Мұрағат: 17.11.2015


«Отынды босқа дайындаған екенбіз…»

Күні: , 866 рет оқылды

(177) газ


Өткен аптада Қаратөбе ауданының төрт бірдей ауылында көгілдір отынның алауын жағу рәсімі өтті. Аудан орталығынан шалғай орналасқан округ саналатын Егіндікөл, Қоскөл ауылдары, Шалғын елді мекені және Жусандыой ауылдық округіне қарасты Ханкөл ауылы  тұрғындарының көптен күткен  арманы орындалып, газ алауы жағылды.


Ауыл халқының қуанышымен бөлісіп, Егіндікөл ауылындағы салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Асхат Шахаров: «Баршаңызды бүгінгі зор қуаныштарыңызбен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында әлемдегі дағдарысқа қарамастан, еліміз гүлденіп, өркендеу үстінде. Оған дәлел, міне, ауылдарыңызда игілікті істің жүзеге асуы. Бұл қуанышқа бірліктің арқасында жетіп отырмыз. Ендігі жерде кәсіпкерлікті дамытып, әлеуметтік жағдайды көтеруге бар күшімізді салуымыз қажет», — деді.

Ауылдастарына ақжарма тілегін арнаған еңбек ардагері Құмар Бисембаев аудан әкімі Асхат Шахаровпен бірге көгілдір отын алауын тұтатты. Ақ жаулықты әжелер қуанышты бөлісуге жиналған шара қонақтары мен ауыл тұрғындарына тәттілерден шашу шашты.

Ел ағалары көгілдір отынның қызығын көріп отырған ауыл тұрғыны Өтебаш Жайғалиевтың шаңырағына бас сұғып, қуаныш-тарына ортақтасты.

Дәл осындай қуаныш Қоскөл, Шалғын, Ханкөл ауылдарында да жалғасын тапты.

Төрт ауылға газ желісін жеткізу жұмыстарын атқарған «KazConstructionGroup» ЖШС-ның бас директоры Мұратбек Мұхамбе-диевтің айтуынша, 2014 жылдың мамырында басталған жоба үстіміздегі жылдың қарашасында толығымен аяқталып, аталмыш елді мекендерге көгілдір отынды жеткізген. Жоба құны – 700 миллион теңге.

Қазіргі таңда көгілдір отын жеткізілген төрт ауылда 20 тұрғын үй газға қосылса, жақын арада 73 тұрғын үй қосылуға ниетті.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы


«Жұлдыздың» жұлдызы жанды

Күні: , 131 рет оқылды

жулдыз (3)


Орал қалалық білім беру бөлімі жанындағы мектептен тыс жұмыс орталығындағы «Жұлдыз» бишілер тобы Алматы қаласында өткен «Ақ көгершін» республикалық байқауында бірінші орынды жеңіп алды.


Қосымша білім беру педагогы, хореограф Аягүл Салыхова басшылық жасайтын балғын бишілер байқауға қатысушылар назарына қазақ, орыс халықтарының ұлттық билерін, украиналық «Веснянка», кәрістің «Сакураның гүлдеуі» би қойылымдарын ұсынды. Оралдық бишілердің шеберлігін жоғары бағалаған көрермендер мен қазылар алқасы оларға 2016 жылы Астана қаласында өтетін «Ақ көгершін» халықаралық байқауында республика намысын қорғауға жолдама берді.

«Оралдағы түрлі мектептердің оқушыларынан құралған бишілер тобының бұл жеңісі үздіксіз еңбекпен келгені анық. Топтың жетекшісі Аягүл Салыхова – өз ісін жетік білетін әрі талап қоя білетін білікті педагог. Жақында біздің орталықта өткен қосымша білім беру педагогтарының облыстық семинарында да оның үйірме жүргізу тәжірибесі жақсы бағаланды», — деді МТЖО-ның директоры Үміт Шадеева.

Қазталов ауданының тумасы Аягүл бала кезінен-ақ хореографияға тәнті болып, жеті жасынан бастап «Қарлығаш» хореографиялық ансамблінің құрамында өнер көрсеткен. Балауса қыз бишілер тобымен бірге Алматы, Ақтау, Ресейдің бірқатар қалаларында өнер көрсетіп, өзінің бишілік қарым-қабілетін шыңдаған. Мектеп бітірген соң ол Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық колледжінің музыка факультетіне оқуға түсіп, хореограф мамандығын алып шығады. Содан бергі өткен он бес жыл бойына мектептен тыс жұмыс орталығында қосымша білім беру педагогы болып еңбек етуде. Мектеп жасындағы балауса бишілердің талантын ашып, бидің қыр-сырын үйретуде тер төгіп жүр.

Қазір оның басшылығымен орталықта 6 топ жұмыс істеуде. Оған қоса хореограф «Солнышко», «Ладушки» клубтарында 2-5 жастағы балғын бишілерге сабақ береді. «Мен балаларды биге үйретемін. Бұл жұмысым өзіме қатты ұнайды. Әркім өзі ұнатқан ісінен ләззат алады ғой. Сондықтан мен хореограф мамандығын таңдағанымды мақтан етемін. Арманым тәрбиеленушілерімнің жоғары жетістікке жетіп, жұлдыздай жарқырауы дер едім», – деді Аягүл Салыхова.

Бүгінде «Жұлдыз» би тобы алдағы желтоқсан айында Ресейде өтетін «Созвездие» халықаралық байқауына қатысу үшін да-йындыққа кіріскен. Жиырма жыл ғұмырын биге арнап, бала кезінен оған «ғашық» болған еңбекқор жетекшісі бар бишілер тобының  талай  бәйгеде топ  жаратыны  кәміл.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Жаңа нарықтарға жол ашылды

Күні: , 830 рет оқылды

DMS_2389


Үш күн бойы іргедегі Орынборда бас қосқан бірнеше мемлекеттің билік пен бизнес саласының өкілдері еуразиялық кеңістіктегі түйткілді мәселелер мен келешек ынтымақтастықты, өңірлердің экономикалық ықпалдасу үрдістерін одан әрі нығайту, ресурстарды үнемді әрі дұрыс пайдалану, ортақ мақсаттарға бірлесіп жету үшін тәжірибе алмасу проблемаларын жеріне жеткізе талқылады. Жерлестеріміз форум аясында ұйымдастырылған халықаралық инвестициялық-инновациялық жобалар көрмесіне, семинарларға, дөңгелек үстел отырыстары мен іскерлік кездесулерге ерекше белсенділікпен қатысты. Бұл туралы газет тілшісіне облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов кеңінен баяндап берді.


«Форумға қатысу біздің кәсіпорындар үшін айрықша пайдалы болды деп сеніммен айта аламын. Тек көрменің өзіне 20-дан аса компания әкелдік. Оның сыртында дөңгелек үстел, семинарларға, өзге де шараларға қатысқандар толып жатыр. Форум – бұл кәдімгі бетпе-бет жүздесу, сөйлесу, келісімге келу тәсілі. Оны ешқандай интернет арқылы хат жазысу алмастыра алмайды», – деді Игорь Стексов алқалы жиынның маңызы  туралы  айта  келе.

Форум аясында болған Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің іскерлік байланысы туралы дөңгелек үстел отырысында И. Стексов Батыс Қазақстан облысының өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені саласындағы қолға алынған жоба-жоспарлармен, сондай-ақ қазақстандық-ресейлік бірлескен кәсіпорындардың жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ Ресей Федерациясына мұнайгаз жабдықтарының қосалқы бөлшектерін, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ май мен газды ауа арқылы салқындату аппараттарын, мұнай қыздыру пештерін, «Казтрубпром» ЖШС насостық-компрессорлық тұрбаларды, «Кроун Батыс» ЖШС Мәскеу мен Тольятиге ет және ет өнімін, «Кублей» ЖШС қалбырдағы ет өнімін, «Жайық Ет» ЖШС шұжық өнімін экспорттайды. «Орал механикалық зауыты» АҚ, «КазАрмаПром» ЖШС да көршілермен тығыз байланыс орнатқан. Қос мемлекеттің кәсіпкерлері бірлескен кәсіпорындар құруда белсенділік танытуда. Мысалы, 2014 жылы Краснодар өлкесі мен Оралдағы «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ бірлесіп, «Мартин» деп аталатын жаңа кәсіпорын ашты. Келешекте «Орал «Зенит» зауыты» АҚ Ресейдің «Газпромавтоматика» АҚ-мен бірге газ тарату шкафтарын жасауға, «ИТ Сервис» кәсіпорнымен бірге металлографиялық зерттеулер орталығын құруға мүдделі. Ауыл шаруашылығы саласында жергілікті шаруа қожалықтары Ресейдің шекаралас аймақтарынан асыл тұқымды ірі қара малын, дәнді дақылдар тұқымын сатып алуда. Тұтас алғанда, ағымдағы жылдың 8 айы ішінде Батыс Қазақстан облысының Кедендік одақ елдерімен сыртқы тауарайналымы 330 млн. АҚШ долларын құраған. Оның 294,6 млн. АҚШ доллары Ресейдің үлесіне тиеді.

Форум аясындағы көрме барысында біздің кәсіпорындар өз мүмкіндіктерін паш етті. Атап айтқанда, Орал трансформатор зауытының өнімі негізінен экспортқа бағытталған. Дегенмен осы кезге дейін орынборлықтармен іскерлік байланыс орнатудың сәті түспей келген еді. Көрмені аралап жүрген Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг оралдық кәсіпорын өкілдерінің жұмысымен танысты. «Үш күн ішінде біз өндірген сапалы өнімге мұқтаж ресейлік серіктестермен келіссөз жүргіздік. Мәселен, Магниогорск металлургия зауытының адамдары дилерлік құжат алып, біздің өнімдерді өз аймағында сатуға ниет білдірді. Олар алдағы жылғы сатып алу жоспарын көрсетті. Яғни 2016 жылы бізде міндетті түрде тапсырыс болады. Сондай-ақ Орынбордағы трансформатор шығаратын кәсіпорындармен де әріптестік байланысты жолға қойып отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, форум біз үшін өте пайдалы болды. Жаңа нарықтарға жол ашылды», – дейді Орал трансформатор зауытының басқарушы директоры  Асқар Ажаев.

Облыстағы машина жасаушы өндірістердің басын біріктірген «Машзавод» консорциумы да келіссөздер арқылы нақты уағдаластыққа қол жеткізді. «Зениттехсервис» ЖШС-ның директоры Көшербай Айқожаұлының мәлімдеуінше, күні бүгін Ресей мен Беларусь елдерінің төрт кәсіпорнымен біздегі мұнайгаз кеніштеріндегі жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселесі талқыланған. «Бір түйткілді тұс – бұл мемлекеттік сатып алулар мәселесі. Қазақстанда электронды мемлекеттік сатып алу жүйесі әлдеқашан жолға қойылса, Ресейде ол әлі тиісті деңгейде реттелмеген. Жалпы, Қазақстан көп салаларда озық тұр. Бізде «Өнімділік – 2020» бағдарламасы жасақталған, түрлі преференциялар қарастырылған, өнім өндірушілерді гранттық қолдау жүйесі енгізілген. Өкінішке орай, ресейлік тараптан ондай ештеңе естімедік», – дейді Көшербай Айқожаұлы.

Тағы бір айтуға тұрарлық жайт – Орынбордағы форумда ірі өндіріс ошақтарымен қатар, шағын кәсіпкерлер де өз өнімдерін көрсетуге мүмкіндік алды. Солардың бірі – Шыңғырлау ауданынан барған жеке кәсіпкер Әсел Сұлтанғалиева. Осыдан екі жыл бұрын кәсібін бастаған бұрынғы ұстаз Әсел «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алып, ұлттық киім-кешек пен көрпе-көпшік тігу ісін қолға алыпты. «Біз негізінен келінге жасау дайындаймыз.  Соның ішінде көздің жауын алатын, қазақы оюлармен көмкерілген құрақ көрпелер тігеміз. Оған қаздың мамығын саламыз. Бір айда осылайша 5-6 келінге жасау әзірлеп үлгереміз. Егер сұраныс болса, одан да көп тігуге болады. Өз облысымызбен қатар бірнеше рет Орынбор облысы тұрғындарының сұранысымен қыз жасауын дайындап бердік. Сондықтан бұл көрмеге ерекше қызығушылықпен қатысудамыз», – дейді Әсел Сұлтанғалиева.

Шынында да, шыңғырлаулық кәсіпкердің өнімдері ресейліктер назарынан тыс қалған жоқ. Көрме барысында ол Орынбордағы «Формула сна» тігін кәсіпорнымен тиімді шартқа қол қойды. «Әселдің жұмысы туралы естісімен, іскерлік байланыс орнату үшін көрмеге келдік. Бізге ұлттық нақыштағы қыз жасауы аса қажет. Орынборда 8 дүкеніміз бар. Өз тарапымыздан сіздерге жамылғы, көрпе-көпшік, матрастар әкелуге әзірміз», – деп түсіндірді кәсіпорын басшысы Ирина Антонова.

Бір сөзбен айтқанда, Орынбордағы форумнан батысқазақстандық  делегация  олжалы  оралды.

Альбина БАЙҚОНАҚОВА

Суреттерді түсірген Медет ДОСУМОВ


«Мына қазаншұңқырға мал мен адам құлауы мүмкін!» деп дабыл қағуда Макаров ауылының тұрғындары

Күні: , 905 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Өткен аптада редакцияға Зеленов ауданы Макаров ауылының бір топ тұрғыны шағым айта келді. Қаладан 18 шақырым жердегі елді мекен күні кешеге дейін көктемде тасыған судан зардап шегіп келген екен. Ауылды «әлеммен» байланыстыратын күре жолды жыл сайын су жырып кетіп, мәселе тек биыл ғана түпкілікті шешілгендей болып тұр.


Жол бойына су өткізетін диаметрі үлкен жаңа құбыр салынған. Өткелдің топырағының өзі де ауыр техниканың көмегімен әбден тапталып, тығыздалған. Жалпы, құрылыс сапасына макаровтықтар тарапынан айтылар сын, тағылар мін жоқ. «Алайда өткелді салу кезінде мердігер «АзияТехСтрой» компаниясы жолдың тап қасынан аумағы 100, тереңдігі 10 метрдей карьер қазып, топырақ алды» деп дабыл қағуда жергілікті тұрғындар. Солардың бірі Федор Сковородько бізді жаңадан қазылған қазаншұңқырға алып барды. Шындығында да, шыңырауға бергісіз, жарқабағы тік, терең шұңқырға қараудың өзі қорқынышты. Топырақ қабаттарын экскаватордың күрегімен сыпырғаны көрініп-ақ тұр. «Жол салушылар топырақ алғанын көзіміз-бен көрдік. Жарайды, алған екен, енді неге оның орнын бітеп кетпейді? Неге, осылай ашық аспан астында қалдырады? Мазалаған сауалдарымызға жауап сұрасақ, «Топырақ алған сендердің өздерің» деп жала жабады. Қараңыздаршы, күрек-шелекпен «қаруланған» ауыл тұрғындары мынадай көлемде топырақты ала ала ма? Алғанда да біз оны қайда жібереміз?!» деп алақан жаяды ол.

«Макаровта мұндай техника жоқ. Экскаватор туралы тіпті әңгіме қозғау ұят. Сосын бұл жерде жол салғанға дейін апан түгілі, ор да болмап еді. Қатер аяқ астынан. Жазатайым жолдан шығып кеткен адам апанға құлап кете ме деген де қаупіміз бар. Қанша қақсап айтсақ та, сөзімізге құлақ аспаған мердігер бізді мазақ қылғандай әсердеміз», — дейді тағы бір ауыл тұрғыны Анна Быкова.

Макаров ауылының малын бағатын бақташы Бақтығали Байғазиев қазылған апан ірі қара мен ұсақ жандыққа «қабір» бола ма деп алаңдаулы. «Екі жылдан бері жекенің малын бағып келемін. 200 бастай ірі қара бар. Осы жерде жаздай мал суарамыз. «АзияТехСтройдың» техникалары да тап осы жерде тұрды. Алдымызда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Күні ертең мына апанға мал құлайды ғой. Ол өлсе, бақташы құнын төлеуге міндетті. Малды мен бағайын, басқа бақсын, біреудің кесірінен шығынға батып жатса, обал емес пе?» — дейді бақташы Бақтығали.

Мәселенің мән-жайын екінші  тараптан білмек болып, өткелді салған «АзияТехСтрой» ЖШС-ның басшылығына жолықтық. Серіктестік директоры Армат Әлімбетов макаровтықтардың сөзімен мүлде келіспейді.

— Біз жол салған кезде ол маңнан топырақ алған жоқпыз. «Тама-түлек» деген компаниямен арада топырақ жеткізу туралы келісімшартымыз бар. Оның үстіне су өткізетін диаметрі үлкен құбыр салғаннан кейін топырақты аз пайдаландық. 8 мың текше метрдей топырақ жұмсалды. Ал ана қазаншұңқырдан 50 мың текше метрдей топырақ алыныпты. Былайша айтқанда, тиісті бақылаушы мемлекеттік құрылымдар тарапынан бақылау қатты. Егер заңды бұзған болсақ, ол қалай ескерусіз қалады?! Екінші жағынан, мұндайдан біздің аузымыз бұған дейін де күйген. Өткен жылдары Шыңғырлау ауданындағы пайдалануға рұқсат беру мерзімі өтіп кеткен карьерден бір машина топырақ аламыз деп ірі көлемде айыппұл төледік, — деді А. Әлімбетов.

Аталған мәселеге байланысты Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев былай деді: “Қалыптасқан күрделі жағдайды біз білеміз. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында облыстық жер инспекциясы тексеру жүргізіп, Макаров ауылы маңындағы карьерге “АзияТехСтрой” ЖШС-ның қатысы жоқтығын, ол жерден топырақ алмағанын анықтады. Ауыл тұсындағы өткелді екі жыл қатарынан су жырып кетті. Мәселені шешу жолдарын қарастырып, ол турасында редакцияны хабардар ететін боламыз”.

Қалай десек те, бүкіл ауыл тұрғындарын толғандырған бұл күрмеулі мәселе шешімін табуы тиіс. Әйтпесе, күні ертең жазатайым оқиғалар орын алмасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

Макаров ауылы,

Зеленов ауданы


Өңірдегі ең қуатты станса

Күні: , 831 рет оқылды

DMS_ГТЭС (2)


Бір жылдары көршінің электр қуатына толықтай тәуелді болған өңіріміз жыл санап өзінің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып келеді. Соңғы жылдар ширегінде облыс аумағында бақандай үш газтурбиналы станса салынып, іске қосылды. Жалпы құны 145 млн. доллар тұратын газтурбиналы станса  құрылысының жобасын қолға алған «Батыс Пауэр» ЖШС жобаны толықтай «жандандыруды» 2017-2019 жылдарға жоспарлаған. Биылғы жылдың аяғына таман аталмыш компания қуаты 200 МВт-тық газ турбиналы стансасының  құрылысының бірінші кезеңін пайдалануға береді.  Зеленов ауданындағы Белес ауылы маңында бой көтерген газ турбиналы станса өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, Батыс Қазақстан облысын электр қуатын экспорттаушы өңірге айналдырмақ.


Су жаңа стансаның газтурбинасы алыстан «менмұндалап» көз тартады. Стансаның аумағы ат шаптырым әрі мұндағы нысандар «қыздың жиған жүгіндей» жинақы көрінді.  Осы стансаның бастығы Марина Балашова болашақ өндіріс аумағын аралатып, электр жабдықтарын, газ турбинаны іске қосу жұмыстарының барысымен таныстырды. Оның  айтуынша, газ реттегіш стансаны іске қосу жұмыстары көп ұзамай басталуы керек. Жобаны іске асыруда әлемнің ең озық  өндірісшілерінің  соны технологиялары пайдаланылған. Мұнда танымал америкалық «Дженерал Электрик» компаниясының газ турбинасы, Германияның «Alsthom» компаниясының генераторы орнатылған. Көмекші құрал-жабдықтар да «АВВ», «Semens» және өзге де әлемдік компаниялардан алынған. Нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарына жергілікті және шетелдік компаниялар тартылған. Немістің әйгілі «Wood Group» компаниясының да өкілдері осында жұмыс көрігін қыздыруда.

Мамандардың айтуынша, бұл өзі – аса  маңызды стратегиялық нысан. Әрі облыс үшін мән-маңызы зор. Қазақстанның батыс өңіріндегі үш облыс (Маңғыстау, Атырау және БҚО) еліміздің бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне қосылмаған. Соған орай қысқы мезгілде қуатты көп тұтыну кезінде электр қуатының жетімсіздігі орын алады. Әрине, мамандар мұны электр қуаты жетіспейді деп туралап айтпағанмен, өзіміздің жергілікті өндірушіден өндірілетін қуат жетісіңкіремейді деп түсіндіреді. Облысқа қажет электр қуаты Маңғыстау облысындағы «МАЭК-ҚазАтомПром» ЖШС-дан, Ресейдегі «Интер РАО ЕЭС» ААҚ компаниясынан сатып алынуда. Оның үстіне биыл «ҚПО б.в.» компаниясындағы трансформатордың ойда жоқта істен шығуы кесірінен кеніштегі стансадан өңірге босатылатын электр қуаты көлемінің кемуіне әкеп соқтырды. Статистикалық мә-ліметтерге сүйенсек, 2014 жылы өңірге 149 млн. кВт. сағат электр қуаты сырттан тасымалданған. Яғни осыншама көлемде қуат жетіспеушілігі орын алған. «Кісідегінің кілті аспанда» демекші, қуатты сырттан сатып алу экономикалық тұрғыдан тиімсіз, өйткені оның бағасы қымбат әрі тасымалдау шығыны да бар дегендей.

— Мына газ турбиналық станса іске қосылған жағдайда, өңір қуатпен толықтай қамтылады. Сырттан тасымалданатын қуаттың бағасымен салыстырғанда өзімізде өндірілген қуат бағасының арзандау болатыны кәміл. Сонымен қатар батыс аймақты түгелдей электр қуатымен қамтитын боламыз, — деп түсіндірді станса бастығы Марина Балашова.

Электр стансасының келешегі зор. Онда сағатына 100 МГВт электр қуаты өндірілмек. Бұл станса облыс аумағындағы электр стансаларының ішіндегі ең қуаттысы, қуат өндірушілердің көшбасшысы болмақ. Сонымен қатар стансаның екінші кезеңінің құрылысы да жоспарланған. Екінші кешеннің өндірістік қуаты да біріншідегідей сағатына 100 МГВт шамасында болады деп жоспарланған. Стансада электр қуаты табиғи газды жағу арқылы алынатын болғандықтан, турбинадан шығатын ыстық газды кәдеге жарату жағы ойластырылған екен. Соған орай қазандықтар орнатылып, онда өндірілетін жылу қуаты есебінен станса іргесіне жылыжайлар салуға мүмкіндік бар.

Одан басқа жылудың, будың есебінен екі генератор арқылы 100 МГВт. сағат қуатқа қосымша 50 МГВт. сағат қуат өндіріледі.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында станса жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Құрал-жабдықтар күрделі әрі газбен қамту жүйесін жалғау да оңай шаруа емес. «Стансаға іргеден өтетін жоғары қысымды «Союз» магистральдық газ құбырынан газ жеткізетін құбыр тартылды. Сол құбырдан келетін газды осы станса аумағында салынған автоматты газ реттегіш стансада тазалап, қыздырып, салмағын «жеңілдетіп», яғни тиісті талап деңгейіне жеткіземіз. Содан кейін газ турбиналы қондырғыға жіберіледі. Қондырғыда газ жанып, генератордың көмегімен 11,5 кВт электр қуаты алынады. Өндірілген қуат осындағы кешенді электр қондырғысында 220 кВт-тық деңгейге жеткізіліп, «КЕГОК» АҚ-ға қарасты «Степной» қосалқы стансасы арқылы электр қуатын тарататын желіге беріледі», — деп тәптіштеп түсіндірді Марина Василийқызы. Станса бастығы Белес ауылының станса құрылысына кездейсоқ таңдалмағанын айтты. Өйткені осы тұстан «КЕГОК» АҚ-ның магистральды электр же-лісіне қосылуға мүмкіндік бар.  Өндірілген қуат магистральды желіге беріліп, одан әрі облысқа немесе көршілес өңірлерге та-ратылмақ. Әрі жоғары қысымды «Союз» газ магистралі де жақын.

Жоба инвесторлардың жеке қаражатына және несиелік қаражаттың есебінен жүргізілуде. Сонымен қатар маңызды нысан құрылысына «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының да қолдау-көмегі тиген. Магистральды газ құбырына қосатын газ құбырының және Белес ауылының бас көшесі бойымен  стансаға дейінгі жол құрылысы мемлекеттің есебінен салынған. Айтқандай, жобаны іске асыру барысында қажетті құрал-жабдықты бөлшектемей жеткізу жұмысы тыңғылықты атқарылған.

— Негізгі жүкті жеткізу оңайға түспеді. Италиядан шыққан жүк (генератор, газ турбинасы, қосымша жабдықтарымен) Волга – Дон каналы бойымен баржымен Атырау айлағына жеткізілді. Одан әрі сол баржымен көктемгі су тасыған кезде Жайық өзені-мен Коминтерн ауылына тасымалданды. Одан әрі арнайы көліктермен стансаға жеткізіліп, алдын ала құйылған іргетасқа орнатылды. Барлығы 650 тонна жүк бөлшектенбей тасымалданды. Мұның өзі ерекше үрдіс болды. Стансаға жөндеу жұмыстары кестеге сай уақтылы жүргізілсе, онда станса 40 жыл бойы тұрақты жұмыс істейді, — дейді «Батыс Пауэр» ЖШС-ның бас директоры Жасұлан Жақыпов.  Оның айтуынша, станса іске қосылғаннан кейін 70 адам жұмыс істейді. Қазірден білікті кадрларды жинақтау, олардың біліктілін көтеру жөнінде келісімдер жүруде.

Жалпы, бұл станса біздің өңірге не береді? Бұл сауалымызға мамандар электр қуатын нарығында бәсекеге қабілетті тағы бір «ойыншы» пайда болады десті. Аталмыш стансада өндірілген өнім, яғни электр қуаты облысқа тиімді болмақ. Мұнда жылына 748 млн. кВт сағат электр қуаты өндіру жоспарланғанын және өңірдегі қуат жетіспеушілігі 149 млн. кВт.сағат құрағанын ескерсек, станса қуатының көп бөлігі өңірімізді қамтуға жетіп артылады.

— Облыстың жағырапиялық орны электр қуатын шетелге, соның ішінде Ресейге, Беларусьқа шығарып өткізуге мүмкіндік береді. Қазақстанның кедендік одаққа мүше екендігін ескерсек, жобаның тиімділігі өседі, өйткені ол облыстың экспорттық көрсеткішінің деңгейін көтереді. Сонымен қатар жаңа өндірістің іске қосылуымен жергілікті бюджет жаңа түсіммен толығады, — деді «Батыс Пауэр» ЖШС-ның бас директоры Жасұлан  Жақыпов.

Өңірдегі Индустрияландыру картасы шеңберінде іске асырылып жатқан газтурбиналы станса жобасын энергетик мамандар  нар тәуекелді қажет еткен күрделі жоба деп бағалайды. Елімізде электр энергетикасын дамытудың өзектілігі жағдайында аталмыш жобаның маңызының салмақты екені шүбәсіз.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Ынтымаққа арналған концерт

Күні: , 791 рет оқылды

DSC_0226


Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жұмағаным Рахимованың «Мәңгілік ел – асыл мұратымыз» атты шығармашылық концерті өтті. Концерт Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына арналды.


Күміс көмей, жез таңдай әнші қазақ композиторларының, сонымен қатар өзге ұлттың тіліндегі әндерді де орындады. Ескендір Хасанғалиевтің «Нұрлы таңын», Латиф Хамидидің «Бұлбұлын», әзірбайжан Узеир Гаджибековтың «Ария Гюльчохрын», кәріс Ким Дон Чжиннің «Новый ариран», орыс Альябевтің «Соловей» туындыларын тамылжыта шырқады.

Жұмағаным Рахимованың жұбайы марқұм Әшір Молдайыновтың тамаша композитор болғаны белгілі. Бүгінде ұрпақтарынан немересі Ахмедияр Молдағайынов Орал қаласындағы №1 саз мектебінде оқып жүр. Қаршадай бала күйсандықтан саз төгілтіп, қабілет-қарымымен көрермен қауымды тәнті етті. Оған әжесі сахнада еліміздің жалаушасын аманаттап беруі бәрімізге жылы әсер етті.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың мәдениет және өнер факультетінде вокал мамандығы бойынша ұстаздық  қызметтегі Жұмағаным Әбдіхалыққызының бір топ шәкірті қазақ халқының әні «Бір бала» мен еврей әні «Хава Нагиланы» нақышына келтіре орындады. Өнер көрсеткен жас өрендерден бөлек, өңірімізде өзіндік таланттарымен дараланып келе жатқан Аягөз Абдрахманова, Әсел Мұржанова, Дамир Сәтібаев, Тимур Мусин, Артем Мұқатаев, Алтынбек Қанатқалиев әсем дауыстарымен шығармашылық кештің шырайын кіргізді.

Концертте «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Жаңылсын Хасанова мен Мұрат Әмірхановтардың тамылжытқан әндері де көптің көңілінен шықты. Кейін «Назерке» халық биі ансамблі «Достық» хореографиялық композициясын, «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі Мәменнің «Қыз Ақжелең» күйін орындады.

Концерт соңында әнші Жұмағаным Рахимоваға Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов ризашылық білдіріп, алғысхат табыстады.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ


Автордың келісімін алмасаң, айыппұл төлейсің

Күні: , 818 рет оқылды


Облыстық кәсіпкерлер палатасы «Аманат» авторлық және аралас құқықты қорғау жөніндегі коммерциялық емес ұйымымен және «Абырой» авторлық қоғамы» РҚБ-мен бірлесіп, дөңгелек үстел ұйымдастырды. Бұған ойын-сауық орындары мен мейрамхана, ірі сауда нүктелерінің қожайындары және БАҚ  өкілдері қатысты.


Алматы қаласынан арнайы шақыртумен келген  «Аманат» авторлық және аралас құқықты қорғау жөніндегі коммерциялық емес ұйымының жетекшісі Любовь Балмағамбетова мен «Абырой» авторлық қоғамы» РҚБ бас директоры Азамат Тілеужанов жиналғандарға авторлық құқық мәселесіне қатысты заңды бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Любовь Юрьевнаның айтуынша, ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар» туралы заңы 1996 жылы 10 маусымда қабылданды. Бұл заң әлемдік бес конвенция негізінде жан-жақты ойластырылып жасалғандықтан, алғашында халықаралық құқыққа толық жауап берген. Кейінірек аталмыш  заңға өзгертулер енгізілуіне байланысты түйткілді мәселелер пайда болған. Осыған орай аталмыш заңға тағы бір мәрте толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, жаңғыртылған заң ағымдағы жылдың 15 сәуірінде күшіне енді.

– Өздеріңіз күнде көріп жүрсіздер, халық көп жиналатын кез келген қоғамдық орындарда әдемі әуендер жиі пайдаланылады. Мысалы, теле және радиокомпаниялар, кабельдік операторлар, театрлар мен филармониялар, концерттік бірлестіктер, дәмханалар мен мейрамханалар, түнгі клубтар, дискотекалар мен көлік ұйымдарында, сұлулық салондарында және басқа да көптеген орындарда үнемі музыка ойнап жатады. Ал бұл әуендердің авторлары бар, олар әнді шығарған сазгер, сөзін жазған ақын және орындаушы. Олар жаңағы шырқалып жатқан әуендердің авторлары, яғни шығарманың иесі болып табылады. ҚР «Авторлық құқығы және сабақтастық құқықтар туралы» Заңының 16-бабы 5-тармағына сәйкес автордың немесе өзге де құқық иеленушінің туындыны пайдаланудың әр  түрі үшін сыйақы алуға құқығы бар. Оның мөлшері мен есептелу тәртібі авторлық шартпен немесе авторлардың мүліктік құқықтарын ұжымдық негізде басқаратын ұйымдармен жасасатын шарттармен белгіленеді. Қазір не көп, әнші көп, олардың бәрін іздеп тауып, жеке өздерімен шарт жасасу мүмкін емес. Сондықтан авторлардың шығармашылық туындыларын пайдаланушылар еліміздегі ән авторларының құқығын қорғайтын ҚазАҚ, «Абырой», «Аманат» және «Ән авторларының одағы» (САП) секілді бірнеше ұйымдардың бірімен лицензиялық шарт жасасып, авторларға осы ұйымдар арқылы тиісті қаламақыларын төлеп отыруы керек. Бұл ұйымдар автордың өздеріне берген өкілеттік бойынша жұмыс істеуі керек. Яғни олар автор туындысын пайдаланып жүрген мекемелермен, оның ішінде мейрамханалар мен тойханалар, театрлар мен қонақүйлер, телеарналар да бар, лицензиялық келісімшартқа отырып, аталған орындарда шырқалған әндер үшін олардың авторларына  қаламақысын жинап беруі тиіс. Заң бойынша әннің авторлары өмірден өтіп кеткен жағдайда, қаламақы олардың ұрпақтарына аударылуы тиіс. Егер олар табылмаған жағдайда, қаламақылар аталған ұйымдарда мәңгілік сақталады. Авторлардың ұрпақтары кез келген уақытта әкелерінің әндері үшін есептелген қаламақыны келісімшартқа сәйкес осы ұйымдардың бірінен алуына болады. Заң бойынша орындалған ән шетелдікі болғанның өзінде, келісімшарт бойынша ол жақтағы басқару ұйымына қазақстандық ұйымдар қаламақысын аударуы керек. Әуенді өз мекемелерінде пайдаланушылар авторларға немесе олардың сенімді өкілдеріне тиісті қаламақысын төлемеген жағдайда, олар ҚР «Авторлық құқы-ғы және сабақтастық құқықтар туралы» Заңның талаптарын орындамаған болып танылып, жауапқа тартылады. Айыппұл салынып, тіпті бес жылға дейін мерзімге темір торға қамалуы да мүмкін. Өкінішке орай, бұл заңды орындамақ түгілі, оның бар екенін осы күнге дейін білмейтіндер де бар. Сол себепті біз бүгінде аймақтарды аралап, авторлық құқықтың сақталуы жөніндегі заңды тү-сіндіріп  жүрміз.

Қазіргі таңда мен жетекшілік ететін «Аманат» біріккен тұлғалардың авторлық құқығын қорғау бойынша коммерциялық емес ұйымының 384 мүшесі бар. Біз осы авторлардың жеке меншік шығармаларын қорғап, түскен пайданың тек 30 пайызын ғана ұйымның жұмысына пайдаланып жүрміз. Ал қалған 70 пайызы түгелдей авторлардың есепшотына аударылады. Бұл жерде айта кететін бір жәйт, әннің авторларына қарағанда, орындаушыларға 10 есе аз төленеді. Төлем қызметі ешқандай бүкпесіз, ашық жүргізіледі. Білгісі келген кісілерге біздің сайтымызға кіріп, аударылған қаражат мөлшерін бақылап отыруға болады. Ағымдағы жылдың 9 айында еліміз бойынша 327 контрафакт жағдаяты орын алды, яғни авторлардың шығармалары осыншама мәрте рұқсатсыз пайдаланылды. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша құзырлы органдар айналысуда, – деген Любовь Юрьевна әндер диска немесе флешкадан тыңдалса да, оны пайдаланған адамдардан қаламақы  талап етілетінін айтты. Оның сөзінше, автобустарда автомагнитол  арқылы ән жіберу де заңбұзушылыққа жатады екен. Ол сондай-ақ егер ән автордың рұқсатымен орындалған жағдайда, қаламақы талап етілмейтінін жұртшылықтың қаперіне салды.

Балмағамбетованың бұл мәлімдемесі кәсіпкерлерге ұнаған жоқ, әрине. Бірақ заңның аты – заң, оны орындау керек. Сондықтан кәсіпкерлер аталмыш мәселе жөнінде ұйымдастырушылардан толық мағлұмат алу үшін қосымша сұрақтарды көп қойды. «Абырой» авторлық қоғамы» РҚБ бас директоры Азамат Миржанұлының айтуынша, журналистер мен жазушылар, ақындар мен суретшілер де авторлық меншікке құқығы бар адамдар, сондықтан бұл заң оларға да қатысты. Аталмыш заң әлі де жетілдіріліп, өңделуде, бұйырса, журналист, жазушылардың да осы заңды пайдаланатын күндері алыс емес.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Қазақ халқының мәдени күні өтті

Күні: , 97 рет оқылды

Копия Изображение 006


Өткен аптада ҚазИИТУ ғылым-білім кешенінде қазақ халқының мәдени күні ұйымдастырылды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының бастауымен өткізілген шараға «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілдері мен студент жастар қатысты.


Қазақ халқының мәдени күндеріне арналған шара ең алдымен  қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын сақтап, рухани құндылықтар мен қазақ тілін насихаттауды көздеді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, елімізде мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Алайда әлі де жеткіліксіз.

Бүгінде өзге ұлт өкілдеріне арналған білім ошақтарында қазақ тілді балалар көп. Ал тәрбие тірегі тілден бастау алады десек, ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болуы керек. Сондықтан «Қазақ тілі»  қоғамы облыстық филиалының өкілдері мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, мерейін өсіру,  ана тілге деген құрметті арттыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспарын жасақтаған.

– Қазіргі таңдағы бәсекелестік заманында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде толық мәртебесінде қолдану үшін ең алдымен жастарымыз ынталы болуы керек. Бірнеше жылдан бері осы бағытқа арналған іс-шараларды ұйымдастыруды жүйелі түрде қолға алып келеміз.  Ең әуелі мемлекеттік тілді білмей қай мемлекетте болсын өмір сүру мүмкін еместігін  сезінетіндей идеологиялық саясат керек деп ойлаймын. Осы бағытта біздер тілге байланысты жұмыстарды  алдымен жастардан бастағымыз келіп отыр. Оның ішінде мәдениетіміздегі жалпыұлттық құндылықтар тек қана қазақ халқына емес,  Қазақстанда мекендейтін барлық ұлттарға ортақ болуы керек деп есептеймін. Сондықтан да біздің төрімізде өткізіліп жатқан әрбір ұлттың шарасы қазақ мәдениетінің шарасы, қа-зақ мәдениетін насихаттау мен қазақ мәдениетін дәріптеуге негізделген  шара  болуы қажет, – дейді «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев.

Ұлттың ұлт екенін танытатын – тіл. Бүгінде елімізде халықтар достығы мен ұлтаралық келісімнің арқасында түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің өз ана тілдері мен  мәдениеттерін сақтауға барынша жағдай жасалуда. «Дегенмен ұлан-ғайыр қазақ даласын мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді қолдануға мүдделілігін арттырып, қазақтың қазақпен қазақша сөйлесуіне қол  жеткізудің маңызы айрықша», — дейді шараға қатысушылар.

– Қазақ тіліне ең алдымен үлкен құрмет керек. Қазақстандағы түрлі ұлт өкілдері жанұяда қазақша тәрбиеленіп,  қазақтың салтдәстүрін бойына сіңіріп өсулері қажет. Қазақ жерінде тұрып жатқандықтан, бейбіт күн үшін өзімізді бақытты санауға тиістіміз.  Бүгінгі күніміздің негізгі мәні осы ойды ұғындыруға бағытталған, – дейді шараны ұйымдастырушы, «Мечта Работа» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі  Райымбек  Қойшекенов.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Оксана КАТКОВА


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика