Мұрағат: 12.11.2015


«Елдің өркені жолына да байланысты»

Күні: , 815 рет оқылды

габбасов


Облысымызда «Батысжолзертханасы» атты республикалық мемлекеттік  мекеме жұмыс істейтінін біреу біліп, біреу білмеуі мүмкін. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі автомобиль жолдары комитетіне қарайтын ол немен айналысады және өмірдің күре тамыры болып есептелінетін жолдардың құрылысына, сапасына оның қаншалықты ықпалы бар? Облысымызда бұрыннан келе жатқан жолдар бар, жаңадан салынып жатқаны және болашақта салынатындары бар дегендей, олардың жәй-күйі, ол жолдарға  қандай талаптар мен міндеттер қойылады? Осы тақілеттес сұрақтар мазалаған біз «Батысжолзертханасы» РММ-ның басшысы Жасқайрат Ғаббасовты әңгімеге шақырдық.


– Мекеме осыдан он жыл бұрын, дәлірек айтсақ, ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысына орай құрылған. Оның ең басты миссиясы автомобиль жолдарын салу мен  жөндеу кезіндегі жұмыстардың  және оған пайдаланылатын материалдардың сапасын сараптауды жүзеге асыру болып табылады. Коммерциялық ұйымға жатпайды. Ал енді біздің облыстағы өз алдына жұмысы 2007 жылдан басталды. Мекемені зертхана деген өзінің басыбайлы атымен алсақ, ол Зашаған кентінде Жәңгір хан көшесінде орналасқан. Өз алдына ғимараты бар. Сынақ жүргізуге қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылған, нақтырақ айтсақ, өзіне жүктелген міндеттерді орындауға барлық жағдай туғызылған.

– Құрылғандарыңызға онша көп уақыт бола қоймаған екен?  Қанша адам еңбек етеді, олардың білім-білігі мен еңбек  тәжірибелері қай деңгейде?

– Мекемемізде барлығы 15 адам еңбек етеді. Олардың түгелге жуығы  жоғары білімді,  соңы бес жылдан, ал алды 35 жылдан бері жол саласында еңбек етіп келе жатқандар. Тіпті арамызда өткен жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған Людмила Быкова сияқты мамандарымыздың бар екенін мақтан тұтамыз.

Мамандарымыз қарайып қалмауы және кәсіби шеберліктерін  сапалы деңгейде ұстау үшін  инженерлеріміз бен зертханашыларымыздың бәрі, тіпті автомобиль жүргізушіге дейін жыл сайын «Спецдортехника» АҚ-да (Саратов қаласында) және  «ҚАЗЖОЛҒЗИ» (Алматы қаласындағы) базаларында арнайы оқу курстарынан өтіп отырады. Жоғарыдағы сөзімде жұмысқа қажетті барлық құрал-жабдықтарымыз бар дедім ғой. Соның  ең бастысы, «Ford Transit Yan» көлік фирмасының базасында жасалған «Кешенді жылжымалы жол зертханасы» аталатын арнайы автокөлігіміз бар. Ол осы заманғы, ең соңғы технологиялық жүйелермен жабдықталған. Атап айтсақ, жүріп өткен жолдардың қашықтығын өлшейтін қондырғы датчик, сапаға бақылау жүргізетін шолушы камералар, лазерлік қондырғылар  мен георадарлар тексеру барысында оның қорытындыларын автомобильзертхананың бортында орналасқан өндірістік компьютерге жолдап отырады. Аталмыш зертхана жалпы жұмыстың сапасымен бірге жолды салуға, оны жөндеуге пайдаланылып жатқан материалдардың  сапасына да  егжей-тегжейлі тексеру жүргізеді.


Спортзалы жоқ мектептен чемпиондар шыға ма?

Күні: , 999 рет оқылды


Таяуда ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен жиында өңірлердегі, соның ішінде ауылдардағы дене шынықтыру мен спорт жайы сөз болды. Халық қалаулылары бұл салада әлі шешілмеген мәселе көп екеніне алаңдаушылық білдірді.


Депутаттар облыстарға шыққан сапарларында аудан-ауылда спорттық инфрақұрылымдардың, құрал-жабдықтардың жетіспейтінін, спорттық шараларды ұйымдастыратын арнайы әдіскерлердің жоқтығын байқаған. Кейбір білім ұяларында спортзал атымен жоқ. Өзге де мәселе аз емес. Мұның бәрі айналып келгенде, өңірлерде бұқаралық спорттың дамуына кедергі келтіріп жатқаны сөзсіз. Егер жағдай осы күйінде тұра берсе, Елбасының 2020 жылға дейін жаппай дене шынықтыру мен спортпен айналысатындар санын 30 пайызға, соның ішінде балалар мен жасөспірімдерді 15 пайызға дейін жеткізу жөніндегі міндетін орындау қиынға соғуы мүмкін.

Ақобалықтардың  арманы

Бұл жағдай облысымызға да тән екені белгілі. Өңіріміздегі біраз мектепте спорттық зал жоқ. Облыстық білім басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, 20142015 оқу жылында өңіріміздегі 397 мектептің 129-ында спортзалдар болмаған (32,5%). Олардың 124-і ауылдық жерлерде орналасқан. Білім ұяларына спорттық құрал-жабдықтар алу үшін жергілікті атқарушы органдары арқылы 2013 жылы облыстық бюджеттен 17380 мың теңге, былтыр 14096 мың теңге қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде мектептерді спорттық жабдықтармен қамту 70%-ды құрады.

Спортзалы жоқ білім ұясының бірі – Жәнібек ауданының Ақоба ауылындағы Х. Халиуллин атындағы жалпы білім беретін орта мектеп. Іргетасы өткен ғасырдың ортасында көтерілген мұнда спорт зал атымен болмаған. Бастауыш мектеп ғимаратының кең бөлмесі дене тәрбиесі пәнінің кабинеті болып бектіліп, бірнеше буын ұрпақ спорт зал көрмей-ақ, осы жерден тәлім-тәрбие алып шықты.

— 2010 жылдардың шамасында мектеп жанынан спортзал ғимаратын салуға байланысты жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) жасалды. Ауылымызда сән-салтанаты келіскен спорт зал болатынын айтып, көпшілік қуанып еді. Алайда ол қуанышымыз ұзаққа созылмады. Түрлі себептермен құрылыс жұ-мыстары кейінге ысырыла берді. Соған орай сол кездегі аудан басшыларының, облыстық құрылыс басқармасы жетекшісінің қабылдауларында болдым. Мәселе көп кешікпей шешіледі дегенімен, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Бюджеттен бөлінген 2 млн. теңгедей қаржыға дайындалған ЖСҚ үш жылдан кейін өз күшін жойды. Мектебіміздің қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтылуы да төмен. Шаңғы, коньки дегендер атымен жоқ.

Шахмат, дойбыларды өзіміз сатып аламыз. Жарыс болатын кездерде қажет жабдықтарды аудандағы мектеп, мекемелерден сұрап табамыз. Бұл жағдайдың бәрін ауданымызға іссапармен келген облыстағы сала басшыларына, өңірімізден сайланған Парламент депутаттарына айтудан кенде емеспіз. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, аталмыш мәселені көтере-көтере өзіміз ыңғайсызданатын деңгейге жеттік, — дейді аталмыш білім ұясының дене тәрбиесі пәні бойынша мұғалімі, аудандық мәслихаттың депутаты Мұхтар Бисенғалиев.

Спортзалдың, қажет құралдардың жоқтығына қарамастан жергілікті оқушылар спорт десе, ішкен асын жерге қояды. Күрес, жеңіл атлетика, футбол, гір спорты, үстел теннисі сынды спорт түрлері бойынша ақобалықтар аудан құрамасының сапында абыроймен өнер көрсетіп жүр. Десек те, оқушының да, мұғалімнің де, ата-ананың бұл бағыттағы басты арманы – жаңа спорт зал. Маусымның қай уақытында да жаттығуға болатын заманауи үлгідегі спорт нысаны ашылса, Ақоба чемпиондар мекеніне айналарына сенім мол.

Спортзалы  жоқ, жетістігі  көп  мектеп

Әмір Ситенов Теректі ауданы Ақсуат ауылдық округіндегі Магистральный орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінен сабақ береді. 89 оқушысы бар бұл білім ұясында да дене шынықтыру пәні сабағы ауа райы қолайлы кезеңде мектеп ауласында өтеді. Ал лайсаң, салқын кездерде білім ұясындағы үлкендеу сынып бөлмесінде өтеді. «Сабақтың мектептің ішінде өткенін оқушылар да қаламайды, — деді ол. — Себебі мұнда бой жазып жүгіріп, секіру қиын. Оның үстіне бөлменің дәл ортасында теннис үстелі тұр. Бөлменің аты бөлме ғой, шаң көтеріледі. Мұндай кезде не іш ысып кеткенде, терезені де аша алмайсың, балаларға суық тиіп қалуы мүмкін. Соған орай көбіне теннис, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойындары ұйымдастырылады. Дене тәрбиесі пәні негізінен осы бағытта өткесін, оқушылар осы іспеттес спорт түрлеріне жақын. Аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлдемен оралып жүр. Мәселен, 6-сынып оқушысы Айзада Камидуллиева дойбыдан 2013 жылы Шымкентте өткен республикалық чемпионатта 1-орын алса, биыл Таразда болған осындай сайыста қола жүлдегер атанды. Кейде «Егер спортзал болса, шәкірттерім өзге де спорт түрлерінен қатарының алды болар еді ғой» деген ой мазалайды. «Үмітсіз шайтан» демекші, алдағы уақытта спортзал салынып, қажет құрал-жабдықтар алынып, ауылдағы қарадомалақтар да спортпен еркін түрде айналысатын жағдайға жетеді деген ойдамын. Үкімет, жергілікті атқарушы билік тарапынан тиісті шаралар алынып жатыр. Ата-аналар да жағдайды барынша түсініп, өз қолдауларын көрсетуде. Бұл сөз жоқ, бізді ізденуге, еңбектенуге талпындырады».

Осы талпыныстың арқасында шығар Әмірдің шәкірттері ғана емес, өзі де жетістікке жетіп жүр. Өткен оқу жылында дене тәрбиесі пәні мұғалімдері арасында болған облыстық байқауда ол 2-орын алды. Аталмыш байқаудың шартына сәйкес мұғалім дене тәрбиесі пәнінен ашық сабақ өткізуі керек. Оны бейнефильмге, фотоға түсіріп, облыстық білім басқармасына жолдауы қажет. Спортзал жоқ болса, сабақты қайда өткізуге болады?

Ойлана келе жерде қар жатқанын пайдаланып, сабағын шаңғы спортына арнауды жөн деп шешеді. Алайда сыныптағы 12 оқушыға шаңғы жетпейді. Бары бесеу. Ата-ана, тамыр-таныстан сұрастырып, қажет шаңғыларды табады. Содан соң ауыл шетіндегі табиғаты көрікті жерге барып, ашық сабағын өткізеді. Шаңғы теуіп қана қоймай, бұл спорттың шығу тарихынан, чемпиондар туралы мәліметтерден оқушылар да үлкен әсер алды. Сөйтіп, Әмірдің білімі мен білігін ғана емес, тапқырлығын да бай-қаудың қазылары  жоғары бағалады.

Елбасы  тапсырмасы  орындалды

Облысымызда мектептері спорт залмен, дене тәрбиесі пәніне қажетті құрал-жабдықпен барынша қамтылған аудан – Бөрлі. Аудандағы 26 мектептің екеуінде ғана спорт зал жоқ. Аралтал мен Жарсуат ауылдық округтерінде орналасқан бұл білім ұяларының бірі негізгі, екіншісі бастауыш мектептер. Бала санының аздығына байланысты мұнда спортзал салу тиімсіз. Дегенмен де, аталмыш мектептердің үлкен бөлмелері спортзалға айналған. Қажет құрал-жабдықтар бар.

— Біз қазір мектептерге екінші спорт зал, бассейн, дене шынықтыру-сауықтыру нысандарын салу туралы мәселе көтерудеміз. Себебі, Елбасы тапсырмасына сәйкес оқушыларды дене шынықтыру мен спортқа барынша тартуымыз керек. Аудан бойынша волейбол, баскетбол, футбол, армлестинг, шаңғы, мылтық ату, тоғызқұмалақ сынды көптеген спорт түрі бойынша 86 секция жұмыс істейді. Білікті бапкерлерден тәлім алып жатқан шәкірттер сенімді ақтауда. Президенттік көпсайыс бойынша бөрліліктер біраз жылдан бері облыс чемпионы болып табылады. Волейбол, баскетболдан да республикалық сайыстарда облысымыздың атынан сынға түсіп жүр. Танченко деген шәкіртіміз қазір «Грация кz» батысқазақстандық қыздар волейбол командасы сапында өнер көрсетуде. Қызылтал, Пугачев ауылының өрендері спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарда оқып жатыр. Бұрын жастарымыз әскери-медициналық тексерістен өткенде, көбінің денсаулығында кінәрат болатын. Қазір керісінше, әскерге жарамсыздары аз. Айта берсек, мұндай мысал көп. Қазір ауданымыздағы оқушылардың 15 пайызы спортпен тұрақты түрде айналысуда. Мемлекет басшысының балалар мен жасөспірімдерді жаппай спортқа тарту бағытындағы тапсырмасын ойдағыдай орындауымызға, біріншіден, жергілікті атқарушы билік тарапынан алынған қажет шаралар себепші болғаны анық. Сондайақ тиісті сала басшылары спортқа жанашырлық танытып келе жатқанын да айта кеткен жөн. Бұл жерде аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айымгүл Тыржанованың еңбегі ерекше. Кезінде самбомен айналысып, спорт шеберлігіне үміткер болған ол дене шынықтыру мен спорт саласындағы әрбір жайтқа жете назар аударып отырады. Міне, соның нәтижесінде жоспарларымыз жүйелі түрде жүзеге асып, көпшілікті қуанышқа бөлеуде, — дейді аудандық білім беру бөліміндегі дене тәрбиесі бойынша әдіскер Юрий Лиляков.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

“Орал өңірі”

«Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. Алайда елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы дене шынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажет».

ҚР Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан

Тұяқбай РЫСБЕКОВ,

облыстық мәслихаттың депутаты:

— Спорттық залға қатысты мәселе облыс орталығында да жоқ емес. Жақында облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиевтің қатысуымен осы мәселеге байланысты үлкен жиын өтті. Нақтылап айтсам, бұл басқосу Орал аласындағы №8 мектеп-лицейінде спорт залдың жоқтығына байланысты ата-аналардың хаты бойынша ұйымдастырылды. 1999 жылы бұл білім ұясының спорт залы облыстық спорт комитетіне берілген екен. Содан кері қайтарылмаған. Қазір №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің еншісінде. Ал №8 мектеп-лицейде спорт зал жоқ. Жиын барысында алдағы уақытта БЖСМ-ға арнайы ғимарат салу мәселесі қарастырылатыны сөз болды. Әзірге аталмыш спортзалды түске дейін мектеп-лицей, түс қайта спорт мектебі пайдаланатын болып шешілді.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

Жәнібек ауданы Х. Халиуллин атындағы мектептің 2005 жылғы түлегі:

— Ақобалық өрендер қай-қай спорт түріне де мығым. Жазғы маусымда ауылдағы спорт алаңында футбол, волейбол, баскетбол ойындары қызады. Ауылда күрес үйірмесі жұмыс істейді. Спортзалдың жоқтығына қарамастан дене шынықтыру сабақтары қызықты өтеді. Мұхтар Бисенғалиев сынды ұстаздарымыздың тәрбиесінің арқасында оқушылар физикалық тұрғыдан шымыр болып қалыптасуда. Соның нәтижесінде мектеп түлектерінің біразы әскери оқу орындарға түсіп, қазір еліміздің түкпір-түкпірінде Отан қорғау қызметінде жүр.

Өзім түлеп ұшқан мектебімде спортзалдың жоқтығы жаныма батады. Әсіресе, қысқы маусымда оқушылар аядай бөлмеде дене шынықтыру түрлерімен емін-еркін айналыса алмай келеді. Аудан әкімдігі спортзал салу туралы берген уәдесін жыл сайын құрғақ қалдырып келеді. Облыс басшылығы осы мәселені жіті назарына алса екен деймін.


Бадминтоншылар бәсекесі

Күні: , 753 рет оқылды

Бадминтон2


Орал қаласында бадминтоннан 2001-2002 жылғы, 2003 жылғы және одан кіші жастағы жасөспірімдер арасында жекелей-командалық ел біріншілігі мәреге жетті.


БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, жарысқа Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 8 команда қатысты. Командалық бәсекеде Қостанай облысының бадминтоншылары үздік шықты. Қарағанды мен Батыс Қазақстан облысының бірінші командалары екінші және үшінші орындарды бөлісті.

Жекелей сында 2001-2002 жылғылар арасынан қыздардан қостанайлық Ия Гордеева, ұлдардан ақмолалық Дамир Абдуллаев жеңімпаз атанды. 2003 жылғы және одан кіші жастағылардан қарағандылық Василиса Ли-Же-Ю, ақмолалық Вадим Горбунов ешкімге дес берген жоқ. Жұптасып өнер көрсетуде қостанайлықтар Ия Гордеева мен Меруерт Ахмадиева, Марк Кремсер мен Артем Королев, 2003 жылғы және одан кішілер арасынан  Василиса Ли-Же-Ю мен ақмолалық Екатерина Машковцева, тағы да қостанайлықтар Владислав Черников пен Александр Иванов чемпиондық атаққа қол жеткізді. Аралас жұптан М. Кремсер мен И. Гордеева (екеуі де қостанайлық), кіші топтан ақмолалық В. Горбунов пен қарағандылық В. Ли-Же-Ю жеңіс тұғырына көтерілді.

Елжан ЕРАЛЫ


Тағдырдың тосын сыйы

Күні: , 1 713 рет оқылды

IMG-20151026-WA0005


Мына суретке қарасаңыз, екеуі құдды нағыз ет жақын туыстай көрінеді. Бір-біріне қатты ұқсаған бұл екеуді сырт көз туған атасы мен немересі деп ойлайтыны анық. Алайда олар бір-біріне ешқандай туыстық қатысы жоқ, бөтен адамдар десе, ешкім сене қоймас, сірә?! Тағдыр табыстырған олар бүгінде бар қиындықты бірге жеңіп келеді.


Әңгімеміздің негізгі кейіпкері Аниса Галиеваны Серебряков ауылындағы үйіне арнайы іздеп бардық. Талдырмаш бойлы, шашы ұзын, нәп-нәзік сары қыз қақпаны өзі ашты. Алдымыздан шыққан егделеу кісі біздің келгенімізге қуанып, ерекше ілтипатпен амандасты. Аядай ғана үйдің іші мұнтаздай таза, жып-жинақы екен. Қорғансызға пана болған бұл баспанадан жаныңа тыныштық, ерекше жылылық байқалады.

Аниса 2001 жылы 30 наурызда жарық дүниеге көрілген. Шыр етіп, дүние есігін ашқаннан маңдайына көп қиындық жазылса керек. Әкесінің кім екені де белгісіз, ал анасы ішкілікке құмар жан болатын. Тұрақты жері жоқ, таныстарының үйін паналап, күнелтетін. Ал кішкентай шарана әркімнің үйінде қолжаулық болып өсіп келе жатты. Бірде анасы үйреншікті әдетіне басып, қаланың іргесіндегі Серебряков ауылындағы таныстарының үйін жағалайды. Жетекке еретін кішкентай ғана қызын өзімен бірге ерте келген. Күн сайын сыртта аш-жалаңаш ойнап жүретін бүлдіршінге көрші атайдың назары түседі. «Бұл неғылған қараусыз бала, әке-шешесі қайда?» деген ойлар маза бермейді. Бірте-бірте жанашыры жоқ екеніне көзі жеткен соң үйіне әкеліп, жуындырып, тамаққа тойдырып жіберуді әдетке айналдырады. Таңның атысымен Аниса көрші атасының үйіне беттейтін. Тіпті оған әбден бауыр басқаны сонша, айырылғысы жоқ. Күн ұзақ атасының қасында уақыт өткізетін. Өйткені оны ешкім іздемейтін еді, керісінше атайдың қасында қалғанына қуанатын. Сөйтіп, айналдырған аз уақытта аталы-немерелі болып шыға келеді. Осыншама жүрегі жомарт, пейілі кең бұл кім деп отырсаңыз, сол ауылдың байырғы тұрғыны, жалғызбасты Юрий Пустобаев есімді қария.

Ол да жетімдіктің ащы дәмін талай тартса керек. Өмірі ылғи сынаққа толы Юрий Елисеевичтің жасы бүгінде сексеннен асқан. Әке-шешеден ерте айырылып, жетімдер үйінде тәрбиеленеді. Бұл жердің қатаң қағидалары мен қатал тәрбиесі оны ширақ болып өсуге икемдейді. Мектеп бітіріп, әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы борышын адал атқарып, әскерден оралғасын бірден үйленуге бел буады. Алайда жастардың қуанышы ұзаққа созыла қоймады. Жұбайы қант диабетімен ауырып, отбасылық өмірдің бар салмағын тағы да бір өзі арқалауға тура келеді. Татьяна және Елена есімді екі қызын аяққа тұрғызып, тұрмысқа береді. 2002 жылы ұзақ жылғы аурудан жұбайы көз жұмып, жалғыз қалған-ды.

Міне, осылай жетімдік пен өмір тауқыметін көп көргеннен шығар, Анисаны бірден іш тартып, өз қызындай ерекше қамқорлауға ұмтылды. Жалғызбасты екендігін ұмытып, қарияның күндегі ермегі мен мейірімі енді қызға ауыса бастайды. Ұйықтатады, тамақ пісіреді, шашын өреді, ойнатады… Әйтеуір, не жасаса да бар пейілі қыздың үстінде, тіпті жанын беруге даяр. Не керек, бүлдіршін атасының бауырында еш алаңсыз өмір сүріп жатты.

Өкінішке орай, Анисаның анасы ақыры арақтан айыға алмай, небәрі 25 жасында ажал құшып, беске қараған қызы тірі жетім қалады. Арада біраз күн өткен соң, үйге учаскелік полицейлер келіп, туыстық қатынасы жоқ адамдардың өзге біреудің баласын асырауға заң бойынша тыйым салынатынын ескертіп, қызды алып кетеді. Сөйтіп, Аниса балаларды бейімдеу орталығынан бір шығады…

*     *     *

Қыздың соңынан іздеп келген туған-туыстары болмағандықтан, оны балалар үйіне жіберуге құжат дайындалады. Арада бірнеше күн өткенде, өзін Юрий Елисеевичпін деп таныстырған қария «Немеремді ешқайда жібермеймін, ешкімге бермеймін, өзіме қайтарыңдар. Кішкентайынан өзім өсіріп келемін», — деп өтініш жасайды. Ақсақалдың ешқандай туыстық байланысының жоқтығы «немересін» кері қайтаруға кедергі келтіреді. Құр айқайынан түк шықпайтынын ұғып, жыларман күйінде үйіне қайтады. Үш күннен соң қария білім беру бөліміне «немересінің» Света есімді туған нағашы апасын тауып, ертіп келеді. Оның бұл жолғы тілегі қабыл болып, нағашы апасына қамқоршылыққа алу туралы қаулы шығып, Аниса бейімдеу орталығынан біржола босатылады. Қария Светаны бір шаңырақ астында тұруға көндіріп, «тентегімен» қайта қауышқан қуанышты күнін қалай ұмытсын!

Алғашқы жылдары ол мектепке келіп, Анисаның сабақ үлгерімін қадағалап, үй шаруасына бір кісідей атсалысып жүрді. Алайда Анисаға мемлекет тарапынан қалай үй берілді, Светаның мінезі солай өзгеріп шыға келді. Онсыз да тағдыры қыл үстінде тұрған жеткіншек бұдан былай қамқоршысына жалтақтап, қорқумен күнін өткізіп жатты. Нағашы апасы өз жауапкершілігіне немқұрайлы қарап, Анисаны тәрбиелеуден үзілді-кесілді бас тартады. Тіпті кішкентай қызға: «Мен болмасам, сені Қостанайдағы жетім-дер үйіне тапсырып жіберетін еді» деп қорқытатынды шығарған. Алғашқы жылдары азды-көпті қолұшын созып көмектескендей болғанымен, артынан мүлде қарасын үзген. Өкінішке орай, Светаның бұл қылығын біле тұра, қария мен жетім қыз тіс жарып ешкімге айта алмаған. Айтуға бата алмаған. Себебі біреу-ақ. Жетімдер үйіне кім барғысы келеді?

— Өткен оқу жылы Анисаға Орал қаласынан асыраушысынан айырылғандардың арнайы кезегі бойынша үй берілді. Жаңа қо-нысына келіп, оқуын №20 жалпы білім беретін мектепке ауыстырдық. Арада екі-үш ай өткенде, аталмыш мектептің әлеуметтік педагогы Анисаның қамқоршысын ешқашан көрмегендігін және шақырса, келмейтіндігін айтып арыз түсіреді. Тіпті мектепке жаңа үйінен емес, сонау Серебряковтағы атасының үйінен қатынап жүргенін де ескертті. Мұның артында бір шикілік барын сезіп, лезде жауапты мамандар жинап, алдын ала ескертусіз үйіне бардық. Сорақысы сол, қамқоршысы бұл үйге Анисаны емес, өзінің жақындарын тұрғызып жатыр екен. Сол жерде сөзге келместен, жетімді басынған арсыздарды үйден қуып шығып, қыздың қамқоршысын өзгертуге шұғыл шешім қабылдадық. Мен Анисадан: «Сен кішкентайыңнан атаңның тәрбиесінде өсіп келе жатырсың ғой. Қамқоршы етіп атаңды бекітсек, қарсы емессің бе?» деген сұрағыма қуана-қуана келісті. Бұны естіген атасы көзіне еріксіз жас алып, «Мен сені енді ешкімге бермеймін» деп оны қайта-қайта құшақтай берген еді. Осыған дейін де қаншама қамқоршымен жұмыстанып келемін. Алайда бұл қарияның орны бөлек. Қартайған шағында өзгенің баласын бауырына басып, жан жылуын ұсынған адамдар өте сирек. Өзге түгілі, өз баласын баға алмай жүрген ата-аналар бұл жандардан үлгі алса ғой, шіркін, — дейді қалалық білім беру бөлімінің балалар құқығын қорғау және қорғаншылық бөлімінің меңгерушісі Ақиіс Бержанова.

Сөйтіп, 2015 жылдың 19 маусымынан бастап Галиева Анисаның қамқоршысы болып Юрий Пустобаев бекітілді.

— Атасының еркесі сол үйден даярлық сыныбына барды. Қашан көрсең де, атасы жетектеп жүргені. Тіпті қыстың аязды күн-дерінде де үйден ерте шығып, аялдамада тосып отыратын. Мектепте өткен бірде-бір мерекелік шаралардан қалдырмайды. Атасы арқалап жүріп, әр мерекеге арнап неше түрлі әдемі көйлектер сатып әперетін. Өсе келе түрлі үйірмелердің белсенді қатысу-шысына айналды. Ән салғанды ұнатады, қолөнерге де икемі бар. Үйіндегі жазу үстелінің үстіндегі өз қолынан шыққан бұйымдары кәнігі шеберлерден кем емес. Сабақ үлгерімі де жақсы, мақтауға тұрарлық, — дейді Серебряков жалпы беретін мектептің әлеуметтік педагогы Айымгүл Ибатова.

— Мен «бұзығымды» сәби кезінен бақтым ғой. Немеремнен де артық жақсы көремін. Биыл бірге тұрғанымызға 10 жыл болыпты. Өзім жетімдер үйінде тағдыр тезінен өскендіктен, тағы бір жәудір көзді «азаптан» құтқарғым келді. Тентегімнің адал адам болып өскенін қалаймын. Өзі өте еңбекқор. Биыл үлкен қызымнан қысқы салаттар мен қияр-қызанақтарды жабуды үйреніп алды. Жаз бойы қыстық азығымыз деп 19 банканы өзі дайындады. Тәтті торттар мен бәліштерді де өте дәмді етіп пісіреді. Менің кішкентай қолғанатым осылай бойжетіп келеді, — деп еркесінің бетінен сүйіп еркелетіп, екеуі бірге күліп, мәз-мейрам болды. Жүздеріндегі шынайы күлкі сол сәт үйдің ішін сәулелендіріп жібергендей әсер қалдырды.

Атасының тағы бір қызық әдеті бар. Бала күндерінен естелік ретінде Анисаның әр туған күні сайын ас үйдегі есіктің жақтауына бойын өлшеп, қаламмен белгілеп қоюды әдетке айналдырған. Он жыл бұрынғы ескі жазулар сол күйі сақтаулы тұр.

Аниса анасы туралы тек атасының айтуы бойынша біледі, басқасы есінде қалмаған. Оның өзінен анасы туралы сұрағаны-мызда, альбомның ішінен ескілеу бір суретті суырып маған ұсынды. Артқы бетіне үңілсем: «Моя любимая мамочка» деген жазудың қасында кішкене жүректің суреті тұр. Бұл суреттен анасына деген құрметті айтпай-ақ түсіндім. Шеткеріректе үнсіз қалған Анисаның көзіне қарасам, байқатпай жылап тұр екен. Ананың орны қашан да бөлек қой, бәріміз бір сәт үнсіз қалдық.

Бүгінде 14 жастан асқан Анисаның дүниедегі ең жақын, ең ыстық бір ғана адамы бар, ол әрине — атасы. Оған жанын беруге даяр. Жетімдіктің дәмін татқан қорғансызға ананың орнына ана, әкенің орнына әке болу кімге оңай дейсің? Өмірінің ең қиын сәтінде мейірімін төгіп маңдайынан сүй-ген қамқоршысын тағдырдың тосын сыйы деп бағалайды. Ал Серебряков ауылының тұрғындары Юра атайды ерекше құрмет тұтады. Аниса атасының әрдайым жанында жүргенін қалайды. Лайым, солай болсыншы.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Анисаның   күнделігінен   үзік   сыр

(қазақшаға аударылды)

Атам – менің өмірімдегі бәрінен артық бағалайтын ең қымбат жан.  Өйткені менің барым да, нарым да  жалғыз өзі ғана. Ол қазір 82 жаста. Шындығында, атам менің туғаным да, туысқаным да емес, маған мүлдем жат адам. Бар білерім, біздер көрші тұрған екенбіз. Мен 4 жасқа толғанда, анам қайтыс болды. Сөйтіп, көрші атай мені балалар үйіне тапсырмай, өзі асырап алған. Өйткені  атам балалық шағын жетімдер үйінде қиындық көрумен өткенін үнемі  айтып отыратын. Сондықтан менің жетімдер үйіне барғанымды қаламай, жасы келіп қартайса да, мені бауырына басты. Мені бұл әлемде жылатып, жалғыз қалдырмағаны үшін атама мәңгі қарыздармын.

Мен кішкентай кезімде кереуеттің үстінде отырып атама тура қарап: «Сіз енді менің нағыз атам боласыз» деп айтқан екенмін…

Бүгінде атам маған қамқоршы болып бекітілді. Атамды өте қатты жақсы көремін, оны маған Құдай жолықтырды. Ол болмаса мен бүгін қай жерді мекен етіп жүрер екенмін?! Ата, жүрегімде жалғыз өзің  бар болғаның үшін, мың  рақмет сізге…


Жастықтың жарқын жыршысы

Күні: , 112 рет оқылды

DSC_4281 iiiiiiiiii


Өткен ғасырдың елуінші жылдарында қазақ поэзиясының тай бәйгесіне қосылған тегеурінді топтың арасында балауса талант Тұманбай Молдағалиевтің мойыны озық болғанын қазір жасы егделенген оқырмандар жоққа шығармас деп ойлаймын. Ол орта мектепті бітірген бойда, бірден Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, қара қазандай қайнаған әдеби ортаға «күмп» берді.


Университеттегі атышулы әдебиет бірлестігіне заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың өзі жетекшілік ететін. Шынашақтай бала кезінен өлең жазуға машықтанған Тұманбай еліктеу кезеңін тез артқа тастап, өлеңді төгілдіре жазып, бірден көзге түсті. Бұл туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде (21.09.2012 ж.) «Тұмашым менің» деп тақырып қойылған мақаласында академик Серік Қирабаев дәйекті деректер келтіре отырып жазған. Болашақ академик 1953 жылы республикалық «Пионер» жорналының бас редакторы екен. Жазушы Мұқан Иманжанов пен ақын Мұзафар Әлімбаев жорналдың бөлім меңгерушілері болса керек. Бірде жорнал редакциясына сәмбі талдай солқылдаған ұяң мінезді бозбала келеді. Сол бір жылдарда өлең өлкесінен өз өрісін табуға ұмтылған талапкерлер шоғыры өте қалың болып, мерзімді баспасөз органдарының есігі жабылмайды екен. Тұманбайды сол көптің біріндей қабылдап, өлеңдерін оқытады Мұзафар ақын. Мұқан Иманжанов та құлақ түріп қалады. Он сегіз жастағы студенттің өлеңдері екі ағасын тәнті етеді. Тұманбай Молдағалиевтің тұңғыш топтамасы «Пионер» жорналында жарияланып, есімі бір сәтте республика көлеміне танылып жүре береді.

Ойлап отырсаңыз, қаламгерлердің әдебиетке буын-буын болып келетінін аңдауға болады. Өткен ғасырдың елуінші жылдарында қазақ поэзиясына келген буынды Тұманбай ақын бастады. Иә, сол бір кезеңде жерлесіміз Қадыр Мырза Әлі балалар ақыны санатында жүрді. Мұқағали, Жұмекен, Сағи сияқты болашақ жыр жүйріктері сол тұста нағыз әдеби ортадан шеттеу болған-ды.

Тұманбай ақынның өлеңдері жастардың жан-тәнін жаулап алды. Ол «махаббат ақыны» атанды. Жігіттер сүйген қыздарына хат жолдағанда, Тұманбайдың өлеңдерін пайдаланып, арулардың жүрегін жібітудің амалын іздейтін.

«Ай да бүгін аласарып төбемізден төнеді,

Сәулешімді ұлықсатсыз қайта-қайта көреді.

Көлегейлеп жабар едім албыраған жар жүзін,

Бірақ менің өзімнің де көре бергім келеді».

Осы бір ғана шумақ өлеңінен Тұманбай Молдағалиевтің махаббат лирикасын жазудағы ешбір ақынға ұқсамайтын қолтаңбасын көреміз. Лирикалық кейіпкер сүйген жарын аспандағы Айдан да қызғанады. Көлегейлеуге болатынын біледі. Бірақ бұған бара алмайды. Себебі ынтықтығы сондай – өзі де көре бергісі келеді. Шынайы сезімді білдіретін бұл жолдарға қалтқысыз сенесіз. Міне, поэзия күші деген осы!

Ақын Тұманбай Молдағалиев қазақ өлеңіне сыршылдықты, нәзіктікті, ашықтықты алып келді. Нені жырласа да, бүкпесіз, жеріне жеткізе, ақтарыла, беріле жырлауы арқасында, төл поэзиямыздың көкжиегін кеңейтті. Тұманбай жырларынан тәлім алған кейінгі буын ақындар махаббат, жастық тақырыбын одан әрі дамытып әкетті. Тұманбай ақынның жас таланттарға тигізген әсері өте күшті болды. Қазір орта буыннан асып, аға буын санатында жүрген ақындар кезінде Тұманбай Молдағалиевті ұстаз тұтқанының куәсіміз біз. Иә, ана бір жылдарда Алматыда жас ақын-жазушылардың республикалық семинар-кеңестері өткізіліп тұратын еді. Алматыдағы әріптестер өз алдына ғой. Бұл облыстарда жүргендер үшін мейрамға бергісіз болатын. Содан жас талапкерлерді топ-топқа бөліп, аға ақындардың алдына апаратын. Республиканың түкпір-түкпірінен келген жас талапкерлер Тұманбай ақынның семинарына ілінуді қалайтын еді. Себебі жоғарыда айтып өткенімдей, кеңінен танымал, жастардың жүрегіне жақын болатын. Ол «Өлеңді дәл менше жаз» демейтін. Он шумақ өлеңнен бір сәтті тармақ тапса, соны биіктетіп әкетіп, талдай жөнелетін. Даусын көтермей, жәй сөйлеп отырып, поэзияның қатпар-қатпар «құпияларын» қат-қабат аша түсетін. Семинар барысында өзінің алдында жүрген аға ақындар Әбділдә Тәжібаев, Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбековтың өлеңдерін жатқа оқып, мысал ретінде келтіретін.

Тұманбай ақынның алды кең, әркімге де қолұшын беруге даяр тұрады дегенді естіп жүрдік. Алматылық жас ақындар ол кісінің көмегін көп көргендерін жасырмайтын. Жастар ағадан не күтеді? Өлеңдерінің баспасөзде жариялануына, кітабының шығуына септігін тигізуді күтеді де! Тұмекең қолынан келгенінен аянбаса керек. Өмірімде тұңғыш және соңғы рет мен де ақынның алдына барыппын. Кітабым баспада «сүрленіп» жатып қалып, өлеңдерім республикалық баспасөзде көрінбей кетіп, көңілім пәс болып жүргенімде, Алматы қаласы, Абай даңғылы, 143-ғимараттағы «Баспалар үйінің» есігін аштым. Тұманбай ақын «Жалын» баспасы жанынан шыға бастаған «Жалын» альманағының (қазір жорнал) бас редакторы болатын. Коридорда қазір о дүниелік болған дарынды жас ақын Жұматай Жақыпбаев кездесе кетті. Жай-күйімді қабағымнан байқаған ол бас редактордың кабинетіне бастай жөнелді. «Тұмеке, осылай да осылай, облыстарда жүргендер сыбағадан кемшін қалуда. Альманахтан орын оларға аз беріледі», – деді Жұматай бастырмалатып. «Ей, Жұматай, өлеңнің билігі өз қолыңда емес пе? Поэзия бөлімін басқарып отырсың ғой», – деді Тұманбай ақын көзілдірігінің үстінен қарап. Содан бір жыл өткенде (өте тез), топтамамның «Жалында» жарқ еткені бар.

Негізі, ақын Тұманбай Молдағалиев Ақ Жайық атырабында жиі болмаған сияқты. Әңгімеге арқау болған елуінші жылдардың аяғына таман облысқа іссапармен келіп, жергілікті журналист-ақын Хамидолла Қыдыровпен бірге қала іргесіндегі аудандардың бірінде болғанын айтқаны бар. Сосын екі мыңыншы жылдың бас кездерінде Оралға өзі бас редактор болып іс-тейтін «Балдырған» жорналын жаздырып алу мәселесімен іссапармен келген еді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қабылдауында болып, журналист Базарғали Қуатов пен облыс әкімдігінің жауапты қызметкері Сайран Дүйсентегін ертіп Жұбан ақын ескерткішіне гүл шоғын қойған-ды. Сол келісінде бірнеше кітабына редактор болған ақын Жанғали Набиуллинді сұрастырған екен, оның ауруға шалдыққанын естіп, қамығып қалыпты. Сосын: «Тағы бір шөткі шаш Қали бар осында» десе керек. Сайран білмей шығады. Біреулер менің жас кезімде кірпі шаш қойғанымды естеріне түсірсе керек. Сөйтіп, жарты күндей Тұмағаңның жанында болғаным бар. Қасым ақын серуен құрған көшелерді аралап, Шағанды жағаладық. Тұманбай ақын екі бүктелген оқушы дәптерін қалтасынан тастамайды екен. Суырып алады да, жаза жөнеледі. Сосын жазғанын қолқаламасаң да, оқи береді. Ол кісі үшін өлең ауадай қажет сияқты көрінді маған.

Тұманбай Молдағалиев Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Жарсу ауылында 1935 жылы наурыз айының 20 жұлдызында дүниеге келген. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1957 жылы «Студент дәптері» деген атпен жарық көрді. 2011 жылы дүниеден өткен ақынның кезінде қырықтан астам кітабы мен 14 томдық шығармалар жинағы шықты. Ақын 1968 жылы «Жаңа дәптер» жинағы үшін Республика Комсомолы сыйлығының, 1982 жылы «Жүректегі жазулар» кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 1992 жылы Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының Физули және Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтарын алды. Қазақстанның Халық жазушысы атағына ие болды.

Ақиық ақын Тұманбай Молдағалиев аса көрнекті ақын жерлесіміз Қадыр Мырза Әлінің түйдей құрдасы, жарыса жыр жазған қаламдас досы болды. Қадыр ақын көз жұмғаннан кейін, ол да жарық дүниемен қоштасып, досының соңынан кете барды.

Тұманбай ақын ұзақ жылдар бойына «Балдырған» жорналын басқарып, бүлдіршіндер тәрбиесіне ерекше үлес қосты. Таяу-да Алматыға барған сапарымда көзіме оттай ыстық Абай даңғылы, 143-ғимаратының бесінші қабатына көтеріліп, «Балдырған» жорналы редакциясының есігін қақтым. Жорналдың жауапты хатшысы Серік Үсен деген жас жігітті қызметке Тұмекеңнің өзі қабылдапты кезінде. «Балдырғанды» бас редактор Дүйсен Мағылұмов, орынбасары ақын Байбота Қошым – Ноғай (Серікбаев), жауапты хатшыны айттым – бір қолдың саусақтары саны мөлшеріндей ғана қызметкерлер шығарып отыр екен. Серік інім Тұманбай ақын отырған кабинетті көрсетті. Бұл қызмет орны ақынның көзі тірі кезіндегідей сақталуда екен. Тұманбай ақынның жұмыс жағдайындағы басқаларға ұқсай бермейтін қасиеттері туралы «Балдырған» жорналының бұрынғы қызметкері, белгілі ақын Болат Үсен-баевтың ана бір жылы Оралға келген сапарында айтқандары есіме түсті. Тұмекең таңертең қызметке келгенде, қарамағындағыларды жинап алып, түнімен жазған өлеңдерін оқиды екен. Сөйтіп, жұрттың сезімін сергітіп алып, күнделікті қызметті бастайтын болыпты. Міне, шығармашылық ұжым деген осындай болуы керек қой. Иә, «Балдырған» жорналын шығарып отырған шағын ұжым Тұманбай ақынның туын жықпай, басылымды көрнекті де көрікті ете түсуде.

Ақын Тұманбай Молдағалиев Ақ Жайықта емес, Жетісуда дүниеге келді. Былай қарағанда, жерлесіміз емес. Алайда ол қалың елдің сүйіп оқитын ақыны болды, солай болып қала береді. «Жақсыда жаттық жоқ» дейді дана халқымыз.

Сондықтан арқалы ақындарымыздың өміршең жырлары баршаға ортақ болмақ. Жастықтың жарқын жыршысы Тұманбай Мол-дағалиевтің өмірі өткен күнде, өлеңі бізбен бірге.

Айтқали НӘРІКОВ,

ақын, Қазақстан мәдениет саласының үздігі


Өмір-қайықтың ескегін мықты ұстайық

Күні: , 119 рет оқылды

Думает-постоянно


Бір отбасының тағдырымен таныс едім.  Олар өмірге бес бала әкелді.  Күндердің күнінде жұбайы ішуді жиілетті. Шаңырақтың шырқы бұзылып, ері әйеліне қол көтере бастады. Уақыт өте берді… Әйелі одан түңіліп, ақыры ажырасып тынды. Басы бос болғасын, өмірден бір жылулық көргісі келді ме, түрлі «қиырларға»  сапар шекті. Бірақ ол бұралаң жол оған жылулық әкелген жоқ.  Ол жол қатерлі жол еді.


Ал ері бес баламен үйде қалған соң, жылулықтың кеткенін сезді. Жылулықтың бәрі әйелде екенін түсінді. Бірақ… бәрі кеш еді. Балаларының жәудіреген жанарынан бір мұңды іштей сезетін. Сол сәттен бастап, оқыс шешімге келіп, қарғыс атқыр «досымен» қош айтысты. Сол күннен бастап дүние нұрланғандай болды. Үйге табыс келе бастады. Балапандарының қуанышты жүзін көрді, сезінді. Тұңғыш қызы мектепті бітіріп, арнаулы кәсіп игеріп, ауылға келді. Алайда мемлекеттен қолдау қаржы алып, кәсіп бастау-ға мүмкіндігі болмай тұр.

Қыз бала үйдің еркесі ғой. Анасының жоқтығын білдірмей, бауырларының қамқоршысы болып жүр. Олар да әпкесін анасындай сыйлайды. Бауырлары сабақтарын жақсы оқуда. Дегенмен ананың орны бөлек қой. Жақында ғана осы шаңырақтың отағасымен кездестім. Көзіне жас алып тұрып айтқаны: «Қателік екеумізден де кетті. Ер-азамат басыммен өмірге дұрыс қарай алмаппын. Оның үстіне ешкімге пайда әкелмейтін «доспен» дос болудың ақыры осыған жеткізді. Менің тағдырымды ешкімнің басына бермесін, бар тілегім — балаларым тайғақ жолда сүрінбесе екен деймін», — деді.

Ол кісінің сөздерінен кейін мен ойланып қалдым. Шаңырақтың отағасы ащы судың әлегінен басын тасқа да, тауға да ұрды. Ер-азамат қой, ортаға ілесіп, өмір ағынымен ілескен болар… Ал шаңырақтың отанасы өтпелі қиындықты неге көтере алмады? Аз-кем шыдай тұрғанда дүниеге келген бес бала өсіп-жетіліп, бәрінің орнын толтыратын еді ғой. Әттең, нәзік жанды әйелдің күтуге шамасы жетпеді. Мүмкін бойжеткен қызын көріп, өмірді қайта бастар…

Өмір – теңіз. Теңіз үстінде толқынға теңселіп, жалғыз қайық кетіп барады. Егер оның ескегі болмаса, ол батып кетері сөзсіз. Сол ескек бәрінің қолында болса, толқынның соққысына шыдар еді. Өмірдегі ескегімізді мықты ұстайықшы, бауырлар!

Гүлфия КӨШБАЕВА,

Қазталов ауданы


«Air Astana» ішкі рейстердің билет бағасын көтермейді

Күні: , 786 рет оқылды

айр астана


«Air Astana» ұлттық әуе компаниясы ішкі рейстердің билет бағасын көтеруді жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы «Air Astana» компаниясының корпоративтік коммуникациялар бойынша вице-президенті Белла Тормышева мәлім етті.


«Біздің барлық бағаларымыз валютаға байланған. Оны біздің сайттан көре аласыздар. Ал тарифтер бұрынғы деңгейде қала береді. Зейнеткерлерге, студенттерге арналған жеңілдіктер бар. Ішкі рейстердің билет құны өзгермейді», – дейді ол.

Тілшілердің халықаралық рейстердің билет бағасына қатысты қойған сұрағына Б. Тормышева: «Олардың құны 25 пайызға көтерілгенін білесіздер. Қазіргі уақытта оларды қайта жоғарылату жоспарланып отырған жоқ», – деп жауап қайырды.


Жаңа жылда жалақы өседі

Күні: , 796 рет оқылды

тамара дуйсенова


Үкімет отырысында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін еңбекақыны төлеудің жаңа жүйесінің жобасы мақұлданды. Бұл туралы Астананың бюджеттік саласы қызметкерлерімен өткізілген кездесу барысында денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова хабарлады.


«Келесі жылдың басынан бастап денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлеріне еңбекақыны 7%-дан бастап 28%-ға дейінгі мөлшерде, білім беру қызметкерлеріне  15%-дан бастап 29%-ға дейінгі мөлшерде және қалған салалардың 28%-дан бастап 40%-ға дейінгі мөлшерде көтеру көзделініп отыр», – деді министр.

Белгілі болғандай, азаматтық қызметкерлерді білімі, біліктілігі, орындалатын жұмысының күрделілігі мен жауапкершілік дәрежесіне қарай төрт санатқа бөлетін болады.

Басқарушы блокқа немесе аталмыш «А блогына» ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер басшылары мен басшылардың орынбасарлары кіреді. Негізгі персоналға дәрігерлер, мұғалімдер, ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік жұмыскерлер мен ЖОО оқытушылары жатады.

Үшінші топ – әкімшілік персонал, оған әкімшілік-құқықтық және шаруашылық қызметтерді атқаратын жұмыскерлер кіреді: заңгерлер, бухгалтерлер, экономисттер, аудармашылар, шаруашылық қызметтерді меңгерушілер. Тағы бір блок – қосалқы және техникалық қызметтерді ат-қаратын персонал.

Осылайша, министрдің мәліметтері бойынша, миллионнан астам қазақстандық еңбекақыны жаңа  жүйемен  ала  бастайды.


Секен ТҰРЫСБЕК: «Батыстың дауылпаз күйлерінен өрлікті танисың…»

Күні: , 959 рет оқылды

Турысбеков


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, сазгер Секен Тұрысбекті жалпақ жұртқа таныстырып жатудың өзі артық. Астанадан сапарлап келген «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің жетекшісі көкірегінде сайраған түмен сөзді байыппен талғап, салмақты сөйлейді. Бекзат болмысты танымал тұлғаның өңі сұсты боп көрінгенімен, жүрегі соншалықты жұмсақ екен. Бие сауым уақытта киелі күй өнері төңірегінде біраз  ой тарқатып үлгерді.


– Секен аға, әлқиссаны барша қазақты баурап алған «Көңіл толқынынан» бастасақ. Бұл күйдің тыңдаған жанды еріксіз елітіп, өзіне жіпсіз байлап қоятын құдіреті бар. Әлі күнге тісқаққандары бар, әуесқойлары бар, қаншама адам өз қал-қадерінше орындап жататынына ғаламтор арқылы куә болудамыз. Дегенмен, бабына келтіріп балбыратып өзіңізден артық ешкім тарта алмайтыны  анық. Мұның  сыры  неде?

– Ерекшелігі, күй қағысында деп ойлаймын. Оң қолды жеке алып, сол қолмен теріп тарту арқылы орындалып жатады. Әуен ырғағында толқу болуы мүмкін… Бірақ ішкі астары тамшыдан құралған иірім телегей-теңізге, шалқар мұхитқа ұласатынын аңғартады. «Қасіреттен қасиетті өнер туады» деп ылғи айтамын. Отыз жыл бұрын дүниеге келген туындым ғой. Әр дәуірдің өзіне тән күйі, ырғағы, әуені бар. ХVIIІ-ХІХ ғасырларда қазақтың ән-күй өнері биік шыңына жетті. Қазір сапалы әуен қалмай бара жатқаны жасырын емес. Бұл құбылыс қазақта ғана емес, көрші елдерде, бүкіл әлемде кездеседі. Дегенмен, бабаларымыздың рухани мұрасы әлемде бәрінен шоқтығы биік, ерекше екені бүгінде мойындалды. Бір ғана Құрманғазының «Сарыарқасы», «Төремұраты», «Адайы», «Терісқақпайы» бірінен-бірі өтеді. Дәулеткерейдің сұлу сазды иірімдері қандай? Құлағының саңылауы, көкірегінің көзі бар жан Динаның «Әсемқоңырын» тыңдай отырып, күйден әйелдің нәзік болмысын аңғарар еді. Арқа, Шығыс, Жетісу, Батыс дәстүрінен тарқайтын бекзат өнердің диапазонын әр қырынан  бағалап, жан-жақты саралай білген жөн. Сыңараяқ күйінде қалдыратын болсақ, асылымыздан айырылып тынамыз.  Батыс Еуропада симфонияға ерекше ден қояды. Ал қазақтың күйі әдемі әуен, әсем ырғақты келісті өрбітіп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін сығымдап  береді. Сонысымен жаныңа жылу ұялатады. Баба ұлылығын осыдан тануға болады. Сондай-ақ күйге аударманың еш қажеті жоқ. Мәселен, Жапонияға барғанымызда, әр күйге қысқаша аннотация сұрады. Жеке басымдағы мұңды айтып қайтейін, «Көңіл толқыны» Семей-Невада, Хиросима-Нагасаки қасіретіне арналғанын айттым. Жапондар жылап отырып тыңдады. Екінші мәрте орындап берулерін өтінді. Ән шырқалса, көбі түсінбеуі мүмкін, күй тақырыпты діттеген мақсатына жеткізеді.

– Сіздің өнер жолына түсуіңізге ықпал еткен жайтты  баяндасаңыз.

– Менің ойымша, әрбір қазақтың үйінде домбыра тұруы тиіс. Тіпті үйренуді міндеттемей-ақ қойсын. Бала теледидардан, радиодан, сахнадан домбыра үнін естіп, түптің түбінде өзі мойын бұрады. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын бекер айтқан жоқ қой. Әжем марқұм мойны жуан, ұзындығы бойыммен бірдей домбыраны үйге әкеліп қойды. «Үйрен» деп ешкім қыстамады. Содан қызығушылығым оянып, мектепте сабақ аяқталған соң, нағашым Төлеубайдың күй тартқанын тыңдаймын. Ол домбыраның құлақкүйін келтіріп жатқанның өзінде бойым шымырлап, рақаттанып отыратынмын. Ертеден құлағыма сіңген соң болар, күй өнеріне жақын болғаным.

– Зерттеушілер «үлкен саға» қосқаныңызды жаңалыққа балайды.

– Мысалы, Құрманғазы күйлері «Ре» нотасына, сонау «миға» асып кететін кезі болады. Жалпы, Батыс күйлері төменгі сағаға дейін барады. Бірақ үш буын қайталанып келеді. Басына барарда секвенцияға айналдырып, өрбітіп әкетеді. Ал Арқа күйлерінің көбінде үлкен саға болмайды. Бастапқы және кіші саға төңірегінде, «сидан» қайтып жатады. Ертеде Арқа күйлерінің ағымы тоғыз пернеге лайықталып тартылды. Кейін мен Батыс күйлеріндегі үлкен сағаға үндестіріп, төменгі сағаға бардым. Жалпы, он төрт күй шығарыппын. Ерекшелік санда емес, сапада деп ойлаймын. Қайталауға бару ұят нәрсе. Ал еліктеу – қайталаудың  нақ  өзі болмақ.

– Ақ Жайықтың қадірлі мейманы болып отырсыз. Күй өнерінде әр өңірдің өзіндік қолтаңбасы бар. Соның ішінде, Батыс күйлері арындылығымен ерекшеленетіні рас. Бұл неге  байланысты?

– Жалпы, Жайық өлкесі күйді айрықша қастерлеп, талғаммен қарайды. Ділі Семей шаһарымен үндес секілді. Оралға келгенімде, қала тазалығына қайран қалдым. Өзге облыс тұрғындары көрсе деймін. «Театр ілгіштен басталады» деген қанатты сөз бар. Бұл жақсы үрдіс. Кез келген өнер иесінің туындысы өзінің та-биғатына тартады. Күй де мінезден туады.  Мекен еткен жеріне байланысты. Батыстың дауылпаз күйлерінен өрлікті танисың. Әр дәуірде дарынды күйшілер көрген-білгенін туындысына арқау қылды, заман шындығын жеткізді. Ал бүгін қалада тұратындар ақиқатты қалай жеткізуі тиіс? Осыны ойлануы керек секілді. Мен Құрманғазы, Тәттімбет күйлерін эстрадаға салуға қарсымын. Эстрадада есті дүниелер болатынын жоққа шығармаймын. Ал күйді өңдеуге асқан байыптылықпен, сақтықпен, үркіп баруымыз керек.

– Қазір жастардың күй өнеріне деген құлшынысы артып келе жатқандай. Өзіңізге деген ыстық ықыласты сезінесіз бе?

– Халық күйі «Келіншек», Ахмет Жұбановтың «Би», Сейілхан Құсайыновтың «Мереке», Мәлгаждар Әубәкіровтің «Талас», Әбдімомын Желдібаевтың «Еркесылқым» күйлері өз кезеңдерінде жастар арасына тез таралды. Үлкен күйге бару үшін баспалдақ керек қой. Алдыңғы буын ізін жалғап 80-жылдары шығарған «Көңіл толқыны», «Ақжауын» күйлерімді  жастар гитараға салып тартып жүрді. Музыка саласында жоғары оқу орнын бітіргендер күйлерімнен алған әсерлерімен бөлісіп, өнер жолына түсуге сеп болғанын айтып жатады. Өзіміз де күйге ғашық болдық. Жалпы,  балабақшадан бастап, ертеден баулып, көкірегіне рухани мұрамызды сіңіріп өсірсек, баланың талғамы, табиғаты бөлек болатынына кепілдік беремін.

– Бірнеше әннің авторысыз. Осы тақырыпта ой өрбітсеңіз.

– ХVIIІ-ХІХ ғасырларда ән-күйдің шырқау биігіне жеткенін айттым. Ол кезде түсінік, таным, қоғам бөлек болды. Әнде сипатталған бейне көз алдыңа көрініс боп, қалықтап келетін. Қазір әннің де, күйдің де өрімі өзге. Сондай-ақ дәстүрлі деген сөзді қосарлай айтып жүрміз. Одан гөрі қазақтың классикалық әндері деп атағанымыз әлдеқайда орынды. Шы-ғармашылығымдағы «Айхай, заман!», «Бауырым, сонау күн қайда?», «Қайран, өмір», «Аяулы арман дүние», «Аяқталады бәрі де» атты әндерім халықтық тұмадан бастау алып жатыр. Көбін диапазоны кең, танымал жас әнші Ерлан Рысқали орындап  жүр.

– Алда атаулы мерекелер бар. Шығармашылық жоспарыңызбен бөліссеңіз.

– «Қазақстан» ұлттық арнасы «Ұлы дала үні» күйіме бейнебаян түсірмекші. Сонымен қатар тікелей эфир арқылы тың жоба ұсынылмақ. Онда «Көңіл толқыны» күйі өзге ұлт өкілдерінің саз аспаптарында ойналатын болады. Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын аралаған соң дайындыққа кірісеміз. Қарашаның 20-сында Астанадағы Конгрес-холда концерт қоямыз деп жоспарлаудамыз. «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің Оралға келуіне қолдау танытқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа алғысымды білдіремін. «Басшысын таппаған ел азады, жол-дасын таппаған ер азады» дейді. Мына дағдарыс кезінде концертке халықты шақыру да оңай емес. Ел жағдайын түсінемін. Әкімдік те көмектесуде. Ақ пейіл ғана өнер адамын арқаландырады. Экономикада дағдарыс,  тұрақсыздық болуы мүмкін. Ал қазақтың салт-дәстүрін, өнерін, тілін көздің қарашығындай сақтау керек. Құрманғазы бір ғана «Кісен ашқан» күйіне күллі елдің мұңын арқау етті. «Сөзіңнің сиқы түзелмей, көзіңнің жасы құрғай ма?» деген нақыл бар.  Бүгінгі кезеңде Қазақ  хандығының 550 жылдығын тойлап, рухани жаңғырып жатырмыз. Ағайын аман, төңірек түгел, елде тыныштық болсын.

– Әңгімеңізге  рақмет.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Ғарышкерге жоба ұсынған жас ғалым

Күні: , 204 рет оқылды

DSC_0679


Жерлесіміз Мерлан Досболаев – ғарышкер Айдын Айымбетовке өз жобасын тәжірибеден өткізуге ұсынған жас ғалым.


Ол – ауылда өскен қарапайым қазақ баласы. Қаратөбе ауданы Саралжын ауылында (қазіргі Мұхит ауылы) 1982 жылғы қақаған қыстың 1 қаңтарында дүние есігін ашыпты.

1999 жылы туған ауылындағы Бақытжан Қаратаев атындағы орта мектепті тәмамдап, 2000-2005 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетінде білім алады. Мамандығы – радиофизика және электроника сала-сы бойынша инженер-физик. 2009 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты атанған.

— О бастан инженер болуды армандағанмын. Техникалық құрылғылармен жұмыс істегенді, оларды жобалауды, жабдықтауды, жасауды жаным сүйеді. Осы арманымның жетегімен университет бітіріп, инженер-физик мамандығын алдым. Біздің университет жанында эксперименттік және теориялық физиканың ғылыми зерттеу институты болатын. Сол жердегі зертханалардың біріне инженер керек дегенді естіп, жұмысқа орналасу мақсатында зертхананың ғылыми жетекшісі, профессор Тілекқабыл Рамазановқа жолықтым. Дипломдық жұмысқа дайындалып жүрген кезім болатын. Тілекқабыл Сәбитұлы болашақта жасайтын жұмыс жоспары туралы айтып, мән-жайды түсіндірді. Жұмыс шарттары маған ұнады. Жаңа зерттеулер жасау үшін эксперименттік қондырғы жобалап іске қосу керек екен. Жұмыс күрделі болатын. Әжептәуір жылдамдықпен төрт ай көлемінде жасап бітірдім. Осыдан кейін жетекшім ғылыми жұмыстармен айналысуыма ұсыныс жасады. Мен келістім, — дейді жас ғалым.

Ғарышқа жоба ұсыну кез келгеннің қолынан келе бермейтіні түсінікті.

Жас ғалым аталмыш жобаны Мәскеудегі орыс ғалымдарымен бірлесе атқаруда. Нақтырақ айтқанда, заттың тозаңды плазмалық күйінің қыр-сырын зерттеуде. Бұл жоба көптен бері зертханалық жағдайда орындалып келеді екен. Тозаңды плазма (плазмалық кристалл деп те атайды) – зарядталған және бейтарап бөлшектерден (электрондар, иондар, атомдар, молекулалар, макробөлшектер) тұратын күрделі жүйе. Ол космос кеңістігінде көп кездеседі, яғни ғаламшар сақинасы, жұлдызаралық бұлттар, комета құйрықтары және ионосфера қабаты осы сықылды зат күйінде болады. Сондықтан ондағы процестерді түсіну үшін тозаңды плазманы салмақсыздық жағдайында, яғни ғарыш кеңістігінде зерттеу өте қолайлы. Бұл эксперимент нәтижелері салмақсыздық жағдайындағы зарядталған макробөлшектердің бір-бірімен және электромагниттік өріспен әсерлесуі көрсетілген видеофайлдар арқылы оқушыларға, студенттерге тамаша оқу-зерттеу құралы болады. Осылайша жас зерттеушілердің ғарыш саласына деген қызығу-шылығын арттырмақ.

— Көбіміздің көкейімізде «Біздің әлем қалай пайда болған?» деген сұрақ бар болар. Ғалымдардың пайымдауы бойынша, үлкен жарылыстан кейін материя бөлшектеніп кеткен. Кейін уақыт өте келе қандай да бір күштердің әсерімен сол бөлшектер бірігіп галактикалар, жұлдыздар, ғаламшарлар пайда болған екен. Біздің жасап жатқан зерттеулеріміз осы процестердің эксперименттік моделін береді, яғни зарядталған тозаңды бөлшектердің бір-бірімен бірігіп, үлкен денелер құрау мүмкіндігі анықталады, — дейді Мерлан Қылышұлы.

Айдын Айымбетов халықаралық ғарыш кемесінде болған кезде кейіпкеріміз жерден байланысқа шығып, орындап жатқан эксперименттерін қадағалап отырған. Сол кезде жас ғалым мен ғарышкер телефон арқылы танысады. Оның айтуынша, өз жобасына қатысты ғарышта жасалған эксперимент ойдағыдай жүзеге асқан. Нәтижесін өңдеу жұмыстарынан соң жарияламақ.

Ерген АҚМУРЗИН,

облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесшісі


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика