау сынды ізгі мақсаттары айқын көрінеді. Әрі ол Елбасымыз алдағы жылдарға нұсқаған «Мәңгілік ел» идеясымен де үндесіп жатыр. Әрине, жаратылыстың заңы бойынша жоқтан бардың пайда болуы мүмкін емес. Демек, осыдан 550 жыл бұрын құрылған Қазақ хандығының соңғы бастауы ұлт болып қалыптасуымызда үлкен мәні бар қыпшақ дәуіріне келіп тіреледі. Ал сол қыпшақтар және олардың ата-бабалары туралы бізге қасиетті ислам дінін жеткізген араб жұртының тарихшылары не дейді?


Міне, осылай түркілер мен қыпшақтар көне Шығыстың да назарынан тыс қалмаған. Оның ішінде араб та, парсы да, үнді де, армян да, қытай да бар. Бүгінгі айтарымыз – ортағасырлық араб тарихшылары мен саяхатшыларының қазақтың ата-бабалары–түркілер мен қыпшақтар туралы жазып кеткендері хақында.

Дұрысында, араб орыс пен қытай сықылды қазақтың іргелес көршісі емес. Сондықтан біздің дәуіріміздің жетінші ғасырына дейін бөлтек-бөлтек құмды мекендеген бәдәуилердің сонау Тұран ойпатындағы өр де еркін тайпалардан бейхабар болғаны айдан анық. Тек 632-751 жылдар аралығындағы ұлы араб жорықтары кезінде ғана түркілер әлемімен бетпе-бет кездескен се-мит ұрпағы жаңа «таныстарына» айрықша көңіл бөліп, алғашқы деректерді қағаз бетіне түсіре бастады. Тіпті Аллаһтың елшісі, Мұхаммад (с.ғ.с.) алысқа аттанған аттылы-түйелі араб сарбаздарына былай деген: «Сендер сонау Шығыста бітік көз, бір бейтаныс тайпаларға тап боласың-дар. Олар ержүрек, қайсар жандар. Сондықтан найзаның ұшымен бағындыру мүмкін емес. Тек Аллаһтың ақиқат сөзімен ғана мойынсұндыруға болады». Міне, сол пайғамбарымыздың өсиетіне сай әрекет етудің нәтижесінде түркілер, кейін олардың ұрпақтары – қыпшақтар мұсылман дінін қабылдай бастады. Түркі-лердің тағы бір бұтағы–оғыздар (бүгінгі түрік, түрікмен, әзірбайжанның ата-бабалары) басқалардан бұрын сәждеге бас ұрып, соңынан Кіші Азияға қоныс аударған-ды.

Арабтың атақты жазушысы әл-Жаһиз (755-868) былай деп жазыпты: «Түркілер адал. Оларда көңілге қонымсыз пікірлер, шектен тыс жаулық ойлар жоқ. Сымбатты денелері мен дауыстары секілді сөйлеген сөздері де әдемі естіледі». Түркілер жалтақтауды, жалынуды, жылтыр сөзді, опасыздық, сатқындықты, өтірік айтуды, сенген адамдарына тәкаппарлық көрсету мен жамандық жасауды, арам ойларды білмейді. Арам пиғылдан туатын мүмкіндіктерді де өз пайдасына бұруды намыс санайды. Өздері де, сөздері де келісті. Араларында бір-біріне жала жабу әсте болмайды. Олар отансүйгіштікті бәрінен де жоғары қояды».

Сонымен, арабтар өткен мыңжылдықтың VII-XV ғасырлары арасында қыпшақ даласында біресе барлаушы, біресе көпес, біресе саяхатшы ретінде болып, соңына туған жердің тарихы туралы телегей-теңіз деректер қалдырған. XIX ғасырда сол мол мұраның белгілі бір бөлігін ұлты неміс, Ресей тарихшысы В. Тизенгаузен ерінбей-жалықпай жинап, араб тілінен аударып, екі томдық еңбек шығарды. Аталған деректер 1226-1502 жылдар аралығындағы қазақ даласы мен Орталық Азия туралы жазылған араб жылнамаларын қамтиды. Екі томдық 1884 жылы жарық көрген. Аса құнды еңбек шығар-шықпастан, ғылыми талас туып, шырқау шегіне жетті. Тизенгаузеннің бар «айыбы» – араб деректеріне сүйене отырып, Алтын Орданың ешқандай «моңғол» емес, нағыз қыпшақ мемлекеті екенін, ондағы өркениеттің Батыс Еуропа мен Византиядан асып түспесе, кем болмағандығын дәлелдеуі еді. Мұның өзі империялық пиғылдағы кейбір ғалымдардың өршеленген қарсылығын туғызды. Шовинистер үшін түркілердің, соның ішінде қазақтың өркениетті мемлекеті туралы ауызға алудың өзі күнә еді. Ол аз десеңіз, 1944 жылы Тизенгаузеннің осы кітабы И. Сталиннің тікелей нұсқауы бойынша құртылып, оны жариялау былай тұрсын, тіпті сөз етуге де қатаң тыйым салынды. Алайда ақиқаттың жо-лы қаншалықты ауыр болса да, түпкілікті жеңіс шындықта. Отанымыздың белгілі ғалымдары Б. Көмеков пен А. Мүміновтің басшылық етуімен 2005 жылы Алматы қаласында Тизенгаузеннің еңбегі «История Казахстана в арабских источниках» деген атаумен жарық көрді. Бәлкім, келешекте оның қазақша нұсқасын да көрерміз. Біз атақты ғалымның неміс ұлтына тән ұқыптылықпен арабша жазылған түпнұсқасы қоса берілген сол кітаптан аударып алынған шағын үзінділерді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Аш-Шамдағы (Сирия) Мысыр сұлтанының хатшысы болған Ибн Фадлаллах әл-Омари (туылған жылы белгісіз – 1349) қыпшақтар туралы былай деп жазған: «Бұрын ол «Дашт-Қыпшақ» (Қыпшақ даласы) деп аталған еді. Оны кейін татарлар (моңғолдар) жаулап алды. Олардың жергілікті халықпен мидай араласып кеткені соншалық, қазір сыртқы түрінен айыру қиын». Өзінің жылнамасында араб ғұламасы қыпшақтардағы малдың көптігі мен еттің молдығын таңдана жазады. Алтын Орда мемлекетінің қыпшақтардікі екенін көрсете келіп, оның байлығы мен қуаттылығын баса айтады. Ал Қазақ хандығының тікелей Алтын Орданың ізбасары екенін бүгінде дәлелдеудің қажеті жоқ. Біздіңше, жылнамашы қыпшақ жеріне аяқ басып көрмесе де, араб көпестері мен саяхатшыларынан естігеніне ештеңе қоспай-ақ, оқырман назарына ұсынған. Мұны жоғарыда аталған кітаптың 170-171-беттерінен оқуға болады. Оның замандасы, қыпшақ даласын жылдар бойы аралаған, арабтың ұлы саяхатшысы Әбу Мұхаммад Ибн Баттутаның жазбаларында Алтын Орда мемлекеті мен қыпшақтардың өмірі мен салт-дәстүрі жөнінде кең көлемді деректер бар. «Қыпшақ даласы – гүл жайнаған жап-жасыл. Онда ағаш та, тау да, төбе де жоқ, – депті сапарнамасында арабтың ұлы саяхатшысы, – Сондықтан олар «тезек» деп аталатын малдың қиын отқа жағады». Әрі қарай саяхатшы Алтын Орда хандарының, Сарай, Қажытархан (бүгінгі Астрахан) қалаларының сән-салтанатын тамсана жазыпты: «Қыпшақтар ат не түйеге жегілген төрт аяқты арбаны «араба» дейді. …Қыпшақтар – мықты, күшті және дені сау халық… Олар жылқы етін көп жейді… Қыпшақтар исламның ханафият бағытында… Бір қыпшақтың мыңдаған жылқысы бар… Оларда мал көп, сондықтан бақташысы да, күзетшісі де жоқ. Өйткені олар ұрлық жасағанды қатаң жазалайды… Бұл түркілер нан немесе өзге тығыз тамақ жемейді. Тарыдан сусын пісіреді. Ол «дуки» (тары көже) деп аталады… Олар «кимизз» деп аталатын жылқы сүтін ішеді…» («Қазақстан тарихы араб дереккөздерінде», орыс тілінде. Алматы. 2005 жыл. 208, 209, 211, 212, 214, 216-беттер). Міне, осы үзік-үзік деректердің өзінен-ақ, ата-бабамыздың сол замандағы тұрмысынан айтарлықтай мағлұмат аларың анық. Ал жалпы толық мәтінін оқысаңыз, бұдан да көбірек білуіңізге мүмкіндік бар.

Енді мынадай сұрақ туады: араб жылнамаларының ақиқатқа сәйкестігі қандай? Бұған тағы бір ұлты неміс, бірақ орыс ғалымы мен тарихшысы Бартольдтың пайымдауымен жауап қайтарайық: «Әлемдік тарихи шежірелердің ішінде араб жылнамашыларының жазғандары көңілімде күдік тудырмайды. Себебі олар ислам дінінің қағидаларына сай қашанда шындықтан алшақтамауға күш салған». Тағы бір дәлеліміз, орта ғасырлық талай араб жылнамашылары еңбектерін көбіне былай аяқтайды екен: «Біздің бар көрген-білген, естігеніміз осы. Арғы жағы бір Аллаһқа аян…».

Серік ИХСАНҒАЛИ,

“Орал өңірі”


Айдалада ақ отау, кірер жолы жоқ отау…

Күні: , 913 рет оқылды

IMG_4199


Иә, осылай демеске лаж жоқ. Себебі әудем жерден аппақ болып адам қызығарлықтай көзге шалынатын су жаңа еңселі үйдің жайы соған ұқсайды. Әлі жолы жоқ, айналасы балшық. Үйдегі кейбір құрылғылар жұмыс жасамайды. Әңгіме Орал қаласы аумағындағы Зашаған кенті аумағындағы М. Мөңкеұлы көшесіндегі 105-үй жайында. Редакциямызға осыдан бірер апта бұрын пәтер иелері хабарласып, жиналыстарына қатысуымызды өтінді. Мән-жайды көзімізбен көріп, мәселені тұрғындардың өз аузынан естуді құп көрдік.


Үй алдына жиналған тұрғындар пайдалануға биыл жазда берілген жаңа үйдің аяқталмаған тұстары, әлі шешілмеген күрделі түйткілдері барын алға тартты. Алайда өткен мерзім ішінде қордаланған мәселелері бар.

Тұрғындардың айтуынша, 19 қыркүйек күні бір тәулікке жуық сусыз қалған. Себебі осы тұрғын үйдің жанынан өтетін «Көктем» ықшамауданының барлық үйлерінің кәріз жүйесі бітелген. Жөндеуге «Орал су арнасы» АҚ мекемесінің қызметкерлері шақырылған. Алайда олар бұл тұрғын үй өз құзырларына берілмегендігін айтып, уақытында келмей, нәтижесінде үйдің жертөлесі кәріз қалдықтарымен толған. Жағымсыз иіс әлі күнге дейін кетпеген. Тұрғындар үй аталмыш мекеменінің есебіне берілмесе, олар пәтер иелерімен қандай негізде келісімшарт жасап, қалай төлем алатынын түсінбей дал болуда.

— Жылуды қосты, ыстық су әлі жоқ. Үй пайдалануға берілгелі газ әлі берілген жоқ. Айнала мидай балшық, қалада тұрсақ та, резеңке етікпен жүрміз. Жылу есептегіш құрылғылар орнатылды. Бірде- бір үйде жұмыс жасамайды. Үйді қабылдаған кезде «Жайықжылуқуаттан» мамандар келіп, есептегіш құралдардың жұмыс жасамайтынын анықтап, ТҮКШ-ға түзетіңдер деп хат жіберген. Әлі сол күйі тұр. Жылуға есептесу жөнінде түбіртек келді. Онда көп ақша көрсетілген. Үнемдеу үшін қойылған құрылғы жұмыс жасамаса, түбіртектегі төлемақыны қалай есептеп бергенін түсінбеудеміз, — дейді аталмыш үйдің тұрғыны Мереке Жәрдемұлы.

Тұрғындар үйдің сапасына да риза емес. Терезелерден жел келіп тұрғанын, ертең қыста не болатынын айтады.

– Жертөледе жаздай су болды. Иісі төменгі қабаттағы үйлерге келуде. Жылу берілгеннен бастап жертөледегі сорғы (насос) даусы қатты естіледі. Барлық подъезде солай. Бірінші қабаттағы пәтерлерге кірсеңіз, жылу жүйесіндегі даусының қаттылығы сондай, қазандыққа (котельный) кіргендей боласыз. Ал біздің бірінші қабатта бала кезден мүгедек жан тұрады. Ол түнде қалай ұйықтайды? Жалпы, мұндай үйді құрылысшы компаниядан қалай қабылдап алғанын түсінбейміз, — дейді тұрғын Ақзия Қабирова.

Толық жеделсатымен (лифт) жабдықталған үйдегі ол құрылғының жартысы жұмыс жасамайды екен. «Қазіргі уақытта олардың кейбірінің есігі ашық, оған балалар құлап кетуі мүмкін. Аталған жайларды үй тапсырылған уақытта қалалық әкімшілік қызметкерлері көрді, бірақ әлі күнге дейін жөнделіп, пайдалануға берілген жоқ», — десті тұрғындар. Сондай-ақ  аула мен тұрғын үй маңы әлі жарықтандырылмаған. Жаңадан бой көтеріп жатқан бұл аумақта құрылыс жұмыстары қарқынды. Енді қараңғы ерте түсетін болғандықтан, егде адамдар мен балалар қазылған шұңқырларға түсіп, мертіге ме  деп  алаңдаулы.

Аталған үйдің санитарлық-техникалық жағдайына жауапкершілікті келісімшарт негізінде өз мойындарына алып, сол үшін пәтер иелерінен төлемақы алып отырған «СВ Монолит» ЖШС мәселелерді шешуге еш әрекет жасай алмай отыр екен. «СВ Монолит» ЖШС пәтер иелерінің әрқайсысынан табиғи газ беру мақсатында ешқандай түбіртексіз 6000 теңге көлемінде ақша жинаған. Алайда газдың неліктен қосылмай, кешіктіріліп жатқандығы тұрғындарға айтылмаған. ПИК төрағасын әлі ешкім көрмеген. Оны кім сайлағанынан да хабарсыз. Ал оның орынбасары мәселелер бойынша жөнді жауап бере алмай жүрген көрінеді.

Тұрғындардың жиналысына қатысқан соң мақала әзірлеп, мәселеге қатысты қала әкіміне сауал жолдадық. Тура он күннен соң  төмендегідей  жауап  келді:

«М. Мөңке көшесі №105 үйге ыстық су мен газ қазан айының аяғында берілді. Қазіргі уақытта желілер штаттық режимде жұмыс жасап тұр. Үйдің кәріз желілеріне қызмет көрсетілмеу мәселесі бойынша Орал қаласының құрылыс бөлімі мен үйдің инженерлік желілерін қызмет көрсетуші мекемелердің теңгеріміне беру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін инженерлік желілерге қызмет көрсетілетін болады.

«Жайықжылуқуат» АҚ мамандары пәтерлердің жылу есептегіш құралдарының бірқатары жұмыс жасамай тұрғанын анықтады. Аталған үйдің құрылыс жұмыстарына құрылыс мекемесі 3 жыл кепілдік беруіне байланысты жұмыс жасамай тұрған жылу есептегіш құралдарын ауыстыру және басқа да ақаулар құрылыс мекемесі тарапынан орындалатын болады.

Жертөледегі жылу құбырының айдау құрылғысының қатты даусына қатысты мәселе Орал қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп қаралды. Шу деңгейі арнайы өлшеу құралымен тексерілді, нәтижесінде шу деңгейі шамадан артық 56-62 дБ (децибел) екені анықталды. ПИК төрағасына кемшілікті жою туралы 2015 жылғы 04 қарашада №142 ұйғарым берілді.

Аталған үйдің жеделсатысын «Уральсклифт» ЖШС орнатқан. Алдағы уақытта жеделсатыға қызмет көрсетілуі үшін қыз-мет көрсетуші мекемемен тұрғындардың жалпы жиналысының шешімі бойынша ПИК төрағасы немесе сайланған үй төраға-сы арасында келісімшарт жасалуы тиіс.

Үйдің маңайы мен ауласын жарықтандыру ағымдағы жылы жүргізіліп жатырған ауланы абаттандыру жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамасында қарастырылмаған».

Жауап хатқа Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Қ. Мұхамбетқалиев қол қойған.

Енді қала әкімшілігі бәрінен хабардар. Тұрғындардың айтқан мәселесінің барлығы анықталды. Тиісінше жауапты мекемелерге тапсырмалар берілді. Тұрғындар сол тапсырмалардың уақтылы орындалуын қала әкімі мен қаланың осы аумағынан сайланған депутаттар қадағалап, мәселелердің шешілуіне ықпал жасауын тосып жүр.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»


Еңбек инспекциясы кімнің қамын ойлайды?..

Күні: , 859 рет оқылды

15688 инсп


Осы  уақытқа  дейін 69  жазатайым  оқиға  орын  алып,  одан  76  адам  зардап  шеккен

Биылғы жылдың 29 қыркүйегінде өткен облыстық прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісінде соңғы кездері өндірістік жарақат алу жағдаятының көбейіп бара жатқаны жөнінде айтылған еді. Сол жолы облыстық прокуратураның қылмыстық істердің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Абзал Ғилым өндірістік жарақаттарды тексеру жұмысының талапқа сай жүргізілмейтінін мәлімдеп, облыстық еңбек инспекциясы қызметкерлеріне біраз сын айтқан болатын.


Облыстық прокуратура өкілінің айтуынша, өндірістік жарақат алу жағдаяты азаймай отырғаны өз алдына, өкінішті оқиғалардың орын алу жағдайы жете тексерілмейді.

— Өндірістік жарақаттарға байланысты арнайы тексеру жұмыстары БҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекторының төраға-лығымен, жұмыс беруші және зардап шегуші өкілінің қатысуымен жүргізіледі. Заң бойынша еңбек инспекторы өндірістік жарақат жағдайын тексеру кезінде еңбек заңдылығының сақталуын басты назарда ұстауы тиіс. Өкінішке орай, еңбек инспекторлары көп жағдайда тексеру жұмысын сапасыз жүргізеді. Соның кесірінен өндірістік жарақат бойынша жұмыс беруші мен жұмысшының қаншалықты кінәлі екендігі дұрыс анықталмай жатады. Мысалға айтар болсақ, 2015 жылғы 1 сәуір күні Достық даңғылында салынып жатқан көп қабатты үйдің 6-қабатынан құлаған М. Шаяхметов дейтін құрылысшы алған жара-қат нәтижесінде сол жерде жан тапсырды. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық істің материалдарымен танысу барысында құ-рылыс жұмысын жүргізу кезінде М. Шаяхметовке сақтық белдігі берілмегендігі анықталды. Құрылыс жұмысының мердігері, жеке кәсіпкер Ю. Ткалун кірпіш қалауға ешқандай разряды жоқ, дәрігерлік бақылаудан өтпеген, құрылыс жұмыстарына оқытылмаған жалдамалы жұмысшыларды пайдаланған. Ал мұндай жағдайда өндірістік жарақаттың орын алатыны айтпасақ та түсінікті. Жоғарыдағы өндірістік жарақат жағдайын тексерген мемлекеттік еңбек инспекторы Н. Тілегенов арнайы тексеру актісінде осы жағдайларды есепке алмай, жауапкершіліктің 50 пайызын зардап шегушіге, 30 пайызын жалдамалы жұмысшылардың бригадирі У. Кенжеғалиевке артып, жұмыс беруші «Ткалун» ЖК тек 20 пайызға ғана айыпты қылып шығарған. Мемлекеттік еңбек инспекторының осындай қорытындысының нәтижесінде Абай ішкі істер бөліміне қарасты тергеу бөлімі аталған оқиғада қылмыстық құрам жоқ деп танып, бұл істі заңсыз тоқтатты. Өкініштісі сол, адам өлімі орын алса да, осы оқиғаға байланысты ешкім, ең болмаса әкімшілік жазаға тартылған жоқ. Бұдан басқа тағы да сол меминспектор Н. Тілегенов жұмыс кезінде қайтыс болған А. Кортунов дейтін слесарь жігітке қатысты істі қарағанда, оның өлімін денсаулығының кенеттен нашарлауымен байланыстыр-ған. Меминспектор бұл жерде дәрігерлік комиссиядан өтпеген адамды жұмысқа алған жұмыс берушінің кінәсін есепке алмаған. Нәтижесінде жеке кәсіпкер Н. Пустобаев кінәсіз деп танылды және ол әкімшілік жауапкершілікке тартылмады.

Негізі мемлекеттік инспекторлар тексеру барысында жұмыс берушілерден жұмысшымен арада жасалуы тиіс міндетті сақ-тандыру келісімшартын талап етуі керек еді. Өндірістік жарақат алған жұмысшылар үшін мұндай келісімшарттардың маңызы зор екендігі айтпаса да түсінікті емес пе? Сондай-ақ меминспекторлардың тексеру жұмысын уақытынан едәуір кешіктіріп жүр-гізгендігі жөніндегі фактілер де бар. Бұл жағдайлар, айналып келгенде, өндірістік жарақат жағдайына дұрыс баға беруге ке-дергі келтіріп отыр. Еңбек инспекторлары жұмыс берушілерді орын алған бақытсыздық жағдайларын дер кезінде хабарламағаны үшін жауапқа тартуы тиіс болатын. Өкінішке орай, мұндай талап инспекторлар тарапынан жұмыс берушілерге қо-йылмаған. Өндірістік жарақатқа байланысты істі тексерушілер жарақат деңгейінің қауіптілігін дұрыс анықтамайды. Оның үстіне өндіріс орнында зардап шегуші-лер, бір жағынан, өзінің аман қалғанына шүкіршілік етсе, екіншіден, сол жерде одан әрі жұмысын жалғастыру үшін айқай-шу көтергенді қаламайды. Нәтижесінде көптеген істер жабылып қалып жатыр. Мысалы, сотқа дейінгі тексеру қорытындысы бойынша 53 іс құрамында қылмыстың болмауы себепті және тағы 10 іс екі жақтың татуласуына байланыс-ты тоқтатылды, — деген Абзал Ғилымұлы осыншама істің арасында тек біреуі ғана сотқа жолданғанын айтты.

Инспекцияның мұнысы  несі?

— Жалпы, өндірістік жарақат бойынша жүргізілген тексеру жұмыстары көңіл көншітпейді. Тергеу орындарының кейбір қызметкерлері өндірістік жарақат жағ-даяттары бойынша істі қарағанда, көбінесе еңбек инспекторлары жасаған қорытындыларға сүйенеді. Бұл дұрыс емес, — деген басқарма басшысы бұған бірнеше нақты мысалдар келтірді. — Тергеу қызметкерлері еңбек инспекторларының да «жұмыр басты пенде» екенін, олардың да қателесуі мүмкін екенін естерінен шығармауы керек. Сөзім дәйекті болуы үшін бұған бір мысал келтіре кетейін. «Еңбек-Орал» РММ-да жұмыс істейтін Н. Палатов дейтін сотталушы жұмыс барысында ағаш өңдейтін станокқа қолын жарақаттап алды. Нәтижесінде ол өзін өмір бойы асырайтын қолынан айырылып қалды. Осы оқиғаға байланысты тексеру жұмысын алғаш жүргізген еңбек инспекторы бұл жерде 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі деп қорытынды жасаған. Бірақ арада бір айдай уақыт өткен соң осы оқиғаны тексерген басқа бір еңбек инспекторы кінәнің бәрін жұмысшының өзіне артып, жұмыс берушіні сүттен ақ, судан таза етіп қойды. Осы қорытындыны негізге алған анықтаушы (дознователь) Иманғалиева ешқандай қосымша тергеу жұмысын жүргізбей, құрамында қылмыстың құрамы жоқ деп, істі жаба салды.

Тағы бір мысал. 17 қаңтар күні «Көктем» ықшамауданында салынып жатқан 9 қабатты үйдің қасынан «Горлифт» ЖШС-ның жұмысшысы А. Жигин дейтін азаматтың өлі денесі табылды. Осы оқиға бойынша арнайы тексеру жұмысын жүргізген еңбек инспекторы зардап шегуші Жигинді «Горлифт» ЖШС-ның жұмысшысы емес, осыған орай бұл оқиға өндірістік жарақатқа жатпайды деп қорытынды жасаған. Осыны негізге алған тергеуші О. Прошина бұл жағдаятты құрамында қылмыстық істің жоқтығына байланысты жауып тастады. Бірақ кейін жасалған тексеру жұмыстары нәтижесінде А. Жигиннің «Горлифт» ЖШС-ның жұмысшысы екендігі анықталды. Бұған аталған мекеменің зардап шегушінің атынан зейнетақы қорына қаңтар айына дейін қаражат аударып тұрғаны дәлел бола алады. Анықталған осы жағдайға байланысты тергеу органының заңсыз шешімі прокуратура пәрменімен қайтарылып алынды. Бұл жағдайлар еңбек инспекторларының өндірістік жарақат жағдайын жете зерттеп, тексермейтінін көрсетіп отыр, — деген Абзал Ғилым өндірістік жарақатты тергеу-тексеру сапасына адам тағдырының тәуелді екенін тексеру жұмысын ұйым-дастырушылардың назарына тағы бір рет салды.

Прокуратура өкілінің сөзінен ұққанымыз, тексеру жүргізетін еңбек инспекторлары да, тергеумен айналысатын құқық қорғау қызметкерлері де ағама жеңгем сай болып, өндірістік жарақаттың артында адам тағдыры тұрғанын көп жағдайда қатаң есте ұстамайды. Оның да сойылдай себебі бар. Жарақат жағдайын тексеруге барғандардың бірқатары кейде пара алып, жұмыс берушіні судан ақ, сүттен таза қылып шығарады. Бұған «ЛСИ Катеринг» ЖШС-да болған жағдай нақты дәлел бола алады. Облыстық еңбек инспекциясының қызметкері Б. Бисенбиев жұмыс барысында жарақат алған аспазға қатысты істі қысқарту үшін аталмыш мекеме басшысынан 40 000 теңге мөлшерінде пара алып жатқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі оны қылмысы үстінде ұстады. Сот үкімімен аталған қызметкер ағымдағы жылдың 11 тамызында сотталып, оған 2,4 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салынған және дүние-мүлкі тәркіленген.

Тағы бір мысал. 18 қаңтарда нан өнімдерін тасымалдап жүрген Н. Түкенов жұмыс барысында дене жарақатын алып, дәрігерге қаралған. Жарақат бөлімінде оның сол жақ бұғана сүйегінің сынғаны анықталған. Осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тексеру жұмысын жүргізген қызметкер жиналған материалдарды құзырлы органдарға жолдамағандықтан, тиісті сараптама жасалмаған. Нәтижесінде жұмыс беруші жазасыз қалды. Жұмыс барысында күйіп қалған «Интехпроект» ЖШС-ның жұмысшысы Е. Чумаковаға қатысты іс те арнайы тексеру жұмысы жүргізілмегендіктен, жабылып қалған. Міне, осындай жағдайлар нағыз айыптылармен жұмыстануға мүмкіндік бермей отыр. Ақша не істетпейді дейсіз? Оңай табыс үшін жұмысшылардың құқығын қорғайтын қызметкерлердің өзі осындай қиянатқа барып жатса, қалғанына не жорық? Бұдан туатын заңды сұрақ – мұндай инспекция кімге және не үшін қажет?

Бала-шағасының обалы  кімге?..

Алқа мәжілісінде Абзал Ғилымұлы ағымдағы жылдың 8 айында өңірімізде 69 жазатайым оқиға орын алып, соның нәтижесінде 76 адам зардап шеккенін айтты. Оның сөзінше, еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактілері бойынша сотқа дейінгі 75 тергеу-тексеру жұмыстары жүргізілсе, солардың 70 пайыздан астамы қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Осы жерде «Сонда өндірістік жарақат жағдайы бойынша орын алған оқиғаның көпшілігіне тек зардап шегушінің өзі ғана кінәлі болғаны ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Басқарма басшысы сол жолы өндірістік жарақат алу жағдаяты бойынша кәсіпорындарда 18 (13) адам қаза болып, 58 (60) адам түрлі дәрежеде зақымданғанын да, мәлімдеген болатын. Осыншама адам ажал құшып, жарақат алып жатса да, тексерушілердің «Құрамында қылмыс жоқ» деп істі жауып тастағандары, шынында да, көңілге күдік ұялатады екен. Жоғарыда келтірілген мысалдардан аңғарғанымыз, өндірістік жарақат кесірінен біреулер атпалдай азаматынан айырылып, қайғыға батса, енді біреулер дене мүшесінен айырылып, мәңгілік мүгедек болып қалды. Тексеру нәтижесінде инспекторлар мұны жұмысшының өз кінәсінен дегендерімен, бұл жерде жұмысшыға қауіпсіз еңбек жағдайын жасамаған жұмыс берушінің де айыбы жетіп-артылады.

…Зардап шеккендердің қай-қайсысына да оңай емес. Жарақат алғандарға емделу үшін, ал беймезгіл ажал құшқандарды ақтық сапарға аттандыру үшін де қыруар қаржы керек… Ондай ақша біреуге жалданып қызмет қылып жүргендерде қайдан болсын? Мұндай жағдайда сот шешімі әділ болса, жарақат алғандар емделіп, денсаулығын қалпына келтірер еді. Азаматынан айырылғандар да жұмыс беруші тарапынан қажетті көмегін алар еді. Өкінішке орай, еңбек инспекторларының көрер көзге теріс қорытынды шығаруы зардап шегушілерді мұндай мүмкіндіктерден айырып тұр. Өндірістік жарақат жағдайында сот шеші-мі болмаса, зардап шеккендерге жұмыс берушілердің (ілуде біреуі болмаса) қолұшын соза қоюы екіталай. Пара үшін жұмыс берушілерді ақтап, жұмысшыларды даттап қорытынды жасаған мамандар осыны ойлады ма екен? Мүгедек болып қалған қарапайым еңбек адамдарының, тіпті жұмыста жүріп, жазатайым қазаға ұшыраған жандардың, олардың жанұяларының обалы кімге сонда?..

 Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

P.S.

Абзал Ғилымұлының еңбек инспекторлары туралы арқаны аяздай қарыған мысалдарынан кейін облыстық мемлекеттік еңбек инспек-циясы басшысына қоңырау шалып, кездескіміз келетінін жеткіздік. Ондағы ойымыз – кәсіби міндеті мен борышына адал қарамаған қызметкерлеріне қандай шара алынғаны және болашақта ондай жәйттерді болдырмау үшін жұмысын қалай жүргізетінін білу еді. Прокуратура өкілі күйрете сынаған инспекторлардың басшысы Ж. Асантаев БАҚ өкілімен, яғни осы жолдардың авторымен кездесуді айтасыз, сөйлесуден де, ақпарат беруден де үзілді-кесілді бас тартты. Бұл сонда оның «жауырды жаба тоқитын» қызметкерлерін қорғаштағаны ма, әлде сол қызметкерлері үшін «ұялып» айтатын ештеңесі болмағаны ма?..


Әжесінің Әминасы

Күні: , 1 146 рет оқылды

IMG_7473


Редакцияға «Менің айтарым бар еді, сол айтқанымды газеттеріңе бассаңыздар» деген өтінішпен  жасы егде тартқан әжей келді.  Біз ол кісінің әңгімесін мұқият тыңдадық. Әңгімеден ұққанымыз, кейіпкеріміз Мәдина әжей жастайынан ата-анасыз қалып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған Әмина есімді немересінің қамқоршысы екен. Жас жарымында анасынан, төрт жас жарымында әкесінен айырылған Әминаның қасында қорғаны болып тек бір өзі қалыпты. Басында үйде өзімен бірге өзге бала-келіндері тұрады. Әйтсе де, «тас түскен жеріне ауыр» демекші, көп нәрсені ой елегінен өткізген кейуана жетім қызға өзінен басқа ешкімнің  жаны бордай езілмейтінін да анық сезеді.


— Мен басында балаларымды сынақтан өткіздім. Таңертең ертемен тұрып, киімдерді жуып жаямын. Әркім өз баласының киімдерін жинап алады. Ал менің қызымның киімдері қашан өзім жинап  алғанша  желбіреп тұрады. Күнделікті күйбең тірлікте осындай ұсақ-түйектер жиі байқалып жүрді. Сосын балаларымды жинап алып: «Ренжімеңдер, үй үкіметтікі.  Бәріңді өсіріп-өнді-ріп, осы күнге жеткіздім. Мен бөлмей, бәріңнің киімдеріңді жуып жайып қоямын. Әрқайсысың өз киімдеріңді жинап аласыңдар, менің қызымдікі сол күйі тұрады. Ол менің жүрегіме батады. Осындай уақ-түйектер үшін бірі-бірімізбен ренжісіп жүргенше, қазірден арамызды ашып алайық. Мен сендерден ештеңе сұрамаймын. Өз күндеріңізді өздерің көріп, бөлек тұрыңдар», — дедім. Балаларым маған ренжіген жоқ. «Жарайды, апа», — деп әрқайсысы бөлек шығып кетті. Біз Жаңақала ауданының Бірлік ауылындағы шеткері орналасқан үйде Әмина екеуміз қалдық, — дейді әжей.

Иә, сол күндерден бастап әжей Әминасын жетектеп, балабақшаға апарады. Кейіннен мектепке барғанда, қашан сабақ біт-кенше тапжылмай күтіп отыратын. Тіпті аязды күндері де қалың киіндіріп,  шанамен сүйреп, мектепке апарып жүреді. Әмина да әже үмітін ақтап, сабақты тек «5»-ке оқиды. Әжей қамкөңіл қызының әр қадамына қуанады. Он төрт жылдан бері өмірінің бар мәніне айналған балапанының жаны жүдемесе екен, көңілі түспесе екен деп тілейді. Әмина бүгіндері қаламыздағы С. Сейфуллин атындағы №11 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 9-сыныбында оқиды.  Осы материалды жазу барысында аталмыш білім ошағына біз оны арнайы іздеп бардық.  Ізетпен амандасқан еліктің лағындай ғана  талдырмаш қыз өзін өте салмақты ұстайды екен. Мұңға толы жанарын жасырғысы келгендей, әдемі күлімсіреп алған Әмина  «Мен әжемнің үмітін ақтағым келеді» деп бастады әңгімесін.

— 7-сыныптан бастап №11 мектепте оқимын. Әжем мені жақсы білім алсын деп, осы мектепке алып келді. Отбасылық жағдайыма байланысты Ерсайын Қадырұлы мені емтихансыз қабылдап алды. Ол кісіге, осы мектептегі ұстаздарыма алғысым шексіз. Мектепті жақсы аяқтап, білікті маман иесі болуды армандаймын. Ауылдағы мектеппен салыстырғанда, бұл жерде мүмкіндік көп.  Әжем – менің қамқоршым, ақылшым, тірегім.

Ол кісі маған ата-анамның жоқтығын сездіртпеу үшін бар жағдайымды жасайды. Өзім ұнатқан киім мен тамақты алып беріп, ешкімнен кем қылмай өсіріп келеді. Алла қосса, қазақ тілі мен әдебиеті немесе тарих пәнінің мұғалімі болғым келеді. Өйткені осы мектепте менің жақсы көретін ұстаздарым өте көп. Ең басты арманым – әжемнің үмітін ақтау. Маған әжем көп нәрсені үй-ретті. Сынып жетекшім Динара Имашеваны, тарих пәнінің мұғалімі Мұрадым ағайды, интернат директоры Есенгелді ағайды үлгі тұтамын, — дейді әр сұрағыма байсалды, салмақты жауап берген Әмина.

Әминаның аталмыш мектепке орналасуы да бір хикая. Осыдан екі жыл бұрын екі тоқсан біткен соң, ойына ой түскен әжей қыс ішінде қызын жетектеп, Оралға келеді.  Мектеп директоры Ерсайын Қадырұлының қабылдауында болған сондағы сәт те кейуана көңілінде әдемі әсермен сақталыпты.

— Көп бастықтардың алдын көріп жүрмін ғой. Маған директордың мені ұшып тұрып қабылдап, мұқият тыңдағаны ұнады. Мен өз жағдайымды айттым. Кәрілік кемесіне әбден мінген адам екенім онсыз да көрініп тұр ғой. Сондықтан қызымның тағдырына алаңдайтынымды, менен басқа тап жанашыры жоқ екенін айттым. Мені тыңдап болған соң, қызметкерлерін шақырып, «Сіздің қызыңыз гуманитарлық бағыттағы 7 «а» сыныбында оқиды» дегенде, сенер-сенбесімді білмей, тұрып қалдым. «Қуанған мен қорыққан бір» дейді, қызымды орналастырып, базардың маңындағы «Адал» сауда үйінің жанындағы орындыққа келіп, еңкілдеп жылап отырмын. Сонда өзімнің бір қазағым бұрылмайды, өңшең орыстар келіп, «Что с вами, что случилось?» деп сұраумен болды. Сөйтіп, қызымды жақсы мектепке орналастырып, көңілім бірленгендей болды. Әйтсе де қызым алыста болғандықтан, оны сағынамын. Сағыныштан екеуміз де құсамыз, — дейді әжей.

Әмина өз өмірінің жақсы бағытта өзгеріп, өңіріміздегі мақтаулы білім ошақтарының бірінде білім алып жүргеніне разы. Әйтсе де ол да әжесін сағынып, жиі ойлайтынын жасырмайды. Әр минут сайын өзінен қоңырау күтіп отыратынын, қит етсе, сонау ауылдан құстай ұшып жететін әжесі аман болса екен деп тілейді. Интернаттағы өмір өз ерекшелігімен қызық. Әженің қызы онсыз да ерте тұрады. Сондықтан күн сайын сағат 7-де тұру Әмина үшін түк қиын емес. Бір бөлмеде төрт қыз тұрады. Олар да өз ауылдастары. Ертемен басталатын сабақтар да қызықты. Ол әзірге сабаққа ғана көп көңіл бөліп жүр.

— Әжем маған ұшықтауды, аластауды үйретті. Айналамды аластап, таза ұстауға тырысамын.  Ауыра қалсам, әжем үйреткен әдіс бойынша өз-өзімді ұшықтаймын. Мен анамды мүлдем көрген жоқпын. Әкем еміс-еміс есімде. Ол кезде тіпті кішкентай болдым ғой. Бұрын «Әже» дейтінмін. Кейіннен ес біле бастағанда мен ол кісіні неге «мама» демеймін деп ойладым. Сөйтіп, әжемді «мама» деп атап кеттім, — дейді ол. Әмина Алматы, Астана қалаларында, Италия елінде болып демалып келді.  Ел көрді, жер көрді. «Бірақ басқа елге қарағанда, әр адам өз елінде ештеңеден қорықпай, қысылмай, емін-еркін жүреді екен» деп жымияды ол. Мәдина әжей қызын көргенше асығады екен. Өз жағдайын баяндаған әжей бар сырын жасырмай жайып салды.

— Біз ауылдың шетіндегі ескі үйде тұрамыз. 1984 жылы көшіп келдік. Содан бері ол үй жөндеу көрген жоқ. Тек жамап-жасқаумен осы кезге жеткен үй. Бұрындары сылап-сипап, жамап-жасқайтын едім. Соңғы бір-екі жылдан бері ол да жасалған жоқ.

Суы, газы бар. Соны сатып, қаладан үй алғым келген. Онымен өтпей тұр. Бар ойым – Әминамның  қасына келу. «ГАЗель»-мен бару-келуге 2400 теңге төлеп, айына екі-үш келемін. Кәрі адамға жолда жүру де оңай емес.  Соған жергілікті басшылықтан қы-зыма бір бөлмелі үй берсе деп армандаймын, — деген кейуана тереңде жатқан ойын айтып қалды. Мен әжейден «Балаларыңыз бар ма, олар сізге неге көмектеспейді?» — деп сұрадым.

— Төрт ұл, үш қызды дүниеге әкелдім. Екі ұлым бір жылда қайтыс болды. Тағы бір келінім төрт баламен қалды. Анасы бар бала ешқашан жетім болмайды ғой. Олар қазір бәрі өсіп, жетілді. Шынымды айтсам, олардың біреуін де ойламаймын. Тек осы қызымды ғана уайымдаймын. Түркістанға, Таразға қыз ұзаттым. Қыз-күйеу балаларым  бар. Бала-келіндерім де ауылда тұрады. Олардың тұрмыстары керемет емес. Ауылда жұмыс жоқ. Қалаға келіп, жалдамалы жұмыстарда жасап кетеді. Содан ақшаларын ала алмай жүреді. Олардың маған көмектескілері келгенімен, мүмкіндіктері жоқ қой, — деді әжей.

Мәдина әжей қазір қалаға айына бірнеше рет қатынайды. Бар ойы, бар үміті  Әминада. Қолына ұстап жүрген ұялы телефо-нынан да Әминасының қоңырауын күтеді. Өзі қызына бар жағдайды жасап отырған мектеп ұжымына дән риза.

— С. Сейфуллин атындағы №11 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының басшылығы мен ұжымына алғысым шексіз. Ата-анасы бардай қылып тәрбиелеп, білім беруде. Мен оларға ризамын. Өзім кісі аяғыш адаммын. «Бергенде береке бар» деп бекер айтпаған ғой. Көңілім түскен адамға қолымдағы ба-рымды ұстатып жіберемін. Шүкіршілік. Жағдайымыз жаман емес. Тек бар арманым – Әминамның қасына келу, — деп бір тоқтады әжей.

Мәдина әжей зейнетақы алған күндері ауылдағы дүкеннен кәмпит-күлше сатып алып, мектептің бастауышта оқитын балаларына таратып береді екен. Сондай сәтте кішкентай балалар да «Әминаның әжесі бізге тәтті берді» деп шулап, қуанып қалады.

— «Берсең, балаға бер» дейтін халықпыз. Ертең ол балалар өскен сәтте мен болмаймын ғой. Сонда солардың бірі болмаса, бірі «Кезінде Әминаның әжесі солай жасайтын еді» деп,  ұмытпай есіне алса, қызыма шапағаты тисе, осы дүниеде жасаған жақсылықтарым, қызымның алдынан шықса екен деп тілеймін, — дейді әжей.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

“Орал өңірі”

Редакциядан:

Жаңақала – облысымыздағы қаймағы бұзылмаған қазақы елдің бірі. Айдарлы азаматтары, дүмді шаруалары тұрмысын- дүрілдеткен дәулетті өңір. Жаңақала жұртшылығы немересін қайтсем жеткіземін деп, жаны байыз таппай жүрген кейуананың халіне қайырылып, бір қарайласар деген үміт көлбеңдейді көңіл түкпірінде.


Желтоқсан аязды, ақпан қарлы болмақ

Күні: , 1 030 рет оқылды

DMS_2627


Бұл жөнінде «Қазақстан – Орал» телеарнасында өткен брифингте «Қазгидромет» РМК-ның БҚО филиалының өкілі мәлімдеді. Басқосуда өзге де мәселелер, соның ішінде төтеншеліктердің биылғы он ай ішінде атқарған жұмыстары, қысқа дайындығы және өңірдегі су шаруашылығының жай-күйі де сөз болды.


Брифингке қатысқан «Қазгидромет» РМК-ның облыстағы филиалы  директорының орынбасары Баубек Самитовтың айтуынша, биылғы қыс маусымы өткен жылдардағы қыспен салыстырғанда көпжылдық климаттық көрсеткіштерге сай болмақ. Тек 2016 жылдың қаңтар айы әдеттегіден 1-2 градусқа төмен  болады  деп  күтілуде.

– Желтоқсан айында ауа райы климаттық меже деңгейінде болады. Қар аздау түседі. Желтоқсанның бірінші онкүндігінің соңына таман және жаңа жыл қарсаңында аяз болмақ.  Ауа температурасы -30 шамасында аяз болады. 2016 жылдың қаңтар айында Таймыр аудандарынан тоқтаусыз ағылатын ауа массаларының екпінінен 1-2 градус шамасында салқын ауа орнығады. Сөйтіп, ауа райының температурасы күрт төмендеп, -38 градусқа дейін түседі. Қыс айлары ішінен ақпан қарлы болмақ. Циклондардың жиілеуінің әсерінен қар межеден көбірек жауады. Ақпан айының бірінші және үшінші онкүндігінде күн салқындайды. Алдағы жылы көктем ертерек келеді деп болжануда. Көктемгі маусымның ауа температурасы әдеттегіден 1-2 градусқа  жоғары  болмақ.

Баубек Самитовтың түсіндіруінше,  мамандар ауа райының болжамын бір немесе үш күнге дәл айтып береді. Ал маусымдық болжамдар көбіне 50-70 пайызға сәйкес келіп жатады.  Оның айтуынша, қазіргі уақытта батыстан  жеткен циклон аздаған суықтығын ала келген. Қарашаның 18-19 күндері циклонға қарсы өзгерістер болып, күндізгі ауа нөлге, -5 градусқа дейін, түнгі ауа -10 градусқа дейін төмендейді. Қарашаның 20-сынан кейін күн жылынып, жауын-шашын болады, яғни қар аралас жаңбыр жауады. Күндізгі ауа температурасы -3,+2, түнгі ауа температурасы нөлден төмендеп -5 градусқа дейін түспек.

Брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жарқын Фазыловтың айтуынша, есепті мерзім ішінде департаменттің күштері авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға 2932 мәрте  шығып, 360 адамды құтқарған.

– Өңір аумағында он  ай ішінде 800 төтенше жағдай тіркелді. 123 адам зардап шекті, 48 адам қаза тапты. Материалдық шығын 140,4 млн. теңгені (2014 жылы – 261 млн. теңге, 46%-ға төмендеді) құрады, – деді Жарқын Фазылов.  Биылғы он  айдың ішінде 485 нысан (2014 жылы – 515) тексеріліп, 2629 өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзушылық (2014 жылы – 1372) анықталған. Соның нәтижесі бойынша 489 тұлға әкімшілік жауапкершілікке (2014 жылы – 499, 2%-ға төмендеді) тартылған.

Департамент өкілінің айтуынша, төтеншеліктер қысқы маусымды өткізуге үлкен дайындықпен келген. Облыс аумағында алдағы қыс айларында жолаушылардың жылынуы үшін 21 бекет жұмыс істемек.  Жамандықтың беті әрмен, қатты боран тұрып, елді мекенмен арадағы байланысқа қиындық түсетін жағдай орын алар болса, төтеншеліктердің шұғыл жолға шығып көмек беретін құтқарушылары да, техникасы да сақадай сай.

«Қазсушар» РМК-ның БҚО филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиевтың айтуынша, өңірде көктемгі су тасқыны төтенше жағдайларсыз, қалыпты режімде өткен. Жайық өзені бойынша су тасқыны аз деңгейде болған. Оралдағы су бекетіндегі су деңгейінің көтерілуі (09.05.2015 жылғы мәлімет бойынша) 369 сантиметр болған. Өзендегі су тасқыны 2006 жылғы судың көтерілу деңгейімен шамалас (359 см) болған. Жайық-Көшім суландыру-суару жүйесі бойынша тасқын сумен су қоймаларын толтыра отырып, көлтабандарды іріктеп суару үшін төрт су қоймасының каскадтары арқылы тасымалданып берілген. Жаз мезгілінде облысымыздың Ақжайық, Жаңақала, Қазталов аудандарының аумақтарындағы жасанды тоғандар суға толтырылды.

– Қазіргі уақытта Талдыапан, Борки ауылдарына қайталап су берілуде. Бұл жұмыстар қарашаның 25-іне дейін жүреді. Жаңақала ауданының  қыстауларындағы жасанды тоғандарды толтыру үшін қыс мезгілінде Қарақұдық каналы арқылы су беріледі. Үш ауданның Қырқопа, Мортық, Жаңақала, Пятимар, Қызылоба, Қабыршақты елді мекендеріне  су беру құрылғыларының дұрыс жұмыс істеуі үшін Киров, Бітік су қоймаларынан Дөңгелек, Пятимар су қоймаларына су деңгейін көтеру үшін су жіберілуде, — деді Нұрболат Ұлданұлы журналистермен өткен брифингте.

«Қазсушар» РМК-ның БҚО филиалы директорының мәлімдеуінше, Ресеймен арадағы шарттық міндеттемелер бойынша Еділ суынан өңірімізге 79 млн. текше метр су жіберілген, соның ішінде Үлкен өзен бойынша 40 млн. текше метр, Кіші өзен бойынша 39 млн. текше метр су алынған. Алдағы жылы өңірімізге Ресейден 112 млн. текше метр су сатып алу жоспарланып, осы бағытта жұмыстар  жүргізілуде.

Талғат  ОМАРОВ, «Уральская  неделя»  газетінің тілшісі:

– Садовый ауылының тұрғындары Оралға Асан ауылы тұсынан Шаған өзені арқылы пароммен өтіп, қатынайды. Өңірде мұндай өзен-көлдерден  заңды  өткелдер бар ма?

Жарқын  ФАЗЫЛОВ, БҚО  төтенше  жағдайлар департаменті бастығының  орынбасары:

– Бұл өткел, әрине, қауіпті. Мұндай қауіпті өткелдер жайында жергілікті  атқару құрылымдарына оларды талапқа сай етіп жасау жөнінде ұсыныс хаттар жолдадық. Қыс мезгілінде өңірімізде ресми 4  өткел  жұмыс  істейді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА, «Орал өңірі»  газетінің  тілшісі:

– Қыста қарлы боран кезінде Жайықтың бұхар бетіндегі шалғайдағы ауылдардың жағдайы қиындайтыны анық. Жамандықтың беті әрмен, дегенмен сондай жағдайларда төтеншеліктер дер кезінде көмек қолын соза ала ма? Техника сайлы ма? Екінші сауал, биыл жергілікті атқару құрылымдарынан бөлінген 460 млн. теңге  қаржы  қандай  мақсаттарға  жұмсалды?

Жарқын ФАЗЫЛОВ, БҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

– Сол жақ жағалауда біздің өрт сөндіру бөлімдеріміз жұмыс істейді. Солар қолдарынан келгенше көмектеседі. Ауырған адамдарды орталыққа жеткізуге жәрдемдеседі. Бұл шаруалар облыс басшылығының назарында. Екінші мәселеге келсек, бөлінген қаржының негізгі бөлігі Бөрлі ауданындағы Облавка ауылындағы жағалауды бекіту жұмыстарына жұмсалды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА, «Орал өңірі»  газетінің  тілшісі:

– Жақында облыстық «Орал өңірі» газетінде әріптесіміз Өмірзақ Ақбасовтың Жаңақала ауданы аумағындағы су тапшылығынан өзен-көлдердің кеуіп, төрт түлік малды суарудың қиындағаны жайында проблемалық мақаласы жарық көрді. Жаңа кеш те болса, су қоймаларына судың берілгенін естідік. Алдағы жылы су тапшылығын жою бағытында қандай қамданыс жасап  жатырсыздар?

Нұрболат ЖҰМАҒАЛИЕВ, «Қазсушар» РМК-ның БҚО филиалының директоры:

– Биыл жағдай қиын болды, сондықтан келесі жылға қамданысқа әлден кірістік. 1-Шежін каналының бірінші кезеңін өз күшімізбен салып, тапсыруымыз керек. Мұны мердігерлер бітірмей тастап кеткен. Келесі жылы оны Талдықұдыққа дейін созу жоспарланған. Оның құжаты сараптамадан өтті. Қаржы бөлінсе, су Талдықұдыққа дейін барады.

Үшінші кезеңде осы Жайықтан алынатын суды каналмен Қараөзенге түсіреміз. Мәселе үкіметтік деңгейде көтерілуде. Қараөзеннің бойына Жалпақталдың тұсына 28 млн. текше метрлік су қоймасын салу жобасы қарастырылуда. Жалпақталдың тұсынан Қараөзенді бөгеп, тасқын су кезінде келген қызыл суды ұстап қалсақ, пайдасы тиер еді.

Облыстық газетке шыққан мақалаға өзіміздің жауабымызды береміз. Ауыл-аймақта өкілдеріміз аудан  басшылығымен  бірге  тұрғындармен  кездесуде.

Екатерина ШМИДТ, «Қазақстан-Орал» телеарнасының тілшісі:

– Өңірде алқаптарды суландыру бағытында арнайы бағдарлама бар ма? Оған қаржы бөлу жағы қалай?

Нұрболат ЖҰМАҒАЛИЕВ, «Қазсушар» РМК-ның БҚО филиалының директоры:

– 2015-2020 жылдарға арналған республикалық мемлекеттік бағдарлама жасалған. Лиманды суару бойынша 168 мың гектарды, тұрақты суландыру бойынша 55 мың гектарды қалпына келтіру жұмыстары қарастырылған. Қазір бюджет тап-шылығына байланысты ешқандай жұмыстар басталған жоқ. Алдағы жыл қаржы бөлінсе, жұмыстар  басталады  деп  күтілуде.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген Медет ДОСУМОВ


Қарышты даму жолы

Күні: , 866 рет оқылды

100  накты кадам


«Нұр Отан» партиясының ХVI сиезінде ұсынған Елбасының бес институционалдық реформасын  заман талабына сай тың әрі серпінді жоспар деп білемін.


Өз басым елдің дамуы үшін жасалған осынау жоспарлы қадамның қазақ қоғамында заңның үстемдігін арттыру, қазіргі заманға лайық мемлекет құру, орнықты экономикаға бағытталған индустриялық елді қалыптастыру, сондай-ақ елімізде болашағы жарқын, біртұтас ұйысқан ұлттың мекенін орнатуды көздейтін бағдар екенін айқын танып отырмын. Алысты болжай білетін сұңғыла саясаткер тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ел басқару тізгінін қолына алғаннан бері барша қазақстандықтарға өзінің өлшеусіз қамқорлығын жасап келеді. Мұны  әрқайсысымыз да сезініп келеміз.

Елбасы қашан да өзінің сөйлеген сөзінде асуы мол, белесі биік, сонымен қатар атқарылуға тиіс мақсат-міндеттерді алға тартады. Бұл міндеттер «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен «Нұрлы жол» бағдарламасынан бастау алатын 30 дамыған елдің қатарына қосылу межесіне бағытталған. Ұлт жоспары реформасына еліміздің әрбір азаматы тікелей атсалысуы қажет деп ойлаймын. Өйткені бұл реформа – тек  үкіметтің ғана емес, жалпыхалықтық іс. 100 қадамның басты мәні  ұлтты жаңғыртып, жаңартуды көздейді. Бүгінгі таңда ел игілігі жолындағы істерді еңсеруде «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының мәні мен маңызы айрықша. Бес институционалдық реформаның өз дәрежесінде пайдаға асуы еліміздің биік белес-терге шығуына ықпал етеді. Қазақ қоғамының тұрақтылығын қамтамасыз етуде тұңғыш Президентіміздің жүргізіп отырған сарабдал саясатын әрдайым қолдаймын. Ұлт жоспары  елдің бірлігі мен ынтымақтастығын одан әрі дамытып, өркендететін халықтық реформа болып саналады. Сондықтан мемлекет басшысы ұсынған 5 институционалдық реформа еліміздің бұдан былай да қарышты қадаммен алға басуына септігін  тигізері  сөзсіз.

Ибрайым СҰЛТАНОВ,

еңбек ардагері,

Жәнібек ауданы


Етікшілік – екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп

Күні: , 941 рет оқылды

IMG-20151110-WA0005


КСРО-ның аты дүркіреп тұрған жылдарда Қазақстанда 11 аяқ киім фабрикасы жұмыс істесе, аталмыш өндіріс орындарынан жылына 50 миллион жұп аяқ киім шығатын еді. Бүгінде облысымызда аяқ киім тігетін зауыт-фабрика болмаса да, жекелеген кәсіп иелері жеткілікті. Солардың бірі – тасқалалық Сейтқали Сұлтанов.


1988 жылдың күзінде әскерден оралған Сейтқали Тасқала ауданында ашылған тұрмыстық қамту үйінде ат әбзелдерін жасайтын шеберхананың ашылатынын естиді. Сейтқалидың әкесі жылқышы болған. Ол бала кезінде әкесінен ер-тұрман жасауды, дойыр қамшыны алтыдан бастап жиырма төрт таспаға дейін өруді үйренген. Ал анасы кесте тігудің хас шебері атанған. Қанмен берілген тігіншілік кәсіпті игеру қиынға соқпайтынын білген етікші аудандағы тұрмыстық қамту үйіне ат әбзелдерін жасайтын шағын цех ашылатын естіп барғанымен, жаңа жұмыс орны ашыла қоймайды. Алайда аудандық тұрмыстық қамту үйінің директоры Клара Қасымова жас жігітке етік тігетін армяндардың тұрақтамайтынын ескертіп, етікші кәсібін меңгеруді ұсынады. Содан үш айдай уақыт Артур Аянжан есімді армянның көмекшісі болып жүріп, кәсіптің қыр-сырымен танысады. Кейін қалалық №2 кәсіптік лицейге құжатын тапсырып, диплом алады. 1993 жылы бригадирі Артур көшіп кетіп, етік тігудің шебері бо-лып Сейтқали қалады. Алайда екі жылдан соң тұрмыстық қамту үйі жабылып, бұл жерден нәпақасын тапқан мамандардың барлығы жұмыс іздеп қалаға кетеді. Ал Сейтқали Оралдағы Землячка зауытынан шикізат алып, үйден етік тіге бастайды. Қас қылғандай сол зауыт та тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың қыспағына шыдас бере алмай жабылып тынады. Кейін Тасқаладағы «Қазақтелеком» мекемесінің ғимараты жанынан шағын орын алып, сол жерде аяқ киім жөндеумен айналысқан. Аяқ киім жөндей жүріп, бір-екі сыңардан етік тіге береді. 2013 жылы аудан әкімі Санжар Әлиев етікшінің тіккен аяқ киімдерін көріп, жаңа кәсіпкерлік нысанын ашу үшін қолдау көрсетіп, аудан орталығынан жер бөліп береді. Осылайша ол былтыр «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 2 млн. теңге көлемінде несие алып, жеке шеберханасын ашқан. Бүгінде ол үш маманды жұмыспен қамтып, оларға 30 мың теңге көлемінде жалақы төлейді.

Биылғы жылдың 9 ақпанында Тасқалаға барған облыс басшысы Нұрлан Ноғаев Сейтқали Сұлтановтың шеберханасына арнайы соғып, жұмысына оң бағасын берген болатын. Ісмер аяқ киімдерін таза былғарыдан — табиғи материалдан тігеді. Шикізатты Самара, Алматы, Шымкент қалаларынан алып келеді екен. Бір сапарда 50 аяқ киімге шикізат алып келетін кейіпкеріміздің өнімдеріне облыстың әр аймағынан тіпті қаладан да тапсырыстар түсуде. Жастар жағы ғаламтордан көрген аяқ киімнің үлгісі бойын-ша тіккізеді екен. Балаларға арналған қысқы аяқ киімнің бағасы ішіне салынған теріге байланысты 5000-10000 теңге аралығында, ал ер адамның етіктері қонышының ұзындығына байланысты 10000-14000 теңге көлемінде, нәзік жандыларға арналған аяқ киімдер 15000 теңгеден басталады.

— Алдымен, ер адамның қысқы етігін тігіп үйрендім. Қандай саланың болса да алғашқыда қиындығы болады. Маған аяқ киім тігіп үйренемін деген құлшыныспен келген жастар болды. Дегенмен үйренуге шыдамдары жетпей кетіп қалатын. Сондай-ақ «Кедейдің кербезінен сақта» дегендей, кейде екі қолға бір күрек таба алмай отырып, етікші болудан арланатындар да жетерлік. Бұл кәсіпті кемі 6-7 сыңар аяқ киім тіккеннен кейін ғана игере бастайсың. Өзіммен бірге еңбектеніп жүрген Батыр Айтанов пен Жәнібек Аюпов есімді жас жігіттерге ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Ұлтарағы, табаны өте жұмсақ аяқкиімдер майтабан, буын ауруларын тудырады. Әскерге жарамсыз жастардың басым бөлігі осы майтабан ауруымен тіркелетіні белгілі. Мұндай жағдай ең бірінші аяқ киімдердің анатомиялық параметрлері сәйкес келмегендіктен туындайды. Аяқ киім әдемі көрінуі үшін кей тігіншілер терінің астына паралон да салады. Бұл материал ауа өткізбейтіндіктен, аяқты терлетіп, аяқ, буын ауруларын тудыруға себепші болады. Аяқ киімнің ішінде қиын тігілетіні – балалардікі. Өйткені бір тігісің қиыс кетсе де ұнамай қалып жатады. Бүгінгі таңда кәсіптік колледждерде етікші кәсібін меңгер-тетін мамандық жоқ. Сондықтан болашақта бұл салаға ынта-жігері бар жастарды дайындағым келеді, — дейді ісмер.

Ертеректегі аяқ киімдердің табаны түзу етіп тігіліп, оң аяқ пен сол аяққа бірдей киіле беретін болған. Яғни олар күнделікті тұрмыс-тіршілігіне ыңғайлы аяқ киім киген. Етікті оң мен сол аяққа бөлек-бөлек бейімдеп тігу кейін пайда болған деседі. Ал қазіргі кезде етіктің түрлері өте көп. Кез келген базарда көздің жауын алатындай әр елдің етіктері самсап тұр. Бағасы да әртүрлі. «Қолыңнан келсе, қонышынан бас» дегендей, қалтаңыз көтерсе қалағаныңызды алуға болады. Бірақ сапалысы сирек. Олардың бағасы да шарықтап тұр.

Дәрігерлер болса көп аурудың аяқтан бастау алатынын айтудан жалыққан емес. Түрлі дерматологиялық аурулардың осы аяқ киімнің сапасыздығынан туындайтынын да жасырмайды. Қала берді, табаннан суық өтетіні аяқ киім жасалатын материалдың сын көтермейтіндігінен болатыны рас. Мәліметтерге сүйенсек, Қытайдың әлемдік аяқ киім шығару саласындағы үлесі 60 пайызға дейін жеткен. Дүние жүзінде шығарылатын 10 миллиард жұп аяқ киімнің 6 миллиардын Қытай өндіреді екен. Ал қазақстандықтар тұтынатын киімдердің 45-48 пайызы, аяқ киімдердің 75 пайызы Қытай тауарлары. Сарапшылар бұл тасымал тауарлардың көбінде формальдегид қоспасы бар екенін анықтаған. Бұл қоспа қатерлі ісік ауруын асқындыруы әбден мүмкін. Аяқ киімде зиянды заттардың бар екенін өткір иістен білуге болады. Неғұрлым иіс жағымсыз болған сайын, химиялық қоспа соғұрлым көп болғаны.

Шетелде етікші мамандығы қай кезде де бағаланған. Мәселен, Еуропада Сальваторе Феррагамо, Паскуале Фабрицио сынды етікшілердің есімі тарихқа алтын әріппен жазылған. Олай болатыны, Сальваторе Феррагамо қарапайым етікшіден аяқ киім тігетін зауыттың бастығына айналған. Бүгінде Италияда Феррагамоның мұражайы бар. Ал Паскуале Фабрицио болса, Мадонна, Риана, Анджелина Джоли сынды америкалық әйгілі әншілердің аяқ киімін тігіп, байлығын еселеп отыр.

«Етікші болу – ерік-кеннің емес, тіпті екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп түрі. Бұл да шеберлік пен аса ыждағаттылықты, шыдамдылықты қажет етеді, — дейді отандық өнім шығарып, ауданының мақтанышына айналған кейіпкеріміз.

 

ЕТІКШІНІҢ  КЕҢЕСІ:

 

— Аяқ киімді кепкен соң ғана майлауға болады. Артынша щеткамен немесе барқыт, жұмсақ матамен тазалаңыз. Жалтыратқыңыз келсе, лимонмен сүртіңіз;

— Дымқыл етікті бұрынғы пішінін жоғалтпауы үшін ішіне газет салып, сыртына колготкі кигізу арқылы кептіру керек.

— Күдері (замш) аяқ киімді резеңке щеткамен тазалап, түгін жатқызу керек. Түгін шәйнектің буына тосып тұру арқылы да жатқызуға болады;

— Ыстық сумен күдері (замш) аяқ киімнің дағын кетіруге болады. Ал ағарған жерлерін спиртке батырылған мақтамен, артынша өшіргішпен сүрткен дұрыс.

— Резіңке етік пен бәтеңкеге ұлтарақты міндетті түрде салыңыз. Ұлтарақтың былғарыдан немесе қалың матадан, киізден жасалғаны абзал.

— Байпаққа жабысқан қарды бірден тазарту керек.

. Байпақ пен жұқа киіз бәтеңкелерді қатты щеткамен тазалаңыз. Тазалау үшін пемза щетка мен кішкене теріні пайдалануыңызға болады. Ал кірлеген жерін жуыңыз. Бірақ жуған соң пішінінің айтарлықтай кішірейетінін ескеріңіз;

— Тақалы етіктің тақылдаған даусын кетіру үшін табанына үпілмәлік майын жағыңыз.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»,

Тасқала ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика