Мұрағат: 14.11.2015


Бас жүлде – «Орал өңірінде»

Күні: , 878 рет оқылды

IMG_5039


Облыстық  «Орал  өңірі»  газетінің  шығармашылық  ұжымы Ұлттық  инновациялар  байқауында  бас  жүлдені  иеленіп, Лондонға  білім  сапарына  жолдама  ұтып  алды.


ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ және Қазақстандағы British Council-дің бастамасымен жарияланған Ұлттық инновациялар байқауы еліміздің технологиялық даму мәселелерін және инновациялық саясат тақырыбын белсенді жариялап жүрген журналистерді қолдау мақсатында өткізіліп келеді. Биылғы байқауға журналистерден 240-тан астам материал түскен. Астана қаласынан 100 өтінім ұсынылса, жұмыстар саны бойынша екінші орында 34 өтініммен Батыс Қазақстан облысы болған. Байқау шарттары бойынша материалдар еліміздің индустриялды-инновациялық саясатына қатысты жаңалықтарды қамтуы және қазақстандық ғалымдардың жетістіктерін, балалардың техникалық шығармашылығын дамыту, стартап жобаларды және өзге де қызықты инновациялық жұмыстарды жариялауға бағытталуы қажет болатын.

Байқаудың қорытындысы 12 қараша күні Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында «Инновациялар апталығы» аясында өткен «Қазақстан – жаңа жаһандық инновациялық хаб» (TechConnect.Tech.) инновациялық форумы аясында жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. «Үздік журналистік материал» аталымы бойынша «Орал өңірінің» шығармашылық ұжымы бас жүлдеге ие болды. «Индустрияландыру картасының игіліктері» мақаласымен байқауға қатысқан  редакцияның экономика бөлімі меңгерушісі Сәкен Әбілхалықов салтанатты шараға арнайы барып, 1 млн. теңге көлемінде Гранприді алып қайтты. Сәкен Мұратұлы өзге жеңімпаздармен бірге Ұлыбританияға білім сапарына бармақ.

Редакция алқасы


Сынақтан сүрінбей өтті

Күні: , 807 рет оқылды

IMG_5307[2]


Жаңақала ауданы – асыл тұқымды еділбай қойының ғана емес, көшім жылқысының да отаны саналатыны  көпшілікке аян.


Етті бағыттағы көшім тұқымы 1976 жылы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында қазақы (жабы) жылқылардың биелерін зауыттық желісті дон және таза қанды мініс тұқымдарының аталықтарымен күрделі зауыттық будандастыру негізінде жүргізілген көп жылдық асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде алынғаны белгілі.

Көшім тұқымының құндылығы – қазақы жылқының бейімделу қасиетін бойына сақтай отырып, жыл бойы жайылымда бағып күтілуімен, дене тұрқының ірілігі, жоғары салмақтылығымен және сүттілігімен ерекшеленеді.

Тірілей салмағы биелері 650-700 килограмға дейін, айғырлары 700-750 килограмға дейін тартатын, еті жоғары тағамдық сапасымен сипатталып, сойыс шығымы 53-55 пайызды құрайтын, бір килограмм етінің құнарлығы 2000 калорияға жуық бұл асыл тұқымды жылқы еліміздің біраз облыстарына тарап, өсірілуде.

Ауданымызда «Көшім» ЖШС мен «И. С. Серғазиев» шаруа қожалығы біраз жылдан бері осы жылқының өнімдік және тұқым-дық сапасын жетілдіру бойынша ғылыми негізде асылдандыру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мақсат – осы тұқымды жылқының сапасын сақтап, басын көбейту ғана емес, оны ғылыми негізде жетілдіріп, Жаңақала зауыттық түрін (типін) шығаруға қол жеткізу еді. Осы сала ғалымдарымен бірлесе ұзақ жылғы жүйелі жүргізілген жұмыс нәтижесіз қалған жоқ.

Үстіміздегі жылдың 11 қарашасы күні Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі басқарма басшысы Сапар Омаров бастаған, құрамында Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының ғылыми қызметкері, көшім тұқымы автор-ларының бірі, белгілі ғалым Серікбай Рзабаев, Қызылорда облысы асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бөлім басшысы Дәулетбек Әубакиров, Батыс Қазақстан облысы асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бөлім басшысы Бейбіт Дүйсенғалиев бар ғылыми комиссия арнайы келіп, көшім тұқымының Жаңақала зауыттық түрін сынақтан өткізді.

Қуанарлық жай – комиссия аталған екі шаруашылықтың жылқыларын жан-жақты зерттеуден өткізіп, жетілген көшім тұқымын Жаңақала зауыттық түрі деп атауға лайық деп бірауыздан шешімге келді. Сөйтіп, ауданымыздағы қос шаруашылықтың жүйелі жүргізген асылдандыру жұмыстары нәтиже беріп, сынақтан сүрінбей өтті.

Демек, көшім тұқымының Жаңақала зауыттық типі болып патент алатын күн де қашық емес.

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы


Жымпитыдағы баспасөз

Күні: , 851 рет оқылды

Ерік газеті


Биыл Сырым аудандық «Сырым елі» газеті шыға бастағанына 85 жыл толуын атап өтуде. Яғни аудандық басылымның алғашқы саны 1930 жылы баспадан шыққан.


Дегенмен ХХ ғасырдың басынан-ақ батыс өңірдегі ірі елді мекен, қоғамдық-саяси оқиғалардың кіндігінде болған Жымпиты қаласында 1930 жылға дейін де мерзімді басылым шығару талпынысы болған.

«Еркін қазақ» газеті

Бұл – Жайық сырты бөлігі земство басқармасының апталық газеті. 1919 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бұрынғы Орал губерниясындағы уезд орталығы – Ойыл кентінде бірнеше нөмірі жарық көрген.

Ахмет Маметов

Ойылда шықса, Жымпитыға бұл газеттің қандай қатысы бар дерсіз? Иә, бұл газетті әу баста Жымпитыда шығару жоспарланған. Сол үшін 1918 жылы Орал қаласынан 60 мың сомға баспахана сатып алынған. Мұның басы-қасында белгілі ұлт зиялысы Ахмет Мәметов жүрген екен. Бірақ сол жылғы көктемде Оралды Қы-зыл армия бөлімдері басып алуына байланысты баспахана земство мекемесімен бірге Ойылға көшіріледі. Құрамында 3 қызметкері бар баспахана күзге дейін әр түрлі мекемелердің тапсырысын орындап, тек 1919 жылғы 10 қаңтарда Қаратөбеде өткен облыстық земство жиналысының қаулысына сәйкес газет шығаруды қолға алады. Облыс земство басқармасының бастығы Халел Досмұхамедұлы «Еркін қазақтың» №1 нөмірінде «Газет Ресейдегі уақиғаларды, земство істерін, Алашорда үкіметінің жаңалықтарын және оның тарихын жазады, саяси әлеуметтік мәселелерін халыққа түсіндіру мұратын ұстанады» деп жазды.

Бұл газеттің ғұмыры ұзақ болмаған. 1919 жылдың соңында Ойылды Қызыл армия басып алады. 1920 жылы Орал губернелік ревкомының арнаулы комиссиясы «Еркін қазақты» жауып, баспахана мүлкін тәркіледі. Баспахана құрал-жабдығы Орынборға көшірілген. Бұл деректер «Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясынан алынды.

«Ерік» газеті

Бұл газет 1920 жылдың басында Орал қаласында шыққан. Бірақ Жымпитымен де байланысты тарихы бар.

Орал губернелік партия комитеті мен атқару комитетінің тілі «Қызыл ту» газетінің 1926 жылы қаңтардың 8-і күнгі №3 санында Ахмет Мамытұлы (Мәметов) «Менің есімде қалғандар» атты мақаласында былай деп жазады:

«19-жылдың аяғы, 20-жылдың басы Орал облысына сәбет үкіметінің жаңа-жаңа ғана орнап жатқан кезі еді.

Жымпиты қаласынан жолдас Нұрғали Епмағамбетұлы екеуміз Текеге (Орал қаласы — Қ.Қ.) келдік. Теке қаласында қазақтан 2-3 жолдастарды ғана ұшыраттық. Бір күні губком хатшысы жолдас Петровский қазақ жігіттерін жинап алып, қазақ тілінде бір газет шығарудың керек екенін, соған ат қойып, шығарушы белгілеуді ұсынды. Біз де дұрыс көріп, 2-3 күн ішінде губкомға қайтадан жиналатын болып тарадық. Ертеңіне 4-5 қазақ: мен, Қаратілеуұлы, Епмағамбетұлы, Әлібекұлы бір үйде жиналып, қазақ газетіне ылайық ат қойып алуды кеңестік. Сөйлесе-сөйлесе келіп, екі атқа тоқтадық.

Біреуі «Толқын», екіншісі «Ерік» деген аттар еді. Бірінші сөзді мен мақұлдасам да, басқа жолдастар екінші сөзді мақұлдап, газеттің аты «Ерік» болды. Сонан соң қайтадан губкомға бардық. Газет туралы өзара кеңесіп, атының «Ерік» болуын ұйғарғанымызды білдірдік. Губком хатшысы жолдас Петровский де мақұл көрді. Сол күннен бастап мені шығарушы етіп белгіледі де, іске кірісуге қосты. Жұмысқа кірістім, бірақ жәрдемші етіп бір адам да бермеді, бергенмен ылайықты кісі де жоқ еді. Бірқатар азаматтарды үйезге шығарып жіберген. Бірқатарлары қалаға үлгеріп келе алмай, далада жатыр еді.

Сөйтіп, жалғыз өзім жазуға кірістім. Бір саны шықты. Қаратілеуұлы, Ипмағамбетұлы үшеуміз бір үйде тұрамыз. 20-жыл әркімге белгілі, дүнианың тапшы, жалунианың (жалобня – еңбекақы – Қ.Қ.) жоқ қасында болған кезі ғой. Ертеңнен кешке дейін жұмыс етіп қайтасың, үйге келгенде тойып ішкендей асың да жоқ. Оның үстіне мен өзім шеттен келген адам, тек болғаны Епмағамбетұлының азырақ сүйемелдеуіменен біразға дейін тұрдым деуге болады. Кейбір уақыттарда үшеуміздің бір тілім нанға «таласқандай» болып қалып жүрген кездеріміз де болды. Қалайда газетте жазушы да өзім, корректор да өзім… жазға дейін тоқтатпай жеткіздім. Сосын мен азырақ науқастанып, жеңілдеу болса да ауруға ұшырадым.

Бұл ауру біліне бастаған соң-ақ ел ішіне жақынырақ орынға баруға ойлана бастадым. Сөйтіп жүргенде, бір күні Жымпиты қаласынан Бекбатырұлы, Жантілеуұлы жолдастар келді. Олармен таныстым, сөйлестім. Олар Жымпиты ел ортасы болғандықтан, онда бір газет керек екенін сөйледі. Сосын мен де газетті Жымпитыға көшіріп, сонда шығаруды мақұлдап, анда-санда губкомда әңгіме жасайтын болдым. Соныменен тағы да бір себептер болып, губком газетті көшіруді жөн көріп, мені Жымпитыға жіберді. Онда барған соң ел іші ғой, жоғарғы айтылған қиындықтардан құтылып, Текедегіден гөрі өнімдірек жұмыс ете бастадық. Жазып жәрдем етушілер көбейді.

Үйездің партия қатшысы жолдас Забирұлы, үйездің атқару камитеті бастығы жолдас Жолдыбайұлы жазып та, басқа да жұмыстарын аямай, жәрдемдерін көрсетті. Сөйтіп, Жымпиты қаласына баспақана құрылып, «Ерік» газеті шыға да бастады.

Жымпитыда 20-жылдың аяғына дейін шығарушы мен болып тұрдым. 20-жылдың аяғында Текеден осы «Қызыл ту» газеті шыға бастады. Сосын қыс ортасына жақындаған кезде мені «Еріктен» «Қызыл ту» баспақанасына қатшы етіп алдырды. Ұмытпасам, менің орныма жолдас Ғабидолла баласы қалды білем.

…Бұрын жалғыз кісіден басталған Орал облысындағы газет осы күні кәдімгі қатарға кіріп, жеткілікті жұмыскерлері бар, тілшілері бар ұйымға айналды. «Қос жүре бара түзеледі» деген осы болады. «Ерік» газеті де жойылған жоқ. Ол да баспақанасыменен Үйшікке (Гурьев) көшіп, «Жұмыскер тілі» деген атақпен шығып отыр».

Осылайша 1920 жылдың ортасынан 1923 жылға дейін «Ерік» газеті Жымпитыда шығып тұрған.

Редактордың тағдыры

Атырау облыстық газеті өз тарихын 1923 жылы 1 сәуірде Атырау қаласында жарық көрген «Ерік» газетінен бастайды. Бұл басылымның алғашқы редакторы  Төлепкерей Өтеулиев болатын.

Атыраулық ғалым, Х. Досмұхамедов атындағы АтМУ-дың З. Қабдолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы ағамыз «Атырау баспасөзінің тарихы» (1917-1955) атты еңбегінде «Еріктің» алғашқы редакторы туралы толық жазған.

Төлепкерей Бисұлтанұлы 1889 жылы Орал губернесі, Жымпиты уезі, Тұздыкөл болысының №4 ауылында дүниеге келген екен. Ата-анасынан ерте айырылған жетім баланы 12 жасында қайырымды жандар Матшенскі біржылдық училищесіне беріпті. Оны бітірген Төлепкерей екіжылдық Илецк училищесіне түсіп, кейін сол Тұзтөбедегі екіжылдық педагогикалық училищеге ауысады. Оны 1910 жылы бітіріп, 1910-1914 жылдары Торғай облысында ауыл мектептерінде қызмет етеді. 1914 жылдың күзінде туған жеріне, Жымпиты екіжылдық училищесіне оқытушы болып келеді. «Жымпитыда Алашорда үкіметі орнағанда қаржы болмағандықтан, біздің мектеп жабылды. Көп ұзамай мен жергілікті еріктілер отрядына қабылдандым. …Алашорда армиясы қатарына жұмысқа тұрып, әу баста регистратор, кейін есепші қызметін атқардым» деп жазады Т. Өтеулиев өз өмірбаянында.

Совет өкіметі орнаған соң Мәскеу қаласында Свердлов атындағы университетте маркстік білімін жетілдірген Төлепкерей Бисұлтанұлы Жымпиты уездік комитетінің насихат бөлімі меңгерушісі, уездік комитет хатшысы болады.

1923 жылы наурызда РКП(б) Гурьев уездік хатшысы болып тағайындалып, уездік «Трудовая правда» және «Ерік» газеттеріне редактор ретінде қол қояды.

Кейін Орал, Семей, Ақмола, Қызылжар өңірінде түрлі басшылық қызметте болған Төлепкерей Өтеулиев сталиндік репрессияға ілініп, 1938 жылы 8 наурызда «халық жауы» атанып, атылып кетті. Оны айыптауға Алашорда армиясындағы қызметі және 1929 жылы Адай уезіндегі асыра сілтеуге қарсы Голощекинге жазған қарсылық хаты жеткілікті болыпты…

«Қызыл ту»

Баспасөз тарихын зерттеуші Қылышбай Сүндетұлының дерегіне қарағанда, 1920 жылдың желтоқсан айынан бері Орал губернелік газеті болып шығып тұрған «Қызыл ту» басылымы да 1928 жылы республикадағы территориялық өзгерістерге байланысты Жымпиты ауданына көшірілген. Сондықтан Жымпиты өңірі Батыс Қазақстан облысындағы қазақ баспасөзінің дамуы мен қалыптасуына ерекше үлес қосқан аймақ саналады. Біз бүгінде 85 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан әріптестерімізге іргетасын аға буын Алаш азаматтары қалап кеткен мәртебелі қызметте жемісті еңбек тілейміз.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ


«Ердім бір сиқыр қаламға…»

Күні: , 169 рет оқылды

ГУБАЙДУЛЛИН 3


Облыстық қазақ драма театрында танымал журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Ердім бір сиқыр қаламға…» атты шығармашылық кеші өтті.


Әнмен өрілген әдеби, рухани кешке оқырмандар көптеп жиналды. Кеш басында қаламгер өмірінен сыр шертетін бейнефильм көрсетілді. Шығармашылық кешке арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев, қала әкімі Алтай Көлгінов қарымды қаламгерді мерейлі жасымен құттықтады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың құттықтаухатын табыстаған Нариман Төреғалиев мерейлі тойдың Қазақстан Журналистер одағының құрылғанына 56 жыл толуымен тұспа-тұс келгендігін атап өтіп, қаламгер еңбегіне сәттілік тіледі. Ал алыс-жақын өңірлерден келген қонақтардың басын қосқан әсерлі кеште өз тілегін жолдаған Алтай Көлгінов мерейтой иесін қоғам қайраткері ретінде жақсы білетінін, құрмет тұтатынын атап өтті.

— Қазіргідей жаһандану заманында еліміздің тарихы, ұлтымыздың құндылығы, көпұлтты мемлекетіміздің жеткен жетістіктері, егемендігіміздің нығаю мәселелерін әрқашан көтеріп жүресіз. Ол біз үшін абырой. Бүгін ғана теледидардан Астанада өткен инновациялық форумда «Орал өңірі» газетінің бас жүлдені жеңіп алғанын көрдім. Ендеше, мен сізді бүгінгідей мерейлі шарамен тұспа-тұс келген, өзіңіз тізгінін ұстаған газетіңіздің жеңісімен құттықтаймын, — деген Алтай Сейдірұлы мерейтой иесіне шаһарымыздың көрнекті жерлері бейнеленген естелік сыйлықты табыс етті. Кеште сөз алған ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева қаламдас інісіне: «Өзің бала жастан ерген сиқыр қаламың биіктерге жетелей берсін» деген ақ тілегін арнады.

— Бүгін қалам ұстайтындар, қаламды жақсы көретіндер, газет оқитындар жиналып, әдемі кеш өткізіп жатырмыз. Бауыржан екеуміздің ауылымыздың арасы 50 шақырым. Сонау ауылдағы төрт класс қана бітірген механизатордың баласының ауылда жүре бермей, ой ойлап, арман қуып, Алматыға барып, ғажайып журналистер дайындайтын оқу орнын бітіруінің өзі — бүгінгі ауыл баласына, ертеңгі ауыл баласына үлгі боларлық нәрсе. Биылғы жыл Бауыржан үшін сәтті жыл болды. Бүгін ол басқарған газет те республикалық басылымдардың ішінен оза шауып, бас бәйгені алғаны жөнінде сүйінші хабарды естіп жатырмыз. Бұл жерде редактордың да еңбегі бар. Бауыржан биыл төріне құда отырғызып, өзі құда атанды. Сонымен қатар дәл биылғы жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өтті, — деген ақын Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтау жеделхаты мен Қазақстан Жазушылар одағының куәлігін Бауыржан Файзоллаұлына табыс етті. Осындай куәлік ақын, тележурналист Мұнайдар Болмадаға да тапсырылды. Сондай-ақ осы кеште оқырмандар балалар тақырыбына қалам тербеп, қоғамдағы болып жатқан іргелі, ірі мәселелерді де қозғап жүрген журналистің ән шығаратын, өлең жазатын жаңа қырымен танысты. Кеште қаламгердің туған ауылына арнаған «Менің Қызылжарым» атты өлеңі халық әнінің мақамымен Дастан Есентеміровтың орындауында жұртшылық жүрегіне жетсе, әні мен сөзін кеш иесінің өзі жазған «Жан самалы», Тұманбай Молдағалиевтің «Күтпеген кездесу» өлеңіне жазылған әдемі ән де көрермен көңілінен шықты.

Балалар жазушысы және публицист ретінде танылған Бауыржан Ғұбайдулиннің күні бүгінге дейін «Күн бала», «Жиһанкез Ақ-кербез», «Жаныма жақын жағалау» атты кітаптары жарық көрді. Сонымен бірге қаламгердің біраз шығармалары «Ақ желкен», «Балбөбекке бәсіре», «Қолтаңба», «Жыл он-екі ай» секілді ұжымдық жинақтарға енген. Әсерге толы кеште қаламгердің кенже қызы, №1 орта мектептің 2-сыныбының үздік оқушысы Ақкербез Файзолла мен оның сыныптастары жатқа оқыған «Ботақан мен Балақан», «Ана әлдиі» және «Сыйлық» шығармалары жұртшылыққа жылы әсер етті. Сахнаға көтеріліп, шәкіртіне жыр жолдарын арнаған ұстазы Сәру Сабырқызының құттықтауы да кештің өн бойын шырайландыра түсті. Алатаудың баурайында абитуриент кезінде танысып, әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық мемлекеттік университетінде білім алып, бірге туған бауырдай болып кеткен достары – Астанадан келген «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Ғабит Мүсіреп, Алматы қаласынан жеткен «Өмір-ай» газетінің меншік иесі, ақын, журналист Бақытжан Қосбармақов, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі Жолдасбек Шөпеғұл, Атырау облысы Қызылқоға аудандық газеті бас редакторының орынбасары, ҚР мәдениет қайраткері Аяпберген Салықовтар арнайы келіп, қағытпа қалжың, әдемі әзілдерімен көрермен көңілін көтерді. «Басыңызға бақ қонған азаматсыз» деп сөзін саптаған «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин әріптесіміздің кешін өткізуге үлес қосқан мәдениет саласының қызметкерлеріне шынайы алғысын білдірді.

— Шығармашылықпен айналысатын адамға аптасына үш рет шығатын газетте қызмет жасау өте қиын. Газет конвейер сияқты. Үлкен ізденісті қажет етеді. Сондықтан шығармашылықты ысырып қоюға тура келеді. Ер-азаматтың ел алдында осылай жарқырап жүруіне жағдай жасап, ұл-қыздарының ибалы, парасатты болып өсуіне ықпал етіп, отбасын ұйытып отырған үйдегі жеңгеміздің де еңбегі зор. Сіздің бағындырған биіктеріңіз бен жеткен жетістіктеріңіз біздің көз алдымызда. Сондықтан сізге тек табыс пен сәттілік тілейміз — деген Жантас Набиоллаұлы «Жайық Пресс» ұжымы атынан сый-сияпат табыс етті. Бұл күні қарымды қаламгерді мерейлі жасымен құттықтап келгендер көп болды. Солардың бірі доғарыстағы әділет генерал-майоры, ҚР Парламенті Сенатының 2002-2008 жылдардағы депутаты Қабдығали Ахметов Бауыржан Файзоллаұлымен әріптес болғандығын айтып, мерейтой иесінің елімізде заңдылықтың үстемдік құруына қосқан үлесін атап өтті.

Бауыржан Ғұбайдуллин бұдан бұрын «Ақ желкен», «Зерде», «Халық Кеңесі», «Алтын Орда», «Айқын» сынды республикалық газет-журналдарда қызмет жасаған. Қаламгердің прозалық шығармаларына белгілі сөз зергерлері Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Есенғали Раушанов, Ақұштап Бақтыгереева, Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабековтер жоғары баға берген. Журналистика саласындағы жылдар бойғы жемісті еңбегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы бойынша үш медальмен, Елбасының Алғысхатымен және «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының Құрмет грамотасымен, сондай-ақ жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені жүйелі жүргізгендігі үшін ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Ішкі әскерлердің және Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің медалімен марапатталған.

Өңірімізге танымал мәдениет саласының үздіктері өнер көрсеткен шуақты кеш көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Әсіресе, әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университеті журналистика факультетінің төртінші курс студенті, бірнеше халықаралық және республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпаз-жүлдегері, дарынды жас ақын Алпамыс Файзолланың әкесіне арнаған өлеңіне көрермен ықыласпен қол соқты. Кеш соңында сахнаға көтерілген Бауыржан Файзоллаұлы өзіне ақ тілегін арнаған жұртшылыққа алғыс білдірді.

— Құдіретті күшті Алла тағала он сегіз мың ғаламды жаратпас бұрын, әуелі қаламды жаратты деген сөз бар. Өз басым осы ұй-ғарым ақиқат деп есептеймін. Өйткені бірде сахабалары келіп Мұхаммед пайғамбардан: «Сізден кейін жердің үсті мен аспан аясында тағы да пайғамбар дүниеге келуі мүмкін бе?» деп сұрағанда, ол: «Жоқ, мен соңғы пайғамбармын. Менен кейін тек шайырлар дүниеге келеді» деп жауап берген екен. Шайырлар дегеніміз – ақын-жазушылар, ұлы әдебиет әлемінің өкілдері. Жалпы, қаламгерліктің, ақын-жазушылықтың жүгі ауыр. Менің түсінігімде, әлемді әдебиет құтқарады. Менің ұғымымда асқақ гуманизмге толы әдебиетсіз ізгі қоғам, нұрлы өмір қалыптастыру мүмкін емес. Олай болса, осы жолдағы қаламгерлердің жанкешті еңбегі жемісті болсын. Осы бағытта халық та, билік те бізбен бірге болсын! – деген қаламгер кешке жиналған ардагер қариялардың құрметіне белгілі ақын Сағи Жиенбаевтың «Ауыл қарттары» өлеңін оқып берді. Осы өлеңдегі:

Ердім бір сиқыр қаламға,

Шығардым белге жыр көшін.

Болғам жоқ алаң, даламда,

Әулие қарттар жүргесін — деген жыр жолдары әдебиет айдынында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қарымды қаламгердің өзіне берген ішкі есебіндей көрінді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ


Шолоховтың шарапаты

Күні: , 814 рет оқылды

айтсаов шолохов


Михаил Шолоховтың тірі кезінде өңіріміздегі аралас-құралас болған достарының бірі —  Мүсір Айтасов. Орыстың заңғар жазушысымен ол Жаңақала ауданының «Бірлік» кеңшарында директор болып жүрген кезінде танысқан. Мүсір ағамыз — М. Шолоховқа Нобель сыйлығы берілгендігі жөніндегі хабарды алғаш естіген, сол кезде осы жақта демалып жүрген жазушыдан сүйінші сұраған жанның бірі.


— 1964-1971 жылдар аралығында Шолохов отбасымен Жаңақала ауданына келіп, демалып, аңға шығып тұрды. Олар келердің алдында кеңшардың қонақүйін дайындатып қоямын. Келгеннен кейін де қажет жағдайдың бәрін жасаймыз. Сөйтіп біз достасып кеттік. Өзге жылдармен салыстырғанда, 1965 жыл ерекше менің есімде қалды.

Мен өзім жұмысқа ерте келетін жанмын. Таңғы сағат 7-лерде кеңседе отырамын. 1965 жылдың 15 қазаны күні сағат 8-ге он бес минут қалғанында, жұмыс телефоным өзгеше бір дауыспен шырылдады. Тұтқаны көтерсем, орыс тілді біреу Шолохов әлі күнге дейін біздің ауылда ма екенін, не істеп жатқанын тәтпіштеп тұрып сұрады. Ауылымызда екенін білген соң, Швецияның ғылым академиясынан хабарласып тұрғанын жеткізіп, 15 қазан күні сағат 15-00-де ресми түрде оған Нобель сыйлығы берілетіні туралы хабарланатынын мәлімдеді. Мен жеткізетінімді айттым. Сол бойда естіген хабарымды ауданның бірінші хатшысы Кенжебек Меңдәлиевке айттым. Түс қайта Кенжеақаң екеуміз М. Шолохов аңшылық құрып, балық аулап жатқан Жалтыркөлдің жағасындағы шатырға барып, қуанышты хабарды жеткіздік.

1965 жылы көрнекті жазушының 60 жасқа толуына орай Мәскеуде үлкен шара өтті. Осы мерейтойлық шарада Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ғ. Мүсірепов қазақстандықтар атынан ақ інген мен ақ бота сыйлайтынын, ойсыл қара түлігі күзде Орал облысына демалуға келгенде берілетінін айтады. Сол жылы күзде Шолохов біздің жақта демалып жатқанда, Орал облыстық партия комитетінің хатшысы Бисен Жұмағалиев пен аудандық партия комитетінің хатшысы Кенжебек Меңдіәлиев ауылымызға келді. Ас үстінде Бисен Жұмағалиұлы мерейтойға орай тарту етілетін ақ інген мен ақ ботаны табыстау үшін сол кездегі Қазталов ауданына қарасты «Құрманғазы» кеңшарына баруға ұсыныс айтты. Сонда Михаил Александрович «Мен уақытша болса да осында тұрамын. Мұнда менің қожайыным бар. Сол себепті бұл мәселені Мүсір Иманқұлұлымен келісіп отырып шешкен дұрыс» демесі бар ма. Облыс, аудан басшылары отырғанда, мен кіммін?! Абдырап қалдым. Бірақ бойымды тез жинап алып, ешқандай қарсылық жоқ екенін айттым. «Қожайын келіссе, онда барамыз» — деді. Михаил Шолоховтың өте ақылды адам екенін осыдан-ақ көруге болатындай.

Сөйтіп, Құрманғазы ауылына сапар шектік. Құрманғызылықтар бұл шараға барынша тиянақты дайындалған екен. М. Шолоховқа ақ інген мен ақ бота тарту етілді. Сонда ол: «Ниет-пейілдеріңізге рақмет. Бұл үй жануарлары кең далаға үйренген ғой. Біздің жақта оларға үйлесетін жер жоқ. Ертең қиналуы мүмкін. Сол себепті оларды қинамай-ақ қояйын. Ақ інген мен ақ ботаны осындағы орта мектепке табыстаймын», — деп білім ұясының директорына қолын ұсынып, табыс тіледі, — дейді Мүсір Иманқұлұлы.

Айта кетейік, Михаил Шолоховтың «Бірлік» кеңшарына да шарапаты тиді. 70-ші жылдары КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы қоры арқылы еліміздегі әр кеңшарға жыл сайын екі жүк көлік, бес жылда бір жеңіл көлік беріліп тұратын. Ал  сол кезде М. Шолоховтың ықпалымен Ауыл шаруашылығы министрлігінің Материалдық қамту комитеті арқылы аталмыш кеңшарға бір жыл ішінде 10 жүк, 1 жеңіл автокөлік бөлінді. «Жақсыдан шарапат» деген осы.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Заң жобасына түсінік берілді

Күні: , 808 рет оқылды


Орал қалалық әкімдігінің мәжіліс залында «Мемлекеттік қызметтегі жаңалықтар»» атты аймақтық семинар өтті.  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің ұйымдастыруымен өткен семинарға Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан жүзден астам мемлекеттік қызметкер қатысты. Сондай-ақ осы басқосуға мұ-рындық болған Еуроодақтың мемлекеттік қызметке арналған жобаның және «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ-ның өкілдері қатысып, сөз сөйледі.


Жиналғандарды ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев құттықтап, сәттілік тіледі. Сонан соң  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облыстық департаменті басшысының орынбасары Қайыржан Тоқышев қатысушыларды биыл 22 қазанда  Қазақстан Парламенті сенаты отырысында қабылданған «ҚР мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасының негізгі қағидалары және тетіктерімен таныстырды. Ол мемлекеттік қызмет туралы заң жобасының кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру мақсатында даярланғандығын атап өтті. 12 бөлім, 69 баптан тұратын жаңа заң жобасында мемлекеттік қызметке қабылдауда кез келген мансап бойынша өсудің ең төменгі лауазымнан басталатындығы атап көрсетілген. Мемлекеттік қызметкердің біліктілігін арттыру да  жүйелі түрде жүзеге асырылып тұрады. Қызметке қабылданарда үміткердің бейінді білімі мен іскерлігі, құзіреттілі-гі анықталып, ескеріліп отырылуы тиіс. Жаңа жылдан бастап, жаңадан келген үміткерлерді құқық қорғау орындарына жұмысқа қабылдау тестілеу арқылы өтеді. Қай сала немесе қай мемлекеттік қызмет болсын, оған алынған үміткердің міндетті түрде тәлімгері болуы қажет. Мемлекеттік қызметке қабылдау конкурсына бақылаушылар мен сарапшылардың қатысуы міндетті. Ал Еуроодақ жобасының өкілі-аға сарапшы, аустриялық маман Максимилиан Фодингер мемлекеттік қызметті жаңғырту бойынша халықаралық тәжірибе, сонымен қатар заңнамалық бастамалар саласының жалпы үрдістері туралы айтты. М. Фодингер кез келген заң жобасын даярлау кезінде ашықтық, есеп беру, тиімділік және заңның ұлықтылығы қағидаларын негізге алу керектігін атап көрсетті. Шетелдік өкіл сыбайлас жемқорлыққа қатысты қызықты мысалдарды тілге тиек етті. Мәселен, Швецияда бөгде біреудің шақыруымен мейрамханаға барған мемлекеттік қызметкер жемқорлыққа қатысты саналады екен. Ал Грекияда егер мемлекеттік қызметкер түстікке шақырғанда бармаса, әбестік танытқан деп есептеледі. Ал Еуроодақ жобасы директорының орынбасары Константин Сокульский «Мемлекеттік қызметкерлерді басқарудың голландиялық үлгісінің тәжірибесі» жайында хабарлама жасады.

Түстен кейін аталмыш семинар жұмысы одан әрі жалғасын  тапты.

Серпін  САЯҚ


Оқырмандармен жүздесу

Күні: , 858 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (118)


Бейсенбі күні Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахмановтың оқырмандармен кездесу кеші өтті. Кешті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жүргізді.


— Еліміздің бас басылымының басшысы өзінің тығыз жұмыс кестесіне қарамай, ел-жұрттың тыныс-тіршілігімен танысып, оқырмандармен жүздесіп, пікір алмасу үшін уақыт тауып облысымызға келгені үшін ризашылығымызды білдіреміз. «Егемен Қазақстан» — қазіргі заманның ағымынан қалмай алдыңғы қатарда келе жатқан басылым, — деген өңір басшысы аталмыш газеттің жетістіктеріне жан-жақты тоқталды.

— Осыдан 20 жыл бұрын Қадыр аға 60 жасқа толды. Сөйтіп, шағын ғана топпен Оралға келді, Жымпитыға барды. Жымпитыға барғанда төрт адам болдық. Сол жолы тойдың жұтаңдығына қарап, көңілімде «Туған елі Қадырдың қадіріне жетпейді — ау» деген реніш кетіп еді. Бүгінде ойлап отырсам, оның себебі — сол кездегі еліміздегі экономикалық қиындықтармен байланысты екен. Жаңа ғана облыс әкімімен бірге Қадыр ағаға қойылған ескерткішті тамашалап, көңілім сондай толқыды… Батыс Қазақстан халқы осындай болуға тиіс. Осы үшін сіздерге көп рақмет… Маған газетімізге берген фотодан көргенімдей, Қадырдың Жымпитыда қойылған ескерткішінде галстугі мен бешпетінің шалғайын жел тербеп тұрған бейнесі көбірек ұнап еді. Бүгін та-машалаған ескерткіштен аристократ Қадырды көрдім. Екі ескерткіш те тең, сәтті қойылған екен, — деп сөзін терең тебіреніспен бастаған Сауытбек Абдрахманұлы әрі қарай өзі басшылық ететін басылымның бүгінгі тынысы туралы кеңірек әңгімеледі. Көп көңіліне ұнаған емен-жарқын, еркін кездесудің барысында бүгінгі ел өміріндегі, әлемдегі түрлі мәселелер, соның ішінде руха-ният тақырыбы молырақ қаузалды. Оқырмандар да жүздесуге келген мейманға көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Тихон ӘЛІПҚАЛИ,

зейнеткер:

— Өзіңіз басқарып отырған газеттің жұмысында өзіңізге олқылау көрінетін, қолыңыз жетпей жүрген дүниелер, бір кемшіліктер бар деп ойлайсыз ба? Болса соны өз аузыңыздан естісек.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті:

— Газет тұрмақ, жеке адамның өзіне өзінің көңілі толу – қауіпті жағдай. Тек өзің ғана жауап беретін, бірақ өзің ғана шеше алмайтын мәселелер бар. Ол — бірнеше адамнан тұратын ұжым. Кейбір мақалалардың жазылуына көңілің толмайды, қарның ашады. Министрлерден бастап облыс әкімдері, одан да төменгі лауазым иелеріне қатысты көптеген материалдар, өкінішке орай, есеп беру, жасаған жұмысын жұртқа жеткізу, әрі-беріден соң жарнама деңгейінде жазылады. Үлкен мәселені көтеру деген жоқ. Белгілі бір дәрежеде мемлекеттік тапсырыс, пиар компания деген ұғымдар бар. Айналып келгенде, олар солай жазуға тиіс. «Егемен Қазақстан» үлкен көлемде мемлекеттік тапсырысты орындайды. Мысалы, мемлекеттік мекемелердегі бос жұмыс орындары туралы хабарландыруды бірнеше бетке басуға тура келеді. Оның бәрі неге керек, қажет адам сайттан да оқуына болады ғой дейсіз ғой. Сөйтсең, мұндай хабарландыру «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттеріне жариялануы тиістігі пәленінші жылғы заңда көрсетілген. Олай болса заңды өзгертіңіздер деген уәжді естисің. Осындай жанды ауыртар жағдайлар бар. Оның сыртында мекеменің күнкөрісі үшін жарнамалық материалдарға жол береміз. Ол – нарық талабы. Ақысы төленген материалдардың ішінде көңілден шықпайтын дүниелер де болып жатады.


Бас басылым жетекшісі Оралда

Күні: , 833 рет оқылды

IMG_6828


Қарашаның  12-сі күні өңірімізге іссапармен келген «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қабылдауында болды.


«Егемен Қазақстан» газеті – билік пен халықтың арасына алтын көпір болып орныққан өте беделді басылым. Мемлекеттік саясаттың айқын ұстанымын діңгек қылып, ел дамуындағы екпінді жете қаузап, оқырмандарына салмақты да сапалы сараптама ұсынып отыратын ресми баспасөз құралының жетекшісі облыс басшысымен жүздескен соң, келу мақсатын тілге тиек етті.

– Баспасөзге жазылу бойынша негізгі науқан күз айларында белсенді жүреді. Осыған орай жыл сайын өңірлерге іссапармен шығамыз. Маңғыстау, Атырау облыстарына бардым. Енді батысқазақстандық оқырмандармен кездеспекпіз. Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы өңірде жүргізіліп жатқан әлеуметтік, экономикалық реформаларды, алда қолға алатын шараларды әңгімеледі. Елде қалыптасып отырған күрделі жағдайға байланысты қиындықты еңсеру жолдарын жан-жақты тарқатып айтты. Расымен де, оң шешіммен қабысатын реалистік сипаты басым бағыттағы бағдарламалар бар екен. Елбасының жетекшілігімен өңірде болып жатқан өркенді істер мен жағымды жаңалықтардың көбейе беруіне тілектеспін. Жалпы, облыс тұрғындарының «Егемен Қазақстан» газетіне жазылуы жан басына шаққанда өте жоғары деңгейде. Келесі жылы мұндағы оқырмандарымыз 14 мыңнан асады деген үміттемін, – деді Сауытбек Абдрахманов.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика